Осыдан 65 жыл бұрын Байқоңырдың негізі қаланды. Әлемнің ең ірі ғарыш айлағы қалай салынған еді.
Байқоңыр қаласына кіретін жер
1955 жылы 2 маусымда ғарыш айлағы құрылды, соның арқасында бүкіл әлем кейінірек қазақша «бай алқап» деген мағына білдіретін - Байқоңырды білетін болады. КСРО-дағы ғарыш кемелерін ұшырудың негізгі старт алаңының қысқаша тарихын қарастырып көрелік.
Құрылыс 7 жыл бойы жүрді
Болашақ ғарыш айлағының пайда болуы 1954 жылдан қолға алынып жасала бастаған Р-7 зымыранына байланысты. Оны сынақтан өткізу үшін ауылшаруашылық жерлерінің үлкен аудандары мен жақын маңдағы ірі қалалар болмайтын халқы аз кең аймақта орналасқан ғарыш айлағы қажет болды. Сонымен қатар, зымыран ұшыру алаңы Камчаткадағы оқтұмсық құлайтын жерден кемінде 7000 км қашықтықта орналасуы және ғарыш айлағын қамтамасыз ету үшін таза судың сенімді көздері болуы керек еді.
Комиссия ұшыру алаңы орналасу орнының бірнеше нұсқаларын қарастырды. Болашақ әлемдегі ең үлкен ғарыш айлағы Марий АССР-де, Астрахань облысында немесе Дағыстанда болуы мүмкін еді. Бірақ ақыр соңында мамандар Қазақ КСР-нің Қызылорда облысын таңдады: бұл жағдайда ракеталық ұшу маршрутының екі жағында да радиокомандалық пункттерін мүмкіндігінше ыңғайлы орналастыруға мүмкіндік болды.
Тағы бір халықтың аузынан шыққан әңгіме бойынша Байқоңырдың бұрынғы аты Жеркіндік екен. Сол жерден, яғни кіндіктен зымырандар ғарышқа ұшып жатыр. Ғаламмен байланысқан жердің кіндігі деген түсінікті білдіреді. Сол жерден зымырандардың ұшып жатқан себебі, кіндік арқылы ұшқаннан кейін оған ауа кедергісі төмен әрі көп қаражат кетпейтін көрінеді. Американың Канаварел мүйісінен ұшатын зымыранның құны Байқоңырдан ұшатын зымыраннан 11 есе қымбат, ал Ресейдің өзінде салынып жатқан ғарыш айлақтарынан ұшыру 4 есе қымбат екен.
1955 жылдың қаңтар айының ортасында Байқоңыр кентін салуға алғашқы жұмысшылар бригадасы Төретам теміржол бекетіне келді, ал 12 ақпанда КСРО Министрлер Кеңесі құрлықаралық баллистикалық зымырандардың сынақ полигонын құру туралы қаулы қабылдады. Адамның ғарышқа алғашқы ұшуына жеті жылдан астам уақыт қалды.
Байқоңыр өте құпия объект болып саналды. Гагаринді ұшыру алаңы да бұрмаланған
Ғарыш айлағының ең үлкен құпияларының бірі - оның қалай аталғаны. Қазақстанда Байқоңыр деген ауыл бар, бірақ ол ғарыш айлағынан үш жүз шақырым жерде Қарағанды облысының аумағында орналасқан. Неліктен әлемдегі ғарыштық зымырандардың ең үлкен ұшыру алаңына «бай алқап» деген атау берілген?
Ең көп таралған нұсқа бойынша, 1958 жылы КСРО-да әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін құру бағдарламасы аясында кең көлемді жаттығулар өткізілді. Бұл жаттығуларға үш полигон тартылды: Сары-Шаған, Капустин Яр және № 5 ғылыми-зерттеу сынақ полигоны (болашақ Байқоңыр). «Капустин Яр» полигонында сыналған зымырандар үшін дәл осы «бұрынғы» Байқоңырдың жанында уақытша ұшыру алаңы салынды.
Аңыздардың біріне сәйкес, 1950 жылдардың ортасында ықтимал жауды бағыттан адастыру үшін, ауылдың жанында камуфляждық құрылымдар -«жалған космодром» салынды. Бұл аңызды құптайтын дәлел де және Байқоңыр ауылының маңында «космодромның» болғандығы туралы белгі де жоқ. Ал, кейбір деректер бойынша жалған ғарыш айлағы 1970 жылдардың басына дейін тұрды. Құрама Штаттарды адастыру мүмкін болмады, американдық барлау Lockheed U-2 ұшағы арқылы «Тюратам-5» деп аталған бұл объектінің орналасқан жерін дәл анықтап қойған болатын, 20 шақырым биіктікте ұшатын оны қолға түсіру бастапқыда мүмкін болмады. Тек 1960 жылы 1 мамыр күні Байқоңыр үстінен өтіп Челябинскіге бет алған америкалық ұшқыш Фрэнсис Гэри Пауэрс басқарған U-2 барлаушы-ұшақ зымыран арқылы Свердловск маңында атып түсірілді.
Космодромның жанында салынып жатқан серіктес қалаға сол кездегі «жаңа елді мекендерге» тән стандартты - Ленинск атауы берілді. Батыс ақпарат көздерінде ғарыш айлағы 1957 жылы белгілі болғаннан бері ең жақын елді мекен және теміржол бекетінің атына сәйкес - Төретам деп аталды. Бірақ 1961 жылы ғарыш айлағынан Гагарин «Восток» кемесімен ұшырылғаннан кейін Байқоңыр ауылының жанында орналасқан жердің координаттары дәл зымыран ұшыру алаңының координаты ретінде барлық халықаралық агенттіктерге жіберілді. Ең қызығы, бұл уақытша алаң «Восток» ұшырылған кезде Байқоңыр маңында болған жоқ, себебі, ол екі жыл бұрын жойылған болатын. Неліктен мұндай шешім қабылданғаны белгісіз. Бәлкім, құпиялылықты сақтау мен шетелдік барлауды жаңылдыру үшін сондай жалған хабар таратылған болуы керек. Рас, бұл барлау қызметтерінде ақымақтар жұмыс істеген жоқ, негізінен бұл амал тек отандастарды алдауға ғана жарады. Олар үшін 1960 ж. ортасында қалаға кіре берісте «Звездоград» деген жазулары бар екі стела орнатылды. Ресми түрде, қала 1995 жылы КСРО ыдырағаннан кейін ғана Байқоңыр деп аталды.
Ғарыш айлағын салуда көптеген қиыншылықтар кездесті, себебі бұл құрылыс өте ауқымды және күрделі болды. Соған қарамастан, ғарыш айлағы мен оған іргелес қала шынымен стахановтық қарқынымен салынды. Бір айдан кейін, яғни 55-жылдың шілдесінде алғашқы ұшыру алаңы іске қосылды. 1957 жылдың өзінде азаматтық және әскери қызметкерлердің жалпы саны 4000 адам болды. Осы жылы алғашқы ұшырылым жасалды, бірақ ол онша сәтті болмады. 1957 жылы 15 мамырда ұшырылған R-7 баллистикалық зымыраны ұшырылым кезінде отқа оранып, аспанда екі минуттан аз ғана уақытты өткізді. Екі айдан соң жүзеге асырылған келесі ұшырылым траекториядан шығып кетуі салдарынан әуеде ракетаның мәжбүрлі жарылуымен аяқталды, ал сол жылдың 21 тамызында сәтті деп жарияланған алғашқы ұшырылымды шартты түрде ғана солай деп санауға болады. Себебі, Камчатка полигонында зымыранның басы түсуі керек еді, ол табылмады: шамасы, ол ауада қирап, ұшудың соңында жанып кеткен болуы керек.
«Неделиннің апаты» деп те аталатын ең қайғылы сәтсіздік 1960 жылы 24 қазанда орын алды. Сол күні R-16 құрлықаралық баллистикалық ракетаның (ҚБР) алғашқы сынақтық ұшырылымы кезінде зымыранның екінші сатысының қозғалтқышы кенеттен іске қосылып, бұл жанармай бактарының қирауына және жанармайдың жарылуына әкелді. Ресми хабар бойынша, басталған өрттен 78 адам, ал бейресми мәліметтер бойынша 92-ден 126-ға дейін адам қаза тапты. Зардап шеккендер арасында жоғары дәрежелі әскери және мемлекеттік қызметкерлер - арнайы мақсаттағы зымырандық әскердің қолбасшысы маршал Митрофан Иванович Неделин және қорғаныс техникасы бойынша Министрлер кеңесі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары Лев Архипович Гришин болды.
Біздің ғарыш тарихымыз басталған жер
Космодромның алғашқы жылдарындағы барлық сәтсіздіктерге қарамастан, Байқоңыр кеңестік және ресейліктер үшін ғана емес, сонымен бірге әлемдік ғарышкерлік үшін нағыз таңғажайып орынға айналды. 1961 жылы әлемдегі тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин, 1963 жылы - алғашқы ғарышкер әйел Валентина Терешкова, ал екі жылдан кейін – ашық ғарышқа шыққан алғашқы адам Алексей Леонов ғарышқа ұшты. Байқоңырдан «Протон», «Циклон» және «Энергия» тасымалдағыш-зымырандары, орбитаға Жердің алғашқы жасанды жер серігі, сондай-ақ бортында Белка мен Стрелка бар «Спутник-5» ұшырылды.
90-жылдардың басында ғарыш айлағы мен қала үшін қиын кезеңдер болды. Ұшулар саны күрт төмендеді, ақша жоқ болды, офицерлер жаппай жұмыстан шығып, отандарына кетті. Қаладағы көптеген пәтерлер бос болды, кейбір аудандарда су немесе электр жарығы болмады. Атақты ғарыш айлағы, егер Қазақстан мен Ресей билігінің ақылға қонымды шешімі болмаса жойылып кетуі мүмкін еді. Нысанның қалыпты жұмыс істеуін, тіпті азаматтардың минималды өмірін қамтамасыз ету үшін Қазақстан билігінде ақша да болған жоқ. Сондықтан Ресей Федерациясы Ленинск қаласын және Байқоңыр ғарыш айлағын 20 жылға жалға алды. Жалға беру 115 миллион доллар деңгейінде белгіленді. Содан бір жыл өткен соң, көптен күткен нәрсе болды - Ленинск ресми түрде Байқоңыр деп аталды.
Қазір бұл бірегей қала: онда екі валюта (рубль мен теңге) айналымда, екі елдің құқық қорғау органдары жұмыс істейді, тіпті әкім Қазақстан мен Ресей президенттерінің мақұлдауымен тағайындалады. Аумақты жалға беру туралы келісім 2004 жылы ұзартылғанын ескерсек, бұл жағдай 2050 жылға дейін жалғасады. Әрі қарай Байқоңырда не болады? Әзірге түсініксіз. 2030 жылға қарай Ресей Қазақстандағы ғарыш айлағынан ұшырылымдардың үлесін 75%-дан 10%-ға дейін төмендетуді жоспарлап отыр - қалған зымырандар Плесецк және Восточный ғарыш айлағынан ұшырылады. Осылайша, ХХІ ғасырдың екінші жартысында аты аңызға айналған Байқоңыр мұражайға айналатын түрі бар. Қазақстан басшылығы ғарыш айлағын 2050 жылдан кейін пайдаланудың әртүрлі нұсқаларын, соның ішінде еуропалық және израильдік ғарыш агенттіктерімен бірге пайдалануға арналған қайта құруды қарастыруда, бірақ әзірше бәрі тек жоба, жоспар түрінде ғана.
Ғарышқа адамзаттың ұшулар тарихы басталған жер қайтадан шөл далаға айналмайды деп үміттенеміз. Бір кездері академик Королев Байқоңыр - Қазақстан Ғаламдық жағалау екенін айтқан болатын. Әйтсе де, Байқоңыр әлемдегі ең үлкен ғарыш айлағы болып қала береді және көптеген жылдар бойына жылына ұшыру саны бойынша көшбасшы болды, тек 2015 жылдан бастап Канаверал мүйісіндегі ғарыш айлағының пайдасына өз позициясынан айырылды.
Дегенмен Ресейдің ғарыш айлағын жаңарту жоспары бар. Бірінші кезекте «Союз-2» және «Союз-5» зымырандарын ұшыруға арналған екі ұшыру кешенін жаңартуды жоспарлап отыр. Бұл «Зенит» зымыранын ұшыруды қайта құру. Ол Байқоңырдан ұшырылған Кеңес Одағының ең озық, ең соңғы зымыраны болатын. «Союз-5» зымыраны «Зениттен» де қуатты деп саналады.
Ресей мен Қазақстан арасында ынтымақтастықтың одан әрі дамуында 1998 ж. 6-шілдеде Мәскеуде қол қойылған Мәңгілік достық пен ынтымақтастық туралы Декларация маңызды рөл атқарды. Оның негізінде екі мемлекет арасындағы Байқоңыр космодромын бірлесіп пайдалану мәселелері шешілді. Ресей өзінің ғарыштық бағдарламасының 70 пайызын Байқоңыр ғарыш айлағын пайдаланып жүзеге асырады. Байқоңырда Қазақстан Ресеймен бірлесіп, өзінің ұлттық ғарыштық бағдарламасын жүзеге асыруда. Байқоңыр – Қазақстанның республикалық маңыздағы қаласы. Қаланы ғарыш кешенімен қоса, Ресей 2050 жылға дейін жалға алған. Қалада 70 мыңнан астам халық тұрады. Оның 37 мыңнан астамы қазақстандық азаматтар болып табылады.
2011 жылы наурыз айында екі ел көшбасшыларының кездесуінде Қазақстан мен Ресейдің 2011-2012 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарын іске асыру барысы туралы, оның ішінде «Байқоңыр» ғарыш айлағын бірлесіп пайдалану, «Бәйтерек» қазақстандық-ресейлік ғарыш зымыраны кешенінің құрылысы, «КАЗСАТ-2» спутнигін құру және ұшыру, «ГЛОНАСС» жаһандық навигациялық спутниктік жүйесін бірлесіп пайдалану, нанотехнология және басқа салалардағы жобаларды дамыту үшін құрылған екіжақты еншілес қорлар қызметі туралы әңгіме қозғалды.
Байқоңыр ғарыш айлағында «Союз-5» зымырандарының ұшырылым кешені салынады. Бұл үшін Ресей мен Қазақстан күштерін біріктіреді. Ресей мен Қазақстан келісімге қол қойды. Екі ел «Союз-5» зымырандарын бірлесіп ұшырады. «Бәйтерек» ұшыру кешені Байқоңырда ресейлік және қазақстандық кәсіпорындардың көмегімен пайда болады. Одан «Союз-5» зымырандары ұшырылады. 2020 жылдың 30 шілдесінде Байқоңыр қаласында «Энергия» РКК» ПАО және «Бәйтерек» БК» АҚ арасында жаңа буынға арналған орта буын ғарыштық зымыран кешенін құру бойынша пилотсыз ғарыш аппараттарын ұшыру қызметтерін ұсынуға келісім-шартқа қол қою рәсімі өтті. Осылайша, Ресей мен Қазақстан Байқоңырдан бірлесіп зымыран ұшыра бастайды.
Құрылыс жұмыстары кезінде қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін қазақстандық мамандарды барынша тарту жоспарлануда, сонымен қатар екі жақтың ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға ықпал етеді. Құрылыс аясында 500 жұмыс орны ашылады. Артықшылықтары жағына келетін болсақ, бұл Байқоңырда жүзеге асырылатын алғашқы қазақстандық жоба. Сонымен қатар, бұл жоғары технологиялық ғарыш жобаларымен жұмыс істеу мүмкіндігі. Сондай-ақ, пайдалы және тиімді жағы мол, өйткені жаңа технологияны меңгеретін және оны басқа да салаларда да пайдаланатын мамандар мен қызметкерлердің тұтас тобы қалыптасады.
2012 жылдың басында Байқоңырдан Ресейдің 1955 жылы 2 маусымда құрылған №11284-ші әскери бөлімі әкетілді. Енді Байқоңырда Ресейдің әскери құрылымы болмайды.
Байқоңыр айлағынан ғарыш кеңістігіне үш қазақ азаматы ұшып барып қайтты. Олар: Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов. Олардың есімдері Қазақстан тарихы бетіне алтын әріптермен жазылды.
Тоқтар Әубәкіров 1991 жылы 2 сәуірде Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы 2 қазанда Байқоңырдан "Союз ТМ-13" кемесімен ғарышқа ұшты. Ол қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер. Ғарыш кемесі жер төңірегіндегі "Мир" орбиталық кешенімен түйісті. Биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зертуған жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу процесі, зиянды аэрозолдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынды. Сондай-ақ, Қазақстан аумағындағы атмосфераны және жер бетін зерттеу, жұлдызды аспан астрофизика бақылау жұмыстары да ойдағыдай өтті. 1991 жылы 10 қазанда Жерге оралды.
Талғат Мұсабаев ғарышқа 3 рет ұшқан. 1994 жылы ғарышқа бірінші рет ұшқанда 126 күн ғарышта өткізген. 1998 жылы ғарышқа екінші рет ұшқанда 208 күн ғарышта өткізді. Гиннестің үздік табыстар кітабында бір айдың ішінде 5 рет, 30 сағат 8 минут ұзақтығымен ашық ғарышқа шыққанны жазылған. 2001 жылы ғарышқа үшінші рет ұшқанда 8 күн ғарышта өткізген.
Айдын Айымбетов 1993 жылы алғаш рет ғарышкерлікке өтініш берді. 2012 жылғы 12 қазанда Қазақстан Республикасының ғарышкері дәрежесі берілді. 2015 жылы 2 қыркүйекте екінші бортинженер ретінде транспорттық пилоттанған "Союз ТМА-18М" кемесінде ЭП-18 саяхаты аясында Байқоңыр ғарыш станциясынан Халықаралық ғарыш станциясына аттанды. Айдын Айымбетов ғарышта 10 күн болып, маңызды зерттеулер жүргізді.
Кейінгі жылдары ғарышты ғылыми зерттеу жұмыстары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде де белсенді жүргізілуде. Мысалы, ҚХР Ғылым академиясының Аэроғарыштық ақпарат ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп Жерді қашықтықтан зондтау орталығы ашылды. ҚазҰУ посткеңестік кеңістіктегі алғашқы қазақстандық наноспутниктерді - Әл-Фараби-1 және Аль-Фараби-2-ні ғарышқа ұшырған санаулы университеттердің бірі. Бұл ғарыштық технологиялар саласында қуатты кластер құруға мүмкіндік берді. Бүгінде шетелдік серіктестермен бірлесіп отандық университеттің микроспутнигін жасау жұмыстары басталды.
Сабырхан Смағұлов, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі