Бұған дейін ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы бойынша «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасы әзірленгені белгілі. Өткен 2019 жылдың 27 желтоқсан күні тәуелсіз еліміздің 28 жылдық тарихында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен тұңғыш рет мұғалім мәртебесі туралы заңның қабылдануы ұстаздар қауымын бір серпілтіп тастады. Елімізде жарты миллионнан аса ұстаз бар болғандықтан, аталған заң жобасы өте қызу талқыланып, түрлі ұсыныстардың нәтижесінде кем-кетігі де толықтырылды.
Алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаев: «Алты Алаштың басы қосылса, төрдегі орын мұғалімдікі» деп аса құрмет тұтқан мұраты биік мұғалім мәртебесінің заңмен бекітілгені елімізді, әсіресе, ұстаздар қауымын айрықша қуантты.
Аталмыш Заң жобасы аясында Алматы қаласы Наурызбай ауданы «№187 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемемізде осыған орай арнайы дөңгелек үстел өткіздік. Танысу, талдау жұмыстарын жүргізіп, 6 бөлім, 21 баптан тұратын құжатты мемлекетіміздің ұстаздар қауымын қадірлеген айрықша қамқорлығы деп қабылдадық. Жиын барысында «Педагог мәртебесі туралы» заңға арнайы баптар енгізілгені, яғни, «Жалпы ережелерден» бастап, «Педагогтың мәртебесі және оның педагогикалық қызметі», «Педагогикалық құқықтары», «Педагогтың міндеттері мен жауапкершілігі» сияқты негізгі бөлімдер педагогтың басты құжаты екендігі баса айтылды.
Ұлы ұстаз Ы.Алтынсарин: «Бізге жақсы мұғалім бәрінен қымбат, өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі» дегеніндей, мұғалімдердің әлеуметтік жағдайлары туралы да заңда тайға таңба басқандай анық көрсетілгендігі, мұғалімнің мәртебесін көтеруді олардың айлық жалақыларын өсіруден бастағандығы ұстаздар мерейін өсіріп, нұр үстіне нұрландырды. Ұжымның айрықша қанаттанып, еңбекке деген құлшыныстарының артқандығы байқалды. Енді ұстаздық қызмет қылар оқу бітірген озық жастардың да білім ордасына қадам басуы әсіресе, ер азаматтардың келуі мектепке тәртіп орнатып, ұлдардың ер адам тәрбиесін көріп өсетіндігі көңіл қуантады.
Мұғалім мәртебесі көтерілуі үшін Заңның жай құқықтық құжат, яғни декларация күйінде қалмай, ең алдымен – функцияналды түрде толық орындалып, нақты іске асып жатқандығын көзіміз көріп, көңілімізге қуаныш ұялады. Қабылданған жаңа заң еліміздің барша ұстаздарына үлкен сеніммен қатар зор жауапкершілікті де жүктеді. Осы үдеден шығып, мәртебе биігінен көріну – әрбір ұстазымыздың міндеті. Тапсырылып отырған таудай сенім – біз үшін үлкен мәртебе!
Ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстан босату, жүктемесін азайтуы мұғалімдерге оқушылардың таным-тәрбиесіне, білім сапасына аса мән беруіне жағдай жасалғанына ерекше мән берілді. Ең бастысы, мұғалім мәртебесінің заңмен бекітілгендігін мектеп ұжымы зор қуанышпен қабылдады.
«Бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем бер» деген қазақтың сөзі ұстазға деген ұлы сыйластық, құрмет тұтқан қағида екені анық. Қоғамдағы ең жоғарғы мәртебе ұстаз қауымына тиесілі екендігі – қоғамның ғылым-білімге деген саналы көзқарасы. Ал ғылымға деген немқұрайлы көзқарас қоғамның дамуын артқа тартып, көшімізді кенжелететіні сөзсіз. «Ұстазға құрметсіздік – ғылымға құрметсіздік» демекші, әлемдік ЮНЕСКО ұйымының 1966 жылғы мұғалім мәртебесі жөнінде: «Мемлекеттерге мынадай норманы қарастыру қажет: Егер педагогтің басы дауға қалатын болса, оған байланысты дау, тергеудің барысы және ол жөніндегі қабылданған шешімді жариялауға рұқсатты тек педагогтің өзі беруі керек» деп айтылған ұсынысы мұғалімдерді құқықтық жағынан ерекше қорғайтын норма болып табылады.
Мұғалім мәртебесі – мемлекеттің мәртебесі. Ол болашақ президенттің, ғарышкердің, инженердің, ғалымның, мемлекетіміздің кез келген азаматының өмір жолына жолдама беретін тұлға. Қабылданған заңды қай жағынан алсаңыз да, саяси және әлеуметтік мәні терең, ауқымы үлкен. Иә, қазір бәсекелестіктің, дамыған технологиялар заманы. Әлемдегі барлық жаңашылдықтың бәрі осы білім-ғылым арқылы жүзеге асатыны белгілі. Міне, ең бастысы білімнің қайнар көзі ғылымның өсуіне едәуір септігін тигізетіні сөзсіз. Ғылым дамыса, қоғам да дамитыны ақиқат.
Біз, «№187 жалпы білім беретін мектеп» ұжымы «Педагог мәртебесі» Заңын толық қолдап қуаттаймыз және маңдай терімізді салып, аянбай жұмыс істейміз. «Бұл – болашағымызға құйылған инвестиция!» деп білеміз. Оқушыларымызға сапалы білім беріп қана қоймай, өзіміз де үздіксіз тал бесіктен жер бесікке дейін білімімізді жалғастырып, ұстаз деген ардақты атымызды абыроймен арқалаймыз деген бек сенімдеміз.
Индира ЕРЖІГІТОВА
Наурызбай ауданындағы №187 жалпы білім беретін мектеп директорының міндетін атқарушы
Нұрсұлтан ӘМІРБЕК Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі