Олар ауылдың жанындағы төбе басына шығып, ентіктерін басып сәл тұрды да, қарақшыдай қақиып-қақиып қалғандарын ыңғайсыз көргендей, сол тұрған жерлеріне отыра кетті
Қайнаған жаз ортасы еді.
Жұрт күнұзақ терезелерін тұмшалап тастап, қаракөлеңке үйлерінен тұяқ серіппейтін де, тек осындай керсаумал қоңыр леп ескен кешкілікте ғана күйтің-күйтің тіршілік қамына кірісетін. Бүгін де сол: қора-жайлардың маңынан, әр жер-әр жерден ағараңдаған орамал-жаулықтар көріне бастапты. Жұрт дегенде азын-аулақ кемпір-шал мен балалы әйелдер, сонсоң кеңседе есепқисаппен айналысатындар болмаса, ауылда адам қалмаған да кез еді. Жұмысқа жарайтындардың бәрі шөп шабуға көшіп кеткенді. Сондықтан да, төбе басынан қарағанда алақан аясындағыдай көрінетін шағын ауылда қыбыр аз, бейсеубет жүріс жоқ. Бірбіріне тақау салынған бәкене тоқал тамдар ғана күндізгі ыстықтан қалжырағандай иек сүйесіп, тамыздың мамыражай кешінде қоңыр көлеңкеге көміліп, жым-жырт жатыр.
Күн ұясына байыды. Бірақ батыс жақ алаулай қызарып, біразға дейін тұрып алды. Бір шөкім бұлт жоқ зеңгір аспан да мөлдірей қапты. Әлдеқайдан үзіліп-үзіліп қоңыр леп есті. Рақат. Тап осы күйінде мынау етекте жатқан кең алқапта күнұзақ ми қайнатар ыстық болды дегенге адам сенбестей.
Төбе басындағылар айналаға зер сала, құмарта қарап едәуір отырды.
Олар үшеу еді. Ортада — үстіне түйе жүн шекпенін желбегей жамылған, көмірдей қара сақалды кісі отыр. Қызғылт реңді дөңгелек жүзіне, етжеңді шағын денесін ширақ ұстап, қомданып отырысына қарағанда алпысты алқымдап тастаған адам деп Елібай картты ешкім ойламас еді. Қайта оң жағында бір шынтақтап қисайып жатқан құрдасы Тәйкен шалды оған қарағанда қайрала-қайрала жұқарып қалған қазан пышақ дерсің. Ұрты суалып, кішкене шүңет көзінің жанары солғын тартқан. Олпы-солпы киінісі, өңіндегі шаршау мен қажығандық табы — ғұмыр бойы шаруа қуып, мал баққан кісінің пошымы екенін айтпай-ақ әйгілеп тұр. Қарияның шоқша сақалына да қылау жүгіріп, мүлде селдіреп қапты. Үшіншісі — жап-жас студент жігіттұғын. Жазғы демалысы қызу науқанға тұстас келіп, ауылда қатар-құрбысы қалмаған соң, өзін қайда қоярға жер таппай жүрген-ді. Ендігі ермегі — осы екі шал.
Күнде үшеуі төбе басына шығып, бірауық тыныстап қайтатын. Малдың кешкілік өрістен құлағанын, ақшам жамырап, күннің қызылы семгенін тамашалаушы еді. Оны-мұны сөз қылатын. Мұндайда, әсіресе, бұрынсоңды өткен уақиғалардан суыртпақталатын Елекеңнің әңгімелерін тыңдау бір ғанибет-ті.
Жас жігіт бүгін де сондай бір үмітпен келіп еді. Әңгіме оты қоздамай, тұтана беріп сөніп қалып, әбден тағатын тауысты. Ақыры, бәтуалы бірдеңе естуден біржола күдер үзгендей, етектегі ауылға жайбарақат көз салып, жантая кеткен.
— Е-е... — деді Тәйкен шал кенет мұңды үнмен. — Топырағың торқа болғыр, Майлыбай да жөнеп кетті, ә... Қатардың өзі сиреп барады-ау, Елеке?!
— Ертелі-кешті бәріміз де сол жерге бармаймыз ба... Кім қашып құтылған одан?! Тек абыроймен алса болды дағы, — деп Елекең шибарқыт шалбарының қалтасына қолын жүгіртіп, жарғағын алды. Асықпай-саспай, алақанына сап, біраз уақ баппен уқалап отырды да, «иә-ә»... деп қойды. Жүзі селт еткен жоқ.
Жас жігіт мына қарттың әлі қуатты, дені сап-сау бола тұра, өлім туралы осыншалық сабырмен мойынсұна сөйлегеніне сенерін де, сенбесін де білмей аңырып қалды. Әлдебір түсініксіз ой санасын шарпып өтті. «Апырау, нарт қызыл жүзі анау... Қаба сақалда бір тал қылау жоқ. Қалайша... Қалай қорықпай айтып отыр?! Өзі өткен түнде ғана Майлыбай марқұмның мәйітін күзетісіп, күндіз қойысып қайтты емес пе?! Ақылға сыймайтын нәрсе екен»...
«Өлім туралы сөз болып отыр екен-ау» деген қартта ой жоқ секілді. Әлі теп-тегіс тістерінің арасынан шырт түкіріп қойып:
— Иә-ә... абыроймен алса болды дағы, — деді тағы да сөзін сабақтап. Түріне қарағанда ажал қазір келсе де қыңбастай нық. Әр сөзін баппен, сылап-сипай сөйледі.
—...Есентемір Бөкен би Сырым батырға бата бергенінде: ... «Жасың алпыстан аспасын», — деген екен. Қол қусырып, құрмет көрсеткен батыр сонда: «Уа, би аға, басқаңа рақмет! Ал енді иттің құлы итақай сүріп жатқан ғұмырдың тағы бір он жылын қимағаның қалай?» — деп ренжіпті. Сонда Бөкен би: «Е, шырағым-ай, алпыстан асқансын ауызыңнан дуа кетеді, қатын-балаңа қадірің болмайды, қатарың сиреп, бас сұғар жер таппассың. Онан арғысын айтып неғылайын. Құдай беріп жатса, қалған жасты мен сенен аяп отыр деймісің», — деп айтыпты. Сол айтқан секілді асарын асап, жасарын жасаған соң, кісі өзінің қуаты барда, кейінгі балаларға көзтүрткі болмай, тезірек аттанғаны да жөн-ау деп ойлаймын кейде...
Қарт тағы да бір шырт түкіріп, дөңгелек бөркін алшайта киді де, ойын сабақтады.
...Кешегі кеткен Майлыбай марқұм сияқты, ұзақ, сарылып жатқандарды да көрдік қой талай. Ондайда бала мен келін құдайына қараған жандар болса жақсы. Ал, болмаса ше?! «Аш бала тоқ баламен ойнамайды» демекші, жаны ауырмаған кісі науқастың жайын түсіне ме... Оның үстіне сырқат адамның кінәмшіл, кіржигіш келетін әдеті болады. Уа, сау кісі оныңды бір көтерер, екі көтерер. Қанша көтергенмен, нашарламасаң, сауалып келе жатқан сен тағы жоқ. Қайта, бейнетің көбейе түседі. Сосын-ақ мазасыз науқасқа қабақ шыту, кіржию басталмай ма?! Оның ар жағында айтпаса да «өлер болса, тезірек өлсе екеннен» басқа не қалады.
Қарт ернінен насыбайын түсіріп, үстіне бір шөкім топырақ тастады да, сол күйі ойланып отырып қалды.
Біраздан соң:
— Баяғы Би атамды білетін шығарсың? — деді Тәйкенге мойын бұрып.
— Бимағамбет зергерді айтамысың?!
— Іһе...
— Е, Биекеңді білмей құдай ұрып па?
— Со кісі... марқұм нағашы атамды айтам-ау, тоқсанның үстіне шығып дүние салды. Баяғы аласапыран жылдарда Үстірт асып, Қожеліге құлағанбыз. Со кездің өзінде сексеннен асқан еді-ау... онда барған соң да біраз өмір сүрді ғой.
— Ой, жарықтық-ой! Біраз жасаған екен-ау. Мен соңғы көргенімде... — Тәйкен шал соңғы көргендегісін есіне түсіргісі келгендей біраз кідіріп, бірақ ештеңе таба алмай: — Ұмытпасам, сақалы күректей, кеудесі аяққаптай нән қара шал еді ғой, — деді.
— Иә... несін айтасың... Сүйекті кісі еді ғой!
— Білем, білем... Иә, айта бер!
— Сол жүз жасаған Би атамдардың да өмірін көрдік қой деймін-ау!
— Иә-ә...
...Нағашым байғұс со жақта ақыры алжып өлді. О кезде мыналардай (Елекең иегімен жас жігітті нұсқап қойды) қылшылдаған жігіт шағымыз ғой, біз де қартаямыз-ау деген ойда бар ма... «Күлсең кәріге күл» деп, бірдеңе айтса, қайта мазақ қылушы едік марқұмды.
Одан бері не заман... Осы күні ойлап отырсам, сонымыздың бәрі әбестік екен дағы... — Елекең екі қолын тізесіне тіреп, тіктеліңкіреп алды да, даусын көтере түсіп, әңгімесін жалғастырды.
...Уа, кей-кейде есіме түседі-ау! Марқұм жаздыгүндері есіктің алдына киіз төсетіп, ақ көйлек, ақ дамбалмен қыздырынып отырушы еді. Келді-кетті ешкімге мойын бұрмайтын. Әлдебір ойының ұшығына жете алмағандай, өз-өзінен күбірлеп, ара-тұра біреулерді айналып-толғанып, біреулерге ұрысқандай күңкілдеп шала бүлінетіні бар-ды. Сонысына қарап жұрт «алжыды» дегенмен, кісімен әңгімелескенде ойы анық, сөзі түзік-ті. Өтірік айтып күпіршілік қып қайтейін, о кезде «алжыды» деп ойлағандардың бірі өзім едім. Оған себеп әлгіндей мінезі бір болса, кейбір кісі күлерлік сөздері тағы үстеме болды.
...Айтпақшы, Қожеліге барған соң, нағашымның екі баласы бас-басына үй сатып алып, отырып қалды да, біз біраз уақ қара үймен көшіп жүргенбіз. Мал баққан қазақ отырықшылыққа бірден көндіге қойған ба?! Сондайда анда-санда келіп тұрам ғой баяғы. Алғашқы кезде сол қуаттылығы, со қайраты — жақсы-ақ еді; әй, көп ұзамады-ау, әлденеге буындары тым тез босап, шөгіп қалды. Бұрынғыдай зергерлік кәсіппен айналысуды да қойып, кеуде толтыра күрсінуі, ыңқыл-сыңқылы жиіледі.
Міне, біз де алпыстан астық, осы күні ойлаймын-ау... Жүз жасаған кәрі еменді түп-тамырымен қопарып алып, басқа жерге отырғызғанмен, мәуелер ме?! Бауыр басқан топырақ, тіртінектеп тірлік нәрін тартқан өлкеге теңесер не бар дүнияда... Байғұс нағашыма сол жетпеді-ау деймін.
...Бірді айтып, бірге кеттім бе? Кісі үлкейе бастағасын ойға үйір келетін әдеті енді. Иә-ә... Екі баласы екі үй сатып алып отырып қалды. Қарттардың кенже баласының қолында қалатыны — қашаннан қазақтың рәсімі. Сол жөнмен нағашым да, кемпірі осы жақта дүние салды ғой, оны өзің білесің, кіші ұлының колында болды.
Әлгінде айттым ғой, о жаққа барғасын ыңқыл-сыңқылы көбейіп, бұрынғы зергерлік кәсібін де қойды деп. Шал зергерлікті тастағасын одан түсер пайда да тоқталмай ма?! Сосын-ақ Зиба дейтін кіші келіні шайпаулау неме еді, арада екі-үш жыл өтпей жатып жұлынып шыға келді. Баласы жыласа да, байымен ұрысса да, бар бәлені байғұс шалдың басына үйіп-төксін! Сол үйдің төбесіне төнген қырсықтың бұлты — тоқсаннан асып теңселіп отырған шалдан келіп жатқан секілді.
...Өзі де қаусап, қай күні қай жағынан соққан жел құлатып кетерін білмей, қалт-құлт әзер тұрған қараша үйдің іргесін қаскөй біреу кеп шайқаса қайтер еді?! Уа, сол сықылды төрінен көрі жуық қалған бейбақтың миын шағып, күн сайын қажай берген соң, не оңсын! Кім көрінгеннің босағасына телміріп, жалтақ боп қалған жетім баладай халге түсті. Содан да болар, шынында кей-кейде кісі күлерліктей баланың сөзін айтатын.
Ондайда:
— Әне! Бұл шал алжыған десем, нанбайды мынау, — деп байына тісін қайрап, Зиба шыға келер еді.
«Кісі қартайғанда қайтадан бала болады» депті ғой бұрынғылар. Сол рас та шығар. Ондай әңгімелері көп еді, қайсыбірін айтайын...
Бір күні нағашыларыма келсем, үйлерінде Би атамнан басқа жан жоқ екен. Кәдімгідей:
— Ә, жиенбісің?! Кел, кел! — деп қауқалақтап қалды. «Даусыңнан таныдым, айна-а-лайын», — деп қояды. Өзінше іштартқаны да... Келін-баласының көзінше өйтпейтін.
— Бұл үйдің адамдары қайда кеткен, ата? — демеймін бе... «Ата» деген сөзім көңілін шайқап кеткен болу керек, байғұс шал:
— Мені тастап-п... кетіп қалды ғой бәрі де... — деп кенет кемсеңдеп қоя бергені. — Да-далаға шықпа деп кетті! — дейді тағы тұтығып.
— Би ата, қойшы! Қойыңызшы! — деп жатып кеп жалынайын. Аяп кеттім сорлыны.
...Жаңа өзің айтып отырсың ғой, «күректей сақалы бар еді» деп. Баларақ кезімізде өзіміз де талай алдына отырып, әр талы тікендей, қап-қатты қаба сақалын қызықтап, қышырлатып ұстап та көргенбіз. Сақал шіркін де қартая ма дейім: әбден куарып, сақарға салғандай жеп-жеңіл боп қалыпты. Жүзі бозарып, сулы көздері нұрсыз, жансыз тұманытып тұр. Өмір бойы ісмерлікпен айналысқандықтан, буын-буыны шор боп қалған саусақтары алдында, тізесінің үстінде кимылсыз жатыр. Ой, Алла-ай, сөйлеп тұрған қызыл тіл болмаса, алдыңда отырған аруақтың елесі дерлік.
Қазақта «Құдайдан үмітің бар ма?» деген сөз бар ғой. Кім сол Құдайды көрді дейсің, әркімнің Құдайы — өз иманы, ұяты дағы. Ұятсыз — имансыз. Одан не күтуге болады?! Әне, кіші келіні сондай адам болып, ақыры, сыйғызбады. Үлкен баласы қолына алып еді, ол үйдегі келіні де:
— Керек уақытында өздері пайдаланып, енді керексізінде бізге тастап... Көрдің бе?! — деп қара шаңырақтағы ажынына кеткен өш ақысын шалдан қайтаруға тырысты.
Айтып-айтпай не керек, марқұм сөйтіп итшілікпен жүріп дүние салып еді.
— Алда, пақыр-ай! — Манадан үнсіз тыңдап жатқан Тәйкен шал күрсінді. — Қор болған екен дағы.
— Е-е... Осының бәрі әлгінде сенің «қатарымыз сиреп барады» дегеніңнен шығып отыр-ау. Асылы, өз ретімен келген бұйрықты нәрсеге өкпелеуге болмайды ғой деймін. Шүкір, соңымызда бір-екіден тұяқ бар. Солардың артында соқайтып қалдырмай, алдарында-а абыроймен алса болады да. Қанағат керек, қанағат!
Әйтпесе бұ тірлікте тойым жоқ. Өмір шіркін тәтті ғой, Тәке!
Әңгімеші тоқтады.
Жанындағы екеу де тым-тырыс.
Әрқайсысы өз ойымен өзі болып, мәңгілік шешімі табылмас өмір атты жұмбақтың тереңіне бойлағандай үнсіз отыр.
Бұ кезде қас қарайып, көз байланып қалған еді. Біраздан соң:
— Иә, Алла, абыройыңды бере гөр! — деп, орындарынан үйелеп барып тұрып кеткен екі шалдан кейін жас жігіт те көтеріліп, үшеуі етектегі ауылға қарай ақырын қозғала берді...
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі