Өлең, жыр, ақындар

Ұлттық валюта – теңгенің дүниеге келуі

15 қараша – Қазақстандағы ұлттық валюта күні.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алған кезде мемлекеттілікті құру үдерісін кез-келген мемлекеттің маңызды атрибуттары мен белгілерінің бірі болып саналатын ұлттық валютасыз жүзеге асырыла алмады. Қазақстанға ақша жүйесінің реформалары қажет болды. Осыған байланысты ел басшылығы республика аумағында өзінің валютасы - теңгені енгізу туралы шешім қабылдады. 1993 жылы 12 қарашада Президенттің «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлығы шықты және 15 қарашада теңге айналымға енді. Содан бері бұл дата Қазақстанның ұлттық валютасының ресми күні және елдің қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып саналады.

Ұлттық ақшаның тарихы әрдайым елдің қалыптасуы мен дамуының маңызды бөлігі болып табылады. Қазақстан үшін, сондай-ақ посткеңестік елдердің көпшілігі үшін өзінің ұлттық валютасын енгізу егемендікті қалыптастыруда үлкен рөл атқарып, бұл республиканың өз экономикалық саясатын өздігінен құруға кірісуіне мүмкіндік берді.

Тарихқа жүгінсек, Қазақстанда нарықтық экономика негіздерінің қалыптасуы өткен ғасырдың 90-жылдары өте күрделі экономикалық жағдайларда басталған еді. Ескі саяси және экономикалық жүйенің ыдырауы, байырғы байланыстардың жылдам үзілуі, жаңа тәуелсіз мемлекеттердегі әрекеттердің келісілмеуі зор дағдарысқа алып келді. Елді құлдыраудан аман сақтап, содан кейін оны терең дағдарыстан шығару үшін Президент Н.Ә. Назарбаевқа ерекше күш-жігер жұмсауды қажет етті. Нарыққа өтуге Қазақстанның сыртқы қаржылық факторларға тәуелді болып қалуы кедергі болды. Ресейлік атышулы баға либерализациясынан соң ақша реформасын да бастайтыны туралы болжам жасалды. Қазақстанға оның зардабы тимес үшін 1992 жылдың көктемінде ұлттық валютаға көшуге әзірлік жөніндегі құпия комиссия құрылды. Бұл комиссия туралы Президентті қосқанда жеті-ақ адам білетін.

Осындай қиын жағдайда Қазақстан өзінің ұлттық валютасы - теңгені енгізуге дайындалып жатты. Теңгені енгізу күрделі операция болды. 1991 жылы арнайы дизайнерлер тобы құрылды. Оған  Меңдібай Алин, Досбол Қасымов, Ағымсалы Дүзелханов, Тимур Сүлейменов және Хайрулла Ғабжалилов кірді. Олар Т. Сүлейменовтің басшылығымен банкнот пен монеталардың дизайнын жасады. Бұл үдерістің бір ғана эпизодын Н. Назарбаев былай деп еске алады: «Мен әр кеш сайын біздің тобымыз жұмыс істеп жатқан қала сыртындағы саяжайға келетінмін. Топта ақшаның атауына байланысты үлкен дау болды. Біреулер оны «сом», енді біреулер «ақша» немесе «теңге» деп атауды ұсынды. Менің өзіме «алтын» деген атау ұнайтын. Ең соңында орта ғасырларда қыпшақ даласында айналымда болған, «тәңга» деп аталған ақша атауына орай, «теңге» деген сөзге тоқтадық. Оның үстіне «деньги» мен «теңге» сөзі, тегі бір болғандықтан, бір-біріне ұқсас еді».

Достастыққа мүше елдер өз төл валюталарын енгізгенше рубль аймағын сақтау туралы келісімге қарамастан, 1993 жылдың 26 шілдесінде Ресей айналымға өзінің ұлттық банкноттарын шығарды. Одақтас республикалардың ішінде Қазақстанға бұрынғыша ескі үлгідегі рубль жеткізіліп, ол ақша массасын ұлғайтумен қоса инфляцияны да күшейтті. Оның қандай әлеуметтік зардаптарға ұшырататынын түсінгендіктен ҚР Президенті ұлттық валютаны жылдам қарқынмен басып шығаруға тапсырма берді. Теңге Ұлыбританияда бастырылып, шығарылды. Біздің елімізде ол кезде қағаз ақша фабрикасы болған жоқ. Басып шығарылған теңге өте құпия жағдайда Қазақстанға жеткізілді. Төрт «ИЛ-76» ұшағы жалданып, басылған барлық валюта әкелінді. Оны елге жеткізу үшін тасымалдаушылар 18 әуе сапарын жасаған. Ол арнайы операция болды. Құжаттарда бағалы жүк Мемлекет басшысының салынып жатқан резиденциясына қажетті жабдық түрінде көрсетілді.  

Ұлттық валютанының енгізілуі туралы «1993 жылдың 1 қарашасында біз алғаш рет елдің алтын валюта қоры туралы ақпаратты жарияладық, ал келесі күні ресми түрде рубль аймағынан шығатынымызды мәлімдедік. 12 қараша күні мен «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлыққа қол қойдым. Осы тарихи оқиғаға байланысты отандастарыма тастаған үндеуімде осы сәттен бастап шынайы тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің қалыптасуы мен дамуының өтпелі сәті болған кезеңнен өтіп, жаңа уақыт басталғанын айттым. Оқиға біз үшін тек қана экономикалық емес, сондай-ақ саяси мәнге де ие еді. Қазір Қазақстанды ешкім осы стратегиялық бағыттан айныды деп жазғыра да алмайды» деп еске алады Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында.

Жаңа банкноттар айырбастауға қажетті мөлшерде елдің аудандары мен банктеріне небәрі 8 күннің ішінде жеткізілді. 15 қараша күні таңғы 8-ден басталған айырбас 20 қараша күні кешкі 20:00 сағатта аяқталды. Айналымнан барлығы 950 миллиард рубль шығарылды. Кейін Қазақстан теңгесі алғаш айналымға енгізілген Тараз қаласында оған ескерткіш орнатылды. Ойластырылған, салқынқанды әрекеттер нәтижесінде Қазақстан Республикасы өзінің төл валютасына ие болды. Ал, валюта – бұл бүкіл экономиканың қан тамырлары болып табылатын. Өзінің ақша бірлігін енгізу Ұлттық Банк пен Қазақстан Республикасының Үкіметіне тәуелсіз экономикалық және ақша-несие саясатын жүргізуге мүмкіндік берді.

Теңгеге орнатылған белгі

Қазақстандық валюта көптеген қиындықтарды бастан өткерді: девальвацияның бірнеше толқыны және инфляция жылына 3061% құрады, дегенмен 2004 жылы ол ТМД елдері арасында ең жақсы деп танылды. Тәуелсіздік жылдары қазақстандық валюта халықаралық нарықта мойындалды. Шетелдік сарапшылар теңгені ТМД мен Орталық Азиядағы ең сенімді және тұрақты валюталардың бірі  деп санайды. Теңге банкнотасы қатарынан үш рет 2011, 2012 және 2013 жылдары дүниежүзіндегі ең үздік қағаз ақша ретінде танылды. Қазақстанда ақша басып шығаратын өз фабрикамыз 1995 жылы ашылды. Соның арқасында ерекше атаулы күндерде мерекелік банкноттар шығаруға мүмкіндік алдық. Елімізде Банкнот фабрикасы Алматы қаласында, ал Монета сарайы Өскемен қаласында орналасқан. Бүгінгі таңда теңге - тәуелсіздіктің экономикалық негізі, егемендіктің белгісі, Қазақстанның жаңа тарихы мен болашағының толыққанды бөлігі.

Сабырхан СМАҒҰЛОВ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер