Өлең, жыр, ақындар

Азаттық

Бірде қас қарайған шақта қала шетіндегі аялдамада автобус күтіп кезекте тұрған едім. Алдымда жүк таситын кеме капитанының шкиперлік қалпағына ұқсайтын бірдеңе киген қарт адам бар еді. Көпке дейін екеуміз де үнсіз бос кеңістікке қарап тұра бердік. Көшенің арғы бетіндегі қабырғада сайлау алды плакаттың жыртығы жалбырап тұрды. Онда «Азаттық» деген жазу баттиып басылған екен. Кешкі салқын жел жаңағы сөз жазылған плкаттың түтесін шығарып жатты.

Екеуміздің де көзіміз сол жақта болатын. Кенеттен әлгі адам сайлау алды қағазды саусағымен шұқып, былай деді:

— Жоқ ол. Ешқашан болмайды да.

— Сіз солай ойлайсыз ба — деп мен де жалт бұрылдым.

— Азаттық — деген сөз сандырақ — деді ол — Білмеймін өз басым мен оны сандалып көп іздедім. Домела, Мультатули және Барт де Лигт1 секілді ұлы данышпандардың көзқарастарына сүйенгенімде бар секілді көрінген. Тәтті су секілді татыған дүние кейіннен пайда болды ғой. Бірақ жаңағы үш ойшылдың еңбектерін оқып сұрақтарыма жауап алдым. Бала кезімде маған оңай болған жоқ. Шөл даланы шарлап, шөлдеген кезбе сияқты, менде азаттықты аңсадым. Ұғамысың сол кездің өзінде. Қандай да бір мұғалім шақырып алып: «Өй, сен бері келші» дегенінде, ашуға булыққан менің түр әлпетім бозарып кетуші еді. Сөйтсем, мына өмірдің бар қағидасы солай, біреу екінші біреуді жұмсап әмірін жүргізуге әуестеніп: «Әй, сен мында кел, ей сен анда бар» деп дікеңдейді. Сонымен бәрі мектептен басталады. Сосын кішкентай өтірікші, пәлеқордың шебері боласың. Ақырында әскери қызмет. «Өй, сен бері кел, сен ары бар». Тағы да сондай жағдай. Мен әскери қызметті өтегеннен бұрын, айып камерасында көп отырдым десем де болады. Міне, сол кезден бастап мен кітап оқуды бастадым. Әскери қызметтің бәрін тастап, Амстердамға оралған сәтім есімнен кетпейді. Теміржол бекеті алдындағы алаңда жанталасып жүгірген жандарға қарап тұрып олардың сондай адамдар екеніне көз жеткіздім. Сізге қалай түсіндірсем екен... Біртүрлі үрейленген секілді бірдеңе. Сосын өзіме сөз бердім: «Йә, Пит, сенің бүгіннен бастап ерікті адамсың». Менің қолымда жақсы мамандығым бола тұра, тұрақты жұмыс атқармадым. Біреу-міреудің дөрекі сөзін, көрсеткен зәбірін көтере алмай, анда бір мында бір іс қылып, керек болса саусағымның да ұшын қимылдатпай бос сандалып жүре беретін едім. Одан қалса жағажайға барып отырып алып, ойға шоматынмын. Сол кезде ешкімге де тәуелді емес едім. Өте-мөте өзімді солай сезініп, солай ойлайтынмын. Содан соң бір қызбен танысып, шаңырақ көтеріп, балалы-шағалы болғаннан кейін барып еркіндігіме орасан зор қауіп-қатер төніп тұрғанын ойлап, оны сақтап қалу үшін барымды сала жанталасып жүгірдім-ай келіп. Әрине, басында ойым жүзеге асып, жолым болғанымен аз-маздан соң тәуелсіз тірлігімнің күл-талқаны шықты. Түсінемісің, қайдағы бір ұсақ-түйектерге бола. Мысалы, мені мектепке шақырып алып, мұғалім сымақ біреу қарсы алдыма жайғасып, балам жайлы қайдағы-жайдағы бос сөздерді айтып құлағыңды сарсытса да, балаң үшін тістеніп отырып, басыңды шұлғи бересің. Содан кейін әйелім жазылмас дертке шалдықты. Артынша емханаға жатқызды. Маған аптасына екі рет барып тұруыма рұқсат берілді. Ал мен оны күнделікті көрсем деген едім. Ол үшін әлдекімге күнің түсіп, басыңды төмен салып: «Құдай тілеуіңізді берсін, қосымша рұқсат қағазын алуға мүмкіндік болмас па екен?» деп аяғын құшуың керек. Онымен қоймай басында дәл осындай жағдайы бар жандармен бірге кезекке тұруың тағы бар. Керек болса, мен оны да істедім. Еркіндікте болғам жоқ. Әлгі теміржол бекеті маңындағы алаңда көрген адамдар секілді, мен де өте үрейлі едім.

Ол терең күрсініп алды.

— Менің әйелім баяғыда бақилық болған — деп жалғастырды ол — ұлдарым үйленген. Біздер мүлде көріспейміз. Менімен тек қана отыз төрт жастағы қызым ғана қалып қойды. Түр әлпеті келіспеген демесең, былай жақсы қыз. Сөйтіп жүріп әлдебір жігітпен танысыпты. Ол жігіт католик. Мен өзім құдайдың барына сенбеймін. Бір данышпан: «Мына дүниені құдай жаратқан болса, мен сол құдай болудан бас тартар едім» — деп айтыпты, өте дұрыс айтқан. Бірақ менің байғұс қызым бақытты болатын, сол себепті ештеңе айта алмадым. Сонымен қойшы, қызым әлгі жігіттің дініне өтіпті. Тағы солай, ештеңе дегем жоқ. Өткен аптада дін жолымен шіркеуге барып некеге тұрып, үйленді. Оған дейін қызым маған: «Әке, мен сенің дінге деген көзқарасыңды білем, егер келмесең мен қатты режимін» — деді. Мен еріксіз бардым. Шіркеуге де бардым. Екеуі жігітімен бірге қолтықтасып келе жатты. Қызым құдды періштедей әппақ киініп алған. Қызым бетімнен сүйді де, құлағыма сыбырлады: «Әке, маған жасаған жақсылығың сол болсын, біз қазір барлығымыз тізерлеп отырамыз, сол кезде қаққан қазықтай қаздиып тұрмай сенде қайтала» дегендей ишарат білдірді. Неке қию сәтінің басталғанында, барлығы да бір кісідей тізерлей бастады. Ішімнен «Жоқ, болмайды. Сайтан алғыр...» деп міз бақпадым. Осы сәтте қызым көз құйрығымен қарап тұр екен, қалай түсіндірсем екен, біртүрлі үрейлі кескінмен қадалып тұрғанын байқадым да, «Жарайды, Пит. Осылай керек болса бас тартпа» дедім. Бәрі аяқталғаннан кейін қызымның бетінен сүйіп, шірекуден шыққан бетте шарап сақтайтын шағын қоймаға жетіп, сылқия тойып алған соң айнадан бет әлпетімді көрген сайын, қайта-қайта өзімнен-өзім: «Ей, сен бері кел... Сен ары бар...» деп жиырма мәрте қайталаған шығармын...

Ол тағы да басын шайқады.

— Мен, бірде бір кітаптан оқып шыққанмын, Үнді елінде ме, әлде Үндіқытайда ма, ол жағын итім білсін, сақал-шашын өсіріп, кір-қожалақ қалпында, шыңның ұшар басына шығып алып, бос кеңістікке тапжылмай қарап отыратын ойшыл адамдар бар екен. Оларға тамақты жергілікті тұрғындар тауып беріп, асырайды-мыс. Бәлкім, еркіндік, азаттық дегеніміз осы болар. Солай болған күннің өзінде де, мен осы маңнан сондай бір шың тауып алып, соның ұшар басына шығып отырсам да, ешқашан да еркіндік те өмір сүре алмайтыныма кәміл сенімдімін.

Домела Ньювенхейс, Фердинанд (1846–1919) – нидерландтық көрнекті саяси қайраткер, көсемсөзші. Нидерландыдағы социал-демократиялық қозғалыстың негізін салушылардың бірі. Мультатули (шын есімі Эдвард дауэс Деккер, 1820 – 1887) – нидерландтық атақты реалист-жазушы. Лигт, барт де (1883 – 1938) – нидерландтық көрнекті саяси қайраткер, көсемсөзші, Бірінші дүние жүзілік соғыс кезіндегі антимилитаристік қозғалысты басқарған тұлғалардың бірі.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз