Өлең, жыр, ақындар

Еркегүлдің екі күйеуі

— Бес жыл болды, — деді Арманбек күрсіне тіл қатып. Сәл тыныстап алды да, құлаққа жетер-жетпес бәсең үнмен тағы бірдеңені күбірледі.

Өз ойына өзі шомып, бей-жай күйде отырған Еркегүл әдепкіде бұл сөздердің мағынасын түсінген жоқ. Күйеуінің өзіне суықтау көзбен үнсіз бажырая қарағанын сезді де:

— Не дейсің, неменеге? — деді кідіре сөйлеп. Тақ еткен қысқа ғана жауап:

— Не, ұмытып қалдың ба? Сенің Қабыкеновтер әулетіне келін болып түскенің.

«Аһ, құрығыр-ай, не деген иісалмас едім. Есімнен тарс шығып кете қалыпты ғой. Мұның артында анау әңгіме тұр ғой... Сол тұр ғой, қап, әттеген-ай!».

Еркегүл өз ырқынан тыс лып етіп орнынан атып тұрды. Күйеуінің қасына қалай жүгіріп барғанын да байқамай қалған. Бес жылдық мерейтоймен құттықтап емес, жұбата сөйлеп, көңілін алаңдатып, бірдеме айту керек сияқты. Бірақ аузына жібі түзу оңды сөз түсе қояр деген не?

Ас-су қамымен жүріп, анда-санда көзінің астымен жасқана қарап қояды. Күйеуінің қабағын алыстан торыған түрі.

Шай үнсіз ішілді деуге болады. Шай емес, әркім өздерінің суық ойларын кері жұтып отырғандай. Орындарынан тұра бергенде, Арманбектің кеудесінен тағы да «уһ» деген ауыр леп сыртқа тепті. Жас еркек адамға, тепсе темір үзетін атан жілік сымбатты жігітке жараспайтын ауыр күрсініс. Ыдыс-аяғын салдырлата түсіп, теріс айналған Еркегүлдің жанары мұнартып кетті. Ас үйдің қабырғасындағы шағын айнадан байқағаны — қысықтау көздерін оңай толтырып үлгеріп, төмен қарай дереу лықси жөнелген жас тамшылары.

Арманбектің дәл қазір жанын жегідей жеп, тынысып тұншықтырып, булықтырып тұрған арманның не екенін атап айту шарт емес. Қолымен қойғандай бәрі белгілі жайт. Үйде оңаша қалған жас келіншек булыққан күйін одан әрі тежей алған жоқ... Бар ащы зары, іштегі күйігі сыртқа қарай лап етті де, запыран болып ақтарылды.

Арманбекке не өкпе бар? Бес жыл бойы төзіммен күтуде. Бірақ күткені көрінер емес.

«Қайтесің, тағдыр ғой» — деп, тікелей тағдырға жаба салуға болар еді. Үлкен кісілер, ағайын-туғандар солай деп айтып та жүр. «Әлі жассыңдар, болашақтарың алда» — деп, жұбата сөйлейтіндер де аз емес. Иә, жиі айтылатын жаттанды сөзге не дауа? Десе дей берсін. Бірақ...

Иә, бірақ бұның тағдыр емес екенін, бар кінәнің өзінде екенін Еркегүл ғана біледі. Соңғы сыныпта оқып жүрген жылы. Жастық жігер, асау сезім ақыл-сананы тұмшалап, билеп алып, өктем билік құрып тұрған уақыт. Мектептің соңғы жылы жас жігіттердің арасынан жұбын таба алмай, жеке-дара саяқсып жүрген бойжеткен жоқтың қасы десе де болады. Әкетіп бара жатқан ерекше қасиеті айғайлап тұрмаса да, Еркегүлдің де қол ұстасқан жігіті болды. Кім екенін, қайдан шыққанын, аты-жөнін тәптіштеп айтудың қазір қажеті не? Әйтеуір бірінсіз бірі тұра алмайтын сияқты еді. Ауылдың бой жете бастаған көп қыздарына тән тіршілік. Ағаларын алыстан айналып өтіп, шешесінен шеттей қашып жүріп, мұғалімдеріне де із тастайтын дәлелсіз себептер айтып... кешке қарай жиі-жиі кездесуге шығушы еді. Бір-біріне тартқан албырт асау сезім, көзсіз құштарлық артынан неге апарып соғатынын... түсінбеді деуге болмас, бірақ мәніне жете көз салмаған сияқты.

Мектепті бітірісімен-ақ сезіп еді жағдайының қиындағанын. Жүрген баласы оқуға түсемін деп, абитуриенттердің алдыңғы легімен алыстағы қалаға аттаныпты. Бар сенгені, болған сырдың бір түйірін тастамай ақтарып айтқаны, ағарып айтқаны — өзі жастайынан жақын көретін немере әпкесі. Оның кесімі жалғыз-ақ болды: «Құтыл, өзім көмектесем, масқара болатындай ештеңе жоқ, болашағыңды ойла». Тығырыққа тіреліп, одан шығардың амалын таба алмай аласұрған жас қыз үшін әпкенің айтқаны ата заңнан кем болған жоқ. Көзді жұмып, тәуекел етті. Өзінің сол бір ауыр күндердегі бар ойы, ышқынған жалғыз мақсаты да сол болатын. Аудан орталығындағы бір дәрігер арқылы ешкімге сездірместен... түсік тастатты.

Бұдан кейінгі ойы кідірместен, өзінің көзін құрту болатын. Сонан дереу маңдайға алғаны — қала жақ. Алматы емес, Астана емес, таныстары аз кездесетін басқа қала. Жастықтың екпіндеген жігерлі күндері уақыттың да, қыздың да аяқ-қолын жерге тигізбей алға қарай дедектете жөнелді.

Қызығы, думаны мол студенттік шақ. Бірде тоқ, бірде аш қызықты күндер. Сонан соңғы курста Арманбек екеуі бір-біріне алыстан көз тастасты. Сымбатты денелі, қабағы қалыңдау, шықшыты кең сұрша жігіт бойы жұмбаққа толы тылсым жан секілді. Біреуден ілгері, біреуден кейін көрінетін қарапайым қалпында Еркегүл де ажарсыз қыз емес. Бойындағы бар міні көзінің қысықтығы болмаса, оның да амалын тауып, бүгінгі күннің талаптарына сай келістіріп бояп қоятын.

Оның бәрін қойшы, үйленгендеріне, міне, бүгін тура бес жыл толыпты. Бірақ үйдің ішінен былдыр-былдыр бөбек үні неге естілмейді? Неге бақырып-шақырып аттандап жылап, есік пен төрдің арасын ыбырсытып жататын бала жок. «Тағдыр» деседі тағы да үлкендер. Сол тағдырдың осынау ауыр үкіміне Арманбек те мойын ұсынған сынайлы. Тек ауыр күрсінісі, келіншегінің бетіне тік қарай алмай, алып қаша беретін тұнжыр көзқарасы. Сол күні кешкісін күйеуінің көтеріліп басылып тұрған апай төсін құшақтап жатып:

— Арманым, — деді Еркегүл ақырын ғана. Дауысы әдеттегіден жіңішкіре түсіп, бір түрлі нәзік шықты. — Осы біз бала асырап алсақ қайтеді?

Ауыр мінезді жігіттің қастары дір ете түскендей болғанымен, бірден жауап бере қойған жоқ. Төбедегі көзге көрінбес асылын түгендегендей шалқасынан ұзақ жатты да:

— Рас, мынауың идея екен, — деді қаттырақ дауыстап. Екеуі осы мәселені қанша сөз еткенін кім білсін, әйтеуір ұзақ сөйлескен сияқты. Талығып барып түннің бір уағында ғана көз іліктірген.

Әңгімені ұзаққа созған жоқ. Әрқайсысы өз ата-аналарына хабар салып, ақылдасқан болды. Тіпті олардың акылдарының бұл жерде қажеті де шамалы сияқты еді. Бөбекхананы асықпай аралап жүріп, ақыры дегендеріне қол жеткізді-ау, екі айлық қыз бала. Дәрігерлердің берген қорытындысы бойынша, денсаулығы жақсы.

Сол-ақ екен, үйдің ішіндегі неше жылдан бері қабырғаларды керіп, сіреп тұрып алған ызғарлы тоң лезде сейіліп сала берді. Қабағын қарыс жауған беймәлім көңілсіз көлеңке де әлдеқайда зым-зия жоғалғандай. Екеуі де мәз-мәйрам. Жас нәрестемен бірге ілесе кірген қат-қабат қалың шаруа да үйдің ішін үйірімен толтырып жіберген. Жас баласы бар отаудың бел жаздырмас белгілі қарбаласы.

Әсіресе төбеден төнген қара бұлттай бір-біріне тақаса түйіліп, түйісіп жатып алған қалың қабақтардың жазылғанын айтсаңшы. Бұрынғдай күрсіне бермей, күліп сөйлейтін Арманбек енді мүлде басқаша жан сияқты. Өзі айтқандай, Қабыкеновтер әулетінің бақытты бір шағы еді ол. Бірақ, амал не, ол шақ ұзаққа созыла алған жоқ. Бірер ай өткеннен кейін Арманбектің Маржанға (кішкене қыздың атын жас жұбайлар өздерінше осылай қойған) деген мейірімі сарқыла бастады. Енді бұрынғыдай көп қолға ала бермейтін болған. Алғашқыдай есіктен арсалаңдай кірген бойы жаялықта жатқан бейкүнә нәрестенің асты-үстіне түсіп еркелетпейді. Мейірлене келіп, мекірене иіскегенін де Еркегүл байқамайды. Әлде бала ұнамай жүр ме екен деген оймен суыртпақтап сыр тартып көріп еді, естіген жауабы біреу-ақ: «Бәрі прекрасно, тамаша, тек әншейін...». Бар гәпті бүгіп, тұншықтырып жатқан сол «әншейінде» деген сөзі сияқты.

Кішкене Маржанды айтасыз. Арманбектің үйдегілермен қарым-қатынасында басқа да бір өзгерістің лебі еседі. Оны Еркегүлдің аңғарғаны бірер күннен кейін. Сөйтсе Арманбек бұның өзіне де салқын тартып қалғандай. Алғашқыдай еміреніп әкетіп бара жатпаса да, анда-санда «Еркеш... Ерико» деп келіншегін алдына отырғызып, еркелетіп тұратын. Көңілі түскенде әлуетті, мығым қолдарымен қыса құшақтап, жоғары серпітіп алатын. Бала көтермей жүрген жылдары «Уайым қылма, әлі жаспыз ғой...» деген сипаттағы жұбату сөздеріне қанжығасында даяр жүруші еді...

Ал соңғы айларда... бір түрлі суысып, сыртын беріп, сырғақсып жүр. Тағы да ана бір кездердей уайым басқан сәтіндегідей тартына сөйлеп, жоқтан өзгеге тарыла қалады. «Әлде... Әлде... намыстана ма екен? Өзінен болмай, асырап алғанына... Біреулердің айдап салуы да мүмкін-ау».

Еркегүл осы соңғы болжамына берік тоқталды. Иә, былай қарап тұрсаң, басқадай себебі жоқ секілді. Өзі ашылып ештеңе айтпайды. Бір мәселені екі рет сөз қылуды жақтырмайтын күйеуінің мінезі өзіне белгілі. Ақырып жіберіп, беттен ала түсуге әзір. Мылжыңдап сөйлей берсең, түп-түгел өзіңді кінәлі етіп шығарып, ағаш атқа оп-оңай мінгізе салмақ. Мұндайда Еркегүлдің ұстанатыны — аш бәледен қаш бәле қағидаты.

Үйдің іші нәрестенің қыңқылына толғанымен, сұрғылттанып алған сүреңсіз күндер қайта басты. Әйтеуір Еркегүлдің ойын бөлетін — қазіргі алданышы. Жұмысынан баяғыда-ақ декретті демалысқа шыққан ол ендігі уақытының қалай өтіп жатқанын ажыратуға дәрменсіз. Маржан да ширап, әпіл-тәпіл жүруге қам жасағысы келетін сияқты.

— Тұсауын кесу керек, — деді бір күні Еркегүл. — Қай күнге белгілесек екен, Арман?

Тұнжыраңқы кезде күйеуінен қолма-қол жауап алу оңайшылыққа соға қоймайды. Дегенімен, келіншек бұған мойымастан, сәлден кейін әлгі сұрағын тағы қайталады. Ақыры естіген жауабы тым мардымсыз болып шықты:

— Білмеймін... Өздерін шешіңдер, бұл өзі әйелдердің шаруасы емес пе?

Осыны айтты да, Арманбек қолындағы пульттің нүктесін басып, жалп-жалп еткізіп телеарналарды ауыстыра бастады.

Ұзамай шағын отаудың шатқаяқтап тұрған әлсіз шаңырағына жай түсті. Жаздың әдемі бір күнінде Арманбек әдеттегісіндей төмен қарап, тұнжырап отырды да, кесімді сөзін бір-ақ айтты:

— Мен кетемін, — деді жуандау дауысы дірілдеңкіреп. — Сөйтпесе болмайтын болып тұр. Маржан екеуің бірдеме қып күндеріңді

көрерсіңдер. Өзім де көмектесіп тұрамын ғой.

Балалы болғандарына жарты жылға жетер-жетпес қана уақыт өткен, нәрестелік өмірдің ыстық-суығы әлі басыла қоймаған, керісінше, қызығы көбейе түскен кезде өзін бұрынғысынан әлдеқайда бақытты сезінудің не оғаштығы бар? Кеудесі күмбірлеп, күй шертіп тұрмаса да, Еркегүл алақайлаудың аз-ақ алдында емес пе еді? Сондықтан Арманбектің мына сөзінің ашық күнгі найзағайдан несі кем? Біреу құлақ шекесінен жақсылап тұрып қондырып жібергендей тәлтіректеп барып, диванға гүрс ете түсті. Қайта Маржанның қолында болмай, манежде жатқандығын айтпаймысың. Ішкі жағынан шыңғырып жеткен әлде бір үн: «Жоқ, олай емес. Мүмкін емес», деп атой салып аттандап тұрғандай. Көз алдының қарауытып, айналасының жалқы сәтте ғана шыр айналып, шырқырап кеткені несі?

Құдай басқа қатынның басына бермесін, еркектің миына кету туралы ой түссе, біткені екен ғой. Артынан естісе, әңгіме былай болыпты.

Арманбек қыз-келіншектің көзінен қаға беріс тасада қалатын жігіттердің санатынан емес. Өзі бедеу әйелдің күйеуі болса, басқа біреуден белін суытпай, салаңдап қалай бос жүрсін. Маржанды үйге әкеліп, мәре-сәре болып жатқан кезде бұл әңгімені естуте Еркегүлдің мұршасы бар ма еді. Сөздің қысқасы, бұлардың үйіне нәресте қалай кірді — Арманбектің Еркегүл білмейтін нақсүйерінің де аяғы солай ауырлапты. Перзентханаға түскені жуырда ғана.

Сөйтіп бес жыл бойы сарыла күткен баласына жуырда ғана қол жеткізіпті. Бала болғанда қандай — балпанақтай кәдімгі ұл. Тек оны сыйлаған — некелі келіншегі емес...

Еркегүлдің қолынан не келеді? Бақырып-шакырып қанша жылағанмен, бет алған жағынан күйеуді енді қайтара алмайсың. Бұл күндері Арманбек — күйеу ғана емес, бақытты әке де ғой... Бәлкім, ол өзінің шын шаңырағын жаңа тапқан шығар. Жүрегімен жақсы көретін сүйікті адамы, ол өмірге әкелген өзінің бел баласы... Енді не керек? «Қайт үйге» деп жата калып, жалбарынудың қисынсыз екенін Еркегүл жақсы түсінді.

Алданышымен өткізген уақыт қиыншылықсыз болды деп айта алмайды. Бірақ Еркегүл бәрібір өзін сорлы алам ретінде сезініп көрген емес. Кішкене ширап, жүруге жарасымен-ақ, Маржанды балалар бақшасына өткізді. Көп нәрсені көңіліне алмауға тырысып, бұрынғы атқарып жүрген қызметіне де құлшына кіріскен. Сонан бір күні...

Иә, оқиғаның бәрі осы бір күннен басталады ғой. Бір күні Маржанды балабақшадан әдеттегідей жетектеп алып шыға берген. Қоршаудың сыртында бері қарай күн сала қарап, бір жігіт тұр екен. Қасынан өте берген Еркегүлге бас-аяғы жоқ:

— Сәлеметсіз бе? — деді жайраңдай амандасып. «Таныстардың бірі болар, кара басып танымай қалғаным ба?» деген оймен келіншек әлгі азаматқа еріксіз бұрыла қарады. Құр ернін жыбырлатқаны болмаса, дұрыстап амандасқан да жоқ. Бейтанысқа үңіле түскен қысық көздерде — «Бұл кім?» деген жалғыз сауал ғана. Қанша қадалғанымен, шырамыта алар емес.

— Кешіріңіз, — деді әлігі жігіт жанасалай жүріп. — Көңіл-күйіңіз жақсы ма?

Танымағаннан кейін бе, Еркегүл енді тіктеу кетті:

— Менің көңіл-күйімнің сізге керегі қанша? — деді қатаңдау үнмен. Сол кезде басына бір ой сақ ете қалған: «Апырым-ай осыны... Арманбек жіберіп жүрмесе, қызын көріп, жағдайын біліп кайт деді ме, солай-ау шамасы». Осы ой басына келуі мұң екен, Еркегүл жүрісін жеделдете түсті. Сүрініп-қабына бастаған Маржаннын қыңқылын қараған жоқ. Кейіндеп артта қалған жігіттің:

— Қарындас, неге қаштыңыз? Сөйлесейін деп едім... — деген дауысына қайырылмады.

«Дәл солай екен. Арманбектің жансызы ғой... Менде несі бар десеңші. Кетті ме екен, енді жайымен жүрсін. Артымнан біреуді сүмеңдетіп салып қоймай».

Ертеңгісін балабақшаға келсе... міне, ғажап! Тағы да сол жігіт, жай жүрген жоқ, Маржанды жетектеп алыпты. Қасында тұрған топ тәрбиешісіне де назар аударар емес.

— Неңіз бар сәбиде? Біз сізді танымаймыз ғой, — деді Еркегүл алыстан-ақ ышқына айғайлап. — Бөтен адамды неге жолатасыз? — деп тәрбиешіге де ұрсып тастады. Бірақ бұған селт етіп, айылын жиған жігіт байқалмайды. Қайта масайрап, өзінше қалжың қағыстырған болып жатыр:

— Қызыңыз тамаша екен! Тіфә-тіфә... И шешесі де жаман емес. Бірақ, жұтынып тұрған осындай тамаша келіншекке ашушаңдық жараспайды екен.

Өзі бір шамданып шамырқануға асықпайтын терісі кеңдеу жігіт болар. Дудыраңқы қоңыр шаштары тарақпен араз ба, немене, берекесін кетіріп, үдірейіп тұр. Тіпті түптері шылқылдай аққан терімен сыбағысып қалыпты. Киім киісі де олпы-солпылау. Бірақ осынау келіссіз нұсқасына қарамастан, екі езуі екі құлағына жетіп, мәз. Еркегүл қанша шаптыққанымен жігіттің қолындағы қызын жұлып алуды әбестік санады. Сосын жаймен ғана:

— Біз үйге қайтатын едік, — деп, Маржанды екініші қолынан ұстай берген.

Жігіттің түр-түсіне мұнан кейін дұрыстап қараған да жоқ. Келіншектің бір қайран қалғаны әлгі бөтен кісінің қасында Маржанның өзін-өзі ұстауы болды. Әдетте қалпы анадайдан көрінісімен-ақ, өзіне қарай «Мамалап» тұра жүгіретін қызы қазір аттандап, әлекке түскен жоқ. Бұны бас салып құшақтауды да ұмытып кеткен сияқты.

Сол күні әлгі бейтаныс жігіт қояр да қоймай бұлармен ілесе жүрді. Аты Жантас екен. Орта бойлы, олпы-солпы етжеңділеу жігіт. Жайраң қағып күлген кезде баладай мәз болуға бейім екендігі байқалады. Бойынан ескен тері иісінен Еркегүл сәл-пәл тіксініп қалғандай болды. Бірақ алғашқы күндегідей құйындай ұшып, безіп жоғалған жоқ.

Келесі күні балабақшаға барар жолда басына келген ой «Тағы да тұрған шығар» болды. Бірақ ол күні Жантас көріне қоймаған. Балабақшаға келе жатқан сайын енді Еркегүлдің өзі соны іздейтін сияқты ма қалай?

Күндердің күнінде Жантас келіншекке гүл ұсынды ғой. Өзі Арманбек сияқты емес, сөзшең жігіт екен. Жүйесіздеу болғанымен, балпылдай сөйлеп, айтатын әңгімесі бір таусылмайды.

Сонан не керек, сол жылдың күзіне қарсы шамаданын көтерген Жантас Еркегүлдің үйіне кіріп алды. Жүрегінің түбінде осынау қарапайым да ақкөңіл жігітке деген бір нәзік сезім оянғандай. Жантастың ұсынысына қарсы болмағаны да сондықтан. Бейне бір жаңа үйленген жас қалыңдықтай қайтадан қутың қаққан келіншектің жүзі баяғындай нұрланып сала берген. Бұған дейінгі өмірінде Арманбек есімді мінезді азамат болмағандай. Жар төсегіне бұрын-соңды жатып көрмегендей. Жантастың алғаш оңашада жақындасуынан тұла бойы қалтырап, басына ноқта салынбаған байталдай дір-дір етті...

Екеуі үй болысымен-ақ жақсы тіл табысқан секілді. Әне-міне дегенше ыстық-суығы басылмаған жарты жыл да желіп өте шығып еді. Жантастың өсіресе кішкене Маржанға деген ықыласы ала бөтен. Балабақшадан барып өзі алады, өзі әкеледі. Үйге келгесін, өзі тамақтандырып, өзі ойнатады. Тіпті ай-шайға қарамай, сәбиін ваннаға салып, шомылдыратын да өзі. Еркегүлдің жұмысы бірден жеңілдеп сала берді. Бір рақатты сезімнің әлдиінен арыла алар емес. «Қандай балажан жігіт, — деді ішінен таң қалып. — Арманбек өктем, мықты болғанымен, мұндай балажан емес еді ғой».

Бірақ келе-келе байқағаны — Жантастың өзіне ептеп салқындай бастағаны. Салқындағанда бұған қатты сөйлемейді, қолынан итермейді, мін тағып, мыңқылдамайды. Жымия қарап қойып, жүгіріп жүргені. Салқындады дейтіні — әңгіме түнгі мінез-құлығында болып тұр. Алғашқы арыны басылып қалған ба, немене, түнде жатысымен, бас салып құшақтауды азайтқан. Емірене сүйіп, емексітуге айқара жатқызып қойып, аймалауға да әуес емес. Кыңқылдағандай бәсең үн шығарып, жанына жақындаған келіншектің нәзік білектерін ақырын ғана итеріп тастайтынын қайтерсіз. Сөйтіп теріс қараған күйі әңгіме айтқан болып жатып, қолапайсыз түрде қор ете түседі.

Кетер алдында Арманбек те сөйтті емес пе? «Әлде... Әлде бұның да біреуі болып жүрмесін» деген ой сақ ете қалды Еркегүлге. Бұрынғыдай емес, күйеу мәселесінде аузы күйіп, тісі шығып қалған келіншек бір түні Жантасты сауалмен аулап, ес жиғызбастан, бұрышқа тықты.

— Шыныңды айт! — деді ақыры мәселені төтесінен қойып. — Сенің біреуің бар ғой, ә?

— Бары қалай? Біреуі несі? — деді Жантас сол теріс қарап жатса да, басын көтеріп.

— Сенің сүйген бір адамың бар-ау? Қыз ба, келіншек пе, әйтеуір біреу. — Күйеуінің үндемей кідіріп қалғанын көрді де, Еркегүл одан әрі бастырмалата түсті. Оңға-солға бұлталақтап бұрылуға мұрша берер емес. Бастырмалай қойылған сұраққа жауап беруден басқа амалы қалған жоқ еді Жантастың. Сөйтсе әңгіме былай болыпты.

Вахталық әдіспен Атырауға барып-келіп жұмыс істеп жүріпті. Төлейтін айлығы мол болғандықтан, бұл жұмысқа сұранушылар жыртылып-айырылады. Әйтеуір жігіттерден қалмай жүріп, Жантас та бригадаға

іліккен. Бір жаманы — вахтамен жұмыс істейтіндер төрт-бес айға бір-ақ кетеді екен. Жолға шығар алдында Жантастың сөз байласып жүрген қызы екіқабат болып қалады. Қайта айналып келгенше босана қоймайтын

шығар деп ойлаған Жантас бастапқыда телефон арқылы хабарласып тұрған. Кейін ол қыздан мүлде дерек болмай кетеді. Вахталық жұмыс уақыты бітіп, шағын қалаға кайта оралған Жантас дереу сүйген қызын іздеуге кіріспей ме. Еш жерде із-тозы жоқ. Ақыры бір таныстары арқылы қыздың дерегіне қанығады. Республиканың жаңа астанасы Астана қаласында мәдениет ошақтары кеңінен дамып келе жатқан кез. Жантастың қызын сондағы мықты

бизнесмендердің бірі мейрамханада би билеуге шақырған екен. Аяғы ауыр бойжеткен баласын босана салып, алды-артына қарамастан, дереу солай қарай аттаныпты.

Ал бала... Баланы осы қаладағы перзентханада қалдырып кеткен көрінеді. Астанаға бармай тұрып, Жантас жанұшыра сәбиін іздемей ме. Перзентханада да, тастанды балаларды паналататын бөбекханаларда да бұрынғыдай тек тіркеу журналына ғана жазумен шектелмей, жазбаларды дереу компьютерге де енгізіп тастайды екен. Сондықтан, Жантастың өз

сәбиін тауып алуы онша қиынға соға қоймайды. Шешесінің аты-жөні, туатын мезгілі белгілі. Ақыры ізбен қуалай отырып, ол сәбиді Еркегүлдің асырап алғанын біледі. Бірақ заңды түрде әкесі болып саналмайтындықтан, баланы меншіктеуге Жантастың ешқандай құқығы жоқ еді. Ойлап-ойлап тапқан бір амалы — басы бос келіншекке үйленіп алу болыпты.

Осы әңгімені естінеде Еркегүлдің кеудесін әлдебір жіңішке нәрсе тіліп өткендей болды. Жанына батқаны — Жантастың махаббатпен емес, есеппен үйленгені. Екінші жағынан алып қарағанда, байғұс жігіттің жазығы да жоқ. Көкек анадан туған жалғыз қызы үшін жанұшырып жүр.

Сол күннен бастап Еркегүл қатты өзгерді. Баяғы Арманбектің ізімен тұйықталып, тұнжырай түскендей. Көп ойланды. Сарсылып жатып, талай таңдарда ұйқысыз атқызды-ау. Сол ұйықысыз түндер оның бір нәзік сезімін нығайта түсуге қызмет еткен екен. Оны күйеуі вахталық жұмысқа тағы аттанған кезде сезді. Күндер санап, күн аралата телефонмен сөйлеседі. Сөйлескен кезде тек кішкене Маржанның ғана емес, менің де жағдайымды сұраса екен, көңіл-күйімді білгісі келсе екен, жан дүниемнен хабар алуға ықылас танытса екен деп тілейді.

Кім біледі, мейірман әке қандай махаббатқа да бейім шығар. Әйтеуір қайырымды жанның қатігез боларына көңіл сенбейді.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз