Заманды кінәлі дейікпе әлде адамды ма?
Мына әлемді жалмаған вирустың кезеңінде дәрі сатушылар байый түскені көңілге күмән туғызды.
Бәріміздәі денсаулығымызбен жарысып ала сапыран заманда керек дәрмектің қымбаттауы біріне қалта көтерімді болғанымен біріне қиналуына мүмккіндік бергендей.
Сылбыр көктем мен қара күзде тұмау үдеп, ескі сырқат сырқырамай қоймайды. Емханаға барасың, жалтақтап дәрігерге жағдайыңды айтасың. Ол отыра қалып қағаз толтырады. Суыртпақтап әңгімеге тартсаң, тексере келгендер жазғанына қарап еңбегін бағалайтын көрінеді. Бұл баяғы құтыла алмай келе жатқан қағазбастылықтың кесірі болса керек. Ол үшін дәрігерлерді кінәлау артық. Істен бұрын, қағазға сенген кезде қағаздың рөлі жоғары болғаны ақиқат.
Жалпы, денсаулық сақтау саласында қиындықтар әлі де баршылық. Ел болғалы бері найқалтатын, жайқалтатын нарық талабына сай делінетін реформалардан көз ашпай келе жатқан екі сала бар. Оның біріншісі – білім, екіншісі – денсаулық. Сол реформалардың нәтижесі толық жемісін беруі өз алдына, қайта Елбасынан бастап, қалың қауымның наразылығын туғызумен келеді.
Мұғалімнің де, дәрігердің де айлығы шайлығына бірде жетсе, бірде жетпейді. Әсіресе, жас мамандардың жағдайы сын көтермейді. Дегенмен аз айлыққа қарамай, халыққа қызмет етіп, ұрпаққа білім беріп келе жатқан сол жандардың отаншылдық рухы мықты, тәуелсіздігіміздің алтын діңгегі десек, жарасады.
Жаны қиналып барғанда тегін делінетін медициналық мекемелердегі қызметкерлердің ақиқат сөзіне иланбасқа шараң жоқ. Кейбір мәселе бойынша пікір білдірсең, ақ халатты абзал жандар төрт құбыласы түгел ақылы орталықтарға баруды ұсынады. Ондағы баға екінің бірінің қалтасына шақ келмейтіні белгілі. Сондайда салы суға кетіп, арзан дәрі мен халық емшілеріне жүгінетіндер қазір аз емес. Қымбатшылықты желеу еткендердің айтатыны – баяғы нарық талабы. Сатуға қойған заттарын қымбат бағамен алатынын алға тартады.
Дәрінің қымбаттығы тәні ауырған жанның жүйкесін жұқартпай қоймайды. Бұл қалай деп айта алмайсың. Мәселен, дәрігер тізіп берген дәріні алу үшін дәріханаға 1000-2000 теңгемен бару қазір арманға айналды. Кейде 20-30 мың теңге де қажетіңді толық өтей алмай қалып жатады. Дәріхананың ішінде тиындарын санап тұрған қарт адамдар мен аз қамтылған отбасыларын жиі кездестіресің. 2015 жылмен салыстырғанда былтыр фармацевтикалық өнімдердің бағасы – 33 пайызға, антибиотиктер – 34,4 пайызға, витаминдік өнімдер – 27,3 пайызға, жөтелге қарсы шәрбаттар 46,6 пайызға артып кеткен. Ал 2017 жылдың алғашқы 5 айында фармацевтикалық өнімдер – 9,8 пайызға, антибиотиктер – 8,1 пайызға, витаминдер – 4,9 пайызға, жөтелге қарсы шәрбаттар 12,4 пайызға қымбаттаған. Зейнетақы мен айлыққа қосылған үстемені осылар әп-сәтте қақшып түсері хақ.
Ал соңғы қымбатшылық, тіпті шу асаудай жалына қол апартар емес. Өзіміз үлгі етіп жүрген, адам денсаулығын алға оздырған дамыған елдерде дәрі-дәрмек үнемі бақылауда тұрады. Тиісті бақылаудың кейде олқы соғып жатуынан ең алдымен біздегі тұтынушы зардап шегіп отыр. Соған жеткізген кейбір лауазым иелерінің істі болуы сөзімізге дәйек. Бірақ дәрідегі қымбатшылықты жою қашан орындалары белгісіз секілді.
Осы қымбатшылықтың бастау басында жанар-жағармай бағасының шарықтауы да тұр. Еліміздегі мұнай өңдеу зауыттары жөндеуге жабылады. Сөйтіп бензин бағасы өршіп шыға келеді. Бұл барлық саладағы бағаның өсуіне әкеледі. Аталған «үрдіс» жыл сайын қайталанумен келеді. Тиісті адамдардың сөзіне сенсең, бәрі артығымен өндіріліп жатыр. Мұнай да, көмір де баршылық. Бірақ халыққа жеткенше кез келгеннің қалтасы көтермейтін қымбат бағаға «ие» болады. Жазатайым айтсаң, жазықты боласың. «Естімей отырсың ба, көрмей жүрсің бе бағаның шарықтағанын. Мен бұл жерде бекер тұрмын ба?!» деп көзін алартады. Оны қалай жазғырарсың.
Бір ғажабы, осындай дүрбелеңнің нәтижесінде бензин бағасы 15-20 теңгеге өсіп, сол күйі орнығып қалатынды шығарды. Осы жылдың басында 135 теңгеге сатылған 1 литр бензин күзде 150 теңгеден асты. Қазір 160-тан жоғары.
Иә қазір дәрі де, бәрі де қымбат. Жеріміз байтақ болса да азық-түліктің», жеміс-жидектің, картоптың бағасы елімізде күн санап өсіп жатқаны айтудай айтылып жатыр. Отанымызда дәрі жасайтын 7000-ға таяу зат бар көрінеді, шөптердің түрі тіпті ұшан-теңіз. Өзімізде барды ұқсата алмай, өзгенің өніміне қып-қызыл ақша санап беріп, қымбатшылық қысымына түскеніміз кімді де болса ойландыруы керек. Басты құндылық – адам, одан тараған ұрпақ дейміз. Ендеше дәулетті елдің адамы қымбатшылықтың қыспағында қашанға дейін қала бермек?..
Крат Аяжан Қазбекқызы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі