Өлең, жыр, ақындар

Тәуелсіздігіміздің берген жетістіктері

Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 29 жыл толғалы отыр. Тәуелсіздіктің елімізге оңайлықпен келмегені бәрімізге аян. Тәуелсіздік жолындағы күрестердің бірі де бірегейі 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі. Осы орайда біз аға-әпкелеріміздің елім үшін деп соққан жүректері мен ерліктерін ешқашан да ұмытпауымыз қажет. Қазақ жастары билік басшыларының шешімімен келіспегендіктен наразылық білдірді, Қазақстандағы билікті қазақ басқаруы керек деп кеңестік билікке ашық қарсы шықты. Алаңды өз қандарымен жуған жандардың жанқиярлық ерлігі арқасында жаужүрек батыр ұрпағы екенімізді дәлелдеп, бостандықта өмір сүру бақытына ие болдық.

Осылайша көптен күттірген тәуелсіздікке қолымыз тек ХХ ғасырдың соңында ғана жетті. 1991 жылы еліміздің басшысы Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті болып Нұрсұлтан Назарбаев сайланып, еліміздің шынайы тарихының ақтаңдақ беттері ашылды, егемен ел азаматтарының құқықтарын , мемлекет заңдарын анықтайтын Конституция қабылданды. Әлем елдері тізімінде жаңа мемлекеттің аты жазылды. Қаншама жылдар бойына тәуелсіздікті армандап келген ата-бабаларымыздың асқақ арманы орындалды.

Осы 29 жылдың ішінде қазақ елі көптеген жетістікерге жетті. Солардың ішінде соңғы он жылдықты алып қарайтын болсақ, тарихымызда келесідей басты жетістіктер орын алған екен:

2010 жылы Қазақстан Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ете бастады. Осы жылдың желтоқсан айында Қазақстанда саммит өткізілді.

2011 жылы Қазақстанда алғаш рет қысқы Азия ойындары өтті. Қазақстанның намысын қорғаған спортшылар 70 медаль иеленді. Олардың 32-сі — алтын, 21-і — күміс және 18-і — қола.

2012 жылдың 22 қарашасында Қазақстан 2017 жылы елде әлемдік көрме өткізу құқығына ие болды. Халықаралық көрме бюросы мүшелерінің қатысуымен Астана 103 дауыс жинады.

2013 жыл Тұңғыш Президент жариялаған «2050 Стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдау бойынша жұмыстардың қолға алынуымен ерекшеленді. Сонымен қатар осы жылы Қазақстан тарихында тұңғыш рет жергілікті билік органдары басшыларының сайлауы өтті.

2014 жылдың тамыз айында үкіметте қайта құру жұмыстары өтті: 17 министрлік пен 9 агенттіктің орнына елде 12 министрлік және шамамен 30 комитет құрылды. Қаржы полициясының қызметі мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы күрес істері жөніндегі агенттікке берілді. Бұдан өзге энергетика, мәдениет және спорт, инвестициялар және даму, ұлттық экономика министрліктері құрылды.

2015 жылдың 27 шілдесінде Қазақстан Республикасы Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі атанды.

2016 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстанның өз алдына егеменді ел болып жарияланғанына 25 жыл толды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған декларация жазылды.

2017 жылы Қазақстанда EXPO-2017 көрмесі ұйымдастырылды. Аталған көрме 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында Астанада өтті. Оны тамашалауға әлемнің түкпір-түкпірінен 3 миллион адам келді. Ал көрмені өткізуге 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысты.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етті. Сондай-ақ Астананың 20 жылдық мерейтойы тойланды. Ұлттық валютамыз-теңгеміздің 25 жылдығы аталып өтті.

2019 жыл Қазақстан үшін тосын оқиғаларға толы болды. 19 наурызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатты. 9 маусымда кезектен тыс сайлау өтіп, 70 пайыздан астам дауыс жинаған Қасым-Жомарт Тоқаев ел Президенті болып сайланды.

2020 жыл тек біздің еліміз үшін емес, барлық әлем үшін үлкен сынақ болды. Барлық әлемді жайлаған індеттің кесірінен еліміздің экономикасына, саясатына, тұрғындардың әлеуметтік жағдайына және тағы да басқа мәселелерге байланысты қиыншылықтар туындады. Дегенмен де, тұғыры мықты еліміз бұл қиыншылықтан да аман өтетіне біз сенеміз.

Осы 29 жыл нәтижесінде Қазақстан Республикасы тәуелсіз, еңсесі биік, басқа дамыған мемлекеттермен терезесі тең, керегесі кең егеменді мемлекет болып қалыптасты. Ата-бабамыздан қанмен берілген өжеттік, қайсарлық сияқты қасиеттер елім деп, жерім деп жүректері соғатын бүгінгінің жастарының да бойынан табыла білуі тиіс.

У.М.Джолдыбаева Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті

Н.М.Тастеев Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің География және табиғатты пайдалану факультетінің 1-курс студенті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз