Өлең, жыр, ақындар

Кішкене малшы

Қази ағай үркеккөгін арбаға жегіп, кешқұрым жайылымға тартты. Кішкене баласы Серікті бірге ала кетті.

Баланың қуанышы қойнына сыймады. Айналаға қызыға қарайды. Алда көк орман. Жол бойы түгел жайқалған бидай. Ауа қандай таза.

— Әке деймін, дала қандай әдемі! — деп Серік әкесінің жеңінен тартқылады.

— Иә, балам, туған далаң қашан да ыстық, қашан да әдемі! — дейді Қази алысқа көз жіберіп.

Міне, өзек бауырынан мал көрінеді. Әкелі-балалы екеуі вагон қосқа келіп ат басын тіреді.

Торлаған жауын бұлтынан айнала ә дегенше қараңғы тартты. Нажағай оты жарқылдап қояды. Екеуі қосқа кіргенде вагонның іші қаракөлеңке еді. Қази ағай шам жақты. Пешке от тұтатып, шай қайнатты. Серікке қостың шайы үйдегіден де дәмді болып көрінді. Әкесі шекпенін киіп, белін буды да, тыпыршып тұрған атына қарғып мінді.

— Серікжан, менің тоныма оранып ұйықтай бер. Оянғанда анау бұзауды байқай саларсың, — деді де жортып кетті.

Қос ысып кеткен соң Серік есікті сәл ашып қойды. Сыртта орман қарауытады. Бұлт бүркеп, жұлдыздарды көрсетпейді. Әлдеқайдан сиыр мөңірейді.

— Байлаулы жатып азып кетеді-ау, семірмейді ғой! — деп аяды бала. Дорбадан бір кесек нан алып, аузына тосты, жемеді. Тонға оранып қайта жатты. Бір сәтте басын көтеріп тысқа қараса, қызыл бұзау басжібін сүйретіп, қосты айнала шапқылап жүр екен, шешіліп кетіпті. Байламақ болған Серіктен үркіп, ағаш арасына қаша жөнелді. Бала жіптің ұшынан тартып, көп жерге дейін тырмысып еді, қараңғыда сүрініп құлап қалды. Бұзау ұзап барады.

— Қалыңға кіріп кетсе таба алмаймын-ау, қасқыр жеп қойса қайтем, — деп ыза болған Серік жылап жіберді. Жас толған көзін айырмай жүгіріп келеді. «Бұзау мұнда» дегендей, нажағай жарқ ете қалады да, артынан тас қараңғылық орнайды.

— Әукім, әукім, ауға-ау! — деп ол үні біткенше айғайлайды.

Бұзау ағашты жиектеп қашты. Ақыры шоқ талдың іргесіне келіп, құлағын қалқайта қойды. Әлденеден үріккен сияқты. Бүйірі солқ-солқ етеді. Серік «әукім-әукім» деп жақындай берді. Сүйреткен ұзын жіпке қолы жеткенде, бұзау тағы ыршып түсті.

— Енді сенен өлсем де айырылмаспын! — деп, бала жіпті беліне орап алды. Бұзау кейін тартады. Серік ілгері сүйрейді. Алыста қостың әлсіз жарығы көрінеді. Қап-қара бұлт төніп келеді. Нажағайдың жарқылы жиілеп, аспан дүңгір-дүңгір етті. Мұздай суық жаңбыр нөсерлеп құйып кетті. Бәрінен қорқыныштысы нажағай болды. Аспан сатырлап сынып, күлпарша болып түсіп жатқандай. «Бұзауды  тастап, қосқа жүгіріп кетсем қайтеді?» деген бір ой келіп еді. «Жо-жоқ, малшы олай етпейді»  — деді.

Бір кезде алысып жүріп бұзауды қосқа жеткізді-ау…


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз