Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын зор қызығушылықпен оқып шықтым. Егемен ел болғаннан бүгінгі күнге дейінгі жүріп өткен жолымызға терең ой жүгіртіп, талдау жасап, кезеңдеу арқылы әр белесіміздің қазіргі тарихымыздағы орны мен ерекшеліктері жан-жақты айшықталған екен. Жетістіктеріміз бен кемшіліктеріміз ой елегінен өткізіліпті.
КСРО ыдырап, тәуелсіздікке аяқ басқан шақтағы өтпелі кезең өте қиын болды. Жас, буыны қатпаған мемлекеттің алдында алынбас қамалдай болып, орасан зор проблемалар тұрды. Дегенмен, «Асу бермес асқар жоқ» деген біз тәуелсіздік жылдары алдымызда тұрған небір бөгеттер мен үлкен белестерден өттік, көптеген қиыншылықтарды еңсердік.
Мемлекет басшысы бұл бағдарламалық мақаласында айтқандай: «Тарихқа көз жүгіртсек, әр буын белгілі бір сынақты басынан өткереді. Біздің бабаларымыз «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны», аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты көрді. Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. Оның бәрі Тәуелсіздіктің арқасында халқымызға қайта оралды. Бірақ, ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керек». Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз. Оны көзіміздің қарашығындай қорғауымыз, сақтауымыз және одан әрі нығайтуымыз керек.
Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілуге тиіс. Азаттық таңын өз көзімен көрген алдыңғы буын болмаса, кейінгі жастар өткен ғасырдың 90-жылдарындағы тарихи оқиғалардың тереңіне бойлап, мәнін жете түсіне бермейді. Тәуелсіздікке тағдырдың бере салған сыйы ретінде қарайды. Шын мәніндегі ахуал олай емес.
Бұл бір, екіншіден, Мемлекет басшысының айтуынша: «Елбасы сол кездегі саяси, экономикалық, әлеуметтік, демографиялық және басқа да жағдайларға байланысты жеті рет емес, жетпіс рет өлшеп, бір рет кесуге мәжбүр болды. Біз тығырықтан шығар жолдың саңылауы да көрінбейтін қиын күндерден қақтығыс пен қантөгіске ұрынбай аман шығып, ешкімге есемізді жібермей, жаңа сипаттағы Қазақ мемлекетін құрдық. Бүгінгі және болашақ ұрпақ мұны әрдайым біліп отыруы керек».
Ия, шынында да солай. Сондықтан, қазіргі және кейінгі ұрпаққа Тәуелсіздік дәуірінің тарихын, мәнін, маңызын, бар шындығы мен қыр-сырын жан-жақты ашып көрсету, ұғындыру, түсіндіру бүгінгі тарихшы-ұстаз, педагог және ғалымдардың алдында тұрған маңызды міндет. Сол үшін Отанымыздың ежелгі және ортағасырлардағы тарихымен қатар Қазақстанның жаңа тарихын да жүйелі зерттеген жөн. Осы бағытта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тарих, археология және этнология факультетінде осыған дейін де іргелі жұмыстар жүргізіліп жатса, енді профессор-оқытушылар құрамы бұл мәселеге ерекше назар аударып, білім беру және зерттеу арнасын одан әрі кеңейте түседі. Бұл – ұлт тарихын дәріптеу тұрғысынан алғанда стратегиялық маңызы бар мәселе және тарихи сананы жаңғырту мәселесінің түйіні болып табылады. Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуы тиіс. Президент айтқандай, бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды. Әлемді мүдде билейді. Әрине, мүдденің деңгейі әртүрлі: жеке адамның мүддесінен бастап, ұжымдық, топтық және ұлттық мүддеге дейін. Соның ішінде, ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған тарих ұрпақтың санасын оятып, жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қазақтың сан ғасырлық шынайы тарихын шет елдерге, бүкіл әлемге таныту қажет. Міне, Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласын оқып шығып, соның ішінде, әсіресе, «Бағдар мен белес» және «Таным мен тағылым» атты бөлімдерімен танысқаннан кейін оқырмандармен осындай ой-пікірімізбен бөлісуді жөн көрдік.
Сабырхан СМАҒҰЛОВ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі