Өлең, жыр, ақындар

Алматы көшелеріндегі муралдардың діни аксиологиялық мәні

Өткен ғасырларда қағаз бен кенепке салынған дәстүрлі суреттер мен кескіндемелер, сондай-ақ мұражай мен галерея қабырғаларындағы бірегей өнер туындылары уақыт өте келе қала кеңістігіне – әсіресе ескі үйлер мен ғимараттардың қабырғаларына – ауыса бастады. Сол арқылы көше өнерінің жаңа түрі пайда болып, «мурал» деп аталатын заманауи бағыт ретінде қалыптасты. Қала тіршілігімен жүріп жатқан тұрғындар мен жұмыскерлердің назарын өзіне еріксіз аударатын бұл муралдар бүгінде белсенді дамып келеді. Үйлер мен биік ғимараттардың қабырғаларын безендірген заманауи суреттер мен олардың шебер авторлары урбанистік перфоманс арқылы көпшіліктің ықыласына бөленіп жүр. Себебі муралдар тек сұр түсті қабырғаларды түрлендіріп қана қоймай, сонымен қатар терең идеяны, тәрбиелік мән мен рухани үндестікті жеткізе алады. Осылайша, кескіндеме тарихынан бастау алған қабырға суреттері бүгінде ғимарат қасбеттерінде салынған ірі әрі мазмұнды өнер туындысы ретінде танылады. Демек, бір кездері көше өнерінің бір тармағына айналған бұл бағыт – ежелгі дәуірдегі фрескалар мен мозаикалардан жалғасып, қазіргі таңда ғибадатханалар мен алып құрылыстарды көркемдеудің мега-форматты үлгісіне айналды.
Қазақ қоғамында дін, наным-сенім және рухани құндылықтар ерекше маңызға ие екені сөзсіз. Олар халқымыздың мәдениеті мен тарихында айқын көрініс тапқанымен, қазіргі заманғы қоғамдық өмірде де өзекті рөл атқарып келеді. Бұл құндылықтар көбіне мәдениет, дәстүр, білім және әлеуметтік байланыстар арқылы айқындалады. Мысалы, Алматының көпұлтты әрі көпконфессиялы келбеті діни құндылықтарды біріктіру мен өзара түсіністікті қалыптастыруда маңызды факторға айналды. Осы үйлесім мәдени және шығармашылық дамуға серпін беріп, өнердің өркендеуіне де ықпал етті. Қала көшелерінде діни мазмұндағы тәрбиелік мәні бар, эстетикалық әсерге толы билбордтар мен муралдар көрініс таба бастады.

Муралдар тақырыбына тоқталсақ, Алматы көшелерінде діни және рухани идеяларға негізделген бірнеше өнер туындылары ерекше мәдени және символдық мәнге ие. Мұндай муралдар ішкі үйлесімділік пен тыныштықты бейнелей отырып, көрерменге рухани шабыт пен эстетикалық әсер сыйлайды. Негізгі мақсат – тұрғындар мен қонақтарға көркемдік әсер қалдырып, қаланың мәдени келбетін байыту.

Сонымен қатар, кейбір муралдарда діни немесе мәдени символика элементтері де бейнеленген. Мұны қаланың әр бөлігінде орналасқан мешіттер, шіркеулер және өзге де діни орындар мысалында байқауға болады. Олар тек ғибадат ету кеңістігі ғана емес, сонымен бірге мәдени және әлеуметтік өмірдің орталығы ретінде қызмет атқарады. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарының, әсіресе дінге берік жандардың бойында сенім мен бірлік сезімін нығайтады.
Қорытындылай келе, Алматы қаласының көшелеріндегі муралдар жай сәндік безендіру емес, қалалық кеңістікте мәдени әрі рухани мәні зор құбылыс ретінде танылады. Бүгінде муралдар қоғам өмірінің барлық саласына еніп, заманауи кезеңдегі сөз еркіндігі мен әлеуметтік белсенділіктің қуатты құралына айналып отыр. Олар өнер мен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, адам мен орта, өнер мен саясат арасындағы өзара ықпалдастықты көрсететін маңызды мәдени феноменге айналды.

Сурет салу барысында адам айналасын терең бақылап, сезімін, ой-толғанысын бейнелеуге үйренеді. Мүмкін, өзімнің де суретшілер әулетінен шыққанымнан болар, бұл әлем маған ерекше жақын. Сондықтан муралдар тақырыбын зерттеу кезінде олардың көркемдік және идеялық мәнін сезініп, автордың ойына еніп көруге тырыстым. Тарихи және теориялық тұрғыдан талдау жасап, көше өнерінің қалыптасу жолдары мен түрлі әдістерін зерттеу мені одан әрі қызықтыра түсті.

Меніңше, муралдардың шынайы құндылығын түсіне білген адам ғана өнердің байлығын сезінеді, өйткені әрбір туындының өз көрермені, өз бағалаушысы және өз сырын ұғындыра алатын сәті бар.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз