Өлең, жыр, ақындар

Анри Барбюс

(1873-1935)

Францияның атақты жауынгер жазушысы Анри Барбюс 1873 жылы майдың 17 күні туған.

Анридің балалық шағы қара түнек реакция жағдайында өтті. Сондықтан да ол өзінің алғашқы шығармаларын өмірден түңілушілік, үмітсіздік қиялымен жазды.

Оның 1895 жылы шыққан бірінші шығармасы «Жоқтаушылар» деген атпен жарыққа шықты. Онан кейін сол жылы оның «Тілеушілер» деген екінші кітабы шықты.

Барбюс осы реакция жылдарында қараңғы түнекте адасумен жүрді. Сөйтіп жүріп империалистік соғысқа кездесті. Окопқа түсті. Бұл оның дүние тануына, не үшін соғысып жатқандығын ұғынуына үлкен сабақ болды. Ол мұнда жұмысшы шаруа солдаттарымен кездесті. Олармен өте жақын сыйлас болды.

1916 жылы жазған «От ішінде» романы бүкіл Францияға әсер етті. Шындықты көркем сөзбен тамаша айтып беруі бүкіл оқушыларды сүйсіндірді.

Анри бұл романда өсіп келе жатқан еңбекшілердің революциялық сана-сезімін империалистік соғыста төгілген қанның түп негізі капитализмнің араны үшін екенін көрсетті.

Ұлы гуманист, пролетариат жазушысы Горький Анридің «От ішінде» романы туралы: «Соғыстың мазмұнына өзіне дейінгі жазушылардың қайсысынан болса да тереңірек көз жіберіп, адамдардың шексіз адасқандығын көрсетеді», — деді.

Барбюс империализмге қарсы шығуымен қатар, ол күн санап жау жүрек революционерлік рухта бола берді.

Ол Ресейде бірінші болған Октябрь социалистік революциясын жақтап Совет елін интервенттерден қорғап қалуға ат салысты.

Барбюс өмірінің соңғы минутына дейін Советтер Одағының бір деген досы, бір деген жақтаушысы болды.

Өмір бойы шындықты, адамгершілікті сүйген, социализм үшін күресші болған, жауынгер - жазушы Анри Барбюсты зұлым фашистер жек көрді. Олар ұлы жазушының сыртынан өсек жүргізді. Оған нелер жаман атақтарды тақты.

1935 жылы Анри Барбюс мәдениетті қорғау туралы Париж қаласында жазушылардың конгресін өткізді. Фашизмге қарсы күресу үшін күш жинап қарсы тұруға интеллигенттерді шақырды. Оларды жұмысшылармен тығыз байланысты болуға ұйымдастырды.

Жауынгер жазушы Анри Барбюстың болат қаламы жұмысшы табының ісі үшін, революция ісі үшін жұмсалды. Сондықтан да ол прогресшіл адам баласының жүрегінде мәңгі сақталмақ.

«Октябрь балалары»

1939 ж. 16 май, № 36.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз