Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 8-бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп атап көрсеткен. Ал тұңғыш Елбасы Н.Ә. Назарбаев жолдауында: «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет» деген. Мінеки, қазіргі заман талабы – білім беру жүйесіндегі оқыту үрдісінің технологиялануы, жаңашыл педагогтардың іс-тәжірибесіне, мектеп өміріне қашықтан оқытудың енуі.
Жалпы қашықтан оқыту әлемдегі коронавирустық инфекциясының таралуы, яғни санитарлық-эпидемиялық жағдайға ғана байланысты туындап отырған дүние емес. Ерте ме, кеш пе, еліміздегі мектептер дәстүрлі оқытумен қоса қашықтан оқытуға көшері анық еді. Мысалы, дамыған елдерде араластырып отырып оқу «Blended Learning» әдісі жақсы дамыған екен. АҚШ-та 95%-дан астам мектептер осындай жүйемен оқытады. Ал ешқандай мектепсіз толығымен виртуалды оқыту дамыған елдерде 3 пайызға дейін жетеді екен. Мінеки, бізге де жеткен жұқпалы індеттің оң әсері осы қашықтан оқыту процесін тездетті.
XXI ғасыр – ақпараттық-сандық ғасыр. Бұл ғасырда қашықтан оқыту ұстаздар қауымын уақыттан оза шауып, дағдыларын кеңейтуге, тәжірибе алмасу арқылы онлайн-коммуникацияларды дамытуға, оқушылармен қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге, жаңа байланыстарға ие болуға жаңа серпін береді деп ойлаймын.
Алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаев «Қазақтың қаны бір, жаны бір, жолбасшысы – мұғалім» деген. Міне, қашықтан оқыту – мұғалімдер үшін жол бастайтын жаңа тәжірибе, жаңа дағды әрі тың мүмкіндік. Сондай-ақ, ұстаздарымыздың цифрлық технологиялар мүмкіндіктерін барынша пайдалану кезеңі. Мұндай білім беру ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялардың көмегімен жүзеге асырылатыны бәрімізге аян. Әлемнің қай түкпірінде болса да, ауқымды желі болған жағдайда өз бетінше білім алуға жаңа бағыт, жаңа мүмкіндік беретін, талмай ізденуді қажет ететін ерекше жүйе «Қашықтан білім алу» жүйесін мінеки, қарыштап дамуды көздеген еліміз де қолға алды.
Біз, соның ішінде, Алматы қаласы Наурызбай ауданы «№187 Жалпы білім беретін мектеп» ұстаздары да 6 сәуірден бастап оқушыларды қашықтан оқытуды бастадық. Мұғалімдеріміз қашықтан білім беруді сәйкесінше жаңа заманауи форматта ұйымдастырып, белгілі «Күнделік», «Bilimland», «Daryn.online» сынды платформалардың, сондай-ақ «Балапан», «Ел-Арна» көгілдір экрандарының бейне-сабақтарын қолданып, «Kundelik.kz» электронды журналы және WhatsApp, Телеграмм мессенджерлері арқылы жүзеге асыруда.
Мектеп басшысы ретінде көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың оқушыларын мектеп тарапынан компьютер, ноутбукпен қамтамасыз еттік. Мектебіміздің 1489 оқушылары мен жалпы ұстаздарына және ата-аналарға техникалық және әдістемелік көмек көрсету мақсатында мектеп әкімшілігі тарапынан анықтама телефондары ұйымдастырылды.Телефон нөмірлерін мектеп басшылығының ресми сайтынан немесе әлеуметтік желімізден және «Kundelik.kz» жүйемізден көруге болады.
Мектебіміздің 1-11 сынып жетекшілері онлайн форматта ата-аналар жиналысын өткізді. Жиын барысында ата-аналарға қашықтан оқыту процесінің қалай ұйымдастырылатынын және ата-аналар тарапынан қандай көмек қажет болатынын түсіндірді. Карантин кезінде ата-аналарға балаларының үйден шықпауын және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау жөнінде арнайы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, «елімізде болып жатқан жағдайларға аса сабырлықпен қарап, ертеңгі болашағымыз үшін үйде болып, білім алуда бізбен бірге болыңыздар» деген челлендждерге жалғасты. Сонымен қатар, сынып жетекшілері «Мен қашықтан қалай оқимын?», «Өзіңді вирустық аурулардан қалай сақтауға болады?» тақырыбында сынып сағаттарын өткізді.
Қазақтың ханы Абылай ханның «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, Білімге сенер заманда қапы қалып жүрмелік» деген сөзін ту етіп, елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты жас ұрпақты қашықтан оқыту кезінде телесабақтар өткізуге де үлес қостық. Соның бір көрінісі, белсене атсалысқан және шығармашылық табыстары үшін мектебіміздің биология пәні мұғалімі Айгуль Юсупова таяуда ғана Алматы қалалық Білім басқармасы басшысының атынан арнайы алғыс хатпен марапатталды.
«Мектеп - кеме, білім - теңіз» дегендей, замануи «Zoom» платформасында және әкімшілік басшылығымен «қашықтан оқыту» тақырыбы бойынша арнайы семинар өткізіп, қашықтан оқыту жүйесін жан-жақты талқыладық. Ұжымдағы әріптестер өз тәжірибелерімен бөлісіп, бір-біріне әдістемелік қолдау көрсетті. Жас мамандарға да қол ұшын созды. Әрі қарай 6-мамыр күні «Мамыр мерекелерін қашықтан оқыту аясында атап өту», «БЖБ және ТЖБ өткізу туралы нұсқаулық»,
«Мұғалім мәртебесі туралы заң», «Қашықтан оқытудың іске асу процесі» туралы мәселелерді талқылап, ұжымның жұмыс мәжілісін өткіздік. Ой қорыттық.
«Қашықтан білім алу» жүйесі әр оқушының өзіндік қажеттілігін ұғынуына, өзіне қажетті білімді іздене отырып үйренуіне мүмкіндік береді, оқушылардың заманауи білім негізі қаланады. Олардың жан-жақты білімділігі, әлемде болып жатқан өзгерістерден сырт қалмауы, ауқымды желіге қосылу, қажетті ақпараттарды іздеп табуға дағдылануы, ақпараттарды қажеттілігіне қарай қолдана алуы қалыптасады. Мәселен, мектебіміздің барлық сыныптарында қашықтықтан оқыту жүйесі оқу процесін тиімді етуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл жұмыс түрі өте ыңғайлы және пайдалы.
Мұнда оқу жылдамдығын жеке жағдайлары мен қажеттіліктеріне байланысты оқушы өзі белгілейді. Қашықтықтан оқытудың артықшылықтарын атап айтар болсам:
Еркіндік пен икемділік – өз қалауыңыз бойынша білім алу мүмкіндігі, яғни, оқушы сабақтың уақытын, орнын және ұзақтығын дербес жоспарлай алады. Ыңғайлы уақытта, ыңғайлы жерде жұмыс істеу, уақытты үнемдеу мүмкіндігі;
Ұтқырлық – мұғалім мен оқушы арасындағы кері байланыс арқылы оқу процесінің табысты болуы;
Қол жетімділік – оқушының мектепте отырмай-ақ, білім қажеттіліктерімен шектелмеуге мүмкіндік береді;
Технологиялық тиімділік – оқу үрдісінде ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялардың соңғы жетістіктерін қолдану, желілік компьютерлік дағдыларды жетілдіру.
Қашықтан оқыту – заман талабы. Оқытудың бұл жүйесі сын сағатта халқымыздың ертеңгі сенімін арттырып, дүрбелең кезеңдегі қабылданған дұрыс шешім деп білеміз. Оқушыларымыз бен ата-аналарымызға дұрыс насихатталуына, заманауи білім алуға жауапкершілікпен, бастысы біртұтастыққа, түсіністікпен қабылдауына күш салудамыз. Ұрпағымыз үшін жасалып жатқан ұлағатты жұмыс өз жемісін береді деп сенеміз.
Индира ЕРЖІГІТОВА
Наурызбай ауданындағы
№187 жалпы білім беретін мектеп
директорының міндетін атқарушы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі