Көршісі ауладағы қарағайдың аласа бұтағына қос қолтығымен асылған қалпы темекісін құшырлана сорып, төменде қақшиып тұрған Бейбаққа қарады:
— Ағашты үкімет жаратпағанына шүкір!
— Айтпа. Мынаны көрсем, — Бейбақ беті кедір-бұдыр орындықты иегімен нұсқап, — тік ішегім солқылдап кетеді!
— Ауысайық па?
— Жоқ а, өзің демалып ал. Жұмыссыз жатырсың ғой.
— Айтпақшы, жұмысың құтты болсын!
— Сол... күні бойы құм суарам. Үйде жатқаннан жақсы...
Екеуінің де көздері кіртиіп тұр. Әбден қажыған. Көршісі тіпті, тап осы бұтаққа асылған күйі қалғып кетуге бар. Әттең елден ұят.
— Жарайды, көрші, жұмысқа кеттім.
Бейбақ темекісінің тұқылын орындықтың арқалығына мыжып сөндірді. Көршісі аузымен-ақ бүре салып, секіріп жерге түсті. Сосын екінші қабаттағы жалдамалы пәтерінің терезесіне қарап күрсінді:
— Келіншегімнің бүйрегі болмай жүр. Өзімнің де денем ұйып қалатынды шығарды.
— Елдің бәрі сол. Осы күнде түрегеліп тұрып ас ішіп, түрегеліп тұрып ұйықтайтын
болдық қой.
— Бүйтіп халықтың қамын жегені құрысын!
Осылай ораза ашқан көршілер әзірше бір-біріне деген аяушылықпен тарқаса тұрсын, мәртебелі оқырманым, мен сіздерге бұл ертегінің неден басталғанын айтайын.
Хош. Қисынды-қисынсыз, оңды-солды қарар қабылдап, жарлық шашып, онысын қараша халыққа күштеп таңып, содан ләззат алуды биік өнер дәрежесіне жеткізген сарайдағыларды тағы да шабыт қысқан...
— Осындай көнбіс елді көрсем көзім шықсын! – Бас уәзір аса бір күйінішті кейіппен отырғандарға жағалай көз тастады. – Өткен айда ғана «Ауаны милиграмдап тұтыну туралы» заң шығарған едік, халық балыққа айналып шыға келді... Ұлттан үнемдеу саласына жауапты уәзір шашалып қалды. Сосын қақпағын тесіп, түтікпен қомағайлана жұтып отырған ауа толы үш литрлік шыны құмыраны жалма-жан бұтының арасына тыға қойған. Бас уәзір қырағы екен, байқап қойып:
— Мешкейыч, тұншығып қалмаңыз. Ол заңның осындағыларға еш қатысы жоқ – деді мұртынан жымиып. Бас уәзірдің жүзі жылыған соң басқалар да жарысқа түсіп, сарай ішін тарқылдаған, барқылдаған, шиқылдап-қиқылдаған неше түрлі күлкі кернеп кетті.
— Құрметті әріптестер, кемеңгер патшамыздың сеніп тапсыруымен мына бір жаңа заң жобасын алдарыңызға әкеліп отырмын. Бір ауыздан мақұлдаймыз ғой? Бас уәзірдің кез келген басты идіретін жымысқы жүзі бұл жолы да қалған қошшы-құшынашты тырп еткізбеді... Сондағы кезекті су жаңа низамның атауы – «Патшалықтағы семіздікпен жаппай күресу туралы» болатын. Жоралғысы: «Мектептегі парта, көшедегі – тротуар, үйдегі – үстел, орындық, еден, төсектің беті, қыл аяғы ас қасыққа дейін кедір-бұдыр, үшкір-томпақ етіп көмкерілуі керек».
Бейбақ «патшалықтағы семіздікпен күреске» қарсы петиция ұйымдастырып, өзі секілді миллион бейбақтың арыз-өтінішін қолтықтап қызыл кілем төселген ұзе-е-е-ен дәліздің аяғында тұр. Бірден басқа шауып, төске өрлемей, алдымен етектегілердің алдынан өтуді ұйғарды. Бәлкім шаруам осылардың алдында-ақ бітер деп ойлаған. Қайдам. Кішкентай шенеуніктің құзыреті де үлкен болмай шықты. Байғұс атшаптырым кабинет пен іздиген хатшы қызға алданып қана отырса керек, мына орында. Мұндай мәселемен айналыса алмайтынын айтып, өзінің үстінде отырған уәзірге барыңыз деді. Бейбақ енді мүлгіген ұзын дәліздегі екінші есікке кірді. Бірақ ондағы бір хатшысы мен екі орынбасары бар сәл-пәл ірілеу шенеуніктен де қайыр болмады. Ол да құзыретінің кемшін екенін түсіндіріп, жағдайды өзінің үстіндегі уәзірге сілтеген. Миллион бейбақтың қолқасын қолтықтаған бір Бейбақ енді қызыл кілемді имене басып, үшінші есікке кірді. Ондағы бір хатшысы, екі орынбасары, сосын тағы бір көмекшісі бар жуан кісі де... шарасыз болып шықты. Міне, кейіпкерім осылайша қай-қайсысынан тауы шағылса да қайтпай өрлеп, дәліздің басындағы үлке-е-е-ен емен есікке де жетті-ау. Есік емес қамалдың қақпасы дерсің. Қақпаны өңшең бір ішінде құсығы бар боп-боз адамдар торып жүр. Төңіректе өлі тыныштық орнаған. Боз адамдар бір-бірімен ымдасып, сыбырлап қана сөйлеседі. Батылы жетсе әрине. Бәрінің арманы – қайтып болсын қақпаның арғы жағындағы кенеусіз билік иесін сүю. Етігінен.
Мына ғажапты қараңыз, дәлізді өрлеген сайын, есіктен есік тоздырған сайын, бұны қабылдаған уәзірлердің дәрежесі зорайған сайын, біздің Бейбақ керісінше кішірейе берді, кішірейе берді. Сөйтіп зорға дегенде қақпа кейіпті алып емен есіктің алдына барғанда... о құдырет, әлгі миллион бейбақтың арыз-өтініші жазулы, қолдан қолға өтіп әбден умаждалған күс-күс парақ қауырсындай қалқып барып жерге түсті де, емен есікті күзеткен тобырдың табанында қалды. Ал Бейбақта оған ие болар қауқар жоқ еді. Өйткені, жаңа айттым емес пе, кішірейгеннен-кішірейіп, ақыры тозаңға айналып жоқ болып кетті.
Қымбатты оқырманым, Бейбақ бай болып барша мұратына жете алмағанына кешірім өтінем. Осы заманның ертегісі осылай болады.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі