Қарлығаш ашық терезеден баққа қарап отыр. Соңғы күндері осылай отыруды әдетке айналдырып алған. Әке-шешесі жұмысқа кетіп, жалғыз қалған соң, үй ішін тәртіптеп болып, сурет салуға кіріседі. Суреттері де оңды болып шықпайды. Себебі ғажайып сурет көз алдында тұр, соған қызыға қарайды.
Аулада бақ гүлдеп тұр. Алма ағаштарының қызыл астарлы ақ гүлдері жасыл дүниенің бетіне жаба салған кіршіксіз ақ мақтаға ұқсайды. Гүлдерді түрткілеп аралар жүр. Аралар да әртүсті. Бармақ басындай үлкені де, қара шыбындай кішкенелері де бар. Ызың-ызың етеді. Тұнып тұрған жасыл бақта сыбдыр қағады. Біздей тұмсығын көтеріп қараторғайлар не түрлі әуенге салады. Гүлденген бақты бауырымен сипап өтіп, қарлығаштар ұшып жүр. Тораңғының биік бұтағына отырып алып бұлбұлдар сайрайды.
Жаз қандай әсем еді. Әсемсің-ау, жаз! Мына бір шексіз аспанға самғап ұшар ма еді? Адамның қанаты неге болмады екен? Құстар қандай бақытты, оларда қанат бар, олар ұша алады. «Шіркін, мен құс болсам!» — деп, Қарлығаш екі қолын қанат қылып сермеп-сермеп қалып еді, ұша жөнелді. Лып етіп көтеріліп, бақтың арғы шетінде тұрған биік ағаштың ұшар басына қонды. Бұл жерден бүкіл ауыл алақандағыдай көрінеді екен. Енді ауыл үстімен қалықтап ұшып кетті.
— Қарлығашты қараңдар, аспанда ұшып жүр. Қарлығаш қанат сұрап алыпты. Төбесіне байлаған қызыл бантигі желбіреп барады! — деп шулайды балалар.
— Балалар, тамашаға қараңдар! Қарлығаш аспанда ұшып жүр, — деп өзімен бірге ойнайтын кішкене қыз Қадиша да айқайлады. Қуанышында шек жоқ. Кеше өкпелесіп ажырасқанын да ұмытқан.
— О, тоба, Мәліктің қызы кішкене Қарлығашты қараңдар, аспанда ұшып жүр! — деп үлкендер де таңырқасты.
Қарлығаш ауыл үстімен ұшып өтті де, өздерінің бақшасына келіп қонды. Терезе алдына сүйеп қойған сары шашты қуыршағын мысық құлатып кетіпті. Шалқасынан түсіп еденде жатыр. Сурет салатын дәптері де, бояулы қарындаштары да шашылып қалған. Бәрін бүлдіріп жүрген ақ төс тарғыл мысық.
Қарлығаш болса өзінің ойыншықтарын бұлай шашып көрген жоқ-ты. Дереу жинап қойғысы келді. Бірақ оның қолы жоқ қой. Қол орнына қанаттары бар. Қанаттарымен әрі-бері қарманып ойыншықтарын жинастыра алмады. Қолсыз не істей алады? Көп ұзамай әкесі мен шешесі түскі асқа келеді. Картоп пен сәбіз аршып қою керек. Шөжелерге жем шашылмапты. Жұмыс көп, оларды тындыратын қол жоқ. Қол жоқ, қолын қанатқа айырбастап жіберген.
Қарлығаш ұшып барып ағаш басына қонды Одан кәдімгі қарлығаштарша телеграф сымдарына отырып алды. Бақты айнала ұшты. Қайтып келіп ашық тұрған терезеден үйге кірді, ойыншық қыз әлі жатыр. Төсек астынан тарғыл мысық көрінді. Сап-сары көздерін ежірейтіп бұған қарап бұқпантайлап келеді. Бақшада торғай аулағанда осылай жербауырлап жылжитын еді. Қарлығаш өзінің құс екенін, тарғыл мысықтың бас салуға оңтайланып келе жатқанын сонда білді. Ол бақырып жылап жіберді.
Көзін ашып алғанда терезе алдындағы кішкене үстелде отыр. Маңдайы дуылдап барады. Көзін уқалап жіберді. Жанында күле қарап ойыншығы тұр. Мұны мазақ еткендей болады. Сурет дәптері де, қарындаштары да өз орнында екен. Тарғыл мысық басын бауырына тығып, пырылдап ұйықтап жатыр. Терезеден гүлдеген бақ көрінеді. Бақ сыбдыр қағады, құстар сайрап тұр. Қарлығаш қуанып кетті.
— Жоқ, мен құс болмаймын. Ешқашанда құс болмаймын! — деп асүйге қарай жүгіре жөнелді.
Жанайым
Қарлығаш әдемі құсқой