Өлең, жыр, ақындар

Шора

Шора — қарапайым журналист. Ол кісімен өткен жылы «Мінбер» жастар газетіне жұмысқа келгенімде таныстым. Кептелісте қалып қоймайын деп үйден ертерек шығып едім, жұмысқа тез жеттім. Редакцияға әлі ешкім келмепті. Жарты сағаттай күттім. Бір кезде ұзын бойлы сары кісі баспалдақты тасырлатып жоғары көтерілді де, мен күзетіп тұрған есікті сүзе тоқтады. Сипалап жүріп кілтін тауып, құлыпты ашты. Мені әлі байқамаған секілді, ішке кіруге ыңғайланды. Өтірік жөткірініп белгі бердім. «Не болды?» дегендей бұрылып қарады. Жүзінен ешқандай белгі білінбейді. Басымды изеп, амандастым. Сәлемімді салқын қабылдады, қолын созды да, жылдам тартып алды. Саусағының ұшын ұстап үлгердім, тершіп тұр екен.

— Аға, есімім ­­­­— Жомарт, «Мінбер» газетіне жұмысқа келіп жатырмын, —  дедім, сасқалақтағанда аузыма басқа сөз түспей.

Жартылай ашылған есікті қайта жапты да, басымнан аяғыма дейін көз қыдыртып қарап, танауының ұшына ілініп тұрған көзілдірігін сәл көтеріп:

— Стажировкаға ма?  —  деді.

— Жоқ, толық штатқа, — дедім. Басын жеңіл шайқаған кейпі ішке кірді. Соңынан баспалап мен де кірдім. Іштен ыстық ауа лап ете қалды, ескі ғимараттардан шығатын жағымсыз сыздың иісі мүңкіп тұр. Шора ештеңені сезбегендей жайбарақат орнына келіп отырды. Артына бұрылып босағада қаздиып тұрған маған:

— Кел, мына компьютер бос, осында отыра тұр, — деді. Шора айтқан орынға жайғастым, көзімнің қиығымен оған қарағыштай беремін.

Үстелінің тартпасынан шағын пульт алып шығып, бұрышта тұрған желдеткішті қосты.

— Бөлме ыстық, кондиционер істемейді, ­— деп терезенің үстіне орнатылған беті жоқ кондиционерге қарап қойып, кеудесіне су болып жабысып қалған жейдесін тартқылап, мойнын тұқырып бір-екі рет үрледі.

Күнқағары ұзын, түсі оңып кеткен ескілеу сұр кепкісін шешіп қол созым жердегі ілгішке ілді. Әрі ағарып, әрі сиреп қалған шашының арасынан шыпшып шыққан терді алақанымен басып-басып қойды. Бас киімінің астында қамалып тұрған тер онысына көнбей бейберекет аға жөнелді. Самайынан құлдилап құйылған ірі тамшылар тықырлап қырылған сақалының орнына келгенде сәл кібіртіктеп барып, ары қарай ағып жейдесінің жағасына сіңіп кетті. Бет орамалын алып терін сүртті.

Әлгінде  орындығына сүйеп қоя салған үлкен сұр сөмкесін алдына өңгеріп, сыдырмасын ағытты. Кеудесін жауып қалған сөмкенің ішіне мойнын созып үңіліп, қолына ілінгенін алып, үстелінің үстіне қоя бастады. Пластмасс ыдысқа салынған екі түрлі тамақ, сыртын целлофанмен ораған екі тілім нан, кішкентай әйнек құтыдағы кофе. Үлкен ыдыстағы тамақтың үстіне бір тілім нанды қойып, тоңазытқышқа апарып салды, асықпай қимылдап кіші ыдыстағы тамағын жылытты, іші әбден қақтанып, қарайып қалған күрішкесіне қою етіп кофе құйды.

Желдеткіш бөлмені салқындатпағанымен, сырылдаған дауысы қатты естіліп тұр. Шора ыдысының бетін газетпен қалқалап алып сорпасын сораптап ішіп отыр. Менің бар-жоғыма онша мән бермейді. Бір кезде тамағын ішіп болды да, ыдысына шайнектен ыстық су құйып алып, шайқап-шайқап терезені ашып сыртқа шашып жіберді. Мен тіксіне бетіне қарадым:

— Асқазаным нашар, таңертең тамақ іше алмаймын, бір-екі сағат қимылдаған соң ғана тәбетім ашылады, — деді. Мені жұмысқа келіп тамақ ішкеніне таңданып отыр деп ойласа керек.

Тамағын ішіп болған соң протезін шешіп алып асықпай тазалады. Одан кейін сөмкесінен газет алып шығып әр парағына үңіліп қарады. Сосын шыпшыған маңдайын алақанымен сүртті де, қабырғадағы сағатқа бір, қолындағы сағатқа бір үңіліп, компьютерін қосып жұмысына кірісті.

Сәлден соң басқа журналистер де келе бастады.  6-7 адам бір кабинетте бір-біріне қарама-қарсы отырады екен. Мен редакциядағылардың әрқайсысымен жеке-жеке танысып, оны-мұны айтып біраз уақыт өткіздім. Бұл кезде Шора компьютерден бас алмай жұмыс істеп жатты. Екі сұқ саусағы клавиатураның бетінде тынбай жорғалап материал жазып отыр. Арагідік басын көтеріп сәл ойланады да, қайтадан жалғастырады. Жейдесінің тері кепкен жауырын тұсы тұзды су төгілгендей ақ соры шығып дақтанып қалыпты. Андыз-андыз шашының түбі әлі тершіп тұр.

Шора редакцияда көп ешкіммен сөйлеспейді екен. Суыртпақтап әңгімеге тартсаң да, тым ашыла қоймайды. Сұрағыңа қысқа қайырып нақты жауап береді де, жұмысын жалғастыра түседі.  Тек әр екі сағат сайын аз-аздан тамақ ішеді, сыртқа шығып темекі тартады. Түскі үзілісте орындығына бір қырымен қисайып 10-15 минут мызғап алады. Кейде қырылдап, қаттырақ қорылдай бастайды да, онысынан өзі селт етіп оянып, аузының суын сүртіп сәл ыңғайсызданып қалады.

Редакцияда Қасым дейтін жігіт қана Шорамен қалжыңдасады. Бір күні көзі енді іліне бергенде құлағының түбіне таяп келіп «Шора аға» деп айғай салды. Шора шошып оянып орындығынан ұшып түсті. Бұрыш-бұрыштан әртүрлі күлкі көтеріліп барып басылды. Жығылған орнынан сасқалақтап әрең тұрды да, ыржалақтаған Қасымға көзін бір алартып, сыртқа шығып кетті. Осыдан соң Шора орындыққа қисайып ұйықтауын сиретті. Түскі үзіліс кезінде жарты сағаттай жоғалып кетеді. Сөйтсек, төмендегі күзетші ұйғыр шалға айтып, соның қараңғылау бөлмесіндегі кішкентай темір төсекке жатып тынығып жүріпті, мұны да Қасым біліп күлкі қылып айтып келді.

Шора туралы сөз бола қалса, әркім әр жаққа тартады. Қасым әдетіне басып күлкіге айналдырса, қыздар дамыл алмай тамақ ішетінін жақтырмай, «жұрттың көзінше протезін тазалап отырады» деп тыжырынады. Ондайда Рымбек дейтін аға ғана:

— Е, сендер Шораның жас кезін көрмедіңдер ғой, — деп бір әңгіменің ұшығын шығарады. Біз жан-жақтан «қандай жігіт болды?» деп жамыраймыз. Қасым «қыздарға қырғидай тиген шығар» деп мысқылдайды.

Рымбек аға сәл ойланып алады да:

— Шораның негізгі мамандығы педагог, ұзақ жыл ауылында ұстаздық етті, мектеп директоры да болды. Бірақ кейіннен жайлы жұмысын қалдырып Алматыға келді. Журналистикаға араласты. 20 жылдан бері саяси журналистикада тынбай еңбек етіп келеді. Бірнеше саяси партиялардың басы-қасында болды. Талай рет митингке шығып қамалды. Шетелге қашып кеткен саясаткер Әжігелдиевтің «Дабыл» газетін шығарды, кейіннен оппозициялық басылымдардың бәрі қудаланып, жабылып, өрісі тарылған соң, амалсыз осында істеп жүр, — деді. Мұның шет-жағасын білетіндер Рымбек ағаны қостап бастарын изеді. Ал Қасым екеуміз секілді ештеңеден хабары жоқтар бір-бірімізге қарап иықтарымызды қозғадық.

— Біраз жыл бұрын Шора қатты ауырды, шашы, тісі сол кезде түсіп қалды. Жаны сірі ғой оның, сонда да мойымады, ақыры ауруды жеңіп шықты, — деді Рымбек аға сөзін тұжырып. Редакцияда тыныштық орнады. Дәл сол кезде сұхбат алуға кеткен Шора сырттан кіріп келді. Қораланып отырған біздерге үрке қарап, «Қасым тағы бірдеңе айта ма?» дегендей кібіртіктеп, бөгеліп қалды. Бұл жолы ешкім ештеңе деген жоқ.

***

Жаз келгелі Шораның мазасы кете бастады. Ұясынан қарыс жер көтеріле сала, жер дүниенің апшысын қуыратын күннің ыстығы онсыз да тершең адамды әбден әуреледі. Жұмысқа жейдесі сығып алардай су болып жетеді. Бір-екі рет сүртінген соң бет орамалы да шылқып шыға келеді. Самайынан саулаған терді тия алмай қатты әбігерленеді. Желдеткішті қосады. Терезені ашады, терезенің үстінде тұрған ескі кондиционерді қосылып қалама деген үмітпен ары-бері шұқылап көреді. Қайта-қайта дәретханаға барып салқын сумен жуынады. Бірақ андыз-андыз шашының түбінен бастаудың көзі құсап бұрқылдап шыққан тер кабинетке келгенше қайтадан бетін жуып үлгереді. Әбден мазасы кеткен Шора бір күні үйінен матасы қалың, үлкендеу сүлгі алып келді. Рахаттанып отырып бетін, мойнын сүртіп терін дегдітеді, содан соң сүлгіні ұзынынан екі бүктеп, жейдесінің жағасын көмкеріп мойнына іліп алады. Анда-санда көзілдірігін шешіп, тер құйылған екі көзін сүлгісінің ұшымен сүртеді. Кейде тұқырып отырған күйі, не маған, не өзіне өзі айтқаны белгісіз:

— Биыл жылдағыдан көп терлеймін, аздап жүрегім де шаншып ауырады, — дейді.

Шора әр күні таңертең «Дабыл» газетін сатып алады. Бұрын өзі істеген соң жанына жақын ба, әлде саяси оқиғаларды оқи ма, әйтеу газеттің әр парағына шұқшиып қарап шығады. Кейбір жерін қарындашпен сызады, кейбір жерлерінің ашықтау тұсына орысшалап бірдеңелерді сүйкектеп жазады. Керек жерлерін қиып алады да, қалған парақтарын тартпасына салып қояды. Дәретханаға барарда айналасына ақырын көз тастап алып, әлгі газеттің бір парағын жыртып қалтасына сүңгітеді. Қалған парақтарымен тамақ ішкенде ыдысының бетін қалқалап жауып отырады. Бір күні шетелдегі саясаткер Әжігелдиевтің «Дабыл» газетіне сұхбаты шықты. Мұны біреулер аузының суы құрып мақтады, енді біреулер жерден алып, жерге салып жамандады. Шорадан шет-жағасын сұрап едік, жарытып ештеңе айтпады.

Түс кезі болатын. Шора әдеттегідей ыдысының бетін газетпен қалқалап тамағын ішіп отыр. Бір кезде сәл кідіріп, мойнындағы сүлгісін алып терін сүртті. Кенет тамақтың бетін жапқан газетке көзім түсе кетті. Әжігелдиевтің сұхбаты шыққан «Дабыл» газетінің бірінші беті. Бет-аузы жылмақтай Әжігелдиев, қайратты қою шашын қайыра тарап, жымия күліп отыр. Шора мұны байқамаған секілді, әйтпесе дәмдес болған кісінің суреті басылған газетпен сорпаның бетін қалқалай ма?! Міне, Әжігелдиевтің бетіне, мұрнының ұшына бір екі тамшы шашырапты. Шора терін сүртті де, тамағын ішуді жалғастыра берді. Әжігелдиевтің табақтай беті ыдыстың ернеуіне төне түсті, бір шетін ақырын көтеріп, сорпаны қасықпен іліп алып ішіп отыр. Тамағын ішіп болды да, ыдысын жууға орнынан тұрып, газеттің кесеге қараған бетін ашып үстеліне қоя салды. Әжігелдиевтің бетінің сау жері жоқ, танауы, қасы, маңдайына шейін сорпа шашыраған, тіпті көженің бір-екі қоюы да жұғыпты. Шора кейде шынымен де ештеңені байқамайтын секілді, газетті алдына тартты да, протезін шешіп тазалауға кірісті. Содан соң оны бүктеп сыдырмасына салып қойды.                                               

***

Мен жұмысқа келгелі редакцияның есігін Шорадан бұрын ашып жүрдім. Бұған ол кәдімгідей намыстанатын. Есіктен кіріп келіп мені көргенде өңі өзгеріп сала береді. Заттарын қойып, жайғасып болған соң «қашан келдің?» деп сұрайды. Сонан соң қабырғадағы сағатқа бір, қолындағы сағатқа бір қарап, сазарып сәл үнсіз отырады да, жұмысына кіріседі.

Қыс басталса да Алматыға әлі қар жаумаған кез. Қара суық сүйекті қарып жалаңдап тұр. Бір күні жұмысқа күндегіден де ертерек келдім, сырт киімімді шешіп орныма отырғаным сол еді, есіктің құлпы сытырлап біреу қозғағандай болды. Шора екенін білдім, ол есіктің ашық тұрғанына әлі сенбегендей жұлқа тартты да, өз екпінінен өзі шегіншектеп аңырып тұрып қалды. Маған зілдене қарады. Сәлемімді күндегіден де жөнсалдау алып, орнына келіп, гүрс етіп отыра кетті.

Ертесі қалың қар жауды. Автобус біткен тасбақаша жыбырлап жұмысқа күндегіден кешірек жеттім. Есік ашық екен, Шораның жүзінде көп байқала бермейтін күлкі ойнап тұр.

— Ә, бала кешіктің бе?! — деді сөзін нығыздап, қолын менен бұрын ұсынып, бұл жолы алақанына дейін қарпып ұстадым. Сұп-суық екен, соған қарағанда келгеніне көп болмаған секілді. Шайнек те ысылдап енді қайнай бастапты.

— Біз Совет әскерінің қатарында болдық, Сібірдің суығында шынықтық, оны-мұны аязыңды елемейміз, — деді, түзу тұрған жейдесінің жағасын қозғап-қозғап. Өзі сондай ширақ, өте көңілді. Әңгімесін ары қарай жалғай түсіп:

— Ол кезде Совет әскерінің күшіне жер бетінде ешкім тең келе алмайтын! — дегенде жанарынан бір от жарқ ете қалды.

­— Мен тәртіпті, қалай өмір сүруді әскерде үйрендім. Арақты да сол кезде іштім. Колбасаның түр-түрін жедік, қазіргідей харам, халал деп бөлінбейтін, — деп, тағы да бірдеңе айтқысы келіп жеңіл жұтынды.

Шораның осынша ашылып, желпініп сөйлегеніне таңғалдым. Әсіресе, әскердегі кезін айтқанда маған қарай тебіне түсіп, еденді бір-екі рет теуіп алды.

­— Сен әскерге бардың ба? — деді.

— Жоқ, ерте үйлендім, екі ұлым болған соң шақырмады, — дедім ақтала сөйлеп.  Шора қуанып кетті. Жайындай ерні одан бетер жайылып, қасыма тақай түсті:

— Ә, онда әлі баласың, ештеңе көрген жоқсың. Міне, бір күн қар жауып еді, жұмыстан кешіктің, — деді, миығынан күліп. Ештеңе айтпадым. «Әрине, ештеңе айта алмайсың» дегендей бетіме сәл қарап тұрды да, бұрылып кетті.

Шора сол күні өте көңілді жүрді. Түскі үзілісте редакциядағыларға «мен әскерде жүргенде» деп басталатын ұзақ әңгімесін айтты. Түсінгенім — Сібір жақта екі жыл әскери борышын өтеген. Командирі өте қатал кісі екен, бірақ Шораны айрықша жақсы көріпті. Командирінің бұйрық берген сөзін орысшалап айтқанда дауысы қатқыл шықты. Ал өзінің жауабын айтарда кеудесін көтеріп, оң қолын шекесіне қойып, әр қимылын соншалықты ыждағатпен көрсетті. Тіпті, қозғалақтап орнынан тұрып кетуге шақ қалып әрең отыр.

Шораның бұл әңгімесіне көп ешкім ұйи қоймады. Ақырындап әркім өз орындарына жылжыды. «Сөзінен бір ілік таба қоям ба?» дегендей Қасым қулана қарап отыр. Тек Рымбек аға ғана: «Мен әскери борышымды шығыста өтедім, шет елге жібермеді», — деп әңгімеге тамыздық тастап қояды. Бір кезде Қасым:

—  Ой, Шора аға, қойыңызшы, қазір Совет әскері тұрмақ Совет үкіметінің өзі де жоқ. Оны неге қоңырсытып айтып отырсыз? — деді. Дәл осы кезде Рымбек ағаның өңі оқыс сұрлана қалды. Бұрын байқамаппын, ашуланғанда сәл тұтығып сөйлейді екен:

— Қа-а-а-сым, сен бұлай беталды сөйлеме. Біздің жас кезіміз, ғұмырымыздың ең мәнді шағы Совет үкіметі кезінде өтті. Соны еске алсақ, әскерге барғанымызды айтсақ, оның несі оғаш?! — деді. Қысыңқы көз шанағынан суырылып шыққан уытты ызғардан бәріміз именіп қалдық. Қасым енді бірдеңе десе, Рымбек ағаның өзіне төне түсетінін білді де, үндемей құтылды. Бірақ Рымбек аға Совет әскеріне тіл тигізгеніміз үшін кеш батқанша түнеріп, ұрынарға қара таппай қабарып жүрді.                                    

***

Шораның арақ ішетінін бұрыннан білетінмін. Кей күні таңертең бөлмеге кіріп келгенде, спирттің ащы иісі Шорадан бұрын ішке қарай лап беретін. Онысына өзі де қысылады. Делдиген танауын қатты-қатты уқалап, мойнын теріс бұрып түшкіріп алып, айналасына «кешіріңдерші» дегендей мүлие қарайды. Сәлден кейін қылқынып кекіреді, беті бір уыс болып, алақанының сыртымен аузын басып қиналады. Түске дейін екі жауырыны қусырылып, көздері кіртиіп ештеңеге тәбеті болмайды, тамағын да ішпейді, күн ұзақ үйінен алып келген салқын суын дамылсыз жұтумен болады.

Шора арақ ішкен күннің ертесі жұмыстағылардан да маза кетеді. Әсіресе қыздар есікті жұлқып жауып, қайта-қайта терезені ашып, жақтырмағандарын анық байқатады. Шораның өзі мұндайда қырынан қысылып, сыртқа жиі шығып, темекі тартады, әр шыққан сайын андыз-андыз шашына дейін сулап, жуынып келеді. Бір жолы мені бүйірімнен ақырын түртті. Көзілдірігінің арғы жағындағы кішкентай көзі одан бетер шөңетке сіңіп, өлеусіреп жылтырайды, ақшыл кірпігін ақырын қозғап:

— «Сағыз шайнаса иіс шықпайды» деген рас па? — деді, аузынан ащы иіс мүңкіп.

— Иә, сәл тежейді, — дедім. Шора орнынан ұшып тұрып, сыртқа беттеді. Сәлден  соң езуін қайшылай шайнап ішке кірді. Сағыз сатып алыпты. Біраз уақыт сағызбен әлектенді. Біресе ұртына салады, біресе азуына басады, енді бірде қасқа тісімен қарпып-қарпып шайнайды. Ақыры шаршады ма, сағызды шайнауын тоқтатып:

— Протезіме күш түскен сайын қызыл иегім шыдатпай сыздап барады, — деді көзі жәудіреп, бірақ бұдан кейін де Шораның қиналып сағыз шайнап отырғанын бірнеше рет көзім шалып қалды.

Бір жолы Шора жұмысқа бәрімізден кеш келді. Жүрісі сылбыр. Еріне басып орнына әрең жетті. Кенет үстінен жұмсақ әрі қышқылтым иіс бұрқырай жөнелді. Әтір сеуіп алғанын сездім, бірақ әдеттегі әтірлерге ұқсамайды, тәтті иіс танауды қытықтап, қолқаны қауып барады. Кәдімгі намаз оқитын жігіттер себетін әтірдің иісі. Шораға қарадым, өзі де жағасын, кеудесін иіскелеп әлденеге жіп таға алмай аңырып отыр. Тым тәтті иіс жүрегін айнытты ма, оқыс кекіріп қалды, қылқына қиналған дауысы қатты естілді. Арақтың ащы иісі аузынан бұрқ ете түсті. Көзі суланып, жапақтап маған қарады, ақырын құлағыма аузын тақап:

— Таңертең үлкен ұлымның ваннада тұрған әтірін себе салып едім, ана құрғырдың иісі басыла ма деп, енді жүрегімді айнытып барады, — деді сөзін бөліп-бөліп, бір-екі рет ықылық атып. Сөйтті де, сыртқа қарай жүгіре жөнелді. Өңі қуарып қайтып келді. Онан соң да байыз тауып отыра алмады. Біресе оң жамбасына, біресе сол жамбасына салмағын салады, кекіреді, жұтынады, түшкіреді. Аузынан шыққан арақтың ащы иісіне әтірдің тәтті иісі қосылып жанын әбден қинады.

— Балаңыз намаз оқи ма? — дедім, құлағына сыбырлап.

— Иә, — деді үрке қарап.

— Әтірін бекер-ақ сепкенсіз. Ондай иіссулар тым тәтті, сеуіп үйренбеген кісінің жүрегін айнытады, — дедім. «Мен қайдан білейін» дегендей, өңі қуарып үнсіз отырып қалды. Жүрегі шаншып ауырды ма, кеуде тұсын оң қолымен шеңбектей ұстап, оң жамбасына қарай қисайып, терең тыныс алды.

***

«Жалақы қысқарады екен» деген жайсыз хабар дүңк ете түсті. Мұны таңертең кәріс бухгалтер келіншек айтты. Онсыз да еңбекақымыз мардымсыз болатын, мына хабарға бәріміз абдырап қалдық. Қыздар жағы «былтыр ғана қысқартты ғой, жылда-жылда жұлмалап қия берсе несі қалады?» деп  күңкілдеді. Жігіттер іштен тындық. Шораға қарасам, өңі бұзылып кетіпті. Ерні жыбырлап бірдеңе деп күбірлегендей болды. Суланған езуін сылп еткізіп сүртті де, темекі тартуға сыртқа шығып кетті.

Кешке қарай жалақы түсті. Жұмыстан соң банкоматқа бардым. Шора сол жерде кезек күтіп тұр екен. Мені көріп «ә, келдің бе?» дегендей иегін қозғап қойды. Айнала қарауытып көз байлана бастағанда Шораның кезегі келді. Ол шұқыланып ұзақ тұрды. Артындағы адамдардың тыпыршып мазасы кете бастады. Бір кезде ақша емес, ұзын чек алып шетке шықты. Сәлден соң менің де кезегім келді. Өзім ойлағандай көп қысқартпапты, «оған да шүкір» деп тездетіп ақшамды алып орнымды босаттым. Шора әлі қайтпапты, мені күтіп тұр екен:

— Көп қысқартып па? — деді, көңілсіздеу. Көше шырағының әлсіз жарығынан жүзін анық көре алмадым. «Көп емес», — дедім, мен де көңілсіздеу кейіп танытып. «Менен көп қысқартыпты», — деді, қолындағы чекті жарыққа қарай созып, тағы да қарап: «иә, көп қысқартқан», — деді қайталап. Ештеңе айтпадым, екеуміз аяңдап аялдамаға келдік. Шора жүргелі тұрған автобусқа мінуге қамданып жатып: «Бәлкім, басқа бір жұмыс іздейтін шығармын», —   деді. Мен басымды изедім. Осы уақытқа дейін Шораның дәл бұлай үміті үзіліп, сүлкіні түскенін көрмеппін, ішім алай-дүлей, оны біртүрлі аяп кеттім. Біраздан соң мен күткен автобус та келді, ентелеген адамдардың арасынан қыстырылып ішке әрең кірдім. Жол бойы Шораның әлсіз шырақ астында чекке үмітсіздене қарап тұрған кескіні көз алдымнан кетпей қойды. «Айлықтың қысқарғанын үйдегілерге қалай айтсам болар екен?» — деп уайымдап бара жатқандай сезілді.

Шора ертесі жұмысқа менен кейін келді, бірақ онысына еш қысылған жоқ. Түрінен аз жалақыға көнген, неге болса да бекінген кейіп байқалады. Әңгімені өзі бастады:

— Басқа жұмыс іздемеймін, жарты жыл шыдасам зейнетке шығамын.

— Оныңыз да дұрыс, зейнетке шығып демалыңыз, — дедім, көңілін аулап.

— Жоқ, демалуға әлі ерте, Құдайға шүкір, денсаулығым жақсы, інімнің құдасы күзетшілердің начальнигі, соған айтып қойдым, бір компанияға күзетші етіп жұмысқа алатын болды, айлығы да жаман емес, — деді. Мен басымды изеп құптаған сыңай таныттым, сәл де болса көңілінің серпілгеніне қуандым. Бірақ түске қарай бәрі өзгерді.

— Естідің бе? — деді көзі шарасынан шығып, суланған ернін сүртуге де шамасы келмей, — мемлекет зейнетақы қорындағы ақшаны пайдаланғалы жатқан көрінеді. Алаңдағаны соншалық, менің жауабымды күтпей сөзін жалғастырып: — егер шынымен солай болса, бұл дегеніңіз — қылмыс. Халықтың зейнетақыға жинаған ақшасын мемлекет басқа бірдеңеге жұмсап жіберсе, біз далада қаламыз, — деді, дымданған көзілдірігінің арғы жағынан суланған жанары қозғалақтап.

Шораның сөзінен соң интернетті ақтарыстырып қарадым, шынымен де зейнетақыға қатысты сөз желдей еседі. Қайсысына сенеріңізді білмейсің, бірақ осы хабардың бәрі Шораның арқасына аяздай батты. Біреулерге хабарласып ұзақ-ұзақ сөйлесті, сыртқа шығып темекі тартты. Дегбірі кеткені соншалық, түрі кешегіден бетер топырақ тартып бозарып, байыз тауып отыра алмады. Бір кезде «ұлымды шақырттым, зейнетақы қорындағы ақшаны интернеттен тіркеліп тексеруге болады екен, қазір келіп соны үйретеді», — деді. Сәлден кейін орта бойлы, қаңылтақтай сары жігіт келді. Бәрімізбен жылы амандасты. Компьютерді ұзақ шұқылаған ұлының желкесінен Шора мойнын созып шыдамсыздана қарап тұрды. Арасында бір рет темекі тартып келді. Ақыры зейнетақы қорының сайтына тіркеліп, жинаған ақшасының аман тұрғанын көріп көңілі орнықты. Осыдан соң Шораның жұмыс тәртібі сәл өзгерді. Таңертең жұмысқа келе салып, компьютерін қосып, алдымен зейнетақысын тексереді. Содан соң сорпасын ішіп, кофесін демдеп алып жұмысына кіріседі. Жұмыстан кетерде тағы бір рет тексереді. Жалақы түскен сайын қосылған ақшасын жазып отырады. Сонда да үрейі сейілмеген секілді. Газетке «халық зейнетақысыз қала ма?» деген тақырыпта көлемді мақала жазды. Әр жолы зейнетақысын тексерерде оң жақ иығымен клавиатураны қалқалап, ұлы орнатып берген құпия санды қолы дірілдеп тереді. «Сонша жыл жинаған ақшам жоқ болып кетсе қайтемін?!» деген үрей көз ұяшығында кілкіп тұрады. Зейнетақы туралы бір жаңалық жылт ете қалса, бар шаруасын жинап қойып, соны оқиды. Кейде қамыға күрсінеді.                                                        

***

Жұмыстан кетуге жиналып жатыр едім:

— Ертең митингке шығасың ба? — деді, Шора құлағыма сыбырлап. Күні бойы «заңсыз митингке шықпаңдар» деген хабарды оқығандықтан ба, Шораның сұрағына селк ете қалып:

 — Жоқ, — дедім ойланбастан. Осынша тез жауап бергеніме іштей таңғалдым.

— Жарайды, — деді көңілсіздеу ыңыранып, «барайық, неге шықпайсың?» деп қыстамады.

Ертесі Шора жұмысқа түстен кейін келді. «Саяси тұтқындарға бостандық» деп аталатын белсенділердің митингісіне барыпты. Сол жерде арнайы жасақ бас салып ұстап, автобусқа салып полиция бөлімшесіне апарыпты. Екі сағат тергеп, түсініктеме жаздыртып босатыпты.

— Полицейлер әбден тыңдаусыз кеткен. Адамның құқығы деген ұғым миларына да кірмейді. Оларға бұйрық орындалса болды. Автобустан түскенім сол еді, алдымнан беті-аузы тұмшаланған екі жасақ шыға келіп, бұлтаруға мұрса бермей аяқ-қолымнан ұстап сүйрей жөнелді. Сәл қарсыласып көріп едім, жұлқа тартып күшке басты, туфлиімнің сыңары шешіліп қалды, оған да қаратпады. Кәдімгі қылмыскер секілді екі сағат тергеп әрең жіберді. «15 күнге қамаласың, айыппұл саламыз» деп қорқытады. Аяқ киімімнің сыңарын сұрап едім, «басың аман тұрғанда қараңды батыр» деп қарқылдап күлгені бар ма?! Содан соң ұлыма хабарласып басқа аяқ киім алдырттым. Туфлиім жаңа еді, обал болды,  — деді түтігіп. Мен:

— Митингіге шығып қайтесіз, одан ештеңе өзгермейді, босқа әуре боласыз, — дедім, дауысымды барынша жұмсартып, жаным ашып айтқанымды білдіртіп.

Бетіме бұрылып қарады. Ағы мен қарасы онша білінбейтін сұрғылттау жанары соншалық сұсты. Жұқалау астыңғы ернін жымыра тістеп алыпты. Айтарымды айтып алсам да, көзіне тіке қарай алмадым, ол да ештеңе демеді. Ары қарай редакциядағылардың «митингке шығу керек, шықпау керек» деген әңгімелеріне құлақ түрместен, митингі туралы материал жазуға кірісіп кетті. Шораның саяси материалдарын редакторлар қырнап-жонып, барынша жұмсартып, қысқартып газетке береді. Бірақ оған бола ренжімейді.

Шораны жұмысқа әртүрлі адамдар іздеп келеді. Көбісі шаршаған, қаусаған үлкен кісілер. Шора олардың әрқайсысымен қуана амандасады. Кофе құйып береді, бірақ ұзақ әңгімелеспейді. Келген бұйымтайын сұрайды да, «материал жазып жатыр едім» деп жағдайын айтып жылы қоштасады. Тек өзін «саясаткермін» деп таныстыратын Мәлік дейтін ұзын бойлы атаға ғана сәл бөгелетіні бар. Шораның асығып тұрғанын білсе де,  ол кісінің айылын жия қоятын кезін көрмедім. Ортадағы үстелдің шетіне сүйеніп тұрып ұзақ сөйлейді. Оң қолындағы таяғына салмағын салса, сол жақ тізесі тынымсыз дірілдейді. Сол қолымен үстелге сүйенсе, таяқ ұстаған қолы оң тізесіне қосылып қалтырайды. Мәлік ата сонда да әңгімесін үзбейді. Бір кезде дауысы өшіп, демігіп барып тоқтайды. Осы кезде ғана неге келгені есіне түсіп, үстелдің үстіне қойған, шеті ағарып тозған қара папкасын ашып, қолмен жазылған екі парақты алып Шораға береді:

— Мына мақаланы газетіңе жарияла, қазіргі саяси жағдайды бүге-шүгесіне дейін қалдырмай түгел жаздым. Мұны менен басқа ешкім дәл бұлай жаза алмайды, — дейді. Шора Мәлік атаны қостағандай басын изеп, шығарып салады, бірақ әлгі екі параққа көз қырын да салмайды.

Кейде Шораны тыртиған арық қара кемпір іздеп келеді. Үнемі үстіне көлбіретіп кең мол көйлек, аяғына аппақ крассовки киіп жүреді. Иығына асынған оқушылардың кішлеу сөмкесін алып, Шораның үстеліне қояды да, ішінен бірнеше орысша, қазақша газет алып шығады. Көбісін Шораға қалдырып кетеді. Шора оған кофе де, шай да ұсынбайды. Өзі де ұзақ аялдамайды. Амандасқалы келгенін айтып, қоштасып жолына түседі. «Шора, абайла, ауырма!» — дейді кетіп бара жатып. Ондайда Шора басын изеп жеңіл жымиып қала береді.                                                     

***

Шораның бүгін мазасы болмады. Қайта-қайта кекіріп, түшкіріп қиналды. Бірақ арақтың иісі сезілмеді. Тершіген маңдайын жиі сүртіп, орнында отыра алмай тыпыршыды. Бір кезде қалтырап, дірілдеп тоңа бастады. Орындықтың жақтауынан мықтап ұстап, мойнын тұқырып аз отырды. Басын ақырын көтерді. Көзі жоғары тартып аларып барады.

— Шора, сізге не болды? — деп қолтығынан ұстай алдым. Маған қарай сәл қисайды да, қайтадан еңкейіп лоқсып құсып жіберді. Анадай жерде тұрған Рымбек аға жүгіріп келіп екінші қолтығынан сүйеді. Шора қылқынып қара су құсып жатыр.

— Жүрегі ұстап қалған секілді. Жедел жәрдем шақырыңдар — деді, жанұшыра сөйлеген Рымбек аға, сөйтті де, — қолтығынан көтер, ашықтау жерге түзеп жатқызайық, — деді. Демеп апарып жерге жатқызып, басына сөмкесін жастадық. Көзі жоғары тартып ес-түссіз жатыр. Анда-санда аяғын ақырын қозғайды. Рымбек аға қалтасынан кішкентай құты алып шығып, өзі ішіп жүретін жүректің дәрісінен бір талын Шораның тілінің астына салды. Жүрелеп отырып, басын көтеріп тізесіне қойды. Қылқына жөтелген Шора сәл есін жинағандай болып, біраздан соң қайта талықсып кетті.

Жарты сағат өткенде жедел жәрдем келді. Ірі денелі семіз жігіт қинала қозғалып, Шораның ары жақ, бері жағына шығып тексерді. Қасындағы арықтау қара жігіт асығыс қағаз толтыруға кірісті. Семіз жігіт тізерлеп отырып укол салды. Қолының тамырын ұстап көрді. Көзінің астын тартып қарады. Содан соң «5 минут қозғамаңдар» деді де Шораның үстінен аттап өтіп, сыртқа шығып кетті. Арық қара жігіт қыздардан бірдеңе сұрап әлі қағаз толтырып отыр. Жерде жатқан Шораға мойын бұрып та қарамайды. Тағат қылмай сыртқа шықтым. Семіз жігіт дәліздің басында темекі тартып тұр. Қасына бардым. Терезені ашып қойыпты. «Жүрегі ұстап қалған, сәл есін жинаса алып кетеміз», — деді. Темекісін бір-екі рет құшырлана сорды да, бұрышта жапсырулы тұрған «темекі шегуге болмайды, айыппұл 10 мың теңге!» деген жазуы бар қағаздың етек тұсына мыжғылап өшіріп, терезеден лақтырып жіберді. Ауыр денесін ақырын қозғап ішке кірді, соңынан ілесіп мен де кірдім.

Шора әлі есін жимапты, тек анда-санда тебін тыржың еткізіп, аяғын қозғап қояды. Көтеріп зәмбілге салдық. Екі дәрігер зәмбілдің алдын, Рымбек аға екеуміз артын көтеріп төменге түстік. Көлікке әкеліп сала бергенімізде Шора аяғын сермеп қатты бұлқынды. Иық тұсым жып-жылы болып, тер сияқты бірдеңе мойныма қарай құйылды. Оған қарайтын шама жоқ, қаумалап көтеріп, көліктің ішіне орнықтырып қойдық. Борбайына дейін тұтас жайылған су балағынан әлі тырс-тырс тамып тұр. Көлік көшені басына көтере бебеулеп орнынан қозғалды.

Кешке Шораның қайтыс болғанын естідік. Ертесі сағат 10:00-де жаназасы оқылады екен.

Шораның үйін адасып жүріп әрең таптық. Ертеректе салынған төрт қабатты ескі үйлер. Ауланың шаңын аспанға шығарып құрылыс жүріп жатыр. Енді есіме түсті, осыдан шамамен бір ай бұрын Шора өзі тұратын ауланың жөндеу жұмыстары бір жылдың алдында басталса да, әлі аяқтамағанын айтып әкімдікке арыз жазып жүретін. Ол туралы газетке мақала да жазған, кейін бір сұрағанымда «менің мақаламнан соң құрылыс жұмысы қайта жүрді, бірақ өте баяу» деген еді. Сол құрылыс жұмыстары әлі аяқталмапты.

Жаназаға адам көп жиналды. Сүйекті үйден шығарарда әйелдер шулап жылап сыртқа дейін еріп шықты. Шораға келіп жүретін тыртиған арық қара кемпірді көзім шалды, солқылдап жылап тұр.

Ауланың ортасындағы футбол алаңына кебінге оралған сүйекті әкеліп қойды. Жаназа оқылатынын естіртіп, сапқа тұруымызды ескерткен молда аз-кем сөйледі де, жаназа оқуға кірісті. Барынша имамға ұюға тырыстым, бірақ ойым бөліне берді. Қарсыдағы үйдің балконында жартылай жалаңаш орыс жігіт бізге қарап темекі шегіп тұр. Оның астындағы балконда орыс кемпір мелшиіп қарап қалыпты, жылап тұрса керек, қайта-қайта көзін сүрте береді. Бір кезде тура қасымыздан шыққан болгарканың ащы дауысы молданың мақамды үнін көміп кетті. Анадай жерде бірнеше жігіт темір кесіп әбігерленіп жатыр.

Жаназа аяқталып, сүйекті қабірге қарай алып жүрдік. Сол күні қатты ыстық болды. Қабірге 3-4 күрек топырақ тастасаң, жонарқаң шыпшып шыға келеді. Жігіттер жылдам қимылдап, кезектесіп топырақ тастап, лезде төмпешік пайда болды. Молда құран оқыды. Адамдар дабырлап жан-жаққа тарай бастады. Қабірдің басында жалғыз тұрған Мәлік атаны көрдім. Таяғын қолтығына қысып, бетін сипап дұға жасады. Тізесі дірілдеп бір шымшым топырақ алып, қолының ұшымен майдалап қабірге қайта шашты. Қимай қарап сәл тұрды да, елдің соңын ала жолға беттеді.

Жүрегімді бойлап жып-жылы ағын жүгіріп өтті. Шораның қайтыс болғанына  көзім енді жеткендей, жанарыма ып-ыстық жас үйірілді. Жаның жаннатта болсын, Шора!


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз