Өлең, жыр, ақындар

Қанат

Ағыбай оңаша бөлмеден екі беті ұялғаннан өрттей қызарып шықты. Үзіліс әлі болмапты, әшейінде оқушылар қайшалысып жататын дәлізде дәл қазір ешкімнің болмағанына қуанды. Есін жиған беттегі ойлағаны бөтен хаттар Орынбек ағайдың қолына қалай түсті. Әлде оны мұғалімге қыздың өзі берді ме. Жоқ өз жайын ойлайтын қыз болса Жайдары өйтпеу керек. Сабақтан кейін Ағыбай осындай ойлармен үйге де, көшеге де сыймады. Түс ауа шешесінің жұмысқа кететін кезін тосып тұрып, ешкімге байқатпай Жайдарының үйіне келді. Батылы жетіп бұрын келмеген үйіне кіріп келсе де есік көзінде бөгелді. Бұған бұрынғысынша жымия қарап кіріңіз деген қызға:

— Жайдары, хаттарды ағайға берген кім? — деп сұрады.

— Күнделіктің арасында қалып, содан ағайдың қолына қайдан түскенін білмеймін, — деді қыз сәл қызарып. Ағыбай әлгінде екеуіне арнап айтқан ағайдың сөздерін айтып шықты. Сөз сабақ жайына, таяуда болатын аудандық жарыс, оқу жайына ауысты. Сөйлескен сайын аралары жақындап, бір-бірін бұрынғыдан жақсы ұға түскен сияқтанды.

*   *   *

Ағыбайдың сабақтан қолы босаса ойлайтыны — Жайдары еді. Жайдары болғанда көрші үйде тұратын жасөспірім қыз. Оны ойлай бастағанына қанша болды өзі де білмейді. Сол бейненің бірте-бірте ойына сіңіп, жан дүниесіне жақындай түсіп, ішкі бір әлеміне бірігіп ажырамастай болып кеткеніне де бірталай уақыт өткен. Көзі күлімдеген, мінезі ашық ешқашан ренжуді білмейтін ақжарқын қызды мектепте жүрсе де, кешкілік ауыл балалары жиылып доп ойнағанда да көзінен таса қылып көрген емес. Ағыбай биыл мектеп бітіреді, жасы он алтыдан асып он жетіге жиды. Бір кемшілігі мінезі ұяң еді. Сабақты тәп-тәуір оқыса да басқалар былай тұрсын, өзімен бірге оқитын қыздардан-ақ  ұялмайтын жерде ұялып, ожарлау ұлдар бұзып-жарып кете беретін істерді бұл қиюын келтіре алмай, біреудің  көмегімен зорға істеп бітіреді. Ал Жайдарының мінезінде тектен-текке ұялып, қысылу жоқ. Керісінше үрлеген сайын жайнай түсетін от сияқты. Сол қалпы үлкенмен де, кішімен де, сабақ оқытатын мұғалімдермен де, ың-шыңсыз тіл табысып, Жайдары дегізіп қана жүреді. Басқалармен қалай еркін болса, мұнымен де сондай еркін. Ағыбай сыртынан мұны ұнатып, шын көңілімен жақсы көргенімен ол сезімін қызға ашық айтып жеткізіп көрген емес. Тіпті оны сыртқа, не қыздың өзіне білдіру былай тұрсын, ішіндегі сол ойын біреу біліп қалса бір ұят шаруа болатындай сол ойынан біртүрлі қуыстанып жүреді. Осы бір тосын сезім жоғалып кету орнына басына кетпестей болып орнап алғандай. Бірақ ол сезімін ешкімге білдірмеуге тырысқан сайын бұрынғыға қарағанда  азайып  не  жоғалып кету орнына байқаса ұлғая түскендей. Мұның жасындағы көпшілік ұлдар өздеріне ұнаған қыздармен мектепке бірге келіп, бірге қайтып, бірге ойнап күліп достасып-ақ жүр. Ал бұл болса сопиған басы өмірдегі алғаш ұнатқан қызы Жайдарының қасына да жақындап бара алмай жүр. Керек десе дұрыстап сөйлесе де алмайды.

Күнде кешкілік  Жайдары екеуі төменгі жақтан қой айдап қайтатын, үйлері қатар еді. Ауыл шетіндегі дөң үстіне кешкі өрістен қайтқан малды қарсы алу үшін үлкен-кіші, қолы бос балалар түгел жиналады. Күн ұясына қона өрістен қайтқан қойдың үйді-үйге бөлінгенде қозысын іздеп  адасып маңырағаны, желіні сыздаған сиырдың иесін күтіп мөңірегені, өрістен қайтқан малын түгендеп әрі-бері сабылған жұрттың дабырлаған айқай-шуы ауыл үстін азан-қазан қылады. Ағыбай сияқты Жайдары да үй жұмысын шешесіне қаратпай көбіне өзі тындыратын. Қоралары жапсарлас, іргелері бір-біріне тиіп тұрғаннан кейін Жайдарының шамасы бірдеңеге келмей жатса, жүгіріп келіп көмектесу Ағыбайдың әдеті.

Бірақ соны сылтау етіп сөзге тартып, қызбен бірдеңе айтып  сөйлесіп қалу, әзілдесіп жақын тартуға батылы жетпейді. Нені айту керектігін күні бұрын ойлап алатындықтан Ағыбайдың Жайдарыға айтатын сөздері тез таусылады. Өрістен келген қойды айдап қайтқанда да нені қалай қиыстырып әңгіме етіп, оны қызға қалай ұнасымды ғып жеткізуді ойлап келе жатады. Екеуі қойдың екі жақ шетінде жүріп бір-бірінің көзқарасын алыстан сезеді. Егер аралары жақындап қалса  жүздесуге батпай көздерімен түйісіп қалуға қорқып, басқа бірдеңеге алданып кетіседі.

Осылай қысылып-қымтырылып келе жатып Ағыбай тезірек үйге жетуді ойлайды. Үйге келген соң өзінің түк бітірмей қайтқан жігерсіздігіне ыза болады. Қыздардың әзілқой, емін-еркін жүріп үйренген ұлдарды ұнататынын ойлап, өзіне ондай қасиеттің бітпегеніне өкінеді. Бірақ ондай балалардың көбіне тән ұшып-қонып жүретін тұрақсыз мінездерін ұнатпайды. Иә, қыздар сөйтіп  кейде айырмай да қалады жаман не, жақсы не дегенді, кейін ғой содан адамдар арасындағы түсінбестік басталатыны. Ағыбай өстіп оңашада ойға батады.

*   *   *

Қызыл іңір әлетінде Жайдарыны бір көріп қайту үшін қораға сүйеулі тұрған сатыға шығып, қыздың терезеге келуін күтетінді шығарды. Бір күні өстіп отырғанда әлгі терезені бөтен біреу келіп қақты. Соны күткендей іштен Жайдары жүгіре шықты. Бойы өзінен сәл ұзындау бозбаламен аралары жақындаса қалды. Екеуі әңгімелесіп бірталай тұрды. Келушінің кім екенін білмей, білгісі келсе де қараңғыда түрінен ажыратып таба алмай бір уыс боп бүрісіп Ағыбай отырды. Түнгі тымық ауада қыздың сыңғырлай күлгені естіледі, осы бір қуаныш, бақыт күлкісін Жайдары басқа біреуге арнайтындай. Терезе жарығымен бозбаланың қызды құшақтамақ болып бауырына тартқаны, Жайдарының сақылдай күліп сүйгізбей бетін ала қашқаны, жібек шашы желп-желп етіп жат қолынан босанбақ болып бұлқынғаны байқалып тұрды.                         

*   *   *

Далада тырсылдап жауын жауды. Кішкене терезеден тау беткейі байқалады,  онда үйілген отын, неше жылғы қи үйінділері қоян жондала қаланып сыртынан сиырдың жапасымен жапсырыла салып, сылап қойғандай жылмиып тұр. Бұл да апасының қолы. Маңайда ешкім көрінбейді. Аспан сұрғылт түстеніп, алдағы болатын бір ызғарлы күннің сыңайын білдіріп мазасызданып тұр. Ағыбай сабақтан кейін бір ұйықтап алып, Жайдарыға хат жазуға кірісті. Ұзақ отырды. Бір жазғанын ұнатпай қайтадан жазып, қате жерін сызып, келмей тұрған жерін түзетіп, сөздерін қанша нәзік, жарасымды ғып жеткізсе де кей тұсында айтуға тілі жетпей еркінен шығып кете береді. Өзі де  кішкентай күнінен кітапты көп оқитын сезімшіл еді. Тіліне неше оралып айта алмай жүрген сөздерін хатқа түсіргенде, онысы оқыған адамның жүрегін шын елжіреткендей терең сырлы, жан қоймасы терең адамның сөздеріндей үйлесіммен тізбектеле жөнелді. Жазғанының бәрін неше қайтара оқып, тазалап жаңа қағазға көшірді. Ішкі сырының бәрін ақтарған хаттың әр сөзін қадала оқып, қайта тексеріп шыққан соң, төрт бүктеп конвертке салып, ешкімге сыр шашпайтын жан досы Елеуге беріп: «Қалайда Жайдарыға табыс ет, бөтен ешкімнің қолына түспейтін болсын», — деді.

Таңертең мектепке келгенде киім ілгіш маңындағы қарбалас кезді пайдаланып Елеу қызға хатты ешкімге байқатпай тапсырып келді. Ағыбай тез қайтып оралған досынан шыдамсыздана сұрап жатыр: “Кімнен дедің. Не деп айтты. Хатты жыртып тастамады ма”, — деп асықтыра береді. Ақыры досының айтқан жауаптарына қанағаттанып, тапсырмасы дұрыс орындалғанына көзі жеткен соң, ойындағысы орнына келіп іштей ризашылық сезімге бөленді. Бірақ кешкілік сабақтан бос уақытта бұрынғысынша Жайдарыны сыртынан болсын бір көріп қалу үшін сол жақтың терезесіне қарап аула сыртында жүрді.

Қасыңда, дәл жаныңдағы қол созым жерде жүрген адамға өзіңнің ішкі сезіміңді, жақсы көретініңді білдіріп жеткізе алмау қандай қиын. Ал егер сен оны қанша жан-тәніңмен сүйетініңді білдірген күннің өзінде, ол не ойлайтынын айтпаса ше. Ағыбай оңашада ойлана-ойлана келіп: ол да бір шешімге келе алмай жүр ме, өзінің ұнатқанын білдіріп бір хат жазған адамға қайдан тез жауап қата қойсын, тағы да сендіре сөйлеп хат жазғаным дұрыс қой деп тағы да жазуға кірісті. Бұл жолы өткендегіден ұзақ қылып жан дүниесіндегі ең алғаш гүл жарған сезімнің таза, ұяң, кіршіксіз кір шалмаған қалпын әсерлі қылып қағазға түсірді. Мұның хатын алғанда қыздың қандай күйде болатынын көз алдына келтіріп еді, ол күлімсірегендей көрініп, алыстан шақырып белгі бергендей ерте жөнелді. Сол қиял әлеміне кіргенде Жайдарымен өңінде әзілдесіп, қимас сырларын айтып отырғандай әсерленіп, шабыт алып толқығандай  рахат күйде бақытымен жолыққандай ерекше халде ойша кездесумен болып еді. Бұл хатта да ұзақ толғаныспен, жүрек сырын ақтара шертіп, көңіл күйінің әсерлі шақтарына өзі де мейірлене елжіреп, сүйсіне тебіренген. Екінші хатты да Елеу арқылы  жасырын жөнелтті. Осы күндерде қандай жауап келеді деп тосып жүргендегі естігені қыздың аузынан күле жеткізген бір ауыз әзіл.

— Досыңның сыры терең білем, — деген сөз көзге түсерлік  бөтен сыйдан бөлек еді. Бұл жолғы қуанышы баянды әрі кетпейтін көңіл түпкірінде мәңгі сақталар бақытты кез болып еді. Осыдан кейін күнделікті түннің бір уағына дейін отырып хат жазу әдетке айналып, өмірдің бақытты сәтіндей болып жалғаса берді. Мамыр айы аяқталып, оқу бітуге таяды. Оқу жылының соңына бір жұма қалғанда Жайдарының класс жетекшісі Орынбек ағай осының бәрін күні бұрын сезіп жүргендей, оңаша бөлмеде Ағыбайды сәл бөгеп хаттарды өзіне қайтарып беріп, келешек туралы ақыл айтуы бұл үшін тосын оқиға еді. Енді міне сол хаттардың бәрі қолында.

*   *   *

Өз сезімдерінің басқаларға қарағанда биік әрі кір шалмайтын таза екенін білетін жандай риза көңілмен көкке көз жіберіп еді аспанда жұлдыздар бір-бірімен таласа жиіленіп көңіл көкжиегін солай бұрып биіктетіп әкете берді. Қаракөк түсті түпсіз дүниенің бір шетіне бұны да шақырып, бірдеңе беретіндей онысын жұмбақтай, әдемілеп еліктіре түседі. Жұлдыздар әр жерден бір ымдап, қызарып-сұрланып, Ағыбайдың көңіл күйі сияқты жиі құбылып, өзгеріп жатты. Жып-жылы сезім қанат бітіргендей шексіз биікке жеңіл көтеріп, аялы алақанымен әлдеқайда әкетіп бара жатыр.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз