Ажгожина Маржан Даутбекқызы
Семей қаласындағы №16 жалпы орта
білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Осы орайда Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы халқымызға үлкен серпін беріп отыр. Мақала әсіресе, білім саласымен, жалпы ұрпақ тәрбиесімен тікелей байланысты екендігі қуантады. «Жаһандану дәуірінде кез келген дүниені Абайдың даналығымен байланыстыру керектігі және әр қазақтың үйінде домбыра болу керек десек, әр отбасының төрінде Мұхтар Әуезовтың "Абай жолы" кітабы мен Абайдың қара сөздері тұруы керек»- дейді мемлекет басшысы.
Демек, қазақтың ұлттық өнері мен ұлттық құндылықтарымызды, ұлы ойшылдардың даналық сөздерін әр бала жастайынан өз отбасында ұғынуы керек деген ой түйіндейміз. Біз, ұстаздар қауымы, алдымызға келген бүлдіршіндерді Абайдың қара сөздерімен қуаттандыру керекпіз. Мемлекет басшысының мақаласы - ұстаздар қауымы үшін, жалпы қоғам үшін басшылыққа алатын құжат болмақ.
Абай мұрасында айтылатын толық адамға жету үшін ақын шығармаларын бойтұмар ретінде тануымыз керек. Осының ішінде ерекше тоқталатын дүние: Абай мұрасының ынтымаққа, бірлікке шақыруы. «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген ақын сөзінің астарындағы ойтүйінін сезіну ең бірінші қазаққа керек. Мемлекет біртұтас болуы үшін қазақ әуелі өзі біртұтас болуы керек. Бір идеяға ұйып, тұтас халық болып қалыптасуы қажет. Осыдан келіп Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым» деп аталатын екінші үлкен идеясы шығады. Ол үшін адамға өз мүддесін адамзаттың мүддесімен бір деңгейде қоя білетіндей үлкен, биік парасат керек Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсесе асық бол,
Адам болам десеңіз,-дегенінен Абайдың толық адам ілімі бір-бірімен кешенді түрде байланысып отырған дүние екенін көруге болады.
Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап,-деп ақыл мен еңбекке сенім артады.
Қазақ халқын әлемге таныту қандай жолмен жүзеге асады? Әр қазақ кеудесін соғып, мен қазақпын, мені таныңдар деп айғайлай берсе, әлем тани ма? Әрине, танымайды. Ұлт әлемге ұлы тұлғалары арқылы танылады. Әлемге Абайдың ілімі арқылы бүкіладамзаттық идеялардың қандай деңгейде екенін көрсете алатын деңгейге жетуіміз керек. Президентіміз Абайды танытудағы іс-шаралар санын айтқанда біздегі жүргізіліп жатқан жұмыстар басқа ұрпақты тәрбиелеуге үлгі болса деп ойладық. Ол мектебіміздегі «Абай әлеміне саяхат» клубы
Абайдың ойы адамзатқа қосылған үлкен үлес. Бұл қазақ мәдениетінің үлесі. Абайды тани отырып, әлемге таныта отырып, өзімізді танытамыз. "Абай әлеміне саяхат" атты игі бастаманы еліміздің барлық мектептеріне арнайы бағдарлама жасап, таратушы жазушы, ақын, сәулетші, драматург, этнограф, «Абай әлеміне саяхат» клубының Президенті Назарбек Сайын Назарбекұлы.
Клубтың мақсаты – ұрпағымыздың рухани болмысын, отансүйгіштік санасын жатпиғылдылар үгітінен аман сақтау үшін, оларды Абай сөздері, Елбасы ойлары арқылы үнемі нәрлендіріп отыру,-дейді, ағамыз. Жастарымызға әлемде ашық жарияланбаған, бірақ адам санасы үшін дүниежүзілік таластың, дүниежүзілік бәсекенің жүріп жатқанын, бұл – адам санасына билік ету үшін болып жатқан бәсеке екенін;
Бұл – жастар санасына иелік ету мақсатындағы жасырын соғыс екенін; Бұл бәсекеде, бұл соғыста бейқам қалғандар ұлттық болмысынан айрылады, өз ұлты ішіндегі «мәңгүрттер» қатарын көбейтетінін түсіндіру дейді,- ағамыз.
«Мәңгүрт деген кімдер» деген сұраққа жауап іздесек, олар – ұлттық болмысын жоғалтқан, ұлттық намысынан айрылған адамдар деген шындықтың бетін ашып айтып, ұлттық құндылығымызды, қазақи болмысымызды сақтап қалу, мынау жаһандану атты кезеңде басты шара деп түсіну қажет дейді, клуб бағдарламасы.
Жасы сексенге таяу қарт кісінің сонау киелі Маңғыстау өлкесінен ат арытып Абай еліне келуі, оның өз бойындағы қуаты мен білімін әлі күнге игілікті іске арнауы еліміздің қазіргі рухани жаңғыру кезеңінде үлкен-кішіге бірдей үлгі-тәрбие мектебі дейміз.
1-8 сыныптарға бағдарлама бойынша құрылған Абай өлең-сөздерінен алынған 70 сөзді қазақ тілінде; Елбасы ойларынан алынған 12 сөзді үш тілде; Абай қара сөздерінен алынған 45 ой үзінділерін үш тілде жаттауға тапсырма берілді.
Бірыңғай талап пен бақылау жасай отырып, шәкірттерді Абайдың сөзімен нәрлендіруге кірістік.
Оқушылар Абай өлеңдерін, қара сөздерін жаттап болған соң, мүшелікке қабылдау үшін, ШҚО, Абай атындағы әмбебап кітапханасындағы «Абай» рухани орталығында, Абайдың 70 өлеңінен үзіндіні жатқа айтқан 1-4- сынып оқушыларын, сондай-ақ, Абайдың қара сөздерінен алынған 45 ой үзінділерін және Елбасы ойларынан алынған 12 сөзді үш тілде жатқа айтқан 5-7-сынып оқушыларын Абайдың әдеби—мемориалдық музейінде, «Абай әлеміне саяхат» клубына мүшелікке салтанатты түрде қабылдадық.
«Абай әлеміне саяхат» клубының ашылуы Абай жолы романынынан алынған үзінді, ел басқарған би, болыстарға айтқан сөзімен басталды. Абай рөлін сомдаған «Дариға-ай» жастар театрының талантты әртісі Нұғыманов Еркебұлан Әбдірахманұлының терең ойлы, тебіреніспен шыққан үні тыңдаушының көңілінен шығып, ортамызға Абай тіріліп келгендей әсер қалдырды.
-Мансаптың бәрі қорлық емес, игілік үшін өзін құрбан ететін мансап адамға қасиет бітірсе керек. Ондай мансапты сен адам болсаң ит қорлықпен, ұлықтың табанын жалап жүріп таппас боларсың. Халқыңа қадірің асқан жақсы болсаң сендей мансап өзіңді өзі іздеп кеп тапса болар !
–Биік мансап-биік жартас. Оның басына екпіндеп ұшып қыран да шығады, ерінбей еңбектеп жылан да шығады ! Міне, осының қайсысы болдың, осы отырғандар ? Қыран болмасаң, халқың үшін жылан болдың емес пе !?» деп қолына ұстаған шамын көтеріп, қарсы алдында аппақ періштелердей болып, бастарына үкілі тақия киген ұл-қыздарға
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті» деген өлеңімен ортамыздан жайлап басып кетіп бара жатқан Абай бейнесіне тебіренбеген жан болмады.
Жас ұрпақ алдындағы басты борышымыз тәрбие мен білімді Абай шығармалары арқылы күнде түсіндіріп отырсақ, одан біз дана қазақтың ұрпақтарын тәрбиелеп шығармаймыз ба ?
«Абай әлеміне саяхат» клубы әр тоқсан сайын клуб мүшелері арасында жарыстар ұйымдастырады. Жарыстарда озық болған клуб мүшелері облыс, республика дәрежесіндегі білім жарыстарына қатысуға мүмкіндік алады.
Клуб «Абай деп соққан жүректер» атты оқушылар шығармаларынан құрастырылатын жинақ шығарды. Жинаққа Абай өлеңін жаттап оған өз ойларын қосқан барлық оқушылар қатысты.
«Абай әлеміне саяхат» клубына мүше болып, барлық міндеттерін орындаған жастардың рухани санасының, ұлттық болмысының Мәңгілік Ел ұрпағы екенін сезінетіні сөзсіз. Біз Абайды қазақтың басты тұлғалық бренді ретінде танытуымыз керек.
Осы тұста Абай шығармашылығын тарату мәселесі шығады, бұл «Әлем және Абай», «Абай және философия», «Абай және әлемдік өркениет» деген тақырыпты туындатады, мұның ар жағында «Қазақ және әлемдік өркениет» деген дүние шығады. Абайды танытудың енді сапасын көтеру үшін Абай мұрасына тереңдеу, насихаттау, жаңа технологиямен таныту мәселесіне мән берілуі керек. Ұлттық болмыстың бірден бір тірегі ақыл мен сана болғандықтан, ғылым мен білімге зор көңіл бөлінбек. «Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел» деген Абайдың сөзі бар, уақыт өткен сайын Абайды тану кезең-кезеңмен өзгере беретіні белгілі. Сондықтан Абайға біз әрқашан жаңа көзқарас тұрғысынан оралып отырамыз. Абайдың өсиеті – ел еркіндігі, бостандығы, қазақтың өз жеріне ие болуы. Сондықтан Абай мұрасына тәуелсіз көзқарастың қажет екені алдыңғы кезекке қойылып отыр.
«Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» деген қара сөзінде.
Уақыт өткен сайын, адамзаттың алып тұлғасы Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасының біздің қазаққа қызмет етер әлеуеті күшейе түсері сөзсіз. Біз оны Президентіміздің мақаласынан айқын аңғардық, аса тәнті болдық. Абайы бар бақытты халықпыз деген ой келді.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы
2. Сайын Назарбекұлы «Абай басқан Жидебай топырағы» Алматы 1995
3. Ғарифолла Есім «Абай туралы философиялық трактат» Алматы 2004
4. Абай өлеңдер жинағы
5. Абайдың қарасөздері
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі