Өлең, жыр, ақындар

Асан қайғы (ІІ нұсқа)

Асан қайғы деген жеті жасында жетім қалған бала екен. Солай болса да өсіп, ер жеткенсін батыр адам болып, аң аулап жүргенде бір жақтағы елден бір жақсы қыздың хабарын естіген. Соны көруге барамыз деп маңдай қойып келе жатқанда манағы қыз анасына: «Мама, бүгін үйге төрт сырттан келеді. «Адамның хаты құлағы, құстың хаты қияғы, иттің жез тырнағы, жылқының мастек тұяғы» деген, үйіңді тазалап қоярсың», — дейді.

Айтқандай Асан қайғы көруге сол үйге келіп қалып, отырғансын қызды ұнатып, басындағы шашын сипайды. Сонда қыз тұрып ана жердегі жатқан үлкен тай терісі тулақты бүтіндей сипаған екен. «Ал, енді болмас» деп қайтып кеткен. Сонан үйіне келіп анасына айтқан:

— Менің әкем дүниеде не кәсіп етіп кетті? — деп. Анасы айтқан:

— Әкең аң аулаған еді, балық аулаған еді. Ғұмыры солармен өткен еді, — деген.

Сонан қасына жолдас ертіп, аң аулап әм балық аулап жүрген. Сонда судан бір қармаққа ілініп алтын сандық шыққан екен. Ашып қараса, ішінде айдай сұлу қыз жатыр екен. Сол қызды Асан алған. Жарайды, қыз ешбір ауыз сөз айтпаған. Қалайда сөйлете алмай дағдарып, ақырында Мысыр шәріне барған. «Мысыр қызығына қызып сөйлемей қалмайды» деген. Мысырға кеткен. Мысырға барса да сөйлемеген. Бірақ үш жерде сақылдамай ғана жайлап күлген. Күлгендері мыналар:

Бір адам тұз алып жатыр екен жалаңаштанып, бұлар келіп қалғанда ұялып, тұзбен бір адам әуретін жапқан. Сонда бір күліпті.

Бір күні базарда көп адам жүр екен. Сонан бір адам етік саудалап, қасындағы жолдасына: «Сол етік үш жылға дейін жыртылмай шыдар ма?» дегенде бір күліпті. Сонан соң екі қатын бір балаға таласып қазыға барып, қазы: «қылышпен ортасынан шауып бөліп беремін» деп қолын көтергенде бір қатын: «Түйе берген қарағым-ай, қайда жүрсең де тек аман жүрсең болар. Енді нағылайын! — деп еңіреп жүре бергенде бір күліпті. Басқа сөз жоқ.

Сонан елге келіп, қатыны сөйлемегесін арланып:

— Мысырға алып барып едім, үш жерде күлдің. Неге сөйлемейсің? — деп қылышпен шабарға келгенде қыз айтқан:

— Тоқта, батыр, тыңдаңыз. Күлген себебім мынау: тұз алып жатқан адамдардың адамнан ұялып тұзбен к...н жапқаны бек ұят емес пе? Тұз дүниедегі дәмнің ең жоғарғы даражадағы дәм еді. Олсыз нәрсенің дәмі болмайтын еді. Сонымен к..н жапқан ақымақтығына күлдім. Екінші,
етік саудалаған адам айтады жолдасына: «үш жылға жыртылмай шыдар ма» деп. Ол адамның ғұмыры үш күн ғана қалып тұр. Пәнидің қызығына алданып, пенденің өлімінен хабарсыздығына күлдім. Үшінші, қатындар балаға таласқанда, қазы екі бөліп берейін деп қылышпен шабам деп қолын көтергенде баланың өз анасы: «қарағым-ай, қайда жүрсең де, аман жүр!» деп, нағыз жаны ашып қоя берді ғой. Ана жанжал қатынның біреудің баласын нақақ тартып алғанына күлдім. «Құдайдан қорықпаса, адамнан ұялмаса, өтірікпен де мақсатын етеді екен» деп күлген себептерім осы болды. Ал енді, батыр, менің сөйлемеген себебім — адамға пәле тілден еді. Келген жылдарымда саған еш бір ауыз сөйлемесем, тауып айтсам — жақсы, қатеріңді шаттандырып сөйлесем — жақсы. «Әгар да бір күні жаман айтсам, бек ұят болар. Мәңгі бақытыма кесел болар» деп ойлап, сақтанып сөйлемеген едім. Әйелдің ері Құдайдан соңғы қожасы әм пірі деп еді, пірім деп қорқатын едім. Сол жайдан бір бала туғанша бетінен ұятым кетпесін деп едім. Оған сіз қаратпай мені қылышпен шауып өлтірмекші болдың. Амалсыз сөйледім. Жарайды енді, оған қаратпай сөйледің. Мені еткен уағда, сертімнен тайдырып, күнәлі еттің. Ал енді сөйлейін. Мен су сұлтанының қызы едім. Он үш жасымнан түсімде сені көріп, ғашық болып, саған қосылуға тілеп едім. Жарайды, тауып қосылдым. Бірақ сен мені нақақтан күштеп, сабыр етпедің. Соңына қарамай, жәбірлеп сөйлеттің ғой. Тағдыр солай болған дүр, енді мен сенен кетем, ішімде туарға үш ай қалған ер балаң бар. Соны қырық күншілік шөлден табарсың. Яки қырық күншілік дарияның жағасынан табарсың. Қал да, іздеп күні толғанда алып кет» — деп, — қой, қош аман бол, — деп жөнелген, — Маған ренжіме, өзіңнің сабыр қылмағаныңа ренжірсің, — деп. Қыз қашып, Асан қуып, ақырында қыз жеткізбей дарияға түскен де кеткен. Асан қалған. Сонан Асан қайғылап қаңғырып, баласын іздеп, дүниенің төрт бұрышын желмаямен желдіртіп бармаған жері жоқ. Асан қайғы қайғыланғанда сонан бастап қайғыланған екен.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз