Өлең, жыр, ақындар

Қазақ АКСР-не 100 жыл

2020 жыл Ұлы ойшыл-ақын Абайдың 175-жылдығы, Алтын Орданың 750-жылдығы, Ата Заңымыздың 25-жылдығына қоса басқа да маңызды оқиғаға толы болмақ. Бұл орайда Қазақ Республикасының құрылуына 100 жыл толуы - алғаш автономия түрінде дүниеге келіп, ақыр аяғында бүгін әлемге Қазақстан Республикасы деген атаумен танылған тәуелсіз мемлекетке айналған орны бөлек мерейтой. 

1920 жылдың қазан айын дейін Қазақстан аумағындағы кеңестік органдарды басқару жөніндегі барлық билік Қазревком- Қырғыз (Қазақ) өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитеттіің қолында болды. Оның билігі революциялық сипатта , Қазақстан Кеңестерінің съезі шақырылғанына дейін жүрді. Орынбор қаласында 1920 жылы қазанның 4-нен 12 дейін өткен Кеңестердің 1-съезі Қырғыз (Қазақ) АКСР-нің құрылғанын жариялайды. Үкіметті Халық комиссарлар Кеңесі мен Халық комиссариаттары құрды. Сонымен бірге олардың басшыларын тағайындады. Сөйтіп 1920 жылдың қазанында қазақ кеңестік мемлекеттігінің құрылғандығын ресми жариялады.

Қазақ АКСР-ның құрамына: Павлодар, Семей, Өскемен, Зайсан және Қарқаралы уездері бар Семей облысы; Атбасар, Ақмола, Көкшетау, Петропавл уездері бар Ақмола облысы; Қостанай, Ақтөбе, Ырғыз және Торғай уездері бар Торғай облысы; Орал, Ілшібін, Темір мен Гурьев уездері бар Орал облысы; Закаспий облысының Маңқыстау уезі; сол облыстың Красноводск уезінің 4-ші және 5-ші Адай болыстары; Астрахан губерниясынан: Синеморск болысы, Бөкей ордасы және 1-ші, 2-ші Приморье окрутеріне жапсарлас жатқан болыстар енді.  Территориялық мәселелерді шешуде әртүрлі пікірлер айтылды. Пікірсайыс барысында қазақ халқының тарихын жақсы білген ұлы тұлғаларымыз – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Әлимхан Ермеков және т.б. ресми кұжаттарға сүйене отырып, қазақтың жерін жинап бергенін есімізден шығармаған жөн. Олар Ресей империясының кезінде отаршылдық мақсатпен қазақтың жері түрлі әкімшілік бөліктерге бөлініп, дәстүрлі шаруашылығы мен ру-тайпалық  қарым-қатынастың ескерілмегені, соның салдарынан, біртұтас қазақ жерінің бірнеше республикалардың құрамында екенін дәлелдеп берген.

Қазревкомның тұңғыш төр­ағасы бол­ған С.Пестковскийдің Қазақ АКСР-нің құрылғанына 10 жыл толуына орай «Советская степь» газетінде жария­лан­ған ар­найы мақаласында қазақ төр­­ағаның тағайындалуына қазақ­тардың қар­сы болғанын айтады. 1915 жылдан РК(б)П мүшесі болып табылатын Ә.Жан­гелдиннің Қазревкомға төраға бо­лып сайлану мүмкіндігі кешегі алашор­дашыл А.Байтұрсыновқа қарағанда жо­ғары еді. Ә.Жангелдин өз ес­те­лігінде кан­дидатурасының төр­ағалыққа ұсыныл­ғанын айтады. Бірақ, делегация өкілдері И.Ста­линге С.Пестковскийді төраға етіп тағайындау туралы өтініш жасады. Неге қазақты тағайындамасқа деген И.Сталиннің сұрағына қа­зақтардың арасында әртүрлі топ­тардың күресінің ушығып тұр­ғанын айтып, «нейтралды» адамның төраға болғаны дұ­рыс деген жауап айтылады. Осын­дай фактілердің барлығы – қазақ зиялыларының бірауыздан мем­лекеттік билікті алып кетуге да­йын еместігін, олардың ұлттық мүд­де жолында біріге алмағанын көрсетсе керек.

Міне сондықтан да 2020 жыл – Қазақ Республикасына 100 жыл толатын тарихи да саяси маңызы зор мерейтой жылы. Біз, Алаш ұрпақтары, бүгінгі еліміздің негізін қалауға бүкіл саналы ғұмырын сарп еткен ата-бабаларымыздың ерлігі мен тарихи қызметін лайықты бағалап, олардың аруақтарына тағзым етуге міндеттіміз.

У.М.Джолдыбаева Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті

Н.М.Тастеев Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің География және табиғатты пайдалану факультетінің 1-курс студенті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар