Өлең, жыр, ақындар

Жаңа ғасырдың - су жаңа ақыны

2020 жылдың 28 қараша күні Алматы облысы, Күрті ауданы, Ақши аулында "Хабар" агенттігінің Алматы облысындағы меншікті тілшісі, тележурналшы Ардақ Айбарұлының “Тамырымды бүлкілдет жылғалы өлең” атты алғашқы жинағының тұсаукесері өтті. Бұл шараға Алматы, Нұр-Сұлтан, Орал, Талдықорған қалаларынан келген өткір тілді журналистер қатысты. Ақши ауылының тұрғындары да осы шығармашылық кештің қуанышты куәгерлері атанды. Адам саны коронавирус індетінің таралуына байланысты 50-ден аспады. Журналистердің ішінен аттары тарихта қалатын, терең ойлы ардагер тілші Тілеуқабыл Мыңжасар атамыз бен Іле ауданының құрметті азаматы, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, жергілікті “Іле таңы” газеті бас редакторының орынбасары Айдарбекова Роза Маратқызы кітаптың тұсауын кесіп, ізгі ниетері мен тілектерін айтып, ақ батасын берді. Бұл кеште кітаптың ғана емес, "Ақшиім" атты әннің де тұсауы кесілді. Аталған әнді алғашқылардың бірі болып орындау бақыты Тұрғынали Дауытов ағамызға бұйырды. Кітаптың өзіне келетін болсақ, өлеңдеріндегі ой орамдары, тақырып таңдау мен оны жүрекке ұялата білудегі өзіне ғана тән сәулесі бірден ерекшеленіп тұр. Сондай-ақ қысқа болғанымен тұщымды әрі қызғылықты өрілген әңгімелері оқырмандардың көңілін бірден аулайтыны сөзсіз. Кітаптың бас беттерінен бастап Ардақ Айбарұылының әріптестерінің қалдырған пікірлері бедерленген. Бірінші болып ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанарбек Әшімжан, -Қолымызға тиген қолжазбаны оқып шыққан соң, Ардақтың қаламының көркемдік қуатына риза болдық. Негізінен, лирикалық ағысқа құрылған Ардақ өлеңдерінде өмір, қоғам, заман тынысы өте шынайы суреттелген. Автор қандай тақырыпқа қалам тербесе де, өте нанымды және шұрайлы жазады. Жан дүниені жарып шаққан ойды көркемдік деңгейге көтеру – қалам иесінің бірінші парызы”,- деп атап өткен. Ойымды қорытындылай келе, Ардақ Айбарұлына алғысымды білдіріп, бас иемін. Себебі жаңа ұрпақ үшін бұл кітап нағыз қорек. Кітап заман ағымына сай жазылып, Елбасымыздың “Рухани жаңғыру” атты бағдарламасымен ұштасып тұр.

Кульбаева Айлина Канатқызы АБЫЛАЙ ХАН АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР ЖӘНЕ ӘЛЕМ ТІЛДЕРІ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ 1-курс студенті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз