Ұлы жазушы-драматург А. Н. Островский 1823 жылы апрель айының 12 күні Москвада, Замоскворечье деген жерде ұсақ чиновник семьясында туды. Ол гимназия оқуын бітіріп, Москва университетінің юристік факультетінде үш жыл оқыды.
1843 жылы университет оқуын тастап кетеді. Островский енді сот орындарында істейтін қызметкер атанды. Оның айналасын қоршаған Замоскворечьеге қарасты көпестер сол кездегі қоғамның көрнекті бір уәкілі деп есептелінетін еді. Олар сот мекемесінде Островскиймен жиі байланысты болды, жиі кездесіп отыруға тура келді. Сондықтан Островскийдің сол көпестердің тұрмысы, өмірі және коғамдағы мақсатымен жеке танысуына мүмкіндік болды.
Келешек ұлы жазушы, драматург Островский жазушылықты кеңседе қызмет істеп жүрген кезінде бастайды. Оның бірінші және өте күрделі күлдіргі пьесасы 1846 жылы шықты. Ол кейін де, сыннан өткеннен кейін «Өзіміздің адам, келісе жатармыз» деп аталады. 1850 жылдан бастап мемлекеттік қызметті тастайды да Островский сол кездегі «Москвитянин» және «Современник» журналдарының редакциясына қызметке кіреді. Содан бері өзінің тіршілік өмірін әдебиет қызметкерлігінде өткізеді.
Островский еңбек етуді өте жақсы көрді. Ол ерінуді білмейді және еріншектерге қарсы күресті. Оның «Күшің жеткенше жұмыс істе» деген сөзі күні бүгінге дейін ұмытылмай келеді және ұмытылмақ та емес.
Ұлы драматург өзінің оқушылары үшін және театр көрермендері үшін 51 пьеса жазды. Бұлар драма, күлдіргі, тарихи пьеса және т. б. Әрине, бұған Шекспирден, Сервантестен аударған пьесалары және басқа жазушылармен бірлесіп жазған пьесалары қосылмайды. Олар өз алдына.
Тамаша пьесаның авторы Островский өзінің бірінші енбегі шыққаннан - ақ, оның аты көпшілікке әйгілі болды. Оның қаулаған таланты күн санап өрістей берді. Бірақ, сонымен қатар, оның өсу жолын бөгеушілер де өте көп болды. Оның сыртынан полициялар бақылап, аңдып жүрді және Островскийдің шығармаларын шығаруға ерекше бақылау қойылды.
Островский шындықты сүйген адам. Сондықтан оның барлық шығармалары шындыққа арналды. Оның жазған пьесалары сол кездегі қараңғылық басқан Ресейдің күңгірт өмірін суреттеді. Патшалы Ресейдің зұлымдығын әшкерелеп жазды. Оның шығармалары тараған жерге қоғам мүшелерінің сезімі оянып үкімет орындары мен көпшіліктің арасында келісімсіз қайшылықтар туа бастады. Әрине, ондай пьеса чиновниктер үшін керегі жоқ. Сондықтан да олар Островскийдің пьесаларын жарыққа шығармауға тырысты. Шығуына рұқсат бермей кешіктіруге тырысты.
Островский кездескен қиыншылықтың барлығын да жеңіп шықты. Оған себеп, ол орыстың ұлы ақыны Пушкиннің, ұлы жазушы, көркем сөздің шебері Гогольдің шындық идеясын іске асыруда болды. Өз еңбектерінің өрістей беруі үшін үздіксіз жұмыс істейді. Островский мен Гоголь шығармалары ұлы орыс халқының реалистік театрын жасады. Болашаққа сенімі зор халқы үшін халық мәдениетінің мұрасы бола аларлықтай театрдың мәңгілік типтерін жасады.
Алдыңғы қатарлы сыншылар Островскийдің еңбегін өте жақсы бағалайды.
Островскийдің творчестволық еңбегі бұрынғы Ресейдің түнерген қараңғылығын, әділетсіздігін толық айтады. Сондықтан да оның пьесалары сол уақыттағы театрдан көпке дейін орын ала алмай жүрді. Островский реалистік театр үшін күресті. Ол өзінің еңбегін болашақ қоғам үшін, бақытты халық үшін арнады. Оның барлық өмірі, тамаша еңбегі өзінің халқына шын берілгендігін көрсетеді. Сондықтан да ұлы жазушы, драматург Александр Николаевич Островскийдің жасап кеткен тамаша образдары мәңгілік жасай береді.
Оның «Найзағай», «Орман», «Қасқырлар мен қойлар», «Ыстық жүрек» және «Жасаусыз қалыңдық» атты пьесалары күні бүгінге дейін театрларда ойналып келеді.
«Октябрь балалары»
1939 ж. 12 апрель, № 27.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі