Өлең, жыр, ақындар

Таңданарлық оқиға

— Балалар, сендер балықшының жолында өтірік өле қалып, сан соқтырған түлкі жайлы ертегіні оқыдыңдар ма? — деді Жылқыбай нағашым.

— Оқыдық.

— Соған нанасыңдар ма?

— Нанамыз, — десті кішкентай Қуаныш пен Зейін.

— Ал сендер ше? — деп, ересектеу Марал мен Софияға қарап еді:

— Ертегі ғой, — деп күлді де қойды. Нағашым жылтыр басын сипап қойып, күлімсіреп отырды да, таңдайын тық еткізді.

— Тіпті таңғажайып жұмыс болды. Шаңғымен бір түлкінің ізіне түсіп келе жаттым. Күн тымық, үп еткен жел жоқ. Тоғай аппақ қырау жамылып тұр. Күн көзі еркін көтеріліп кете алмай, талдардың төбесінде ғана жылжып барады. Ертемен көп жерді кезіп шыққам. Түлкі ізі бірде қарға жасырынып, бірде адам баспас шытырманға кіріп шимай салып, әурелеп баққан еді. Дамылдап алайын деп алаңқайға бөгелдім. Бір кезде сауысқандар шықылықтап қоя берді. Әбігерленіп жүр. Талдардың қыраулы басын жайқап-жайқап өтеді. Мылтығымды қыса ұстап, сығалап қараймын. Ештеңе көрінбейді. Сауысқандар қасқыр не түлкі көрсе осылай ететін. Бір кезде тал арасынан қылтиып қап-қара екі құлақ көрінді. Тани кеттім, қудың өзі екен. Ол бір жатты, бір тұрды. Мені мазақтап, әурелей бастады. Отырдым да қойдым, қозғалғам жоқ. Әлден соң екі-үш аттап бері шықты да, қар бетіне бауырын төсеп жата кетті. Құйрығының ұшын тістелеп қояды. Жалындай қып-қызыл болып аунап-аунап түседі. Мылтығымды ілгері создым. Тоғай селк ете қалды. Түлкі сұлқ жатыр екен. Қар бетінде қан тамшылары бар. Аударыстырып қарадым, ту сырты қып-қызыл, тамағы мен бауыры қардай аппақ, тұмсығы мен аяқтары қап-қара. Несін айтасың, керемет әдемі екен. Қоржынға салып,  арқама байлап алдым. Ауылға келгенімде, әлі жарық болатын. Бар бала жүгіріп алдымнан шықты.

— Аға, тірі кекілік әкелдіңіз бе?

— Аға, қара құрдың әдемі қоразын әкелем деп едіңіз ғой, — деп жан-жағымнан шулап қоя берді.

Мен қоржынымды алып, қар бетіне тастадым. Балалар таң-тамаша. Талпақ танау аққұба  бала Зейнұр қолын апара беріп еді, түлкі баланың басынан секіріп кетіп, орманға қарай құйындай ұшты. Күңгірт тартқан далада бұрқыратып бара жатқанын ғана көріп қалдық. Зейнұр бақырып жылап тұр.

Таң-тамашамын. Жолда келе жатып та қыбыр еткен жоқ. Қоржыннан алып жерге қойғанда да қозғалмады.

— Бұл ертегінің өзіндей таңғажайып оқиға болды, — деп балалар шулап қоя берді.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз