Өлең, жыр, ақындар

Туған жерге туың тік

Алматы облысы
Жамбыл ауданы Ақтерек ауылы
11-сынып оқушысы Ержанқызы Назерке

Отан, туған жер, туған ауыл... Бұл тіркес адамзат үшін ең маңызды деп ойлаймын. Иә туған жердің қадірін шалғайда жүргенде білесің дейді. Солай да шығар. Мен Алатаудың бөктеріндегі Ақтерек ауылында туып өстім. Ес білгелі өз ауылымның топырағын басып, таза ауасымен тыныстап, мөлдір суымен сусындап келемін. Бүгін сол ауылдың тұрмыс, тіршілігі жайлы, осы ауылдың тұлғалары жайлы сөз қозғаймын.
Төрт мыңнан аса халқы бар Ақтерек ауылы бүгінде алдыңғы қатарлы ауылдардың бірі. Жылдан-жылға көркейіп келеді. Себебі түрлі халыққа қызмет ететін орталықтар салынып, халықтың қолданысына беріліп жатыр. Мысалы, балабақша, тойхана, түрлі сауда орталықтары, саябақ деген сияқты елге қажетті нысандардың барлығы бар. Осының бәрі осы ауылдан шыққан ел ағаларының арқасында бой көтерді. Ал, "Ақтерек" шаруа қожалығы туралы айтар болсам өз алдына бір басқа. Өйткені бұл шаруашылықта ауылдың тең жартысы қызмет етеді, иә жастар қаладан жұмыс іздемейді. Көктем мен күзде егін егіліп, оны жинап, бау-бақшамен айналысып, соның жемісін көруде. Сонымен қатар қожалықтағы барлық жұмысшыға атқарған еңбегі үшін шаруа қожалықтың иесі Шайнүсіпов Темірлан ағай еңселі үйлер салып, ауыл тұрғындарын қуанышқа бөлеуде. Соңғы жылдары ауылдың сәнін көптеген әдемі, жаңа үйлер кіргізіп тұр.

Менің ауылымнан атақты тұлғалар да шыққан. Атағы қазақ еліне жайылған айтыскер ақын Есдәулет Қандеков, одан бұрын дүниеге келген, ұлт-азаттық көтерілісте жерін қорғаған Қараш батыр. Ақтерек орта мектебінің көркеюіне біраз жыл еңбегі сіңген, директорлық қызмет атқарған Жұмаділ Есдәулетов. Осындай тұлғалар шыққан біздің ауылдың халқы да өз еліне жанашыр, бір-біріне мейірімді жандар. Біздің өлкені "ақындар мен батырлар ауылы" деп тегін айтпаса керек.

Осындай берекесі мен бірлігі жарасқан ауылда дүниеге келгеніме мақтанамын. "Туған жерге туыңды тік" демекші мен де болашақта еліме қызмет етіп, бір кірпіші болып қаланатыныма сенімдімін. Айтылмай, еңбегі еленбей жүрген тұлғаларымыз қаншама... Туған елге деген құрмет әр қазақтың баласының жүрегінде болуы керек деп ойлаймын. Мен елімді әлемге танытқым келеді. Сол себепті де журналист мамандығын таңдадым. Елімнен шыққан тұлғалар жайлы әлі талай мақала жазатын боламын.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз