Өлең, жыр, ақындар

Күз

Күз-адамзаттың сағыныш айы

Семей қаласы Т.Аманов атындағы№16

 жалпы орта білім беретін мектептің

9-сынып оқушысы Алмасқызы  Айзере

 

                     Осы бір үш әріптен тұратын жыл мезгілінің өзіндік сыры, құпиясы мен қадір-қасиеті, адам өмірінде алатын орыны, көңіл- күйге деген әсері  бар екенін жайшылықта адам баласы ескере бермейтіні бар –ау деп ойлаймын.  Жайшылықта жылдың төрт мезгілінің бірі деп қана есептейтін күз айлары ең алдымен ырыс, байлық, молшылық, береке мен тер төкті еңбектің нәтижесін көретін санаулы сәт, адал еңбектің жиынтығының көрінісі саналатын қымбат уақыт дерсіз.

                     Көз алдыңызға елестетіңізші,  сап- сары боп жайқалған алтын астық алабы,  қайнаған еңбек, қызыл қырман, тау-тау боп үйілген алтын дән. Ол- ертеңгі дастархандағы «Ас атас-нан» деген дана халықтың алдындағы жейтін наны, ырыздық, несібесі. Ол несібені  бізге осы жыл мезгілі тарту етті ғой.   Қамба толы астық, көкөніс пен жеміс-жидек. Нан болса, ән де болады. Арпа- бидай- ас екен, алтын күміс- тас екен,- деген халқымыз қыс қамын жасап, көңілін келер көктемге дейін бір демдеп, жаны жай табады. Міне, осыған орай, күзді байлықтың бастауы, көңілдің жайлауы демеске бола ма?

                     Жә, жиын-терін жайлы айттық. Енді күздің қандай сыры бар десек болады? Ия, әр мезгіл тәрізді қыркүйек пен қазан, қараша айларының да өзіндік сыры, сағынышы бар шығар, бәлкім?   Көктемде туған жерге деген  сағынышы мен өмірге деген құштарлығын қанатына байлап, айшылық алыс жолдарды, теңіздер мен мұхиттарды артқа тастап, өткен жылы  өзі салып кеткен ұясына адаспай келіп қонған қарлығаш құстың құдіретін түсіне алар ма екенбіз, осы біз?

  Ойлап қарасақ, ұшқан ұяға деген адалдықтың белгісіндей болған осы бір жұдырықтай құстың адалдығы, адамдарға деген сенімі бізді ойландыруы керек-ау деймін...

           Не дегенмен де, табиғаттың тылсым күші мен жыл мезгілдерінің ерекшеліктері  ақылды  адамның санасына  сәуле шашып тұратыны анық.  Міне, осы қарлығаш күз келгенде ыстық ұясы мен туған мекенге қош айтып, қанатына келер көктемге деген үміті мен арманын байлап, алыс жақты бетке алады.  Күздің қара суығына ұрындырмай, балапандарының қамы үшін қиянға кетеді.

                     Адам өмірі де жылдың төрт мезгілі тәріздес. Балғын балалық –көктем, жайнаған жаз- жалындаған жастық, қоңыр күз- егделік пен қарттықтың белгісіндей.

 Ақын Әбдірахман Асылбектің «Өмірдің көбі кетіп, азы қалды» атты өлеңіндегі

 «Жаздан соң тұнжыраған күзім келіп,

Қоя ма қабақ ашпай кім біледі» деп жырлауы  қария қарттық пен дария көңілдің астасуы тәрізді. Күз келгенде көңілге қоңырқай ойлар мен алдағы күнге деген  сұрағы көп сауалдардың санада ширығатыны тағы бар...

  Осы күзді «поэзия пайғамбары» атанған бүкіл әлем 175 жылдық мерейтойын тойлап жатқан Абай атамыздан артық жырлаған, суреттеген, көз алдыңнан кетпеспей етіп сипаттаған ақын жоқ қой, сірә.

  Ақынның «Сұр бұлт түсі суық, қаптайды аспан» деп басталатын «Күз» атты өлеңінде ақын өз заманындағы күз мезгіліндегі ауыл халқының тұрмыс-тіршілігін, хал- жағдайы мен әлеуметтік теңсіздікті көрсетеді. Сонымен бірге табиғаттағы өзгерістерді де сырт қалдырмайды.

... Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,

Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.

Қайыршы шал-кемпірдей түсі қашып,

Жапырағынан айрылған ағаш, қурай.

 

 Осы бір төрт жол, бір шумақта   мен үшін төрт түрлі пәлсапа жатқандай.

  Алып таулардың мекені- Нарынқолдың ғана тас түлегі емес, қазақ поэзиясының алыптарының қатарынан табыла білген Мұқағали Мақатаев ағамыз да өзінің жан сырын   «Күрең күз» өлеңіне сыйғыза білді.

...Жаз келер және жап-жасыл,

Жақсылық тағы тілермін.

Жадырап өмір сүрермін,

Қош енді, қош бол, күрең күз!

...Жаз келер және жап-жасыл,

Жасауын жердің түгендер.

 

Қош енді, қош бол, күрең күз!

Ақ қысты тездеп жібергіз.

Ақ қыстай әппақ бір елміз,

Ширығып біраз жүрерміз.

Шынығып өмір сүрерміз.

 Ия, ақын күрең күздің артында  ширықтыратын, шынықтыратын аппақ қыс барын, сосын жадыратар  жап –жасыл жаздың келерінен үміт күтеді. Бұл ақ ниетті адамзатқа ортақ қасиет.

  Биыл туғанына 100 жыл толған,   қазақ деген қаһарман елдің бар екенін «Мен- Қазақпын, мың өліп, мың тірілген» деген өктем даусымен  әлемді  селт еткізген Жұбан Молдағалиев атамыз «Күз» мезгіліне арнаған өлеңінде

 Күндері бар қызуы әбден сөнбеген,

Гүлдері бар қызылы әлі сембеген.

Күз де менің елу жасым сияқты,

Жаздар өтіп, қыс келер деп сенбеген.

  Далада да сайраңдаған сары елес,

  Сары сурет алтын таңның сөрі емес.

  Күз де менің елу жасым сияқты,

  Не жігіт жас, не еңкейген кәрі емес...деп жырлайды.

  Осы өлеңнің толық мәтінінде  жылдың төрт мезгілі мен адам өмірінің төрт кезеңі керемет суреткерлік шеберлікпен астасқан. Бұдан асқан шендестіру болмас деп ойлаймын.

  Әрине, тылсым дүние мен құписы мол табиғаттың әр мезгілі жайлы адам баласы таусып айта алмас, сипаттап, сырына жете алмас. Мен де өз әлімше осы құпиялар мен сансыз сырларға үңілген болдым...

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз