«...Айналде-е-ем сене-е-ен елі-і-ім, Жасай бе-е-ер, маңгі-і-і жаса-а-а... Қазақстан-а-ан!..». Әнші баланың жүзінде аузындағы әгугайына еру боларлық жылт жоқ еді. Сахнаға сүлдерін сүйретіп шыққан. Ақи музыканттың иегі шошаң ете қалғанда шырқай жөнелді ме, шырқырай жөнелді ме, әйтеуір зал сілтідей тынды. Шаншудай қадалған жүз қаралы көз жүзін өртеп бара жатты ма, әлде жылуы жүз жылға қамсау боларлық мүсіркеу бағыштап отырды ма, ол арасын да айырып болмады. Көргені көрермен еді. Көңілі қараша үйде боздап отырған...
Қараша үйдің азасы қараша ауылдың азаншысын семірткенмен, түндігін тұмшалай алмады. Кірменің қазасына да селт етпейтін марғау елдің бөріктісі мен бөкселісінің із салмағаны жоқ. Көңіл айта келіп жатты. Күбір-сыбырын пыш-шына жетектетіп кетіп жатты. Шаруасы қоңылтақ, шиттей жетімектері күпінің битінше өрген қаралы шаңырақта өлікті жөнелтерлік не сиық бары қай-қайсысына да жұмбақ еді.
Болжалсыз келген ажалда қайырым да болмайтынын айтып, Сәрсен шал мен Қида кемпір, бірі күрсінтіп, бірі күңірентіп отырды. Тоқсаннан асқанда барып жанары суалған енесіне жетпісінде таяқ болуға жарап қалған Қида кемпір, елудің үшеуіне де жете алмай кеткен әкесінің төрдегі суретіне бұрыла шұқшиып: «Мына бала ма? Ойбү-ү-ү, жап-жас екен ғой!» — деген. Онсыз да көз алдындағы бар дүние бұлдырай шайқатылып тұрған шешесі кемсеңдеп қоя берді. Аузын сипай беріп алақандағы насыбайды қызыл иектің жықпылына тастай салған Сәрсен шал, астыңғы ернін толғап отырып басу айтқан болды: «Келін, тоқтап-тоқтап зыла.. Сендей засымда мен де бес баламен зесір қалғам...». Сосын еріннің жиегіне қалқып шыққан тышқанның қиындай қоңырқай түйіршіктерді тілдің ұшымен сүйкеп алып, іргеге қарай бүркіп-бүркіп жіберді де, кәйп боп отырып қалды.
***
Әкесі мүңкір-нәңкірдің жолын тосып, бір төмпешіктің астында қалғанда, бар парызды бір-бір уыс топыраққа жүк қылған жұрт, тымырайып тарасты. Ал ертесіне-ақ ұлы жіңгірдің ұлы дүбірі қаңғалақтаған қу бастарды ойдан-қырдан домалатып жатты. Ауыл наурыз мейрамын қарсы алған. Расында, тірілердің шаруасы шаш етектен еді. Көпті көргендер әнші балаға да, өлгеннің артынан өлмек жоғын ұқтырып баққан. Бақса... тірілердің көңілін қалдырсақ, масқараның көкесі сол болмақ деп мәселені төтесінен қоймапты. Тек кластың абыройы үшін, көптен қаперде жүрген концерттік нөмірін құнттай көрсін деп, мұғалімі сауын айтқан екен. Активистің де әкесі өлетінін білмей қалған құрбылары әбіржіп отырған көрінеді. «Бала ғой, түк те етпейді» деді Сәрсен шал. «Бара ғой, ұят болады» деді шешесі...
...Залдағы жұрт жым болғанмен, «тап, әкесі аяқ астынан тіріліп келгендей әуелетуін», «и-и-и, қайтсін енді, баланың аты бала емес пе...», «бәсе, осыда немнің қайғысы бар дейсің», «қоймай шақыртып алғаным қандай жақсы болған...» дескен әркімінің ішіндегі бір-бір ауыз, күңкілінен жаңылмады. Бірақ, шаншудай қадалған көздердегі мысқыл мен мүсіркеуді, әнші бала бәрі бір оқи алған жоқ. Көргені көрермен демесең, көңілі қараша үйде боздап отырды.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі