Әз Жәнібек хан, Жиренше оның бас уәзірі, әрі шешен, білгір адам болған. Олар 14-ғасырлар шамасында болған. Осы кездегі кәсібі теңіз жағасындағы Астархан қаласын салдырған сол әз Жәнібек хан деп айтады. Өзбек ханның тұқымынан болуы тиіс. Жиренше шешеннің әкесінің аты — Кеңес, әйелінің аты Қарашаш екен. Кеңестің ұлы Жиренше менен Құзғынның ұлы Көсе екеуі бір кісінің қыздарынан туған қарсы бөле екен. Жиренше шешендікпенен ханға, халыққа қадірлі болған. Ал Құзғынның ұлы Көсе өте жылдам қайымшыл, тапқыр кісі болған. Бірақ хан менен Жиреншеге бағыты қарсы, пікірі қосылмайтын. Қулық пен амал-айланың неше түрлісін ойлап білетін. Хан мен уәзірге де белгілі сақтанатын қауіпті адамының бірі болған.
Бірнеше жиналыс, мәжілістерде ханның тәртіптерінің Жиреншенің қателік, кемістіктерін халық алдында дәлелдеп көрсетіп, көпке қолайлы ұсыныстар айтқандығынан Көсені хан ордасы қудалап, қолайсыз көретін болған. Әз Жәнібек хан халықтың басшыларын жинап, бір үлкен мәжіліс құрады. Бірақ Көсеге қабар тимейді. Ханның жиналысын сырттан есіткен Көсе не әңгіме, кеңес болар екен деп естуге өзі келеді. Көсенің келген кезінде Жиреншеге әз Жәнібек хан бір сұрақ беріп, соның шешуін сұрап жатыр екен. Хан:
— Өтірік пен шынның арасы қандай, Жиренше шешенім? — депті.
Жиренше:
— Өтірік сөз өрге баспайды. Шындыққа шық жұқпайды. Өтірік пен шын он қайнатса, қосылмайды. Өтірік пен шынның арасы аспан менен жердей, — депті.
Сол кезде Құзғынның ұлы Көсе орнынан ұшып түрегеліп:
— Тақсыр, шешеннің жауабы шындыққа жатпайды. Өтірік пен шынның арасы аспан мен жердей алыс емес, өте жақын, тек төрт-ақ елі, — деп алақанын жайып, құлақ пен көздің арасын өлшеп көрсетіпті. Арасы анық төрт елі болыпты.
— Өтірік пен шынның арасы аспан мен жердей емес, төрт елі дегенімнің мәнісі—құлақ есіткен өтірік, көз көрген шын. Құлақ пен көздің арасы алыс емес, тек төрт елі. Сондықтан өтірік пен шынның арасын алыс деген жауап дұрыс емес. Тек төрт елі,—деп Көсе сөзін мақұлдатып, ханнан ат мініп, шапан киіпті.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі