Қазан айының басы еді.
Колхоз нулы жерді сағалап, сулы жерді жағалап, ала жаздай шапқан шөбін біртіндеп қораға тасып жатқан кез.
Ертеде бұл маңай аумақты арал болатын. Жаз шыға аралға кірер кеңірдектей тар қылтаны белуардан су басып кететін. Су басса да, жолдың сорабын жатқа білетін әккі тракторшылар оны елең қылмаушы еді... Жер-көкте көлкіген көлден де жол тауып, төтесінен салып арсы-гүрсі өте шығысатын.
Ондай мол су қайда... Жер дүниенің аңқасы кеуіп, әжімделіп құрғап барады емес пе! Бұл күнде бұл маңайдың да суы сорғи тартылып, аралдың құрылыққа қосылып кеткеніне біраз жыл болған. Кезіндегі тар қылта қазір шаңы шығып даңғыраған айдау жол.
Қалай десек те, осы бір жабайы аралдың жон арқасы жылмиған жазық, шүйгіні мол қоғалы қорыс-ты. Күзгі қарбалас сабасына түсіп, саябыр тапқан бұл күндері аралда түртінектеп төрт-бес тракторшы ғана жүр. Әр тұста шөккен нардай дөңкиген маяларды тырбанып шанаға тиеп, құрылықтағы мал қораларына тасып жүргендер солар еді.
Соңғы апта бойы күздің райы жайлы мінез танытып, күн жарықтық жылы шуағын молынан-ақ төгіп тұрған. Арқаны қыздырып, мұрынды қытықтаған нағыз саршатамыз туғандай еді. Бірақ күз маусымы қашанда шамшыл емес пе, жылы шуақтың желігі осы күндермен басылды да, кешеден бері күн ажары күрт бұзылды. Сібірлеп басталған жылы жаңбырдың соңы күздің сүйек сорар суығына ұласқан. Аспанды қою күрең бұлт тұмшалап, кешке қарай өңменіңнен өтер ызғырық соға бастады.
Шөп тасып жүрген төрт тракторшы жаңбырды сылтауратып қас қарая қайқайып ауылға кеткен. Аралдағы бесінші адам — Нариман — механик еді. Трактордың біреуі сынып, соның ақауын жөндемекке қараша үйде қарайып жалғыз сол қалған болатын.
Үй дегені — екі бөлме есебіндегі есігі мөңіреп ашылатын жапырайған қотыр лашық-ты. Төргі бөлмеде терліктей жалғыз терезе, еденде қатар-қатар тақтай тапшан. Тапшан үстінде шалаумен нығыздалған ала матрастар. Алдыңғы бөлме түтінмен ысталған қарақожалақ қуықтай шолан. Шоланның дәл ортасында от жағып, тамақ пісіретін кірпіштен өрілген шолақ пеш тұр. Колхоз тынысы тар, қаңсыған бұл үйсымақтың ұры түскендей үңірейген жыртық-тесігін жылма-жыл жамап-жасқап қояды. Науқандық жұмысшылар үшін сол лекердің өзі жетіп жататын.
Нариман тракторшы ағалары кеткен соң, іңір алагеуімінде бергідегі айрыққа шығып, бұрыстағы атаудың ығына төрт құлаштық торкөз ау салып қайтқан еді. Таңертең көзін тырнап ашқан бойда қайыққа отырып, кешегі өзі құрған ауды қарауға шықты.
Өзен үстінде шудадай созылып шұбар тұман кілки қалыпты. Төңірек еңсені басқан боз сағымға бөгіп, ажарын ашып көрсетер емес. Шүкір, түн асырып құрған ауы олжалы шықты, бірер сазан, көксерке мен алабұға түсіпті.
Аудың құлағын саумалап тартып, асықпай жинап жатыр еді, арғы шеттегі нар қамыстың қалың жынысы жайқала қозғалғанын көз қиығымен байқап қалды. Алдымен өзен бетіндегі ала тұман астарынан әлдебір қара қайықтың қайқы тұмсығы көрінді. Қара қайық баяу ағыспен дария бітінде салындыдай сырғи жылжып келе жатты. Қайық үстінде күләпарасын басына милықтата киіп, жылтыраған жарғақ сулық жамылған жадау біреу отыр. Құрғыры, тас мүсін сияқты, қыбыр етпейді, шоқиып қатып қалыпты. Мылтығы белден бүктеліп, қасындағы көлденең орындықта асылып жатыр. Сулықтың ішкі жағында қынай буынған патронтаж жалтырайды. Қайық түбінде бастары қылжиған бірер көк мойын сарыала үйрек байқалды.
Бұл оқыс көрініске Нариман күдіктене қарады.
Мынау ара тұңқима тұйық еді, теңіздің тамағына тақау мақау шет. Былайғы бейсауат адам жүрмейтін ұры түкпір. Іргедегі Еділ-дариядан қиырға тартқан Қиғаш өзенінің жоғарғы иінінде Ресейдің аңшылық шаруашылығы бар-тын... Мына жұмбақ жан таң қараңғысынан үйрек атуға шыққан сол мекеменің көп аңшысының бірі болды-ау, тегі?
Бойын болмашы үрей билесе де, «қайтер екен» деген әуесқойлықпен бірер мезет қадала қарап қалды. Байқайды, қайықтағы шоқиған жанда тіпті тіршіліктің белгісі жоқ. «Омалып отырған күйі өліп қалғаннан сау ма» деп, ендігі сәтте Нариман мазасы кетіп, алаңдай бастады.
Аудың қалған бөлігін апыл-ғұпыл жинады да, жалма-жан ескекке отырды. Жылжи есіп қара қайықпен қатарласа бере, сықырлатып ернеу тіреді. Шоқиыған жан қайық шайқалғанда барып басын баяу көтерді. Көтерді де, іле аузын басып, булыға күркілдей жөнелді... Әйтеуір, бойында жаны бар екен, тірі екен, Нариман сонысына қуанды.
— Сынок, помоги! — деп, қайықтағы бейбақ жағын әзер ашып, қарлыға тіл қатты. Бет-жүзі өлекседей көгіс тартқан, жанары лайсаң, көз маңайы қызыл жиектеніп, мөлиіп қапты.
бір қиын жағдайдың болғанын айтпай сезді. Тілге келген жоқ, қара қайықты арқанмен тұмсығынан ілді де, жалма-жан жағалауға қарай шалпылдатып есе жөнелді.
Екі қайықты да жағалаудағы білеу қазыққа жібінен байлай бере, ана кісіге көмекке ұмтылды. Өзі қарағайдай қапсағай, ересен ұзын бәле екен, өндіршегі сорайып, орнынан үш ұмтылып азар тұрды. Ертеде Еділ мен Жайықтың бойынан еңіретіп-боздатып, қазақтарды ит қосып қуалаған қарашекпен мұжықтар жойдасыз зор бопты деп еститін. Мынау да сол соғындылардың нәсілінен-ау, тегі? Аң мен құс емес, адам аңдыған арамза біреу болып жүрмесе жарар еді...
Нариман қарынан демеп, қолтығынан сүйеп, әлтек-тәлтек кирелеңдетіп аңшыны үйге кіргізді. Алдымен басындағы күнқағарын, үстіндегі сал-су болған жарғағын шешті. Жаңбыр суы бүкіл киіміне өтіп кетіпті. Енді байқады, аңшы дегені — әукесі салбырап, жағы қабысқан мыжырайған мосқал шал боп шықты. Суық өтіп, аруақтай бозарып кеткен кеспірі өзін одан әрмен қартайтып жібергендей. Аңшының орнына өлмелі шалды көргенге күдікшіл көңілі орнына түскендей болды... «Осы шалдарға не жорық, кемпірінің қасында, жылы үйде жамбастап жатпас па» деп бір ойлап қойды. Өзі иегінде тұқыл жоқ көк жарғақ көсе екен. Оның үстіне басы қаздың жұмыртқасындай тап-тақыр, төбесінен шыбын тайып жығылғандай. Ғұмыры басына шаш бітпеген бе, әлде жасы жетіп жидіп түсіп қалған ба, әйтеуір таз төбесі көз шағылыстырады.
Аңдауынша, бұл кісі түн асырып адасқан ғаріпке ұқсаған. Қатты зардап шеккен, халі мүшкіл, өң мен түстің арасындағы міскін жан. «Құрғыры, қолымда қылжиып қалып бәлесіне қалармын» деп, Нариман екі бөлменің арасында зыр жүгірді. «Қайсыбір қиын жағдайға» деп өзгелерден жасырып, ана бір жолы жалғыз шөлмекті орап-шымқап тапшанның астына жасырып қойғаны бар-ды. Сол есіне түсіп, Нариман шөлмекті сылдырлатып суырып алды да, шөпілдетіп қырлы стақанға толтыра арақ құйды. Сосын, стақанды жайымен шалға ұсына бере:
— Мынаны тез тартып жіберіңіз! — деп бұйыра сөйледі.
Шал шүңкиіп көзін әзер ашты. Сексеуілдің семген бұтағына ұқсаған салалы саусақтары икемге көнбей дір-дір етті.
— Бұл не, балам? — деп стақанға қарады, жыпылықтап қасын көтерді.
— Бұл кәдімгі арақ... жақсы болады... ішіп жіберіңіз? — деп Нариман дігірлей түсті.
«Жақсы болады» дегенге ана кісі келіскендей басын болмашы изеді. Қолы қалтылдап стақанды зордың күшімен аузына апарды. Тісі сақылдап, шашалып қала жаздады, ұрттап ішіп ұзақ жұтты.
Нариман пешке отынды үстей салды да, шалды шешіндіре бастады. Қария
ыңғайсыздық танытып, өзі шешінбек еді, аяқ-қолы икемге көнбей, амалсыз
Нариманның ығына жығыла берді.
Өзі қатып-семген көтерем, қабырғасын санап алуға болғандай қу сүйек арық екен. Нариман оны кеудесіне дейін жалаңаштады да, төсекке етбеттей жатқызып, арқасына арақ жақты. Жаққан арақты арқасына жайып, асықпай алақанымен ұзақ ысқылады. Арқадан соң аударып кеудесін ысқылады, білгенінше массаж жасады. Сөйтті де, құндақтай орап, құрақ көрпемен төсекке бөлеп тастады.
Жұмысшыларға деп өткен жексенбіде сойған қойдың құйрық майы түтінделіп шоланда ілулі тұрған, соны әкеліп табаға шыжғырып ерітті. Араға аздаған үзіліс салып көрпені ашып, еріген сұйықпен шалдың кеудесі мен арқасын майлады. Май әбден сіңгенше алақанымен қайта-қайта ысқылаумен болды. Жазған шал әбден титықтаған екен. Жаңағы айғыр стақан арақ та буын-буынына түсіп кетті ме, өн бойы қорғасындай балқып, былқ-сылқ болды да қалды. Қалай төңкерсең де дым сезер емес, кескен теректей серейіп қалың ұйқыға кеткен. Маңдайына алақанын басып көріп еді, аздаған ыстығы бары байқалды. Құлағын төсеп өкпесін тыңдады, шүкір, бөтен сырыл жоқ, қабынудан аман тәрізді.
Нариман үйдегі жүн көрпе, жамылғы мен бүркеніштің баршасын жинап-теріп, қарияның қоңқиған құзғын тұмсығын ғана ашық қалдырды да, бүйірі мен сирағын құндақтап, қайыра қабаттап орап тастады.
Ана кісі содан қара терге түсіп, түс ауғанша тырп еткен жоқ. Демі бітіп тұншығып қалмаса жарар еді деп, әлсін-әлсін қасына барып тың тыңдайды. Шүкір, беті бері қараған сияқты, құдасының үйінде жатқандай-ақ қаперсіз қорылға басқан.
Шоландағы шолақ пешке үсті-үстіне көмір тастап, үйдің ішін қыж-қыж қайнатып қойды.
Күн жылына трактормен айналыссам деп еді, трактор ғана емес, шарқайлы шаруаның бәрі адыра қалды. Ендігі ойы жайсыз уақта жаңылып жүрген мына мүсәпірді аман алып қалу.
Алдымен кастрөлге су құйып, оны бұрқ-сарқ қайнатты. Сыртына майы шыққан сап-сары сазанның бірінің қабыршағын аршып, ішек-қарнын тазалап, шылп еткізіп қайнаған суға тастады. Балықтың көзі ағарып піскен шақта оны жайлап сүзіп алды да, орнына шикі сазанның тағы біреуін тоғытты. Піскен кезде оны да сүзіп, былай алып қойды. Сосын қайнаған сорпаға үшінші балықты тастап жіберді. Кесектеп турап үстіне бірер картоп салды. Дәм шығару үшін сорпа бетіне ұсақтап туралған жуа мен ащылы-тұщылы дәмдеуіштерді қоса септі. Тракторшылардың мұрындары тепшіп, тамсана ішетін «тройная уха» дейтіні осы болатын. Тілді таңдайға жапсыратын дәмді тағам, жеңсік ас, көже атаулының көкесі.
Сыртқа шығып, төңірекке көз жіберіп күн райын болжады. Түс әлдеқашан ауып кетіпті. Жырымдалған сұр бұлттың арасынан күннің сұйқылт нұры өлеусіреп сығыраяды. Кешеден бері себелеген күздің салқын жаңбыры басылғанымен, ауада әлі дымқыл сыз сезіледі.
Нариман қайыра үйге кіріп, бейтаныс шалдың бейқұла халін бақылап біршама уақыт қасында қалшиып отырды. Құр сүлдері қалған бұл кісі бой жазып, біруақ тамақ ішпесе одан бетер әлсірей бермек. Сондықтан балықтың ыстық сорпасын беріп, ар жағына ел қондырсам, күш жинатсам, емдесем деген ниетте еді. Қария дәнеңе сезер емес, күрк-күрк жөтеліп қойып, шала бауыздаған малдай қорылдап терең ұйқыда.
Қашанғы күтеді, қабатталған көрпелерді бір-бірлеп аршыды да, қарияны иығынан баяу қозғап оятты. Қабырғаға қарап тоңқайып қалған бейтанысы ыңыранып, басын бері бұрды.
— Иә, балам, не болды?
Байқайды, ертеңгідей емес, үні де, күйі де түзеліп қалғандай.
— Киініп, тамақ ішсеңіз?
Жайып кептіріп қойған су киімдер де әлдеқашан саңғырлап кеуіп қалыпты.
Нариман киінуге көмектесті.
Шал үй ішін көзімен қыдыра бір қарады да, тұнжырап еденге шұқшиды, қайдан келіп, қайда тұрғанын білмей қиналған түрі бар. Орамалымен аузын басып, күркілдеп жөтеле береді. Нариман үстелді жылжытып, шалдың алдына зерен кесемен буы бұрқыраған ыстық сорпа қойды. Шал сорпаны ұрттап таусап, ұзақ сораптады. Бұлауға түскендей сүйсініп, тағы да маңдайынан шып-шып тер сорғалады. Терлей бергесін бе, үстел басында ұзақ отыра алмады, сүйегін сықырлатып тапшанға қайыра қисайды.
— Балық жейсіз бе? — деп сұрады Нариман. — Сазан еді?
Шал басын бұрып, Нариманға жұмсақ жымиды да:
— Рахмет, балам, тәбетім болмай тұр, — деді. Артынша маңдай терісі құрысып, тағы да булыға жөтелді.
— Балам, атың кім болады? — деп сұрады арадағы біразғы үнсіздіктен соң.
— Нариман.... Нариман Әрешов боламын. Механикпін.
— Жөн екен, жөн екен... Мынау кімнің үйі?
— Бұл тракторшылар станы. Шөп тартып жүрміз.
— Қалған жұрт қайда?
— Ауылға кеткен... үш күнге... бүрсікүні келеді.
Шал қабағын түсіріп, біруақ тоң-торыс қалды. Әбден қалжыраған, жаңағы екі ауыз тіл қатқанға да діңкесі құрығандай.
— Мен, балам, қамыс ішінде үйрек аңдып отырып адасып кетіппін, — деп күйзеле күрсінді. — Атқан үйрегімді іздеймін деп ағыспен ығып, тұрған жерімнен жылыстап ұзап кетсем керек. Түні бойы жаңбыр астында қалып, қатты тоңдым. Сен кездеспегенде өліп қалғандай екем.
— Оныңыз рас! — Нариман құптап басын шұлғыды. Еділдің ендей тарамдалған атырабы мың-сан айрық, бытысқан қалың қамыс, жыныс тоғай, қайық түгілі кеме жоғалса табылмайтынын Нариман жақсы білетін.
— «Атым кім» дедің?
— Нариман.
Шал дұға оқығандай ерін ұшынан «Нарыман» деп үш мәрте қайталады да, басын шайқады.
— Жасым ұлғайған сайын адам атына шорқақ болып барамын. Мен орыстың ыңғайына салып сені «Николай» десем қайтеді? — деп сұрады.
— Өзіңіз біліңіз! — деді Нариман.
— Ал, мені «Толя атай» десең болады.
— «Толя атай» дейсіз бе? Жарайды...
— Әке-шешең бар ма еді?
— Жоқ, балалар үйінде өстім.
— Менде де бала жоқ! — Толя атай үһіледі, әлдене есіне түскендей көзін тарс жұмып алды.
— Үйленіп пе едің? — деп сұрады артынша.
— Осы көктемде үйленгем...
— Жөн-жөн, балам...
Арадағы аз-кем үнсіздіктен соң, Толя атай жастықтан басын көтеріп, Нариманның қолын алып, кеудесіне басты.
— Коленька, — деді тебіреніп. — Мен айдалада атаусыз өліп қалғандай болсам — айықпас ұятқа қалып, ел-жұрттың алдында үлкен шу болар еді. Сен мені зор қатерден құтқарып қалдың. Енді сен менің балам боласың.
— «Балам боласың» дейсіз бе? — Нариманның еріні қайыстай керілді. Астраханның адасып жүрген атасы бөтен аңсағайдай мұжығына бала болғысы жоқ еді. Бірақ бұл кісінің енді-енді өңі кіріп оңала бастағанын ойлады да, көңілін жыққысы келмей, жауабын жұтып қойды.
— Қандай оқу бітірдің?
— Сельхозтехникум... Астрахан қаласындағы...
— Оның да жөн екен, балам...
Атай Нариманның қолын босата бере:
— Мен шаршап қалғандаймын. Сенің сорпаң тағы да ұйқы шақыртты, — деп қинала қозғалып, басқа жамбасына аунап түсті.
— Мейліңіз, дем ала беріңіз. Мен сыртта болам, трактор жөндеуім керек еді.
Нариман атайды көрпемен қымтап жауып, пештің оттығындағы күлді тазалап, қолын жүре сүртіп далаға шығып кетті.
Содан кешке дейін трактордың ақауын жөндеумен арпалысты. Кеш түсе комбинезонын шешіп, қолын жуып, үйге кірсе — Толя атай арқасын пешке қақтап, қол қусырып бергі шоланда отыр екен. Ұзын мойнын ырғап қойып, езу тартып күлген болады. Қайық табанында бірер үйрек жатқанын, реті келсе солардың бірін асып, тамақ жасауын қиылып сұрайды.
Әрине, сөз бар ма... Нариман лып беріп қайық табанындағы үйректерді мойнынан тізіп алып келді. Төртеу екен, біреуін ыстық суға салды да, жүнін бұрқыратып тазалап, кешкі тамақ қамына кірісті.
Бабында піскен үйрек етінен талмап, тарамдап дәм татқаны болмаса, атайдың
тәбеті оған да оншалықты тарта қоймады. Ал ыстық сорпаның бір кесесін сораптап ұзаққа созды. Сорпадан соң Нариманнан қайта-қайта кешірім сұрап, орнына қайыра жантайды да, тас бүркеніп жатып қалды.
Атай ұйықтаған соң да Нариман қараңғы үйді күзетіп біразға дейін отыра берген. Соңынан шолақ пешке бір шелек көмірді толтыра салып, өзі де босағадағы тапшанға киімшең қисая кетті.
***
Таңбозынан мотор даусын естіп, күртесін жамылып сыртқа шыққан.
Дарылдаған дарақы қайықтың бірі ме деп еді, қыт-қыттаған катер екен. Катер күнгей қалтарыстағы ықтасын қолтықтан емес, теріс-қағыс тұстан, қарсыдағы ақжал толқын сапырған шалқар жақтан көрінді. Сонадайдан боздата сигнал беріп айдындай келді де, күрк-күрк жөтеліп барып, түйетайлау жағаның май батпағын тұмсығымен сүзе тоқтады.
Жағалау батпақ екен демеді, ыршып-ыршып төрт жігіт жерге түсті. Түрлері өрт сөндіргендей, әлденеге қатты абыржулы. Нариман бұлардың біреу қуғандай суыт жүрісінен біртүрлі секем алып қалған. Араларындағы қорық инспекторы формасындағы тәйпиген домалақ қазағы болмаса, қалған үшеуінің киім киістері бөтен... Бұл маңайдың қауметіне ұқсамайды. Шаштарын таранып, өкшесіне қаранған қалалық тасыраң біреулер.
Іштеріндегі бітеу мойын тайөгіздей біреуі аман-саулық жоқ, тепсініп
Нариманның қасына жете бере:
— Мы ищем одного уважаемого человека! — деді орысша саңқылдап. — Высокого роста? — деп сұқ саусағын шошайта көтеріп, ауада екі рет иірді.
Нариманның жон арқасынан аяз жүгіріп өткендей болды. «Бұлар ұйымдасқан топ болды-ау» деп секемденді. Қалай болғанда да бойын тез жинап, қораздана қоқиланған бұл жігітке шырай бермей, үніне барынша салмақ сала сөйледі.
— Уважаемый, не уважаемый, я не знаю... Но один дряхлый старик дома лежит, — деп орысшылап жауап берді де, иегімен үй жақты нұсқады.
Жауапты естіген бойда төртеудің екеуі үйге қарай борсаңдай жөнелді. Қорықшы мен тағы біреуі Нариманды аңдығандай, тықыршып оның жанында тұрып қалысты.
Қорық инспекторы «уважаемый» деген кісіні екі күннен бері су бойында
сабылып іздеп жүргендерін, күндіз-түні ұйқы жоқ, таба алмай бос сандалғандарын шағынғандай боп сарнап жатыр. Үйрек аңдытып, әдейі қойып кеткен жерден, неге екені белгісіз, ана кісі сан тарам бұрыстың біріне жылыстап жылжып кетіпті. Содан қара басып бұл бейбақтар «уважаемыйдан» мүлде көз жазып қалса керек.
Қорықшының ұсқыны былайғы басбұзар тентекке ұқсамаған, ауылдың қой аузынан шөп алмас момын қазағына келеді. Сонысын байқап, Нариман оның сөзіне үнсіз илананғандай болды.
Келесі бір мезетте қорықшы терістік жағалауда жамбастап жатқан қайқы тұмсық қара қайықты көзі шалып, жерден жеті қоян тапқандай қуанып кетті.
— Әне, әне... біздің қайық! Соның дәп өзі! — деп аяғымен тепсініп, дауыстап жіберді.
Қасындағы күдірейген қалалық жігіт ыржалаңдаған қорықшының байбаламына иланбаған секілді, тапыраңдап қайыққа ұмтылды. Барды да, алақанымен сипалап-түрткілеп қайықты бір айналып шықты. Сол бойда үйге қарай желе жүгірді. Қорықшы да оның соңынан емпеңдеп бірге ілесті.
Далада состиып жалғыз тұра бергенге ыңғайсызданып, арада бірер минуттан соң Нариман да есікті сықырлата ашып, үйге кірген.
Төрт жігіт беті-қолын шайып, орамалмен сүртініп жатқан Толя атайдың маңайында үймелеп, тар шоланда шиыршық атысып жүр. Қайта-қайта кешірім сұрап, ұятқа қалғандарын айтып, жалпылдап-ақ жатыр. Кеше таңертең Астраханнан арнайы тікұшақ шақыртыпты, бірақ ол құрғыры жаңбырда жете алмай, «енді шықтық» деп бүгін таңертең ғана хабар беріпті. Егер атай табылмағанда, бүгін бұлар сол тікұшақпен төбеден іздеу салмақшы болған екен.
— Анатолий Петрович, сіз дереу қалаға барып, дәрігерге көрінуіңіз керек? — деп бағанағы бітеу мойын жалпылдап еді, Толя атай келіспегендей басын шайқады.
— Ол жаққа да барармыз, бірақ менің кешелі бергі дәрігерім, міне, мына жігіт! — деп қасын керіп, мейірлене жымиды.
— Танысып қойыңдар, аты Николай болады!
Атай не айтса да аузына кіріп кетердей боп әзер тұрған жігіттер жаңа көргендей, Нариманға таңырқай қарасты. Миықтарында кежір күлкі ойнап, атайдың жаңағы сөзін әзілге балаған түрлері бар.
— Дұрыс қой... — деді бітеу мойын күйбежектеп. — Айтқаныңызға құлдық, Анатолий Петрович! Бірақ, мына сасық лашықтан тездетіп кетейікші?
— Бұл лашық сасық емес! — Толя атай қабағын кіртитіп, мұрын астынан күңк етті. Жөткірініп еді, оның соңы булыққан жөтелге жалғасты. Орамалымен бет-аузын бұрап сүртті де, — Бұл жер маған құтты мекен болды... — деді, — осы лашық болмағанда... мына Николай болмағанда, сіздер мені бүгін тірідей көрмес едіңіздер.
Төртеуінің көздері оттай жанып, тағы да Нариманға назар шаншыды. Атайдың сөзінің әзіл еместігі енді ғана миларына жеткендей... Жәмпең қағып Нариманға кезек-кезек қол ұсынып, бастарын изесіп рахмет айтысып жатыр.
Атай тоқыма қалпағын басына кие беріп, қалбалақтаған ұзын жігітке:
— Валентин, сен мына Николайдың мекен-жайын түгел жазып ал! — деп тапсырып бір өтті.
Валентин дегені жіптіктей жұтынған біреу екен, басын ұршықша бұлғаңдатты да, Нариманды сыртқа жетелей жөнелді. Жеке шығарып, тәптіштеп отырып аты-жөнін, жұмыс орнын, мекен-жайын қойын дәптеріне мұқият түсіріп алды.
Артынша Толя атайды қаумалаған үшеуі де дабырлай сөйлесіп сыртқа шыққан. Қазір катерге отырып қонақ үйге жеткен бойда, тікұшақпен дереу қалаға аттанбақшы боп келісті. Қара қайықты бұл жерден кейінірек алып кетпекші болды.
Атай қоштасарда Нариманның қолын қысып, ұзақ ұстап тұрды, ризашылығын білдіріп, жүректен шыққан жылы сөздерін айтты.
— Балам, ендігі қалған ғұмырда біз екеуміз бірге боламыз, осыны ұмытпа! — деп елжіреді. Туған ұлындай еркелетіп арқасынан қақты, еңкейіп маңдайынан иіскеді.
Сөйтті де, жайлап басып катерге көтерілді.
***
Баталы жанға бақ қонады дегендей, Нариманның содан кейінгі өмірі ертегіге бергісіз, ұзын сонар жырдай жалғасып кете барған. Мерейі тасып, мейманасы асты, жас өмірі өрге домалады. Ауыл арасында «Нариман тіпті де жетім емес екен, туған әкесі табылыпты» деген дақпырт желдей тарады.
Алдымен, арада ай өткенде ол Саратов қаласындағы Ауыл шаруашылық институты ректорынан арнайы шақырту қағазын алған. Ректор нағашысы емес, бұл оның жиені емес еді. Содан ба, бұл шақырту ашық күнде аспаннан тас құлағандай жаңғырығып, ойдағы мен қырдағының баршасын аң-таң етті.
Дәнеңе түсінбесе де артын жақсылыққа жорып, Нариман «Саратов қайдасың» деп соңына жалтақ-жалтақ қарап кете барды.
Қызықтың басы сол шалғайдағы Саратовтан басталды... Техникумды қызыл дипломға бітіргені зор демеу болып, ректормен қысқа әңгімеден соң институттың механика факультетіне сырттай оқуға қабылданды. Он күндей «установочный» дейтін арнайы курсын өткен бойда қуанышы қойнына сыймай, алақайлап ауылға қайтты.
Ол қуаныштың қызығы басылмай жатып, жаңа жылдың басында Астрахан қаласындағы «Сельхозтехника» дейтін алпауыт мекемеге қызметке шақырылды. Артынша қала шетінен үш бөлмелі пәтердің кілті қолына тиді. Ақпан айының соңына қарай келіншегі Әсима екеуі буынып-түйініп... міне қызық, пойыз емес, автобус емес, әскери ұшақпен Мәскеуге аттанды.
Бұларды шақыртқан — өткен күзде Қиғашта кездестірген Толя атай екен. Мерей жасқа толыпты, сол тойға Нариман мен келіннің келіп, қуанышын бөліскенін қалапты.
Толя атайдың бәйбішесі жасы ұлғайғанына қарамастан ажарын бере қоймаған, мінезі жұмсақ мейірбан жан екен. Нариманды да, келіншегін де ботадай елпілдеп жақын тартып, әңгімеге үйіріп, ежелгі таныстардай-ақ баурап әкеткен.
Мерейтойдың үлкені көктемге қалыпты да, бұл күні тілеуі бір, тілегі ортақ бір топ замандастары атайдың Мәскеу түбіндегі оңаша саяжайында бас қосыпты. Бәрі де тетелес үзеңгі достар, жөн білетін бірөңкей сырлы зерең, қазыналы қариялар екен, көкейге қонатын көрікті әзіл, көшелі әңгіме айтысып отырды. Нариман оларды сырттан бақылап, құлақ қойып қызықтап, өзге бөлмеде жүрген. Қариялардың әңгімесінің бірін ұқса, бірін ұқпай, аузын ашып таңданумен болды.
— Диманы күтейік. Қызметі ауыр ғой, кешігіп жатқан болар, — деп, кешті бастамай, Толя атай әлдебір досын сағатқа жуық күттірді.
Ақыры әлгі айтқан «Дима» деген досы да келді. Нариман алтын оқалы погон, сарыала киімді әскери адамды есіктен кірген бетте тани кеткен... Армияда жүргенде Ленин бөлмесінде бұл кісінің үлкен суреті ілулі тұратын. КСРО Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының маршалы Дмитрий Устинов екен.
Нариман онсыз да еденіне дейін мұздай жалтыраған мына сәулетті бөлмелерде өзін қоярға жер таппай қолайсыз күйде жүрген-ді. Үйге алшаң басып маршал кіріп келген соң өзін арыстанның апанына тап болған қояндай сезінді. Офицер демесең, әскерде жүргенде тірі генералды көрмеген қара жаяу солдат еді. Енді, мінеки, маршалмен дастарқандас болғанына көңілі құрғыр сенер емес. Сенбейін десе шыққыр көзі оттай жайнап бәрін көріп-біліп отыр... Қиғаштағы баяғы шүмек бет көтерем шал осындай құдіретті кісі деп кім ойлаған? Аузы дуалы, сөзі уәлі марқасқаның нағыз өзі екен-ау! Саяси бюроның мүшесі, маршалды дос қылған жойпаң бастық екен ғой! Нариман Толя атайға қызыр көргендей қайта-қайта жаутаңдаумен болды.
Дастарқан басына жайғасқан кезде Толя атай Нариманды «менің Николай деген ұлым — осы!» деп мақтанышпен таныстырып өтті. «Ұлым — осы» дегеніне қарағанда, бұл ескі достары Нариман жөнінде бұрыннан хабардар ма, әлде бекзат мәдениеттіліктің белгісі ме, бет-жүзін күн қаққан қазақтың қара баласына таңданған да, сұрақ қойып сұқтанған да ешкім болмады.
Осы кештен кейін де келіншегі екеуі атайдың саяжайында бой үйретіп, бауыр басып апта бойы жатып қалды.
Мәскеуден елге қайтарында атай Нариманға жаңа үйдің көрімдігі ретінде ресімдетіп «Сақтық кітапшасын» сыйға тартқан. «Алмаймын» деп безек қақса да қоймады. Үй ішіне қажетті керек-жарақ, жарқыратып жиһаз алуын Әсима келінге тапсырды.
Сол жазда іңгәләп өмірге келген Нариманның тұңғышының есімін Толя атай өзі қойды. Немересінің құрметіне атай жас отбасына жұтынып тұрған көгілдір «Волга» автокөлігін тарту етті.
Нариман содан кейін Мәскеуге әр жыл сайын барып тұрды. Толя атайдың ақсарайдай кең саяжайында бала-шағасымен аунап-қунап, жаз бойы демалып қайтып жүрді.
Осы алғаусыз көңіл, селкеусіз ниет Толя атай тоқсанның біріне жетіп, өмірден өткенге дейін — он сегіз жыл бойына жалғасқан еді.
***
Қазақ жігітіне үлкен жүрекпен шынайы ықыласы ауып, туған ұлындай бауырына тартқан, риясыз әкелік қамқорлық жасаған бұл кісі кім екен деп тағатсыздана күтіп отырған шығарсыздар?
Айтайық...
Ол кісінің аты-жөні — Анатолий Петрович Александров болатын. Кеңестер Одағы қорғаныс саласының аса ірі маманы, отандық ядролық энергетиканың іргетасын қалаушы айтулы ғалым, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Лениндік сыйлықтың, төрт мәрте Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, КСРО Ғылым академиясының президенті, академик.
Паустовскийді еске түсірген хикая осы еді.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі