БІРІНШІ БӨЛІМ
КӨКІНАЙ
Тау бөктері тұтасқан жабайы алма болатын. Соғыс жылдары біз, жас балалар, қалың бөргезге қол-аяғымызды қызыл ала жоса ғып жырғызып, ұзақты күнге алмадан алма таңдап, сол бөктерде тентіреп жүруші едік. Қышқылтым ақ алма тістегеніңде мұз шайнағандай қаршылдайтын. Сәлден кейін тісті қамап қалатын да зар қақтырып бастырмай тастайтын. Сонда да жейтінбіз Тапшылықта қабысқан қарынды алмамен болса да істелеп жұбату керек. Ішіміз көгеріп, ауырсына ыңқылдап жататын кезіміз де көп еді. Қоңыр самал соғатын, итмұрын, қарақат, бөргездердің неше алуан иісі аңқитын. Бірақ ақ алманың — жабайы алманың қымыз иісі бәрінен де ерекше еді. Қай жағыңа қарасаң да бұтақтары сынып кетердей боп иіліп, көзді арбаған ақ алма сықасып тұратын. Тістеріміз жарқырап, қашыр-қашыр шайнайтынбыз.
Кешке қарай өрістен қайтқан малмен бірге, алма толы бір-бір дорба-қоржындарымызды арқалап біз де ауылға бет алатынбыз. Ауылдың желке тұсына жеткенде, жолымыздағы көлденең тұрған жалғыз түп үлкен алып алма ағашты айналып өтеміз. Ірі ақ алмалары жерге түсіп төгіліп жатады. Бірақ біз оған жолай алмаймыз. Өйткені, бұралқы қара қаншық соның түбіндегі үңгірді мекендеп алған, жылда күшіктейді де, бізді мүлде маңайлатпайды. Жақындап кетсек-ақ үңгір түбінен тістері сақылдап, ырылдап, зәре-құтымызды ұшырады. Қарақаншық жайында балалардың арасында рас-өтірігі аралас толып жатқан аңыз-әңгімелер де бар, кейде бірімізден-біріміз білгішсініп асып түсу үшін сол әңгімелерді жарыса айтатынбыз: Қарақаншықтың анасы қыран бүркіт пен құмай тазыдан туған желқұйын тұйғын екен, кезінде бұл төңіректе жортқан төрт аяқты аңнан аң қоймапты, қолтығында қанаты болған көрінеді, ал одан туған Қарақаншық та соғысқа дейін атағы жер жарған тазы екен; иесі Бәсен соғысқа аттанып, әйелі Жайдар көрші аудандағы төркіндеріне көшіп кеткен соң, Қарақаншық далада қаңғып қалып қойған; Жайдар өзімен бірге әкетпек боп қаншама әуреге түскенімен Қарақаншық жат жерге баспай қойыпты, тіпті бір жолы Жайдар әдейілеп іздеп кеп, қаңғып жүрген Қарақаншықты шақырып ап, алдына ыстық тамақ құйып, мойнынан құшақтай отырып жылап, кәдімгі адаммен сөйлескендей оған: «Мұның не, Көкінай-ау, менен неге қашасың? Не жаманшылығымды көрдің? Әлде көшкеніме қарсымысың? Бәсенім аман-есен қайтқан соң, әлі-ақ қайтып келеміз ғой бұл жаққа. Оған дейін бір жерде болайық та»,- деп назын айтыпты, сөйтіп, жіппен байлап жетектеп әкетіпті; бірақ бірер айдан кейін Қарақаншық үйренген жеріне қайта қашып келген екен; иемденгісі келген үйлердің бірде-біріне жоламай, алып алма ағаштың түбіндей ескі үңгірге барып паналапты, өзі алма жеуді үйреніпті, жылда жазда күшіктейді де, күшіктері бауырын көтерген кезде, ауылдың үлкендері жиналып келіп, Қарақаншықты бір шетке жасқап тастап, алдына ас құяды да өздері бір-бір күшіктен үлесіп алып кетеді, сөйтіп, айналасы екі-үш жылдың ішінде ауылдағы иттердің тең жарымы Қарақаншықтың тұқымы боп кетті. Ит жайын жақсы білетін Байдалы шал айтыпты деген бір сөз бар: осы Қарақаншықтың көп күшіктерінің ішінен біреуі ғана тұқымына тартып құмай боп тууы тиіс, ал күшік дұрыс қолға тап келсе жортқан аңды құр жібермейтін нағыз желқұйынның өзі болмақ.
Біз алым алма ағаштың түбінен әрі-бері өткен сайын: «Көкінай! Көкінай! Кә! Кә!» — деп Қарақаншықтың шын атын атап шақырамыз. Кейде ол үңгірден шығып тұмсығын көтеріп біз жақтан жеткен әуені иіскеп қойып, құйрығын бұлғаңдатады, ал кейде үңгірден тұмсығын бір қылт еткізеді де, қайтып көрінбей қояды.
Бірде Қарақаншық үш күн қатарынан мүлде көрінген жоқ, із-түзсіз жоғалды. Біз балалар: «Көкінайлап!» — алма ағаштың түбінде қаншама шуылдасып шақырғанымызбен үңгір жақтан еш дыбыс болмады. Ақыры біреулеріміз: «Мүмкін, өліп қалған шығар», екіншілеріміз: «Мүмкін сағынған соң Жайдардың артынан іздеп кеткен шығар» — десіп жорамалдар жасадық. Бірақ үңгірге жақындап, үңіліп қарауға ешқайсымыз батпадық.
Ертеңіне таңертең алып алма ағаштың түбінен бөктерге қарай өтіп бара жатқанымызда Қарақаншық көзімізге оттай басылып ұшырай кетті. Алма жеп жүр екен. Іші салбырап, біртүрлі аянышты бүрсектейді.
— Әй, әнең қараңдар, Қарақаншықты!
— Ой, байғұс-ай, тірі екен-ау!
— Көкінай, Көкінай! Кә, кә!
Бұл жолы Қарақаншық дағдысынша әуені иіскеп, құйрығын бұлғаңдатқан жоқ, тістерін ақситып сақ-сақ еткізіп ырылдап қойды. Ашулы тәрізді.
— Байғұс, ауру болу керек, бүрсектеуін.
— Жоқ, көрмейсің бе қарнын, емшектерінің салақтауын, осы дәуде болса күшіктеген сияқты.
— Рас-ей! Күшіктеген.
— Ур-ра! Қарақаншық күшіктепті! Биылғы күшігінің біреуін ін і аламыз! Ур-ра!
Онан соң бәріміз жерге шөке түсіп отыра қап, демдерімізді Ішке тартып тың тыңдай бастадық. Үңгір жақтан жас күшіктердің әлсіз ғана шиық-шиық қыңсылағандары естілді. Сол арада дереу үйден қалтамызға салып шыққан азын-аулақ нандарымызды жинап, Қарақаншыққа тастадық. Байғұс, әбден ашыққан екен, көзі қып-қызыл болып «ыр-ыр» етіп нанды қомағайлана асайды.
Бұл күн біз үшін мейрам болды. Төскейде алма теріп жүріп айтатын екі әңгімеміздің бірі Қарақаншық төңірегінде: соның соғыстан бұрынғы ел аузына тараған алғырлық даңқы жайлы, әрқайсымыздың үйіміздегі оның күшіктері туралы, олардың анасына тартқан кейбір ерек қылықтары туралы айтып тауыса алмаймыз. Бірімізден біріміз асып түскіміз келеді.
— Байдалы шал айтқан құмайы күшігі меніңше осы жолы туған болу керек, — дейді Сыпатай деген бала білгішсініп. — Өйткені, үш күн бойы көрінбей жатып күшіктеуі тегін емес.
— Ендеше мен өзім осы жолғы күшіктерінің ішінен таңдап алам.
— Мен де осы жолғы күшігінен алам.
— Онда естеріңде болсын, құмайы болатын күшік өте нәзік, әлсіз боп туатын көрінеді.
— Өй, сен де соғады екенсің.
— Мен соғып тұрғам жоқ, со Байдалы шалдың айтқаны. Өйткені, күшік нәзік, әлсіз болса кейін желқұйын болуы оп-оңай.
Өстіп дуылдасып жүріп кештің қалай түскенін де аңғармаппыз. Дорба, қоржындарымызды арқалап ауылға қайттық. Дәл алып алма ағашқа таяғанымызда алдымыздан шаң-шұң айқай, қыз баланың зар қағып жылағаны естілді. Жүгіре басып бәріміз жотаға көтерілдік: алып алма ағаштың түбінде, қолында көк шыбығы бар Сыпатайдың апасы Бүбітай Тоштан деген жетім қызды шырылдатып қуып жүр екен. Тоштан біздерден бірер жас үлкен тұлдыр жетім қыз, шешесі жағынан ағайындас болған соң, Бүбітай оны қолына кіргізіп алған еді. Ертеден кешке дейін үй шаруасын істететін. Міне, сол Тоштан қолында күрегі бар, зар еңіреп қашып жылап жүр.
— Апатай-ай, апатай... Басқа не айтсаңыз да істейін, бірақ мұныңызды істей алмаймын, апатай... Обал ғой, апатай... — деп жылайды.
— Мен саған көм деймін, жаман қар! Сүтті ішкізген, нанды жегізген сенсің, енді көм, кәне! Мынау тілімді ала ма-ей, жоқ на?! — деп, көк шыбықпен қызды тартып-тартып қалды.
— Көмбеймін, апатай! Көмбеймін! Өлтірсеңіз де көмбеймін! — деп Тоштан қолындағы күректі лақтырып тастады да, жаңағы біз келген бөктерге қарай шырқырап қаша жөнелді.
— Ұстаңдар, ана қарды! Ұстаңдар! — деді Бүбітай соңынан ұмтылып. Біз тегіс дорбаларымызды тастай сала Тоштанның артымнан қуған болдық, бірақ сирағы ұзын қыз жеткізсін бе, лезде қалың бөргездің арасына кіріп адастырып кетті. Оны жер-жебіріне жетіп біраз қарғап, сілеген Бүбітай алып алма ағаштың, түбіне қайта оралып, әлгінде Тоштан лақтырып тастап кеткен күректі алды. Аңтарылып тұрған біздерге, бүгін түсте Қарақаншықтың есік ашық қалған кезде ауыл үйлеріне кіріп бір қазан сүтті ішіп, бір таба нанды жеп кеткенін айтты және бүйте берсе кейін күшіктерінің бәрі ұры боп өсіп, ауылға ұры иттер қаптап кетеді деді.
— Ондай болса мен ол Қарақаншықтың өзін де өлтіремін, — деп қоқиланды Сыпатай.
Біз үңгірге жақын келіп үңіліп қарағанбыз: бес-алты жас күшік біріне-бірі ұйлығып ұмар-жұмар боп шиық-шиық қыңсылайды. Қарақаншық бұл маңайдан көрінбеді.
— Әдіре қалғыр, иесі жоқ қаншықтың күшіктей бергені қайбір жақсылық дейсің, — деп кеп, Бүбітай үңгір аузын күрекпен опырып, ішіне қарай құлата бастады. Үстеріне ауыр кесектер құлаған жас күшіктер жылаған балалардай баж-баж шаңұлдасып қыңсылайды. Бүбітай қарулы әйел еді, алма ағаш түбінің лезде астаң-кестеңін шығарып, үңгірді жермен жексен ғып бітеп тастады. Әуелде қатты қыңсылағандарымен күшіктердің үні де тез өшті. Біз, балалар, бір-бірімізге жаутаңдап қарағанымыз болмаса осының бәрін бастан-аяқ үнсіз бақыладық та тұрдық. Онан соң Бүбітайға еріп, шұбап ауылға қайттық. Ымырт үйіріліп қалған. Артымызға қайырылып қарай береміз.
— Әне, Қарақаншық келді, — деді бір бала сыбырлай сөйлеп.
Алып алма ағаштың түбінде жер иіскелеп Қарақаншық жүр екен. Бір-екі рет әлдекімді шақырғандай үріп-үріп қойды, онан соң қыңсылады, жер тырмалап ұлыды.
Ертеңіне таңертең тұра сап біз — балалар алып алма ағаштың түбіне тартқанбыз. Әуелі алыстау тұрып:
— Көкінай! Көкінай! Кә! Кә! — деп шақырып көрдік. Бірақ Қарақаншық еш дыбыс бермеді, көрінбеді де. Біз қорқақтай басып үңгірге таяп келдік: кешегі Бүбітай көміп, тегістеп кеткен үңгір қайта қазылып, іштегі топырағы қобырап сыртқа шығып қапты. Жақын кеп үңілдік: бірде-бір күшік көрінбеді. Сірә, Қарақаншық әлі де болса күшіктерін басқа жаққа қазып әкеткен сияқты. Төңіректі тегіс шарлап, кешке дейін іздеп көрдік, бірақ Қарақаншықты да, оның өлі күшіктерін де таба алмадық.
Қарақаншық со күйі ұшты-күйлі жоғалды. Біз біраз уақытқа дейін сөз қылып жүрдік те, кейін ұмыта бастадық. Алып алма ағаштың алмасы өзімізге қалды. Үйден шыға саламыз да, күні бойы соның түбінде боламыз, асық ойнаймыз, онан қала берсе үңгірді кеңейтіп, түбіне сабан төсеп үйшік жасаймыз.
Күзге қарай алып алма ағаштың ақ алмасы сарғылданып, уылжып пісе бастады. Қанша жесең де тісіңді қармамайды. Дорбаға толтырып үйге әкелгеніңше езіліп кетеді. Ортасынан тіліп, жіпке тізіп қақ жасаймыз. Ауыл балалары тегіс жиналып күнде тасимыз алманы. Аз күннің ішінде алма ағаштың алмасы тек биіктегі бұталарының ұшар бастарында ғана қалды. Созсаң қол жетпейді, сілкісең түспейді. Басқа алмалар сарғылданып піскенде, әлгі биіктегі алмалардың бір бүйірлері шиқандай боп қызарып, көздің жауын алады. «Шіркін-ай!» — деп аузымыздың суы құрып қызығамыз. Бір күні Сыпатай сол ұшар биіктегі қызыл алмаларды алам деп, тоқтау айтқанымызға бой бермей, алып алма ағаштың төбесіне өрмелеп шықты. Қызыл алмаларға жетіп, енді қол соза бергенде, аяғын тіреп тұрған бұтақ сынып кетіп, төмен қарай құлап түсті. Балалар шу ете қалдық. Жүгіріп жанына барсақ, көкпеңбек боп, тыныстай алмай бүгжиіп қапты. Бір-екі бала аттандап ауылға қарай жүгірді. Ағыл-тегіл еңіреп Бүбітай жетті. Баласын жерден көтеріп алған, былқ-сылқ етіп ыңыранғаны болмаса тілге келмеді.
Сыпатайдың өлімінен кейін шешелеріміз бізді алмаға жіберуді қойды. Бөктерге қарай аяғымызды қия басудан қалдық.
Сол екі арада қыс түсті.
Біздің ауылдың әу баста колхоз боп қалай ұйысқанын біз — кейінгі жас ұрпақ тек үлкендер айтқан әңгімелерден ғана білеміз. Жоңғардың жықпыл-жықпылдарында шашылған тарыдай қысы-жазы бытырап көшіп жүрген көшпелі жұрт жиырмасыншы жылдардың аяғында әр тұсқа кеп, жиырма-отыз түтіннен бірігіп қоныс теуіп, артельдер құрыпты. Сөйтіп, отырықшылыққа айналған. Онан колхоз болған. Ал кейінде туған біздерге сол колхоздар адамзат жаралған күннен бастап құрылғандай боп көрінетін.
«Бай», «кедей» деген сөздерді үлкендер аузынан естігеніміз болмаса, мағынасына онша түсініп жатпайтынбыз. Біздер үшін колхоз бастық бар, бригадир бар және қатардағы жәй колхозшылар бар. Бай боп тұрған ешкім жоқ, және бір кезде, яғни біз тумастан не бәрі он-он бес жыл ғана бұрын бүкіл бір ауылдың малы тегіс бір адамның меншігі болды деген ақылымызға онша сыймайтын. Қалайша дейміз: бір адам сонша малға жалғыз өзі ғана ие болады, колхозшылары болмаса ол малдарын қалай бағады? Әлі жететіндер барып ондай адамның өзін ұрып-ұрып, көп малдарын бас салып тартып алмай ма екен, дейміз. Сондай-ақ ішерге асы, киерге киімі жоқ тақыр кедейлер болды дегенге де сенбейміз. Ондай адам бір-ақ күнде аштан өліп қалмай ма деп ойлайтынбыз.
Әйтеуір қалай болған күнде де біздер үшін өзіміз тумастан бұрынғы өткен өмір ертегі-аңыз боп қана көрінетін. Ал біздің ауылдың өткені аңыз әңгімелер өте көп еді. Кейде соның қайсысының расында да болғанын, қайсысының ойдан шығарылғанын айыру қиын болатын. Біздер үшін оның бәрі де қызғылықты қымбат еді, елтін отырып тыңдайтынбыз.
Біздің ауыл Алмалы деп аталады, өйткені жердің атын, жабайы алма сыңсып өскен тау бөктерін солай деп атайды. Колхоз ұйысқанға дейін бұл тауда жабайы алманы қорек етіп аю өріп жүреді екен. Сондықтан болар, кейбір үлкендер күні бүгінге дейін жабайы алманы аю алма деп атайды. Ол кезде алма жегісі келгендер жүйрік атпен кеп, алманы ат үстінде тұрып жинайды екен. Егер адамның алманы үзіп жатқанын бір аю көріп қалса, қазандай тасты көтеріп ап, ақырып қуатын көрінеді. Сонда бүкіл Алмалы бойының аюлары тегіс үн қосып: «Біздің алмамызда адамзаттың ме қақысы бар», — десіп долданысып, жер-көкті азан-қазан етіп, тітірентіп жібереді екен. (Әжеміз осы әңгімені айтып отырған кезде біздердің зәреміз ұшушы еді).
Бір көрімі, біз туған кезде сол өріп жүрген аюлардан із де қалмапты. Ол кезден қалған бір ғана белгі, әлгі алып алма ағаштың түбіндегі үңгір ғана. Оны аюлардың патшасы мекендепті. Екі адамның құшағы әзер жететін кәрі алма ағаш о баста киелі саналған көрінеді. Ары өткен, бері өткен көшпелі ел әлгі киелі ағашқа қызыл байлап, яки теңге тағып өтетін бопты. Ал аюлардың патшасы сол ғұрыпты түсініп, ондай адамға тимейді екен.
— Ол алма ағаштың түбінен өткендеріңде ең болмаса шүберек іліп кетіп жүріңдер, — деп қоятын әжеміз.
— Түу, әже, соған да сенесіз бе? Киелі түгі де жоқ, — дейтін сондайда Нәзира әпкем.
— Тек әрі! Тіліңді кесейін бе осы! — деп әжем зекіп тастайтын.
— Әжеміз діншіл адам. Ертелі-кеш аузынан «алласын» тастамайды. Бес уақыт намаз оқиды, ең соңында ылғи күбірлей сөйлеп: «Е, жаратқан, ондағысына онда, мұндағысына мұнда бір өзің медет бола көр», — деп қоятын. Онан соң жапырлай қарап тұрған бізге: «О, жаман түгелер, кәне, алақандарыңды жайып көкемізді аман қыла көр деп, жақсы тілеу тілеңдер» — деп бұйыратын. Біз жапатармағай қолымызды жайып: «Көкемді аман қыла көр», — «Көкемді аман қыла көр», — деп әлденеше қайталап тілеу тілейтінбіз. Сүмірейе қалған түрлеріміз күлкілі болу керек, үй шаруасын істеп жүрген Нәзира әпкем шыдай алмай мырс ете беретін де, зытып далаға кететін.
— Осыған бірдеңе көрінетін шығар. Ой, пәтуасыз неме! — деп әжем оның соңынан күйіп-пісіп қалатын.
Тегінде, әжем мен Нәзира әпкем екеуінің арасында ымыраға келмес алшақтық болушы еді. Әпкем әжемнің әрекеттерінің бәріне, әсіресе діншілдігіне күле қарайтын да, соны сезіп қалатын әжем оған күйіп-пісіп ыза болатын.
Нәзира әпкем соғыс басталардың алдында аудан орталығында оқып, жетінші класты бітірген. Онан әрі оқыған жоқ. Көкем әскерге кетісімен апама қолғабыс етем, төрт ұсақ бала мен әжемді асырауға жәрдем етем, деп үйде қалды. Қысы-жазы апаммен бірге жүріп колхоз жұмысын істейді. Осыдан үш жыл бұрын ілмиген ап-арық қыз еді, бүгінде қол-аяғы балғадай бойжеткен болды. Көрші-қолаң кемпір-шалдың бәрі:
— Па, шіркін, қыз өссе Нәзирадай боп өссін. Бір үйдің ер-азаматын жоқтатпас! — деп тамсанады. Сондайда араға әжем килігеді.
— Осы жұрт сұқтанбаса жүре алмайды-ау деймін, түге. Қызымды ауыртасыңдар тфәй деңдер, — дейді. Онан соң үйге кіріп, қазандықтың күйесін саусағына жағып қайта шығады, — Әй, Нәзира, бері келші.
— Немене, әже?
— Бері кел!
Аңқалақтап жүгіріп келген Нәзира әпкем:
— Иә, не айтасыз? — дейді әжемнің неге шақырғанын біле тұра.
— Еңкейші бері, құлағыңа бірдеңе айтайын.
Нәзира әпкем еңкейген кезде әжем саусағындағы күйені оның бір жақ шекесіне болар-болмас жағып қояды.
— Болды, бара ғой.
— Түу, әже-ай, осыған бола жұмысымнан бөліп. Маған ешкімнің көзі де, тілі де тимейді.
— Тәйт әрі! Күпір сөйлеме!
Балалық шақтан әсіресе мықтап жадымда қалғаны: көктемге қарайғы апам мен Нәзира әпкемнің жұмыстан шаршап титықтап қайтқан кейіптері. Күн ұзын соқамен жер жыртып, қара суықта өңдері қап-қара боп тотығып, шаң-топыраққа батып, әбден қалжырап қайтатын. Апамның белінің шойырылмасы бар еді, сол жанына бататын болса керек, қабағы кіржиіп күйзелген кескінмен өзін салқын ұстайтын, қарсы алдынан жаутаңдап өре түрегелгенімізде ешқайсымызға түс жылытып, еркелетпейтін. Ләм-мим деместен тас қып байлап алған белін шешетін де пештің іргесіне барып, қашан белінің сырқырағаны басылғанша қозғалмай отыратын да қоятын. Сонан кейін ғана божылдай қайнаған шәугімді алдына алып, маңдайы терши түсіп, тұз қосып, ақ су — шай ішуге кірісетін.
Төсек салып, жатар алдында апам мен Нәзира әпкем екеуі қол диірменді орталарына алып, ертең пісіретін нан үшін үн тартуға кіріседі. Біз ұсақ балалар тауықтың балапандарынша шүпірлеп кем әжеміздің бауырына кіреміз. Бізді ұйықтату үшін әжеміз ұзақ ертегі бастайды.
Үйдің іші ала көлеңке. Жалп-жұлп етіп сығырайып жанған май шамның жарығы қуыс-қуысқа жете бермейді. Ірге жақтар күңгірт тартып зәремізді ұшырады, әжемізге қарай тығыла түсеміз. «Әже, бері қарап жатшы», «Әже, мен жаққа қарашы», — деп ор тұстан тартқылап қоямыз. Апам мен Нәзира әпкем екеуінің әңгімелері өздерінше, қол диірменді бір қалыпты баяу ғана айналдыра отырып, колхоздың жұмысы жайлы, соғыс жайлы екеу ара күңкілдеп сөз етеді. Ол екеуінің әңгімелері бізге онша қызықты емес. Кейде әжеміз, айтып жатқан ертегісін үзіп тастап:
— Тұқымды сеуіп болдыңдар ма? — деп сұрайды апамнан.
— Жоқ. Кіші Ақбелге ертең түсеміз, сонымен боламыз, — дейді апам даусын көтере үн қатып.
— Тездетсеңдерші, топырақ құрғап кетпесін.
— Адам жетіспей жатыр емес пе.
— Е, жаратқан бір алла... Кіші Ақбелге биыл не себетін едіңдер?
— Тары.
— Ә, жөн. Ол жерге тары жақсы өседі. Баяғыда Жәпіш деген жатақ сол Кіші Ақбелге бір қап тары сеуіп, жиырма-отыз қап қып жинап алатын.
Мұнан әрі әжеміз ертегісін қайта жалғастырып әкететін. Кейде әжеміз апам мен Нәзира әпкемнің әңгімелеріне құлағын түріп тына қалатын.
— Сонан кейін не болды, әже?
— Ары қарай айтсаңшы! — деп біз әр бүйірден қыңқылдай бастаймыз.
— Жо, түге, қоя тұрыңдаршы, сөз тыңдайын.
Өздерінің әңгімелерін әжемнің де тыңдап жатқанын білген Нәзира әпкем мұнан әрі естірте сөйлейді.
— Бүгінгі келген газетте біздің әскерлер Украинаның екі үлкен қаласын жаудан азат етті деп жазыпты. Дұшпанның қаншама әскерін, соғыс құралдарын, техникасын жойған көрінеді. Кескілескен ұрыс дейді.
— Е, алла, өзің жар бола көр... Әлгі көкеңдер қай жағында жүрген көрінеді?
— Көкем Солтүстік батыс майданда ғой.
— Әйтеуір, әлгі кескілескен жерден аулақ болсын да, сөйдеп жазсаңдаршы.
Осы кезде көшеден аттандаған әйел даусы шығып, ауыл үйдің арасы шаң-шұң болды да кетті.
— Ойбай, тағы не боп қалды?! Тағы қай сорлының үйіне жаманат келді?! Нәзира-ау, жүгір! — деді әжем басын көтеріп.
Нәзира әпкем атып далаға кетті. Апам диірмен тасты төңкеріп, тартылған ұнды жинап тегешке салып, үсті-басын қаққыштай бастады.
— Әлгінде кешкісін ғана ауылсоветте болғанымда ешқандай жаманат хабар жоқ сияқты еді ғой, — деп қояды.
Әлден соң Нәзира әпкем қайтып оралды. Көзі бағжаңдап ентігін баса алмайды.
— Бүбітай жынданыпты, — деді.
— Тек әрі, не дейді?! — деді әжем мен апам қосарлана тіксініп.
— Рас. Жаңа кешкісін өрістен қайтқан сиырын сауыпты да, сүтін астауға құйып есігінің алдына шығарын қойып, онан соң өзі соған қарап мөлиіп отырған. «Мұның не?» — десе, «пісіріп отырмын», — депті. Сөйтіпті де аттандап жылап, өзінің бетін өзі тырнай бастапты.
— Астапыралла! — деп көкірегін ұстаған әжем күбірлеп дұға оқыды. — Айтып ем ғой, Көкінайдың қарғысы жібермес деп, айтып ем ғой.
Сөйтіп, келер жылы көктемде Бүбітай жынданды. Ертеден қара кешке дейін есігінің алдына шығып отырып алады да зарлап өлең айтады. Жылайды, күйеуінің, баласының аттарын атап аттандап дауыс салады. Өзі қара қайыстай боп қатып-семіп, түрі адам шошырлық күйге түсті.
ТОҚТАР МЕН НӘЗИРА
Сол жылы көктемде мен Нәзира әпкемді аңдитын әдет шығардым. Оным жақсы ма, жаман ба, дұрыс па, әлде бұрыс па,- ол жағын білмеймін. Әйтеу, ол ауыл үй арасы қайда барса да мен жансызданып, сыртынан бақылап жүрем: ауыл шетіндегі бұлаққа суға барғанында көрінбей соңынан ілесіп бұта-бөргездердің тасасында тұрам, екі кештің арасында көршілерден сүт, яки ыдыс-аяқ сұрай кіргенінде бұрыштағы тасадан және аңдимын. Ол болса менің бұл қылығымды әжем мен апамнан көретін, мені өзінің соңына солар салып қойды деп ойлайтын. Ал шындығында әжем де, апам да маған ештеңе айтқан емес, аңдитұғын менің өзім. Себебі соңғы кездерде мына ойдағы қауын салатын Шымырбай шалдың баласы — Тоқтар біздің үйді төңіректеп шықпайтын боп алды. Нәзира әпкемнің соңынан қалмайды. Екеуі жанаса кетсе-ақ ыржақ-ыржақ күлісіп, жәпектеп кеп сөйлеседі. Не сөйлесетіндерін кім білсін, әйтеуу бірінің-бірі аузына кіріп кете жаздайды.
Тоқтар — ұзын бойлы, ақсары өңді, сұлу жігіт. Үлкендер оны әлі бала дейді, бірақ біздерге ол үлкен жігіт сияқты көрінеді: биыл өзіне мұрт өсе бастаған. Оның мұртын байқамас та едім, бірде біздің үйдің алдынан өтіп бара жатып, есік алдында күн шуақта жүн иіріп отырған әжеме:
— Амансыз ба, әже?! Деніңіз сау, күйлі-қуаттысыз ба? — деп амандасқан болатын. Ал өзіне бүйтіп сәлемдескен адамға әжемнің жаны қалмайтын әдеті.
— Әй, бұ қай баласың? — деген.
— Мен, Тоқтармын ғой, әже.
— Шымырбайдың Тоқтарысың ба?
— Иә.
— Ой, айналайын, өркенің өссін, қарағым, — деп әжем әбден разы боп қалған.
Ал Тоқтар:
— Ағадан хат кеп тұра ма? — дегенде әжем оған мүлде қулап түскен еді.
— Кеп тұрады, қарағым. Кеп тұрады. Әй, Нәзира! — деген онан соң дауыстап. — Айран алып шықшы мына Тоқтарға.
Тоқтар алғыс айтып кете бермек болып еді, бірақ әжем жібермеді.
— Қарағым, есік алдынан құр ауыз өткенің болмайды, дәм татып кет, — деді.
Нәзира әпкем іштен бір тостақан айран алып шығып ұсынды. (Бұл күні ол үйдің ішін тазалап, кір-қоңды жумақ боп жұмысқа бармай, сұранып үйде қалған). Тоқтар айранды асықпай ұрттай отырып, әжеммен біраз әңгімелескен.
Мен болсам Тоқтардан да, Нәзира әпкемнен де көз жазбай, бұлар қайтер екен деп, екеуіне алма-кезек қарап байқастап тұрдым. Қуларын-ай десеңші, әжемнің көзінше екеуі де түк білмегенсіп сызыла қалыпты. Бір-біріне тек көздерінің астымен ғана қарап қояды.
— Қарағым өзің әйтеу әскерге шақырғаннан амансың ба? — деп сұраған әжем.
— Қыста бір рет шақырған, жасым әлі толыңқырамапты. Енді осы жазда шақыратын шығар.
— Е, алла-ай, тал шыбықтай бұралып енді жеткендеріңде сендерге де ауыз салды ма?! Қу соғыс, қараң өшкір пәшис?.. Әй, Нәзира, тағы құйып әкеп бер, айран!..
— Рақмет, әже, тойдым.
Есік көзінде тұрған Нәзира әпкеме Тоқтар босаған тостақанды қайтарып беріп жатып:
— Рақмет, — деді сыбырлап. Нәзира әпкем көздері күлімсіреп басын изеді.
«Ой, қуларын-ай» деймін-ау!
Сол жолы Тоқтар кеткеннен кейін де ойында басқа дәнеңе жоқ әжем баяғы «қу соғысты», «қараң өшкір пәшисті» қарғап-сілеп ұзақ отырды, бір ауық әскердегі баласын (біздің көкемізді) есіне алып, жылап та алды.
Кешкісін апам жұмыстан қайтып, шайға отырғанымызда, әжем сөз арасы:
— Апыр-ай, әлгі Шымырбайдың баласы мұрты өсіп, зіңгіттей азамат бопты, — деген тамсанып.
— Оны қайдан көріп жүрсіз? — деп сұраған апам.
— Бағана есік алдында жүн иіріп отырғанымда кеп, өзі амандасты. Тіпті бір инабатты боп өсіпті: «Ағадан хат кеп тұра ма?» — дейді.
— Ол мұнда неғып жүр? — деп апам Нәзира әпкеме көзін аларта қараған. Нәзира әпкем жерге кірердей боп қысылды.
— Білмеймін. Әжем екеуі сөйлескен, — деді.
— Е, есік алдынан өтіп бара жатып амандасқаны ғой, — деді әжем, апамның сөзіне мән бермей. — Шіркін-ай, тал шыбықтай бұралып өскенін қайтейін, биыл жазға әскерге шақыртпақ еді дейді.
— Оған қайдағы әскер, — деген апам немқұрайлы сөйлеп, — әлі екі жылы жетпейді. Біздің мынадан, — деп апам Нәзира әпкемді нұсқап қойды, — үш айдай ғана үлкендігі бар. Тоқтар жазға салым туды да, мынау күзде туды емес пе?!
— Онысын қайдан білейін, маған өзі қыста бір шақыртып, жасым толмай қалғам, енді осы жазға шақыртады деді. Сөйдеді емес пе, Нәзира? - деп әжем әпкеме қарады.
— Иә, — деді Нәзира әпкем. — Ол анау жылы комсомолға өтемін деп екі жасты қостыртып жазғызған болатын.
— Ә-ә, — деп апам аңырып қалды. — Қап, әттегене-ай, а...
— Әй, бірақ өзі де сүйекті бала екен, — деді әжем. — Тіпті алпамсадай ғой.
Міне, сонан бері мен кездескен жерде Тоқтардың мұртына қараймын. Әрине, жақыннан абайлап, үңіліп қарасаң мұрты онша мұрт сияқты боп көрінбейді екен, жаңада ғана тебіндеген ұп-ұсақ, сирек-сирек, ал алыстау тұрып қарасаң, екі ұртының үстінен әп-әдемі боп қиылып, ақсары өңіне ерекше жарасып тұрады. Жұрттың бәрі өзін жақсы көреді. Мен ғана онша ұнатпаймын. Өйткені, ертеңді-кеш Нәзира әпкемді жағалай беруі ұнамайды.
Әнеу бір күні Нәзира әпкем бұлаққа суға барған кезде, мен де соңынан көрінбей ілесіп барып, анадай жердегі қалың бөргездің тасасында тұрғам. Бір мезетте атын суғармақ боп Тоқтар жетіп келді. Бірақ атын түк те суарған жоқ. Ал кеп Нәзира әпкем екеуі сөйлессін, сықылықтасып кеп күле ме-ау, бір-бірінен асып түскілері келгендей ауыздары-ауыздарына тимей, әй, жарысып сөйлейді. Қол-аяғымама бергөздің тікендері инеше қадалғандарына қарамастан, «Осылар не сөйлеседі екен, осы?» — деп сөздеріне құлағымды түріп, жақындау келгем. Сөздерінің пәлендей қызық, соншама мәз боп күлетіндей ештеңесі де жоқ екен, баяғы мектепте оқыған күндерін, кімнің сабақ үстінде қалай отырғанын анау өйтуші еді, мынау бүйтуші еді деп, соны сөз қып тұр екеуі де. Тіпті бұлақтың басында тұрғандарын да ертең ауыл арасы өсек етер сырт көз барын да мүлде ұмытқан өздері.
Шыдай алмай кеттім, жұдырықтай тас алдым да екеуінің дәл ортасына лақтырып жібергем, екеуі де селк етіп, сасып қалды. Тасты қай жақтан, кім лақтырғанын біле алмай аң-таң. Мен тағы тас лақтырдым. Осы кезде ғана Нәзира әпкем өзі мені көре алмаса да, мен жасырынып тұрған қалың бөргез жаққа қарап:
— Әй, Қанат, көкшешек, қой енді, әйтпесе желкеңді қиям, – деді.
Тоқтар бірдеңе деп күңкілдеп сөйледі де тез атына мініп, түк білмегендей желдірте жүріп кетті. Нәзира әпкем иінағашпен суын көтеріп, мен жаққа қарай тағы бұрылды да:
— Шық бері, жүр! — деді.
Мен бөргез арасынан шыққам жоқ, со жасырынған күйімде қала бердім.
— Сені ме, бәлем, тұра тұр! — деді әпкем.
Бірақ Нәзира әпкемнен қорқып жүрген мен жоқ. Шындасам оның жігітпен сөйлескенін әжем мен апама айтып, жанын шығартам ғой. Сондықтан күштің өзім жақта екенін жақсы білетінмін.
Кеше доп қуудың қызығымен кештің қалай түскенін білмей, ымырт үйіріле ойыннан қайтып келе жатқам, дәл өзіміздің сиыр қораның іргесіне жете бергенімде, бұрышта сөйлесіп тұрған екеудің үстінен түскенім. Тағы да со Тоқтар мен Нәзира әпкем. Тоқтар Нәзира әпкемді білегінен ұстап ап, жібермей тұрған сияқты.
— Қойшы, Тоқтар, сүйіскен деген не ол, ұят емес пе. Айтып тұрмын ғой енді, өмір бойы сендікпін деп, сенсеңші сөзіме.
Тоқтар бірдеңе-бірдеңе деп сыбырлай күңкілдеді.
— Қойшы, жіберші. Үйден біреу шығып қалса, құртады мені.
Қараңғыда еңкейіп жүріп қолыма іліккен кесекті ала салдым да лақтырдым. Тоқтар Нәзира әпкемді жібере салды да, әрі қарай қаша жөнелді, ал Нәзира әпкем үйге қарай зытты. Жолында тұрған мені қағып кете жаздады.
— Көкшешек, аңдығаныңды қашан қоясың осы?! Желкеңді қияйын ба!
Қиып көр, — дедім мен.
— Қиямын, — деп кеп ол желкемнен ұстай алды. Қолы мұндай қатты, қарулы болар ма, мытып жіберді. Мен еркексініп айбат білдіріп бұлқынып көріп едім, босатар емес. Онан сайын сығымдай түседі.
— Қоясың ба, аңдығаныңды?
— Қоймаймын.
— Мә, ендеше қоймасаң, мә...
Желкемнен со сығымдап қысқан күйінде, май құйрығымнан бір-екі рет тартып-тартып жіберді. Ұрғаны қаудырлаған тері шалбардан онша өте қойған жоқ, бірақ желкемнен қысқаны жиырма бата бастады.
— Әже-е! Апа-а!.. — деп бақырып жібердім.
Нәзира әпкем жібере салды.
— Қоймасаң, көрдің ғой, алатын сыбағаң осы!
— Мен қазір әжеме, апама айтам.
— Айтып көр!
— Айтам, — деп мен есікке беттедім.
— Қанат, тоқта! Жә, тиіспеймін. Әншейін әзілдегенім ғой, шынымен кек тұтып қалдың ба?
— Бәрібір айтам, Тоқтармен әнеу күнгі бұлақ басында тұрғаныңды да, жаңағы оның сені сүймек болғанын да... бәрін айтам қазір.
Есікке қарай шегіншектеп аттай түскем.
— Қанат, айналайын, не істе десең де істейін құлың болайын, — деді жаны шыға жаздаған Нәзира әпкем жалынып. — Рас, сен не істе десең де істейін.
Нәзира әпкемнің өзіме осынша жалынып, жалбарынғанына қыбым қанып, рақаттанып қалдым.
— Ал жарайды, — дедім өзімше күжірейіп. — Енді менің құлым боласың. Не бұйырсам да орындайсың.
— Орындаймын дедім ғой.
Осы арада оны құлым қылу үшін не бұйырсам екем деп ойладым да, қапелімде жөнді ештеңе ойлап таба алмадым. Тек:
— Бір аяғыңды көтеріп, бір қолыңа кірпіш ұстап тұрасың, — дедім.
— Не дейді?
— Біздің класта Мұқан ағай тәртіп бұзғанымызда бір аяғымызды көтертіп, бір қолымызға кірпіш ұстатып бұрышқа тұрғызып қояды. Сен де сөйтесің.
— Мақұл.
Үйге кірген соң қабағы салыңқы апам екеумізді де біраз қуырып алды.
— Сен қайда жүрсің, осынша түн жарымына дейін тентіреп?! — деп,әуелі мені тергеді.
— Ойнадық...
— Ойының осылсын, ойының осылғыр. Үсті-бастан сау тамтық жоқ, алым-жұлым боп. Шық былай, сүміреймей.
Осымен мен құтылдым. Енді апам Нәзира әпкеме ауысты.
— Сенің не ауруың бар осы, жұмсаған жерге жоғалып кететін. Мына тұрған үйден елеуіш әкеле қой дегеніме дәл бір шай қайнатым уақыт болған шығар.
— Елеуіштері бос емес, өздері ұн елеп жатыр екен, күтіп отырып қалдым.
— Әйтеу, сылтау тапсаңшы. Айтпады деме, бір күні шашың. ды талдап жұлам.
Нәзира әпкем зәре-құты қашып үндемейді.
— Неғып тұрсың енді селтиіп, еле анау ұнды! — дейді апам зекіп.
Осымен Нәзира әпкем де құтылады.
Біз, балалар, қарнымыз сыздағанша атала көжеге тойып, әжем мен апам маңдайлары терши отырып шөлдері қанғанша қаймақ қатып, тұз салып ақ су-шай ішіп болған соң, үй ішінде аса бір көңілді жақсы шақ орнайды. Қабағынан қар жауып тұратын апам да жадырайды. Басы Нәзира әпкем болып балалар бір-бірімізді түртпектеп ойынға кірісеміз. Әсіресе, мұндайда апам көрші үйлердің біріне шаруасы боп шығып кетсе тіпті рақат. Онда көзіміз ұйқыға кеткенше біраз асыр салып қаламыз. Әжеміз үйде ойнағанымызға әсте ұрыспайды.
Бүгін де апам бір шаруасымен бригадирдің үйіне барып келмек боп шығып кеткен. Апам кетісімен-ақ мен дереу Нәзира әпкеме қыдыңдауымды бастадым. Ол үлкендігін істеп бағынғысы келмей қиқаңдамақ болған. Мен:
— Әже десе, мына Нәзира әпкем әлгінде кешкісін... — дей беріп едім, әпкемнің жаны шығып кете жаздады.
— Қанатжан, Қанатжан, мен сенің құлыңмын ғой, — деп аяқ жағыма кеп отыра кетті.
— Ендеше, ана бұрышқа бар да бір аяғыңды көтеріп, бір қолыңа кірпіш ұстап тұратын бол, — деп бұйырдым.
Амалы қанша, Нәзира әпкем айтқанымды еріксіз орындады. Ауыз үйдегі ошақтың алдында күйе-күйе бос кірпіш жататын, соны алып кеп, бір қолына көтеріп тұрды.
— Мен ұйықтағанша сөйтіп тұрасың, — дедім де өзім шешініп, ұйқыға кірістім.
Сөйтіп, Тоқтар мен Нәзира әпкемнің бұ дүниедегі қас дұшпаны мен едім. Мен дегенде екеуінің де төбе шаштары тік тұратын. Қолдарына түскен жақсы заттары болса маған сыйлайды. Бір рет кешкісін ойыннан қайтып келе жатқанымда қарсы алдымнан Тоқтар шықты.
— Қанат, мә, қызыл қарындаш керек пе? — деді.
Қуанып кеттім.
— Керек, — дедім. Шынында да бояу қарындаш. Кәдімгі, Мұқан ағайдың біздің дәптерімізге баға қойып жүрген бояу қарындашы сияқты.
— Менде неше түрлі бояу қарындаштар көп, — деп қойды Тоқтар. — Керек десең бәрін де саған әкеп берейін.
— Әкеп берші.
— Қанат, Нәзира әпкеңді шақырып жіберші, аздаған шаруам бар еді.
— Мақұл, — дедім мен. — Тек ертең тағы бояу қарындаш әкелетін бол.
— Мақұл, — деді ол да.
Мен үйге кірсем бір жақсысы апам жоқ екен, ұсақ балалар әжемнің баурына тығылып ертегі тыңдап жатыр да (бұл көктемде мен өзімді есейдім деп біліп, бұрынғыдай әжемнің баурына кіріп жатуды қойғам, тіпті өйтуге намыстанатынмын), ал Нәзира әпкем жемпір тоқып отыр. Мен оған бояулы қарындашты көрсетіп қулана күлдім.
— Жүр далаға, — дедім.
— Немене, сыртымнан мені бір қарындашқа сатып келгеннен саусың ба? — деді ол да күле сыбырлап.
— Ол маған ертең тағы да әкеп беретін болды, — дедім.
— Ақымақ, — деп Нәзира әпкем мені шекемнен ақырын нұқып қойды.
Өзі дереу киіне бастады.
— Әй, қайда барасыңдар? — деген әжем.
— Мен сақамды жоғалтып алдым есік алдында, соны іздейміз, — дедім мен табанда өтірікті қиыстырып.
— Ә-ә...
Сыртқа шыққан соң мен екеуіне де өктем сөйлеп, өзімнің басымдығымды білдірдім.
— Тек сүйісуші болмаңдар және көп тұрмаңдар. Мен өзім бақылап тұрам, — дедім.
Және солай істедім де. Төрт-бес қадамдай жерде екеуінен көз айырмай қарадым да тұрдым.
— Иә, не айтасың? — деді Нәзира әпкем.
— Жәй, әншейін сені көргім кеп кетті...
Мұнан әрі екеуі де үндеген жоқ. Бір-біріне қарама-қарсы қарады да тұрды. Әлден соң Тоқтар әпкемнің қолынан ұстаған.
— Әй, әй, онша жақындаспаңдар! — дедім мен қатал ескертіп.
Екеуі менің ескертпеме күліп қана қойды. Ауыл арасы тым-тырыс. Терезелерден өлеусірей жанған май шамдар жылтырайды. Бақа шұрылдады. Бір сәт Бүбітайдың зарлаған даусы естілді.
Қара көзім,
Жете алмадым,
Жер шалғай,
Жалғыз өзім...
Менің өне бойым қалтырап, зәрем ұшып кетті. Қап-қараңғы мынау түн, жынды әйел салған зарлы ән, үн-түнсіз тұрған Тоқтар мен Нәзира әпкем... Екеуі тас боп қатып қалған сияқты.
— Әй, неге үндемейсіңдер?! — дедім.
— Қанат, қорқып тұрсың ба? Кел, біздің қасымызға, — деді Нәзира әпкем.
Мен екеуінің қасына барып тұрдым. Кенет Нәзира әпкем мені бас салды да қатты қысып тұрып бетімнен сүйіп алды.
Көп ұзамай етектен тауға қарай көшкен мал ауылға кеп жағалай қонып, төл аяғы жетілгенше көктеуде отырған. Мәре-сәре шуға толы қызықты кез туды. Ала қыстай сыз қорада үстері сауыс-сауыс болған қора-қора қойлар мол, тегін көкке жетіп, өлі жабағыларын сілкіп, бауырларын жазып, емін-еркін тойына бастады. Ауыл-аймақ тегіс жапатармағай қой сауып, аузымыз аққа бір жарыған еді. Сүт пен айранды күндіз-түн ішем десең еркің. ор үйдің қазанында бұрқылдап ірімшік-құрт қайнап, ашқұрсақ қарын бір майланған.
Біз, балалар, ертеңді-кеш қозы қайырысып, шешелерімізге сауылатын қойларды қосақтасқаннан кейін-ақ зытып отырып ауылдың сыртындағы тас қораға тартамыз. Мұнда колхоздың құмнан көшіп келе жатқан жылқысы қамалады. Ауылдың еркек кіндік атаулысы сонда жиналып, тай-құнандарды күзейді, жылқыға колхоздың таңбасын күйдіріп басады, әскерге жіберілетін аттарды іріктейді, асаулар үйретіледі. Осқырына жер тарпыған айғырлардың төбелесі, ойнақ салып жарыса шапқан тай-құлындар, бұғалық салған кездегі аспанға шапшыған асаулар — жатсақ-тұрсақ тауыса алмайтын әңгімеміз. Және де бәріміздің аузымыздың суы құрып сөз ететініміз — Тоқтар. Кәдімгі, маған күнде бояу қарындаш берігі «Нәзира әпкеңді шақыршы» деп жалынып жүретін Тоқтар. Бұ күндерде өзі қолы тимейтін болу керек, біздің үйді жиі торуылдауын қойған. Үш күн, төрт күнде бір:
— Қанат, өзің білесің ғой, бүгін уәделі жерде жолығайық, — дейді қулана жымиып. Сол күні мен ымырт үйіріле әр түрлі сылтау айтып Нәзира әпкемді ертіп шығамын да, өзім көз жазбай бақылап қарап тұрып, екеуін бір шай қайнатымдай ғана сөйлестірем. Онан соң Нәзира әпкемді алдыма салып үйге алып кірем. Екеуі менің осы қызметіме де өлердей риза. Өйткені мен болмасам өйтіп те кездесе алмас еді ғой, апамның қатал мінезі белгілі, Нәзираның жалғыз өзін мүлде тырп еткізбес еді. Менімен бірге шығатын болған соң күдіктенбейтін болу керек, апам онша қадалып, тексеріп жатпайды.
— Көп жүрмей тез қайтыңдар, — дейді де қояды.
Сол Тоқтар әскерге жарайды деп іріктелген аттардан күнде бір асау үйретеді. Небір жүген-құрық тимеген құр асауларға тақымы тиді-ақ болды, жалына мысықша жабысады да тастай қатып айырылмайды. Мейлі аспанға шапшысын, мейлі мөңкісін бірақ одан жығылар Тоқтар жоқ. Қайта біраз тулатып-тулатып алғаннан кейін қос өкпеге тепкілеп, әрлі-берлі ойқастата көсілтіп шабады, қамшыны да басады аямай. Сөйтіп, біраз шапқаннан кейін ала өкпе болған асаудың үсті-басы ақ көбік тер болып, сайтаны бастыға бастайды. Ал кешкісін құр осқырынғаны болмаса таңертеңгідей аспанға шапшуға де, мөңкуге де шамасы келмей титықтап кеп, кермеде ауыздықты күтір-күтір шайнап, таң асуға қаңтарылады. Ертеңіне кез келген адам ерттеп мініп, жүре беруіне болады.
Күн сайынғы Тоқтардың асау үйретуі біз үшін дүниеде теңдесі жоқ қызық көрініс. Тоқтарды да, ол үйреткен асауларды да менсінбейтін бір-ақ адам бар, ол — колхоздың бригадирі Байдалы шал.
— Тәйірі, осы күнгінің жылқысы жылқы ма, — деп насыбайды аузына тастап жіберіп, астыңғы ернін тырсита малжаңдап тұрып алады. — Сиырдың бас жібін ілмектеп мойнына тастай салсаң тұра қалады, ерттеп мініп ал да шаба жөнел, құйрығын шыжбыңдатып бір-екі шоқалақтайды да соныменен тынады. Шіркін-ай, бір асауға мінгендей боп тақымыңды қыса алмайсың ғой. Мына Тоқтарлардікі, әншейін асау үйретті деген аты ғана да. Баяғыда асауға төрт қабат арқаннан ескен бұғалықты тастап жіберіп, әлекедей жалаңдаған бес-алты жігіт өкшемізді қадап, шірене тартып, тұра қалатынбыз. Сонда әлгі асау аспанға тік шапшып сүйрете жөнелгенде етіктеріміздің ұлтаны қақырап кетуші еді. Жануарларды ұстағаныңда жылқыны емес тап бір жолбарысты ұстағандай болатынсың. Әне, асау деп соларды айтсаңшы!..
Байдалы шалдың әңгімелерін тыңдасаң, бұрын тумай, қазіргі заманда туғаныңа өкінесің. Бүгінгінің адамдары да қораш, малдары да азғын, ең аяғы иті екеш итіне дейін бұралқы. Ал біздерді — балаларды ол мүлде іске алғысыз деп біледі.
— Мұрындарын сүрте алмай жүрген осыларды қойшы. Баяғыда бұлардың жасында өзіміз отау тігіп, үй болып едік. Ал бұ түгелер ертеңнен қара кешке салпақтап киім тоздырып, ойнағаннан басқаны білмейді.
— Ата, сіз неше жасыңызда үйлендіңіз? — деп сұраймыз.
— Мен бе?! — ол аузындағы насыбайын алып тастап, түкірініп қойып, неше жасымда үйленгенін іштей есептеп сәл ойланып қалады. — Маған әкем алты жасымда қыз айттырыпты. Содан он толып, он бірге шығарымда ұрын барып, келер күзінде үйлендім ғой.
— Осы кемпіріңізге ме?
— Жоға тәйірі. Бұл кемпіріме кейін, бертінде совет заманында теңдік алған кезде үйлендім.
— Ал, әлгі, айттырып алған әйеліңіз қайда сонда? — деп біздер де қоймаймыз.
— Бәтшағарлардың тақымдауын сонша, — деп Байдалы шал шегір көздері жасаурай күлімсіреп бәрімізді сықпырта бір боқтап алады. — Қара бұларды қатын десе тақылықтай қалғандарын, оқуға осындай боп тақылдасашы, боқмұрын немелер... Кәне, аулақ жүріңдер, жылқыны үркітесіңдер!
Мұнан әрі ол сөйлескісі келмейді, қолындағы қамшысын үйіріп, жасқап біздерді тас қораның аузынан кейін қарай едәуір қуып тастайды. Оның қуғанынан кетіп жатқан біз жоқ. Біраздан кейін қайта қаумалап аламыз.
— Ата, әлгі бұрынғы айттырып алған әйеліңіз қайда, айтыңызшы? — деп тағы қиыламыз жан-жақтан. Әрине, біздерге шалдың бұрынғы үйленген әйелінің қайда екені бес тиынға да керексіз, тек оны тағы да сөйлетуге, әңгіме айтқызуға құштармыз.
— Немене, қайда екенін айтсам, барып ала қояйын деп пе едіңдер, қызтәләктар, ей, мұрындарыңды... — деп тағы бір сыбап алады. — Қайда болсын, оны жер жұтты дейсіңдер ме, мына Ақтасты колхозында тұрады. Бәтшағар, Тәнеке дегеннің баласымен ашына боп, сөз байласып жүреді екен, совет үкіметі орнаған соң бір түнде сонымен қашыпты да кетіпті.
— Ал сіз қайттыңыз?
— Қайтушы ем. Ата-бабамда қатыннан зарығып өлген ешкім жоқ, кетсе кетсін дедім. Сөйттім де бір түнде мен де мына қазіргі әжелеріңе үйленіп алдым.
— Қалай үйлендіңіз сонда, ата?
— Не дейді?! Қалай үйленгені қалай?! Жә, басымды қатырмай аулақ жүріңдер. Кәне, кейін тұрыңдар, жылқыны үркітесіңдер!.. Әй, Тоқтар, бүгін анау Жиренқасқа бестіні үйретші. Өзін әскерге айдап әкеткенше біраз күн мен мініп қалайын. Жануардың әкесімен әнеу бір жылы көкпарға шапқаным бар еді.
— Бұл, кәдімгі, атақты Жирен айғырдың баласы ма-ей, Байдалы? — деді шалдардың бірі.
— Иә, Шіркін, айғырым-ақ еді-ау. Сонау Ұзынбұлақта болатын үлкен той есіңде ме? Жұрт көкпарды колхоз-колхоз боп жақ-жаққа бөлініп тартысып еді ғой. Әуелде біресе қапшағайлар, біресе қоңырлар алып, бірақ ешқайсысы ұзаққа әкете алмаған. Көкпарға бергендері бір нән серке екен, тіпті ешкім өңгеріп жүре алмай, қайта-қайта түсіріп алады. Мен болсам, жұрт біраз қызықтай түссін деп Жирен айғырды тың сақтап, шеттеу жүргем. Бір кезде шыдай алмай кетті-ау деймін, өзіміздің Байарыстан: «Ой, өңшең тыраштар, көкпарды өстіп тарта ма екен», — деп, атын тебініп қап, тартыстың ең ортасына кіріп кетті де, серкені қос қолдап төбесіне көтеріп, суырып алып шықты.
— Паһ, шіркін, азаматым, балуан еді ғой.
— Серке сөз бе екен. Байарыстан дегендер құдыққа түсіп кеткен атан түйені жұлып алушы еді ғой, — деп басқа шалдар да бір-бір үн қатысып қалды.
— Иә, сонымен, — деп Байдалы шал әңгімесін жалғастырды, — әлгі Байарыстан жұрт алдына өңгере алмай жүрген нән серкені лақ көтергендей төбесіне көтеріп алып шықты да: «Мә, Байеке, әкет, тарт ауылға!» деді. Серкені алдыма өңгердім де, Жирен айғырдың басын қоя бердім. Жануар, зорға шыдап тұр екен. Тақымды қысуым-ақ мұң екен құстай ұша жөнелді. Ауыл қайдасың деп аңырады-ау, дейсің. Мен болсам серкені түсіріп алмайын деп үстінен қос қолдап басып, ердің алдыңғы қасына етпеттеп жатып алдым. Осы төңіректегі алты колхоздың небір бота тірсек саңлақтарына шалдырмай ауылдан кеп бір-ақ шықтым ғой.
— О, Жирен айғырлар мал емес құс еді ғой, жануар, — деп шалдардың бірі қостап қойды. — Менің де бір көкпарға түскенім бар Жирен айғырмен. Жануар көкпардың жайын адамнан артық түсінетін.
— Иә, иә. Алдыңғы жылы өзін әскерге әкеткенде, әлгі боянкомның1 адамы: «Нағыз қолбасшы мінетін айғыр екен», — деді ғой.
— Сөйдеді ме тіпті?!
— Міне, Жақып тірі ғой, осының көзінше айтқан.
— Онысы рас, — деді сөзге сараң Жақып шал да.
Бұл кезде Тоқтар әлгі Жиренқасқа бестіге бұғалық салған. Құдай сақтасын, асау деп осыны айт. Аспанға шапшыды дейсің кеп, шапшыды дейсің. Арқаннан шірене тартқан төрт-бес адамды қаңбақ құрлы көрген жоқ. Тулап-тулап, ақыры жұлып шықты да құйрығын тік шаншып ап құла дүзге бет алып, шыбын-шіркей боп жөнелді. Тоқтар ерттеулі тұрған бір атқа міне сап қуған болып еді, қайда Жиренқасқа мүлде қарасын көрсетпей кетті.
— Е, бәсе, шын асау осылай болушы еді. Шіркіннің шапшуын көрдіңдер ме. Атым-ақ болғалы тұр екен, — деді айызы қанып, риза болған Байдалы шал. — Ал, бала, екі айналымға келмейтін мәстектерді үйретіп мәз болғанша, енді мықты болсаң осы Жиренқасқаны үйретші, — деді Тоқтарды қайрай түсіп.
Тоқтар жылқыдан қашаған қуатын Көкбиені ұстап міне сап, Жиренқасқаның соңынан кеткен. Әлден уақытта асауды кейіп қайырып оралды. Қашаған қуып әбден әккі болған Көкбие бастырмалатып-ақ келеді екен, тіпті жалтартпайды. Жылқыға жете бере Жиренқасқа шабысын сәл баяулатып, Көкбие онымен үзеңгілесе берген. Енді байқадық: Жиренқасқа шұбатылған бұғалықтан әйеншектеп, бір қырындап, көсіліп шаба алмай келеді екен.
— Қап, өстіп жүріп осы жалғыз арқанды құртады-ау, — деді Байдалы шал күйзеле сөйлеп, онан соң Тоқтарға дауыстады: — Әй, анау арқанды... арқанды босат!..
Мұнан әрі қалай болғанына тіпті көз ілеспей қалды. Тоқтар шауып келе жатқан бойда лып етіп Жиренқасқаның үстіне бір-ақ ырғып мінді. Мұндай оқыс қимылды күтпеген Жиренқасқа ышқына кісінеп жіберді де атқақтай тулап, қарғып-қарғып кетті. Бірақ Тоқтар оның жалына тастай қатып жабысып былқ еткен жоқ. Жиренқасқа дүркірей үріккен жылқыдан кейін бұрылып ап, тулаған күйі далаға қарай қайта алып жөнелген. Шұбатылған бұғалық жерді кесіп шаң көтеріп барады.
— Ойпырмай, асауға жүгенсіз мініп мына Шымырбайдың баласы жүрек жұтқан екен.
— Жазым болмаса игі еді.
— Арқанға аяғы шалынысып ат жығылмасын десеңші. Онда екеуінің де мойыны үзіледі, — десіп шалдар дүрлігісіп тұр.
Тоқтар қақпайлады ма кім білсін, бір кезде Жиренқасқа орағыта айналып кейін бұрылды. Бері қарай өрлеу болатын, Тоқтарға керегі де сол болу керек, ал кеп қамшыны басты дейсің. Жиренқасқа жұлдыздай аққан күйде кеп қалың жылқының ортасына қойып кетті де қақ жарып өте шықты.
— Бұғалық қайда қалған?
— Арқан жоқ қой! — десті жұрт.
Жиренқасқа қатты шабыстан енді іркіліп, жылқыға қарай тағы оқыс бұрыла берген сәтте, Тоқтар ыршып секіріп жерге түсті, жығылған да, дәнеңе еткен жоқ, екі аяғымен дік еткен. Бағанадан не болар екен деп демімізді ішімізге тартып тұрған біздер «уһ» дедік.
— Арқан қайда? — деді Байдалы шал.
— Әнеу жерде, ши қияқтың тұсында қолымнан түсіріп алғаным, — деді Тоқтар.
— Пах шіркін, Жиренқасқа да ат-ақ екен, сен де жігіт-ақ екенсің! — деді ауылдың ең үлкен ақсақалы, тоқсанға келген Қуатбей шал сүйсініп.
— Мен мұны өзін мігіт пе деп жүрсем, жо, жігіт екен, — деді Байдалы шал да. — Әй, Әжібек, анау ерттеулі атқа міне сап барып, арқанды алып келші.
Біздің, балалардың, Тоқтарға сүйсінуімізде шек жоқ еді.
Көктемге қарай біз, балалар, сиырдың түлеген өлі жүнінен алақанымызға сап домбақтап-домбақтап бір-бір жүн доп жасап алатынбыз. Бірауық көше ортасында сол жүн доптарымызбен ойнаушы ек. Неше түрлі ойындарымыз болатын: «қашпалы доп», «жұмыртқа», «шошқа доп», деп .бірінен-бірі қызық боп кете беретін. Сондай бір ойынның кезінде, қасымыздан бригадирдің атына мініп алған Әжібек өтті. Бізге таяй бергеннен-ақ қатты-қатты тебініп, тізгінді жұлқа тартып аттың текірек жорғасына салды да, өзі көлеңкесіне қарап қойып, тікіреңдеп әндете жөнелді.
Түбіне Қособаның жатып алдым,
Біреуді мергендікпен атып алдым.
Болған соң өзім батыр кімді аяйын,
Өлтіріп, Байдалының атын алдым.
Гик-кай-га-га-га
Гик-кай-ай-ай-а-ай...
Біз болсақ ойынымызды тоқтатып аузымызды ашып, оған қызыға қарап қалғанбыз. Әжібек анадай жерден аттың басын кілт қайта бұрып, біздің қасымыздан тағы да бір ойқастата әндетіп өтті. Қыз Жібектің тұсына кеп, Төлегенді өлтіргенін естірткенде, сірә Бекежан да Көкжорғамен дәл осылай ойқастатқан шығар дейміз.
— Әй, Әжібек, — деді осы кезде көшенің сонау басындағы үйінің алдында тұрған Байдалы шал бүкіл ауылды басына көтере айқайлап. — Ә, әкеңнің аузын, басыңды... шақша бас! Әй, мен саған шаппай барып суғар дедім, ғой!.. Желкең үзілгір, қинама атты!..
Әжібек болса бет-аузын қисаңдатып оны мазақтап қойды:
— Кинәмә әтті, — деді тілін шайнай мәңкілдеп, — Өй, кәкпәс. Өлтіріп кеттім бе десем тірі тұр ғой, әлі.
Әрине, Байдалы шал алыстан мұның бет-аузын қисаңдатып мазақтағанын да, айтқан сөздерін де көріп, естіп тұрған жоқ.
Әжібек көлеңкесіне қарап қойып:
Гик-кай-ги-га-га-га
Гик-кай-ай-а-ай... —
деп еліре әндетіп, атты тағы да езулеп, тебіне түскен. Едәуір ұзап барды да кенет тізгінді тартып, тағы кейін қайырылды.
— Әй, Қанат, бері келші! — деді маған. Мен жүгіріп қасына барғам.
— Сен неғып жүрсің мұнда?! — деді қабағын шытып.— Дабай, үйіне қайт! Көкеңнен қаралы қағаз кеп, жұрт соны естірткелі үйіңе жиналып отыр, ал сен болсаң, панимайш, ойнап жүрсің. Өй, доп қуған дозар!..
Мұнан әрі не болғаны анық есімде жоқ, үйге жүгіріп қалай жеткенім, талып жатқан апамның үстіне қалай құлап түскенім, әйелдердің бетіме су бүріккені — бәрі еміс-еміс қана. Құлағымда тек азан-қазан жылап-сықтаған дауыстар, ауыл адамдарының өң мен түстей бет әлпеттері: бірінен кейін бірі дауыстап келіп жатыр, кейбіреулері құшақтап жылап менімен де көріседі, ондайда өне бойым ұйып, тұншыға бастаймын, бетіме біреулер тағы да су бүркеді... Түннің бір мезгілінде талықсып ұйықтап кетіппін. Таңертең оянып, басымды көтерсем: үй ішінде ауылдың кемпір-шал, қатын-қалаштары шай ішіп отыр екен. Дастарқан үстінде әр үйден келген: бауырсақ, туралған таба нан, қазан жаппа, ірімшік-құрт, сүтке шыланған талқан. Көзім әжеме түскен, бет-аузынан сау-тамтық жоқ, жосадай боп тырналған, көгеріп ісіп, көлкілдеп тұр, өзі жиі-жиі: «У-уһ!» — деп күрсініп қойып, шай ұрттайды. Дастарқан басынан апам көрінбеген, кейіннен байқадым, мен жатқан кереуеттің түбінде жерде шалқасынан жатыр, көзі жұмулы, тек кеберсіген ернін ғана жыбырлатады. Қасында оты рған әйелдердің:
— Басыңды көтеріп, ыстық шай ішші, — дегендеріне үндемейді. Маған ешкім көңіл аударған жоқ. Кереуеттен сырғып түстім де сыртқа шықтым.
Сәске кезі боп қалған екен. Күн күндегісіндей жаймашуақ маужырап тұр. Есік алдында екі-үш самауыр қойылыпты, жерошақ қазылып, қазан асылып жатыр. Көкемнің бәсіресі атап, көкем соғыстан аман-есен қайтқан күні соямыз деген, ала қыстай үй-ішіміз боп тегіс мәпелеп, басқа малдан ерек күтіп жемдеген, шөптің де тәуірін соның аузына ұстаған Көксеркенің терісі қораның іргесінде ілулі тұр. Әрине, қазанда асылып жатқан — сол Көксеркенің еті. Көрші-қолаң әйелдердің бірі шай демдеп, бірі қазанның көбігін алып жатыр, енді бір-екеуі қол диірменді орталарына алып, қаптың түбінде қалған соңғы бидайдан үн тартып отыр. Кәдімгі, ауылдағы қаралы қағаз келген қаралы үйдің қалыпты әрекет-тіршілігі. Мені сәл таңдандырған — отын бұтап жүрген адам болды. Әдетте мұндай шаруаны ең жақын туыс-туғаның атқаруы тиіс, ал біздің үйдің отынын Тоқтар жарып жүр. Ол бізге ешқандай да жақын туыс-туған емес қой деп таңданам. Нәзира әпкемді іздестіргем, анадай жерде иінағашпен бұлақтан су әкеле жатыр екен. Өңі сынық, тұнжыраңқы, ешкімге көз салмастан, бос тұрған самаурынның біріне әкелген суының бір шелегін құйып, от тұтатты.
Мен үйдің бұрышында күн шуақта екі тіземді құшақтаған күйі ұзақ отырдым. Үйдің ішінен жылаған дауыс шыққанда селк ете түскем, әжем екен жоқтау айта бастаған. Зарлы қоңыр даусы өне бойымды дірілдетіп жіберді.
Құлыным кетті-ау, бел асып,
Беліне белбеу жарасып.
Жарасқаны құрысын-ай,
Қапыда қалдым адасып...
А-ай...
деген кезде, көз алдыма беліне белбеу буынған көкем келді, со күйі түсі суық, артынан жылап-сықтаған бізге еш қайрылмастан, адымдай басып бел асып кете барады; дәл бір отынға баратын адамша жайбарақат адымдайды, бірақ енді бізге еш уақыт қайтып оралмайтындай боп кетіп барады; өзі жападан-жалғыз... «Қайда барасың, көке-ау, бізді тастап? Қайда кеттің?».. Ып-ыстық жас көзіме құйыла берді. Көз жасының ып-ыстық болатынын мен сонда бірінші рет сездім. Дауыстап жылап жібере жаздап, өзімді-өзім зорға тежеп тістеніп, бетімді екі тіземе бастым. Әлден уақытта біреу басымнан сипады, қарасам Тоқтар екен. Оның да көзі жасқа толып, иегі дір-дір етіп, тістеніп қасымда отыр екен. Оған қарай еңкейе беріп, баурына бетімді басқан күйде еңіреп жылап жібердім.
— Қанат... Қанат...
Ол басымнан, арқамнан сипап жұбатқысы келеді, мен онан сайын өкси түсем. Біраз жылаған соң ішіме толған ащы өксік түгел сыртқа шығып, көкірегім босағандай болды. Жылауымды қойып, басымды көтердім. Іштегі жоқтау айтқан әжемнің даусы да басылыпты.
— Беті-қолыңды жу, — деді Тоқтар шәугімнен қолыма су құйып. Салқын сумен жуынып, есімді жинап, сергиін дедім. Тоқтар өзі де жуынды. Нәзира әпкем екеумізге үйден сүлгі алып шығып берді, өзінің көзі ісініп қызара жасаурап тұр екен, мені жылатқысы келмеді-ау деймін, қабағын шытынып, тез теріс айналып кетті.
— Сен еркексің ғой, бүйтіп көп жылай берме, — еді енді Тоқтар. — Әйтпесе, әне, апаң қайта-қайта қысылып қап жатыр, сенің жылағаныңды көріп онан әрмен қиналады ғой.
Осы кезде есік алдына колхоз бастығы — Нұғыман кеп атынан түсіп жатқан, Тоқтар со кісіні қарсы алуға тұрып кетті. Нұғыман өлікке әсте жылап келмейтін адам, қаралы үйге ылғи осындай жылау-сықтау басылды-ау деген кезде келіп, көңіл айтып қана шығатын. Оған жылауға да және жылап-сықтау дауыс шыққан жерге баруға да болмайтын. Бір кездері — колхоз ұйымдастыру жылдарында оны бай-құлақтар өшігіп, тірідей жерге көмген екен, содан аурулы боп қалған. Аурулы екені түрінен де белгілі, ап-арық, жағы суалған, көзі бажырайып, еш уақытта күлмейді. Қасында тұрған адамға қарағанның өзінде, бір түрлі, сонау алысқа қарап басқа бірдеңені ойлап тұрғандай болады. Соғысқа дейін пенсия алып, ешқандай жұмыс істемейтін. Үйінің төңірегіне бау-бақша өсіріп, ермек етіп, тау бөктеріндегі жабайы алмаларды екпе алмамен будандастырам деп әуре болған көрінеді. Ал соғыс басталып, дені сау ер-азаматтар тегіс майданға аттанған соң, амалы жоқ, колхозға бастық болған.
Үйге кірген Нұғыман көп отырмастан қайта шықты. Нәзира әпкемді шақырып алып, хал-жағдайымызды сұрады да бір парақ қағаз жазып берді.
Осы қағаз бойынша колхоздан жәрдем ретінде бір қой, екі пұт ұн алыңдар, — деді. — Тоқтар қалқам, сен өзің жәрдемдесерсің.
— Мақұл, аға.
Атына мініп кетуге ыңғайланған Нұғыман:
— Нәзира шырағым, егер бірдеңе қажет болса ұялмай өзіме кел, — деді тағы да.
Сөйтті де атын тебініп жүріп кетті. Бағанадан байқап тұрғам, маған бастықтың аттан түсісі де, мінген кезі де, ат үстінде отырғаны да бір түрлі қызық көрінді.
— Онысы несі? — деп сұрағам Тоқтардан.
— Кеудесіне көрсет киеді, — деді.
— Ол не?
— Темірден жасаған кеудеше.
— Онысы несі, оқ өтпесін дей ме.
— Әй, Қанат-ай, қайбір жетіскенінен киеді дейсің. Кеудесі ауру ғой, оның үстіне екі қабырғасы және жоқ.
— Қабырғалары қайда кеткен?
— Анау жылдары бай-құлақтар жерге тірідей көмгенде екі қабырғасы сынған екен, кейін оны операция жасап алып тастады.
— Ә-ә...
Қаралы қағазға қарап отырып апам көкемнің қырқын беретін күнді есептеп шығарған. Соған әзірлене бастадық. Анадағы колхоз берген қойды әжем аннан-мұннан қаққыштап жем тауып байлап әжептәуір семірткен болатын, соны сойып алдағы жұмада құдайы тамақ бермекпіз. Үйде отын жоқ еді. Нәзира әпкем екеуміз таудан тобылғы шауып әкелуге шықтық. Екеуміз түске дейін жүріп, бүр жарып гүлдей бастаған тобылғыдан әрқайсымызға арқалап жүре алатындай етіп лайықтап екі арқа тобылғы шауып алдық. Нәзира әпкем оларды тап-тұйнақтай ғып буды да төмен қарай домалатып жібердік. Табанға түскен соң өзді-өзіміздің тобылғымызды арқалай бастағанбыз, ауыл жақтан қылтадан сопаң етіп Тоқтар шыға келді. Анадайдан сүйінші сұрайтын адамша ыржиып күліп келеді.
— Екеуіңнің отынды қалай домалатқандарыңды бағанадан көріп тұрдым, — деп қояды.
— Мұның не, Тоқтар-ау?! Әнеу күні келісіп едік қой, — дейді Нәзира әпкем абыржып.
Әнеу күні бұл екеуі менің алдымда: «сөзге ілікпеу үшін, күндіз жұрт көзінше кездеспейік, бір-бірімізді көрсек, анадайдан бұрылып кетейік», — деп келіскен болатын.
Оның үстіне соңғы кездері апам бұл екеуінің жиі-жиі кездесулеріне наразы еді. Бірде Тоқтарды тоқтатып алып:
— Қарағым, мен сені артықсынбасам кемсінбеймін. Қызымды сенен артық ханның баласына берер деп пе ең. Тек, уақыт болса мынадай, сенің алдыңда әлі әскери міндетің тұр. Соны өтеп, аман-сау қайт. Қайтқан күннің ертеңіне үйге кеп қолынан жетектеп кетсең «тек» демеймін. Ал оған дейін басын қатырып, ұятқа қалдырма.
Тоқтар қып-қызыл: боп ұялып:
— О не дегеніңіз, тәте?! О не дегеніңіз?! Мен ондай емеспін ғой... Ондай емеспін... — дей берген.
Сонан бері екеуі кездессе де, қас қағымдай уақыт қана сөйлесіп, ете сақ жүретін. Енді, міне Тоқтардың артымыздан келісі мынау.
— Апам байқап қалады ғой, Тоқтар-ау...
— Нәзира, маған шақырту келді, ертең жүрем, — деді Тоқтар күліп.
— Біржола ма?
— Иә, біржола. Осы ауылдан ертең таңертең төрт адам аттанамыз. Әкем мен шешем де мені шығарып салуға осында келген, қазір нағашымдікінде отыр. Жаңа сытылып әзер шықтым.
— Тоқтар-оу, Тоқтар-оу... сен әлі жас емессің бе?! Мұның не?!.
Нәзира әпкем өзі арқалайтын тобылғының үстіне теріс қарап отыра кетті.
— Құдай-ау, соғысқа баруға сен әлі жассың ғой... — деді тағы да, Нәзира әпкемнің даусы дірілдеп, соншалық аянышты шықты. Тоқтар болса со күлген күйінде тұр, біресе маған, біресе Нәзираға жалтақтап қарай береді. Әлден соң Нәзира әпкем со теріс қарап отырған қалпында басына тартқан орамалын алып көзін сүртті.
— Жарайды, кешкісін уәделі жерге кел, біз Қанат екеуміз күтеміз, — деді.
Ол тобылғысын арқаламақ болған, бірақ Тоқтар оған көтертпей өз иығына салып алды. Сөйтіп ауылға кіре беріс көшеге дейін көтеріп барды.
— Енді аз қалды ғой, өзіме бер, — деді Нәзира әпкем. Тоқтар тобылғыны жерге қойып, екеуі бір-біріне қарсы қарап тоқтаған.
Тоқтар со бұрынғысынша күліп тұр, ал Нәзира әпкемнің көзі жасаурай береді. Тоқтардың бетінен сипады, онан қолынан ұстады.
— Келші кешкісін, — деді қайталап.
Кешкісін мен Нәзира әпкемнің ақылымен мал қоралаған кезде, (мал дегенде үш ешкіміз болатын) тік мүйіз сары ешкіні жекелеп бөліп, ауылдың сыртына қарап айдап жібердім. Сөйттім де апақ-сапақ шақта апама келіп:
— Әлгі тік мүйіз сары ешкі жоқ, жалғыз іздеуге қорқам, — дедім.
— Әне, Нәзира екеуің іздеп келіңдер.
Өзіміздің де тілегеніміз осы еді, зытып далаға шықтық та, уәделі жерге қарай жүгірдік. Нәзира әпкем екеуміз ойлап тапқан қулығымызға мәз боп күлеміз. Қазір Тоқтар келген соң, апамды қалай алдап шыққанымызды оған да айтпақпыз.
— Қанат-ай, сен сонан кейін, анау жерге барып тұр, жарай ма?
— Қорқам ғой.
— Қорықпа. Неменеден қорқасың?! Мә, қолыңа мына таяқты ұстап ал.
— Мақұл. Тек сендер көп сөйлеспеңдер.
— Жо, көп сөйлеспейміз.
Біз естіп тықыршып Тоқтарды күтіп тұрдық. Бірақ ол келіп қоймады. Ымырт қараңғылығы қоюлана, дала тым-тырыс тынши бастады. Әлдеқайдан зарлаған дауыс естіледі. Күндегі осы мезгілдегі әдетінше есігінің алдына шығып алып әндеткен жынды Бүбітайдың даусы.
Тоқтар әлі жоқ. Нәзира әпкемде төзім қалмады.
— Неге келмей жатыр енді? — дейді маған.
Мен қайдан білейін. Менің де мазам кетті. Уақыт деген зырлап өтіп жатыр. Қараңғыда біреу бізге қарай жүрген.
— Біз мұндамыз! — дедім қуанып кеткен мен дауыстап.
— Құдай атсын сен екеуіңді! — деді келе жатқан адам. Апам екен, — Әй, үйдің іргесінде маңырап жүрген ешкіні айдаладан іздеп, сен екеуіңе, сірә, бірдеңе көрінген шығар. Жүріңдер кәне!
Нәзира әпкем екеуміз апамның алдына түсіп үйге қайттық. Дәл есікке таяғанымызда, біреу жүгіре басып, біздің үйдің тұсынан өте берді. Нәзира әпкем де, мен де танып қалдық, соның өзі. Мен:
— Қазір кірем, — деп кейіндеп, сыртта қала бердім. Әрине, апамның аңдығаны мен емес, сондықтан маған онша көңіл бөлместен Нәзира әпкемді алдына салып үйге кірді.
Мен үйдің сырт жағында тұрған Тоқтарға келдім.
— Біз сені күттік. Көп күттік, — дедім оны кінәлап. — Ақыры, міне, соңымыздан апам барып қуып қайтты.
— Көрдім. Бәрін де көрдім. Мен уақытында шыға алмай қалдым, Қанат-ай. Әкем мен шешем екі жақтап жылап, тіпті тырп еткізбеді. Әлгінде ғана екеуін әзер дегенде қойғызып, шыққан бетім. Бар, Нәзира әпкеңді жіберші, ең болмаса бес минутқа.
— Апам жібермейді ғой енді.
— Бірдеңе ғып шықсын да...
Мен үйге кіріп, апамның көзін ала бере Нәзира әпкеме сыртқа шық деп ымдадым. Бірақ Нәзира әпкем сыртқа шығудың еш ретін таба алмады. Бір-екі рет шығып кетуге оқталған еді, апам:
— Жә, отыр, сыртқа шығатын түк те жоқ, — деді зекіп. — Осыдан аяғыңды қия басып көр!..
— Бұған неғып сонша қадала қалдың, — деген әжем ара түспек боп.
— И-и, ене-ай, қажетсіз жерге араласып қайтесіз. Мұны қазір еркіне жіберіп, ертең анау Жақыптың Гүлсарасы құсатып не қыз емес, не әйел емес дегізейін деп отырсыз ба? Әне, қалды ғой, Гүлсара зар еңіреп, Беріктен қара қағаз келді де.
— Ей-ә, десеңші... У-уһ!.. — деді әжем күрсініп.
Төсекке жатқан соң да үлкендер күрсінісіп, «аһылап-үһілеп» ұйықтамай қойды. Біз, Нәзира әпкем екеуміз, кереуетте жатқамыз, шеттегі маған көше жақ терезеден жылтыраған темекінің шоғы көрінді. Мен Нәзира әпкеме сыбырлап соны айттым.
— Ол темекі тартпаушы еді ғой, — деді Нәзира әпкем де сыбырлап.
— Енді, әскерге кететін болған соң, тартқаны ғой, — дедім мен.
— Сен екеуің жыбырламай ұйықтайсыңдар ма, әлде менен бірдеңе көргелі жатырсыңдар ма, — деді апам.
Біз жым болдық. Мен терезеден көз алмай қарадым да жаттым, темекінің шоғы қозғалады, кейде өше бастайды да, сорған кезде қайта жайнап қоздайды.
Ертеңіне таңертең әскерге аттанатындарды шығарып салуға бүкіл ауыл жиналды. Бәрі жылап-сықтап қош айтысып, аман-сау барып қайтуларына тілек білдіріп жатыр. Әжем де, апам да осында еді. Тек Нәзира әпкем ғана ондық-мұндық шаруа істеген боп өзіміздің үйдің алдында жүр. Бері келуге апамнан батпайды. Қос ат жегілген арба қозғала бастады. Әкесі мен шешесінің құшақтарынан зорға деп босаған Тоқтар жұртпен тез-тез қоштасты да, менің қасыма жүгіріп келді. Мені құшағына қысып, қатты-қатты сүйді де:
— Нәзира әпкеңе айт, мені күтсін, — деді.
Енді байқадым, көзі жасаурап тұр екен.
— Қош бол! — деді сыбырлап.
Осы кезде Нәзира әпкем де біз жаққа қарап қадалып қалған екен. Тоқтар оған қоштасып қолын бұлғады да арба соңынан жүріп кетті.
НҰҒЫМАН, ӘЖІБЕК, БАЙДАЛЫ
Біз, бір топ бала, сәске кезінде ескі клубтың көлеңкесінде асық ойнап жүргенбіз. Ойымызда дәнеңе жоқ, ойынның қызығына алаңсыз кіріскен шағымыз еді, клубтың тасасынан Әжібек шыға келді. Келді де тігулі тұрған асықтарымызды тегіс сыпырып алды. Біз шулап қоя бердік. Біріміз жыламсырап, біріміз «ағатайлап» жалынып Әжібектің етегіне жабыстық, бірақ ол тісін ақситып ыржиған күйінде бірімізге де міз бақпастан асықтарды қалтасына салды. Шаужайлап жармасып болмаған бір-екі баланы май құйрықтан теуіп-теуіп жіберді. Амал қанша, әлімжеттік қылғанға көнгеннен басқа шара бар ма. Төбелесіп жеңе алмаймыз, өзімізді ұрып тастайды, үйге барып шағым еткенмен Әжібек қатын-қалаш, кемпір-шалдың сөзін құлағына да қыстырмайды, қайта ерегесер болса үлкендерге тас лақтырып, балағаттап кетеді. Өзін қуып және ешкім ұстай алмайды, шапқан атқа жеткізбейтін жел аяқ. Соғыс кезінде ондай бәтуасыз, бетімен кеткенді жөнге салар кім бар.
Сөйтіп ойынымыздың шырқы бұзылды. Әжібек тұрғанда асықты қайта тігіп ойнауға ешқайсымыздың батылымыз бармады. Ұйлығып тұрдық та қойдық.
— Ал, кәне, асықтарыңды қайтып берем, — деді ол ойына бірдеңе түскендей көзі жылт-жылт етіп күлімсіреп. Сөйтті де қалтасынан бір асықты шығарып:
— Мынау кімдікі? — деп сұрады.
— Менікі, — деді асық иесі Сәмет.
— Сенікі ме... — Әжібек қақырынып ап, асыққа түкірді де: — Мә асығың, — деп Сәметке қайтып берді.
Анау асығын алмастан көзі жасаурап теріс айналған. Әжібек оны бір қолымен шап беріп желкесінен ұстай алды да, енді кеңсірігіндегі бар қақырығын жинап алып, асыққа тағы жақты.
— Мә, ұста асығыңды, әйтпесе көкеңді танытам, — деді кіжініп. Анау бұл жолы да алмаған. Әжібек енді асықты қақырық-түкірігімен оның қалтасына салды да өзін бүйірлете теуіп кеп жіберді. Сәмет анадай жерге топыраққа бұрқ ете түсті де, бақырып жылап үйіне кетті.
— Бар кет! Маған десең құдайыңа бар шағынып. О несі-ей, менің қақырығымнан жиіркенгені. Осыдан балалардың маңына жолап көрші!.. Ешқайсың жолатушы болмаңдар. Онымен ойнағаның менен жақсылық күтпеңдер! — деді ескертіп.
— Мынау кімнің асығы? — деді Әжібек енді екінші асықты шығарып.
— Менікі, — деді шашын ұстарамен бүгін ғана алғызған Бәтен деген бала.
— Әй, сенің тақырайған маңдайың жақсы екен, кәне, бері кел, — деп қасына шақырды да, Бәтеннің маңдайына дың-дың еткізіп екі шертіп, асығын қайырып берді. Біз күлкіге баттық, ал Бәтен көзі жасаурап, маңдайын сипалай берді, бірақ жылаған жоқ.
Осылайша біріміздің асығымызға түкіріп, бірімізден шертпек алып, бір-екі баланы май құйрықтан теуіп, онан қалған асықтарды құлаштап тұрып лақтырып жіберді де:
— Барыңдар, тауып алыңдар! — деп қарқылдай күлді. Сөйтіп, қалғандарымыз оның тәлкегінен оңай құтылдық.
Онан соң Әжібек алым-жұлым жейдесін шешіп тастап көк шөпке етбетінен жатты да:
— Әй, жетпегірлер, кәне, келіңдер, бойымның құрысып тұрғаны, кішкене жыбыр-жыбыр жасап жіберіңдерші! — деп бұйырды.
«Жыбыр-жыбыр» — Әжібектің біраздан бері ойлап тапқаны. Өзі қышыма қотыр, сол қышыған кезде қолды-аяққа тұрмай безілдейді-ау, қолмен қасуға әйенкестенеді де жұмсақ шөппен жыбырлатады. Өзі жыбырлатқанға айызы қанбай, бүкіл өне-бойын бізге жыбырлаттырады. «Жыбыр-жыбыр» осыдан кеп шыққан.
Қазір де біз жапа-тармағай кеп, біреуіміз табанын, біреуіміз алақанын, біреуіміз жотасын, желкесін, құлағының түптерін жұмсақ шөппен жыбырлатып сипап, қытықтауға кірістік.
Әжібек көшенің шетіндегі көк шөптің үстінде қап-қара боп тыриып рақатқа батып, маужырап жатыр. Сыриған күс-күс қол-аяғын соза түседі. Белінде, екі қолының қары мен білегінде, — екі балтырында қотыры бар, соларын шөппен жыбырлатқан кезде жаны кіріп, аузынан сілекейі шұбырып кетеді. Сәлден соң шалқасынан аударылады, енді көкпеңбек боп қабысқан қарнын жыбырлатамыз.
— Тағы да, тағы да... Кішкене жоғарырақ... сәл төмендеу... — деп есі кетеді. Біз онан сайын жанымыз қалмай бар өнерімізді салып-ақ жыбырлатамыз. Жыбырлататын шөпті де таңдай білу керек: аса жұмсақ болса қышындырмайды, ал сәл қатаңдау болса тікенше қадалуы мүмкін. Ондайда Әжібек жыбыр-жыбырды дұрыс жасай алмаған баланы не теуіп қалады, не жұдырықпен салып жібереді. Егер біреуімізге риза болса:
— Маладес, маладес... — деп мақтап қояды.
Шіркін, Әжібектің мақтауын естігеннен артық бақыт бар ма екен десеңші! Мақтау естіген бала оның ең жақын етенесіне айналып, басқалардан сүйем қарыс биіктеп кетуші еді. Ол күні ондай баланың десі жүріп, әрқайсымызға орынды-орынсыз қожаңдап тиісе беретін. Арқа сүйері Әжібектің өзі болған соң кімнен қорықсын.
Бүгін до сөйтіп әркім өз өнерін салып Әжібекті жыбыр-жыбыр жасадық. Қабысқан қарындағы қатпар-қатпар қышымаға шөп тигенде Әжібектің мүлде есі кетті. Сілекейі шұбырған үстіне шұбырып, тілі салбырап, бет-аузы қисаңдады да жатты. Бүкіл өне-бойы қалақай шаққандай қып-қызыл боп бөрте бастаған.
— Уһ, рахат-ай!.. Уһ, рахат-ай!.. — деп ыңқылдап кеткен.
— Әй, бұларың не? — деген дауыс бәрімізді селк еткізді.
Атымен дәл үстімізге төніп кеп колхоз бастығы Нұғыман тұр екен. Әжібек жайлап басын көтеріп, малдасын құрып отырды.
— Үстім дуылдап қышып болмаған соң, мыналарға жыбыр-жыбыр жасатып жатыр едім,-деді байсалды үнмен.
— Жыбыр-жыбыр дейсің бе? Қызық екен. Ал енді қотырыңды мыналарға жұқтырасың ғой.
— Е, жұқса бұлар менен әулие ме?
— Қой, олай деме. Өз қотырыңды жұртқа жұқтырып қаскөйлік жасама. Ондай адам көгермейді. Қайта бұлар үйірсектей берсе, өзіңнен аулақ ұста. Сен осылардың ішіндегі естиярысың ғой, бұларды жамандыққа емес, жақсылыққа баулуың керек.
— Бұ жетпегірлерді баулып-ақ жүрмін Қиқаңдағандарын ептеп төмпештеп те алам, тірісіне тірі көкесін, өлгендеріне өлген көкесін танытып қоям.
— Сен өзің тіпті ірі сөйлейді екенсің, ә. Кәне, бір әңгімелесейікші, — деп Нұғыман атынан түсіп, қасымызға отырды.- Жә қорықпа, тиіспеймін.
— Кез келгеннен қорқа беретін қоян жүрегіңіз мен емес. Неменеге қорқам, сіз азар болса сілейтіп тұрып бір сабарсыз қазір, ал мен өскеннен кейін оның есесін он есе ғып қайтарам ғой. Сіз шал болған кезде.
Нұғыман күліп жіберді.
— Қалқам, біріншіден мен сені соқпаймын, ал екіншіден сен ер жетіп өскенше тірі де болмаймын. Мына соғыс аяқталғанға дейін жаным шыдаса со да олжа маған.
— Соғыс қашан аяқталады?
— Кім біледі, қашан аяқталатынын. Осы күні біздің әскерлер жаудың өкшесін жерге тигізбей қуып барады ғой. Енді кепке созылмас.
— Сіз соғыстың тез біткеніне қуанбайтын шығарсыз, — деді Әжібек.
— Неге?
Соғыс тез бітсе, сіз де тез өліп қаласыз ғой.
— Жоқ, мен тез біткеніне қуанам. Мен өлгенмен мына сендер барсыңдар ғой. Қотырдан жазылып, нанды қалағандарыңша тойып жеп, мынау ит талағандай алым-жұлым шоқпыттарыңды тастап, әп-әдемі киініп, гүлдей жайнап ойнап жүрсеңдер, онан артық қандай мұрат болмақ адамда.
— Ой, олай болу қайда-а?.. — деді Әжібек күрсініп. — Шіркін, ақ нанға ыңқия бір тойып ап өлсем, еш арманым болмас еді-ау!
— Сенің арманың оңай екен. Енді бірер айдан кейін астық піседі, сол кезде мен біздің үйдегі апаңа бір пеш қып ақ бөлке пісіртейін, бір тойшы.
— Шіркін-ай, сөйтіңізші.
— Тек соған дейін менің сендердің барлығыңа салар бір қолқам бар.
— Айтыңыз. Мен өзім-ақ орындатам. Бұлардың бірде-бірі менің айтқанымнан шықпайды.
— Сендердің топыр-топыр боп көшеде осы жүрістерің маған ұнамайды. Соғыс болса анау қиян-кескі. Бәріңнің де әкелерің, ағаларың жауған оқтың астында қан кешіп жүр...
— Менің соғысқа кеткен ешкімім де жоқ, әкем соғысқа бармай-ақ ажалынан өлген, — деді Әжібек. — Сондықтан маған солса бәрібір. Ал, мына ақымақтар ғой, — деді ол барлығымызды жағалай мегзеп, — саналарында түк жоқ. Әлгінде асықтарын мен тартып алмасам ғой, әлі күнге ойнай беретін еді.
— Соғыста туыс-туғаның бар ма, жоқ па — ол есеп емес. Жауға қарсы көтерілу біздің бәріміздің де міндетіміз. Сондықтан былай болсын, балалар, ертеңнен бастап қолдарыңа бір-бір орақ алып, егіннің арам шебін отауға шығыңдар. Күнде түсте егіннің басыңда ыстық тамақ бергіземіз.
— О-о, онда барамыз.
— Ыстық тамақ дейсіз бе?
— Ол қандай ыстық тамақ?
— Ет тураған көже, — деді Нұғыман.
— Оһо!-һо-о!..
— Ур-ра, жұмысқа барамыз!..
— Келістік пе, балалар? — деді Нұғыман орнынан тұрып.
— Келістік, келістік...
— Онда бригадирлерің мына Әжібек болсын.
Оған да бір ауыздан келістік. Әжібек мүлде шіреніп, тіпті жер баса алмай қалды. Ол аздай Нұғыман тағы да:
— Ал, бригадир, сен мына қотырыңды емдетуің керек. Ат берейін, бүгін Қоңырға емханаға барып қайт, — деді. Сөйтті де Байдалыға бір жапырақ қағаз жазып берді. Онан соң қалтасынан елу сомды және суырып алды. — Мә, мына ақшаға дәрі ал.
Нұғыман кетісімен Әжібек жүруге жиналды. Әуелі:
— Ал, жүгірмектер, жөкелеріңнің қандай екенін көрдіңдер ғой. Біліп қойыңдар — деп, бәрімізді өзіне құдайдай бір табындырып алды да, әрқайсымызға бұйрық бере бастады: — Қоңырға барып қайтқанша қарным ашады ғой, сондықтан сен, Қайрат, Самат екеуің маған құрт-ірімшік тауып әкеліңдер. Үйлеріңнен, болмаса анау Қазима кемпірдің есігінің алдында бағана құрт жаюлы тұрғанын көргем, содан ұрлап әкеліңдер. Ал сен, Қанат, мә, мына қағазды Байдалыға тапсыр да берген атын алып кел, — деді, әлгінде Нұғыман жазып кеткен бір жапырақ қағазды маған берігі. Қуанып кеттім. Әжібектің атын әкеп бергеннен асқан мәртебе бар ма, десеңші шіркін.
Жүген тауып ап жүгірген бойда ұста дүкені жақта жүрген Байдалыға келдім, осылай да осылай деп бастықтың қағазын ұстаттым қолына. Байдалы шал хат танымайтын, сондықтан қағазды қайыра өзіме ұсынды да:
— Кәне, оқышы! — деді.
— «Бәке, мына Әжібекке бүгінше бір ат беріңіз. Қоңырға емханаға барып, қотырына дәрі алып қайтсын. Нұғыман.»
— Әй, саған емес, Әжібекке дейді ғой.
— Иә, Әжібек мені жіберді. Өзі анау жерде тұр.
— Ә, басыңды... шақша бас. Енді оған да малай керек болды ма?! Бар, өзі келсін деді де!
Мен мойныма су кеткендей сүмірейіп, кейін қайттым. Қайрат пен Самат ұрлап әкелген ірімшік-құртты Әжібек қалтасына тығып тұр екен, мен Байдалының айтқандарын айттым.
— Өй, жаман неме. Бастықтың қағазы қолыңда тұрғанда со Байдалымен тәжікелесіп, сен де... Қолына қағазды ұстаттың ғой?
— Ұстаттым.
— Е, болды. Онан әрі қораға кіруің керек еді де, тәуір деген атты жүгендеп мініп, алып келуің керек еді. Мынадан ба, мына Қанаттан түк шықпайды. Осы адам болса мына мұрнымды кесіп берейін. Әкел жүгенді бері!
Сөйтіп Әжібек өзі кеткен, сәлден кейін Байдалының торы жорғасымен текіректетіп шыға келді. Соңынан баж-баж етіп жер-көкті жұлып жеп Байдалы келеді. Қолында білем темір.
— Әй ит, тоқта деймін енді! Жаныңның барында тоқта!.. Осыдан қолыма түссең жақсылық күтпе!.. Апыр-ай, бұ итке басқа ат жетпегендей, менің мініп жүрген атымда несі бар-ей!.. Тоқта деймін!..
— Қолдан бермегенді өстіп жолдан аламыз. Әкеңізден қалған ат жоқ, ақсақал, бұл колхоздың аты,— деп Әжібек тебініп-тебініп қояды. — Онысы нес-ей, сіз бригадир болсаңыз мен де бригадирмін бүгіннен бастап. Әлгінде, мыналардың алдында колхоздың бастығы өз аузынан сайлады.
— Қап, мына шақша басты-ай, ә!.. Әй, ең болмаса, астыңа тоқым сап мінсеңші, әйтпесе алдыңдағы аттың арқасын құртасың ғой!
— Мә-мә-мә-мә!..- деп Әжібек оған бет-аузын қисаңдатып мазақтады да, біздерге: — Ал қош-аман бол. Жағалбайлы, Төлегенің Қыз Жібектей аруды әкелуге Ақжайыққа жол тартты! — деп, торы жорғаның басын Қоңырға қарай түзеп шаба жөнелді. Артына қарап Байдалыны мазақтай түсіп ақсия күліп қояды. Әжібектің тақымы атқа тисе қалай жүретіні белгілі ғой, әне-міне дегенше белден-бел асып мүлде көрінбей кетті. Аяғымен жер тепкілеп, Әжібекті жер-жебіріне жете боқтап-сілеп Байдалы шал қала берді.
— Ә, шақша бас!.. Шақша бас!.. Осыдан қайтып келерсің, бәлем! — деп кіжінеді. — Әй, сендер көрдіңдер ме, мына қағазды шынымен бастықтың өзі жазды ма?
— Иә, өзі жазды.
— Мына жерде тұрып жазған.
Былай тұрып жазды, — десіп, біздер жан-жақтан жамырай растадық.
— Қап, мына шақша басты-ай, ей ә! Бәрінен де қорлығы торы жорғаны мініп кеткенін айтсаңшы. Пішен басталғанша біраз күн белі суысын, отықсын деп өзім де мінбей жүр едім. Қап!..
Байдалы шал қайтадан ұста жаққа кетті де, біздер сол орнымызда ұйлығып қала бердік. Әжібектің мына ісін тамсана сөз ғып, сүйсініп, тауыса алмаймыз. Енді екі көзіміз Қоңыр жақта: «Қашан қайтар екен Әжібек? Не бітіріп қайтар екен? Шіркін-ай, тезірек қайтсашы», — деп тілейміз. Ойын дегеннің бәрі жайына қалды. Түу, Әжібектің мына ерлігінің қасында ойын деген сөз бе екен. Түскі тамаққа да ешкім үйіне қайтқан жоқ. Қоңырдың жолына телміре қараймыз. Әжібекті зарыға күтеміз. Бірақ Әжібек күн батқанша қайтқан жоқ, со күйі ұшты-күйлі жоғалды.
Ертеңіне таңертең сырттан, терезенің түбінен:
— Қанат, тұр жұмысқа! — деген ащы дауыстан ояндым. Ұшып тұрып, көзімді уқалай сала, жейдемді жүре киіп тысқа шықсам, клубтың жанына кешегі жерге балалар жиналып та қалған екен, қолдарында бір-бір орақ. Бәрін үйді-үйіне барып оятып, жинап, басқарып жүрген Әжібек екен. Әжібекті көргенде қуанып кеттім. Әжем берген тамақты апыл-ғұпыл іше сап, қолыма орақ алдым да мен де жүгірдім.
Әжібек өзінің кешегі Қоңырға барып қайтқан сапарын айтып тұр екен.
— Лектірге барып, сау басыма сақина тілеп, мені жын қағып кетіп пе. Барсаң бас салып жатқызып қояды олар. Сондықтан барғам жоқ. Қоңырдың дүкеніне кірдім де елу сомға түгел екі қалтамды толтырып қамыт сатып алдым. Әй, бір тойғанымша жедім-ау. Талқан күйсегендей күрсілдеттім-ау. Былай уыстап аламын да аузыма толтырып тұрып, әй күрсілдетіп кеп шайнаймын. Қоңырдың бер жағындағы сайға келдім де, торы жорғаны шылбырмен тұсап қойып, қант пен ірімшікті қосып жеп, су ішіп рақаттанып тойып көк шөптің үстіне жатқам. Ұйықтап қаппын. Көзімді ашып алсам, күн батып кетіпті, атқа міне салдым да ауыл қайдасың деп аңыраттым... Міне, екі қалтамда да қанттың ұнтақтары әлі жүр, — деп ол екі қалтасын айналдырған. Біз алақандарымызды тосып, түйір-түйір қанттың үгінділерін тілімізге тигізіп, соның өзіне мәз боп қалдық.
— Нұғымен дәрі алдың ба деп сұраса не дейсің?
— Ой, сол нені біледі дейсің, алдым дей салмаймын ба. Міне, мына бір қалбырға салидол мен ақ топырақты араластырып шылап-шылап салып алдым, сенбесе осыны көрсетем, дәрі деп...
Кеңсе жақтан атқа мінген Нұғыман шыға келді.
— Ал дайынсыңдар ма, балалар?
— Дайынбыз.
— Онда қазір Жарбұлақтағы күздікке барыңдар.
— Ой, алыс қой.
— Жаяу қалай барамыз.
— Тәйірі, сендерге жер алыс па, жарысып ойнап қазір жетіп бармайсыңдар ма? Түсте арттарыңнан ыстық тамақ жібергізем. Ал, Әжібек бригадир, сенің бұл тұрысың не? Баста бригадаңды. Өзің кеше емханаға барып қайттың ба?
— Барып қайттым.
— Дәрі алдың ба?
— Алдым. Мінекей, — деп Әжібек әлгіндегі қалбырды көрсетті.
— Дұрыс болған екен. Ал енді бригадаңды баста өзің.
Бәріміз Әжібектің аузына қарадық.
— Немене тұратыны бар, кеттік күздікке, — деді Әжібек.
Әжібектің бастауымен Жарбұлақтағы күздікке қарай тартып кеттік. Ауылдан ұзап шығып, төбе асқаннан кейін Әжібек бәрімізді иіріп тоқтатты.
— Ақымақтар, жұмысшыға бастықтың көлік бергенін қашан көріп едіңдер, — деп бәрімізді сөгіп алды. — Мұндайда тапқырлық керек. Әне, өгіздерді көрдіңдер ме?
— Бақташысы жүр ғой.
— Көлбай керең өлсе жолатпайды.
— Қазір мен оның жөнін табам, — деді Әжібек. Сөйтті де бас киімін алып бұлғап Көлбай кереңді шақырды.
Ат үстінде одырайып біз жаққа қарап тұрған Көлбай керең далбақтай шауып жетіп келді.
— Ассалаумаликум! — деді Әжібек.
— А?! — деді Көлбай керең естімей.
Әжібек оның қасына барып, құлағына айқайлады.
— Ассалаумаликум деймін! — деді.
— Әликісалам! — деді Көлбай керең ақырын ғана.
— Сізді Байдалы ауылға келіп кетсін деді.
— А?!
— Сізді Байдалы ауылға... — деп Әжібек аттандай айқайлады.
— Мына өгіздерді қайтем? — деді Көлбай керең тағы да ақырын сөйлеп.
— Өгіздерді қасқыр жемейді. Өздері жайыла тұрады.
— Е, мейлі онда. Барсам барып қайтайын, — деді де Көлбай керең өгіздер жаққа бір қарап қойды да, жусай жайылған олардың ешқайда кетпейтініне көзі жеткендей болған соң, атының басын ауыл жаққа бұрып, бүлк-бүлк желіп жүріп кетті.
Көлбай кереңнің қарасы көзден таса болысымен-ақ өгіздерге екеу-үшеуден мінгесіп-мінгесіп алдық та, өңкілдете жарысып Жарбұлаққа тарттық. Күздікке жетісімен өгіздердің бетін кейін қарай қайырып, ұрып-ұрып қуып тастадық. Әжібек адымдап-адымдап әрқайсымызға жер өлшеп берді де:
— Ал, жүгірмектер, қиқаңдағандарыңды оңдырмаймын, дұрыстап істеңдер жұмысты, — деп, өзі әудем жерге барып, бұталардың басын байластырып күрке жасауға кірісті. Онан соң ішіне қалыңдап шөп төсеп, соның үстіне созыла жатты.
— Әй, дұрыс істеңдер! — деп басын шығарып анда-санда айқайлап қояды.
Белуардан кеп қалған астық масақ жара бастаған, үлп еткен жел үрлеп өтсе-ақ болғаны судың бетіндей жыбырлап, толқын-дала жөнеледі. Арам шөптер астықтан гөрі биіктеу өсіп кетіпті: алабота, сасыр қурай, сиырқұйрықтар мен мұндалап анадайдан көрініп тұрады, орақты қылышша сермеп қиып түсіреміз де мәз боламыз: өзіміз ұрыс даласындағы батырлармыз да, арам шөптер — фашистер. Өстіп бір-бірімізді кеу-кеулеп елігіп жүріп талай жердің арам шөбін қалай отап тастағанымызды да, білмей қаппыз. Бір кезде арт жағымыздан Әжібектің:
— Ойбай, аттан, аттан, тығылыңдар! — деген даусы шықты. Жалт-жалт қарадық. Әжібек зымырап кеп егіннің ішіне қойып кетті де, еңкеңдеп бұға қалды. Енді көрдік, осылай қарай Көлбай керең шүйіле шауып келеді екен. Лездің арасында барлығымыз да бөденеше жып-жып етіп егіннің арасына бұға-бұға қалдық. Көлбай ентелеп кеп егіннің шетінде бізді сықпырта боқтап тұр, атымен егінге кіріп аралап іздеуге батпады. Біраз қамшысын үйіріп, доқ көрсетіп қоқаңдады да көзіне тірі жан түспеген соң айналып өгіздеріне кетті. Ішегіміз түйілгенше күліп алдық та, арам шөп отауға қайта кірістік.
Түсте өгіз арбамен ыстық тамақ та жетті. Байдалы өзі бастап келіпті, біраз аралап біздің жұмысымыздың сапасын көрді.
— Әзірге жаман емес екен, — деп қойды.
Онан соң бәрімізді Әжібек жасаған үйшіктің қасына қатар-қатар отырғызып, аспазшы әйелге:
— Аяма, тойғандарынша бер, — деп бұйырды атала көжеден.
— Еті бар ма? — деп сұраған Әжібек
Сол-ақ екен Байдалының Әжібек дегендегі шиқанының басы жұлынды да кетті.
— Ә, шақша бас, саған еті бар көже керек екен ғой, — деп қамшысын үйіре ұмтылған. Әжібек ыршып тұрып, қашып үлгірді. — Саған еті бар көже керек екен ғой... Кәне, жақындашы бермен, мен саған еті бар көжені көрсетейін! Әй, сенен көрген қорлық па, шектен асты-ау. Кеше торы жорғаны кешке дейін шапқылап қан сорпа қылдың. Бүгін ғой, анау, кереңді алдап жіберіп, бүкіл өгіздерді былай міндің. Қыс, көктем әбден титықтап шыққан байғұс хайуандар, аз күн дем алсын деп ем. Сенің қорлығың ба, әй сенің қорлығың өтті-ау, әбден.
— Өгіздерге жалғыз мен міндім бе, мыналардың бәрі де мінді.
— Сен болмасаң осылар білер ме еді сол қулықты. Бәленің бәрі мына сенен шығады. Желкеңді қияйын ба осы, ә!
Бірақ қанша ұмтылып, тап-тап бергенімен Әжібекті ұстай алмады. Ақыры ыза болған Байдалы:
— Сен итке көже тұрмақ көк су жоқ. Аштан қатырам! — деді.
Біз сүт қатқан атала көжені екі аяқтан ішіп, ыңқия тойып алдық. Тамақ тасыған өгіз арбаны алдына салып, Байдалы пішеншілерге кетті. Аш қалған Әжібектің қасына кеп, оның аш қалғанына өзіміз кінәлідей бастарымыз салбырап үнсіз отырдық та қойдық. Әжібек шынымен-ақ қарны ашқан болу керек, көзін уқалап жылап алды.
— Осы қақпасқа көресісін бір көрсетермін әлі, — деді тістеніп, онан соң біздерге: — Істемеңдер! Қараң қалсын егіндері! — деді.
Біз бұл бұйрығын үнсіз мақұл алдық.
Өстіп отырғанымызда желе жортып Нұғыманның келе қалғаны.
— Ал, балалар, хал қалай?
— Түске дейін жақсы істедік. Әне, аралап, тексеріп көріңіз. Ал енді істеуден бас тартып отырмыз, — деді Әжібек.
— Иә, не боп қалды? Себебі не?
— Себебі біріншіден мен ашпын.
— Неге?
— Байдалы маған көже бергізбеді. Екіншіден, көженің ішінде түйірдей де ет жоқ.
— Қалайша? Сендердің тамақтарыңа деп қойдың бір санын бергізіп ем ғой.
— Сенбесеңіз сұраңыз мыналардан.
Біз тұс-тұстан:
— Рас, рас...
— Көженің ішінде түйірдей де ет жоқ, — дедік шуылдап.
— Жарайды, оны мен өзім анықтаймын. Әжібек, кәне, сен менің артыма мінгес. Ал сендер, балалар, жұмысқа кірісе беріңдер.
Әжібек бастықтың артына көзді ашып-жұмғанша мінгесіп те алды. Әлгіндегі мұңаюдың, жылаудың ізі де қалған жоқ жүзінде, жайраң қағады.
— Дабай, жұмысқа кірісіңдер! — деп бұйырып қойды бізге.
Айналасы бірер сағаттың ішінде қайтып оралды Әжібек.
— Көжеге де тойдым. Байдалыны да орнынан түсіртетін болдым, — деді масайрап. — Біздің тамаққа деп берілген етті өзі жеп қойған екен. Бастық әлгінде, бүкіл пішеншілердің алдында масқаралап, желкесінен шығарды. Бүгіннен бастап біргәдірліктен босатам деді өзін.
Кешкісін ауылға қайтқанымызда жұрт клубқа жиналысқа жиналып жатыр екен. Ондайдан біз қалушы ма ек. Үлкендердің соңғы жағынан қараңғы түпкірде сабан үстінде апыр-топыр алысып-жұлысып біз де отырдық. Біріміздің бас киімімізді біріміз қағып «анда кетті мұндалақ, мұнда кетті мұндалақ» ойнаймыз.
— Әй, балалар, тиышталыңдар! — деді бастық. Сәл тынышталдық.
Жиналыс: бірінші, пішенге әзірліктің барысын талқылады, екінші, ұйымдастыру мәселесі қаралып, «колхозшыларға тамаққа деп берілген етті қымқырып қалғаны үшін» Байдалы шал бригадирліктен босатылып, оның орнына менің апамды сайлады. Апам: «Істей алмаймын», — деп бас тартып еді, жұрт: «Істей аласың», — деп шулап отырып алды.
Қараңғыда, біреу қолымды қысты, Әжібек екен.
— Маладес! — деді сыбырлап.
Апамды айтқаны ма, әлде соның баласы болған соң мені айтқаны ма, білмеймін.
Жиналыстан кейін үйге қайтып келе жатқанда апам бастыққа:
— Нұғыман-ай, осы жұмысқа мені бекер сайладыңдар-ау. Соңғы кезде денсаулығым нашарлап барады, істей алмаймын ба деп қорқам, — деген.
— Жеңгей-ай, кім денсаулығы жетіскеннен істеп жүр дейсіз. Жә, қорықпаңызшы, істеп кетесіз, — деді Нұғыман.
Астықтың арам шөбін бір айдан астам отағаннан кейін, бастық бізге бір күнге демалыс берді. Ертеңіне пішенге шығатын боп келістік. Бұл кезде жұмысқа едәуір көндігіп, мойынсұнып алған едік. Бастық та біздің әжетке жарап қалғанымызға қуанып, келген сайын мақтап, риза боп кетеді.
Жауды жеңуге үлес қоспады деп ертең сендерді кім айтар екен енді. Азамат болды деген осы, айналайындар, — деп қояды.
Біз бұрынғыдан әрмен жанымызды сала істейміз. Оның үстіне бригадиріміз Әжібек те желкемізден түспейді, әрқайсымыздың жұмысымызды көз айырмай қадағалап, қит етсең бас салып төмпештеп алады.
Сөйтіп, бір күнге арқамыз босап, демалыс алып, көшенің ортасында ойынға кірістік: доп қудық, асық ойнадық, одан екіге бөлініп қызылдар мен ақтар боп соғыстық. Әжібек бұл ойындардың бірінде де болған жоқ. Ол түске жақын бір-ақ шықты үйінен.
— Әй, жетпегірлер, бері келіңдер! — деді самарқау ғана даусы дарылдап.
Ұйқыдан жаңа тұрған екен, басы-көзі ісіп кетіпті, шашы ұйысқан мамық.
— Бүгін ұйқым бір қанды, — деді есіней тұрып. — Әй, Қайрат, анау шәугімді әкеп су құйып жіберші, беті-қолымды жуып алайын!
Беті-қолын жуып тұрып, әрқайсымызға қолының суын сілкіп, біз ыршып-ыршып түскенге өзі рақаттана күліп, мәз боп қалды. Жуынып болған соң бәрімізге жағалай бастан аяқ бір қарап өтті де, жақтырмайтындағы әдетімен бет-аузын тыржитты.
— Ой, өңшең тобан аяқ қулар, азып-тозып ойнағаннан өзге ғой ештеңені білмейсіңдер. Пайдалы бірдеңе ойлау деген ғой жоқ сендерде.
Біз пайдалы ештеңе ойлай алмайтын кінәмізді толық мойындап, үнсіз тұрмыз. Рас қой енді: «тобан аяқ» десе, — тобан аяқпыз, «азып-тозған» десе, — азып-тозғамбыз, не дейік, жайымызды басқа білмесе де Әжібек біледі. Сондықтан өзінен сөз күтіп аузына телміре қараймыз.
— Былай, жетпегірлер, түскен кейін осы араға жиналыңдар, қауынға барамыз, — деді.
Біз, балалар, сәл аңтарылып қалдық та, артынша біреу:
— Қауын әлі піскен жоқ қой, — деді.
— Кім айтады?! Ой, салпы ауыз. Сен нені білуші ең. Мұрныңды бет қып жіберейін бе осы! Әне, астық сарғайды ма? Ендеше қауын пісетін кез болды. Ал кім барады?
— Мен барам!
— Мен!..
— Мен!.. — деп шулап қоя бердік.
— Жоқ, бәрің бірдей бармайсыңдар, — деді Әжібек. Сөйтті де: — сен барасың. Сен... сен... — деп өзіне серіктікке жарайды-ау деген он баланы іріктеп алды. Сол онның бірі мен болдым.
Түстен кейін Әжібек бастап күн батыстағы Ағешкі сайын бетке алып жүріп кеттік. Ағешкі сайы ауылдан алты-жеті шақырым. болатын. Сайдың ішінде колхоздың мал қыстайтын қораларын күзетіп Тоқтардың әкесі — Шымырбай деген жалғыз үйлі шал отырушы еді. Кемпірімен екеуі ала жаздай бақша салып, қауын-қарбыз өсіретін. Бақша салуды еріккеннің ермегі сияқты көретін біздің ауыл үшін Шымырбай шалдың қауын-қарбызы анда-санда барып, жеп қайтып тұратын таңсық нәрсе ғана болатын. Үлкендер жағы:
— Әй, осы Шымырбай алжиын деген шығар, сірә. Енді қартайғанда көк шөпті күнкөріс қып, — деп сыртынан жазғыратын да, қапырық ыстықта қаңырығы түтеп кеп суық қарбыздан қарбыта асап, тамсана отырып шөлін басатын. Ал балалар жағы қауын-қарбыз пісті дегенше, Шымырбай шалдың үйінен шықпаймыз. Ауылдан безіп, үйді ұмытып, Ағешкі сайында көкқарын боп жатып аламыз. Кемпір-шалдың күнделікті толып жатқан шаруасын тындырып, баласындай боп кетеміз. Қысқасы бұл кез біз үшін де, кемпір-шал үшін де абыр-дабыр қызыққа толы көңілді күндер болатын. Жақсы дәурен еді.
Міне, сол Шымырбай шалдың үйіне биыл бірінші рет бара жатырмыз. Қауын-қарбыздың піскен, піспегенін әзірге білмейміз. Бар үмітіміз, дәлеліміз Әжібек айтқан «астықтың сарғайған» белгісі. Өйткені қауын-қарбыз бұл кезде пісуі тиіс. Қара жолдың ыстық топырағын борпылдата отырып, бірде жарыса жүгіріп, бірде аяңдап күн еңкейе Шымырбай шалдың үйіне де жеттік. Анадайдан бірі сарыала, бірі аққасқа қабаған иттері арсылдай көтерілген. Әрқайсысы тайыншадай, адамның зәре-құтын ұшыратын төбеттер еді. Жалаң аяқ, жалаң бас тыраңдап келе жатқан біздерді сонадайдан танып, көріп тұрған Шымырбай: «Жә, жатыңдар!» — деп иттеріне жекіп тастады. Біз болсақ:
— Ассалаумалейкүм, ата!
— Ассалаумалейкүм, ата! — десіп жамырасып алдына келдік.
— Уағалайкүм ассалам! Ой, үлкен азамат болыңдар, — деп шал риза боп сәлемімізді алды. Әрқайсымызға көз қиығын сала тұрып:
— Опай, өздерің былтырғыға қарағанда дырдай жігіт боп есіп қапсыңдар ғой, — деп қойды.
— Әй, кемпір, мына қонақтарға айран бер. Ал, балалар, үйге кіріңдер, мен мына бір шөпті түсіріп тастайын. Жөн сұрау сонан кейін болат та.
Сөйтті де қарт есек арбаға тиелген шөпті түсіруге қайта кірісті. Шөпті жаңа ғана тиеп әкелген беті болса керек. Бір-екі ашадан кейін алаша шекпенін шешіп, есік алдындағы бақанға апарып іліп қойды да әр жерінен ыдырап сетіней бастаған бәтес жейдесінің жеңін қайырды. Маңдайының терін сүртіп, бөркін қайта киіп алды.
— Әй, желтіректеме, абайла, шаншу ұстап қап жүрмесін, — деп қойды кемпірі. Онан соң бізді жақтырмаған кейіп танытып жыртия бір қарады да: — Әне, отырыңдар! — деді лапастың ішін нұсқап.
Біз құрым киіз төселген лапастың ішіне кеп жайғаса отырдық. Өзімізге бұрыннан таныс, талай аунап-қунап жатып жүрген лапасымыз, жылда келген сайын діңгек тіреулерге ескерткіш қып ойып, яки сия қарындашпен әшекейлеп жазып кеткен аттарымыз да со күйі. Кемпірдің де жақтырмағанын көңілімізге алғамыз жоқ. Өйткені мінезі өзімізге мәлім — әуелде өстіп қабағын кіржитіп бырысып-тырысқанымен, артынан жаны қалмай асты-үстімізге түсетін болады әлі. Сондықтан ә дегенде жұп-жуас боп монтиып отыруымыз керек. Сәлден кейін кемпір үйден ағаш шелекке толтыра ұйытылған айранды алып шықты. Жаңа ғана ұйыған, әлі шеті ойылмаған уыздай боп мөймілдеп тұрған айран екен. Қышқылтым иісі аңқып сала берді. Ернімізді бір-бір жалап үлгірдік.
Кемпір болса асықпай, әуелі, бір шетінен сыры көшкен ескі тостағанға бір-екі қасықты құйып алды да:
— Піссімілда, — деп өзі ұрттап дәмін көрді. Сонан кейін ғана сол жалғыз тостағанмен шетімізден жағалатып бере бастады. Тостаған кіші ме, әлде біздің қарнымыздың аштығы ма, бір тостаған айран бұйым құрлы болған жоқ. Сіміріп-сіміріп салдық та, ернімізді жалап, тамсанып отыра бердік. Бірақ кемпір тостағанды бір жағалатқаннан кейін қайтып құймады.
Әлден уақытта шебін түсіріп боп Шымырбай қарттың өзі келді. Бір тостаған айранды ұрттай отырып, ішті де:
— Әй, кемпір, әлгі Тоқтаржаннан келген хаттарды әкеші, мына балаларға оқыталық, — деді.
Кемпір үйіне кіріп кетті де, ақ бәтеске ораулы бір бума хатты алып шықты. Онан соң аяқ жаққа отырып бәтестің орауын жазды да, өліпті таяқ деп танымаса да әр хатқа үңіле қарап қойып:
— Бұрын келген хаты осы, — деп әуелі бір хатты ұсынды. Ішімізде хат оқуға жүйрік Санат деген бала бар, бәріміз соны мегзедік. Санат хатты қолына алды да, судыратып оқи жөнелді. Хатты судыратып оқу да мақтаныш.
Бірінші хатта Тоқтар жараланып госпитальға түскенін жазыпты. Жарақаты жеңіл екен оқ бүйірін жалап өткен көрінеді. Хатты бұрын да ары өткен, бері өткендерге талай оқытып, талай жылаған кемпір бұ жолы да иегі кемсеңдеп қоя берді.
— Жарығым... қайтып шыдады екен? Жанына батпады дейсің бе?.. — деп күңкілдеп қойды.
— Жә, енді қоя тұршы жыламай, — деді Шымырбай. Санат келесі хатты оқыған: мұнда Тоқтар жарақатының жазылып қалғанын, тәуір болғанын жазыпты.
— Иттің баласының еті жақсы еді, маған тартқан. Қандай жара болса да ем-домсыз тез жазылып кететін, — деп Шымырбай мәз бола сөйледі.
— Иә, со қашанда өзіңді қолпашта, байғұс, — деді көз жасын сүрткен кемпір.
Санат үшінші хатты оқыды: онда да со госпитальда жатқанын тәуір болғанын жазыпты, ал төртінші хатта қайтадан майданға аттанып бара жатқанын жазған, бесінші хат — майданнан жазылыпты. Жауып тұрған оқтың астындамыз депті.
Кемпір тағы да жылады.
Алтыншы, жетінші хат, бәрі де со жауып тұрған оқ астында жазылған екен. Ең соңғы хат осыдан бір ай бұрын келген, онан кейін хат жоқ...
Шымырбай қарт орнынан тұрып кетіп, әр нәрсені бір шұқылай бастады. Сірә, бізге көз жасын көрсеткісі келмеген болар. Кемпір болса ағыл-тегіл жылап отыр. Үн шығармайды, бірақ көз жасы тыйылар емес.
— Құлыным... қайда жүр екен?.. — деп аһ ұрып күрсінгенде, біздер де жас толып қалған көзімізді бір-бірімізден тайдырып, жер шұқып кеттік.
Әлден соң кемпір беті-қолын жуып кеп, әлгіндегідей емес, кәдімгідей дастарқан жайып, үйден ала дорбаны алып шығып, бір таба нанды алдымызға қолымен опырып турады да, әлгіндегі ағаш шелектегі айранды араластырып-араластырып қайта құйды. Бұл жолы әрқайсымызға жеке-жеке тостаған тиді. Біз таба нанды аузымызға бұралай тығып шайнамай қылғытып, айранды қомағайлана сіміреміз.
— Іше ғой, айналайын, кәне тағы ішші, — деп кемпір де үстелей түседі.
Ағаш шелектегі айран да, дорбадағы нан да әп-сәтте сап болды. Қарнымыз қампиып қозғала алмай қалдық. Бір-бірімізге мұртымыздан күле қараймыз. Кемпір болса:
— Айналайындар... — деп елжіреп отыр. Ауық-ауық ұлы есіне түсіп кететін болу керек:
— О-оһ! — деп терең күрсініп қояды.
Керіліп-созылып орнымыздан тұра бастағанбыз. Шымырбай қарт қасымызға қайтып оралды.
— Ал, балалар, жол болсын, — деді.
Біз жымың-жымың етіп бір-бірімізге сен айт, сен айт дегендей түртпектесіп тұрдық та, ең соңында бәріміз жол басшымыз еді-ау, деп Әжібекке тоқталдық.
— Қауын жегелі келдік, — деді ол түйеден түскендей етіп.
— Ә, бар бұйымтайларың сол ма? Жөн-жөн, — деді Шымырбай шал сақалын тарамдай тұрып, ойланған кейіпте:
— Бірақ менің бір қысылып тұрған жайым бар, балалар. Қауын әлі піскен жоқ қой, әне, пәлекте жатыр, — деп үй іргесінен жүз-жүз елу қадамдай жердегі жыраны кеулеп салынған бақшасын нұсқады. Төңкерілген қара қазандай үлкен-үлкен қарбыздар теңкиіп-теңкиіп көрінеді. Қызыға-қызыға көз тастап, бір-бірімізді тағы да түртпектейміз.
— Әнең қарашы! — деп Санат маған сыбыр ете қалды. Көк есектің алдында бір үлкен қарбыз жарылып жатыр екен. Әжептәуір. Қам жүгіріп қызара бастаған қарбыз. Енді бәріміз сол қарбызға қарап қаппыз.
— Міне, көрдіңдер ме, әлі піспеген. Мал үзіп кеткен екен кеше, жарып көк есектің алдына тастадым, — деді қарт әлгі жарылған қарбыздың бір бөлегін аяғымен қозғап.
Әжібек сол жарты қарбыздың үстіне төніп түсе жаздап тұр.
— Былай болсын, балалар, сендер араға енді бір он күн салып келіңдер әй бір, қарық қылайын бәріңді де, — деді Шымырбай.
Біз қипақтасып кете қоймай, біресе көк есектің алдында жарулы жатқан қарбызға, біресе анау пәлекте теңкиіп жатқан қарбыздарға қарай бергенбіз.
— Әй, Тоқтаржанның көкесі-ау, көк қарбызды аяйсың ба, біреуін әкеп жарып бер балаларға, көрсін, — деді осы кезде кемпірі.
— Сен де қызықсың, піспеген жемісті үзуші ме еді. Ол болмайтын ырым, — деп Шымырбай қарт кесіп тастады. — Сөйтіңдер, балалар, енді он күннен кейін келіңдерші...
Басымыз салбырап, сүлесоқ басып, келген жолымызбен ауылға қайттық. Күн еңкейіп, көлеңкеміз ұзара бастаған. Алдымызға түсіп ап, ербең-ербең етеді: қол аяғымыз шидей ұп-ұзын, басымыз соп-сопақ, менің көлеңкем анау деуге намыстанасың. Біріміздің көлеңкемізді біріміз мазақтап, жыртақтап күлеміз: асқабаққа теңейміз, қиярға теңейміз, астауға теңейміз, келсапқа теңейміз... теңемейтін затымыз қалмайды.
Жыланша бұралаңдаған ирек жолмен біріміздің артымыздан біріміз тізіліп жотаның үстіне шықтық. Иіріле қап кейін қарағанбыз. Шымырбайдың үйі табанда сай ішінде жәпірейіп кіп-кішкентай ғана боп қалыпты. Мұржасының түтіні будақтайды, тасада тығылып отырып тартқан шылымның түтіні сияқты: қарттың өзі қорасының төбесінде бағанағы шөбін жаймалап жүр, кемпірі есігінің алдында күйбің шаруаға кіріскен, ал көк есек ойыншық сияқты кіп-кішкентай боп сол бір орнында сілейген де қалған.
— Бір қарбызын аяды-ау мына шал, — деді Әжібек тісінің арасынан сөйлеп. — Зәуімен сонау ауылдан келгенімізде көк есегі ғұрлы болмадық қой. Қап, қорлығы-ай, мына қақпастың.
Әуелі ренішпен жай бастаған сөзінің соңын кіжіңмен аяқтады.
— Ал енді ерегескенде бар ғой, бүгін осы шалдың қауын-қарбызынан дәм татпай кетпеймін.
— Мен де, — деді Қайрат іле қоштап.
— Мен де, — деді тағы бір бала.
Сол-ақ екен, тұс-тұстан, бәріміз де: «Мен де, мен де» — десіп шулап кеттік.
— Айтқанымнан қайтпан, ант етем сендердің алдарыңда, — деп Әжібек оң қолын көкірегіне апарып, батып бара жатқан күнге қарап тағзым еткен. Мына қылығы бізге мүлдем қатты әсер етті, кәдімгі үлкен жорық алдындағы ердің антындай. Дереу бірімізден кейін біріміз Әлсібектің сөзін қайталап, батар күнге қарап тағзым ете тұрып ант бердік.
— Жүріңдер, күн батқанша анау қылтада жасырынып жатамыз, — деді Әжібек. — Шабуылға шығардың жоспарын сол жерде ойластырамыз.
Әжібектің айтқаны біз үшін екі дегізбес заң. Қайрат пен және бір баланы барлаушы ғып жотаның үстіне отырғызып қойды. Ол екеуі Шымырбай шалдың үйіне біреу кеп, біреу кете ме, түнге қарай не істеп, не қояды соны тегіс бақылауға тиіс. Қалғандарымыз тасаға барып жасырынып жаттық. Бастаушымыз өзің, бір саған сендік дегендей бәріміз Әжібекке қарай береміз.
— Кәне, мені бір жыбыр-жыбыр жасап жіберіңдерші, — деп ол етпетінен жата кетті.
Тау шөптерінің арасынан бір-бір шоқтан таңдап алып жыбыр-жыбырға кірістік. Әжібек тағы да, ой, есінен танып, рақатқа батты дейсің. Шетімізден мақтау естіп, мәз боп қалдық.
— Бәрің менің сарбазымсыңдар, оң қолымсыңдар! — деп бір тастады. — Бүгіннен бастап жұбымызды жазбайтын боламыз. Біреуіңе қиянат істер адам болса, ол біздің бәріміздің қас жауымыз.
Шіркін, сол кезде жер үстінде біздерден бақытты жан болды ма екен?! Әй, қайдам! Әжібектің қарамағында болу, оның айтқандарын қалтқысыз атқарып, нөкері боп жүруден артық не арман бар еді бізде.
Үсті-басы әбден қызарып, қотырларының аузы қанталаған Әжібек орнынан тұрды.
— Жыбыр-жыбырға осы жердің шөбінен алып кету керек екен, — деді.
— Алып кетуге болады. Мен мына жейдемнің етегін ышқырланып алам да, ішіне салып жүрем, — деді мәймөңкелеген бір бала.
— Мен де сөйтіп алам, — деді екінші бала. Қойшы, қысқасы, әлгі жердің шебінен бәріміз де жейдемізді қампитып тығып алдық.
Кештің түсуін күтіп иіріліп отырмыз. Күн қып-қызыл боп шелденіп батуға таяу. Найза тастардың ұштары бояулы қарындаштай қызыл күрең тартып жан-жақтан состиып тұр. Аспандағы ала шабыр бұлттардың бауыры жарып-жарып қойған қарбыздай қып-қызыл.
— Хе-хе-хе-хе, шіркін! Қазір күн батсын кішкене, аш бөрідей тиісерміз, бүйірден, — деп сақылдай күлді Әжібек, батырлар жырын оқығандай мақамдап.
Діңкелеп шаршаған күн де ұясына барып қонды-ау ақыры. Найза тастар ымырт қараңғылығына сұғынып қарауыта бастады. Тау жақтан салқын самал соқты. Бойымыз сәл тоңазып, орнымыздан ширыға көтерілдік.
Шабуылға шығатын тұсты бағана күн жарықта Әжібек белгілеп қойған: Шымырбай шалдың үйінің желке тұсындағы тік қабақтан дәл қауындықтың үстіне құлап түспекпіз, жегенімізше жеп, көтергенімізше алып, у-шусыз сол тікпен қайта көтеріліп кетпекпіз. Біздің жоспарымыз бойынша Шымырбай ол тұстан ұры келеді деп күтпейді де, ештеңені сезбей де қалады.
Әлгі тік қабаққа келдік, алды-артымызға қарамастан темен қарай шұбыра домалап жөнелдік. Қалың бөргез, тобылғы, қараған өскен, жықпыл-жықпыл тастары көп қия екен. Әзер түстік. Алдымыз қауындыққа жетіп бір-бір қарбызды көтеріп ұрып, енді бас қоя бастағанбыз, Шымырбайдың бағанағы тайыншадай төбеттері арсылдап қоя берместері бар ма. Ең болмаса, бір асап үлгірмеген жарулы қарбызды тастай сала кейін қарай зыттық бәріміз де. Сүріне-қабына, бірімізді-біріміз басып кетердей боп тік қияға қаштық. Төбеттер арсылдап жетіп те қалған. Артқы бір-екі бала қорыққандарынан бақырып жіберді. Осы кезде үй жақтан:
— Майлыаяқ, Құттөбет! Кә, кә! — деген Шымырбайдың даусы шығып жанымыз қалды. Екі төбет те ұмтылғандарын қойып, жай ғана арсылдай үріп кейін қала берді.
Біз болсақ өліп-өшіп, екі өкпемізді қолымызға алып, қияның үстіне шықтық. Бөргез тікен мен бұталар үсті-басымызды алым-жұлым ғып жіберді. Қияның үстіне шыққан кезде Әжібек:
— Кәне, тас жинаңдар! — деп бұйырды. — Егер қуатын болса шалды да, иттерін де тастың астына аламыз.
Дереу қараңғыда сипаланып жүріп тас жинай бастадық. Бірақ Шымырбай артымыздан қуған жоқ. Әлден уақытта төменнен:
— Әй, балалар! — деп дауыстады. — Шырақтарым, бұларың не? Піскен жоқ деп бағана айтпап па ем өздеріңе. Міне, піспеген көк қарбызды босқа жарып тастапсыңдар. Не шықты содан. Әй, балалар-ай!.. Өздерің жейтін қауын-қарбыздар еді ғой.
Біз тырс етіп дыбыс берместен құлағымызды елеңдей тігіп тыңдап тұрмыз. Демігіміз әлі басылар емес. Шымырбай тағы бірдеңелерді айтып күңкілдеп сөйлеп жүр. Арпылдап үріп қоймаған иттеріне: — Жә, жатыңдар, әрі! — деп жекіргені естілді. Кемпірі келді. Екеуі күңкілдей сөйлесіп, біраз жүрді. Онан соң! — Әй, балалар! — деп, бізге бір-екі рет дауыс берді де, жауап болмаған соң иттерін ертіп, үйлеріне кетті. Сірә, бізді де кетті деп ойласа керек.
— Біржола ұйықтасын енді, — деп қойды Әжібек. — Қап, жаңағы менің жарғаным піскен қарбыз еді, алып кетті-ау, ә.
— Мен ортасынан бір асап едім, тәп-тәтті екен, — деді Қайрат.
Біз сол отырғаннан ұзақ отырдық. Қараңғылық әбден қоюланды.
Табанымыздың асты тастай қараңғы шыңырауға айналды, үңірейіп жатыр, бір кішкентай ғана от жылт-жылт етеді. Шымырбай шалдың есігінің алдындағы қоламтаның оты.
— Ал еріңдер соңымнан! Домалап кетпей, абайлап түсіңдер! — деп сыбырлап бұйрық етті Әжібек. Өзі төмен қарай қараңғылыққа сүңгіп кетті, аяқ астындағы тастардың тықыры, бұта-бұтаның сыбдыры ғана естіледі. Қалғандарымыз жүрексініп іркіліп қалғанбыз.
— Жүріңдер! — деп зекіген бұйрық естілді төменнен. — Тек дыбыс шығармаңдар!
Қараңғыда қолымызға ілінген бұта-бұталардан қарманып ұстанып біз де домалана жөнелдік. Тік қия, өте тайғақ, мүлт бассаң кеткенің, бөргез тікендері, сойдиған бұталар үсті-басымызды жұлмалап, тырналап келеді, аяқ асты — қырлы тастар сүрініп омақаса жаздайсың, табанды тілгілейді.
Сүріне-қабына қауынға да жеттік. Әжібек үлкен бір қарбызды жерге гүрс еткізіп қойып қап, қақ айырып, қолды салып та жіберіпті. Қомағайлана асайды. Қолымызға ілінгенді біз де жерге қойып қап бір-бір асап үлгірдік. Піспеген ап-ащы екен, тастай бере келесі бір теңкиіп жатқанды көтеріп ұрдым. Сөйтіп, қозы қораға түскен аш бөрілердей әп-сәтте қауындықтың үстін әлем-тапырық қылдық, қолға іліккеннің жарылмағаны қалмады, жесек те, жемесек те жара бердік. Бүлдірудің құмарлығы, қызығы әбден билеп алған еді бойымызды.
Әуелде үнсіз келіп сақтықпен кіріссек те, сәлден кейін кей бірімізді есірік жеңіп, дыбыс шығарып «аһылап, үһілеп», бір-бірімізге дауыстай мақтанып, мүлдем есіріп кеттік. Шу-шу етіп аяғымызға ілінген қарбыз желілерін тепкілеп үзіп, қараңғыда қарбызға таласа бастадық.
Осы кезде Шымырбайдың қос төбеті тағы да арпылдап үре бастады. Біреуі тіпті ұлып-ұлып үрген.
— Жә, өй, өз басыңа көрінгір!— деген шалдың даусы шықты.
Біз тағы да зәре-құтымыз қалмай кейін зыттық. Тағы да бұта-бұтаға бет-аузымызды жырғызып қияға өрмеледік.
— Тас! Тас! Тас алыңдар!.. Итті ұратын! — деп бұйырды Әжібек. Бірақ бір таңқаларлығы үй жақтан жұлқынып үргендері болмаса иттер әлгіндегідей қуған жоқ соңымыздан. Оның есесіне:
— Әй, иттің балалары-ай, сендерді ме! — деп ақырған Шымырбайдың даусы өте жақыннан естілді. Сірә, өзі қуып келе жатса керек.
Біз қияның орта тұсына таяп к,алғанбыз. Балалардың біреуі үлкен бір тасты сайға қарай домалатып жіберген, сайдың іші салдырлай жөнелді. Сөйткенше болған жоқ, тағы біреу тас домалатты. Алды-артымызға қарамай тағы зыттық. Соңымыздан салдыр-гүлдір домалаған тастардың жаңғырығы, «о-о!..» — деп күңірене айқайлаған Шымырбай шалдың даусы естілді. Біздерді қарғап-сілей бастады. Көпке дейін басылған жоқ. Тау арасын жаңғырықтырып зарлай созған даусы естілді де тұрды.
Біз сол қашқан бойда екі-үш жотаны асып барып, бір-ақ тоқтадық. Алдымызда келе жатқан Әжібек кейін қайырылып:
— Түгелсіңдер ме? — деп сұрады.
— Түгелміз.
— Ештеңе ала алдыңдар ма?
— Мен екі қарбыз алдым, — деді Қайрат.
— Маладес!
— Мен де екеу алып қашып едім, біреуін домалатып алдым, — деді Санат.
— Мен мына бір үлкен қарбызды алып шықтым, — деді тағы біреу.
Сөйтіп ұрлап шыққан қауын-қарбыздарымызды ортаға салдық.
— Ал енді бұларды ауылға апаруға болмайды, — деді Әжібек. — Осы арада отырып рақаттанып жеп алайық.
Айдалада, түннің бір ортасында су татыған көк қарбыз бен көк қауындарды дірдектей отырып жеп алдық...
Ертеңіне үй ішіндегі абыр-дабырдан ерте оянып кеттім. Бет-аузым түндегі жеген қауын-қарбыздан сірне-сірне боп тырысып қапты. Ернімді жалап керіп едім, дүрдиіп ісіп кетіпті, ұшық шыққан сияқты. Үй ішінде әжем мен көрші кемпір сөйлесіп отыр екен.
— Сорлы Шымырбай, сорлады ғой, сорлады ғой, — деді әжем күйзелген үнмен. Мен елең етіп құлағымды түргем: Тоқтардан қаралы қағаз кепті, ауылдың ақсақалдары жиналып соны естіртуге барғалы жатыр екен. «Түу, мен де бір, түндегі жорығымызды сетіп қойды ма деп, зәрем ұшса, қаралы қағаз екен ғой...» — деп ойладым.
Бұ балалық дегенді қойсаңшы. Сол бір оқиға есіме түссе күні бүгінге дейін кірерге жер таппай қысыламын. Сонымыз не біздің? Неге біз сондай болдық? Жалғыз үй шал-кемпірге не үшін қиянат жасадық сонда? Жазығы не еді олардың? Неге?.. Неге?.. Бәлкім, балғын балалығымызға жара салған соғыс кінәлі шығар, күтімсіз өскен жабайы алмадай ащы болуымыз да содан шығар, жабайы алманың тісті қамап сырқырататыны тәрізді жанға батар қылықтар істеуіміз де содан шығар? Кім білсін. Бір нәрсе ғана ақиқат: өзің ақымақ, әрі қорқақ болсаң жауыз болуың да оп-оңай, тек бастаушың болсын.
Сәлден кейін Нұғыман кешегі қауынға ұрлыққа аттанған барлығымызды кеңсеге шақыртып алды. Менің апам да осында екен. Екеуі де түнеріп ашулы отыр, бізге жек көріп суық қарайды. Ортамызда Әжібек жоқ боп шықты.
— Әлгі басшысы қайда бұлардың? — деді Нұғыман біздерді шақырушы балаға.
— Ол таң атпай тұрып станциядағы нағашысына кетіпті. Сол жақтан жұмыс істеп, оқу оқимын дейтін көрінеді.
— Қашқан түрі ғой. Сол жақтан-ақ ұстаймыз оны. Ал сендерді қазірден бастап анау тас қораға он күнге қаматам, ешқандай тамақ бергізбеймін, — деді Нұғыман біздерге түйіле қарап. — Сендердей ұрыларды аштан қатырғаннан басқа амал жоқ.
Біздер зәре-құтымыз қалмай дірілдеп кеттік. Нұғыманның тас қораға апарып он күн бойына қамайтынына, еш тамақ бергізбей аштан қатыратынына титтей де күмәніміз болған жоқ. Мен араша түсе ме дегендей апама қарағам, мүлде селт етер емес, қабағын қарс жауып алған, алдында баласы — мен емес, тура бір фашист отырғандай түсін бермейді. Нұғыман одан:
— Сіз балаңызды қамағанға қарсы болмайсыз ба? — деп сұраған.
— Жоқ, қарсы емеспін. Алыс бір жаққа айдатып жіберсеңіз тіпті жақсы болар еді. Мұндай қарақшы баланың маған барынан жоғы,- деді апам түңілгендей.
Мен шыдай алмай жылап жібердім.
— Апатай-ай, ендігәрі ондай ештеңе істемейін, кешірші мені... кешірші...
Сол-ақ екен басқа балалар да шуылдап жылап қоя берді, олар да бастыққа, менің апама өлердегі сөздерін айтып, жалынып-жалбарынып кешірім сұрап жатыр.
— Жарайды, — деді әлден уақытта Нұғыман, — бір жолға кешірейік. Ендігәрі олай істеуші болмаңдар.
— Істемейміз.
— Енді Әжібекке ілеспейміз, — деп бір ауыздан уәде бердік.
— Барыңдар! — деді енді Нұғыман даусын жұмсарта сөйлеп, — Бір сағаттан кейін пішенге баруға дайындалып, осы кеңсенің алдына жиналыңдар. Байдалы арбамен Қоғалыбұлаққа апарып салады.
Айтқанындай бір сағаттан кейін қос ат жегілген Байдалының арбасына тиеліп, ауылдан алты-жеті шақырымдағы пішеншілер қосы — Қоғалыбұлаққа жол тарттық. Қос көк ат бастарын шұлғып қойып, сонадан қорғаншақтап өздерін өздері құйрықтарымен сабалап бүлк-бүлк желеді, арба борпылдақ қара жолмен былқ-былқ етіп тербетіледі. Төңіректегі балқұрақ сәске күннің қыздыра бастаған аптабына майланған қайысша балбырап, былқып тұр. Гүл қуған неше түрлі көбелектер сайпалақтай ұшып аттардың баурына, арбаның астына кіріп кете жаздайды, ал шегіртке дегенің жыртылып айырылып жатыр, Аттың шашасынан шашылған құмдай бытырайды. Байдалы шал дамылсыз сөйлеп келеді. Бар сөзі Әжібекті жамандау.
— Бас бітімі жаман ғой иттің шақшадай боп. Әй, әсте жақсылық шыға қоймас ол бастан. О, ол ма? Ол әлі жер өртейді, көріңдер де тұрындар. Осы айтқаным келмесе мына мұрнымды кесіп берейін, — деп қояды.
Қоғалыбұлаққа жеткен соң әрқайсымыз бір-бір өгіз сүйреткінің басына мінуге бөліндік. Мен әуелден-ақ Нәзира әпкемнің жетегіндегі сүйреткінің басына мінуді меншіктеп алғам. Солай қарай жүрдім. Мені анадайдан таныған Нәзира әпкем де жайраң қағып қуанып қарсы ұмтылды. Он күндей көрмегенге сағынысып қаппыз. Мені баурына қысып құшақтап бетімнен, көзімнен сүйді. Өзі күнге әбден қарайыпты және бір байқағаным бұрынғыдан да гөрі өсіп, толысып кеткен сияқты. Мұрнының үсті шып-шып тершіп тұр. Құшағы да, демі де ып-ыстық екен, мені де лезде терлетіп жіберді.
— Әжем, апам ауырмай ма? Балалар қалай? Ауылда не жаңалықтар бар? Маған хат келген жоқ па? — деп бастырмалата сұрап жатыр. Әрине, хатты кімнен күтетінін мен жақсы білем.
— Бәрі аман, бәрі жақсы. Ешқандай хат келген жоқ, — деймін мен, бірақ көзіне тура қарап айтуға жүзім дауаламай, теріс айналдым. Тоқтардан келген қаралы қағаз есіме түскенде жүрегім суылдап қорқып кеттім.
— Ал жарайды, кейін сөйлесерміз. Кәне, өгізге мін, — деп аяғымнан көтеріп мінгізді, — Келгендерің жақсы болды ғой, әйтпесе өзіміз өгіз жетектеп, одан шөмеле тиеп ит әуре боп жүр едік.
Мен егіздерді қақпайлап шөмелелерді жағалата жүріп отырдым да, әпкем сүйреткіге шөп тиеуге кірісті. Қимыл-қозғалысы нық, қарулы. Анда-санда маған күле қарап қояды. Сүйреткіге шөпті таудай қып тиегеннен кейін салынып жатқан маяның түбіне әкеп, маяшыларға көтеріп бере бастады. Маяның үстінде Көлбай керең екен, қағып алып жаймалайды.
Түсте қос басына жиналып, тамақ ішуге отырдық. Әйелдердің бірі:
— Балалар, айтсаңдаршы, ауылда не жаңалық бар? Ешкімнен жаманат хабар жоқ па? — деп сұраған. Осы арада Қайрат:
— Ойдағы Шымырбай шалдың баласынан қаралы қағаз келді, — деп дүңк еткізіп қойып қалды.
— Не дейді?
— Не дейсің, ойбай, Тоқтардан ба?! — десіп әйелдер шу ете түсті.
Нәзира әпкемнің, отыра бергені сол еді, көзі шарасынан шыға жалт етіп Қайратқа қадалды. Қайрат болса қаннен-қаперсіз қаралы қағаздың қашан келгенін, ауыл ақсақалдарының жиналып Шымырбайдікіне естіртуге кеткенін егжей-тегжейімен айтып шықты. Енді бір сәтке жұрт тегіс Нәзира әпкеме қарай қалған. Ол басын тұқыртқан күйде өңі бұзылып, сұрланып өне бойы дір-дір етіп, менің білегімнен тастай қып қысып ұстап алды да, мелшиіп отырды да қойды. Тоқтарды естеріне алып, көздерін сығымдаған, әке-шешесіне жанашырлық айтқан әйелдердің сөздеріне де селт еткен жоқ. Алдына қойылған быламық көжеге де қол созған жоқ, со күйі қалды. Жұрт орындарынан көтерілген кезде, ол да тұрып, мені ертіп әлгіндегі сүйреткіні доғарған жерімізге қарай жүрді. Жасаурай берген көзін маған көрсеткісі келмей аспанға, ала шабыр бұлттарға қарады.
Кешке дейін ләм деп сөйлеген жоқ, жұмысты үнсіз істеді. Екі-үш рет айырға сүйене тұрып әбден титықтап шаршағандай жабырқау, жүдеу кейіпте: «О-о...» деп күрсініп қойды.
Жұмыс қас қарая тоқтатылып, пішеншілер қос басындағы, құжынаған жынды көбелектер мен шыбын-шіркейлердің талауына түскендей жалп-жұлп еткен май шамның көмескі жарығында қалғып-мүлгіп отырып кешкі тамақтарын ішті де, әркім қалаған жеріне шөп төсеп, қисая-қисая кетті де ұйқыға кірісті. Мен Нәзира әпкемнің ірге жағына кеп тығыла жатқам. Енді ұйықтап барады екем, астымдағы қурайлы шөп сылдыр етті. Селк ете түсіп, көзімді ашқам, Нәзира әпкем түрегеп кетіп барады екен. Алды-артына қарайтын емес, қараңдап алыстап барады. Ұшып тұрдым да соңынан ілестім. Қараңғыда аяғыма шөгірлер батып ұшып түсе жаздаймын, бірақ сонда да Нәзира әпкемнен көз жазбай келем. Қостан кеп ұзап, алыстап кеттік. Бір кезде алдымда келе жатқан Нәзира әпкемнің өксігені, одан үн шығарып жылағаны естілді. Тағы біраз жүре түскен соң, кәдімгідей дауыс салып жылады. Әуеліде сөйлеп-сөйлеп алып жылаған:
— Неден осынша бақытсыз болдым. Неден осынша сормаңдай едім. Жарық дүние-ау, қай күні ғана қарғысыңа шалынып тудым екен. Әкеден айырылғаным анау, сүйгенімнен айырғаның мынау... Неден жаздым?.. Неден?..
Біраздан кейін сөзді қойып, ыңырсып жылап, зарлы жоқтауға ауысты. Өзі дамылсыз жүріп келеді, шабылмаған қалың шабындыққа шыққамыз, соны кешіп келеді, сөйтіп келе жатып жоқтау айтып келеді. Жанына батқан қайғыға қабырғасы қайысып, егіле жылап, зар илейді. Мен де жылап келем. Тоқтарды есіме түсіріп, ол енді еш уақытта Нәзира әжеме кеп, біздің үйді торуылдап жүрмейді-ау деп, ойлаған сайын ішім удай аши түседі. Өкіріп жылағым келді. Нәзира әпкем құсап ішімдегімді мен де сөзбен, зарлы жоқтаумен шығарғым келеді.
— Тоқтар аға!.. Тоқтар аға!.. — деп еңіреп жылап жібердім де алға қарай жүгірдім, шабындыққа аяғым оралып сүрініп жығылғам, тұра сап қайта жүгірдім.
Нәзира әпкем екеуміздің құшақтарымыз айқаса кетті, айдалада екеуміз де ішіміздегі құсталықтарымызды ағыттық. Дауыс сап, көрісіп тұрып жыладық. Қанша уақыт жыладық, аз ба, көп пе, білмеймін. Есімді жиып, басымды көтерсем, бозарып, қауынның тілімімдей боп ай туған екен. Айнала төңірек бозамық тартып, май шамның жарығы түскендей боп көмескі көрінеді. Әпкем екеуміз өксігімізді тартып қойып, солығымыз басылғанша отырдық. Ол мені шашымнан сипайды, баурына тартып қыса түседі. Бауыры жып-жылы.
Біреу өкпе тұсымыздан ағараңдап жүріп өтті.
— Өк! Ой арам қатқыр, өк! Сыпатай-ау, былай қайырсаңшы!..
Жынды Бүбітайдың даусы. Қорқып кеттім.
— Байғұс, күнде түн жарымында осы жаққа кеп, жоқ малды қайырып жүргені. Өстіп қаңғып жүріп бір күні далада өліп қалады ғой, — деді Нәзира әпкем ауыр күрсініп.
Бүбітай өзімен-өзі сөйлеп ұзай берді. Бір сәт алыстан зарлаған әні естілді.
Қара көзім,
Жете алмадым,
Жер шалғай,
Жалғыз өзім...
Көпке дейін естілді де тұрды.
Біз, Нәзира әпкем екеуміз, ақырындап аяңдап қос басына қайттық. Шабындық үстін шық басыпты, аяғым суланып келеді. Өне бойым дірілдеп, тітіреніп қоям.
КҮЗ БЕН ҚЫС
1
Жаздың соңғы күндері болатын. Бір күні түсте станция жақтан келетін қара жолмен бұрқылдата жүгіріп: «Сүйіншілеп!» біреу шыға келді.
— Сүйінші!.. Сүйінші!.. — деп екі санын сабалап келеді.
Жақындай бере таныдық, кәдімгі өзіміздің Әжібек. Түнеукүнгі станцияға нағашысына қашып кеткеннен қайтқан беті. Басында пилотка, бұтында галифе шалбар — құдды әскердің өзі дерсің, екі өкпесін қолына алып ұшып келеді. Өзіне қарай өре жүгірген біздерге:
— Сүйінші... сүйінші, ЬІрысбек қайтып келе жатыр соғыстан, — деді алқына дауыстап .— "Мына төбенің астында келе жатыр. Жүгіріңдер, сүйінші сұраңдар ауыл-аймақтан!..
Біз әуеліде сәл абдырап қалдық. Өйткені, осыдан бір жыл бұрын Ырысбектен өлді деген қара қағаз келген еді, әйелі — Дурия қыста Көлбай кереңді әйелінен айырып, соған тиіп алған болатын, сөйтіп ел-жұрт мүлдем күдер үзген адамды мына төбенің астында келе жатыр дейді. Сенерсің бе, сенбессің бе, әлде Әжібектің тағы бір ойлап тапқан қалжағы боп жүрмесе.
— Әй, сенбей тұрсыңдар ма? Міне, мына киімдерді сол берді маған. Кеше станция басында ауылға қалай жетерімді білмей сенделіп жүргем. Апамды сағындым: «Сорлы-ай, менсіз күні не боп жүр екен?» — деп; Мына сен жетпегірлерді сағындым: «Менсіз бастары бірікпей тоз-тоз боп жүрген шығар», — деп. Сөйтіп жүргенімде поезд тоқтаған. Бір адам вагоннан түсіп елден ерек сарт-сұрт етіп келеді. Анадайдан көзіме оттай басылды, әкемді көргендей айқайлап жіберіппін: «Ырысбек аға!» — деп. Көзімнен жас ыршып кетті, жүгіріп барып бас салдым. Содан кешке дейін екеуміз станцияны араладық. Ырысбек ағаның неше түрлі сұлу таныс қыз-келіншектері бар екен. Шетінен «во!» деген, солардың үйінде болып шай іштік. Кешкісін ымырт үйіріле біреулердің тұсап жіберген аттарын ұстап міндік те, түнделетіп жүріп кеттік.
— Ал аттар қайда?
— Қайда болушы еді, әлгінде ноқталарын мойнына байладық та кейін қайырып, айдап жібердік. Жануар, жылқы деген жершіл болады емес пе, бүгін-ақ жетіп барар иелеріне. Түу, сөзге айналып қалдық қой. Ал жүгіріңдер тез! Сүйінші сұраңдар!..
Біз тым-тырақай ауылдың тұс-тұсына жүгірдік, үй-үйді аралай жүгіріп есіктің алдынан, терезенің тұсынан айқайлап өтеміз:
— Әже, сүйінші, Ырысбек келе жатыр!
— Апа, сүйінші, Ырысбек келе жатыр!
Соғыстан қайтқан адамды бүкіл ауыл болып алдынан шығып қуана қарсы алу салтқа айналған. Сондықтан сүйіншіні де кезіккен адамның бәрінен сұрай береміз. Ілездің арасында ауылдың кәрі-жасы тегіс бірі қалмай қара жолға қарай жүгірді. Бірі сенеді, бірі сенбейді.
— Былтыр қара қағаз келмеп пе еді?!.
— Е, қара қағаз деген кейде жаңылыс келе беретін көрінеді ғой. Мына көрші колхозда да артынан қара қағаз келген біреу үш ай өткен соң аман-есен тірі қайтыпты.
Мұндайда қуанышқа да шыдай алмайтын кемпірлер көздерін сығымдап жылап келеді.
— Байғұс-ай, тірі екен-ау!..
— Дәм-тұзы әлі таусылмаған ғой.
— Менің құлыным да бір күні өстіп жетіп келер кез болар ма екен, дүние-ай!..
— Ей, әмірі күшті жаратқан...
— Әлгі Дүрия сорлы қайтер екен енді?
— Е, сорлы боп оны біреу төлеуіне беріп пе?! Өз обалы өзіне, жаман қардың. Ең болмаса, бір жыл отырмады-ау, артын күтіп. Енді бармағын шайнап отырсын.
— Е, алланың ісі десеңші оны да. Әйтпесе, Көлбай кереңге о байғұс қайбір жетіскенінен тиді дейсің...
— Ибай-ау, Ырысбек қайда барар екен, енді? Кімнің үйіне түсер екен? Туыс дейтін туыс та жоқ қой байғұста?
— Е, ел-жұрт емеспіз бе? Қайсымыздың үйімізге кірсе де қарсы аламыз ғой.
— Иә, бәрінен де азаматтың аман-сау оралғанын айтсаңшы...
Өстіп кемпірлер мен әйелдер сан-саққа кетіп тұрғанда төбеден Ырысбектің де қарасы көрінген, біз балалар жарыса лап қойдық.
— Аға-а!..
— Ырысбек аға-а!.. — деп шұрқыраса дауыстап, құстай ұшып келеміз. Бірімізден-біріміз бұрын жетіп, бетімізден бұрын сүйгізуге асығамыз. Соғыстан қайтқан адамның бетіңнен бір сүйгені — әкеңнің, яки бауырыңның сүйгеніндей олжа, дәл солардың қасынан қайтып, солардың ыстық сағынышын, солардың сәлемін жеткізгендей көрінетін. Соның өзіне мауқымыз басылып, масайрап бір жасап қалатынбыз.
Әне, балалардың алды оған жетті де, енді Ырысбек оларды кезек-кезек құшақтап сүйеді-ау беттерінен, — деп ойлағанбыз... Жоқ, түк те олай еткен жоқ. Сүймек түгілі амандасқан да жоқ. Топырлап жеткен балаларға қабағын шытып.
— А, ну, шаңдатпаңдар!. — деді ақырып. Көзін алақ-жұлақ еткізіп алартып-алартып қойды, иығына асынған мылтығын жөндеді, қынай буынған әдемі жалпақ белдігін дұрыстап, жейдесінің етегін кейін қарай ысырып сәнденді де, онан соң жолдың тақ-тақтау жиегімен әскери тәртіпте екі қолын сермеп тастап, сарт-сұрт адымдап жүріп кетті. Етігінің табаны дүк-дүк еткен сайын өкшесіне байлап алған әдемі жылтыр темір де сәнімен шылдыр-шылдыр етеді.
— Ол шпор! — деді Әжібек біздерге түсіндіріп, — Ырысекем атты әскерде болыпты, соның белгісі.
Біз аузымызды ашып, көзімізді жұмдық. Мұндай сәнді киімді де, мұндай сәнді жүрісті де, шпорды да тумысымызда бірінші көруіміз еді. Бәрінен де иығындағы мылтығын айтсаңшы! Ырысбектің алды-артына шығып, әр затына қызыға қарап, шұбап келеміз. Үлкендерге де таяу қалғанбыз, шыдамсыз бір-екі кемпір құшақтарын жайып ұмтылыса берді.
— О, айналайын, сені де көретін күн бар екен-ау!..
— Асылдан қалған тұяғым-ай, ата-бабаңның аруағы жебеп, аман-сау оралдың ба!..
Екі кемпір қабаттаса кеп, құшақтап сүймек еді, бірақ Ырысбек оларды қолымен сәл кейін ысырып, өзін құшақтатпады да, сүйгізбеді де:
— Есенсіңдер ме, аналар! — деді даусы гүр етіп. — Есенсіңдер ме, туған жер, ел-жұртым! — деді онан соң өзін қарсы алып тұрған көпшілікке даусы саңқылдап.
Даусы мұндай зор, ашық болар ма, әр сөзі балғамен соққандай естіледі. Екі кемпірден кейін қалай амандасарларын білмей жұрт аңтарылып қалған. Ырысбек сол шақ-шұқ етіп адымдаған күйінде олардың қақ ортасынан жарып өтіп, тура өз үйіне тартты. Ешкімге бұрылып қараған жоқ, ешкіммен сөйлескен жоқ. Енді бүкіл жұрт соңынан ілесті. Дәл есігінің алдына барғанда өкшесін сарт еткізіп тоқтады да:
— Әжібек! — деді.
Әжібек жүгіріп барып оның қарсы алдына қалшиып тұра қалды да, қолын шекесіне апарып нағыз әскерше честь берді.
— Бар, Дүрияны шақырып кел, мына үйдің есігін ашсын! — деді Ырысбек әр сөзін шегелеп бұйыра сөйлеп. — Шаңырақтың иесі өлген жоқ, аман-есен келіп тұр де. От жағып, түтін шығарсын!
Бағанадан Ырысбектің қылығына түсіне алмай дел-сал боп тұрған жұрт бір ауыздан күрсініп, көздеріне жас алды. Ырысбектің мына сөздері бәрінің де ет жүрегін езіп жіберген тәрізді.
— Алда, сорлы-ай, енді қайтсін!..
— О, опасыз дүние десеңші.
— Шіркін-ай, осы азаматты күтпеген қатынды айтсаңшы!.. — деп кемпірлер мен әйелдер тағы да күңкіл-күбір сөзге көшті. Ырысбек болса ештеңені естімегендей бір қолын мықынына салып, шіреніп тұр. Аспанға қарайды, қайта бастаған күнге қарайды, онан тауға қарайды, шоқыларды санағандай қадала түседі.
— Туған жер, жеттім топырағыңа, енді өлсем де арманым жоқ, — деді тебірене сөйлеп, көзі жасаурағандай болды. Кемпірлер: «айналайын-ай!..» — десіп мұрындарын мырс-мырс тартып жылап жіберді.
Әжібек те жеткен Дүрияны ертіп. Дүрия анадай жерден тартыншақтап, екі көзі жасқа толып боталап, кілтті Әжібекке ұстата берген.
— Дүрия-ай, өзің кеп ашшы есікті! — деді Ырысбек тағы да даусын көтере саңқылдай сөйлеп. — Сүйіп алған жарым едің ғой. Неке бұзып ажырасқан жоқ едік. Өзіңнің от жаққан жерің еді, тағы да кеп өзің жақшы отты!
— Жөн-ау! Жөн-ау, Ырысбекжанның сөзі!...
Дүрия жасқана басып жақын келді де Ырысбектің алдына жеткенде еңіреп жылап, оның аяғын құшақтай құлады. Көз жасы ЬІрысбектің шаң-шаң етігін айғыздап жіберген. Ырысбек әуелде екі иығы селк-селк етіп, бет-аузы тыржиып күліп тұрғандай боп көрінген, енді бір сәтте тарам-тарам жас оның көзінен де сорғалады.
Екеуі осы бір күйде тұрды да қойды: Дүрия оның аяғын құшақтап бас көтерместен көл-көсір боп еңірейді, Ырысбек болса екі иығы селк-селк етіп, аяғынан байлаулы адамдай тапжылмайды, не еңкейіп илікпейді. Әлден уақытта кемпірлер барып, Дүрияны қолтықтап тұрғызып алды.
— Есік аш, қарағым, — деді.
Дүрия жылағанын қойып, көз жасын жаулығының ұшымен сүртті де, барып есікті ашты. Ырысбек өзі бастап үлкендердің бәрі ішке кірді. Әйелдер дереу сыпыртқы тауып, су сеуіп үйдің ішін тазартып, сыпыруға кірісті. Екі-үш әйелді Дүрия үйіне ертіп әкетті де, көтергендерінше көрпе-жастық, киіз, ыдыс-аяқтар алып келді. Есік алдына көрші-қолаңдардың самаурындары әкелініп, шай қойылды. Ілездің арасында, бір жылдан бері қаңырап иесіз тұрған Ырысбектің үйі гу-гу еткен қызық думанға толды да қалды. Үйдің іші ысып кеткен соң терезені жақтауымен түгел алып тастаған, мұнысы бізге — балаларға рақат болды, енді іштегілердің гу-гу сөздерін сыртта ойнай жүріп-ақ тыңдай беретін болдық. Үлкендердің сөздерін тыңдауға шетімізден әуес-ақпыз. Ол сөздері біз тыңдауға лайық па, жоқ па, — ол жағын білмейміз, әйтеуір олардың ауыздарынан шыққан жақсы сөзді де, жаман сөзді де, қағып ап, бойымызға сіңіре беретінбіз. Біртіндеп жұмыстан қайтқан еркектер мен шалдар да келе бастады. Дүрияның кейінгі тиген күйеуі Көлбай керең де келді. Екеуі төбелесетін шығар деп, біз, балалар, терезеге үймелей қалғанбыз, жоқ, төбелеспеді, қол алысып амандасты да, Көлбай керең есік жаққа мыжырайып отыра кетті. Бөркін алып, басын қасынды да, онан соң көзіне дейін түсіріп қайта киіп алды. Үй шаруасымен кіріп-шығып жүрген Дүрияға бірдеңе деп күңкілдеп еді, анау қабағын шытып, сөйлеспеді.
— Дүрия! — деді Ырысбек дауыстай сөйлеп. — Жаным, менің домбырам, гармоным, мандолинім, скрипкам қайда?
— Қазір, қазір... — деді Дүрия. Әжібекті ертіп үйіне қарай жүгіре басып кетті де, сәлден соң екеуі, әлгінде Ырысбек сұраған бар аспаптарды көтеріп жетті.
— Ой, бәрекелде! Дүрияның мұнысы іс болды, — десті риза болған ақсақалдар.
— Рақмет, жаным! — деді аспаптарын көргенде жүзі жайнаңдап кеткен Ырысбек. Домбырасын жұлып ап, құлақ күйін келтіріп қағып-қағып жібергенде, үйдің ішіне уыс-уыс күмісті шашып-шашып қалғандай болды. Тосаңсып қалған қолын жаттықтыру үшін құлақ күйлердің біразын бірінен кейін бірін шұғыл-шұғыл қайырып тастап отырды да, бір кезде еті қызған жүйріктей күмбірлетіп ап жөнелді дейсің. Үйдің ішіндегілер де, сыртта терезе түбінде тұрған біздер де демдерімізді ішімізге тартып, сілтідей тына қалдық. Қос ішекті ағашта осынша құдірет болады деп кім ойлаған, бірде бебеу қағып, бірде сұңқылдап, көңілді алай-дүлей аласапыран күйге түсіріп, мүлде естен таңдырды. Екі көзіміз телміріп Ырысбекте, оның ерекше қасқайып отырған отырысына да, күреңіте тершіген сұлу жүзіне де, ойнақшыған өткір көзіне де, қайратты қара шашына да ынтызар боп қызыға қараймыз. Үйдегі бүкіл ауыл адамдары бір төбе де, Ырысбек өзі бір төбе, байқаусызда қаз, тауықтардың арасына кеп қонақтап қалған қыран бүркіт сияқты.
Күйді ойнап болғаннан кейін домбырасын көкірегіне басып, көзін жұмып, бала тербеткендей ырғатылып сәл отырды.
— Жұртым, — деді онан соң, даусы елжіреп, егіліп шықты. — Алыста қан майданда жүргенімде отырсам ойымнан, ұйықтасам түсімнен шықпады туған жерім. Жоңғардың мынау жоталары дүниенің төбесіндей де басқа жер осының етегіндей боп көрінді. Сондайда: «Дүние-ай, туған жерге аман-сау оралып, сол жоталарға бір шығып, дүниенің төбесінен қарар күн болар ма екен?!» деп армандаушы едім. Сол арманыма бүгін, міне, жетіп отырмын. Әлгінде де айттым ғой, тағы да айтам: қазір табанда осы арада жан тәсілім етсем өкінбеймін енді. Өздерің өліп-тірілген адам деп отырсыңдар мені. Ол рас. Мен бір өліп, сонан қайта тірілген адаммын. Мені тірілткен мына сендердің ақ тілеулерің, дарқан пиғылдарың! Ризамын, елім, жұртым. Мен жауған оқ пен жанған оттың ортасына — қанды ұрысқа үш рет кірдім. Екі рет аман шықтым, үшінші ретте жараландым. Өте ауыр жараландым. Мына кеудеме оқ тиіп, екі күн ұрыс даласында есімнен танып, қансырап жатқанымда орыстың бір қаршадай қызы жанымды арашалап аман алып қапты. Мені өлдіге жорып қойған екен, енді болмаса көп өлікпен бірге көмгендей де екен, сонда әлгі қыз бала менің әлі де тірі екенімді біліп аузыма су тамызыпты. Мен, бейбақ, сөйтіп, дүниеге қайта оралдым, сөйтіп тірілдім... Госпитальға әкеп, кеудемді тіліп, өкпемнің оқ тескен тұсын ойып алып тастады. Сөйтіп, орнымнан тапжыла алмай үш ай жаттым.
Үй ішіндегілер «аһ» ұрып күрсініп, кемпірлер мен әйелдер көздерін сығымдай берді.
— Айналайын-ай, көрер қызығың әлі бітпеген ғой.
— Ой, дүние-ай, талай боздақтар қалды ғой, сөйтіп, қансырап, талай жерде.
— Қу соғыс, көріңде өкіргір пәшис!..
— Орысымнан айналдым! Шіркін, қаршадай қызының істеп жүргенін қарашы!
— Ей, түге, тоқтаңдаршы, тұс-тұстан сапылдап жарыспай, әңгімесін тыңдайық! Ырысбекжан, сен өзің пәшис деген иттерді көре алдың ба? Қандай болады екен.
— Иә, иә, соны айтшы. Түрлері қандай өзі, кәпірлердің? Адам сияқты ма? — деп Байдалы шал да қозғалақтап қойды. — Қазиттердегі суреттеріне қарасаң жаның түршігеді ғой өздерінен, неше түрлі хайуан-жәндіктерге ұқсайды. Иіріліп-иіріліп жатқан жылан сияқтысы да, тісі ақсиған қорқау қасқыр сияқтысы да, әйтеуір толып жатқан жексұрындар ғой түрлері.
— Фашист дегенді көрдім, —деді Ырысбек. — Бір офицері қолға түсіп, соны, мына, тап сіз отырғандай жерден күзетіп тұрдым. Өңдерінде қан-сөл деген болмайды екен...
— Е, кісі өлтіретін адамның түрі сондай болады ғой.
— Көздері қанталап тұрады екен.
— Астапыралла, қанға тоймайтынның өзі десеңші. Тұмсықтан салмадың ба иттің баласын.
— Қолға түскенді ұруға заң жоқ қой. Әлгінің қасында бір сағаттай тұрғанымда әлгі жұтқан ауадан жұтқаныма жиіркендім. Бірақ амал қанша, шыдау керек.
Күн батып, ел орынға отыратын кез болды, бірақ бірде-бір адам тараған жоқ. Ырысбектен соғыс жайын, өзінің қай майданда, қай жерлерде болғанын, ауылдан кеткендерден кімді көргенін үсті-үстіне сұрайды, бір айтқандарын қайта-қайта айтқызады, таңырқасып, таңданады, жандары ашиды, бір ауық көздерін шылап жылайды. Оның әңгімелерін анық ести алмай қор болған
Көлбай керең ғана кеңірейіп, әркімнің аузына жапақтай қарап көңілсіз отыр. Алғашқыда ол қасындағылардан: «А?!» «Не дейді?» — деп сұрап отырды да, ақыры олар мезі болғандай теріс айнала бастаған соң мазалауын қойды. Бір мезгіл Дүрияға: «Әй, үйге қайтайық та» — деген; «Жә, отыршы жайыңа!» — деген Дүрия зеки сөйлеп. Өзі дастарқан жайып, шай әзірлеп, тыным тапқан жоқ. Ырысбектің әңгімелерін үзік-үзік тыңдап жүр, ести алмай қалған тұстарын әйелдерден сұрап алады. Есік алдына шыққан сайын егіліп-егіліп жылайды да, ішке кірерде көз жасын сүртіп тастайды.
Терезе алдында топырлай тұрып іштегілердің бірде-бір сөзін, әңгімелерін қалт жібермей тыңдаймыз, бір ауық жалыққандарымыз есік алдындағы қалың көк шөпке алысып-жұлысып ойнап аламыз. Мұндай күндері біздің қуанышымыз бөлекше. Өйткені бүкіл ауыл көңілденіп, думанды боп қалады. Жұрттың қабақтары ашылып, жүздері жадырап бір күнге болса да бастарындағы ауыр қайғы-қасіреттерін сейілткілері келгендей күйге ауысады. Қайтқан адамның әңгімелерін тыңдап, өздері де сөйлеп шерлерін тарқатады. Мұндай күндері бастарына секірсек те біздерге ұрсып-зеку деген болмайды. Кірген-шыққан табақшы әйелдер: «Әй, мына балалар аш қалмасын» — деп, бірі тостаған толы сүтке шылаған талқан берсе, бірі қуырған бидай уыстатады. «Өй, айналайындар-ай!» деп мүсіркеп қояды. Осыдан кейін біз шаттанбай, кім шаттансын. Түннің жарымы тұрмақ таң атқанша, қашан үлкендер тарағанша жату жоқ, ойынның түбін түсіреміз.
Түннің ортасы болды, бірақ жиналған жұрт қозғалар емес. Ырысбек біресе гармонын тартты зарлатып, біресе мондолині мен скрипкасын ойнады сыңсытып, қолына қайсысын алса да іркілмейді, құйқылжыта жөнеледі, нешетүрлі әуендер: татар, орыс, қырғыз, қазақ саздары бірінен кейін бірі төгіледі.
— Паһ, шіркін, өнеріңе болайын! Өнерпаз деп осыны айт!
— Он саусағың бал екен-ау!
Елти тыңдаған жұрт таңдайларын қағып, тамсана түседі.
— Ырысбек-ай, даусыңды сағындық қой, шаңдозым, бір әу деп жіберсеңші! — деді шыдай алмаған Байдалы шал.
— Иә, иә, бір әу деп жіберші!
— Ән салшы, ән салшы! — деп енді оны тұс-тұстан қолқалады.
— Халқым қалау айтты ғой, әпкеші, домбырамды! — деп Ырысбек көтеріле бір сөйлеп, қолына домбырасын алды да күмбірлетіп күйлей жөнелді. Өңі сұстанып ойлы күйге түсті. — Дүрия қайда? — деді онан соң саңқ етіп. Дүрия есіктен басын сұққан. — Келші бері! Отыршы қасыма!
Дүрия ыңғайсызданып, қипақтап қалған.
— Кел, отыр қасыма! — деді Ырысбек екінші рет әмірлі үнмен.
— Әй, Дүрия, бар, отыр, қарағым, қасына!
— Өзі шақырды ғой, отырсаңшы!
— Иә, отыршы қасына! — десіп жұрт жан-жақтан кеу-кеулеп, қолынан тартқандай ғып апарып, оны Ырысбектің қасына отырғызды. Дүрия қып-қызыл боп қызарып, шамның жарығына жақын отырған жүзі ерекше алаулап сұлуланып кетті. Көлбай керең Ырысбектің саңқылдай айтқан сөздерін естіген кезде көзі бажырайып, Дурияға кіжіне қараған, енді тук көрмегендей басын тұқыртып бүгжие берді.
Ырысбек домбырасын қағып-қағып қалды да, майда қоңыр үнмен бастай жөнелді.
Айтады Біржан өлең ентелетіп,
Біржанды халқым қойды-ау еркелетіп... –
деген кезде шалдар бір қозғалып:
— Уай, не дейді-ау!
— Пәлі, шіркін! — десіп кеу-кеулеп, мәз боп қалды. Мұнан әрі Ырысбек тынысын бір кеңейтіп алды да даусының бар қуат-құдіретін әннің қайырмасына салды:
Ахау ха-ла-ла-ла, ла-ла-лай,
Ахо-оу-у ха-ла ла-ла ла-ла-лай
лай ла-ла лай...
Мұндай да зор, мұндай да асқақ, мұндай да әсем, сазды сұлу дауыс болар деп кім ойлаған. Соңғы үш жыл бойына жылау-сықтаудан, қасірет-қайғыдан, қаралы күйден ығыр болған, мынау май шамдары сығырайған ауылды, мынау меңірейген қараңғы түнді, сонау күрсінгендей боп дүңкиіп жатқан биік шың-жоталарды осы бір асқақ ән лезде кеулеп, сілкіп-сілкіп қалғандай болды.
— Уа, өркенің өссін, азамат!
— Көп жаса, қарағым! — деп, жұрт естен тана тәнті боп, мүлде есеңгіреп қалды.
— Ал тағы да деп жібер!
— Тағы да, тағы да... — дейді.
Ырысбек те көп жалындырған жоқ, Біржаннан кейін Ақан серінің, Иманжүсіптің, Әсеттің әндерін бірінен бірін асыра шырқады, бірде еңіретіп егілтіп, бірде наздандырып, бұрын түйсініп, сезіп-білмеген әсем күйге түсірді. Біз, балалар, ойын дегенді ұмытып, дүниеде осындай да сұлулық, осындай да сырлылық, кербездік, тіпті түсіндіріп айтуға тіл жетпес бір тәтті сәттер болатынын ұғып тұрмыз. Ырысбек:
Қозы Көрпеш — Баяндай,
Бір молада өлсек-ау...—
деген тұста кіп-кішкентай жүректеріміз ыршып, бұлқынып-ыршып бұлқынып түскендей болды. Терезеге ентелеген күйде біріміздің қолымыздан біріміз тастай қатып ұстай беріппіз.
— Қайран Ырысбек аға... Байғұс Ырысбек аға... — деді балалардың бірі сыбырлап.
Ырысбек болса енді Дүрияға аса бір мұңлы кейіпте қадала қарап қапты.
— Ей, алланың жазмышы-ай, пендеңе көрсетпейтінің жоқ екен-ау, — деді кемпірлердің бірі қатты күрсініп қап.
— Жә, көп отырып қалдық қой, қайталық енді. Ырысбекжан алыс жолдан келді ғой, жатып дем алсын, — деді Байдалы шал.
Жұрт орын-орындарынан қозғалып, тұрып кетуге ыңғайланды. Дүрия да тұра берген.
— Тоқта, отыр! — деді Ырысбек оны қолынан тартып. Онан соң даусын көтере: — Ағайын, тізе бүгіңдер. Айтар арызым бар, бәріңе! — деді нық үнмен.
Жұрт ошарылып қайта отырысты, бәрі аңтарыла қарайды ЬІрысбектің аузына. Ырысбек әлі со Дүриядан көз айырмаған мұңлы кейіпте отырып толқи сөйледі:
— Мынау отырған менің сүйіп қосылған жарым еді. Бүгінде басқа біреудің әйелі боп отыр. Бірақ мен неке бұзып ажырасқан жоқ едім. Амал қанша, сұм тағдыр екеумізді де тәлкекке салыпты. Жоқ, мен мұны кінәламаймын. Қарғысымды соғысқа айтам... Уа, ағайын, жарымды қайтарып беріңдер маған!
Үйдің іші тым-тырыс боп тына қалды. Енді жұрттың көзі тегіс есік жақта кеңірейіп отырған Көлбайға ауған. Ол әлі де толық ести алмай бағжаңдай береді әркімге.
— Дүрияны қайтарып алам деп отыр Ырысбек. Сен не дейсің? — деді жақын отырған біреу құлағына айқайлап.
— Жоқ, жоқ, мен қатынымды қайтарып бере алмаймын! — деді ол үзілді-кесілді көзі шатынап.
— Сен не дейсің, қарағым Дүрия? — деді қарттардың бірі.
Дүрия сәл үнсіз отырды да, көзіне толған жасты ысырып тастап:
— Егер Ырысбек қал десе, мен осында қалам. Бүгін түнде өліп, сүйегім осы босағадан шығар болса ризамын, — деді.
— Алда байғұс-ай, енді қайтсін.
— Шын сөзі-ау!...
— Не десін енді, өзі де солай ғой...
Көлбайдың қасында отырған адам Дүрияның сөзін оған айқайлап жеткізген болатын. Көлбай ұшып тұрып, қонышынан екі жүзді ұзын сапыны жарқ еткізіп суырып алды. Түнеукүні Махмуд деген чеченнен бір лаққа сатып алған болатын.
— Жарып өлтірем! — деді ұмтылып, бірақ төңірегінде отырғандар ұстап жібермей қалды.
Осы кезде Ырысбек те атып тұрып, қабырғада ілулі тұрған мылтығын жұлып алды да, Көлбайға қарап басып қалды. Абиыр болғанда қолын біреу қағып үлгеріп, оқ Көлбайдың төбесіндегі бөркін ғана ұшырып түсірді. Үйдің ішіндегілер апыр-топыр боп естері шығып кетті. Үш-төрт адам Көлбайды далаға сүйретіп әкетті.
— Ал, ағайын, сендердің алдарыңнан өттім. Ендігі сөзді Көлбайдың өзімен сөйлесем. Тараңдар енді! — деді Ырысбек.
Сөйтіп, жұрт таң алдында тарады, Ырысбек пен Дүрия екеуі оңаша қалды.
Біз де тарамақ едік. Әжібек үш-төртеумізді басқалардан бөліп алып қалды да:
— Тоқтаңдар, қызықтың көкесі енді болады, — деді сыбырлап. — Қазір Ырысбек Дүрияны итше тепкілеп сабайды әлі, тіпті атып тастауы да мүмкін, соны көріп кетейік.
Ондай қызықты көруге біз қарсы болушы ма ек, қайта жанып түстік. Сырттан ашық терезеден бастарымызды қылтыңдатып көзге түсіп қалғаннан гөрі, ауыз үйге кіріп, ішкі үйдің есігінің саңылау-тесіктерінен сығалауды жөн көрдік. Әжібек бастап, аяғымызды ұшынан басып тас қараңғы ауыз үйге кірдік. Ішкі есіктің саңылаулары шынында да аңғал-саңғал екен, іштегінің бәрі көрініп, естіліп тұр. Саңылауларға кеп, жабыса-жабыса қалдық.
— Ұршы мені, Ырысбек, ұршы, —деді Дүрия жалбарына сөйлеп.
— Сені ұрғанша мен жынданып кетейін де, сәулем...
— Құдай-ау, сенің алдыңдағы кінәмді қайтсем жуып-шаям!? Сен мені пышақсыз кескілеп тұрсың ғой, Ырысбек-ау, ең болмаса шапалаққа бір тартшы, көңілім көншісін... табаныңды сүйейінші...
Дүрия оның аяғын құшақтап отыра кеткен, бірақ Ырысбек оны дереу көтеріп алды.
— Асылшы мойныма! — деді.
Онан соң Дүрияның аяғын жерге тигізбей тік көтерген күйде бетіне бетін тақап шаншыла қарады.
— Жаным-ау, жараң ауырады ғой. Қойшы, қайтесің мені көтеріп. Мен бұрынғыдай емес, зілдеймін.
— Сағындым сені...
Біздің қасымызда тұрған Әжібек ыза боп кетті.
— Ой, мынаның өзін жігіт пе десем, қатынжанды бірдеңе ғой, бұзауша жаланып, — деді күйіп-пісіп. — Мұндай қатынды әкесіне көрістіру керек қой. Әттең!..
Дүрия көрпе-жастықтарды жинап, төрдің алдына төсек салды да, үрлеп шамды сөндірді. Біз өзіміз күткендей қызық ештеңенің болмағанына әжептәуір көңілсізденіп қалдық.
— «Сәгіндім сені» дейді ғой, өй жалақ неме! Бұзау!.. — деді Әжібек сақаулана мазақтап.
Біз енді кеткелі тұрғанда тыстан тасыр-тұсыр басып біреу кіріп келді де, қараңғыда сипаланып барып ішкі есікті іздей бастады. Қабырғаға жабыса қалдық та, кейін түкпір бұрышқа қарай жылыстадық.
— Көлбай керең! — деді Әжібек қуана сабырлап. — Құдай берді, қызық енді басталады, хе-хе, — деп, алақанын шыдамсыздана ысқылап күліп қойды.
Көлбай есікті тапты да жұлқып серпіп шалқасынан ашып тастады. Іштен сіріңке шағылған, көзді ашып жұмғандай қас қағым сәттің ішінде: тарқатылған шашы иығына төгіліп, үрейлене төсектен басын көтерген Дүрияны, сіріңке шағып, орнынан тұра берген іш киімшең Ырысбекті, сапысын жарқ еткізіп екеуіне қарай дүлей боп ұмтылған Көлбай кереңді көріп үлгірдік. Дүрия шыңғырып жіберді. Сіріңке өшті де, үйдің іші тастай қараңғыланып, апыр-топыр айқас боп кетті. Көлбай керең Ырысбекке сапысын салды ма, жоқ па, кім білсін, біз Әжібектен өзгелеріміздің үрейлеріміз ұшып, қалтырап кеттік. Еркектердің ышқына ыңқылдағандары, тарс-тұрс дыбыстар ғана естіледі. Қараңғыда бірін-бірі шақ-шұқ соғып жүргені анық. Бір сәт ауыз үйдің біз тұрған бұрышына қарай лақтырылған бір нәрсе сарт етіп, аяғымыздың астына кеп түсті. Әжібек лып дегізіп көтеріп алған. Көлбай кереңнің сапысы екен. Енді біреуін біреуі былшылдатып соққан жұдырықтың дыбысы шықты. Бет-ауызға ұрып жатыр.
— Ы-ы... — деп ыңырсыды біреуі.
— Жүріңдер, құрысын кетейік, — деді Әжібек. — Пәлесінен аулақ!
Күткеніміз де осы бұйрық еді, зытып далаға шықтық. Әжібек Көлбай кереңнің сапысын қойнына тығып ала кетті.
— Е, бәсе, еркек деген осындай болмаушы ма еді! Тек қараңғыда төбелестерін көре алмадық, әттең. Қай жеңгені біздікі. Солай емес пе! Таңертең белгілі болады ғой, әлі. Айтам ғой, Көлбай керең бәле!..
Таң құлан иектеніп, төңірек бозамық тарта бастапты. Әр үйдің қорасынан баж-баж етіп әтештер шақырып жатыр. Былайырақ ұзаған соң Әжібек қойнындағы сапыны шығарып, көше шетіндегі қалың шептің ұшар бастарын орып-орып түсті де:
— Бұл сапы енді мына Әжікеңдікі болады! — деді насаттана. — Ауыздарыңнан шықпасын!
Аузымыздан шығарып неміз бар, Әжібектен өле алмай жүрміз бе.
Сөйтіп үйді-үйімізге тарадық.
Сәске кезінде балалар көше ортасына тары топтала қалғанбыз. Әжібек келді де түндегі төртеуімізді оңашалап алып шықты.
— Сендер ештеңе естіген жоқсыңдар ма? — деп сұрады.
— Жоқ.
— Не жайында?
— Не боп қалыпты?
— Ойбай, масқара болатын түрі бар. Көлбай керең ұшты-күйлі жоқ.
— Неге?
— Қайда кетіп, қайда жүргенін ешкім білмейді. Бүгін ертемен қырманға астық тастауға шығуы тиіс екен, әлгінде бастық, бригадир, есепші болып барлығы жабылып іздеп еш жерден таба алмады. Үйі кешегі құлыпталған күйінде тұр. Ырысбектен сұрап барған екен, жөнді жауап бермепті. Бектай есепші кішкене қадалыңқырап тұрып алған екен. «Қаныңды ішем, иттің баласы, құры, кәне, көзімнен!» — деп мылтыған ала ұмтылып, қуып шығыпты. Меніңше, со керең сорлыны өлтіріп тастап, жасырып отырған болу керек. Бектай айтады: «Көзі қып-қызыл боп қанталап, тұра ұмтылғанда зәрем ұшып кетті», — деп. Бобше2 Ырысбектен бәрін күтуге болады. Стансада кездескен соң мен бір-екі күн қасында болып көрдім ғой. Кей-кейдегі істері тіпті қызық. Сау адамның ісі емес. Дұп-дұрыс келе жатып мінезі аяқ асты сайтан сияқты құбылады. Әйтеуір, бір кілтипан бар өзінде. Жүріңдер, барын байқастап көрейік, бәлкім Көлбай кереңнің өлігін байқап қалармыз.
Біз келгенде терезе сол кеше кештегі жақтауымен алулы үңірейген қалпында тұр екен. Іштен домбыра үні естілді. Ашық терезеден көз салғанбыз: түндегі Дүрия салған төрдегі төсек әлі жиналмапты, ЬІрысбек шалбарын, шпорлы етігін киген, іште жейдешең күйінде шалқасынан түсіп, төбеге қарап жатыр, қолында домбырасы, тыңқылдата шертеді. Бізді байқап қап:
— Әй, Әжібек, адъютант, кір бері үйге! — деді.
Әжібек бізге күте тұрыңдар деп ымдады да, ішке кірді.
— Ассалаумалейкүм! — деп сәлем берген.
Ырысбек басын көтеріп алды да оған шытына қарап:
— Ассалаумағалейкүмің не-ей, сенің? Мойныңды бұрап алайын ба, осы?! — деді жекіп. — Бар, ауыз үйге шық та қайта кіріп солдатша сәлемдес!
Әжібек ауыз үйге шығып, одан қайта кірді де есік алдына қалт тұра қап, қолын шекесіне апарып:
— Здробие желаем, жолдас кәмәндір! — деді.
— Міне, енді дұрыс. Вольно! Саған тапсырма бар. Қазір анау ошақ басында жатқан қышқашты ал да, есік алдына от жағып, әбден қып-қызыл болғанынша қыздыр. Қызарған кезде маған кеп айт! Бар, орында бұйрықты!
Әжібек бұрылып кете берген.
— Әй, тоқта! Не деу керек? Қалай шығу керек?
Әжібек қалт тұра қалды да, тағы да қолын шекесіне апарып:
— Құп болады, жолдас кәмәндір! — деді саңқылдап.
— Бар, орында!
Біз Ырысбек пен Әжібектің мына қылықтарына мүлде қайран боп, қызығып тұрмыз. Әжібек болса сыртқа шыға бере кейін қарап, аузын қисаң еткізіп мазақтап тілін шығарды да, біздерге көзін қысып қойды. Онан соң Ырысбектің өзіне тапсырған бұйрықтарын бізге бұйырды: біріміз ошақ басынан қышқашты тауып әкеліп, қалғанымыз отын жинастырып от тұтаттық. «Мұнысы несі?», «Мұны қайтер екен?» — деп аң-таңбыз. Отты біраз өртей жаққаннан кейін қышқаш қызып, бас жағы қызара бастады. Әжібек ішке кіріп Ырысбекке хабарлады. Сәлден кейін гимнастеркасын киіп, белдігін буынып, сарт-сұрт етіп Ырысбек шықты да Әжібекке кілт ұсынып:
— Аш, анау есікті! — деді қораның аузындағы тот басқан үлкен қара құлыпты нұсқап.
Әжібек барып қораның аузын ашты.
— Ішінде Көлбай байлаулы жатыр. Бар да аузына тығындалған шүберекті алып таста! — деді тағы да.
Әжібек тастай қараңғы қораның ішіне кіріп, айтқанын орындап шыққан.
— Өлтір әкеңнің... осыдан мені! Өлтіріп қанымды іш!.. — деп тістене ақырған Көлбай кереңнің даусы естілді.
— Ал сендер әнеу жерге барып тұрыңдар! — деді Ырысбек бізге. Өзі қып-қызыл болған қышқашты ұстап қораға кірді де есігін жауып алды. Біз үрейіміз қалмай арты не боларын тосып, үрпиісіп тұрмыз.
— Өлтір, кәне! Күйдір мені! — деп шаптыққан Көлбайдың даусы тағы шыққан, төбе құйқамыз шымырлап кетті.
— Өй, сорлы, біреудің қатынына таласып несі бар еді-ей, онан да тыныш қана анау ескі қатынын, қайтып алмай ма, — деп қойды Әжібек.- Ырысбек аямайды ол, қаны бұзылып келген адам.
Осы сәтте қораның ішінен, әуелі, ысқырып-ысқырып қалған, онан соң бір түрлі үрейіңді ұшыратын қорқынышты үнмен түсініксіз бір сөздерді күңіренте зарланған, әнге де ұқсамайтын, жылағанға да ұқсамайтын Ырысбектің даусы естілді. Сөздері бізге еміс-еміс жетіп тұр, бірақ мүлде түсініксіз.
— Ағатай-ай! Ағатай-ай!..— деп зар еңіреп жалына аттан салды Көлбай. Әжібек шыдай алмай қораның іргесіне жүгіріп барым, ішіне сығалады. Біз жалт беріп тым-тырақай үйді-үйімізге аттан сап жүгіруге дайын тұрмыз. Әлден соң Әжібек жанымызға қайтып келді.
— Мынау сұмдық-ей! — деді жағасын ұстап.— Билеп жүр ме, неғып жүр, білмеймін, әйтеуір өзін-өзі жұлып жеп, бірдеңелер істеп жүр. Әлгі қып-қызыл қышқашты тілімен жалап-жалап қояды.
Біз оның айтқанына сенбей:
— Көлбай кереңді күйдіріп жатқан жоқ па? — деп қосарлана сұрадық.
— Жоқ, оны күйдірген жоқ сияқты.
Өстіп тықыршып тұрғанымызда қораның есігі шалқасынан ашылды да Ырысбек шығып, қолындағы қышқашты тастай салды.
— Әжібек, ананың қол-аяғын шешіңдер де, бетіне су алып шығып бүркіңдерші! — деді.
Біз қорқақтай басып топырлап қораға кіргенбіз. Көлбай керең түкпір жақта қол-аяғы байлаулы, көзін жұмып талықсып жатыр екен. Әжібек әзер деп оның қол-аяғын шешті. Біреуміз жүгіріп барып үйден суық су алып шығып бетіне бүріктік.
— Уһ, жаным-ай, аман қалдым ба, әйтеуір, — деді есін жиған Көлбай керең. Сүйемелдеп орнынан тұрғыздық. Өне бойы дір-дір етеді.
— Айналайын, Әжібек-ай! Айналайындар-ай!.. дейді иегі кемсеңдеп.
— Өзіңе де обал жоқ! — дейді Әжібек.
— А?! Не?!
— Ескі қатыныңды, Әпішті қайтып ал деймін! — деді Әжібек құлағына айқайлап.
— Қатыны құрсын!.. Қатыны құрсын!..
Сыртқа шыққан соң тәлтіректеген күйде алды-артына қарамастан үйіне қарай тұра безді. Астық қоймасы жақта жүрген салт атты есепші Бектай шауып жетіп қасына келген.
— Қайда жүрсің, қырманға бармай?! —деп дікілдей бастаған.
— Сақтады мені құдай, сақтады. Көрмегенім Ырысбек болсын. Сұмдық!.. Сұмдық!.. — деп басын шайқады. Бектай оның сөзін тыңдамастан:
— Кәне, дереу қырманға жет! Басқа сөзді білмеймін! — деді айқайлап.
— Барам, барам...
Қарқ-қарқ күлген дауысқа жалт қарасақ, Ырысбек терезесінен бәрін қарап, бақылап тұр екен. Ішін басып күледі, көзінен жасы ағып күледі.
— Әй, Әжібек қалай, кереңнің зәресін зәр түбіне бір жібердім-ау деймін, — дейді.
Біраздан соң күлкісінен тыйылып, гимнастеркасын шешті де, қолына домбырасын алып төсекке қайта қисайды. Тағы да бағанағысындай төбеге тесіле қарап жатып, тыңқылдатып шертпе күйлерді тарта бастады. Көңілді торықтыратын мұңлы күйлер. Өкініші бар шерлі адамның өкси отырып басындағы қасіретін айтып, мұңын шағынғандай көкірегіңді астан-кестең ғып, жылағыңды келтіреді. Әсіресе төменгі пернелерге жеткенде айрықша зар илеп, жүрегіңнің бір жерін үзіп ала жаздай шым-шым еткізеді. Домбыра деген осы екен-ау! Күй деген осындай болады екен-ау!..
Ырысбек домбыраны ұзақ шертті. Бір ауық со жатқан күйінде ыңырси әндетіп, бұрын біз естімеген зарлы бір әуенді бастады. Басқа сөздерін жаттай алмасақ та, қайырмасын бірден қағып алдық.
Әскер боп тудым,
Белімді-ай будым.
Қайтейін, сұм фашиске
Қарсы-ай тудым-ай...
Екі-үш ауызын қайталағаннан кейін, қалтасынан орамалын алып, көзін сүртті. Біз оның жылап жатқанын енді байқадық.
— Әжібек-ай, баурым-ай, өмірің тек қуанышпен өтсін, — деді даусы жарықшақтана дірілдеп. — Әлгі жеңгеңді, Дүрияны шақырып келші. Мені жаны ауырып, күйзеліп жатыр деші...
Әжібек қасына мені ертіп алды да, екеуміз, әне-міне, дегенше ауылдың шетіндегі төбеге -қырманға жарыса жүгіріп жеттік те, Дүрияны ертіп кейін қайттық. Ырысбек әлі со зарлы әуенді айтып күңіреніп жатыр екен, Дүрияны көре сала, домбырасын тастай сап ұшып тұрды. Әйелін кешегі күні емес, дәл бүгін көргендей ұмтылып кеп құшақтай алды да, еңкейіп оның көкірегіне бетін басып тұрып алды. Бізге ол балаша солқылдап жылап тұрған сияқты боп көрінді. Үй ортасындағы бұл тұрыстарынан қысылғандай болған Дүрия күйеуінің құшағын босатпақ боп көрген: «Отыршы, Ырысбек, қойшы, бұл тұрысымыз ұят қой!» — дей берген, бірақ Ырысбек айырылмады, жібермеді.
Әжібек, кетейік дегендей ым қақты, бұрылып көшеге шықтық. Әжібек тағы да Ырысбекті «Жалақ, бұзау» деп даттайтын шығар, мазақтайтын шығар деп ойлағамыз, жоқ, ол ештеңе деген жоқ. Мырс етіп күлді де басын шайқады, онан соң қолын күнге көлегейлеп аспанға қарады. Шаңқай түс. Қарнымыздың ашқанын енді сездік. Үйде жаңа астықтың ұнынан пісірілген нан бар, табадан бойы жып-жылы тұрған шығар. Нанды сөз етуіміз-ақ мұң екен, жаңа піскен нанның иісі танауымызды жарып, бұрқырап қоя берді. Бүкіл ауылда жаңа піскен нанның пісі аңқып тұр.
Ырысбек бір жетідей тырп етіп үйінен шыққан жоқ. Қашан барсаң жинаусыз төсектің үстінде шалқасынан түсіп домбырасын тыңқылдатады да жатады. Бұ дүниеде не боп жатыр, не тіршілік бар, оның бірде-бірімен ісі жоқ. Бір ауық күңірене әндетіп өзімен-өзі жылап алады. Кейде ол үйін төңіректей ойнап жүрген біздерді ішке шақырып ап, жағалай отырғызады да, өзі бәрімізге мүсіркей, аяй қарап: «О, көзімнің нұрлары», — деп елжірейді. Үні соншалық жұмсақ, жанары мейірімді, асты-үстіңе түсіп, еркелетіп, дәл бір туған ағаңдай көрінеді. Әрқайсымызды басымыздан сипап: «Көкесінен айнымаған, күнім!» — деп қояды. Мұндайда біздер тамағымызға бірдеңе кептеліп тұрып қалғандай жұтына береміз, жапалақтай бастаған көзімізді жасырамыз. Өстіп бәрімізді жылы сөздерімен бір-бір айналып-толғанып болғаннан кейін әңгіме бастайды: соғыстағы бастан кешкендерін, көрген-білгендерін, қырғын өлім жайлы, ұрыс даласында қалып азап шеккен жаралылар жайлы егіле отырып айтады. Біздің қиналған түрлерімізді көрген сайын неше түрлі аянышты, үрейлі оқиғаларды бірінен-бірін асырып бастырмалата түседі. Ақыры әңгімесінің бір тұстарында өз айтқандарына өзі шыдай алмай булығып жылап жібереді де, қол орамалын алып қалш-қалш етіп бетін басқан күйде: «Енді кетіңдер, шығыңдар үйден!» — дегендей қолын сілтеп, жастыққа қисаяды.
Біз үрпиісіп сыртқа кетеміз. Тағы да домбыраның шерлі күмбірі, өкінішке толы азалы шертпелер, күңіренген зарлы әуен.
Әскер боп тудым,
Белімді-ай, будым.
Қайтейін, сұм фашиске
Қарсы-ай тудым-ай...
Оның бұл әуені бізге де қатты әсер ететін боп алды. Естіген кезімізде төбе құйқамыз шымырлап, дірілдеп кетеміз. Көзіміз боталап бір-бірімізден теріс айналамыз.
Күнде түс кезінде Дүрия тамаққа қайтады, сондағы Ырысбектің қуанғанын керу тіпті керемет. Домбырасын тастай сала ұшып тұрып әйелін құшақтай алады да, оның көкірегіне, мойнына, қалың бұрымды шашына бетін басып қашан мауқы басылғанша тұрып алады. Дүрия оны арқасынан қағып, шашынан сипап, мейірлене иіскеп баласынша еркелетеді, сөйтіп тұрып тезірек құшағынан босанғысы келеді, бірақ Ырысбек айырылмайды, жібермейді. Мұндай сәтте біз де тым-тырыс қана бұрылып ап, жөн-жөнімізге кетеміз.
Ауыл арасында Ырысбек туралы әр түрлі әңгімелер тарай бастады. Біреулері оны: «Аурулы екен, ауыр жарақаттан кейін ептеп ауысқан көрінеді», — деп аяныш білдірді; екіншілері: «Жарықтық, бабасы аруақты, арқасының ұстамасы бар бақсы кісі еді, бұ Ырысбек те тегін емес, бойында тұқым қуалаған бірдеңе бар», — деп жорамал жасады; үшінші біреулер: «Өй, қойшы әрі, бұ Ырысбек баяғыдан белгілі емес пе. Айдың-күні аманда оқудан қашып оқу оқымай, не береке тауып жұмыс істемей, гармонь-домбырасын арқалап ел кезіп, өзінше сері атанып той-томалақ іздеп тентіреп жүрмеуші ме еді. Бәрі со жұмыс істемеудің амалы», — деп кінә тақты. Соңғылардың сөз төркінінің бір жанды жері бар еді. Колхоз бастығы — Нұғыман оған: «Өзің қалаған бір жұмысқа шық, мұндай кезде үйде жатқаның келіспейді», — деп екі дүркін кірген екен, бірақ Ырысбек сазарған күйде онымен мүлде сөйлеспей қойыпты.
Ал Көлбай керең Ырысбек десе әзірейілінің атын естігендей азар де безер қашатын болды. Әнеу күні қора ішінде ЬІрысбектің бұған не істегені со күйі жұмбақ. Сұрағандарға Көлбай керең: «Атай керме, сұмдық!» — деп түңіле жағасын ұстайды. Бірақ не сұмдық екенін түсіндіріп және айтпайды. «Сен сұрама, мен айтпайын», — дейді. Кереңнің мінезі белгілі, айтпаймын десе бітті, айтпайды. Өзі Дүриядан мүлде күдерін үзіп, сиыр фермада сауыншы боп жүрген бұрынғы әйелі — Әпішті қайтып алды.
Ол екеуінің қайта қосылуы да ауылға жырдан қызық әңгіме боп тарап кетті. Көлбай керең ат-арбамен жем тартып фермаға барса, Дүрияның мұны тастап кеткенін естіген Әпіш қарсы алдынан жылап шығып: «Жәкемнің баласы-ау, не боп кеткенсің азып-тозып?!» — деп кеп бас салады. Көлбай кереңнің түрі шынында да адам аяйтындай алым-жұлым екен. ЬІрысбектің соққысынан бет-аузы көкпеңбек, неше күннен бері ыстық тамақ ішпей көзі шүңірейіп, жағы суалған, сақал-мұрты қауғадай боп өскен. Жалғызсырап ішқұса боп жүрген адам бұл да шыдай алмай еңіреп қоя береді. «Бір ажалдан қалдым ғой, Әпіш!..» — деп, өзінің Ырысбектен көрген зәбір-жапасын айтып шағынады, бір лаққа айырбастап алған екі жүзді алмас сапысынан айрылғанын айтады. Ұрынарға қара таппай жүретін ұрысқақ Әпіш: «Сенің кемтарлығыңды басынғаны ғой, әдіре қалғыр. Оның қатынының сенен қай жері артып тұр екен, сонша қорлайтындай.
Жүр, екі аяғы көктен салбырап түссе де көрейін мен оны!» — деп долданып, көрпе-жастығын арқалай-марқалай арбаға отырады. Есігінің алдына жеткен бойда: «Ал сен мына көрпе-жастықты үйге кіргізе бер!» — деп, өзі екі кештің арасында Ырысбектікіне кетеді. Кешенің басынан кіре сықпырта бастайды: «Әдіре қалғыр, байымды сонша қорлайтындай қатыныңның несі артық еді?! О несі-ей! Әлде сені соғыстан қайтарғанда, ауылдағы кем-кетіктерді қырып-жой, деп қайтарып па еді?!» Әпіш араласқан жерде бір сойқанның болатынын білетін көрші-қолаңдар тегіс жиналып қаран тұрыпты. «Әй, Дүрия, қайда әлгі байың? Шықсын бері!» — депті жете бере айқайлап, «Көлбайымды жеңгенін білейін, кәне менімен ұстассыншы!» Ырысбек Әпіштен шынымен-ақ қорыққаны ма, әлде көкдолы әйелмен беттесуді ер басына ар көргені ме, әйтеуір, ауыз үйдің артқы терезесін жұлып тастап, қашып шығыпты да, тығылып, қашан Әпіш кеткенше үйіне жоламапты. Дүрия болса Көлбайдың сапысын Ырысбек алмады деп ант-су ішіп, қарғанып, нан ұстап әзер құтылыпты. Ақыры Әпішті Көлбай кереңнің өзі кеп ертіп кеткен көрінеді. Бір қызығы сол Әпіш, бүкіл ауылда ешкімнен беті қайтпайтын, таймайтын Әпіш Көлбай кереңнің дегеніне екі дегізбей бағынатын және қорқатын. Көлбай керең Дүрияға үйленем дегенде еш дау-жанжалсыз өз еркімен ажырасып, өзіне тиесілі көрпе-жастығын арқалап алып, зар еңіреп жылап фермаға кете беріп еді. Сонда біреулер қолтығына су бүрікпек боп: «Әпіш-ау, үн-түнсіз кете бермегің қалай?» — дегенде, Әпіш: «Қайтейін, құдай қосқан қосағым, бақыр басты азаматым еді, оны қарғап-сілеп, онымен соттасып не опа табам. Бұ да құдайдың маңдайыма жазғаны шығар», — деген екен. Енді, міне, сол қосағына қайта қосылып, жағасы жайлау, көңілі жаз болды да қалды. Бірақ бәрібір Ырысбекке деген қитығы басылатын емес, деседі жұрт. «Сапыны таптырмай қоймаймын», — дейтін көрінеді. «Е, неге қояйын, бақандай бір лаққа айырбастап алған дүниені».
Әпіштің бұл сөзін естігенде Ырысбек ойланып қалды. «Апыр-ай, шынында да со сапыны жер жұтты ма? Аяқ асты қайда жоғалып кеткенін білмей қор болдық-ау. Көлбай кереңнің қолын қайырып бұрап, тартып алдым да қараңғыда ауыз үйге қарай лақтырып жібердім. Бірақ ертеңіне Дүрия екеуміз екеулеп іздеп таппадық. Таңым бар»... — деді.
Әжібек біздерге қарап қабағын сәл түйіңкіреп, ауыздарыңа сақ болыңдар, дегендей ескерту жасап қойды.
Оқу жылы басталған. Біз түске дейін оқимыз. Мұғаліміміз Мұқан ағай аурушаң кісі еді, оның үстіне түске дейін қосалқы екі класты, түстен кейін және қосалқы екі класты оқытып әбден шаршайтын болу керек, екі сағат-үш сағаттан көп ұстамайды. Онан кейінгі уақытымыз қара кешке дейін ойынмен өтеді. Көбіне Ырысбектің есігінің алдына жиналамыз. Бұл үй біздің бас қосар орталығымыз боп алған. Бізді еліктіретін қызық атаулының бәрі осында.
Әжібектің ойлап таппайтыны бар ма! Бірде ойнап жүргенімізде аяқ асты: «Дабай, Ырысбекке концерт көрсетейік», — деді. Біз түсінбей қалдық. «Кәдімгі әртістерше ойын қойып береміз, — деді Әжібек. — Біріміз Төлеген, біріміз Бекежан боламыз, Қыз Жібек болады, Шеге, Қаршыға болады... Әйтпесе, байғұстың келгеніне бір жеті болды, күндіз-түні үйінен шықпайды. Бір ауық көңілін көтерейік те». Әжібектің бұл сөзі онша түсініп болмасақ та бізге ұнап кетті. «Дабай, дабай»... — деп тұс-тұстан құлшынып шыға келдік. Әжібектің өзі Бекежан болды, Бәтен Төлеген болды, Шеге де табылды арамыздан, Қаршыға да табылды, ал Қыз Жібек жоқ... Балалардың ешқайсысы әйел болғысы келмеді. Қыздардың бірі келісер деп Қайрат пен Санат соларға кеткен, біраздан кейін екеуі де салы суға кетіп қайтып келді. Ешқайсысы көнбепті, ең аяғы жетім Тоштанға дейін: «Кетіңдер әрі, Қыз Жібек түгілі одан зорғыны айтсаңдар да әйел болып ойнамаймын», — депті. Амал қанша, ойынды Қыз Жібексіз-ақ қоятын болдық. Қораның іргесінен орын әзірлеп, дайындыққа кірісіп те кеттік. Бәтен үйінен ұрлап алып келген жыртық-жыртық ескі алашаны екі бала екі жағынан ұстап тұратын шымылдық жасадық. Қасы-көзімізді бояйтын күйе-көмір оңай-ақ табылды, бірақ бетімізге жағатын ештеңе таба алмадық. Бор дегенді Мұқан ағай тоғыз қабаттап қол орамалына орап қалтасына салып жүреді, не істейміз? Ақыры оның да жөнін таптық. Ойынға қатысатын балалар жүгіріп барып колхоздың кеңсесінің әктелген (Бірінші Майға қарсы әктелген еді) қабырғасын алақандарымен үйкеп-үйкеп ап бетіне жағуы тиіс болды.
Сөйтіп, түгел дайын болған кезімізде Әжібек барып Ырысбекке хабарлап, ертіп шықты. Ойыңды бастауымыз сол екен, Ырысбек дәл біреу екі қолтығынан бірдей шап беріп қытықтап жібергендей қарқылдай жөнелді. Ақтаңдақ-ақтаңдақ боп әк жағылған бетімізге, күйемен боялған қасы-көзімізге, сақал-мұртымызға, алым-жұлым ұсқынымызға, күс-күс боп жарылған кесеудей қап-қара аяқ-қолдарымызға қарайды да, ал кеп күледі. Шалқалай бере «ха-ха-лайды», бүкшиіп ішін басып сылқылдайды.
Жайықтың ақ маралы ар ма Жібек?
Ырысбек мүлде ішегі түйіліп, көзінен жасы сорғалап, санын шапақтап өлді де қалды. Қысқасы не керек, ойын біткенше есін жиған жоқ. Ойынымыз біткеннен кейін ол күлкісін тыйып сәл үнсіз отырды да:
— Талаптарың жақсы екен, балалар, — деді, қабағын шытып ойланып қалды. — Жә, сендердің бұ жүрістерің бостан-бос азып-тозу. Сендерге мықты тәрбие керек екен, — деп және тоқтады, тағы ойланды. — Былай, балалар, бүгіннен бастап, тап қазірден бастап сендер әскер дайындығын өтіп, әскери ойындар ойнауларың керек. Әжібек! Адъютант!
— Из, — деген шөп үстінде отырған Әжібек селқос қана.
— Отставить! Кәне, қалай келуің керек менің алдыма, қалай жауап беруің керек?! — деді Ырысбек жекіп.
Әжібек ұшып тұрып, Ырысбектің алдына кеп қалт тұра қалды да, қолын шекесіне апарып.
— Иест! Мен мұндамын, жолдас кәмәндір! — деді.
— Міне, дұрыс. Атыңды атап мен шақырғанда ылғи өститін бол! Қазір мыналарды тегіс бойларына қарай сапқа тұрғыз. Мен үйден киініп шығайын. Сонан соң әскери дайындықты бастаймыз.
Даусы мұздай боп, сөздері қатқыл шықты.
— Иест, кәмәндір! Әй, жетпегірлер, кәне бойларыңа қарай сапқа тұрыңдар! Тез! Желкелеріңді үзіп жіберем! — деп Әжібек те дікілдей жөнелді.
Үйіне кірген Ырысбек іле-шала бар әскери киімдерін киініп, иығына мылтығын асынып шықты да, тізіліп сапқа тұра қалған біздерді қабағын түйе жағалай бір қарап өтті. Аяқтарының басы, кеуделері сәл озыңқырап тұрған бір-екі баланы кейіндеу шегіндірді, бір-екі балаға «мұрындарыңды сүртіңдер» деп ескерту жасады. Сонан соң өзі биіктеу жерге барып тұрды.
— Ең әуелі, сапта түзу тұратын болыңдар! Тәртіп бұзғандарыңа көк шыбықпен дүре соғылады. Әжібек, әнеу бұталардың ішінен бір шыбық сындырып әкел. Бар!
Әжібек жүгіріп барып шыбық сындырып әкелді. Ырысбек шыбықты алып былқылдатып көріп, ауаны осып-осып қойды.
— Сен менің бірінші орынбасарым боласың! — деді Әжібекке. — Мына әскерлердің жүріс-тұрысын, тәртіптерін бақылап, маған баяндап тұрасың! Тәртіп бұзғандарына қатал шара қолданылады: көк шыбықпен дүре соғу, қораға аш қатырып қамап қою. Үйлеріне ешкім шағым айтып, жылап барушы болмасын. Ондай балаға екі есе қатал шара қолданылады. Әке-шешесінің қойнында жатса борбайынан ұстап суырып алам. Менің қолымнан әулиесі тартып көрсін сонан кейін! — деп Ырысбек мылтығын қозғап, жөндеп қойды. — Бәріңе түсінікті ме?
— Түсінікті! — дестік.
— Кәне, әскерлерше бір кезде айтыңдар.
— Түсі-нік-ті!..
— Тағы да қайталап айтыңдар! Бір, екі, үш...
— Түсінікті!..
— Тағы да!
Біз тағы қайталадық... тағы қайталадық... Дұрыс! — деді бір кезде. — Ал кімде сұрақ бар?
— Менің сұрауым бар, — деді Әжібек.
— Иә, сұра.
— Мен сізді Басқолбасшы десем қайтеді?
— Мақұл. Солай де. Ал сөйтіп бүгінгі бірінші дайындық сапта жүріп үйрену, оңға, солға бұрылуды үйрену. Онан кейін секіру, жарысу ойындары...
Сөйтіп, біз ойламаған жерден әскер боп шыға келдік те, әскердің ойындарына кірістік. Обалы не керек, Ырысбек түсін суытып, қатал сөйлегенімен, ойындарды тәптіштеп түсіндіріп, жанын сала үйретті. Өзіміз де оның айтқандарын бар ынтамызбен қызыға орындаймыз.
— Раз, два!., раз, два!.. — деп шпорлы етігімен жерді дүк-дүк еткізіп адымдаған кезде біз де жалаң аяқтарымызды былпың топыраққа тып-тып еткіземіз. «Шіркін-ай, Ырысбектікіндей қалың ұлтан етігіміз, шпорымыз болса!» — деп қоямыз.
Онан соң оңға бұрылу, солға бұрылуды үйрендік. Ең соңында ЬІрысбек сағатын қолына ұстап, өзі қадағалап санап тұрып қашықтыққа жүгіртті, биіктіктен секіртті. Әйтеуір кешке дейін қасымыздан екі елі ұзамай ойына келгендерін істетті. Кешкісін әбден сілеміз қатып, аяғымызды тең баса алмай шатқаяқтап үйге қайттық.
Ертеңіне сабақтан тарасымен, үйден апыл-ғұпыл тамақтанып, тағы жиналдық. Ырысбек кешегісіндей тағы да мылтығын асынып шықты да, тағы да әскери ойынымызды бастадық. Әжібектің де білмейтіні жоқ, Ырысбектің айтпағын емеурінінен қағып алады.
— Құп болады, жолдас Басқолбасшы! — деп қояды, сарт етіп.
Бұл күні ойнап жатқанымызда қасымызға салт атпен колхоз бастығы Нұғыман келген. Ол сырттай қарап біраз тұрды-тұрды да одан соң Ырысбекке таяп кеп, бәсең үнмен бірдеңе деді.
— Кедергі жасамаңыз! — деді Ырысбек дүңк етіп. Нұғыман тағы да бірдеңе-бірдеңе деген.
— Мен өзім білем не істейтінімді, аулақ жүріңіз! — деді Ырысбек тағы да қатты сөйлеп.
Бұл жолы Нұғыман даусын көтеріңкірей сөйледі. Біз оның «соғыс», «колхоз», «аудан» деген жекелеген сөздерін ғана естідік. Ырысбектің жүзі күп-күрең боп түтігіп, көзі алақ-жұлақ ете қалды.
— Кет, кәне, өлмей тұрғаныңда! — деді ақырып. — Мен қанымды төгіп келдім! Мына сендер үшін төктім! Сендер үшін кеудемді жау оғына төсеп, өкпемді оққа тескіздім!.. — деп көкірегін соғып-соғып қалды. Біздің зәреміз ұшып кетті. Иығындағы мылтығын жұлып ап, Нұғыманды табанда атып тастайтындай боп көрінді.
Нұғыман атының басын бұрды да қырманға қарай жүріп кетті. Ырысбек болса оның соңынан көпке дейін айбат шегіп, ашуын баса алмай селкілдеп тұрып алды.
— Соғысқа көмек дейді ғой, мен көмек етпегендей. Саған қарағанда көмекті мен көрсеттім, қанымды төгіп... Ауданмен қорқытады ғой мені, ауданнан асып облысқа бар, таярым жоқ сөзімнен. Ешкіміңнен қорықпаймын. Өзім қаным қарайып келген адаммын, шетіңнен жайратайын!..
Мұнан кейін біздерге мүлде ешкім маңайламайтын болды. Әжібек қарап жүре ме, күнде бірдеңені ойлап шығарады. «Басқолбасшының алма жегісі келді. Қазір барып, анау алып алма ағаштың сарғайып піскен алмаларынан әрқайсың елу-елуден таңдап алма әкеліңдер!» — деп бұйырады. Лаж жоқ, орындаймыз. Қиқаңдасаң көк шыбықпен дүре соғады. Бәтен мен Санатқа бір-бір реттен дүре соғылған, көк шыбықтың ізі құйрықтарынан бір жеті бойы кетпей көгеріп жүрді.
Алғашқы күндердегісіндей емес соңғы кездерде Ырысбек бір түрлі өзгере бастады. Әнеу күні ауылды аралап шыққан, өзгеріс сонан бері пайда болды. Әжібек екеуміз қасына еріп жүріп ек сонда. Ол әуелі қара қағаз келген үйлерге кіріп көңіл айтып, онан кейін үлкен ақсақалдары бар үйлердің кемпір-шалдарына сәлем бермек еді.
Ең бірінші ауылдың ең үлкен қариясы, тоқсаннан асқан Қуатбай шалдың үйіне кіргенбіз. Осыдан екі. жыл бұрын жалғыз немересінен қара қағаз келіп, жадап-жүдеп, шөгіп отырған қария алғашқыда ЬІрысбекті танымай, шүйіле қарап:
— Өкілмісің? — деп сұраған.
— Жоқ, ата, мен Ырысбек деген балаңызбын ғой.
— А! Өй, айналайын, жақсыдан қалған тұяғым. Кәне, бері еңкей! — деп, Ырысбекті иілтіп маңдайынан иіскеді. — Марқұм, бабаң Көкенаймен дәмдес, көңілдес болып ек. Ат жалын бірге тартып мініп, мал табуға бірге аттанып ек. Не заман өтті сонан бері... — деді көңілі жасып, даусы бұзыла сөйлеген қарт. Бір сәт түйіліп отырып қалды. — Шау қарға құсап әңгіріп енді отырған отырыс мынау. Өкілмісің дегенім, осында ауданнан жүрген шолақ қол бір өкіл бар. Не керек екенін білмеймін, атаңның аузына... біраз күн болды, айналшық жегендей осы үйдің алдынан шықпайды.
— Ей-и, жарықтық-ай, нең бар айдаладағы біреуді жазғырып, — деді жүн түтіп отырған кемпірі.
— Жоға, неменеге келе береді деймін-ау, осында. Суқаным сүймейді өзін.
— Е-е, құдай басқа салған соң көнбеске шараң не. Темірім тұрса келмек түгілі аяғын қия басар ма еді! — деді кемпір көзіне жас алып, ауыр күрсіне.
— Иә-ә, өлмеген соң көнеді екенсің бәріне де. Бір заманда жел жағымнан ешкімді өткізбеймін деген көкжалыңның бірі мен едім, бүгінде әркімнің аяғының астында тапталып жатқаным мынау, — деді мұңын шаға сөйлеген шал. — Жә, қол-аяғың аман келдің ғой, қарағым! Бәрінен де үлкен олжа сол. Әй, кемпір, жүніңді таста! Шай қайнат, қазан көтер. Әлгі қоңыр кебені ұста, алыс сапардан бала келген екен.
— Ас-суға рақмет, нан ауыз тисем болады. Ауылды тегіс бір аралап шықсам деп едім. Әлі асықпай келіп өзіңізбен әңгімелесем ғой, — деді Ырысбек.
— Жөн, онда сөйт, кейін асықпай отыратындай боп, бір кел.
Сыртқа шыққанымызда, қырманнан тас қоймаға астық тартып жүрген осы үйдің келіні Зибаш өгіз арбасымен есік алдына кеп тоқтап тұр екен. Ырысбекті көріп Зибаш анадайдан күлімсіреп келді де, қолдасып амандасқан сәтте шарасы жасқа еріксіз толып кеткен кезін жаулығының ұшымен сүртіп, сәл-пәл булыға өксіп жылап алды.
— Түу, Ырысбекті көріп ем көзіме оттай басылды ғой. Темірімді көргендей болдым ғой, — деп, күйеуін есіне алды.
Зибаш ақ құба өңді, көзі боталаған әдемі, толықша келіншек. Әжібек ылғи: «Осы біздің ауылда Зибаштан сұлу келіншек жоқ. Нағыз бота көз. Мүсіні қандай, уыздай толықсып көзді арбайды, балтыры қандай, түп-түзу топ-толық... Шіркін!.. Тезірек ер жетіп кәмелетке толсам үйленер едім», — дейтін аузының суы құрып. Мен қазір Зибаштың со Әжібек мақтаған аяқтарына қарағам, қолдан тоқылған қалың жүн шөлки киіп апты, тұзу-қисығын айыра алмадым. Үстіндегі ескі шыт көйлегінің иық тұстары сетінеп-сетінеп жыртылыпты, ар жағынан жылт-жылт етіп жалаңаш еті көрінеді. Күн қақтап күреңіткен жүзі сәл тершіп тұр.
— Зибашжан, халің қалай? — деді Ырысбек.
— Хәлдің несін сұрайсың, Ырысбек-ау, көріп тұрсың ғой, өзің.
— Сол баяғы әсем көркің.
— Әй, Ырысбек-ай, көңіл үшін айтасың ғой, әйтпесе енді бізде не көрік қалды дейсің, — деп күлді Зибаш. Аппақ тістерін жарқырата күлімсіреп Ырысбектен көз алмай қарайды. Қымсынып қайта-қайта иығындағы жыртықтарын жапқансып қояды.
— Баяғыда өзіңді алып қашу үшін Темірге күйеу жолдас боп барғаным есіңде ме? «Әй, Зибаш, сен бір түлкі қырдан қашқан...» — деп Ырысбек сөзінің соңын сол әндетіңкіреп жіберген.
— Неге ұмытайын, дәл қазіргідей есімде. Енді қайтып оралмас дәурен ғой ол бір.
— Иә, десеңші. Темір дегендер жігіттің сұлтаны еді ғой. Қайран замандас!..
— Ең болмаса екі қол, екі аяғынан айрылып, кеудесінде бір жаны келсе де риза болар ем-ау, тағдырға, — деді Зибаш көзі тағы жасқа толып.
— Сабыр ет...
— Сабыр етпегенде не істеймін. Жылап-жылап болғанбыз. Тек өстіп өзің сияқты ер-азаматты көргенде көңілің еріксіз бұзылады екен, — деп көзін сүрткен Зибаш тағы да жайдары күлімсіреді.
Осы мезетте іштен шыққан кемпір:
— Зибаш-ау, сен екенсің ғой, — деген.
— Сусын ішкелі келіп ем. Бір шалап жасап жіберіңізші, ене, — деді жалт етіп көзімен қоштасқан Зибаш есікке қарай бұрылып.
Мұнан кейін Ырысбек біздің үйге кірген. Әжем қалбалақтап есі шығып, мүлде қуанып қалды.
— О, айналайын! Жарықтық көкемнің баласы екен ғой! Басыңнан айналайын, көзіңнен айналайын, қолыңнан айналайын... —деп бір сүйіп, бір жылап, шұбырта айналып-толғанып жатыр.
Қызғанып кеттім де шыдай алмай:
— Әже! — деп жетіп бардым алдына айқайлап.
Әжем меселіңді қайтарушы ма еді сүюден.
— Сені де айналайын, жігіт боп, ағасына ауылды көрсетіп ертіп жүрген, — деп шолпылдатып мені де мұрыннан, көзден сүйіп-сүйіп алды. Одан есік жақта тұрған Әжібекке таяп: — Әжібекпісің? Ой, тентек, одырайып тұр ғой өзі!.. Кәне, бетті әкел! Сені де айналайын, тентегінен! — деп оны да сүйді.
Әй, әжем-ай, осынша дарқан сүйешек болармысың, дүниеде сендей әже жоқ-ақ шығар. Кәне, кімнің әжесі өстіп жұрттың бәрін алаламай мейірленіп сүйе алады?! Мен төбем көкке екі елі жетпей тұрмын. Міне, әжең болса осындай болсын деп, айқай салғым келеді мақтанып.
Ырысбек біздің үйден де нан ауыз тиіп қана шықпақ болған. Сырттан аптыға ентелеп Нәзира әпкем кіріп келді де, Ырысбекті көріп қысылып қалды.
— Мынау Нәзира ма?! Түу, әже, тілім тасқа, балаңыз тіпті азамат боп кетіпті ғой! — деді Ырысбек езуін жия алмай, Нәзира әпкеме ішіп-жеп қарап. Өзі қол беріп амандасты. — Кім ойлаған мұндай боп өседі деп, мен әскерге кеткенде кішкентай ғана бала еді ғой.
— Нәзира деген күнім осы менің. Өй, көзіңнен айналдым сенің! Дастарқан жайып, нан турап, мына ағаңа айран құйып әкел,- деді әжем.
Нәзира әпкем дастарқан жайып, нан турады, одан айран құйып әкелуге шығып кетті де, біразға дейін кірмей қойды.
— Әлгі Нәзира қайда жоғалып кетті? — деді әжем шыдамсызданып: — Әй, Нәзира! Нәзира!
Нәзира әпкем есіктің саңылауынан:
— Қанат, бері шығып кетші! — деді.
Мен жүгіріп шықтым. Нәзира әпкем екі тостақанға айран құйып, есік сыртында ұстап тұр екен.
— Мә, сен апарып берші, әйтпесе мен ұялам, — деді. — Әнеу біреу Ырысбек дегеннің көзі жаман екен тіпті.
Біздің үйден шығып келесі үйге бет алғанымызда Нәзира әпкем соңымнан:
— Әй, Қанат! — деді дауыстап. — Қайт кері! Саған апам жұмыс тапсырып кетті.
Мен амалсыз кейін қайрылдым. Апам айтты десе заң, қиқаңдауға болмайды.
— Ал немене? Не жұмыс ол?
— Тентірейтін түк те жоқ, ендігі осы үйдің еркегі сенсің, анау отынды жар! — деді.
Сөйтіп, мен одан әрі ілесе алмай қалып қойып ем.
Содан бастап Ырысбектің өзгерісі күрт. Жайдары бір әуендерді ыңылдап айтып, жез түймелерін құрым киіздің қиындысымен күніне әлденеше ысқылайды.
Өзі өстіп күннен-күнге көңілденген сайын біздерді — балаларды болымсыз нәрсеге бола жазалауы да жиілеп, қатайып кетті. Бұрынғы «көзімнің нұрлары», «көкесінен айнымаған күнімнің», елжірей қарап айналып-толғанудың бәрі жайына қалды. Енді Әжібек құсап ол да бізді: «Әй, жетпегірлер!», «Әй, жүгірмектер!» — деп шақырады. Артымызды жалаңаштап, жерге етбетімізден жатқызып қойып көк шыбықпен шып-шып еткізіп дүре соққан кезде өзі айызы қанып, рақаттана тістеніп тұрады.
Жаза да көбейді, салықтың түрлері де көбейді. Сол көп салықтарды өтеу үшін тау бөктеріндегі жабайы алманы дорбалап тасимыз. Шымырбай шалдың қауын-қарбызына да жиі-жиі аттанамыз, бірақ бәрібір жазадан қашып құтылу жоқ. Іріктеп әкелген алмаларыңның ішінен құрты бар бір алма шықса да, әкелген қауының дәмсіз болca да жаза тартасың, көк шыбықпен дүре соғады, ол аздай саптың алдына тұрғызып қойып, дәу табан әскер етігімен май құйрықтан теуіп қап қалпақтай ұшыратын «сорыңды алам» дейтін жазасы және бар. Оны да ойлап тапқан Әжібек. Бұл күнде Әжібек әбден семірген. Басқолбасшының бірінші орынбасары — оң қолы ретінде ол да бізден салық алады. Ырысбектен артылған тәтті қауын мен піскен алмалар соның аузында. Ендігі бізден салық ала алмай жүрген, есе тимей жүрген, ЬІрысбектің екінші орынбасары боп кейінде сайланған Қайрат қана. Әжібектен кейінгі Ырысбекке жаққан бала сол. Өзі білдіртпей ғана Әжібекпен тайталасатынды шығарды. Ырысбектің үйіне Әжібектен бұрынырақ кеп, етігін сүртіп тазалап, жез түймелерін жылтыратып ысқылап бәйек қағады. Кеше әуелдеп Әжібекті Ырысбектің үйіне кіргізбей қойды. «Басқолбасшы қазір шығады, осы далада күте тұр!» — деп. Әжібектің түрі жаман бұзылып кетті, бірақ ештеңе деген жоқ. Қызарақтаған күйі бізді сапқа тұрғызып, өзі есіктің көзінде тұрған Қайратқа қалай тиісерін, қалай мұқатарын білмей тістенумен болды. Онан соң әскери ойындар кезінде байқамағансып, ойнағансып барып Қайратты бір-екі рет аяғынан шалып қап, тоңқалаң асырған. Екі ретінде де жерге оңбай гүрс ете түскен Қайрат көзі жасаурап, жамбасын сипалай берді. Жылауға ұялды, көзі шіпілдеп жасқа толып кетсе де күлгенсіді өзінше. Өйткені, ойнап жүріп жыласа басы таз болады ғой.
Әскери ойындар аяқталып, енді алмаға барамыз ба, әлде қауынға аттанамыз ба, деп бұйрық күтіп сапта тұрғанбыз. Ырысбек күрт түсі суып, ызғарланып келді алдымызға.
— Әжібек!
— Мен мұндамын, жолдас Басқолбасшы!
— Қазір, табаның жерге тимей барып, Көлбай кереңнің сапысын әкел! — деді жеп жіберердей түйіле ақырып. — Бол! Бес минут уақыт берем!..
Әжібек жүгіріп кетті де әлден соң сапыны алып қайтып оралды. Ырысбекке ұсына берген.
— Тарт ары! — деді Ырысбек дәл бір лас нәрсені көргендей сапыға жиіркене қарап. — Тағы бес минут уақыт берем, осы күйінде Көлбайдың үйіне апарып Әпіштің қолына тапсыратын бол. Өзіңнің қашан, қалай ұрлап алғаныңды айт! Ал сен екеуің, — деді сапта тұрған екі баланы нұсқап, — бірге ілесіп барыңдар да мынаның қалай тапсырғанын қарап тұрыңдар. Маған айтып келесіңдер!
Енді Әжібек пен әлгі екі бала жүгіріп Көлбай кереңнің үйіне кетті де, көп кешікпей ентіге жүгіріп үшеуі қайта жетті. Біз саптағылар әлі тым-тырыс, қозғалмай тұрмыз.
— Мен айтқандай түсіндіріп тапсырды ма? — деп сұрады Ырысбек екі баладан.
— Иә, өзім ұрлап алып едім деді...
— Дұрыс. Орындарыңа тұрыңдар!
Ырысбек басын сәл төмен салып, жерден бірдеңе іздеген адамдай саптың алдында ерсілі-қарсылы адымдап ойланып жүр, шпоры шылдыр-шылдыр етеді. Әжібек боп-боз болып саптың басындағы өз орнында тұр.
— Қайрат! — деді сәлден кейін Ырысбек қалтасынан кілтті шығарып. — Мә, мынаны айдап апарып қама анау қораға!
Біз Әжібек тайталасып бірдеңе дер, сөз қайтарар, болмаса қаша жөнелер деп ойлағанбыз, түк те өйткен жоқ. Қолын артына қайырып ұстады да, Қайраттың алдына түсіп, қораға қарай өзі жүрді. Әжібек қамалғаннан кейін, сапыны алған кезде, оның қасында болған төртеумізді алға шығарды Ырысбек.
— Әрқайсыңа екі көк шыбықтан дүре, екіден «сорыңды алу!» — деп жаза кесті.
Біз бір-бірімізге жаутаңдай қарап, үн-түнсіз ышқырымызды босатып, арқамызды жалаңаштадық та қатарласып етпеттей жаттық. Ырысбектің қолындағы көк шыбық екі реттен «шып-шып» етіп арқаларымызды тіліп-тіліп өте шықты, көзіміз жасқа толып-толып кетті, бірақ тістеніп жылағамыз жоқ. Онан соң қатар тұрып кезекпен екі реттен «сор алғыздық», теуіп қалады, ұшып түсеміз, қайта кеп тұрамыз, тағы тебеді. Көзіміздің жасын жеңімізбен сүрте бердік, бірақ ешқайсымыз қың етіп дыбыс шығарғамыз жоқ. Шыдап бақтық.
Бізді жазалап болғаннан кейін сапқа қайта тұрдық та, Ырысбек қораға кіріп кетті. Әжібекке не істегенін білмейміз, бір кезде оның:
— Ойбай-ай!.. Ойбай-ай!.. — деп зар қағып шырқыраған даусы шықты. Өкіріп жылады.
Шып-шып еткен көк шыбықтың ысылы, онан гүрс-гүрс тепкен «сор алудың» дыбысы, «Ағатай-ай!.. Ағатай-ай... құлың боп өтейін!...» деп шырқырай жалынған Әжібектің құлындағы даусы... Көзімізбен көрмесек те Ырысбектің Әжібекті аяусыз қатты жазалағанын сезіп тұрмыз. Әжібекке жанымыз ашып, бір-бірімізге жапақтай береміз. Ара түсуге қолдан келер дәрмен жоқ.
Ырысбек көптен кейін шықты қорадан. Терлеп кетіпті, орамалын алып бет-аузын, мойнын сүртті. Қолы қан екен, Қайратқа су алғызып, жуынды. Біз әлі тырп етпей тұрмыз. Қанды көргеннен кейін мүлде үрейіміз қалмады. Әлден уақытта сүйретіліп Әжібек те шықты: аузы-мұрны қан-қан, қолымен арқасын, артын ұстай береді, өксігін әзер деп басып кеп орнына тұрды.
— Бүгін ешқандай тапсырма болмайды, тараңдар! Вольно! — деді Ырысбек.
Әжібек екі күн үйінде ауырып жатты. Апасына Ырысбектен жеген таяғын айтқан жоқ: «Абайсызда темір-тұмыр жатқан шұңқырға домалап құлап түстім», — деп қойды. Мен оған аяныш білдіріп:
— Ырысбек деген жауыз екен ғой... — дей бергем.
— Былжырама әрі! — деді ол бірден кесіп түсіп. — Ырысбектікі дұрыс. Осындай болмаса оның қай жері Басқолбасшы. Дұрыс істеді. Менің өзіме де керегі сол еді. Әскери тәртіпте жүріп, Басқолбасшыға қиянат істеуге бола ма екен. Егер нағыз әскердің қатарында жүрсек, мұндай қылмысым үшін мені ату жазасына кесер еді. Так што, Ырысбек мені дұрыс жазалады.
Мен тосылып қалдым. Әжібектің сөзі маған дәлелді, жанды көрінді. Осыдан кейін Ырысбектің қалған төртеумізді жазалауын да дұрыс деп білдім. Күнделікті, сабақтан шыққан соң, бұрынғымыздай Ырысбектің үйінің алдына жиналып, әскери ойындарымызды өтей бердік.
Бірде Ырысбек ойынды күндегіге қарағанда ертерек таратты да, маған:
— Сен тоқтай тұр! — деді.
Мен балалардан бөлініп, оның қасында жалғыз қалдым. Ол шырт дегізіп тісінің арасынан түкіріп қойып, маған бастан-аяқ сынай қарады.
Ырысбекпен бірінші рет бетпе-бет жеке қалуым еді. Көзі тура қарағанда алақ-жұлақ етіп өңменіңнен өтіп, қорқынышты екен.
— Сені өзі тәуір жігіт бола ма деп жүрген баланың бірісің, — деді даусы жұмсақ шығып. — Сондықтан, ете бір жауапты тапсырма жүктегелі тұрмын. Қалай, аузыңа берік пе едің?
Мен басымды изедім.
— Олай болса, мә, мына хатты ал да, қазір анау тас қоймаға барып, күтіп отырып, астық құюға келген кезінде Зибашқа беретін бол. Тура қолына ұстат! Байқа, хат бергеніңді ешкім көрмейтін де, білмейтін де болсын. Ұқтың ба?
— Ұқтым, Басқолбасшы Ырысбек аға!
— Бар онда, орында тапсырманы! Әй, тоқта! Көшенің ортасымен жүрмей, мына шет жақпен кет. Көп ешкімнің көзіне түспе!
Мен ауыл үйлерінің сырт жағымен елеусіздеу айналып, тас қоймаға қарай тарттым. Ұзақ күтіп отырып, дәл күн батар шақта Зибаш келген кезде жүгіріп қасына барып, жып еткізіп хатты қолына ұстата салдым да, алды-артыма қарамай зыта жөнелдім.
— Әй, бұл не?!. Әй, тоқта!.. — деп артымнан дауыстағанына қарағам жоқ. Хат тасығаныма бір түрлі қатты ұялдым.
Үйге кеп, әжем құйып берген жылы суға қол-аяғымды жуып, аяғымның жарылған жерлеріне шикі қаймақ жағып, онан тамағымды ішіп, жатуға ыңғайланып отырғам. Әжем кішкене балаларды баурына алып, ертегі айтуға кірісті. Апам мен Нәзира әпкем қырманда, екеуі де әзір қайтпайды. Біз ұйықтап қалған кезде, түннің бір уағында келеді де, таң қылаң бере қайта кетеді. Сондықтан оларды біз — балалар көп кере бермейміз. Бас-көзіміз — әжем.
Тұсымдағы терезені біреу шертіп қалды, жалт қарасам Әжібек екен, тез тысқа шық дегендей белгі берді. Лып етіп шыға қойдым.
— Әй, әлгінде кешкісін ойыннан тараған кезімізде Ырысбек саған хат берді ме, Зибашқа тапсыр деп?
Мен бұлтара алмай қалдым.
— Иә, берді.
— Ол хат қайда?
— Зибашқа бергем.
— Ақымақ!.. Ақымақ, есек!.. — деп Әжібек күйіп-пісіп, ыза боп кетті. — Осы тұрғаныңда мұрныңды бет қып жіберсе обалың жоқ-ау!
— Мен қайдан білейін, Ырысбек тапсыр деді. Басқолбасшы айтқан соң әскери тәртіп қой...
— Тфу!.. Кеще!.. Менімен ақылдаспайсың ба әуелі. Түу, енді қайтейін-ай! Ішім удай ашып кетті-ау!.. Сары майдай сақтап, сыртынан күзетіп жүргенімде... Ал енді не болады?.. Не болады?..
— Оны неғыласың күзетіп? Кімге сақтамақсың? Күйеуі болса қара қағаз келген...
— Мынаның көкуін-ай ей! — деп Әжібек мүлде күйініп кетті. — Немене, сонда мен адам емеспін бе сеніңше?!. Немене, мен Зибашты сүйіп, ғашық болсам аузым қисайып қала ма?!.
— Сен... Сен кішкентайсың ғой әлі.
— Өспейім бе екем, ей ақымақ-ау!..
— Мен қайдан білейін.
— Бәсе, сен қайдан білуші ең, сен нені білуші ең!.. Дабай, үстіңе, аяғыңа бірдеңе киіп шық! Екеулеп іздейміз.
— Кімді?
— Зибашты. Бүгін кешкісін ол үйіне қайтқан жоқ. Дәуде болса Ырысбек оны бір жерде ұстап, басын айналдырып отыр...
Мен үйге кіріп тез ғана киініп шықтым. Күздің кеші қоңыр салқын болатын. Ымырт үйіріліп, қас қарайыпты. Екеуміз құстай ұшып ең әуелі Ырысбектің үйіне келдік. Ырысбек жоқ. Дүрия жұмыстан қайтып, оның кешкі тамағын әзірлеп қойып елегізе күтіп отыр екен, қайда кеткенін білмейді. Ол үйден шығысымен Әжібек сәл ойланып алды да:
— Қорықпайтын болсаң жүр! Не де болса, анау шеттегі жылқы қамайтын тас қораға барайық! — деді. Тартып кеттік.
Долбарымыз дәл боп шықты. Зибаштың өгіз арбасы осы қораның алдында тұр екен. Әжібек екеуміз сыртынан айналып кеп, қораның төбесіне шықтық. Сабаны түсіп қалған ашықтау тұсынан қораның ішіне құлақ тосқанбыз. Ырысбек пен Зибаштың сөздері ап-анық естілді.
— Ырысбек-ау, ұят қой ел-жұрттан. Қойшы, жіберші!.. Мұның не сенің шынымен-ақ зорламақсың ба?! — дейді Зибаш.
— Зорлаймын, — дейді Ырысбек.
— Мен сені адам деп шықтым ғой, Темірдің досы деп шықтым. Мұның қалай енді?! Қойшы, босатшы!.. Мен аттан салам ендеше.
— Аттандап көр!.. Кәне, аттандашы...
— Егер аттандаса барып ара түсеміз, — деді Әжібек құлағыма сыбырлап.
Бірақ Зибаш аттандаған жоқ, қайта сыңғырлап күліп жіберді.
— Қытығым келеді, Ырысбек, ағатай, қойшы енді... Ұяла-мы-ы-н...
Мұнан әрі екеуі де сыбырлап сөйлесе бастады.
— Ал көрдің ғой! — деді Әжібек қайтадан маған ызаланып, — Ақымақ!.. Осы қазір итеріп жіберейін бе, екеуінің үстіне!.. Әкеңнің... иттер...
Әжібек ызақорланып жылап жіберді де, жерге секіріп түсіп кетті. Мен соңынан секірдім. Бірақ ол маған қарамастан ауылға қарай жүгіре жөнелді. Қуа жүгіріп едім ілесе алмадым, қараңғыда екі-үш рет сүрініп, ұшып түсе жаздадым.
— Әжібек! Әжібек! — деп дауыстап едім, жауап болмады.
Үйге қайттым. Көңілім сынып, торығып келем. Ырысбекті де, Зибашты да өлердей жек көріп, өз-өзімнен булығып келем. Бір түрлі ызалану, қорлану бар бойымда. Айқай сап екеуін де дүниедегі ең жаман, лас сөздермен боқтағым келеді...
Ертеңіне мен төсектен тұрмай жатып Әжібек келді үйге.
Әдеттегісіндей ыржиып күлмейді, өңі сынық.
— Қанат, мен дегендерің бүгіннен бастап Ырысбектің үйіне жоламаңдар, — деді. — Әнеу күні сен дұрыс айтыпсың ол деген жауыз адам екен. Кездескен балалардың бәріне мен де айтайын, сен де айт.
Мен үнсіз басымды изедім.
Екі күннен кейін, ата-енесін еңіретіп жылатып, Зибаш Ырысбектің үйіне көшті, ал Дүрия зар еңіреп, жылап Көлбай кереңнің үйіне барды, Әпіш жылап-сықтап, көрпе-жастығын арқалап сиыр фермаға кетті.
2
Сабақтан келсем, Нәзира әпкем үйден сусын алып, қырманға қайта кеткелі тұр екен. Мені көріп қуанып қалды.
— Жақсы болды ғой, сені апам ертіп кел деп еді, — деді. — Кәне, тез тамағыңды іш те, менімен бірге жүр.
— Иә, бармаймын. Мен не істеймін қырманда? — дедім, бірдеңеге жұмсаған кезде қыржия қалатын жылаңқы әдетіме басып қынжылып.
— Не істейтініңді барған соң көресің. Қыржиятын түк те жоқ! — деді Нәзира әпкем құдды апамша дікілдей ұрсып. — Ырысбек пен Әжібекке ілесіп әбден бетіңмен кетіп болдың ғой. Жетеді енді! Қырманға барып, бір ауық малатастың басына мін. Сөйтіп қолқабыс ет. Немене, дардай болғаныңша сандалып көше таптап жүре бермексің бе?! Астық деген барлық участкелерде пісе қауырт бастады. Күні-түн дамыл көрмейтін қызу науқан енді туады. Адам деген жетіспей жатыр. Ал бұл деген әлдекімдерге ілесіп ап, ойыннан басқа білері жоқ. Желкеңді үзіп жіберейін бе осы!
Соңғы кездері байқап жүрмін, осы Нәзира әпкем кей-кейде апамнан мүлде айнымай кетеді: түрі де, мінезі де, даусы да, қаталдығы да, ең аяғы дікілдеп ұрысқанына дейін. Қазір де дәл апам сияқты ұрсып тұр. Жо, мұндай кезінде оған қарсыласып абырой таппайсың. Дойырлығы ұстап ұрады да тастайды. Кімге шағынасың? Әжеме айтар болсам: «Әй, Нәзира, сен бе!.. Сен!..» деп құр доңайбаттанып сес көрсетіп ұрсады да қояды, ал апама айтар болсам Нәзираның сөзін қостап, өзімді онан әрмен таяқтауы мүмкін. Сондықтан: «Бәріңнің әлің маған жетеді, бәрің маған қожасың. Қит етсем желкемді үзуге дайын тұрасыңдар!» — деп жыламсырап, біраз қомпылдадым да қойдым.
Нәзира әпкем қырманға ертіп әкелді де, айтқанындай-ақ, Байдалы шал мен Көлбай керең екеуі кезектесіп мініп жүрген малатастың басына мінгізді.
— Е, енді дұрыс болды ғой, — деді қуанып кеткен Байдалы шал. — Малатастың басына атқа жеңіл осылар мінуі керек қой. Ойбай-ау, бұларға ойын сияқты емес пе бұл. Ал Қанат, тартып ұста тізгінді. Сенің апаң өзі кәмөнес, өзі біргәдір, сондықтан оның балалары мына сендер басқаларға үлгі-өнеге көрсетіп отыруларың керек. Бүгін сенің қырманда істегеніңді көрсе, ертең басқа балалар да келеді жұмыс істеуге.
Ала көз торы ат дүңк-дүңк желіп, астықтың бауы төсеулі таптанды шеңберді айналып жүріп кетті. Соңындағы дөңбек көктас да дүңк-дүңк етіп домалап келеді. Бір айналдым шеңберді, екінші айналдым, үшінші, төртінші... тағы да айналдым, тағы да... тағы да... Әбден бір мойын боп қыржиып алған торы ат бір қалыпты дүңк-дүңк желісінен аумайды, соңындағы көктас та дүңк-дүңк домалайды. Айнала бердім, айнала бердім... сәлден кейін төңірек тегіс маған қосылып шыр көбелек айналып жөнелді.
Торы аттың желісі мұндай қатты түйдек болар ма, ішімді солқылдатып түйгіштеп жіберді, бүйірім түйнеп ауырып кетті. Далбасалап, аз да болса себі болар деп ердің қасынан ұстап алдым, бірақ түймештеген дүңк-дүңк желіс ес таптырар емес, мүлде берекемді қашырды. Осы кезде:
— Әй, жығылып қалма! — деген Байдалы шалдың даусы алыстан жер түбінен жеткендей болды.
Тістеніп көзімді жұмдым, бәрібір дүние тегіс айналып тұр. Қайта-қайта құлап бара жатқандай болам да, шеңбердің ішкі жағына қарай қисайып, ердің қасынан қыса түсем...
— Тоқта! — деген дауыс шықты. «Уһ!» — деп аттың басын тарттым. Түу, шіркін-ай, тоқтап тұру қандай жақсы, рақат. Ішімнің түйнегені сап басылды. Тек төңірек қана әлі зыр қағып айналып тұр. Көзімді жұмып ем, бәрібір тоқталмады үйіріліп айнала берді. Ат үстінен ауып түсе жаздадым.
— Ештеңе етпейді, өсти-өсти үйренеді, — деген Байдалы шалдың сөзін құлағым шалды. — Мұндай күнімізде өзіміз жапан дүзде апталап жалғыз қалып жылқы бағушы ек.
Шеңбердегі бастырылған астықтың сабаны мен дәнін екі жаққа бөліп, сыпырып үйіп, жаңадан астық баулары төселгенше едәуір ес жиып, өзіме-өзім келіп қалдым. Үзеңгіні қысқарттырдым, астыма ескі бір көрпеше салғыздым.
Торы аттың дүңк-дүңк желісі қайта басталды. Қырмандағы у-шу құлаққа тек зың-зың, зың-зың ғана естіледі. Жұрт сөйлесіп жүр ме, әлде жамырасып жүр ме, айырып болмайды. Әйтеуір тек ішімді түйгілеу азайды, үзеңгіге аяғымды шіреп қопаң-қопаң етем, дүние тегіс тағы да шыр көбелек айналып тұр, бірақ алғашқыдағыдай емес, оған да үйренейін дедім.
— Тоқта! — деген таныс дауыс шықты.
Әбден дағдыланған торы ат өзі-ақ шеңберден шетке шығып қалт токтай қалды.
— Ой, бәрекелде, міне, жігіт болды деген осы, — деді тағы да Байдалы шал. — Тіпті көзіміз ашылып қалды ғой, көп жасағыр-ай! Әй, Нәзира, шешеңе айт, той жасасын, мына ұлының жігіт болғанына.
— Ибай-ау, қайнаға-ау, оны айтатын дәнеңе жоқ, тана тағып жіберсек болды ғой, — деді астық қаптап жүрген әйелдердің біреуі майыса сөйлеп.
— Иә, сөйтелік. Әй, қатын, қалтаңда танаң бар ма?
— Тесік тиын да жарайды емес пе?
— Жарайды ғой, әкеші кәне!
— Менің қалтамда бір моншақ жүруші еді.
— Әкел моншағыңды да, тана ғып тағуға жарай береді.
Сөйтіп, қырмандағы әйелдер кеу-кеулесіп тесік тиындарын, тана-моншақтарын жинап, менің қарсылығыма қарамастан омырауыма, етегіме тізілтіп тігіп тастады.
— Ал енді шешең той жасамай көрсін.
— Бәсе, кешеден бері иегім қышып жүр еді, бригадир жеңешемнің үйінен бір тоятын болдым.
— Өзі қайда жүр, шешесі?
— Орақшылар жаққа кеткен.
Әйелдердің қоршауынан Байдалы шал кеп айырып алды.
— Әй, шырақтарым, болды енді, жұмысты тоқтатпаңдар, — деді.
Торы атты тебініп қап, шеңберге түсіп дүңк-дүңк желе жөнелдім...
Неше айналым бау астық бастырғаным есімде жоқ. Кешкісін торы аттан тәлтіректеп түскен кезімде бойым бір-ақ тұтам боп қысқарып қалған сияқты көрінді. Тақымым, үзеңгі бау қажаған сирағым ду-ду ашиды. Басым шыр көбелек айналып тұр. Көзімді жұмып жата кеткім келеді, бірақ өйтуге болмайды, онда Байдалы шал мен басқа жұрттың алдында масқара болам ғой. Бар күшімді жиып, аяғымды барымша нықтап түзу басып ауылға қарай бет алдым. Ұясына қонуға сүйем қарыс қалған күн шіпілдеп қызарып тұр. Әзі дөңгелеп айналып тұрған сияқты. Құлағыма лақ маңырағандай болады. Едәуір жүріп қырманның шуынан алыстаған соң ептеп есімді жидым. Артымнан лақ әлі маңырап келе жатқан сияқты. Қарасам, Мәри деген қыз, маған тоқта дегендей айқайлап келеді. Сөйте тұрып өзі мүлде асығар емес, аяғын санап басқандай жүреді.
— Жүретін болсаң жүрсеңші енді! — дедім ит жыным ұстап.
— Маған қатты жүруге болмайды, — дейді.
Әншейінде тыраңдап көшенің ана басынан бір көрінсе, мына басынан бір көрініп жүгіретін, аяқ асты мүләйімси қапты. Мен ыза боп, қарайламай кете беріп ем.
— Қанат, ағатай... күнім, ағатай, тоқташы... — деп жыларман боп жалынды.
— Енді жүр дедім ғой мен саған.
— Маған қатты жүруге болмайды.
Амал жоқ, күтіп алдым. Қырман мен ауылдың екі ортасында қалың қамыс пен қара қоға өскен кішкентай жыра-сай бар болатын, содан қорқып келеді. Ол жырадан жалғыз өтуге қыздардың бәрі қорқады, сондықтан ылғи өстіп біздерге — балаларға жалынып жүргендері. Жақындап келген Мәри артына, қырман жаққа қарай жалтақтап қарап қойып:
— Мен саған қазір бірдеңе айтам. Т-с-с!..-деді құпиялағандай сыбырлай сөйлеп. — Туу, омырауындағы таналардың әйбетін-ай, маған да неге тақпайды екен өстіп.
Мәри менен бірер жасы кіші және бір класс төмен оқиды, бірақ өзі сонысына қарамастан қол-аяғы сидаңдап бойы менімен бірдей. Өзін жұрт «әртістің қызы» дейді, әкесі әртіс бопты. Әртіс әкесі соғысқа кеткен соң шешесі біздің ауылдағы төркіндерін сағалап қаладан көшіп келген. Қазір шешесі, бірінші класта оқитын інісі үшеуі ғана тұрады. Әртістің қызы болған соң ба, Мәри кейде ауылдың басқа қыздарына қарағанда өзін тәлпіштеу ұстап, белін бұраң-бұраң еткізіп жүретіні бар. Біз — балалар ондайда сыртымыздан: «Ой, өзін ырбаңдатпай қағып жіберсе!» — деп кіжінеміз де, іштей оның сол қылығын өлердей ұнатып тұрамыз. Ұнататынымызды сезетін болу керек, қарсы келгенімізде көзін сүзілдіріп, өп-өтірік күлімсірей қалатыны бар. Жұқалтаң ақ құба өңі, қаламмен сызғандай қиылып тұратын қасы мен көзі сүйкімді-ақ. Өзінің мінезі де жақсы. Әсте мұңаю, қынжылу дегенді білмейді, қашан көрсең сықылықтап күліп жүргені. Мысалы, көктемде шешесі қойда сақманда жүргенде Мәридің шашы биттеп кетіп, Мұқан ағай ұстарамен тып-типыл, айнадай ғып сыпырды да тастады. Сонда ғой басқа қыздар болса өгіздей өкіріп, буынып өлер еді, ал Мәридің ойына да кіріп шыққан жоқ. Өз басын өзі қауын шерткендей шертіп қойып: «Ур-ра!, енді мен еркек баламын!» — деп сықылықтап күлді де жүріп кетті. Сонан бері өзі еркек балаша киінеді, көйлегінің етегін шолақ шалбардың ішіне салып, ылғи ышқырланып алады.
Бүгін де көйлегін ышқырланып алған. Қырмандағы шешесінің жанында боп, содан қайтып келеді. Іші ауырған адамдай аяғын тіпті кібіртіктей қапты.
— Қанат, ақырын жүрейік. Мен саған қазір жыраның ішіне түскен соң бірдеңе айтам, — деп қояды.
Жалғыз аяқ жолмен мен алда, ол артта ауылға қарай төтелеп жүріп келеміз. Екі жағымызда ат бойы қалың құрақ, күз түссе де сарғаймай көкпеңбек боп тұнып тұр.
— Қанат, осы құрақтардың ішінде үлкендігі нақ жолбарыстай жабайы мысық бар көрінеді, — дейді Мәри.
— Бар. Сен немене, қорқасың ба?
— Қорықпай ше. Қыз басыммен қорықпайтындай мен кім едім, сонша.
Жырақтың табанына таянғанымызда. Мәри:
— Қанат, қолыңды әкеші, — деп қолымнан шап беріп қысып ұстап алды. — Осы арадан кеше мен ұзындығы тура қос құлаштай жылан көргем. Ойбай-ай, қорқам. Ақырын жүрші, ағатай.
Жырақтың табанынан өтіп, қарсы қабаққа шыққанымызда Мәри:
— Уһ! Жаным-ай, аман-есен өттік-ау, әйтеуір, — деп жүрегін ұстады. Онан соң кейін қарай бұрылып қарап қойды да, бұл төңіректе кемінде бір шақырымға дейін тірі жан жоқ болса да сөзін сыбырлай сөйледі: — Әлгінде саған айтайын дегенім... — деп бастады да, көзіме көзін қадап іркіліп қалды. — Саған сенуге бола ма өзі?
Мен иығымды қиқаң еткіздім. Ол со көзімнен көзін айырмай қадалған күйде:
— Тегінде сенің көзіңде қулық жоқ, — деді.
Мен ыңғайсызданып қысылып көзімді тайдырып кеттім де:
— Қойшы әрі, — дедім, ызаланған боп.
— Рас айтам. Сенің көзіңде ешқандай қулық жоқ, демек саған сенуге болады. Ал бері қара... — деді тағы да құпиялай сыбырлап, — бері, құлағыңды әкеші... Мен қырманнан бидай ұрлап келе жатырмын.
— Не?!
— Тс-с!.. Ақырын, айқайлама. Мен бидай ұрлап келе жатырмын деп тұрмын. Міне, мына ышқырым толы бидай, сондықтан қатты жүре алмай келем. Тек аузыңнан шықпасын, ауданнан келген өкіл, немесе колхоздың бастығы естісе, онда мені тура соттайды.
— Айтып нем бар.
— Өзім де сенің айтпайтыныңды білем. Саған сеніп тұрмын ғой.
— Мамаң бұл ұрлығыңды біле ме?
— Қайдан білсін. Білсе мойнымды үзеді тура. Сенің апаң сияқты менің мамамның да мінезі тік, қатал ғой.
— Білем.
— Білсең сол. Енді бұл бидайды апама көрсетпей қарнымыз ашқан кезде қуырып жеп қоюымыз керек ініміз екеуміз. Бүгін қуыра алмаймыз, кеш боп кетті. Ертең сабақтан шыққан соң болмаса... Қолың тисе кел, бірге қуырып жейміз...
— Көрермін, — дедім мен.
Күн ұясына қонып, төңірек алагеуім тарта бастады. Ауыл үйлерінің мұржаларынан жарыса көтерілген түтіндер сыриып сонау көктеңбіл аспанмен сіңісіп жатыр. Үйдің мұржаларынан ұшқан от ұшқындарындай әр тұстан жылт-жылт етіп жұлдыздар көрінді.
— Қанат, мә, сағыз шайнайсың ба?
— Жер сағыз ба? Әкел.
— Иә. Бағана түсте жинап алғам. Шайнай берсең тісіңді аппақ қылады. Міне, қарашы менің тістерімді.
Мәри тістерін көрсетіп күлімсіреді. Ымырт шапағында жарқыраған аппақ тістері маржандай тізіліп сүп-сүйкімді көрінді. Өзі көзін сүзілте қарайды.
— Мә, мына таналарды сен қиып ал.
— Жо, болмайды ғой, өйткені оларды саған тақты ғой үлкен кісілер.
— Онда біреуін ал. Таңдағаныңды.
— Біреуін алуға болады. Міне біреу көгін... жоқ, қызылын... жо-жо-жоқ, ағын алайын.
Ол омырауыма еңкейіп, өзіне ұнаған тананы тісімен қырш еткізіп қиып алды.
— Ой, Қанат-ай, рақмет... — деді мәз болып.
Ол өз үйіне қарай, мен өз үйіме қарай кеттік. Басымның шыр көбелек айналғаны, тақымымның, сирағымның ду-ду ашығаны қайта басталды. Өне бойым салдырап, әбден шаршағанымды да сездім.
Үйге келісімен тамақ ішуге де мұршам келмей мұрттай ұштым. Көз алдымның, төңірегімнің бәрі айналды да тұрды. Өзім де айналып жатқан сияқтымын, айналу... айналу... айналу... Өстіп ұйқылы-ояу талаурап жатқам, біреу кеп басымнан сипады, одан омырауымдағы тана-тиындарды көрді. Мырс етіп күлді, апам екен. Еңкейіп маңдайымнан иіскеп, ернінің ұшымен жұмсақ қана сүйді. Көкемнен қара қағаз келгеннен кейінгі жердегі апамның бірінші рет күлгені осы шығар, сірә.
— Әжесі-ау, мына балаңның омырауын көрдің бе? — деді онан соң.
— Е, не бопты?
— Қырмандағы әйелдер тана тағып жіберіпті.
— А! Сөйтіп пе? Е-е-е, баласынан айналдым... Құлдығым... Көкесіне тартқан құлыным... Сенің жолыңа мен неге құрбаның боп шалынбаймын, садағаң боп неге кетпеймін!.. Көзімнің қарашығы... — елжірей кеп үстіме төнген әжем дүниедегі ең асыл сөздерді маған ғана теңеп шұбырта бастады.
Мен ұйықтаған боп өтірік пысылдай түсем. Әжем мен апамды қуантқаныма көңілім өсіп, көкірегім жарылардай боп масайрап жатырмын. Шаршағанымды да мүлде ұмыттым. Шашымнан сипай түскен апамның қолы жұп-жұмсақ, ып-ыстық. Бүкіл өн бойыма бір түрлі бір алып күш толып кеткен сияқты, дүниеде менің қолымнан келмес, мен істей алмас іс жоқ сияқты. Өз-өзімнен сақылдап күліп жіберуге шақ жатырмын. Бірақ ояу екенімді білдіргім келмейді. Өстіп «ұйықтаған боп» жатып еркелегім келеді апама. «Әлі тұра тұрыңдар, әже, апа... мен әлі көрсетемін...» — деймін іштей. Осы сәтте біреу кеп мұрнымды шымшыды.
— Ой, мақтаншақ-ой... — деді Нәзира әпкем. — Осы мақтаншақ өтірік ұйықтап жатыр.
— Жә, оятасың онысы несі, ұйықтап жатқан баланы мазалап, — деп апам оған жекіп қойды.
Мен Нәзира әпкем тағы бірдеңе деп кеп түртпектесе шыдай алмай күліп жіберерімді білдім де, ұйқысыраған боп аударылып, бетімді шамның жарығынан бұрып жаттым. Апамның қолы шашымды әлі де сипап отыр.
— Амандық боп, мына астықты жинап алған соң анау кебе лақтың бірін сойып, әйелдерге кішкентай бір той-томалақ жасап беру керек енді, — дейді.
— Онда мен анау сары ешкінің лағын ептеп, жемдей берейін, — дейді әжем.
— Түу, өсти қалатындарыңыз-ай, осы сіздерде ғана бала бардай. Бір күн, жарым күн барып қолқабыс еткенде тұрған не бар екен, соған бола той-томалақ деп дабырайтатын түк те жоқ, — дейді Нәзира әпкем.
— Халқымыздың дәстүрі, ырым ғой, — дейді апам.
— Баланың жұмыс істегені де ырым бопты. Онан да бұлардың бәрін желкелеп отырып жұмысқа салу керек. Әйтпесе анау Ырысбек деген мен Әжібекке ілесіп істемейтіндері жоқ. Мына біздің ұл Зибаш пен Ырысбектің арасына хат тасушы болған көрінеді.
— Жә, не боса соны сөйлемеші әрі, — деді апам жақтырмай.
— Рас айтам. Маған сенбесеңіз оятып ап, өзінен сұраңыз.
Нәзира әпкемнің мына сөзі мені төбемнен ұрғандай қылды.
Теріс қарап жатқан күйде тынысым тарылып, жерге кірердей қысылдым. Бет-жүзім дуылдап кетті. Нәзира әпкеме ыза боп жатырмын: «Тоқтар екеуінің кездескендерін талай жасырып едім... Бәлем, тұра тұр», — деймін іштей кіжініп.
Апам мені оятқан жоқ.
— Бар, сапылдамай, мына әжеңе бидай түйіп беріп кет, көжеге салатын, — деді, Нәзира әпкеме.
Мұнан әрі Нәзира әпкем ауыз үйге шығып, гүрсілдетіп кеп түйе бастады.
Әжем мен апам екеуі шаруа жайын сөз етіп кетті. Дәйім бәрін білгісі кеп отыратын әжем астықтың түсімін сұрайды, апам орташа дейді, бірақ соның өзін төкпей-шашпай жинап алса мемлекетке тапсыруға да, тұқым құйып алуға да жетер еді, дейді.
— Еңбекке ештеңе бермейсіңдер ме?
— Білмеймін. Әй, қиын... қиын... — дейді апам күрсініп. — Мынау ойдағы колхоздардың биыл астықтары күйіп кетіпті, олардың тауқыметі де бізге түсе ме деп ойлаймын. Бүгін бастықты ауданға шақыртып кеткен, сірә сол жайында болар.
— Е, жаратқан алла, пейіліңді тарылтпа... — деп әжем ауыр күрсінеді. — Мәшинемен орып жатырсыңдар ма?
— Иә, мына жазықтағы астықты лобогрейкамен орып жатырмыз. Бірақ өндірімсіз, екі айналып тоқтап қалады, сына береді... Оны дұрыстап жөндейтін ұста да жоқ.
— Әлгі неміс бала бар емес пе?
— О, байқұс, жайын салып мықшыңдап-ақ жатады, бірақ бала емес пе... қазір жөндегені қазір бұзылып қалады.
— Әттегене-ай, ә, темірді пісіре алмайды-ау, ә... Қайран Ақаттай ұста қайда дейсің?! Ой, қу соғыс-ай!.. Ал жат енді, шаршап келдің ғой. Таңертең ерте тұрасыңдар.
— Жоқ, жатпаймыз. Қазір қырманға қайта кетеміз. Станцияға алты өгіз арбамен астық жөнелтуіміз керек. Соның екеуіне айдап баратын адам іздеймін. Әлгінде Қанаттың бүгін қырманға барып, жұмыс істегенін естіп, бетінен бір иіскеп кетейінші деп келіп ем үйге.
— Нәзира да қайта кете ме қырманға?
— Иә. Со жөнелтілетін алты арбаға астық тиеседі қазір барып. Қырманның басында ұйықтай салады ғой... Қой, тұрайын енді. Суық түсейін дегендікі ме, түнге қарай белім сырқырайтын боп жүр. Менің әлгі бел орағышым қайда екен? Төсектің ірге жағында сияқты еді ғой... Иә, сол ғой, бері тастаңыз... Әй, Нәзира, түйіп болдың ба?
— Болдым.
— Жүр онда. Екі арбамен кімдерді жіберсем екен деп, басым қатулы. Жұрттың бәрі жұмыста, ешқайсысын айыруға болмайды... Тіпті білмеймін...
— Бір арбаны мен айдайын, — деді Нәзира әпкем.
— Саған бір арбаны айдатуды өзім де біліп тұрмын-ау, бірақ станцияға барған соң қаптарды көтеріп апарып қойманың терезесінен құю керек, оған сенің шамаң келе ме?
— Осы апам қызық. Мені әлі қолынан түк келмейтін бала көресіз-ау, деймін. Бір қап түгілі екі қапты екі қолтығыма қысып көтерем.
— Өй, алаңғасар! — деді апам оның сөзіне ыза болып. — Екі қапты көтерем дейді ғой. Саған бір қапты көтерудің өзі ауыр. Шамаңнан тыс тыраштанба деп қанша айтамын осы.
— Менің еш жерім де ауырмайды.
— Сөйлеме әрі! Киін жылы киімдеріңді.
— Станцияға барам ба?
— Көреміз оны. Әлгі Ырысбекке барып сөйлессем бе екен, соқталдай еркек, қайтқанына жарты айдан асты, әлі үйінде жатыр. Бүгін Зибаш та шыққан жоқ, жұмысқа... Сол екеуін жіберсем дұрыс болар еді. Егер Ырысбек бармаса, онда Зибаш екеуіңді жіберем, амал жоқ.
— Ол антұрғандар үйленіп алған дей ме?
— Е, сөйтіпті ғой... Ал кетейік...
— Байқа, абай болшы. Сенің мінезіңнің кейде тік кететіні бар. Ырысбек өзі соғыстан бұзылып, қаны қарайып қайтқан көрінеді, сөзге кеп қап, өзіңді жазым ғып жүрмесін. Мына ұсақ балалармен ойнап, ауыл арасында мылтық асынып жүрген түрінен шошимын. Әй, тегін емес... бір пәлеге ұшырайды сол... ұшырайды...
Апам мен Нәзира әпкем шығып кетісімен көзімді ашып, басымды көтердім.
— Әже, Ырысбектікіне мен де барайын ба? — дедім.
— А! Сен әлі ұйықтамап па ең, қарғам-ау? Бар! Бар жүгір, ойбай, — деді әжем қолды-аяққа тұрғызбай. — Анау шешеңнің мінезін білесің, артық кетіп бара жатса, етегінен сүйресең де аулақ әкет, пәледен.
Жүгіріп тысқа шықсам апамдар Нұрсұлу деген көрші әйелдің терезесін қағып тұр екен.
— О кім-ей? — дейді іштен Нұрсұлу.
— Біз ғой. Шық бері, бір шаруа боп қалды! — деді апам.
Кеудешесін жүре түймеленіп шыққан Нұрсұлу:
— Көзім енді ілініп бара жатыр еді. Не боп қалды ей, қатын? — деді даусы гүжілдеп.
Нұрсұлу — түр-тұлғасы еңгезердей еркек пішінді, даусы гүжілдеген, өзі күшті әйел. Ауылдағы әйелдердің ең күштісі. Қайдағы ауыр, қиын жұмыстарға осы Нұрсұлу барады. Шіреніп тұра қап үлкен ағаш күрекпен астықты құлаштай тастаған кезде Байдалы шал да, Көлбай керең де астар болмай қалады, — дейді апам. Соғыстан бұрын, той-мереке кездерінде балуан деген еркектеріңнің өзімен белдесіп күреске түсіп, талай рет бәйге алыпты.
— Екі күн ұйықтамағаныңды да білем, жә, қайтып кеп ұйықтарсың, қазір анау Ырысбекке кіріп шығайықшы, бар шаруа сол, — деді апам. — Жалғыз баруға дәтім жетпей тұрғаны.
— Оның да жөн екен, бір есептен.
Апам терезесі қап-қараңғы боп тұрған келесі үйді нұсқады.
— Мына Бәтиқа үйінде ме?
— Ол да осы әлгінде келді ғой қырманнан. Жатқаны жаңа шығар.
— Оны да ертіп алайық.
Енді үшеуі барып Бәтиқаның терезесін қақты.
— О кім?
— Біз ғой, жігіттерміз! Есігіңді аш, шық бері! — деді Нұрсұлу гүжілдеп. — Қасыңа қайсымызды аласың? Таңда өзің.
— Өзім таңдасам, сені қайтем гүжілдетіп, жай колхозшысың, онан да бір күн де болса жаным жай табар, біргәдір жігітті қаламаймын ба,- деді есігін ашқан Бәтиқа.
— Қалағаның мына біргәдір болса оңдырар. Жұрттан бұрын сені жұмысқа сап зорықтырып өлтірер.
— Оның да рас. Бұл сөйтеді.
Үшеуі де өзара әзілдеріне сылқ-сылқ күлісіп алды. Онан соң апам мен Нұрсұлу екеуі екі жақтап Бәтиқаға бірдеңе-бірдеңені түсіндіріп айта бастады.
— Бұларың дұрыс екен, — деді Бәтиқа да сылқылдай күліп. — Не боса о босын, бір зәресін алайық өзінің...
Осы сәтте ғана соңдарынан ілесіп жүрген мені байқап қалған апам:
— Қанатпысың?! Сен неғып тұрып кеткенсің? — деді қатқыл үнмен. — Бар, үйге!
— Әжем жіберді, — дедім мен.
— Әжең жіберсе де бар, қайт! Жарықтық-ай, ұйықтап жатқан баланы мазалап.
Мен тайсақтап шегіншектей бердім де, Нұрсұлудың үйінің тасасына тығылдым.
— Жә, жүре берсін де, — деді Нұрсұлу. — Тобымыз көп болсын, онан да Қанатты жүгіртіп, анау Қалипа мен Сәруені де шақыртып алайық. Ол екеуі де жуан жұдырық қатындар ғой.
— Оның да ақыл екен, — деді апам келісіп. — Әй, Қанат, бар онда, Қалипа мен Сәруені тез шақырып кел. Бір тығыз шаруа боп қалды де.
Мен жүгіре жөнелдім де, әне-міне, дегенше Қалипаны да, Сәруені де оятып, асықтырып алып келдім.
— Әй, әуселесін көріп алайықшы өзінің, — десіп Қалипа да, Сәруе де білектерін сыбанысып қызынып кетті. Әйелдердің бәрі жиналған соң апам бастап, барлығы Ырысбектің үйіне бет алды.
— Сендер ауыз үйде тұра тұрыңдар. Мен өзім жалғыз кіріп, сөйлесіп көрейін, — деді апам, бәлкім, айтқанға ұрыс-жанжалсыз-ақ көніп қалар.
Әйелдер әуелі терезеден қараған: Ырысбек шалқасынан түсіп домбырасын тыңқылдатып жатыр да, Зибаш қазан-ошақ жақта тамақ пісіріп жүр екен.
— Әдіре қалғырлар, Қозы мен Баян ғұсап қапты ғой, — деді Нұрсұлу күңкілдеп. — Екеуін де осы қазір тырдай жалаңаштап шешіндіріп ап, біріне-бірін теріс қаратып байлап, әнеу шұңқырдағы суға тастай салсақ па екен.
— Қайтесің жүзіқараларды.
— Жоға деймін-ау, сайтаным ұстап тұрғаны түрлерін көріп.
Апам ішке кіріп кетті де, басқамыз ауыз үйде қалдық. Мен бірден есіктің саңылауына жабыстым.
— Кеш жарық! — деді апам.
Ырысбек көзін бір рет алақ-жұлақ еткізгені болмаса, жатқан күйінен қозғалған жоқ, ал Зибаш есі шығып:
— Ә, тәтем екен ғой, жоғары шығыңыз, —деп бәйек боп қалды.
— Шықпаймын жоғары. Келген шаруамды осы арада тұрып-ақ айтайын, — деді апам. — Қараң қалғыр, Ырысбекке тидім де, германды жеңдім дедің бе, неге жұмысқа шықпадың бүгін? — деп Зибашқа бірден дүрсе қоя берді.
— Тәте-ау, мен бүгінше... бүгінше...
— Бүгінше дейтін түк те жоқ. Бүгін, ертеңді көтеретін уақыт па, осы кез. Адам жетіспей мұрнымыздан қан кетіп жатқанда. Қазір жинал да арбаңды жек. Станцияға астық тартасың! Бол, тез! — деп апам қамшысын үйірді.
— Қазір ме?
— Тура осы қазір! Ал сен, Ырысбек шырағым, не мына әйеліңмен бірге арбамен астық тартуға шық, әйтпесе, жүр анау қырманға, бидай тастасасың. Созылып жатуың жетті енді. Қатын-қалаш, бала-шағаның мойнына масыл болма. Нанымызды бекер жеме. Сен соғыста қан төгіп келсең, біз жанымызды беріп отырмыз.
Зибаш біресе апама, біресе Ырысбекке жалтақтай қарап, киіне бастаған. Апамның сөзін шыбын шаққан ғұрлы көрмей жатқан Ырысбек:
— Зибаш-ай, тамағыңды беріп, төсегіңді салсаңшы, жаным. Жаталық та, — деді жайбарақат үнмен.
— Қазір, қазір...
— Әй, шырағым, мен кімге айтып тұрмын. Тұр, көтер басыңды! — деді апам ақырып.
— Зибаш-ай, мына кісіге есікті көрсетіп жіберші, кіруін кіріп ап, шыға алмай тұр ғой деймін.
Шыдай алмай кеткен болу керек, апам Ырысбекті қамшымен көсілте бір тартып жіберді. Атып тұрған Ырысбек қалш-қалш етіп апама қарай тап берген. Көзі шатынап, жұдырығы тастай боп түйіліп алпамсадай еркек енді бүруге шақ қалғанда апам тайсалмастан оны тағы бір тартып жіберді де:
— Әй, қатындар! Келіңдер, ұстаңдар мынаны! — деп айқай салды.
Осы сәтті күтіп тұрған әйелдер бірін-бірі итере-митере білектерін сыбанып кіріп барған.
— Әдіре қалғыр, саусағыңды қимылдатшы кәне, жүнше түтелік! — деді Нұрсұлу гүжілдей ұмтылып. — Сенің қаның соғыстан бұзылып келсе, біздің қанымыз осы ауылда жүріп-ақ бұзылды. Біз де қанымызға қарайып өш алып, өлтіретін адам таппай жүрміз. О несі-ей, шала пішілген сәуріктей қодыраңдап. Әй, қатындар, байлалық мынаның аяқ-қолын!..
Алақ-жұлақ етіп есі шыққан Ырысбек шегіншектей түсіп, қамшы тиген иығын сипай берді.
— Апырай, сендер ме едіңдер?!. — деді бағанадан мүлде танымай тұрған адамдай. Онан соң бет-аузы түшкіргісі келгендей тыржыңдап қисаңдай бастады да, кенет өгіздей өкіріп жылап жіберді.
— Шынымен-ақ ұрдың-ау мені, шыныменен қол көтердің-ау маған, жеңешем-ай!.. Қор болған жерім-ай!.. Ө-о-ө...
Екі қолымен бетін басқан, саусақтарының арасынан шып-шып жас сорғалайды...
Әйелдер түйіліп келген бойлары енді не істерлерін білмей үрпиісіп тұрып қалған.
— Құдай-ау, қор болдым-ау... — дейді Ырысбек, күңірене дауыстап. — Ал неғып тұрсыңдар? Талаңдар мені! Ұрыңдар!.. Фашистен қалған мына тесік өкпені суырып алыңдар!.. Ө-ө-ө... О, қайран жеңгелерім, сағынып келгенімдегі, маған деген сыйларың осы болғаны ма?!. Ей, сұм тағдыр, неге мені тірі қалдырдың бүйтіп қорлағанша?! Әлде көрсетпегің осы тәлкек пе еді... Неге тірі қайттым, мен бейбақ!.. Ө-ө-ө...
Солқылдап жылаған түрін, айтқан сөздерін ести тұрып төбе құйқаң шымырлайды.
Осылайша біраз жылап алды да:
— Жә, болды... болды... — деп өзін-өзі жұбатты. Көзін сүртті. Өксік солығын баса тұрып әйелдерге тегіс жағалай қарап өтті.
— Құдай-ау, бәрі де өзімнің ет бауыр егізімнің сыңарындай аяулы жеңгелерім ғой. Сірә, мені танымай қалдыңдар-ау деймін?..
Әр әйелге елжірей қарады.
— Не боса о босын, тәубеме бір келтірдіңдер... А-ха-ха-ха-ха-а...- деп қарқылдап күліп жіберді. Ол со қарқылдаған бойында екі иығы онан әрмен селк-селк етіп, одан ішін басып сылқылдап көзінен жас аққанша күлді. Рас күлкі ме, өтірік күлкі ме, айыру қиын. Әлден уақытта күлкіден шаршағандай екі иығы салбырап отыра кетті де, өзіне төніп кеп тұрған әйелдерге жайбарақат жайдары үнмен:
— Қайран жеңешелерім, еңіреген ер ағаларымның асыл жарлары, тәубеме бір келтірдіңдер-ау! Ризамын... — деді тағы да. — Отырыңдар!.. Сіздер жұмсаған жаққа бармай мен қайда кетеді дейсіңдер. Арба айда десеңдер арба айдайын, астық таста десеңдер оны да істейін. Жігіттік сөзім, ант етіп айтайын, қосқан жұмыстарыңды істеймін. Туған ел, туған жерді сағынғанда, осы өздеріңдей жеңгелерімнің ұлтаны боп жүрсем деп армандап ем. Ауылға келген соң соның бәрін ұмытып ит боп барады екем, кешіріңдер. Мен қайттым райымнан... Ал енді менің де аз тілегім, отырыңдар, дәм татыңдар, онан соң бірге шығайық. Зибаш, тездет, тамағыңды!.. Отырыңдар, жеңгелер. Дастарқанымызды теппеңдер...
Апам бастаған әйелдер бір-біріне қарап қойды да аң-таң боп, отыра-отыра кетті. Зибаш отты үстемелей жағып, көжесін сақыр-сұқыр қайнатып тездете бастады.
— Тездет, Зибаш!.. Көп кешікпейік, — деп қойды да Ырысбек домбырасына қол созды. — Сенің көжең піскенше мен жеңгелеріме бір-екі ән салып берейін, — деді.
— Сөйтсең сөйтші, — деді аяғын көсіліп жайғасыңқырай отырған Нұрсұлу.
Ырысбек домбырасын күйлеп, тамағын бір кенеп алды да мұңайған үнмен:
— Кеудеме жау оғы тиіп, ұрыс даласында қансырап жатқанымда туған жер, ел-жұрт, мына отырған өздерің көз алдыма елестеп, «дүние-ай, соларды бір көре алмай кетемін бе», — деп тарығып жатып шығарған әнім еді. Қазір сендерге соны айтып берейін, — деді.
Әйелдердің бір-екеуі еріксіз бір еріксіз күрсініп қалды. Ырысбек зарлы әуенді аңырата жөнелді. Өзінің туған ел, туған жермен қош айтысып, аждаһа жауға қарсы аттанғаны, жауған оқ пен жанған оттың ортасына тап болғаны, әккі жаумен арыстанша алысқаны, қапыда жараланғаны, содан қансырап ұрыс даласында қалғаны, бір жұтым суға зар болғаны, сол сәтте туған ел, туған жер, күліп-ойнаған құрбы-құрдас бәрі-бәрі тізбектеліп өте бастайды көз алдынан; әрқайсысының көңіл қимас мінез-қылықтары, құрбылық наздары бар, итшілеген тірлікте бір-бірінің қадірін білмеген, көкіректі қарс айырған өкініш бар... Ырысбектің көзінен тарам-тарам жас кетті. Зарлаған даусы, онан да зарлы сөздері жүйке-жүйкені босатып, мүлде егілтіп жіберді.
— Сорлы-ай... қайтсін-ай!.. — деген әйелдердің бірі жылай сөйлеп аһ ұрып. Сол-ақ екен бәрі бірдей мырс-мырс жылап берді.
Қош-есен бол, жеңгелер,
Су бер десем, бал берер.
Қапыда кеттім, дүние-ай...
Зарымды менің кім көрер?..
Өзі де жылап, әйелдерді де жылатып біраз шер тарқатқаннан кейін Ырысбек:
— Өстіп зар еңіреп жатқанымда орыстың бір қаршадай қызы, дәл осы өзімнің Нәзира қарындасымдай балғын жасы кеп, өлімнен арашалап алып қалды, — деп, домбырасын шетке тастай салды. Онан соң: — Қой, жылап отыратын уақыт па. Жұмысқа аттанайық! — деді көзінің жасын сүртіп. — Көңіл шіркінді еркіне жіберсең езіле береді. Бір ауық өзіңді-өзің тежемесең. Бекем болайық, жеңгелер!
— Рақмет, қайным!
— Бақытты бол!
— Зибаш екеуің қосағыңмен қоса ағарыңдар! — десті әйелдер шын көңілден риза болып.
Әлгіндегі ашулы келістерінен, бұрқ-сарқ еткен сөздерінен із де қалған жоқ еді. Бәрінің де көңілдері елжірей қалған жұмсақ күйде.
— Зибаш, көжеңді әкел! — деседі.
Ортаға келген жарты тегеш кеспе көжені қолдарына тиген шұңғыл ыдысқа құйып, екеу-үшеуден кезектесіп бір қасықпен ішуге кірісті. Ырысбекке үлкен тостақан мен жеке қасық беріп:
— Сен еркексің ғой бізге қарама. Тойып ал! — дейді. Сырттан есік алдынан біреулер тасыр-тұсыр жүгіріп өтті. Сөйткенше болған жоқ, есіктен сұңқиып жынды Бүбітай кіріп келді. Үйдегілерге тегіс бажырайып қарап өтті де:
— Тойлап отырсыңдар, ә, — деді.— Мені ғой тойға шақырмайсыңдар. Ал шақырмасаңдар да мен өзім келдім, — деп босағаға отыра кетті. Үсті-басы жұлым-жұлым, кір-кір еді, өзі жүдеу.
Мен зәрем ұшып апама тығыла түстім.
— Ей, қор болған сорлы-ай!.. — деді Нұрсұлу, аяныш білдіріп күрсіне. Үй ішіндегілер көжені сораптатқандарын тоқтатып, тым-тырыс тына қалды.
— Ал әкесеңдерші, қант-кәмпиттеріңнен, шай ішелік, — деді Бүбітай.
Ауыз үйден тықыр естілді де, ақырын ғана есікті ашып Тоштан кірді. Бүбітай: «Ойбай-ай, ойбай-ай!.. Мынау тағы жетті-ау!» — деп зар қағып ыршып, әйелдерді баса-көктеп төрдегі Ырысбектің қасына бір-ақ жетті. Зәресі ұшқан Ырысбек атып қазан жақтағы Зибаштың қасына барды.
— Тәтем маған бой бермей қашып келді, — деді Тоштан кінәлі адамдай өзінің қолында ұшына сым темір байланған кішкентай қамшысы бар.
— Тәтеңді сен өзің қарап жүрсің бе? — деп сұрады Нұрсұлу.
— Иә, өзім қараймын.
— Немене, сонда бір үйде екеуің ғана жатасың ба?
— Иә, екеуміз ғана.
— Әй, мына тамақты маған қойдыңдар ма? — деді Бүбітай Ырысбектен қалған көжеге қарап.
— Иә, саған қойдық. Іш.
Бүбітай ашқарақтанып көжені алды-артына қарамай апыл-ғұпыл іше бастады.
— И-и, сорлы-ай...
— И-и, байқұс-ай, аш екен-ау! — десіп әйелдер егіліп кетті.
— Тоштан, келе ғой, қарағым, көже іш, — деп апам алдымыздағы тостағанға тегеште қалған көжеден толтыра құйды.
Тоштанның да қарны аш екен, көжені қомағайлана ұрттады. Әйелдердің әрқайсысы одан әр нәрсені сұрап жатыр, ол көжені ұрттай отырып жауап қатады.
— Тәтеңмен екеуің жалғыз жатқанда қорықпайсың ба?
— Алғашқыда қорқатынмын, қазір қорықпаймын.
— Әйтеуір айтқаныңды істей ме, тіліңді ала ма?
— Тілімді алмаса мына қамшымен ұрам. Байдалы атам солай үйреткен. Ал оған да көнбесе онда, міне, бізім бар, мұны да со Байдалы атам жасап берген, осыны сұғып алам.
— Өзіңді ұрып тастамай ма?
— Жоқ. Бізден қорқады.
— Ал жатқанда қалай жатасыңдар.
— Жатарда мен тәтемнің қолын артына қайырып байлап қоям.
— Неге?
— Әйтпесе, түнде тұрып мені тұншықтырады. Қолының жібі шешіліп кетіп екі рет тұншықтырды да.
Көжені ішіп болған соң Бүбітай жан-жағына түкірініп, күбір-күбір сөйледі де, ешкімге қарамастан, жолында отырғандарды баса-жанша сыртқа беттеді.
Тоштан да тұрып соңынан ерді. Есіктен шығып бара жатып менің апама:
— Апа, мен күніне бір уақыт барып қырманда жұмыс істесем бола ма? — деді жалынышты үнмен, — Әйтпесе, қыс түсіп келе жатыр, тәтем екеуміз аштан өліп қаламыз ғой.
— Болады, қарағым, болады. Өзің шамаңның келгенінше қырманда істе. Кейін тәтең екеуіңе әскер семьясы деп жәрдем бергіземіз, — деді апам.
— Ойпырм-ай, иманымды бір ұшырды-ау,- деді Ырысбек күле сөйлеп. Бірақ оның сөзіне ешкім үндей қойған жоқ. Түрлері тоң-торыс боп қабақтары түсіп кеткен әйелдер күрсіне береді.
— Әй, Ырысбек, темекіңнен әкеші, — деді кенет Нұрсұлу.
Онан соң Ырысбек ұсынған темекісі бар дорбаны алып, шылым орады. «Әй, қатын, бізге де берші, бері!» — деп Сәруа мен Қалипа да темекіге қол созды. Үйдің ішін ащы темекінің көк түтіні жайлады. Қою түтін. Тамақты жыбырлатып, көзді ашытып еріксіз жөтелдіреді. Үш әйел үш жақтан бұрқ-бұрқ тартып отыр. Мен жөтеле бастағам, апам:
— Түу, сонша бұрқыратқандарың-ай, мұрындарыңды құрт жеп бара жатқандай, — деді.
— Ей, қатын-ай, мұрнымды жемесе де кеудемді жеп барады ғой Осы ащы түтіннен басқа не жұбаныш қалды енді, — деді Нұрсұлу, — осыны да көп көріп отырсың ба?
— Мейлің, тарта бер.
— Ойбу, отырып қаппыз ғой, ал тұралық енді, — деді орнынан қозғалған апам даусы аяқ асты қатқылдап. — Зибаш, Ырысбек екеуің артымыздан келерсіңдер, мен қырманға барып арбаларға астық тиете берейін, ай туа жүріп кетіңдер.
— Мақұл, тәте, — деді Зибаш.
Былайырақ шыққан соң әйелдердің бірі:
— Құдай-ау, не боп біттік өзі, түйіліп кеп сұйылып қалдық па, — деген.
— Е, қайдан көздеріңді сығымдап, еркек көрмегендей Ырысбектің аузына телмірдіңдер де қалдыңдар, — деді Нұрсұлу.
— Әй қатын, өйтіп бұлтақтама. Айтсаң айтшы деп, жалп етіп бірінші отыра кеткен сенің өзің емессің бе?
— Мен оның әнін тыңдайын дедім.
— Бәріміз де со әнін тыңдайық дедік қой.
— Әй, меніңше сол Ырысбек, бізді бала ғұсатып аузымызды аңқитып алдап жіберген сияқты.
— Қой әрі, ер-азамат басымен ант етті ғой. Сөзінде тұрар, — деді Нұрсұлу. — Әдіре қалғыр, осыдан алдап көрсін, немістің оғынан қалған жарты өкпесінен бір қойып, көкірегін қаздай шулатайын.
— Сенен ол да шығар, — деді апам күліп.
— Е, шықпай ше? Қатын басыммен сіңірім созылып мен жүрсем, еркек басымен шалқасынан түсіп ол жатса...
— Әй қатындар! — деді апам бәрін тоқтатып. Иіріле аялдаған әйелдер бір сәтке үнсіз тұрып қалды. Ал тағы не айтасың дегендей қараңғыда апамның аузына қарайды. Тау жақтан ақырын ғана үріп қоңыр жел соғып тұр. Күздің салқын желі.
— Түу, мына бір желдің рақаты-ай, таң атқанша талай астық ұшырып тастауға болады екен, — деді апам самбырлай сөйлеп.
— Әй қатын, айтатыныңды тура айтсаңшы, өйтіп тұспалдамай, — деп Нұрсұлу оның сөзін бөліп кеткен.
— Не айтар дейсің... барыңдар, дем алыңдар... Әй, Нәзира, жүр біз қырманға кетелік.
— Міне, бұл мысыңды өстіп құртады ғой. Жә, балалар ұйықтап қалды, қазір барып төсекте төңбекшігенше, мен де қырман жаққа барайын. Сол жерде бірдеңе ғып көз шырымын алармын. Бәтиқа, мен таңертең келе алмай қалғандай болсам біздің сиырды да сауа саларсың...
— Жүр, Қанат, мен сені үйге апарып тастайын, — деп Нәзира әпкем қолымнан ұстап сүйрете жөнелді. Екеуіміздің тапыр-тұпыр жүгіргенімізге көшедегі иттер шуылдап кетті. Бізге қарай шабалана үреді. Бірақ Нәзира әпкем қорықпайды, жақындағандарын ұзын бишігін сілтеп қап қаңқ еткізеді.
Мен күнде сабақтан шығысымен қырманға барып малатастың басына мініп жүрдім. Ала көз торы аттың дүңк-дүңк желісіне әбден үйреніп алғам, үзеңгіге аяғымды шіреп қопаң-қопаң етем де отырам, ішім де ауырмайды, басым да алғашқы күнгідей онша айналмайды. Мені көріп басқа балалар да қырманға үйірсектей бастады. Қайрат пен Бәтен келген, ол екеуі де бір-бір малатастың басына мінді. Ешкім шақырмай-ақ өз еркімен Әжібек те келген, бізге қарағанда ересек санап оны молотилканың басына мінгізді. Алғашқы күні ол еш қиқалақсыз жақсы істеді, бірде-бір рет тоқтаған жоқ, кешкісін үйге қайтарда аяғы шалынысып жығылып қала жаздады.
— Брр... — деді басын сілкілей күліп. — Мынау бір пәле жұмыс екен. Қап, қарап жүрмей тұзаққа өзім кеп түстім-ау, ә, ақымақ боп. Осы қырманда істеген дегенді шығарған сенсің ғой, ә, жетпегір, — деп әзілдеп, зілсіз ғана мені желкемнен бір түйіп қалды. — Но, нешауа, мұның да бір амалын табармын.
Айтқанындай ертеңіне Әжібектің молотилкасының жүруінен тұруы, тоқтауы көп болды. Анық он бау астық бастырмайды.
— Ойбай, мынау пәле бұзылды! Бұзылды! — деп аттан сап тұрғаны. Онан соң өзі сабанның үстіне барып гүрс жата кетеді де сыпылдатып нан жеуге кіріседі.
Байдалы шал мен Көлбай керең екі жақтап жөндеп әлек, бірақ бәрібір, он айналмайды, молотилка қайта тоқтайды.
Бір қалт етіп басымыз қосылғанда Әжібек бізге өз ақылын айтты.
— Ақымақтар, ертеден қара кешке дейін шыр айналып селкілдеп желе бергенше, бір ауық дем алудың әдісін таппайсыңдар ма, — деген табалай ұрсып. —Бәлек бекітілген тұстағы, әнеу бір болтты көрдіңдер ме? Мыналардың көзін ала бере соны босатып қойсаңдар болды. Он шақты айналғаннан кейін өзі-ақ босап түседі де қалады. Онан соң жерге секіріп түс те сол болтты іздескен боп жүріп, сабанның астына көме сал. Бітті, қашан болтты тауып бекіткенше рақаттанып дем аласың да жүресің. Байдалы шал мен Көлбай керең мықшыңдасын да жатсын, танаулары пысылдап. Әйтпесе, бұ не, ертеңнен қара кешке ат үстінде селк-селк етіп айнала-айнала кейін тентек болған қой сияқты миғұла боп қаларсың. Тентек болған қойдың қайтетінін білесіңдер ме? Бір орында тұрып шыр көбелек айнала береді, айнала береді, өйткені миы айналып кеткен. Мына сендер де сөйтесіңдер, әлі.
Әжібектің сөзі бізге қатты әсер етті, дереу сол айтқан әдіспен біз де бәлектің бекітілген болтын босатпақ боп әрекет етіп көргенбіз, онымыздан дәнеме шықпады. Тастай боп бұралған болтты босата алмадық. Сондықтан үш малатас бұрынғымызша кешке дейін астық бастырамыз.
Ақыры, Әжібектің істеп жүрген қитұрқысын Байдалы шал сезіп қойды білем, енді одан екі елі көз жазбай қадағалай бастады. Әжібек аттан түссе-ақ болды:
— Әй, шақша бас, былай тұр, былай тұр бәлектен! Тура мына күрекпен бір салып ұзыныңнан түсірем! — деп қуа бастайды.
— Кәне, ұрып көріңізші күрекпен, әне, өкіл жүр, дереу жауапқа тартқызайын, — дейді Әжібек те беріспей тіресіп.
Мен бір тоқтағанымда қасыма жүгіріп Мәри келді. Олар үш-төрт қыз тазаланған қызылды қаптауға шешелеріне көмектесіп жүрген болатым.
— Мә, саған жинадым, — деп сыбырлап бармақтың басындай жер сағызды алақаныма бүге қойды. Екі жақ беті қанталап көгерген сияқты боп көрінді. — Апам ұрды, — деді ол менің өзіне қадала қарағанымды сезіп. — Менің әнеугүнгі бидай ұрлап апарғанымды інім айтып қойыпты. Сол үшін ұрды. Арқам тіпті көк ала қойдай, шыбықпен ұрған. Қозғалсам ауырады.
Менің оған бір түрлі жаным ашып кетті.
— Әй, Қанат, мін атыңа! — деді осы кезде бастыруға жаңа бау төсеген Байдалы шал.
— Қанат, сенің орныңа бір жол мен мінейінші, — деді Мәри қиылып.
— Мін, — дедім мен оған тізгінді ұсынып.
— Әй, балалар, кәне, ойынды қойыңдар! — деді Байдалы шал зекіп. — Әй, қарағым, Мәри, бұл әртістің ойыны емес, аулақ жүр, бар анау өз жұмысыңа.
Мәри Байдалы шалға ренжи бір қарады да тайып, өз жайына кетті.
— Боқмұрын, қыз дегенде құрақ ұша қалуын, — деді Байдалы шал мені аяғымнан көтеріп атқа мінгізіп тұрып.
— Сіз өзіңіз емес пе едіңіз сендердей күнімде үйленгем, қатын алғам, деп бізді желіктіріп жүрген, — деді Әжібек қағыта күліп.
— Менімен сендер тең деген-ау. Онан да мұрындарыңды сүртіп алсаңдаршы, жаман немелер.
— Әне, кит етсек өстіп кемсітесіз. Бопты сіз нағыз ескіліктің сарқыншағысыз. Ылғи осы заманды кемсітіп сөйлейсіз. Қазіргі жастарды қорлайсыз. Егер анау шолақ қол өкілге айтсам ғой...
— Осы, шақша бас ит кімге тартып туған-ей, — деді Әжібектің сөзі шымбайына батқан Байдалы шал, оның «өкілге айтам» дегенінен шынымен-ақ именгендей күле сөйлеп. — Әкесі марқұм бүкіл бір өлкені аузына қаратқан аяулы-ақ жігіт еді, шешесі қой аузынан шөп алмайтынның өзі. Ал мұның басынан бір сөз асыра алмайсың.
— Мен Сталин атама тартып туғам.
— Не дейді! Тек, әрі! Өй, күшік, о кісінің атынан садаға кеткір. Немене, мазағың ба еді, сеніңі?
— Так, так, ақсақал! Кәне, айтқандарыңызды қайтып алыңыз, әйтпесе өкінесіз. Мен ғана емес, бүкіл совет жастары со кісінің ұрпағы. Емес деп көріңізші кәне, қазір анау өкілге айтып екі көзіңізді төрт қылайын. Еще күшік дейсіз ғой!.. Шақырайын ба өкілді, а?! Әй, өк...
— Жә, оттама әрі, — деп Байдалы шал енді жеңілгендей күле сөйлейді.
— Солай ма екен! Ха-ха-ха... Зәреңізді бір алдым-ау, әй, өзім-ай!..
Мұнан әрі мысы құрып сөзден жеңілген Байдалы шал қолын бір сілтеп бидай тастауға бұрылып кетті. Әжібектен аулақ болғысы келген. Аз өтті ме, көп өтті ме, Әжібек өзінің әуеніне басып ойбайлап, тағы да тоқтады.
— Бұзылды мынау, бұзылды тағы, ойбай!
Молотилканың тоқтап қалғанын көріп өкіл келді.
— Неге тоқтатасыздар?! Неге дұрыстап жөндемейсіздер! — деді көзін алартып.
— Тастай қып-ақ бұрап тастап ем... — деді Байдалы шал күңкілдеп. Өзі өкілден өлердей қорқады.
Шолақ қол өкілдің ала жаздай біздің ауылда жүріп, ауданға қайтып кеткеніне он шақты күн болған, кеше Нұғыманмен бірге тағы қайтып келді. Тағы да ұзаққа келген болу керек, шинелін бөктерініп, күзгі суыққа лайық жылы киініп апты. Нұғыман мен апам екеуін қолды-аяққа тұрғызбай біресе орақшыларға, біресе тас қоймаға жұмсап қойып, өзі ұзақты күнге қырманнан шықпайды. Қабағын шытынып ешкіммен сөйлеспестен қызылдың үстінде сау қолымен жағын таянып, томсырайып отырады да қояды. Кімнің жұмысты қалай істеп, қалай жүріп, қалай тұрғанын қалт жібермейді. Өкілдің мұнысы әйелдерге ұнамайды-ақ.
— Өкіл деген бастықтың үйіне барып, жылы-жұмсақты жеп, ұйқысын қандырып жатушы еді, мынау бір қарақшыдай қақиған біреу болды ғой, — деседі күңкілдеп.
— Осының бәрі әлгі, құдай атқыр Зибаштың кесірінен. Ала жаздай артынан түсті ғой... Жаман қардың осы өкілді менсінбегендегі тапқаны жынды Ырысбек болыпты.
— Е бәсе, аяғымызды қия бастырмайды әйтеуір, сондай бір ызасы бар екен ғой.
— Жә, қойшы әрі. Зибашқа өкпелеп, өшін бізден алса мұнын да өкілдігіне болайын.
— Өзі де құр сырты күмпигенімен әйелге қыры жоқ бірдеңе болу керек.
— Әй, ақырын сөйлеңдер, естіп қоймасын...
Түсте әйелдер шай-су ішіп келуге ауылға қарай бет алған. Қырманнан едәуір ұзап шыққан кездерінде, шолақ қол өкіл атына міне сап, шауып барып, бәрін қырманға қайта қайырып айдап әкелді.
— Кәне, төгіңіздер, бойларыңыздағы астықты, әйтпесе мен өзім тінтем! — деді ақырып.
Әйелдер бір-біріне жалтақтай қарап, қызараңдасып, ішкі қалталарындағы, жүн шөлкилеріндегі бір уыс, жарым уыс бидайды қаққыштап төге бастады. Артынан өкілдің өзі барлығының қалталарын, өн бойларын жалғыз қолымен сипалап тінтіп қарап шықты. Сонан соң қырмандағыларды тегіс жинап (балаларды да қосып) жиналыс өткізді. Қалың қабағы түксиіп, айқайлап жібере жаздап түтігіп, өзін-өзі әрең деп іркіп дірілдей тұрып сөйледі.
— Жолдастар! Қазіргі уақытта бүкіл еліміз бір-ақ мақсатқа жұмылуда — басқыншы жаудың түп-тамырына дейін балта шауып, тас-талқан ету. Партияның басшылығымен біздің қаһарман қызыл әскеріміз жауды күннен-күнге тұқыртып, соққы үстіне соққы беріп ойсырата түсуде. Қанды шайқас жүріп жатыр. Жолдастар, мен өзім Батыс Украин майданына қатысқам, төрт рет жараланғам, қанды шайқастың қандай болатынын жақсы білем, көзіммен керіп, басымнан кешірдім... Қанды шайқас деген мына сіздердің еңкейіп бір-екі қап астық қаптап: «Уһ, белім-ай!» — дейтін қырмандарыңыз емес. Төбеңнен оқ зулап бұршақша жауып тұрады, сонда белуарыңнан сазға батып, мұз жастанып окоптың ішінде отырасың. Бір күн, екі күн емес, кейде апталап отырасың. Белдің сырқыраған көкесі сонда, әне!..
— Обал-ай, десеңші.
— И-и... байғұстарым-ай!..
— Небір боздақтар қазір де отыр ғой сөйтіп, — десіп әйелдер тұс-тұстан аһ ұрып, жарыса күрсіністі.
— Міне, сол қаһарман қызыл әскеріміздің күш-қуаты мына отырған сіздерсіздер, тылдағы еңбек адамдары! Бүкіл еліміздің еңбекшілері сияқты сіздер де еңбектегі бар табыстарыңызды соларға бағыштайсыздар. Солай ма?
— Солай ғой.
— Әлбетте солай, — деп Байдалы шал да қостап қойды.
— Ал солай болса мына ұрлықтарыңыз не? Мәселен анау отырған жеңгей, — деп Қалипаны нұсқады. — Майданда сіздің кіміңіз бар?
— Күйеуім, бауырым.
— Әне, күйеуіңіз де, бауырыңыз да майданда екен, ал ендеше сіз соларға деген астықты неге ұрлайсыз?
— Бір уыстай ғана алып ем, — деді Қалипа кірерге жер таппай қатты ыңғайсызданып. — Үйде үш кішкене балам бар еді...
— Бала дейді... Соғыста ғой күйеуіңіз бен бауырыңыз қан кешіп жүр.
— Рас-ау,- деді әйелдердің бірі.
— Түу, өлім-ай, бүйткенше аштан қатсақшы... Масқара-ай... — деді Қалипа да өзін-өзі жерлей сыбырлап.
— Бір уыс қана дейсіз, ә? — деді өкіл онан әрмен оның жер-жебіріне жете түскісі келгендей. — Ал жарайды, сіз бір уыс, анау кісі бір уыс, мына кісі бір уыс, мен бір уыс, мына балалар бір-бір уыстан ала берейік, сонда мына қырманда не қалады?
Бір сәтке әйелдер «рас-ау» дегендей шеттерінен қызара ұялып, жер шұқыласып үндемей қалды. Қызынып алған өкіл езінің пысы әйелдерді әбден басқанын сезіп, енді тіпті еліре сөйлеп, тепсінген айқайға басты. «Сізді» қойып, бәріне «сен» деп ұрсып сөйлеуге көшті.
— Бұларың қылмыс! Күйеулеріңнің, бауырларыңның алдында қылмыс! Отан алдында қылмыс! Бәріңе ескертерім: ендігі жерде кімде-кім осы менің айтқанымды түсінгісі келмей, тағы да ұрлық жасар болса, жақсылық күтпесін! Ол адам біздің жеңісімізге қарсы болғаны онда. Ол адамды қас дұшпанымыз, жауымыз деп білеміз. Бүкіл совет халқының жауы дейміз. Ондайға қатаң шара қолданылады. Жауапқа тартылып, сотталады! Ұқтыңдар ма?
— Ұқтық.
— Ұқпайтын несі бар.
— Өкіл жолдас, бірдеңе сұрауға бола ма?
— Иә, сұра.
— Бала-шағаны қайтеміз сонда. Оларды да өлтірмеуіміз керек қой.
— Сіз ондай кері кетіретін сөзіңізді қойыңыз. Бала-шаға ауылда жүріп аштан өлмейді.
— Не жейді сонда олар?
— Не жесе о жесін... Ал жиналыс осымен бітті. Енді жұмысқа кірісіңдер. Бүгін ұрлық жасағандарың үшін ешқайсың түскі шайға үйге қайтпайсыңдар. Жұмыс істеп жаза тартасыңдар бәрің де!
Әйелдер қабақтары салбырап тым-тырыс орындарынан көтерілді, кезерген еріндерін жалап қойып, әркім өз жұмысына кірісті. Ләм деп ешқайсысы қарсылық білдірген жоқ.
— Әй, осы біз үзіліс жасап түскі тамақ ішпеуші ме ек, — деді бидай шарлап жүрген Көлбай керең белін жазып. Бағанадан бергі өкілдің сөзін ол шала-шарпы естіп онша түсінбеген сияқты.
— Қатындардың кінәсінен үзіліс жасамайтын боп жаза тарттық емес пе, — деді Байдалы шал күңкілдеп.
— Не?
— Қатындардың кінәсінен тамақ ішпейсіз! — деді Әжібек оның құлағына айқайлап.
— Оны кім айтады?
— Өкіл айтты.
— Немене, өкіл бітеу ме екен? Ол бітеу болса да біз бітеу емеспіз.
— Оны өзіне айтыңыз.
— Айтсам немене, менің басымды ала ма? Жә, сөйлемесін. Балалар, түсіңдер аттан, бидай көже ішелік. Әй Дүрия! Әй қатын, көже бер маған!
Әйелдермен бірге астық ұшырып жүрген Дүрия жалтақтап өкілге қарағыштап келе қоймаған.
— Мынау әкеңнің аузы... келе ме-ей, жоқ па! — деді Көлбай керең ақырып.
— Анау арада тұр ғой, өзің құйып ішсеңші, — деген Дүрия.
Көлбай керең естіген жоқ.
— Өзіңіз құйып іш, анау арада тұр дейді, — деді Әжібек айқайлап түсіндіріп.
— Әй, маған қатын не үшін керек сонда, көже құйып бермегенде. Жүр тез! Саған өкіл бай емес, мына мен бай ғой. О несі-ей! Ол анау байы жоқ қатындарға қожаңдасын.
Дүрия тағы да жалтақтап өкілге қарай берген. Өкіл ештеңе естімеген адамша теріс айналып кетті. Дүрия жұмысын тастап бері қарай жүрді. Киім-кешектің арасына орап қойған торсықтағы кежені алды. Біз балалар да аттан секіріп-секіріп түсе қап, Көлбай кереңді қоршай отырдық. Байдалы шал ғана бүгжеңдеп жұмысын істей берді. Көже ішкісі келіп-ақ тұр, бірақ өкілден батып келе алмайды.
— Қанша дегенмен баяғы заманда байдың құйыршығы боп қорқақтап қалған адам емес пе, өкіл десе зәр-иманы қалмайды, — деді Әжібек.- Міне, тақыр кедей Көлекең ғой, жан алғыш әзірейілің келсе де қорықпайды, тек Ырысбектен болмаса, — деді соңғы сөздерін оған естіртпей сөйлеп. Не дейсің дегендей Көлбай керең бетіне қараған.
— Көлекең мықты ғой деймін, шындаса сапы қанжармен өкілдің қарнын аяғына бір-ақ түсірер деймін! — деді Әжібек айқайлап сөйлеп. Көлбай керең мәз боп күлді де, оның құлағынан тартып қойды.
— Жәйрағыр, қағытпай отыр, — деді Дүрия да. Көже бермей қоя ма деп зәресі ұшқан Әжібек безек қақты.
— Қағытып отырғам жоқ, әпкетай-ай, құдай ақы шын сөзім. Олла-билла, көгермейін, көктемейін, жалшымайын, оңбайын, қызығымды көрмейін, опа таппайын, несібемді ит жесін, иманымнан жұрдай болайын... — деп ант-су ішіп шұбырта жөнелді. Дүрия еріксіз күліп жіберген.
— Жә, сонша қарғанып-сіленіп не болды. Мә, ішші, — деді, Көлбайдан босаған тостағанға көже құйып.
Әжібек дем алмастан тостағанды басына бір-ақ көтерді де:
— Уһ! — деді рақаттанып. Қампиып кеткен өз қарнын өзі шертіп қойды. — Осы Дүрия әпкемнің көжесі бал, тура.
Дүрия жымия күлді. Ырысбектен ажырасқалы жақыннан кергеніміз осы еді, жүдеп, қартайып кеткен тәрізді. Көзінің төңірегінен, ұртының үстінен ұсақ әжімдер түсіпті. Өзін Көлбай керең ұрады екен дегенді де естігеміз. Әрқайсымыздың көже жұтқанымызға қарап, шыт-шыт жарылған еріндерін жалап қояды.
Қасымызға өкіл келді.
— Жеңгей, көжеңізден қалды ма? — деді.
Дүрия үн-түнсіз торсықты шайқай түсіп, бидайын қоюырақ қып оған да құйды.
— Бәсе, өкілің де бітеу емес екен ғой, — деді Көлбай керең. — Әй, Байеке, жүр енді, сен де!
Байдалы шал да кеп шеттен тізе бүкті.
— Ата, сізге көже ішуге болмайды, — деді Әжібек Байдалы шалмен ойнайтын белгілі қалжағына басып.
— Е, неге?
— Өткені, осы қырманның ұрлық бидайынан жасалынған көже. Ұрлық көжені ішсеңіз өлгенде күнәға батасыз.
— Әй, шақша бас-ай, осы сенен көргенім бе!.. — деп Байдалы шал ұмтыла берген. Әжібек зытып қашып былай шықты. Өзі сықылықтап күліп жүр. Біз де күлдік. Дүрия жымыңдап жүзін көлегейлей берді. Өкіл ғана күлген жоқ, көзін алартып Әжібекке қарады.
Сөйтіп, біз Көлбай кереңнің арқасында түскі демалыс жасап, көже ішіп рақаттанып қалдық. Ал әйелдер бел жазған жоқ.
Кешкісін апам үйге бір сәтке ғана ыстық шай — тұз салған ақ су ішіп шығу үшін ғана келген. Бел орағышын шешіп жылы пешке арқасын сүйеп отырғаны сол еді, бет-аузы қатпар-қатпар боп әжімденіп, көзі шүңірейіп жұмылып кетті. Со отырған күйінде басы бір жағына қисайып қор ете түскен.
— Сорлы-ай, соры қайнаған сорлы...— деп әжем аяныш білдіріп, дастарқан әзірлеуге кірісті.
Апам со басы қисайған күйінде тәтті қорылдап отыр. Тіпті менің өзіме де осы сәтте апам кіп-кішкентай бір аянышты жан боп көрінді. Әжем ғұсап мен де оны: «Әй, соры қайнаған сорлы...» — дей жаздап барып қалдым. Аянышты-ақ еді, апамның кейпі.
Әжем дастарқанды әзірлеп қойып, кішкене мызғып алсыншы деп мазаламады, бізге де дымдарыңды шығармаңдар дегендей қабағын түйіп қойды. Өстіп бір тәтті тыныштықта ұйып отырғанымызда, дүсірлете желіп келген ат терезенің түбіне тоқтай қалды. Қамшының сабы терезені тық-тық еткізді де:
— Бригадир қайда? Шықсын тез! — деді айқайлап. Шолақ қол өкілдің даусы.
Селк етіп оянған апам, үсті-басын жүре түзеп сыртқа шықты. Мен қалам ба, ілесе тұрдым соңынан.
Елең-алаңда адамды басып кетердей боп ат үстінде ойқастатып кеп тұрған өкілдің түсін анықтап көре алмадым, бірақ суық екені даусынан білінеді.
— Жүріңіз, мен ұры ұстадым! — деді. Өзі атының басын Нұрсұлудың үйіне қарай бұрды, апам екеуміз ілесе жүрдік.
Нұрсұлу есігінің алдында тұр екен. Жаңа ғана көтеріп келген қурайы ақтарылып, шашылып жатыр.
— Әне! — деді өкіл қамшысымен қурайды нұсқап. — Кемінде он келі астық.
Енді байқадым, қурайдың арасы толы бидайдың қырқылған масағы екен.
— Қолыңызға алып ұстап қараңыз, үгіп қараңыз, — деді өкіл.
— Көріп тұрмын ғой, — деді апам. Онан соң Нұрсұлуға бұрылып: — Әй, саған не қара көрінді? — деді зілді үнмен.
— Түнеугүнгі шөп машинамен шабылған күздіктің тұсынан өтіп бара жатып, шашылып жатқан масақты көрген соң шыдай алмай теріп ала қойып ем.
— Қазір масақты теруге де, алуға да болмайтынын білмейсің бе? — деді апам тары да бастырмалап.
Нұрсұлу жерге қарады.
— Босқа далада қалғанша деп...— дей берді міңгірлеп.
— Далада қалса да теруге болмайды дедік қой. Қашан астықты тегіс жинап бітіп, ал енді болдық дейміз, сонда ғана масақ теруге рұқсат демедік пе.
— Білем... балаларға ертеңге үйде ныспы түк жоқ еді, жұмысқа кетерде соларға қуырып беріп кетсем деп ем...
— Жә, Нұрсұлу, мұның жарамайды.
Апам соңғы сөзін жұмсақ айтса да, қатты кінәлай айтты. Нұрсұлу қипақтап:
— Қайтем енді?.. Қырманға апарайын ба? — деген лажы таусылғандай.
— Ендігәрі терме масақты. Балаларыңа осы біразға жетер, — деді апам, оның сөзіне тікелей жауап бермей, онан соң ат үстінде тұрған өкілге бұрылып: — Өкіл жолдас, екеуміздің алдымызда ендігәрі мұндайды қайталамаймын деп уәде етсін. Солай ма?
— Сіз неғыл деп мәймеңкөлетіп тұрсыз?! — деді өкіл шарт кетіп. — Өйтіп жуып-шаятын түк те жоқ. Қазір дереу акт жасаңыз!
— Қателескен шығар, жас балалары үшін бір жолға кешірейік, — деді апам.
— Сіз немене, акт жасағыңыз келмей тұр ма?! Астықты жұрт өстіп ұрлай берсін демексіз ғой.
— Ұрлай берсін демеймін.
— Ендеше, неге акт жасағыңыз келмейді? Қазір қағаз, қарындаш алыңыз да жазыңыз.
— Әй, Нұрсұлу-ай, сені ме... — дей берген, ренжи сөйлеген апам. — Сен бүйткенде басқа не істемейді.
— Сіз неғыл деп мыңқылдап тұрсыз. Мә, ұстаңыз, жазыңыз! — деді өкіл ат үстінен қағаз, қарындаш ұсынып. — Қиқаңдасып тұратын уақытым жоқ. Кәне, жазыңыз!
Енді апам да даусын көтере сөйледі.
— Шырағым, қызметің үлкен болса да өзің жас адамсың. Неге мұнша қадала сөйлейсің. Бүйтіп қит еткенге акт жасай берсек, әйелдердің бәрін қаматып тастап жұмысты кімге істетеміз. Бәрінің бала-шағасы бар, күн демей, түн демей жұмыста жүреді, алып жатқан бір түйір еңбектері және жоқ. Сонда бұлар өстімегенде қайтіп күн көреді. Немене, аштан қатсын демекпіз бе?
— Ә-ә. Сіздің де көмейіңіз белгілі екен. Коммунист бола тұра айтып тұрған сөзіңіз осы болғаны ғой. Өстіп колхоздың астығын талан-таражға салып, шетінен ұрлай берсін дейсіз ғой.
— Иә, мен коммунист болып айтып тұрмын бұ сөзді. Бала-шағаны аштан қырыңдар деген нұсқау және жоқ. Бәрімізде де бала бар. Мына менің де балаларым бар, өстіп уыстап, жырмыштап әкеліп асырап отырмын, өйтпесем ертең бәрі ашығады.
— Сізбен басқа жерде сөйлеседі екеміз әлі, — деді өкіл тістеніп.
— Қай жерде сөйлессек те айтатыным осы.
Осы тұста Нұрсұлу:
— Қойшы, Бағила, сөзге кеп қайтесің, — деді.
Апам өкілдің сөздеріне күйініп кеткен болу керек, енді әуелгісінен мүлде керісінше, Нұрсұлуды жазғырып емес, ақтап сөйлей бастады.
— Жоға деймін-ау, енді біз өзіміздің маңдай терімізбен өсірген астықтың жерде шашылып қалған масағын өстіп жырмыштап теріп алмасақ, немен күн көреміз.
— Мен сізге айттым ғой, басқа жерде сөйлесеміз деп, болды енді. Аулақ тұрыңыз! — деді өкіл апама жекіріп, онан соң атын бастырмалатып кеп Нұрсұлуға: — Қурайыңызды көтеріп алып жүріңіз, — деп бұйырды.
Нұрсұлу барып қурайын қайта орап, байлап, иығына салды.
— Қайда апарасың? Таста! — деген апам оған ұрса сөйлеп.
— Қойшы, Бағила, мына өкіл жігіттің қыбы бір қансын, — деді енді Нұрсұлу да қитыға қайсарланып. — Неміске берген қолының өтеуін, мына жесір қатын біздерден алайын деген шығар. Ал қайда апар дейсіз, тақсыр?
— Өйтіп қағытпаңыз. Қағытатын адамыңыз мен емес.
— Қайда апар дейсіз енді?
— Кеңсеге алып жүріңіз!
Өкіл Нұрсұлуды қурайын көтертіп алдына сап кеңсеге айдап апарды да, қурайымен қосып соның ішіне қамап қойды. Сыртынан үлкен құлып салды.
— Мұныңыз қалай, бірден бүйтіп қамауға қақыңыз жоқ қой, — деген апам.
— Ұрлық жасаған адамды бос жібере алмаймын, — деді өкіл.
— Қайдағы ұрлық, шырағым-оу? — деді апам оған жалынғандай үнмен.
— Мен сізбен басқа жерде сөйлесем дедім ғой, қазір аулақ жүріңіз! — деді өкіл кесімді түрде.
Лаж жоқ, апам екеуміз үйге қайттық.
— Жарайды енді, не істер дейсің, біраз қорқытар да қояр, — деді апам жол бойы өзін-өзі жұбатқандай.
Бірақ өкіл жай ғана қорқытып қоймапты, шындап кірісіпті. Ауданға хабарлап ертеңіне милиция алғызыпты, акт жасатып, күндіз біз жұмыста жүргенде Нұрсұлуды айдатып та жіберіпті. Нұғыман ара түсіп алып қалмақ болған екен, өкіл де, милиция да: «Ең болмаса, бір адамды өстіп жауапқа тартып, басқаларға сабақ қылмаса болмайды. Ертең жұрт астықты ашықтан ашық ұрлай бастайды», — деп екеуі екі жақтап ерік бермепті. Тіпті әрі-беріден кейін Нұғыманның өзін де кінәлаған көрінеді. «Босаңдық істейсің, талан-таражға жол бересің!» — деп.
Нұрсұлудың екі баласы мен кәрі шешесі зар еңіреп көп жерге дейін артынан ілесіп барыпты да, ақыры бірін-бірі құшақтап жер бауырлап қала беріпті.
Осы күндердің бірінде апам мен Нұғыманның өзара сөйлескен бір сөздерінің куәсі болдым.
— Бұ қалай, Нұғыман-ау, соғыс болса мынау күннен-күнге арқаға аяздай батып қыса түсуде. Қолда бардың бәрін қыс демей, жаз демей жөнелтіп жатырмыз, қымтып қалған, жасырып қалған ештеңеміз жоқ. Мынау қызыл қырманның үстінде ұртымыз толып ас жеп жүрген ешкім жоқ. Артық түйір тамағымыздан өтпейді. Бәрін майданға жөнелтсек екен дейміз, атың өшкір жауды тезірек жеңсек екеміз дейміз. Жатсақ-тұрсақ ойлайтынымыз сол. Ал сөйтіп отырып айдалатындай жазығымыз не біздің?.. Біз деп отырғаным, Нұрсұлу кім, мен кім, басқа әйелдер кімдер? Бірімізден-бірімізді еш айырмамыз жоқ. Бәріміздің жұтып отырған уымыз да бір, қайғы-қасіретіміз, тілегіміз де бір... Ендеше біздің бірен-саран абайсыз кеткен жеріміз болса неге кешірмеске.
Нұғыман бірден жауап берген жоқ, ойланып отырып қалды да біраздан соң:
— Кешеден бері ойлай-ойлай менің де басым қатты, Нұрсұлуға ара түсудің бар жолдарын ойластырып көрдім. Сөйтсем қиын екен, еш амалы жоқ екен. Ұрлығымен қолға түскен соң, оны құтқару еш мүмкін емес. Уақыт болса мынадай, ауыр... — деді.
— Оныкі ұрлық емес қой, шашылып жатқан масақты ғана жинап алды.
— Қазіргі уақытта масақты жинау да ұрлық. Бір түйір дән жерге түспесін, ысырап болмасын дейміз. Сол үшін күресіп отырмыз. Сөйтеміз де астығы орылып алынған жерде шашылып қалған масақ бар, соны терген еді деп, ақтау айтқымыз келеді, ал ертеңгі күні сол сөздің өзі үлкен әңгімеге айналса не демекпіз. Онда кім жауап беруі тиіс заң алдында? Осы жағын ойландыңыз ба?
— Ойланатын несі бар. Егіні орылып кеткен жерлерде қаншама астықтың ысырап боп шашылып жатқаны рас қой. Оны неге мойындамаймыз?! Көреген өкіл соны неге көрмейді?!.
— Мақұл көрді делік. Сол үшін біреу жауапқа тартылуы керек қой.
— Кінәлі адам тартылсын жауапқа, тартсын жазасын.
— Онда қайсысымыз кінәліміз? Сіз бе, әлде мен бе?
— Сіз де, мен де кінәлі емеспіз.
— Бәлкім, онда анау машиналарды айдап жүрген жасөспірім балалар кінәлі шығар?
— Олар да кінәлі емес. Қайта олардың сөйтіп істеп жүргендеріне рақмет айту керек.
— Сонда кім кінәлі? Кәне, айтыңызшы, жазаға кімді тартайық?
Апам үндемей қалды.
— Сөйтіп, Нұрсұлуды айдатып жіберіп қойып отырмақпыз ба? — деді ақырында.
— Қолдан келер дәрмен жоқ.
— Оны соттай ма?
— Соттайтын шығар.
— Онда мені де соттасын, анау басқа әйелдерді де соттасын. Топырақ жеп отырған жоқ, біздің балаларымыз да осы астықтан жеп отыр. Еңбекке ешкімге түйір астық бергеміз жоқ, бірақ жұрт қалай алса, олай алсын, бәрібір осы астықтан ұрлап ішіп отыр ғой. Ендеше бәріміз де жауапқа тартылуымыз керек.
— Әй, Бағила-ай, айтасың-ау... Жә, бос сөзді қоялық.
— Неге бос сөз? Апыр-ау, неге бос сөз бұл?! — деп апам айқайлап жіберді. — Нұрсұлу сотталады екен де, оның артында екі кішкентай баласы мен кәрі шешесі еш панасыз жылап-еңіреп қалады екен. Ертең олар аштан өлсе қайтеміз? Оған кім кінәлі болмақ?!
— Білмеймін. Басым қатты әбден.
— Сен бастықсың, ауданға бар, сөйлес аудан басшыларымен.
— Не деп? Ұрлық істеген адамды босат деп пе?
— Құдай-ау, ұрлық емес қой!.. Шашылып қалған масақты терді ғой.
— Өйтіп айтуға болмайтынын өзің де білесің ғой.
— Айтуға болады, неге болмасын. Айт! Шашылып жатқан масақтарды айт, өкілдің соны көрмей жүргенін айт. Соттаса бүкіл аулымызды тегіс соттасын. Барлығымыз да ұрлық жасап отырмыз. Жалғыз Нұрсұлуды байлап беріп, көгермей-ақ қоялық. Менің кесімім осы. Егер айта алмаймын десең мені жібер ауданға. Мен айтайын.
Нұғыман тағы да ойланып отырып қалды.
— Мен ертең жүрем ауданға, — деді әлден уақытта.
Бұл түні апам қырманға барған жоқ. Қызыл іңірден төсегін салды да басын тас қып орап байлап ап, ауырған адамдай аһылап-уһілеп төңбекшіп жатты да қойды. Мен де көпке дейін ұйықтай алмадым. Шынында да апам дұрыс айтады, бүкіл ауыл топырақ жеп жатқан жоқ қой, қай үйге барсаң да қуырған бидай, талқан, кейі нан жеп отыр. Олар қайдан алды, сонда? Әрине, колхоздың астығынан. Бірақ кім қалай алып жүр, ол жағы белгісіз. Мәселен біздің үйде күнделікті жейтін астықты қайдан, кім әкеледі? Апамның да, Нәзира әпкемнің де қалталарын, яки шөлкилерін қағып жатқанын көрген емеспін. Бірақ күнделікті ішім-жем әкеп тұратындары анық. Әйтпесе біз баяғыда аштан қатар едік қой. Демек біздің үй де ұрлайды астықты. Олай болса апам айтқандай бүкіл ауылды соттау керек қой. Бір сәтке бүкіл ауылдың сотталғанын, бүкіл ауылды милиция кеп айдап апарып қамап қойғанын көз алдыма елестетіп көргем, арқам мұздап кетті. Тіпті қорқынышты екен. Онан да со бір адамды соттағандары дұрыс та. Тек Нұрсұлудың кәрі шешесі мен екі баласына обал. Әлгінде кешкісін есіктерінің алдында сүмірейіп тұрған балаларын көргенімде жаным қатты ашыды. Көздері жаутаң-жаутаң етіп аянышты-ақ...
Апам аунап түсті: «У-уһ...» деп күрсінді.
Нұғыман ауданға таң қылаң бере аттанып кеткен екен, ертеңіне күн еңкейген кезде қайтып оралды. Үйіне де соқпастан бірден тура қырман басына келді. Өңі қу шүберектей боп-боз, адам шошырлық еді. Көз жанары бұлыңғыр күзгі аспан сияқты кіртиіп мүлде жансыз қарайды, көкшіл ме, қоңыр ма, сарғыш па — айырып болмайды. Аттан түскен бойда сабанға шалқалап құлай беріп көзін жұмды. Сөйтті де көпке дейін сұлық түсіп жатты да қойды.
Апам қасына отырып сусын ұсынған, Нұғыман сонда ғана көзін ашып, өзін қаумажаулап, Нұрсұлудың бір хабарын білгісі кеп телміре қалған жұртқа басын шайқады.
— Болмады. Босатпады, ісін сотқа беріп қойыпты, — деді.
Мұнан әрі ол ештеңе деген жоқ, жұрт та қазбалап ештеңе сұрамады. Нұғыман мен апам екеуі жеке қалған.
— Ұрлық емес екенін, шашылып қалған масақты ғана теріп алғанын түсіндіріп айттың ба? — деп сұрады апам.
— Жоқ.
— Неге?!
— Айта алмадым. Оны айтқан күнде лобогрейка мен шөп машинасында жүрген жасөспірім балалар жауапқа тартылады екен. Мына көрші колхозда сондай екі баланы отырғызып қойыпты... Өзің айтшы, өйтіп жауапқа тартқызатындай жас балалардың жазығы не?.. Оларды соттатуға дәтім бармайды.
Апам сағы сынғандай тұнжырап, қабағы кіртиіп, бет-аузының әжімдері көбейіп мүлде аянышты боп кетті.
— Әйтеуір, қалай болған күнде де біреу отыру керек десеңші. Біреуді құрбан ғып шетке шығару керек екен ғой.
— Иә.
— О-о!..
Со күні кешке қарай қатты жел тұрып, көзді аштырмайтын топырақ боран соқты. Жер мен көк әлемтапырық ұйтқыған шаң боп кетті. Жұмыс тоқтатылып, жұрт қолдарына түскен киіз-алаша, киім-кешектерімен қырмандағы астықты жауып, үлкен әбігерге түсті.
Дауылдың арты жаңбырға айналды.
— Қазанның қара дауылы деген осы. Ал енді астықты тез орып алмасақ күннің райы осыдан осылай бұзыла бастайды, — деді Байдалы шал.
Байдалы шалдың «қазаны» ескіше октябрь айының алғашқы күндері еді.
Үш малатас пен бір молотилка тоқтаусыз жүрген соң шыдатсын ба, қырмандағы маяланған астық бірер жетінің ішінде тегіс бастырылып бітті. Шөп машина мен лобогрейка бізге күнделікті бастыруға астық бауын шауып үлгіре алмайтын болды, арбамен, сүйреткімен келгенін со келген сәтінде бастырып тастаймыз да аттарды доғарып қойып, қарап отырамыз. Біз тоқтаған сайын шолақ қол өкілдің түсі түнере түседі.
— Мыналарды неге тоқтаттыңыз?! — деп Байдалы шалға кеп шүйлігеді.
— Мен қайтейін... — дейді Байдалы шал есі шыға абыржып.
— Осы қырманның басшысы сіз емессіз бе?! Қайтсеңіз де жүргізіңіз!
— Апыр-ай ә, енді қайттім. Әй, осы қырманға басшы боп абырой алмаспын деп-ақ ем, айтқаным келді. Әлгі біргәдір қайда екен? Әй Қанат, атыңа міне сап, шауып барып апаңды шақырып келші. Комбайн жақта жүрген шығар...
Мен торы атқа міне сап, апамды шақырып келуге шаба жөнелдім. Бір жағына қарап ұрттай түсіп торы ат түзу шаба алмайды, мен де ат үстінде түзу отыруды ұмытып қалған сияқтымын, бір жағыма қарай қисая берем. Екі белді асқан соң тоқтап тұрған комбайнның үстінен шықтым.
Тракторшы Есенбай мен комбайншы Иван екеуі үсті-бастары, бет-ауыздары май мен топыраққа баттасып қап-қара ала боп, бірдеңелерді тықылдатып жөндеп отыр. Екеуі де өзіміздің ауылдың адамы, тек МТС-қа механизатор боп кеткен. Есенбай жасы елуден асқан, екі ұртының үстінен жалбырап тұратын сабалақ мұрты бар, өзі көмірдей қара кісі. Трактор жүргізуді былтыр оқып, үйренді. Ал Иван болса көзі тұздай көкпеңбек, бұйраланған сары шашы шаң-топырақ, маймен сірескен, өзі күлкішіл жасөспірім бала жігіт, менің Нәзира әпкемнен бірер жасы кіші, комбайнның оқуын ол да былтыр бітірген. МТС біздің ауылға көктем болса жер жыртуға, күз болса астық жинауға ылғи осы екеуін жібереді. Әуелгі күндерде еш тоқтаусыз, тәп-тәуір-ақ жүреді де, бір аптадан кейін екеуінің «шұқыну дерті» басталады. Комбайн яки трактор бұзылады, оны екеуі екі жақтап ұзақты күн отырып жөндейді. Кешкісін бір айналып тағы бұзылады, екеуі шамның жарығында түні бойы отырып жөндейді. Ертеңіне таңертең комбайн бір айналады да тағы тоқтайды... Біресе анау бөлшегі, біресе мынау бөлшегі жоқ деп күндіз-түні мықшыңдап, қашан орақ аяқталғанша комбайн жөндеуден көз ашпайды. Біздің Мұқан ағайдың екеуіне арнап шығарған өлеңі де бар.
Есенбай мен Иван
Астарында комбайн
Болат темірден құйған,
Жарты гектар егінді,
Апта бойы жиған.
«Шұқыну дертке» шалдығып,
Сауықпай-ақ қойған...
Өлең өте ұзақ, өстіп шұбыртып кете береді.
Міне, осы Есенбай мен Иванның комбайнды ақтарып тастап, тықылдатып жөндеп отырған үстерінен шыққам.
— Әй, мынаның астына мінген аты қисық па, әлде өзі қисық па? — деді Иван анадайдан ақсия күліп. Басын көтерген Есенбай да менің далбақтаған түріме қарап күліп жіберді.
— Бұ баланың аты да, өзі де қисық екен, — деді мәз болып. — Иә, қисыққа мінген қиығым, жол болсын?
Комбайндарының тоқтап тұрғаны, бүкіл жұрттың сырттарынан мазақ етіп, Мұқан ағай шығарған өлеңді айтып екеуін мұқатып жүргені, мүлде ойларына келер емес сияқты. Тіпті мәз-мейрам. Қолдарына біреу түссе келеке, күлкі етіп, қалжақ қылу — бар ойлары. Мен апамды іздеп жүргенімді айтқам.
— Ә, апаң ба? Апаң — балқан таудың басында, балдыр қоян қасында, қырғауыл қуып кезіп жүр, қырғауыл одан безіп жүр... — деп Есенбай балғасын тықылдата отырып тақпақтай жөнелген, Иван оның сөзін екі дегізген жоқ, іліп әкетті:
— Қырғауыл жүні қызыл екен, құйрық жүні ұзын екен. Ал сенің апаң темір мылтық асынып, дұшпандарын басынып, қырғауылды көздеп атып, көздегенде көзден атып, Манар менен Карл дейтін пақырларды желкелерінен езіп жүр...
Екеуінің сөздерінің соңын тыңдамастан әрі қарай жүріп кеттім. Жұрт мұрындарынан шаншылып, күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылып жүргенде, бұл екеуінің жағасы жайлау, ойларында түк жоқ, іздегендері қалжақ. Тфу! Ыза боп келем.
Апам Манардың лобогрейкасының басында екен. Карл ұста мен Манар екеуі лобогрейканы енді ғана жөндеп болып қолдарын сабанға сүртіп тұр да, апам екеуіне ат үстінен төніп кеп ұрсып тұр. Қамшысын үйіріп, екеуін де осып-осып жіберердей түйіледі.
— Әдіре қалғырлар, жүргізетін болсаңдар дұрыстап жүргізіңдер де, әйтпесе, көзге шыққан сүйелдей болмай құртыңдар көздеріңді!.. Табандарыңды тіліп, екеуіңді де ФЗО-ға жібертейін бе осы! Сомадай болып, қит етсе есіл-дерттерің ойын. Ойындарың осылғырлар!.. Бол тез, сүртіншектенбей, отыр машинаңа! Ертеден бері үш-ақ айналдыңдар, осы алақандай жерді.
— Бұзылып қалды ғой, — деді Манар міңгірлеп. Ылғи күлімсіреп тұратын, ашулану дегенді білмейтін момын мінезді болатын. Әлгіндегі комбайншы Иван, мына ұста Карл үшеуі бір класта оқыған түйдей жасты балалар еді.
— Әдейі бұзасыңдар. Кейбір керекті бөлшектерін бұрап өздеріңе аласыңдар да, бұзылып қалды деп қарап отырасыңдар. Бәлем тұра тұрыңдар, екеуіңді мен әлі тергеуге алғызам. Қораларына колхоздың машиналарының саймандарын ұрлап тығып, екеуіңнің не істеп жүргендеріңді бір тексертем, түбі.
— Олардың бәрі жарамсыз, ескі саймандар ғой, тәтетай-ау.
— Жап аузыңды! Осы тұрған жерлеріңде мына қамшының сабы сынғанша пәре-пәрелеріңді шығарайын ба! Бүгін қай жері сынды кәне?!
— Косогон шақ келмейді. Ылғи сынып кете береді.
— Әдейі сындырсаң қайдан шақ келсін. Айтам ғой, қаскүнемсіңдер екеуің де. Ол неге сына береді, әйтпесе?
Манар үндеген жоқ, ендігі жауапты Карл ұста қайырды. Ап-арық, даусы шіңкілдеген, өзі тұтықпа болатын, немістердің ішінде қазақ тілін тез үйреніп, етене боп кеткен еді.
— Ж-ж-жақсы ағаш к-керек, м-м-мына ағаш ж-жаман, — деді қолдан жасалған косогонды нұсқап.
— Несі жаман?
— Қ-қатты емес, т-тез сы-сы-сынып...
— Қайтсеңдер де бүгін осы араны шауып бітіріңдер! Өздерің косоғон болыңдар! Егер бітірмесеңдер менен жақсылық күтпеңдер! Онда ертең анау кораларыңдағы саймандарыңды тегіс ұстаға алғызып, өздеріңді қаматам! — деді апам қатты ескертіп. — Әй, Карл, сен бүгінде осы лобогрейканың басында бол. Түнде болса да шабасыңдар. Ұқтыңдар ма?!
— Ж-жа-жарайды.
Апам атының басын бұрып кетті. Мен соңынан ергем. Кетіп бара жатқанымда Манар маған күлімсірей қарап көзін қысты да Карл сыбырлап:
— Қ-қанат, анау дөңгелек әлі бар ма? — деп сұрады. Мен басымды изедім.
Манар мен Карлдың әдеті — бүкіл ауылдағы көздеріне түскен темір-терсекті жинайды. Өздеріне керектіні де, керексізді де жинай береді. Бір жылдан бері екеуі машина құрастырып, жасап жүр. Кәдімгідей от алып жүретін, төрт дөңгелегі бар автомобиль машина жасаймыз деп бөседі өздері. Түнеукүні Карл біздің үйдің қорасынан мотоциклдің ескі бір дөңгелегін көріп, жат та кеп жалынып сұраған болатын, сол дөңгелектің маған тіпті түкке керегі жоқ болса да мен өзімнен-өзім қитығып бермей қойғам. Қазір де сұрап тұрғаны сол.
— Әй, Қанат, жүр! — деді апам.
Мен мұнан әрі қарайламастан шаба жөнелдім. «Әлі ол дөңгелек үшін екеуіңді талай жалындырармын,» — деп қойдым ішімнен.
Манар мен Карлдың достығы біздің ауылда аңызға айналған. Араларынан қыл өтпейді екен десетін. Екеуінің қалай танысқандарын бір рет естігенім бар. Немістер келген кезде, оларды көшіріп әкелуге, станцияға біздің ауылдан барған арбаның бірін Манар айдап барады. Біздің Манар жұқалтаң өңді, сүйкімді, қыз мінезді бала ғой, ал осыдан үш жыл бұрын тіпті кішкентай кезі. Өзіне бір қараған бала үйіріліп, дос болғысы кеп тұратын, ерекше бір қасиеті бар бойында. Міне, сол Манар үлкен адам сияқты бір арбаның иесі бір өзі боп тұрғанда, қасына өзі құралпы бір немістің баласы келеді. Екеуі сөйлеседі, бірақ бірінің тіліне бірі түсінбейді, сонда да бірін-бірі түсінген адамдардай-ақ күліседі, қол алысады. Бірі: «Карл» — деп, екіншісі: «Манар», — деп өздерінің аттарын атайды.
Содан екеуі айырылмайды. Карлдың жалғыз кәрі шешесі бар екен, басқа колхозға кетпек боп тұрған жерінен екеулеп жүріп, Манардың арбасына ауыстырып отырғызады. Сөйтіп, ауылға келісімен Карл мен шешесі даярлап қойған басқа үйге бұрылмастан, тура Манарлардың қарсы үйлеріне барып кірді. Манардың да жалғыз кәрі шешесі бар болатын. Балалары тату-тәтті дос болғаннан кейін екі кемпір де бір-бірінің тілін ұқпаса да ыммен сөйлесіп, жақсы көрші боп кетті.
Манар мен Карл екеуінің түрлерінде де, жүріс-тұрыс мінездерінде де бір ұқсастық бар. Екеуі де күліп тұрады, басқа өздері қатарлы балалар сияқты көшеге шығып дарақтап жүргендерін бір көрмейсің, ылғи шұқылап бірдеңе істеп жүргендері. Өткен қыста Ахат ұста соғысқа кеткеннен кейін колхоздың ұста дүкені екі айдай жабық тұрды. Ақыры бір күні шөп тартып жүрген бір шананың шен темірі босап, соны жөндеу үшін сол кездегі бригадир Байдалы шал дүкеннің аузын ашқан. Екі-үш шал көрікті қыздырып, енді темірді қалай пісіріп, қалай соғарларын білмей бір-біріне: «олай ет, бұлай ет», — десіп керілдесіп тұрғандарында, үстеріне Карл мен Манар келеді. Карл үн-түнсіз кеп қызған темірді төске салып тарсылдатып соға бастайды. Қолы тіпті икемді, балға соғысы нық. Шен темірді әп-әдемі етіп тартып, әп-сәтте шегелейді де береді. Мәз болып қуанып кеткен Байдалы шал дереу сол арада Карлды ұста етіп тағайындайды. Карлдың ұста болу тарихы осылай.
Апам маған ренжіп ұрысқанда ылғи осы екеуін кесе көлденең тартып мақтайтын. Екеуі де еңбек сүйгіш, талаптары таудай, өнегелі жақсы балалар деп жер-көкке сыйғызбайтын. Маған: «солардан үлгі ал, солардай бол», — дейтін. Енді қазір апамның екеуіне сонша қатты ұрысқанына таңырқап келемін. Оның қалай деп апамнан сұрауға батпадым. Өйткені ашулы еді.
Қырманға келісімен, неше күннен бері тісін қайрап жүрген шолақ қол өкіл, ал кеп жан алқымға алды дейсің апамды. Дәл қазір табанда апамды айдатып жіберетін шығар деп зәрем кетті менің.
— Астық қайда? Неге орылмайды?
— Лобогрейка сынып қалыпты.
— Неге сынады?! Неге?!.. Немене, қаскүнемдік істегің келе ме?! Әдейі сындырып отырсың ғой!.. Жауапқа тартыласың! Сотқа берем мен сені!.. Қолмен ор, орақпен ор!.. Бүгін мына қырманда астықтың бауы болатын болсын!..
Егін орағының нашар жүріп жатқанына апам кінәлі болу керек, өйткені жайшылықта өзіне бұлай айқайлаған адам болса көкесін таныстырып жіберер еді, ал мына шолақ қол өкілге ләм деп үн қатқан жоқ. Өңі қара күрең тартып сазарып, тістенген күйінде атына мініп қайта кетті. Біраздан кейін арбаға, сүйреткіге тиелген астық баулары келе бастады қырманға.
Бұл күні біз қырманнан түнде қайттық. Қырманның басында-ақ қона салатын едік, бірақ түн суық екен, жалаң аяқ, жалаң бас күйімізде тісіміз-тісімізге тимей қалшылдап тоңып кеттік. Үйге апамның өзі әкеп салған. Бел орағышын шешіп, сәл-пәл тізе бүгіп, беліне бөтелкемен ыстық су қойып, есін жиғандай болған соң, бел орағышын қайта Тас қып оранып енді кетпек боп тұрғанында, салдырлап жүріп келген арба есік алдына тоқтай қалды.
— Тәте!.. Тәте!.. — аттандай дауыстаған Манар.
— Тағы не боп қалды?! Әй, оңбағандар-ай!.. — деп апам сыртқа шыққан. Сөйткенше болған жоқ. — А! Не дейді?! Ойбай, не дейсің?!. — деген үрейлі даусы естілді.
Үйдегі біздер де сыртқа ұмтылдық. Апам арбаға үңіліп:
— Қалай болды?.. Қалай? — дей берді.
Арба үстінде қинала ыңырсып біреу жатыр.
— Карл-ай, әй, Карл, айналайын...
— М-м...— деді ыңырси ыңыранған Карл. — М-мм... ма-ма-а...
Манар «у-у» деп қыстыға тістеніп жылап жіберді. Онан соң жылай тұрып қалай болғанын айтты. Әлгінде ымырт кезінде, қараңғылық әбден түсіп, көз байланғанға дейін тағы бір-екі айналым жүріп тастамақ болады, сөйтіп екі айналып, енді үшінші айналымның орта тұсына жеткен кезде, шалғы астынан біреу баж ете қалады, аттарды тоқтатқанша, едәуір сүйретіп тастайды. Секіріп түсіп қараса: Карл...
— Соның алдында ғана: «Мен сені қырман басында күтемін», деп, кетіп қалған болатын... Екеуміз түнделетіп Шымырбай шалдың үйіне қауын жеуге бармақ едік...— Мұнан әрі Манар сөйлей алмай тағы да өкіре жылады.
Әжем үйден алып шыққан шамның жарығында апам Карлды қарай бастаған: өне бойынан сау-тамтық жоқ, қан-қан, үстіндегі киімдеріне дейін тілім-тілім туралып кетіпті. Астына төселген сабан да шылқыған қан. Апам шыдай алмай теріс айналып кетті.
— Айналайын-ай... айналайын-ай... Дереу Қоңырға дәрігерге шабу керек, бұ күйінде мына түнде алып жүруге болмайды. Кім барады енді дәрігерге? — деді өзімен-өзі кеңескендей күңкілдеп.
— Жә, мен өзім барам да, — деді онан соң. — Тек мына баланы қазір үйіне апару керек... Байғұс-ай, шешесінің жүрегі жаман еді... Әже-ау, сіз мына көршідегі немістің кемпірлерін оятыңыз, соларды ертіп, қазір мына баланы үйіне апаралық. Шешесін шошытып алмау керек...
— М-м-м... ма-а...
— Шыда айналайын, қазір мен дәрігер алып келем... Әже-ау, барсаңызшы енді тез!..
— Барайын, барайын. Ой, сорлы-ай, маңдайының соры бес елі екен-ау... Ой, соры ашылмаған бейбақ-ай...
— Сен неғып тұрсың, дірдектеп?! — деді апам маған жалт бұрылып. — Кір үйге! Анау кішкене балалар шошымасын, солардың қасында бол!
Мен үйге кірдім. Есік алдындағы арбаның жүрісі біртіндеп ұзап кетті.
Әжемнің баурында ғана жатып ұйықтап үйренген інілерім: Болат пен Марат ұшып-ұшып тұрып, ал бақырып жыласын «әжелеп». Екеуін олай деп те жұбатам, бұлай деп те жұбатам, кәне қойсыншы, онан сайын өршеленіп, бірінен-бірі асырып бақырады. Олардың бақырған дауыстарынан қарындасым Жанар оянып кетті. Шошып ол жылай бастады. Не істерімді білмей дал болдым, тіпті әрі-беріден кейін соларға қосылып өзімнің де жылағым келді.
— Әне, қазір аш қасқыр келеді!.. — деймін. — Әне, терезеден аю қарап тұр!.. — деймін, бәрібір қоймайды. Терезеге жүгіріп бардым да, оларға байқатпай тық-тық еткізіп қаға бастадым.
— О кім, терезе қағып тұрған? — дедім, онан соң дәл сырттары біреумен сөйлескендей. — Бүбітай жындымын дейсің бе? Жоқ, ашпаймын есікті, әжем де, апам да жоқ үйде. Ашпаймын. Жылап жатқан біздің үйдің балалары емес. Мына Нұрсұлудың балалары ғой.
Інілерім де, қарындасым да жылағандарынан сап тыйылып, көздері бағжаңдап үрейленіп, маған қарай қапты.
— Бүбітай жынды кеп тұр ма? — деді ересегі Болат.
— Иә. Сендердің жылағандарыңды естіп кеп тұр.
— Қанат, біз жыламаймыз. Айтшы, кет деп. Біз жыламаймыз.
— Әй, жынды Бүбітай, кет аулақ! Біздің балалар жыламайды! — дедім мен айқайлап. Бір сәтке өзім ойлап тапқан өтіріктен өзім қорқып, қараңғы терезеге қарай беруге жүрегім дауаламай, інілерім мен қарындасымның қастарына келдім де, солардың көрпесінің шетін жамылып жата кеттім. Жалғыз жатуға қорықтым.
— Бағана күндіз жынды Бүбітай біздің үйге келген, Тоштан ұрып-ұрып алып кетті, — деді Болат тағы да.
— Қанат, бей қайап жатшы, — деді даусын шығаруға қорыққан Жанар сыбырлай қыңқылдап. Онан соң мені мойнымнан шап қысып құшақтап алды.
— Қанат аға, Болатқа айтшы, мені құшақтасын, — деді Марат та қыңқылдап.
— Болат, сен үлкенсің ғой, құшақтап жат Маратты...
Өстіп жатып ұйықтап қаппыз.
Бұл түн мен үшін өте қорқынышты түн болды. Тыншып ұйықтай алмай қайта-қайта шошып ояна бердім. Ылғи бір қорқынышты түстер көрем: біресе Ырысбек ауылдың барлық балаларын алдына салып ап, бәріңді де атамын, деп мылтығын кезеніп қуып жүреді, мен есіктің алдындағы жинаулы тезектің астына тығылып жатып ояндым; енді бірде Манар мен үсті-басы қан-қан Карл екеуі құшақтасып ап күліп отырады, бірін-бірі сүйіп қояды. Карлдың еттері ырсиып-ырсиып тілгіленіп,. қаны тамшылап тұр; тағы бір түсімде соғыс екен деймін, ылғи әскерлер сапқа тұрып, сарт-сұрт жүріп кетіп жатыр, тұманша қаптаған түтіннің ішіне кіреді де жоқ болады, соларға қарап тұрғанымда қолында жалаңдаған пышағы бар семіз адам екінші жақтан шыға келеді, көзі шатынап, мені сойып жемек боп қуып береді, мен жан дәрмен ышқына қашам, бірақ түк жүгіре алмаймын, «апалап» аттандаймын, әлгі адам әне ұстады, міне ұстады дегенше дәрменім құрып, жүрегім үзіліп отыра кетем... Шошып ояндым, жүрегім кеудеме сыймай дүрс-дүрс етіп дірілдеп кетіппін. Үйдің іші ала көлеңке, май шам сығырайып жанып тұр. Түннің қай мезгілі екені белгісіз. Әжем әлі жоқ. Кішкене балалар қаннен-қаперсіз пысылдап ұйықтап жатыр.
Неткен ұзақ түн. Тағы да ұйықтап кеткем, тағы да түс көрдім: ауылға ылғи бір ұры иттер қаптап кеткен екен деймін, баяғы Қарақаншық — Көкінайдың күшіктері шеттерінен ұры боп, тістерін ақситып ырылдап, жұртты үйді-үйіне қуып тығып жүр; мен де зәрем ұшып үйде тығылып тұрмын, терезенің алдында менің сыртқа шығуымды аңдып тісі сақылдап өзімнің қара күшігім тұр, мені қаппақ: «Құдай-ау, бұл бір пәле болды ғой, далаға шығып ойнаудан қалдық-ау», — деп зар еңіреп жылаймын...
Үй ішіндегі тықыр-тықыр жүрістен ояндым, шам сөндіріліпті, терезеден бозамық жарық түсіп тұр, әжем жайнамазын жайып, таңғы намазын оқығалы жүр екен.
— Әже, апам қайда?
— Апаң қырманға кетті. — Сорлы... соры қайнаған сорлы, бүгін тағы ұйықтаған жоқ.
Әжемнің даусында апама деген аяныш та, кейістік те, реніш те — бәрі-бәрі бар еді.
Ертеңіне түсте апам ыстық су ішу үшін үйге кірген, бірақ іше алмады. Өйткені, әжем оған бірден дүрсе қоя берген:
— Бұ колхоздың жұмысы саған ғана керек пе осы? Құдай-ау, неге сонша қатал боп барасың? — деп.
Апам тісі ауырған адамдай қабағы кіржиіп шытынып қалды, бірақ үндеген жоқ. Неше күннен бері жөнді ұйқы көрмеген өңі әжімденіп, көзі кіртие қарайды.
Мен іштей әжемді қостап отырдым.
Лобогрейка да, астық шауып жүрген шөп машиналары да, мүлде тоқтап қалды. Ұста жоқ. Бүкіл ауылдан темірді темірге қойып соғатын бір адам табылмады. Нұғыман шапқылап ауданға қайта кеткен, ұста іздеп. Екі күннен кейін қайтып оралды. Бір ұста табылған екен, оның өзі де кергіп, үш күннен кейін ғана қолым тиіп бара аламын депті.
Егін күннен-күнге қурап барады, енді біраз күн кідіртсе кейбір учаскелердің егіні жерге құйылып, түсу қаупі бар. Жан дәрмен кез. Шалғымен шабу басталды. Мектепте әжетке жарайтын балалар сабақтан босатылып, қол орақпен астық оруға, орылған астықты жинауға жіберілді.
Колхоздың ең алыс участогі — Күреңбелдегі егін орағында жүргенімізге біраз күн болды. Үлкендер шалғымен шабады, біз, балалар, орағымыз барларымыз орақпен орамыз, орағы жоқтар орылған астықты баулайды. Бәрімізге күнделікті белгіленіп берілген норма бар. Таң қылаң бергеннен көзімізді жыртып ашып, шалғышы үлкендер бір қатар, орақшы балалар бір қатар боп тұра қап жұмысқа кірісеміз. Сонан ұзақты күнге бел жазу жоқ.
Күзгі аспан реңсіз, буалдыр түтін басқандай мұнартады да тұрады. Таңертеңгі дала сызды, салқын, жақ жүніңді үрпитіп, өне бойыңды тітірентіп жібереді. Тек сәске кезінде ғана құрысың жазылып жылынасың. Дәл желкеңе шығып алған күннің көзі арқаңды шым-шымдап қыздырып, пысынатып, терлете бастайды. Төңірек тегіс шаңғытып кетеді. Құлағында тек сыр-сыр еткен шалғы мен орақтың сыбыстары. Көз алдыңда тек әбден қурап, сыңғырлаған мысық мұрт егін, уыстай қармағаныңда сабақтары зыңылдайтын сияқты. Абайлап ормасаң масақтары саудырап сағағынан сынып түсіп жатады. Ештеңеге алаңдауға да, іркілуге де болмайды. Неше күннен бері егіннің сабағы сойғылап күптей болған алақаның тұз уыстағандай тызылдайды, басың айналып, көзің бұлдырайды, бірақ бәрібір сонда да ора беруің керек. Әйтпесе күндік нормаңды орындай алмай қаласың.
Өзегің талып тезірек түс болуын тілейсің. Түскі тамақты ішіп, ес жиып, аз да болса дамылдағың келеді. Шалғы шауып жүрген Ырысбек жаққа әлсін-әлсін қарағыштап соның бір ауыз сөзін зарыға күтеміз. Түс болғанда ол сағатын қолына алып, ылғи:
— Демалыс! — деп айқай салады бәрімізге. Сол кезде қолдарымыздағы шалғы-орақтарымызды жеткен жерлерімізде тастай-тастай береміз.
Шалғышылар мен орақшы балалар екіден-үштен бірігіп, шөпті қалыңдап жауып, бір-бір күрке жасап алғанбыз. Соңымызға кеп дамылдаймыз. Біз Нәзира әпкем екеуміз бір күркедеміз, бізден әрі Көлбай керең мен Дүрия, онан әрі Эмма мен Гүлсара, басқа бес әйел мен Әжібек бастаған балалардың бір-біріне иін тірестіріле жасалған күркелері, ең шетте Ырысбек пен Зибаштың күркесі.
Ырысбек күркесіне жете бере домбырасын қолға алады. Осы күні өзі бұрынғыдай мұңаю, күңірену дегеннің бәрін қойған. Көбіне «Краковякты», немесе сол сияқты басқа да көңілді ән-күйлерді ойнайды. Домбыраны шанағынан тық-тық-тық... дегізіп шертіп қойып отырып:
Тира-ри-ра ри-ра-ра,
Три-ра-ра-ра ра-ра-ра...
Русский, немец и поляк
Танцевали краковяк.
Триля-ли-ли ля-ля-ля
Трайля-ли-ля ли-ля-ля... –
деп сампылдап әндетіп жөнеледі. Шөп күркелеріміз шошаң-шошаң етіп билеп тұрғандай боп көрінеді. Күй ырғағына еріксіз елігіп, тапыр-тұпыр билегің кеп кетеді.
Мұнан кейін Ырысбек Зибашқа арнаған әндерін айта бастайды.
Зибаш-ай,
Қасыңның қара қиғашы-ай,
Құрбыңды, қалқам, сыйлашы-ай...
Күрке-күркемізде отырып мәз боп күлеміз, шаршағанымызды ұмытқандай сейіліп қаламыз.
— Жынды ғой... нағыз жындының өзі... — деп Нәзира әпкем басын шайқап күле береді.
Көп күттірмей ауыл жақтан ырғатылған өгіз арбамен түскі тамағымыз — сүт қатқан (кейде ішінде еті де болады) кеспе көже келе жатады.
Түскі тамақты ішіп, аз-кем тыныстап алғаннан кейін жұмысқа қайта кірісеміз. Тағы да мұнартқан аспан. «Жжу-жжу»... еткен шалғының, орақтың сыбыстары, сыңғырлаған мысық мұрт астық, бір орыннан жылжымай мөлиіп тұрып алған күннің көзі, тызылдаған алақан... көз алдың бұлдырап, басың айналады... Күн батпай, кеш түспей зарықтырады-ау, тағы да. Әбден сілеміз құрып, титықтап кеп, күркемізге жете бере құлаймыз. Ымырт кезінде тағы да сүт қатқан кеспе көжені алып өгіз арба жетеді...
Апам келіп, орылған жерді саржамен өлшеп, кім нормасын қанша орындағанын айтады. Сонсоң өзі қонаға Нәзира әпкем екеуміздің қасымызда қалады. Түн салқын. Киімшең күйімізде қисая кетіп, үйден әкелген ескі көрпе мен ішік-тондарға оранып, төңірегімізді шөппен қалыңдап қымтанып аламыз. Қураған шөптің арасында ермені болса көпке дейін пысқырынып-түшкірініп жатып ұйқыға кетеміз.
Алайда апамның түн ұйқысының төрт бөлініп жататынын мен жақсы білем. Кейде ол тұрып кеткен кезде, ірге жағымнан лап етіп азынап қоя берген суықтан тітіркеніп оянам. Күркенің сыртынан оның әрі-бері жүрген аяғының дыбысы естіледі. Сәлден кейін қайтып кеп, қараңғыда сипаланып шетте жатқан Нәзира әпкемнің ірге жағын қымтап, ортадағы менің үстімді дұрыстап жауып, өзі ақырын ғана орнына жатады.
— Апа, неғып тұрып жүрсің? — деп сұраймын мен.
— Жәй, от кетіп қалмасын деп жүргенім ғой, — дейді. — Мынау Ырысбек деген түні бойы темекі тартады, сонан көріп балалардың арасынан да темекі тартатындар шығып жүр... Төңіректің бәрі қазір от түссе лап еткелі саңғырлап тұр емес пе. Ұйықта, таңертең ерте оятам...
Апам шынында да ерте оятады. Шығыс жақтан таң қылаң беріп, төңірек ағара бастаған кезде, барлық күркедегілерді аяғынан тік тұрғызады. Бірден тұрғысы келмей, жылы күркеде керіліп-созылып, «әне, міне» деп жатып алатындар да бар, апам ондайлармен әздектеп тұрмайды, қамшымен жон арқадан бір тартады. Жөнді ұйықтамағандықтан өзінің түсі суық, ызбарлы, ешкімді бетіне қаратпайды. Мұндайда апамның бетіне қарауға мен өзім де қорқам.
Дала өте салқын. Жылы күркеден шыққан бойда дірдек қағып, бүрсектей жөнелесің. Жалаң аяғыңды шөпке қонған ақ қырау шық қарып-қарып түседі. Орақты қолға аласың, жүзін көкаязданған қырау тұтып қалған. Егін оруға кірісесің, жез түтіктердей көкаязданған сабақтары алақаныңды қариды. «Жжу-жжу»... дегізіп шалғышылар бастайды. Мен Нәзира әпкеме қараймын, ол шалғысының жүзін жанып-жанып алады да құлаштап кеп сілтейді. Өзі шалғышылардың ең алдына түсіп алады. Әуелгі күндерде Ырысбек соңынан қуалай түсіп, бастырмалатпақ боп біраз әуреленген, өкпесі өшіп, өзі өліп қала жаздады.
— Мына қыз ба? Мына қыз жойқын екен, — деді ақырында. Өзі Нәзира әпкеме қарағыштап, сөйлескісі кеп бір-екі рет жақын келген. Нәзира әпкем теріс қарап мүлде сөйлеспей қойды.
— Өзінің көзі жаман, тіпті суқаным сүймейді, — деді кейінірек күркеге келгенімізде маған.
Кеше түсте демалысқа шығар кезімізде Ырысбек тағы да кеп:
— Нәзира, қалқам, осы сенің шалғың сиқырлы-ау деймін, кәне ұстап көрейінші, — деп, шалғыны емес, Нәзира әпкемнің білегін ұстаған.
Нәзира әпкем жылан шағып алғандай қолын тартып алды да, өзі кейін шегініп, шалғысын құлаштай ұстап, тұра қалды.
— Тура орып түсірем, кетіңіз аулақ! — деді, қып-қызыл боп түтігіп.
— Қалқам-ау, Нәзира-ау, мен... мен...
— Мен ешқандай да «қалқаңыз» емеспін сізге. Ендігәрі жақын жуушы болмаңыз!
Нәзира әпкемнің түрін көріп мен өзім де тіксініп қалдым. Ырысбек енді бір қадам жақындаса аяйын деп тұрған жоқ, орып түсіруге дайын.
Ырысбек тайсақтап өз жөніне кетті. Күркелерінен Зибаштың оған шаң-шұң етіп ұрысқаны, онан баж ете түскені естілді.
Сірә, Ырысбек бір қойған болу керек. Қасыма Әжібек келе қапты, қолында Ырысбектердің шәугімі.
— Жүр, бұлақтан барып су әкелейік, — деді.
Мен күркеге кіріп, өзіміздің шәугімді алып шықтым.
— Нәзира әпкең дұрыс істеді,— деді былай шыққан соң Әжібек. — Ол Ырысбекке сөйтпесе болмайды, күле қараса-ақ бітті, мүлде иектеп алады.
— Сен өзің оған неге су тасып жүрсің, ендеше? — дедім мен.
— Әй, Қанат-ай, баласың ғой әлі, мұрныңа түктің иісі келмейді. Мен суды Ырысбек үшін тасып жүр дейсің бе? Жоқ. Зибашқа бола тасимын. Сорлыға жаным ашиды. Түнде түні бойы жылап шықты.
— Неге? Ырысбек ұрып па еді?
— Жо, ұрып қайтеді оны, онсыз да табанын жалауға дайын тұрған қатынды.
— Онда неге жылайды?
— Ырысбек түнде бір жаққа кетіп қалды.
— Қайда?
— Білмеймін. Не көп, жесір келіншектер мен қыздар көп емес пе. Соның біреуіне кетті де.
— Қалайша?
— Тфу! Өзің бір ми кеще екенсің ғой...
— Ал Зибаш ше?
— Зибаш қайтушы еді, еңіреді де жатты таң атқанша. Әйтеуір қасында мен болдым.
— Сен не істедің?
— Әрі-бері жалынып жұбатқан болдым, сөйтіп арқасынан құшақтап жатып ұйықтап қаппын. Ертеңгісін сенің апаңның қамшысы жон арқамды тіліп өткенде бір-ақ ояндым... Тіпті оңдырмай ұрыпты, қарашы өзің, көкпеңбек қып тіліп түскен. Сен апаңа айтып қойсаңшы, тиыш жүрген адамға өйтіп жөн-жосықсыз өзі соқтығып, қожаңдай бермесін. Қазір баяғы заман емес, ұрып-соққанды көтеретін. А то ерегестіре берсе, мен бір күні сіріңкені алам да тартып кеп жіберем астыққа қарай. Сонан кейін не істер екен маған. Жүз жерден соттай берсін, сотыңнан қорқар мен жоқ.
Біз бұлақтан су алып қайтып оралғанымызда Ырысбектің домбыраға қосылып әндеткен даусы Гүлсара мен неміс қызы Эмманың күркесінен естілді.
Адам тумас Эммадай,
Күміс шашты, ай маңдай,
Үлбіреген тамағы,
Жаңа піскен алмадай.
— Өй, тилеуин курсун Ирисфек, жохалшы арі! — дейді шарылдай сөйлеген Эмма.
Эмма — ұзын бойлы, сары шашты, көк көзі мөлдір аспандай тұп-тұнық, жасы жиырма бестердегі неміс қызы. Өзінің қазақша сөйлегені қызық. Әжібек оған ылғи бірдеңе деп тиісіп, сөйлетіп қояды да, оның қазақша қарғанып-сіленіп ұрысқан сөздеріне өзі ішек-сілесі қатып күледі. Міне, қазір сол Эмма Ырысбекке ұрсып жатыр екен.
— Жә, жә, жә... Эммажан, өзің тіпті сауырыңа қол тигізбейсің ғой, — дейді Ырысбек. Бізді күркенің аузынан көріп қалған:
— Әй Әжібек, жүгірмек, суды бері әкел! — деді дауыстап.
— Қап, көріп қойды-ау, ә, — деді Әжібек өкініп, онан соң. —Қазір, — деп дауыстады да тасалана бере, шәугімнің қақпағын ашып, ішіне түкіріп-түкіріп қойды. — Кел, Қанат, сен де түкір. Тфэй, тфэй, осы суды ішіп, Эммаға жады боп қалса екен!
Шыныменен Әжібектің түкіріп берген суының әсері болды ма, білмеймін, сол күні кешкісін Ырысбек Эмманың күркесіне біржола ауысып көшіп алды да, Гүлсара басқа әйелдердің қасына кетті. Зибаш шашын жайып жіберіп, көл-көсір жылап, Эмманы қарғап-сілеп қала берді.
Кешкісін апам келгенде болған оқиғаны естіп, қатты ашуланды. Ырысбекпен сөйлесуге Эмманың күркесіне барған. Апамның не айтқанын ести алмадым, бірақ Ырысбектің сөздері анық естілді.
— Күнім, жеңешетай, иманымдай шыным, мына Эммаға мен өлердей ғашықпын. Бұрынғымның бәрі бекершілік, бозбалалық екен. Енді, міне құдай қосқан қосағым, осы, «күміс шашты, ай маңдай» болады. Ант етем, — деді қарғанып.
Ертеңіне Әжібектің қуанышында шек жоқ еді. Бетіне қарасаң-ақ болды езуін жия алмайды, ыржиып күле береді, бет-аузын қисаңдатып, көзін қысып қояды.
— Зибаш қалай? — деп сұрадым мен бір қалт еткенде.
— Қайтер дейсің екі-үш күн жылайды-жылайды да қояды ғой.
— Түнде сен қасында болдың ба?
— Әрине. Жалғыз өзі қорқады ғой.
— Енді сен үйленесің бе?
— Ақымақ, маған әлі төрт-бес жылсыз үйленуге болмайды ғой.
— Оған дейін Зибаш тағы біреуге тиіп кетсе қайтесің.
— Жоқ, енді басында торғайдың миындай миы бар болса тимес. Басына тас тиді ғой. Нишауа, өзі былай жылағанын қойып, есін жиған соң айтам ғой.
— Не деп?
— Менің ер жеткенімді күт деп.
— Әй Қанат, неғып қарап тұрсың! — деді осы кезде Нәзира әпкем.
Осымен Әжібек екеуміздің сөзіміз үзілді де жұмысқа кірістік.
Бұл күні кешкісін апам, біздің қасымызға қонуға келген жоқ. Орылған жерді Бектай есепші кеп өлшеді.
— Апаларыңды ауданға шақыртып кетті,—деді біздің сұрағымызға.
Апамнан екі күндей еш хабар болмады. Бізде де пәлендей ештеңе бола қойған жоқ. Күні бойы бел жазбай орақ орамыз, түскі дамыл кезінде Ырысбек домбырасын қаққылап «Краковякті» ойнайды, Эммаға шығарған әндерін айтады, соны тыңдап біраз сейіліп қаламыз, кешкісін қымтанып оранып ап, ермен шөпке түшкіріп жатып қатып ұйықтаймыз.
Үшінші күні таңертең оянғанымызда, аспан тұтасып бұлттанып күн жауып тұр екен. Ауа райы ызғарлы. Жоңғардың шыңдарына қар жауыпты көздің жауын алып, аппақ боп жарқырап көрінеді.
— Әттегене-ай, енді екі күн ашық тұрғанда мына участокті бітіріп кететін едік-ау, —деді Нәзира әпкем.
Орақ тоқталды. Ешкім күркесінен шыққан жоқ, оранып-қымтанып қайта жаттық. Ал ұйықта. Талайдан бергі есесі кетіп жүрген ұйқының орнын бір толтырдық. Түсте ауылдан тамақ келген жоқ. Ұйқымыз қанған соң қарнымыз ашты. Әркім масақ теріп әкеп, үгіп, қуырып жеуге кірістік. Ар жағына ел қонып көңілденген соң Ырысбек ән салды, екі сөзінің біріне Эммасын қосып айтады.
— Хойшы, уят мес пе, — деп сыңғырлай күледі Эмма. Эмма күле берді, күле берді... Бір кезде Ырысбектің:
— Жә, болды! — деп ақырған даусы естілді. Төңірек тым-тырыс тына қалды, басқа күркелердегі дабыр-дұбыр сөздер де пышақ кесті тоқтаған, тек Ырысбектің ғана ақырғаны естіледі: — Неменеңе жетісіп күле бересің?! Кет кәне!.. Кет!.. Көрінбе көзіме!.. — Сәлден кейін Ырысбектің даусы күңірене шықты. —Ой, дүние-ай, не боп кеттің?!. Не боп кеттің?!. Жазың қайда жадыраған, жарым қайда күлмес жалған; қызық қайда — көрген түстей; отырмын мен неге у ішпей? Маңдайыма жазылмаған шынарым-ай, сұм тағдырдың жетегінде кетерміз бе, адасумен, осылай. Өрт боп лаулап күйіп-жанып барамын. Қор болдым ғой, қор қылдың ғой, қайтейін-ай, бір кездегі асылым ең — арманым... Дүрия!.. Дүрия!.. — Мұнан әрі еңіреп жылап жібергендей болды.
Біз, балалар, атып-атып тысқа шықтық, Ырысбек отырған күркенің аузына келдік топырлап. Эмма боп-боз боп құты қашып анадай жерде тұр, дір-дір етеді. Ырысбек күркенің ортасында, екі көзінен жас тарам-тарам ағып, екі қолымен кеудесін жұлып жеп, уқалап отыр.
— Күйіп барам, өртеніп барам, алсаңшы мені, сұм тағдыр... Неден жаздым, неге бүйтіп қорлайсың...
Біз, балалар, не істерімізді, не жәрдем етерімізді білмей қарадық та тұрдық. Бір кезде біреу кеп біздерді екіге бөліп ығыстырып, алға өте бастады. Дүрия екен. Мұның да көзі бұлаудай, сорғалаған жас. Ұмтылып барып Ырысбекті құшақтап отыра кетті. Екеуі құшақтары айқасқан күйде сағынысып көріскендей бірін-бірі аймалап, басқа дүниені тегіс ұмытты... Біз бұрылып өзді-өздеріміздің күркелерімізге кеттік. Көлбай керең өз күркесінің аузында тау жаққа қарап отыр екен. Өңінде ашу да, ыза да, күйіну де білінбейді, кеңірейген мең-зең отырыс.
Со күні кешке жақын апам келді. Бұрынғыдай атпен емес, жаяулап, үсті-басы су-су боп келді. Ауданнан қайтысымен, үйге де көп кідірместен бізге тартыпты.
— Ырысбек мазаларыңды алмады ма екен деп, осы екі күнде қу жанымды шүберекке түйіп жүрдім, — дейді.
— Мазалап көрсін, бақ еткізіп шалғыны ішіне бір-ақ сұғып алайын, — деді Нәзира әпкем. — Осы мен үшің қорыққаныңызды қойыңызшы. Иә, өзіңізді ауданға жәй шақыртып па?
Апам шым-шымдай отырып Нәзира әпкеме бар әңгімесін айтып шықты. Менің ұққаным: оны бригадирліктен босатыпты, өзіне қатаң сөгіс беріпті. Онан соң:
— Әлгі Ырысбек керек еді, шақырып келші, — деді маған.
Мен барып Ырысбекті шақырып келдім. Ырысбек көп күттірген жоқ, күркенің ауыз жағына кеп отырды.
— Иә, тақсыр жеңеше, не бұйырасыз?
— Сені бастық ауылға келсін деді.
— Не шаруасы бар екен?
— Білмедім.
— Е, онда кейін өзі келгенде айта жатар.
— Жоқ, Ырысбек қарағым, бүгін жетсін деді.
— Менің бүгін ешқайда барғым келмейді.
— Өте тығыз шаруа бар деп еді.
— Неге шақырғанын айтыңыз, бәлкім, көңіліме қонса жүріп те кетермін.
— Өкіл екеуінің сөзіне қарағанда сені бригадир етіп сайламақ.
— Мына мені ме?
— Иә, сені.
Ырысбек ысқырып жіберді.
— Жоқ, жеңеше, басқасына көнсем де онысына көне алмаспын. Бригадирлігін желкемнің шұңқыры көрсін... Апырай, ә, мына мен, Ырысбек бригадирмін... ха-ха-ха... күлейін бе, жылайын ба?.. Ха-ха-ха...
Ырысбек со күлген бойда тұрып кете берді, Көлбай кереңнің күркесінің алдынан өтіп бара жатып, кілт тоқтады да:
— Уа, Көлеке, ашуланып, тұлданып кімді қиратасың. Қой ондайыңды! Жүр, бірге отырып шай ішелік, ағайынбыз ғой, — деді айқайлап сөйлеп. — Тату болайық. Бір қатын ортамызға сыйып жүрер. Қайта сенің Әпішің бар ғой, ал мен байғұста ондай Әпіш те жоқ.
Көлбай керең танауының астынан бірдеңе деп міңгірледі де, Ырысбекке ілесіп, солардың күркесіне барып кірді.
Сытыр-сытыр ақ жауын жауып тұр. Төңірек тұмшаланып, қараңғылық түсті. Тау жақтан жеткен алғашқы қардың ызғары бойды тоңазытып, құрғақ шөпке тығыла береміз.
Күреңбелдегі астық орылып біткен соң, біз мектеп оқушылары жұмыстан босатылып, оқуымызға қайта кіріскенбіз. Екі дүркін қар жауған, үш-төрт күндей ой-қырдың бәрі алапестеніп жатты да еріп кетті. Үлкендер жағы: «Күздікке жақсы болды», — десті. Күн суытты, түнге қарай жер тоңданып, арық-шұңқырлардағы сулардың бетіне қабыршақ мұз қатып қалатын болды. Ертеңгісін мектепке бара жатып, сол жұқа мұздардың үстінде шыны басқандай шытыр-шытыр еткізіп сырғанап ойнаймыз.
Қырмандағы жұмыс әлі тоқталған жоқ. Маялап жиналған астық баулары шетінен күнделікті бастырылып, төрт күнде бір өгіз арбамен станцияға жөнелтіледі. Нәзира әпкем сол арбаның бірінде жүр. Алпыс шақырым станцияға күн демей, түн демей жүріп отырып төрт күнде барып, қайтып оралады да үйге бір түнеп, ертеңіне қайта кетеді. Апам бригадирліктен түскен соң, Байдалы шалдың орнына қырман жұмысына ауысқан: сонда күндіз бір мезгіл астық ұшырысады да түнге қарай күзетте болады. Тегінде, қырманның түнгі күзетшісі Көлбай керең, ал апам болса коммунист ретінде оны бақылап, кезекшілікте жүреді.
Бригадирлікке Ырысбек көнбей қойғаннан кейін, біраз күнге дейін ыңғайлы адам табылмай, ақыры Байдалы шалдың өзі қайта сайланған. «Қайта шапқан жау жаман...» деп, Байдалы шал осы күні тіпті құтырып кетті. Өйткені бүкіл колхозға бір өзі қожа, бір өзі би. Нұғыман бүгінде төсек тартып ауырып жатыр. Шолақ қол өкіл болса оның үйінен кетіп, Байдалы шалдың үйінде тұрып жүр. Соны арқалана ма, кім білсін, ешкімді бетіне қаратпайды. Бұрынғы әзілқойлықтың бәрін қойған, ылғи ашулы жүреді. Көзі шатынап, ақыра боқтап ұмтылғанда зәреңді алады. Өзі көк мауытымен тысталған жаңа бөрік тіктіріп киген, сонысын бір шекесіне қарай шекшитіп қойып, ұртына насыбайды бұлтита тығып, торы жорғаның үстінде бір жамбастай қисайып, көшенің ортасымен салдыртып өткені сән-ақ.
Әжібек болса оның көзіне түспеуге тырысып, қашып-пысумен жүргені. «Қап, мына қақпастың дәуірлеуі-ай, ә. Ырысбектің мылтығын сұрап ап, бір күні «Қособаның түбінде қоса кетті дегейсің» дегізсем бе екен!» — деп кіжініп қояды. Бірақ айтарын айтқанмен өзі Байдалы шалдың қарасы көрінгеннен зытып береді. Соңғы кезде біз Әжібекке бұрынғыдай табынуымызды қойғанбыз. Біздің алдымызда беделі онша емес. Анау күні Күреңбелден қайтып келе жатқанымызда жолда өзін Зибаш аямай ұрып тастады. Сірә, Әжібек оған: «Мен ер жеткенше күт, өзім үйленем. Саған ғашықпын», — деген болу керек. Өзі ішқұса боп, Ырысбектің қорлығына ызаланып, күйініп жүрген келіншек жол бойында қолына түскен көк шыбықпен Әжібекті қуып жүріп соқты. Өзі жүйрік екен, қаша жөнелмек болған Әжібекті екі аттатпай қуып жетіп: «Жайрағыр, қотыр итім... сен де құтырайын дедің бе?!. Ендігі қалғаны сенің мазағың екен ғой!..» — деп, ызақорлана жылап жүріп, көк шыбықтың астына алған кезде, Әжібектің пәре-пәресі шықты. Сонан бері біз Әжібектің күшіне шек келтіретін болдық. Әйелден таяқ жеген соң-ақ құны белгілі ғой. Алайда Әжібектің өзі ылғи: «Мен оған бәрібір ғашықпын, сондықтан ол ұрғанда қол да көтерген жоқпын, қашқан да жоқпын», — деп ақталады.
Сабақтан кейін күніне бір рет Ырысбектің үйіне соғып кетеміз. Ол қазір жалғыз өзі тұрады. Жұмыс атаулының бәрінен бас тартып, ертеңді-кеш үйінде отырады. Сурет салады. Паспортқа жапсыратын кішкентай суреттерді үлкейтеді, кәдімгі ақ қағазға әдемілеп бояп салған кезде айнытпайды әсте. Ауылдағы шал-кемпірлер Ырысбектің бұл өнеріне өлердей тәнті. Соғыста қаза болған балаларының кішкентай суреттерін әкеп, жалынып-жалбарынып үлкейттіріп-ақ жатқандары. Бар дәмділерін Ырысбектің аузына ұстап, жандары қалмайды. Сондықтан Ырысбектің тамағы тоқ, көңілді, ыңырсып әндетіп отырып сурет үлкейтуден жалықпайды. Біз оның салған суреттеріне қызығамыз, аузымыздың суы құрып мақтап, әңгіме етеміз.
Кей күндері Ырысбек біздің біреумізді жұмсап, хат жазып жіберіп Зибашты, немесе Эмманы шақыртып алады, үйін сыпыртып, кір киімдерін жуғызып, тамағын жасатады. Кейде екі-үш күнге дейін үйінен жібермей де қояды. Зибашты шақырғанда:
Зибаш-ай,
Байыңды, қалқам, сыйлашы-ай... –
деп әндетсе, Эмманы шақырғанда:
Адам тумас Эммадай,
Қол-аяғы балғадай... –
деп әндетеді.
Зибаш та, Эмма да Ырысбектің қылықтарына үйренейін деген. Не айтса да көнеді. Шақырса тоқтаусыз жетіп келеді де, қуса бұртаңдасып ашуланған боп кете береді. Бірақ ешқайсысы кек тұтып тұлданбайды. Бұлардың ісіне ауыл да тегіс үйренейін деді. Әуелі кезде сөкет көріп әрқайсысын жеке-жеке сөз ғып, сөгіп жүрді де кейін тіпті көңіл аударуды қойды.
Білмеймін, әжемнің сөзінің қаншалықты жаны барын: «Шешең байғұс тап сол күні өлетінін сезді ғой... сезді-і...» дейтін аһ ұра күрсініп, омырауын жас жуып. Шынында да апам өлетінін сезді ме, жоқ па, білмеймін. Оның сол күнгі жүріс-тұрысын есіме алсам, ондай, өзінің өлетінін сезетіндей ешбір оғаш қылығы болмаған сияқты. Ең болмаса, өз ажалымен де өлген жоқ, сондықтан бүгін өлемін-ау деген ой қатеріне қайдан келсін.
Сол күні ертеңгісін мен мектепке кеткенде, ол қырманнан түнгі күзеттен қайтып, көрпе-жастықтарды далаға шығарып жайып, киіздерді қағып, түске дейін үйдің ішін әктепті. «Қарағым-ай, өзің титықтап шаршап жүргеніңде бекерге әуре болдың ғой», — деген әжемнің сөзіне: «Октябрь мерекесі кеп қалды, үйдің іші таза тұрсын да», — депті. Жетінші ноябрьге төрт-ақ күн қалған еді.
Онан соң көкемнің және өзінің сандықта жатқан бір киер таза киімдерін шығарып, тегіс қағып-сілкіп, күн көзіне арқанға іліп қойыпты.
— Шамамның келгенінше ондық-мұндықтарды шығарысып қолқабыс етіп жүргем. Бір қайырылып үйге кірсем, — дейді әжем кейінде сол сәтін еске алып. — Марқұм, айнаның алдында бөртпе шәлісін басына салып, бүйтіп өзіне-өзі төніп кеп қарап тұр екен. Менің кіргенімді де байқаған жоқ. Топырағың торқа болғыр, кейде бір кербез тарта қалатын керімсал еді ғой. Е-е, жаратқан, жақсыны құдай қойсын ба... — Әжем мұнан әрі кимешегінің ұшымен көзін сүртіп аз-кем жылап алады. — О, жалған-ай, десеңші, мен қақпаста да құдай сүйер қылық жоқ қой. Бір кезде со бөртпе шәлі үшін Ықсаным (менің көкем) екеуін екі күн үйге жолатпай қуып ем. Екеуі алғаш қосылған жылы қалаға базарға барып, сонда Ықсан сатып алып берген екен. Келген соң: «Әже, байғазы», — деп, әлгі бөртпе шәлісін басына салып, келінім ыздиып алдыма келе қапты. Неден сайтаным ұстай қалғанын білмеймін, әйтеуір аяқ асты өз теріме өзім сыймай тырыса қалғаным. «О, қараңқағыр!..» — деп қолыма түскен сабаумен тұра ұмтылдым, ол күнде енеге тура қарайтын келін қайда, тұра қашты. Тіпті безіп кетті. Ықсаным бірдеңе-бірдеңе деп ара түскендей күңкілдейді. Ә, қатынжанды жайрағыр!» — деп сабаумен салдым кеп. Ол да шыбын-шіркей боп безді. Содан екеуі менен қорқып екі күнге дейін үйге жолай алмай жүрді ғой. Нұрсұлудың үйіне қонып жүрді... Сонымды кек көрмеген қос қарашығым... Екі күннен кейін екеуі ыржиып күліп алдыма кеп тұр. «Әже-ау, неден жаздық, ең болмаса айтып ұрсаңызшы», — дейді. Неден жазғандарын өзім де білмеймін. Ашуымнан да қайтқым келмейді. Сабаумен екеуін екі салдым. Қолымның қайратының бар кезі емес пе, байқаймын, екеуіне де батып кеткен сияқты. Бірақ сыр бермейді өздері, со ыржиып күлген кейіптері. Бір ауық ашуым тарқап, қыбым қанғандай болды. Міне, сол бөртпе шәліні сонан қайтып менің көзіме көрсеткен емес. Бір жаққа барса үйден жасырып алып шығып, сыртта ғана басына салатын. О, ана сыйлаған қарғаларым... Енді, міне, екеуінен де айырылып, қу томар боп отырған отырыс мынау... Өлеріне көрінді ме, тап сол күні әлгі бөртпе шәлісін басына салып айнаның алдында өзіне-өзі төне қарап тұр екен. Қазір ойласам, бой түзегені екен ғой, күнімнің... Бір кез мені көріп жаман қысылып қалды. Балаша қызарып: «Әже-ау, мына бөртпе шәлі менің енді не теңім. Осыны Нәзирашыма берсем қайтеді?» — деді. «Өзің біл, қарағым», — дедім де қойдым. Үстінен аңдып кіргендей болғаныма өзім де қысылып, қайта шығып кеттім... Марқұм, тап сол күні өлетінін сезді ғой... сезді-і...
Мен сабақтан шыққан соң үйге қайтып келе жатып, арық-шұңқырлардың бетіндегі ертеңгісін өзім сырғанап өткен қабыршақ мұздармен тағы да сырғанай жүргем. Бір шұңқырда түске қарай жіпсіген жұқа мұз ойылып кетіп, белуарымнан балшық суға шолп етіп түстім де кеттім. Басқа балалар ішектері түйілгенше күліп, сандарын шапақтап мазақтап, қыран-топан күлкіге батты. Шұңқырдан сүметіліп әзер деп шықтым. Үстім сығып алғандай су болды. Жуырда ғана қолдан сырылған шарығым мен мақталы қалың шалбарым шұңқырдағы судың тең жарымын сорып алған сияқты.
Үйге таяй бергенімде апамды көріп қорыққанымнан еңіреп жылап жібердім. Бірақ апам ұрысқан да, ұрған да жоқ. Су киімдерімді дереу сыпырып шешіп алды да, көкемнің жейдесінен кішірейтіп тіккен жейдені кигізді, сөйтті де: «Шалбарың кепкенше отыр» — деп көкемнің жағалы қара пальтосына орап отырғызып қойды. Біз үшін көкемнің үйде қалған әрбір киімі баға жетпес қасиетті бұйым еді. «Апа, көкемнің пальтосын енді кім киеді?» — деп сұрағым келеді, бірақ сұрауға батпаймын. Өйткені көкемді сөз ету жанды жараның аузын тырнаумен бірдей. Ол туралы әрқайсысымыздың ішімізде жатқан құпия бар, мейлі қара қағаз келсе де жүрегіміздің түбінде сөнбеген үміт бар.
— Сенің оқуыңды тексеріп, қадағалауға да мұршам болмай кетті. Сабағың қалай? — деді әлден уақытта апам.
— Жақсы, — дедім мен пальтоның жағасына тұмсығымды тыға түсіп міңгірлеп. Егер апам: қанша «бесің», қанша «төртің», қанша «үшің» бар деп, қазбалап сұрай бастаса, әрине, таяқ жейтінім анық. Өйткені бұл тоқсанда «үштерім» көп еді. Сондықтан мұнан әрі сұрамаса екен деп қылпылдап Жаным шығып отыр. Апам қазбалаған жоқ.
— Оқуыңды жақсы оқысаңшы, балам, — деді де қойды. Онан соң белін тас қып орап, қырманға кетуге жинала бастады. Әжеме: — Мына Нұрсұлудың үйіне бағанағы астықтан бірер шелек кіргізіп беріңіз. Балалары ашығып қалмасын, — деді.
Сөйтіп, апам түс ауа қырманға кеткен, ертеңіне таңертең күн шықпай жатып есігіміздің алдына аттандап Көлбай керең жетті:
— Ойбай!.. Ойбай!.. Айрылдым Бағиладан! Айрылдым!.. Ойбай!..
Біз төсегімізден ұшып-ұшып тұрдық. Үйге апыр-топыр ауылдың қатын-қалаш, кемпір-шалдары толды да кетті.
Кейіннен Көлбай кереңнің үлкендерге апамның өлімі туралы айтқан әңгімесін әлденеше рет естідім: түн жарымында қырманға тұтқиылдан салт аттысы бар, арбалысы бар бір топ адам cay ете қалады. Ес жиғызбастан Көлбай кереңді бір-екеуі кеп бас салады. Апам оқтаулы мылтықты ала сап кезене бергенше, біреуі оны сойылмен ұрып жығады. Көлбай кереңнің аузына шүберек тығып, қол-аяғын артына қайырып байлап тастайды. Өздері арбаларына сықап астық тиеп, аттарына теңгеріп тайып тұрады. Көлбай керең таң атқанша байлаулы күйінен тырп ете алмай жатады. Тек ертеңгісін қырманға бірінші барған Байдалы шал босатады. Менің апам со түндегі сойыл тигенде қызылға етпеттей құлаған жерінде жатыр екен. Барып қозғап көрсе әлдеқашан жан тәсілім етіпті, сойыл қате тиіп қарақұсын айырып жіберген екен.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
ЗОРЛЫҚ ПЕН ҚОРЛЫҚ
Әкеден де, шешеден де айырылған жетімдік тақсіретінің аяздай қарығанынан ба, сол жылғы қыс айрықша қатал, қытымыр болып еді. Есіме алсам, жон арқам күні бүгінге дейін сырқырайды.
Қар қалың жауды, кейбір жатаған үйлерді төбесімен бірдей ғып басып тастады. Есік алдындағы қар күресіндері кішігірім ақ таулар боп жоталанып, күннен-күнге биіктей түседі. Ырысбек болса енді бізді жазалаудың тағы бір жолын тапты. Бірдеңеден жазып кінәлі боп қалсақ, яки айтқан тілін алмасақ, сирағымыздан ұстап тік көтеріп алады да, сол күресін қарға басымызды төмен қаратып шанша салады. Мойны-қойнымыз қарға толып, тұншыға, қашан өзі суырып алғанша, аяғымыз көкке қарап тыпырлап тұрғанымыз. Бұл жазаны балалардың бәрінен де көп тартқан мен болдым.
Ырысбек аяқ асты Нәзира әпкеме үсті-үстіне хат жазатынды шығарды. Және ол хаттарын басқа біреуден емес, ылғи менен беретін. Мұнан өткен қорлық болсын ба?! Мен, әрине, әуелгі кездері оның бұл басынғанына намыстанып, хаттарын тасуға көнбей қиқарланып баққам, екі-үш күн қатарынан Ырысбектің қолына түскен жерде күресін қарға төбемнен шаншылып тыпырлап тұрып жаза тарттым, тіпті тұншығып өліп кете жаздаған кездерім де болды. Ақыры ол дегеніне көндірді. Көнбей қайда барам, мені қарға тірідей көміп өлтіріп тастаса, бүкіл ауылда Ырысбектің қолынан ара түсіп құтқарып алар бір адам жоқ. Колхоз бастық Нұғыман болса аурулы, төсектен тұрмайды, Көлбай керең сонау күздегі оқиғадан кейін Ырысбек десе жанынан безеді, бас көтерер жалғыз Байдалы шал еді, ол да Ырысбекпен бірге қалаға бір жолы барып келгеннен кейін, «пәледен бес шақырым аулақ» жүретін болды. Екеуі екі ат-шанамен колхоздың астығын сатуға кеткен, төрт күннен кейін қайтып оралды. Ауылға кіре бере Байдалы шал шанасынан қарғып түсіп, Ырысбекті бишіктің астына алды-ау дейсің. Сыбап боқтап жүр.
— Сенен көрген қорлығым ба?! Сенің істегенің бе?! Сүйегімнен етті ғой!.. Әй, өлдім-ау, әбден...- деп, ызақорланып, жыларман боп жүр. Шықпыртып ұра түседі. Ырысбек болса қалың тонмен басып бүркелей түсіп, оның соққысын шыбын шаққан ғұрлы көрер емес, қарқылдап көзінен жас аққанша күледі. Екеуінің шаң-шұңына бүкіл ауыл жиналды. Байдалы шал түтіге тұрып Ырысбектен көрген қорлығын айтты: қалаға жетісімен Ырысбек дереу өзінің бір қап астығын сатып, ақшасын қалтасына салып апты да, шанасын Байдалы шалға тастап, өзі үшті-күйді жоғалыпты, содан дәл Байдалы шал қайтқалы тұрғанда, бір-ақ келген, бір қап бидайдың ақшасынан бір тиын жоқ, бәрін араққа салған.
— Онысын да қойшы, — дейді Байдалы шал. — Бұл иттің маған қайтар жолдағы көрсеткенін айтсаңшы. Әй қор қылды-ау, енді қайтейін-ай... Осы ауылға осыдан тірі жетермін бе, жоқ па деп шыбын жанымды қу шүберекке түйіп, шаққа келдім ғой. Мынау ма? Мынау адам емес, жұртым-ау!.. Жын ба, шайтан ба... әйтеу бірдеңе...
Онан арғы оқиға былай бопты: қаладан бері ұзап шыққанша, Ырысбек Байдалы шалдың ұрысқандарының бәрін үнсіз мойындап моп-момақам боп отырған, бір кезде шанасы тоқтай қалады (алдынғы шанада екен), өзі секіріп жерге түсіп, айдалада омбы қардың үстінде билей жөнеледі. Қолында екі басты бәкі, жүздері жалт-жұлт еткен, өзін-өзі әлгі бәкімен ал кеп сұққылайды, қайдағы бір жын-перілердің аттарын атап шақырып, зікір салып, көзі алақ-жұлақ етіп қанталап, түсі мүлде адам шошырлық күйге түседі. Содан бір кезде кеп Байдалы шалды алқымға алады, қылғындырып бауыздамақ болады. Есі шыққан Байдалы шал: «Әкем, Ырысбек, не болды саған?... Садағаң кетейін-ау, не болды? Жазығым не?» — деп жалынады. «Әлде қарның ашты ма? Мына менің астымдағы шөптің арасында қап бар еді?..» — деген кезде ғана босатады. Байдалы шал ауылдағыларға базарлық деп алып келе жатқан азын-аулақ ішімдігі және жұмсақ ақ нан, прәндік, кәмпит бар қаптың аузын шешіп, соларын жайып салып, ЬІрысбектің шеңгелінен әзер құтылады. Ырысбек ішімдікті ішіп, жұмсақ нанды тойғанша жеп, жол бойы қызара бөртіп рақатқа батып келеді...
— Адам емес мынау... адам емес! — деген Байдалы шал әңгімесін түңіле аяқтап. Сонан бері Ырысбекті көрсе, анадайдан айналып кетеді.
Бригадир Байдалы шалдың өзі сөйткенде, басқаға не жорық. Амал жоқ, Ырысбектің хатын Нәзира әпкеме өз қолыммен әкеп ұсынам. Нәзира әпкем хатты алады да, бүктеуін де ашпастан қақ бөліп айырып, ошақтағы отқа тастайды, сонсоң мені жағымнан шапалақпен тартып-тартып жібереді.
— Жексұрын! — дейді көзі жасаурап.
Рас та. Өз әпкесіне Ырысбектің хатын тасыған іні жексұрын емей кім? Сөйтіп, екі оттың ортасында жүрген жайым бар.
Әнеу бір күні Ырысбектің хатын Нәзира әпкеме ұсынып тұрып, шыдай алмай еңіреп жылап жібердім. Менің мүшкіл халімді ұқты-ау деймін, Нәзира әпкем хатты қолына ұстаған күйде мені ертіп Ырысбектің үйіне әкелді де, көзінше қақ айырып тастай салды да, аяғымен таптап езгілей тұрып:
— Мен сіздің хатыңызды еш уақытта оқымаймын да, босқа әуре боп ендігәрі жазбаңыз, — деді. Өз терісіне өзі сыймай, ызадан жарылып кетердей боп түсі бұзылып, түтіге тұрып айтты.
Басқа біреу болса мұндайда Ырысбек көзін алақ-жұлақ еткізіп тап беретін, ал Нәзира әпкемнің мына істегенінен қызарақтап күле тұрып:
— Нәзира қалқам, мен... мен... — деп берген тұтығып.
— Анау кезде айтып ем ғой, мен сізге ешқандай да қалқа емеспін деп. Аулақ жүріңіз менен!
Онан соң мені ертті де, Ырысбектің есігін қатты сарт еткізіп шығып кеттік.
— Енді хат берсе, алма! — деді маған да түйіле сөйлеп. — Ұратын болса, айтып кел өзіме, Ырысбек тұрмақ онан зорғы болса да көріп алайын әуселесін!..
Әрине, Нәзира әпкем шындап ашуланса, кімнен де болса таймайды, бірақ заты әйел ғой, оны арқа сүйеп не мұратқа жетермін, қаншама жер тепсініп, мықтымси сөйлегенімен, жеме-жемге келгенде Ырысбекке не істей қояр дейсің, құр сөз де.
Кездейсоқ бір жағдай құтқармаса, Ырысбектен оңайшылықпен құтылу жоқ шығар. Күзден бері өзін военкомат екі рет шақыртты. Армияға алып кететін шығар, бұл қызыл көз пәледен сөйтіп құтылатын болармыз деп бүкіл ауыл күткен, әсіресе оның қылжағынан ығыр болған қыз-келіншектер мен біздер — балалар, шынымен-ақ қуанғанбыз. Бірақ қырсық қылғанда екі ретінде де жарамай қайтып келді: «Өкпем әлі толық жазылмапты», — дейді өзі. Бүкіл ауылды аяғынан тік тұрғызып зәре-құтымызды ұшырғанда құдай құрлы, тепсе темір үзетін осы пәленің жазылмай жүрген ол қандай ауру екенін түсіне алмай дал болды ел. Әйтеу, ауданға жүрерден екі-үш күн бұрын екі көзі шүңірейіп, жағы суалып, түрі сарғыш тартып, алты ай жаз төсек тартып ауырған адамдай боп қатты жүдеп кетеді де, ал қайтып келген соң. Зибашты, не Эмманы (ол шақыртқанда, екеуі де тоқтаусыз жетіп келеді) шақыртып ап, он шақты күндей үйінде жатып айран-сүт ішіп, сорпа ішіп қалжаланғаннан кейін, өңінің сарғыш тартқаны, көзінің шүңірейгені кетіп, қайтадан делебесі қозған бурадай құтырынып шыға келеді. Үйіндегі өзін күтіп-баққан әйелді (Зибаш болса да, Эмма болса да) қуып тастайды да, басқа қыз-келіншектерге хат жазуын қайта бастайды. Ауылдағы жылт еткен қыз-келіншектен Ырысбектің көз салмағаны қалмады. Соңынан бес күн түседі, он күн түседі, ай бойы түседі, ақыры қалайда дегеніне жетіп тынады. Бүгінде Ырысбекке көнбегені кемде-кем-ақ шығар. «Бұл ма, бұл екі дүниеде көгермейді, — дейді тоқсаннан асқан Қуатбек шал басын шайқай отырып. — «Жылқыға жау тигенде, жабы құтырар» деген осы да». Кемпір-шал атаулы Ырысбекті қарғап-сілейді, бірақ оған қыңыр ЬІрысбек жоқ, қайта құтырына түсетін сияқты. Енді, міне, Нәзира әпкемнің соңына түскеніне де біраз болды. Ақыры немен тынарын кім білсін. Әйтеу, осы кез маған оңай тиіп жүрген жоқ. Екі оттың ортасында шыбын жанды шүберекке түйгендей жайым бар.
Нәзира әпкем Ырысбектің үйіне мені жетектеп апарып, оған доңайбат жасап кеткен күннің ертеңіне көшеде Әжібек кездескен. Қасында — Қайрат пен Бәтен.
— Әй, көксоққан, бері кел! — деді бұйырып.
Бұрын біздерді екі сөзінің бірінде: «Әй, жүгірмек» деп отыратын Әжібек биыл қыс: «Әй, көксоққан» дегенді шығарған. Мейлі, тіпті жерсоққан десе де әлімжеттілігін жасап зәбірлемесе екен де.
— Ия, — деп мен қасына келдім.
Басында әкесінен қалған түлкі тымақ, үстіндегі ескі қара тонының белін қайыс белбеумен қынтитып тұрып буып апты және онысын Ырысбектің жейдесінің етегі құсатып артына қарай ысырып қойған, сондықтан болар, екі жақ етегі жел кеулегендей делдиіп тұр, аяғында ақжұлықтанған ескі қонышқа қоңыр көннен бас салып тігілген дөрбиген үлкен етік, оны солидолмен шылқытып майлап апты, өзі тіпті мұнда жоқ, жан адамды менсінер емес, паңданып тұр, маған сонау биіктен, жоғарыдан көзінің астымен ғана қарайды. Бұрын бойы менен сәл ғана биіктеу көрінуші еді, биыл қыс тіпті сыриып өсіп кеткен сияқты. Мұрты біліне бастапты. Бірақ Әжібек қанша паңданса да, сидиған арық түріне мына киімдері еш жараспайды-ақ, ұсқыны адам күлерлік еді, жаздағы Шымырбай шалдың бақшасының шетіне ескі-құсқы киімдер кигізіп қадап қойған қарақшы сияқты қалқиып тұр. Әттең, бір-екі жас болса да үлкендігін білдіріп әлімжеттік жасайды, әйтпесе мына түрін мысқылдап мазақ етер ем. Өзінің және бір жаман мінезі: жұртты мазақ етіп күлгенде құдай құрлы да, ал өзіне айтылған бір ауыз әзілді көтере алмайды, көзі аларып шатынап шыға келеді. Жарылып қанталап жүретін астыңғы ернін жалап-жалап қойып, зәреңді ұшыру үшін тісін шақырлатып: «Мені мазақ ететіндей сен кімсің-ей, ә?! Мұрныңды бет қып жіберейін бе осы?!» — деп күс-күс жұдырығын Түйіп төніп келгенде, әзіл айтпақ түгілі, бетіне тура қараудан қаймығасың. Өзі сенен үлкен, қолы ұзын, тарамыстанған арық болса да, күші басым, жеңілмеске қорықпасқа шамаң жоқ. Оған қарағанда Қайрат пен Бәтеннің киімдері тәуір: бірінің үстінде жақында тоқылған жаңа шекпен де, екіншісі жүн сырған күпәйке киген, аяқтарында жаңа шарық. Бар дәмділерін апалары осылардың аузына ұстайтын екеуі екі үйдің еркесі, жүздері қызара тершіп, ұрттары томпиып тұр.
— Көксоққан, Жөкеңді ғой ұмытып жүрсің, — деді Әжібек бірден кіжіне сөйлеп. Әрине, «Жөкең» деп тұрғаны өзі, ал енді оны менің қалай ұмытып жүргенімді түсінсем бұйырмасын.
— Үйіңде артық-тұртық құрт-ірімшік болса, осыны Әжекең ауыз тисінші деп алып шығу ғой ойыңа да келмейді, — деп, біраз кінә артып, сөгіп алды. Мына өзіңдей Бәтенді қарашы, міне, апасының жеті қатқа тыққан құртынан маған ұрлап әкелді.
Енді байқадым, үшеуінің де ұрттары томпаңдап, құрт сорып тұр екен.
— Мен кеше тура жарты таба нанды бір-ақ ұрлап әкелгем, — деді осы тұста Қайрат та шыдай алмай.
— Иә. Мына Қайрат сөйтті. Маладес! — деді Әжібек оны иығынан қағып. — Ал сен ғой...
— Әй, осыны қойшы, сараңды. Бұлар өздері тұқым-тұғиянымен тегіс сараңдар емес пе. Негізіне тартпай тұрсын ба, — деп, Бәтен аузындағы түкірігін шашырата кеп, құйрығымнан бір тепті.
Әншейінде бетіме тура қараудан қорқатын мына жаманның мына құтырғаны қанымды қайнатып-ақ жіберді. Тіпті жеке өз басымды, мейлі, не десе о десін, ал енді бүкіл тұқым-тұғиянымды сараң дегені жаныма батып-ақ кетті. Ыза буып Бәтенге тұра ұмтылғам, Қайрат аяғын төсей қойған екен, соған шалынысып барып омбы қарға оңқа-шоңқа құладым. Үшеуі мәз боп күлсін. Ұшып тұрып қайта ұмтылғанымша, Бәтен сақылдай күліп Әжібектің тасасына тығылды.
— Сараңдардың тұқымы, ха-ха-ха... — деп мені онан әрмен мазақтай түсіп тілін шығарады. Әжібекті арқаланып тұрғаны.
Көзім жасаурап, мысым құрып мен тұрмын.
— Жә, қалжындастыңдар ғой, жетеді енді, — деді Әжібек менің қыстығып жыларман боп тұрған түріме қарап.
— Сен. Бәтен, оныңды қой. Қанат сараң емес. Солай ғой, Қанат, ә? Тек бұ дүниеде менің бар-жоғым ойына келмеген ғой. Жарайды, ол кемшілігін ендігі жерде түзете жатар. Солай ма, Қанат?!
Мен үндей қоймағам.
— Көксоққан-ау, сенің маған бергенің далаға кетпейді ғой, әлі қиын-қыстау күн туғанда, панаң болам ғой. Жә, ендігісін өзің білерсің. Онша санасыз емессің ғой... — Онан соң ол менің ақ киізбен ұлтарылған қара шарығыма, әр жерінен тесіктерінен тауық шоқығандай боп жүндері шоқ-шоқ боп шығып тұрған сары жарғақ тоныма көз тоқтата тұрып: — Әй, сенің көкең мен апаң екеуінің бірге түскен суреті бар ма? — деп сұрады.
— Бар.
— Бар болса сен соны тез арада Ырысбекке жеткізіп бер.
— Мен ол суретті ала алмаймын, ол Нәзира әпкемнің альбомына жапсырылған, — дедім.
— Сонда немене, Нәзира әпкеңнің альбомы адамның қолы жетпес жерде ме?
— Үлкен сандықтың ішінде.
— Аш сол сандықты... — Әжібек тісінің арасынан сыздықтата түкіріп қойды. — Обшым, ұзын сөздің қысқасы, көкең мен апаңның суретін ұрлап әкелетін бол.
— Әкеле алмаймын. Қиында жатыр дедім ғой.
— Әй, ақымақ, Ырысбек оны үлкейткісі келіп отырса, бұл қиында жатыр деп бәлденеді ғой. Бар, өлтіріл, қайтсең де сол суретті әкелетін бол. Бұл саған жауынгерлік тапсырма. Әкелмесең сонда болсын! Бар! — деп, ол сөз соңында май құйрығымнан ақырындап қана бір тепті. Мен кете бергем.
— Әй, көксоққан, — деді ол бірдеңе есіне түскендей желкемнен тартып қайыра бұрып. — Шарығыңнан су өтіп жүрген жоқ па?
— Қар еріген кезде өтеді.
— Онда былай істе. Менің жан адамға көрсетпей, тығып жүрген бір шелек солидолым бар, анда-санда кеп анау шарығыңның ұлтарма тігістеріне, табаныңа жағып алып жүр, сонда су өтпейді, — деді қамқорлық білдіріп.
— Солидолды киізге жағуға бола ма?
— Неге болмайды?! Вот ақымақ. Сен әуелі жағып көрсеңші. Міне, мен етігімді майлап алып ем, су дегенің сынапша сырғып, ішіне түк өтпейді. Қазір мына Бәтен мен Қайратқа да жаққызам. — Әжібек тағы да тісінің арасынан сыздықтата шырт түкіріп қойды.
— Пажалыста, күнде жағып тұрам десең де сенен аямаймын. Ал енді бар үйіңе, бәлденбей әлгі суретті бүгін-ертең әкеп беретін бол.
— Мақұл.
Шынында да, үлкейтемін деп Ырысбектің өзі сұратып отырса, одан неге бәлденіп, тартыншақтауым керек. Ауылдағы талай үйдің төрінен Ырысбек үлкейтіп берген суреттерді көріп қатты қызығатынмын. «Шіркін, көкем мен апамның суретін өстіп үлкейтіп төрге іліп қойса», — деп армандайтынмын. Сөйтіп, келесі күні-ақ Нәзира әпкемнің альбомындағы көкем мен апамның суретін алып, Әжібекке ілесіп Ырысбекке өз қолымнан апарып бердім.
Ырысбек шертіп отырған домбырасын тастай бере, суретті бір жақындатып, бір алыстатып, одан терезенің жарығына қарай теріс қаратып ұстап қарап шықты да:
— Үлкейтуге қолайлы, жақсы екен, — деді.
Осы сезін естіп мен қуанып қалдым.
Ырысбек енді маған қарады да, одан қайта суретке қарады:
— Қанат, тоқташы, — деді. Сөйтті де суретке бір, маған бір тағы да кезек-кезек қарай отырып:
— О, көкесінен айнымай қалған жарығым, тіпті аузынан түскендей ұқсауын қарашы, — деп, мені құшағына алып қысып-қысып қойды. Әлгі мені ұстап алған жерде төбемнен қарға шаншып қорлық көрсететін мінезінен із жоқ, аяқ асты мен дегенде ет жүрегі езіле қапты. Оған деген шексіз ыза-өкпеден бе, әлде оның мүсіркей қалғанына қорланғаным ба, әйтеу, екі бетім дуылдап, көзім жасаурап, үндей алмай булығып шығып кеттім.
— Әй, Қанат, тоқта!
Әжібек соңымнан ілесе шыққан екен. Қуып жетіп, желкелігімнен тартып тоқтатты да:
— Сен суретті жоғалады екен деп қорықпа. Ырысбек, ол — сөздің адамы, айтса болды, орындайды, — деді мені жұбата сөйлеп. Онан соң менімен қатарласа жүріп, өз үйінің тұсына жеткенде: — Жүр біздікіне, мына шарығыңды майлап ал, — деді.
Шынында да, май су өткізбейді ғой, майласам майлап алайыншы деген ой келді маған да, Әжібектің үйі — ауыз үй, түп үйден тұратын аласа ғана ескі кірпіш там. Әжібек жалғыз өзі ғана тұрады. Тұрады деген тек аты ғана, әйтпесе Әжібек ауыл үй арасы ағайын-туғандарын аралап, әркімдікіне бір қонып жүреді. Соңғы кезде көбіне Ырысбектің үйінен шықпайтын. Шешесі өлген екі жылдан бері үйдің күйі мүлде кетіп-ақ қалған. Көктем, күз төбесінен су өтіп, іші үнемі сыз тартып, көгерген иіс тұсынан өткен адамның жүрегін айнытады. Алайда Әжібек мұның бәрін уақытша дейді. Әке-шешесінен қалған азын-аулақ дүние-мүліктерін анда-санда далаға шығарып қағып-сілкіп, онан соң қайтадан буып-түйіп қояды. Балаларды ұйымдастырып үй ішін сыпыртып, жинастырып, қыс кезінде күніне бір уақыт от жағады. Өзі: «Әлі он сегізге толып, үйленетін кезімде бәрі керек болады ғой», — дейді. Дәл қашан және кімге үйленетінін әзірге өзі де білмейді. Осы күні бұрынғыдай: «Зибашқа үйленем», — дегенін қойған. «Жас қыздардың біреуі ер жетер оған дейін», — дейді.
Қазір үйінің мұржасынан будақтап түтін шығып жатыр.
— Үйде Қайрат пен Бәтен бар, деді.
Біз кіргенде, көгерген иіс пен түтін сасыған үйдің ішінде Қайрат пен Бәтен қарамай толы үлкен шелекті орталарына қойып, шарықтарын шылқытып майлап отыр екен. Кішкене қазанда сақылдап бірдеңе қайнап жатыр, оның да тәтті бір иісі білінеді, кәдімгі жас сорпаның иісі.
— Маладестер! Енді сендердің шарықтарыңнан су өтіп көрсін! — деп мақтап қойды Әжібек. — Кәне, Қанат, сен де майлап ал шарығыңды.
Әлгі екеуінің қатарына отыра қап мен де шарығымды майлауға кірістім. Ал Әжібек болса қолына кәкпір алып, қазандағы қайнап жатқан жұдырықтай кесек етті шығарып пышақпен шетінен кесіп жеп көрді де, қайта салды. Біз үшеуміз шарықтарымызды қоя сала, сілекейлеріміз шұбырып оның аузына қарай қалған екенбіз.
— Әлі піспепті, — деді аузындағысын малжаңдай тұрып. Онан соң біздің телміре қалғанымызды ұнатпай:
— Әй, көксоққандар, болыңдар енді, — деді әмірлі үнмен: — Бүгінше мына ет әбден піссін. Өзі кәрі малдың еті ме, немене, әлі тастай қатты. Ал сендер шарықтарыңды майлап алыңдар да, қайқайыңдар үйлеріңе. Ертең сендерге бір-бір жапырақ алып қоям. Үйлерің бар, аш емессіңдер ғой, ауыз тисеңдер де жетер.
Біз шарықтарымызды шылқыта майлап үйден шықтық. Ә деп табалдырықтан аттағаннан бастап-ақ үшеуміздің бірінен-бірі күлкілі аюдың табанындай іздеріміз ақ қардың бетінде аймандай боп баттиып-баттиып қалды. Біраз жүріп барып қайырылып қарағанбыз, іздеріміз тура бір қора қой шұбырып өткендей қап-қара ала боп жосыла түсіпті. Қалай болар екен деп шарықтарымызбен еріген қарды оңды-солды ойқастай кешіп көргенбіз, майдың аты май ғой, шіркін, бұрын шарығымыздың ұлтарма тігістеріне жабыса кететін жентек қар енді тіпті жұғысар емес.
— Қазір мына шарығымызбен су кешсек те өте қоймас.
— Кешіп көрер ме еді өзі?!
— Қай жерде су бар?
Ары-бері омбы қарды ойқастай кешіп іздестіріп көріп едік, бірақ қыстың күні су қайдан табылсын, шұңқырлар мен арықтар тегіс қалың қар астында қатып жатыр. Өстіп мәз боп келе жатқанымызда, тас қойма жақтан торы жорғамен құйғытып шыға келген Байдалы шал біздің ізімізді кесіп өте бере, кілт атының басын тартып қайырыла бұрылды, ақ қарға түскен ізімізге, онан біздің шарықтарымызға қарады да:
— Әй, иттің күшіктері, мына қара майды қайдан алдыңдар? Кәне, жандарыңның барында айтыңдар?! — деп, ақыра қамшы сілтеп, торы жорғамен үшеумізді де тапап өте жаздап төніп келгенде, есіміз шыққан біз зәре-құтымыз ұшып, бір-бірімізге тығыла ұйлығып тұрып қалыппыз.
— Қайдан алдыңдар деймін?!
Дойыр қамшы үшеумізді қоса-қабаттап бір осып өткен. Үшеуміз де шар-шар ете қалдық.
— Қайдан алдыңдар?
Дойыр қамшы басымызға қайырыла төнген.
— Әжібе-е-ек... — деді бақыра жылаған Бәтен.
— Ә, шақша бас ит!..
Торы жорғаға борбайлата қамшыны басқан Байдалы шал енді бізді тастай бере Әжібектің үйіне қарай шапты. Енді байқадық, бұ кезде Әжібек те құстай ұшып Ырысбектің үйіне жетіп қапты. Байдалы шал қалың қарға аты омбылап жете алмай қалды. Жер сабалап, көшені басына көтере боқтануда. Атынан түсіп, Әжібектің есігінің алдынан әлгіндегі қара май толы шелекті көтеріп алды. Сірә, Әжібек қашып бара жатып сыртқа, есігінің алдына шығарып тастап кетсе керек.
— Ә, шақша бас ит, осыдан қолыма бір түсерсің. Сен итті көзіңе көк шыбынды үймелетіп тұрып айдатпасам ба, әлі!..
Соның арасында айқай-шуға жиналып қалған жұртқа:
— Көктемде егіс кезінде құрал-сайман майлауға деп Мытыстан3 барып, бір тоқты беріп әзер деп сұрап әкелгенімді қайтейін. Әнеу бір күні аяқ асты ұшты-күйлі жоғалып кеткені. Апырмай, бұ қара май сонша кімге қажет болды екен деп таң қалып ем. Сөйтсем, мына шақша бастан келген екен ғой. Бұ неткен қаскүнем-ей, а?! Колхоздың қара майын ұрлап... Сотқа тартылғалы жүр ғой, ол ит...
Бір кезде көзі бізге түсіп кеткен: — Әжібекке ерсеңдер көгерерсіңдер, о, жетесіз немелер, үшеуіңді де сойып салайын ба осы! — деп тап бергенде, үшеуміз үш жаққа безіп кеттік...
Баланың қорқынышы ұзаққа созылған ба?! Артынша-ақ қызу ойынға кірістік те, Әжібекті де, оның қара майын да, Байдалы шалды да мүлде естен шығарып, қыстың май тоңғысыз жайма-шуақ күні батқанша, жентектелген қардан аққала тұрғызып, одан екі жаққа бөлініп қармен атысып ойнап, әбден қызыққа баттық. Сөйтіп, үсті-басымыздың малмандай су болғанын да, шарықтарымыздан шылқып су өткенін де аңғармаппыз. Кешкісін үйге кеп шешінген кезімде, үсті-басымды ұстап көрген әжем:
— Құлыным-ау, осынша су болғанша ойнағансың ба? — деді ренжіп. Жұмыстан шаршап қайтқан Нәзира әпкем шай ішіп отыр екен, үндеген жоқ. Мен кән пештің ұзына үстіне киімдерімді жайып, шарығымды қызуы молдау ошақтың желке тұсына кептіруге қойдым. Әлден соң үйдің ішін қолқаны қапқан қоңырсық иіс алып кетті.
— Бұ неғылған иіс? — деп, Нәзира әпкем ұшып тұрып барып ошақтың үстіңгі жағына үңілді. Дәл бір өлген мысықты ұстағандай менің әуелі бір шарығымды қонышынан шымши көтеріп шамның жарығына әкеп тыжырына тұрып қарады да, онан соң екінші шарығымды әкеп және қарады, екеуінің де сыртындағы сыланған қара май еріп, тамшылап тұр.
— Әй Қамат, мынауың не?
Мен үндегем жоқ. Үйдің бұрышындағы ескі тонға орана түсіп, жантайып жата бердім.
— Әй, мынауың не деймін? — деп ақырып жіберген Нәзира әпкем. Мен селк ете түстім. — О заман да, бұ заман киізге қара май жаққан деген не сұмдық?!
Шарықтарымды үстіме қарай лақтырып жіберді.
— Өлтірейін бе осы, а?! Сендей ақымақтың барыңнан жоғың! — деп, маған қарай тап берген.
Әжем ұмтылып кеп арамызға тұра қалды.
— Жә, жә... — деді сабырлы үнмен.
— Әже-ау, бұл ақымақты неге қорғайсың?! Соп-сомадай боп істеп жүргені мынау?!
Нәзира әпкем күйініп барып отыра кетті.
— Елдің мұндай баласы мынадай қиындықта бір жағына сүйеу боп жүр, ал бұл болса со күйі ми кеще, ақымақ... Әй, енді мынау киіз аяқ киімді қалай кептіресің?!
Мен әпкем қандай ауыр сөз айтса да, үнсіз мойындап жата бердім. Киізді майлап жүрген адам — кеще десе кеще, ақымақ десе ақымақ қой.
* * *
Қыс ортасында Мұқан ағайымыз әскерге алынып, мектебіміз жарты айдай жабылып қалған. «Бұл қиын болды ғой, балалар оқудан қол үзіп қалатын болды-ау?! — деп мазасызданған ата-аналар ауылдың бас көтерері деп Байдалы шалға барған екен. Нұғыман ауырғалы, колхоздың кеңсесіне талтақтап кіріп, қоқырайып барып төрдегі бастықтың орнына шірене отырып жүрген Байдалы шал әлгі келген ата-аналарға жат та кеп ұрсыпты: «Әй, өздерің қалай ойлайсыңдар осы?! Мына қақаған қыста мұғалім табуды ойыншық көресіңдер ме? Ол жаңа келетін мұғалімге үй керек емес пе? Отын-су керек емес пе? Ал оның бәрін мен қайдан табам?!. Жә, басты қатырмаңдар!» — деп, қуып шығыпты.
Осыны естігенде, төсек тартып жатқан Нұғыман қатты ренжіген көрінеді. Байдалыны үйіне шақыртқан екен, әншейінде Нұғыманның атын естігенде мөнтең қағатын шал бұл жолы тіпті пысқырмапты да, «қолым тимейді» деп бармай қойыпты. Байдалы шалдың мына қылығын естігенде, үлкендер жағасын ұстады: «Құлан құдыққа құласа, құрбақа құлағына ойнақ салар» деген осы екен-ау, — десті. Нұғыман кім еді? Байдалы кім?.. Күні кеше колхоздастыру кезінде бүкіл бір болыстың елін аузына қаратып, соңына ерткен, орақ тілді, от ауызды, бетіне жан қаратпаған жігіттің сұлтаны еді ғой Нұғыман. Әттең, абайсызда тап жауларының қолына түсіп, мертігіп қор боп қалды. Ал Байдалы болса әркімнің шөре-шөресінде жүрген, қолға су құюдан аспаған сорлы жан еді. Енді, міне, бүгінде кісімсіп бұл да ел басқарып жүр. Мына қараң өшкір соғыстың кесапаты да. Әйтпесе ер-азамат түгел тұрса, Байдалыға қарап қалар күн туар ма еді, сірә да?!
Әжібек болса өзіне қарайлас біздерді — балаларды жиып алып, біз арқылы ата-аналарымызды табалап бір рақаттанып қалды.
— Ал Байдалыға бағынып бір жетістіңдер-ау, а! Еріңдер сол қақбастың соңынан, тұпа-тура социализмнің төрінен бір-ақ шығарсын, — деп кекетті барлығымыздың төбемізден қарай тұрып. — Талай айттым ғой осы, ол Байдалы деген байдың құйыршығы боп келген адам, одан басалқалық шықпайды деп. Әй, енді не дейін бұл елге, шын сөзімді қор қылады. Баласынады. Өзіміздің әлгі боқмұрын Әжібек емес пе, осыны қойшы, адам болмайды дейді. Ал сонда сенген Байдалысының түрі анау ма?! — Әжібек Байдалы шалға да, оған бағынып жүрген бүкіл ауылға да ызалы еді. Сол ызасын қазір біздердің көзімізді шұқығандай бетімізге басып айтып тұр. Біз болсақ үнсіз мойындап тұрмыз. Шынында да, Әжібектің ақылындай ақыл кейбір үлкендерде жоқ-ау дейміз.
— Ал, көксоққандар, оқудан қалған обалдарың бірінші Гитлерге де, екінші Байдалыға, — деді Әжібек сөзін түйіндеп. — Қайта бір есептен осы соғыс біткенше, бастарыңды қатырып оқымағандарың да дұрыс. «Зат есім» «Сын есім»... тағы қай есім еді, әлгі...
— «Сан есім»...
— Иә, иә, сол толып жатқан есімдермен бас қатырғанша, пайдалы бір тірлік істеу керек қой. Оқуды соғыс біткеннен кейін оқып алсақ та жетеді. Өзім соғыс біткен күннің ертеңіне-ақ станциядағы нағашымдікіне барып, тұп-тура милицияның оқуын оқимын. Көкелеріңді сонда танытамын әлі. Әй, сонда әсіресе мына Байдалы қақбасты алдыма салып, іші кепкен сиырдай ғып бір тырқыратармын-ау. Бүкіл елдің алдында табанымды жалайтын болады...
Осы кезде үйінен шыққан Ырысбек дауыстап Әжібекті шақырған.
— А! Жолдас бас қолбасшы!
— Бері кел деймін, — деді Ырысбек.
— Қазір, — деп, Әжібек дедектей жөнелді. Кетіп бара жатып: — Мына әскерлерді қайтем? — деп сұраған.
— Күте тұрсын! — деді Ырысбек.
— Әй, тырп етпей күте тұрыңдар! — деді Әжібек бізге қайырыла бұрылып.
Біз сол тобымызды жазбаған күйде күтіп тұрдық та, Әжібек Ырысбектің жарлығын тыңдап қайтып оралды. Келе бәрімізге одырая өктем қарап:
— Ал, көксоққан әскерлер, бас қолбасшы біздерге ұрсып тұр, — деп бастады сөзін. — Соңғы кезде сендердің не оқыған оқуларың жоқ, не бітірген істерің жоқ, тағы да беттеріңмен кетіп бара жатырсыңдар. Серкесі жоқ мал құсап барасыңдар. Оларың жарамайды. Жаңа Ырысбек те соны айтты. Шүкіршілік, бастайтын серкелерің бар. Ол — мына менмін, — осы тұста балалардың бірі шиқылдай күлген, Әжібек көзін аларта: — Кәне, о кім күліп тұрған? Көк желкеңді қиып жіберейін осы! — деген түтіге жекіп. Күлкі сап тыйылды. — Жаңа бас қолбасшы екеуміз ақылдаса кеп, сендерді қыс кезіндегі еңбекке тәрбиелейтін болдық. Анда-санда таудан отын шабуға барып тұрамыз. Бұл — бізге әскери тапсырма! — деді сөзін шегелеп, онан соң тау жаққа көз сала тұрып: — Әне, Ешкіөлместің күнгейіндегі бұйралана ұйысып жатқан қалың тобылғы мен қарағанды көрдіңдер ғой, содан отын шабамыз. Мынадай қыста салпақтап құр ойнай бергенше, бір уақ отын шауып шешелеріңді қуантсаңдаршы. «Қарағым адам боп қапты», — деп, төбесі көкке жетеді ғой, — деген.
— Ой, біздің үйде отын көп, атам кеше бір шана ағаш отын түсірді.
— Біздің үйдің отыны да қысқа жетеді.
— Мен бармаймын.
— Мен де бармаймын, — деп, балалар жан-жақтан дабырлай бастаған.
Әжібек дөрпиген көн етігімен жерді (қатты қарды) теуіп қалды.
— Бәрің де барасыңдар! — деді ақырып. — Сендер немене, тәртіпті ұмытқансыңдар ма? Мұны мен әскери бұйрық деп тұрмын ғой. Кәне, осыдан біреуің бас тартып қиқалақтап көріңдерші, әкелеріңді де, шешелеріңді де танытып жіберейін. Әне, бас қолбасшы Ырысекеңнің өзі тұр ғой!
Біз, балалар, жым болдық. Дәл қазір Әжібек анадай тұрған Ырысбекті арқаланып, қайсымызды болса да қарсылық етсек, итше тепкілеп жіберетіні анық еді.
— Ал барыңдар, үйлеріңнен кетпендеріңді және отын буатын екі жіптен алып шығыңдар!
— Екі жіп неге керек?
— Неге керек екенін барған соң көресің. Отынды шабамыз да буып-буып таудан домалатамыз да жібереміз, ешқайсыңның жаның қиналмайды, көксоққандар! Егер осыдан біреуің бармай қалып көр, мына жұдырық соның төбесінде өтеді, — деп, күс-күс арық жұдырығын көрсетті.
Үйге кеп, барлық балалар боп таудың күнгейінен тобылғы шабатынымызды айтып, белімізге жіптерімізді буынып, қолымызға кетпендерімізді ұстап, сәлден кейін көше ортасына топырлай жиналдық. Дәу кетпенді әзер деп көтеріп үйден шығып бара жатқанымда, әжем:
— Құлыным-ау, шамаң келмейді ғой, — деген.
— Келеді. Балалардың бәрі де бара жатыр, — дедім. Шынын айтқанда, көбімізге мына қыста тауға шығып отын шабу — ең қызық ойын сияқты көрінді. Үлкендер болса балалардың аяқ асты мына қылығына қапелімде не дерлерін білмегендей, не қоштап мақтап кете алмай, не қойыңдар деп тыйып тастай алмай аң-таң. Әрине, қыс ішінде бір уыс отынның өзін үнем көріп отырғанда, баласының «отын шауып әкелем» деп өз тарапынан суырылып шыққан тірлігі кімді де қуантатыны сөзсіз, тек бірдеңеге ұрынып қалмай, қайырымен болсын дейді де...
Әжібек бастап, ауылдың жоғары жағына қарай шұбырып жүріп кеттік. Алып алма ағаштың тұсына жеткенбіз, бұтақтары сойдиып-сойдиып жалаңаштанып тұр екен. Ұшар басындағы бұтақтарында бүрісіп-бүрісіп қатып-семіп қалған қоңырқай алмалары көрінеді, төменгі бұтақтарында байланған шүберектер жалбырайды. Бізге мына қыста сол қатып-семген алмаларының өзі уылжып тұрғандай, аузымыздан сілекейіміз ағып қызыға қарағанбыз.
— Бұтақтарына шығып сілкиік, бәлкім, анау алмалары түсер, — деді балалардың бірі. Осы сөз қамшы болды ма, Әжібек жолымыздан сәл қиғаштау болса да бұрылып алып, алма ағашқа қарай тартты.
Алып алма ағашқа жақындай бергенбіз, төңірегі ойқастаған қалың із екен, шашылған құстың қауырсыны, жүн-жұрқа.
— Биыл түлкі қалың ғой, түлкінің іздері шығар? — деген Бәтен.
— Мүмкін, алма ағаштың түбіндегі үңгірге түлкі жатып жүрген шығар. Қазір ұстап алсақ қандай қызық болар еді, — деген Қайрат.
— Жо, бұл із түлкінікі емес, — деді ізге үңіле қараған Санат. — Түлкі қарға бүйтіп батпайды.
— Онда қасқырдың ізі шығар?
— Жо, қасқыр да емес. Бұл — иттің ізі.
— Қазір не болса да көреміз енді, — деді алда келе жатқан Әжібек. — Әне, үңгірден қарайып бірдеңенің басы қылтияды. Кетпендеріңді оңтайлап ұстаңдар!
Осы кезде алып алма ағаштың түбіндегі үңгірден Қарақаншық атып шықты, көздері қып-қызыл боп қанталап, тістерін сақылдата ырылдап, айбат шегіп бізге қарсы жүрген. Аппақ қардың үстінде өзі қап-қара боп, ештеңеден тайынбайтын керемет қорқынышты еді. Жолбасшымыз Әжібек болып, біз бір-бірімізді баса-жанша кейін қаштық. Қорыққандарынан бір-екі баланың ойбайлап жіберген дауыстары да шығып кетті. Омбы қарда сүріне-қабына едәуір қашып барып кейін бұрылғанбыз, Қарақаншық соңымыздан қумапты, үңгірдің аузына қайта барып, жер иіскелеп қаңсылады да, ұлып-ұлып жіберді.
— Әй, мынаның іші қабысып, емшектері салақтап тұр ғой, күшіктегеннен сау ма? — деген балалардың бірі.
— Расында да, түрі күшіктеген сияқты.
— Иә, үңгірге маңайлатпауы тегін емес.
— Қыста күшіктеген қаншықты көргенім осы.
— Қайбір жақсылық дейсің, — десіп алып, алма ағаштың басындағы қатып-семген алмалардан күдер үзген балалар енді тауға қарай өз жолымызға түстік. Таудың етек жағындағы жел үрлеп нығарлап тастаған қалың қарды кетпенмен қадау-қадау ойып, баспалдақтап жол салып, жоғары қарай шұбыра өрлеп келеміз. Сөзіміз Қарақаншық төңірегінде: әлдеқашан жоғалдыға санап жүргенімізде, күтпеген жерден алып алма ағаштың түбіндегі үңгірден шыға келуі бізді қатты таңырқатқан еді; оның үстіне қыс ішінде күшіктегенін қарасаңшы; күшіктері қалай тоңбайды екен; ауылға жоламай, мына жырақта жүріп өзі немен қоректенеді? Осы тәріздес толып жатқан сұрақтарға жауап таба алмай, дал боламыз.
— Қарақаншық киелі ит қой, — дейді ішіміздегі ең білгішіміз Санат. — Бұл ауылға не жақсылық, не жамандық әкеледі.
— Жақсылығын қайдам, жамандығын көріп жүрміз ғой, — деді Бәтен.
— Сен Бүбітайдың жынданып кеткенін айтасың ба?
— Иә.
— Оған Бүбітайдың өзі кінәлі. Қарақаншықтың күшіктерін тірідей көміп өлтірді емес пе?
— Қарақаншық олардың бір қазан сүтін ішіп кетті ғой.
— Бір қазан сүтке бола күшіктерін өлтірмеу керек еді.
— Сонда ауылға ұры иттер қаптап кетсін дейсің бе?
— Түк те қаптамайды. Қарақаншықтың бұрынғы күшіктерінің қайсысы ұры болып еді?! Ауылдағы көп үйдің иттері соның күшіктері ғой.
— Сен өйтіп Қарақаншықты жақтамай-ақ қой, бәрібір иттің аты ит те, ал Бүбітай — адам.
— Иттің де обалы бар, жазықсыз тиіссең, сол обалы жібермейді.
Мына екеуінің таласына шыдай алмай кеткен болу керек, осы сәт алда бара жатқан Әжібек кілт кейін бұрылды да:
— Әй, екі кемеңгер, тоқтатыңдар бос былшылды! — деді ыза болып. — Немене, Қарақаншық пен Бүбітайдың күйігі сен екеуіңе батып келе ме, сонша керілдесіп. Дабай, қойыңдар енді!
Санат пен Бәтен жым болды. Бәріміз үйіріле тоқтай тұрып, сәл тыныс алдық. Өрге қарай жүреміз деп едәуір алқынып қаппыз, өңдеріміз қызара тершіп, кейін қарай көз салғанбыз. Түу, шіркін, сұлулық деп осыны айт! Өзіміз дәл бір жердің кіндік үстінде тұрғандаймыз да, төңірек төрт бұрыш тегіс шыр айналып кеп біздің табанымыздың астына түскендей, көз жететін дүниенің бәрі де төменде жатыр. Жазда бірінің үсті көк-жасылданған егінжай, бірінің үсті көк жусан мен боз бетеге, енді бірі айдалған қара пар боп жататын бел-белестер мен дөңдер қазір мақталы қалың ақ көрпенің астында тарс бүркеніп алған, біркелкі боп қымтанып жатыр. Сол тұтасқан жалпақ дүние бұлдырап барып қысқы сұрғылт аспанмен астасқан жерге дейін аппақ боп күнге шағылысып, көзді қарықтырады.
Әжібек тымағын алып жеңімен маңдайының терін сүртті, тісінің арасынан сәнімен сыздықтата түкіріп қойды да, Санат пен Бәтенге кезек қарап алып:
— Меніңше, бар ғой, сендердің анау Бүбітайларыңның адам аяр қылығы жоқ болатын, — деді. — Сау кезінің өзінде жындының ісін істейтін еді ғой. Осыдан екі жыл бұрын, апам өлген жылы жазда, бір рет қарным қатты ашқан соң, осы Бүбітайдың үйіне кіргем. Сонда маған бір тостаған айран құйып берудің орнына, менің көзімді бақырайтып қойып тұрып, жарты шелек айранды қаз-үйректеріне апарып төкті ғой. Сонысы құдай сүйер қылық па?! Сонда мен іштей: «Әй, кесір атар мына қатынды», — дегем. Айтқаным айдай келді, атты ғой әне, ақыры! Аш жүрген маған бермей, айранды қаз-үйрекке төкті деген не деген сұмдық! — өне бойын ыза кернегендей сөзін тістене кіжініп аяқтаған Әжібек қайтадан алға түсіп, өрге қарай қатты-қатты адымдай жүрген, біз тіпті ілесе алмай қалдық. Біраз озып кеткен ол сәлден кейін бізге қайырыла тұрып:- Сендердің анау Қарақаншықтарың да қаншықтығын жасап қасқырмен әмпей боп жүрмесе не қылсын, — деді мысқылдай күліп. — Қыста күшіктеуі тегін емес...
— Ол да мүмкін, — деді Қайрат іле қоштап.
— Мүмкін емес, дәл солай. Осы жолы бұл қасқырмен лықты. Жаңағы бізге анадайдан айбат шегуі тегін емес. Қасқыр күшіктерін қызғанғаны ғой, — деді Әжібек төндіре сөйлеп. — Обшым, осы жолғы бір күшігін мен алам.
— Шынында да, қасқырдан туған күшік нағыз арлан болатын шығар. Мен де біреуін алам, — деді Қайрат.
— Онда мен де біреуін алам.
— Мен де...
— Мен де... — деп балалар жан-жақтан шулай бастады.
— Бәріңе Қарақаншықтың күшігі жетпейді, — деді Әжібек оларды тоқтатып. — Көп болғанда бес-алты күшік шығар. Сондықтан ертең күшіктерді алуға келгенде, Қарақаншыққа беруге нанды кім көп әкелсе, күшікті сол алады.
Осылайша бәтуаға келіп, тауға қайта өрледік. Жоғары көтерілген сайын, қар мүлде жұқарып, біртіндеп қары жоқ қарайған жерге де аяғымыз жетті. Қатты жел үрлеп жалаңаштап кеткен тау күнгейі жайма-шуақ көктем лебін еске түсіріп, бусанып жатыр. Арқамыздан күннің жылуы өтіп маңдайымыздан бір жылы леп сипайды. Әр-әр жерде топ-топ боп өскен қызыл балақ тобылғы, қара күрең қараған, ұйыса жабысқан қалың бөргез, ақ сирақ үшқат қаптай бастады.
Осы тұста бастаушымыз Әжібек тағы бір бел босата тұрып, барлығымызға барлай қарап шықты да:
— Ал, көксоққандар! — деді өктем үнмен. — Енді, дабай, тобылғы шабуға кірісеміз. Жарлық былай: ең әуелі, әрқайсың үлкен-үлкен үш түптен Ырысбекке деп арнап тобылғы шабасыңдар. Соны үйден алып шыққан екі жіптеріңнің біріне буып төмен домалатамыз, бұл сендерге салынған салық. Тек сонан кейін өз үйлеріңе шабасыңдар.
Біз бірден келістік. Тау үстіндегі ен-тегін тобылғының ортасында тұрғанда, үш түп деген де сөз болып па.
— Ақ үшқат пен бөргезден шабуға бола ма? — деп сұраған балалардың бірі.
— Өз үйіңе шауып алсаң, пажалыста, ал Ырысбекке тек тобылғы ғана шабыңдар! — деді Әжібек қатал ескертіп. — Тобылғының қызуы мол болады және қолға кіретін тікені болмайды.
Сөйтіп, біріміз жоғары жағынан, біріміз төменгі жағынан, енді біреулеріміз қос бүйірінен дегендей қорым тастың жиегіндегі қалың өскен, кісі бойындай тобылғыны жан-жақтан шабуға кірістік. Бұрыннан үлкендерге ілесіп тобылғы шауып жүргендер онша қиналмай-ақ бірден кірісіп кеткен, ауыр кетпенді салмақтай көтеріп, тобылғының түбін орай тасы жоқтау деген тұсын ала гүрс еткізіп қап, оп-оңай ғана тамырымен қопарып тастайды, ал тәжірибесіздері тобылғыны кез келген жерінен шауып аламыз деп кетпендерінің жүзін көк тасқа шақ-шұқ соғады. «Гүрс-гүрс»... «Шақ-шұқ...» Ойнай жүріп, күн еңкейгенге дейін, әуелі, Ырысбекке деп дәу екі арқа тобылғы шауып, оларды жіппен буып төмен — ауылға қарай домалатып, енді әрқайсымыз өз үйлерімізге деп шабуға кіріскенбіз.
Бір кезде оқыстан шыққан айқай-шу, аттандаған дауыстар бәрімізді де елең еткізді. Тобылғы шапқанымызды доғарып жалт-жалт қарадық. Төменде жатқан ауылдың көшесінде әбігерге түскен кемпір-шал, бала-шаға біздерге қолдарын бұлғап, бірдеңе деп айқайлап, шуылдасып тұр. Екі-үш ересек адам бері тауға қарай емпелеңдесіп келеді. «Ай-оу-у, ат-тан!»» Ат-та-ан!.. Ой-ба-айй!.. Ой-байй!..» — деседі, басқа сөздері естілмейді.
— Әй, мыналар неге шулап тұр? — деді Әжібек.
— Біздің жоғары жағымыздан бірдеңені нұсқайтын сияқты, — деді Санат. Бәріміз енді жоғары жаққа қарағанбыз, қожыр-қожыр боп төбемізден төнген жартастардан өзге ештеңе көрінбейді.
— Ай-о-оу-у!.. О не-е? Не деп тұрсыңдар? — деп Әжібек ауылдағыларға қарай айқайлаған. Осы сәтте ғана құлағымызға ауылдағылардың:
«...Ысқыр!.. Ысқыр!» — деген сөздері естілгендей болды.
— Қасқыр дейді, — деді Санат.
— Ойбай, қасқыр деп тұр ғой, — деді балалардың бірі үрейлене. Бәріміз де үрейленіп қалдық. Қайтадан ор жаққа, төңірегімізге қарағанбыз.
— Әне!.. — деді бір бала. — Қос көк тастың астында.
Енді біз де көрдік, алып алма ағаштың желке тұсында, біздің теріскей жағымызда аумағы екі үйдің орнындай жалпақ екі көк тас болатын, солардың астыңғы жағында төрт-бес көк ит бұта-бұтаның арасында бірі шоқиып, бірі тұмсығын көтере ауаны иіскелеп, енді бірі біз жаққа сазара қарап тұр екен.
— Ойбай-ай, апа-а! — деп шарылдай жөнелді балалардың бірі. Оған екінші, үшінші ойбай қосылды. Тау үстінде шулап кеттік.
— Не істейміз? — деген Әжібек.
— Тек қашпайық, бәріміз топтасып бірге тұрайық, — деді Санат.
— Дұрыс. Кәне, кетпендеріңді алып менің қасыма жиналыңдар. Кетпеннің шүйдесімен тасты соғып, бәріміз бірдей аттандайық!
— Ат-тан!.. Ат-тан!..
Шақ-шұқ тасты соғып, біріміз шыңғырып аттан сап, ойбайлап бердік. Кенет қасқырлардың шоқайып отырғаны темен қарай ырши секірген. Анық көрдік, үлкендігі тайыншадай, нағыз көкжал екен. Секірген күйі біздің көзімізден таса тұрған алып алма ағаштың тұсына батып көрінбей кетті. Төменгі ауыл жақтағылар бұрынғыдан да қатты шуылдасып кетті.
— Бәрің түгелсің бе? — деді үрейленген Әжібек.
— Түгелміз.
Көкжалдың соңын ала басқа қасқырлар да бізге көрінбей кеткен. Күз жақты жаңғырықтырып иттің жанұшыра үргені, одан қатты бір қаңқ еткені естілді. Ауыл жақтағылар әлі шулап тұр. Сәлден кейін алып алма ағаштың арғы жағындағы қарлы беткейді қиялап әлгіндегі қасқырлар ұмар-жұмар орталарындағы қараңдаған бірдеңені кезек-кезек созғылап сүйрелеп бара жатты.
— Қарақаншықты әкетті!..
Жанұшыра қаңсылап бара жатқан сол Қарақаншық екен. Әрқайсысына бұл да ауыз салмақ болып азу тістерін сақылдатып айбат жасайды, бұлқына арпалысады, көмек сұрап жанұшыра қаңсылайды, бірақ әлуетті күші басым қасқырлар оны жан-жағынан қақпақылдай қағып, көкпарға салғандай бірінен-бірі жұлқа тартып кергілеп барады. Әрқайсысы бар екпінімен ағып кеп, қанға боялған арандай ауыздарын салып өткенде, Қарақаншықтың бір мүшесін жұлып әкеткендей болды. Аппақ қардың үстінде судай шашылып бара жатқан Қарақаншықтың қаны, шарылдай қаңсылағаны керемет аянышты еді, тау-тасқа жаңғырығып аза бойды қаза тұрғызды. Бүкіл ауылға, шуылдаған халыққа құтқарыңдар дегендей шырқырайды. Ал қасқырлар болса өршелене, құтырына түсіп жұлқып-жұлқып әкетеді. Біртіндеп Қарақаншықтың қаңсылы басылайын деді, сәлден кейін мүлдем үні өшіп, қасқырлардың аузында жұлмаланған жансыз затқа айнала бастады. Тағы бір жұлқыласқан кезде, кеуде жағы әлгіндегі тайыншадай көкжалдың аузында қалды да, бөксе жағын басқа қасқырлар бөлісіп әкетті, осылайша Қарақаншықты бүкіл ауылдың алдында пәре-пәресін шығарып олжалаған қасқырлар жұлқыс-тартыспен қыратты асып көрінбей кетті.
Біз, балалар, зәре-құтымыз ұшып, қалтырап қалш-қалш етіп үніміз шықпай, бір-бірімізге тығылып есіміз шығып кеткен еді. Енді шапқан отындарымызға қайырылмастан, бір-бірімізді қаға-маға төмен ауылға қарай біріміз домалап, біріміз сырғанап безіп жөнелдік.
Келесі күні қорқыныш-үрейіміз басылған соң, Әжібек шанасы бар балаларды өзі бастап жүріп, кешегі таудан домалатқан үлкен екі арқа тобылғымызды Ырысбектің үйіне жеткізіп бердік. Егер өгіз шанаға тиер болсақ, мұнымыз дәу бір шана отын еді. Он шақты бала жан теріміз шыға жүріп әлгінің бәрін Ырысбектің қорасына кіргізіп, тап-тұйнақтай етіп бір жағына жинап қойдық. Өз үйлерімізде шыбық басын сындырсақ шыңқылдап тұратын, бір құшақ отын бұтағанның өзінде үйдегі үлкендерді заржақ қып барып әзер тіл алатын, шіркіндер, Ырысбек пен Әжібектің алдында өстіп мөнтең қағатынбыз. Біз тобылғыны тегіс кіргізіп болған кезімізде, Ырысбек үйінен шыққан, бәрімізге жағалай бір қарап өтті де:
— Әй, адъютант Әжібек! — деді.
— Иә, жолдас камандірі — деп Әжібек қарсы алдына жетіп барды.
— Мынау балалар бүгіннен бастап жай әскер емес, ең сенімді, ең батыр, алдыңғы шепте өзімнің төңірегімде ғана жүретін төлеңгіттерім болады, — деді.
Біз ол сөздің мәніне түсіне қоймай бір-бірімізге, одан Әжібекке қарағанбыз.
— Обшым, төлеңгіт болғаннан ұтылмайсыңдар. Басқа балаларға сендер камандірсіңдер, — деп түсіндірді Әжібек.
— Дұрыс айтады, — деді Ырысбек оның сөзін қостап.
— Ертең мен мына Әжібекті МТС-қа темекі әкелуге жібергелі отырмын. Темекі әкелген соң, бәріне шылым тартуды үйретеміз.
Біз төбеміз көкке жеткендей боп қуанып қалдық, бір-бірімізге жымыңдаса қарап, шылым тартуды үйренетінімізге мәз боп тұрмыз. Шылымды құшырлана тұрып сорып, оның түтінін мұрыннан, көзден, құлақтан шығару деген керемет қой!
* * *
Бар тілегім, Ырысбек қашан үлкейтіп болғанша, көкем мен апамның суретін алғанымды Нәзира әпкем білмесе екен деймін, кешкісін жұмыстан келгенде, сандықтағы альбомын алып қарай кермесе екен деп қыпылдап отырам. Абырой болғанда, ол қырманнан діңкелеп шаршап келеді де, кешкі тамағын іше сап, ештеңеге қарауға шамасы келместен мұрттай ұшады. Бар айтатыны:
— Қанатай, қол диірменді өзің айналдырарсың, — дейді.
— Мақұл, әпке, алаң болма, — деп, мен осы үйдің онан кейінгі естияры ретінде ертеңгі ішім-жем талқанды тас диірменге тартуға кірісем. Тас диірменді айналдыру ауыр, қолдың қарын талдырады, бірақ амал қанша, әжемнің шамасы жетпейді, басқа балалар әлі кішкене, сондықтан қолымның қаншама талып, иықтарымның талмаусырап қарысқанына қарамастан, бар күшімді жинап, әбден әлім құрып діңкелегенше, күшене отырып айналдырам. Маңдайымнан тер бұршақтап, көзім қарауытып кетеді, сонда да әжеме, інілерім мен қарындасыма сыр білдірмеймін.
Әжемнің:
— Болды, қарағым, алдыңдағы ауыр тас, иығыңда ауыртып аласың, — дегеніне қарамастан, ылғи да қос уыс бидайды артық тартам.
Бүгін де сөйтіп күшене отырып ертеңгі күннің талқанын тартып боп қалған кезімде, тарс-тұрс есік ашылып, үйге Ырысбек пен Әжібек кіріп келді. Есіктің қатты ашылып, қатты жабылғаны сонша, үйдің ортасындағы дөңгелек үстелдің үстінде тұрған май шам жалп-жұлп етіп өшіп қала жаздады.
— Кеш жарық, әже, — деді Ырысбек даусы гүр етіп.
— Қарағым, Ырысбекпісің? — деп әжем келгендерге сығырая қараған.
— Ия, мен ғой, әже.
— Қасыңда тағы біреу бар ма?
— Әжібек қой.
— Ә-ә... Мына беймезгіл уақытта жай жүрсіңдер ме?
— Балаңыз бен келініңіздің суретін үлкейтіп едім, соны әкелдім, — деді Ырысбек даусын көтере сөйлеп.
Сөйтті де өзі қолындағы ораулы қағаздың бір жағын Әжібекке ұстатып шамның жарығына тосқан; әнеугүнгі өзім берген суреттен айна-қатесі жоқ көкем мен апамның үлкейтілген суретін көргенде, басы әжем болып, бәріміз есіміз шығып аңырып қараппыз да қалыппыз, кәдімгі көкем мен апам тіріліп үйге кіріп келгендей. Әжем өз көзіне өзі сенбегендей жақындаңқырап кеп үңіле қарады да:
— Қарғаларым, қос қарашығым... тіріліп келгендей боп қатар тұра қалғандарын... О, менің айым мен күнім... — деп, айналып-толғанып, есі шығып кетті.
— Әже, қай жерге ілейін? — деп сұрады Ырысбек.
— Төрге іл, — деді әжем.
Абыр-дабырға Нәзира әпкем де оянып кеткен. Әуеліде түкке түсінбей басын көтеріп ап одырая қарап жатты да, Ырысбек ойқастап барып төрге суретті ілген кезде ғана, істің мәніне түсінгендей орнынан тұрды. Әжемде ес қалмады.
— Ағаларыңа төрге көрпе салыңдар... Әй, Болатжан, от жаға қойшы, құлыным... — деп, бәйек боп шәугімге су құйып, шай қойып, Ырысбек пен Әжібекке елжірей қарап:
— Төрге шығыңдар. Отырыңдар. Айналып қана кетейін, сендерден. Өлгенді тірілтті деген осы, мың жасағырлар. Өркендерің ессін, қос қарағым... Әй, Қанат, ауыз үйдегі сүтті әкелші.
Бұл енді әжемнің ағынан жарылғанының белгісі. Әне-міне суалуға таяған қоңыр сиырымыздан күніне екі кеседей ғана сүт шығады. Соның бір кесесін шайға да, бір кесесін күніне бір рет жасайтын атала көжеге қататын, қазіргі маған алғызғаны ертеңгі көжеге қатуға алып қойған сүт еді. Сол сүтке әлгінде ғана ақ тер — көк тер боп ертеңгі азыққа деп мен тартқан талқанды түгел бір табақ қып шылап, Ырысбек пен Әжібектің алдына қойды.
— Алыңдар, айналайындар, — деп бәйек боп жүр. — Әй, Нәзира, ағаңа шай құй.
Нәзира әпкем де төрдегі суретке қарап қойып, риза көңілмен шай құйып беруге кірісті. Біз, балалар да, әке-шешеміздің суретіне қайта-қайта жалтақтай қарап, онан шыланған талқанды көсей асаған Ырысбек пен Әжібекке көз саламыз, аузымызға үйірілген сілекейді тамсана жұтынып қойып, ернімізді жалаймыз. Үйеме табақ талқан лезде сап болды. Маңдайлары тершіген Ырысбек пен Әжібек бір-біріне қарап жымыңдасып қояды. Әжібек кекірініп те алды, тойғанының белгісі. Ыстық суды сораптата ұрттап бірер шыны аяқ ішіп тоқтарын басқаннан кейін, Ырысбек Әжібекке ымдап қол созған. Әжібек ұшып тұрып, келгендерінде қабырғаға сүйеп қойған домбыраны орауынан ашып ұстата берді. Ырысбек домбыраны қолына алып, құлақ күйіне келтіре бебеулетіп қағып-қағып жіберді де, онан соң әжеме:
— Әже, сізге бір ән салып берейін, — деді, көзінің қиығымен Нәзира әпкеме де қарап қояды.
— Сала ғой, қарағым, — деді әжем елжіреп.
Сол-ақ екен, Ырысбек домбырасын безілдетіп-безілдетіп алып, төбе құйқаңды шымырлатар ғажап әуендердің бірінен кейін бірінің басын тез-тез қайыра отырып бір кез:
«А-хо-ау-у-у, хайли-лау, ли-ли-лау, ли-ләй-лау...» — деп әдемі, зор қоңыр даусымен бастап кеп жіберген кезде, күп-күңгірт боп көлеңкелеріміз ербиіп, үрейді ұшырып отыратын жадау-жүдеу үйдің іші самаладай боп жарқырап сала берді.
Қыз емес қыздың аты қызыл асық,
Жігіттер қыз балаға болған ғашық.
Сырттағы дүниені сықырлатып уысына қысқан ызғарлы қыс та, көзің түскен жерде мен мұндалап екі иығыңнан зілдей боп басып тұратын жадау-жүдеу тұрмыс та, әркімнен бұғып, жасқанып, именшек отыратын күйкі тірлік те — бәр-бәрі де ысырылып кейін қап, дүние түгел әсем әнге, сән-салтанатқа толып, жартыкеш көңілдің кем-кетігі тегіс жазылған, жайраңдаған жаз өмір орнады. Шіркін, өмір деген қандай сұлу, қандай жарқын! Өмір сүру, тірі жүру қандай бақыт! Адамдардың бір-біріне деген кіршіксіз таза көңілі, бір-біріне көрсететін сый-құрметі, сүйіспеншілігі қандай ғажап!
«А-хо-оу-у хай-ли-лау
ли-ли-лау ләй-ләй-лау...»
Шіркін, осындай да ғажап ән, ғажап дауыс болады екен-ау?! Бүкіл болмысыңды сиқырлап алып, өзімен бірге еліктіріп, елітіп, тіл жеткісіз ғаламат сезімге бөлейді.
Сөйтіп, бір әннің сиқырлы дүниесіне еніп, соның өзінен ес жия алмай езіліп отырғанымызда, Ырысбек екінші әнді бастап кетті. Тағы да алғашқыға ұқсас, одан артып түспесе кем түспейтін әсем дүние есігін ашты... Онан кейін үшінші ән, төртінші ән... бесінші ән... Ырысбектің әндері көбейе түспесе, азаюшы ма еді. Көзін жұмыңқырап ап, бет-аузы әннің ырғағына қарай сан құбылып, әдемі зор даусымен бүкіл дүниені сиқырлап қойғандай.
Көптен бері, сонау өзі әскерден қайтқан күнгі кештен кейін оның дәл бүйтіп ән салғанын көрмеп едім; өңі керемет сұлуланып, нұрланып, әншейіндегі жексұрындығынан, иттігінен із де қалмаған. Әжем алдындағы жұлық-жұлық жабағы жүнді жібекше талдап түте отырып, әрбір жаңа әннің тұсында басын көтеріп ап, көзі жасаурай сығырайып Ырысбекке айналып-толғана елжірей қарайды, көңілінің көптен бері бір жадырағанын жасыра алмайды; кішкене балалар болса әншейіндегі бірін-бірі түртпектеп отыратын қылықтарынан пышақ кесті тыйылып, бағжырайған көздерін Ырысбектен алмастан ауыздарын ашқан күйде демдерін іштерінен алғандай тым-тырыс отыр; Нәзира әпкем пеш жақтан кеп үстелге бір қырын сәл теріс қарап отырып шай құйған әлгіндегі қалпында тас боп мелшиіп қатып қалған, ән тыңдап отыр ма, жо әлде қалғып кетті ме, белгісіз. Қанша уақыт өткенін кім білсін, бір кез бет-аузын қара тер басқан Ырысбек шаршағандай әнін тоқтатып, барлығымызға күлімсірей қарап шықты да:
— Осымен болған шығар, — деді.
— Өркенің өссін, қарағым, көңілімізді бір көтеріп тастадың ғой, — деп, әжем шын көңілден ризашылығын білдірді.
Жанар мен Жанат әжемді төңіректеп барып ұйықтап қалған, олардан ересектеу Болат қалғып-мүлгіп есінеп отырса да, намысына тырысып ұйқыға жеңдіргісі келмейді. Менің де ұйқым келіп отыр, бірақ үйдегі естияр еркек езім екенім есіме түссе-ақ, ұйқым шайдай ашылады. Нәзира әпкем тұрып төсек салып, әжемнің екі жақ етегін ала жатқан Жанар мен Жанатты жатқызды.
— Көзің қызарып кетті, сен де енді жат төсегіңе, — деді Болатқа.
Нәзира әпкем балаларға төсек сала бастаған соң, Ырысбек пен Әжібек енді өздері де тым кеш отырып қалғандарын түсініп кететін шығар деп ойлағам. Олай болмады.
— Әже, от жағылмаған суық үйге барғым келмей отыр. Рұқсат болса осы үйдің бір бұрышына қона кетсем деймін, — деген Ырысбек самбырлай сөйлеп. Әжем сәл үндемей қалды да, алдындағы түтілген жүнін жинастырып, етегін қағып орнынан тұрды.
— Қонам десең қона ғой, қарағым. Қонақты қуып шығу салтымызда жоқ қой, — деді. Маған әжемнің бұл жауабы Ырысбектен гөрі Нәзира әпкеме арнап айтылғандай көрінді.
Нәзира әпкем үн-түнсіз төрге балалардың төсегіне қатарластыра қонақтарға да төсек сала бастады. Ырысбек пен Әжібек сыртқа шығып келуге кеткен.
— Әже, мен көрші үйдің біріне барып қонайын, — деген Нәзира әпкем.
— Сөйтсең сөйт, қарғам, — деді әжем күрсіне тұрып.
Ырысбек пен Әжібек кіріп, киімдерін шешініп жатуға ыңғайланған кезде, сырт киімін желбегей жамылып Нәзира әпкем далаға шығып кетті. Әжем жатқан соң, жыпылықтап тұрған шамды өшіріп мен де кеп орныма жаттым. Көзім енді ілініп барады екен, біреу бүйірімнен нұқып қалды.
— Әй Қанат, әлгі Нәзира әпкең қайда кетті? — деп сұрады Әжібек сыбырлап.
— Білмеймін.
— Немене, сонда ол бүгін үйге қонбай ма?
— Көршілердің біреуінің үйіне қонам деп кетті.
Әжібек дереу сырғып барып менің айтқандарымды сыбырлап ЬІрысбекке жеткізді. Сәлден кейін Әжібек сырғып қасыма қайта келді.
— Әй, Нәзира әпкең кімнің үйіне кетті?
— Білмеймін.
— Неге білмейсің?
— Кімнің үйіне кеткенін айтқан жоқ.
— Қап!
Енді қараңғы үйде Ырысбек пен Әжібектің күбір-күбір сөзі көбейейін деді. Екеуі қараңғыда отырып киіне бастады.
— Әй Қанат, киін, сен бізді шығарып саласың! — деді Әжібек әмірлі үнмен. Өзімнің де күткенім сол еді, осы пәлелерден тез құтылайық деген оймен оңайда тұрған киімдерімді лып-лып еткізіп үстіме іле сап, қараңғыда жандарына бардым.
— Бұ қайсың, қараңғы үйде түрегеп жүрген? — деп сұраған әжем.
— Әже, біз ғой, қазір далаға шығып келеміз, — деді Ырысбек.
— Ә-ә, — деп әжем онан әрі қарай күбірлеп құдайға сыйынып кетті.
Мен қараңғы үйде сипаланып жүріп есікті ашып, екеуін бастап сыртқа алып шықтым. Түн тастай қараңғы екен. Аспан бұлттанып, оңынан желемік соғып тұр; күн бұзылып, қар жауардың алдында өститін. Иттердің ғана үргені болмаса, ауыл үйдің арасы тым-тырыс, бірде бір үйде шам жоқ, бәрі де тегіс ұйқыға кеткен.
— Нәзира кімнің үйіне кетті? — деп енді Ырысбек сұрады.
— Білмеймін.
— Қалайша білмейсің? — деп ол шап етіп жағамнан ұстай алды. Менің зәрем ұшып кетті, «әжелеп» аттан салуға шақ қалдым.
— Маған айтқан жоқ.
— Жоқ, сен білесің. Қазір бар да, әжем шақырып жатыр деп ертіп кел.
— Рас айтам, ағатай, кімнің үйінде екенін білмеймін, бізге айтпай шығып кетті, — деп, мен шыж көбелек боп тұрмын.
— Онда білмегенің үшін жаза тартасың, — деп Ырысбек дір-дір етіп тұрған күйімде тіп-тік көтеріп алды да, шыр көбелек айналдырып әкеп, есік алдындағы қалың күресінге басымды төмен қаратып қойып қалды. Түнге қарай беті сіресіп жатқан қатты қардың төбеме қатты тигенін білем, бет-аузымды қалың бөргездей осып жібергенін білем, онан әрі сәл есім ауытқып кетіпті. Басым төмен қарай шаншылып күресін қарда қанша тұрғанымды білмеймін, бір кез есім кіргендей боп, аяқ-қолымды тыпырлата бастағам, көрім болғанда, күресіннің жарқабақ жағы опырылып кетіп, есікке қарай домалап түстім. Жан-жағыма үрейлене қарасам, Ырысбек те, Әжібек те жоқ екен, домалай ұмтылып үйге кіріп, жан-дәрмен есікті жауып, ілгегін салып алдым. «Уһ» деп осы жерде ғана есімді жиғам. Ішкі есік ашылып, қолына жалп-жұлп еткізіп май шамды ұстап әжем шықты.
— Қанатпысың? Тыныштық па?
— Тыныш... — дедім мен әжемді қорқытпайын деп түк болмағандай жайбарақат үнмен.
— Әлгілер қайда?
— Үйлеріне кетті.
— Тыныш кетті ме, әйтеу?
— Иә, тыныш кетті, — дедім, өнебойым дір-дір етіп, енді сәл тұрсам, әжемді құшақтап еңіреп жіберуге дайын тұрмын. — Ұйқым келді, әже, жатайықшы...
* * *
Ертеңгісін беті-қолымды жуғанымда, түндегі қар сүрген жерлер тызылдап ашып, алақаныма қабыршақ жаралар мен домбыққан ісіктер білінді. Айнаға барып қарағам; маңдайым, мұрнымның үсті, екі бетімнің ұштары мысық тырнағандай жара-жара боп қапты.
— Қанат, сенің бетіңе не болған? — деді Болат таңырқап.
— Білмеймін, — дедім мен өзім де таңырқаған боп.
— Түнде жалмауыз кемпір кеп тырнап кеткен ғой.
— Солай шығар. Өзі байқамаса, әжеме айтпа, босқа қорқып қалады, — дегем.
— Жарайды, — деді Болат.
Көрші үйге түнеп келген Нәзира әпкем де есіктен кіре бере бетіме жалт қарап:
— Саған не болған? — деді үрейлене.
— Жай, әншейін, — дедім мен иығымды қиқаң еткізіп.
— Түндегілер ғой?!
Мен басымды изедім. Әпкем кеп құшақтап бауырына қысты.
— Қанатай-ай, мен үшін сені де әбден қорлап болды-ау, Ырысбек оңбаған,— деді. Даусы дір-дір етіп, алқымына өксік тығылғанын сезіп тұрмын.
— Әй Қанат! — деді осы кезде ауыз үйде шелектерді салдырлатып жүрген әжем дауыстап.-Анау қорадағы малды шығар!
Мен әпкемнің құшағынан шығып есікке беттедім.
— Әжем көрді ме, біле ме? — деп сұрады әпкем.
— Жоқ, білмейді.
— Онда айтпай-ақ қой. Тағы да жылап-сықтап мазасы кетеді.
— Айтпаймын.
Шай үстінде бетімді көлегейлеңкіреп бір қырын отырдым да, ала көлеңке үй ішінде әжем де, кішкене балалар да бет-аузымның жарасын байқамады.
— Ойнап көп жүріп алмай, түске қарай ертерек қайтып, малды суғар, — деді әжем.
— Мақұл.
Шанамды сүйретіп далаға шықсам, көшенің ортасында Әжібек тұр. Тістерін ақсита күліп қасына шақырды.
— Бет-аузың аймандай бопты ғой, — деді мәз болып.
Әрине, оған күлкі, мен үндегем жоқ.
— Сенің Нәзира әпкең де қызық, қашып кетпесе қайтер еді, — деді ол менің әпкемді кінәлай — Ырысбек қазір оған ғашық. Байғұс түні бойы жылап шықты. Қатын үшін жылаған адамды көргенім осы. Өзі де ұйықтаған жоқ, мені де ұйықтатқан жоқ. Ғашықтықтан күйіп-жанып барам дейді. Қанат, сен енді ол үшін ренжіме. Ырысбектің бұл жолғы махаббаты нағыз шын махаббат сияқты. «Әжібек-ау, бауырым-ау, осы уақытқа дейінгімнің бәрі бекершілік екен» дейді. Ант-су ішті. Ел сияқты семья құрып, үй болғым, бала сүйгім келеді дейді.
Көшенің төменгі жағынан Шағыр көз жиренін шанаға жеккен почташы Мақым шал шыққан.
— Обшым келген соң, мен саған түсіндіріп айтам бәрін де, — деді сөзін асыға тұжырымдаған Әжібек. — Қазір, анау почтаның шанасымен Мытысқа темекіге кетіп барам. Ырысбек, міне, жүз сом берді, — деп қалтасынан жалпақ ақшаны суырып ап көрсетті. — Осының бәріне темекі сатып әкелем, әлі шылым тартуды үйретеміз.
Әжібек қасымыздан өте берген почташы шалдың шанасына секіріп мініп, МТС-қа кетті де, мен ауылдың шетіндегі сайдың қабағында көшкіннен шана теуіп жүрген балаларға қарай тарттым. Көшкіннен секірте шана теуіп біраз ойнаған соң, малдарды суғаратын кез болды-ау деген кезде, әжеме берген уәдем бойынша үйге қайтқам. Енді бет-аузымдағы жараларымды көрсе көрсін деп жасырмай келдім, егер не болды деп сұрай қалса, шанамен көшкіннен секірем деп жығылып қалдым дей салмақпын. Осы оймен қаперімде ештеңе жоқ үйге кіріп келсем, терезеге таяу жалғыз орындықта Ырысбек отыр.
— Қанатай, күнім, жақсы ма, — дейді маған елжірей амандасып. Тіпті түк болмағандай, түнде ғана мені күресіндегі қатты қарға бет-аузымды жара-жара ғып төбемнен шанышпаған адамдай мүләйімси қапты. Мен үндегем жоқ, ошақ жаққа барып, кәнге сүйене тұрдым. Қазандықтың желкесіндегі дәу қара пышақтың орнында жатқанын көріп, көңілім орнына түсті. Егер осыдан Ырысбек артық-әбес бірдеңе істер болса, сол қара пышақпен ішін жаруға бекіндім.
Әжем жүн түтуге кірісіпті, Нәзира әпкем кәннің екінші шетінде иығына апамнан қалған ескі күпәйкені жамылып шұлық тоқып отыр, әскерге жіберілетін киім. Балалар кән жақ бұрышта сабаннан қалпақ тоқып ойнап отыр. Сабаннан қалпақ тоқуды немістің балаларынан үйренген.
Әжем мен кірмес бұрын бастаған сөзін жалғастырды:
— Сен өйтіп бізді басынба, қарағым. Саған қолымнан қызымды бере алмаймын. Өйткенше бұл дүниеден байсыз өтсін. Ал егер менің айтқаныма көнбей өз бетімен саған ілесіп кетер болса, міне, құдай алдындағы сөзім, екеуіңе де қарғыс айтам.
— Әже, мен қарғыстан қорықпаймын, — деп, Ырысбек мырс етіп күлген.
— Әй! — деді әжем оқыс үнмен. — Өйтіп көктен түскендей боп көкіме! Шын қарғысқа ұшырасаң, оның дауасын қайтару қиын болады. Әсіресе жетім-жесірдің көз жасы жібермейді. Бұ дүниені қойып, о дүниеде де алдыңнан шығады.
Әжемнің шындап ашуланғанын көргенім осы еді, ұшып тұрып ошақтың аузында жартылай отта жатқан ыстық көсеуді көтеріп алды да, Ырысбекке есікті мегзеді:
— Әже... әжетай, қойдым, күнім әжетай!... Сөзіңе құлдық, қойдым... кеттім... кеттім... — деп, Ырысбек лажсыз күлгенсіп, есікке беттеді.
Ол кеткен соң, әжем орнына кеп отырып, жүнін түтуге қайтадан кірісті. Көпке дейін үйдің ішінде тым-тырыс тыныштық орнаған. Тек Жанардың қуыршағына «Лағынет!» деп сыбырлай ұрысқаны ғана естілді. Әлден уақытта әжем:
— Е, жаратқан бір алла, кеше гөр өзің, жаратылысымда үйден кісі қуып шығып көрмеп ем. Мәжбүр болдым, — деді ауыр күрсініп.
Қолы-қолына жұқпай шұлық тоқып отырған Нәзира әпкем бір кез ісін тоқтатып:
— Әже! — деді.
— Ay қарағым?
— Жоғарғы жақтан үкім кепті, әйелдер мен қыздарды трактордың оқуына жіберіңдер деген.
— Иә.
— Соған әнеу бір күні Байдалы шал колхоз атынан сені жіберсек қайтеді деген маған. Егер келісім берсем, енді жарты айдан кейін сол оқуға кетер ем.
Әжем де түтіп отырған жүнін тоқтатып, оған оқыс бұрылып:
— Ол теміріңді әйел жүргізе алушы ма еді? — деді.
— Жүргізеді. Соғыстан бұрын Паша Ангелина деген тракторшы әйелдің аты мен суреті газеттен түспеуші еді ғой.
— Қыз баласың ғой, білегің жіңішке, темірді жүргізу ауыр тимесе.
— Тракторды жүргізу үшін қара күш емес, білім керек, айла, тәсіл керек.
— Қайдам, қарағым, өзің білесің де, — деді әжем тағы да күрсініп.
— Трактордың оқуын оқысам, бір жағы мамандық алар ем, екіншіден мына ауылдағы қаңқу-саңкудан аулақ болар ем. Әже-ау, өзің ойлап қарашы, қысы-жазы колхоздың мені қуаламайтын жұмысы жоқ, айлап-апталап далада жүрем. Ал трактордың оқуын бітірсем, сол мамандығым бойынша істейтін белгілі бір жұмысым болар еді.
— Мейлің онда, барам десең бар, — деді әжем келісімін беріп. Қуанып кеткен Нәзира әпкем жымың-жымың етіп күлімсіреп, маған қарап көзін қысып қойды.
Мен сыртқа шығып, күндегі дағдымен қоңыр сиыр мен екі ешкіні айдап апарып тұмада суғарып қайтып келе жатқанымда, ауданнан келетін үлкен жолмен ауыл көшесіне кірген бір ат-шана қарсы жолыққан. Үстінде екі адам бар екен: бірі шинель киген, иығында погоны бар, едірейген қалың мұртты, көзі шарасынан шыққан жалпақ бет, алпамсадай зор денелі кісі, белінде ұзын қылышы бар, ал екіншісі тон киген, бет-аузын қалың түкті сақал-мұрт басқан ат айдаушы орыс шалы.
— Әй, балам! — деді мұртты кісі маған. — Ырысбек дегеннің үйі қайсы? — деп сұрады.
Мен Ырысбектің үйін нұсқағам, әлгілер аттарының басын солай қарай бұрды. Сүрлеу жолдан шыққан ат қалың қарды омбылай жүрді.
Қайдан шыға келгендерін білмеймін, соның арасынша біраз бала қасыма топырлап жиналып та қапты.
— Қанат, ол кім екен? Милиция ма?
— Неменеге келіпті?
— Кімге келіпті? Сенен не сұрады? — деп балалар жан-жақтан сұрақтың астына алып жатыр.
— Білмеймін неге келгендерін, Ырысбектің үйін сұрады.
— Ойбай, онда бір қызық болады десеңші.
— Ал кеттік солай қарай...
Біз енді жапа-тармағай Ырысбектің үйіне қарай шұбадық. Көшенің қалың қарына малтығып ат-шана жеткенше, біз Ырысбектің есігінің алдына топырлап жиналып та қалғанбыз.
Ырысбек сурет салып отыр екен, әуелгіде балалардың есігінің алдына неге топырлап жиналып қалғанына түсіне алмай, терезеден бізге қарап түсін суытып, саусағын безеген, артынша ат-шана кеп кесе-көлденеңдей тоқтай қап, одан погоны бар шинель киген мұртты адам ұзын қылышын сүйретіп секіріп түскенін көргенде, көзі алақтап есі шығып, терезеден кейін қарай ыршып кеткендей болды.
Мұртты адам ішке енген, мұндайда біз қалушы ма ек, соңынан топырлап ауыз үйге ілесе кірдік. Түпкі бөлмедегі Ырысбекпен екеуінің сөйлескен сөздері бізге анық естіліп тұрды.
— Жігітім, міне, повесткаң! Он бес минут уақыт берем, тез жинал, қазір өзіммен бірге ала кетем, — деді мұртты адам бұйыра сөйлеп.
— Қалай? Аяқ асты қалай жиналам? — деген Ырысбек сасқалақтап.
— Е, сенің не жиналатының бар? Қалай қиып қалдырам-ау дейтін қатын-балаң жоқ. Әйда, киіміңді ки де жүр.
— Азық-түлік дегендей...
— Әй, өзің курортта жатқандай әбден-ақ семіріпсің, бір-екі күнге аштан өле қоймайсың. Ертең таңертең комиссияға саламыз да, кешке қарай отправка жасаймыз. Бол, жинал, күтіп тұратын уақытым жоқ, — деді мұртты адам даусын көтеріп.
— Мынау дүниелерім...
— Сен өзің, немене, әскери тәртіпті ұмытқансың ба? Қай солдат үй-мүлкін арқалап жүруші еді?! — деп ақырып қалды мұртты адам. — Киін тез! Мен осылай қарап тұрам, көзімше киін! Анау дорбадағы темекі ме? Бері маған бер! Менде болады. Темекі шеккің келсе, шетінен беріп тұрам.
Аздан кейін мойнына су кеткендей боп сүмірейген Ырысбек ішкі бөлменің есігін ашып тастап:
— Қанатай, мына музыка аспаптарымды саған қалдырайын, аман-сау қайтсам өз қолыңнан алам ғой, — деген.
Менің екі бетім дуылдап, өне бойым дірілдеп кетті, ызадан, намыстан болу керек.
— Керегі жоқ, — дедім тістене тұрып.
— Нәзира әпкеңе айтсаң...
— Керегі жоқ дедім ғой. Біздің үйден аулақ! Нәзира әпкем ауылда жоқ, оқуға кеткен, — дедім ызақорлана дауыстап.
— А. Солай ма?! Онда кімге қалдырсам екен? — деді абдыраған Ырысбек балалардың әрқайсысына кезек қарап, бірақ ешқайсысының рай білдіре қоймағанын көрген соң, беті қайтып, лажсыз үнмен: — Кімге қалдырдым енді, а? — деп мұртты адамға жалтақтаған.
— Қатыннан қатынды қолғап ауыстырғандай алып жүр деп еді ғой, солардың біреуіне қалдырмайсың ба?!
Ырысбек кімге қалдыратыны енді ғана есіне түскендей Бәтенге:
— Айналайын, Дүрияға жүгіріп барып келші, — деді жалынып.
Бәтен жүгіріп кетті. Ол келгенше, Ырысбек музыка аспаптарын, сурет салатын қағаздары мен қарындаш-бояуларын жинастырып орап, буып-түюге кірісті. Сәлден кейін ентіге жүгіріп Бәтен қайтып оралды:
— Керегі жоқ, маған ештеңесін қалдырмасын дейді.
Ырысбек бетінен ұрып қалғандай басын ішіне бұғып, құнысып тұрып қалды.
— Солай деді, ә... — деп басын шайқады. Одан соң мұртты адамға қарап: — Кешіріңіз, енді бір адамды шақыруыма рұқсат етіңіз, — деді. Мұртты адам басын изеді.
— Біреуің Зибашқа барып шақырып келіңдерші, — деген бәрімізге жалына қарап.
— Зибаш үйінде жоқ, станцияға астық тарта кеткен, — деді бір бала.
— Ә. Қап! Әжібек те жоқ. Қайрат, сен бір тіл алғыш бала едің, барып анау Эмманы ертіп келші.
Бұл Ырысбектің ең соңғы үміті еді. Өзі әлгінде ораған заттарын тағы бір байқастап түгендеп шықты да, орындыққа тізе бүкті. Көзі бажырайып үйдің қабырғаларына, төбесіне қарайды, іштей үйімен қоштасып отырған тәрізді, орамалын алып жасаураған көзін сүртті. Қайрат та Эмманың үйіне құстай ұшып барып келді.
— Маған ештеңесін қалдырмасын, керегі жоқ, әйтпесе анау қазақ әйелдері жұлып жейді деді, — деп хабарлады.
— Жарайды, — деп көзі жасқа толған Ырысбек орнынан тұрды. Үйінің ішіне тағы бір қарап үнсіз қоштасты да, сыртқа шығып есігіне құлып салды. — Мә, мына кілтті Әжібекке тапсыр. Ырысбек ағаң аманат етіп қалдырды де, — деп кілтін Бәтенге берді.
Шана есік алдынан шыға берген кезде: «Әй-оу!» — деген әйел даусы естілген. Үйлердің арасынан қалың қарда жығыла-сүрініп Дүрия келе жатыр екен. Қолында түйіншегі бар. Мұртты адам шананы токтатты да, Ырысбекке қарап:
— Әне, бір-екі күндік азығыңды әкеле жатыр, — деді. Дүрия жақындай бере:
— Аспаптарыңды алып қалмағаныма ренжіме. Ендігі жерде менің оларға ие боп қалуымның еш реті жоқ. Оның үстіне әлгі керең қолына түссе, өртеп жібереді, — деді кешірім сұрағандай. — Құдай қосқан қосағым едің, қоштасқалы, арыздасып қалғалы келдім. Жолың болсың, азаматым. Аман-сау қайт... Менің саған деген еш өкпем жоқ, ал менің қателігімді кеше алсаң, кешір, — еңкейіп кеп Ырысбектің мойнынан құшақтап, ұзақ қысып тұрып сүйді. Екі иығы селкілдеп жылап тұрды. Құшақтары жазылғанда көрдік, Ырысбектің көзінен де тарам-тарам жас сорғалап отыр екен.
Мұртты адам ал кеттік дегендей белгі берді де, шана орнынан қозғалды.
— Қош, туған жер!... Қош бол, ел-жұртым!.. — деді Ырысбек даусы дірілдеп. Оның кетіп бара жатқанын Дүрия мен біздерден өзге ешкім білген де жоқ.
БІР ӨКІНІШ, БІР ҮМІТ
Кешке қарай МТС-тан почташы Мақым шал мен Әжібек те қайтқан.
— Әй, көксоққандар!
Әжібектің келгенін көріп қуанғанымыз сонша, шанаға қарай далақтаса жүгірдік. Бір күн көрмегенге сағынып қалғандаймыз. Шынында да, Әжібексіз күніміз серкесінен айырылғанмен бірдей екен. Ортамызда ол жоқ болған бір күніміздің өзі ертеден кешке дейін көшеде опыр-топыр құр сенделіспен өткен еді. Не жөндеп ойын ойнай алмай, не үйді-үйімізге тарап кете алмай, МТС-тан келетін жолға қарағыштап жіпсіз байланып жүрдік те қойдық. Сол қашан қайтар екен, не бітіріп қайтар екен, темекі алып келер ме екен деп, елегізумен болдық. Бала деген қызық-ау, үлкендер сол Әжібекке жоламаңдар, сол оңбағаннан аулақ болыңдар, әйтпесе бір пәлеге ұрындырады деп құдайдың зарын қылып тыйым салып жатса да, өзіміз содан қаншама жәбір-жапа шегіп жүрсек те, айналып келгенде Әжібексіз таңымыз атпайтындай, күніміз батпайтындай боламыз да тұрамыз. Бүгін, міне, көзіміз соған анық жетті.
Біз почташының шанасына жете бергенде, Мақым шал құлағы салпаңдап, аяғын санап басып келе жатқан шағыр көз жиренінің басын іркіп, шанасынан Әжібек пен бір бейтаныс адамды түсірген.
— Енді әрі қарай өздерің де бара аласыңдар ғой, — деген Мақым шал ол екеуіне атының болдырып келе жатқанын айтып.
— Он шақырым болдырмай келіп, үйге он метр қалғанда болдыра қалған атыңның құлағын... — деді шанадан секіріп түскен Әжібек ыза болып. — Мені қойшы, ауылға бірінші рет келе жатқан мына кісіден ұялсаңыз етті.
— Апыр-ай, ә, шынымен солай ма?! Онда шанаға қайта отырыңдар, — деген Мақым шал абыржып.
— Жоқ, енді отырмаймыз, кете беріңіз! — деді Әжібек шаңқылдай айқайлап. — Бүкіл қайырыңызды шайыр ғып жібердіңіз.
— Қап, ұят болды-ау, ә?! Қарағым, отыршы, баратын үйіңе апарып салайын, — деген Мақым шал әлгі бейтаныс адамға.
— Рақмет, ата, енді өзім де барам ғой, мына балалар көмектеседі ғой, — деді бейтаныс адам нәзік үнмен. Біз оны жасөспірім ер бала шығар деп тұрғанбыз, енді даусынан әйел адам екенін аңғардық. Көзінде көзілдірігі бар, үстінде ұзын сұрғылт пальто, басына ер адамның құлақшыны сияқты бас киім киген ақ сары бойжеткен екен, біздерге көзілдірігінің астынан күлімсірей қарап:
— Оқушысыңдар ма? — деп сұрады.
— Ия, бұлардың бәрі де оқушыларыңыз,— деп, біз үшін жауапты Әжібек қайтарды. — Ойынның түбін түсіріп жүрген көксоққандар. Егер мен болмасам, осы ауылды баяғыда өртеп жіберетіндер ғой. Ал, көксоққандар, танысып қойыңдар, бұл кісі сендердің жаңа мұғалімдерің болады.
— Мен өзім де танысам ғой, — деді қыз Әжібектің таныстырғанын жақтырмай.
— Мен таныстырмасам, бұлар ертең сізге қиқалақтап бағынбай жүрер.
— Маған бұлардың бағынғаны емес, жақсы оқығандары керек. Солай ма, балалар? — деді қыз күлімсірей тұрып.
Біз оның ер балаға ұқсаған киім киісіне, күлімсіреген түріне аңырып қарадық та қалдық. Мұғалім деген біздің түсінігімізде Мұқан ағайымыз сияқты түсі суық, оқушыларға қарап күлмейтін айбынды адам болуы тиіс еді, ал мынау қыз болса езуін жияр емес, дәл бір алыстан келген бәріміздің туыс әпкеміз сияқты елжірей қарайды. Өзінің өңінде, күлкісінде адамды үйіріп тұрар бір жылылық, сүйкімділік бар.
— Жүріңдер, мені бригадирдің үйіне алып барыңдар, — деді онан соң.
— Әй, сен шанаңмен менің мына жүгімді алып жүр, — деді Әжібек Бәтеннің шанасына жарты қап жүгін салып. — Ал сендер, — деді қалғандарымызға, — мына кісіні Байдалының үйіне ертіп апарып салған соң маған келерсіңдер, мен үйде болам, — деді.
Біз мұғалім қыздың ағаш шабаданын шанамызға салып, Байдалының үйіне қарай алып жүрдік. Жол бойы ол әрқайсымыздың аты-жөнімізді, нешінші класта оқитынымызды сұрастырып таныса бастады. Өзінің аты Әнипа екен.
— Апай десеңдер болады, — деді. — Мұқан ағайларыңның әскерге кеткенін естіп осы ауылға өзім сұрандым.
Өстіп жаңа келген мұғалім апайымызбен шұрқыраса сөйлесіп, Байдалы шалдың есігінің алдына да жеткенбіз. Үйінен шыққан Байдалы шал, өзінен майға піскен ыстық бауырсақтың иісі аңқи тұрып, мұғалім қызды тіксіне қарсы алды. Ол ұсынған бүктеулі қағазды қолына алып, ары-бері қарады да:
— Бұ неғылған қағаз? — деп сұрады.
— Аудандық оқу комиссариатының мені осы ауылға мұғалім етіп жіберген бұйрығы.
— Біз ешкімнен мұғалім сұрағамыз жоқ, — деді Байдалы шал жақтырмай.
— Сұрамасаңыз да жіберді.
— Қыс ішінде пәтер табу, отын-су табу оңай дей ме екен?!
Байдалы шал қолындағы қағазға біраз шұқшия қарап алды да:
— Әй, сен бері жүрші, — деп, ортамыздан Санатты бөліп ап үйінің артына қарай ертіп әкетті. Санатты неге шақырып әкеткенін біз, әрине, іштей түсініп тұрмыз, хат танымайтын Байдалы шал әлгі қағазды соған оқытып алмақ. Сәлден кейін екеуі де қайтып оралған.
— Қағазды оқыдым, — деді Байдалы шал Әнипаға. — Дұрыс екен. Ал енді бүгінше біздің үйге қон, пәтер жағын ертең қарастырармыз.
— Рақмет, ағай. Менің қонатын үйім бар, сонда барайын, — деді Әнипа апай.
— Иә, ол кім еді? — деген Байдалы шал таңырқап.
— Осында Зылиқа деген кемпір бар ма?
— Бар.
— Сол кісінің үйіне барам.
— Ол Зылиқа кімің болады?
— Ол кісіні сыртынан танитын едім, — онан соң Әнипа апай біздерге жағалай қарап: — Енді мені сол үйге ертіп апарыңдар, — деді.
Біз, Әнипа апайымыздың тілегі бойынша, екі ұлы бірдей майданға аттанып, жалғыз отырған, иілмейтін, қаққан қазықтай тік жүретіндігі үшін бүкіл ауыл Қадауқара атап кеткен Зылиқа кемпірдің үйіне қарай алып жүрдік.
Қадауқара кемпір қолына шыбық ұстап бес-алты қой-ешкісін қоралап жүр екен. Өз үйіне біз бастап әкелген Әнипа апайды таңдана тұрып қарсы алды. Таяп келгенімізде салқын ғана амандасты да, мұғалім қызға көз алмастан шаншыла қарап:
— Жөніңді айт, қарағым? — деді.
— Сіз мені танымайсыз, апа... — дей бастаған Әнипа апай.
— Тұра тұр, тұра тұр, — деді Қадауқара кемпір оның сөзін бөліп. — Сен осы Әлімбайыммен бірге оқыған Әнипа деген қыз емессің бе?
— Иә, — деді Әнипа апай таңырқап.
— Екеуіңнің бірге түскен суретің бар ғой, содан танып тұрмын.
— Қырық бірінші жылы педучилищені бітірерде түскенбіз.
— Қарағым, келші, маңдайыңнан сүйейін, — деді даусы бұзылып, көзі жасқа толған Қадауқара кемпір. — Әлімбайыммен қатар отырған сені кергеннің өзі не тұрады маған.
Қадауқара кемпір мейірленіп кеп Әнипа апайымыздың оң қабағының үстінен сүйді, көзіне толған жасты сүртіп, булығып біраз тұрды.
— Бір жыл болды хат келмегелі... — деді шағынғандай жыламсырап.
— Менің де хат алмағаныма бір жыл болды.
— Жарығым, қай жерде жүр екен?.. О-ой, жалған-ай... — деді Қадауқара кемпір ауыр күрсініп. Тек осыдан кейін ғана жөн сұрады.
— Иә, қарағым, жолың болсын?
— Дәм тартып осы ауылға келдім, апа. Мына балаларды оқытпақпын.
— Оның жақсы болған екен. Қадамың құтты болсын.
— Рақмет, апа.
— Үйге кір, қарағым. Ендігі жөнді асықпай сұрасармыз.
Біз апайымыздың шабаданын үйге кіргізіп кете бергенбіз.
— Әй, балалар, тоқтаңдар! — деді Қадауқара кемпір дауыстап, өзі соңымыздан бір дорба езген құрттың малтасын алып шығып, бәрімізге уыстап үлестіре бастады. — Өздерің маған үлкен қуаныш әкеліп тұрып, құр ауыз кеткендерің жарамайды ғой, — деп қойды. — Айналайын ақ тілеулестерден, амандық болса бәріңді де шақырып, той жасағандай қонақ етем әлі.
Біз мәмпәсилерге ұқсаған бірі ақ, бірі сарғылт малта құрттарды томпаңдай сорып, енді Әжібектің үйіне қарай тарттық. Күн батуға таяп, қызыл шапағы бүкіл ауылды жалқын нілге бояғандай ғып тұр.
Әжібек өз үйінің төрінде бағанағы жарты қап жүгін қасына қойып, мәз-мейрам боп отыр екен. Екі езуі екі құлағына жетіп, қуанышында шек жоқ. Біз кіргенде:
— Олжа деген, міне, — деп қасындағы қапты сыртынан ұрып-ұрып қойған. Бұрқ-бұрқ еткен темекінің ащы иісі шетімізден түшкіртіп-пысқыртып жіберді.
Біз келгенше, ол Ырысбектің әңгімесін Бәтеннен естіп қанып апты.
— Бәрін де естідім, — деді ала көлеңке үй ішінде көңілі сәл жабырқап. — Қайран азамат, Ырысекең қор боп кеткен екен де,- деді. — Әйел опасыз деген осы-ay, бәрінің теріс айналғанын қарашы. О, дүние-ай... — деп үлкен адамша аһ ұрып күңірене сөйледі. Ойланып біраз отырды да: - Апырай, тіпті қызық болған екен, — деді онан соң. — Ең аяғы Эммаға дейін ат-тондарын ала қашқанын айтсаңшы!
Бір сәт мырс етіп күлді де:
— Әй, өзі де көксоққан еді, — деді енді табалай сөйлеп. — Бір әйелмен дұрыстап тұруына болатын еді ғой. Мейлі, жолы болсын! Темекі түгелдей өзіме олжа, — деді ең ақырында.
Сөйтіп, сөзін күйзеліспен бастап соңын мысқылдай аяқтады.
— Ал, енді осы ауылдың темекі тартатындары мен насыбайшы кемпір-шалы маған жалынбай көрсін, — деді мақтана есіп.
Шынында да, темекі салмайтын, бірақ шылым тартатындары мен насыбай ататындары көп біздің ауылда темекінің құны наннан артық болмаса, кем емес еді. Қайғы-қасіретте көңілге жұбаныш болатын бірден-бір дауа темекі боп саналатын. Еркектерді қойып әйелдерге дейін түтіні қолқаны қапқан ащы темекіні құшырлана сорған кезде, көңілдері сейіліп бір сәтке болса да ауыртпалықтың бәрін ұмытқандай болушы еді. Үлкендердің темекі десе ішкен астарын жерге қоятын осынша құштарлығын өнер санайтынбыз. Қолымыздан келсе бұрқылдатып отырып шылым тартқанға не жетсін деп армандайтынбыз. Рас, үлкендер бізге темекінің у екенін, зиянды екенін айтып, шылым тартуымызға қатты тыйым салатын, ал бірақ өздері бір күн темекісіз қалса, бүкіл жарық дүниені тәрік етуге шақ қалып жынданып кете жаздайтын. Ондайдың талайын көріп те, естіп те жүреміз. Сондықтан темекіге деген құштарлығымыз өрши түспесе кемімейтін. Тек, әттең, темекі қолымызға түспейді. Кейде ұрланып жылқының кепкен тезегінен шылым орап тартатынымыз бар, бірақ тезектің аты тезек қой, екі-үш күнге дейін кеңсірігіңді тезектің сасық иісі алып, жүрегің айнып, түтін атаулыдан безе қашардай боп жүресің. Сондайда: «Шіркін, нағыз темекі болса ғой»,— деп арман етеміз.
Енді, міне, Әжібек сол нағыз темекінің жарты қабын әкеп отыр. Шіркін, Әжібек мықты ғой. Қанша мақтаған батырың да, мықтың да осындай-ақ болар. Үлкендердің қолы жете бермейтін дүние байлықты иісін бұрқылдатып ұрып қойып отырғаны мынау.
Және бір тиын ақша шығармаған. Ертеңгісінгі Ырысбек берген алақандай жүз сомдықты бәрімізге көрсете отырып:
— Темекіге ақша шығарып мені ақымақ боп кетті дейсіңдер ме?! — деді күліп.
Біздің алдымызда оның мәртебесі бұрынғыдан да биіктеп, беделі тіптен шарықтап өскен еді. Егер осы сәтте бізден: «Ауылыңда бетке ұстар кімің бар?» — деп сұраса, ойланбастан бір ауыздан: «Әжібек!» — дер едік.
— Ал, көксоққандар, — деді Әжібек біз оның төңірегіне алқа-қотан отырған соң. — Мына Әжікелеріңнің арқасында шылымды тойғандарыңша бір шегіп жетісіп қалыңдар! — деп, қабының аузын шешті.
Темекінің бұрқыраған ащы танауымызды бұрынғыдан да гөрі жарып жіберердей жыбырлатып, түшкіру-пысқыруымыз жиілеп кетті.
— Пах-пах-пах!.. жарықтықтың иісі-ай, — деп Әжібектің өзі де түшкірінді. — Мә, мынадан бір-бір шылымдық қағаз жыртып алыңдар, — деп ол қалтасынан алған бүктеулі газетті ұсынған. Дереу жапа-тармағай алақандай-алақандай етіп бір-бір шылымдық қағаз жыртып алдық. Әжібек қабының аузын ашып, әрқайсымызға бір-бір шекімнен салып бере бастады. Бәрімізге салып берген соң:
— Әй, құр қалған ешкім жоқ па? — деп сұраған.
— Жоқ, — дедік бір ауыздан.
— Ал онда өзіме салайын, — деп, газеттен жыртып ап өзіне де бір шөкім салып алды. Оны қолы майыса отырып орап, онан тілімен жалап жабыстырғанының өзі қандай әдемі десеңші! Біз де соған еліктеп шылымды әдемілеп ораймыз дегенімізбен, қолымыз икемге келмей, бір шөкім темекінің өзін төгіп-шашып отырып әзер орадық.
— Нешауа, өсти-өсти үйренесіңдер, — деп қойды Әжібек біздің ұсқынсыз оралған шылымдарымызға қарап. Енді ол қалтасынан шақпақ тас және мақта алып, шағып-шағып қалған, мақта түтіндеп сала берді, соны үрлеп-үрлеп қойды да темекісін тұтатты. Онан соң сол темекісін сора отырып бәріміздің шылымымызды тұтаттырды. Шылым тартуды білетініміз де, білмейтініміз де құшырлана соруға кірістік. Нағыз темекінің тілді қуырған удай ащы түтінін сорып аламыз да, бұрқырата үрлейміз. Бір-бірімізге қарап жымыңдаса мәз болып, дүниенің бір рақатына қолымыз жеткендей күйде тұрмыз.
— Әй, сендер мына маған қарап, менше тартыңдар, — деді Әжібек, сөйтті де шылымын терең сорып аузына түтінін толтырып алды да, су жұтқандай ішіне қарай қылқ еткізіп жұтып қойды да, онан соң әлгі түтінді қос танауынан бұрқылдата шығарды. Шылым тарту деп осыны айт! Енді біз де шылымнан аузымызды толтыра сорып ап, оны ішімізге жұтып, онан мұрнымыздан шығармақ болдық. Бірақ шылымды бұлай тарту оңай емес екен. Қақалып-шашалмағанымыз кем де кем-ақ шығармыз. Удай ащы түтін бүкіл кеңсірігімізді қуырып, тұншығып өліп қала жаздадық.
— Өй, ақымақтар, өйтіп түтінді бірден көптен сорып жұтпай, әуелі аз-аздан сорып үйреніңдер, — деді Әжібек жеки ұрсып.
Кейбір шылымды қақалмай-шашалмай тартқан балаларға ол:
— Маладес! Сен түбі шылымды жақсы тартатын боласың, — деп мақтап қояды, ал кейбір лоқси бастаған балаларға: — Қор болған темекі! Мынадан түк шықпайды-ей,- деп ұрсып, желкесінен қойып қалады.
Біраздан кейін үйдің іші көк түтін боп кетті. Бір бұрыштағы бала екінші бұрыштағы баланы әзер көреміз. Әуелгіде тым-тырыс отырғанымызбен, шылымның қызығына түсе келе даурығыса бастадық.
— Міне, мен түтінді жұтып, мұрнымнан шығара аламын.
— Мен де үйрендім, қарашы бері!
— Олай емес, былай шығару керек.
У-ду шудан ба, әлде түтіннен бе, сәлден соң басым айнала бастады. Балалардың бәрі күңгір-күңгір сөйлейтін сияқты. Көз алдым сәл айналып тұрғандай, әйтеу, бір қызық хал, ептеп жүрегім айниын деді.
— Әй, көксоққандар! — деді бір кез Әжібек ұйқыдан оянғандай. — Әй, мына үйдің ішін көк тұман ғып жіберіппіз ғой. Мәссаған! Сендер үйлеріңе кетесіңдер, мына көк тұманды жұтып сорлап мен қалам ғой. Кәне, далаға шығыңдар!
Сыртқа шыққанбыз. Кәдімгі бір тар қапастан тұншығып шыққан адамдай көкірегім ашылып сала берді. Суық ауа бүкіл өне бойымды қуалап, бұлақтың тастай суын сіміріп-сіміріп жібергендей болдым. Уһ, қандай рақат! Балалардың бірі қақырынып-түкірініп, бірі лоқсып қойып күресін қарға еңкейеді. Бірақ соған қарамастан көңіліміз шат, шетімізден мәз боп тұрмыз. Шылым тартуды үйрене бастағанымызды мақтан етіп тұрмыз.
— Әй, көксоққандар! — деді Әжібек. — Ертеңнен бастап оқуларың қайта басталады. Анау жаңа келген мұғалім қызды ренжітуші болмаңдар. Егер біреуіңнің қиқалаңдағаныңды естісем, менен жақсылық күтпеңдер! — деді қатал ескертіп.
* * *
Ертеңіне мектебімізде қоңырау қағылып, оқу қайта басталды. Әнипа апайымыз жүзі қандай жылы, нұрлы болса, мінезі де сондай жұмсақ, аңқылдаған мейірбан жан екен. Алғаш класқа кіргенде, мұз қатқан еденнен тайып жығыла жаздаған, біз балалар ду күлгенімізде, өзі де бізге қосыла күліп жіберді.
— Мына еденде коньки тебуге болады екен, — деді басын шайқап.
Онан соң стол басына кеп, класс журналын ашпас бұрын есік-терезелерінен жел ызғыған бөлме ішіне айнала қарай тұрып, онан біздің жалаңаш-жүдеу түрлерімізді көріп күрсініп қалды. Күлімсіреген өңі көлеңке түскендей лезде жабырқау тартып, көз алдымызда өзі де жүдей бастаған. Мынадай класта анық бір сабақты толық отыру мүмкін емес еді. Балалардың көбінің киім-кешегі алым-жұлым, жыртық-тесік, шарық-шоқайларынан не өкшесі, не башпайы көрініп жүреді. Кейбір балалар жыртық шарығының ішіне тығыздап сабан салып киіп алған, жүгірген, ойнаған кездерінде әлгі сабан жыртық-тесіктен біртіндеп суырылып түсіп жүреді де, біраздан кейін сабаны тегіс түсіп, қолпылдап қалған шарығына қар кіре бастайды. Отыра қап шарықтың ішіне сабанды қайта тығып алады.
Осындай түрімізді көрген Әнипа апай сабақты бірден бастай алмай, бәрімізге жабырқай қарап, үнсіз тұрып қалған. Көшеде жүгіріп ойнап жүргенімізде тоңу дегенді білмесек те, суық класқа кеп қимылсыз отырған соң, бойымыз тоңазиын деді, жақ жүндеріміз үрпиіп, күрк-күрк жөтеле бастадық.
Кластың бүкіл бір жақ қабырғасын ала салынған ошағы ауыз бөлмеден жағылатын кірпіш пеш болымсыз ғана жылып тұр. Бұрын қи жаққанда едәуір қызып, кластың ішін жылытып тұратын, ал сабан отынға міз бағар емес. Үй сыпырушы Дәметкен апай от жағуды таң сәріден-ақ бастаған екен, міне, қазір сәске кезі боп қалды, әзірге жыли қоятын түрі білінбейді.
Мұқан ағай әскерге алынып, мектеп бір айдай жабық тұрған уақыттың ішінде мектептің отын қоймасындағы бір қысқа жетерлік етіп жиналған қи үшті-күйлі жоқ боп кеткен. Кім тасып алды, қашан алды, ешкім білмейді. Әлгінде, сабақ басталардың алдында Әнипа апай Байдалы шалға жолыққан, отынның қайда екенін сұраған.
— Әй, қарағым, мен отын күзетшісі дейсің бе?! Қайдан білейін, — деп Байдалы шал шарт кетті. — Осы колхоздың отыннан басқа жұмысы да бастан асып жатыр. Енді оқу болмайды деп біреулер тасып алған шығар. Әне, сабан түсіртіп бердім ғой, соны жаға беріңдер, — деген.
Сол сабанның жылуы, міне, «уф!» деп үрлесең, аузыңнан шыққан бу темекінің түтініндей бұрқырайды. Әнипа апай барып пештің әр жерінен бір сипап ұстап көрді де, тағы да күрсіне тұрып басын шайқады. Ақыры ойлана тұрып:
— Балалар, мына класта көп отыруға болмайды екен, мен сендерге үйде оқуларыңа тапсырма беріп қайтарайын, — деді.
— Сонда біз класта оқымаймыз ба? — деп сұраған балалардың бірі.
— Оқимыз. Тек алдымен класты жылыту жағын ойластырайық. Қысқа деп жинаған мектептің отынын біреулер тасып апты, ал сабанның қаншалықты жылытатынын өздерің көріп отырсыңдар. Мынадай суықта сендерді ауыртып аламын ғой.
Сөйтіп, Әнипа апай үйде оқуымызға тиіс тапсырмаларды тақтаға жаза бастады да, біз оны ілесе отырып көшіріп алуға кірістік. Апайымыздың жазуы біркелкі, маржандай тізілген әдемі еді.
— Мен мектептің отынын жағып отырған бір үйді білем, — деді балалардың бірі өзіне-өзі айтқандай жай сөйлесе де бәрімізге естіртіп.
— Кімнің үйі?
— Ол кім? — дедік біздер жан-жақтан.
— Әжібектің үйінен, — деді әлгі бала. — Барғанымызда ылғи қи жағып отыратынын өздерің де көріп жүрсіңдер ғой. Әжібек сол қиды мектептің отынынан алмағанда қайдан алды?
— Рас-ей!
— Рас! — деп, Әжібектің үйіне қашан бармайық, сары қиды маздатып жағып қойып отыратынын есімізге алғанбыз.
Тақтаға тапсырма жазып тұрған Әнипа апайымыз да біздің сөзімізге елең етіп, кейін бұрылған.
— Әжібек кешегі бала ма?
— Иә.
— Егер мектептің отынын түсіріп алған сол бала болса, анықтап сұраңдар өзінен. Айқай-шу шығармай-ақ қайтарып алайық.
Апыр-ай ә, үйіне қашан барсаң да, Әжібек жағасы жайлау боп жып-жылы отырады, сөйтсек біздің мектептің қысқа деп жинаған бар отынын түсіріп ап, қарық боп жүр екен ғой. Ой, оңбаған-ай! Ой, мүттәйімін-ай!.. Күзде Мұқан ағай өзі бас боп, барлық оқушы балалар өгіз арбамен мына төмендегі қой қорадан үш күн бойы тартқан қи ғой. Қыста рақаттанып жылы класта отырамыз деген есіл еңбегіміз. Бар рақатын түк істемеген Әжібек көріп жүр екен де. Біз бір топ бала қазір мектептен шығысымен, соның үйіне барып айқасуға бел байладық.
— Бәріміз жабылсақ, соған әліміз жетеді ғой, — дедік күбірлесе келісіп.
Сөз байласқан балалар мектептен шыға Әжібектің үйіне келгенімізде, ол төрінің алдында шалқасынан түсіп темекі тартып жатыр екен. Үстелінің үстінде жарты таба нан, бір тостаған майға шыланған талқан, бір тостаған қуырылған бидай, құрт-ірімшік үйіліп тұр.
— Иә, оқымыстылар, мектепке кіргендеріңнен шыққандарың тез болды ғой, — деді ол сол шалқасынан жатқан күйде бізге бетін де бұрмастан. — Әлде сабақтан қашып кеттіңдер ме?
Біз ошақ алдында шашылып жатқан сары қидың сынықтарын бір-бірімізге ымдап көрсетіп үнсіз тұрмыз.
— Әй, неге үндемейсіңдер? Әлде анау үстелдің үстіндегі тамақтарды көріп үндерің өшіп тұр ма? Темекінің арқасында келген дәмдер ғой, — деп Әжібек сол бізге басын бұрмаған күйінде шірене сөйлеп жатыр. — Әлі осы ауылдың дастарқанының ең дәмділері менің аузымда болады. Әжікең өстіп «ахау бикем» деп әндетіп қойып шалқасынан жатады. Оқыған сендер озар ма екенсіңдер, оқымаған мен озар ма екем, көреміз.
Біз сол үнсіз қалпымызда, өстіп жатқанында үстінен барып бас салайық дегендей, ымдаса сөйлесіп бір-бірімізді «сен баста», «сен баста» дегендей, итермелей бастағанбыз. Осы мезетте Әжібек басын көтеріп алды да, қос танауынан түтінді бұрқылдата отырып:
— Әй, көксоққандар, жүрістерің тым суыт қой, неғып состиып тұрсыңдар? — деді.
— Мектептің отыны қайда? — дедік ақай жоқ, тоқай жоқ.
— Қайдағы отын?
— Мектепке отынға деп күзде біз түсірген қи ше? Міне, ошағыңда маздап жанып жатыр ғой. Осыны қайдан алдың? Қазір бәрін қайтар. Сенің қырсығыңнан біз, міне, бүгін сабақ та оқи алмадық.
— Әй, сендер, айтсам айтқандай көксоққан екенсіңдер, — деді көзі шатынап лезде ыза болған Әжібек. — Тіпті көк ми екенсіңдер. Немене, мектептің бар отынын түсіріп жинап ала қоятындай менің қарамағымда жұмысшыларым бар деп пе едіңдер?! Және онша отынды қай жеріме жинаймын? Отын жинайтын қорам да жоқ. Әне, бар отыным ауыз үйде жатыр. Не сөйлеп тұрсыңдар? Өй, ақылдан жұрдай тобан аяқтар. Қайтар дейді ғой. Нені қайтарам?
— Ал онда мына сары қиды қайдан алдың? — дегенбіз.
— Мектептің отын қорасынан, — деді Әжібек сабасына түсіп, салмақтана сөйлеп. — Ең соңынан қидың қалған-құтқанын жинап алғаным рас. Үш қап еді, бір қабы таусылды, екі қаптағы, әне, ауыз үйдің бұрышында үюлі жатыр. Егер мектептеріңді жылытуға жетеді десеңдер, жинап алып кетіңдер.
Біз не дерімізді білмей сілейіп тұрдық та қалдық. Айтса айтқандай, мұның отын қоятын қорасы да жоқ екен-ау. Мысымыз құрып, енді неғыларымызды білмей, не шығып кете алмай, не отыра алмай бір-бірімізге қараймыз. Әжібекті нақақтан қаралап жазықсыз ренжітіп алғанымызға жерге кірердей боп тұрмыз.
Біздің осы жайымызды ұқты-ау деймін, Әжібек те енді ашуын басып, темекісін қомағайлана сорды да:
— Әй, көк милар, — деді жайбарақат үнмен. — Не десеңдер де менің сендерден өзге серіктерім жоқ енді. Мен дегенде құдайдың басқа салғаны осы шығар. Дабай, отырыңдар. Темекі тартыңдар, сөйтіп, естеріңді жиыңдар.
Әлгіндегі жауар бұлттай болып түнеріп, үдірейісіп келген түрімізден із де қалған жоқ. Әжібектің алдында сол баяғы «көксоққан» қалыптарымызға түсіп, аптығымыз басылып, сүмірейісіп барып, отыра-отыра кеттік. Ол ұсынған газеттен бір-бір жапырақтан жыртып алып шылым орадық. Әжібектің алдындағы әлгіндегі кінәмізді толық мойындағандай жерге қарай отырып, ащы түтінді бұрқылдата сорғанбыз:
— Әй, көк ми, түтінді босқа сорып рәсуа етпей, ішіңе жұтып тарт, — деп зекіп қалды Әжібек өзіне таяу отырған балаға. Мұнысы жалғыз оған емес бәрімізге айтылған кінәрат еді. Түтінді текке сорып рәсуа етпей жұтуға тырысамыз. Удай ащы түтін тұншықтырып жібере жаздайды, кеңсірігіміз ашып, тамағымыз жыбырлап, жарыса кеп қақалып-шашалып, көзімізден жасымыз парлап ит боп отырмыз.
— Мектептің отынын кім түсіріп алғанын мен білем, — деді әлден уақытта шылымын тартып болған Әжібек. — Бірақ оның кім екенін айтпаймын. Басыма пәле іздер жайым жоқ.
Иә, Әжібек айтпаймын десе айтпайды. Егер қадалып сұрай берер болсаң, ол ашуланады да, әлгі мазасын алған баланы желкесінен алып есігінен итеріп шығарады да, май құйрығынан қайқайтып тұрып бір тебеді. Ол балаға енді қайтып Әжібектің үйінің есігін ашу оңайға түспейді. Үйінен не бір таба нан, не бір жілік ет ұрлап әкелуі керек. Сөйтіп келіп қана татуласады.
Терезе қағылды да сырттан Мәридің:
— Бәріңді де апай шақырып тұр! — деп айқайлаған даусы естілді.
Біз топырласа жүгіріп сыртқа шыққанбыз. Расында да, Әнипа апайымыз көшеде Әжібектің үйінің тұсына кеп тұр екен. Қасында Мәри және бір-екі қыз бар. Мәри жартылай ер балаша: басына құлақшын, бұтына шалбар киген, үстіндегі шешесінің кішірейтілген ескі пүліш пальтосы белін қынтитып, бойы ұзарып көрінеді, қысқа қарай өзі аппақ боп ағарып, қасы-көзі қап-қара боп қиылып, әдеміленіп кеткен. Өзін-өзі еркін ұстайтын ақ жарқын өжет мінезі де оны басқа қыздардан ерекшелеп тұратын. Қазір апайдың қасында тұрып, сүмірейіп шыққан біздерге мазақтағандай ақсия күледі. Ал күліп тұратын Әнипа апайымыз қабағын шытып, көзілдірік астынан сүзіле қарайды.
— Сендер мұнда неғып жүрсіңдер? — деді.
Біз үндей қойғамыз жоқ. Естімеген адамдай боп біріміз аспанға қарап, біріміз күресін қарды шарығымыздың тұмсығымен тепкілеп, енді біріміз МТС-тан келетін жолға қараған боп тұрмыз.
— Балалар, мен сендерден сұрап тұрмын ғой, бұл үйге неге келдіңдер? — деді Әнипа апай даусын сәл көтере қайталай сұрап.
Біз бұл жолы да үндей қоймадық.
— Мен сырқаттанып жатыр едім, бұлар менің хәлімді сұрай кепті, — деді үйінен біздің соңымызды ала шыққан Әжібек осы тұста бізге ара түсіп, өзі соның арасынша өтірік жөтелгенсіп, ауру адамша бүкшірейе қапты.
— һө, һө... — деп ыңқылдай жөтеліп алды. — Ойбай, белім-ай, сырқыратып әкетіп барады.
Әнипа апай оның ауырып қалдым дегеніне шынымен сенгелі тұр еді, алайда осының бәріне көзі ұшқын шаша ойнақши қарап тұрған Мәри шыдай алмай сақылдап күліп жіберді.
— Ой, жаның шыққыр-ай, өтірікті соғуын... Апай, мұның ауырған түгі де жоқ, сізді алдап тұр, — деді Мәри саңқылдай сөйлейтін әдетімен бүкіл ауылға жар салғандай. — Жаңа терезеден қарағанымда, бұлардың бәрі де темекі тартып отыр екен.
— Әй, сен қыз не сөйлеп тұрсың? — деді Әжібек аяғын басып кеткендей шаңқ етіп. — Темекі тартқан мен өзім ғана. Мен оқымаймын, сондықтан не істесем де өзім білем. Ал мыналар жай қасымда отырды.
— Жоқ, Бұлар да бір-бір шылымды бұрқылдата сорып отырды ғой.
— Бұлар тартқан жоқ!
— Тартты.
— Сен қыздың мен желкеңді үзем ғой, — деп Әжібек доқ көрсетіп оған тұра ұмтылмақ болған.
— Үзіп көр, — деп, Мәри Әнипа апайды тасалана берді. Одан тілін шығарып мазақтай тұрып: — Бұл қотырдың әлі қыздарға ғана жетеді, — деді.
— Ой, бит бас, — деді Әжібек бұрынғысынан да ыза болып.
— Қотыр.
— Жә, тоқтатыңдар! — деді Әнипа апай екеуіне де зеки сөйлеп. Онан соң сүмірейіп тұрған біздерге қарады. — Бүгіннен соң мектептен шығысымен үйлеріңе қайтатын болыңдар. Оқу программасынан онсыз да көп кейіндеп қалдыңдар, соны қуып жетуіміз керек. Ол үшін ешқайда бұрылмай үйге қайтып, сабақтарыңды оқыңдар.
— Бұларды мен шақырмаймын, өздері келеді, — деді Әжібек.
— Сен ересексің ғой, бұларға жаман қылықтарыңды үйретпе.
— Немене, мен сонда осыларға жаман болыңдар дей ме екем.
Бәріне де адам болыңдар деймін ылғи. Ал жаман қылықтарды өздерінің үйренгілері кеп үздігіп тұрса, мен қайтейін.
— Үйренбе де.
— Өйтіп айта алмаймын. Мендегі бар жаман қылықтар бұларда да болсын. Мен қор боп жүрген жоқпын ғой, бұлар да қор болмайды.
— Сен өзің үлкенмен салғыласып, бетіңмен өсіп келе жатқан бала екенсің, — деді Әнипа апай кейи сөйлеп.
— Мен емес.салғыласып тұрған өзіңізсіз ғой. Пажалыста, жолыңыз әне, жүре беріңіз, — деді Әжібек те ызаланып. — Ал мен қай бетіммен өссем, мыналар да сол бетпен өседі.
— Сен өзің неге оқымайсың?
— Оқуды қайтем?!
— Қайткені қалай, келешегіңді, адам болуыңды ойламайсың ба?
— Мен оқымай-ақ та болам.
Мұнан әрі шыдамы таусылған Әнипа апай:
— Жүріңдер, балалар! — деп, бізді соңынан ертіп мектепке қарай жүрді. Әжібек тісінің арасынан сыздықтата түкіріп қойып сыңар езулей күліп қала берді. Былайырақ шыққан соң Әнипа апай сәл кідірістеп біздерден:
— Сендер тауға шығып отын шаптыңдар ма? — деп сұраған. Біз бір ауыздан шапқанымызды және оны қол шаналарымызбен тасып сүйретіп ЬІрысбектің қорасына жинап қойғанымызды айттық.
— Демек, ол отын өздеріңдікі ғой? — деді Әнипа апай анықтай түсіп.
— Өзіміздікі. Өзіміз шаптық, өзіміз тасып әкелдік.
— Ендеше, балалар, сол отынды қазір мектепке тасып алайық. Үй иесі әскерге кетіпті, иесіз қалған қорадан тағы біреу тасып әкетуі мүмкін. Онан да өзіміз аз күн болса да класымызды жылытып сабақ оқиық.
Бұл ақыл бізге бірден қона кетті. Шынында да, өзіміз шапқан тобылғымызды мектепке тасып ап, өзіміз жағып, өзіміз асылынып отырсақ оның несі айып. Оқушы балалар лездің арасында құмырсқадай қаптап кеп, Ырысбектің қорасындағы әнеугүні ғана өзіміз жинап қойған тобылғыны біріміз шанаға сап сүйретіп, біріміз арқалап мектепке таси бастадық. Тас қойма жақтан шауып келген Байдалы шал:
— Әй, бұларың не? Әскерге кеткен адамның отынын тасып алды деген не деген сұмдық! — деп ақыра айқайлап, қамшы үйірген.
Біз шу ете түсіп, тым-тырақай қаштық.
— Әй, мұғалім қыз, мұның қалай? — деп енді ол Әнипа апайға тап берген.
— Ақсақал, сіз мектептің отынын дәл осылай қорғауыңыз керек еді, — деді апай қатқыл үнмен. — Ал мына отынды балалардың өздері шапқан. Мектепте отын болмағандықтан, алуға мәжбүр боп отырмыз.
Апайымыздың мына сөзі бізге медеу болып жан-жақтан:
— Бұл өзіміздің отынымыз, өзіміз шапқанбыз! — деп шулап кеттік. Біздің шуымызға ауыл адамдары шығып, олар да отынды өзіміздің шапқанымызды растап ара түсіп, мектепке отын түсіріп беріп жәрдемдесудің орнына Байдалының мына қылығының ерсі екенін айтып, ауыл арасы біразға дейін улыған-шулыған болды. Сөйтіп жүріп Ырысбектің қорасындағы өзіміз шапқан тобылғыны тегіс мектепке тасып алдық. Ертеден бері күйелеш-күйелеш боп сабан жағып, класты жылыта алмай ит әуре болған Дәметкен апай пешке тобылғыны толтыра тыққан. Қызыл тобылғы дүрілдеп ала жөнелді, біраздан кейін пештің шойын қақпағы қып-қызыл боп қызарып, қабырға пеш қызып, кластың іші жыли бастады. Түстен кейін оқитын балалар ертеңгісінгі біз құсап дірдектемей, сабақтары расписание бойынша өткен еді.
Үйге қайтып келе жатқанымызда, жолда есігінің алдында — Әжібек тұр екен. Түрі өрт сөндіргендей қап-қара боп түнеріп, қатулы еді. Әрине, Ырысбектің қорасындағы тобылғыны мектепке тасып алғанымыз үшін ол бізге ызалы. Дәл қазір қолына жалғыз-жарым түскенімізді итше тепкілеп аямайтыны анық. Сондықтан біз оның үйінің қасынан жұбымызды жазбай топтасып өттік. Ол біздерге қарап жұдырығын түйіп:
— Сатқындар! — деді кіжініп.
Осылайша екі-үш күнге дейін мектепке топтасып барып, топтасып қайтып жүрдік. Ойынды да үйлеріміздің төңірегінде ойнаймыз. Әжібектен қол үзіп алғанымызға өкінеміз де, бірақ оның алдына баруға және де батылымыз бармайды. Сабап тастайды деп қорқамыз.
Үшінші күні сабақ арасындағы үзіліс кезінде мектеп алдына Әжібектің өзі келді. Қапелімде не істерімізді білмей абдырап сасып қалған біздерге ыржия қарап:
— Әй, көк милар, мен сендерді кешірдім. Ойлап қарасам сендердікі дұрыс екен, — деді тісінің арасынан сыздықтата түкіріп қойып. — Оқу үшін ағайынмен де ренжісуге тура келеді. Ал сендер болсаңдар отынды оқу үшін алдыңдар ғой.
Әжібектің өзінің іздеп кеп татуласқанына біз де қатты қуандық. Оны ортамызға ала тұрып өтіп жатқан сабақтарымызды, естіген-білген жаңалықтарымызды айтып, көңіл кірбіңін жазғандай боп қалдық. Қоңырау қағылып, біз келесі сабаққа кірерде ол:
— Сендерсіз көңілсіз екен. Сабақтан босаған кездеріңде үйге келсеңдерші, — деп шақырды.
Енді біз сабақтан кейін қолымыз босай қалса, бұрынғы әдетімізше Әжібектің үйін төңіректеп, соның бастауымен ойнайтын дағдылы ойындарымызды қайта ойнай бастадық. Біртіндеп ол бізге әмірін жүргізуді қайта бастады.
Бірде оның үйінде бес-алты бала тығылып ап темекі тарттық. Бір-бір шылымды тартып болғанша түтінді ішке қалай жұтуды, одан оны бұрқылдатып қос танаудан қалай шығаруды бір-бірімізге көрсетіп, қызыққа батып отырдық. Кейбіреуіміз әжептәуір үйреніп те қалған екенбіз. Түтінді қос танаудан Әжібектің өзінен қалыспай бұрқыратып шығарамыз. Онымызға Әжібек мәз-мейрам боп қуанады.
— Ой, маладес!.. Міне, нағыз шылымшы! — деді қолпаштай мақтап. Бір шылымды тауысқанша бір-бірімізге өнерімізді толық көрсетіп, үлгере алмай қалғандай да болдық.
— Мен шылым тартуды үйрендім.
— Мен де үйрендім. Қалай тартқанымды Әжібектің өзі көрді ғой.
— Шіркін, тағы бір шылым болса, — десіп даурыға бастадық.
Бір-бір шылымдық темекі бергеннен кейін қабының аузын мықтап байлап қоятын Әжібек біздің мына сөздерімізден кейін шыдай алмай кетті-ау деймін:
— Әй, сендерден аяғанымды ит жесінші, — деп, қабының аузын қайтадан шешті. — Сендер темекі орай алмайсыңдар, жартысын рәсуа ғып шашып аласыңдар. Сондықтан, дабай, қағазды әуелі ешкі сирақ етіп дайындап орап алыңдар!
Біз енді Әжібектің өзі көрсеткендей етіп, қағаздан ешкі сирақ етіп орап алдық. Бұлай орау оңай екен. Сол ешкі сирақты толтыра-толтыра темекі салынды. Ал кеп түтінді бұрқылдата сорып, жарыса тарттық. Алғашқы күндердегідей емес, темекінің түтіні кеңсірігімізді онша ашытпайды, қақалып-шашалмаймыз да, сорып ап ішімізге жұтамыз да, онан соң бұрқыратып танауымыздан шығарамыз. Бір рақат, шылымды сөйтіп тартып отырғанда, өзімізді есейген, дардай адам сезінеміз. Үлкен жігіт болғанымыздың белгісі-ау дегендей, әрқайсымыз қоқиланып қоямыз. Міне, ешкі сирақты да тартып бітірдік. Қызды-қызды боп отырған Әжібек өзі бастап тағы да бір-бір ешкі сирақты орап алдық, тағы да темекі тартудың өнерін кезектесе көрсетіп бұрқылдатып кеттік. Екінші ешкі сирақ бітуге таяған кезде, көз алдым, отырған балалар, бүкіл үйдің іші айнала бастағандай болды, екі қулағым шуылдап, балалардың сөзі алыстан күңгірлеп естілді. Ұйқым келген сияқты, қалғи бастаған сияқты болам, жантайып жатқым келеді... Алыстан талып естілген күңгір-күңгір сөз... дауыл жел соққан толассыз бір шуыл... «Ыш-ш...» Мұнан әрі ұйықтап кеткен болуым керек, ештеңені білмеймін.
Көзімді ашқанымда, үйде жатыр екем. Әжем басымды көтеріп тостағанмен бірдеңе ұрттатып отыр, дәмін біле алмаймын, әйтеуір, салқын сусын екенін сезем, кеңірдегім, сарайым ашылып сала берді. Түу, қандай жақсы сусын еді. Әжемнің ерні жыбыр-жыбыр еткені болмаса, үнсіз отырған сияқты еді, жаңағы салқын сусыннан кейін біртіндеп оның сөйлеп отырғаны құлағыма жетті.
— Құлыным... қозым... тағы да жұтшы... — дейтін сияқты. Тағы да жұтайын десем, әлгіндегі көкірек сарайымды ашқан рақат сусын лездің арасында жүрегімді айнытып, астан-кестен ете бастаған, лоқсытып кейін қарай теуіп жатыр. Аузыма ыстық іртік боп қайта құйылып сыртқа атылды...
Осылайша неше күн қиналғаным есімде жоқ. Басымды кетерін бетім бері қараған кезде, үйге Әнипа апай келіп отыр екен. Алақанымен менің маңдайымды ұстап көрді де:
— Әлі де ыстығы бар екен, — деді әжеме қарап. — Сүт бере беріңіз. Әбден уланып қалған.
— Басқа балалар қалай екен? — деп сұраған әжем.
— Олардың да хәлдері ауыр. Екеуі мына Қанат құсап көздерін бүгін ашты, екеуі әлі талықсып жатыр.
— Әлгі Әжібек ше?
— Мыналарға қарағанда ересек емес пе, ол басын кеше көтерді. Батырың енді қайтып темекіге қарамастай болған сияқты.
— Япырай десеңші, бәрін бастап жүрген сол ғой.
— Ол өзі де оңбай уланыпты, — деп Әнипа апай кетуге ыңғайланды.
— Ал, әже, қорықпаңыз, балаңыз бірер күнде тұрып кетеді. Тек әбден айығып тәуір болмайынша, мектепке жібермеңіз.
— Жарайды, қарағым, — деді әжем оны шығарып бара жатып.
Сөйтіп, Әжібекке ілесеміз деп темекіге уланып ауырып, бір аптадай оқудан қалдық. Оның есесіне сол темекіден уланған балалар содан қайтып еш уақыт аузымызға темекі алмайтын болдық. Бұл — өмірдің өзі оқытқан ащы сабағының бірі еді.
БОРАН
Нәзира әпкемнің станцияға астық тартып кеткеніне бір аптадан асты. Күзде күн жылы, жер қарада астық тартқандар өгіз арбамен станциядан төрт күнде оралатын, ал қазір қыс кезінде өгіз шанамен алты-жеті күн жүріп әзер оралады. Кешеден бері боран соғып тұр. Біздің жақтың бораны белгілі ғой, бір соқса төрт күнсіз, яки апта бойы басылмайды, қора іргесіне кеп жер тырмалаған аш қасқырдай ұлып тұрып алады. Мұндай күндері үйдің іші қоңырқай күңгірт тартып кетеді. Көңілсіз-ақ. Қай мезгіл болғанын айырудан қаламыз: терезеден жарық түскенде — таңның атқанын, қараңғылық түскенде — батқанын білеміз. Екі терезенің бірін (жел жақ беттегісін) әжем ескі көрпемен қымтап бітеп тастаған, ал қалған жалғыз қабат терезенің әйнегіне қалыңдығы бір елі қырау тұрады, кішкентай балалар көзді ала бере тырналап соның қарын жейді. Онан соң жақ жүндері үрпиісіп дірдектеп, күрк-күрк жөтеледі. Бір жақсысы сабан көп, ертеден кешке дейін пеш алдына қыздырына отырып от жаққаннан болу керек, абырой болғанда балалардың ешқайсысы ауырмайды. От жаға отырып сабан арасынан шала бастырылған масақтарды тереміз. Әжеміз ұзақты күнге жүн түтіп әскерге жіберілетін қолғаптық-шұлықтық жіп иіреді. Сырттан естілген әрбір тықырға елегізіп:
— Әлгі сорлы қай жерде жүр екен? — дейді жолда жүрген Нәзира әпкемнің жайын ойлап. — Тірі ме екен, әлде мына боранда бір жерде ұшып өліп қалды ма?! Е, алла...
Әжемнің бұл қайғысы біздің санамызға онша кіре қоймайды. Өйткені далада жүрген, әсіресе станцияға астық тарта кеткен адам біздіңше дін аман жүруі тиіс сияқты, ол үшін қайғыру бекершілік. Біз үшін үйдегі, көз алдымыздағы жағдай ғана көңілге қонады. Мысалы, Нәзира әпкем кетерінде, бізге азық етуге бір аптаға жетерлік етіп бидай қалдырып кеткен, содан күнде ертеңгілік әрқайсымызға екі қос уыс (менің қос уысыммен) мөлшерінде бидай өлшеп аламыз да соны қуырып, қол диірменге тартып бір күнге азық етеміз. Әрине, қарнымыз шала құрсақ қана тояды. Бірақ соған үйреніп алғанбыз, қанағат қыламыз. Бір күнге әлгі. мөлшерден көп қуыруға әсте болмайды, өйткені артық қуырылған бидай болса жеп қоюымыз мүмкін, сөйтіп, бір аптаға бөлінген азығымызды тез бітіріп алсақ, Нәзира әпкем қайтып оралғанша, ашығып қалуымыз мүмкін. Сондықтан Нәзира әпкем кетерінде, маған таптап-таптап тапсырып кеткен:
— Мына кішкентайлар жыласа, әжем шыдай алмай жегізіп қоюы мүмкін. Сенің ақылың бар ғой, Қанатай, бидайды үнемдеп, күнделікті жейтіндей етіп қана қуыратын болыңдар. Азықтарыңды тез тауысып алып, ашығып қап жүрмеңдер, — деген. Әпкемнің сол тапсырмасын мүлтіксіз орындауға тырысам.
Қырсық болғанда екі-үш күннен бері әжем ауырып қалды. Осыдан он шақты күн бұрын станцияға жөнелтілетін астықты тазаласамыз деп ауылдың кемпірлері тас қоймада ертеден кешке дейін бидай ұшыруға көмектескен. Әжем сол кемпірлердің ен ортасында айрықша пысықсынып кетіп еді, сонда суық тисе керек. Кеше ыңқылдай жүрсе де бидайды өзі қуырып беріп еді, бүгін ертеден бері басын көтере алмай жатыр. Денесі лапылдап жанып, ыстығы көтеріліп, қатты ыңқылдайды. Ертеңгісін мен қайнатып берген ақ су — шайды да іше алмады.
— Бәлкім, кішкене оранып жатып терлесем, тұрып кетермін, — деп тарс бүркеніп, үйдегі қалың көрпелерді сыртынан қымтап жапқызған. Терлеп жатыр.
Түс боп қалды, бірақ әзірге әжем тұра алатын емес. Кішкене балалар не істерлерін білмей, біресе пештің алдына үймелей отырып от жағып, масақ теріп, біресе терезенің алдына барып әйнекке тұрған қалың қырауды тырмалап, сыртқа сығалап сең соққандай күйде.
— Әжем өліп қалмай ма? — дейді Жанар көзі жасаурап.
— Қой, жаман сөз айтпа! — деп Болат оған жекіп тастайды.
«Шынында да, әжем өліп қалмай ма» деген ой келгенде, менің де зәре-құтым ұшады. Бірде Нұрсұлудың шешесіне оның: «Жылым — мешін, сонда биыл мүшел жастамын, жетпістің үшеуіндемін, қатер жастамын...» — деп айтқанын естігем. Демек, өзі қауіптенсе, өліп қалуы да мүмкін ғой. Онда біз де тегіс қырылып қаламыз ғой. Бұл ойымды онан әрі өрбітуге дәтім шыдамайды. Дереу басқа бірдеңелерді ойлағым келеді.
Әдетте, күн ашықта мектепте сабақта болып, үзіліс кезінде балалармен алыс-жұлыс ойнап жүріп ештеңені ойлауға да, жабығып мұңаюға да мұршаң болмайды. Ал мынадай боранды күндері ертеден кешке дейін үйде қамалып отырғаннан өткен қасірет жоқ шығар. Мұндай күндері мектепте сабақ болмайды.
Әнипа апай: «Боранды күні мектепке келмеңдер, сабақ болмайды», — деген алғашқы күн-ақ.
Міне, екі күн болды, қамалып үйде отырғаныма. Тыстан «у-у...» — деп ұлыған боран үні естіледі, сыртқы есікті жұлқылап, сарт-сұрт еткізіп қағып қояды. Осындай күндері ішқұсаланып, не істерімді білмей жабығып, боранға қосыла ұлып жылағым келеді. Көкемді есіме алам, әскерге кетерінде оны шығарып салып тұрып әжем де, апам да, Нәзира әпкем де жылап еді, тек мен ғана жыламап едім. Сөйтсем, жылаудың не екенін білмеген екем ғой. Оның соғыстан қайтпайтынын да түсінбеппін. Енді, міне, сонда жыламағаныма өкінем. Бәлкім, мен де жылағанымда, көз жасымды көріп оққа ұшпас па еді... Апамды есіме алам: ауылда жүріп-ақ, ауырмай-сырқамай, қапыда ұры-қара біреулердің қолынан қаза тапқаны өкінішті-ақ. Әттең, қасында көкем болса ғой, сонда кім қолын көтерер еді оған... Шіркін, апам!.. Осы күні әркімнен көрген жәбір-жапамды айтып, шағынып жылағым келеді.
Aпа... Апа...
Көзіме кептелген ыстық жасты ешкімге білдірмей ысырып тастап, енді көңілімді басқа жаққа аударғым келеді. «Жә, қайғыра бергеннен түк өнбейді, — деп қоям әжемнің сөзін қайталап. — Белді бекем буып бәріне де шыдау керек. Тіршілік ету керек...» Иә, тіршілік ету керек. Сабағымды оқиын онан да. Үйге берілген тапсырмаларды тағы бір қайталап шығайын. Оқу құралдарымыз жоқ болғандықтан, Әнипа апай үйге берілген тапсырмаларды тегіс класс тақтасына жазатын да, біз көшіріп алатынбыз. Енді сол тапсырмалар жазылған ескі кітап, газет-журналдар қиындыларын (дәптер деген бізде атымен болмайтын да сабағымызды ескі кітап, газет-журналдардың беттеріне жазатынбыз) қолыма алып қайталай бастағаным сол еді, пеш алдында отырған Болат пен Жанат, Жанар үшеуі ойындарын қоя сала елеңдесіп құлақтарын менің күбірлеп оқыған сабағыма тоса қапты. Ыза боп кеттім.
— Неменеге елеңдей қалдыңдар?! Отырыңдар жайларыңа! — дедім ашуланып.
— Біз жайша... әлгі, нетіп... — деді Болат міңгірлеп.
— Біз жайша... — деді Жанат та оның сөзін қайталап.
— Біз жайша... — дейді Жанар да.
Қалай күйіп-піспессің. Өзің көңілің құлазып, не істеріңді білмей, бір ауық сабағыңды алданыш етейін десең, оны да мына кішкентайлар қитығыңа тиіп оқытпайды. Үйге берілген тапсырмаларды ертеден кешке дейін бір күн емес, бірнеше күн қайта-қайта оқи берген соң, өзім ғана емес, інілерім мен қарындасым да жаттап алған еді. Құлақтарына сіңгені сонша, ойын үстінде бір-біріне: «Төрт жердегі төртім қанша?», немесе: «Зат есім дегеніміз не?» — деп сұрақ қойып, оған өздері жарыса жауап беріп жатады. Олардың мұнысы маған мені мазақтағандай әсер етеді. Енді қалай, менің әлдеқандай боп қоқиланып, өзімше инемен құдық қазғандай білімді үлкен қиналыспен тер төгіп оқып жүрмін дегенімді қайтейін, мына үшеуі пештің алдында ойнап отырып-ақ оп-оңай қағып жаттап ала қояды. Мен үшін сабақ оқу, ал бұлар үшін жай ойын. Соған мен өлердей намыстанам, ыза болам. Қазір де үшеуі мен қай сабақты қайталар екен дегендей маған елеңдеп қарай қапты.
— Отырыңдар жайларыңа, — дедім зеки қайталап. Үшеуі тым-тырыс пеш алдындағы сабанға отыра-отыра кетті.
Мен күбірлеп сабағымды қайталауға кірістім. «Шіркін, оқулықтарым болса ғой, осындай боранды күндері бастан-аяқ оқып жаттай берер ем. Сонда мына кішкентайлар ілесе жаттамақ түгілі, бір сөзімді ұғудан да қалар еді. Әйтпесе ғой, немене, бір жаттап алғаныңды қайталай берген де мезі ғып жібереді екен.
— Қанатай, күнім... — деді осы кезде тарс бүркеніп жатқан әжем даусы әзер шығып, — менің жағдайым болатын емес... мына кішкентайлардың қарнын ашырып алма, қарғам... сенің есің бар ғой, тіршілік жаса...
— Мақұл, әже.
Дереу төсектің астындағы ала дорбаны алып шықтым. Қазандағы қайнап тұрған суды шәугімге құйып алып ішін тазарттым да, Болатқа от жаққыздым, онан соң әжемше: «Біссімілдә» деп қос уыстап бидайдан қызып тұрған қазанға сала бастадым. Артық та емес, кем де емес дәл мөлшерлеп әрқайсымызға екі қос уыс өлшеп салғам. Жарты қазандай болды. Қызып тұрған қазанға түскен бидай сәлден кейін тамшылай бастаған ақ жауындай ақырындап сытырлай бастады. Оны араластырып тұру керектігі есіме түсіп дереу кәкпірді іздегем, кәне, таба алсамшы, қазандықтың мойнында да, ыдыс-аяқтар тұратын шкафта да кәкпір жоқ. Бидайлардың сытыры көбейіп барады, сасқанымнан дәу ағаш ожауды жұлып ап сонымен араластыруыма тура келді. Сабы добалдай жуан ожау қазандағы бидайды араластыруға мұндай қолайсыз болар ма, жайлап араластырайын десем бидайға батпайды да, ал күш салып қаттырақ бұлғасам бидай қазанның ернеуінен шашыла бастайды. Бидай қуырудың мұндай қиын екенін кім білген. Қазанның ыстық табы бетімді шарпып, ожау ұстаған қолымды күйдіре жаздайды, сондықтан ожауды екі қолыма кезек-кезек алмастырып ұстап араластырам. От жағып отырған Болат:
— Бидайды төкпесеңші, — деп безектейді.
Төкпей араластырайын десем, ожауды солақай қолмен ұстау тіптен икемсіз, қолымның күші жетпейді, ал қазанның түбі күйіп барады. Енді бір сәт піскен болу керек, бидайдың сілекей шұбыртқан тәтті иісі бұрқырап кетті. Қазаннан көз алмай телміре қарап тұрған Жанат пен Жанарға:
— Тез, тегешті әкеліңдер! — деп бұйырдым.
— Тегеш қайда? — деді сасып қалған Жанат.
— Мен қайдан білейін, іздеп тап. Бол, тез, бидай күйіп кетеді, енді.
Күні бұрын бәрін дайындап қоймағандықтан, бір-бірімізбен қақтығыса-соқтығыса, қай ыдыстың қайда екенін білмей, үйдің ішін зыр жүгіре айналып жүріп тегешті тапқанымызша, қазаннан қайнаған судан көтерілетін бу тәрізді бұрқырап ыстық жалын шыға бастады. Жалма-жан асып-сасып әлгі добалдай ожаумен қуырылған бидайды түсіргенімше, біразы шашылып, ал соңғы жағы қап-қара боп күйіп, кішкентай қара қоңыздар құсап кетті.
— Әй, Қанатай, балам, бидайың күйіп кетті ғой, — деді тарс бүркеніп жатқан әжем де шыдай алмай басын көтеріп.
— Ештеңе етпейді, онша көп күйген жоқ, — деп қойдым.
— Қазаның жарылып кетпесін, ақырындап су құйып қой.
— Жарайды.
Шар еткізіп қазанға су құйып қойдым.
Енді байқадым, үйдің іші көк түтінденіп күйік сасып кетіпті. Сәл есікті ашып алуға тура келді.
— Анау күйген бидайлардың бәрін мен жеп қоям, — деді Жанат сілекейін жұтынып.
— Мен жеймін, — деп Жанар таласа түсті.
— Тиыш тұрыңдар, бәріміз бірге жейміз, — деді Болат үлкендігін білдіріп, онан соң саған қарап: — Сөйтеміз ғой, Қанат? — деген.
Қуырылған бидайдың үстіңгі жағындағы қап-қара қоңыз боп кеткен бір тостағандай бидайды қайтерімді білмей тұрғам, кішкене балалардың мына сөздерінен кейін тегеш ішіне тегіс араластырып жібердім.
— Иә, бәріміз бірге жейміз, — дедім.
Осы сәт әжем басын қайта көтеріп:
— Әй, балам, бидайыңды күйдіріп алдың-ау, ә, — деді ыңқылдай сөйлеп.
— Аздап қана күйді.
— Әже, біз ол күйгендерін де жеп қоямыз, — деген Жанат айқайлай сөйлеп.
— Жемеңдер, іштеріңді ауыртады, — деді әжем даусын қатайтып. — Күйген бидайдан тазартып барып тартыңдар диірменге.
— Мақұл, әже.
Енді тегештегі ыстық бидайды үстел үстіне төгіп, төртеуміз төрт жағынан отыра қалдық та, әлгіндегі өзім араластырған қара қоңыз күйіктерді бір-бірлеп бөліп теруге кірістік. Сілекейіміз шұбыра отырып аузымызға бір дән салмастан бар ынтамызбен тазалап отырмыз.
— Жанар, жеме күйген бидайды, — дейді бір кез Болат.
— Мен жегем жоқ.
— Кәне, аузыңды ашшы?
— Міне, көр, а-а...
— Әне, тілің мен тістерің қап-қара көмір боп тұр ғой.
— Мен жегем жоқ. Бір күйік бидайдың өзі аузыма түсіп кетті, — деп ақталды Жанар.
— Жемеңдер, іштерің ауырады. Қазір тазартып болған соң, диірменге тартып, талқан етіп сүтке шылап жейміз, — деймін мен үлкендігімді білдіріп. Ал өзім іштей: «Осы күйік бидайды жегеннен менің ішім ауырмас еді», — деп тамсанып қоям.
Тазартып тас диірменге тартқаннан кейінгі талқанымыздың түрі құмдауыт жердің күлгін топырағындай болды. Бір кесе ыстық суға жарты кесе сүт қосып шылағаннан кейін, дәмі тіл үйіргендей тәп-тәтті боп шыға келді. Әжемді тұрғызып үстел басына шайға отырғызғанбыз, көзі кіртиіп шылаған талқанымыздың түріне үңіле қарады да:
— Балам-ай, қатты күйдіріп апсың-ау, — деді.
— Күйсе де тәтті, — деп, Жанар талқанды асай түсіп, шаң жуытар емес.
— Тәтті болса жеңдер онда, жұтқан жұтамас, — деп қойды әжем, өзі аздап сүт қатып отырып, тұз салып ақ сүт шайды ішуге кірісті. Бүйтіп шай ішкені әжемнің тәуір болайын дегені. Сәлден кейін маңдайы тершіп, құрыстары тарағандай реңі кірейін деді. Аузына басқа нәр салмастан бір шәугім ыстық су мен қалған жарты кесе сүтті терлеп-тепшіп отырып тауысқанша, әжем де тыңайып тәуірленіп қалған сияқты болды. Біз әжеміздің сыбағасын да өзіміз жеп, ар жағымызға ел қонып қунақтап қалғанбыз. Кенет Жанар әжеме қарай жалт бұрылып, оның айғыз-айғыз тер аққан жүзінен кішкентай алақанымен еркелей сипады да:
— Әже, енді тәуір болдың ба, өлмейсің бе? — деді.
Әжем күліп жіберді және рақаттанып ұзақ күлді.
— Өлмеймін, — деді Жанардың кекіл шашынан иіскеп қойып. — Сендерді жеткізбей неге өлейін. Өлмеймін.
— Ур-ра, әжем өлмейді, — деп қарны тойған Жанат үстел шетінде шалқасынан жатқан күйде аяғын тыпырлатты.
Өстіп көңіліміздің кем-кетігі жазылғандай боп қуанышты бір шақта отырғанымызда, ауыз үйге аяғын дүрс-дүрс қағып біреу кірді. Болат ұшып тұрып есік ашқан, Зибаш екен. Станцияға Нәзира әпкеммен бірге астық тарта кеткен.
— Әже Нәзираның өгіздері болдырып жолда қалды, Жарбұлақтың тұсында, — деді. Өзінің өне бойы сірескен қар, сықырлап тұр, иегі-иегіне тимей сақылдап, сөйлеуге аузы әзер келіп тұр, әбден тоңған.
— Не дейді?! Жалғыз қалды ма?! — деді жан даусы шыққан әжем.
— Қасында Манар бар. Біз алдыңғы екі шана ауылға хабар берейік деп озып кеттік те, олар екі шана кейіндеп қалды.
— Ойбай, өлді десеңші онда, мына боранда!.. Ойбай... — деп әжем ойбайлай жөнелді.-Құдай-ау, ендігі көп көргенің сол ма еді?! Неден жазып едім саған, осынша сор маңдай ететіндей... Қанат-ау, неғып тұрсың, ойбай, жүгірсеңші Байдалыға! — деп кеп, есім шығып сілейіп тұрған мені жұлқылады.
Зибаш кетуге ыңғайланған, үстіме ілінгенді кие сап оған ілесе мен де сыртқа шықтым.
— Сен Байдалының үйіне бар, — деді Зибаш дірдектеген өгіздерін бас жібінен жетелей тұрып. — Қора жақта жүрсе, мен өзім айтам ғой.
Дала әлем-тапырық боп, боран өршелене соғып тұр. Бұ неғылған таусылмайтын қар, бұ не деген басылмайтын боран. Сірә, аспанның түбі түсіп кеткен шығар. Ұйтқыған қар лезде қойны-қоншымды кеулеп дірдектетіп жіберді. Байдалы шалдың үйіне қарай қалың қарды кешіп сүріне-қабына жүгіре жөнелдім. Оппа қарға малтығып екі-үш рет оңқа-шоңқа құлап та алдым. Байдалы шал үйінде жоқ екен, Көлбай керең екеуі кешеден бері мал жақта жүрген көрінеді.
Үйге қайтып оралғам. Әжем сол әлгіндегі құдайға біресе налып, біресе жалбарынып, зар еңіреген күйінде байыз таба алмай жүр екен. Оған қосылып кішкене балалар да тұс-тұстан ұлардай шулап жылап тұр. Осының бәрін көріп үйде отыру мүмкін емес еді. Менен өзге бас көтерер Нәзира әпкемді іздеп шығар ешкімнің жоғы белгілі. Өгіздері болдырып жолда қалғанын ести отырып, біліп отырып, еш әрекетсіз қол қусырып қалай ғана отыра алам. Алдынан шығуым керек, іздеуім керек. Мен Жарбұлаққа баратынымды айтқам.
— Мына боранда сені қалай жалғыз жіберем?! — деп, әжем онан әрмен ойбай салды. Менің дегенімнен қайтпасымды көріп, енді өзі де киіне бастады.
— Өзің ауырып тұрсың, қазір суыққа шықсаң мүлдем жатып қаласың ғой, — деген менің сөзімді тыңдаған да жоқ.
— Сен екеуіңнің жолыңда мен өліп, неге құрбандықтарың болмаймын, — деп бой бермеді.
Жылай жүріп өзі де киінді, мені де жылылап киіндірді, қолымызға бір-бір таяқ алып, Нәзира әпкемді іздеуге шықтық. Екі шақырымдағы Жарбұлаққа мынадай ат құлағы көрінбейтін боранда барамыз деп жүрген әжем екеуміздікі құр далбаса да. Есіктен аттап шыға бере-ақ, қалай жүрерімізді білмей бір-бірімізді тартқылай бастадық. Боран оң жақ шекемізден қиғаштай соғып алға аттатар емес, кейін қарай итеріп-итеріп тастайды, екеумізді қауқар көретін түрі жоқ, қаңбақша үйіреді.
— Әже! — деп айқайлаған дауыс шыққандай болды соңымыздан.
Сөйткенше болған жоқ, салт атты біреу ентелеп қуып жетті. Бектай есепші екен. Астында Нұғыман бастықтың атақты Күреңтөбел аты, иығыңа мылтық асынып, қанжығасына жем салған қоржын теңдеп апты. Жарбұлаққа бара жатқаны айтпаса да белгілі боп тұр. Сірә, бар жайды Зибаштан естіп шыққан болу керек.
— Кәне, қайтыңыздар! Нәзираға мен барып алып келем! — деді айқайлап.
— Қарағым!.. Қарағым!.. Өркенің өссін!.. — деді кемсеңдеген әжем, лездің арасында бет-аузын қар тұта бастаған еді, демігіп әзер сөйледі.
Осы сәтте Бектайға менің көңілім де елжіреп сала берді. «Ағатай-ай», — деп үзеңгісіне оралып ағыл-тегіл жылап жіберуге шақ қалдым.
— Мен бірге барайын, мінгестіре кетші, — дедім жалынып. Жолың болғыр, Бектай сөзге келген жоқ, артына мінгестіріп алды.
— Әже, адасып кетпей үйге қайт!
— Қайтам, қайтам. Жолдарың болсын!
Нұғыманның өзі мен ауданнан келген өкілдерден өзге ешкім мінбейтін, ылғи жем жеп тоқжарау тұратын Күреңтөбел құтырынып тұр екен, жануар, мына боран ойына кіріп шығар емес, осқырынып қойып қалың қарды қақ жарып омыраулай жөнелді. Бектай еңкейіп аттың жалына жабысып алды да, мен оның белінен мықтап құшақтап алдым. Жолшыл ат әлгіндегі Зибаштардың шаналарының боран бүркеп тастаған өзінің сілеміне түсіп тартып келеді. Қары жұқалау тұстарда желе жортса, қалың қарға түсіп кеткенде, орғып-орғып ытқақтайды. Сондайда мен семіз аттың тақтайдай сауырынан домалап түсіп қала жаздаймын.
— Қанат, мықтап ұстан! — деп қояды Бектай.
Сөйдейді де өзі тебініп қалады, Күреңтөбел онан әрмен ытырына жөнеледі.
Жарбұлақ — тарам-тарам сай-жыралардың тоғысқан тұсындағы табиғаттың өзі апан құсатып ойып тастаған төңірегі биік жарқабақты терең сай. Түбінде бұрқырап қайнап шығып жататын суы мол бұлақ бар. Сай-жыраларды кеулеген қалың бөргез, әредік-әредік долана ағаштары өседі. Жазда балалар долана жинауға мұнда жиі келетінбіз. Ауылдан шыға сап қара жолдың шаңын бұрқылдата жарысып ойнап кеп, ойнап қайтып жүретін жеріміз. Енді, міне, қыста Күреңтөбелдің өзімен суыт жүріп келе жатқанымызда, жеткізер емес, тіпті алыстап кеткен сияқты. Әудем жер анық көрінбейтін ақ түтекте өр мен ылдиды айырып болмайды, қай тұста келе жатырмыз. Жарбұлаққа дейін алыс па, жақын ба белгісіз. Кенет Күреңтөбел осқырып оңға қарай оқыс жалт берген, мен ұшып түсуге шақ қалдым.
— Ой, мынаған не көрінді?! — деп Бектай атты қамшымен осып жіберді. Бірақ қанша қамшылап, тебінгенмен, Күрең төбел осқырына үркіп, алға қарай баспай қойды, амал жоқ, жолдан шығып омбылай орағыта жүргенбіз, тек осы кезде ғана:
— Өй, әнең қара! — деді Бектай шошына.
Сол жағымызда анадай жерде бораннан екі құлақтарын жымырып, жер бауырлағандай боп екі қасқыр қатарласа өтіп бара жатыр екен. Сөйткенше болған жоқ, Күреңтөбел солға қарай жалт берген, енді оң жақ бүйірімізден үшінші қасқыр көрінді. Жел жақтан тағы бір-екеуінің қосарлана ұлығандары естілді, бірақ өздерін көре алмадық. Ат та, біз де дірілдеп кеттік. Қалың оппадан ыршып-ыршып секіріп кеп жолға қайта түскенбіз, мұрнымызға ауыр бір күйіктің иісі келді. Күреңтөбел сол күйік шыққам жаққа қарай ышқына ұмтылып кеп, кенет ішін тартып қайыра осқырынып кілт тоқтай қалған. Доғарылған бос шананың алдына кеп тоқтаппыз.
— Әне, отыр! — деді Бектай қуана дауыстап. — Әй, амансыңдар ма?!
Бектайдың тасасынан мен алдыңғы жақты көре алмадым.
— Аманбыз, аманбыз! Өздерің бізді қалай таптыңдар? — деп қуана жауап қатқан Манардың даусын таныдым.
— Түу, келгендерің қандай жақсы болды! Не істерімізді білмей отыр едік.
Енді мен де көрдім, екі бос шананың ортасында аппақ қар басқан өгіздер тұр да, өгіздердің ортасында үсті-бастары аппақ қар Нәзира әпкем мен Манар екеуі қорбаңдасып бірдеңені бықсытып жағып отыр екен. Біз қастарына кеп аттан түскенбіз. Алдарында бықсып жанып жатқан қара күйелеш бір нәрсені аударыстырып отырған Нәзира әпкем мені көріп орнынан тұрды.
— Қанатай, сенбісің?!
Келіп құшақтаған болды. Әбден тоңған екен, дірдектеп өз қолы өзінің икеміне келер емес. Бектай қоржындағы жемді түсірген. Төрт өгіздің үшеуі дірдектеп түрегеп тұр да, біреуі жатыр екен, кәдімгі Нәзира әпкем жегіп жүрген көк қасқа өгіз. Үш өгіздің алдына қоржынның бір басындағы жемді төгіп, қоржынның екінші басындағы жемді көк қасқа өгіздің алдына қойдық.
— Жей ғой, қасқам, жем жеші, — деп өзі дірдек қаққан Нәзира әпкем жемнен қос уыстап алып көкқасқаның аузына тосқан. Байғұс Көкқасқа сол аузына тосқан жемді жеуге шамасы зорға келді. Осы кезде әуелі сол жағымыздан, оған қосыла іле-шала оң жағымыздан қасқырлар ұлыған. Бораннан өздері көрінбейді, бірақ ұлығандары тым жақыннан естіліп тұр. Күреңтөбел тіптен тыпыршып кетті. Айнала қасқыр қаптап кеткендей біз де үрейленіп қалдық.
— Бағана бұлар бізді қоршаған, өзіміз де, өгіздер де зәреміз зәр түбімізге кетіп, жаман қорықтық, — деді Манар сөніңкірей бастаған бықсықты қайта аударыстырып. — От жағуымызға тура келді. — Енді байқадық, бықсытып жағып отырғандары станцияға астық қаптап апарған қаптары екен. Және шананың жақтау ағашының бір басын сол бықсыған қаптардың арасына тығып қойыпты. — Мына ағаштың басын тұтандырып ап қудым.
— Мына жерде жаңа үшеуін көрдік, — деген Бектай.
— Сендер үшеуін ғана көрдіңдер ме, өздері бесеу болатын.
Бізді төңіректеп жүргендері ғой. Олар со кештің түсуін күтеді енді, — деді Манар.
— Жей ғой, қасқам... жей ғой... — дейді даусы дір-дір еткен Нәзира әпкем көк қасқа өгізін балаша мүсіркеп. Әлгіндегідей емес, тамағынан аздап талшық өткеннен кейін, көк қасқа өгізге жан кірейін деді, сәлден кейін жем жеп дұрыстала бастады.
— Қанат, мә, сен Күреңтөбелді мықтап ұстап тұр, — деп Бектай боран өтінде тықыршыған аттың шылбырын маған ұстатты да, өзі от жағуға кірісті. Шананың жақтау ағаштарын тепкілеп жүріп сындырып, оларды бықсып жатқан қаптардың арасына салып, бораннан қалқалай отырып үрлеп, отты кәдімгідей тұтатқан. Қу ағаш лаулап жана бастады.
— Кәне, екеуің жылынып алыңдар, — деді онан соң дірдек қаққан Нәзира әпкем мен Манарға. Өзі тағы да тепкілеп ағаш сындыра бастаған. Дәл осы мезетте ту сыртымыздан бірдеңе оқыс зу еткендей болды да, Күреңтөбел ышқына кісінеп жіберіп, көлденең жатқан Көкқасқа өгіздің үстінен бір-ақ қарғып, шылбырын қолыма орай ұстап тұрған мені жұлып әкетті. Көкқасқа өгізден асып барып мен оңқа-шоңқа құлағам, Күреңтөбел дырылдатып сүйрей жөнелді. Қанша жер сүйреткенін білмеймін, бір кез қыл шылбыр қолымнан сыпырылып шығып кетті. Қалың қарда аспандай секіріп бара жатқан Күреңтөбелді көріп қалдым, оның ышқына кісінегені, одан Нәзира әпкемнің шыңғыра айқайлаған даусы жетті құлағыма, Бектай мен Манардың қосарлана аттандағандарын және естідім, гүрс етіп мылтық атылды. Біреу кеп жерден жұлқып көтеріп алған, Бектай екен.
— Жүр, жүр, отқа қарай, — деп дедектетіп жетелей жөнелді. Екі шананың ортасына, оттың қасына жеткенімде:
— Еш жерің ауырған жоқ па? Амансың ба? — деген әпкем үрейленіп.
— Аманмын.
Осының бәрі қас қағым сәтте болған еді, мен тіпті қорқып та үлгере алмадым ба, білмеймін, әйтеу, сақылдап күлгенім есімде.
— Әлгі қасқырлар қайда? — деппін.
— Күреңтөбелді қуып кетті, — деді Манар.
— Жануар аман құтылып кетсе жақсы болды, — деді Бектай қайғыра тұрып. — Ал өгіздер әлденген шығар, жүрелік.
Өгіздер, шынында да, әлденіп қапты, Көкқасқа өгіз де орнынан сүйретіле тұрды. Шаналарды тастап, төрт өгізді ортаға алып, Нәзира әпкем мен Манар алға түсіп жетелеп, біз Бектай екеуміз соңдарынан айдап, ауыл осы тұста-ау деген бағытпен жүріп кеттік. Бектай мылтығын оң иығына асып, сол иығына бықсыған қаптар мен тұтанған ағаштарды орап басына ілген ұзын таяқты салып алған. Қасқырға қарсы бірден-бір амалымыз. Бір жақсысы боран соңымыздан, өгіздер де, өзіміз де итере қуғандай боп келеміз.
— Апырай, Күреңтөбел не болды екен? — деп қояды Бектай.
Боранның гуілі ме, әлде қасқырдың ұлығаны ма, үрейлі бір дыбыстар естіледі, «У-у...» дейді. Қорқып Бектайға тығыла түсем. Түтектене соққан боран, қарауыта бастаған төңірек өгіздерді де, біздерді де жұтып қоярдай.
Біз ауылға жеткенде, дала қараңғы тартып, кеш түскен еді. Бектай мен Манар әрі қарай кетті де, біз әпкем екеуміз екі өгізді жетелеп үйге қарай бұрылдық. Әжем мен балалар май шамды сығырайтып қойып, бізді елегізе күтіп отыр екен. Үсті-басымыз қар-қар боп сіресіп үйге кіріп келгенімізде әжем:
— Жеті нан! Жеті нан! — деді.
Әжем екеуміз әуелі екі жақтан жүріп Нәзира әпкемнің үстіндегі етегіне дейін делдиіп ақ мұз боп қатып қалған сары тонын шештік. Нәзира әпкем ошақ алдына отқа қолын созып сылқ етіп отыра кетті.
— Қар әкел, қар! — деді әжем дегбірі қашып.
Мен бос шелектің бірін ала сап, есік көзінен толтырып іліп қар алып кірдім. Онан соң әжем екеуміз екі жақтап қармен Нәзира әпкемнің аяқ-қолын ысқылауға кірістік.
— Әлгі Бектай іздеп тапты ма? — деп сұраған әжем. Әпкем басын изеді.
— Өркенің өскір-ай!.. Айналайын-ай... Өзі неғып үйге кірмей жүр. Әлде үйіне кетіп қалды ма?
Нәзира әпкем тағы да басын изеді. Енді байқадым, әпкемнің тоңғаны сонша, иегі дірілдеп, сөйлеуге шамасы келмей тұр екен. «Аяғым... аяғым...» — дей береді. Екі аяғының басын қармен қанша ысқыласам да көкпеңбек боп жан кірер емес.
— Қанатай, — деді әлден уақытта даусы жарықшақтана сөйлеген Нәзира әпкем, — сен барып, сырттағы егіздерді ешкілердің қасына қораға кіргізіп, алдарына шөп салып келші.
Жайшылықта кешкісін қораның есігін ашуға қорқатынмын, бұл жолы сол қорқыныш атаулыдан мүлде із де қалмапты, тастай қараңғы қораның ішіне сипаланып жүріп кіріп, дірдектеген екі өгізді жылы түкпірге қарай жетелеп, алдарына шөп салдым. Қараңғы қораның ішінде, күрт-күрт күйіс қайырған ешкілер мекірене маңырап, менің дыбысымнан шошынғандай төбе жағымда қонақтап отырған тауықтар қанаттарын сабалап, ақырындап қыт-қыттап қойды.
Ертеңіне шайдан кейін өгіздерді колхоздың қорасына апарып, Көлбай кереңге тапсырдым.
— Шана қайда? — деп сұраған.
— Үйдің қасында қар басып қалды, күн ашылған соң, шығарып аламыз, — дедім құлағына айқайлап.
Қораға дейін жел соңымыздан болып, боран екі өгізді де, мені де дедектетіп қуып әкелген. Енді қайтарда боранға қарсы жүрдім. Мұндай зәрлі, суық болар ма, тұла бойымды қалтыратып жіберді. Ышқынып-ышқынып ысқыра соққанда, көзді ашырмайтын ақ түтек тұншықтырып жіберердей болады, қойны-қонышымды кеулеп, аттаған сайын кері итеріп ұшырып кете жаздайды. Үрлей-үрлей киіздей ғып тығыздап тастаған қатты қарда бір сүрінсең, қаңбақша домалата жөнелетін сияқты. «Күн ашылса, мына қатты қарда әлі сырғанақтың түбін түсіретін болармыз», — деймін. Үш күннен бері далаға шықпай әбден ішім пысқаны сонша, бірден үйге барғым келмеді. «Әжібек не істеп отыр екен, соға кетейінші», — деп, соның үйіне бұрылғам. Күткенімдей-ақ үйінде бір топ бала у да шу боп отыр екен. Қақ төрде аласа дөңгелек үстелдің басында, қолында пышақ, Әжібектің өзі отыр, алдында ағаш ет табақта ет дейін десем ет емес, бірақ соған ұқсас жалбыршақтанған бірдеңе буы бұрқырап тұр. Басқа балалар: Бәтен, Санат, Қайрат және бір-екі бала әрқайсысы әр шетте Әжібектің аузына көздерін сатып мөлие қарапты да қалыпты. Үсті-басым қар-қар боп мен кіріп келгенде, Әжібек:
— Міне, Қанат та осы құйқаның иісін біліп келді, — деді мәз болып. — Жарайды, сен де отыр, әуелі мен өзім тойып алайын, қалғанын сонан кейін бәріңе бөліп беріп ауыз тигізем. Піссімілдә...
Әжібек табақтағы құйқаның бір шетінен кесіп ап аузына тастап жіберді де, алдымен біраз шайнап дәмін алып көріп, қылғыта жұтып жіберді.
— Дәмді екен, — деді. Мұнан әрі ол көн етіктің қонышы құсап жиырылып жатқан қалың құйқаны кәдімгі ет құсатып пышақпен шетінен кесіп, асай бастады. Балалар тамсанып қойып оның жегеніне телміре қараймыз. Мына жеспен Әжібек бір табақ құйқадан бір жапырақ та ауыз тигізбес деп отырмыз. Жо, құйқаның жартысынан көбі желінгеннен кейін, тояттайын деді, кекірініп, алдындағы сорпасынан ұрттап, ет табақты кейіндеу ысырып қойды. Бізге бірден бөліп беруге көзі қимай біраз отырды. Онан соң есіне әлдене түскендей ойланып қалды да:
— Қазір бәріңе де аз-аздан беріп ауыз тигізем, — деді ескертіп. — Дәмінің қандай екенін көріңдер. Егер үйлеріңде ірі малдың жатқан-тұрған жас терісі болса, осында әкеліңдер, өстіп асып жейтін боламыз. Білдіңдер ме?!
Әжібек кесіп берген бір-бір жапырақ құйқаны жеп көріп, бәріміз де тамсана түсіп дәмді екенін мойындадық. Берсе тары да жер едік, бірақ Әжібек бере қоймады. Табақта қалған үлкен бір кесек құйқаны меңзеп:
— Мынаны, егер кімде-кім маған Мәриді шақырып әкелсе, соған берем, — деді.
— Мен шақырам, — деді Қайрат.
— Мен шақырам, — деді Бәтен.
— Ол келмейді мұнда, — деді Санат.
— Сендер келетін етіп шақырыңдар.
— Шешесі жібермейді ғой.
— Мектепке апай шақырып жатыр деп алдап ертіп шықпайсыңдар ма, көксоққандар-ау! Әй, осы сендерде түйір ақыл болсашы, сендерге ақыл үйретем деп, мына шашым жасыма жетпей ағаратын шығар.
— Далаға шақырып шыққанмен, ол қызды мұнда әкелу қиын ғой.
— Иә, ол өзі әртіспін деп тұштаңдап, анау-мынау айтқаныңа көнбейді.
— Ал сендер көндіріңдер, — деді Әжібек қатуланып. — Менің кім екенімді айтыңдар, менсінбей көрсін!.. Ал екеуің барыңдар! — деді Бәтен мен Қайратқа — Ал, сендер, — деді Санат екеумізге: — отыра тұрыңдар.
Менің таңғала байқағаным, сол күні Әжібектің мінезінде де, сөзінде де бұрын біз байқамаған бір өзгешелік бар еді. Біз Санат екеуміз оның кей сөзін ұққан, түсінген сияқты болдық та, кей сөзіне түсіне алмадық.
— Басқа балаларға қарағанда сен екеуіңнің естерің бар. Сондықтан ішіме сыймай толып бара жатқан бір сырымды ақтарып біраз жеңілейіп алғым кеп отыр, — деп бастады Әжібек сөзін. — Менің әңгімем ғашықтық жайында. Ғашық болу деген керемет екен... Қанат, Санат сен екеуің әлі баласыңдар ғой, ғашықтық дегеннің не екенін білмейсіңдер. Ғашық болу деген керемет екен. Жүрегіңді ауыртатын азап екен. Мысалы, осыдан төрт күн бұрын боран соғардың алдында мен көшеде Мәриді көргем. Қыз деген тез өседі деген рас екен. Былтыр ғана басы биттеп жүретін боқмұрын еді, бір қыстың ішінде бойы тартылып, сұлу қыз боп қапты. Сендерге — өтірік, маған — шын, әлгі қызды көргенде, жүрегім ауырып сала берді, не болғанымды білмей соңынан телміре қарап тұрып қаппын. Содан бері жатсам-тұрсам көз алдымнан Мәри кетпейді. Мені өзіне сиқырлап алған сияқты. Қыз Жібекке Төлеген осылай ғашық болған шығар. Өзімнен өзім өлгім келеді, тек Мәри де менімен бірге өлсе деймін. Сонда біз де «Қозы Көрпеш — Баяндай бір молада өлсек-ау» деп, зар — илегім келеді...
Әуелде Әжібектің айтып отырғандары қызық сияқты көрініп еді, артынан ұғынықсыз бір мылжың сөздер боп кетті. Оның үстіне Мәриді мен өзім де жақсы көретінмін. Сондықтан Әжібектің «Оған елердей ғашық болдым» дегенін іштей ұнатпай да отырдым.
Біраздан кейін үсті-бастары аппақ қар болып Қайрат пен Бәтен келген, екеуінің айтқаны: Мәри әуелі бұлардың мектепте апай шақырып жатыр дегендеріне сеніп, үйінен киініп шығыпты, онан соң бұлар Әжібектің үйіне шақыратындарын айтқан кезде, ашуланып: «Алдағандарың үшін мә, сендерге!» — деп, екеуін екі періп қарға оңқа-шоңқа етіпті де, үйіне кетіп қапты.
— Қыздың пергеніңе құлап жүрген сен екеуіңнен түк шықпайды, — деді Әжібек ыза боп.
— Қаланың қызы емес пе, төбелестің әдісін біледі, — деді Қайрат ақталып.
— Жә, ез немелер! — Әжібек төсегіне барып шалқасынан құлай кетті. — Өзегім өртеніп барады... Уһ... Не істесем екен?.. Ағатайлар-ай, не істе дейсіңдер маған?.. Әлде біреуді пышақтап өлтірсем бе екен, а?..
Мұнан әрі Әжібектің өзінің де, сөзінің де мәні жоғын ұғып Санат екеуміз үйлерімізге қайттық.
— Мынау тура Ырысбектің аузынан түскендей боп қапты ғой, — деді былай шыққан соң Санат жаңағы Әжібектің қылықтары ішіне сыймай.
— Расында да.
Боран сол ышқына ұлыған сарынынан танбастан құтырына соғып тұр. Ертеңгісінге қарағанда есіре түскендей. «У-у...» Бүкіл дүние — жер де, көк те ақ түтек. Тірлік атаулының күні осы ақ түтекке қарап қалған сияқты. Енді еш уақыт толастамайтын сияқты. Біздің ауылды біржола жұтып, көміп тастамай, көңілі көншитін түрі жоқ.
— Атам айтады, өзім ес білген жетпіс жылдың ішінде бұл өңірде биылғыдай қатты қыс болған емес деп, — деді боранға тұншыға сөйлеген Санат бір қырындай жүріп.
— Менің әжем де сөйдейді. Тек мұндай қыстың арты қайырлы болады, жазы жайлы, астық пен шөп мол болады дейді.
— Менің атам да сөйдейді, молшылық болады дейді. Бәрінен де жауды жеңсек екен, — деді Санат боранға қасқая тұрып айқайлап.
— Соны айтсаңшы!..
Үйлеріміздің тұсына келгенде, екеуміз екі айырылдық.
ҚАЛЫҢ ҚАР
Ертеңгісін біреу шашымнан сипап, онан иығымнан қақты, көзімді ашсам, әжем екен.
— Тұра ғой, қарағым, боран басылыпты. Қорадағы мал неше күннен бері қамауда тұрып обал болды әбден, соларды далаға шығарып, шөп шаш. Үнемдеп шашпасаң, шөп те азайып барады. Онан соң мына Нұрсұлудың үйіне қарай жол ашшы. Екі күн болды хабарласа алмағанымызға, хәлдері қалай екен, білейік. Есіктерін қар басып қалған жоқ па екен?!
Сөйдеді де әжем күнделікті ертеңгі тіршілігінің басы — ошақтағы күлге көміп, үстін табамен бастырып қойған қоламтаны ашып, соны үрлей отырып, сабан тұтатып от жағуға кірісті.
Мен ұшып тұрып, түні бойы салқын тартқан суық үйде денемді мұздай қарыған киімдерімді тез-тез киіне бастадым. Үйдің іші ала көлеңке. Қалың қырбақ тұрған кішкене терезеден ертеңгі жарық бозамықтанып қана түсіп тұр. Кішкене балалар шырт ұйқыда жатыр. Әншейінде әжеммен қатар оянатын Нәзира әпкем де әбден қалжырап шаршағандікі болу керек, тыпыр етер емес, өңі тотыққан, әрі ісіңкі, неше күнгі суықтың табы білінеді, бұрын менен сәл ғана үлкен сияқты көрінетін балаң кескіні қазір тіптен есейіп кеткендей көрінді.
Сыртқа шығып, әуелі есіктің төңірегіндегі сіріленіп қалған қарды күреп, қораға жол аштым. Күресіннің үстіне үстеленген бұл жолғы жал қар үйдің төбесімен бірдей бопты. Бір көрімі есікті басып қалмай бір жарым метрдей ентелеп кеп жарқабақ боп тоқтаған. Қораның алдын кеңейтіңкіреп қарын ашып, неше күннен бері қамауда тұрған қоңыр сиыр мен ешкілерді шығарып, шағындап-шағындап бір-екі ашадай шөп шаштым.
Тек осы шаруаларды жайлағаннан кейін ғана, көрші Нұрсұлудың үйіне қарай темір күрекпен кертпіштеп ойып, биік жалмен баспалдақтап көтерілетін жол ашып, өзім соның үстіне көтерілгем. Төрт күн соққан боран қарды әбден істелеп сірестіріп-ақ тастапты, қаттылығы сондай, аттылы адам шауып шықса, ойыла қоятын түрі жоқ. Әрі-бері секіріп, тепкілеп көріп едім, тіпті із түсер емес. Қар деп осыны айт! Егер мына қарға Ырысбек басымызды төмен қаратып қойып қалар болса, төбеміздің жапырылып қалары анық. Бүкіл ауыл осындай сірескен қатты қалың қардың астында қалған. Әдеттегі тақтайдай жап-жазық көшелер мен ауыл үйлердің арасына дөңкиіп-дөңкиіп ақ жалдар тұрған, үйлердің төбелерімен бірдей. Әр тұстан қора төбесіне үйілген шөптер мен жетім баладай сүмірейген мұржалар ғана көрінеді, кейбірінен будақтап түтін шығып жатыр, тіршіліктің белгісі.
Нұрсұлудың үйінің есігі жартылай ашық тұр екен. Қар есікті екі жағынан бірдей үрлеп, істелеп, не ашылмайтын, не жабылмайтындай етіп сіреп тастапты, ал ауыз үйдің кіре берісіне әжептеуір жал тұрған. «Есіктерін жабуға да шамалары келмеген-ау» деп, дереу темір күрекпен әлгі үйілген қарды кертіп-кертіп ойып, ауыз үйді, естіктің алды-артын тазартып ішкі есікті тартқам, міне, қызық, сыртынан кеспелтек ағашпен мықтап тіреп қойыпты. «Үйлерінде ешкім жоқ, болғаны ма, сонда бұлар таң атпай жатып қайда кетті екен», — деп таңырқап кеспелтекті алып ішке енгем, күңгірт қана жарық түскен, ел көшкендей шағын бөлмеден үрейлі салқын азынап қоя берді. Нұрсұлудың шешесі Бәкиза кемпір екі немересі екі жағында ошақты іргелеп "бүрісіп жатыр екен. Ошаққа кемі бір тәулік от жағылмаған тәрізді. Мен кіргенде, үшеуі де тым-тырыс қозғалмай жатты. Қорқып кеттім. Әуелі:
— Апа! Апа! — деп жайлап дыбыс беріп кердім де еш қыбыр болмаған соң: — Серік!.. Берік!.. — деп Нұрсұлудың екі баласының аттарын айтып, дауыстап жібердім.
— О не?! Біреу шақыра ма?! — деді кемпір оянып.
— Қанат қой, келіп тұрған, — деді Берік, менің келгенімді бақылап ояу жатса керек.
Мен өзімнің үрейлене дауыстағаныма ұялып:
— Апа, бұл мен ғой, әжем жіберіп еді, амандықтарыңызды біл деп.
— Ә, Қанатпысың, қарағым? — деді кемпір сол қозғалмаған күйінде жайбарақат үнмен, — Әзірге тіріміз. Мына Серік ауырып қалды. Денесі өртеніп, күйіп-жанып жатыр. Түні бойы осыны күзетем деп көз ілмеп едім.
— Сыртқы есіктеріңіз ашық қапты ғой.
— Кеше іңір кезінде біреу кеп, сыртымыздан бекітіп, ауыз үйге кіргізіп жүрген екі тауығымызды ұстап әкеткен, сол ашып кеткен ғой...
Мына кісінің аттандап ойбай сап, қиянат жасағандарды қарғап-сілеп шаң-шұң айғаймен болса да ашу-ыза білдірудің орнына бейжай ғана сөйлеп, ешбір әрекет-қимылсыз бұлай жатқаны маған бұ дүниеден күдер үзгендей боп көрінді.
Үйге кеп жайды әжеме айттым.
— «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» деген осы да, — деді әжем күрсініп. — Қандай үй еді?! Бір кездері саусақтың саласындай азамат ұлдары у-ду боп жататын шаңырақ еді ғой!..
Онан соң әжем қандай-қандай күн бар алда деп, бізден — балалардан тығып жүрген кебеже түбіндегі ала дорбасынан бір тостаған тары салып алды, күзде сары серкешті сойғанда, соның іш майын шыжғырып кішкене табаққа қатырып алған еді, сол тоң майдың біраз бөлегін және опырып бөліп алды, әлгінде ғана сауып алған қоңыр сиырдың сүтінің жартысын құйып алды.да:
— Сен мына қалаққа ошақтан тамызық от салып алып жүр, — деді. Өзі қалталақтай басып алға түсіп, әлгіндегі мен күреп ашқан қылта жолмен Нұрсұлудың үйіне келдік.
Бәкиза кемпір мен кіші немересі Берік екеуі орындарынан тұрып киініп, үй іштерін жинастырған боп жүр екен. Ашыққандары көрініп тұр, екеуі де әлсіреп баяу қимылдайды. Мен қоламтаны ошаққа салып, сырттан бір құшақ сабан кіргізіп от тұтаттым. Әжем шәугімге су құйып шай қойып, өзі әкелген сүтті пісірді. Үйдің іші жылынған кезде, әжем Серіктің жастығын көтеріңкіреп, үстіндегі көрпесін жеңілдетті, онан соң тамырын ұстап тыңдап, сырқаттың бетіне үңіле қарап біраз отырды.
— Апыр-ай, Бәкиза-ай, ауруды асқындырып апсың ғой, — деді.
— Е, жарықтығым-ай, менде қазір не ес қалды дейсіз, Өлмеген соң кеудеңде жаның бар, құр сүлде жүреді екенсің де, — деді иегі кемсеңдеген Бәкиза кемпір жыламсыраған ұнмен, — Кеше сізді шақырып осы баланы көрсетейінші деп, есіктен үш рет шығып үйді айналып адасып, өлдім-талдым жығылып-сүрініп үш рет қайта кірдім. Қарыс жер аттап жүре алмадым. Ақырында, қой, екі ортада адасып боранға ұшып өлсем, мына қос жетімек мүлде сорлап қалар деп қорықтым. Осы үйде тірі жәндік атаулыдан екі тауық қап еді, соның ең болмаса біреуін ұстап мына ауру балаға сорпа жасап беруге де халім келмеді. Уһ.. Осыдан боран басылар күн болса, екеуін де Қанатжанға ұстатып, бауыздатып алармын-ау деп едім, онымызды да құдай көп көрді ме, бұйыртпады ғой.
— Жетімнің аузындағысын жырып жегеннен көгере қоймас, кім де болса, — деді әжем ызалы үнмен.
— Желкесінен шықсын...
Ыстық сүтке бір қасықтай май салып, сапырып-сапырып алды да:
— Балам, мына сүттен ұртташы, — деп, Серіктің аузына тосқан. Көзі жасаурап, жағы сопиып, алқымы ісіп кеткен Серік басын көтергісі кеп ұмтыла емінгенімен, сүттен ұрттап іше алмады. Әжем енді ақырындап оның аузына қасықпен тамыза бастады. Менің таң қалғаным — Серіктің түрінің адам танымастай боп осынша тез өзгеріп кеткені еді. Осыдан біраз күн бұрын әжем: «Кем-кетікке көмектесіп тұру керек, балам, одан қор болмайсың», — деп жұмсаған соң, мен үйлеріне сабан түсіріп, қораларында жатқан үлкен бір томарды қиқалақтатып жарып бергенімде, осы Серік шамасының келгенінше маған көмектесіп, мені өзіне кәдімгідей жанашыр тірек тұтып, «Қанат аға» деп соңымнан қалмап еді. Өзі тісеп жүр екен, күлген кезінде, екі қасқа тісінің орны кетіліп, түрі сондай сүйкімді, әрі күлкілі боп көрінеді екен.
— Әй, сен өзің тісің түсіп, шал бопсың ғой, — дегем мен әзілдеп. Ол аузын алақанымен көлегейлей тұрып:
— Жоқ, шал емеспін, — деген басын шайқап.
Сол сүйкімді баланың қазіргі түрі — жағы сопиып қатты жүдеп, адам танымастай боп өзгеріп кетіпті.
Мен қорадан тағы бір құшақ сабан, әнеугүнгі өзім бұтаған ағаштың қалғанын, бес-алты тапа тезек кіргізіп бердім де, енді мектепке кететінімді білдіргем.
— Бара, ғой, сабағыңнан қалма, — деді әжем. — Әлгі Нәзираны оятып кет, тұрып анау балаларға қарасын.
Сыртқа шығып өзіміздің үйге таяй бергенімде, жоғарғы жақтан алба-жұлба боп далбақтап жүгіре шыққан Тоштан көрінді. Тоқтай тұр дегендей, маған қолын бұлғайды. Тақап келгенде көрдім, көзі бұлаудай боп қызарып ісіп кетіпті.
— Қанат, әжеңе айта салшы, менің апатайым өліп қалды, — деді түйеден түскендей етіп. Мұндайда өлімді хабарлағанда, әдетте өте сыпайы әдеппен ғана: «Қайтыс болды», «О дүниеге қайтты» деп жұмсартып айтуға тырысатын, ал мына қыз болса дәл бір мал өліп қалғандай дүңк еткізіп тұр.
— Қашан?
— Кеше боранда маған бой бермей үйден шығып кеткен, мен соңынан киініп шыққанымша, көз жазып қалдым. Содан ары-бері іздеп-іздеп ақыры өзім адасып кете жаздап таба алмай қойғам. Өзі қайтып келер деп түні бойы шамды жағып қойып күттім. Жаңа ертеңгісін суға барған қатындар тұманың басында серейіп өліп жатқанын көріпті. Қазір соны колхоз бастыққа айтқалы бара жатырмын. Әскер семьясы ғой, көмуге көмектеспесе, мен жалғыз өзім мына қыста қалай көмем.
Мұнан әрі Тоштан далбақтай жүгіріп Байдалы шалдың үйіне қарай кетті.
Мен үйге кіріп Нәзира әпкемді оятып, әжемнің тапсырғанын айтып және Тоштаннан жаңа естігенімді — жынды Бүбітайдың боранға ұшып өлгенін хабарладым. Көзі бажырайып қалған әпкем:
— Ойпырмай, Қарақаншық шынымен киелі ит екен-ау! — деді ішегін тартып.
Мектепке келсем, неше күнгі боранда үйден шыға алмай әбден іш құса болған балалардың кейбіреулері алысып-жұлысып ойнап, кейбіреулері осы күндерде ауылда болған өзгеріс-жаңалықтар мен өсек-аяңдарды бірінен-бірі асыра соғып, гөй-гөйттесіп отыр екен, соның арасында Бүбітайдың боранға ұшып өлгенін де, Нұрсұлудың үлкен ұлы Серіктің қатты ауырып жатқанын да және оның жұпар деген жұқпалы жаман ауру екенін де, біреулердің кеше іңірде Нұрсұлудың шешесі мен балаларын сыртынан бекітіп тастап ауыз үйлеріндегі екі тауығын ұрлап әкеткенін де жіпке тізгендей ғып айтысып отыр екен. Менің таңғалғаным осыдан бірер сағат бұрын ғана өзім үйлерінің алдын тазалап күреп, сыртынан кеспелтек ағашпен тіреп бекітіп кеткен есіктерін өз қолыммен ашқан Нұрсұлудың үйіндегі жағдайды мұндағылардың менен жақсы біліп отырғандығы. Мәселен, мен Серіктің қатты ауырып жатқанын көзіммен көргенмен, оның қандай сырқат екенін білгем жоқ, ал бұлар оның жұпар деген жұқпалы жаман ауру екенін айтып отыр. Иә, ауылдың сымсыз телефоны керемет еді.
— Бұрын біздің ауылда суыртпақ жіп жоғалмаушы еді, — дейді апам, — мына соғыс кезінде әр жақтан көшіп келгендер көбейді де, ұрлық-қарлық шыға бастады, — дейді.
— Иә, менің атам да сөйдейді. Әсіресе шешендер ұры дейді.
— Әй, сен не сөйлеп тұрсың?! — деді осы сәт Бәкке деген шешеннің баласы ұшып тұрып.
— Шешендер — мұсылман, ұрлық жасамайды.
— Па, шіркін, ұрлықты жасағанда солар жасасын, — деді бағанадан үнсіз отырған Санат.
— Сен немене, шешендердің ұрлығын көріп пе ең?
— Көргем. Жалғыз мен емес, бүкіл ауыл көрген. Осыдан екі ай бұрын Қадауқара кемпірдің қара қойын ұрлап сойып алған шешен емей кім еді? Абдраман шешен емес пе еді?
Бәкке даусы бәсеңсіп:
— Ой, ол Абдраман — оңбаған. Ол Кавказда жүргенде де ұры болатың, — деді. — Обал жоқ өзіне де, комендант айдап әкетті ғой.
— Сол Абдраман да ылғи мен — мұсылман деп момақансып отыратын, — деді Отто деген неміс баласы да шыдай алмай.
— Ей, сен тыныш отыр, — деді Бәкке оны адам ғұрлы көрмей, — сен неміске не жоқ-ей?!
— Мен советтің немісімін. Әкем — коммунист.
— Бәрібір неміссің.
— Тарт тіліңді, әйтпесе көресің!
— Кім кімге көрсетер екен-ей! Кәне! — деп Бәкке тағы да ұшып тұрған.
— Сен қожыраңдамай тиыш отыр енді! — деді Санат оған алара қарап, Санаттың мінезі белгілі, ашуланса кіміңді болса да қағып жібереді.
— Өзі неге тиіседі.
— Ол саған тиіскен жоқ. Абдраман туралы айтты, оған қай қимаң қышып барады. Немене, оның ұры екені өтірік пе?
— Рас.
— Ендеше, тиыш отыр.
Осы кезде Әнипа апайымыз келіп сабақ бастады. Бірінші сабақ қазақ тілі еді. Үйге берілген тапсырмаларды әрқайсымыздан сұрап көрген, бірен-саранымыз болмаса көбіміз сартылдап тұрмыз. Неше күнгі боранда жалғыз мен емес, балалардың талайы-ақ сабақты судыратып жаттап апты. Сын есімге мысал ретінде апай Абайдың «Күз» деген өлеңін жазып берген болатын, сол өлеңді бірімізден кейін біріміз мәнерлеп айтып шығып ішіндегі сын есімдерін атап береміз.
Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,
Күз болып дымқыл тұман жерді басқан...
Өлеңді оқыған кезде әрқайсымыз-ақ көз алдымызға өзіміздің ауылдың күзін елестеткендей боламыз: күзгі сарғайған ойлы-қырқалы тұнжыраған дала, шөп атаулы қураған, ауа сызды, ызыңдаған салқын желемік бар; бүкіл аспан реңсіз, кір-кір шүберекпен тұтып тастаған сияқты, зілдей-зілдей сұр бұлттар тұтасып-тұтасып кеп Ешкіөлместің төбесіне сіресе қаптап тұр, төменгі тұғыл жақтан сумаңдап жылжыған соқыр тұман сай-саланы қуалап деміне дымқыл бүркіп, даланы жым-жылас қып жұтып алардай боп келеді... Әр бала оқыған сайын осы тәріздес суреттер келеді көз алдымызға.
Біз бір класта жеті қазақ баласы, екі орыс, екі неміс, бір шешен, бір татар — бес ұлттың балалары оқитынбыз, бәрі де соғыс басталғаннан бері жаңадан көшіп келгендердің балалары. Келген кездерінде бір ауыз қазақша білмейтін балалар, бірер жылдан кейін-ақ өзімізді сөзден жаңылдыратындай боп сайрап шыға келетін. Ауылымыз — қазақ ауылы, сондықтан күнделікті тірліктің бәрі қазақша: ойын қазақша, мектептегі оқу қазақша — демек, қазақ тілі — бүкіл ауылға ортақ тіл. Және қазақ тілі үйренуге оңай тіл сияқты. Мысалы, Отто көшіп келген соң үш күннен кейін көшеде өзімізбен бірге «түлкі-тазы» ойнап, қазақша айтқанымыздың бәрін айны-қатесіз түсініп, ойын үстінде біздің сұрақтарымызға «бар, жоқ» деп жауап қайтарып, лезде тобымызға қосылып кетті. Орыс баласы Петке мен шешен баласы Бәкке де солай болды. Ала жаздай өзімізбен қосылып ойнап жүрді де күзде, мектепке қазақ кластарына кеп өзімізбен бірге партаға отырды. Мұқан ағай әуелде: «Әй, бұл балаларға қиын болды-ау», — деп, біраз абыржыған, артынан әлгі балалардың оқуға деген ынтасын көріп: «Ойпыр-ай, мына балалар зерек екен», — деп сүйсіне мақтаған. Сөйтіп, әліппені бірге үйреніп, хатты бірге таныған балалар біртіндеп қайсымыздың қай ұлт екенімізді де еске алып, сөз етіп көрген емеспіз. Қазақ тілінде боқтағанда» әсер етпейді, басқа тілдегі боқтық сөздерді бірге жаттаймыз, тіпті төбелессек те қазақша төбелесіп, қазақша боқтасамыз, басқа тілде боқтасаң қазақ тілінде боқтағандай әсер етпейді, басқа тілдегі боқтау шымбайыңа батып, жаныңды ауыртпайды, ал қазақ тілінде боқтаса шырқыраған жаныңды қоярға жер таппайсың... Қысқасы, бүгінде Петке де, Отто да, Бәкке де майданға хат жазғанда өзімізден кем түспейтін, қазақша мақал-мәтеліңе де, қара сөз бен өлең сөзіңе де желдей есіп тұрғандар. Ал кейбір балалар бұлардай емес, тілге әлі де болса шорқақ болатын. Көптеген сөздердің мағынасына түсіне алмай, дұрыс айта алмай қиналатын кездері бар. Сондай балалардың бірі Бели еді. Өзі мінезі аңқылдақ, айтқаныңды тез үйрене қойғысы кеп туратын елгезек-ақ бала. Бірақ ылғи күлкіге қап жүреді.
Бүгін де сол Бели даусы саңқылдап:
Сур булт түсі суык қаптайді аспан,
Куз болып тынкыл туман жерды баскан... —
деп бастай жөнелгенде, бүкіл класс болып күлкіге баттық та қалдық. Байқаймыз, Әнипа апайдың да өңіне күлкі ойнап шыға келген бір езуі сәл қисайды да, бірақ күлмеуге, сыр алдырмауға тырысып, қабағын сәл шытынғансып барлығымызға қойыңдар, күлмеңдер дегендей сыздана қарап, қолмен ишарат етіп Белиді тоқтатты да:
— Сөздерді дұрыстап айтып, қайтадан оқы, — деді.
Біздің күлгенімізге де, апайдың тоқтатқанына да қыңған, қымтырылған Бели жоқ, асқақ үнмен саңқылдап қайтадан оқи бастаған, тағы да: «Тынкыл туман» деген тұста осы сөздің айтылуын күтіп іштей тынып отырған бүкіл класс қайтадан ду күлді, апай Белиді қайталай тоқтатты да біздерге:
— Сендер неменеге күлесіңдер? — деді реніш үнмен.
— Өздерің немісше бір ауыз сөз білесіңдер ме?! Білмейсіңдер. Ал Бели болса қазақ тілін аз уақыттың ішінде-ақ үйреніп алды. Бірді-жарым түсінбеген сөзін дұрыс айта алмаса, оған күлуге болмайды, — деді де, онан соң Белиге қайтадан бұрылды: — «Тынкыл туман» емес, «дымқыл тұман», кәне, маған ілесе қайталашы: «дымқыл тұман» деп.
— «Тымкыл туман».
— Міне, енді дұрыс айттың. Өзің «дымқыл тұманның» қандай тұман екенін түсінесің бе?
— Білмеймін, — деп, Бели шынын айтты.
— Орысша «сырой туман».
Бели апайдың орысша айтқанына да түсіне қоймаған сияқты.
— «Дымқыл», «сырой» деген сөздің немісше қалай екенін білесің бе? — деп сұраған апай, Бели үндеген жоқ.
— Штауб, сен білесің бе? — деп апай енді неміс балаларының ішіндегі тілге зерек пысығы Оттоға бұрылған. Бұл да:
— Ол әлгі не еді?.. Қалай еді?.. — деп, «дымқыл» деген сөздің немісшесін таба алмай біресе қабағын түйіп, біресе көзін сүзіп ойланып әбігер болды да қалды. Әнипа апай енді портфеліне салып жүретін көп кітаптарының қалыңдау біреуін ақтар.ыстырып әуелі еріндері жыбырлап өзі іштей оқып алды да, онан дауыстап:
— Фейштер, — деді.
— Иә, солай, — деді Отто да көзі бағжаң етіп.
— «Дымқыл» деген сөз «Фейштер», ал «тұман» — «нейбл» деп аударылады екен. Сонда «дымқыл тұман» — «Фейштер нейбл» деген сөз екен. Солай ма, Отто?
— Солай шығар, — деді — Апай, сіз немісше білесіз бе?
Әнипа апай оның сөзін естімегендей елеусіз қалдырды да, Белиге қарап:
— Енді түсіндің бе? — деп сұраған.
— Түсіндім, — деді Бели басын изеп.
— Кәне, онда өлеңді қайтадан оқы. «Дымқыл тұман» деп анықтап айт.
Осы кезде есік қағылып, сырттан басын сұққан Бектай есепші Әнипа апайды шақырды. Есік көзіндегі екеуінің сөздері бізге үзік-үзік боп жөнді естілмейді; «колхоз бастық... қабір қазу... қар күреу... Санат... Бәтен... Қанат... Бәкке... Отто... Петке...»
Әнипа апай ішке қайта кірді де, жаңағы Бектай есепші аттарымызды атаған алтауымызды сабақтан босатты.
— Тас қойманың төңірегін қардан тазалайсыңдар, — деді.
Бектай есепші сыртта көк құнанына мініп ап, біздің шығуымызды асыға күтіп тұр екен.
— Бассаңдаршы аяқтарыңды, керікпей, — деді әмірлі үнмен, Өзі бізден үш-төрт-ақ жас үлкен, бірақ өзін үлкен адамдай салмақты ұстайды. Қысқаша айтқаны: тас қойманы қардан аршып, молотилкаға астық беріп жүрген Көлбай керең мен төрт-бес шалды бүгінше Бүбітайға қабір қазуға жіберіпті, сондықтан күрек ұстауға жарайтын ересек деген біз алтауымыз бүгінше сол шалдардың орнын баса тұруға тиіспіз, тас қойманың төңірегін қардан аршуымыз керек, әйтпесе астық бастыру тоқтап қалуы мүмкін. Колхоз екі күн ішінде станцияға тағы да төрт шана астық жіберуі керек, ал ол майданға жіберілетін астық, жауды түре қуып бара жатқан қаһарман қызыл әскердің, майданда қан кешіп жүрген әкелеріміз бен ағаларымыздың азығы. Иә, Бектай есепші айтса осылай айтады, жай ғана анау жұмысты істе деп бұйырып жұмсамайды, ол жұмысты істеуге міндетті екеніңді, өйткені ол жауды жеңу үшін қажет екенін есіңе салып шегелеп айтады. Ал жауды жеңу жолындағы жұмыстан кім бас тартсын, тіпті қандай қиын", қандай ауыр болса да бір ауыз сөз қайтармастан барасың. Жауды жеңу үшін, жеңіс үшін ештеңеден аянар жай жоқ.
* * *
Тас қоймада молотилкаға астық бастырып бес-алты әйел жүр екен, баяғы апаммен бірге Ырысбекті қорқытатын Бәтиқа, Қалипа, Сәруелерді көргенде, көзіме оттай басылып, апам есіме түсіп, — ет жүрегім езіліп кеткендей болды. Байқатпауға тырысып ұрланып үшеуіне кезек-кезек қарай берем, үшеуінің бойынан да апама ұқсас қасиеттер тапқандай болам: көздеріне дейін түсіре орамал тартқандары, белдерін мықтап орап шыт белбеумен байлап алғандары, астық бауларын ашамен іліп ап лақтырған сәттегі кіртиген қабақтары, суыққа тотыққан жүздері, кезере жарылған еріндері апамның түр-тұлғасын айна-қатесіз есіме түсіреді. Бәрінің де әбден титықтап шаршағандары көрініп тұр. «Уһ!» десіп тыныс ап, бір бел жазғандарында:
— Қанатай, халің жақсы ма? — деп сұраған Сәруе.
Осы бір ауыз ғана сөз маған апамның: «Қарағым-ай!» деп, маңдайымнан сипағанындай әсер етті.
— Жақсы.
— Әжең қалай, ауырмай ма?
— Екі-үш күндей ауырып қап еді, бүгін тәуір.
— Кішкене балалар қалай?
— Жақсы.
Мұнан әрі әйелдер өзара сөйлесіп кетті.
— Бағила марқұм Қанатымның ер жеткенін көрсем деп отырушы еді.
— Е, байғұс-ай, арманда кетті ғой.
Әлдеқайдан сап етіп жетіп келген Бектай есепші:
— Әй, қар күремей неғып тұрсыңдар енді?! Немене, мен сендерді кәмесия болыңдар деп шақырды дейсіңдер ме?! Шіреніп тұрыстарын! Дабай, кірісіңдер қар күреуге!
Біз әлгінде келген алты бала Бектай есепші көрсеткен тұстан қар күреуге кірістік.
Қойма іргесіне сірескен қардың қаттылығы ақ кіріштей екен, үшеуміз темір күрекпен әлгі біркелкі кірпіштей боп ойылған қарды лақтыра бастадық. Ауыр да емес, бірақ онша жеңіл де емес. Әсіресе лақтырған адам тез шаршайды екен. Сондықтан алтауымыз жиі-жиі орын ауыстырып, кезектесіп тұрдық. Әуелі жүз кірпіш қардан санап лақтырып кезектессек, біраздан соң сексеннен, онан алпыстан, ақыры елу күректен кейін алмасатын болдық. Сөйтіп, түске қарай белгілеп берген жердің қарын тазалап бітіргенімізде, әйелдер:
— Ой, бәрекелді, мына балалар мына араны тіпті лезде тазартып тастады ғой.
— Баланың істегені көрінуші ме еді?
— Жігіт болғандары ғой айналайындардың, өркендерің өссін, — десіп, кеу-кеулесіп мақтай жөнелді.
Осы мезетте Байдалы шал да келе қалар ма, біздің ісімізді көріп ол да риза боп жатыр.
— Жарайсыңдар! — деп қойды, — Е, өстіп бір ауық ішкен тамақтарыңды ақтап тұрсаңдаршы. Қызталақ, бұлардай күнімізде өзіміз мына Ешкіөлместің қарын қолмен аршып, ала қыстай ма бағып шығатынбыз.
— Ата, ол кезде сіздің қатыныңыз бар ма еді? — деп сұрады Санат.
— Бар болатын.
— Ал біздің қатынымыз жоқ, — деді Петке.
— Қызталақ, сендер қатын алмақ түгілі, алдымен анау мұрындарыңның боғын сүртіп алсаңдаршы, — деді Байдалы шал бүгінгі туған балаларды кемсіте сөйлейтін дағдысына басып.
— Сіз құсап күнде ет жесек, біз де қатын алар ек, — деді Бәкке.
— Сендердің ауыздарыңнан ақ май ағызып қойса да түк шықпайды, — деді шақшасын алып аузына насыбайдан атып ұрған Байдалы шал астыңғы ернін бұлтитып сақаулана тұрып.
— Отағасы-ау, әлгі Бүбітайды қашан жерлейтін болдыңыздар? — деп сұраған молотилкада жүрген әйелдердің бірі. — Бірге өскен замандас ек, ең болмаса сүйегін шығарарда қоштасып қаладық.
— Мілмеймін, — деді Байдалы шал сол сақауланған қалпында қабағын шытып. — Қабылы дайын болмай жатыл. Жел қала, күн дылыда өлмей, көлмейсіңдел ме, мынау кісінің бойымен білдей қал жауған қақаған қыста өлгөнін... — аузындағы насыбайын шығарып тастады да:
— Әй, Қанат, ұмытып барады екем, анау сүйменді қабір қазып жатқандарға апарып берші! — деді маған. — Әлгі Көлбай кереңге айт, бүгін кешке дейін қалайда бітірсін деді де.
— Мақұл.
— Айтпақшы, әлгі Нәзира неғып үйден шықпай қалған? Өзі станциядан үсімей-тоңбай, аман-сау келіп пе еді?
— Келген.
— Келсе, мен айтты де, трактордың оқуына баруға дайындалсын. Бүрсігүні екеуін Мытысқа өзім жеткізіп салам. Бар енді.
Мен осындағы мұздақты ойып жүрген сүйменді алып, ауылдың теріскейіндегі бейіт басында қабір қазып жатқандарға кеттім. Қатты қардың үстінде сырғанап қойып жүріп келем, кейбір беті тақтайдай тегіс жерлерге келгенде шыдай алмай сүйменнің ұшымен сызып-сызып қардың бетіне атымды жазам, немесе бес жұлдыз салам, онан қардың қалыңдығын өлшейін деп сүйменді бойлата қадап көрем, сүймен түгелдей бойлай қоймайды, бірақ жерге де жетпейді.
— Әй, Қанат! — деді Байдалы шал соңымнан дауыстап, қамшысын безеп тұр екен, ойнамай, сүйменді тез жеткіз дегені.
Сүймен әлкелгенімді көріп, қабір қазушылар да қуанып қалды.
— Ой, жақсы болды-ау, әйтпесе мына жерге күрек батпай жатыр еді, — деп, Көлбай керең сіңбірініп тастап, сүйменге жабысты. Қабірді ала қыстай қырман басында жүретін төрт-бес шал мен шешеннің екі жігіті Махмұд пен Докку қазып жатыр екен. Тоң болып қатып қалған жердің аса қиындықпен қазылып жатқаны көрініп тұр, қабіршілердің бәрі де қара терге түскен, үсті-бастары топырақ-топырақ, үшкір темір күрекпен келі түйгендей бар күшін салып гүрсілдетіп ояды да, екіншілері қазылған жерге секіріп түсе қалып, топырақты сыртқа қарай лақтырады. Қабірдің төңірегінен үй орнындай жердің қары аршылыпты, әлгі жерге түсіп өлшеп көріп едім, қардың қалыңдығы менің бойыммен бірдей екен, ал қабірдің тереңдігі белуардан боп қапты. Мен Көлбай кереңнің құлағына тақалып айқайлап, Байдалы шалдың тапсырмасын, қабірді қалайда бүгін бітіретін болсын дегенін айтқам.
— Немене, бізді ол трактор дей ме?! Мына қатып қалған жерге оның әмірі жүрмейді, — деді Көлбай керең жай сөйлеп. — Айта бар, асықса өзі келіп қазсын.
Мұнан әрі қабіршілер өз сөздерін жалғап кетті.
— Мұсылман заңында қабір қазғанның сауабы тиеді, — деді шалдардың бірі Нүсіп.
— Біздің шешенде де солай, — деді Махмұд.
— Әй, Махмұд! — деді Нүсіп кенет қызына сөйлеп, — осы сендер, шешендер, мұсылманшылық дегенде ішкен астарыңды жерге қоясыңдар. Оларың дұрыс делік, ал енді сөйте тұра белдеріңе сапы байланып, қит етсе жарып тастаймын деп тұратындарың қалай? Соларың қай мұсылманшылыққа жатады? Құранда ғой, біреуге иненің жасуындай қиянат жасау күнәға саналады...
Махмұд қалай жауап қайырарын білмей тосылып қалған. Осы сәтті пайдаланып Нүсіп шал ойындағы тағы бір күдігін айтып салды:
— Мұсылман діні ғой ұрлықты да кешірілмес үлкен күнә дейді. Ал енді мен басқа жақтағы шешендердің қандай екенін білмеймін, біздің ауылға келгендерінің ішінара ұрлық жасайтыны қалай?
Қазақша нашар түсінетін Докку шешенше Махмудқа бірдеңе деген, сірә, Нүсіп шалдың не айтып тұрғанын сұраған болу керек, Махмұд оған шешеншелеп айтып берді. Докку көзі жарқ етіп Нүсіп шалға бурылды да:
— Мен өлтіреді... өлтіреді... — деп тісін шықырлатып әрі қарай қазақша айта алмағандарын шешеншелеп кетті. Оны Махмұд дереу қазақшаға аударған.
— Докку айтады, ондай ұрылар мұсылман емес, оларды аямау керек дейді. Егер әлгі немересі қатты ауырып жатқан кемпірдің екі тауығын ұрлаған шешен болса, онда оны өзім жарып өлтірем әлі, — деп тұр.
— Әне, қит етсе, екі сөздеріңнің бірі жарып өлтірем. Оу, екі тауық үшін адам өлтірсек, сонда адамның құнының не болғаны?
Махмұд Нүсіп шалдың бұл айтқандарын да аударған, Докку күліп жіберді, аппақ тістері жарқырап, сығырая қарайтын көзі күлімдеген кезде, мүлдем жұмылып кетеді екен. Екі алақанын жайып Нүсіп шалға:
— Ху дичь баһа дүс?.. — деді. Махмұд та күліп жіберді.
— Енді қайт дейсің маған. Қалай етсем жағам, — дейді.
Бұл дау-шардан бейхабар, бағанадан жер ойып тұрған керең Көлбай екі самайынан айғыз-айғыз тер ағып, қолындағы сүйменін Нүсіп шалға ұстатты да:
— Осы сен шал не сөйлей бересің аузың жыбырлап?! Мә, жұмыс істе, — деді, онан соң маған бұрылып: — Сен неғып тұрсың енді мұнда? Немене, көр қазу да қызық боп па? Айда, қайт! — деді жекіріп.
Тас қоймаға қайтып кеп балаларға қосылып, тағы біраз қар күредік, онан әйелдерге жәрдемдесіп қойманың түкпір жағындағы астық бауларын молотилкаға қарай тасыстық. Біраз қара терге түсіп титықтап-ақ қалдық.
— Ой, айналып кетейіндер, үлкен жігіт болыңдар! Рақмет! Енді қайтыңдар үйлеріңе, қарындарың да ашқан шығар, — деді әйелдер.
Сөйтіп, мектепте қоңырау соғылып, Әнипа апай бастаған біздің кластың балалары сабақтан тараған кезде; біз де тас қоймадан шығып, үйді-үйімізге тараған едік.
Үйге жақындай бергенде, жүрегім сазып, басым айналып, көзім қарауытқандай боп кетті. Қарнымның ашқанын енді ғана білдім. Есік алдына жеткенімде, сүтке піскен кеспе көженің иісі аңқып сала берді. Нәзира әпкем анда-санда бір күн, жарым күн үйде болғанында, ылғи өстіп сүт қатып кеспе көже жасайтын. Үйге кірген бойда, шешінуге де мұршам келместен, жер үстелді шынтақтай жамбастап отыра кеттім:
— Әпке, қарным ашты, — дедім анда-санда көңілді кездерінде оған еркелейтін әдетіммен.
— Қарның ашса, қазір тойғызамыз, — деді ол да мені еркелетіп. — Естідім, бүгін сен тас қоймада қар күресіп жұмыс істепсің. Молодец!
Бал татыған кеспе көжені асыға-аптыға іше бастадым.
— Жә, біреу қуып келе жатқан жоқ қой, асықпай іш, шашалып қаласың, — деген әпкем. Оған жауап қайырып сөйлеуге мұршам болмады, кеспені онан әрмен аптығып сораптаймын. Нәзира әпкем менің көже ішкеніме қарап күлімсіреп қойып отыр. Енді байқадым, жуынып-шайынып, шашын қақ жара жылтырата тарап, сандық түбінде жататын қызыл көйлегін киіп, тіптен әдеміленіп кетіпті.
— Тойға баратындай боп отырсың ғой, әлде біреу келетін бе еді? — деп сұрағам. Әпкем ыңғайсыздана қызарақтады да:
— Жай, бүгін үйде болған соң кигенім ғой. — деді. — Тракторшы болсам кие алам ба, жоқ па, кім біледі.
— Ә, енді түсіндім. Ұмытып барады, екем, Байдалы шал Манар екеуіңді бүрсігүні Мытысқа өзі алып барып салам, дайындала берсін деді.
— Өзім де соған дайындалып жатырмын ғой.
— Мен артыңнан іздеп барам.
— Кел. Сенен басқа мені іздеп келетін кімім бар енді.
— Келем, Мытысты көріп қайтам, — деп қойдым. — Әжем әлі Нұрсұлудың үйінде ме?
— Иә. Бағана бір келіп кеткен. Серік ауырлап жатқан көрінеді.
* * *
Терезе қағылған, қырауы еріген әйнектің арғы жағынан танауы жәпірейіп, ыржиған Бәтен тез шық дегендей белгі беріп тұр. Көжемнің ақырын апыл-ғұпыл іше сап жүгіре шықтым, ауылдың түстік жағында жарқабақта көшкіннен шанамен секіріп сырғанақ ойнайтынбыз, соған асықтырып тұрған болар деп ойлағам. Олай болмады.
— Сені тез Әжібек шақырып жатыр, — деді.
— Жайшылық па?
— Қайдан жайшылық болсын. Аққала саламыз дейді. Міне, мен күрек алдым, сен де бірдеңе ал қолыңа.
— Бара көрерміз.
Біз келгенде, Әжібектің үйінің алдында ауылдың біраз балалары дестелеп қар ойып, оны тегістеу жерге әдемілеп қаластырып, қызу іске кірісіп те кетіпті. Ақ қардан қаланған төрт бұрышты екі үйшіктің биіктігі кісінің бойындай боп көтеріліп қапты, кіретін есіктері, кішкене терезелеріне дейін бар. Әжібектің өзі тонын шешіп тастаған, кір-кір шолақ жең кеудешесімен ғана қызара тершіп, қолындағы бір жапырақ қағазға қарап қойып, қарды қандай етіп ою керек, оны қалай қалау керектігін айтып, қызыл танау боп бәрін өзі басқарып жүр. Бізді көре сап:
— Әй, сен екеуің немене-ей, сонша керіліп-созылып, бассаңдаршы аяқтарыңды! — деді жекіре дауыстап. — Бәтен, сен анау қатты қарды ұзынша-ұзынша етіп... міне, ұзындығы мынадай болсын, өлшеп ал, ойып әкелетін бол, төбесін көтереміз, ал сен, Қанат, ананың үстіне шығып біз әперген қарды қалайсың. Мына екі үйшікті биік мұнара етіп қалаймыз да, онан соң араларын былай қосқан кезімізде, міне, мына суреттегідей қақпа болуы керек... — деп, ұстап жүрген қағазын көрсеткен. Қолмен сызылған қос мұнара біздің оқулығымыздағы қала суреттеріне ұқсас жасалыпты.
— Қақпалы қос мұнарадан кейін, мынадай ақ сарай қалаймыз. Өстіп шетінен жалғастырып күнделікті сала береміз. Бір кітаптан оқығаным бар, сонда ертедегі патшалар қыс кезінде қатты қардан сәулетті аққала салғызып, соның ішінде сауық-сайран салып, думан құрады екен. Біз ондай үлкен етіп салмасақ та шамамыздың келгенінше жасап көрелік. Ен тегін жатқан қарды сөйтпегенде не істейміз енді.
Шынында да, мына қағазда сызылғандай етіп жасайтын болсақ, керемет қызық аққала салынады екен.
— Биіктіктері қандай болады? — дедім қызығып.
— Әрине, ауылдың үйлерінен биік болуы тиіс, әйтпесе, оның несі қала.
— Рас та.
— Ал дабай, шық, анау мұнараның үстіне.
Мен іске кіріспес бұрын әлі де анықтай түскім кеп:
— Егер күн жылыса еріп кетпей ме? — деген үлкен бір күдігімізді жасыра алмай.
— Әлі екі айсыз күн жылымайды. Қазір, міне, ақпан ба? Алда қаңтар бар, наурызда да қыс қатты болады. Так што, күн жылып кетеді екен деп қорықпа.
Сөйтіп, болашақ биік мұнараның бірінің үстіне шығып, жердей әперген кірпіш қарларды қалай бастадым. Әжібек мұнараның бірде алдыңғы жағынан, бірде арт жағынан, кейде ішіне кіріп қадағалап, әр кірпішті қалай қалауым керек екенін айтып, нұсқау беріп жүр. Сәлден кейін мұнара Әжібектің үйінен асып биіктеді, жан-жағыма қарап едім, ауыл үйлерінің төбелері көрінетіндей бопты, төмен қарасам кәдімгідей басым айналатын сияқты.
— Осы биіктігі жетпей ме? — дегем мен.
— Өй, сен өзің немене, қорқып тұрсың ба?! — деді Әжібек кіжініп.
— Жоқ.
— Онда қалай бер, мен айтқандай ғып. Әлі де бір метрдей көтеріп көрейік. Ертең салып болған соң, әлі Аққаламызды көруге бүкіл ауыл жиналады ғой. Қыздар да келеді. Мәри бірінші боп жүгіріп келер. Сонда — мұнарамыз осы ауылдағы үйлердің бәрінен биік көрініп тұратын болсын.
Биіктеген сайын мұнараның қар қабырғаларында тұрып қалау қиындай бастады, оның үстіне мен жылжып қозғалған кезде, селкілдейтін сияқты. «Әй, осы қабырға-мабырғамен қоса гүрс етіп құлап түспесем не қылсын», — деп, іштей қорқақтап қоям, бірақ онымды Әжібекке айтуға және намыстанам. Әжібек болса жерде тұрып:
— Маладес, Қанат, маладес! Сенен амандық болса мықты құрылысшы шығады екен, — деп лепірте мақтап қояды. — Мә, мынаны анау жерге қала. Ештеңе етпейді, селкілдегенінен қорықпа. Қар бір күннен кейін-ақ өзара жымдасып мұз боп қатып қалады. Мә, енді мына...
Ол мұнараның іш жағынан кеп, көтеріп берген қар кірпішті еңкейіп ала берем дегенде, бағанадан селкілдеп тұрған қабырға ішке қарай жапырыла құлап түсті, үстінде тұрған мен де оңқа-шоңқа болдым, бір көрімі, мен үстінен құладым, тек аяғым ғана бастырылды, ал Әжібек әлгі ішке қарай жалп еткен торт қабырғаның астында қалды.
— Ойбай-й!.. — деуге шамасы келді.
Жан-жақта қар ойып жүрген балалар шуылдасып жүгіріп жетті. Сүйрелеп жүріп мені шығарып алды. Әжібектен із-түз жоқ, үйіліп қалған қар кесектерінің қай тұсында қалды, тірі ме, жоқ па? Еш дыбыс білінбейді. Жаңа ғана барлығымызға жарлық жасап жүрген Әжібегімізді қалың қар зым-зия жұтты да қойды. Зәреміз ұшып қорыққандікі болу керек, есіміз шығып, тым-тырақай бет-бетімізбен қаша жөнеліппіз. Және үлкендерге айтып, Әжібекті құтқару біріміздің ойымызға келмепті. Көрші үйлердің, қоралардың тасасына барып тығыла тұрып, үйілген қарға сығалай қараймыз. Жоқ, тырс еткен сыбыс та, бүлк еткен қыбыр да білінбейді. Біраздан кейін балалардың бірі:
— Әжібек өліп қалды, — деді. Сол сол-ақ екен, бәріміз жан-жақтан бір ауыздан:
— Тұншығып өлді!
— Қар басып өлді! — дестік бір-бірімізге.
Көзіміз жасаурап, иегіміз дірілдеп, енді Әжібекті жоқтап, еңіреп жылауға ыңғайлана бастағанбыз. Осы кезде тұсымыздан өтіп бара жатқан, бірі торы жорғаға, бірі көк құнанға мінген Байдалы шал мен Бектай біздің мына тұрысымыздан секем алған болу керек, аттарының басын бұрды.
— Әй, неғып үрпиісіп тұрсыңдар?! — деген Байдалы шал.
— Әжібек өліп қалды, — деп шу ете түстік.
— А! Не дейді? Қайда? — деді екеуі бірдей шошынып.
Әнеу жерде қардың астында қалды.
— Әй, Бектай, жүрші, мыналар не деп тұр өзі.
Біз болған оқиғаны жарыса айтып, әлгі құлап жатқан мұнарамызға бастап келдік. Бектай атынан секіріп түсіп, қолына күрек ала сап, әлгі үйіліп жатқан қар кесектерін бір шетінен күреп лақтыруға кірісті. Жүрек тоқтатқан біз де оған шет жақтардан кеп көмектесе бастадық. Кесек қарды біраз аударғаннан кейін, Әжібектің қолы көрінді. Бектай еңкейіп оның тамырын ұстап, тыңдап біраз тұрды да:
— Тірі! Тамыры соғып тұр, — деді.
— Е, бұ шақша бас оңайшылықпен өле қояды деп пе едің, — деді ат үстінде бәрін қадағалап тұрған Байдалы шал мырс етіп. Оның да кеңілі орнына түскен сияқты. — Істеп жүрген ісін қарамайсың ба, обал жоқ итке.
Мұнан әрі жан-жақтан қарды жабыла аршып, әне-міне дегенше Әжібекті суырып алдық, есінен танып қапты, бет-аузы көгеріп былқ-сылқ етеді. Бектай кеуде жағын, басқа балалар аяқ жағынан көтерісіп үйіне кіргіздік.
— Қар алып кіріп бет-аузын, қолының бастарын ысқылап жіберіңдер, — деді Байдалы шал. Өзі атын тебініп жүріп кетті.
Біз қар алып кіріп, Әжібектің бетін, қолын ысқыладық. Қазан астына от жақтық. Үйдің іші жыли бастады. Әлден уақытта Әжібек көзін ашты, жан-жағынан төніп тұрған барлығымызға таңырқай қарап басын көтерді.
— Маған не болды? — деді.
— Саған не болсын. Сен о дүниеге барып қайттың, — деді Бектай күліп. Қуанғанымыз сондай, біз балалар да тегіс күліп, шулап қоя бердік.
— О дүние қандай болады екен?
— Әңкір-мүңкірді көрдің бе?
— Ол жақта қар жоқ па екен?
Әжібек бәрімізге алара қарады да:
— Шуламаңдаршы, басым ауырады, — деді әлсіз үнмен. — Қайдағы о дүние? Түк те көргем жоқ. Ұйықтадым да ояндым.
Қазан сақырлап қайнай бастаған. — Үйдің ішін тәтті бір будың иісі алып кетті.
— Мына қазаныңда не бар еді? — деп сұрады Бектай.
— Піскен тауық.
— Ә-ә, дұрыс еке-ен, — деді Бектай даусын соза сөйлеп. Онан соң қазанға жақын тұрған балаға: — Әй, мынаған бір тостаған сорпа құйып берші, — деді.
Әлгі бала қазанның қақпағын ашқан, тәтті сорпаның иісі мұрнымызды жара жөнелді. Бір тостаған ыстық сорпа ішкеннен кейін Әжібек есін жинап, өз-өзіне келгендей болған.
— Ал енді рақмет бәріңе де, кете берсеңдер де болады, — деген.
— Жоқ, біз оңайшылықпен кетпейміз, — деді Бектай бұған қадала қараған күйде қамшысын бұлғақта отырып. — Балалар, сендер де кетпеңдер. Кәне, Әжібек, шыныңды айтшы, мына тауықты қайдан алдың?
— Өзімнің тауығым.
— Мен білетінде сенде тауық жоқ еді ғой. Сенде тауық жоғын мына балалардың бәрі біледі.
Әжібек бәрімізге айнала бір қарады да, басын төмен тұқыртты.
— Кеше боранда адасып кеп үйге кірген, сонда ұстап алдым.
— Өтірікті соқсаң да, қисындырып соқсаңшы. Жә, текке бас қатырып қайтеміз, — деді Бектай қамшысын салмақтай отырып зілді үнмен. — Сенің бұл асып жатқаның Нұрсұлудың үйінің тауығы ғой. Біреуі осы, ал екіншісі қайда? Өзің айт. Әйтпесе қазір тінтіп, өзіміз тауып аламыз.
— Ешқандай да Нұрсұлудікі емес, кеше боранда адасып кеткен болу керек, есікті ашқанымда, екі тауық өздері үйге кіріп кетті.
— Екіншісі қайда деймін.
— Ауыз үйде бораның ішінде. Ол тірі.
— Оңбайсың ғой. Отырған жеріңде мына қамшының сабы сынғанша сабаса, обалы жоқ адамсың ғой... Санат пен Қанат, сендер анау кастрөлге мына қазандағы тауықты сорпасымен қоса құйып алыңдар, ал сен. Бәтен, ауыз үйдегі тауықты ұстап алып жүр, қазір Нұрсұлудың шешесіне апарып береміз.
Біз Бектайдың айтқандарын істедік.
Есіктен шығып бара жатып Бектай қайта бұрылып:
— Оңбайсың ғой, Әжібек, Осыдан кейін ел бетіне қалай қарайсың?! — деді. Әжібек сол тұқырған қалпында басын көтерген жоқ.
— Таңертең станцияға астық тартатындар жүреді, солармен бірге кететін бол! Көзге көрінуші болма, жексұрын,— деді кіжіне тісін қайрап.
— Жарайды, — деді Әжібек даусы өлеусірей шығып.
* * *
Сол күннің ертеңіне ауылдың кәрі-жас еркек кіндік атаулысы тегіс жиналып Бүбітайды жерлеп, зират басынан қайтып келе жатқанымызда, екінші қаралы хабар қарсы шықты алдымыздан, кешеден бері әл үстінде жатқан Серік қайтыс бопты. Жұрт сол бойда жұптарын жазбастан, енді «Бауырымдап!» - Нұрсұлудың үйіне қарай дауыс қоя жүгірді. Бүбітайдың өліміне ешкім қабырғасы қайысып онша жылай қоймап еді, тіпті кейбір әйелдер: «Байғұс, қор болып, көзге күйік боп жүргенінше, өлгені дұрыс болды», — деген, ал Мына жас баланың өліміне барлығының да ет жүректері елжіреп, дауыс қойып, жылап-сықтап келіп жатыр.
Бәкиза кемпір есінен танып қалған екен, бетіне су бүркіп есін жинатқан, көзін ашып, ірге жақта өңі боп-боз боп сұлап жатқан немересін көргенде:
— Серік-ау... Сорлатып кеттің ғой, мені, құлыне-ем... Енді қайттім?! Нұрсұлуға не бетімді айтамын... — деп аһ ұрып барып, тағы да талықсып кетті. Осылайша Бәкиза кемпір есін бір жиып, одан қайта талықсып, үнемі қысылумен болды. Ауылдың кемпір-шалы түні бойы Нұрсұлудың үйінде болып, өлікті күзетіп шықты.
Ертеңіне, кешегі Бүбітайдың қабірін қазған жеті-сегіз адам кетпен-күректерін арқалап, тағы да ауылдың теріскейіндегі зиратқа қарай шұбап бара жатты.
Қыс ортасы болса да астық бастыру тоқталған жоқ еді. Енді бүкіл ауыл болып молотилкадан шыққан сабанның арасынан шала кеткен масақтарды теруге жұмылды. Бұл жұмысты бастан-аяқ Бектай есепші басқарды. Жұрттың масақ теруге шыққан, шықпағанын есепке алып, ертеңді-кеш тас қойманың басында жүреді. Әрбір дән жауға атылған оқ, сондықтан бірде-бір дән далаға кетпеуі керек, — дейді. Әрине, онсыз да бірде-бір дәнді далаға жіберейін деп жүрген ел жоқ. Еркіне салса тас қоймадағы тау-тау боп үйілген сабанды үйді-үйлеріне тартып әкетіп, ескі молотилканың өңешіне шала-шарпы шыққан масақтардың бүтін дәні түгілі жартыкеш дәндеріне дейін қалдырмай қағып алар еді. Бірақ оған рұқсат жоқ. Масақты да бірін қалдырмай өкіметке өткізу керек. Астық боп бастырылып майданға жөнелтілуі тиіс. Мұны оқушы бізді қойып, тіпті әлі оқымайтын кішкентай боқмұрындарға дейін біледі.
Тас қойманың төңірегі таң атқаннан күн батқанша жапырлаған қатын-қалаш, кемпір-шал, бықынаған бала-шаға. Менің әжем сияқты кемпірлерге дейін белдерін мықтап орап буып алып, «көптің ырысы үшін күреске» білек сыбана кіріскен. Үй-үй болып әр семья күнделікті қанша масақ теріп өткізгендерін айтып мақтанысып, өзара бәсекелесіп те қояды. Бәрінің көңілінде жалғыз тілек, осынау азғантай еңбегіміздің де қанқұйлы жауды жеңуге себі тие берсе екен дейді.
Біз, мектеп оқушылары, сабақтан соң тамағымызды апыл-ғұпыл іше сап, масақ теруге барамыз. Әуелі үлкендермен қатарласа жүріп саудырлаған сабан арасынан масақ атаулыны қалт жібермей тереміз. Көзіміз де көреген, қолымыз да епті. Әрқайсымыз мойнымызға алынып алған екі-үш килограмдық ат дорбаны әне-міне дегенше толтырып тастаймыз. Сөйтіп, Бектай есепшінің өзі белгілеп берген жарты күндік нормамызды орындағаннан кейін, масағы теріліп екінші жаққа үйілген сабанның үстінде алысып-жұлысып ойынға кірісеміз. Жұмсақ сабанның үстінде ойнау қандай рақат! Оңқа-шоңқа домалап жатсаң да еш жерің ауырмайды. Шикі сүттің иісіне ұқсас сабанның күн сіңген иісі тынысыңды қытықтап, онан әрмен еліртіп жіберетін сияқты.
— Әй, неғып алысып-жұлысып кеттіңдер?! — дейді Бектай есепші бастықтығын білдіріп, ақыра дауыстап.
— Нормамызды орындадық қой, енді қайт дейсің?! — дейміз біз шуылдаса дауыстап.
— Немене, тағы бір дорбадан терсеңдер артық боп кетеді дейсіңдер ме?! Майдан үшін ғой... — дейді Бектай қабағын түйіп.
«Майдан үшін ғой» дегені бізді кәдімгідей мойындатып-ақ тастайды. Амал жоқ, ойынымызды доғарып, масақ теруге қайта кірісеміз.
Келесі күні сабақтан кейін масақ теруге келгенімізде, Бектай бізге жаңа норма белгілеп қойыпты: Мектеп жасындағы әрбір оқушы күніне екі дорбадан теру керек деп. Біз бұл жаңа нормаға шуылдасып қарсылық білдіріп ек, ол міз бақпастан үлкен кісіше қабағын шытына тұрып, бәрімізге жағалай бір қарап өтті де:
— Қазіргі жағдай соны талап етеді, — деді қатқыл үнмен.
Біз, әрине, оның түйіле қалған сұп-суық қабағына қарап, мына айтқанына ләм-мим деп қарсылық білдіре алмадық. «Қазіргі жағдай», «талап» деген сөздер жайшылықта айтыла бермейтін, ал алда-жалда айтыла қалса, ешкімді дегенінен бұлтартпайтын зілді сөздер еді. Және оны Бектай да жай айтып тұрған жоқ қой, артында салар салмағы болған соң айтады да, түсіндіріп те әлек болмайды. Айтты-бітті, біз орындауға міндеттіміз. Сөйтіп, жаңа норма бойынша масақ теруге кірістік. «Әй, осы Бектайдың діні қатты-ау», — дейміз балалар бір-бірімізге сыбырлап.
Үшінші күні Бектай тас қойманың ішінен жүзі жайнаң қағып қуанышты шықты да, масақ теріп жүрген жұрттың алдына кеп сүйінші сұрайтын адамша, есеп жазатын блокнотын жоғары көтере тұрып:
— Жолдастар! — деді даусы саңқ етіп. — Ой, аллай, құдды Нұғыман бастық дерсің. Әлгі ауданнан келетін шолақ қол өкіл де жиналыс өткізерінде өстіп: «Жолдастар!» — деп саңқ етіп, жұртты өзіне қаратып алатын. Қазіргі мына Бектай есепші де дәл солар құсап, тұр. — «Иә, не айтасың» деп, масақ тергендер оның аузына қарағанбыз.
— Бүгінгі станцияға жіберілетін үш шана астықтың біреуі мына сіздер терген масақтан бастырылған астық, — деп хабарлады Бектай.
Үлкендер жағы:
— Ой, бәрекелді, масақтан терген астық та біраз болады екен ғой, — десіп жатыр да, ал біз балалар жағы:
— Неше күннен бергі бәріміздің тергеніміз сол-ақ па?! Азғантай ғой, — деп шуылдастық.
— Азғантай десеңдер, үш ат дорбадан теріңдер онда, — деді Бектай бізді сөзімізден ұстап.
— Несі бар, тереміз. Тереміз! — дестік біздер.
Бірақ ет қызуымен уәде беріп, айтуға оңай болғанымен, үш дорба масақ теру іс жүзінде мүмкін емес екен. Молотилка қанша шала бастырды дегенмен, бір құшақ сабанның ішінен екі-үш масақ әзер шығады. Ал бір дорбаны толтыру үшін кемі жарты арбадай сабанды ақтарыстыруың қажет. Үш дорбаны толтыру үшін дүние сабанды аударыстырасың. Біраздан кейін сояу сабан қолыңды тілгілеп, алақаныңды тызылдатып ашыта бастайды. Бүкіл ауыл жапырлай терген соң жан қойсын ба, біраз күннен кейін масақ та азаяйын деді. Енді сабақтан шыға сап келіп, еш жаққа мойын бұрмай тергеннің өзінде бір дорбаны әзер толтырамыз. Арлы-берлі аударыстыра-аударыстыра сабанды да ат көпір қобыратып тастадық. Бір терген жерімізге айналып кеп қайта тінтінеміз. Бір жақсысы, әйтеуір, Бектай ренжімейді, дорбаны толтыра алмай жүргеніңді айтып қаласың.
— Жарайды, тергеніңше тере берсеңші, — деп қояды. Бірақ сөйте тұра еркіңе және жібермейді. — Майдан үшін аянбасаңшы, — дейді.
Аткөпір сабанға белуардан кіріп, қайта тіртінектеп кетеміз. Қобыраған сабанның арасы жұп-жұмсақ, жып-жылы, кейде бір жерге орнығып отырып алып үңги бергің келеді. Кейде мықшиып отыра бергеннен ішің пысып, алысып-жұлысып ойнағың келеді. Ондайда үлкендердің; «Шаша бермей, бір шетінен жайлап аударыстырыңдар», — дегендеріне қарамастан, көзді ала бере сабанды кеулеп ін қазған борсықша үңги жөнелеміз. Бала қашан да бала ғой, сабанды қайсымыз терең үңгиміз деп жарысып ойнай отырып та масақ тереміз. Үңгіген жерімізден қойны-қонышымыз топанға толып, бет-аузымызды шаң қауып, тұншығардай боп кейін шыққанымызда, пысқырынып-түшкірініп өне бойымызды инеше қадалып жыбырлатқан қыпық топаннан қышынып әбігерге және түсеміз. Бірақ оның есесіне екі-үш масақ тауып шығар болсақ, одан асқан олжа жоқ. Әлгі қуысқа қайтадан сүңгиміз.
Бірер аптадан кейін тас қойманың астық өлшейтін жағынан блокнотын жоғары көтеріп, жүзі жарқын Бектай тағы да күлімсірей шықты, тағы да терілген масақтан станцияға бір шана астық жіберілетінін хабарлады. Үлкендер жағы тағы да кеукілдесіп қалды: «Е, сөйтіп, бір дән болса да, әскерге жәрдем ғой», — десті, маңдай терлерінің қақысы қайтқандай дән риза болып. Біз, балалар: «Неше күннен бергі тергеніміз сол-ақ па, аз ғой?! Аз...» — дейміз.
— Аз десеңдер, дұрыстап теріңдер, — дейді Бектай.
— Аянып жүргеміз жоқ, жанымызды сап теріп жүрміз ғой, — дейміз біз.
— Жандарыңды салғандарыңды онша көре алмай жүрмін-ау. Ойындарың көп, — дейді ол бар кінәні өзімізге аударып, онан соң есіне бірдеңе түскендей. — Әлгі Қанат көрінбейді ғой? Ол қайда? — деп мені сұрап, көзімен іздестіре бастады.
Мен болсам сабанның дүңкигендеу тұсынан үлкендердің көзінен тасалау кеп үңгілеп отырғам. Тереңірек бойлата қуыс жасап ап, ешкім таба алмайтындай боп тығылып жатпақ едім.
— Қанат, қайда жүрсің, тез бері кел! — деді Бектай бұйырған үнмен. Мен дыбыс бермей қуысына қарай тығыла түскем, «іздеп тауып көрсін» деп қоям іштей күліп, ал балалар болса менің қай тұсқа тығылғанымды біле тұра:
— Көргеміз жоқ, білмейміз, — деседі жасырып.
Ыза болған Бектай енді сабанның әрбір қуыстау тұсына барып, бос жатқан сабанды аяғымен ақырындап теуіп мені іздей бастады. Мен тығылып отырған тұсқа жақындай бергенінде, екі ортада аяғымен бет-аузымнан теуіп қалар деп, өзім ұшып тұрдым.
— Әй, сен бір шақырғанда неге келмейсің? — деді ол жекіп.
— Мына қуыста масақ теріп отырып естімей қалдым, — дедім мен шімірікпестен.
— Отырған жеріңде бет-аузыңнан бір тепкенде, еститін едің. Жүр, маған ер, саған бір тапсырма бар.
Сабанды, одан молотилка тұрған төбесі жабық қырманды айналып өтіп, тас қойманың астық өлшейтін жағына қарай бастай жүрген Бектайдың соңынан ергем. Осы кезде алыс-жұлыс ойыннан өңі алабұрта қызарып тершіген Бели менің қасымнан жүгіре өтіп бара жатып:
— Қанат, сен келгенще, мен үңгіріңде болайын, — деді.
— Тиіспе, қазір мен өзім қайтып келем, — дедім мен шыжалақтап.
Бірақ мені тыңдаған Бели болған жоқ, сірә, бұғынбақ ойнап біреулерден қашып жүрсе керек, жан-жағына жалтақтай қарап жүгіріп кетті.
— Менің үңгіріме жолама, қазір өзім қайтып келемін, — дедім мен оның соңынан қайталай ескертіп. Ол менің ескертпемді естіді ме, жоқ па, білмеймін, қайтып қайрылған жоқ.
— Әй, болсаңшы тез! — деді Бектай да осы мезетте бұрыла зекіп. Мен жүгіре басып оны қуып жеттім.
— Қазір мына тас қойма жақта ешкім жоқта саған бір тапсырма жүктейін деп едім, — деді Бектай енді маған байыппен салмақ сала сөйлеп. — Нұрсұлудың шешесі мен кішкене баласының халінің қандай екенін білесің ғой?
Мен білем дегендей басымды изедім. Ол үйге күнделікті кейде әжем, кейде мен қоңыр сиырдың азғантай сүтінен жарты кеседей шай қатықтық сүт кіргізіп беріп жүрміз. Кемпір де, кішкене немересі де адам аяйтындай жүдеу еді. Күнделікті қоректері сол біз берген жарты кесе сүт пен бір уыс қуырған бидай ғана. «Әй, осы сорлылар биыл қыстан шықпай қалады-ау», — деп қояды әжем аяушылық білдіріп. Міне, Бектайдың қазір «білесің ғой?» дегенінде, «білем» деп тұрғаным сол еді.
— Ендеше, білсең — деді Бектай сол салмақ сала айтқан сөзін жалғап, — сен қазір менің атыма өңгеріп, сол үйге екі пұттай бидайды апарып беріп кел. Әскер семьясына колхоз берген көмек деп түсіндіріп айт кемпірге. Міне, мынау Нұғыманның рұқсат қағазы, мына жеріне алдым деп қол қойсын. Ұқтың ба? Кел онда, — деп, Бектай аяғымнан көтеріп өз атына мінгізді де, алдыма орта қап бидайды көтеріп әперді. — Өздерің терген масақтың бидайы ғой. Ептеп дымқылдау, кептіріп алар. Онан соң, — деді Бектай қайта ескертіп. — Көшенің ортасымен жүрмей, мынау шет жақпен бар, Мұнымыз ұрлық емес, әрине, бірақ қаңқу сөзден аулақ болайық. Ешкім көрмесін. Жұрт дегенді білесің ғой, біреуге көмек бергеніңді сезсе, үйінде ішер тамағы бар боп тұрса да: «Ойбай, біз де ашпыз, бізге де көмек беріңдер», — деп, қыр соңыңнан қалмайды. Сондықтан ешкімнің сезбегені дұрыс. Осының өзін майданға жіберетін астықтан әзер деп жырып беріп отырмыз. Бар. Анау қағазға алдым деп қол қойғызуды ұмытпа.
Осылайша Бектай мені әбден таптап-таптап жолға сап жіберді. Омбылау болса да шет жақпен жүріп барып Нұрсұлудың үйінің тұсына жеткенде, әуелі алдымдағы жарты қап бидайды күресін қардың үстіне домалатып түсіріп, одан соң аттан өзім түсіп, анадағы өзім күреп тақталап жасаған жолмен қапты сүйретіп үйге кіргіздім.
Бәкиза кемпір мен немересі сол анау жолғыдай пештің түбінде көрпесінің сыртынан ескі киімін жауып, оранып жатыр екен. Менің есіктерін ашып, тарс-тұрс еткізіп зілдей қапты мықшыңдап сүйретіп кіргізгенімде де, бастарын көтере қойған жоқ. Ұйықтап жатыр ма, әлде...
— Апа! Әй, апа! — дедім үрейлене дауыстап.
— Қанатпысың? — деді кемпір со қимылсыз жатқан қалпы.
Қуанып кеттім. Тірі екен ғой!
— Иә, менмін ғой, апа. Сіздерге әскер семьясы деп колхоз көмекке астық беріп жіберді, соны әкелдім, — дедім саңқылдай сөйлеп.
Кемпір жайымен қозғалып, басын көтерді. Жүдегені сондай, жағы мүлде суалып, көзі ішіне кіріп шүңірейіп кетіпті. Ұйқысырап көзін ашып-жұмып жатқан Берік те қыңқылдай жылап басын көтерген. Кішкене баланың қатты арықтағанын көргенім осы еді, өңі қан-сөл жоқ ескі шүберектей боп-боз, бетінде тек бажырайып көзі ғана қалған. Мен қапты үйдің бұрышына сүйеп қоя бердім де, жүгіре шығып ауыз үйден құшақтап сабан алып кіріп, от тұтаттым. Онан соң босағадағы ілулі тұрған кілтті алып, сыртқы қорадан барып екі-үш тезек алып келдім. Лауылдап жанған сабанның үстіне сындырып екі-үш кесек тезек тыққам, темір пеш гу-гу етіп лезде қызып шыға келді. Бойларын жылу шалған соң кемпір де, немересі де ұйқылы-ояу күйлерінен айығып, қимыл қозғалыстары ширап, қаптың аузын ашып бидайды көріп, өңдеріне тіршілік нышаны ене бастады. Кемпір маған алғысын жаудырып жүр.
— Енді өлмеспіз, осыдан қыстан шығып қалармыз, — деп қояды.
Мен тас қоймаға оралғанымда, масақ терген жұрт у-шу боп жүр екен. Ат көпір сабанды жан-жақтан жұлқылап құшақ-құшақ етіп, астан-кестеңін шығарып лақтырып жатыр. Кейбірі ашамен аударыстырмақ болғандарға:
— Ойбай, тарт анау ашаңды! Қолмен ізде! — деп айқайлайды тұс-тұстан.
— Әлгі Бели жоқ, — деді Бектай атының шылбырын қолына ұстатқанымда. — Балалармен сабанды үңгіп ойнап жүріп, аяқ асты ұшты-күйді жоғалып кетіпті.
Бастықсып, үлкенсіп шіреніп тұратын түрінен із де қалмапты... өңі қашып, дір-дір етеді.
Мен оны мазақтап сақылдай күлуге шақ қалдым. «Молодес, Бели, жұрттың бәрін әбігерге түсіріп, зәрелерін бір алыпсың-ау, — деп қоям іштей сүйсініп. — Бағана Бектай жұмсап жібермегенде, менің өзім де сабанды терең ғып үңгірлеп ап, тығылып, жұртты өстіп бір әбігерге түсірсем деп едім, енді, міне, Бели соны менен бұрын істеді. Молодес!»
— Бәріңіздің астан-кестен боп жатқандарыңыз сол ма?! — дедім мен ерінімді шүйіре тұрып. — Мен оны қазір сирағынан сүйреп алып шығайын, ендеше.
Сөйтіп, қоқиланып сабанның бағанағы өзім үңгіген тұсына барғам, үстіңгі жағындағы бос сабанды балалар аударыстырып тастапты. Өзім жасаған қуысты әзер таптым, бергі жақтағы қобыраған сабанды кейін қарай ысырып, қолымды әрі қарай созғам. Айтқанымдай-ақ қолыма бірден бәтеңкенің табаны ілікті.
— Міне, мында тығылып жатыр! — дедім қуана дауыстап, онан соң қуысқа сұғына еңкейіп. — Әй, Бели, шық енді. Қуысымды босат! — дегем айқайлап. Қолымды қайта созып, бәтеңкесінің басынан ұстап кейін қарай тартып-тартып қойдым. — Шық деймін!
Мені қаумалай кеп жапырлаған жұрт енді естерін Жиғандай.
— Е, бәсе, тығылып қалған екен ғой, қу бала.
— Түу, бар болғыр, зәре-құтымызды алды ғой.
— Әй, бұ жүгермектер өстіп ойнамаса, ойындары осылады ғой, — десіп, біздерді, балаларды, тұс-тұстан жазғыра тұрып, көңілдері орнына түсе бастаған еді.
Ал Бели болса, аяғынан қаншама тартқылап айқайласам да, кейін шығар емес. Енді оның мына қылығына Бектай да шыдай алмай кетті, еңкейіп кеп:
— Әй, Бели, болды енді, шық, — деп жекіре ұрсып аяғынан тартқан. — Сенің кесіріңнен қаншама жұмыс тоқтады.
Бірақ Бели оған да былқ етпеді.
— Әй, соның тар қуысқа кіруін кіріп ап, кейін шығуға шамасы келмей жатқан шығар, — деді біреу.
— О да мүмкін, — деді екінші біреу.
Бектай қамшысын маған ұстата берді де:
— Кәне, былай тұршы, — деп, мені кейін ысырды да, өзі қуыстың төңірегін кеңейтіп, сабанды жұлқылап суырып аша бастады. Бізге қарағанда ересек, қайратты емес пе, қуыстың төңірегін былайғысын былай, олайғысын олай лездің арасында жапырып жіберді де, сұғына еңкейіп барып, Белиді кейін қарай суыра тартып алған. Былқ-сылқ еткен жансыз дене етпетінен жатқан күйі аяғымыздың астына созылып кеп түсті.
— Әй, мынаған не болған?! — деп Бектай оны шалқасынан аударған, Белидің аузынан да, мұрнынан да қан лық-лық ете қалды, бажырая ашылған көзі шыныдай жансыз тесірейіп қарайды. Бектай дереу оның омырауын жұлқи ағытып, көкірегіне еңкейіп құлағын тосты да, өңі бұзылып, сұп-сұр боп танауы қусырылып, атып тұрды.
— Менің құлағым түк естімейді, біреуің тыңдаңдаршы, — деді есі шыға абдырап.
Топ арасынан Нүсіп шал шығып, тізерлей отырып Белидің жіп-жіңішке білегінен тамырын тыңдады да, басын шайқады, онан соң баланың бетін сипап көзін жапты, көкірегінің тұсын ұстап көрді.
— Қайран, бала-ай, кетіп қапты, — деді күрсіне сөйлеп. — Өкпесі қысылған ғой.
Бас-аяғы жарты айдың ішіндегі ауылдағы үшінші өлім еді бұл.
КӨБЕГЕН
Біз сабақтан шыққан кезде, ауылдың дәл ортасына кеп, бір ат-шана тоқтап тұр екен. Мына көрші ауылдағы етікші Жақыпбай шалдың ат-шанасын бірден таныдық. Анда-санда кеп ауылдағыларға етік тігіп беріп, астық жинап әкететін. Иегінде теріден қиып ап жапсыра салғандай боп тұратын бір шоқ сақалы бар, екі беті нарттай қып-қызыл, домалақ шал. Қазір де ауыл ортасына кеп тұрғаны етік тіккізуге үйіне кім шақыра қояр екен деп күтіп тұрған болар деп ойладық. Бұл жолы шал жалғыз емес екен, шанасында тағы біреу отыр, басында маңдайында жұлдызы бар әскери сұр құлақшын, үстінде сұр шинель, өзі аурудан тұрғандай жүдеу енді боп-боз арық адам.
— Балалар, бері келіңдер! — деді әлгі жүдеу адам.
Кім де болса әскерден қайтқан біреу, бірақ біз танымаймыз. Балалар жүгіре басып жақын келдік, біреудің үйін сұрайтын болар деп ойлағанбыз. Әлгі жүдеу адам арт жағында жатқан қапшықты алып ашты да, ішінен аппақ кесек тұздарды уыстап алып бәрімізге бір-бірден үлестіре бастады.
— Бұл қант қой, алыңдар! Менің сендерге деп әкелген базарлығым, — деді әрқайсымызға күлімсірей қарап. Уысындағы біткен соң, кейіндеу жеткен балаларға әлгі қапшықтан тағы да уыстап алып шықты. Үлкен қапшықтың іші толы кесек қант тәрізді. Біз өңіміз түгілі түсімізге кірмеген тастай қатты аппақ қантты шүпірлей сорып, есіміз шығып тұрмыз.
— Сен өзің базарлықты бүкіл ауылдың балаларына жетерліктей ғып әкепсің ғой, — деген Жақыбай шал.
— Осы балалар алдымнан шығар-ау деп, госпитальда үш ай бойы жатқанда, күнделікті шайға деп берілген қантты жинай беріп едім, — деді жүдеу адам жымия күліп.
Онан соң әрқайсымызға елжірей қарап:
— Кімнің баласысың? — деп сұрайды. Біз әкеміздің атын айтқан кезде: — Ә, со кісінің баласы екенсің ғой. Түу, үлкен жігіт боп қапсың ғой, — деп мәз болады.
Біз, балалар, бірде-біріміз оны танып тұрғамыз жоқ, ал ол біздің барлығымыздың да әкелерімізді танып-біліп тұр.
— Әкең қайда? Әскерде ме? Әлі қайтқан жоқ па?
— Әлі қайтқан жоқ.
— Нешеуа, жақын арада қайтады әлі.
— Сенің әкең ше?
— Менің әкемнен қара қағаз келген.
— А, — деп жүдеу адам қабағы түйіліп онан әрмен жүдеп қалады. — Жақсы жігіт еді, әттеген-ай... — дейді күрсініп.
— Ал, жігітім, қай үйге түсірейін? — деген. Жақыпбай шал.
— Білмеймін, — деді жүдеу адам күмілжіп. — Елге жеттім ғой, осы арада түсіп қалсам да болады.
— Өзің еліме келдім дейсің де, ат басын тірейтін жерің жоқ болады. Сонда бұл қалай, жігітім? — дейді Жақыпбай шал таңырқап.
— Әне, анау жерде бейіт бар, — деді жүдеу адам ауылдың теріскей жағын нұсқап, — сол арада менің әкем мен шешем жатыр. Демек, ат басын тірер елім осы ара.
«Біз білмейтін бұл кім болды?» — десіп, балалар өзара күбірлесіп тұрмыз, оның қорасан дағынан қалған аздаған шұбары бар кескініне таңырқаса қараймыз: күлімсірей қараған қой көзі әрқайсымызға іш тарта елжірейді. Өзі шанадан түскісі келмегендей және қозғала қояр емес. Өстіп ол бізге, біз оған қарап тұрғанымызда, тас қойма жақтан Нүсіп шал шанаға таяп кеп, дауыстай сәлемдесіп, Жақыпбайды таныды да:
— Иә, әлей болсын? — деп, жөн сұрады.
— Міне, ауылдарыңның әскерден қайтқан бір азаматын әкеп тұрмын, — деді Жақыпбай шал даңғырлай сөйлеп.
— Иә, бұ қай бала? — деді Нүсіп шал жүдеу жігітке еңкейіп.
— Мен ғой.
— Менің кім? Түсіңді тани алмай тұрмын, қарағым, аты-жөніңді айтпасаң?
— Ысқақтың баласы Көбегенмін.
— А-а! Қарағым-ау, тірі ме едің?! — деп, жан даусы шыққан Нүсіп құшағын жайып кеп, жүдеу адамды бас салды. Құшағына қысып, бетінен сүйіп, көзінен ыршып шыққан жасын тыя алар емес. — Қарағым-ай, танымай қалдым ғой. Сен әскерге кеткелі қанша заман?! Анау әлгі ақ пиндермен соғысардың алдында алындың емес пе?!
— Иә.
— Сонан бері қаншама жыл өтті. Өлі-тіріңді де білмеуші ек. Қарағым-ай, тірі екенсің ғой, — деп Нүсіп шал әскерден дәл өз баласы келгендей айналып-толғанып, қуанғаннан есі шығып кетті.
Тек әлден уақытта:
— Әй, бұл тұрыстарың не? — деді жұлып алғандай.
— Жігіттің түсер жері болмай тұр.
— Қой әрі, о не дегенің. Көбегенге осы ауылдың бар үйі өз үйі емес пе. Әкесі Ысқақ марқұм менімен түйдей құрдас еді. Жігіттің сабазы болатын... Кәне, біздің үйге жүріңдер! — деді онан соң бұйырып.
Нүсіп шалдың үйі — екі үйден кейін болатын, шанаға ілесіп шуылдаса топырлап біз де солай қарай жүрдік. Енді қалай! Әскерден ауылдың бір азаматы аман-сау келіп жатқанда және ол бәрімізге базарлығым деп қант үлестіріп берсе, бұдан артық қандай қуаныш болмақ. Барлығымыздың аузымыз томпаң-томпаң етеді, өзі тастай қатты, ерекше тәтті. Мұндай қантты жеген де бар, жемеген де бар.
Шана Нүсіп шалдың дәл есігінің көзіне барып тоқтаған, біз енді ғана байқадық: Көбегенді Жақыпбай шал қолтығынан демеп көтеріп тұрғызған, бір аяғы қара саннан жоқ екен. Шанадан түсірерде жігіттің екі қолына бұрын біз көрмеген айырық-жалғаулары бар ұзын екі таяқты (балдақ аталатынын да кейін білдік) ұстатты. Көбеген әлгі екі таяққа қолтығымен асылып, жерге жалғыз аяқпен секіріп түсіп секектей жүрген. Біз, балалар, көзіміз атыздай боп, аузымыздағы әлгінде ғана Көбеген үлестірген қанттың дәмін де ұмытып, үрейлене қарап қаппыз.
Біздің ауылда соғыстан жараланып қайтқандар бұрын да болып еді. Қолының басынан, саусақтарынан, қабырғасынан, көзінен айырылып келгендердің жүріс-тұрыстарында кемдік болмаған соң олардың мүгедектігіне үлкендерді қайдам, ал біз, балалар, онша көңіл де аудармаған екенбіз. «Өкпемді оқ тескен» деген Ырысбектің өзі де бізге соғыстан сонша бір зардап шеккен адамдай боп көрінбейтін. Қайта, соғыстан жараланып қайтқандардың бәрі, сол құсап жүріп-тұратын болса, онда жаралану дегенің аттан жығылудан онша ауыр болмағаны-ау, деген ой келетін.
Енді, міне, Көбегеннің жалғыз аяқпен секектегенін көргенде, соғыс дегеннің тірі адамды қандай күйге түсіретінін ұққандай боп тұрмыз. Шын кемтарлықты көзімізбен алғаш көргеніміз осы еді. Балғын жүректеріміз шымырлап, сыздап кетті. Жайшылықта аналарымыздың: «Құдай-ау, екі қол, екі аяғынан айрылса да кеудесінде шыбын жаны аман келсе ризамын», — деп, зар еңіреп жылағанын естігенде, онша мән бермейді екенбіз. Екі қол, екі аяғы емес, жалғыз аяғынан айырылған адамның мынадай мүшкіл халін көргенде, төбе шашымыз тік тұрды. Қайран азамат, қандай мүсәпір күйге түскен, анау жалғыз аяқ, екі таяқпен мына қалың қарда есіктен аттап шығуы зар ғой. Неткен қорлық! Соғыс дегеннің ауыртпалық, аштық-жалаңаштық, жетімдік-жесірлік қана емес, адамның — кәдімгі қол-аяғы бүп-бүтін, төрт мүшесі түгел, сау адамның кісі аярлық кемтар күйге, пақыр күйге түсу екенін осы сәтте анық түйсініп тұрдық.
* * *
МТС-қа Байдалы шал өзі апарып салған соң, жарты айдан кейін Нәзира әпкем бір күнге демалысқа келген, Біраз күн болса да көрмегендікі ме, өзгеріп кеткен. Бұрын ылғи далада жел қақты боп тотығып күреңітіп тұратын дөңгелек жүзі ат жақтанып, бозарып жүдеу тартқан, толықтықтан төртбақтанып тұратын бойы да таралып, сұңғақтанып өскен сияқты, тіпті киген киімдері де басқаша: шашын төбесіне түйіп, басына құлақшын киіп апты, кәдімгі газетке шыққан Мәншүк Мәметованың құлақшын киген суретіне ұқсап тұр: күпәйкесін шешкен, үстінде көйлек орнына кеудесі мен шалбары біртұтас тігілген қызық бір киім — мына қалпында бойжеткен қыз емес, еркекшора біреу сияқты көрінеді. Оның киімдеріне тіксіне қараған әжем:
— Өзің Нәзирамысың? — деді.
— Иә, Нәзирамын, мына тұрған ырымшыл, діншіл кемпірдің немересімін, — деді әпкем ерке үнмен күле сөйлеп. Осылай киінгені өзіне ұнайтынын жасыра алмай тұр. — Немене, танымай тұрсыңдар ма?
— Танымай тұрмыз.
— Онда танып қойыңдар, енді екі ай жарымнан кейін темір тұлпар трактордың құлағында ойнайтын мықтыңыз мен болам, — деп кеп, әпкем әжемді құшақтай көтеріп ап, бетінен шөп-шөп сүйген.
— Тә, сүйектерімді сындырдың, онысы несі, кәпір, — деп әжем ашуланған боп күледі.
Мұнан әрі әпкем әжемді қоя бере, өзіне жаутаңдаса қарап қалған кішкене балаларды кезек-кезек құшақтап беттерінен сүйіп, қолдарына бірдеңелер ұстатқан. Олар: «Бұ не?», «Бұ не?» — дескен таңырқап.
— Мәмпәси ғой.
Ең соңынан мені кеп арқамнан қағып, құшақтап бетімнен сүйді де:
— Бойың өсіп, жігіт боп қапсың ғой, — деді еркелетіп. Ой, алла-ай, осы сәттегі Нәзира әпкемнің мінезі де, даусы да құдды апам сияқты айнымай қалған еді. Кішкене балаларға ұстатқан мәмпәсиінен маған да берді және төс қалтасынан кішірек төрт бұрышты кітапшаны алып. — Мә, блокнот, — деді. Бұл менің өмірімдегі судыраған ақ қағаздан тігілген блокнотты қолыма алғаш ұстауым еді.
Мұнан әрі Нәзира әпкем түйіншегінен жылтырақ қағазға оралған алақанның жартысындай ғана нәрсені алып, қайрыла әжеме бұрылып:
— Мынау жарты шайды саған әкелдім, — деді.
— Құлыным... күнім... — деп көзіне жас толған әжем демігіп бірден сөйлей алмай қалды. Тек сәлден кейін ғана: — Өзің боп-боз болып жүдепсің, осының бәрін тамағыңнан жырып алып жүрсің-ау-ә?! — деді кінәлай сөйлеп.
— Тамағым аш емес, әже. Есіңде ме, былтыр жазда облигацияға жазылғанымызда, соның ақшасын төлеу үшін мына таудағы омарташы орыс шалына ақ ешкіні лағымен сатып ек қой, сонда елу сомды апам маған берген, тығып қой деп, ұстап жүргенім сол ақша. Ал мына комбинезон мен құлақшынды МТС-тың директоры бергізді. Ылғи еркектердің арасында көйлекпен тракторға отырып-тұру ыңғайсыз болады деп. Трактористер курсында екі қыз оқимыз. Екеумізге де директордың өзі қамқорлық жасап отырады.
Сонымен біздің үйде кішігірім той болды да қалды. Сол күні Нәзира әпкемнің үйге келгенін пайдаланып әжем Көбегенді қонаққа шақырып жібермек болды.
— Алыстан, оқ пен оттың арасынан келген ер-азамат, дәм татырмағанымыз жарамайды, — деді.
Күздегі сары серкенің бір жілігін сақтап келген екен, әжем соны қазанға салды. Маған қол диірменге мол ғып талқан тартқызды, жарым кесе, бір кеседен үнемдеп неше күннен бері жинастырып жүрген қоңыр сиырдың сүтін кіші қазанға жарты қазан етіп пісіріп, оның бетіне қаймағы тұрсын деп жауып қойды, сөйтіп, көптен — апам қайтыс болғаннан бері біздің үйде бола қоймаған дастарқан мәзірі әзірленген. Осының бәріне қоса Нәзира әкеп берген жарты кірпіш шайы әжемнің бүкіл ауылда өзінен басқа ешкімде жоқ байлығы еді.
— Әй, Қанат, басқа біреу шақырып қойып жүрер, сен қазір ертерек барып ескертіп келші Көбегенге, бүгін кешкісін біздің үйден кеп дәм татсын, — деді әжем мені жұмсап. — Нүсіптің үй іші түгел бірге келсін деді де.
Әскерден қайтқан адамға дәм татқызатын салт бойынша шамасы келгендер Көбегенді күнделікті кезекпен қонаққа шақыратын. Оқ пен оттың астынан аман-сау қайтқан ер-азаматқа ақ пейілдерімен бары бір асым етін асып, жоғы қара талқанмен болса да бір шәугім шайын әзірлеп сый-құрметін білдіреді. Және қонаққа Көбегеннің жалғыз өзін алаламай, Нүсіп шалдың үйін тегіс қоса шақырады: шалдың өзі, кемпірі және жалғыз қыздары Шынар — барлығы бірге келіп, бір үйдің адамдарындай жадыраса отырып, өздері де, келген үйлері де, әуелі, Көбегеннің соғыста басынан кешкен әңгімелерін тыңдап, одан ауылдың өткен-кеткенін қозғап, ақырында түннің бір уағына дейін Көбегенге Еңлік -Кебек, Қалқаман — Мамыр, Мұңлық — Зарлық сияқты қиссалардың бірін айтқызып, арқалары кеңіп, бір сейіліп қалады.
Көбегеннің даусы керемет зарлы. Қиссаларды ескі бір әуендерге салып зарлатқан кезде, төбе құйқаң шымырлайды. Мұраттарына жете алмай, қосыла алмай арманда кеткен ғашықтардың, жауыздықтың қырсығынан бір-бірінен айырылған бауыр мен қарындастың зар-мұңы соғыс кезінің зар-мұңымен ұштасып, әркімнің жүрегіндегі жарасына тиетін болу керек, тыңдаушылар егіліп отырып, көз жастары сорғалап отырып тыңдайды.
Сөйтіп, аз күннің ішінде-ақ Көбегеннің қиссашылығы бүкіл ауылға тарады. Біреулер:
— Шіркіннің даусы-ай, сай-сүйегіңді сырқыратады? — деп тамсанса, екіншілері:
— Апыр-ай, десеңші, анау жылы әскерге алынбас бұрын мұның «әу» деген өнерін байқамаушы ек, осының бәрін қайда жүріп жаттап алған өзі? — деп таңданады.
— Е, ол кезде сендер байқайтындай ма, едіңдер? Көздерің аспанға қарап, шатырайып шолақ белсенді болғандарыңа мәз боп, арақ ішуден асқан өнер жоқтай көруші едіңдер ғой, — дейді үшіншілері.
— Шерменде ғой, байғұс. Жастайынан ата-анасынан жетім қап не көрмеді. Соның бәрі көкірегінде беріш боп қалды емес пе... — дейді төртінші біреулер.
Үлкендерден естуімізше, Көбеген ата-анасынан жастайынан жетім қап, ауылда әркімнің есігінде жүріп өседі. Кішірек кезінде баласы жоқ үйлердің қозы-лағын қарап, есейіңкіреген соң жекеменшіктің қой-ешкісін бағады. Екі-үш кластық білім алып хат танығаны болмаса, оқымайды. Сөйтіп, әскер қатарына алынғанға дейін ешкім көзге ілмеген жалғыз басты жан болып кете берген. Алғашқы ақ финдермен соғысқа қатысқан, одан кейін Отан соғысының алғашқы күнінен бастап қырық төртінші жылдың ноябріне дейін, яғни аяғынан жараланғанға дейін майданның алдыңғы шебінде болған. Өзі бұған дейін төрт рет жараланған екен, ол жаралары ылғи жеңіл болып, госпитальда бірер ай жатып, сауығып майданға қайта аттанып отырыпты. Өз айтуынша, ауылға екі айсыз жеті жыл дегенде қайтып оралыпты. Сол екі айсыз жеті жылдың ішінде ауылдан не бары үш-ақ хат алған екен; оның екеуін соғыс басталардың алдында Тоқтар жазыпты, ал үшінші хатты осыдан екі ай бұрын госпитальда жатқанында Мұқан ағайдан алыпты, ауылдың амандығын айта кеп, өзінің әскерге аттанып бара жатқанын, мұның адресін военкомат арқылы анықтап алғанын жазыпты.
— Осында әскерден қайтқан кейбіреулер бар-жоғы бес-алты айдың ішінде ана тілімізді ұмытып қаппыз деп, не орысша емес, не қазақша емес былдырық сөздерді шатып-бұтып келеді, ал сен ғой жеті жыл әскерде жүріп осынша қиссаларды қалай ұмытпағансың? — дегенде, Көбеген:
— Қайдам, ұмыту, ұмытпауды ойлаған емеспін. Анда-санда қазақ жігіттері бас қосқанда айтатынмын. Онан соң госпитальда жатқан кезде екі-үш қазақ жатты, соларға айтатынмын, — деді.
Ауылдағы барлық үйлер сияқты Нүсіп шалдың үйі де екі бөлмелі болатын, ауыз үйге отын-су жиналатын да, түп үйде үй иелері тұратын. Еркегі бар үй, оның үстіне шалдың өзі де ұқыпты, шаруақор адам, жылда жазда үйін майлап-сылап жөндеп отырады, сондықтан басқа үйлерге қарағанда тап-тұйнақтай, тап-таза еді. Есігінің алдын да қардан кең ашып, тазартып күреп тастапты. Кішкене терезенің алдынан өтіп бара жатып ішке көзім түскен, Көбеген маңдайы жарқырап терезе алдында етік тігіп екен. «Еркегі бар үйдің тірлігі осы ғой», — дедім іштей қызығып. Мен сәлем беріп кіріп барған кезде, шал мен кемпір үйлерінің ортасында қыздарының аяғына екі жақтап еңкейе қарап, жігі-жапар боп жатыр екен. Мені көре сап Шынар әке-шешесін ысырып тастады да:
— Кәне, қандай екенін мына Қанат айтсыншы, — деді жуан даусымен гүж ете түсіп, сөйтті де маған қарай жүрді, бір аяғына су жаңа сыңар етік киіп апты.
— Қалай, Қанат, етігім аяғыма жараса ма?
Бір оңға, бір солға аяғын бұраңдата басып менің алдыма кесе-көлденең тұра қалған, етігі мұз басқандай сықыр-сықыр етеді, топ-толық балтыры қонышын жарып жібере жаздап тұр. Обалы не керек, етігі де суреттей әдемі екен және жалтыраған хром қонышты тырсылдатып көріп тұрған Шынардың топ-толық балтыры да әдемі көрінді.
— Жақсы! — дедім шынымен сүйсініп...
— Қонышы тарлау сияқты ма, қалай? — деген әкесі.
Жоқ, Қанат айтты бітті, ал екеуіңнің айтқандарыңа сенбеймін, — деді Шынар әке-шешесіне шолжаңдай еркелеп, — Енді осы етікке лайық көйлек керек. Әке, естіп отырсың ба?! Давай, анау бір қойыңды сат та, ауданға базарға барып қайт!
— Мақұл, мақұл, — деді әкесі күліп.
Шынар шал-кемпірдің жалғыз қызы еді де, мінезі шолжаң, аса ерке болатын. Бүкіл ауылда мына жаман шал әкесінің арқасында колхоздың ауыр жұмысына бармайтын, не кием, не ішіп-жеймін демейтін, таршылық көрмеген бір адам болса, ол — осы Шынар. Қазір де еркелігіне басып, етігін сықырлата тұрып:
— Аяғымда былғары етік сықыр-сықыр етеді.
Құлағымда алтын сырға сыңғыр-сыңғыр етеді, - деп әндете билеп қойды. Қыздарының қуанышына әке-шешесі мәз-мейрам. Терезе алдындағы Көбеген де қолындағы ісін қоя тұрып, Шынарға күле қарап қапты.
Мен әуелі Көбегенге, онан соң шал-кемпірге үй-іштерімен тегіс қонаққа шақыра келгенімді айтқам. Тіпті қуанып қалды.
— Нәзира келді ме? — деп сұраған Шынар.
— Келді, қазір үйде.
— О-о, тамаша! Нәзираға айта бар мені де келеді деп. Және жаңа етігімді киіп келем, байғазысын әзірлей берсін. Аға, естіп отырсыз ба? — деді онан соң Көбегенге еркелей қарап. — Анау екінші сыңарын кешке дейін бітіретін болыңыз, білдіңіз бе?! Бұл сізге әскери тапсырма!
— Құп болады, Шынаржан! — деді де оның еркелігін ағаша қабылдап мәз болып. Дереу етіктің екінші сыңарын қалыпқа кигізе бастады.
Кешкісін Шынар біздің үйге жаңа етігін киіп келген. Қызысың деген емес пе, Нәзира әпкем қатты қызықты, Шынарды ауыз үйге шығарып ап, қояр да қоймай тұрып етігін шешкізіп, өз аяғына киіп көрді.
— Аздап қысады екен, — деді бұл да аяғын оңды-солды ойрандата басып (қыздардың бәрінің өститін әдеті болу керек), — бір-екі күн кисем кеңейіп кетер еді.
— Мына Көбеген шебер етікші екен. Сен де өзіңе бір етік тіккізіп алсаңшы, мен айтайын.
— Былғары жоқ қой. Айтпақшы, апамның ескі етігінің қонышына жаңа бас тауып тіккізуге болатын шығар?
— Болады. Мен әкеме айтайын, жаңа бас тауып береді. Өзің МТС-қа қашан қайтасың?
— Таңертең ерте тұрып кетуім керек.
— Онда әлгі қонышты қазір тауып қой, кетерде Көбегенге аяғыңды өлшетіп ала кетейік.
Біз түп үйге кірген кезде, үлкендер өткен-кеткенді қозғап қызу әңгіменің үстінде екен. Әңгімені қозғаушы Нүсіп шал да, әжем соны кеу-кеулеп қойып отыр, арагідік Нүсіп шалдың кемпірі де араласып сөз қыстырып қояды. Сәл тыңдаған соң ұққаным — әңгіме Көбегеннің улы бабасы туралы екен.
— Жарықтық, сөзге шешен, сері адам болыпты, бір үлкен жиында жесір дауы сөз болғанда: «Әйел — ана емес пе? Ананың басын саудаға салғанның жүзі қара емес пе?! Біз бүгін бір жесірдің мойнына дұзақ салсақ, ал күні ертең одан туған ұрпақ рулы ел болғанда, соларға не бетімізді айтамыз деп, көпшілікті өз жағына қаратып, жесірді зорлықшылардан азат еткен екен, — деді Нүсіп шал әңгімесін аяқтап.
— Айтқаны келді ғой, сол Сәбира апамнан тараған ұрпақтың бірі мына Нұғыман емес пе, — деп әжем іліп әкеткен.
— Иә да, — деп қойды Нүсіп шалдың кемпірі де.
Мұндай ұлы бабасын мадақтаған әңгіме Көбегенге айрықша ұнайтын болса керек, өңі нұрланып, бір сөзді мүлт жібермей еліте тыңдайды.
— Менің етігім Нәзираның аяғына құйып қойғандай жақсы жарасады екен, — деді еркелей кірген Шынар үлкендердің әңгімесін ортасынан қақ бөліп. — Көбен аға, бұл сізге жасаған құлаққағысымыз.
— Тігуге болады ғой, — деген Көбеген созыла сөйлеп.
— Бітті онда, келістік, — деді Шынар сол ерке үнмен. — Нәзира, естідің ғой. Әлгі қонышыңды әзірлеп қой, кетерде мен ала кетем.
Дастарқан әзірленіп ет желінді, онан кейін шай жасалды. Әжем кірпіш шайын қап-қара ғып демдеп шығарып шоққа қойып, қаймақ қатып қоңыр күрең ғып құйған кезде, бүкіл үйдің ішін шайдың хош иісі алып кетті. Кішкентай балаларға дейін танаулары делбіреп қалған.
— Паһ, паһ... Мұндай шайды ішпегелі қай заман. Нағыз үнді шайы ғой. Қайдан келген?
— Нәзира әкелді. Мытыста біреуден сатып апты.
Үлкендер шайдың дәмін ала түскілері келгендей асықпай сораптай ұрттайды да, «У-һа-а»... деп ұзақ тамсанады. Жарты кесе ып-ыстық шайды сөйтіп отырып әне-міне дегенше төңкеріп салады. Сәлден кейін-ақ маңдайлары жіпсіп, рақат бір күйге еніп, балбырай бастады. Өмірлерінде басқа бірде-бір асты дәл осылай өне бойлары балқып отырып ішпейтін шығар. Орамалмен маңдай терлерін сәнмен ғана сүртіп қояды.
— Түу, жарықтық-ай, буын-буыныма түсті ғой, — дейді Нүсіп шалдың кемпірі.
— Іш, жаңалап демдеп қойдым, — дейді әжем.
Нәзира әпкем мен Шынар екеуі бір-екі шыны-аяқтан ішкеннен кейін-ақ ыдыстарын төңкеріп, тұрып кеткен. Екеуі кәннің үстінде күбір-күбір әңгімелері таусылар емес.
Бір кезде шай да ішіліп болды-ау. Дастарқан жиылып, аз-кем тоқ басқаннан кейін Көбеген көтеріле отырып, Нүсіп шалдың: «Ал бір қиссаңды «әу» деп жібер!» — деген тілегі бойынша, тамағын кенеп, біраз жөткірініп алды да, «Бозінген» деген жырды бастады. Мен бұрын балалардан естігенім болмаса Көбегеннің жырын бірінші тыңдауым еді, даусының сәл жарықшағы бар, шырылдаған зарлы екен, «а» дегеннен төбе құйқамды шымырлата жөнелді. Бозінгеннің шудасы желкілдеп керуенге қосылғанынан бастап-ақ қайғылы бір сарын білінген, содан інгеннің ботасынан айрылып зар илеп боздаған тұстарына келгенде, басы әжем боп көзімізден жас сорғалап берді. Қаншама тістеніп, намысқа тыртысып жыламауға тырысқанмен, тамаққа тығылған ащы өксік жүйке-жүйкені сыздатып, ып-ыстық жас көзге құйыла береді.
Ботасынан айырылған мендей сорлы бар ма екен...
Неге жоқ?.. Бар ғой, бар. Міне, менің әжем де дәл сондай ғой, ботасынан айырылған боз інгендей боздап қалды емес пе? Біз де солай сорлап қалған сорлы жетімектерміз ғой. Біз әкемізден-шешемізден айырылдық қой!
Көл-көсір аққан көздің жасы. Ыстық жас. Қорс-қорс етеміз. Әжем айтпақшы: «Уһ, дүние, жалған-ай!..» Енді қайтып еш уақытта, еш уақытта әкемізді, шешемізді көрер күн жоқ қой!.. Қайран әке!.. Қайран шеше!.. Көке! Көке!.. Апа! Апа!.. Сендерден айырған сұм тағдыр неткен опасыз еді! Неге ғана бізді тастап кеттіңдер?! Зар илетіп, зар еңіретіп қалай қиып кеттіңдер?! Зәбір көріп, жапа шегіп, зар еңіреп жүрсін дегендерің бе?І Неге? Неге, бізді тастап кеттіңдер?!
Бозінгеннің бір жақсысы ең соңында ботасын тауып, бақытқа кенеледі екен. Біз тыңдаушылар соған риза болдық. Бозінгенге қосылып біз де қуанышқа кенеліп, көл-көсір аққан көз жасымыздың төлеуі қайтқандай, шерменде көңіліміз жеңілейіп, жадырап қалдық. Өксік-солығымызды баса отырып, Көбегенге сонша риза көңілмен, алғысты көңілмен елжірей қараймыз.
— Өркенің өссін, қарағым! — деді әжем.
Сонан біразға дейін үйдің іші тым-тырыс боп, әлгіндегі ғажап жырды бойымызға сіңіргендей күйде отырғанбыз. Үнсіздікті Нүсіп шал бұзды. Өзінің бала-шаға, кемпірлерге қосылып жыламағанын білдіру үшін, көпе-көрінеу көңілді дауыспен:
— Апыр-ай, Көбеген қарағым-ай, неше күн болды тыңдап келем, әр кеш сайын мен естімеген бір жаңа қисса айтасың. Осының бәрін кімнен және қашан үйренгенсің? — деді таңырқап.
— Бала кезімде, осы ауылда үйрендім ғой, — деді Көбеген маңдайының терін сүрте отырып. — Қанапия, Сәдіғұл марқұмдардан үйренгем, біразын кітаптан өзім жаттап алдым.
— Иә-ә, Қанапия, Сәдіғұлдар жез таңдай жыршылар еді ғой!
— Баяғыда Күреңбелде күзекте отырғанымызда, — деп әжем киіп кетті сөзге, — біздің үйге Сәдіғұл келіп екі күн, екі түн өлең айтқаны есімде. Сонда даусы бір қарлықпады-ау, шіркіннің!
— Қанапия да сондай дүлдүлім еді ғой! — деп іліп әкетті тағы да Нүсіп шал. — Мына осы үйде отырып ол шырқағанда, даусы сонау Мытыстағыларға естілер еді ғой...
— Әй, шал, ертең де күн бар, қайталық енді, — деді осы кез кемпірі.
— Иә, кел демек бар, кет демек жоқ, рақмет, ақ жеңеше! — деп, Нүсіп шал әжеме қарап бата жасап, бетін сипады.
— Мен осында Нәзираның қасына қонам, — деген Шынар.
— Мейлің, — деді шешесі.
Балдағына сүйеніп Көбеген де тұрды.
— Рақмет, әже! — деді.
— Саған да рақмет, қарағым. Көңілімізді бір көтеріп тастадың. Үй осы, келіп тұр.
Көбеген шоқалақтап есік алдына барды да, кілт қайта бұрылып Нәзира әпкеме:
— Нәзира, аяғыңды өлшеп алайын, — деді.
Маған қағаз-қарындаш алғызып, еңкейе тұрып Нәзира әпкемнің аяғын жалаң аяқтандырып қағаз бетіне сызып алды.
— Қонышы Шынардікіндей болса жарай ма? — деп сұраған. Нәзира әпкем қызарақтап басын изеді.
— Нәзираның аяғы менің аяғымнан сәл-сәл ғана үлкен екен, — деді осы тұста Шынар.
Әжем кішкене балалармен кән пештің үстіне жатты да, біздің төсектеріміз төрге қатарластыра салынды. Мен жалғызбын да, Нәзира әпкем мен Шынар екеуі бірге жатты. Әжем де, кішкене балалар да, бастары жастыққа тиісімен, тез ұйықтап қалды. Ал Нәзира әпкем мен Шынар екеуінің қыбыр-жыбыр сөздері таусылар емес. Біріне-бірі «быды-быды» деп ауыздары-ауыздарына жұқпай күбірлейді-күбірлейді де, бір кезде қиқылдаса күліп тұншығып қала жаздайды, әйтеу, әңгімелері керемет қызық, үш-қиыры жоқ ұзақ. Бұл екеуі қиқылдасып-шиқылдасып жатқанда, мен қалай ұйықтайын, көзім бажырайып, бірде айтқандарын естіп қап, бірде естімей, бірде түсініп, бірде түсінбей дөңбекшідім де жаттым. Біраздан кейін әжемнің ояна қоймасына көздері жеткен екеуі, мені де ұйықтап қалды деп ойлады-ау деймін, жыртақтап дауыстары шығып, еркіндеу сөйлесе бастады. Көбіне сөйлеп жатқан Шынар.
— Өзі сондай ұялшақ, мен бажырайып бетіне тура қарасам, қызарақтап төмен қарап кетеді. «Аға, сіз неге маған тура қарамайсыз?» — деймін қасақана. «О не, қалқам!» — дейді түк ұқпағандай. «Неге менің көзіме тура қарамайсыз?» деймін. «Иә, ал қарадым, не айтасың?» — дейді ақырын сөйлеп. «Түк те демеймін, маған тура қарасаңыз болды» деймін. «Әй, Шынар қалқам-ай, тым ерке боп есіпсің ғой», — дейді. «Е, ерке болмай-шы, — деймін мен, — Әкем мен; апам барда, енді мына сіз барда, мен ерке болмай, кім ерке болады?» Ол: «Дұрыс, дұрыс!» — деп күле береді.
— Әй, қу қыз-ай, сен оны өйтіп жүріп бездіріп аларсың.
— Безсе кете берсін. Хи-Хи... ха-ха-ха....
Қатып ұйықтап қаппын. Таңертеңгісін оянсам, Нәзира әпкем де, Шынар да жоқ, төсектері жинаулы тұр екен.
Он шақты күннен кейін МТС-қа бара жатқан Бектайдың шанасына отырып, Нәзира әпкеме барып қайтпақ болдым. Әнеугүнгі келіп кеткенінен кейін өзінен еш хабар болмай, әжем де мазасызданып жүрген, енді шана кездескеніне қуанып қалды. Халін біліп кел деп, екі кеседей талқан, қарны ашқанда қажақтасын деп бес-алты құрт салып берді. Сөйтіп, ес білгелі алғаш рет өз бетіммен ауылдан он шақырымдай жердегі МТС-қа жол шектім.
Ауыл орталығын қақ жарып жүретін үлкен жолменен желдіртіп келе жатқанбыз, Нүсіп шалдың үйінің тұсынан кемпірі қол бұлғап шыға келді, басында кимешегі ғана, қамзолшаң жеңіл қалпы, бізді кере сап жүгіре шыққан болу керек. Бектай атының басын тартқан.
— Мысыға бара жатырсыңдар ма?
— Иә.
— Онда әлгі Көбегенді біле келіңдерші, қарақтарым. Үш күн болды сол жаққа кеткеніне, хабар жоқ. Бірдеңеге ұшырап қалды ма деп мазамыз кетіп отырғаны.
— Жарайды, кездессе ала келеміз, — деді Бектай.
Мұнан әрі еш тоқтаусыз жүріп кеттік. Бектай ырғай сапты бишікті ысқырта үйіріп-үйіріп қойған, почта тартатын шағыр көз жирен жұлқа жөнелді. Бектай маған қарай бір қырындай аяғын соза жантая отырды да:
— Ал, Қанат, жол қысқарту үшін әңгіме айт, — деді.
— Мен не әңгіме айтам, — дедім күмілжіп.
— Қыздар туралы, оларға қалай ғашық болып жүргеніңді айт.
— Мен әлі ғашық боп көргем жоқ.
— Қой, оныңа кім сенеді. Әжібек бәрің бас қоса қалсаңдар, қыздарды сөз етесіңдер ғой, — деп Бектай қарқылдап күлді.
Мен екі бетім дуылдап қызарып кетсем керек, өйткені есіме анау кездегі Әжібектің күйіп-жанған ғашықтығы туралы әңгімесі, Мәриді шақыртып алмақ болғаны түскен. Бектай соған мегзеп келеді-ау, деп қысылдым.
— Өзің ұялып кеттің ғой, жә, қалжыңым ғой, — деді Бектай иығымнан қағып.
Бектай жайшылықта ауыл арасында көк құнанымен едіреңдетіп жүргенде жан адамды менсінбейтіндей боп көрінетін. Тобылғы сапты қызыл қамшысын сәнімен сілтеп қойып жұрттың бәрінің төбесінен қарайтын, әсіресе балаларға кезіккенде ернін шүйіре тұрып немқұрайлы ғана көз тастап:
— Әй, шаңдатпасаңдаршы! — деп одыраңдап ете шығатын. Өзі Әжібектен бірер жастай ғана үлкен, бірақ соған қарамастан жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі одан әлдеқайда ересек адам сияқты еді.
Қазір екеуміз шанада қатарласа жантайып отырмыз. Шағыр көз жирен желе шоқырақтап тұяқтарымен қатқақ қарды шанаға кесек-кесегімен бората лақтырып келеді.
— Ой, мына қалыпта біз МТС-қа жеткенше көшкіннің астында қалармыз, — деді Бектай аттың басын іркіп. Онан соң астымыздағы шөптен көтеріп шананың алдыңғы жақтауының саңылау тесіктерін бітедік. — Сен мына тонды жамылып отыр, — деп, өзімен ала шыққан үлкен қара тонын менің иығыма жауып, омырауымды, аяқ жақтарымды қымтап қойды.
— Мен тоңбаймын, өзің жамылсаңшы, — деп едім.
— Жо-жо, мен ат айдап қимылдап отырам, қозғалыссыз отырған адам тоңып қалады, — деді.
Енді байқадым, көк құнанның үстінде қоқиып жүргенде үп-үлкен, ересек боп көрінетін Бектай жақыннан қарағанда өзіміз сияқты бала екен, тіпті әлі мұрты да жоқ, тебіндеп қана ізі білінеді. Бұған қарағанда Әжібекке мұрт бұрын өсетін сияқты.
— Неге күлесің? — деді.
— Жай. Мен сені есепші болғанға үлкен адам екен десем... — дедім.
— Иә, немене, үлкен адам емес пе екем?
— Өзіміз сияқты бала екенсің.
— Ә, күліп отырғаның сол ма? Әрине, баламын, бірақ сендерге қарағанда ересек баламын. Маған ойнауға болмайды сендер құсап, шәлкестік жасауға да болмайды...
— Неге?
— Болмайды, сол... Мына соғыс бітсін, амандық боп. Біздің әскер қазір жауды қуып, өз жеріне қарай тықсырып апара жатыр ғой. Көп ұзамай тас-талқанын шығарамыз әлі... Әй, сонан кейін ойынның түбін түсіріп тұрып ойнармын-ау! Мен сендердің ойындарыңа кейде сырттай қарап қоям, қызық ойындарды білмейсіңдер. Соғыстың алдында біздер ойнаушы ек!... Шіркін, ойын деп соларды айт!.. Мен асықты жақсы ойнайтынмын. Анадай жерден өрістен атқанда дәл тигізіп, сақамды дүп қатыратынмын. Бір жазда бес жүз асық ұтқаным бар... Асық ойынында қолыңа жағатын жақсы сақаң болуы керек, ауыр да емес, жеңіл де емес болсын. Асыққа тигенде дүпте қатсын...
Мұнан әрі Бектай қолыңа жағатын сақаны қалай жасау керек екенін, оны бізбен қалай үңгіп тесіп, қорғасынды қалай құю керек, табанын қай мөлшерде, қалай қайрау керек екенін тәптіштеп әңгімелеп кетті. Бір ауық мен де асық ойнауда қара жаяу емес екенімді, сақаны мен де бір адамдай тәуір жасайтынымды айтып өзара қызу әңгімеге кірісіп кеткенбіз. Кенет желіп келе жатқан атымыз оқыс ішін тартып осқырынып кілт тоқтай қалды. Алдымыздан анадай жерде жолдың дәл ортасымен бізге қарсы Көбеген келе жатыр екен. Атымыз содан үркіп тоқтапты. Аттың өзінен үркектеп тұрғанын көріп Көбеген бір шетке қарай шығып бізге жол берді. Қасынан өте бере, біз шананы тоқтатып қосарлана сәлем бердік. Көбеген ернін ғана қыбырлатты. Өзі әбден қара терге түсіп, өңі түтіге қарайып кетіпті. Бізге шаршаған жабырқау кейіпте самарқау ғана бір қарады да жол ортасына түсіп жүріп кетті, жүріп кеткен жоқ, балдағына сүйеніп жалғыз аяғымен шоқырақтай жөнелді.
— Аға, шанаға отырыңыз. Қазір біз МТС-қа барамыз да шаруамызды бітіре сап кейін қайтамыз, — деген Бектай. Көбеген қайрылған жоқ, естімеген адамша жүре берді. Балдағы қарға қатты батып, әр аттаған адымы ауыр тиіп бара жатқанын біз сезіп те, көріп те тұрмыз.
Бектай шыдай алмай шамадан қарғып түсіп соңынан жүгіре ұмтылды.
— Аға, тоқтаңызшы! — деп ышқына дауыстап қуып жеткен. Көбеген сәл кідіріп бұған бұрыла қарады да, бірдеңе деп ақырып жіберді. Бектай оған тағы да бірдеңе деп жақындай берген, Көбеген бір балдағын көтеріп ап салып жіберуге шақ қалды. Бектай кейін қарай секіріп түсті. Көбеген тағы бірдеңе деп кіжінді де, жол ортасына түсіп, бұрылып қайтадан жүріп кетті...
Жүні жығылып абдыраған Бектай қайтып кеп шанаға отырған:
— Жынды ма-ей, өзі, біз оған жанымыз ашып жүрсе, боқтайды, — деді ыза болып.
Шағыр көз жиренді бишікпен шықпырта салып жіберген, ол жануар ыршып түсіп шаба жөнелді. Кейін жаққа қарай береміз, шоқақ-шоқақ еткен Көбеген біртіндеп алыстап, сәлден соң мүлде ұзап кеттік, мидай жазық қарлы далада қара ноқатқа айналды, кішірек бір белеңді асқанымызда, көзден де таса болды.
— Әй, осы соғыстан қайтқандар қиын, — деді Бектай әлі де ұмыта алмай, — Шетінен контужный.
Биік дөңнің үстіне шыға келгенімізде, дәл иегіміздің астында, ойда, үлкен ауыл MTС жатты. Мұндай үлкен ауылды бірінші көруім, о шеті мен бұ шеті ат шаптырымдай шығар, үйлері сонша көп болар ма, жыпырлата салынған, төбесінен қарағанда құмырсқаның илеуі сияқты. Және көшелері де көп екен. Көше бойлары селдіреген ағаштар.
— Ойпыр-ой, үйлерінің кебін-ай! — деппін ішегімді тартып таңырқап. — Мына құжынаған көп үйдің арасынан әркім өз үйін адаспай қалай табады екен?
МТС-қа бұрын да талай кеп жүрген Бектай күле қарады.
— Әй, надандық-ай, — деді кекетіп. — Қалай тапқаны несі? Мұнда әр көшенің аты, үйлерінің саны бар. Сол бойынша еш адаспай оп-оңай табады. Мысалы, мынау сол жақ қапталдағы сырты қоршаулы жатқан МТС-тың ауласы, — деп көп комбайндар мен тракторлар қатар-қатар тізіліп тұрған тұсты нұсқады. — Оның бергі жағындағы екі қабат үйлер МТС-тың кеңсесі және бастықтары тұратын үйлер. Ал мына оң жақтағы созылып жатқан көп терезелі ұзын үй — жатақхана. Сенің Нәзира әпкең сонда тұрады.
— Ал анау көп үйлерде кімдер тұрады?
— Осы МТС-тың жұмысшылары.
Көшеге де кірдік. Міне, үй деп осыларды айт, зәулім биік, шатырлары тура кітаптағы суреттердей, төбелеріне қарасаң, басыңнан қалпағың түседі. Есіктерінің алдында тақтайдан жасалған: баспалдақтар, ақ боран ай бойы соқса, қар баса қоймас. Шіркін осындай үйлерде де адам тұрады-ау! Ал анау, екі қабатты үйде тұратындар тіпті ерекше адамдар шығар!
Шана әлгінде төбеден Бектай жатақхана деп көрсеткен ұзыннан-ұзақ салынған көп терезелі үлкен үйдің алдына кеп тоқтаған. Бектай мені түсірді де, екі сағаттан кейін алып кететінін айтып шаруасына жөнелді.
Есік алдында жүрген бір кемпірден сұрап ап, әпкемнің бөлмесіне мен кіргенде, ол ортадағы биік столдың басында қағаз қарап жалғыз отыр екен. — Мені көріп қуанғаны сонша, ұшып кеп бас салды, құшағына қатты қысып:
— Келгенің қандай жақсы болды, Қанатай! Үйді ойлап жабырқап отыр едім, — деді. Құшағынан босағаннан кейін байқадым, екі көзі қып-қызыл, әбден жылағаны көрініп тұр. Өңі әнеугүнгі үйге келгендегісінен де гөрі бозарып, жүдей түскен.
— Жылапсың ғой? — дедім.
— Иә, аздап жыладым, — деді әпкем теріс айнала беріп, — Өз теріме өзім сыймай, тіпті қысталанып кеттім.
— Біреу ренжітіп пе еді?
— И-и... — деді қынжыла қолын сілтеп. — Неге ғана қыз болып жаралдым екен.
— Немене, қыз болған жаман ба?
— Несін сұрайсың, Қанатай, жаман болғанда жаман... Кім көрінгенге көз түрткісің. Сауды қойып ақсақ-тоқсаққа дейін сөз салады.
— Сен ондайлардың сөзін тыңдама, қағып жібер.
Әпкем күліп жіберді.
— Енді өзім де сөйтем, — деді жасаураған көзін сүрте тұрып.
Әпкем «ақсақ-тоқсаққа дейін» деген кезде, есіме әлгінде жолда бізге қарсы жолыққан Көбеген түсті. Балдағы қарға батып, жалғыз аяқпен қиналып бара жатқан аянышты кейпін ұмыту мүмкін емес қой. Мен әпкеме соны айтқам.
— Ауылға жаяу қайтып бара ма екен? — деді әпкем көзі шарасынан шыға.
— Иә. Біз қазір біраздан кейін кері қайтамыз, шанаға отырыңыз, — деп ек, өзімізді боқтап жіберді.
— Сонда ол неғылғаны? — деді әпкем үрейленген үнмен. — Кімге жасаған қиястығы?.. Сорлы жан екен ғой өзі. Сұмдық-ай, егер осыдан бірдеңеге ұшырар болса ғой, бүкіл елге мен қарабет болам... Қанатай, оны тездетіп қуып жету керек. Әйтпесе ол бір пәлеге ұшырап жүрер, — деп дегбірсіздене бастаған.
Мен қазір екі сағаттан кейін Бектай екеуміздің ауылға кері қайтатынымызды, сонда Көбегенді қуып жетіп, шанаға отырғызып әкететінімізді айтып, әпкемнің үрейін басқандай болдым.
— Сөйтіңдер, Қанатай, сөйтіңдер. Пәлесінен аулақ, — деді әпкем көңілі орнына түскендей.
Мен әпкемнің мына мінезіне таң қалдым. Бірақ өзі айтпаса, қазбалап сұрауға және батпадым.
— Сен енді үлкенсің ғой, — деді әлден уақытта күрсініп. — Сол Көбеген үш күн бойы осында менің жүйкемді тоздырды.
— Немене, бірдеңе дей ме?
— Ашық айтып ештеңе демейді. Құр жатақхананың алдына кеп, балдағына сүйеніп сүмірейіп тұрады да қояды. Алғашқы күні МТС-қа бір шаруасымен келіп, содан маған соққаны шығар деп, жаным қалмай ағалап, бөлмеме шақырып шай бердім. Екінші күні сабақтан шықсам, тағы келіп тұр. «Иә, қайтуға көлік табылмады ма, аға?» — десем, «Жоқ, мен қайтқалы жүргем жоқ, саған келіп едім, Нәзираш. Сенде сөзім бар еді» — дейді. Тағы да бөлмеме шақырып шай бердім. «Ал, аға, маған не айтпақ едіңіз?» — дедім. «Жай, өзіңді көргім келеді де тұрады, қалқам», — деп міңгірлейді. «Мені көре беріп қайтесіз, аға, маған алаңдап, алданбаңыз», — деп шығарып салғам. Сонымен кеткен шығар десем, бүгін ертеңгісін тағы келіп тұр. Ыза болдым да ұрсып-ұрсып жібердім. Бұрылып алып кеткен. Ауылға жаяу тартқаны маған ренжігендегісі ғой. Онысы несі? Өзі жарымжан адам, егер жолда жазатайым бірдеңе болса ғой, бәріне кінәлі мен болам. Сонда жазығым -ұнатпайтынымды айтқаным ба?
Көбегеннің мына қылығына әпкеме қосылып мен де ренжідім, шынында да, үп-үлкен адамның онысы несі?
Апалы-інілі екеуміз өстіп сырласып отырғанымызда, есік жұлқа ашылып, бөлмеге орта бойлы, қара торы біреу алқын-жұлқын кіріп келген. Біреу дейтінім, а дегенде қыз ба, ұл ма айыра алмадым. Мені көріп өзі де қысылып қалды.
— Үйде қонақ бар екен ғой, — деді күліп. Қыз екенін күлкісінен білдім. Нәзира әпкем ол екеумізді қысқаша таныстырып өтті. Бұл — әпкемнің қасында жататын курстас жолдас қызы Гүлсара екен. Мұның да басында әпкемдікіндей құлақшын, қолындағы дорбасы мен күпәйкесін төсегінің үстіне қарай лақтырып тастаған, мұның да кигені сол әпкемдікіндей комбинезон, бұл .да шашын төбесіне түйіп апты. Мына қалпында қыздан гөрі талдырмаш жасөспірім бозбалаға көбірек ұқсайды.
Бос тұрған орындыққа кеп гүрс етіп отыра кетті.
— Екі нанды да жақсы бағаға саттым, — деді ол Нәзира әпкеме есеп бере сөйлеп. — Онан соң базардан шығып келе жатсам, әнеугүнгі сары кемпірдің кездесе кеткені, тағы бір ширек шай ұстап келеді екен, соны сатып алдым, анау дорбаның ішінде ал қалған ақша, міне, қалтамда.
— Жақсы болды. Шайды қазір әжеме беріп жіберейін, — деді әпкем де қуанып.
Мен келгенде отқа қойған шәугімдегі су қайнап, әжем беріп жіберген талқан мен құрттарды ортаға қойып, үшеуміз шайға отырдық.
Гүлсара сөйлегіш те, күлегеш, көңілді қыз екен. Ауыз жаппай сөйлейді де, өзі мәз боп күледі. Күлген кезде, екі беті шұқырайып, сүйкімді боп кетеді.
Жаңа базарда бір әйел сыбырлап қана: «Әй бала, менде самогон бар», — дейді, мен де сыбырлап қана: «Осы жерде тұрыңыз, қазір кеп ұстап әкетеміз», — дедім. Әлгі әйел: «Жә, бір стақанды өзіңе тегін берем», — дейді сыбырлап. Мен: «Жо, бір стақан аз», — дедім. «Екі стақан», «Екеу де аз». Әйел долданып: «Жап-жас болып құлқының кең екен өзіңнің!» — деді. Мен шыдай алмай күліп жібердім де, ары қарай жүріп кеттім. «Қаршадай болып шешесіндей адаммен қалжақтасады», — деді әйел соңымнан ашулы үнмен...
Гүлсараның әңгімесіне мәз боп күліп отырғанымызда, сырттан Бектайдың: «Қанат!» — деп айқайлай шақырған даусы естілді. Шағыр көз жиреннің біз отырған бөлменің терезесінің тұсына кеп, басын кегжитіп тоқтай қалғаны көрінді. Тез жиналып далаға шықтық. Нәзира әпкем әлгінде Гүлсара әкелген ширек шайды және қайдан алып шыққанын білмеймін, үш тілім қара бөлке нанды орап берді.
— Шайды апарсам да жетеді ғой, нанды алып қал, өзіңнің қарның ашады, — деп едім.
— Балалар жесінші, — деп бой бермеді. Мен оның бозарып жүдеу тартқан жүзіне қарадым, бір түрлі сырқаттанып тұрған сияқты боп көрінді. «Қанша дегенмен, үйден алыста жүргендікі-ау»,- деп, жаным ашыды. Өзін жекелеп шығардым да:
— Өзің жүдеп барады екенсің, нан сатқаныңды қой, — дедім өзімше ұрса сөйлеп.
— Жалғыз мен емес, басқалар да сөйтеді. Бір күндік нормамыздың жартысын сатып, ақша жинап киім-кешек алсақ дейміз.
— Киім кимесең өлмессің, денсаулығыңды ойласаңшы, — дедім дәл осы арада әжемше ақыл айтып. — Жақын арада тағы да келем, егер нан сатқаныңды білсем әжеме айтам.
— Жарайды, Қанатай, енді сатпаймын, — деді әпкем мені күле құшақтап. Қоштасып жүріп кеттік. Шағыр көз жирен ауылға қарай заулап жөнелді. Биік дөңге көтерілгенде кейін бұрылып МТС-қа көз салғам, дүрілдеген, тарсылдаған-дүрсілдеген, бірі МТС ауласының ішінде, бірі ауланың сыртын айналып қым-қиғаш бірінің жолын бірі кес-кестеген тракторлар жерді солқылдатып сабылып жүр екен.
— Бұлары несі, босқадан-босқа жүргендері? — деп сұрағам Бектайдан.
— Двигательдерін қыздырып жүргендері ғой, — деді Бектай.
— Ә.
Биік дөңнен де астық, МТС кейіндеп тасада қалды. Бірақ тракторлардың тарыл-тұрылдары көпке дейін естіліп тұрды.
МТС-тан шығарда заулай жөнелгенімен, биік дөңді асып, ауылға баратын даланың сүрлеу жолына түскеннен кейін Шағыр көз жиреннің әлгіндегі екпіні бәсеңсіп, бүлкіл желіске ауысты. Түс ауа жылымықтанып, жентектеліп жатқан қар да жүрісін ауырлатса керек. Екі бүйірі солқылдап терлейін деді. Жайма-шуақ күннің сәулесіне шағылысып иі босап жатқан қарлы даладан ұялшақтағандай Бектай екеуміздің көзіміз қарығып, сырғыған шананың үстінде маужыраған рақат күйде келеміз.
Екеуміз де үнсізбіз. Сөйлесуге ерінетін сияқтымыз. Мынау белес-белес боп созылып жатқан ұшы-қиыры жоқ аппақ дала, бір шөкім бұлт жоқ шыныдай мөлдір көк аспан, май тоңғысыз жылым ауа — барлығы да шана үстіндегі бізді тербетіп келе жатқандай болады.
— Әлгі Көбеген байғұс көрінбейді, — деп қойды бір кез орнынан көтеріліп алға қараған Бектай. Менің есіме әпкемнің бағанағы айтқандары түсті. Бір ауық ойша екеуін салыстырып көргем, сүмірейген балдақты ақсақ, әрі кексе Көбеген мен тепсе темір үзетін, оттай жайнап тұрған әпкем екеуінің арасы жер мен көктей екен. Ақсақ бұл түгілі қол-аяғы бүп-бүтін, түр десең түрі бар, өнер десең өнерлі, жігіттің сұлтаны боп көрінетін Ырысбекті де әпкем менсінбей қойды ғой. Әпкемнің теңі Тоқтар еді ғой. Шіркін, қандай әдемі жігіт еді! Шалдар айтқандай, қынынан суырған қылыштай боп тұрушы еді. Ер жігіт сондай-ақ болар! Оның қасында Ырысбек кім, Көбеген кім? Қайран әпкем, түсінем мен сенің жайыңды... Қалғып кетіппін.
— Аға, отырыңыз! — деген дауыстан көзімді ашып алдым. Шана тоқтапты. Жол шетінде тұрған Көбеген қарға сағағына дейін батқан қос балдағын әзер деп суырып алды да, шана үстіне лақтырып тастай берді, өзі бір аяғымен секіріп кеп, бар салмағымен менің қатарыма гүрс етіп отыра кетті, отыра кеткен жоқ-ау, құлап түсті. Жақыннан анық көрдім, түрі адам шошырлық еді, өрт сөндіргендей қап-қара, бет-аузынан айғыз-айғыз аққан тердің іздері ақ таңдақтанып, жолақ-жолақ боп қапты. Шанаға жамбасы тиген бойда талмаусырағандай көзін жұмды. Танауы қусырылып, тынысын солықтай алып, тым-тырыс сұлық жатты да қойды. Өне бойы тегіс әбден тоңған адамдай діріл қағады.
Екі белесті асқан соң ауылға да жеттік. Нүсіп шалдың үйінің тұсында Бектай шананы тоқтатып, Көбеген түсіп қалды. Қалт-құлт етіп бір аттады да, босап жатқан қарға айыршағына дейін кеткен балдағын суырамын деп алға қарай ұмтыла тартқанда, жалп етіп ұшып түсті. Бектай екеуміз шанадан секіре-секіре түсіп ұмтылғанбыз, осы кезде үйлерінен Нүсіп шал мен қызы екеуі де жүгіре шыққан. Екеуі бізден бұрынырақ жетіп Көбегенді қолтығынан демеп, көтеріп әкетті.
ҚЫДЫРМАН ТОЙТЫҚ
Арада екі күн өтті ме, жоқ па, сәске кезінде күтпеген жерден Нәзира әпкем жетіп келді. Қасында сол әнеугүнгі мен көрген Гүлсара деген дос қызы. Екеуінің де үстінде сол еркекшора киімдері — комбинезондары, іштерінен жылы жемпірлерін киіп, белдерін мықтап буынып алған, бастарында құлақшын, білмеген адам екеуін де қыз деп ойламайды, ауыл арасының бозбалалары сияқты, жүрістері суыт, сонау МТС-тан жаяу келгендері көрініп тұр. Әжем әуелде қуанып қалса да, артынша көңілі әлденеден секем алғандай:
— Әйтеу, бұл жүрістерің жайшылық па? — деп сұраған.
— Жайшылық. Сендерді сағынып кеттім,— деді Нәзира әпкем жайма-шуақ күлген болып. Бірақ үнінде де, күлкісінде де абыржу бар еді. Құлақшынын шешіп, желкесіне түйген тоқпақтай ұзын бұрымын босатып әуелі өңіріне түсіріп, үш жағын сәл тарқатыңқырап барып өрді де, сәнімен арқасына қарай сілкіп тастап, әжемнен бастап барлығымызға тегіс күлімсірей қарап шықты. Күлкісі маған жасанды боп көрінді.
— Сонша неғып үрпиісе қалдыңдар? — деді тағы да көңілдене сөйлеген боп.
— Әй, сенің осы келісің тегін емес. Менен бірдеңені бүгіп тұрсың? — деді әжем.
— Айтып ем ғой, — деді Нәзира әпкем Гүлсараға қарап күле сөйлеп, — Менің әжемнің көріп келі бар деп. Әне, бәрін біліп отыр.
— Әй, нені біліп отыр дейсің? Нені жұмбақтап тұрсың?! — деді әжем шыдамсыздана.
— Ештеңе емес. Сонан кейін айтам ғой.
— Жоқ, қазір айт.
— Айтсам айтайын, — деді әпкем сол көңілді үнін бұзбастан. — МТС мына Гүлсара екеумізді және бес-алты қызды соғыстан азат етілген қалаларды қалпына келтіруге жіберіп отыр.
— Ойбай, не дейд?! Соғыс деймісің, ой-ба-ай!.. — деп әжем баж етіп, ойбайлап жөнелген.
— Жә... Ойбайлағаны несі, жаманшылық шақырып, — деп Нәзира әпкем қатулана дауыс көтерген.
— Ойбайламағанда маған қуан деп отырсың ба?! Ой-ба-ай-й!..
— Қуан деп отырғам жоқ, бірақ ойбайлама деймін. Мен тірімін ғой.
— А! — деген сасып қалған әжем не дерін білмей.
— Мен тірімін ғой, жаманшылық шақырып ойбайлама деймін.
Тосылыңқыраған әжем сәл бәсеңдеп:
— Өзің соғысты айтып отырсың ғой, қарағым-ау, — деген енді жыламсыраған үнмен.
— Мен соғыс деп отырған жоқпын, соғыстан босаған, біздің әскерлер азат еткен қалаларды қалпына келтіруге барамыз деп отырмын.
— Ойбу-у, енді қайтейін-ай, ол да бәрібір соғыс қой. Әй, қу құдай, шұнақ құдай... — деп, әжем әлгіндегідей емес бәсең үнмен зарлай бастады. — Әкесі мең шешесінен өлідей айрылып, енді бұдан тірідей айырайын дедің бе?! Бұл сұмдықты көрсеткенше мені неге алмайсың. Мен өліп, бұлар менің соңымда жылап неге қалмайды. Қу құдай, көзі жоқ соқыр құдай, тас керең құдай...
Осылайша әжем басқаны емес, дүниені тегіс уысында ұстап тұрған құдайдың өзін көктен алып, жерге салып қарғап-сілей бастады. Әншейінде екі сөзінің бірінде «аллалап» сиынып отыратын діншіл әжем ашынған кезінде құдайыңның да бас-көзіне қарамайды екен. Қу да, шұнақ та, тас керең де, көр соқыр да — әйтеу, адамды қорлайтын кем-кетіктің бәрін соның басына үйіп-төкті-ай келіп. Әжемнің мына қарғап-сілегеніне қарап құдайды Байдалы шалдың ар жақ, бер жағындағы біреу ме деуге болатын. Өйткені дәл қазіргі сәтте құдай бар болатын болса, әжемнің мына сөздерінен кейін: «Әй, осы кемпірден аулақ Жүрейінші» деп, біздің үйдің төңірегінен безіп кеткен шығар. Қашанғы қарғанып-сілене берсін, біраздан кейін құдайдың жер-жебіріне жеткендей болған әжем басылайын деді. Ойбайын токта тып, көз жасын тыйды да:
— У-уһ... О, жаратқан, кеше гөр, — деді ауыр күрсініп. Онан соң үнсіз отырған Нәзира әпкеме қарап: — Қашан жүресіңдер? — деп сұрады.
— Ертең таңертеңгі сағат тоғызда МТС-та болуыңыз керек.
— Баратын жақтарың, әлгі бұзылған қалаларың алыс па?
— Поезбен барамыз ғой,— деді әпкем алыс, жақынын ашып айтпастан жұбата сөйлеп.
— Алыс десеңші. — Әжемнің көңілін аударғысы келген әпкем:
— Мына Гүлсара үйімен қоштаса да алмай кетіп — деген.
— Ойбуй, қарағым-ай, әй, — деді жаны ашып кеткен әжем. — Үйің алыста ма еді?
— Ақсу жақта, алыста.
— Ата-анаң бар ма еді?
— Бар, әкем де, шешем де бар, колхоздың малын бағады, қазір олар төменгі құмда Балқаштың бойында ғой. Бір-екі күнде үлгеріп барып келе алмаймын.
— Ой, әттегене-ай, а... Естігендерінде қандай аңырар екен, сорлылар! Ең болмаса, маңдайыңнан бір иіскеп қалмағандарына өкінеді-ау, ә... О, қараң өшкір, пәшіс-ай!.. Ойдағыны ойда, қырдағыны қырда зарлаттың-ау. Өстіп зарлап қалғыр-ай...
Мұнан әрі әжем белін бекем буып, қайратына қайта мінгендей орнынан тұрды.
— Әй, Қанат! — деді қатқыл үнмен маған, — анау көк тушаны ұста да, Нүсіп бола ма, Мақым бола ма, біреуін ертіп кел, мына әпкеңді айналдырып айтып сойып, құдайы тамақ берейін.
— Әже-ау, көк тушаны қайтесің, буаз шығар.
— Буаз емес.
— Өздеріңе қажет болады ғой, кейін көктемге қарай мына балалар ашығып жатса, сойып, көже қатық жасарсыздар, — деген әпкем бәйек болып.
— Жә, біз ел ішіндеміз ғой, өлмейміз, — деді әжем кесімді үнмен.
Мен әуелі жүгіріп барып үйі жақындау почташы Мақым шалды шақырдым да, одан қайтып кеп қораның іргесіндегі сабанды қажақтап жүрген көк тушаны ұстап есіктің көзіне жетектеп әкелгенімде, әжем Нәзира әпкемді ертіп шығып тұр еді. Әпкем мен Гүлсара бір-біріне қарап жымыңдасып қояды, бірақ ескіліктің қалдығы деп қарсылық етуге әжеме және батпайды, бәрін күлкімен жуып-шайған түрлері. Мақым шал көк тушаны Нәзира әпкемнен үш рет айналдырып бата жасады, «біссімілдә» деп союға кірісті.
Сол күні түстен кейін ауылдың біраз шал-кемпірлері кеп, үйден құдайы тамақ ішіп, Нәзира әпкеме оң сапар тілеп, баталарын берді.
Кешкісін Нәзира әпкеммен мектепте бірге оқыған дос құрбы қыздары: Нұрбике, Үміт; ұлдан Қыдырман және бұлардан екі-үш жасы үлкен болса да Нәзира әпкеммен станцияға астық тартып бірге жүріп, бірге тұрып, аралас-құралас боп кеткен Зибаш жиналған. Соғыстан бұрынғы балалық шақтарын, мектепте оқыған кездерін еске алып, мәз-мейрам боп күлісіп, ән салып, біраз көңілдерін көтерді. Мен ес білгелі, Нұрбике, Үміт, Нәзира әпкем үшеуінің бастары қосылса болды, ауыздары жабылмай, жыпылдасып ұзақты күнге сөздері таусылмайтын. Үшеуі де бірінен-бірі өткен күлегеш, үшеуі де сөзшең, сауысқанша шықылықтап, шошаңдап қалған қыздар еді. Не сөйлеседі, неменеге сонша жыртақтасып мәз боп күлетіндерін адам ұғып болмайтын. Біріне-бірі мұрындарының үстінен алақандарын қырынан ұстап қарайтын да, соған көздерінен жас аққанша сықылықтасып кеп күлетін. Кейіннен білдім, ондағысы өздерімен бірге оқитын осы Қыдырманды мазақтағандары екен де. Қыдырман мұрны қоңқиған ұзын, көзі қысықтау, мінезі әңгүдіктеу бала болатын. Мектепте өзінше қыздардың қасына кеп қырындаған боп тұрады екен. Сондайда бірде қоңқақ мұрнын уқалап жиі-жиі тартқыштай берсе керек. «Немене, сенің мұрныңа бірдеңе болған ба?» — дейді қыздардың бірі кекетіп. «Ұйықтап жатқанымда шіркей кіріп кеткен бе, білмеймін», — депті Қыдырман мұрнын уқалай түсіп. «Қой, шіркей емес, шыбын шығар», — депті қыздар. «Шыбын болса шыбын шығар», — дейді қыздардың мазағына түсіне қоймаған Қыдырман. «Ой, мынадай танауға шыбын емес, ара кіріп кеткен шығар», — депті қыздардың бірі онан әрі қақпақылдап. «Жо, ара емес, ара болса ендігі шағып ап, мұрным ісіп кетер еді ғой», — деген екен Қыдырман. Содан үш қыз ішектері түйілгенше ал кеп күлсін. Неше уақытқа дейін бір-біріне мұрындарының үстінен алақандарын қырынан ұстап қараса-ақ болғаны, сықылықтап күлкіге бататын. Енді бүгін де естеріне алып, сондағы әзілдері мен күлкілері өздеріне ерсі көрініп отыр.
— Түк ұқпайтын бала екенбіз ғой, — деседі.
Біраздан кейін Нұрбике кішкене баласының еметін мерзімі болғанын айтып рұқсат сұрап, қоштасып кетпек болды. Осыдан бес-алты ай бұрын үйде отырып босанып, ұл тапқан. Жігіті Берік өткен қыста әскерге кетті де, көп ұзамай артынан қара қағаз келді, ал Нұрбике болса не қыз емес, не күйеуге тиген әйел емес, балалы жесір боп қала берді. Ата-анасының бетіне мұнан өткен не шіркеу болсын. Нұрбикенің өзі де көпшілік жиналған жерге жоламай, көзге түспеуге тырысып, қашақтап жүреді. Әбден жүдеген, тек бажырайған мұң толы көзі ғана қалған. Бүгін бірге өскен құрбысы Нәзира әпкеммен қоштасып қалу үшін ғана келіпті.
Нұрбике кеткен соң, құрбылары сырттай оған аяныш білдіре отырып, өз бастарындағы қайғы-қасіреттерін шағынғандай болды. Әсіресе Үміт Нәзира әпкемнің қасына отырып ап, құшақтап айырылғысы келмейді.
— Нәзирамен бірге мен де кетер едім, шіркін-ай, — деп қояды көзі мөлт-мөлт жасқа толып. Шынымен кеткісі келгені ме, әлде өзінің кәріп боп қалған күйін шағынған өкініші мен іш құса мұңы ма, кім білсін. Алдыңғы жылы қыста станцияға астық тартып жүргенінде Қараталдың мұзы ойылып кетіп, Үміт су ортасында қалған шанадағы астықты жаяулап су кешіп жүріп тасып өлім аузынан қалған, ақыры соның зардабынан қиралаңдап жүре алмайтын жарымжан болды. Қазір де өзінің жанына батқан сол кәріп халін шағынатын сияқты.
— Мені де ала кетші, Нәзира. Мен де бірге кетейінші, — дейді әпкемнің мойнына қиыла асылып. Үмітке салсаң Нәзира әпкем кез келгеннің қолы жете бермес керемет бір сапарға аттанып бара жатқан сияқты. Тіпті басқаның қолы жетсе де, өзінің қолы жетпейтініне анық өкініш білдіреді.
— Осы қыз қызық, — дейді Қыдырман танауы делдиіп қызына сөйлеп. — Немене, Нәзира өз еркімен бара жатыр дейсің бе?! Бұл да әскерге шақырудың бір түрі. Қаншама қиындықтар күтіп тұрған шығар бұларды да.
— Мейлі, қандай қиындықтар болса да Нәзирамен бірге кетер ем.
— Түу, сен қыз да қойсаңшы енді, адамның қитығына тие бермей, — деді Қыдырман кенет тісі ауырғандай кіржиіп. — Әділіне келсек бұл, ең әуелі, мына менің жолым еді ғой. Мен сияқты жігіттердің жолы еді. Әттең, амал қанша, ауылда жүріп-ақ аяқтан айрылып, тойтық боп қалған мына мені айтсаңшы. Енді, міне, адамға да, құдайға да керексізбін, — деп, ақ таяғымен аяғын тоқылдатып ұрып қойды. Келте ұлтарылған дәу шарықтары кесілген қос томардай қолапайсыз жұп-жуан еді.
Жаңа жылдың алдында қатты боранда екі күндей малмен бірге ығып, далада қалып аяғын үсіткен. Содан саусақтары қап-қара боп күлдіреп ісіп, аяқтарының басы көпке дейін жазылмай, ешқандай ем-дом қонбай, қағынды болып ұшыға бастайды. Күндіз-түні зар қақтырған ауыр азаптан өлер болған Қыдырман, мұнан әрі аяғының мал болмасына көзі жеткен соң, саусақтарын жаңғырыққа салыпты да, өткір балтамен тегіс қырқып шауып тастапты. Және осының бәрін ешкімнің жәрдемінсіз өзі істеген. Шешесі мен іні-қарындастары қарап тұруға дәттері шыдамай, безіп қашып кеткен екен. Міне, сонан кейін ғана беті бері қарап, аяғы жазыла бастады. Мына дәу шарықты өзі тігіп алған. Қалың орап кимесе, аяғы суыққа шыдамсыз, өте тоңғақ көрінеді. Жүрген кезде аяғына кеспелтек екі томарды байлап алғандай қорбаң-қорбаң етеді. Осы күні балалар оны Қыдырман демейміз, тойтық дейміз. Өзі оған өлердей қорланады. Қуып жете алмайтын болған соң, қолындағы жуан ақ таяғын лақтырып ұрып, зәре-құтымызды ұшырады. Бірақ одан тілімізді тартып жатқан біз жоқпыз, анадайдан алдынан кесе-көлденеңдей беріп: «Әне, Тойтық келе жатыр. Тойтықты қара. Әй, Тойтық!» — деп мазақтап қаша жөнелеміз. Сол — Қыдырман да жылармандай боп қорланып, түтігіп отыр.
— Аяғыңның үсігені жақсы болған екен, әйтпесе сен екеш сен де бізді тастап кеткелі жүр екенсің ғой, — деген Зибаш сыңғырлай күліп.
— Немене, менің кетпегенімді тілейсің бе? — деді Қыдырман оған жалт қарап.
— Әрине.
— Апыр-ай, ә, менің тілеуімді тілейтін адам да бар екен-ау, — деп Қыдырман күлген болды. Бірақ Зибаш күлген жоқ, май шамның жарығында дөңгелек сұлу жүзін оған бұрып, көзін сүзілдіре қарады да:
— Мен шынымды айтып отырсам, бұл күледі ғой, — деді назданып.
— Ойбай, жеңешетай, күлмеймін, міне шыным, риза болып отырмын, — деп, Қыдырман оның топ-толық білегінен қос қолдап ұстап, қысып-қысып қойды, — Мен тек өзімнің мына тойтықтығыма күйініп отырмын да.
— Жә, жә, сендерге не болған?! — деді Нәзира әпкем бұларға кезек қарап жеки сөйлеп. — Немене, мені тойға кетіп барады дейсіңдер ме?! Әлде жетіскенімнен кетіп барады дейсіңдер ме?! — Онан соң кәннің үстінде бір-біріне тығыла түсіп, бүк түсіп жатқан әжем мен кішкене балалар жақты мегзеп қойып: — Мен кеткен соң, мыналардың күйі не болады әлі?! — деді ауыр күрсініп.
Шынында да, солай екен-ау дегендей Үміт те, Қыдырман да ыңғайсызданып қалды. Ұйықтап жатқаны, әлде ояу жатқаны белгісіз әжем: «Е-е, алла...» деп аһ ұра күрсініп, жаратқанға күбірлей сиынып қойды. Әпкем есіне енді әлдене түскендей Зибаштан:
— Айтпақшы, Қоғалыбұлақ жақтағы шөпті әлі тарқатқан жоқсыңдар ма? — деп сұраған.
— Кеше ғана екі шанамен Мамыр мен Махмұд барып қайтты. Қар қалың ғой, әзірге жолы ауырлау көрінеді. Жай сұрадың ба?
— Жазда пішен кезінде бұлақтың жоғарғы жағындағы жыраның шөбін мына Қанат екеуміз шалғымен шауып, бергі қабаққа жинап қойып едім. Соны күзде жеткізіп алуға колхоздың жұмысынан қолым тимей кетті емес пе.
— Осы аптада ол жақтан шөп тартуға мына Қыдырман екеуміз де барып қалармыз.
— Онда соны екеуің бөліп-жарып бірдеңе ғып үйге жеткізіп берсеңдерші, өзі бір шанадан аспайды. Мына Қанатты бірге ала барсаңдар, жолын көрсетіп көмектесер еді.
— Жарайды, — деп Зибаш Қыдырманға қараған.
— Әрине, жеткізіп береміз, — деді Қыдырман да іле қостап.
Тағы да тіршілікке байланысты ананы-мынаны сөз етіп біраз отырған соң, Зибаш та ата-енесінің бұл келгенше ұйықтамай күтетінін айтып, кетуге ыңғайланған. Әпкем оған ризалығын білдіре отырып соңғы тілегін айтты: онысы мына қалып бара жатқан өлмелі кәрі шешесі мен көкқарын інілеріне көз қырын сала жүр деген еді. Бұл сөзін ол Зибашқа айта отырып, Қыдырман мен Үмітке де құлаққағыс қылғаны еді.
— О не дегенің, қолымыздан келген жәрдемімізді көрсетіп тұрамыз ғой, — деді Зибаш тағы да қоштау күткендей Қыдырманға, одан Үмітке қарап.
— Әрине, әрине, — десті анау екеуі де.
Зибаш Нәзира әпкеммен көзіне жас ала тұрып, құшақтасып қоштасты.
— Қайда жүрсең аман бол... Аман-сау қайт, тентек қыз...
Зибаш кеткен соң, Қыдырман мен Үміт екеуі тағы да мектептегі балалық кездерін еске алып, бірінен-бірі сабақты қалай көшіргендерін, сабақ үстінде отырғанда қай баланың не істегенін айтып мәз боп күлісе бастады.
— Тағы да бір шай ішелік, Қанатай, сабан әкеп от жақшы, — деді қайта көңілденген Нәзира әпкем.
Мен сабан әкелуге сыртқа шықтым. Түн жарымы ауа барып туған ай бір шекесі ойылып, солғындаған сәулесі төңіректі бозамықтандырып тұр екен. Ауыл тегіс тым-тырыс, ең аяғы мазасыз иттерге дейін тәтті ұйқыға батқан сияқты. Тау жақтан болар-болмас қана қоңыр жел үріп тұр. Қораның сыртына қарай шығып сабаннан құшақтап ала бергенімде, арғы жақтан сабанды сылдырлатып біреу жүргендей болды. Селк етіп сабанды тастай қашуға шақ қалдым.
— Қанатай, қорықпа, бұл мен ғой, — деді ұрлана шыққан дауыс, Зибаш екен.
— Жоқ, қорыққан жоқпын, — дедім мен өзімше сыр білдірмегенсіп. Өзім іштей таң қап тұрмын, әлгінде ғой: «Ата-енем келгенімше жатпай күтіп отырады», — деп, асығып кеткен сияқты еді, енді біздің сабанның түбінде мына тұрысы не? Әлде қайтуға қорқып тұр ма екен?
— Қанатай, ақылың бар ғой, айналайын, анау қыздарға байқатпай Қыдырманға ақырын ғана ымдап, бір кісі шақырып тұр деші, — деді сол ұрлана сыбырлаған үнмен.
— Мақұл.
Сабанды құшақтап үйге кірдім де Қыдырманға қарап «Әй, тойтық» деп қала жаздап барып:
— Сені есік алдында бір кісі шақырып тұр, — дедім еш ымдап жатпай-ақ бірден дүңк еткізіп.
— О кім? — деді Қыдырман таңырқап.
— Шықсаң көресің ғой.
Нәзира әпкем де, Үміт те қосарлана:
— Бар, бар! Шаруасы бар кісі шығар,— десті.
— Ой, о кім болды екен? — деп, Қыдырман тойтық тойтаңдай басып сыртқа шығып кеткен. Үш қыз бір-біріне қарап сықылықтаса кеп күлді.
Қыдырман тойтық сол кеткеннен қайтып оралған жоқ. Мен от жаққам, ошақ үстінде жылы тұрған шәугім сәлден кейін-ақ қайнай бастады. Қыздар тары да шай ішті.
— Енді жатпай-ақ қояйық, — деді Нәзира әпкем Гүлсараға. — Жол бойы әлі ұйықтармыз.
— Менің жатқанмен де бәрібір ұйқым келмейді, — деді Гүлсара мұңайып.- Сен ғой, әжеңмен, інілеріңмен, құрбы-құрдастарыңмен, ауылыңмен қоштасып аттанып бара жатырсың, ал мен болсам әке-шешемнің қандай халде екенін де біле алмай кетіп барам. Ойласам-ақ жүрегім сыздап сала береді.
— Жә, ойлағанмен түк шықпайды. Бәлкім, солардың жылап-сықтап қалғандарын көргеннен де көрмей аттанғаның Да дұрыс шығар, — деді әпкем оны жұбата сөйлеп. — Мен, міне, көңілім айран-асыр боп аттанғалы отырмын. Мен кеткен соң мыналардың күні не болады. Мына Қанатқа қарап қалғандары ғой.
Осыны айтып көзіне жас алды, апама ұқсаған ақ сұр өңі дір-дір етіп, енді сәл болса еңіреп жылап жіберуге шақ отыр. Әжем мен кішкене балалар жаққа жалтақтап қарап қояды.
— Елге аман-сау қайтып ораламыз ба, жоқ па? Қайтсақ қашан қайтамыз, кім біледі?!
— Сендер азат етілген қалаларға бара жатырсыңдар ғой, — деген Үміт.
— Азат етілгенмен, соғыс болып өткен жердің тірлігі қайбір жетіскен тірлік дейсің, — деді Гүлсара көңіліндегі күдігі ішіне сыймағандай. — Жарылмай қалған миналар, бомбалар көп болады екен, көмусіз қалған өліктерден тазартуымыз керек екен.
— Жоқ пәлені айтпай қойыңдаршы, — Деген Үміт көзі шарасынан шыға үрейленіп.
— Рас, бізге ескертіп айтты...
Осы тұста Нәзира әпкемнің көзі бағанадан өздерінің әңгімелерін сырттай үнсіз тыңдап отырған маған түсіп кетті де:
— Жә, сен де адамның зәресін ұшыратын не болса соны айтпай, жөні түзу әңгіме айтсаңшы, — деп, ымдай сөйлеп, Гүлсараны тыйып тастады. — Әдейі мына Үмітті қорқыту үшін айтып отырсың-ау, ә, — деді сөзінің соңын әзілге сая жуып-шайып. Сәл абдырап қалған Гүлсара әуелі әпкеме, одан маған қарады да, лезде өңіне күлкі үйіріп:
— Иә-да, — деді әзілдей сөйлеп. — Әйтпесе Үміт бізбен бірге кетем деп отыр емес пе.
Осылайша үш қыз бір ауық көздеріне жас алып мұңайып, бір ауық әзілдесе күліп ұзақ таңды көздерімен атырды. Өзіміздің үйдің, көрші-көлемдердің әтештері әуелі таңның атқанын хабарлап, бірін-бірі ұйқыдан оятқандай кезектесе әдеппен шақыра бастады да, біраздан кейін ұйқыларынан әбден оянып, тамақтарын қырына кенеп, нәшіне келтіріп алғандай болған соң, — ал енді қайсымыздың дауысымыз ащырақ шығар екен деп, жарысқандай азан-қазан боп шуылдасып кетті. Осы кезде кешегі уәдесі бойынша МТС-қа ерте жүріп, әпкемдерді сағат тоғыздан қалдырмай жеткізіп салмақ болған почташы Мақым шал да шанасымен есік алдына кеп тоқтаған. Әпкем, Гүлсара екеуі тез киіне бастады. Әжем де оянып, дастарқан жайып, — оң сапар тілеп, бата жасады. Әпкемді маңдайынан сүйе тұрып қоштасты, көзіне жас алғаны болмаса, дауыс шығарып жылаған жоқ.
— Маңдайыңа бір жазғаны бар шығар, жыламайын, — деді.
Әжем жыламаған соң, басқаларымыз да көздеріміз жасаурап тұрып қоштастық.
* * *
Жексенбі күні ертеңгісін бір топ бала: Санат, Петька, Отто, Әбілтай және де, ортамызда бізден сәл ересектеу Фрицы бар, ескі клубтың іргесіне жиналып ап, садақ жасауға кіріскенбіз. Бұл биыл қыстағы біраздан бері қызыға ойнайтын ойынымыз боп жүр. Қайыңнан, ырғайдан, талдан садақ иеміз, оған қамыстан жебе дайындап, ұшына қаңылтырдан жасалған үшкір оқ кигіземіз. Садақты кере тартып атқан кезіңде, ауылдың бір шетінен екінші шетіне дейін жетеді және тиген затын тесіп кетеді. Клубтың қалың тақтай есігін атқан кезіңде, кірш етіп қадала түседі. Міне, осы садағымызбен сауысқан, қарға-құзғын атамыз. Өйткені биыл қыс қарға-құзғын, сауысқан дегендер мүлде көбейіп кетті, жыртылып айырылады. Ауыл төңірегіндегі арам өлген, қасқыр тартқан малдардың өлекселерін жайлаған қарға-құзғындар ертеден кешке дейін дар-дар етісіп есіріктеніп азан-қазан шуылдасады да жатады, ал онсыз да ыңыршақтары шығып титықтап жүрген өгіздер мен жауыр аттардың қыр арқаларына қонақтап ап, жануарлардың жараларының қанын сорғалата шоқып, ес таптырмай шықылықтайтын сауысқандар мүлде басынып алған, шақ-шақ етіп шақылдағандары Байдалы шалдан бір кем емес.
Садаққа июге ағашты әркім өзі табады, ал жебеге колхоздың мал қорасының төбесін жапқан қамыстан ұрлаймыз, қаңылтырды Фрицы тауып әкеледі және оны өзі әдемілеп үшкілдеп қиып, ұшын үп-үшкір біздей етіп оқ соғады. Қолы майысып шебер-ақ. Жасап берген әр оғы үшін Фрицыға бір құрт немесе басқадай тамақ төлейміз. Мәселен, біз: Санат, Әбілтай үшеуміз үйімізден ұрлап-жырлап құрт-ірімшік әкеп отырмыз да, Петька отқа көміп пісірілген картоп әкеп отыр, ал Оттоның сыртын отқа қақтаған жарты жүгерісі бар. Осының бәрін дорбасына салып алған Фрицы жан-тәнін салып бізге оқ соғып отыр. Әрқайсымыз екіден-үштен оқ соққызып мәз-мейрамбыз.
— Пірсіп-оу! Әй, Пірсіп, жер жұтқыр, қайда жоғалып кеттің?! — деген дауыстан Фрицыдан бастап бәріміз де селк-селк ете қалдық. Бұл — Байдалы шалдың кемпірі Үпияның даусы.
— Ойбай, мені іздеп" жатыр, — деді Фрицы жасап отырған оғын тездете тықылдатып.
— Әй, Пірсіп! Тілеуің құрғыр, қайда жүрсің?!
— Апа, мен мұндамын.
— О, желкең үзілгір, анау малдарды суғар.
— Қазір, апа, қазір.
Фрицы соңғы жасаған оғын Әбілтайдың жебесіне кигізіп берді де, қаңылтырың орап, кетуге жиналды.
— Қалғанын қазір малдарды суғарып келген соң жасаймын, — деді.
Фрицы — жетім бала. Шешесі өткен күзде пішенде жылан шағып өлді. Содан бері Фрицы әркімнің есігінде күн көреді. Соңғы кездері Байдалы шалдың үйінің малын қарап, сол үйге қол бала боп жүр. Қолы қалт етсе біздерге кеп бір жағы ойнайды, бір жағы бірдеңе-бірдеңе жасап, тамағын асырайды. Өзі бізден бірер жас үлкен, ұзын бойлы, өңі боп-боз, имиген арық, тарамыстанып алып қолынан келмейтіні жоқ.
Әрқайсымызда екіден-үштен оқ және әр оғымыздың батырлар жырындағыдай аты бар: Сұржебе, Көкжебе, Сойқанжебе, Қатержебе... деп түрлеп-түрлеп атаймыз. Сауысқан, қарға атпас бұрын әуелі нысана көздеп жаттығып алмақ болып клубтың есігіне қарай күйемен Гитлердің суретін салып, соны көздеп атып ойнауға кіріскенбіз. Клубтың арт жағынан тор жорғасымен ентелетіп Байдалы шал шыға келгенде, апыр-топыр қаша жөнелдік. О да атын тебініп қап:
— Ө, иттің күшіктері, не істеп жүрсіңдер?! — деп ақыра ұмтылған. Қуып жетіп әрқайсымызды қамшымен бір-бір салып өтетін шығар деп ойлағанбыз, жо, олай болмады. Ұзаңқырап барып кейін бұрылсақ, Байдалы шал атының басын тартып, еңкейе түсіп клубтың есігіндегі әлгінде біз салған Гитлердің суретіне қарап тұр екен.
— Әй, күшіктер, мыналарың кім? — деді қамшысының сабымен суретті нұсқап.
— Гитлер, — дедік біз бір ауыздан.
— Ә. Соны атып жүрсіңдер ме?
— Иә.
— Онда оларың дұрыс екен. Ал өздерің неге қашасыңдар? Шынында да, неге қаштық? Бұрын балалар Байдалы шалдың соңынан қалмай аталап оған бірдеңе деп сөйлесіп қалуға құштар ек, басқа үлкендерге қарағанда оны бір түрлі жақын тартып үйірсектеп, еркелегіміз кеп тұратынбыз. Өзі де бізбен әзілдеп қоятын: «Әй, осы күнгінің балаларын қойшы», — деп, ернін шүйіргеннің өзінде бізде кемсітіп жерлеуден гөрі, қайта намысымызға тиіп қайрап тұрғандай көрінетін. Байдалы шал бригадир болғаннан бері, сол өзара үйірсектік біртіндеп суып, қайта керісінше арамыз алшақтап кеткен. Бүгінде балалар Байдалы шалды көрсек өзімізден-өзіміз қаша жөнелеміз, ал ол өзі бізді көрген жерде атын тебініп қап, қамшысын үйіріп ақырып қуып береді. Біздің жазығымыз не, неліктен қашамыз, ал ол бізді не үшін қуады? Оны біз де білмейміз, Байдалы шалдың өзі де білмейтін болар. Әйтеу, біз қаша жөнелеміз, ол қуып береді. Қазір де ол клубтың арт жағынан оқыстан шыға келгенде, біз топырлап қаша жөнелдік, ал ол ақыра ұмтылып, қамшысын үйіріп қумақ болды. Енді, міне, біздің неліктен қаша жөнелгенімізге ол түсінбей тұр да, одан неліктен қашқанымызды білмей біз тұрмыз.
— Бері, жақын келіңдер, — деді ол саябыр үнмен. — Неге қорқасыңдар? Тимеймін. Бері келіңдер.
Біз өзімізді көтеретін, бірақ ат омбылап жүре алмайтын қатқақ қардың үстіне шығып алғанбыз, енді оған қуса да ұстатпайтынымызды білеміз. Сондықтан тайсақтамай оның әр қимылын қалт жіберместен қадағалап қарап тұрмыз.
— Әй, қорықпаңдар дедім ғой. Кәне, қайсысың хатты жақсы оқисың? Мен бір қағаз оқытып алайын деп едім, — деді ақыры өзінің бізге ісі түсіп тұрғанын білдіріп. Біз, балалар, ішіміздегі хатты ең жақсы оқитынымыз деп атын атамасақ та Санатқа қарағанбыз. Ол әлгінде қаша жөнелгенімізде, жерге түсіп қалған бір оғының торы жорғаның тағалы тұяғының астында быт-шыт боп сынғанын көріп, түршігіп тұрған.
— Мен үйге қайтам, мал суғаруым керек, — деді күңкілдеп.
— Әне, біздің үйдегі апаларың бауырсақ пісіріп жатыр, қағаз оқып бергеніңе бір қалта бауырсақ бергізем, — деді Байдалы шал үй жағын нұсқап. Мұржасынан түтіні будақтап тұр екен. Біздің мұрнымызға майға піскен ыстық бауырсақтың иісі жеткендей болды.
— Ата, мен оқиыншы, — деді Әбілтай жұлып алғандай жұлқына тілек білдіріп. Байдалы шал оның сөзін естімегендей Санатқа қарайлаған.
— Жоқ, мен үйге қайтам, мал суғаруым керек, — деді Санат кейін қарай бұрылып.
— Жүр онда, сен оқып бер, — деді Байдалы шал енді амалсыз Әбілтайға қарап. — Бауырсаққа бір тоясың.
Қуаныш кеткен Әбілтай Байдалы шалдың соңынан ілесе түсіп барып, қалған үшеумізге жалт бұрылды да, тастап кете алмай:
— Ата, мына балалар да жүрсінші, — деді өтініп.
— Мейілдері, жүрсе жүрсін.
Байдалы шал торы жорғасымен алға түсіп, біз төрт бала садақтарымызды мойнымызға асынып, оның соңынан ілесіп шалдың үйіне қарай жүрдік.
— Бауырсақ бермек түгілі, өзімізді сабап-сабап жібермесе неғылсын, — деді Отто сыбырлап.
— Сабап жынды ма, біздің еш жазығымыз жоқ қой, — деді Петька.
— Сабамайтын шығар, солай ма, Қанат? — дейді Әбілтай да қорқақтаңқырап.
— Кім білсін, — деймін мен иығымды қиқаң еткізіп. Шынында да, кім білсін, соңғы кезде Байдалы шалдың мінезін адам түсінетіндей болып жүр ме.
Есігінің алдына жетіп Байдалы шал атынан түскен кезде, отын бұтап жүрген біз танымайтын бір бейтаныс адам:
— Ассаламағалейкөм-өм, Байаға! — деп қарсы алған.
— Әликісалам. Әй, Тұржанбысың?!
— Иә.
— Қайдан жүрсің?
— Ауылдан. Сіздерді сағынып кеттім де, амандықтарыңызды біліп қайтайын деп келдім.
— Е, жөн екен оның, қонақ боп кеп, отын бұтап жүргенің қалай енді?!
— Ой, Байаға, сіздің үйдің отынын бұтамағанда кімнің отынын бұтаймын. Өзімсініп жүргенім ғой, а-а-а... — деп мәз бола күлді Тұржан.
Бұл — кішірек көзі жылт-жылт еткен, адамға тура қараған кезде қос танауы таңқиып тұратын, ұртының үстінен жалбырап тұрған сұйық шалғы мұрты бар, ұзын бойлы, қайыстай қатқан қара кісі еді. Алдыңғы тістері жоқ екен, сөйлеген, күлген кездерінде кішкентай бет әлпетінің қақ жарымын алып тұрған дүрдік ерінді жайын аузы ұрадай боп үңірейіп, көмейіне дейін қара қошқылданып түгел көрінеді.
— Иә, үй ішің аман ба? Келіннің халі жақсы ма? — деген Байдалы шал амандық сұрай тұрып.
— Аман ғой, оларды ит жей ме, а-а-а-а... — деп Тұржан ұрадай аузын ашып тағы күлді. Жағыну үшін болу керек, сөзінің соңын: «а-а-а...» деп дарақы күлкімен аяқтайды екен. Әйтеу, қалай болған күнде де бір суқансыз адам екені бірден көрініп тұрды.
— Осы сенің балаңның аты кім еді?
— Сапыбек қой.
— Иә, ол қазір қай класта?
— Соғыс басталар жылы үшіншіні бітірген, онан кейін оқымай қойды, күшік. Жалғыз ұл болған соң тым ерке.
— Хат тануы қалай өзінің?
— Былай таниды ғой енді. Оқи алады.
— Хат тануы дұрыс болса, соны менің қолыма берші, өзім тәрбиелейін. Әйтпесе осында әр боқмұрынға жалынып ит болдым, — деді біздерге қарап қойып.
— Байаға-ау, сіз тәрбиелесеңіз, одан артық оның құдайдан не тілегені болсын.
— Жүр, үйге кір, оны сөйлесе жатармыз, — деген Байдалы шал енді Әбілтайға бұрылды да:
— Сен жүр, ал мыналар осы арада күте тұрсын, — деді де жаңағы Тұржан үшеуі үйге кіріп кетті, біз Петька, Отто үшеуміз үй іргесінде қала бердік.
Бригадир болғаннан бері Байдалы шалдың үйі біздің ауылдағы қыдыр қонған үй боп саналады. Құт-береке, молшылық бүкіл ауылда тек осы үйде ғана бар, іші де, сырты да майлы. Қасынан өтсең, ығына тұрып ап тамақтың тәтті иісін иіскеп, кеткің келмей көзіңді сатып еріксіз телміре қарайсың. Есігінің алдында тау-тау боп үйілген ағаш отын (шешендер Махмұд пен Зокку осы төңіректегі ең қу ағаш отынды тек осы үйге әкеп түсіреді), атқарушы Ысқақ шал мен Фрицы екеуі кезек-кезек сол отынды шетінен бұтаумен болады, бұталған отын күндіз-түн жағылады да жатады. Қазан-ошақ дегендер бір босамайтын сияқты, ылғи ет асылып, бауырсақ пісіріліп, шай қойылып, ертеден қара кешке дейін дастарқан бір жиналмайтын тәрізді. Таңның атуынан күннің батуына дейін бар тіршіліктері осы үйге ғана байланып қалған үш-төрт қатын бірі су әкеліп, бірі от жағып, бірі тамақ пісіріп, салп-сұлп әбігерге түсіп еш тыным таппайды. Бастықтың үйінің суымен кіріп, күлімен шыққандары үшін бақытты. Бұлардан өзге бүгінде Байдалы шалдың үйіне бұрынғыдай баса-көктеп ешкім кіре де алмайды. Тек сырттай қызығып, сырттай тамсанып, сырттай телміріп қана өтеді тұсынан.
Біз де, міне, үй іргесіне кеп, майға піскен бауырсақтың аңқыған тәтті иісі есімізден тандыра жаздап манаурап тұрмыз. Танауларымызды қос-қостап тарта түсіп, сілекейімізді жұтынып қойып, бір-бірімізге күлімсірей қараймыз.
— Бауырсақ пісіріп жатыр.
— Қандай тәтті иіс, ә?!
Сәскеге қарай әжептәуір көтерілген күн жал-жал қардың арасынан төбелері қарайған, әрқайсысының төңірегінде қыбыр-қыбыр тіршіліктері бар жадау-жүдеу үйлерге немкетті салқын ғана қарап, бар ықыласын іргесінде біз тұрған Байдалы шалдың үйіне арнаған сияқты. Анау үйлерден жоқшылықтың, жетім-жесірліктің қаралы ызғары азынаса, ал мына үйде жайма-шуақ тәтті қуаныштың лебі еседі.
Әлгіндегі мал суғаруға кеткен Фрицы да келе жатыр екен, біздерді көріп анадайдан даурыға:
— Анау тұманың арғы жағындағы кішкене сайда арам өлген өгіздердің өлекселеріне үймелеген қарғалар құж-құж етеді, — деді ентіге сөйлеп, онан қасымызға таяп келген, неге елікпейсіңдер, ұқпай тұрсыңдар ма дегендей әрқайсымызға бір қараған, — Қалың қарғалар, атуға бармайсыңдар ма?
Біз: «Тс-с, тыныштығымызды бұзба» дегендей, оған үнсіз көз тастап, тым-тырыстана қалғанбыз. Шіркін, осындай да тәтті иіс болады екен-ау!
— Әй, Пірсіп, о, жайрағыр, анау малдарға шөп салмайсың ба!? — деп сұңқылдаған Үпияның даусы дәл құлағымыздың түбінен естілді. Сөйткенше болған жоқ, Үпия үйдің біз тұрған іргесіне қарай шыға келген, басында аппақ қардай кимешек, екі жағы мен маңдайына әдемілеп кәнуә тіккен, үстінде өңіріне неше түрлі тана түймелер, күміс тиындар таққан көк пүліш қамзол, сары атлас көйлегінің етегі жер сызады.
— Әй, сендер неғып тұрсыңдар бұ жерде?! — деді дәл ұрлығымыздың үстінен түскендей. Біз сасып қалдық.
— Біз жай... Әбілтайды күтіп тұрмыз.
— Немене, оны қасқыр жейді деп пе едіңдер?! О несі-ей, үйдің іргесіне кеп топырлағандары, аулақ, анау көшеде тұрып күтіңдер — деп, зіркілдеп ұрсып қуып тастады. Біз, амал жоқ, үй іргесінен аулақтап, көшенің ортасына шығып тұрдық.
— Айтып ем ғой, бауырсақ бермейді, — деді Отто.
— Бермесе қойсын, бауырсақ жемесек те өлмеспіз. Тек Әбілтайдың шыққанын күтейік, — деді Петька.
Осылайша бауырсақ жеуден күдер үзіп тұрғанымызда, бүкіл ауылды жаңғырықтыра: «Қанат! Қанат!» — деп, аттандай айқайлап шақырған дауыс мені селк еткізді. Дауыс шыққан ойға қарай жалт қарағам, мал қора жақтан Қыдырман тойтықтың інісі Нәдірман келе жатыр. Бүкіл ауылды басына көтере айқайлайды. Өзі менімен жасты болса да алды-артына қарамайтын әңгүдік мінезді болатын. Қазір де жау шапқандай аттандап келеді. Анадайдан мені көре сап:
— Әй, Қанат, қайда жүрсің? Кел бері! — деді бұйырған үнмен. Өзі көшенің ортасына тоқтап, мен қасына барғанымша күтіп тұрды. — Әй, сені Қыдырман көкем мал қораға тез жетсін деді. Қоғалы бұлақ жаққа шөпке барады екен, соған бірге ала кетем дейді.
Әнеугүнгі Нәзира әпкемнің Қыдырман мен Зибашқа Қоғалы бұлақ жаққа барсаңдар, біздің шөбімізді жеткізіп бергейсіңдер деген тілегі есіме түсіп, мен дереу мал қора жаққа қарай жүгірдім.
— Әй, Қанат! — деді Нәдірман мені тоқтатып. — Алдыңдағы садағыңды маған қалдырып кет.
Нәдірманның ожар мінезін білетін мен екі ұшты ойда тұрғам.
— Өй, садағыңды жей қоймаймын, шөптен келген соң аласың ғой, — деп кеп, мойнымнан жұлып алғандай болды. — Оқтарыңды да қалдыр.
— Байқа, оқтарымның ұшы өткір, біреуді атып ап жүрме.
— Егер жыныма тиетіндер болса ата салам, — деді Нәдірман екіленіп.
— Қой, садақпен кісі атуға болмайды.
— Жай айтам... Қалжыңым ғой, — деп мәз бола күлді ол.
* * *
Сөйтіп, Қоғалы бұлаққа шөпке бара жатқан Қыдырман мен Зибаш Нәзира әпкеме берген уәделерінде тұрып мені өздерімен бірге ала жүрген. Әлі таптаурын бола қоймаған жол ауыр екен, жазда екі-үш сағатта барып қайтатын жерге түске қарай малтығып әзер жеттік. Зибашты шанасымен осында біраз күн бұрын Махмұд пен Манар бұзған бергі шеттегі маяның түбіне қалдырып, Қыдырман екеуміз бұлақтың жарлауыт қабағын жағалап, тұғылға түсе берістегі біздің шөпке қарай жол аштық. Жазда Нәзира әпкем екеуміз жинағанымызда, кішігірім маядай көрінген шошағымызды қалың қар төбесіне дейін сіреп бүркеп тастапты, айдалада адасып отырып қалған жетім баладай көзге әзер шалынады Әпкем екеуміз күнделікті таңғы алагеуімнен тұрып, бірер сағат тан қол шалғымен бір ай бойы шауып едік. Бұлақтың төңірегіндегі жырым-жырым боп тарамданған құлама жыраларға өскен қалын шалғын таңға жуық шыққа бөгіп жататын, жапырақтар мен гүлдердің бүршіктеріне қонақтаған мөп-мөлдір моншақ тамшылар тиіп кетсең сау-сау ететін, сондайда жылы төсектен жаңа ғана тұрған өне бойыңды балғын леп тітірентіп, дірілдетіп жіберуші еді. Шалғыны біраз құлаштай тартып, бойың жылына бастаған кезде, балғын шалғыннан қышқылтым қошқыл иіс бұрқырай бастайтын, бүкіл тынысың, көкірегің содан жарылып кетердей болатын. Қазір Қыдырман әуелі шошақтың төбесіндегі қарды күрекпен опыра ойып аударып тастап, онан кейін алты айырлы ашасын бойлата сұғып, судыраған құрғақ шөпті аудара көтерген кезде, жаздан бері тұншығып бұғып жатқан көк шалғынның құп-құрғақ ашулы иісі кеңсірігімізді жарып жіберердей бұрқырай жөнелді. «Апшхи!.. Апшхи!.. паһ, паһ, шіркін!..» Мойындары салбырап сүмірейіп тұрған өгіздер де шыдай алмай, мойынтұрықтарынан бұлқына тартынып шөпке қарай тұмсықтарын өзеурей созған.
— Жә, жә, Қанаттың азғантай шөбіне көз алартпаңдар-ей — деп қойды қозғалақтаған шананың үстінде көтерген шөбімен құлап қала жаздаған Қыдырман.
Аяғының тойтықтығына қарамастан Қыдырман өте қайратты екен, әне-міне дегенше шошақты ойсыратып жіберді. Шамамның келгенінше мен де екінші бүйірден тиеуге кіріскем. Жаздағы өзім орып, өзім жиған шөптің әр талшығы таныс сияқты, қайсысын қай жырадан орғаныма дейін білетін сияқтымын. Сондықтан шашау шығарғым келмейді, ал Қыдырман болса алды-артына қарамай опырта істегендіктен, қаншама шөпті жерге түсіріп шашып, ысырап қып тұрған сияқты, секіріп жерге түсіп, сол шашылған шөптерді жинаймын. Шошақтың жартысына жуығы тиелген соң, Қыдырман:
— Бір жолға осы да жетеді, — деді жарты шанадан аздау шөпті үстінен жаймалай тұрып. — Ендігісін тағы бір келгенімде жеткізіп берем. Әйтпесе әлгі Байдалы қақпас көріп қалса, колхоздың малы ашығып жатқанда, жеке меншіктің шөбін тартып жүрсің деп пәле қылады.
Онысы да рас, басқаны білмесек те Байдалыны білеміз ғой.
— Мақұл.
Мұнан соң әлгінде Зибашты шанасымен қалдырып кеткен маяға қайтып келдік. Қыдырманның біз қайтып оралғанша дем ала тұр дегеніне қарамастан, Зибаш өз шанасына әжептәуір шөп тиеп қойыпты.
— Түу, жаңа айтып ем ғой дем алсаңшы деп, — деген Қыдырман оған ұрса сөйлеп.
— Қойшы, босқадан босқа қалай отырмақпын, — деді Зибаш күліп.
Қыдырман енді маяның үстіне шығып, жердегі шаналарға жоғарыдан жойқын күшпен шөптен қопара аударып тиеуге кірісті. Біз Зибаш екеуміз екі шананың үстінде тұрып, ол аударып тастаған шөпті жаймалап үлгере алар емеспіз.
— Шамаларың жетпесе онша қиналмаңдар. Артынан мен өзім жаймалаймын ғой, — деп қояды Қыдырман. Онан Зибашқа арнайы: — Сен онша. зорланбасаңшы, дем алсаңшы,-дейді.
— Зорланып тұрған жоқпын, — дейді Зибаш ерке үнмен. — Құрғақ шөп жеңіл ғой.
Біраз қимылдап тершігендікі болу керек, Зибаш өрттей боп қызарып тіпті әдемі боп кетті, күлкі ойнаған көзі жалт-жұлт етіп, сөйлеген, езу тартқан кездерде аппақ тістері жарқырай көрінеді.
Бір кезде Зибаш шөп түсіп кеткен болу керек, көзін уқалап тұрып қалған.
— Не болды? — деді маяның үстіндегі Қыдырман тойтық елең етіп.
— Көзіме...
Ойпыр-ай, ертегі-аңыздардағы «Жолбарыстай атылып» деген осындай-ақ болар, сонау маяның үстінде тұрған Қыдырман қас-қағым сәтте бір-ақ орғып, Зибаштың алдына кеп дік ете түсті ғой, тіпті аяғының тойтық екенін ұмытып кеткен.
— Тұра тұр!.. Қолыңды тигізбе... — деп есі кете епелектей тұрып, Зибаштың көзіне түскен шөпті тілімен жалап шығарды.
— Түу, көзің қызарып кетті ғой. Міне, көзіңе түскен мынау қылтанақ, — деді тілінің ұшымен алған шөпті көрсетіп.
— Тікенше қадалып еді, тікен бе өзі, немене?
— Тікен сияқты... Әлі ауырып тұр ма?
— Қойды, — деді Зибаш қызара жасаураған көзін жыпылықтата тұрып. Онан соң Қыдырманға еркелегендей күле қарады: - Осының бәрін қайдан білесің?
— Нені?
— Көзге түскен шөпті тіліңмен жалап шығарғанды.
— Е, білем ғой, — деп Қыдырман да күліп, теріс айналып кетті.
— Құдай-ау, осыны да көп көрер ме екенсің, — деген Зибаш әлі де көзінен сорғалаған жасын тыя алмай тұрып.
Маяға өрмелеп бара жатқан Қыдырман кейін қарай жалт бұрылды.
— Саған осындай сөзді айтпашы деп талай ескерттім ғой, — деді.
— Сенен де айрылып қалам ба деп қорқам.
— Қорықпа, — деді Қыдырман көңілдене сөйлеп. — Ол жағынан қорықпа. Айрылып қалам деп емес, осы тойтықтан құтыла алмаймын-ау деп қорық. Солай ма, Қанат! — деп маған қарап көзін қысып қойды. — Әйел деген осы да. Қит етсе көз жастары дайын тұрады.
Осы сәтте Қыдырман маған кереметтей әдемі, сұлу жігіт боп көрінді, ат жақты ақ сұр өңі, күлімсірей қараған қысыңқы көзі, қалың қабағы, дөңестене біткен үлкен мұрны — нағыз ерге лайық айбынды кескін-келбет екен ғой. Ой, аллай, осы уақытқа дейін қалай байқамай жүргенмін, кейін өскенімде осындай болсам дейтін жігіт қой мынау. Нәзира әпкемдер мұны неге мазақтайды екен? Оу, мазақтайтын емес, қызығатын, ғашық болатын жігіт қой. Сол Нәзира әпкем, сол Нұрбике, сол Үміттер кезінде мазақтап жыртың-жыртың күлгендерінше, мұның нағыз ер келбетті жігіт екенін аңғарулары керек еді ғой. Енді, міне, Зибаш иемденіп алған. Зибаштың қазір оған елжірей қарап ғашық боп тұрғанына мен әбден сенем. Әне, ол маяның үстіне көтерілді, төмендегі біздерге күлімсірей қарап.ашасын қолына алды да, шөптен қопара көтеріп екі шанаға кезек-кезек құлаштай лақтыра бастады. Шіркін, мен қашан осы Қыдырмандай болар екем. Мейлі, тіпті тойтық болуға да бармын, тек тезірек ер жетіп, жігіт боп осы Қыдырмандай болсам! Шіркін!..
Мұндай күшті бірінші көруім, алты айырлы ашасын алты ай қыстан тығыздалып басылып, киіздей боп жатқан шөпке бойлата сұғып одан үй орнындай ғып қопара көтеріп ап, қайқайта тұрып шананың үстіне гүрс еткізіп тастаған кезде, жер солқылдағандай болады. Зибаш екеуміз жаймаламақ түгілі, шөптің астында бастырылып қала жаздаймыз. Сөйтіп, екі шананы да қайқита тиеп болған кезде, дәу маяның да бір жартысы опырылып ортайып қалған еді.
Түс ауа ауылға бет бұрғанбыз. Мен алдыңғы Қыдырманның шанасында жалғызбын да, ол өзі кейінгі Зибаштың шанасына отырған. Күн жылына, қары жантақтала бастаған көпсік жолда өгіздер аяқтарын санап басқандай зорға адымдап, жон арқалары, сауырлары бірде созылғандай, бірде жиырылғандай мықшия тырмысып, әзер тартып келеді.
Әлгіндегі шөп тиеген кездегі терім біртіндеп басылып, бойым тоңази бастаған соң, бастырықтың үстінен отыруға жайлы болсын деп салынған бос шөпке үңги кіріп, шалқалай жатқам. Қысқы аспан бұлыңғыр. Кірпік қақпай ұзақ қарасаң, көзіңді бұлдыратады. Осы аспанның төбесі тиіп тірелетін жері бар ма екен? Ал төбесі бар болса, оның ар жағында не бар екен?.. Бірнеше күн толассыз боран соққан кезде, әжем жарықтық: «Аспанның тесігі ашылып кеткен бе?» — дейді, демек, аспанның тесігі бар да, оның арғы жағында аңырап соғып тұратын бораны бар; ал жағрапия пәнінен Әнипа апайымыздың түсіндіруінше, аспан деген — түбі жоқ тұңғиық кеңістік, ешбір шегі жоқ,-дейді; ал жеке менің өзіме салса, сол «түпсіз», «шексіз» дегенге онша түсіне де алмаймын, сене де қоймаймын, маған со әжемнің айтқанының жаны бар сияқты көрінеді. Дүниедегі заттың бәрі көзге көрінетін, қолмен ұстайтындай болуы керек қой, ал олай болмаған күнде сенуге болмайды. Боран соғады, тау бар, тас бар, дала бар, қар бар, шана бар, шөп бар, су бар, нан бар... Осы тұста жүрегім сазып, іші-баурым бір түрлі темен тартып жаман боп талықсып кетті. Қарнымның ашқанын қанша еске алмайын десем де, ұры мысықтай ішімді тырналай жөнелді. Жо, жоқ, тамақты ойламау керек. Әне, кең аспанды қарашы! Осыны шексіз дейді, тұңғиық дейді. Сонда ол қалай шексіз болады? Әйтеу бір жерде, тіпті сонау көзге көрінбейтіннің арғы жағындағы шексіздікте де түптің түбінде бір шек болады ғой. Оны жаңағы жағрапия пәні де білмейтін тұста шығар... Өстіп ұйқылы-ояу күйде маужырап жатқам, Қыдырманның қарқылдаған күлкісінен оянып кеткендей болдым.
— Қойдым... қойдым... айналайын... — дейді күлкісін тыя алмай жалына сөйлеп.
— Жоқ, сен бәрібір қоймайсың, — дейді сыңғырлаған Зибаштың үні. Басымды көтеріп кейін бұрылсам, Қыдырман шалқалаған күйде қол-аяғын ербеңдетіп күлкіге түйіліп бұлқына тулап жатыр да, Зибаш оның үстінен төне түсіп қытықтап отыр екен. Қыдырманның қарқылдағаны бүкіл даланы жаңғырықтырып тұр, «қойдым... қойдым...» деп өлердегі сөзін айтады, ал Зибаш өзі де сықылықтай күліп, Қыдырманның омырауына қолын тығып өршелене түседі. Ақыры қытықтан қашқан Қыдырман тулай дөңбекшіп барып шанадан домалап түскен, жол шетіндегі қалың қарға оңқа-шоңқа болды. Сонда да күлкісін тыя алар емес, бөксесіне дейін батқан қалың қардан үйелеп қалғандай тұра алмай жатып: «Қоймаймын!... Қоймаймын!..» — деп қарқылдай күледі, Зибаш шанадан секіре түсіп, енді Қыдырманды сол қарға батып жатқан жерінен үстінен бас салуға ұмтылған. Қыдырман жан дәрмен ұшып тұрып қаша жөнелген, бірақ тойтық аяғымен қайда барсын, Зибаш оны қия бастырмастан қуып жетіп, бар салмағымен жігіттің мойнынан асыла құшақтай алған, екеуі де сол сықылықтаса күлген бойлары омбы қарға ұмар-жұмар құлады. Лып етіп ұшып тұрған Зибаш жігіттің мойны-қойнына қарды тықпалап-тықпалап жіберді де, өзі қаша жөнелді. «О-о-о!..» — деген Қыдырман қисалаңдай тұрып еңкейіп, мойнына, қойнына тығылған қарды еңкейіп қағып, тыржалаңдай күліп біраз тұрды да, ондайда қатқақ қардың үстінде бұған көлденеңдей сес көрсетіп ойнақшып тұрған Зибашты қуып берген. Міне қызық, жүгіре алмайды деген тойтық Қыдырманым түлкідей бұлаңдаған келіншекті аттатпастан лезде қуып жетіп, бас салды да (сірә, Зибаштың өзі де соны тілеп тұрды-ау деймін), күректей алақанымен жерден қарды көсіп іліп ап, келіншектің мойнына салған, Зибаш: «И-и-и!..» — деп шыңғыра секірген, екеуі қар үстіне қайта құлады. Қыдырманның қарқ-қарқ күлкісі, Зибаштың еркелей шыңғырғаны, одан сықылықтап күлгені бұл дүниеде торығу барын, мұңаю барын мүлде ұмыттырғандай. Дөңес-дөңес боп мелшиіп жатқан қысқы дала да енді сылқ-сылқ күліп жатқан сияқты. Бірі тұра қашады, екіншісі тұра қуады, одан қалың қарға ұмар-жұмар қайта құлайды. Шаршау деген ойларына да келер емес, екі беттері нарттай боп қызарып, жүздері бал-бұл жайнайды, екеуі де ерекше құлпырып, сұлуланып кеткен.
— Қыдырма-а-ан-н!.. — дейді Зибаш қасында жүрген тойтықтан адасып қалғандай шырқырай дауыстап.
— Зиба-а-аш-ш!..- дейді Қыдырман да даланы басына көтере айқайлап.
— Мен бақытты-ы-мын!..
— Мен де бақытты-ы-мын!..
Шананың үстінде отырып мен күлем: үп-үлкен адамдар да ақымақ боп кетеді екен-ау деймін, ал іштей екеуінің осы қылықтарына қызыға қараймын. Расында да, жаңағы өздері айқайлап айтқандай бақытты болған соң осылай шығар. Бір ауық қарнымның ашқанын да ұмытып кетіппін, тек ауылдың қарасы көрініп, мұржаларынан жарыса көтерілген көк шуда түтіндерге көзім түскенде ғана, ертеден бері аш екенімді есіме алдым. Осы кезде Зибаш та:
— Бәлі, мына Қанатты байқамаппыз да ғой, — деді мені енді ғана көргендей көзі шарасынан шыға.
— Қанат, сен бізге күліп отырған шығарсың, — деді Қыдырман да.
— Ұят-ай, ұят болды ғой, — деді Зибаш қызара тершіген бетін сүрте тұрып. — Қанатай, айналайын, сен біздің мұнымызды ешкімге айта көрме... Бала құсап кетіппіз ғой.
Қыдырман әуелі Зибашты көтеріп шанасына отырғызды да, өзі кеп менің қасыма өз шанасына шығып отырды.
— Қалай, ішің пысқан жоқ па?
Өңі жақыннан тіпті әдемі, елжіреп тұрған жылы еді. Мен Зибаштың мұны жайдан жай ұнатпағанын енді ұққандаймын.
Мал қораның алдына кеп тоқтағанымызда, Байдалы шал бастаған сиыршы-малшы шал-шақпыт бір топ адам қарсы алдымыздан шыққан. Орталарында дөңгелек көк бөрікті, қара пальто киген күжірейген бір бейтаныс адам бар, ауданнан келгені айтпай-ақ көрініп тұр.
— Әлтаев кеп қапты ғой, — деді Қыдырман.
Иә, ортада тұрған шолақ қол өкіл Әлтаев жолдас екен. Бәрі біздің жолымызға қарап күтіп тұрған сияқты.
— Қанат, сен қазір шанадан түс те үйіңе қайта бер, шөбіңді мен өзім артыңнан жеткізіп берем, — деді Қыдырман маған сыбырлай сөйлеп.— Әйтпесе мыналардың көзінше әкете алмаймыз.
— Мақұл,— дедім Мен жағдайды ол айтпаса да жақсы түсініп.
Байдалы шал топтан озыңқырап шығып:
— Әй, тойтық, мына тұрған жерге сонша жоғалып қайда жүрсің? — деген.
— Түлкі қудық, — деді Қыдырман жайбарақат үнмен.
— Не дейді?!
— Түлкі қудық деймін.
— Жә, бос қалжақты қайтесің, — деді Байдалы шал зекіре сөйлеп. Онан соң малшы, сиыршы шалдарға бұрылып: — Сендер мына екі шананың шөбін түсіруге Қыдырманға көмектесіңдер! — деді бұйырып. — Ал, Зибаш шырағым, біз Әлтаев жолдас екеуміз сені күтіп тұрмыз. Сөйлесетін сөз бар, — деді жұмсақ үнмен.
Зибаш біз жаққа, Қыдырманға жалтақтап бірер қарады да, енді қайтейін, менде ерік бар ма дегендей, шарасыздықпен шанасынан сырғи түсіп, Байдалы шал мен шолақ қол өкілдің алдына барған. Шолақ қол өкіл оған күлімсірей қарап, сау қолын беріп амандасты.
— Түу, қолыңыз тоңып қапты ғой, — деген, Зибаш ұялшақтап теріс қарап, үндеген жоқ.
Біз де шанадан түскенбіз. Қабағы жабылып, тұнжырап кеткен Қыдырман шөп бастырықтың бір басын ызалана кеп шешіп оқыс босатып жіберген, шіреп тұрған бастырық қатты серпіліп барып, Байдалы шалдың иығын жанап барып дәл арт жағына ұшып түскен.
— Ой, тойтық неме, кісі өлтірейін деп пе ең, абайламайсың ба?! — деді Байдалы шал ақырып.
— Шананың іргесінде тұрмай аулақ барып сөйлеспейсіңдер ме, — деді Қыдырман да қиястанып. Онан соң өз қылығына өзі риза болғандай маған қарап көзін қысып қойды да, үйіңе қайта бер дегендей ымдады.
Мен үйге қайтқам. Қарнымның қатты ашып, әлсірегенімді енді сезіп, аттаған адымым кейін кетіп қиқалақтап келе жатқанымда, жолда Петька кездесті. Есі-дертім тамақ боп келе жатқан мен оған:
— Ертеңгісін Әбілтайдың арқасында бауырсаққа бір тойған шығарсыңдар, — дегем.
— Әбілтайдың арқасында дейсің бе?! — деп күлді Петька сирек тістерін Әбілтайдан көк көзі күлімдеп. — Сабақты дұрыстап оқи алмайтын сол Әбілтайдан не шығушы еді,- деді. — Рас, бауырсақ жедік, бірақ Әбілтайдың арқасында емес...
Мен кеткен соң сәлден кейін, Байдалы шал Әбілтайды желкесінен түйгіштеп қуып шығыпты үйінен. Сөйтсе Байдалы шалдың оқытпақ болған қағазы жаңаша мен ескі латын әріптері араластырып жазылған екен, соны Әбілтай оқи алмапты. «Түк шықпайтын, адам болмайтын арам тамақ неме», — депті Байдалы шал. Онан соң есігінің алдында отын бұтап жүрген атқарушы Ысқақ шалға: «Қайтсең де анау Санатты барып алып — деп бұйырыпты. Содан Ысқақ шал Санаттың атасына барып айтып, Санаттың өзіне жалынып жүріп, ақыры атқа алдына мінгізіп әкетті. Ал Санат болса әскерден келген хаттарды оқи жүріп, латын әріптерін де жақсы танып алған емес пе, Байдалы шалдың әлгі қағазын мүдірместен судыратып оқып беріпті.
— Сөйтіп, Санаттың арқасында үш-үштен бауырсақ жедік, тәтті болғанда тәтті, — деді Петька ертеңгісінгі жеген бауырсақтың дәмі таңдайында әлі де тұрғандай тамсана тұрып: «Қап, шөпке бармағанда мен де жейтін едім-ау», — дедім іштей өкініп.
Үйге кеп әжеме шөпті біраздан кейін Қыдырманның өзі әкеледі дедім. Бірақ Қыдырман шөпті әкелген жоқ, кешкілік іңір кезінде шайқалақтай басып өзі келді. Мен мал қоралап сыртта жүргем.
— Қалай, Қанатай, шаршамапсың ба? — деген, Мен басымды шайқадым. Шөпке барған жолымыз, оны тиегеніміз, онан қайтардағы Зибаш пен Қыдырманның бала құсап ойнағандары бәрі есіме түсіп, еріксіз күлдім.
— Өте көңілді барып қайттық қой, — дедім ризалығымды білдіріп. — Ендігі барғандарыңда мені тағы да бірге ала жүрсеңдерші.
— Әй, енді өйтіп бара алмайтын шығармыз, — деді Қыдырман күрсініп.
— Неге?
— Неге дерің бар ма. Қанатай, әзәзілдер жолымызды бұзғалы тұр ғой.
Әлгіндегі шолақ қол өкілдің Зибашқа күле қарағаны, сау қолын беріп өбектеп кеп амандасқаны, Байдалы шалдың әлдеқандай боп паңданып Қыдырманға қоңырақтауы тегін болмады ғой. Бір түрлі әлденеден секем алғандай, жақсы бір нәрсемнен айырылып қалатындай, көңілім құлазыңқырап қалды.
— Жә, оларды да көріп алармыз, — деді Қыдырман мені жұбатып, әлдекімдерге кіжінгендей тіктене сөйлеп.
— Олардың дегені бола қоймас. Әжең қайда?
Онан соң үйге кіріп әжемнен кешірім сұрай тұрып, өкіл мен Байдалы қадалып қарап тұрған соң, шананың астыңғы жағындағы біздің шөпті де амалсыз колхоздың мал қорасының төбесіне шығарғанын айтты.
— Сіздердің шөпті белгілеп бөлек жинап қойдым. Бірер күнде ретін тауып түсіріп берем, әже, — деген.
Бірақ Қыдырман солай деп уәде бергенімен де, біздің сол шөбіміз ақыры өзімізге бұйырмады.
БАЙДАЛЫ БАСТЫҚ
Осы жолы шолақ қол өкіл ауылда біраз күн болып, елді біраз дүрліктірді. Сол келген күннің ертеңіне ол Байдалыны ертіп, Нұғыманның үйіне көңілін сұрай кіріп шығыпты. Аурудың енді қайтып төсектен тұрмасына көзі анық жеткен соң, келесі күні түске қарай жаңа бастық сайлау үшін көпшіліктің жалпы жиналысын шақыртқан. Анда-санда бір өтетін осындай жиналыстың өзін тойдан кем көрмейтін біздің ауылда үлкендерден қалмай балалар да тегіс жиналатынбыз. Бір-бірімізді түртпектеп, алысып-жұлысып ойнап, клубтың арт жағындағы қара көлеңке бұрыштарда топырласа тұрып, үлкендердің аузынан шыққан сөздерін де, іс-қылықтарын да қалт жібермейтінбіз. Жиналысқа кімнің қалай келгені, қандай киім киіп келгеніне дейін біздің назарымыздан қақас қалмайтын. Ондайда шетімізден мысқылшыл, қалжақ сөзді қақпақылдай қағар керілдеу боп аламыз. Сол әдетпен бүгінгі жиналысқа келгендерді де өзімізше мінеп-шенеп, іліп-шалып сөз етіп тұрғанбыз.
— Ойбай-й, әнең қараңдар, Зибаштың бүгінгі әдеміленіп келгенін, — деген балалардың бірі ішегін тартып.
Шынында да, есіктен басында бөртпе шәлі бар, үстіне қара пүліш пальто киген, шашының маңдайын қақ жарып жылтырата тараған Зибаш кіріп келгенде, балалар тегіс ішегімізді тартып, аузымызды ашыппыз да қаппыз. Зибаштың дәл осылай үлде мен бүлдеге орануын көргеніміз бірінші рет еді. Бұрынғы сұлулығы сұлулық па, мына сұлулығына тіпті тіл жетпестей. Өзі бұрала басып, былқ-сылқ ете қапты.
— Паһ, паһ!.. Уай, шіркін-ай!..
— Тура Қыз Жібектің өзі ғой!
— Әжібек ғашық болса болғандай ғой, — деседі балалар тамсана тұрып бір-бірімен сыбырласып. Артынша біреу, сірә, Қайрат болу керек:
— Әй, өзі бүгін неғып сонша сәндене қалған? — дейді таңырқап.
— Ой, маубас, соны да білмейсің бе?! — дейді екінші бала, сірә, Бәтен болу керек, оны кінәлағандай. — Анау, шолақ қол өкіл келген соң, ол сәнденбей кім сәнденсін.
«Біліпсіңдер, — деп қоям мен оларды іштей қыжырта, Зибаштың ендігі жерде кім үшін сәнденетінін дәл осы арада өзімнен жақсы білетін ешкім жоқ екенін еске ала тұрып. Сондықтан Зибаш қақында айтылған әлгіндей бопса сөздерді басқым кеп:
— Бәрі бос сөз, — деймін.
— Иә, саған бос сөз, бүкіл ауыл шулап жүргенде.
— Мейлі, шулай берсін, бәрібір бос сөз, — деймін нық сеніммен әр сөзімді шегелеп. Өз сөзіме қолдау іздегендей көзіммен Қыдырман тойтықты қарастырам, бірақ ол көріне қоймайды. «Қайда жүр өзі, мына жұрттың Зибаш туралы қаңқу сөздерін неге басып тастамайды», — деп қоям.
Қыдырман тойтық кешігіңкіреп келді. Үстінде сол кешегі шөпке барғандағы киімдері, сірә, мал қора жақтан келген беті болса керек, түсі бір түрлі суық, ашулы көрінді. Кимелеп барып көпшіліктің орта тұсына сығылыса отырды.
Жиналыс басталып, бірден сөз алған шолақ қол өкіл әуелі соғыстың барысы туралы, біздің әскерлеріміздің қанқұйлы жауды ес таптырмай өз жеріне қарай түре қуып, қаһармандықпен соғысып жатқанын әңгімелеп өтті де, онан соң біздің ауылдың жағдайына ауысты. Соңғы кезде Нұғыманның төсек тартып мүлде жатып қалуына байланысты жаңа колхоз бастық сайлау қажеттігін айтты және аудан атынан бастықтыққа осы уақытқа дейін бригадир боп істеп көзге түскен, тәжірибесі бар, шаруа жайын жақсы білетін, іскер адам деп Байдалыны ұсынады деді.
Мұндай тосын шешімге көпшілік бірден не дерлерін білмей әуелі тосылып отырып қалған, артынша кейбіреулері күңкілдеп Байдалының сауатсыздығын айта бастап еді, ондайларды шолақ қол өкіл қабақ шытып тыйып тастады.
— Бізге Бәкеңнің сауаты емес, шаруа жайын білетін іскерлігі керек, — деді қатқыл үнмен қайталай мақтап. — Қағаз жазуға осында есеп-қисапты жүргізуші бала бар ғой, — деп осы тұста иегімен жиналыстың хатшысы боп отырған Бектайды меңзеп өтті, — осылар істейді. Қазіргі кезеңде бізге колхоз жұмысын ақсатпай жоспарды орындатып отыратын белсенді адам керек. Міне, сондай адам деп біз, аудан Бәкеңді ұсынып отырмыз.
Өкілдің өзі сөйлеп тұрған соң кім не десін! Қатын-қалаш, бала-шаға Байдалыға қарсы сөйлеп өле алмай жүр ме, мақұл десіп, бір ауыздан қол көтерді. Осылайша Байдалы шалдың колхоз бастық боп сайланғанын, шолақ қол өкілдің оны әлгіндей деп қайталай мақтағанын өз көзімізбен көріп, өз құлағымызбен естіп, біз, балалар да, көпшіліктің арт жағында тым-тырыс тұрдық. Колхозшылардың жалпы жиналысы осылай деп қаулы алды, Бектай есепші осының бәрін хаттап қағазға түсіріп отырды. Сөйтіп, әліпті таяқ деп білмейтін Байдалы шал колхоз бастық боп шыға келді.
— Енді Байдалы шал біздің Санатты өзіне хатшы етіп алатын шығар, — деген Петька қалжыңдай күліп.
— Егер бауырсаққа тойғызып тұрса, қағаздарын оқып беріп тұрам ғой, — деді Санат та күліп.
— Әй, балалар, шуламаңдар, — деді осы кезде шолақ қол жиналысты әрі қарай жалғастырып: — Жолдастар, енді екінші мәселе қаралады.
Көпшілік бастық боп сайланған Байдалының орнына кім бригадир болар екен деп елеңдескен. Оны да Әлтаев жолдас өзі айтатын шығар деп, шолақ қол өкілдің аузына қараған.
— Бригадирді Бәкең өзі тағайындасын, — деді өкіл бұл жолғы билікті жаңа бастықтың өзіне беріп.
Көпшілік арасында күбір-сыбыр гулей жөнелді. Әркім өз жорамалын айтып, анау болатын шығар, мынау болатын шығар деп, ауылдағы азын-аулақ еркек кіндіктердің аттарын атасып дуылдасып кетті. Байдалы шал орнынан көтеріліп, сөзін неден бастарын білмегендей жөткірініп, тамағын кенеп, күбір-сыбыры басыла қоймаған көпшілікке бір, одан менің шаруам жоқ, кімді атасаң да өзің біл дегендей боп, еріндері дүрдиіп, алдына бедірейе қарап, мелшиіп отырған өкілге бір қарап жөткіріне берген.
— Ал айтыңыз ойыңызды, — деді өкіл оған демеу бергендей, онан соң гуілдесіп отырған көпшілікке қабағын шытып: — Жолдастар, тынышталыңыздар, бастықтарыңыз сөйлегелі тұр ғой, — деді.
— Мен айтсам... менің ойым... мен тағайындасам... — Жайшылықта боқтықты қардай боратып, жарықшақ ащы даусы ауылдың бір басынан екінші басына дейін шарылдап, құлағыңды жарып жібере жаздайтын айқайшының аяқ асты дымы бітіп, мыңқылдап қапты.
— Иә, кімді айтасың? Ойың кім? Кәне, аташы? — десті шыдамсызданған көпшілік жан-жақтан кеу-кеулеп. Байдалы шал жалтақтап өкіл жаққа тағы бір қарап алды да:
— Біргәдір Зибаш болсын, — деді.
— Әй, не дейді?!
— Зибаш болсын дей ме?!
— Атпал азаматтар тұрғанда Зибашы несі-ей, мынаның?! — десіп, көпшілік мүлде гуілдесіп кетті.
— Жолдастар, тынышталыңыздар! — деді шыдай алмай кеткен Әлтаев жолдас столды тықылдатып, көпшілік оған да тоқтай қоймаған соң орнынан тұрды. — Кәне, шуламаңыздар!
Өкіл орнынан тұрған соң, көпшілік басыла қалды.
— Жолдастар! — деді Әлтаев жолдас тағы да со қабағын шытқан күйі, кәне, осыдан қайсың дауыс көтерер екенсің дегендей, көпшілікке жағалай қарап өтті де, ақыл айтқан сабырлы үнмен: — Бригадирді бастықтың өзі тағайындап алады. Өйткені ол адам бастықпен тіл табысып істей алатын болуы керек. Бәкең сол себепті Зибашты атап тұр.
— Өзі тағайындап алғанына қарсы емеспіз, бірақ енді еркектерден алуы керек қой, — деді көпшіліктің орта тұсынан гүжілдей шыққан жуан дауыс. Бұл — Қыдырманның даусы еді. Жұрттың бәрі бірден соған бұрылып, елең ете қалды.
— Сен кімсің? — деген өкіл қабағын кіржитіп.
— Мен Қыдырманмын, — деп, тойтық орнынан тұрды.
Қыдырман тойтықтың Зибашқа қарсы болғанына көпшіліктің таңырқағаны өзінше бір басқа шығар, ал менің таңырқауымда тіпті шек жоқ еді.
— Өй, мұнысы қалай? — деппін қасымдағы балаларға. Маған жауап берген ешкім болған жоқ, бәрінің назары сахнада тұрған шолақ қол өкіл мен Қыдырманда. Енді не болар екен деп, бір қызықты күткендей телміре қалған.
— Ал керек болса!.. Міне, қызық!.. — деседі балалар да сыбырласып.
Шолақ қол өкіл:
— Сен қарсымысың? — деп қайталай сұраған.
— Иә, мен қарсымын, — деді Қыдырман тойтық та қайталап. — Ол қатын біргәдіріңе ешкім бағынбайды. Осы ауылда біраз еркек бар ғой, біргәдірді солардан қою керек. Мысалы, әне, жақында ғана әскерден қайтқан Көбеген бар, ал егер ол жарымжан десеңдер, есепші боп жүрген анау Бектай, әр түрлі жұмыста жүрген мына мен бармын... — Ол өзін айтқан кезде, жұрт ду күлген. «Алда, шіркін-ай, мұның өз ойы бар екен ғой!», «дәмесін қарай гөр, тойтықтың!», «қайтсін енді, өзін-өзі айтпаса басқалар аузына алмайды», — десіп, дуылдасып қалған. Жұрттың күлкі-мазағына Қыдырман ыза боп кетті. — Әй, сендер неменеге күлесіңдер?! Осы да күлкі ме? — деп төңірегіндегілерге көзін аларта қарады, жылқының ту құйрығындай қайратты шашын артына қарай қақыра сипап қойды да: — Бәрібір ол Зибаш бригадир боп оңдырмайды, мен қарсымын, өйткені ол...
— Әй! — деп Әлтаев жолдас мұнан әрі оны сөйлетпей ақырып қалды. — Сен өзің қазір не сөйлеп тұрғаныңды білесің бе? Үкіметтің саясатына қарсы сөйлеп тұрсың. Әйел жолдастарды көтеру, оларды басшылыққа сайлау — бүгінгі таңдағы үлкен саяси мәселе. Ал ол саясатқа қарсы адамды біз маңдайдан сипай алмаймыз...
— Мен саған маңдайымнан сипа деп тұрған жоқпын, — деді Қыдырман тойтық дүңк етіп. — Мен саясатқа қарсы емеспін, мен мына қатынның біргәдір болғанына қарсымын.
— Тоқтат, кәне, сөз таластырғанды! — деп, Әлтаев жолдас столды қойып қалды. — Бұл неғылған бейбастақтық!
— Сен өйтіп айқайлама! — деп, Қыдырман да орнынан қайтадан атып тұрған.— Әркім өзі ұнатқан қатынды біргәдір сайлай берсе, іс бола ма екен.
— Мынау не сөйлеп тұр, жолдастар?! — деді кенет қызарақтай бастаған өкіл лажсыз күліп.
Осы кезде әр тұстан:
— Әй, Қыдырман, қойсаңшы! Ол қатынға сен де алыс емессің ғой.
— Өкілмен салғыласып қайтесің, ұят болады.
— Кімді сайласа да бәрібір емес пе, — дескен басу сөздер естілді.
— Өкіл жолдас, ол тойтықтың сөзін тыңдамаңыз, — деді Байдалы шал да бәйпектеп. Әлтаев жолдас та сабасына түскендей болды.
— Жолдастар, — деді енді сабырлы сөйлеуге тырысып, — аудан Бәкеңнің таңдауын қолдайды. Өзі таңдаған адамын бригадир қоймақ екен, онысын құптаймыз. Кәне, осыған кім қарсы?
Көпшілік тым-тырыс отырып қалды.
— Бәрібір мен қарсымын, — деді Қыдырман тойтық.
— Сен қой... Сенімен басқа жерде сөйлесеміз әлі.
— Құдай өзі берген жанын өзі алады. Ал мына қатын біргәдіріңе мен бағынбаймын.
— Бағындырамыз.
— Бағынбаймын... Жарайды, Көбеген ақсақ болсын, мен тойтық болайын, ал енді анау отырған Бектайды лайық емес деп кім айтар екен. Қолы хат таниды, жазуы да жақсы, шаруа жайын да Байдалыдан артық білмесе, кем білмейді.
— Дұрыс, дұрыс! Сол Бектай болсын да бригадир! — дескен құптаған дауыстар әр тұстан естілген.
Шолақ қол өкіл cay қолымен столды тағы да қойып қалды.
— Тоқтатыңдар тәртіпсіздікті! — Онан соң көзі шатынай тұрып көпшілікке төне қарады да: — Бастықтарыңыз бұл баланы емес, Зибашты атап тұр ғой, кәне, кім соған қарсы, тұрсыншы орындарынан?! — деді.
Қыдырман тойтықтан өзге ешкім тұрған жоқ.
— Әй, тойтық неме! — деді осы шыдай алмай кеткен Байдалы шал. — Әй, осы жұрттың шырқын бұзбасаң отыра алмайсың ба-ей, сен ит, а?! Қойсаңшы енді! Мына жұртқа қырсығың тиеді ғой. Өкіл жолдаспен салғыласып нең бар-ей, а?!
— Өкіл болса қайтейін. Мен одан қорқады дейсің бе?! Мен кейбіреулер сияқты бай-құлақтың құйыршығы боп көрген емеспін, сондықтан құдайыңнан да қорықпаймын.
Әрине, «кейбіреулер» деп тұрғаны Байдалы шалды айтқаны. Үлкендер жағы Байдалы шалға ренжігендерінде, ылғи да өстіп оның бір байдың атшысы болғанын еске алып, бетіне басатын. Қыдырман да сонысын мегзеп тұр.
Мұнан әрі Қыдырман тойтықпен сөз таластырып жеңе алмайтынын білген Байдалы шал:
— Жарайды, қыңыр адам бір жақ, қырық адам бір жақ демекші, сенің сөзің өтпейді. Ал басқа кімнің қарсылығы бар? — деген.
Шолақ қол өкілден ығып қалған жұрт үндеген жоқ.
— Ал, жолдастар, онда көпшілік жиналыстың қолдауымен Зибаш біргәдір боп сайланды, — деді Байдалы шал сөздің тоқ етерін айтып. — Енді келесі мәселеге — зайымға жазылу мәселесіне көшеміз... — дей берген, осы кезде өкіл оған бірдеңе деп күңк ете түсті. — А! Иә, айтпақшы, ұмытып барады екем, — деді сасып қалған Байдалы шал. — Жолдастар, Зибаш мына жерге шығып отыруы керек. Зибаш! Әлгі Зибаш қайда? Кәне, бері кел, мына біздің қатарымызға кеп отыр. Кел, кел! Ұялатын дәнеңе жоқ, еркек көрмей жүрсің бе?!. — деп сөзінің соңын бәдік қалжыңына айналдырып, жұртты бір күлдіріп алған.
Алдыңғы жақта шетте отырған Зибаш ұялшақтай басып сахнаға көтерілді. Ұялшақтығы сонша, жерден басын көтерместен аяғы-аяғына шалынысып, жығылып қала жаздады. Үстіне бар жақсысын киіп әдеміленіп келгені енді белгілі болды, бригадир сайланатынын білген екен ғой. Байдалы шал мен Бектайдың ортасына барып отырған. Екі беті өрттей боп қызарып, көзін көтермейді. Дәл осы сәтте көпшіліктің орта тұсынан бір әйел даусы:
— Әй, жаман қар, ақыр отырған соң тұп-тура анау өкілдің қасына отырмайсың ба?! — деген самбырлай жазғырып.
Жұрт тағы да ду күлді. Әлтаев жолдас қабағы түксиіп әлгі жаққа жалт қарады.
— Әй, жолдастар, қалжақ сөзді қойсаңдаршы, — деді Байдалы шал қипақтап.
— Қап, мына қатынның Қыдырманды жер ғып кеткені-ай! — деген бізден ілгерірек тұрған Татубай сиыршы күңкілдеп.
— Шынында да, тойтыққа обал болды, — деді екінші біреу.
— Е, біраз күн сусындады ғой, жетер, — деді үшінші біреу.
— Қыдырман тойтықтың қызығы осымен бітті.
— Өзі Зибаш болсын да, тойтыққа байланып қалсын.
— Бәсе десеңші!..
— Әй, мына шолақ өкілің де мүттәйім екен, бұғалықты қыл сағақтан салды ғой.
— Е, қолында билігі болса керек еді...
Біздің алдыңғы жағымызда тұрған үлкендер осылайша қақпақылдасып, күңкілдесе бастаған.
— Әй, арт жақта тұрғандар, тынышталыңдар! — деді Байдалы шал.
Мұнан әрі заемға жазылу жүргізілді де, біздер — балалар үшін қызықсыз көрінген соң, сыртқа шығып ойынға кірістік. Барлығымыздың тамсана сөз қылғанымыз Қыдырман тойтық. Әне, ешкімнен қорықпайды деп соны айт. Тіпті әуелі өкіліңнің өзімен тайталасты ғой.
Біраздан кейін жиналыс бітіп, жұрт үйді-үйіне тарай бастаған, үлкендермен бірге біз — балалар да қайттық. Қыдырман тойтық жеңгесі Сәруеге ілесіп, біздің жаққа қарай жүрген.
— Әй, жүгірмек-ау, немене, сендер істеген жұмысты біз істей алмайды дейсің бе, бір Зибашқа бола бүкіл қатын атаулыны кемсіткенің не?! — деген Сәруе былай шыққан соң жазғырып.- Екі ортада жеки, үкіметтің саясатына қарсысың деп өкіл өзіңе айып тақты.
— Ой, жеңеше, барлық қатындарда шаруам қанша, бірақ сөзім солай шығып кетті. Әйтпесе мына сендерді сайлап жатса, қарсы сөйлеп нем бар, — деді Қыдырман ақталғандай үнмен.
— Тіпті со Зибашты сайлағанға да қарсы бола қоятын дәнеңе жоқ. Сайлана берсін. Жүгірмек-ау, содан зиян шегемін дейсің бе? — деген сөзінің соңын сыбырлай күліп.
— Жоқ, маған оның ондай пайдасының керегі жоқ. Мен ол шолақ қол өкілді өлтірем, — деді жеңгесінің әзіліне міз бақпаған Қыдырман кіжіне сөйлеп.
— Жә, жайрағыр, қатын үшін кісі өлтіремі несі мынаның?! Бірдеңеге ұрынып, сотталып кетіп жүрерсің.
— Сотталсам, кетем.
— Не дейді?!. Бетім-ау, әркімнен қалған бір салдақыға бола өміріңді қор қылып не көрінді, сонша?! Жә, мына сөзіңді менен басқа ешкім естімесін, — деді ұрса сөйлеген Сәруе. — Әй, осы ауылда не көп, бойжеткен қыз-қырқын мен жесір келіншек көп. Соларды шетінен шертіп жүріп ұнатқаныңды айтшы маған, алдыңа өзім жетектеп әкеп беремін.
— Жоқ, маған басқа ешкімнің керегі жоқ. Бәрібір мен ол өкілді Зибашқа жолатпаймьін. Ерегескенде мен оның анау сау қолын сындырам енді.
— О, шірік!.. Жақсы ағама тартпай кеткір шірік!.. — деді қайнысының мына қылығына күйіп-піскен Сәруе ыза болып.
Мұнан әрі Сәруе бұрылып өз үйінде қалып қойды да, Қыдырман тойтық ақсаңдай басып әрі қарай кетті. Біз, балалар, енді бір сойқан болатын шығар деп, сол күні сырттай Қыдырманың қайда барып, қайда жүргенін аңдумен болдық.
Петьканың: «Байдалы шал енді біздің Санатты өзіне хатшы етіп алатын шығар», — деген қалжыңы шынға айналды. Айтқанындай-ақ бастық болған күннің ертеңіне Байдалы шал Санатты сабақта отырған жерінен шақыртып әкеткен. Содан бір сабақты өтіп, одан келесі сабаққа кірерде ғана, Санат қалтасы толы бауырсақ, жымың қағып тоқ көңілмен оралды.
— Иә, не болды? Неге шақырыпты? — деп, жан-жақтан жапырлай қалған біздің сұрауымызға Санат:
— Жай, — дей салды. — Мә, одан да бауырсақ жеңдер, — деді онан соң қалтасындағы бауырсақтан бәрімізге жеткенінше үлестіріп. Ақ ұннан пісірілген иісі аңқыған қызыл сары бауырсақ нанды ұмыта бастаған біздер үшін тәттіден бір кем емес еді. Сондықтан бәріміз шетінен аз-аздан қана тістелеп дәмін алсақ, енді біріміз құрт құсатып сөлін сорып тамсанамыз. Бүкіл класс ішін бауырсақ иісі алып кетті. Тек бір кезде біздердің аузымыздың малжаңдап отырғанын сезіп қалған Әнипа апай:
— Кәне, сабақ үстінде тамақ жегендеріңді қойыңдар! — деп зеки ұрысқан, аузымыздағы бауырсақты жұтып-жұтып жібердік.
Ертеңіне атқарушы Ысқақ шал тағы келген, бірақ бұл күні Санат ауырып қалған еді.
— Онда, — деп ол кластағы балаларды тегіс шола қарап шықты да, көзі маған түсіп: — Қанат, сен жүр, — деді. Мен оның назарына іліккеніме қуана қорбаңдап орнымнан тұрдым. Төңірегімдегі балалар: «Бауырсақ әкелетін бол... бауырсақ...» — деп сыбырлап қап жатыр.
Атқарушы шал мені алдына сап кеңсеге қарай алып жүрді. Байдалы шал қақ төрдегі қызыл мата жабылған үлкен столдың басында көк мауыты тысты бөркін бір шекесіне қарай қисайта киіп, бүктеп ұстаған қызыл тобылғы қамшысымен алдында қобырап жатқан қағаздарды түртпектеп қойып отыр екен. Мені көріп қабағын кіржитіп, тіксініп қалды.
— Әлгі Санат ауырып қапты, оның орнына мынаны алып келдім, — деді атқарушы шал.
Байдалы шал астыңғы ерініндегі насыбайды алып тастап, аяғының астына қақырына былш еткізіп бір түкірді де, маған шегір көзімен шаншыла қарап, атқарушы Ысқақтан:
— Мұның аузы қалай еді, берік пе еді? — деп сұрады дәл бір өмірі мені көріп, білмеген адамдай.
— Ол жағын қайдам, бірақ хат тануы жақсы деп жүрген балалардың бірі ғой.
— Әй, онда бері кел, отыр, — деді Байдалы шал қарсы алдындағы орындықты нұсқап, өзі менен көз айырар емес. Бұрын байқаған баламен де, шағамен де қалжақтасып жүретін, бірде бату, бірде тату дегендей мінезі бар, өзіміз кейде «аталап» соңынан қалмай әзілдеп, кейде сыртынан мазақтап жүретін, ақ көңіл сияқты көрінетін Байдалы шалдың қазіргі сұсы адам қорқарлық еді. Шегір көзі өңменімнен өтіп, ішіп-жеп, бет қаратар емес.
— Сенің өзі, аузың қалай, берік пе? — деп сұрады.
— Берік, — дедім мен.
— Кеңсенің құпиясын сыртқа шашпайсың ғой?
— Шашпаймын.
— Егер осыдан сенен естідік деген бір сез шықса, мына қамшы төбеңде ойнайды. Ұқтың ба?
Мен басымды изедім.
— Әй, Ысқақ! — деді ауыз үйге қарай дауыстап. Есіктен қорбаңдай басып атқарушы шал кірген.
— Әлі бағанағының әкеп бергені мына хат па? — деді көк конвертті көрсетіп.
— Иә, осы төрт бұрышты. Ауданға жазылған екен деді ғой.
— Жә, онда орныңа бара бер.
Атқарушы шал шығып кеткен соң, әлгі көк конвертті маған ұсынды да:
— Онда, мә, оқышы, — деді. Мен әлгінде атқарушы шалдың өзім туралы «хат тануы жақсы» деген мақтауын ақтау үшін айдақ-сайдақ жазылған қағазды бар ынтамды салып судыратып Оқи жөнелдім. Өйткені жақсы хат танудың басты шарты қағазды тез оқу ғой.
— Әй, тоқта, — деді Байдалы шал мені бөліп.
— Жау қуып келе жатқан жоқ қой, сен өйтіп аптықпай, әр сөзді түсінікті етіп, дұрыстап оқы деп, өзі ұғып қалған алғашқы сөйлемді қайталап шықты: «Арыз. Аудандық партия комитетіне. Біз бір топ колхозшы осы арызды жазуға мәжбүр боп отырмыз...»
Мен Байдалы шалдың өзінің мақамына салып, әр сөзді дауысты дыбысы бар тұсында соза отырып, қайтадан оқи бастадым.
«Арыз. Аудандық партия комитетіне. Біз бір топ колхозшы осы арызды жазуға мәжбүр боп отырмыз. Өйткені Байдалы колхоз бастық болып ешкімді көгертпейді. Өзі бұрын бай-құлақтың құйыршығы болған адам...
— Не дейді?! Жә, тоқтат иттің күшігі! — деп ұшып тұрған Байдалы шал қамшысымен столды салып қалды. Шегір көзі шатынап ашудан қалш-қалш етіп маған төне қарайды. Енді болмаса қамшысымен салып жіберетіндей. Қорқып кеткен мен қағазды өзінің алдына тастай сап зыта жөнелмек ем, дабыр-дұбырға ауыз үйдегі атқарушы шал кіріп, жолды бөгеп, есікке кесе-көлденең тұра қалды.
— Әй, күшік, не оқып тұрсың-ей, а? — деген маған тап бере ақырып.
— Өзіңіз оқы дедіңіз ғой қағазда жазылғанды...
— Мына қағазда шынымен солай деп жазылған ба?
— Иә. Солай жазылған.
— Әй, бұлар ма?! Бұлардан бәрі шығады. Ел емес қой, — деді тағы Байдалы шал түңіле сөйлеп. — Шетінен жер аударып жіберсең обалы жоқ иттер ғой. Кәне, отыр орныңа! — деді маған ақырып. Амал жоқ, оның қарсы алдына барып қайтадан отырдым. — Иттің балалары, баяғыда менің Мәтіжан байға жалшы болғанымды әлі күнге бетіме басып, бай-құлақтың құйыршығы болған деп жала жапқылары келеді.
— Көре алмайтындардың ісі ғой, — деді Ысқақ шал жағына сөйлеп.
— Со көре алмайды. Жә, — Байдалы шал біраз бұлқан-талқан боп барып сабасына түсейін деді. — Сен орныңа бара бер, — деді атқарушы шалға, онан соң орнына отырып, шегір кезі со шатынаған қалпында маған қарап: — Оқы әрі қарай! — деп бұйырды. Мен әлгіндегі тоқтаған жерімнен әрі қарай жалғастыра оқыдым: — ...Сөзінде еш пәтуа жоқ. Тек одыраңдап қатын-қалаш, бала-шағаға қамшы үйіргеннен басқа қолынан түк келмейді. Ойлайтыны қара басының қамы. Соңғы кездерде жас келіншектерге қырындайтын әдет шығарды...
— Жә, оқыма, әкел бері, — деп Байдалы шал мұнан әрі шыдай алмай арызды жұлып алды. — Ойпырай үйің күйгір-ай, қайсысы екен мұны жазып жүрген?!. Қайсысы екен, ә? — Ойланып қалған ол қарсы алдында менің отырғаным біраздан кейін барып есіне түскендей: — Әй, сен неғыл деп омалып отырсың?! Кәне, жоғалт көзіңді! — деп, қамшысын үйіре ақырған. Мен зытып сыртқа шықтым. Әуелі таяқ. жемей аман құтылғаныма қуансам да, кеңседен ұзай бере құр қол кетіп бара жатқаным есіме түсіп, Саматтың бауырсақ әкелгеніне үйреніп қалған балалар қолыма қараса не деймін. Құр қол сүмірейіп қайтқанымды көрсе, бәрі де: «Әй, сені қойшы...» — деп бірден теріс айналады ғой. Әй, тәуекел, не болса о болсын, — деп кеңсеге қайта қайттым. Ауыз бөлмеден өтіп, ішкі есікті ашқам, Байдалы шал әлгіндегі бір парақ қағаздың басы қайсы, аяғы қайсы екенін біле алмай айналдыра қарап тұр екен.
— Ата, бауырсақ берші! — дедім.
— А! Ә, сен кетпеген екенсің ғой, — деді әлгіндегідей емес ашуы тарқағандай үнмен Байдалы шал. Онан соң:
— Мә, бауырсағың, — деп қалтасынан бір уыс бауырсақты алып столдың шетіне қойды. Оның бір уысы менің кішірек қалтамды толтырды да қойды. Кете беріп едім:
— Тұра тұр, енді мына бір қағазды оқышы, — деді ол тағы бір парақты ұсынып. Бұл — акт қағаз екен. Мен әлгіндегідей әр сөзді анықтап, мақамдап оқып шықтым:
— Акт. Мен колхоздың бақташысы, Шотай Дайырбеков, колхоздың қызыл қасқа құнажынының ақырға құлап, қазыққа арандап өлгенін хабарлаймын. Мұны куә Көлбай керең мен Сағила кемпір растайды. Сол үшін қол қоюшылар...
Мұнан әрі ирек-ирек адам түсініп болмайтын әріптермен үш адам қол қойған.
— Жандарың шыққырлар, ақырға құлап өлді деп өздері сойып алмаса неғылсын, — деді Байдалы шал кіжініп. — Басқаны білмесем де Шотай итті білем ғой. Кәне, берші, — деп актінің қағазын қолына алды да: — Әй, Қанат, сенің көзің өткірірек қой, анықтап қарашы, мына екі қағаз бірдей емес пе? — деді.
Расында да, әлгіндегі арыздың қағазы мен мына актінің қағазы бірдей екен, бір дәптерден жыртып алынған. Мен соны айттым.
— Бәсе, бұ Шотай қайдан тыныш жүрсін деп едім-ау. Кәне, қарашы, жазулары да бірдей ме екен?
— Жоқ, жазулары екі түрлі, екі адам жазған.
— Жә, ол жағын анықтармын.
— Әй, ЬІсқақ! — деді ақырып. Ауыз үйден атқарушы шал кірген. — Мына қағаздарды менің алдыма кім қойды? — деп сұрады әлгіндегі екі парақты көрсетіп.
— Қайдам?! Бар қағаз кешеден бері осы үстелдің үстінде жатыр ғой.
— Үстелдің үстінде жатқанын білем. Соны кім қойды деймін?
— Казиттерді мен әкеп қойдым, тағы бір қағаздарды шатауат әкеп қойды, басқасын білмедім.
— Бар, шақыр шатауатты.
Атқарушы шал көрші бөлмедегі счетовод бүкір Бектілеуді шақырып келді. Бектілеу ертеден кешке дейін есепшоттан бас көтермейтін, ешкіммен шаруасы жоқ, ешкіммен сөйлеспейтін, өкпесі сырылдап отыратын аурушаң, құныс адам еді. Ауыл адамдары: «Бектілеу мен қара шот бір туысқан», — деп күлетін. Ол сөзге Бектілеу өзі де мәз боп қалатын. Қазір сол Бектілеу үлкен қой кезі бағжаң-бағжаң етіп, Байдалы шалдың алдына қорқақтай кірді.
— Әй, Бектілеу, мына қағаздарды менің алдыма кім қойғанын білесің бе?
Бектілеу әлгіндегі арыз бен акті қағаздарын қолына алып көрді де:
— Жо, бұ қағаздарды кім қойғанын білмеймін, менің қойып кеткенім мәлімет қағаздар, — деп барып, Байдалы шалдың алдында жатқан қағаздардың ішінен өзі қойғандарын тауып берді. — Міне, мына қағаздар, ал мыналарыңызды білмеймін.
— Әй, сонда осы сендер не білесіңдер-ей, а?! Жалғыз бастықтарыңның алдына кімнің арыз қойып кеткенін білмейсіңдер. Мына қамшымен шеттеріңнен пәре-пәрелеріңді шығарсам, обал жоқ иттерсіңдер ғой. Тфу, енді қайтейін-ай!.. — деп ыза боп бір түкірді де, қайтадан атқарушы шалға бұрылды: — Әй, әлгі Бектай қайда жүр?
— Ертеңгісін мал жаққа кеткен.
— Әй, мына жақта дүние қирап жатқанда, ол малды жау шабады дей ме-ей, а?! Бар, шақырып кел, тез! Осыдан бірдеңе көрем демесе, жетсін тез!
Атқарушы шалға ілесіп мен де кете бермекші едім, Байдалы шал қайыра тоқтатты.
— Әй, мә, енді мыналарды оқы, — деп алдындағы қағаздарды шетінен бере бастады. Әр түрлі арыздар еді: әскер семьясы ретінде азық-түлік жәрдем сұраған, отын сұраған, шөп сұраған құлағалы тұрған үйіне тіреу қоюға бөрене сұраған. Байдалы болса әр арыздан кейін: «Жә, оттапты», «былшылдапты», «сандалмасын», «өй, шіркін-ай, бөренені мен қайдан тауып береді дейді-ей, дәл мен бір қарағайдың ортасында жүргендей», — деп, арыз иесі дәл алдында тұрғандай бірде кекеп-мұқап ауызша жауап қайырып отырды да:
— Жә, енді мына қағаздарды оқышы, — деп алдында жатқан басқа парақтарды ұсынды. Бұлар бүкір шатауат Бектілеу мен Бектай есепші берген мәлімет қағаздар мен актілер екен: ауырып өлген, көтеремнен өлген малдар туралы, қайсының қалай өлгені, қай жерде өлгені жазылған. Байдалы шал бұл актілерді жазған адамдарды да бір-бір сыбап боқтап алады: «Өй, жаның шыққыр, өтірікті көйітуін», — дейді, екіншісіне: «Е, жарайды, көрерміз», — дей салады, енді біріне: «Мұны анықтау керек шығар», — деп қояды.
Ауыз бөлменің есігі сықыр етіп ашылып, біреу тарс-тұрс басып кеп ішкі бөлмеге басын сұққан. Байдалы шал маған тоқтай тұр дегендей қолын сілтеді де, есік жаққа ежірейе қалды. Әлгі адам сол басын сұққан күйде бізге қызықтағандай қарап есік көзінде тұрып алды, екі көзі жылт-жылт ойнақшып, қос танауы таңқиған, жалбыраған қияқ мұртты қайыстай қатқан қара кісі — кәдімгі анау кездегі Байдалы шалдың үйінің отынын бұтайтын Тұржан. Әлден соң бас жоқ, аяқ жоқ: «А-а-а-а...» деп шақылдай күлген, бүкіл аузы ұрадай боп үңірейіп, көмейіне дейін қара қошқылданып түгел көрінді.
— Паһ, паһ, баяғының болысы да бүйтіп отырған жоқ шығар! ГІаһ, паһ, отырысыңнан айналайын, Байағам! — деді ернін сылпылдатып. — Аруақ!.. Аруақ!.. Жарықтық, Шорағұл бабамыздың аруағы қолдаған екен де!.. — Енді сәл болса жылап жіберердей күйде тұр. — Құлдық еттім!.. Құлдық еттім!.. — деп басын еңкейтіп табалдырыққа тигізді. Тек сонан кейін ғана:
— Кіруге рұқсат па, Байаға? — деген.
— Кір, — деді Байдалы шал.
Осыдан кейін ғана есіктен кірген Тұржан:
— Ассалаумәлейкө-ө-м! — деп, сәлем беріп қаудырлаған сары тонының делдиген етегімен жолындағы орындықтарды қаға-маға қос қолын созып төрге ұмтылды.
— Әликісалам!
Қол алыса тұрып ұрадай аузын ашып тағы да таңқылдай күлді.
— А-а-а-а... — дейді тісі жоқ болғандықтан түкірігін шашырата тұрып. — Уай, колхоз бастыққа баса-көктемей, естіп рұқсат сұрап кіру керек қой! Солай ма, Байаға, а-а-а-а...- деп үп-үлкен басымен кейбір шолжаң балаларша бет-аузын қисаңдатып еркелегендей, ырбаң-ырбаң етіп. езуін жия алар емес, әйтеу өзінен-өзі мәз-мейрам біреу. — «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дейді ғой Байаға, алдиярым, міне, алдыңа кеп тағы да басымды нем... а-а-а-а...
— Қашан келдің? — деп сұраған Байдалы шал.
— Келген бетім осы. Үйге соқпай, әуелі кеңсеге бұрылып, алатаудай боп төрде отырғаныңызды көргім келді. Ризамын аруаққа!
— Ал отыр, — деді Байдалы шал оған деген риза көңілін жасыра алмай. — Иә, үй ішің аман ба? Келіннің халі жақсы ма? — деп дәл әнеугүнгідей амандық сұрастыра бастады.
— Аман ғой, оларды ит жей ме, а-а-а-а... — деп, дәл әнеугүнгідей жауап қайырған Тұржан ұрадай аузын ашып тағы күлді. Сөзі ұнап отыр ма, ұнамай отыр ма, онда шаруасы жоқ, әйтеуір өзі мәз боп күледі. Осы уақытқа дейін маған үлкен адамдардың бәрі ақылды боп көрінетін, тіпті кейбіреулері туралы: «Әй, соны қойшы, түйір ақылы жоқ», — дегеннің өзінде ондай адамның ақылсыздығын андай алмайтынмын. Ол да кәдімгі басқа адамдар сияқты көрінетін маған, ақылының жоқтығы үлкенге білінсе де, маған білінбейтін. Ал мына адамды әнеугүні де көрген жерден бір түрлі ұнатпап едім, ал қазір: «Әй, мынаның түйір ақылы жоқ қой», — деген ой бірден оралып шықпай қойды. Сөйлеген сөздері қандай парықсыз, күлкісі қандай дарақы, жүріс-тұрысы, қимыл-қозғалыстарына дейін еш түйсік жоқ, санасыз адамның ісі. Өзі түк-түк ойланбайтын адам сияқты. Тышқанның көзі құсап жылт-жылт еткен көзінде де, түрінде де ешқандай ой жоқ.
— Ауыл-аймақтарың қалай? — деп сұраған Байдалы шал.
— Ауыл-аймақ қайда көшер дейсіз енді, сол өкімет қондырған орнында тұр ғой, а-а-а-а...
Байдалы шал тағы біраз амандық-саулық сұрастырды да, Тұржан оған таңқылдай күліп жауап қайырумен болды. Енді бір сәт сөз кезегі өзіне тиген:
— Байаға, сіздің бастық болғаныңызды естігенде, төбем көкке екі елі жетпей қуандым, — деді Тұржан.- Құдай, аруақ бар екен ғой, біздің де көз жасымызды көреді екен ғой деп жылап жібердім. Аруағыңнан айналайын, Шорағұл бабам өзі қолдап жүр ғой сізді.
— Жалғыз мені ғана емес, бүкіл ұрпақтарын қолдап жүр ғой, жарықтық. Мына сені де қолдайды.
— Байаға, бөліп-жаратын несі бар, мына сізді қолдағаны — бәрімізді қолдағаны ғой.
— Оның рас.
— Әне, дәл таптым ба?! А-а-а-а... — деп Тұржан тағы да мәз болды.
Сөз әлпеттерінен менің түйгенім — Тұржан Байдалыға төрт-бес атадан барып қосылатын туыс екен, мына көрші Ақтасты колхозында тұратын көрінеді. Туысының әлгі сөзіне көңілі өсіп әбден риза болған Байдалы шал қалтасынан шақшасын алып, түбін столға тықылдатып қағып, көк бұйра насыбайдан алақанына молдау етіп салды да, шалқая түсіп аузына тастап жіберді, онан соң астыңғы ернін бұлтита жымқырып сақаулана:
— Әй, осы сені әскерге неге алмады? — деп сұрады.
— Ойбай-ау, Байаға-ау, менің жасым асып кеткен ғой.
— Қалайша? Қырыққа енді ғана келдің емес пе?
— Анау жылы пашпыртымды жоғалттым деп қайта пашпырт алғанда, бір мүшел жасты қостырып жазғызғам, сонымен әскерден қала бердім. Менің тісіме кім қарап жатыр, тіпті қараса да тісім жоқ, а-а-а-а...
— Оның дұрыс болған екен, — деп Байдалы шал да рақаттана күлді. — Сен осы кішкентай күніңнен-ақ тапқыр едің, әлі соныңнан жазбапсың. Баяғыда байдың қойын бағып жүргеніңде, өрісте саулықтардың астына шалқалап жата қап емуші ең.
— Иә, а-а-а-а... Байдың бәйбішесі ыдысымды тауып алмақ боп талай аңдып, тінтіп еді. А-а-а-а...
Мұнан әрі екеуі баяғы кездегі бастан кешкендерін айтысып, біраз мәз боп қалды. Тіпті жасаған ұрлықтарының өзі ерлік сияқты көрініп даурығысады.
— Байаға, — деді енді бір сәт ыржаңдай күлген Тұржан. — Баяғыда Бейсенғазы бай болыс болғанда, інісі Сейсенғазы: «Бейсекем болыс болды дегенше, Сейсекең нойыс болды десеңші» демекші, сіз колхоз бастық болды дегенді естігелі, мына жаман ініңнің де тақымы қопаңдайтынды шығарды. Қашанғы мен де тентіреп анау Ақтастыда жүре бермекпін, өзіңнің қасыңа келгім келеді. Сіз бастық болғанда, мен неге біргәдір болмаймын деймін. Ашсаңыз алақаныңызда, жұмсаңыз жұдырығыңызда емеспін бе? Менен сенімді кім бар сізге?!
— Ондай ой өзімізде де болып еді, бірақ әлгі шолақ қол өкіл еркіме қойды ма?! Осында бір қатынға көңілі ауған екен, шолақ ит соны біргәдір сайла деп отырып алды ғой. Бұ қазақтың қатын десе жан беріп, жан алысатынын білесің ғой, амал жоқ, айтқанын орындауға тура келді. Жә, келем десең, біргәдірліктен де өзге жұмыс табылады ғой. Мысалы, мына маған ары-бері шапқылап жүретін атқарушы керек.
— Ойбай, Байаға-ау, ол атқарушылығыңа мен дөй деймін ғой.
— Е, онда болды. Сапыбекке де бір жұмыс табылар.
— Хат тануы жақсы дедің бе осы?
— Үш класс бітірген, таниды ғой.
— Әнеугүні қайтып барған соң сіздің айтқандарыңызды айтқам, қуанғаны сонша: «Мен Байатама барлық балаларды бір шыбықпен айдап бағындырып берем», — дейді.
— Былай, — деді Байдалы шал ойына бірдеңе түскендей, — Сен мені «Байаға деме. Құрысын, «бай» деген сөзді қайтесің, пәледен аулақ.
— Онда, аға дейім.
— Мейлің, тек «бай» дегенді айтпа.
Байдалы шал көз алдында отырған мені енді ғана көргендей.
— Әй, сен неғып отырсың? — деді.
— Өзіңіз мына қағаздарды оқы деп жібермей қойдыңыз ғой, — дедім.
— Ә, солай ма?! Онда қалғанын ертең оқырсың, бара бер, — деді маған, онан соң Тұржанға: — Жүр, үйге баралық, — деді.
Мен шықтым, менің соңымды ала Байдалы шал мен Тұржан да шыққан тысқа, атқарушы Ысқақ шал ертіп келген Бектай есепші екеуі аттарынан түсіп, кеңсеге кіргелі тұр екен. Бектай есепшіні көріп Байдалы шал бірден ақырып сала берді:
— Әй, сен осы қайда жүресің?
— Қора жақта, мал жақта жүрмін, — деді Бектай.
— Әй, сенің ол жақта нең бар-ей, а?! Малдың заппермесі, бақташысы бар емес пе, а?!
— Қазір енді, қыс кезінде... — деп Бектай міңгірлей берген.
— Өйтіп қыс кезі деп сылтаурататын түк те жоқ, — деді Байдалы шал аузын қисаңдата, даусын жіңішкерте мазақтай сөйлеп. — Шикін-ай, ә, қайбір малсақтанып жүрмін дейсің, есі-дертің, айналшық жегендей барғыштап, жағалап жүргенің, анау әлгі сиыршы Құныпияның қызы Қаншайым ғой.
— Онда сіздің шаруаңыз болмасын.
— Жо, болады... Жаман неме, өзіңше сен де текешіктенейін дедің бе? Байқа, етіңді сылып алам.
— Ақсақал, айтар сөзіңізді ойланып айтыңыз, — деген лезде өрттей боп қызарып кеткен Бектай көзін алақ еткізіп.
— Өй, мынаны қара, маған ақыл үйретеді-ей!
— Аға-ау, осындайлармен де тәжікелесіп тұрасыз ба, дырау қамшымен өрім-өрімін шығармайсыз ба?! — деген шетте тұрған Тұржан кіжіне ұмтылып. — Әй, колхоз бастықпен бүйтіп сөйлесетіндей сен кімсің-ей, а?! Кәне, ағамның бетінен алмай тарт тіліңді, әйтпесе тура көресіңді көрсетем!
Бектай да ыққан жоқ, қамшысын оңтайлап безере қарсы тұрды, салғыласып және сөз қайтармады.
— Әй, Тұржан, жүр кеттік. Бұл жүгірмекпен сөзім сонан кейін болсын, — деді Байдалы шал.
Екеуі аттарына мініп, Байдалы шалдың үйіне қарай кетті де, Бектай есепші мен Ысқақ шал үшеуміз кеңсенің алдында қала бердік.
— Әнеугүнгі жиналыстан кейін-ақ соңыма түсіп алды, — деді Бектай шағынғандай.
— Е, шырағым, бастықтың қырына іліге беріп қайтесің, айтқаныңыз құп деп жүре бермейсің бе? — деді Ысқақ шал.
— Сөйтпегенде қайтіп жүрмін енді.
Мұнан әрі мен өз жөніммен мектебіме кеттім. Қалтамдағы иісі аңқыған бауырсақтан басым айналғандай болса да, жол бойы, ең болмаса, біреуін аузыма салмадым. Балалардың алдына барғанымда, қалтам ортайып қалатындай көрінеді. Үзіліс кезі екен, класқа кірер-кірмесімнен мені де балалар жапырлай қоршап ап: «Иә, неге шақыртады екен? Не істедің?» — деп үздіге сұраған. Санат құсап мен де олардың төбелерінен қарай тұрып:
— Жай, әншейін, — дей салдым немқұрайлы үнмен. — Онан да мә, бауырсақ жеңдер, — деп жеткенше бір-бірден үлестіріп бердім. Өзім бір бауырсақ қана алып қалғам.
— Қанат, мен құр қалдым ғой, — деген кластағы ең кішкене бала Көпен жүгіріп кеп. Амал жоқ, соңғы бауырсақты соған ұстата бердім. Сөйтіп, бір қалта бауырсақтан өзім ауыз да тие алмадым. Оның есесіне Санат сияқты кластағы балалардың алдында менің де шоқтығым бір өсіп қалды.
* * *
Түстен кейін ертеңгі үйге берілген тапсырманы орындап сабақ оқып отырғам, сырттан кірген әжем:
— Әй, Қанат, шық, әне, Қыдырман шөбіңді әкелді, түсірісіп жібер, — деді.
Тонымды иығыма іле сап атып сыртқа шықсам, Қыдырман шананың үстінде тұрып ортадан аз тиелген шөптен қораның төбесіне қарай лақтыруға кірісіпті. Мені көріп:
— Жоғарыға шық, тез түсіріп алайық, — деді.
Мен қораның арт жағындағы күнделікті өзім шығып жүрген басқышпен төбеге көтеріліп, Қыдырман әперген шөпті іліп ап, кейін тартып жаймалай бастағам.
— Әй, иттің балалары, тоқтаңдар, кәне! — деп ақыра боқтаған Байдалы шалдың даусы селк еткізді.
Кеңседен шыққан беті болу керек, торы жорғасын борбайлата қамшылап құйындата шауып келеді екен. Жетпіс жеті атамыздан бері қарай сыбап келеді.
— Иттің ғана балалары, тапайдың тал түсінде колхоздың шөбін ұрлап... Құртам екеуіңді де... Түрмеде шірітем!..
Ағып келген бойда дойыр қамшысымен жеткенше сілтеп шана үстінде бейқам тұрған Қыдырманды салып-салып жіберген. Қыдырман шөпке шаншып тұрған ашасын суырып ап өзіне қарай ұмтылғанда ғана, атының басын кілт бұрып, кейін тайқыды. Бірақ боқтауын тоқтатар емес, бүкіл ауылға естіртіп азан-қазан боп тұр. Әуелде «иттің балалары» деп екеумізді қоса қабаттап боқтаудан бастаған, енді аша ала ұмтылған соң Қыдырманның жеке өзіне ауысты: «ұры» дейді, «қаскүнем» дейді, «пәшіссің» дейді, «колхоздың жауы» дейді, тақпаған айдары қалып жатқан жоқ, «ертең айдатам», «түрмеде шірітем», «тұқым-тұғияныңмен тұздай құртам» — деп, зәре-құтты алатын сөздерді және қосақтайды. Әлден уақытта Байдалы шалдың соңын ала кеңседен шыққан беттері екеуі екі атқа мінген шолақ қол өкіл мен Зибаш та жетті. Екеуі бар жайды анадайдан-ақ көріп, біліп келеді. Әсіресе басқа білмесе де бұл шөптің жайын Зибаш жақсы білетіні анық. Сондықтан Байдалы шал алғаш ақырып аттандай жеткенде, зәрем ұшып кеткенмен, Зибашты көріп ес жиғандай болдым.
— Бұл біздің өзіміздің меншікті шөбіміз, жазда Нәзира әпкем екеуміз шалғымен шауып жинағанбыз, нанбасыңыз, әне, Зибаштан сұраңыз, — дедім төбеде тұрып айқайлап.
— Мен саған көрсетем өз шөбіңді, иттің күшігі, кәне, осыдан түсші бері! — деп, Байдалы шал атымен қораның төбесіне шығып кетердей емініп қойып қамшысын сілтей ақырды.
— Рас айтады, бұл Қанат пен Нәзираның өздері шапқан шөбі, мына Зибаш та біледі ғой, — деп енді Қыдырман да соны арқалана сөйлеген.
Зибаш шолақ қол өкіл екеуі қатарласа кеп тоқтаған, қазір бірдеңе дейтін шығар, шындықты айтып ара түсетін шығар деп Қыдырман да, мен де енді соған жалтақтай қарағанбыз. Зибаш қабағын шытынып томсырайған күйде шанадағы шөпке, одан сендерді қайда көрдім дегендей, әуелі Қыдырманға, одан қораның төбесінде тұрған маған бажырая бір-бір қарағаны болмаса, не дұрыс деп, не бұрыс деп бір ауыз сөз айтпастан сызданып, үнсіз тұрды да қойды.
— Айтсаңшы! — деген Қыдырман оған шаншыла қарап.
— Зибаш тәте-ау, әнеугүні шөпке бірге барғанымызда, мен өзім бастап апарып, Нәзира әпкем екеуміз жазда жиған бір шошақ шөбімізден жарты шана тиеп әкеліп едік қой. Мынау сол шөп емес пе? — дедім.
Зибаш үндеген жоқ, тіпті жұмған аузын ашқан жоқ. Біздің сөзімізді естімеген адамдай сол безерген күйі атын тебініп қалды да, жүріп кетті.
— Әй, қарағым, — деді осы кезде әжем шолақ қол өкілге. — Мен мына Байдалыға сөзімді қор қылып ештеңе демеймін. өйткені бұл өзімізге белгілі Байдалы. Мен айтарымды жөн білер деп өзіңе айтам. Соғысқа барып қан кешіп қайтқан азамат екенсің. Ал менің балам сол соғыста қаза болды. Келінім осы колхоздың жұмысында жүріп ұры-қарының қолынан опат болды. Үлкен немере қызымды күні кеше үкімет бұзылған қалаларды салғызамыз деп және әкетті. Қалған шиеттей балалар мен өлмелі кемпір менің түрім мынау. Енді өзіміз шапқан шөпті зорлық қып тартып әкетсеңдер, сонда біздің күніміз не болады? Әскер семьясына жасаған жәрдемдерің осы ма сонда?
Әжемнің сөзін үнсіз тыңдаған шолақ қол өкіл ымдап қасына Байдалыны шақырып алды да, бізге естіртпестен бірдеңе-бірдеңе деп күңкілдеді де, атын тебініп Зибаштың соңынан жүріп кетті. Өзі қалған Байдалы шал қаһары қайтпаған сол ашулы қалпында Қыдырманға қарап:
— Ендігі жерде ісім сенімен болсын, тойтық ит! — деді кіжініп .— Мына шөптің жартысын ғана түсір де, жартысын қайтадан колхоздың мал қорасына алып жүр.
— Өзі азғантай шөптің не жарты дейтіні бар, — деген Қыдырман.
— Әй, тойтық, дәл бірдеңе көрейін демесең, айтқанды істе! — деп ақырды Байдалы шал.
— Әй, Байдалы, өз шөбімізді өзімізге қимай тұрсың ба? — деген әжем.
— Колхоздың малы ашығып жатқанда, мен сендерге шөптеріңді колхоздың шанасымен тартыңдар деген жоқпын.
— Сонда біз арқалап әкелеміз бе?
— Арқалап әкеліңдер, бірақ колхоздың көлігіне тимеңдер.
Сөйтіп, Байдалы дігерлеп тұрып алған соң, Қыдырман амалсыздан шанадағы өзі аз шөптің жартысын ғана түсіріп, қалғанын колхоздың мал қорасына қайтадан алып кетті.
Қораның төбесінде азғантай шөпті жинастырған боп қала бердім. Көзіме ып-ыстық жас құйыла береді, өзіме-өзім тығылып не істерімді білмей қыстығып тұрмын. Кімге барарсың, кімге шағынарсың? Егер балалар зорлық жасаса, үлкендерге барып шағынуға болар еді, ал үлкендердің өзі зорлық жасаса, кімге шағынарсың? Нәзира әпкем екеуміздің таң алагеуімнен тұрып жүріп тірнектеп шауып, тірнектеп жинаған шөбімізді зорлық қып тартып әкеткеніне қалай жыламайсың. Тапайдың тал түсінде бүкіл ауылдың алдында бақырайтып қойып тартып әкетті ғой. Әне, әркім үйді-үйіне кіріп жүр, әншейінде ағайынсымақсып өбектей қалатындарын қайтерсің, ал жаңа Байдалы кеп жер-жебірімізге жетіп, зікінеп, тапап кеткендей боп тұрғанда, ең болмаса біреуі келіп: «Әй, мұның қалай?» деуге жарамады-ау.
Әжем маған төменнен аянышпен қарап:
— Жә, қапаланба, қозым, тіршілікте мұндайдың әлі талайын көресің, тек бас аман болсын дейік, — деді жұбата сөйлеп. — Құдайдан тапқырлар... Уһ-а-а... — деп сөзінің соңын ауыр күрсініспен аяқтады.
Сонда бұл дүние әлсізге әлі жеткен, өстіп қиянат жасаудан тұрғаны ма? Жарайды, Байдалы шалға әлгіндегі әжем айтқандай сөз тауыспай-ақ қоялық, ал сонда Зибаштың жаңағы көрсеткен мінезі қай мінез? Бригадир болғанына бес-ақ күн етті ғой, әйтпесе қысы-жазы бірдей Нәзира әпкеммен бірге осы колхоздың ең ауыр жұмыстарында телім-телім боп жүруші еді ғой. Жағдайымызды, халімізді басқа білмесе де, Зибаш біледі емес пе. Әнеугүні Нәзира әпкем көз қырыңды сала жүр деп бізді тапсырғаны да осы Зибаш еді ғой. Әжем айтқандай: «О-о, опасыз дүние... Опасыз адамдар...»
ТҰРЖАН — АТҚАРУШЫ
Сәске кезінде сары тоны қаудырлап Ысқақ шал класқа тағы кіріп келген. Бұл күні тіпті Әнипа апайымызды көзіне де ілмеген күйде, біздің сабақ оқып отырғанымызға да пысқырып қарамастан, ақай жоқ, тоқай жоқ, бірден Санатқа таяп: «Бол, жинал, колхоз бастық тез жетсін деп жатыр», — деп, қолды-аяққа тұрғызбай дігерлей жөнелді. Атқарушы шалдың бұл қылығы, әрине, Әнипа апайымызды қатты ренжітті. Ол көзілдірігі жарқ етіп, қағаздарын жинастырып орнынан тұрмақ болған Санатқа:
— Отыр! — деді қатқыл үнмен. Онан соң Ысқақ шалға қарай шұғыл бұрылып: — Сабақты бұзуға сізге кім рұқсат берді?! Бұл қандай әдепсіздік?! — деп тап берердей боп қарсы жүрген.
— Колхоз бастық... Колхоз бастық Байдалы айтқан соң... — деген қапелімде сасып қалған Ысқақ шал шегіншектеп.
Біз, оқушы балалар да, үрпиісе қалдық, енді болмаса Әнипа апайымыз шалдың сақалына жармаса кетіп, бетін тырнап алатындай көрінді.
— Оқушы баланы сабақтан кетуге рұқсат етпеймін, —деді.
— Қарағым, ол енді колхоздың жұмысы ғой, — деген ЬІсқақ шал.
— Мейлі, колхоздың жұмысы үшін де рұқсат етпеймін. Мектеп оқушысын колхоз жұмысы үшін сабақтан босата берсін деген заң жоқ.
— Өзің білесің де онда, тек, әйтеу, бастықтың қырына ілігіп жүрмесең болды да, — деп ЬІсқақ шал тоны қаудырлап есікке қарай беттеген.
Осы сәтте атқарушы шалдың бетін қайтаруын қайтарып жіберсе де, колхоз бастығымен тіресудің арты қиынға соғарын сезетін екі ұшты ойда тұрған Әнипа апайымыз иі босап:
— Жарайды, бүгінше барсын, — деді даусы жұмсарып. — Тек бастыққа сіз де айта барыңыз, класымыздың іші мынау аңырап тұрған, сабан отынға жылитын түрі жоқ, бізге қызуы бар отын қарайлассын.
— Мақұл, — бұл тілегіңді айта барайын.
Атқарушы шалға. ілесіп бара жатып Санат біздерге қарап қалтасын ұстап, жымыңдап көзін қысып қойды. Онысы, сәті түссе бүгін де бауырсақты толтырып әкелем ғой дегені еді.
— Бауырсақты қайтесің, одан да отын сұрасаңшы, — деді арт жақта отырған балалардың бірі дауыстап.
— Иә, отын сұра... Отын... — десті үш-төрт дауыс іле қостап.
— Кәне, тиышталыңдар! Бері, мына сабаққа қараңдар! — деді Әнипа апай үстелін тықылдатып.
Тобылғы отынымыз таусылғалы, классымыз қайта азынап суып кеткен. Сабанды ертеден кешке дейін жаққанмен, қауқары жоқ. Байдалы бастыққа кластың суықтығын айтып, отын сұрап екі рет барған, қазір түсіріп бере қоятын отыным жоқ, реті кеп жатса көрерміз деп жіберіпті.
Тобылғы жаққанда жып-жылы боп қалған классымызда қалтырап әзер отырмыз. Дәметкен кемпір бет-аузы күйелеш-күйелеш болып от жағуға таң сәріден-ақ кіріседі, содан қара кешке дейін отын қоймадан мектептің ауыз бөлмесіне құшақ-құшақ етіп сабан тасумен күні өтеді. Омырайған пештің аузы абжыланша ысылдап, сабанды үсті-үстіне тықпалап жатсаң да бір тоймайды, гу-гу етіп жұта береді, жұта береді. Бірақ шығарар жылуы шамалы. Кластың ішінде аузымыздан шыққан деміміз буланып күрк-күрк жөтелгенімізде, ХТЗ-ның түтініндей бұрқ-бұрқ етеді. Әнипа апайымыз да көкпеңбек боп дірдектеп тоңып отырады. Өзі де қызық, класқа кірісімен пальтосын шешіп, қолдан тоқылған қоңыр жемпірімен ғана қалады. Қалың бұрым қоңырқай шашының маңдай жағы, самайы бұйраланып, кішкене танауының үстінен сырғи беретін көзілдірігі буалдырланып, бізге кіп-кішкентай боп көрінеді. Тоңғанын білдірмеуге тырысып сабақтарды саңқылдай айтып түсіндіреді. Сірә, қатты саңқылдап сөйлесем, тоңғанымды онша сездірмеймін дейтін болар. Тақтаға жазған кезде, бор ұстауға икемсіздене бастаған қолын демімен жиі-жиі үрлеп қойып тұрады. Соның өзінде жазуы жіпке тізген маржандай әдемі, әр әрпі сұлу суреттей боп түседі. Шіркін, Әнипа апайымыз құсатып әдемі жазсақ-ау деп қызығамыз.
Бүгінгі Әнипа апайымыздың Санатты сабақтан жібермей қоя жаздағаны әсер етті ме, кім білсін, үшінші сабақты өтіп жатқан кезімізде, терезенің тұсынан торы жорғасымен қалың қарды омбылай омыраулап кеп тоқтаған Байдалы шал тобылғы сапты қамшысымен әйнекті ұшырып жіберердей сартылдата қаққан.
— Әй, мұғалім қыз! — деді ат үстінен еңкейе дауыстап. Жалғыз қабат терезеден даусының жарықшағына дейін анық естілді.
— Мына балалардың әжетке жарайтындарын ертіп апарып, анау шешендер шапқан отыннан тартып алыңдар!
Кешеден бері Махмұд пен Зокку тау бөктеріндегі қалың алма ағаштарға қарай жол салып, отын шауып жүрген. Байдалы шалдың алыңдар деп тұрғаны сол. Соны айтты да Байдалы шал жөніне кетті, аңырып тұрып қалған Әнипа апайымыз көзілдірігін алып сүртіп қайта киді де, сендер не дейсіңдер дегендей бізге қарады.
— Не істейміз, балалар? Бүйтіп бүрсектеп тоңып отырғанша, отын тартып аламыз ба?! — деген.
— Барамыз! Барамыз! — дедік суық класта отырғаннан гөрі далада жүргенді құп көрген біздер қуанғаннан жамырай дауыстап.
Бірер сағаттан кейін әжетке жарайды-ау деген балалар тегіс анау жолғы Әжібекпен тобылғы шабуға шыққанымыздай бір-бір жіпті белімізге буып Әнипа апайымыздың бастауымен тау бөктеріне қарай шұбыра бет алдық. Ол жолы беталысымыз қоңыр таудың күнгей беткейіндегі қалың тобылғы болса, бұл жолы сол таудың батыс жақ бүйір бөктеріндегі қалың алма ағашқа — кәдімгі, жазда өзіміз күнделікті өріп жүретін, жабайы алмаларға апаратын кәнігі бағытымызбен келеміз. Аязды дала мұнартып, сәскеге таяған күннің көзі төңірегі шелдене қызарып, кіртиіп тұр. Беті-қолды қарыған ызғар бүрсектетіп уысына сыға түскісі келеді. Аяққа жұқпайтын сіре қар шарық табанға шиқ-шиқ етсе, етік табанға сықыр-сықыр етіп, құп-құрғақ боп осы күйінен еш уақытта ерімейтін сияқты көрінеді. Кешеден бері бөктерге — алма ағаштарға қарай өгіздермен ерсілі-қарсылы жүріп отын тартып Махмұд пен Зокку сұқпа-сұқпа қалың қарда ойқы-шойқы жол салыпты. Өгіздердің сирақтарын сындырып алмай қалай жүргендерін кім білсін. Біз әлгі жолда біресе сұқпаға түсіп кетіп аяғымызды суыра алмай, біресе сүріне құлап әзер келеміз. Алып алма ағаштың тұсынан өткенбіз, сол анау кездегідей ұшар басындағы бұтақтарында қатып-семген қоңырқай алмалар ызғар өтінде көк аязданып, болар-болмас селкілдеп тұр екен. Бұл жолы әнеугүнгідей қызыққан ешкім болған жоқ, тіпті өздері үзіліп түсе қалса да, бүрсектеп тоңып келе жатқанда жей қоюға онша құштар емес едік.
— Киелі ағаш осы екен ғой?! — деген Әнипа апай. Біздер бір ауыздан: «Иә», — дестік. Басқа білімді адамдар сияқты Әнипа апайымыз да: «Жә, бұл ағаштың киелі түгі жоқ, оның бәрі ескі адамдардың қараңғылықтан шығарған бос әңгімелері», — деп айтатын шығар деп күткенбіз. Бірақ апайымыз ештеңе де деген жоқ. Балалардың бірі шыдай алмай кетіп, бұл алып алма ағаштың түбінде үңгір барын, сонда баяғыда аюлардың патшасы мекендегенін айтқан.
— Солай ма?! — Онда қызық екен, — деп Әнипа апай басын шайқап күлді де қойды.
Таудың күнгей етегінен батыс жақ бөктеріне қарай асып түсетін белеңге көтерілгенімізде, аңтарыла тоқтағанбыз, жазда арасынан мал өте алмайтын, сыңсып тұратын қалың алма ағаштардың жолға жақын төмен жақ жартысы тып-типыл боп орны сипалып қалыпты, тек әр жер — әр жерде еңіске қарай сұлай құлаған бес-алты ағаштың балта шапқан түптері ақпаңқаланып етегі түрілген қыздар құсап жатыр.
— Әй, анау аю алма еді ғой?!
— Анау тәтті сары алма емес пе?
— Киіз алманы да шауып тастапты, — десіп балалар ішігімізді тартып, дабырладық та қалдық.
Бұл жақсы ырым ба, әлде жаманшылық па — ол жағын білмейміз.
— Балалар, отын алыңдар! — деді алма ағаштарды бұтарлап жүрген Махмұд дауыстап.
Біз қия жолда тайғанақтап, бір-бірімізді сүйемелдеп, сүріне-қабына барып Махмұд бұтарлап берген алма ағашты әрқайсымыз шама-шарқымызға қарап, екі бұта, үш бұтадан беліміздегі жібімізбен бастарын біріктіріп, буып ала бастадық.
Әуелде көзімізге Зокку түспеген, әлден уақытта оның:
— Цо-оп!.. Цо-оп!.. Содалха, лалха...4 — деп тау жаңғырықтыра ақырған ащы даусы естілген. Енді ғана көрдік, қалың алма ағаштың тауды алқымдаған түкпір жағында бәйтерек құсап өскен жалғыз түп долана болушы еді, Зокку сол ағашты екі өгізбен бері қарай сүйретіп келеді екен. Арық өгіздер омырауларынан қарға батып мықшиып алға ұмтылады да, шамалары келмей кейін қарай тәлтіректейді, Зокку болса ақыра боқтап екеуін де сырғауылдай көк таяқпен белдерін қайыстыра соққының астына алып тұр. Өгіз байғұстар сіңірдей созылып жан дәрмен алға қарай тағы да ұмтылады, аяқтары шалынысып сәл де болса жылжи қозғалады. Сәл жүре түседі де дымдары таусылып, тәлтіректей тоқтайды. Жануарлардың әл-қуаттарының біткені едәуір жерде тұрған бізге де көрініп тұр. Бірақ оларды аяйтын Зокку жоқ.
— Вай Меск! Халхадаг ког бикх!...5 — деп ақырып кеп, гүрсілдетіп таяқтың астына алады.
Ақыры өгіздің бірі тәлтіректей ұмтыла беріп құлап түсті, күйіп-піскен Зокку оны боқтықтың астына алып, басқа-көзге періп-періп жіберген. Өгіз ұмтылғанмен, қайтып тұра алмады.
— Әй, өлтірдің ғой, обал емес пе!.. — деді Махмұд шыдай алмай дауыстап.
— Барзу баирг!.. — деді Зокку кіжініп. Онан соң құлаған өгіздің басын мойынтұрықтан шығарып тастады да, оның орнына екінші өгізге қатарласа өзі тұра қап:
— Содалха, лалха! — деп екінші егізге кіжіне ақырып жіберді де, мойынтұрықты алға қарай итере ұмтылды. Екінші өгіз күш алғандай жылжып жүре бастады.
— Цо-оп!.. Цо-оп!.. Халхадаг ког бикх! — деп, тістене кіжінеді Зокку, өзі де тоқтамай, егізді де тоқтатпай долана ағашты сүйретіп келеді. Едәуір жер жүріп кеп тоқтап, сәл тыныстап алды да: «Әуп!» деп қайта жүріп кетті. Сөйтіп, екі дем алып, долана ағашты біз тұрған кезеңге дейін сүйретіп әкелген.
— Әй, Зокку, сен тұрғанда осы өгіздерді қинап қайтеміз-ей, а! Отынды сенің өзіңмен-ақ тартпаймыз ба, а!.. Ха-ха-ха!..- деп, Махмұд тау-тасты басына көтере жаңғырықтырып көзінен жас аққанша күлді. Оның күлкісін қағып алған тау-тас «а-а-а» деп созып әкеткен. Біз де Зоккудың мына күшіне сүйсіне күлдік. Зокку сәл тыныстап алды да, әлгі жатып қалған өгізін әкелуге кетті. Өгіздің қасына барып шешенше бірдеңе деп ақыра сөйлеп, қазақша боқтанып, таяғымен жон арқасынан бір көсіп өтті де, қозғала қоймаған соң еңкейіп мүйізінен ұстап, ақыра дауыстап, өгіздің кеуде жағын жұлқи көтеріп алды жерден, бірақ бөксе жағы сүйретіліп қозғала қоймады. Сонда да Зокку оны тұрғызам деп біраз жер сүйрелеп келді де, ақыры өгіздің тұрмасына көзі жеткен соң сылқ еткізіп тастай салды, ызалана бір түкірді де кері қайтты.
— Біраз жатып дем алсын, өзі тұрады,— деген Махмұд.
— Содалха! — деді Зокку қолын бір сілтеп.
Махмұд оған шешенше бірдеңе-бірдеңе деп сөзінің арасында «колхоз, колхоз» деп қойып, қолымен анадай жердегі қорым тасты жағалай өскен бұта-қурайларды нұсқай тұрып зіркілдей сөйлеген. Зокку тағы да:
— Лалха! — деп күңк ете түсті.
Махмұд одан әрмен өршелене сөйлеп айқайлап берді. Қолындағы балтасымен Зоккуге тура ұмтылар ма екен деп қорқып қалдық біз. Зокку болса оған тіктеп қарсыласпай со шешенше күңкілдеген күйінде «содалха! лалха!» деп барып, Махмұд нұсқаған бұта-қурайларды күректей қолымен жапыра сындырып біраз жанап алды да, жатып қалған өгіздің алдына апарып тастады. Бірақ оған қозғала қойған өгіз болған жоқ. Со жатқан қалпынан тырп етпеді.
— Байдалыны ертіп әкеп көрсету керек. Арам өліп қалса көрсін, — деді Махмұд Зоккуге.
Бұдан әрі біз, балалар, буып алған отындарымызды сүйретіп келген ізімізбен кейін қайттық. Жас алма ағаш ауыр екен, иығымызды жаншып, қарымызды талдырып аздан кейін-ақ маңдайымыздан тер бұршақтап, ауылға сан дем алып әзер жеттік. Өзі де отын көтеріп қара терге түскен Әнипа апайымыз біздің титықтаған түрімізді керіп, бір сағаттай дем алып келуге үйге жіберді.
Түстен кейін отынға қайта барғанбыз. Сол екі арада Махмұд пен Зоккудің артынан қосымша төрт өгізбен тағы екі шешен барып, қиылған алма ағаштарды түгел тартып әкетіпті, ал бізге дегенді сүйреп жүруімізге оңай болсын дегендей, тегіс бұтарлап бір жерге үйіп қойған екен. Сірә, Байдалының бұйрығы солай болса керек.
Тау бөктері тып-типыл жылан жайлағандай бопты, құлазыған аңғал-саңғал иесіз жұрттың үстінен түскендей күйде турмыз. Әр алма ағаштың орнында тізеден шабылған сирақтар құсап сойдиған-сойдиған түбірлер қалған. Қалың қардың астынан әр жерде көсенің иегіне шыққан сақалдай боп итмұрын, бөргездердің селдіреген шоқ-шоқ бұталарының бастары қылтияды. Анадай жерде бағанағы тура алмай қалған орнында тарғыл өгіз қозғалыссыз жатыр, байғұс жануардың арам өлгені айтпай-ақ түсінікті еді. Үстіне жапырлай үймелеген қарға-құзғын бізден үркіп дүркіреп ұшқан болды, бірақ бір-біріне: «Тоқтаңдар, тоқтаңдар! Кетпеңдер, кетпеңдер!» — дегендей, тау-құзды бастарына көтере азан-қазан боп қарқылдасып шуласып, төңіректен кетер емес. Басқа көз тоқтатар ештеңе жоқ, тау-тас, төңірек өзіміздің талай аралап, шарлап жүрген жеріміз ыстық тартып таныс көрінгенімен, дәл мынау жалтырап жатқан қарлы қия бөтен бір жер сияқты әсер етіп тұр.
Мал бауыздарда шалдар: «Сенде жазық жоқ, бізде азық жоқ, біссімілдә» деп, қыл кеңірдектен пышақпен орып жіберетін, сонда бауыздалған малдың алдындағы кінәсы жуылып-шайылғандай болатын, сол сияқты біз де қазір, өзіміз шаппасақ та, бізге деп отынға бөлінген алма ағаштарды «сендерде жазық жоқ, ал бізде отын жоқ» дегендей, үш бұта, төрт бұтадан әрқайсымыз шама-шарқымызға қарай бөлісіп, ауылға сүйреп қайтуға ыңғайлай бастадық.
— Әй, ана шалды қараңдар! — деді осы кезде балалардың бірі. Нұсқаған жағына жалт-жалт бұрылғанбыз, әлгінде өзіміз сүрініп-қабынып әзер жүрген ойқы-шойқы жолмен қолында таяғы бар, қалт-құлт басып, тоқсандағы Қуатбек шал келеді екен. Ауылдағы жасы ең үлкен сыйлы ақсақал тоқсанға келсе де бойын тік ұстайтын, қалың қабағы түксиіп, түсі суық болатын: Біз:
— Ассалаумалейкүм!
— Ассалаумалейкүм! — деп жарыса сәлем бердік, бірақ ол кісі біздің сәлемімізді естімеген адамдай қасымызға үн-түнсіз таяп кеп, әуелі жалаңаш қалған бөктерге сығырая көз тігіп біраз тұрды, одан біздің не істеп жатқанымызды білгісі келгендей таяғына сүйенген күйде бөлісіп-бөлісіп алған бұталарымызға шұқшия қарап:
— Мұны кім шауып берді? — деп сұрады.
— Шешендер, — дедік біз Махмұд пен Зоккуды айтып.
— Шекендер ме?! Ә-ә, — деді шал даусын соза басын изей тұрып. Шалдың шешен деуге тілі келмейтін де «шекен» дейтін.
— Шешендерге бұйрық болса болды ғой... Апырмай, бір бұта қалдырмапты-ау!.
— Иә, бір бұта қалдырмады, — дедік біздер іле қостап.
Шал сығырая тұрып төңіректі тағы да шола қарап шықты да, біздерге оқыс бұрылып:
— Ал енді жазда алманы қайдан жейсіңдер? — деген. Даусында сұрақпен қатар кінәлау, сөгу бар еді. Біздер не дерімізді білмей бір-бірімізге қарадық. Шынында да, жазда алманы қайдан жейтініміз ешқайсысымыздың ойымызға да келмепті-ау.
Шал мұнан әрі әр адымын абайлап басып тарғыл өгізге қарай жүрді. Ол жақындаған сайын, өлексе үстін төңіректеп ұзап кете алмай үйіріліп ұшып жүрген қарға-құзғындар естері шыға шаң-шұң боп мүлде шуылдасып кетті, тіпті кеп біреуі қалт-құлт еткен шалды қағып өткісі келгендей, далы-дұлы ұшып кеп жанап өтеді. Шал өгіздің қасына барып, оның өліп қалғанына көзі анық жеткен соң, енді аяғын санап басып жоғары өрледі, енді шабылған алма ағаштардың сойдиған түбірлеріне барып әрқайсысына еңкейіп, үңіле түсіп, сипалап ұстап көріп, төрт-бесеуін қарап шықты да, белін жаза тұрып:
— Әй, балалар, бері келіңдер! — деді бізге.
— Барыңдар! — деді шал келгеннен оған үнсіз қарап тұрған Әнипа апайымыз.
Біз қасына таяған кезде, шал таяғымен бөктерден әргі асып түскендегі екі шоқының қуыстана қосылған тұсын нұсқап:
— Қазір анау арадағы Тасбұлақтан барып, түбі қата қоймаған шығар, саз балшық әкеліңдер де мына түбірлерді сылап қойыңдар, — деді.
Он шақты бала қос шоқының қуыстана қосылған тұсындағы өзіміз жақсы білетін, жазда мынау бөктерге алмаға келгенде күнделікті басына барып рақаттана отырып су ішетін Тасбұлаққа қарай тартып кеттік. Бұлаққа асып түсетін қабаққа көшкін тұрған екен, тепкілеп ойып, алма ағаштан сындырып алған таяқпен қазғыштап баспалдақ жасап, бұлақтың басына жеткенбіз, сірескен қалың қардың ортасында буы бұрқырап жатыр екен. Мұз болып қату деген мүлде ойына келер емес, бұрқ-бұрқ қайнап қос шоқының бірге біткен кіндігі сияқты көрінеді. Жазда ішкеніңде суы шекеңді жарардай тастай суық болушы еді, шөлдемесек те қазір де бұлақтың ойпаңдау тұсынан кезек-кезек жата қап еңкейіп ұрттап су ішкенбіз, жоқ, жаздағы суықтығы білінбейді, қайта жылы сияқты, сарайыңды ашатын кәусар еді, тамсанып-тамсанып қойып іштік. Жоғарыдан тұрып қарағанда кішкентай ғана бұлаққа бүкіл көк аспан төңкеріліп түскендей көкпеңбек түпсіз тұңғиық боп көрінсе, еңкейіп су ішкеніңде бұрқылдап қайнап су шығып жатқан тас көмей жаны бардай бүлк-бүлк етеді екен. Толассыз қайнау, толассыз бүлкіл. Қыстың күні айдаладағы тау қуысындағы кішкентай Тасбұлақтың мынау тірлігі еріксіз таңдандыратын ғажап еді.
Бұлақтың көзінен сәл төмендеу шымдауыт саз да қатпапты, әлгіден әрқайсымыз кесек-кесек балшық қопарып алып кері қайттық. Сол балшықпен Қуатбек шал айтқандай етіп, сойдиған сирақ түбірлерді сылауға кіріскенбіз. Осы кезде ауыл жақтан атын борбайлай қамшылап Тұржан жетті. Әуелі ол біздерді көзіне де ілместен, арнайы келген шаруасы сол болу керек, бірден тұп-тура өлген өгізге қарай бұрылған. Бағанағыдан кейін басылғандай болған қарға-құзғындар тары шуылдаса бастады. Бірімен-бірі қайшы алысып, жалт-жұлт етіп кеп, Тұржанға тап-тап берердей боп жанай ұшады.
— Өй, мыналар қайтеді-ей?! — деп, ақыра дауыстаған Тұржан қапелімде қағып түсіргісі келгендей қамшы сілтеген. Қарға-құзғын онан әрмен шулап кетті, кейбіреулері бүріп түсердей боп шаншылады. Қызық көргені ме, әлде бас айналдырғандай азан-қазан шудан сасқаны ма, Тұржан сол оңды-солды қамшысын сілтелеген күйде:
— Мыналар қайтеді, ей?! А-а-а...м— деп аузын аша күлген. Тау-тас әлгі күлкіні қағып ап ондаған дауысқа салып: «А-а-а-а»... жаңғырыға жөнелген. Өз даусының жаңғырығына өзі таңданғандай Тұржан қайталай күлген, тау-тас та ондаған дауысқа салып қайталап берді. Өлген өгіздің қасына барып, ат үстінде тұрған күйде қамшысымен екі-үш рет салып-салып жіберді де:
— Өй, мынау шынымен өліп қапты ғой, а-а-а-а... — деп өгіздің өлгеніне анық көзі жеткен соң, тағы мәз бола күлді.
Тек сонан кейін ғана біздің әрекеттерімізге таңырқай қарап:
— Әй, не істеп жүрсіңдер?! — деп дауыстай сұрады да, түбірлерді саз балшықпен сылап жүргендерімізді көріп: — Әй, мыналарың не-ей?! А-а-а-а...- деп бұрынғы күлкісі күлкі ме, шын күлкіге енді батты. Басы балшықпен сыланған әр түбірге қолын шошайтып қойып, ішін баса тұрып көзінен жас аққанша күлсін кеп, атының үстінен құлап қала жаздайды.
— Мүгедек сорлыларды шүберекпен байламайсыңдар ма-ей, а! А-а-а-а...— дейді мәз болып. Ұрадай аузын үңірейте ашып шалқалай тұрып күлгенде, бүкіл тау-тас күлкіге толып кеткендей болады.
— А-а-а-а... А-а-а-а...
Әуелде оның күлкісіне мән бермегендей боп тұрсақ та, сәлден кейін біртүрлі тітірене бастадық. Тау-тасты жаңғырықтырған ессіз күлкі көңілге үрей туғызып, қорқыныш, күдік ұялатайын деді.
Тұржан осылайша өзімен-өзі біраз тұрып, күліп-күліп алған соң, атын борбайлата бір тартты да, жүріп кетті. Біз сойдиған түбірлердің балта кескен жерлерін біршама сылап қойдық.
— Әй, мына нәлеттің есі дұрыс емес шығар, — деді Қуатбек шал оның соңынан сығырая қарай тұрып.
— Әзірге осы жарай тұрар, күн жылыған кезде кеп дұрыстап сылап қойыңдар, сонда мына түбірлер өлмейді, алма ағаштар қайтадан өсіп кетеді әлі, — деді шал, онан соң Әнипа апайымызға қарап: — Қарағым, өзің бір есің бар бала көрінесің, мына шәкірттеріңе бас-көз бол, Алмалының алмасы құрып кетпесін, — деді.
— Мақұл, ата.
Тек осыдан кейін ғана Қуатбек шал бастап, отындарымызды арқалай сүйретіп ауылға қарай қайтқанбыз. Алып алма ағаштың тұсынан өткенімізде, Қуатбек шал бұрылып барып таяғымен оны әр жерінен бір тоқылдатып ұрып көрді де басын шайқады.
— Мұның да ортасы шіріп тұр екен ғой, — деді өзіне-өзі сөйлегендей күңкілдеп, онан соң үйіріле тоқтап тұрған біздерге: — Егер жазға дейін сынып қалмаса, мынаның түбіндегі үңгірді көміп, сыртының зақымданған жерлерін балшықпен сылап қойыңдар, ең болмаса біраз жылға дейін осының алмасын жеп жүрерсіңдер, — деді. Біз мақұл десіп, бас изедік.— деді, Ысқақ шал іштегі әңгіменің мәнін сыбырлай түсіндіріп. Сөйткенше болған жоқ, іштен:
— Әй, колхоз бастықтың тілін алмайтын сен кімсің-ей, а?! Осы ит сілікпеңді шығарайын ба?! — деген Тұржанның даусы қосарлана естілген.
— Тұржан да осында ма еді? — деп сұрадым мен таңырқап.
— Осында. Ойбай-ау, ол біздің колхозға біржола ауысып келді ғой, — деді Ысқақ шал даусын көтере сөйлеп. — Менің орныма атқарушы сол болады енді.
— Ал сіз ше?
— Е, мені қойшы, колхозда жұмыс көп қой.
— Жазасың ба?! — деп ақырған Байдалы шал.
— Жазбаймын, — дейді Санат тістенген үнмен.
— Жазасың! Мен саған жаздырам иттің күшігі.
— Жазасың. Біз саған жаздырамыз! — деп қораланды Тұржан.
Мұнан әрі бөстекті ұрғандай қамшының сарт-сарт еткені естілді.
— А-а!.. — деп баж ете түсті Санат.
Көз алдыма Байдалы шалдың тобылғы сапты дырау қамшысы келеді.
— Жазасың ба? — дейді Байдалы шал.
— Өлтірсеңіз де жазбаймын, — дейді Санат.
— Қаршадай боп қасаруын.
— Мә, ендеше!.. — дейді Тұржан кіжініп, тағы да қамшының ысқыра сарт еткені естілді.
— А-а!.. — деп шыңғырып жіберді Санат.
— Мен сендей күшікті бүйтіп өлтіре салам!.. — дейді онан әрмен ызалана кіжінген Тұржан.
— А-а!..— деп Санат тағы шыңғырды.
— Жә, болды. Қоя берші әрі! — деді осы кезде Байдалы шал.
Есік сарт етіп ашылған, құлағын тосып тұрған Ысқақ шал жалп етіп, ұшып түсе жаздап тәлтіректеп әзер қалды. Іштен түтіге долданған Байдалы шал:
— Әй, Ысқақ, мына күшікті әкетші! — деді ақырып. Есіктің тасасына тығыла қалған мені байқаған жоқ. — Иттің күшігі, жазбасаң жазба, тек бірақ осыдан аузыңнан бір ауыз сөз шығатын болса, менен жақсылық күтпе. Анау көксау шал әкеңнен бастап, тұқым-тұяғыңмен тегіс құртам. Бар кет! — деді қатты ескертіп.
— Тек аузынан шығып көрсін! — деді Тұржан да ескертіп.
Ысқақ шал ішкі бөлмеден мұрнынан қан дірдектеген Санатты алып шығып, маған «бол, тез әкет» дегендей ымдаған. Мен Санатты қолынан ұстап сыртқа шығарып, біраз жер кеңседен ұзағанымызша дедектетіп жетелеп жөнелдім. Жақын маңдағы үйдің тасасына жеткен соң ғана аялдап, әуелі қар басып мұрнының қанын тоқтаттық, онан соң омырауын тазалап, үсті-басын жөндестірдім. Өксігін баса алмай солықтап тұрған Санат кейінге, кеңсе жаққа қайырыла қарап:
— Бәрібір жазбадым ғой, — деді тістене күліп. — Әй, әнеу Тұржан деген тіпті жынды екен. Байдалы шал ымдаса-ақ болды, өлтіруге дайын.— Сол желкемнен қойып қап, бетімді үстелге тоқ еткізген, мұрным содан қанады. — Онан соң маған бұрылды да:
— Атам естісе, жүрегі ауырады ғой, ешкімге айтпай-ақ қой! Сүрініп жығылдым дей салармын, — деді қиыла өтініп.
— Мақұл, ешкімге де айтпаймын, — дедім мен уәде беріп.
Сөйтіп, еш жанға қысасы жоқ, қиянатсыз деп жүрген Байдалы шал қолына билік тиген соң, қатын-қалашты қойып, бесіктен беліміз енді ғана шыққан бізді де өзінің былғаныш ісіне араластырып, көнбесек басымызға әңгір таяқ ойната бастаған еді. Ал оның аталас туысы Тұржан маңдайымызға біткен сор болды.
Екі-үш күн өткен соң, Бектай есепші мен Нүсіп шалдың қызы Шынарға ФЗО-ға шақыртқан қағаз келген. Бектай келесі күні-ақ ел-жұртпен қоштасып жүріп кетті. Кетерінде маған кеп оңашалап шақырып алды да:
— Қанат, саған салар бір қолқам бар, — деді маған тесіле қарай тұрып. — Біздің ауылдың поштасын өзің білесің ғой, қыздарға келген хатты әркім бір ашып оқып, қолына тигізбейтінін. Сондықтан мен Қаншайымға жазған хаттарымды, қарсы болмасаң, сенің атыңа салып тұрайыншы.
— Мақұл, —дедім мен.
— Сенің қарсы болмайтыныңды өзім де біліп едім. Рақмет, — деп Бектай құшақтап арқамнан қақты. — Кебенек киіп кетіп барам ғой, күндердің күнінде бір қайтармын. Сенің бір әжетіңе мен де жарармын, әлі.
Ал Нүсіп шалдың қызы Шынар сол шақыру келген күні ақсақ Көбегенге тұрмысқа шығып, кешкісін үйлену тойын жасады. Ертеңіне Көбеген екеуі ауданға кетіп, екі күндей сонда жүріп, соғыс мүгедегінің әйелі болған соң, ФЗО-ға бармайтын боп босап қайтты.
* * *
Атқарушылығын сол әнеугүні кеңседе Санатты ұрудан бастаған Тұржан, соның ертеңіне Байдалы шалдың үйінің малдарын уақытында суғара қоймадың деп, Фрицыны көк ала қойдай қып сабапты, бірер күннен соң шөпке барып қайтқан Манар шарығынан су өтіп түс кезінде үйіне келе жатқанда, жұмыстан қаштың деп соңынан қуып кеп, ауылдың қақ ортасында көшеде аттың бауырына алып тұрып, пәре-пәресін шығарыпты.
Сөйтіп, аз күннің ішінде-ақ Тұржан бүкіл ауылдың зәре-құтын ұшырып аяғынан тік тұрғызды. Көзі құтырған иттің көзіндей қанталап, ұрадай үңірейген аузынан боқтықтың неше түрі қардай борап, ақыра қуып берген кезде, қатын-қалаш, бала-шаға кірерге жер таппай безіп кететін болды. Ендігі жерде Тұржанның даусы естілгенде, үрей қалмайтын. Не үлкен деп, не кіші деп қарамайтын, жолында тұрсаң қамшысын бір көсіп өтетін, «Жазығым пе?» — дегендерге ол қарқылдап күле тұрып: «Жолымда тұрма!» — дейтін. Қалжыңы да, шыны да осы еді. Ауылдағы бүкіл ит екеш иттерге дейін Тұржанды біліп алған. Ол көшенің бір басынан шауып шығып екінші басына жеткенше тұс-тұстан шабалай қосылған иттер жау шапқандай шулап кететін. Тұржан болса одан әрмен еліріп, қамшысын оңды-солды құлаштай сілтеп, екі жағына алақ-жұлақ қарап, ұрадай аузын үңірейте ашқан кезде: «А-а-а-а..лап», қарқылдай күліп бара жатқанын аңғаруға болатын. Сол күлкісі иттерді мүлде құтыртып жіберуші еді. «Е-е, дүние, шабарманын тауып, заман Байдалынікі болды ғой», десті үлкендер. Енді Байдалы шал бұрынғыдай көшеде шапқылауын қойған, ешкімге қамшы да үйірмейді, торы жорғасын бүлкілдетіп қойып ұнатпағанына көзінің астымен ғана қарап өтіп кетеді, артынша-ақ сол жерге Тұржан келіп, әлгінде Байдалы шалға ұнамағанның быт-шытын шығарады. Шынында да, Байдалының өзі бастық болғанынан да, Тұржан сияқты атқарушы тауып алғаны керемет әсер еткен еді елге. Және атқарушы болғанда қандай, шаш ал десе бас алатын, жамандық істеуде алдына жан салмайтын, құдай алдында да, адам алдында да айылын жимайтын нағыз есірік нақұрыс еді. Өзі өлмейтін жерін және білетін. Кімге тиіссе де колхоз үшін, колхоздың жұмысы үшін күйіп-пісіп, колхоз құрылысының біздің ауылдағы жалғыз жанашырындай болып алды.
— Колхоз үшін, колхоз жолында мен ешкімді де аямаймын, — дейді еліре кіжініп. — Егер колхоздың суыртпақ жібін алған адамды көрсем, оңдырады екен демеңдер!
Және сол айтқанында тұрып, «колхоздан астық ұрлаған», «колхоздың шөбін ұрлап жүр», «колхоз жұмысынан бас тартты» деп сылтауратып, талайды зар қақтырып қамшының астына ала бастады. Мен өзім оның бір есерлігінің — Күлғайша деген жесір әйелді сабағанының куәсі болдым.
Ертеңгісін мектепке бара жатқам. Күн бұлыңғыр, ызғарлы еді. Санаттардың үйінің тұсында көшеде Оттоның шешесі Кәрелен мен әлгі Күлғайша екеуі сөйлесіп тұр екен. Күлғайша — күйеуінен өткен жылы қара қағаз келген, алды сегізге енді жеткен үпір-шүпір ұш баласы бар жесір әйел еді. Сонау қыс ортасында Нұрсұлудың баласы Серікті жалмаудан бастаған жұпар ауруы содан бері үйден үйге ауысып, жас балаларды баудай түсіріп келе жатқан, соңғы кезде осы Күлғайшаның үйін де шырқ айналдырып, балалары бірінен кейін бірі ауырып, мазасы болмай жүр екен деп еститінбіз. Міне, осы Күлғайша мен Кәреленнің тұсынан өтіп бара жатып, Оттоның кеше сабаққа келмей қалғаны есіме түсті де, мамасынан не болғанын сұрай кетейінші деген оймен әлгі кісілерге қарай бұрылғам. Кәрелен Санаттардың үйінен тамызық от алып шыққан беті болса керек, қолында ұзын сапты қалаққа салып алған, түтіндеп бықсыған жарты кесек тезегі бар, көзінің асты көлдіреп, арықтықтан бозаң өңі арса-арса боп, сүйекті ірі денесі иінағаш құсап ілмиіп тұр. Қолы жақсы тоқу білетіндіктен, үстіндегі киімдерінің бәрін жүннен өзі тоқып киген кішкентай Күлғайша оның кіндігінен ғана келіп тұр. Ертеңгі ызғарда екеуі де бүрсек-бүрсек етеді.
— Кизин қалай? — деп сұрайды Кәрелен.
— Ой, қиын боп тұр, Кәрелен. Түні бойы күйіп-жанып көз ілген жоқ, — дейді көзі қызарған Күлғайша. — Анау сиыршының үйінен сүт сұрап әкеле жатырмын. Ыстық сүт берсем тәуір бола ма деймін де,— деді қолындағы кіреңкені көрсетіп. Бұл кіреңкені мен де айтпай танимын, кәдімгі Петьканың үйінің жалғыз кіреңкесі, біздің қоңыр сиыр бұзаулаған кезде, Петьканың шешесі Бөлке апай осы кіреңкемен кеп біздің үйден ылғи сүт алып тұратын. Петька ылғи мақтанатын, кіреңкеге құйған сүт еш уақытта ірімейді, сап-салқын боп тұрады деп. Солай болса солай шығар. Ауылда басқа үйде мұндай кіреңке жоқ. Жалпы соғыс жылдары бүкіл ауылда бүтін бір ыдыс болған емес, темір ыдыстардың түбі тесік, оларға түйіншектеп шүберек өткізіп қоятын, ал шыны ыдыстар шетінен құрсауланған қырық жамау боп келетін, сондықтан Петьканың үйінің жалғыз кіреңкесін көрші-көлеңдері аса бір зәру шақта сүт құюға ғана сұрап алатын, міне, Күлғайшаның қолындағы сол кіреңке еді.
— Сүт жақсы. Жақсы, — дейді Кәрелен басын изей мақұлдап. Онан соң өзі білетін қазақша сөздерді есіне түсіре тұрып: — Үй суық болмайды...- дейді басын шайқап. —От... көп от...
— Үйіміз салқындау, — дейді Күлғайша күрсіне сөйлеп.- Сабаннан басқа отынымыз жоқ. Жазда жұмыстан қол тимей тезек те жинай алмадым...
— Мен саған тезек береді. Кел,— деген Кәрелен.
— Келем, қазір келем, — деді Күлғайша.
Осы кезде қайдан тап болғаны белгісіз, бір топ иттерді шуылдатып соңына ертіп Санаттардың үйінің тасасынан Тұржан шыға келген, көшеде тұрған әйелдерді көре сап:
— Ой әкеңнің!.. Мына жақта колхоздың малы қырылып жатқанда, бұлардың таң атпай сенделіп жүрістерін! — деп ақыра ұмтылды.
«Ойбай, мына жынды сүрей кеп қалды» — деп, Күлғайша өз үйіне қарай, «Хо, Готт... Готт!» — деп, Кәрелен өз үйіне қарай жүгірген.
— О тотыңмен қоса әкеңнің! — деп Тұржан әуелі Кәреленді бір салып өтті де, онан соң Күлғайшаның соңынан бастырмалата тап берді. — Не ұрлап әкеле жатырсың? Алдыңдағыңның ішінде не бар? Кәне, жаныңның барында көрсет?
Күлғайша тоқтай қоймаған соң, қуып жетіп қамшымен салып-салып жіберген. Бүрсектей қашқан Күлғайша өзі бір жаққа, қолындағы кіреңкесі екінші жаққа ұшып кетіп күл-парша болған.
— О, әкеңнің... иттің қатыны! Колхоздың сүтін ұрлап келе жатыр екен ғой. Бәсе! Әлгінде сиыр қора жақты жағалап жүр еді. Мен саған колхоздың сүтін ұрлағанды көрсетейін! — деп, Тұржан қолымен бетін, басын қорғалап, ойбайлап жатқан Күлғайшаны қамшының астына алып кеп берді.
Айқай-шуға төңіректегі үйлерден қатын-қалаш, бала-шаға жүгіре-жүгіре шыққан, араларында еркек атаулыдан жалғыз Қыдырман ғана.
— Ойбай, өлтірдің ғой, сорлыны! — деп әйелдер шуылдаса кеп ара түскен. Қыдырман да:
— Қойсаңшы! Әй, қойсаңшы! — деп ұмтыла жеткен.
Дәл осыны күткендей Тұржан Күлғайшаны тастай бере, атын еміне тебініп қап, «құдай берді ме, сені» дегендей, Қыдырманға қарай жалт бұрылды, қуанып кеткені сонша, аузын арандай ашып: «А-а-а-а-а» — деп сақ-сақ күлді. Атын ойқастата шауып кеп қамшысын бар күшімен құлаштай сермеп Қыдырманды салып өткен, соққының қатты тигені сонша, Қыдырман жалп етіп ұшып түсті, енді Тұржан атының басын кейін бұрып, екінші жақтан ойқастата кеп Қыдырманды жатқан жерінде тағы бір көсіп өтті, бұл жолы қамшы Қыдырманның қоңыр тонын дәл жауырынан пышақпен тілгендей қақ айырды. Тұржан үшінші қайырылып келе жатқанда, Қыдырман жан дәрмен ұшып тұрып, екі қолымен басын, бетін қорғалай берді. Тұржанның қамшысы тағы да жауырынынан сарт етіп кеп, ұшы қолтығының астын ала оралған кезде, Қыдырманның да қолы іліккен еді. Енді бұл да бар күшімен қамшыдан жұлқа тартып қалған, қапелімде Тұржан аттан ауып түсе жаздады, бірақ тез түзеліп, атының басын шұғыл бұрып, Қыдырманды омыраулата қағып өтпек болған. Қыдырман шетке қарай жалт бұрылып шығып кетті, бірақ қамшыдан айырылған жоқ, ұшын қолына орап үлгерді, шірене тұрып тағы да тартқан, бұл жолы Тұржанның қолы артына қарай қайырылып, дәрте құсап созылып барып, ақыры бүлдіргесі үзіліп қамшысы қолынан шығып кетті. Қамшы қолына тиген Қыдырман тойтық жаздады ғой. Ал бұл ат — колхоздың аты, яғни өкіметтің меншігіндегі ат, — деді Тұржан.
— Қыдырман қамшыны сізге қарай сілтегені болмаса, сізге де, атқа да тигізген жоқ болатын, — дедім мен ағымнан жарылып.
— Сен байқамағансың ғой, аттың басынан екі-үш рет ұрып-ұрып жіберген, мына қамшы көзіне сонда тиді, — деді Тұржан мені сендіргісі келгендей төндіре сөйлеп. Онан соң есіне түскендей: — Әй, осы сендердің жеке меншік шөптеріңді сол Қыдырман колхоздың шөбіне қосып жіберген көрінеді ғай, — деген.
— Иә, жарты шана шөбіміз колхоздың шөбіне қосылып кетті, — дедім мен.
— Е, оны мына маған айтпайсың ба. Өзім ертең-ақ үйлеріңе түсіріп берем. Тағы жартысы бар ма еді шөбіңнің?
— Иә, Қоғалы бұлақта әлі жарты шанадай шөбіміз қалған.
— Ол шөбіңді де түсіртіп берем.
Мен қуанып кеттім. Осы уақытқа дейін соншама, жексұрын көрінген Тұржан дәл қазір маған аса бір қайырымды, қамқоршыл адам боп көрінді.
— Тезірек түсіртіп берсеңіз жақсы болар еді, аға, әйтпесе шөбіміз бітіп қалды, — дегем мен.
— Сөз боп па, ертең-ақ түсіртіп берем. Тек менің де саған салар қолқам бар, — деді ол маған жылтылдаған кішірек көздері шаншыла қарап.— Бүгін ертеңгісін анау күлиган Қыдырманның менің қамшымды тартып алып, өзімді, мына колхоздың атын басынан ұрды деп жазып берсең болды.
— Ол ұрған жоқ қой, сіз оны жақындатпадыңыз ғой.
— Ал сен ұрды деп жаз. Колхоздың атының көзін ағызып түсіре жаздады де.
— Ой, ағай, өйтіп өтірік жала жаба алмаймын ғой, — дедім мен.
— Әй, мен саған шөптеріңді түсіртіп берем деп тұрмын ғой.
— Бәрібір мен өтірік жаза алмаймын.
— Әй! — деді Тұржан кенет ақырып қап. — Мен айтып тұрмын ғой саған жаз деп. Солай жаз!
— Мен ешқандай да жаза алмаймын.
— Егер жазбасаң көресіңді көрсетем мен саған.
Мен үндемедім, тістенген күйде теріс қарап кеттім. Ту сыртымнан сарт ете қалған қамшыдан ұшып түсе жаздап барып жүрелеп отыра бердім, оң жақ шекем тыз етіп, көзімнің оты жарқ ете түскен. Тағы да ұратын шығар деп бұғып қорғаншақтай бергем, бірақ қамшы қайтып тиген жоқ. Біраз тұрған соң, неғып тым-тырыс бола қалды деп басымды көтергем, Тұржан кейін кеңсеге қарай шауып кетіп барады екен. Сөйтіп, бір қамшымен құтылғаныма қуанып, мен өз жөніме кеттім. Тек ендігі жерде Тұржан тұрғанда, шебімізді түсіріп ала алмаспыз деген ой қайта-қайта келе береді. «Қыдырман бар ғой, бірдеңе ғып сол жеткізіп берер», — деген жалғыз ғана көмескі үміт көңілге жұбаныш еді. Екі-үш күннен кейін сорымызға қарай сол көңілге жұбаныш болған жалғыз үмітімізден де айырылуға тура келді.
Мектепте үлкен үзіліске шыққан кезіміз болатын. Қыдырман тойтықтың үйінің төңірегінде қаптап жүрген адамға көзіміз түсті. Мұндайда бала қалушы ма еді, екі өкпемізді қолымызға алып, шуылдаса жүгіріп біз де жеттік. Келсек, біз танитыннан шолақ қол өкіл Әлтаев жолдас және колхоз бастық Байдалы шал, бригадир Зибаш бар, басқалары ылғи бір түстері суық бөтен адамдар, орталарында екі милиция Қыдырманның үйіне тінту жасап жүр екен. Есіктерінің бәрі аңғал-саңғал ашылған, үй ішіндегі азын-аулақ дүние: көрпе-жастық қалай болса солай шашылған, аурулы шешесі мен іні-қарындастары жалаң аяқ, жалаң бас дірдек-дірдек етісіп біресе сыртқа шығып, біресе ішке кіріп шуылдаса жылап жүр де, Қыдырман тойтықтың өзі өңінен қаны қашып, қу шүберектей боп бозарып үй мен қораның ортасында тұр.
Тінту жасап жүргендер бүгін МТС-тан келген комиссия екен. Кірген бетте-ақ сиыр қорадағы ақырдың ішінен шөптің астына тыққан екі пұттай бидайды тауып алыпты. Колхоздың тұқымға деген астығынан ұрланған екен. Қыдырман тойтық тістене дірілдеп:
— Жоқ, мен мұны көрген де, алған да жоқпын, білмеймін, — деп азар да безер боп тұр.
— Мынау тесік қаптан түскен бидай астық қоймасынан осы үйге дейін шашылып келген ғой. Міне, ізі де жатыр, — дейді шақылдай сөйлейтін бітік көз қара жігіт. Киіміне, жүріс-тұрысына, сөз әлпетіне қарағанда бәрінің басшысы сияқты.
— Мынау менің ізім емес, менің аяғым, міне, мынадай және біздің үйде мұндай қап жоқ, — дейді Қыдырман тойтық.
— Қарағым, мұндай қап бізде болған емес. Бұл кім де болса ауылдағы біреудің бізге жамандық жасау үшін істеп отырған қиянаты, — дейді Қыдырманның шешесі де көз жасын көл-көсір төгіп, еңірей тұрып.
— Ол жағын әлі тексереміз, — деді қара жігіт, онан соң әр жерді бір шұқылап тінту жасап жүрген милицияларға: — Әй, анау төбедегі шөптің арасын, мынау күлдің астын қараңдар! — деп бұйырды.
Екі милиция қолдарына аша, күрек алып дереу қораның үстіне шығып, ондағы шөптің астан-кестенін шығарып ақтарыстырып тастады, одан осы үйдің ала қыстай күресінге төккен күл-қоқысын бұрқылдатып аударыстырды, сәл күдік туғызады-ау деген жерлердің бәріне бойлата істік темір сұққыланып, үй маңайында қопарыла қазылмаған төмпешік қалмады, бірақ әлгі ақырдан шыққан екі пұт астықтан басқа ештеңе табылмады. Бітік көз қара сұп-сұр боп қанын ішіне тартып соның бәріне сүзіле қарап, темекісін сорып қойып бақылап тұрды. Шын мықты бастық болса керек, тіпті шолақ қол өкілге дейін оның алдында бәйек қағып именшектеп тіке беттей алмай, анадайдан қас-қабағын аңдап, өзара күңкілдесіп қана сөйлеседі.
Тінту бітіп, келгендер қайтуға ыңғайланған. Байдалы шал әлгі бітік көз қараға таяп кеп, үйіне шайға шақырды.
— МТС-қа дейін талай жер. Дайын шай екен, іше кетелік, — деді шолақ қол өкіл де.
— Жарайды, дайын болса ішейік, — деді бітік көз қара зорға көнгендей боп, одан бағанадан тінту жасап тыным таппай қара терге түскен екі милицияға: — Әй, сен екеуің мынаны әкете беріңдер, — деді иегімен Қыдырман тойтықты нұсқап. — Мен соңдарыңнан қуып жетем.
Сөйтіп, өзі екі милициядан өзге комиссия мүшелерін ертіп Байдалының үйіне қарай бет алды. Ал екі милиция қос торы ат жегілген шаналарының арт жағына қолын артына қайырып байлап Қыдырманды отырғызып алып, МТС-қа баратын жолға түсіп жүріп кеткен. Қыдырманның шешесі мен іні-қарындастары кісісі өлген үйдей боп ұлардай шулап, шуылдаса жылап қала берді. Дәл осы кезде ғана байқадық, тінту басталғаннан анадай шетте ат үстінде бір жамбастай қисайып бар оқиғаға сырттай қарап тұрған Тұржан атын тебініп қап, шананың соңынан таяп барды да, Қыдырманды қамшысымен тартып жіберердей боп төне түсіп:
— Өзіңе де осы керек, күлиган, а-а-а-а... — деп рақаттана күліп алды да, кілт кейін бұрылып шаба жөнелді. Қуанышында шек жоқ еді. Төңіректегі бес-алты үйдің иті осыны күтіп тұрғандай-ақ оның соңынан шуылдаса шаптығысып қуып берген. Оларға басқа иттер қосылып, лездің ішінде ауыл арасы уылған-шуылған ит базары болды да кетті.
Бұл сұмдық еді. Кеше ғана жайраңдап жүрген, ешкімге залалы жоқ, қолынан келсе тек жақсылық жасағысы кеп тұратын Қыдырман тойтықтың аяқ асты ұры атанып, айдалып кетуі еш көңілге қонбайтындай. Мен сабақ үстінде отырып не оқып, не қойғанымды білген жоқпын, ойымнан Қыдырман тойтық кетер емес.
Ауыл арасында Қыдырман біреудің жаласымен нақақ күйіп отыр деген сыбыс тарады. Өйткені Қыдырманның шешесі көшеге шығып, қолына дәм-тұз ұстап тұрып, баласының ешқандай бидай ұрламағанына қарғанып-сіленіп ант-су ішіпті.
— Балама жала жабылып отыр, еш жазығы жоқ еді... — деп еңірегенде етегі толыпты.
Үлкендердің сөзінен тағы бір аңғарғанымыз, Қыдырманның ұсталуына шолақ қол өкілдің де қатысы бар сияқты, ол тойтықтан Зибашты қызғанатын көрінеді. Бұрын Нұғыман бастық боп тұрған кезде, Зибаш турады пәлен деуге батпаған өкіл, оған тек сырттай телміре қарап айналшақтап көзін сатқаннан әріге бара алмай діңкелеп жүрсе, енді Байдалы шалды өз қолынан бастық сайлаған соң, айтқанын екі еткізбей орындатып Зибашты дереу бригадир қойғызды, сөйтіп, келіншектің көңілін алып, өз дегеніне жетті десті. Елдің аузына кім қақпақ болады, біраз күннен кейін: «Қыдырманға қиянат Тұржанның қолымен жасалыпты» деген сөз де шықты, астық қоймасынан бидайды тесік қапқа сап көтеріп апарып Қыдырманның қорасындағы ақырға тыққан сол екен. Тұржанды қаршадайынан білетін кейбір үлкендер: «Ол жүзіқараның сырты қандай қара болса, іші де сондай қара еді, одан бәрін де күтуге болады», — десті.
Зибаш болса жорғасы Байдалының торы жорғасынан кем емес, бұрын Нұғыман мінетін қара жал Құлажорғаны бас аты етіп мініп, ертеңді-кеш көше ортасында жайқақтата жүріп дік-дік етіп сөйлейтін әдет шығарды. Аз күннің ішінде-ақ өңінің тотыққаны кетіп, ақ құбаланып, маңдайы жарқырап, өзі тіпті әдеміленіп кетті. Ұяң сияқты көрініп сызылып тұратын мінезінен із де қалған жоқ, үлкенге де, кішіге де ат үстінен шаншыла тік қарап: — «Сен анау жұмысқа бар!», «Сен мына жұмысқа бар!» — дейді кесімді нық үнмен. Әуелде кейбіреулер оған: «Әй, сен өзіміз білетін Зибаш едің ғой» дегендей жүре тыңдап қалжақтамақ болған екен, ондайларды қара жұмыста жүріп білегі қатқан қарулы келіншек қамшымен бір-екі рет қайқайтып тұрып көсіп-көсіп жіберсе керек. Ал таяқ кімді де болса көндіреді ғой. Сөйтіп, қолында билігі бар, атқа мінген адам, мейлі тіпті әйел болса да бағынуға мәжбүр етеді екен.
ЖАУЫЗДЫҚ
Қоңыр сиыр күннен күнге іші жер сыза үлкейіп, көзінің ағы молайып аларып, пыс-пыс етіп есіктің көзінен кетпейтін боп алды. Үйден қайсымыз шықсақ та ыңырана мөңіреп қолымызға қарайды, тұмсығын созып иіскелеп жем тілейді. Өзіміз шықпа жаным шықпалап арпа сұлыны қуырып, әр түйірін таңдайымызға сап талшық етіп отырғанымызда, оған қайдан жем берелік. Соңғы кезде шөпті де ертеңді-кеш қора төбесінен уыстап қана түсіремін. Әжем: «Балам, алдымызда қандай-қандай күн бар, шөбіңді үнемдеп ұста, әлі мал төлдегенде керек болады», — деген. Сондықтан уыстап санап түсірген шөптің өзін бірден малдың алдына тастамай, сабанға араластырып жіберем. Қоңыр сиыр да, екі ешкі де қалың сабанға араласып кеткен шөптерді теріп жейміз деп тінтінектеп жүріп сабаннан да біраз жеп алады. Мен соған қуанам. Әйтеуір, қаңтарылып қалмай, сабан да болса жей берсе екен деймін. Қоңыр сиыр мен екі ешкінің сабанды үңгілегендеріне қарап тұрып Петька:
— Сұлы талқанға бидай талқанды араластырып жегендей болатын шығар, — деп күлді. Онан соң:— Шөпті неге көбірек салмайсың? — дейді мені сараңсып тұрсың ғой дегендей.
— Көп салуға болмайды, шөп аз, — деймін.
— Әй, былтыр жазда, пішен кезінде Нәзира әпкең екеуің ертеңді-кеш жүріп бір қысқа жетерлік шөп шауып едіңдер ғой. Оларың қайда, бітіп қалды ма?
— Жоқ, біткен жоқ, ол шөп өзімізге бұйырмай тұр ғой, — деп, мен Қоғалы бұлақтағы шөбіміздің жайын айтқам.
— Сен өзің қызық екенсің, бар шөптен күдеріңді үзіп, — деді Петька мені жазғыра сөйлеп. — Жарайды, колхоздың қорасына түсірілген шөбіңді ала алмай-ақ қой, ал қалған шөбіңді неге түсіріп алмайсың?
— Немен түсірем? Тұржан тұрғанда колхоздың шанасына жолатпайды.
— Колхоздың шанасының керегі де жоқ. Ол Тұржан мен Байдалыны қайтесің жаман атты боп. Шөбіңді біз өзіміз-ақ жеткізіп алмаймыз ба?! — деді Петька қызынып.
— Немен?
— Қол шанамен. Оттоның отын тасып жүрген үлкен қол шанасы бар емес пе?! Сонымен екеуміз барып әліміздің жеткенінше тартып әкелеміз. Үш-төрт рет барсақ бәрін болмаса да біраз шөпті жеткізіп алуға болады ғой. Қоңыр сиырдың сүтін ішкенде құдай құрлымыз. Сондықтан оның шөбін жеткізуді парыз деп білейік.
Сонымен Петька екеуміз Оттоның отын тартатын үлкен қол шанасын сұрап алып, демалыс күні Қоғалы бұлаққа бара жатқан шөпшілер Көлбай керең мен Манарға ілесіп жолға шықтық. Бізбен бірге Оттоның да барғысы келген, бірақ аяқ киімі жыртық болған соң амалсыз қала берді.
— Қоғалы бұлақтың қыста қандай болатынын көру керек еді, мына аяқтың жарамай тұрғанын қарашы, — деді тұмсығы сөгіліп бақаның аузындай боп тұрған шарығын көрсетіп.
Ауылдан ұзап шығып төбе асқанша өгіз шаналардың соңынан жаяу ілесіп жүрдік. Шаналардың артына жармасып отыруға, көріп қалса пәле қылар деп Тұржаннан қаймықтық. Төбені асып, ауыл қарасы көзден таса болысымен-ақ арттағы Манардың шанасына жабысып-жабысып алғанбыз.
Тоз-тоз болған боз тонының жағасына тұмсығын тығып алып, шанасына жантайған күйі көзін бір ашып, бір жұмып қалғып-мүлгіп жатқан Манар ләм деген жоқ. Тіпті біздің соңдарынан ілесіп келе жатқанымызды, бар-жоғымызды елең қылар емес. Бұрын адамға күлімсірей қарап, жылы тартып тұратын өңі де бір түрлі сұсты еді. Әнеугүні Тұржанның қамшысынан қалған көзінің астындағы көгілдір ісік әлі тарай қоймаған, сол да өңін түнертіп сұсты ғып тұрған сияқты.
— Рұқсатсыз отырдық па, қалай өзі? — деген Петька күліп. Әрине, маған сөйлеген боп Манарға естірте айтқаны, бірақ Манар елең еткен жоқ.
Біраздан кейін етіміз үйренген Петька екеуміз шананың үстіне жайғасып отырып еркінси бастадық.
Манар бізді енді ғана байқағандай алара бір қарағаны болмаса үндеген жоқ. Оның үндей қоймағанынан тартынған Петька жоқ, сәлден кейін тағы сөйледі.
— Біздің Зоя үйде ылғи сені аузынан тастамай айтып отырады, — деген. Осы сәтте ғана Манар көзі жарқ етіп басын көтеріп алды. Петька болса сөзін әрі қарай жалғастырған — Бірге оқығандарыңда бір партада қатар отырыпсыңдар ғой.
— Иә... — деді Манар күрсініп.
— Сені жақсы оқыды дейді Зоя. Арифметиканың есептерін өте тез шығаратын еді дейді. Егер оқи бергенде керемет математик болатын еді дейді.
— Иә...
— Бір рет мұғалім шығара алмаған мәселе есепті сен шығарыпсың ғой.
— Иә...
— Мінезіңді қыздай еді дейді Зоя. Бетіне тура қарасаң қып-қызыл боп қызарып кететін еді дейді. Есеп көшіру үшін балалар сенің қасыңа отыруға таласады екен ғой. Сонда біздің Зоя бәрін жеңіп кетеді екен. Манардың қасына өзім ғана отыратынмын дейді. Кластағы балалардың бәрімен төбелесетінмін, тек Манар екеуміз тату отырушы едік дейді.
— Иә-ә...
Манардың даусы бір түрлі дірілдеп, қыстығып шықты, жалт қарасам, ол қалғып кеткендей көзін тарс жұмып алыпты, көзінің астындағы көгілдір тартқан ісіктің үсті жылтырап көрінеді. Жалғыз тамшы жас жол сызып бетінің ұшына қарай сырғып барады екен. Ойында ештеңе жоқ, самбырлап сөйлеп отырған Петьканы ақырын ғана түртіп, Манарды ымдадым. Петька оған аңыра қарады да тілін тістеп алғандай үнсіз қалды. Енді екеуміз де бір түрлі ыңғайсызданып, не боп қалды дегендей бір-бірімізге жалтақтасып. Манарға ұрлана көз тастап қойып теріс қарап үнсіз отырдық. Шана ақырын ғана жылжып сырғиды, табанының бір қалыпты сызыла шыққан шиқылы ыңырсып жылағандай естіледі. Таусылмайтын ыңырсу. Ыңыршақтары шыққан қабырғалары арса-арса өгіздер аяқтарын санап басқандай ілбіп келеді.
— Жаяу-ақ жүрейікші, — деді Петька бір кезде сыбырлап. Сірә, өгіздерді аяп кетсе керек. Екеуміз шанадан қарғып түсіп, қатты қардың үстімен қатарласа жаяу жүрдік.
Аспан ашық, әбден ысқылап сүртілген көк мөлдір шыныдай тап-таза боп төбеге төңкеріле қалған. Сәскеге көтерілген күн де ерекше маужырап тұр. Мынау қарлы далаға бүгін бір мейірі түскендей елжірей қарайды. Көптен үстеме жаумай сұр тартқан қардың үсті ескірген бәтестей сарғыштанып, қыраттар мен дөңестеу тұстарда әр жер — әр жерінен сетінегендей, яки тігісі сөгілгендей ақырындап жыртылып, астынан қара жер көрініп жатыр. Қыс көрпесінің тоза бастаған белгісі де.
Манардың шанасынан ілгерілеп, озып шыққан соң, Петька қайтадан даусын шығара сөйлеп:
— Мен Жиренқасқа айғырмын, ал сен Құла айғырсың, — деді, сөйтті де қабағын түйіп Жиренқасқа айғыр боп кісінеді: — И-и-а-а-а!.. Оған ілесе қабағымды түйіп Құла айғыр боп жер тарпынып мен де кісінедім.
— И-и-а-а-а?...
Бұл екі айғырдың екеуі де ауылдың мақтанышы, күшті десең күшті, жүйрік десең жүйрік, екеуінің адамдай ақылды қасиеттері туралы талай ғажап әңгімелер тараған, небір ақ түтек борандарда үйірлерін шашау шығармай өздері қайырып бағып, ит-құсқа жасаған айбат қарсылықтарын жылқышылар аңыз ғып айтатын. Міне, Петька екеуміз сол екі айғыр боп кісінеп, жұлқына алға ұмтылып, екпіндесе желіп жүріп кеттік. Алдыңғы шанадан оза бергенімізде:
— Әй, сен екеуің қайда барасың? — деді бізді енді ғана көрген Көлбай керең.
— Шөпке! — дедік қосарлана дауыстап.
— А!
— Шө-өп-ке-е! — деді Петька оның құлағына таяп айқайлап.
— Шөпке?! Мына шанамен бе?! — деп Көлбай керең шанамызға саусағын шошайтып ал кеп күлсін.
— Пысқырма, — деді Петька. — Өзі өгізбен ілбіп келе жатып Жиренқасқа айғыр мен Құла айғырға күледі ғой. Кәне, жер тарпып жүрелік. — Сөйтті де өзі «И-и-а-а-а!..» кісінеп оң аяғымен қатты қарды теуіп-теуіп қап секіріп түсті. Оның істегендерін мен де айнытпай қайталағам. Қарсы алдымыздан жел есіп, құлшына түсіп келеміз. Маңдайымыз тершіп, өңіміз алабұрта қызарып етіміз қызып алғанбыз.
— Әй, балалар! — деді осы сәт Көлбай керең соңымыздан дауыстап, — онша алыс кетпеңдер, қазір қасқырдың адамға шабатын жаман кезі.
Иә, Көлбай кереңнің бұл айтқанына құлақ аспаса болмайды. Соңғы кезде қасқыр деген ауылды төңіректеп шашау шыққан мал болсын, ит болсын жеп кететін, тіпті адамдарға да шапқанын, жалғыз-жарым жолға шыққандарды жеп кетіпті-міс деген үрейлі әңгімелер де естілетін.
Біз екпінімізді баяулатып, енді Көлбай кереңнің шанасына қарайлап қапталдаса жүрдік. Көлбай керең біздің шанамызға қарап қояды да, екі құлағына жете мәз боп күледі. Күлген кезде онсыз да жап-жалпақ бет-аузы ет табақтай боп мүлде жалпайып, шегір көзі мүлде көрінбей сығырайып кетеді. Тек әлден уақыттан кейін ғана:
— Әй, сен екеуің менің күлгеніме ренжімеңдер, — деді езуін жимастан, — Мен сендердің мына тірліктеріңе риза болғаннан күліп келем. Жарайсыңдар! Үлкен жігіт болыңдар!
— Рақмет! Айтқаныңыз келсін, — деді Петька.
— А! Не дейсің?
Петька шанаға таяп барып оның құлағына әлгі сөздерін айқайлай қайталаған. Көлбай керең мүлде риза боп күлсін.
— Әй, осы, сен сарыдан түбі мықты азамат шығады-ей, — деп қойды онан соң.
Өстіп Көлбай кереңмен сөйлесе жүріп, Қоғалы бұлаққа қалай жеткенімізді де аңғармай қаппыз. Анау кездегі Қыдырман тойтық пен Зибаш үшеуміз келгендегі маяның орындары да тақырланған екен. Қоғалы бұлаққа таяу біздің шошақтың бір жағында қатарластыра салынған үш мая болатын, соның да біреуі бітіп, екіншісі орталана бастапты. Сол орталанған маяға кеп Көлбай керең өгіздерінің басын тіреді. Өгіз байғұстар шөптің қарасы көрінгеннен жүрістері ширап алға қарай ентелей ұмтылып келе жатқан, маяға жете бере жан дәрмен пысылдасып тұмсықтарымен кіріп кете жаздап тоқтады.
Біз Петька екеуміз әрі қарай, біздің шошаққа қарай өте бергенбіз, шанасынан түскен Көлбай керең тоқтай тұрыңдар дегендей ишарат жасады. Онан соң үстіндегі қалың тонын шешіп тастап желбегейленіп алды да:
— Әй, Манар, сен өзің ақырындап шанаңа шөп тией бер, — деді дауыстап, одан бізге бұрылып: — Сен екеуің бері жүріңдер! — деп қолын бұлғап бұлақтың жоғарғы жағындағы қожыр-қожыр жартастарды мегзеді. — Анау араға кеше мен тұзақ құрып кеткем, соны барып көрелік, — деп қорбаңдай басып алға түсті. — Егер де кекілік түссе сендерге сауға берем.
Біз, Петька екеуміз, сөзге келместен шанамызды әлгі араға тастай сала, Көлбай кереңнің соңынан ере жөнелдік. Бірде қатқақ, бірде ойдым қардың бетінде соқамен жыртқандай жалғыз аяқ салған жол жатыр. Бұл кеше тұзақ құруға барған Көлбай кереңнің ізі екені айтпаса да түсінікті еді. Өзі сол ізімен алдымызға түсіп, аппақ киізбен ұлтарған дәу қара пимасымен әлгі жолды жапыра тегістеп келеді.
— Бұйыртса бүгін кешкісін кекіліктің сорпасын ішіп бір қарық болып қалыңдаршы, — деп қояды бізге бұрыла сөйлеп, — Кекіліктің сорпасы деген, шіркін, дәмді ғой.
Осыны естігенде Петька екеуміз де мүлде ес қалмады.
Иә, соғыс жылдары біздің ауылда кекілік аулау да үлкен кәсіп болатын. Кекіліктің қайдан өріп, қайда жайылатынын білетін кейбір үлкендер тұзақ құрып сорпа-суын сонымен айыратын. Міне, сондай кекілік ұстағыш үлкендердің бірі осы Көлбай керең еді. Мұның үйінде болып кекіліктің етін жеп, сорпасын ішкен көрші-көлемдерінің балалары тамсана отырып әңгімелеген кездерінде сілекейімізді шұбыртатын. Енді, міне, сол кекілік аулағыш Көлбай кереңнің өзі тұзақ құрған жеріне сауға берем деп ертіп бара жатса, қалай ес қалсын. Тұзаққа түскен кекілікті бас салып өз қолыңмен ұстағаннан өткен не қызық болсын. Петька екеуміз бір-бірімізге қарап жымыңдасып қоямыз.
— Бұл бір күтпеген тамаша болды-ау!
— Көлбай керең молодец! — дейміз.
Көлбай керең өзін біздің мақтап келе жатқанымызды, әрине, естімейді, сондықтан ол бізге өзінше сөйлеп келеді.
— Екеуіңнің жолдарыңның қандай болатынын қазір көреміз, енді, — дейді бізге бұрылып қойып. — Егер тұзаққа кекілік түссе, ауыздарыңның салымы бар болғаны, түспесе, екеуіңнің де табан аяқ қу болғаның. Онда екеуіңді де қамшының астына алам, — деп күлді.
— Вообще, менің аузым салымды, — деді Петька.
Мен де өзімнің мұндайда жолымның болғыштығын айттым.
Қожыр-қожыр жартастардың күнгей жағы ықтасын, ерекше жайма-шуақтанып бусанып жатыр екен. Бетімізге кәдімгі көктемнің жылы лебі келгендей болды. Жақындай бергенімізде жартастың етегіндегі сабан шашылған тұстан жыпырлаған кекіліктің біразы шықылықтап жартастың қуыс-қуыстарына өрмелей қашып, біразы еңіске қарай пырылдаса ұшып азан-қазан болды.
Сабанның үстінде далп-далп етіп қанаттарын сабалап ұша алмай аласұрып қалған кекіліктер де көрінді.
— Әне, түсіпті, ал жүгіріңдер! — деді керең.
Петька екеумізде тіпті ес қалған жоқ, жолымыздағы тастар мен бұта-бөргездерге сүріне-қабына ұмтылдық. Мұндай қызықты кім көрген! Көз алдыңда тұзаққа түскен кекіліктердің жан ұшыра бұлқынғаны керемет еді, тұзақты быт-шыт қып үзіп кетер ме екен, деп қашан жеткенше дегбіріміз қалмады. Қанатымен жер сабалап жатқан шеткі кекіліктің үстіне кеп бауырыма баса құладым да, мыжып өлтіріп алмайын деп қанатынан қыса ұстадым. Жан дәрмен тыпырлап аласұрған кішкене құстың жұп-жұмсақ, жып-жылы бауырына қолым тигенде-ақ дірілдеп кеттім. Жұмсақтығы сондай, қысып жіберсем өліп қалатындай көрінді. Сондықтан бір қолыммен абайлап қана тұзаққа ілінген аяғын босата бастадым. Тыпырлаған кекілікті қыл тұзақтан босату да оңай емес екен. Тұзақтың ілгегі сәл босай бастаған кезде, кекілік бұлқынып қалса болды, қайта түйіліп қалады. Ал тұзақ қайта түйілген кезде, шырпыдай ғана жіңішке нәзік тұяқ түбінен қиылып түсе жаздайды.
— Байғұс-ау, шыдасаңшы, мен сені босатып алғалы отырмын ғой, мынау буындырған қыл тұзақтан, — деймін жаным ашып. Оны кекілік ұқсын ба, шиеленісе түйілген тұзақты ақырындап босата бастағаным сол еді, тағы да бұлқынып қалды, тұзақ қайта түйілді. Қойшы, терлеп-тепшіп отырып әзер деп босатып алдым-ау, ақыры. Бұл кезде Петька да бір кекілікті босатып алып, қос қолдап бауырына қысып, есі шыға қуанып отыр екен. Көлбай керең болса біздің әрекетімізге қызықтай қарап ыржия күліп тұр.
— Алыңдар, екеуіңе байладым осы екі кекілікті, — дейді. Енді ғана байқадық, тұзаққа түскені де осы екі кекілік қана екен. Тарының қауызындай күрең қызыл көздерін үрейлене аударып-төңкеріп бұлқынып қояды. Петька екеуміз қатарласа кеп отырғанбыз, ойпырмай, екі кекілік егіз туғандай бірдей екен. Тұмсықтары, тұяқтары бояп қойғандай шымқай қызыл, қара сұр қауырсындары біресе күлгінденіп, біресе жасылданып, біресе көгілдір тартып сан құбылып тұр. Тірі кекіліктің мұндай сұлу, мұндай сүйкімді екенін кім білген. Петька өз кекілігін, мен өз кекілігімді сылап-сипап қуанышымызда шек жоқ.
Көлбай керең қалтасынан қолдан соғылған добалдай бәкісін шығарды.
— Ал, балалар, ауыздарың салымды екен, әкеліңдер, бауыздап берейін, — деді бәкісінің жүзін ашып, алақанына сап жани тұрып. Көк көзі шарасынан шыға бажырайып кеткен Петька кекілігін бауырына қыса түсіп:
— Ағатай-ай, менікін бауыздамаңызшы, тірідей алып жүрейінші, — деді жан даусы шыға жалынып.
— Мейлің, өзің біл, — деді Көлбай керең сол күлкісін жимаған қалпы. Онан соң маған бұрылған, мен де кекілігімді бауырыма қысып қорғаштап:
— Тірідей алып жүрейінші, — дедім.
Көлбай керең басын шайқай күліп, бәкісінің жүзін жауып қалтасына салып қойды да:
— Жүріңдер, мына жартастың арғы жағында тағы бір тұзағым бар, — деді.
Біз кекіліктерімізді құшақтап, енді бұта мен тастарға сүрініп кетпейік деп, абайлап басып оның соңынан ердік. Көлбай керең алда, онан кейін оның ізін дәл басып Петька, соңдарынан мен келем.
— Балалардың бәрі екеуміздің кекіліктерімізге қызығатын болды, — дейді Петька маған қайырылып даурыға сөйлеп. — Мен мұны соймаймын, қолға үйретіп асыраймын әлі...
— Мен де соймаймын...
Осы мезетте Петька: «Ой!» деп қолын шошына сілкіп қалған, кекілігі пыр етіп төмен құзға қарай зымырап ұша жөнелді.
— Әй, кекілігің ұшып кетті ғой! — деп мен айқайлап жібергем. Алдағы Көлбай керең де жалт қарады.
— Тістеп алды, — деді Петька оң қолының сыртын сипалап.
— Қап! Жаңа бауыздап берейін дегенім сол еді, — деді Көлбай керең өкініп. — Енді кекілік те тірі жан ғой, айбат жасамай ма екен?! Абайламасаң, сөйтіп шоқып алады. Жә, екінші тұзаққа да түскен шығар, жүріңдер!
Екінші тұзаққа жеткенімізде мұнда алғашқы тұзақтағыдай емес, жайылған кекілік тым аз екен. Біздің қарамыз көрінісімен-ақ, төрт-бесеуі шықылықтасып, бастарын қазықша қақшитып ап, зымырай жортып жоғарыдағы жартастың қуысына өрмелеп зым-зия көрінбей кетті.
Тұзаққа бір-ақ кекілік түскен екен, жан дәрмен аласұрып қанатымен жер сабалап жатты. Байғұс тұзаққа мойнынан түскен екен, бұлқынған кезінде басы үзіліп қала жаздайды. Көлбай керең әлгіндегі добалдай бәкісін ашып, сол тұзақта жатқан жерінде бауыздап алуға ыңғайланған. Ол енді еңкейе бергенде, Петька жан ұшыра ұмтылып барып оның қолына жабыса кетті.
— Ағатай-ай, обал ғой, бауыздамаңызшы, — деді шырқырай жалынып. Тіксіне тоқтап қалған Көлбай керең:
— А! — деп Петькаға бұрылған.
— Бауыздамаңызшы! — деді Петька айқайлап.
— Неге?
— Обал ғой?
— Солай ма? — деді абдыраған Көлбай керең кейін серпіліп. — Енді не істейміз? — деп біресе Петькаға, біресе маған қараған.
Петька дереу отыра қап мойнынан қылғынып жатқан кекілікті босатып алды. Мойын жүні үрпе-сүрпе боп есеңгіреп қалған кекілік байғұс көзін жұмып екі-үш рет басын сілкілеген.
— Түү, байғұс-ай!.. Байғұс-ай! — деп Петька оны мүсіркеп бауырына басқан, кекілік көзін жұмып тығыла түсті, енді байқадық, тұмсығынан қан шығып тұр екен, оны көрген соң Петька мүлде жыларман халге жетті. — Обалы-ай!..
Сәлден соң көзін әзер ашып-жұмған кекілікті орындық тәрізді жайпақ тастың үстіне апарып жатқызған. Бауыры тасқа тиген кекілік есін жиғанша біраз жатты да, бір сәт аузын кере ашып-ашып қойып, мойнын созып жан-жағына қарап алды да, әлгі тастан жерге секіріп түсіп бұталарды тасалап жорғалай жөнелді.
— Енді өлмейді, — деді Көлбай керең әрмен қуана дауыстап. — Кекіліктің жаны сірі болады, қазір біраз қарға аунаса, құлан таза жазылып кетеді.
Мен өзім бауырыма басып қысып ұстап тұрған кекілігіме енді ғана назар аударғам. Көзі жылт-жылт етіп қолтығыма қарай тығыла түседі. Өзі жып-жылы жұп-жұмсақ. «Мен жалғыз қалдым ғой» деп өксіп дірілдейтін сияқты. Ойланып тұрмастан қос қолдап жоғары көтердім де:
— Бұл да үйірінен қалмасыншы, — деп әуелете лақтырып жібердім. Бұл да әлгіндегі қалың кекілік ұшқан жаққа қарай зымырай жөнелді.
— Ал кекіліктің сорпасына қарық болдыңдар енді, — деді Көлбай керең әлде бізді жазғырғандай, әлде өкінгендей үнмен. Онан соң: — Әй, Петька, мына тұзақтың арғы басын шешіп алшы, — деп өзі еңкейіп тұзақтың екінші басын шешуге кірісті.
Мұнан әрі үшеулеп жүріп әлгі жердегі тұзақты жинап алдық, қайтар жолымызда сол үнсіз күйімізде алғашқы тұзақты да жинап алдық. Содан маяға қайтып жеткенімізше ләм-мим дескен жоқпыз. Шанасына жақындай бергенде, ашаға сүйеніп үнсіз қарап тұрған Манарға Көлбай керең:
— Әй, мына екеуімен тұзақ құруға болмайды екен, — деді даурыға күліп. — Екеуінің де жандары ашығыш немелер екен.
Біз, Петька екеуміз, қол шанамызды сүйретіп анадай жердегі шошаққа қарай кеттік.
— Шынында да, қолыңа ұстап сылап-сипаған сүп-сүйкімді тірі кекілікті сойып жеу деген сұмдық қой, — деді Петька былай шыққан соң, әлде ақталғандай, әлде біреуді жазғырғандай үнмен.
— Әрине, сұмдық, — дедім мен де іле қостап.
— Ал тездетейік, айтпақшы, мен Жиренқасқа айғыр едім ғой, и-и-а-а-а!.. — деп кісінеп жер тарпынып секіріп қойды.
Мен де кісінеп, жер тарпып Құла айғыр боп қалпыма түстім.
Мұнан әрі анау кездегі Қыдырман тойтық жартылай бұзған шошаққа жетіп, Оттоның қол шанасына Петька екеуміз, әдемілеп шөп тиеуге кірістік. Үлкен бір арқадай шөпті тиеген соң, ойқы-шойқы жолда аударылып қалмасын деп жіппен ұзынынан, көлденеңінен шалып алып мықтап байлап тастадық. Тартып көріп едік, шаманың табаны қарға батып зілдей ауыр екен. Кішкене азайтайық деп едім, үлкен жолға түскен соң жеңіл болады деп Петька бой бермеді.
Сонымен Жиренқасқа айғыр мен Құла айғыр боп бағанағы бос шананы сүйретіп келгендегідей кісінеп жер тарпып ойнақтай алмай, табаны қарға батқан шананы күшене тартып кері қайттық. Көлбай керең мен Манар да шаналарына шөпті тиеп боп, өгіздерінің басын ауылға бұрған.
— Әй, балалар, шаналарыңды мына менің шанамның артына тіркеңдер де, өздерің шананың үстіне отырыңдар, — деген Көлбай керең.
Арық өгіздердің шөп тиелген шананы мықшия сүйреткен түрлерін көріп, ол байғұстарға жармасуға көңіліміз дауаламады.
— Жоқ, біз өзіміз жүреміз, — дедік қосарлана дауыстап.
Көлбай керең жауабымызға тағы да мәз боп күлді.
— Мейілдерің, өздерің біліңдер, — деді онан соң.
Ілбіген екі шананың соңынан біз де ілби жүріп кеттік. Петька екеуміз шанамыздың ауырлығын, ауылға дейінгі жолдың алыстығын қалай да еске алмау үшін ананы-мынаны айтып бірімізді-біріміз сөзге алдандырып, күлдіргі бірдеңелерді еске түсіріп қайдағы-жайдағыны қозғап мәз боп келеміз. Осыдан төрт жыл бұрын алғаш біздің ауылға көшіп келгенде, Петьканың қойларды маңырағандағы дауыстарының жуан, жіңішкелігіне қарап еркек, ұрғашыға бөлгенін еске алып бір күлдік. Қойдың даусы маңырағанында жуан болса «дядя баран» деп, ал жіңішке болса «тетя баран» деп айтқанын естіп бүкіл ауыл күлген-ді. Даусы дарылдай маңыраған саулықты қозысы еміп жатқанда да: «Әй, Петька, анау қозы дядя баранды қалай еміп жатыр екен, қарашы?» — деп оны мазақтағанымызды қалай Ұмытармыз... Бірде Петьканың үйінде капуста көже ішіп отырып менің: «Опыр-ай, Петька, жапырақтан да тәтті көже пісіруге болады екен-ау», — дегенімде, ол ішіп отырған тамағына шашалып қала жаздап күлген еді... Тағы бірде Әжібектің кіжіңінен құтылу үшін Петьканың үйінен алып шыққан бір кесім шошқаның майын екеуміз оған қойдың құйрық майы деп алдап беріп, артынан жегені шошқаның майы екенін біліп қалған Әжібек өлердей құсып, ақыры ұшынып ауырып, он күндей төсек тартып жатып еді. Әрине, кейіннен Әжібек Петька екеумізге де жақсылап сыбағамызды берді, алайда өзі де бүкіл ауылға күлкі болып еді. Көпке дейін одан қорықпайтындар: «Әй, Әжібек, құйрық май жейсің бе?!» — деп мазақ етіп жүрді ғой...
Түстен ауған күн ашық аспанда жерге еңкейіп кеп төніп, маужыраған сәулесін ерекше төгіп тұр. Жылуы жотамыздан өтіп әжептәуір қыздырып келеді. Петька екеуміз де көзіміз қарығып төңірекке сығырая қараймыз. Ақ қар басып жатқанда да осындай жылы күн болады екен-ау дейміз. Иі босаған қар соқталанып, әр басқан қадамымызды кейін кетіріп жүрісімізді өндіретін емес. Оның үстіне шанамыздың да табаны күпсегіне дейін батып зіл батпан боп келеді, шөп емес, тас тартып келе жатқандаймыз. Қалжырай бастағанымыз болар, әлгіндегі күлкілі әңгімелерді айтуға да зауқымыз соқпай тұнжырап келеміз. Әлден соң Петька бас жоқ, аяқ жоқ:
— Шіркін, қыс болмайтын жақта тұрсақ, — деді.
— Ондай жер бола ма екен? — дедім мен.
— Болады,- деді Петька сенімді үнмен. Онан соң үйлеріңде бір кітап барын, сол кітапта бір адамның жиырма сегіз жыл бойы мұхит ортасындағы бір аралда жападан-жалғыз өмір сүргенін және сол аралда еш уақытта қыстың болмайтынын қызына әңгімелеп кетті. Жаңағы кітаптың әңгімесінің қызықтығы сонша, және Петьканың оны тамылжыта айтқаны сонша, екеуміз де бір сәт шанамыздың ауырлығын да, қысқы жолдың ұзақтығын да ұмытқандай, әлгі бейшара жалғыз адамның үрейлі де, қызғылықты тірлігіне араласқандай күйге түстік.
— Сен сол кітабыңды оқуға маған да берсеңші, — дегем әңгіменің соңында.
— Пожалуйста, тек ол орысша ғой.
Осы тұста орысша білмейтініме тұңғыш рет өкіндім. Петькаға достығымызды базына ғып:
— Олай болса маған орыс тілін үйретсеңші, ең болмаса сол кітапты оқиын, — дедім.
— Пожалуйста. Үйренем десең күнде төрт-бес сөзден үйретіп тұрайын, бір жазда-ақ, орыс тілін біліп кетесің, — деді Петька маңғаздана. — Мен де, міне, қазақ тілін тез үйреніп алдым ғой. Мысалы, бүгін «мен», «сен», «ол» деген үш сөзді үйрен. «Я», «ты», «он». Тек орыс тілінде баланы «он» дейді де, қызды «она» дейді. Кәне, айтшы.
— Я, ты, он, она, — деп, мен тақылдап оп-оңай қайталап шықтым.
— Міне, уже төрт сөзді білесің. Осыларды әзірше қайталай бер, ал кешке қарай тағы төрт сөз үйретем.
Мен қуанып кеттім. Әлгі сөздерді дауыстап та, іштей де бірнеше рет қайталап шықтым.
— Я, ты, он, она...
Мен бұл сөздерді оңай жаттап алған соң, кешке дейін күтіп көруге шыдамым жетпейтінін сезіп Петькадан тағы төрт сөз үйрет деп қолқа салдым.
— Онда өзің сұрашы, кәне, қандай сөздерді білгің келеді?
Мен қапелімде қандай сөздерді сұрарымды өзім де білмей сасып қалдым да, алдағы шаналарға қарап:
— Шананы не дейді? — дедім.
— Шананы «саня» дейді.
— Ой, мынауың тіпті оңай ғой, шананы — саня дегенің. Ал шөпті ше?
— Сено дейді.
— Өгізді ше?
— Вол дейді.
— Жолды ше?
— Дорога дейді.
Ұмытып қалмайын деп әлгі төрт сөзді тез-тез қайталай бастадым.
— Молодец! — деді Петька риза болып.
Ауылға жақындай бере шөпшілер мал қораға қарай бұрылды да, біз тура жолмен кеттік. Қарнымыздың әбден шұрылдап ашқанын да, титықтап шаршағанымызды да енді ғана сезгендей Петька екеуміз аяқтарымыз шалынысып әзер жүріп келеміз. Ауылдың қарасы көрінген соң-ақ өзімізді-өзіміз алдаусыратып сөйлесуді де қойғанбыз. Шынымызды айтсақ, сөйлеуден де мұршамыз келместен құлап түсетіндей көрінеміз.
Тұтқиылдан шыққан ащы дауыстан екеуміз де ұйқыдан оянғандай селк-селк ете қалдық.
— Ә, әкеңнің... иттің балалары!..
Мал қора жақтан атын борбайлата қамшылап Тұржан келе жатыр екен. Ата-баба, тұқым-тұғияндарымыздан түк қалдырмай Петька екеумізге боқтықты қардай боратып келеді.
— Бізді боқтап келе ме-ей?!
— Мұнысы несі?! — десіп біз Петька екеуміз аң-таң боп бір-бірімізге қарадық.
— Біздің жазығымыз не?! Біз не бүлдіріп қойдық сонша?! — дейміз.
— Иттің балалары!.. Күлигандар!.. Ұрылар!..
Солқылдап босап жатқан қардың сұқпалығына да қарар емес, атын борбайлай қамшылап өлермен боп еліріп, құйғытып келеді.
— Мынау жынданған ба-ей?! Дені сау емес шығар!.. — деп Петька айтып үлгергенше болған жоқ, Тұржан ағып келген бойда дырау қамшымен екеумізді қоса қабаттап бір осып өтті. Ол ағынымен өтіп барып атының басын кері бұрып қайта қайырылғанша, Петька екеуміз жол шетіндегі оппа қарға қашып үлгердік.
— Колхоздың шөбін ұрлаған ұрылар! Екеуіңді де қазір табанда айдатам!
Бірақ өзі қанша содыр болса да, астындағы аты қанша құтырынып тұрған мықты болса да, оппаға беттей алмады.
— Әй, иттің балалары, колхоздың шөбін алуға сендерге кім рұқсат етті?! — деді қамшысын білеп ұстап ақырып.
— Бұл колхоздың шөбі емес, жазда қол шалғымен шапқан өзіміздің шөбіміз, — дедім мен де ызалана айқайлап.
— Көрсетем мен саған өзің шапқан шөпті! Кәне, бері келші, анау сайрап тұрған тіліңді түбімен қосып жұлып алайын.
— Біздің өзіміздің шөбіміз екенін жұрттың бәрі біледі.
— Сенде шөп жоқ, иттің күшігі, сен ұрысың! Сені көзіңе көк шыбын үймелетіп анау Қыдырманның соңынан айдатам, әлі.
Онан соң көзі қанталаған Тұржан атынан қарғып түскен, бізді оппа қардың үстімен жаяу қуатын шығар деп Петька екеуміз әрі қарай қаша жөнелдік. Біраз қашып барып артымызға бұрылғанбыз, жоқ, Тұржан бізді қумаған екен, шөптің түбіне еңкейіп құжыңдап бірдеңе істеп жатыр. Шөпті байлаған жібімізді шешіп жатқан шығар деп Петька екеуміз аңтарыла қарап тұрғанымызда, кенет көк түтін бұрқ ете қалды.
— От тұтатты... — деді Петька кіжіне тістеніп. Сәлден кейін, құрғақ шөп лауылдап жана бастады. Тұржан кейін серпіліп, бізге қарап аузын арандай ашып масайрай күлген. Маған ол өзінің кәдімгі есірік әдетіне басып «а-а-а» деп қарқылдап мәз болып тұрғандай көрінді. Мен дүниедегі ең жаман қарғыс сөздерді айтып, аттан сап айқайламақ болып едім, тамағыма тас тығылғандай даусым шықпай қалды. Өне бойым қалтырап көзіме ып-ыстық жас толып кетті. Тек менің айтпақ болған сөзімді Петьканың ышқына айқайлағанынан естідім.
— Жау-ыз-з!.. Жау-ыз-з!..- деді шырқырай қайталап. — Қанатай, анау жауыз екеуміздің шөбімізді өртеп тұр ғой! — деп еңіреп жылап жіберді. Екеуміз де солқылдай жылап, сонау Қоғалы бұлақтың басынан шаршап-шалдығып тартып әкелген шөбіміздің жауыздың қолынан лауылдап қалай жанғанын қарадық та тұрдық. Еңбегіміздің еш кеткеніне, өзіміздің дәрменсіз түрімізге, осынша қорланғанымызға налыдық. Ал Тұржан болса шөбіміз Оттоның шанасымен қоса түгел жанып боп, жол үстінде тек бір шөкім боп бықсыған күлі қалғанға дейін, қамшысын жалаңдатып біз жаққа көзі қанталай қарап, аузын арандай ашып масайрап: «А-а-а-лап» — қойып тұрды.
Желсіз тымық, ашық күнде көк жауқазын шөптен шыққан қою кек түтін аспанға шаншыла көтерілген. Бұ не болды екен дегендей көшеге шыққан ауыл адамдары біз жаққа, қол шанадағы өртеніп жатқан шөбімізге аң-таң боп таңырқай қарайды.
ПЕТЬКА, ОТТО, БӘККЕ
Қыс бітіп, көктем айы туғанымен, сірескен қардың діні бұзылар емес. Бір-екі рет құс қанаты жауып, ескі қардың кем-кетігін толтырып, сөгілген тұстарын жамап-жасқап, қыстың соңын онан әрмен созып кетті. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында қыстың бүйтіп созбалаңданғаны адамды да, малды да күйзелтіп, есеңгіретіп-ақ тұр. Қаншама үнемдесем де шөбіміз таусылған. Сонда де қораның үстіне күніне бір шығып, қоқым-соқымды тырмалап түсірген болам. Ендігі жерде сабанды да бұрынғыдан аяқ асты тастай салмай, қоңыр сиыр мен екі ешкіге уыстап, үнемдеп беретін болдым.
Сүті уызданып барады деп, әжем қоңыр сиырды саууын тоқтатқан. Енді мүлде қара талқан мен қара суға қарап қалған едік. Ертеңді-кеш құр суға шыланған қара талқан мен (әрқайсымызға үш қасықтан ғана өлшеп) шай (шай деген аты болмаса қайнатқан қарасу ғой) ішеміз, ал түсте бір мезгіл іштеріңе ыстық нәр барсын деп, әжем қайнаған қара суға бір қасық тоң май салып атала көже жасайды. Біз осыған да шүкіршілік айтып тамағымызды тоқ санаймыз. Ал кейбір үйлерде осы үш мезгіл қара талқан да бола бермейді. Ендігі жерде көңілге бір демеу — қоңыр сиырдың сүтінің уызданғаны. Демек, амандық болса бірер айдың ішінде бұзаулайды деген сөз. Әлі-ақ аузымыз аққа жарып тойынамыз ғой дейміз. Өзіміз ғана емес, көрші-көлемдер де бір жетісіп қалады, әлі. Өйткені қоңыр сиыр бұзаулаған кезінде өте сүтті болады, бір сауғанда бір шелек сүт береді. Сол кезде біздің үйден шайлық сүт алмайтын көрші-көлем кемде-кем. Сондықтан қоңыр сиырдың аман-есен тезірек бұзаулауын тілеушілер көп-ақ. Осы күні Петька мен Отто да қоңыр сиырдың қамын менен кем ойлап жүрген жоқ. Қолдары сәл босаса-ақ, біздің үйге қарай тартады. Есік алдында шашылған азын-аулақ шөпті отша жалаңдаған тілімен сыпырып-сыпырып жүрген қоңыр сиырды айналшықтап, соның желінінің қандай боп өсіп келе жатқанын, шөпті қалай жейтінін сөз етеді: «Кеше желіні анадай еді, бүгін мынадай боп өсіп қапты», «Кеше анау шөпті өйтіп жеп еді, бүгін мына шөпті бүйтіп жеп тұр», — десіп мәз болады. Онан соң қоңыр сиырдың бұзаулайтын күнін сөз қыламыз, ол күн — уызға бір тоятын күніміз дейміз. Енді бірде уызды кімнің үйі қалай пісіреді және не қосып пісірсе тәтті болады, соны әңгімелейміз, өткен жылғы уызды қалай жегенімізді еске аламыз.
— Сенің әжең тура бір шелектей уыз берген бізге, мамам соны дәу табақ қып пісіріп, екі күн талқан қосып жеп едік, — дейді Петька сол уыздың дәмі әлі күнге таңдайында тұрғандай тамсанып.
— Ал менің мамам жұмыртқа қосып пісіріп еді, — дейді Отто.
Шіркін, қарның ашып жүргенде, тәтті тамақты сөз еткеннен асқан қандай жақсы әңгіме болушы еді. Піскен ыстық сүттің иісін, қазанның түбіне жабысқан қаспақтың, сүттің бетіне бір елі боп тұратын сары қаймақтың дәмдерін еске түсіріп, сілекейіміз шұбырады. Біріміздің сөзімізді біріміз киіп-жарып ес таппай кетеміз. Тек қоңыр сиыр тезірек бұзауласа екен. Ал оны ашықтырмау біздің міндетіміз. Екі күн болды үшеуміз мектепке баруды да қойдық. Әжеме: «Оқудан шаршап жүрміз, біраз күн демалғымыз келеді», — деп едім; «Мейілдерің, құлыным, өздерің біліңдер», — дей салды. Қайран әжем-ай, басқалар құсап оқуға дегенде дігерлемейді-ау әсте, тіпті мен мүлдем оқымай қойсам да қыңқ демейді, «тек денің сау болсыншы, құлыным, қой бақсаң да өлмессің», — дейді.
Петька мен Отто таңертеңгісін үйлерінен шыққан бойлары кітап-қағаздарын салған боқшаларын құшақтап, шет көшелермен тасаланып біздің үйге келеді. Өйткені олардың мамалары қатал, оқудан қашып жүргендерін біліп қойса, оңдырмайды. Ал менің әжем болса ол екеуін мүсіркеп, аяп: «Қарақтарым-ай, өзектерің талып, қажып жүрсіңдер-ау, ә?! Осы оқу деген пәлені кім ойлап тапты десеңші», — деп қояды. Сондықтан сабақтан қашқан үшеуміз біздің үйде емін-еркін жүреміз. Ұзақты күнге сөзіміз де, шаруамыз да қоңыр сиырдың қамы, қайтсек соған шөп тауып береміз, қайтсек соны аш қылмаймыз деп мазамыз кетеді. Егер осыдан ашығар болса, әлі күні ертең бұзаулағанында уыз шықпай қалады ғой. Ал уыз шықпаса оның бұзаулағанынан не пайда?! Осыны ойлағанда үшеумізде де ес қалмайды. Көшеде көзімізге түскен бір уыс шөп болса жерден жеті қоян тапқандай қуанып, талшығына дейін қалдырмай жинап аламыз. Сол бір уыс шөпті қоңыр сиырдың алдына әкеп, соны қалай жегенін қызықтап қарап тұрудың өзі қандай қуаныш! Қызыл тілін жалаң-жалаң еткізіп, азғантай шөпті қарбыта асағанында, таңдайына жұқ та болмай қалатын. «Әттегене-ай, аз боп қалды-ау! Өстіп тағы бір-екі асайтындай шөп болар ма еді?! Бір тойып қалар еді-ау», — дейміз, қоңыр сиырдың емес, өзіміздің ішіміз жаланып тұрғандай. Бірақ онша шөпті қайдан аларсың.
Әне, Байдалы шалдың қорасының төбесінде мол шөп бар. Көк жауқазын шөп алты ай қыс үстемелене түспесе, еш азайған емес. Бес күнде бір Махмұд жоңышқалы шөптен ғана қанатты кең шанаға таудай ғып ыңқита тиеп әкеп түсіріп тұрады. Шіркін, Байдалы шалдың ай мүйіз қызыл сиыры бақытты сиыр ғой! Күндіз-түні сол көк жауқазын шөпке тұмсығын тығып қойып күрт-күрт күйіс қайтарып тұрғаны. Әнеу бір күні біздің үйдің тұсынан өтіп бара жатып Махмұд шірей тиелген көк жауқазын шөпке қызыға қарап тұрған маған күлімсірей көзін қысып, бір ашадайын сырғытып түсіріп кетті. Сырт көзге шөп өзі сырғып түскендей көрінді.
— Тұржан көрмесін, тез кіргізіп ал, — деді.
Сол бір аша шөпті қоңыр сиырдың қомағайлана жегені-ай! Дәл бір әлгі шөпті алдынан біреу жинап әкететіндей көзі шарасынан шыға аларып, пыс-пыс етіп шайнамай жұтты-ау! Кеше Петька пошташы Мақым шалдан сұрап алдым деп бір құшақ шөп әкелген. Сабанға араластырып беріп едік, қоңыр сиыр күні бойы соны қаужақтады. Бүгін мынау бір құшақтай шөпті Отто тауып әкелген, көшеде шашылып қалған екен, сыпырып жинап алдым, — дейді. Кеше кешкілік көрші колхоздағы етікші Жақыпбай шал келіп жүрген, сірә, соның шанасынан түскен болу керек деп түйдік. Қоңыр сиырдың қазір ашқарақтана жеп тұрғаны сол шөп.
Бұл шөп қоңыр сиырға бүгінше ғана талшық, ал ертең не жейді? Ертеңгі шөпті қайдан аламыз? Петька, Отто үшеуміздің басымызды қатырып тұрған осы жай. Алыстығына, жолдың ауырлығына қарамастан Қоғалы бұлаққа барып өзіміздің шөпті-ақ тартып әкелуге болар еді, бірақ, әнеугүнгі Тұржанның жауыздығынан кейін жүрегіміз шайлығып қапты. Ол тұрғанда біздің үйге күндіз бір уыс шөп әкелу мүмкін емес екеніне көзіміз жеткен. Қайдан тапсақ та Тұржанға көрсетпей кештетіп әкелуіміз керек. Қайдан табамыз? Қайдан әкелуге болады? Ойлана тұрып бір-бірімізге қараймыз. Соқталдай-соқталдай үшеуміз бірігіп, бір сиырға шөп тауып бере алмағанымыз ба?!
— Зоя келе жатыр! — деді кенет көше жаққа қарап тұрған Петька зәре-құты ұшып. Өзі еңкейе қап, зып етіп аузы ашық тұрған қораға кіріп кетті, оның соңынан Отто екеуміз де еңкеңдей бұғып, қораның ішіне зып-зып бердік.
Зоя — Петьканың әпкесі, бізден төрт-бес жас үлкен. Мамасына тартқан бойшаң, қысы-жазы жұмыста жүріп қол-аяғы балғадай боп алған, еркек тұрпатты ірі қыз. Бұрын көк көзі күлімдеп, ақ сары өңі нұрланып сұлу көрінуші еді, соңғы кезде қарайып, тотыққаннан кейін бе, мұрны добалдай боп үлкейіп, бет-әлпеті қатпарланып, жібектей көрінетін ақ сары шашы да, қасы да, кірпігі де өңіне онша жараспай тұратын сияқты. Бәлкім, басқаларға ол қазір де сұлу көрінетін шығар, бірақ Петьканың жолдастары бізге ұнамайтын болып жүр. Өйткені Петьканың аяғын қия бастырмайды, көшеде көбірек ойнаса да, киімінің бір жерін жыртып алса да, аяқ киімін суласа да, сабаққа бармай қалса да мамасы емес, оны осы әпкесі Зоя құлағынан бұрап шырылдатып-ақ жатқаны. Сондықтан да ол соңғы кезде бізге сүйкімсіз қыз боп көрінетін. Қазір де, міне, қолына оқтаудың жуандығындай көк таяқ алып, біздің үйге қарай ентелей басып келеді. Қатулы екені жүрісінен де, алақ-жұлақ етіп жан-жаққа қарағанынан да білінеді. Үйге кіріп-шығып жүрген әжемнің қасына кеп «амансыз ба» деп дүңк ете түсті де:
— Әлгі үш қу кешеден бері сабаққа бармапты ғой, — деді зілденіп. Және «үш қу» дегенді ерекше мәнерлеп, ызамен созып айтты. «Қу» деген дүниедегі ең ұнатпайтын сөзім еді. «Залым», «екі жүзді», «жауыз» тағы басқа осындай небір адамды ластайтын жаман сөздердің бәрі осы бір сезге сыйып жататын сияқты көрінетін. Сондықтан осы сөзді естігенде, Зояға деген ызадан өне бойым дірілдеп кетті.
— Оқудан шаршадық деген соң, дем алыңдар деген мен едім, — деді әжем түк болмағандай жайбарақат үнмен бізге ара түсе сөйлеп.
— Шаршағандары қалай, әже-ау, олардың көктемгі демалыстары әлі басталған жоқ қой, —деп, Зоя әжеме оқу жылының тәртібін түсіндіре бастаған. Бірақ әжем оның айтқандарының бірін де түсінген жоқ және түсінгісі де келмеді білем:
— Әй қарағам, осы қаршадай балалардың миын ашытпасаңдаршы. Оқымаса да бір нанын тауып жер, тек дендері сау болсын де, — деген.
Әжемнің бұл сөзіне Зоя шарт кетті.
— Әже, сіздің балаңызда жұмысым жоқ, ал оқудан қашқаны үшін анау інімнің жанын шығарам қазір, — деп қаһарланып қораның аузына қарай жүрді. —Петька, кәне, шық бері! — деді ақырып, —Егер өзің шықпасаң, қолымда, міне, таяқ бар, сабап шығарам.
Үрейі ұшқан Петька:
— Мен өзім шығам, тек сен сабамашы,- деген жыламсырай шырылдап. Осы кезде әжемнің:
— Әй, Зоя, орыс болсаң қайтейін! Әй, менің көзімше сол балаға қолыңды тигізіп көрші осыдан, — деп, оған қарай тап бермесі бар ма.
— Жо, сабамаймын, әже, жай қорқытқаным ғой, — деді сасып қалған Зоя сыбырлай сөйлеп. Бірақ айтқандары бізге анық естілді.
— Қорқытпа да! Оқуың бар болғыр, онысы несі-ей, баланың зәресін алып! — деді әжем онан әрмен қатулана сөйлеп.
Зоя да қайсар қыз ғой, ә дегенде сасып қалғанмен, өз дегенінен қайта қоймады.
— Оқу керек, әже. Оқымай қалса бұлар адам болмайды, — деген.
— Оқымаған жұрт адам болмайды екен ғой сонда.
— Адам болады, әрине, бірақ нашар адам болады.
— Әдірем қал! Әдірем қалғыр! Оқымаған ата-бабам нашар болған екен ғой сонда!
Мұнан әрі әжеммен сөз таластырғысы келмеген Зоя:
— Әже, мен сізді айтпаймын, мен өз інімді айтам, — деді жалтара сөйлеп.
— Е, онан да сөйлемейсің бе жөніңмен.
— Петька! — деді енді шындап ашуына мінген Зоя шаңқылдап. — Шығасың ба, жоқ па?
— Сен тиіспесең, шығам, — деді Петька сәл жыламсыраған үнмен.
— Жарайды, егер өзің шығып, алдыма түсіп жүрсең, тиіспеймін.
— Жоқ, тиісесің.
— Тиіспеймін! Міне, таяғымды әжеге бердім.
Ала көлеңке қораның ішінен үшеуміз саңылау тесіктерден сыртқа сығалай қарағанбыз, айтқанындай-ақ Зоя қолындағы таяғын әжеме берді.
— Жә, тимейді енді, шығыңдар! — деді әжем де.
Петька Отто екеумізге кезек қарап:
— Жүріңдер, сендер де шығыңдаршы, — деді қиыла өтініп. Әрине, жалғыз шығуға қорқып тұр.
— Жүр, бірге шығайық, не көрсек те бірге көрейік, —деп, Отто екеуміз де есікке беттедік. Алдымен мен, менен кейін Петька, ең соңымыз Отто болып қорқақтай басып сыртқа шыққанбыз.
Зоя көк көзі тұздай боп шақырайып, бізге жеп қоярдай ызалана қарайды. Әттең, әжемнен батпай тұр да, әйтпесе оңашалау қолына түссек, үшеумізді де желкемізден алып бүріп жіберер еді.
— Алдыға түс те, сабағыңа жүр! — деді інісіне келте бұйырып. Петька жаутаңдап бізге қараған, Зояның алдына түсіп жалғыз кетуге бізді қимай тұр. Соны сезген Зоя енді Отто екеумізге де:
— Сендер де жүріңдер, оқудан шаршаған түрлеріңді көріп тұрғам жоқ, — деді.
— Әй, бұл екеуіндегі жұмысың не?! — деген әжем Отто екеумізге ара түсіп.
— Босқа тентіреп жүретін түк те жоқ, сабақтарын оқысын, — деді Зоя енді әжемнің ара түскеніне де илікпеген түрмен, онан соң мені нұқып тұрып: — Егер осыдан мына бала оқымай қалса, ертең Нәзира келгенде сізді емес, мені сөгеді ғой, — деді.
Зоя Нәзира әпкемнің атын атаған соң-ақ, әжем тосылып қалды.
— Қарғам... қарғам... қайтып қана жүр екен жаудырап, — деп, даусы бұзылып, теріс айналып кетті.
Енді әпкесінің алдында жаутаң-жаутаң етіп тұрған Петька да бізге қарап:
— Жүрсеңдерші, — деді. Жалғыз кетсем мына Зоя жолда оңдырмайды ғой дейтін сияқты. Амал жоқ, жолдасыңды жалғыз жіберуге қимайды екенсің. Отто екеуміз де боқшаларымызды алып, үшеуміз Зояның алдына түсіп мектепке қарай жүрдік. Әжемнің қолындағы көк таяғын қайтып алған Зоя соңымыздан ентелеп келе жатқан, былай шыққан соң:
— Қулар, — деді тағы да ұрса сөйлеп. — Оқымаған әжені алдап, сабақтан қашқандарыңа мәзсіңдер. Үшеуіңді де осы көшенің ортасында көк таяқтың астына алып, масқаралайын ба?! Біздің әскерлер ғой, әне, немістерді талқандап қуып барады, көп ұзамай жеңеміз енді. Сонда сен үшеуің не бітірдік дейсіңдер-ей?
— Ал сен не бітірдім дейсің? — деп, осы тұста алда келе жатқан Петька әпкесіне шап ете қалған.
— Менімен салыспа. Менің жөнім бөлек. Мен жұмыс істеп жүрмін, — деді Зоя маңғаздана.
— Біз де жұмыс істейміз.
— Сен алдымен мұрныңды сүртіп ал.
— Ой, үлкен бола қалғанын.
— Үлкенмін.
— Үлкен болсаң, онда күйеуге тиерсің.
Петьканың бұл сөзі, әрине, Зояның жынына тиетін сөз.
— Мә, саған, күйеуге тию! — деп, Зоя ұмтылып барып таяғымен Петьканы қойып қалған.
— Ой, ой, ой... — деп, Петька иығын сипап отыра кетті.
— Тұр! Әйтпесе бұл соққан соққан ба, тура жаныңды шығарам, — деп, Зоя оның үстіне төне түсіп кеп, жұлқып-жұлқып қалды.
Петька ыңырсып жылап орнынан тұрды.
— Тұра тұр, бәлем, мамама айтам әлі, — деген.
— Айт, айт. Мамам кімді жақтар екен. Сабақтан қашқан сені жақтар ма екен, әлде мені жақтар ма екен.
— Ал мен Манар екеуіңнің хат жазысқаныңды айтам.
— Өтірікші, жаның шыққыр!.. — деп бажылдаған Зоя інісінің құлағынан ұстап бұрай жөнелді.
— Ой, ой, ой...— деп Петька шыңғырған.
Зоя қып-қызыл боп түтігіп, оның құлағын онан әрмен бұрайды.
— Қоясың ба осы сен, жоқ па? А?!
— Ой, ой, ой... Қанат!.. Отто!.. Аяғынан тартып қалыңдаршы!.. — дейді шыңғырған Петька бізді көмекке шақырып.
— Тартып көрсін!.. Мына көк таяқпен аяқтарын сындырайын, — дейді өршеленген Зоя біздерге қарап қойып, бір қолымен таяғын оңтайлай ұстап. Біз Отто екеуміз әуелі жолдасымызды құтқармақ болып ұмтылыса түстік те, Зояның түтіккен түрін көріп тоқталдық. Рас, кейде біз Петькаға көмектесіп, Зояға жабыла кететінбіз, өйткені Зоя онша ашулы болмайтын, сондықтан біздің жабылғанымызды кек алмайтын, ал қазіргі мына түрі қатқылдау көрінді.
— Қоясың ба?
Бізден жәрдем болмасын білген Петька ақыры:
— Қоям, қоям! — деді жалынып.
— Міне, қиқарлансаң осылай болады, — деді Зоя енді оны орнынан өзі тұрғызып, үсті-басын қаққыштап.
Петька қызарып кеткен құлағын сипалай тұрып біздерге қарады.
— Сендер неге көмектеспейсіңдер? — деді бұртыңдай өкпелеп. Біз Отто екеуміз оның бұл өкпесін үнсіз мойындап, үндегеніміз жоқ.
— Петька, сен нағыз ақымақсың! — деді Зоя оның үсті-басын әлі де жөндестіре тұрып. — Сонда, немене, жолдастарыңмен мені төбелестірмексің бе?! Ақымақ!..
Мектепке келген соң Зоя бізді класқа кіргізіп, Әнипа апайымызға тапсырды да, өзі үлкен іс тындырғандай бізге ернін шүйіре қарап сыртта қалды. Әнипа апайымыз да бізге ренжулі екен.
— Үшеуіңмен сабақтан кейін қалып сөйлесеміз, — деді қатулы үнмен.
Әрине, Әнипа апайымыздың сабақтан кейін алып қалғанда не айтатыны белгілі ғой, баяғы оқу-білімнің пайдасы туралы да. Талай естіп жүрген сөзіміз. Сондықтан өтіп жатқан сабақты тыңдаған боп отырып, қоңыр сиырдың қамын қайтадан ойластыра бастадым. Не істеймін? Шөпті қайдан табам? Қайдан алуға болады?.. Бір сәт көңіліме үрей ұялайды. Қоңыр сиыр да қыстағы аштан өлген өгіздер құсап ыңыршағы шығып, бұралып жатып өлетін сияқты боп көрінеді. Ондайда жаным шырқырап, партада отыра алмай кетем. Не істеуім керек? Не амал бар?
— Мен таптым, — деді осы кезде Петька құлағымның түбінен сыбырлап. — Күнде кешкісін Мақым шал жатқан кезде, Шағыр көз жиреннің алдындағы шөптен алу керек. Түгел алмай, жартысын ғана алсақ, ешкім де білмейді. Ал почтаның атына колхоз шөпті күнделікті беріп тұрады. Сонда күн жылынып, жер қарайғанға дейін күнделікті алып тұрамыз.
Шынында да, мынау — табылған ақыл. Маладес, Петька! Қуанғаным сондай, күліп жіберсем керек.
— Қанат! — деді Әнипа апай саңқ етіп, даусы қатты, ашулы шықты. Селк ете қалдым. — Сабақ тыңдамасаң, бар, далаға шығып күл! — деді.
— Апай, байқамай қаппын.
— Бар, бар, далаға!
Әнипа апай көзілдірігінің астынан тесірейе қарап, қарсы алдыма кеп тұрып алды. Маған аса ренішті, ашулы еді.
— Мен кімге айтып тұрмын?! Бар далаға!
Амал жоқ, кластан шығуға тура келді. Бұл менің төрт жыл оқығандағы алғаш рет кластан қуылғаным еді. Көңілім жабығып, өзімді де кінәлі санап, жайымды ұқпаған Әнипа апайға да іштей ренжіп, сыртқы есіктің көзіне шықтым. Қайда барам? Балалардың бәрі класта отыр, үйге баруға зауқым жоқ, мектеп есігінің алдынан ауыл түгелге жуық көрінеді екен, келесі үзіліске дейін осы арада тұруды ұйғардым.
Сұрқай тартқан бұлыңғыр аспан. Бір апта болды, өстіп түтін басқандай түнереді де тұрады. Күннің көзін көруден де қалдық. Күннің көзі көрінбеген соң, ауа да жылынбайды екен. Түстіктен бір өкпек жел үрлейді де тұрады. ЬІзғары қозғалмай тұрсаң лезде бойды қалтыратып, сүйектен өтеді. Қардан құлантаза тау күнгейі де күннің көзі болмаған соң бойы құрысқандай боп сұрықсызданып, тоң-торыс жатыр. Жауын-шашын мен жел мүжіген ауыл үйлері қабырғалары алапес-алапес болып, қалай болса солай тігілген қотыр асықтар құсап сол сұрықсыз тауды алқымдай орын теуіпті. Бір қарағанда тіршілік белгісі жоқ сияқты, тым-тырыс, тек кейбірінің төбесінен түтін будақтайды... Көшеге шыққан мал да, адам да шеттерінен жүдеу, аяқтарын қалт-құлт басады, бүрсек-бүрсек етіп жел өтіне шыдай алмай, әлгі қотыр асық үйлердің ықтасын, тасаларына тығылады.
Албыр-жұлбыр домаланған біреу көшенің басынан бері қарай үйден үй аралап келеді. Бұл — жетім қыз Тоштан. Бүбітай боранда ұшып өлген соң, оның мал-мүлкін жамағайындары бөлісіп алды да, бұл мүлде панасыз қалды. Содан өстіп күніне бір ауық үйден үй аралап қайыр тілейді. Біреу бір уыс бидай салып береді қалтасына, біреу бір кесе айран ішкізеді, енді біреулер құрт-ірімшік ұстатады, бір кезде әкесін-шешесін көргендер мүсіркеп, аяушылық білдіреді де, ал ештеңесі жоқ үйден сүмірейіп бос шығады. Осы күні ауылда өстіп қайыр тілейтіндер шыға бастады. Тоштаннан кейін үйден үй аралауға кішкентай Көпен шығады. Кәдімгі бізбен бірге оқитын Көпен. Біраз болды, ашыққан соң оқуды тастап кетті. Шешесін колхоз қыс ортасында ағаш қиюға жіберген, жетпістен асқан атасы екеуі ғана тұрады. Бұрын атасы колхоздың малын бағатын, біраз болды, аяқ асты көзі көрмей үйінде отырып қалды. Азын-аулақ жиған-тергендері біткен соң, соқыр шал мен немересі қайыр-садақамен күнелтуде. Бұлардан да гөрі жағдайы ауыр бір қайыршы бар ауылда. Ол — шешен әйел Хауа. Мұрны қоңқиған, көзі шүңірейген ұзын бойлы әйел кішкентай қызы Айнаны ертіп алып, үсті-басы алым-жұлым боп ертеден кешке дейін ауылды дамыл таппай аралайды. Бір кірген үйіне бірнеше рет кіреді. Сонда да байғұсқа ешкім ештеңе бере қоймайды. Аяп кеткендері қызына сүт немесе айран ішкізеді, ал Хауаның өзі мүлде аш жүреді десе де болады. Кейбір қатыгездер: «Саған бірдеңе бермек түгілі, өзіміз де аш отырмыз, әрі, аулақ жүр!» — деп, есігі нің алдынан малды қуғандай таяқпен ұрып қуып жатады. Ондайда Хауа байғұс шешенше бірдеңелерді айтып, ыңырси сөйлеп, соққыдан басын қорғалап өңкеңдеп қашпақ болады. Соңғы кезде өзінің аяқ-қолы, бет-аузы домбығып ісіне бастаған сияқты. Тәлтіректей ілбіп әзер жүр. Біз балалар жалғыз-жарым, бетпе-бет кездесіп қалғанда Хауадан қорқамыз да. Жо, ол тиіседі, тарпа бас салады деп қорықпаймыз, тірі аруақтай түрінен қорқамыз.
Қазір де ауылдың әр тұсында жүрген осы қайыршылардан өзге ешкім көрінбейді. «Тезірек қоңыр сиырымыз бұзауласа, Тоштанға да, Көпенге де, Хауа мен қызы Айнаға да уыз берер едік-ау, — дедім оларға жаным ашып. — Тіпті күнделікті сүт те беріп тұрар едік».
Бір сәт Байдалы шалдың үйінен шыққан Тұржан сол төңіректегі біраз иттерді улыған-шулыған ғып, мал қораға қарай шауып өтті.
Осы кезде іштегі кластың есігі ашылып, Петька жүгіріп шыққан.
— Жүр, Әнипа апай ішке кірсін деді, — деп, жеңімнен тартты.
Әнипа апай әлгіндегідей емес, түк болмағандай жылы жүзбен қарсы алды.
— Отыр орныңа, ендігәрі сабақ үстінде күлуші болма, — деді ескертіп.
Сонымен кешкісін Шағыр көз жиреннің алдындағы шөптен ұрламақ болып бекіндік. Мақым шал күнделікті Шағыр көз жиренді далаға, қорасының іргесіндегі қолдан тоқылған шарбақ ақырға байлап, алдына шөпті үйіп салып қояды. Оны күнде көріп жүрміз. Біз сол ақырдағы шөптен үшеулеп көтергенімізше алуымыз керек. Онымыз қоңыр сиырдың бір күп тойып жегеніне әбден жетеді. Келесі күні тағы да аламыз. Қысқасы, сөйтіп, қоңыр сиырды қыстан асырап шығарамыз. Шөп іздеп те бас қатырмаймыз, ешкімге жалынбаймыз да, көз түрткі де болмаймыз. Және мұнымызды ешкім білмейтін болады.
Әуелі күндіз ойнаған боп жүріп Мақым шалдың үйін төңіректеп, ақырға қай жақтан барып, шөпті қалай алып, қалай әкетуді ойластырдық. Әрине, шөпті көтеріп көшенің ортасымен жүруге болмайды, шет-шетпен тасаланып айналып, жүруіміз керек. Ол жолымызды да мөлшерлеп көрдік, біраз үйлердің сыртын айналып өтуіміз керек екен.
— Ал енді үшеуміз шөпті құр құшақтап алып жүреміз дейміз, меніңше, онымыз жарамайды, — деді Петька әлгі шет жолымызды көзбен шола отырып. — Қанаттың үйіне жеткенше, құшақтаған шөбіміздің жартысы жолда шашылып түсіп қалады.
— Онда бір-бір жіппен буып байлап алайық, —дегем мен.
Сонымыз дұрыс сияқты көрінген. Бірақ біраздан кейін Отто:
— Өйтіп алып жүргенде де шөп шашылады, — деді, — Шөптің аты шөп қой, қанша мықты байласаң да бәрібір шашылады. Арқалап тасығанда көріп жүрміз ғой. Ертең шашылған шөптің ізі Мақым шалдың ақырынан Қанаттың үйіне дейін жол боп жатса, масқара боламыз ғой.
Расында да, жаны бар сөз, шөпті шашпай алып жүру мүмкін емес қой.
— Ең дұрысы, шөпті үлкен қапқа істелеп-істелеп салып алып жүру керек, —деді Отто. — Сонда қапқа шөп көп сыяды және еш шашылмайды, үшеулеп көтеріп жүруімізге де оңай. Біз күзде матрац жасаймыз деп сабан тасығанымызда, екі матрацтың қабына жарты арба сабан сыйып кеткен.
Бұл тіпті табылған ақыл болды.
Енді, міне, кештің батуын, қараңғылықтың тезірек түсуін күтіп, үшеуміз Оттоның үйінде отырмыз. Себебі бұл үйдің терезесінен Мақым шалдың үйі, қора-қопсысы алақанға салғандай көрініп тұрады екен. Біздің бүйтіп қызыл іңірден үйге топырлай қалғанымызға Оттоның мамасы таң. Өзі әуелде бұлыңғыр ымырт жарығында, онан соң сығыраңдаған май шамды жағып ап тоқыма тоқып отыр. Немісшелеп ұлына сөйлеп қояды. Сірә, үйге топырламай сыртқа барып ойнасаңдаршы дейтін сияқты. Отто болса немісше мен қазақшаны араластыра сөйлеп жауап қайырады.
— Кішкене жылынып алайықшы, мама, сонан соң тағы да ойнауға кетеміз, — дейді.
Біз Петька екеуміз онсыз да тар үйде отыра бермей кетейік десек, Отто екеумізді де қозғалтпайды.
— Асықпасаңдаршы, кішкене қараңғы болсын да, — деп безектейді.
Оттолардың үйі — ауылдағы көп үйлер сияқты шағын-шағын екі бөлме. Қыста отын үнемдеу үшін үй-іштері тегіс: мамасы, екі әпкесі Ирма мен Берта, Оттодан үш-төрт жас үлкен ағасы Лио — барлықтары осы төргі бөлмеде жатып-тұрады да, ауыз бөлмеге отын-су қойылады. Ал төр бөлме айтарлықтай кең де емес, жалғыз терезесі бар, оның алдында тамақ ішетін биік стол мен қолдан жасалған (Лио жасаған) үш-төрт орындық қойылған. Төрде жалғыз темір төсек, оның үстіне қампиған сабан матрацтар жиналған, қозғап қалсаң сыбдыр-сыбдыр етеді. Көрпе деген атымен жоқ, бәрі осы сабан матрацтардың арасына кіріп жатып ұйықтайтын болуы керек. Өйткені кейде ертеңгісін кіріп қалсаң, Отто әлі матрацтың арасынан басы ғана қылқиып сары бас шымшықтың балапаны құсап жататыны бар. Үйдің бір жақ қабырғасын ала салынған кән пеш бар, ылғи жып-жылы боп тұрады. Оттоның мамасы қашан келсең де көзі сығырайып, терезеден қашық болса да, әлгі кәннің үстінде тоқыма тоқып отырады. Бұдан өзге үйлерінде ешқандай дүние де, мүлік те жоқ. «Еділ бойынан көшкен кезімізде, дүние-мүліктеріміз тегіс сонда қалыпты», — дейді Отто.
Оттоның үйінен ымырт үйіріліп, қараңғылық түсе бастаған кезде шықтық. Әуелі біздің үйге соғып, әжеме білдірмей ауыз үйде тұрған екі ала қаптың біреуін бүктеп алдық. Басқа балалардың көзіне түспеуге тырысып, өзімізше ойнаған боп Мақым шалдың үйін айналшықтап жүрміз. Перде ұсталмаған терезесінен үйдің іші қараң-құраң ғана көрінеді. Мақым шал МТС-тан бүгінгі почтаны бесін кезінде әкелген болатын. Шағыр көз жиренді содан бері мама ағашқа қаңтарып, қазан суытып қойып, өзі күнделікті әдетінше шайға бас қойған. Күніне бір ішетін шайы болғандықтан, асықпай, терлеп-тепшіп отырып ұзақ ішеді. Ауылда осы Мақым шалдың шайды көп ішетініне байланысты тараған күлкілі әңгіме де бар, кемпірімен сөйлесіп отырып бір самаурынды тегіс тауысатын көрінеді, сондайда шалының көңіл-күйін бұзғысы келмеген кемпірі ыстық су болмай қалса, самаурынды жылы сумен-ақ үстемелеп қойып, шалы ұсынған шыны-аяққа жай судан құйып береді екен де, ал Мақым шалға шұрылдап самаурынның шүмегінен құйылса болғаны, басқа ештеңеге көңіл аудармастан тершіген маңдайын орамалымен сүртіп қойып, әлгі жылы суды да рақаттана отырып сораптай түседі екен.
Бүгін де Мақым шал әдетінше шайды ұзақ ішті. Орнынан іңір шақта бір-ақ көтерілді. Тысқа шығып, есік алдында жүрген ұсақ малдарын қоралап, онан соң бір уыс шөпті бүктеп ап, сонымен Шағыркөз жиреннің үсті-басын сүрткіштеп, терін үгіп, сылап-сипады да, қора іргесіндегі ақырға мол етіп үйіп шөп салып, атты соған апарып байлады. Онан соң үйінің алды-артына шығып, қараңғыда ананы-мынаны қарап шұқылаған болып біраз жүрді де, бар шаруасын тындырғандай үйіне кірді. Мұнан кейін тысқа кемпірі шығып, әлгіндегі шалының шұқылаған тұстарын байқастап қарап, қалай жабылып, қалай қойғандарын тексеріп өтті.
Сәлден кейін ұйқыға жатқан болу керек, май шамдары да сөнді. Біз әр тұстан ашылып-жабылған ауыл үйлерінің сықырына, әрбір тықыр еткен дыбысқа елеңдеп құлақ түре тұрып, Мақым шалдың үйінің біраз ұйқыға кеткенін күттік. Ауыл-үй арасындағы жүріс-тұрыстар, кіріп-шығулар басылғандай болған кезде, Шағыркөз жиреннің шөпті күтір-күтір шайнағанына дейін анық сөтілді. Ауық-ауық пысқырып қойып құрғақ шөпті тары жегендей күтірлетеді. Сірә, жоңышқалы, шұрайлы шөп болу керек, күтірлетіп шайнағанына адам қызыққандай.
Мақым шалдың үйі ұйықтады-ау деген мезетте, күні бұрын белгілеп қойған тұсымыз — қораның сырт жағынан тасаланып, біріміздің соңымыздан біріміз ептеп басып ақырға қарай жүрдік. Алда — Петька. Алдыңғы күні шөп алғанда, ақырдың қандай екенін көрген адам. Ақырдың шетіне жете беріп:
— Қап қайда? Аузын керіп ұстап, әзірлеңдер! — деп, ол сыбырлай сөйлеп бұйрық беріп шөптен құшақтап ала бергенінде, бірдеңе сақ ете қалды. Петька кейін қарай шалқалай барып құлап түсті. Сөйткенше болған жоқ, қатар тұрған Отто екеуміздің бетімізге бірдеңе сарт етті. Сол бір қас қағым сәтте аттың бізге қарай құлағың жымырып, аузын арандай ашып тістемек болып ұмтыла бергенін көріп қалдым. Үшеуміз бірімізді-біріміз баса-жанша кейін қаштық. Бір көрімі байлаулы ат жете алмады. Орнынан тұрған Петька:
— Мынау керемет тістейді ғой-ей! — деді есі шыға. Енді білдік, әлгіндегі Отто екеуміздің бетімізге тиген Петьканың құлақшыны екен. Шағыркөз жирен тістеймін деген кезде, аузына сол Петьканың құлақшыны ілігіп, соны тістеп лақтырып жіберсе керек.
Үшеуміздің де есіміз шығып қалды.
— Арам қатқырды қара-ей!
— О, шағыр көзіңді... қыршаңқы ит! — десіп, біраз сыбап боқтап алдық та, енді ақырға аттың басы жетпейді-ау деген тұстан келмек болдық. Бірақ қай тұсынан жақындамақ болсақ та, ІІІағыркөз жирен құлағын жымырып, тісін сақ-сақ еткізіп, тіпті маңайлатпады. Ойпыр-ай, малдың да мұндай тістеуігі болады екен-ау! Тура қабаған ит дерсің. Қораның арт жағынан сипалап жүріп, бір ағаш таяқ тауып алып, сонымен жасқамақ болып көргенбіз, енді Шағыркөз жирен тістегенді қойып, қос аяқтап тебіне бастады... Ақыры Шағыркөз жиреннің алдындағы ақырдан бізге шөп алдырмайтынына көзіміз анық жетті. Мұнан гөрі Мақым шалдың қолынан жұлқа қашып тартып әкету оңай шығар.
Үшеуміз де шарамыз таусылып, не істерімізді білмей ыза боп тұрмыз.
— Аша әкеп қарнына қорс дегізіп сұғып алар ма еді,— дейміз.
Бірақ сол ашаңды әкелсең де, мына Шағыркөздің маңайлатпайтынын, қарнына сұқтырмайтынын сезіп тұрмыз.
Салымыз суға кетіп, шөптен күдер үзіп, қабымызды сүйретіп үйге қарай қайттық. Мұндай мазақ, мұндай қор болмаспыз. Әлдеқандай болған үшеумізге бір жаман қыршаңқы алдындағы шөптен алдырмады-ау. Мұнымызды басқа балалар естісе, мазақтап қалай күлер еді. Балаларды қойып, бүкіл ауылға күлкі болар едік. Тіпті мазақ пен күлкіні де қойып, бәрінен де бататыны — ертең қоңыр сиырға не берем? Жесең де осы, жемесең де осы деп құр сабанға қаратам ба? Шөп жоқ болса екен-ау!.. Бар ғой. Қоғалы бұлақта жарты шошақ шөбіміз қалды, жарты шана шөбімізді колхоздың малы жеп қойды...
— Кеттік! — дедім кенет мен Петька мен Оттоны тоқтата тұрып.—Жүріңдер, колхоздың шөбінен ұрлаймыз. Біздің жарты шана шөбімізді колхоздың малы жеп қойды ғой, соның есесіне ұрлаймыз, — дедім кеткен есемді қайтарғым кеп. Сыртқа білдірмегенмен, көптен ішімде жүрген қыжылым еді. Тіпті анау екеуі бас тартса, жалғыз кетуге бекіндім.
— Шынында да, мал қорадан алайық та, — деді Петька мені іле қостап. — Әнеугүні ғой Тұржан біздің қанша азаппен сонау Қоғалы бұлақтан сүйретіп әкелген шөбімізді өртеп жіберді. Сол итке ерегіскенде колхоздың шөбінен алайықшы. Немене, колхоздың малы мал да, қоңыр сиыр мал емес пе?!
— Колхоз үшін ата-аналарымыз қан төкті дейміз. Ал сол колхоздың пайдасын Байдалы шал мен Тұржаннан басқа ешкім көріп жүрген жоқ. Шөптің жақсысын солардың малы жейді, майға пісірген бауырсақты өздері жейді. Сонда осындай колхоз бола ма?
— Шынында да, олар бұрынғының байлары да, біз кедейлері сияқтымыз, — деді Отто да көңіліндегі наразылығын білдіріп.
Сөйтіп, үшеуміз ойдағы колхоздың мал қорасына қарай тарттық. Қораға баратын жолмен тура жүрмей, талай жерді айналып сырт жағынан келгенбіз.
Сиыршының үйі жатып қалған екен, қораның төңірегі тым-тырыс, қыбыр еткен жан жоқ. Тек іштегі малдың жөтеліп-пысқырғандары, қасынғандары, күтір-күтір шөп жегендері, күйіс қайырғандары естіледі.
Бойы бізден биіктеу болғандықтан, Оттоны Петька екеуміз екі жақтан аяғынан көтеріп қораның төбесіне шығардық та, өзіміз қабымыздың аузын ашып, жоғарыдан түсірілген шөпті салып тұруға оңтайландық. Отто шыға сала шөпті жұлқылап суыра бастаған, бірақ бір уыс, жарым уыс шашылғаны болмаса ештеңе түсе қоймады.
— Әй, түсірсеңші енді, неғып жүрсің? — дегенбіз төменнен шыдамсызданып.
— Басылып қалған шөп екен, алу қиын, — деді Отто. — Қазір үстіне қарай шығайыншы...
Осы кезде қораның екінші жақ басынан арс-арс етіп шыға келген сиыршының тайыншадай көк төбеті бізге қарай шабалана ұмтылған. Жайшылықта, күндіз келгенімізде, бізді адам екен деп көзіне де ілмей маңқиып тұратын көк төбеттің бүйтетінін кім білген?! Петька екеуміз жан ұшыра далаға қарай безіп жөнелдік. Бірақ адуынды төбет бізді аттатсын ба, әудем жер қашып үлгермей-ақ артта келе жатқан мені бүйірлете жамбасымнан жұлқып қалып, бір-ақ бүктеді. Сол сәттегі жан дауысымның шырқырап шыққаны өзімдікі емес, өлім алдындағы басқа біреудікіндей, өз құлағымды жарып жіберердей болып естілді. «Ар-р-ар-р» еткен ашулы төбеттің тістерінің сақылдағаны, тамағының гүріл-сырылына дейін төбемнен құлағыма дейін анық білініп тұрды. Осымен өлген шығармын деген ғана ой келді. Онан әрі не болғанын білмеймін... Есімді жиғанымда, әлі тірі екенімді ұқтым, тәбет мені со бір бүктеп алып соққаннан кейін, қайтып тиместен, кейін қора жаққа қарай үріп кетіп барады екен. Сол арсылдап үрген бойында алыстай берді де, бір кез қараның арғы жағына кетті. Өйткені арпылдай үргені тасадан талып қана жетіп тұрды. Мен ұшып тұрып жан дәрмен бетім ауған жаққа қарай жүгіре жөнелдім. Біраз жүгіргеннен кейін алдымнан Петьканың:
— Қанат! — деп шақырған даусы естілді.
Екеуміз қосылып ап тағы біраз жүгірдік. Едәуір ұзадық-ау деген кезде барып тоқтап, есімізді жиып, артымызға қайырылғанбыз. Төбеттің үргені тіпті алыстан әзер естіледі.
— Сені қапты ма? Сонша қатты шыңғырдың ғой? — деді Петька.
— Қапты, — дедім мен өзіме-өзім келе алмай дір-дір етіп.
— Қай жеріңді?
— Жамбасымды болу керек, ауырып тұр.
— Кәне? — деп, Петька қараңғыда еңкейіп кеп шалбарымның ит жыртқан жерінен сипалап көрді де, — Бір тісі аздап қана батқан болу керек, кішкентай ғана қарайып, қанап тұр, — деді жұбатып. — Бірақ тоныңның етегін дал-дұл ғып тастапты. Сені сақтап қалған да осы тоныңның етегі болар.
— Енді үйге қайтамыз ба?
— Әлгі Отто қайда, ол не болды екен?
Демімізді ішімізге тартып, тың тыңдадық.
— Кәне, ысқырайыншы, — деп, Петька қос саусағын аузына салып қатты бір ысқырған, іле-шала жауап ысқырық шықты. Оттоның ысқырығы. Петька қайыра ысқырды, жауап ысқырық тағы шықты. Бізге қарай жақындап келе жатқаны байқалады.
— Біз мұндамыз? — деген Петька дауыс беріп.
— Келе жатырмын, — деді Отто.
Алқына жүгіріп қасымызға келді де:
— Біреуіңді қапты-ау деймін? — деді үрейленіп.
— Иә, мені қауып алды.
— Қалай?
— Қорқатын ештеңе жоқ, тек тонын далалап жыртып тастапты, — деді Петька.
Отто өзі дін аман екен. Қораның төбесінде тығылып отырыпты да, төбет үріп әрі қарай басқа жаққа кеткен кезде, секіріп түсіп зытыпты.
Осылайша колхоздың мал қорасынан шөп ұрлау жорығымыз да сәтсіз аяқталып, үшеуміз сүмірейіп үйге қайттық. Ала қабымыз сол қораның артында қала берді.
Тастай қараңғы түн тұмшалап тастағандай, не жұлдыз көрінбейді, не жылт еткен жарық жоқ. Сүйектен өткен өкпек жел өне бойды қалтыратып жіберді. Ауыл үйлердің арасында да иттердің үргенінен өзге дыбыс та, жүріс-тұрыс та жоқ, тым-тырыс. Мынау түнде бәрі де тұншығып жатқан сияқты.
Төбеттің тісі батқан жер енді ғана сыздап ауыра бастады. Әлде сол жаныма батты ма, әлде шарасыз хал қинады ма, еңіреп жылағым келді. Даусымды шығарып өксіп-өксіп жыласам деймін. Бірақ жолдастарымнан Петька мен Оттодан ұялдым. Бұлар да небір қиындықтарды көріп жүр ғой. Тек ешқайсысы еш уақытта жылаған емес. Сондықтан мен де жыламауым керек. Үйлеріміздің тұсына жеткен үшеуміз үш айрылдық.
— Ал жақсы, ертең тағы бірдеңе ойластырармыз, — деді Отто.
— Әрине, қол қусырып отыра алмаймыз, — деді Петька оны іле қостап.
Құдай-ау, бұл не деген созылмалы ауыр қыс?! Күн неге жылымайды?! Көктем айы болды емес пе? Қашанғы өстіп қыса бермек. Тақа діңкелетіп барады ғой. Құдай-ау, бар болсаң, естісеңші! Көктеміңді келтіріп, күніңді жылытсаңшы. Сонда саған сенейін: Сенің бар екеніңе сенейін! Еш уақытта сені жоқ деп айтпайын... Құдай-ау...
* * *
Ертеңгісін боз ала таңнан оянғам. Әжем болса менен де бұрын тұрып, күнделікті әдетінше далаға шығып, қорадағы қоңыр сиыр мен екі ешкіні қарап, одан от жағып, шай қойып, балалардың түнде жатарларында қалай болса солай шашып тастаған киімдерін жинастырып жүр екен. Бір сәт көзі түнде кеп босаға жақтағы шегеге іле салған менің тоныма түсіп кетіп, сығырайып барып соны ұстап көрді.
— Қарағым-ау, мына тоныңа не болған, ит талаған ба? — деді тонымның албыр-жалбыр шалғайын жарыққа тоса тұрып.
— Түнде ойнап боп үйге келе жатқанымда, арт жағымнан кеп бір бұралқы ит арс етіп ала түсіп жыртып кеткені, — дедім әжемді қалай да сендірмек боп қисындыра сөйлеп.
— Әй, осы түнде ойнаған дегенді қоймадыңдар-ау, — деді әжем кейіп, — Әйтеуір, еш жеріңе, денеңе тісі тиген жоқ па?
— Тиген жоқ, — дедім түнде иттің қапқанын жасырып. Өйткені оны айтып, әжемді құр несіне үрейлендірем... Тек шалбарымның мына жерін жыртып жіберіпті, тігіп берші, — деп, төсегімде көрпеге оранып отырған күйде шалбарымды алдына қарай лақтырып тастағам.
Әжем тебендей жуан инесі мен шуда жіп әкеп өзіме сабақтатып алды да терезенің алдына жарыққа барып отырып әуелі шалбарымның жыртығын, онан кейін тонымның жалбыраған шалғайын жамап берді. Жамап отырып өзі біраз кейіп, ұрсып алды, көп ойнайтынымды, әсіресе түнге қарай көп жүретініме ренжіді. Мен бүгіннен бастап түнге қарай үйден шықпаймын деп уәде бердім.
Сыртқа шығып, қоңыр сиыр мен екі ешкіні қорадан шығарып, алдарына біраз сабан шашып, сол сабанға араластырып беру үшін қораның үстіндегі шөптің ең соңғы қоқым-соқымдарын сыпырыстырып тұрғам.
— Қой деймін, қойсаңшы! — деген дауысқа жалт қарасам, көшенің ортасымен біздің үйге қарай Отто бір бау шөпті арқалап келеді екен. Бір қолымен шалбарының ышқырынан ұстап алған. Соңынан ере жүрген Бәтен тырқылдай күліп, оның шалбарын төмен түсіріп жібермек боп тартқылап келеді. Бір ауық Отто қайырылып, оны теуіп жібермек болады, ондайда Бәтен кейін қашып барып тоқтайды да, Отто қайтадан кете берген кезде, жүгіріп кеп шалбарының артынан төмен тартып қап мәз болады.
— Қой деймін-ей, әйтпесе, мына шөпті тастай сап көресіңді көрсетем ғой, — дейді ыза болған Отто қызараңдап. Бірақ өзі шөбін тастамайды. Әрине, шөбін тастай салып, бас салып ұстаған күнде де Бәтенге ол ешқандай көресінің көрсете алмайды. Әлі де жетеді. Бәтенге қарағанда күші де басым, бірақ үстемдік жасап ұра алмайды. Оны Бәтен де жақсы біледі. Сондықтан ол Оттоның соңынан қылжақтай еріп, біздің үйдің қасына дейін келді де, қораның төбесінен түсіп, өздеріне қарсы жүрген мені көрген соң ғана, кейін қайтты.
Бір бау шөпті Отто жаңа Мақым шалдан кәдімгі Шағыркөз жирен атын тұмаға апарып, суғарып кеп, со кісіден сұрап апты. Жібі болмаған соң, қайыс белбеуімен буып, арқалап алған ғой, бір қолымен шалбарының ышқырынан ұстап жүргені содан екен.
— Бәрінен де Шағыркөз жиренді тұмаға апарып суғарып қайтқанша, қос өкпеге тепкілеп, түндегі кегімізді бір қайтардым, — дейді Отто мәз бола күліп.
Сонымен қоңыр сиырға бүгіндікке де біраз шөп табылған еді.
Мектепке келген соң да сабақ арасы Петька, Отто үшеуміздің қыбыр-жыбырымыз, сөзіміз онан әрі жалғасқан. Шыдай алмай кетті-ау деймін, бір сәт қасымызға келген Санат:
— Соңғы кезде үшеуің ерекше бөлініп, сыбырласып кеттіңдер, жайшылық па, айтсаңдаршы? — деген. Сырымызды басқа балалардан жасырсақ та, Санаттан жасырғымыз келмеді. Бар шөбімізді Тұржан атқарушының қырсығынан жеткізіп ала алмағанымызды, енді, міне, бұзаулайтын шағында қоңыр сиырдың ашыққалы тұрғанын, соған шөпті қайдан аларымызды білмей, басымыздың дал болып қатып жүргенін айттық. Санат та ойланып қалды. Келесі үзілісте ол үшеуміздің қасымызға қайта кеп, көңілге қонар бір ақыл берді. Мынау ауылдың іргесінде, Жарбұлақтың бергі тұсында, жолға жақын жерге қара күзде тасып алынған екі маяның орны бар ғой, талай шөп ысырап боп шашылып қалған, сол араның үстінің қарын аршып көрсе қалай болар еді?
— Иә, ол жерді мен білем ғой, талай шөптің шашылып қалғанын өз көзіммен көргем, — деді Отто жұлып алғандай.
— Мен де білем, — деді Петька да.
Ол екі маяның орны менің де көз алдымда еді. Күзде талай рет Нәзира әпкем арба айдап келе жатып «шашылып қалған шөптен жинап ала келсем бе дедім де, колхоздікі болған соң алуға қорықтым», — дейтін.
Иттің тісі батқан жер қанша сыр бермеймін десем де сыздап ауырып, аяғымды аттатпайды. Сабақтан шыққан соң үйге қайтарда сүйретіліп әзер жүрдім. Бұл күйде Жарбұлаққа қалай шөпке барам? Бір үйдің тасасына келгенде Петька бой бермей шалбарымды түсіріп, жамбасымды сипап қарады да:
— Tic батқан жердің төңірегі қызарып ісіп тұр екен, — деді жаны аши сөйлеп. — Сен бүгін үйіңде бол, Жарбұлаққа Отто екеуміз барып қайтамыз ғой.
— Жо, мен өзім бармасам, сендер де бармайсыңдар.
— Немене, бізге сенбейсің бе?
— Сенем, бірақ өзімнің де барғым келеді.
— Вот қиқар, — деді Петька мырс етіп күліп. — Жарайды, біз Отто екеуміз сені шанаға отырғызып ап сүйретіп апарамыз.
— Шанаға сүйретпей-ақ мен өзім барам...
Сөйтіп, үшеуміз бір-бір күрек алып, үш кішкентай қол шанамызды сүйретіп, Жарбұлаққа қарай тарттық. Бұл жолы қайда баратынымызды, не әрекет жасайтынымызды үйден жасырғамыз жоқ. Қоңыр сиырға шөп табу үшін маялардың орнын аршимыз дегенімізге Петьканың мамасы да, Оттоның мамасы да қарсы болмады. Әжем болса:
— Қарағым, абай болыңдар, әйтеуір. Қар басып қалған шөпті аршып алу да оңай болмас, мұз боп қатып жатқан шығар, — деген.
Егер аршып алғандай болсақ, шөбімізді Тұржан көрмеуі үшін қапқа, мөшекке салып әкелеміз деп үйлерімізден бір-бір ыдыс алғанбыз. Мен жалғыз қалған ала қапты алдым. «Біреуі ғана қалыпты, біреуі қайда кеткенін білмеймін», — деп, әжем ауыз үйдің қуыс-қалтарыстарын тінткілеп қалды. «Іздемей-ақ қой, ол қап табылмайды», — деп айтуға дәтім бармады. «Іздер-іздер, табылмаған соң қояр», — деп ойладым.
Жарбұлаққа барар жолдағы қар қыстағыдай емес, жұқарып, қатқақтанып, мұздаққа айналыпты. Ауылдан шыққан соң оймауыт тұстарда үшеуміз үш шанаға отырып, жарыса сырғанаймыз да, өрге келгенде Петька мен Отто мені қосақталып сүйрелей жөнеледі. Мұздақ қардың үстінде шана да лыпып сырғанайды.
Маялардың орнын оп-оңай таптық. Жолдан жүз метрдей жерде кедір-бұдыр төмпешік-төмпешік болып жатыр екен. Кей жерлерде еріп, мүжілген, қар астынан селдіреп шығып қалған шөп те көрінеді. Қуанғанымыз сондай, шаналарымызды тастай бере әлгі шөбі көрінген тұстардан кеп үшеуміз үш жерден тұра қап, оюға кірісіп те кеттік. Күректерімізді тіктеп шаншып, шөпті бүркеп жатқан көрпе сияқты жұқа қаңылтақ қарды лездің арасында қопарып-қопарып тастамақ болғанбыз. Бірақ жұқа көрінгенмен, қар деген аты болмаса, сіресіп қатқан мұздан бір кем емес екен. Күректеріміз тасқа тигендей шақ-шұқ ете қалды. Сонда да бой бермей ұрғылай бердік. Әлі-ақ мына төмпешіктеніп жатқан мұздақ қарлардың тас-талқанын шығарып ойып-ойып, астындағы шөпке қарық боламыз да қоямыз. Алайда күзгі жауында әбден шылқып су болып, жерге басылып, одан үстінен қар жауып, алты ай қыс қатып жатқан шөпті аршып алу деген оңай емес екен. Біраздан кейін-ақ алғашқы аптығымыз басылып, меселіміз қайтайын деді. Өйткені тас уатқандай шақылдатып ұрғылап жүріп ойып алғандағы бір уыс, жарым уыс шөбіміздің жартысы мұз боп шығады. Тастайын десең, онан кейінгі ойып алған шөбің де сондай. Жалпы көзіміздің бір жеткені маяның орнында қалған шөптің бәрі осындай жартылай мұз боп жерге жабысып қатып қалған екен.
— Мейлі, осы мұзымен болса да үйге алып барайық, — дейді қара терге түсіп түтіккен Петька әлгілерді бір жерге жинастырып. — Мұзын ерітсек, шөбі қалады ғой.
Онысы да ақыл Әйтеуір, шөп аты бар ғой. Жоқтан гөрі бар.
Ит қапқан саным күректі қолыма ұстап, қар оюға кіріскенімде-ақ сыздап ауыра бастаған, бірақ оған бой бермеуге тырысып қимылдай бердім. Күректі құлаштап көтеріп зірк-зірк ете бергеннен соң ба, біраздан кейін жанға батып ауырайын деді. Енді қаттырақ қозғалған сайын, саныма ине сұғып алғандай болады. Бүкіл аяғым тұтасып, зіл батпан боп ауырлай түседі. Тағы біраздан кейін ауырғаны сондай, шыдай алмай шанама барып қисайып отыра кеттім. Жамбасым тегіс өртеніп бара жатқандай сыздап, ес таптырар емес. Өне бойым тегіс ауыр тартып, көзім қарауытып кетті. Жатқым келеді. Бірақ жатсам қайтіп тұра алмайтын сияқты көрінем, сондықтан өзімді-өзім: «Түу, осы да сөз бе екен, иттің бір тісі батқанға ауырып», — деп, жігерлендіріп, бір ауық Петька мен Оттоға қараймын. Ол екеуі менің мына хәлімді де, отырғанымды да байқар емес. Еттері қызып алған, қара терге түсіп, күректерімен мұздақ қарды гүсілдете ұрғылайды. Мұз боп қатқан бір кесек шөпті ойып алса, мәз болады.
— Міне, мынаның шөбі көп екен! — дейді қуана дауыстап. Одан әрі күректі қайта құлаштайды. «У-ух, У-ух» дейді бірінен-бірі қалыспай. Енді бір сәт көзімді жұмып, талықсығандай боп отырған маған екеуі мұздақ қар емес, тау ойып жатқандай естіледі... Қанша отырғанымды білмеймін, бір кездері Петька мен Оттоның:
— Әй, анау Қанат неғып отыр? Ауырғаннан сау ма?
— Өзінің отырысы бір түрлі ғой?!
— Әй, Қанат! — деген дауыстары алыстан талып естілді. Оларға жауап қайырмақ болып едім, шамам келмеді.
Қасыма жүгіріп келіп, біреуі маңдайымды ұстап көрді де:
— Ой, ой, ой!.. Күйіп тұр ғой! — деді.
— Қап, ауырып қалатын болды-ау!
— Бүгінше осы ойғанымыз жетер, енді қайтайық.
— Қайтайық. Ертең екеуміз кеп тағы оямыз ғой.
— Әрине...
— Давай, Қанатты өз шанасына жатқызып сүйретейік. Ал екеуміздің шаналарымызды бір-біріне тіркеп, үстеріне мешоктар мен қапқа салып мына шөптерді тиейік.
— Жарайды...
Екеуінің ақылдаса сөйлесіп жүріп, мені шанама жатқызып, одан ойған мұз шөптерін ыдыстарға салып шаналарына тиегендерінше қанша уақыт өткенін білмеймін, бір ұйқыдан оянғандай болған кезімде, өзімді сүйретіп келе жатқандарын аңғардым.
— Ыңқылдайды, жанына батып келеді-ау деймін.
— Аяғы тегіс күп боп ісіп кетіпті.
— Әне, тағы да ыңқылдады.
— Шыда, Қанатай, шыдашы, бауырым, қазір ауылға жетеміз.
Мұнан әрі тағы да ұйықтап кеткем... Біреу көтергендей болды. Әлуетті күшті қолды сездім, үлкен адам сияқты.
— Түу, жеп-жеңілі-ай! — деген ер адамның бейтаныс даусы құлағыма жетті.
— Мына араға жатқыз, — деген екінші үлкен адамның даусы. Мұны айнытпай таныдым, Мақым шал ғой. Мені әлгі күшті қол жайлап әкеліп жұмсақ шөптің үстіне жатқызды.
— Бұл әлгі Ықсанның баласы ғой, — деген Мақым шал.
— Қанат па? Бойы сыриып дырдай жігіт бопты ғой, — деді әлгі бейтаныс адам мені танып, еңкейіп кеп мені бетімнен сүйді. — Тү-у, ыстығы қатты көтеріліп жатыр екен.
— Мыналар ит қапқан деп тұр ғой, үйге барған соң ұшықтап жіберсе, бір-екі күнде жазылып кетеді, — дейді Мақым шал жайбарақат үнмен.
«Мынау мені бетімнен сүйген ер адам кім болды екен?» — деп ойлаймын. Көзімді ашқам, айдалада тоқтап тұр екенбіз. Почташы Мақым шал соңымыздан қуып жетіп, мені өз шанасына жатқызыпты. Бас жағымда бір жақ шекесі тегіс ойдым-ойдым, бір көзінің үстін бастыра қара былғарымен байлап алған түсі суық біреу екен. Киімдеріне қарағанда әскерден қайтып келе жатқан адам сияқты.
— Мынау кімнің баласы? — деп сұрады әлгі адам.
— Бұл кәдімгі соғыстан бұрын колхоздың шошқасын баққан Крешке деген орыстың баласы ғой, — деді Мақым шал.
— Бәрекелде, Крешкенің баласы ма-ей? Әй, бері келші. Атың кім?
— Петька.
— Ой, үлкен жігіт боп қапсың ғой, Петька, — деп әлгі адам Петьканы құшағына алып, бетінен сүйді.
— Әй, сенің әкеңмен бірге талай арақ ішіп, ел тыржыңдап қашып жүргенде, шошқаның етін жеп ем, — деді мәз бола күліп. Онан соң Оттоны нұсқап:
— Ал мынау кімнің баласы? — деген.
— Бұл соғыс басталғанда көшіп келген немістің баласы, Ота деген жігіт. Қазір өзіміздің ауылдың баласы боп кетті ғой.
— Кел бері, біздің ауылдың баласы екенсің, сенің де бетіңнен сүйейін, — деп, әлгі адам Оттоны да шақырып ап бетінен сүйді.
— Әй, Бетке, Ота! Шаналарыңды мына менің шанама тіркей салыңдар да, ауылға жүгіріңдер сүйінші сұрап. Соғыстан Көпеннің әкесі Әбен аман-есен келе жатыр деңдер.
«Көпеннің әкесі екен ғой! Байғұс Көпен, кіп-кішкентай, ап-арық боп үйден үй аралап, соқыр боп қалған атасы екеуіне қайыр-садақа сұрап жүруші еді. Маңдайының бағы бар екен де. Енді аштан өлмейтін болды. Ол енді әкесі бар бала. Ауылдағы ең бақытты бала сол болды ғой!..» деп ойлаймын.
Содан мен бір аптадай ауырып жаттым. Бүкіл бір жамбасым, аяғым тегіс күп боп ісіп, алғашқы күндері мүлде қозғалтпай қалды. Мақым шал сиыршының мені қапқан көк төбетінің қылшығын жұлып әкеп, сонымен үшкірген. Екі-үш күннен кейін кезек алып, біртіндеп жараның уыты қайтайын деді.
Мен жатып қалған кезде, қоңыр сиырдың бар тауқыметі Петька мен Оттоға түскен. Екеуі сабақтан шыққан соң, күнде түстен кейін Жарбұлақ жақтағы маяның орнынан ойып шөп әкеледі, оның мұзын ерітіп, желге жайып кептіріп, сабанға араластырып, қоңыр сиырдың алдына тастайды.
— Жақсы жейді, — деп екеуі де мәз болады.
Мен жатқан күндері екеуі сырттағы жаңалықтарды түгел күнделікті жеткізіп тұрды. Біртіндеп күннің жылынып, қардың кете бастағанын солардан естідім. Ауа райы осылай боп тұрса, енді біраз күнде жайма-шуақ көктемнің келетінін, сонда малды тау бөктерлетіп, жайылымға шығаруға болатынын сөз етеді. Келесі келгендерінде қардың астынан қалың көктің қылтиып қаулап келе жатқанын жарыса айтады. Осыларды естігенде тезірек аяғымның ісігі қайтса екен деп шыдамсызданам. Күнде ертеңгісін әжем тұрған кезде, мен де басымды көтеріп, мойнымды созып, терезеден сыртқа қараймын. Күн ашық болса қатты қуанам, көктемнің жақындай түсуі осы күннің ашықтығына байланысты ғой.
— Қалайсың? — дейді әжем.
Мен аяғымды қозғап қойып:
— Жақсымын, — деймін. Әжем кеп көрпемді ысырып, аяғымды сипап ұстап көреді де:
— Ісігі әлі қайтпапты, қозғалмай жат, — дейді.
Одан соң ұзақты күнге терезеден бозара қарап жатып кешті батырам. Түстен кейін бір ауық Петька мен Отто кеп отырып кетеді, сонда біраз серпіліп қалам. Қалған уақытта сарылып жата берген адамға таңның атуы да, күннің батуы да қиын екен.
Бір күні ертеңгісін сыртқа шыққан әжем сәлден кейін абыржып кірді үйге.
— Қанат-ай, балам-ай, қоңыр сиыр жоқ, — деді есі шыға.
— Қайда. кетіпті?
— Білмеймін. Түнде мықтап байлап қойған сияқты едім. Қораның аузын да мықтап бастырып жауып ем. Әлде жібі шешіліп, бошалап шығып кетті ме?..
Осыны айтты да әжем қоңыр сиырды іздеуге бел буған түрмен қайта шығып кетті. Ұшып тұрып киініп, бір аяғына ағаш байланғандай сүйретіліп мен де іздеуге шықтым. Қоңыр сиырдың жоғалғанын ести сала Петька мен Отто да безек қағып, ауылдың төңірегін айналып зыр жүгірді. Бүкіл көрші-көлем тегіс тік тұрып, аяқ жетер жерді аралап, бірге іздесті. Бірақ қоңыр сиырдың ізі де білінер емес, ұшты-күйді жоқ. Сол күні кешке дейін аяғымның ауырғанына қарамастан талай жерді шарлап, сілем қатып кешкісін үйге келсем, кішкене балалар ұлардай шулап жылап отыр екен. Көп жүргеннен бе, әлде суық тиді ме, менің аяғым тағы да күп боп ісіп кетті. Төсегіме сылқ етіп құлап түстім. Біраздан кейін шаршап-шалдығып әжем де келген. Көзі шүңірейіп, екі жағы мүлде суалып, бір уыс қана боп шүпиіп қапты. Алдынан шуылдаса шығып, жылап қарсы алған балаларға қабағын түйіп:
— Жә, түге, олары несі кісі өлгендей күңіреніп! — деп қатты ашумен басып тастады. — Жыламаңдар әрі, жаман ырым бастап. Басымыз аман болсын деп тілеңдер!
Кішкене балалар әжемнің мына қату түрін керіп жылағандарын пышақ кескендей қойып, тыйыла қалды.
— Әй, Болат, от жағып, шай қойып жіберші, балам! — деді бұйырып. Сөйдеді де төсегімде сұлқ жатқан менің қасыма кеп еңкейіп, аяғымды сипалап ұстап көрді. — Балам-ай, әттеген-ай, аяғыңды тағы ісіріп апсың ғой, — деді жабырқай кейіп. — Бекер көп жүргенсің. Тәуір болғаныңда тағы жатып қалатын болдың-ау.
Пысылдап жүріп ошаққа от жағып, Болат қайнатқан шайға отырдық. Әжем қара суға шыланған талқаннан бір-екі рет қана таңдайына салып, қайнаған суды тұз салып терлеп-тепшіп ұзақ ішті. Шай үстіндегі әңгімелеріміз ұсақ-түйек үй тірлігі төңірегінде: «Су әкеліп қойдың ба?», «Отын жардың ба?» тәріздес болды да, қоңыр сиыр туралы ешқайсымыз жарып аузымызға алмадық. Ащы жараны тырнаудан қашқандай маңайлағымыз келмейді. Онан бір ауық әжем осындай жадап-жүдеп тарыққан кезімізде, көңілімізді жұбататын дағдысына бағып, ертегі тәріздес әңгімелердің бірін бастап кетті.
— Баяғыда, осы сендердей кезім, бір қатты жұт болып, мал тегіс қырылып қалды. Әй, сол жылғы қыс та ерекше қатты болып еді. Жауған қардың қалыңдығы сондай, мына Қоғалы бұлақтай жерде отырғандарға алты ай қыс бір қатынаса алмадық қой. Ол заманда бүгінгідей колхоз деген жоқ, пішен шабу, қысқа шөп дайындау дегенді білмейді жұрт. Содан қалың жауған қарда мал тебіндей алмай аштан қырылды дейсің. Көктемге қарай қалың елде тігерге тұяқ қалмады ғой...
Терезе қағылды да сырттан:
— Қанат, Қанат! Тез далаға шықшы! — деді біреу дауыстап.
Әрине, аяғым ауырып отырған мен тұра қоймадым да, менің орныма сыртқа Болат жүгіріп шықты, лезде тапырақтай жүгіріп қайта кірді де:
— Әже, Бәкке біздің қоңыр сиырды әкеп тұр! — деді жан даусы шыға айқайлап.
Үй ішімізбен ауырған-сырқағанымызға қарамастан дүрліге көтеріліп, сыртқа ұмтылдық. Шынында да, есік алдында Бәкке қоңыр сиырды жетектеп кеп тұр екен. Қуаныштан есіміз шығып кетті.
— Қайдан таптың?
— Қайдан әкелдің? — дейміз шуылдаса жамырап.
— Мына жақтан, — деп Бәкке қараңғыда белгісіз жақты нұсқағандай болды. Есі шыққан әжем:
— Ой, өркенің өскір қарағым-ай, мың бол, мың болғыр!.. Көзің жамандық көрмесін!.. Өмірің қызыққа толы болсын!.. — деп, Бәккеге алғысты батасын үсті-үстіне жаудырып, айналып-толғанып жүр. Онан қоңыр сиырды бас жібінен алып, қораға қарай жетелей жөнелген.
— Әже, қораға емес, ауыз үйге кіргізіп байлаңызшы, — деді Бәкке.
— А! Сөйтейін бе? О да жөн екен, — деп, әжем енді қоңыр сиырды ауыз үйге қарай жетектеді. Қоңыр сиыр үйренген қорасына қарай тартқылап қиқалақтай бастаған, бәріміз артынан қаумалай айдаған соң, амал жоқ, ауыз үйге кірді. Әжем ауыз үйдегі май шамды жағып, білтесін көтеріңкіреп, сиыр тұратын жақ бұрыштағы ондық-мұндық заттарды басқа жаққа алып қойды. Қоңыр сиыр тап-таза ауыз үйді жатырқағандай көзі шарасынан шыға пыс-пыс етеді.
— Өзі тоқ екен, — деді әжем бүйірінен сипалап. — Әй, Болатжан, балам, астына бір құшақтай сабан әкеп тасташы, жатқанына жұмсақ болсын.
Болат лып етіп барып сабан әкеп төседі әлгі бұрышқа.
Онан соң «сақтықта қорлық жоқ» деп екі ешкіні де ауыз үйге кіргіздік. Сыртқы есіктің ілгегін жауып ап, қуаныштан есіміз шыға абыр-сабыр боп, ауыз үйде қоңыр сиырдың қасында бір шай қайнатым тұрдым-ау деймін. Ішкі үйге кіргіміз келмейді. Ауыз үйдің аты ауыз үй емес пе, тек тоңа бастағаннан кейін ғана ішке кірдік. Болат от жағып, қайтадан шай қайнатты. Мына қуаныштың үстінде әжем мырзалығы ұстап, тағы бір-бір қасықтан талқан шылап берді. Ризалығын білдіріп Бәккенің алдына, жеке өзіне жарты тостаған талқан шылап қойды.
— Мен үйден шай ішіп келдім, рақмет, әже, — деп Бәкке бас тартқан.
— Жоқ, қарағым, рақметіңді қоя тұр. Сен бүгін талқанмен емес, мал сойып құрметтейтін қонағымызсың, ұялмай же, — дейді әжем жаны қалмай қалбалақтап.
Шай үстінде мен Бәккені өзімсіне:
— Қайдан таптың? — деймін анықтай білгім келіп. Осы сәтте балалардың бәрі тегіс: Болат та, тіпті кішкентай Жанарға дейін көздері жайнаңдап Бәккенің аузына қарай қалған.
— Ат суарайын деп барсам, тұманың басында жүр екен, шөп беріп ұстап алдым да, үйлеріңе жетелеп әкелдім, — деді Бәкке міз бақпастан. Соған бәріміз иландық. Әрине, мен іштей иланғам жоқ, Бәккенің шынын жасырып отырғанын сездім, бірақ кішкене балалардың көзінше қазбаламадым.
Шай ішіп болған сон, Бәкке маған:
— Мен сендердікіне жатайыншы, — деді.
— Жат. Екеуміз бірге жатамыз, — дедім мен қуанып. Әжеме айтып ем, ол кісі де қуана құптады.
— Қарағым-ау, үй кең ғой, оның не қысылатыны бар, жатсын, — деді.
Сөйтіп, менің төсегімді кеңейтіп салып Бәкке екеуміз бірге жататын болдық. Әжем ауыз үйге шығып тағы да қоңыр сиырды сылап-сипап жататын жерін ыңғайластырды. Қоңыр сиыр тұмсығын созып ыңырана ақырын мөңіреген.
— Ойбұй, байғұсым-ай, шөлдеп тұр екенсің ғой, — деп шелекті салдырлатып су берді.
Енді шамды сөндіріп жатқалы отырғанымызда, сыртқы есімізді біреу жұлқа тартып, онан тықылдата қақты.
— Ол кім? — деген әжем есік ашпас бұрын.
— Мен Бакка апа! — деді әйел даусы.
— Менің апам ғой, — деді Бәкке елең етіп.
Әжем есікті ашып, үйге Бәккенің шешесі Зейнат кірді. Бұл баданадай қой көзді, пышақпен қырнап жасағандай қыр мұрынды, өңі ажарлы болса да, бір түрлі суық көрінетін, орта жастағы ақ сұр әйел еді. Бәккенің кескін-келбеті әкесі Адудан гөрі осы шешесіне көбірек ұқсайтын. Ал әкесі Аду сақал-мұрты қап-қара, қоңырқай жүзді, доғал мұрын, кішірек көзі күлімдеп, жұмылып кете жаздап тұратын адам.
Зейнат кірген бойда әуелі әжеме:
— Амансыз ба, — деп амандасты да, (Бәккенің шешесі қазақша басқа сөздерді сөйлей алмаса да, «амансыз ба?» дегенді өте анық және дұрыс айтатын) шәлісінің астына тығып әкелген бір күлше дөңгелек наны бар екен, соны ұсынды.— Бала тіс жейді, — деді күле сөйлеп. Әлгі күлшенің жүгерінің ұнынан пісірілгенін мен айнытпай танып отырмын. Анда-санда Бәккенің үйіне кіре қалғанда жейтінбіз. Өте тығыз боп піскен, тәтті болады.
— Рақмет, қарағым, — деді күлше нанды алған әжем.
— Балалар тас берсең де жеп қояды ғой.
Мұнан әрі Зейнат баласына шешеншелей жөнелген. Даусы қатқыл, әр сөзі ұрысқандай естіледі. Бір жылдан бері шешенше пәлендей сөйлеп үйренбесем де біраз сөзін түсінетінмін. Сондықтан Бәккенің шешесінін айтқандарын түгел ұқпасам да, ұзын-ырғасын сезіп тұрмын: әкең жұмыстан қайтқанша неге шыдамадың, дейді жазғырып. Бәкке де қатты сөйлеп жауап қайырды: «Әкем келгенше, олар сиырды сойып алса не істеймін» дейді. Шешесі тағы да жазғыра сөйледі: «Егер қолдарына түсіп қалсаң қайтетін едің, олар өлтіріп тастаудан тайынбайды ғой» деген. «Жоқ, өлтіре алмайды, мен оларға өлтіртпеймін»,— дейді Бәкке де қайтпастан. Шешесі мұнан кейін де жазғырып ұрысқан, бірақ Бәкке де өз дегенінде тұрып алды, шешесіне көзін аларта қарап «уай-уай» деп шатынай сөйлейді. Осылайша шешесі мен баласы біраз дауласып сөйлесіп алды да, ақыры Зейнат шарасы таусылғандай лажсыз күлімсіреп әжеме қарады.
— Бала жаман... жаман...—деді қолын сілтеп.
— Жоқ, қарағым. балаң жаман бала емес, жақсы бала, — деді әжем оған қарсы дауласа сөйлеп. — Осы үйге келгенде байқаймын ғой, тәрбиесі де, тәртібі де жақсы бала.
— Вай, вай, — деп Зейнат қарсылық білдіргендей басын шайқап күлді де. — Мен бала, сен бала...— деп бастады да, әрі қарай аузына қазақша сөз түспей тұтығып тұрып қалды, онан соң баласына сен түсіндіріп жіберші дегендей айтар сөзін шешенше жалғастырып әкетті. Бәкке күлді де:
— Әже, менің апам айтады, менің балам сізді өзінің әжесіндей жақсы көреді деп, — деп аударды.
— Е, айналайын, мен де сені мына отырған Қанатымнан кем көрмеймін, — деді әжем де.
Бәкке енді өз шешесіне әжемнің сөзін аударған.
— Вай, вай! — деп Зейнат сақылдай күлді.
Мұнан әрі шешесімен Бәкке тағы біраз сөйлесті де, ақыры шешесі кетуге ыңғайланды, әжеме қарап:
— Мен бала... — деп қолымен ишараттап Бәккені нұсқап, осында қонады дегенді білдірген.
— Қонсын, қонсын. Қорықпа, балаңды сабамаймыз, — деді әжем әзілдеп. Әжемнің әзіліне бәріміз де мәз болып күлдік.
Зейнат кеткен соң шамды өшіріп жатқанбыз. Әжем мен балалар тез ұйқтап қалды да, Бәкке екеуміз қатар жатып ап алаңсыз еркін әңгімеге кірістік. Әуелі Бәкке:
— Қанатай, бұл әңгіме тісіңнен шықпасын, әйтпесе екеумізді де өлтіреді, — деп, маған өзінің қоңыр сиырды қалай тапқанын айтып берді.
Қоңыр сиырды бір шешен (Бәкке ол шешеннің де атын айтпады) өткен түні таң алдында кеп әкетіпті. Содан күні бойы алдына шеп салып қораның түкпіріне қамап қойыпты. Ондағы ойы алғашқы күнгі абыр-дабыр іздеу басылған соң, бүгін түнде сойып алу екен. Мұның бәрін Бәкке әлгі шешеннің бес жасар баласының айтқанынан (балалы үйдің ұрлығы жата ма) естіпті. Оның үстіне Бәккенің өзі де сабақтан қайтып келе жатқанында, әлгі шешеннің қорасына шөп кіргізіп жүргенін байқап қалады. «Мұның ешқандай малы жоқ еді ғой, шөпті неменеге салып жүр екен?» деп ойлады. Сөйткенше болмай ойнап жүрген баласы «Бүгін менің әкем сиыр сояды» деп мақтанып, бар жағдайды айтып береді. Содан Бәкке әлгі шешеннің үйін сырттай аңдиды. Әкесі болса жұмыста, басқа ақылдасатын адам жоқ. Бәкке не істерін білмей аласұрады. Бізге кеп айтса, ұрлығын ашқаны үшін әлгі шешен мұны бауыздап тастайды, өйткені шешендердің заңы солай. Кешке қарай көрші колхоздан жасырынып әлгі шешеннің бір-екі сыбайласы келеді. Үшеуі үйге кіріп, пышақтарын қайрап, қараңғылықтың түсуін күтіп отырған кездерінде, Бәкке ақырын барып есіктерін сыртынан бекітіп, қоңыр сиырды жетектеп, біздің үйге қарай тайып тұрыпты. Әлгі шешендер әзірге өздерін кімнің тотитып кеткенін, әрине, білмейді.
— Ал егер білсе ше?
— Тіпті білсе де бұл шешендер үшін кешірімді. Олар ұрлады, олардан мен ұрладым. Мықты болса ұрлатпаулары керек еді. Ал егер ұрлағандарын келіп айтсам, онда кешірмес еді. Өштесіп, кек қайтарар еді. Сондықтан ертең ешкімге ештеңе демей, түк білмегендей болайық. Сұрағандарға тұма жақта жүрген жерінен тауып алдық дей сал.
— Мақұл, Бәкке.
Көзіміз ұйқыға енді ілініп бара жатқан, үйдің түбінен жүріп өткен дүбірден Бәкке де, мен де қатар оянып, басымызды көтеріп-көтеріп алдық.
— Біреу жүрген сияқты болды ғой.
— Иә, біреу есік алдында жүр.
Ұмтылып барып терезеге жабыса тұрып, тастай қараңғы сыртқа қарағанбыз. Қараңдаған еңгезердей біреу қораға кіріп кетті де сәлден кейін қайта шықты, ары-бері ұрлана қарап біраз жүрді де, енді кеп есікті тартқылады.
— Соның өзі, — деді Бәкке сыбырлап.
— Киініп алайық.
Қараңғы үйде сипаланып тұрып, тез киініп алдық. Бәккені қайдам, менің өне бойым безгек ұстағандай дірілдеп кеттім. Әуеліде есікті жай тартқылағандай тықырлатып тұрған, әлгі бір кез сарт еткізіп жұлып алғандай болды. Бәкке екеуміз жүгіріп ауыз үйге шыққанбыз, жоқ, есік ашылмапты. Сырттағы адам бар күшін салып тағы да жұлқып-жұлқып қалды, бүкіл үй солқ-солқ еткен.
— Қанат, балта бар ма? — деген Бәкке.
Мен қараңғыда сипаланып барып, босаға жақта сүйеулі тұратын балтаны тауып әкеп Бәккенің қолына ұстаттым да, өзім ашаны алдым.
— Сен не алдың? — деп сұраған Бәкке.
— Ашаны алдым.
— Дұрыс. Енді қорықпаймыз. Егер есікті бұзып кіретін болса, мен оны тура балтамен шабайын, ал сен қарнына ашаны сұғып ал.
— Мақұл.
— Әй! — деді енді Бәкке сырттағы есікті тықырлатып тұрған адамға: — Біз біріміз балтамен, біріміз ашамен қаруланып тұрмыз.
— Бәкке?! — деген сырттағы адам таңырқап.
— Иә, Бәккемін.
Анау шешеншелеп бірдеңе-бірдеңе деген, менің ұққаным: сенің бұл үйге қандай қатысың бар дейтін сияқты. Бәкке де шешеншелеп жауап қайырды: бұл менің досымның үйі дейді. Анау: «мен қазір сені досыңмен қосып бауыздаймын» дегендей болды. Бәкке: «Бауыздап көр, менің әкем сені бауыздасын деді». Анау: «Мен сенің әкеңнен қорықпаймын» деген. Бәкке менің әкем күшті, сені құртады, деді ызақорлана дауыстап. Сырттағы адам бар күшін сап есікті тағы да жұлқып қалған. Осы кезде сырттан, арғы жақтан шешенше айқайлап ақырған еркектің даусы да шықты. Есікті жұлқып тұрған адам тапырақтай жүгіріп ары қарай кетті. Сөйткенше болған жоқ, әлгі екі адамның дабыр-дұбыр сөйлескендері әріректен, көше жақтан естілді.
— Менің әкемнің даусы ғой! — деді Бәкке. Жүгіріп барып есіктің ілгегін ашып жіберіп, сыртқа атып шыққан. Мен де ілесе шығып, есіктен аттап барып тоқтадым. Анадай жерде ақ қардың үстінде арсыл-гүрсіл алысып жатыр екен. Жүгіріп барған бойда Бәкке де қазақша боқтанып кірісіп кетті. Үлкендер шешенше боқтасып жүр, ара-арасында: «О-о», «а-а»...», «Вай, Миск!..» деп ышқына ыңыранғандары естіледі. Бірін-бірі сарт-сұрт ұрғандары, ыңыранған, ыңк-ыңқ еткен дыбыстары естіледі. Бір сәт Бәкке: «А-а... әкеңнің!..» — деп баж ете қалған. Жаным шыға жаздаған мен:
— Бәк-ке! — деп жүгіре ұмтылғам. Осы мезетте үлкендердің бірі кескен теректей сереңдеп барып анадай жерге ұшып түсті. Мен жандарына таяп келгенде, екінші үлкен адам әлгі сұлап түскеннің үстіне төніп, еңкейіп қарады да, тістене тұрып шешеншелеп:
— Тірі екен, — деді. Даусынан таныдым, Бәккенің әкесі екен. Мені көріп:
— Хээт, Хээт! — деді зеки дауыстап. Онан соң Бәккеге бірдеңе-бірдеңе деп тез-тез сөйлеген. Бәкке жүгіріп кеп мені үйге қарай жетелей жөнелді де:
— Қанат, тісіңнен шықпасын. Мұны ешкімге айтушы болма. Онда менің әкемді құртады. Бар үйіңе! — деді сыбырлай сөйлеп.
Үйге кіріп, есікті іліп ішкі бөлмеге енгенімде, әжем:
— Қанатпысың?! Не боп қалды?! — деген.
— Жай. Далаға шығып жүрмін, — дедім дауысымнан бойымды билеген үрейді де, тоңғанымды да білдірмеуге тырысып.
Бірден жата қоймай, терезенің алдына барып көше жаққа қарағам. Бәкке мен әкесі көрінбейді, кетіп қалса керек, ал әлгі серейіп жатқан адам әлден соң орнынан тұрды. Тағы да біздің үйге кеп есікті бұзып жүрмесе деп зәре-құтым қалмады. Жоқ, бері қарай жүрмеді, бір аттап, бір тоқтап, ілби басып қараңдап ары қарай кетті. Тәлтіректеп бара жатқаны байқалады.
Ертеңгісін тұра сап қоңыр сиыр мен екі ешкіні сыртқа шығарып, ауыз үйді тазалап, онан соң түндегі арпалыс болған жерге барғам, әр жерде қардың үстіне тамған қанның ізі қапты. Сірә, шешендер пышақтасқан болу керек. Түндегі Бәкке алып шыққан біздің балта анадай жерде жатыр екен.
— Әй, Қанат, бірдеңе жоғалттың ба? Не іздеп жүрсің?
Мен қапелімде ұрлығымның үстінен түскендей селк етіп қалдым. Үйінен шыққан Петька боқшасын арқалап бері қарай келе жатыр екен. Мен жауап берем дегенше болған жоқ, ол есік алдында жүрген қоңыр сиырды көргенде қуанғаны сонша:
— Табылыпты ғой! — деп есі шыға жүгірді.
Петьканың көңілі басқа жаққа ауғанын пайдаланып, мен де балтаны алып үйге қарай жүрдім.
Түнгі оқиғаны — шешендер төбелесін Бәкке екеумізден басқа ешкім білген де, естіген де жоқ. Егер МТС-тағы шешендерді бақылайтын коменданттың құлағына болар-болмас сыбыс тисе-ақ, ұры шешенді де, Бәккенің әкесін де айдап әкететіні сөзсіз еді. Сондықтан Бәкке екеуміз кездескен жерде көзімізбен ғана ұғысып, болған оқиға жайлы ләм-мим деп сөз қозғағамыз жоқ. Бәкке біраз күнге дейін мектепке де барған жоқ, оң қолымды темір пешке күйдіріп алдым деп мойнына асынып байлап, үйінде отырды. Ал әлгі біздің қоңыр сиырды ұрламақ болған Солтымұрат деген шешен екен. Оны білгенім, сол Солтымұрат қорадан құлап, қазыққа жығылдым деп, екі қабырғасы сынып, үйінде бір айдай төсек тартып жатты.
Петька, Отто үшеуміздің тірлігіміз со бұрынғыша — сабақтан шыға сала қоңыр сиырдың қамына кірісеміз. Әр жерден үзіп-жұлқып бір уыс шөп тапсақ, алтын тапқандай қуанамыз. Сірескен қар өмірі кетпестей боп мұрты шетінер емес. Шіркін-ай, жер қарайған көктемге жетеміз бе, жетпейміз бе деп зарыға күтіп жүргеніміз. Амал-әрекеттің бәрі таусылған, ешкімнен қайыр болмайтынына көз жеткендей үміттің де үзілген шағы.
Сол күндері Нәзира әпкемнен хат алғанбыз. Бұл — үйден аттанып кеткеннен бергі үшінші хаты еді. Амандық-саулығын айта келіп, өздерінің — ылғи Қазақстаннан барған қыздардың — Еділ бойындағы жаудан азат етілген қаланы қалай қалпына келтіріп жатқандарын жазыпты. Әр тараптан барған талай қыздармен достасып, апалы-сіңлідей туыстасып кеткендерін, қандай қиыншылықтар болса да солармен бірге көтерісіп «көппен көрген ұлы тойдың ішінде жүргенін» мақалдап білдіріп, әжем мен бізге — іні-сіңлілеріне: «Мені ойлап қайғырмаңдар, халім жаман емес, ойнап-күліп жүріп жатырмын», — деп қойыпты. Бірақ хатының кейбір тұстарындағы бірді жарым сөздерді аңдап отырған әжем: «Тоқта, жаңағы жерін қайта оқышы», — деп маған қайталай оқытты да:
— Не дейді, құдай-ау, аяқ астынан жарылатын... — дей ме? — деп сұрайды.
— Минаны айтқаны ғой, — дегем мен білгішсініп.
— Е, бір алла өзің жар бола гөр, — деп әжем күбірлей күрсінді. — Бүгін хат жаз, абайлап жүрсін деп жаз. Дауыстап айтпаса да іштей аллаға сиынып жүрсін.
— Ой, Нәзира әпкем құдайға сенбейді, — дегем мен әжемнің не болса содан қорқатынына қитыға сөйлеп.
— Тә! Өйдеме! — деп, әжем кәдімгідей қатуланып сөгіп тастады. Әжімдері қатпар-қатпар боп тереңдеп, өңі қатты сұрланып кетті. — Осы кесір сөздерің ғой сендердің...
Әжемді дәл бұлай ренжір деп ойламаған мен сасқанымнан:
— Жарайды, жазам, аллаға сиынып жүр деп жазам,— деп әзер жұбаттым.
Міне, сол хатының соңында әпкем ауылдағы ағайын-туғандарға тегіс сәлем жолдай отырып, Зибашқа да бір-екі ауыз сөз арнапты: «Зибаш жеңгеме көп-көп сәлем айтыңдар, талай жауынның астында бірге суға малтығып, талай боранда бірге тоңып ек. Қайран жеңгем, азаматтан бір кем емес еді, сендерге де көз қырын салып жүрген шығар. Аман-сау елге оралсам, мен де қарыздар болып қалмаспын...»
— Е-е, қарғам-ай, жұрттың бәрін өзіндей көреді ғой, — деді осы тұста әжем еріксіз қатты күрсініп.
— Зибаштың опасыз екенін қайдан білсін, — дедім мен де шыдай алмай.
— Қайтесің, дүние шіркін деген сол ғой, балам. «Адам аласы ішінде» деген емес пе. Нәзираға жазып қойып жүрме. Алыста жүрген адамға ауылдағыны жамандамайық, — деді әжем.
— Онда әпкемнің сәлемін Зибашқа айтпайық па?
— Айтайық. Хатын апарып өзіне оқытайын, — деп түйді әжем.
Сол күні әжем Нәзира әпкемнің хатын алып Зибаштың үйіне кеткен, біраздан кейін қуанышпен оралды.
— Балам, әлгі Зибаш сиырларыңызға шөп берейін, кешкісін балаларыңызды жібере қойыңыз деді.
Айтқанындай кешкісін іңір кезінде Болат екеуміз екі жіп алып Зибаштың үйіне келгенбіз. Зибаш сыртқа өзі шыққан. Кешкі апақ-сапақта жүзі аппақ боп айдай жарқырап керемет әдемі көрінді, қиылған қастары сәл түйіліп, бізге жай ғана бір көз тастады да, былқылдай басып кеп қораларының іргесіндегі тал шарбақтың ішіне жиналған шепті иегімен мегзеп:
— Көтергендеріңше буып алыңдар, — деді.
Біз Болат екеуміз көк жауқазын шөптен өзіміз жейтіндей боп, қуанғаннан есіміз шыға жіпке бууға кірістік.
Дәл осы сәтте ауыл иттерінің азан-қазан үргені, айқай-шу естілген. Әрине, атқарушы Тұржанның көшеден өтіп бара жатқанын айтпай-ақ ұқтық. Сөйткенше болған жоқ оның:
— Әй, Зибаш сұлу, а-а-а...- деген дарақы күлкілі даусы естілді. — Естідің бе, жоқ па, әлгі сенің шолақ қол өкілің, Әлтаевың басқа жаққа жұмысқа ауысып кетіпті, а-а-а...
— Оны кім айтты?
Естідік қой, а-а-а... Енді сен бұл ауылда біргәдір боп қалар ма екенсің, а-а-а... — деп сол еліре мәз боп күлген күйі, атын қамшылап әрі қарай шаба жөнелді.
Зибаш болса, сол шарбақ қоршаудың есігіне сүйенген күйі, Тұржан басынан қамшымен осып-осып өткендей боп, сілейген күйі Тұрып қалған. Біз ініміз екеуміздің қанша шөп алғанымызда да, кеткенімізде де шаруасы болған жоқ. Тіпті айтқан рақметімізді де естіген жоқ. Үйіріле бастаған ымырт қараңғылығында әлгінде ғана аппақ боп жарқырап тұрған айдай ақ жүзі біртіндеп солғын тартып, бір түрлі шаршаған, қалжырағандай күйде қала берді. Бүкіл иттерді шулатып ауылдың екінші басына шыққан Тұржанның есірік күлкісі ымыртта бұрынғысынан да гөрі жаңғырығып, екіленіп, еліріп естіледі: «А-а-а!..»
Біз, Болат екеуміз, буып алған шөптерімізді бүкшеңдей көтеріп, үйге қарай жан дәрмен ышқына ұмтыламыз, құдайдан бар тілегіміз, Тұржан кейін қарай қайта шаппаса екен, бізді көрмесе екен дейміз. Тілегіміз қабыл боп, Тұржан қайтып кейін қарай шаппады, біз аман-есен Зибаш берген шөпті арқалап үйімізге жеттік-ау. Сол күнгі қуанышымызда шек жоқ еді. Қоңыр сиыр да, екі ешкі де шөпті көргенде, бас жіптерін үзе жаздап тұмсықтарын созып мөңіресіп-маңырасып естері шықты.
Обалы не керек, Зибаш берген сол шөп бізге біраз күнге әжептәуір талғажу болды.
Ал сол күнгі Тұржан айтқан хабар ертеніне-ақ бүкіл ауылға тарады: шолақ қол өкіл шынымен-ақ басқа жаққа қызметке ауысқан екен. Ауыл адамдары ендігі жерде Зибаштың бригадирліктен түсетінін де сөз етісті. Қолдаушысы, қорғанышы жоқ әйел қанша тұрар дейсің, Байдалы шал аман болса, әлі-ақ қағып тастайды ғой десті. Әрине, бригадир етіп Тұржанды сайлап алады. Осы пікірге тірелгенде елден маза кетейін деді. Атқарушы боп істеп жүргені мынау, ал егер бригадир бола қалса, бұл Тұржан шетімізден жон арқамыздан таспа тілер десті. Жоқ бұл оңбағанды, бұл лағынетті бригадирлікке жолатуға болмайды. Амал табу керек. Әрекет жасау керек.
Зибаш болса екі-ақ күннің ішінде үсік ұрған жапырақтай боп өңі қуарып, көзінің асты қалталанып, түрі мүлде түр болмай қалған. Үшінші күні Байдалы шал колхоз активтерін жинап жиналыс өткізіпті. Сонда арт жақта отырған біреу әзіл-шыны аралас:
— Шолақ қол өкіл кетіпті ғой. Енді колхоздың кейбір басшыларын өзімізше сайлайтын шығармыз, — деген екен, Байдалы шал көзі шақшаң етіп әлгі адамға:
— Шолақ қол өкіл кетсе, мына бүтін қол біз бармыз ғой, тізгінді өзім-ақ алам,- деп жауап беріпті. Сөйтіп екі-үш күн ауылды кеулеген қаңқу сөзге бірден тыю салған екен. Әлгі адам да, басқалар да жым болса керек. Содан кейін-ақ Зибаштың жүзіне қайтадан қан жүгіріп жадырай бастады.
Сол жиналыс өтіп жатқан кезде, Санат бір топ баланы кеңсенің қасына шақырған:
— Келіңдер, қазір бір қызық болады, — деп.
Үлкендер жиналыстан шыққан кезде, біздер анадай жерде жентектенген сүр қарды домалатып ойнап жүрдік. Кеңседен бірінші боп Тұржан шыққан, бізді көре сала елірмесі ұстағандай:
— Әй, күлигандар, қазір сендерді ме! А-а-а!.. — деген сақылдай күліп.
Кеңседен Байдалы шал бастаған басқа активтер де шыққан.
— Әй, Тұржан! — деді Байдалы шал дауыстап. — Әйел адам ғой, анау Зибашты атына мінгіз.
— А-а-а... мақұл аға, — деді Тұржан ыржалақтап.
Тұржан барып Зибаштың атын шешіп әкеп, алдына көлденең тартып, қолтығынан демеп мінгізді.
— Енді менің атымды әкел! — деді Байдалы шал. Тұржан енді Байдалы шалдың атын шешіп әкеп алдына көлденең тартты да, оны да қолтығынан демеп жіберді.
Атына мініп, қоқилана отырған Байдалы шал:
— Әй! — деді тағы да Тұржанға иегін көтере тұрып, — Біз ұзап кеткенше, сен осы арада кідіре тұр, әйтпесе сен атқа мінсең, бүкіл ауылдың итін улыған-шулыған қыласың.
— А-а-а... Мақұл аға, — деді Тұржан бұл жолы да ыржалақтап.
Байдалы шал мен Зибаш ауылдың ортасымен қос жорғамен қатарласа жүріп мал қораға қарай кетті, басқа активтер де әрқайсысы өз шаруасына бет алған. Жұрттың ең соңында қалған Тұржан қамшысын үйіріп қойып, көзі құтырына ойнақшып біздер жаққа бір қарап:
— Әй, күшіктер! — деп қойып атына қарай жүрген.
— Ойбай, қашайық! — деді балалардың бірі зәресі ұшып.
— Қорықпаңдар! — деді Санат күле тұрып.
— Қазір қызық болады.
Сөйткенше болған жоқ, еліре басып барып атының басын шешіп, ерге енді қарғып міне берген Тұржан, аты осқырынып мөңкіп кеткенде, ер-мерімен жалп етіп ұшып түсті. Мөңкіген аты құлап бара жатқан оны қос аяқпен тепкен, көрім болғанда аттың қос тұяғы Тұржан құшағындағы ер-тоқымға тиіп, аман қалды. Біз, балалар, қыран-топан күлкіге баттық. Біразға дейін тұра алмай тырбаңдап жатқан Тұржанды мазақтамағанымыз жоқ. Енді байқадық, Тұржанның ер-тоқымының айылдарын біреу пышақпен қиып, іліндіріп қана қойған екен. Міне бері ұшып түскені содан. Сәлден соң тәлтіректей көтерілген Тұржан бет аузы қан-қан боп:
— Күшіктер!.. Кулигәндар!.. Көрсетем мен сендерге! — деп шарылдай бастады. Біз тым-тырақай қаша жөнелдік.
— Кім істеді? Кім қиды айылдарын? — деп бір-бірімізден сұраймыз. —Кім болса да жарады! -дейміз сүйсініп.
Сөйтіп, барлығымыздың өшіміз бір қайтқан еді Тұржаннан. Ол бір аптадай үйінде төсек тартып ауырды, сірә, қатты жығылса керек.
Сол екі арада бір күні түстіктен лекілдеп жылы жел соғып берсін. Қар суының күлімсі иісі әлгі желмен аңқи жөнелсін. Леки соққан бір күннің ішінде-ақ сіресіп жатқан қарды тоз-тоз етіп сөгіп, шоқпыт киіздей іргелете түріп, сілікпесін шығарды. Тіпті шыдатар емес. Үлкендердің айтуынша, бұл молшылық болар жылы соғатын ескек желі еді.
Ой, дүние-ай, сөйтіп, көктемге де жеттік-ау!
Бұл — зарыға күткен жеңіс көктемі еді!
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі