КІРІСПЕ
Роман
(1941-1942 жылдар)
Әлі есімде, ол бір тамаша сұлу кеш еді. Әсіресе басқа қалалардан гөрі Алматының кеші маған өте ұнайды. Әрине, кейбіреулерге ұнамауы мүмкін. Дегенмен, қаңдай қала болмасын, қандай қыстақ, поселка, ауыл болмасын, өмірдің қызықты минуттарың өткізген, бастан кешкен жер саған ыстық.
Алматы менің қалам. Сондықтан да менің Алматым деген мақтаныш, мені толқытып жоғары көтереді. Сен кімсің деген сұраса, мен совет азаматымын, алматылықпын деп жауап беруге жаным құмар.
Пай-пай, неге ғана жұрт Алматыны сұрамайды, неге ғана Алатаудың сұлулығын маған айтқызбайды?! Мен күні-түні өзімнің Алматым, Алатауым туралы жалықпай әңгімелер едім. Жұрттың көбінің сұрайтыны атақты Москва, батыр Ленинград, жаралы Ростов, талықсыған, қайғылы. Киев.
Неге олай? Неге менің Алматым қызықсыз? Ол кешегі жетім Верный емес. Бүгінгі Алматы емес пе? Ол кешегі көзінен жасы көл болып аққан Асан қайғының қаласы емес, бүгінгі қазақ поэзиясының маршалы Жамбылдың қаласы емес пе?! Ол кешегі жас жүрегі жаралы болып өткен мұңлы Мариямның қаласы емес, бүгінгі бұлбұлдай сайраған Күләштің қаласы емес пе, қайта туған қазақтың астанасы емес пе?! Жаңа поэзияның көзі емес пе, қуаныштың, бақыттық мекені емес пе?! Ол неге жұртқа қызықсыз...
Тіпті кеше ғана еді жұрт Алматының апорт алмасын аңсайтыны, әңгімелейтіні, тамаша ауасын құмартатыны, тау басындағы көлге көз сүзетіні. Москва, Ленинград, Киев, Ростов, Харьковтермен бірге оның аты аталатын еді. Бүгін тіпті басқаша, неге олай? Қарап тұрсаң, халықтан данышпан ешкімді таппассың, ол бір жатқан ақылдың дариясы. Шындықтың, адамгершіліктің ең үлкен атасы. Ол қуана да біледі, ол күле де біледі, ол күресе де біледі, ал басшылық та жасай біледі. Бүгін халықтың ойы, тілегі, қиялы, қуаты, қуатты батысқа бет бұрған. Сылаңдаған сұлу нұрлы Москва бүгін майданда. Ол жауымен жағаласып, бұрын күнде әшекейленетін, күнде сыланып сипанатын сұлу бүгін қару алып майданға аттанды. Ол ұрысуда, ол қанды майданды тізеден кешуде. Ленинград та ұрыста, Ростов та ұрыста, қарт Киев жаудың тылында — партизан.
Тыңда, Алматы! Сен тылдасың, сен бірақ тілектессің, сен ұрысты көрген жоқсың, бірақ ұрыстағы қалалармен жаның бір. Сенің жіберген жәрдемдерің майданның қажетіне жұмсалуда. Сенің жіберген ұлдарың, алматылықтар майданда, Мәскеу, Ленинградты қорғауда. Мақтан, Алматы, тәрбиелеген ұлдарыңа! Сөз сенің Отан соғысындағы ұлдарың туралы болғалы отыр.
Пай-пай, Алматы-ай! Сенің кешкі бір ауаң тіпті есіңнен кетпейді. Әсіресе шықылдаған шілдедегі кешіңе тіл жетер ме? Тек ауаңды жұтып, қыдырып жүре бергім келеді. Тамаша қиялға батырады, ой түсіреді. Сен тек таза ауаның қаласысың. Поэзияның қаласысың!
БІРІНШІ БӨЛІМ
Адам өмірінің ең биік шыңы — жастық.
Гете
КӨШЕДЕГІ БІР ОҚИҒА
— Сен массың.
— Жоқ мен мас емеспін...
— Сен массың!
— Рас, мен іштім. Бірақ мас емеспін...
— Бұл мас адамның сөзі. Мас адам ішкенін қай уақытта болмасын мойнына алады, бірақ ол маспын деп ешқашан айтпайды, — деді Ғазизге Шәңгерей төне түсіп.
— Ол рас, — деді Ғазиз мас болған кісінің бейнесін көз алдына елестетіп. Бірақ осы кезде Ғазиздің көз алдында бұлдыраған көшенің бейнесі: «Ей, сенің басың айналып түр, сенде арақтың қызуы бар», — деп құлағына сыбыр еткендей болды. Дегенмен төтеннен кез боларын бұл сезімді көшенің оң жағындағы рестораннан шыққан музыканың үні бөлді. Ол:
— Шәңгерей, — деді ресторанға бет бұрып, — сен мені массың дегенді қой. Мұнда барып музыка тыңдасақ, сенің қарсылығын болмас...
Шәңгерей оның көше бойында екпіндей сөйлегенін жақтырмай, «Сен массың» дегенді Ғазиздің алдына көлденең тартып, оның көңілін басу үшін айтқан еді. Оның
ойына музыка тыңдаудан бұрын жаңағы көшенің қараңғы бұрышында тұрып босатқан чекушкеге тағы бір нәрсе қосылатыны есіне түсе кетті.
— Рас, — деді Шәңгерей салмақтылықпен, — Музыка жақсы нәрсе, мына ойналып жатқан Штраустың жақсы вальстерінің бірі. Дегенмен біздің мұны әлденеше рет тыңдауға уақытымыз бар, бүгіннен басқа күні тыңдасақ деймін.
— Шәңгерей! Сенің бүгін неге барғың келмей тұрғанын біліп келемін. Менің жолдасты ұятқа қалдырмай — тынымды білесің ғой... Жүр кеттік, вальс ырғағы ресторанға сыймай көшеге асып-төгіліп жатқанын байқаймысың, — деді Ғазиз күлімсіреп кеуделей.
Штраустың вальстері Алматының ресторанына сыя ма? Москваның пәлен этажды националдарына сыймай асып төгілетін Штраустың толқынды өзені емес пе!
Шәңгерей жылдам жүріп кеткендей болды. Ғазиз де аяғын тез-тез басып одан қалыспайын деген кісіше жылдамдата жүрді.
— Неге асықтың? Жайырақ жүр, — деді езінің жанындағы көршісіне назар аударып.
— Что вы говорите, — деді орысшалап бір жас қыз күлімсірей қарап.
— Виноват.
Қыз күлімсіреп кете барды. Шәңгерей ішек-сілесі қатып:
— Ғазиз, сен мені тастап басқа біреуге еріп кеткенің не? — деді күлкісін тыя алмай.
Сен ғой деп ол қызға жайырақ жүр деп ұсыныс жасағаным жоқ па, ха-ха-ха...
— Өзі бұл қаладан мен кермеген әдемі қыз, — деді ол қыздың әдемі пішінін есіне түсіріп. Бұл кезде қыз ресторанның қатарындағы гастрономға кіріп бара жатқанын көріп:
— Сен, — деді ол асығыс пішінмен Шәңгерейге, — ресторанға кіріп заказ бере бер, мен қазір жақсы шылым алып келейін.
— Көп күттірме.
— Қазір келем.
Шәңгерей ресторанға кіргенде, бос орын жоқ екен. Оның екі көзі бос орынды іздеумен болды. Тек бір столдың жанындағы екі бос орындыққа көзі түсті. Столдың тең жартысын үлестеріне алып, тәтті әңгімеге батып отырған екі жігітке таянып келгенде өздерімен бірге оқитын Бақыт пен Мұқтарды тани кетті.
— О, Шәңгерей, кел, кел!
— Мына орын бос...
— Біз екеуміз, қазір Ғазиз келеді...
— Екі орындық та бос, отыра беріңдер.
Ғазиз гастрономға кірген жоқ. Ол гастрономның бұрышында тұрып, қыздың шығар жолың күтті. Ол есіктің ашылып-жабылуын бақылауда. Оның барлық ойы, қиялы әлгі қызда болды. Сағатына қарап: «Жарты сағат», — деді күбірлеп өзіне-өзі. Оның ойына Шәңгерейдің: «Жалғанда поезд күткен мен қыз күткеннен азапты нәрсе жоқ», — дегені түсті. Бір кезде гастрономның есігі ептеп ашылып, манағы қыздың фигурасы көрінді. Ғазиз сол қыз екенін анық көрді, оң жақ қолтығында қысқан газетке оралған нәрсесі бар бикеш есіктен шығып, Ғазиз тұрған бұрышқа қарай беттеді. Ғазиз тыпыршып түр. «Бүл қызға, — деп ойлады Ғазиз, — әзілдеп бірдеңе дей қою келісімсіз. Көшенің жігіті деп ойлар. Сондықтан оның қайда тұратынын біліп алу теріс болмас», — деп қыздан бірнеше қадам қалып, соңынан еріп отыруды дұрыс тапты.
Гастроном тұрған көшемен үш квартал жүріп қыз келесі көшемен оңға бұрылды, жай аяқпен қыздың қарасынан айрылмай, біздің Ғазиз де жүріп келеді. Қыз тезірек жүрді. Осы көшемен бұларға қарсы жүрген адамдар топ-тобымен көбейе бастады. «Осы маңда жұмыскер клубы ма, әлде мекеме бар ма екен».
Қыз едәуір жер ұзап кетіпті. Ол жылдамдата жүрді. Өйткені бикеш көп адамдардың тобына жетті қалған. Текке адасып қалмау үшін аздап жүгіріп те алды. Бірақ аяғының тайып кеткенін, қалай шалқасынан ұшып түскенін өзі де сезбей қалды. Мұндай оқиғада адамның ойы — қалай құладым, қалай тұрамын, бір жерім жазым болды ма дегеннен гөрі, біреу көрігі қалмаса жарар еді дегендей еді. Құлап жатып екі көзі жан-жақта болады. Қарғып тұрып ұялған пішінмен етегіңді қаға бересің. Мұндай оқиғаны кейбіреу кере қалса, «Что хорошего нашли, дайте половину», — деп әзілдей бастайды. Кейбір мыс болғырлар еш нәрсе демей өте шығады. Ғазиздің жолы болғаны сол болды. Оның құлаған үстіне ешкім кез келмеді. Денесі онша ауырған да жоқ. Қарап келе жатып ол мырс етіп күліп жіберді. Әрине, оның құлағанын қыз көрген жоқ, оған бір шүкір. Дегенмен көлденең оқиға қыздан мұны адастырды, осы жердегі үйлерді екі-үш айналып шықты. Ол қыздың қай үйге кіргенін біле алмай әуре болды.
Дегенмен блокнотын алып осы көшенің атын жазып алды. Шәңгерей ресторанда күтіп отырған шығар деген оймен «келісімсіз жорықтан» кейін қайтты. Жолда келе жатып ол талан ойға, талай қиялға шомды. «Әй жастық-ай, қызықсың-ау», — деді ол. Сөйтті де ыңылдап ән салды:
«Қаратау кейде карлы, кейде карсыз, біp жігіт кейде малды, кейде малсыз. Дарияның жарға соққан толқынындай, Көз сүзген көрінгенге көңіл арсыз.
Осы өлеңнің авторы мен сияқты жиырма мен жиырма бестің арасындағы бір албырт жас адам болса керек», — деді өзіне езі, Ғазиз ресторанға нағыз қызып жатқанда кірді... Көпшілік қызыңқырап, музыканың жиі ойналып, бидің ұлғайған кезі екен. Ол өзінің үш жолдасын бір стол басында кездестірді. Олар үшеуі құйылып тұрған рюмкені нұсқап:
— Сені күтуде. Ал, кел. Ғазиздің денсаулығы үшін көтерейік, — десті.
Рюмкелерді бір-біріне соғыстырып көтеріп жіберуге Ғазиз де қарсы болмады. Екінші рюмкені бұлар тағы көтерді. Мұнда сез алып сөйлеген Ғазиз болды.
— Жолдастар, — деді ол, — мен бүл рюмкені лапылдаған албырт жастыққа, танымайтын бір сұлуға арнап көтеремін.
— Танымайтын сұлуға көтер, көтер. За красавицу незнакомую!
Рюмкелер тағы да соғыстырылды.
ҚОШ, АЛГЕБРА
Ғазиз ұйқыдан оянғанда, тапа-тал түс болып қалған екен. Ол басын көтеріп сағатына қарады да, қайта жатты. Шылым тартайын деп еді, қалтасында шылым жоқ екені есіне түсті.
Шәңгерейдің төсегі жинаулы. Әлдеқашан тұрып кеткенге ұқсайды.
Ғазиз жалғыз бала. Туысқаннан ешкімі жоқ. Тек жалғыз ғана шешесі бар. Студентке еш жәрдемсіз оқу қиын. Ғазиз он екі жыл оқыды. Бұл он екі жыл ол үшін әрі қызықты, әрі қиын жылдар болды. Ғазиз қазір институттың екінші курсының оқушысы. Оқудың басталғанына тек бір-екі ай болды, алда алты ай қыс жатыр, тары көктем, тағы жаз. Осы қыстың ішінде ешкімнен бір тиын жәрдем күтпейді, ешқайдан сұрамайды.
Ғазизбен бірге институтта ағасы бар, туысы бар балалар да оқиды. Ғазиздің киетін костюмі олардың костюмдерінен кейін емес, қайта тәуір, таза. Оны жалғыз демейсің, ол бір инженердің, әлде романын бастыртып жатқан жазушының інісі дерсің. Жақсы киініп, жақсы жүруге тырысады. Бірақ оның қолын байлайтын тек студенттік тұрмыс. Оны кейінгі уақытта бір ой жеңді: Уақытша, ең болмаса бір жыл қызмет істеп ақша тауып кайту. Бірақ институтты, оқуды, жолдастарды тастап кету қиын. Әсіресе Шәңгерей екеуі тұратын институт жатақханасының 87 санды кішкене бөлмесімен қоштасу да қиын. «Шіркін-ай десейші, менің кызмет істеген орным осындай бір бөлмені менің үлесіме берсе». Алматының үй мәселесін ол жақсы түсінеді. Институтпен есептесіп қызметке ауысқанмен үй мәселесі қиын. «Осы бөлмеден шықпай біраз жатып алсам, осылар не қылар еді», — деп ойлайды кейде.
Бүгін қалыпша сабақ жүріп жатыр. Ғазиздің жолдастары да оқуда. Тек бүгін жатақханада таңертеңгі тәтті ойдың құшағында төсекте шалқалап жатқан Ғазиз ғана. Бұрын ертемен кітаптарын қолтықтап оқу корпусына жөнелетін ол бүгін шалқалап төсегінде жатыр. Ол бұрын әрбір мұғалімге бересі сияқты еді, әлде біреуге міндетті сияқты еді. Бүгін содан арқасы босағандай болды, ол төсегінде бір аунап түсті де сағатына қарап: «Уақыт оннан өтіп барады, тұру керек», — деді де киіне бастады.
Ректордың кабинетінен қолына бір жапырақ қағазды ұстап кетіп бара жатқан Ғазизді Шәңгерей көріп, кең залдың бір бұрышынан:
— Ғазиз, — деп айқайлап еді. Ол естімеді. Шәңгерей:
— Ғазиз, Ғазиз... — деп тағы айқайлады. Ғазиз мектепке алғаш барғанда «фамилияң кім» деп сұрағанда «Ғазизов» дегенін еске түсірді. Содан ол Ғазиз Ғазизов атанып кетті. Оның фамилиясы Ғазизов. Ол жалт қарады.
— Халің қалай?
— Ничего, — деді орысшалап үйреніп қалған тілді еркіне жіберіп.
— Ректор не дейді?
— Босатты ғой... Тек үй мәселесі шатақ болып тұр. Қызметке орналасқан жерім әзір үй тауып бере алмай отыр. Ал ректор жатақханада қалуға он күн ғана ұлықсат етті.
— Қайда орналастың?
— Край прокуратураға уақытша секретарь болып кірдім. Жақсы істесең жоғарылатамыз дейді...
Шәңгерей қанша аласың деп сұрайын деді де ұялды.
Бұл кезде Ғазиздің маңына өзімен оқитын жолдастары топталып қалған еді. Бәрі де оның сабаққа неге келмей жүргенін білмей сұрақты жаудыра бастады:
— Оқуды тастадың ба?
— Қызмет істейсің бе?
— Үйлендің бе?
— Қанша аласың?
— Геометрияны өткізіп жүрсің бе?
Ғазиздің бәріне бірден жауап бергісі келмей:
— Тағы қандай сұрақ бар? —деп қалжыңдап тұрғанын қолдағандай қонырау қағылды.
— Қандай сабақ еді сендерде? — деп сұрады. «Сендерде» деген сөз оған ерсі көрінсе де түзету жасамай.
— Баяғы алгебра, — деді күлін бірі. Ғазиздің жарты жылдықта тапсыра алмағанын алдына көлденең тартты.
Асылы, қандай педагог болмасын, езінің беретін пәнінен жақсы оқитын баланы жақсы кереді, жаман оқитын балаға көз қарасы тәуір бола қоймайтын. Ал нашар оқыған бала да қасақана педагогты сүйе қоймайды. Ғазизге математика мұғаліміне көрінбей кетейін деген ой түсті. Ол оқу корпусының есігінен шыға бергенде, алдынан әлгі мұғалім шыға келді. Ол қып-қызыл боп кетті. Асығып келе жатқан мұғалім бұған назар аударған жоқ, өте шықты. Ғазиз бұрылып енді сенің қолына түспеспін дегендей бетін тыржитып, бір көзін қысып тұрып:
— Қош, алгебра, қош, математика, — деді.
139-ҮЙ
Лев Толстой көшесі қаланың орта шенінен басталса да Ғазизге керек үй шеттеу екен. Ол № 139 үйдің тұсына келіп тоқтап, номеріне қарады. Адаспайын деген оймен қалтасындағы бір жапырақ қағаздың сыртындағы үй номеріне қарады.
Ғазиз қызметке орналасқаннан кейін театр директорының соңына түсіп жүріп, осы үйдің әйеліне бір жапырақ қағаз жаздырып алды. Бұл үй қаланын орталығынан тысқарырақ болғанымен сыртқы көрінісі Ғазизге ұнады. Ол үйді бір айналып шықты. Оған әсіресе ұнағаны — үй екі көшенің бұрышында екен. Екі жақтан көше бойы қуалай отырғызылған, кекпен таласа өткен ірі қайың, теректер үйге бір түрлі эсер беретін сияқты. Айнала қоршаған шарбақ, есік алдында кішкене бақша бар екен. Жабулы тұрған сыртқы есікті тықылдатып қақты.
Есікті ашқан қартаң әйел:
— Кімді іздедіңіз? — деді бір қолымен ішке қарап ашылған қақпаға сүйеніп тұрып.
— Сергеева керек еді маған, — деді ол сасқалақтап.
— Сергеева мен боламын, кіріңіз.
Ішке кіріп, қайда барарын білмей тұрған Ғазиздің есікке көзі түсті.
— Мұнда кіріңіз, — деп сол жақтағы есікті нұсқап ашты да үй иесі езі бұрын кірді. «Европа халқының әдеті-ау бұл», — деді ол әйелдің бұрын кіргенін ұнататына қарамай. Әйел тез жүріп барып төргі үйдің есігін ашты. Бөлмеге ол сәлем беріп кірді: өйткені, үйде айнаның алдында шашын тарап бір қыз тұр еді. Әйел оған: «отырыңыз!». деп орындықты нұсқады.
— Сізге, — деді ол орындыққа отырғаннан кейін қалтасынан бір жапырақ қағазды әйелге ұсынып, — мына қағазды театрдың директоры Осипов беріп еді.
Әйел қағазды алып пешке сүйеніп тұрып оқи бастады. Онда былай деп жазылған еді:
«Жолдас Сергеева!
Сізге жолдас Ғазизовты жіберіп отырмын. Сіздің үйде тұрып, шығып кеткен Ивановтың орнына жағдайыңыз болса орналастырыңыз. Төлеуі бұрынғыша.
5 декабрь 1939 жыл».
Әйелге қағазды бергеннен кейін үйдің ішін көзімен бір шолып етті. Үйдің іші өте жақсы, өйткені екі қабырғасында терезе бар еді. Ғазиз екінші терезенің алдында үлкен айнаға қарап шашын тарап тұрған әдемі жас қыздың бет пішінін көрді. Толық әдемі денесі, әсіресе оқтаудай түзу аяғы, онша толысып бітпеген аршын кеудесі қырынан қарағанда келіскен қызсың-ау дегізгендей. Қыз бұрылып бері қараса екен деп тіледі, бірақ онысын сездірмеуге тырысты.
— Шырағым, — деді байсалды пішінмен Сергеева, — семьямыз онша үлкен емес, үш-ақ жанбыз. Қызметте мына баламнан үлкен, — деп терезенің алдында тұрған қызын нұсқап, — тағы бір балам бар. Үш бөлмеміз бар. Мына бөлмеде, — деді ол тағы қолымен нұсқап басқа қабырғада тұрған есікті көрсетіп, — театрдың бір қызметкері тұрады. Сізге ұнаса көріңіз. Маған ешқандай ауырлығыңыз жоқ. Екі бөлме өзімізге жетеді. Төлем мәселесін Осиповтың өзі біледі.
— Терехин, — деді Сергеева бұрын тұратын жігітті фамилиясымен атап, — рестораннан тамақтанады, шай қажет болатын болса, суға сараңдығымыз жоқ, — деп күлімсіреп қызына қарады. Ол жымиып қана күлді. Бірақ үн қатқан жоқ. Сөйткенше Сергеева жарма есікті ашып:
— Пожалуйста, көріңіз, — деді ол орнынан үшінші бөлмеге беттей беріп.
Бұл Терехин тұратын бөлме еді. Бір стол, екі орындық, бір койкадан басқа көзге түсердей еш нәрсе жоқ еді. Жарық, таза, екі адамға шақ әдемі бөлме екеніне оның көзі жетті.
— Біз өзіміз үй арқылы кіріп, шығамыз. Мына есікті шегелетіп қоюға болады, — деді есікке қарап тұрған Ғазизге Сергеева.
— Кіріп-шығып мазалайтын кішкене бала-шаға шамалы көрінеді ғой, тура берсе де болады, — деді Ғазиз. Төрдің алдында көлденең тұрған Терехиннің койкасын Сергеева екеуі жылжытып оң жақ қабырғаға қойды. Стол әз орнына, терезенің алдына қойылды. Ішкі есікпен төрдегі терезенің бұрышы арқылы сол қабырғаға Ғазиз езінің койкасын қоймақшы болды. Кешке кешіп келмек болып Ғазиз үйден шықты. Оның ойында бір-ақ нәрсе болды: ол төсек-орын мәселесі еді. «Ай, студенттік тұрмыс-ай. Он екі жыл оқып, бір одеялды жеке меншіктемеппін-ау. Ақ төсек арасында бай баласындай шіренбедім бе, Уақа емес». Сөйтті де кейін бұрылып қарады. «Анау үй — сұлу жас қыздың үйі. Өте қызық нәрсе: менің көршім сондай әдемі қыз. Немен тынар екен. Жоқ, мен қыз мәселесін қоюым керек. Тұрмыс жөндеуім керек. Оқу керек, менің жолым жай ғана сол үйде тұра білу. Мен қызмет іздедім, таптым, ол — театр. Мен үй іздедім, таптым, ол — 139 санды үй. Мен студентпін, жыл өткен соң тағы студент болуыма сөз жоқ...»
«АНАНЫҢ КӨҢІЛІ БАЛАДА,
БАЛАНЫҢ КӨҢІЛІ ДАЛАДА»
Бұдан жиырма жылдай бұрын Анна Сергееваның жар қосағы қайтыс болды. Анна ол кезде әркімдер-ақ көз салатын жас әйел еді. Оның қолында жетім үш бала қалды. Бұрын қалай өмір сүреміз, не ішеміз, не киеміз деп ойламайтын ананың мойнына ауыр салмақ түсті. Ол — жетім үш бала еді. Оның тілегі осы үш баланы асырап ер жеткізу болды. Ол жол да жүрді, жұмыс та істеді, сауда да жасады. Бұл жылдардың ішінде Аннаның көрмегені жоқ.
Ол ерге жастай шықты. Ерімен он шақты жыл отасты, Анна Сергееваның тұрмысы кейінгі төрт-бес жылдан бері ғана жөнделе бастады. Баласы ер жетіп, оқып-жетіліп кызметке кірісті. Ол қазір армияда, күзде қайтады. Үлкен қызы қызмет істейді. Кіші қызы институтта оқиды. Студентка.
Міне, Анна Сергееваның өмірден тілейтіні енді осы үшеуінің қызығын көрсем, үшеуін үйлендірсем, немерелі болсам деу ғана.
Біздің қазақ халқы «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» дейді, тіпті дұрыс сөз. Үлкен қызы Ольга: «Армиядан ағайым келсе, содан соң Қырымға барып қызмет істесем», — деп ойлайды. Оның хат алысып тұратын жігіті Қырымда.
Ал кіші қызы Лиданың ойлайтыны — институттың химия пәнінен сабақ беретін педагогы Нина Павловна. Ол тіпті жас әйел, өзінің жастығына қарамай медицина академиясын бітіріп келіп осында сабақ береді. Оны жек көретін адам институт коллективінде жоқ десең де болады. Оның сабағы қиын болса да ете көңілді қызықты өтеді. Асылы, езі сүйкімді адам. Міне Лиданың қиялы институтты бітіргеннен кейін академияда оқу. Нина Павловнаның жүріс-тұрысы, мінезі, тіпті киіміне дейін Лидаға ұнайды. Оған еліктейді, Нина Павловнадай болғысы келеді. Бірақ, педагог емес, дәрігер болсам, адамдардың өмірін сақтасам, өліммен күресуші советтің бір жас қызы болсам деп ойлайды. Оның шамалауынша, бұл болатын нәрсе, ол келешегіне сенеді.
Расы, Анна Сергееваның екі қызы тете өсті. Асылы, қатар өскен қыздар бір-бірімен бақталас өш болады. Алғаш бүл жағдай Ольга мен Лиданың арасында да болды. Олар кейде тату-тәтті болады, аздан кейін-ақ ұрысып қала беретін. Бұл жағдайды керген Анна Сергеева екі кішкене қызын шақырып алып:
— Тату болыңдар, егер ұрысып таласқандарыңды көрсем, менен жақсылық күтпеңдер! — деді.
Мұнан кейін кішкене екі баланың қай жағынан бұзықтық болса, анасына білдіретін болды. Ақыры екі қыз тату болып өсті. Кейін өсе келе олар бір-біріне қамқор, сырлас, дос болды. Бірақ бір семьяда ессе де, бір-бірінен жер мен көктей айырмасы бар еді.
Ольга жиырма төрт жаста еді. Қазір бізде ерге кеш шығу деген салт болып жүр. Мүмкіндігінше ер жігітке кеш үйлену де жақсы нәрсенің бастамасы. Есейген адам қиыншылықтың, қызықтың, қуаныштың негізін шамалай алады.
Әрине, Ольга қиялшыл емес. Пушкиннің Татьянасы сияқты жүрегінде бір құлаш қайғысы бар қыз да емес, жай ғана салмақты қыз. Ольга келешектің қуанышына құмар. Ол қаладағы саяси қызметкерлердің бірі. Бойжеткен қыз болса да Мопассан мен Байроннан гөрі, Гете мен Шиллерден гөрі, Вальтер Скотт пен Беранжеден гөрі, Пушкин мен Лермонтовтан гөрі, оған саяси журналдар қызықты. Тарихи кітаптар қызықты, Чернышевскийдің «Не істеу керек?» романы мен экономика мәселесіндегі оның статьялары алдында жатса, ол экономика мәселелері жөніндегі мақалаларды ақтарып шығар еді, Толстойдың «Анна Каренинасы» мен «Соғыс және бейбітшілігі» жатса, «Соғыс және бейбітшілікті» алар еді. Ол онда Толстойдың маңдай алды шығармасы осы екенін білгендіктен, болмаса «Анна Каренина» қызықсыз деген емес, оған 1812 жыл қызық, оның оқиғасы қызық. Оған Левин мен Катяның қол ұстасып мұзда сырғанақ тепкенінен гөрі Багратион полкінің француздармен соғысы қызық.
Ол жиырма жылдан кейін кім боламын дегеннен гөрі, жиырма жылға дейін менің қоғамға қанша пайдам болар екен дейтін. Оның кеудесінде үлкендік бар, біреуге ақыл айтқанды, кішіні еркелетуді жек көрмейтін мінезі бар.
Ольга шаруашылық техникумының соңғы курсында оқып жүргенде насихатшылар курсына жіберілді. Ол саяси қызметтер жөнінде командировкаларда көп болды. Қаланың ірі қызметкерлерімен жұмыс бабында көп араласты. Олармен кейбір мәселелер жөнінде таласып та жүрді...
БІРІНШІ КЕШ
Ғазиз бүл үйге түстен кейін кешіп келді. Кеңседен қарызға алған ақшасына төсек-орын сатып алуға бара жатып, таныс бір жігітке кездесті. Оған өзінің жағдайын айтты.
— Ғазиз, — деді ол, — мен бүл қаладан кеткелі жүрмін, менің төсек-орным бар, соны ал. Керек болса үйімді де саған қалдырайын.
— Жүр, кеттік сіздікіне...
Мұның үйі Ғазизге онша ұнай қойған жоқ. Әжептәуір төсек-орны бар екен, ал үйге бір айдан бері от жағылмаған сияқты. Үйдің бұрыштарының бәрі қырауланып көгеріп кеткен. Және екі қабат үйдің астындағы үй екен. Қараңғы, қырауланған бөлмеде тыраштанып жиған кітаптары бар екен. Ғазиздің көзіне «Страшный Тегеран» түсе кетті.
— Сен мына кітаптарыңды өзіңмен бірге ала кетесің бе?
— Жоқ. Ертең кітап базарына апарғалы отырмын.
— Маған сат.
— Ал...
Ғазиз ақтарып-төңкеріп кітаптарын көре бастады.
— Ақынсың ба деймін. Әлде кітап құмардың бірісің бе? — деді. Ғазиз.
— Біздің шығармамызды жұрт оқып жатады ғой. Сондықтан автормын десем де қателеспеспін, — деді үй қожасы.
— Нанбасаң, мә, — деп бір-екі журналдың беттерін Ғазиздің алдына ашып-ашып тастады.
— Е-е, сен ақын екенсің ғой...
— Болмағанда! Жаза бастағаныма кеп болды, жеке кітап болып шықпағанмен газет-журналдарға құлашымыз кең жетеді...
Ғазиз осының атын мына бір ескі екі журналдан басқа жерлерде кездестіре қойған жоқ. «Сен антұрған, мақтанып отырсың-ау маған», — деп ойланып қалды. Оның өлеңінің басқы біреуін ішінен оқып шығып еді, мықты жатқан ештеңе жоқ сияқтанды.
— Неге қаладан кеткің келеді?
— Аудандық ақын болғым келеді. Бір ауданда тыныш жатып жақсы бір нәрсе жазамын...
Ғазиз төсек-орыннан гөрі кітап сатып алғанына қуанды.
«Ақынның» оқуға не сәнге жинаған кітаптары екенін біле алмады. «Әйтеуір, дені сау жігіт емес-ау өзі. Ол расында ақын емес, ақын боламын деген талабы бар адам. Ал барлық күн көретін мына томдарын аз ақшаға сатты да жіберді. Ол сорлы білмеді-ау мұны. Ол шынында бекер сатты ғой», — деп ойлады Ғазиз шананың үстінде келе жатып, сатып алған кітаптарына қарайлап.
Ғазиз кітаптарын столдың үстіне қатарлап жинап, кешкі шамның жарығымен біртіндеп оқуға кірісті.
Бұл кезде Терехин үй қожасында еді. Қанша айтқанмен үйренісіп қалған ғой, бір қызық әңгімеге кірісіп кеткен сияқты. Анда-санда әдемі күлкілері естіледі.
Біреу тықылдатып есікті қақты.
— Кіріңіз.
Толықша сары қыз сәлем беріп кірді де, төр үйге қарай беттеді. Ғазиз жалт етіп бір қарады да, онда шаруасы болған жоқ, өз ісімен шұғылдана берді.
— Ғазиз,—деді ақырын Терехин жақын келіп оған, — циркке барамыз ба қыздармен?
— Қандай қыздармен? Сен мені келмей жатып жарылқайтын болдың ғой, — деп әзілдеп күлді оған.
— Ойын емес...
— Үлкен рақмет саған. Бүгін бір шаруам болып отырғаны...
— Сөзді қой, қазір қыздар киініп шығады, мен оларға сенімен бірге циркке барамыз дедім...
Сөйткенше екі қыз төргі үйдік есігінен шыға келді.
— Лида, — деді Терехин есікке қарай бет алған қызға:
— Бері келіңдер, қазір бірге шығамыз.
Қыздар бұрылып столдың жанына келгенінде, Терехин:
— Танысып қойыңдар. Бөтен жігіт емес, — деп Ғазизді нұсқады.
— Ғазиз.
— Лида.
Ғазиз оның қолын қаттырақ қысып жібергенінен бе, әйтеуір Лида қып-қызыл болып кетті. Ғазиз ештеңе сезбеген кісіше қолын екінші қызға созды. Тек қыздың «Сима» деген атының соңғы буынын ғана естіді.
Бұлар төртеуі үйден шыққанда қас қарайып бара жатыр екен. Дала әжептәуір қараңғы болып қалған. Олар бірінің соңынан бірі еріп шұбатылып үлкен көшеге шықты. Лида мен Сима екеуі көшеге шығысымен қолтықтасып алды. Қолтықтасқан екі бикештің екі жағынан бос еріп келе жатқан Ғазиз бен Терехин әдемі әңгімеге қосыла алмады.
Мана үйде Терехин Ғазизге епшіл жігіт сияқты көрініп еді. Ал қазір үйден шыққалы бері мойны темен салбырап үндемей келеді. «Қыздардың жанында бұлай жүру ыңғайсыз-ау».
— Бикештер, мына кешенің сиқын байқап келесіздер... Сондай тайғанақ... Мен әнеугүні жалғыз келе жатып етпеттей құлағаным. Әйтеуір ешкім кермегені абырой болды. Сондықтан қолтықтаса жүрсек деймін, — деп Ғазиз ұсыныс жасады.
— Пожалуйста, — деп Лида қалтасынан қолын босатып алды.
— Әрине, менің ұсыныс жасағаныма ғафу етіңіздер, жолдасым салмақты жігіт, маған ол үшін қызмет етуге тура келіп қалды.
— Әрине, салмақты болу жаман нәрсе емес қой, — деді Лида Терехинді қағытып.
— Жалпы алғанда, — деп бастады Ғазиз әңгімені, — кісінің екі қасиеті болса — әрі жеңіл, әрі салмақты дегендей, қай кезде жеңіл, қай кезде салмақты болуын білсе, сол кісі ақылды.
Лида ішінен:«Адамшылыққа ой жүгірткен мына бір сезімді жігіт екен», — деп ойлады. Мұндай жерде пікір айтудың езіне де өлшем, шама керегін білетін Ғазиз басқа әңгімеге кешейін деп ойлады. Мұның арасында Терехин мен Симаның талас әңгімелері басталды. Ғазиз әңгіменің не туралы екенін түсіне алмады. Бірақ «араласпай-ақ қояйын» деп ойлады.
Циркте Ғазизге ұнаған нәрсе ойынның екінші бөлімі болды. Мұнда Дуровтың ақылды айуандарының ойындары көрсетілді. Дүниенің патшасы адам екенін Ғазиз бүгін керген сияқты болды. «Сонда арсылдаған арыстандар, айбынды аюлар, түсі суық жоталы жолбарыстар Дуровтың айтқанымен жүріп тұрды. Өздеріне бағындырғаны соншалық, арыстан, жолбарыс, аю олардан қорқатын сияқты, әлде сыйлайды ма? Әйтеуір адамдар күлсе, олар да күледі, қуанса қуанады, айтқанын екі етпейді.
Бұл не деген достық?! «Осының бәрі адам күшінің, адамның адамгершілігінің нәтижесі-ау!» — деп ойлады Ғазиз. Сөйтті де: «Адам, адам, сен — дүниенің тұтқасысың, өмірдің кілтісің!»— деп айқайлап жібере жаздады.
Ғазизге ұнамаған нәрсе, Лиданың цирктегі мінездері болды. Оған бір жеңілтек қыз сияқты көрінді. Оның байқауынша, Лиданың екі көзі залдағы адамдарда болды. Тіпті көрінген біреулермен қабақ қағысып отырғанға ұқсады. Жанындағы жолдастарын ұмытып, әлдебіреулермен көш жерден қуанышқа ортақтасып отырды. Бір кезде біреудің лақтырған бір жапырақ қағазы Ғазиздің алдына келіп түсті. Бірақ Ғазиз қағазға қол созған жоқ. Дегенмен оның алдына екі жағынан созылған қос қол қағаз үшін таласқа тусті. Сима мен Лида сол қағаз үшін ұрысып қала жаздады. Бірақ қағаз Терехиннің қолына түсті.
— Ал, оқимын...
— Оқыма, ұлықсат етпеймін!
— Оның ішінде жасырын іс болмас.
— Бәріміз де оқимыз.
— Әуелі мен оқимын...
— Жоқ, әуелі мен оқимын, өйткені менің адресіме келді ғой.
— Бірақ, алдама.
— Жоқ, алдамаймын.
Лидадан кейін қағаз жағалап Ғазиздің қолына келіп тиді. Ол кішкене блокноттың бетінен жыртылып алынған бір жапырақ қағазға қарындашпен жазылған мына сөздерді керді.
«Лида! Ертең сырғанақ тебуге келесіңдер ме? Мен сағат 12-де сонда боламын. Мариям».
Ғазиздің манадан бері ойлап отырғаны бұл қағаз емес еді, сондықтан жай көңілсіз қарап шықты да Симаға берді.
Бұлар ойыннан қайтып келе жатып жарым жолдан екіге бөлінді: Терехин Симаны үйіне шығарып салуға кетті. Ғазиз бен Лида үйге қарай беттеді. Ғазиз цирктен тым көңілсіздеу шықты.
— Лида, әңгіме айтыңызшы, — деді Ғазиз үнсіз келе жатқандарын ыңғайсыз көргендей.
— Жоқ, сіз айтыңыз. Мен тыңдауға құмармын.
— Мен қонақпын ғой бүгін, мені сыйлауыңыз керек.
— Бірақ жол сіздікі ғой.
— Әңгімені жігіт бастайды дегеніңіз-ау!
— Енді қалай...
— Меніңше, осы «теория» дұрыс емес. Қашанда әңгімені жігіт бастауы керек. Мысалы, қыз бір нәрсе туралы тыңдағысы келеді. Ал жігіт өзің сияқты сөйлеуден гөрі тыңдауды сүйеді. Ал сонда қыз қашанғы күтеді оны.
— Сұрауға болмай ма екен? Мысалы, мен сізге әңгіме айт деп сұрап келе жатқаным жоқ па, сол сияқты.
— Барлық мәселе туралы сұрап білу оңай болмас, — деп күлді ол.
— Мысалы, мен өзім түсініксіз нәрсені сұрап алудың ұяттығы жоқ деп ұғынамын, — деді Лида әзінің сөзінен кайтпай.
— Сіздікі жөн... — Ғазиз бұдан кейін. — Мариям кім? — деп сұрады.
— Бізбен оқитын бір жолдас.
— Сіз қайда оқисыз?
— Медицина институтында.
— Көптен бері ме?
— Жоқ, онжылдықты биыл бітірдім, бірінші курсындамын.
— Дәрігер болу тамаша нәрсе, жақсы мамандық. Дәрігер адамның өмірі үшін күрестегі жауынгер ғой.
— Мен дәрігер болғанда келерсіз, сіздің өмір сүруіңіз үшін жәрдемімді тигізермін, — деді қалжыңдап ол.
— Сөз жоқ. Міндетті түрде.
Лида үйге жетіп қалғандарын сезіп жай жүре бастады. Оған әңгіме жаңа басталған сияқты еді. Бірақ Ғазиз қақпаның есігін ашып:
— Кіріңіз, — деді.
Лида алдында, бұл соңында, үйге қарай беттеді.
— Ұмытқан жоқ шығарсыз, сіздің есігіңіз анау, — деп оң жақтағы есікті көрсетіп жымиып күлді.
— Рақмет! Жақсы жатып, жай тұрыңыз! — деді Лидаға есіктің тұтқасын ұстап жатып.
— Жақсы...
ҚАЙҒЫЛЫ ХАБАР
Дүние қарама-қайшылықтан тұрады деген кісі қателеспеген, дұрыс айтқан. Мысалы, өлім мен өмірді алайық. Адам дәуір үшін күреседі. Сондықтан да оның жылдаған өмірі осыған байланысты. Күлу мен жылауды алайық: Адам күлкі үшін жылайды. Егер оған күлуге жағдай болса, жыламай-ақ қояр еді. Қуаныш пен қайғыны ал. Кісі қуаныш үшін қайғырады. Міне осындай қарама-қайшылықсыз адам өмірі жоқ. Бұларсыз өмір болуы мүмкін емес. Күл дейді де жылатады, қуан дейді де қайғыртады, өмір береді де өлтіреді. Сондықтан да дүние қызықты да зарлы, қуанышты да қайғылы, күлкілі де, азапты. Дүние жалпақ, дүние кең, кез жетпестей. Сонымен бірге кісі сыймастай тар. Адамға ойлануға, шамалауға, түсінуге ақыл берген жаратылысқа көп-көп рақмет айтарсың, Ғазизді бүгін көп қиялға, ойға шомылтқан анасының хаты болды.
Ананың тілі, ананың махаббаты, ананың тілегі тіл жетпес бір жатқан теңіз емес пе? Па, шіркін, ананың айналып-толғанғаны кімнің есінен кетеді?!
Шырылдап жерге түскеннен-ақ дүниеде сенін бір-ақ жақының, бір-ақ досың, бір-ақ ұстазың бар. Ол — ана. Қара жерді баспай жатып, есіңді білмей жатып, тырмысып бауырына жабысатының, шырылдап тынбай жылағанда сенің іздейтінің — анаң. Сен жан болып жаратылып дүниеге келдің. Бірақ сол дүниеге сен риза емессің. Дүниені қомсынасың, дүниеге ызаланасың. Сенің іздейтінің бір-ақ жан. Ол — ана! Ол саған бәрінен қымбат, ол дүниеден де үлкен, сондықтан да сен бір-ақ жанды білесің. Бір-ақ жанға ырзасың. Ол — ана! Міне анаға деген махаббат туған күніңнен-ақ басталады, сондықтан ананың жолы басқа.
Ана деген сөздің өзі ыстық. Ана десе толқындамайтын жүрек, тасымайтын қан, сезбейтін сезім болуға мүмкін емес. Әсіресе мен білетін қазақ әйелі, қазақпын дейтін қара көз, домалақ қара баланың анасы, әсіресе сенің жүрегің нәзік, сенің махаббатың балаға тіл жеткісіз биік.
Мен үшін сендерді жас қабірдің басында көру қиын, әсіресе баласы өлген ана, сені көру қиын. Сенің... «ой құлынымын» бүкіл дүниені күңірентеді. Сенің дауысыңды бүкіл табиғат таныр еді. Ол бірден: — Ананың даусы, ананың үні, — деп тауға, орманға, тасыған суға қайталауға бұйырар еді. Олар сенімен бірге қосылып, «құлыным», «ботам», «жаным» деп дүниені жаңғыртар еді.
Сөйткен ананың бірі — Ғазиздің анасы. Мен сол кісіні көптен білемін. Менің дүниедегі риза болатын аналардың ішіндегі белгілі ананың бірі.
Ол алты баланың анасы болды. Бір кезде сұм елім алты баланың анасы деген атақтан тайғызды, оның бес баласы ер жетіп жігіт болып қалған уақытта, бірінен соң бірі өліп, оны қайғының тұңғиығына батырды. Ол осы балалардың өлімін көрді. Одан кейін, өзінің жар қосағы, өзінің жанындай жақсы көретін балаларының әкесі, өмірлік досынан айрылды.
Осындай ауыр қазаларды көрген ана ақыры: «Тәубә, жалғызыма жәрдем ет», — деп күні-түні құдайдан жатып-тұрып тілейтіні жалғыз Ғазиздің тілегі болды. Кенже бала әрі жалғыз бала онша сүйкімді болып өскен жоқ. Ол есін біле, ұрыс, төбелес бұзықтықтан басқаны білмеді. Әкесіз балаға қатты жеку қиын анаға. Міне, осылай өз бетімен өскен Ғазизге жеңгелерінің қойған аты «сотанақ ұл», «тентек бала», «бұзық қара ұл» дегендер еді. Бірақ, олар мұның сыртынан болмаса, көзінше бұл аттарды атамайтын еді. Өйткені бүл естісе болғаны, бір нәрсесін бүлдіріп, өшін алады.
Бір күні оған бір жеңгесі: «Тентек-ай, ана бұзауларды қайтарып жібере қойшы бермен қарай», — десе, бұзауларды сол үйдің жанына айдап келіп: «Бұзауды байлап ал», — депті. Әйел бұзауларын байлайын деп шығып кеткенде, оның үйіне кіріпті де бар кесе-аяқ, ақ құманды қиратып, оттың басына үйіп кетіпті.
— Ендігәрі тентек деп айтасың ба, бәлем?
Құдай иіп, қайдан мұндай бола қалды деп, бұзауларын айдап келгеніне риза болып, ендігәрі айтпаймын деп уәде беріпті.
— Ал, кім дейсің?
— Кім дейін?
— Боз жігіт де.
— Жарайды. «Боз жігіт» деп айтайын. Рақмет, боз жігіт.
Әйел соңынан үйіне келсе, от басында үюлі жатқан кесе-аяқ, ақ құмандарының сынығын көріп:
— Алда, қу жалмауыз-ай, енді қайттым, — деп қарғап жатқанда үйдің сыртында тыңдап тұрған ол, сақылдап ішек-сілесі қатып тұрып күлетін көрінеді.
Риддерге, міне, осы баланың әуресінен оның анасына төркініне көшіп келуге тура келді.
Ғазиздің нағашысы Мәжит Риддердегі белгілі инженерлердің бірі еді. Ғазизге жаны ашып, оны киіндіріп, оқытты. Есейе келе Ғазиз Мәжитті тыңдайтын болды. Оның өмірінде бірге туысты дегеннен керген жақсы адамның бірі осы еді. Ғазиз оны сондай жақсы көреді. Оны сыйлайтын болды. Одан ұялатын болды.
Ғазиздің қандай бала екенін білетін ол, оның қалай оқитыны, қалай өзін-өзі алып жүретіні туралы ылғи ерінбей мектепке барып, біліп тұратын болды. Ғазизден ол қандай баға алғанын сұрап тұратын болды. Бертін келе нашар баға алған күні үйге кіруге ұялатын болды. Сөйтіп жүріп, берген тәрбиені бойына сіңіре бастады. Мұны сезген Мәжит оған жақсы оқығаның үшін, тәртібің үшін деп бала қызығатын әдемі нәрселерді сатып алып беретін.
Мәжиттің бала-шағасы, туған-туысқаны аз жігіт еді. Сондықтан атадан туғанның бөтендігі жоқ деп, Ғазиздің адам болуына әжептәуір-ақ қызмет істеді.
Ғазиз орта мектепте оқып жүріп, лейтенанттар дайындайтын әскери мектепке баруға ынтықты. Мұның бірі Шәңгерей, тағы бір-екі бала жиналып алып, баруға талаптанды.
Мәжит оған әрбір мамандықты айтып, үгіттеп еді, ез айтқаным болмаса, болмайды деп отырып алды. Қызыл Армияның командирі болу үшін білім керек, әлі де оқи түсуің керек, — деп ақылын айтқанмен көнбеді.
— Шешеңмен келіс, маған адам болсаң болады, — деп босай бастады.
Ғазиздің анасы кез жасын төккеннен басқа бар, барма деп ештеңе айта алмады.
— Шырағым, менің саған қанша жолдас болатынымды бір алла біледі. Әйтеуір сен қатарың нақ қалма, бетіңнен қақпаймын, — деді.
Ақыры көз жасын тағы бір төгіп ана Ғазизің жолға аттандырды.
Ғазиздің көп уақыт есінен кетпеген сөз Мәжиттің: «Балалық қылып, әжеңе алаң болып жүрме, біздің қолымызда екенін есіңде мықты ұста», — дегені еді.
Міне, содан бері төрт-бес жылға айналып барады.
Ғазиз жазғы каникулде бір соғып кеткені болмаса, жыл бойы сыртта, басқа қалада оқумен өмірін өткізді.
Ғазиздің апасы бір каникулден екінші каникулға дейін бір жылға таяу уақытты санап өткізеді. Ол күн еткен сайын баласының демалысқа келуіне бір күннің саны кеміді деп қуанады. Сөйтіп, сарғайып жүріп карт ана бір күн ауыр қайғыға кездесті. Туған інісі, оның мықты сүйеніші — Мәжит қайтыс болды.
«Не де болса, Ғазизімді оқытайын, ел қатарынан қалмай адам болсын», — дейтін анаға, енді: «Сен мені бағуға міндеттісің, үйлен. Мені қолыңа ал. Баяғыдан бергі оқуыңды жұмса, қызығыңды көрсет», — деуіне тура келді. Мәжиттің әйелі мен екі кішкентай баласын бір туысы қолына алды. Енді біреуге масыл болу; жалғыз кемпірге қиын әрі ыңғайсыз.
Міне, бүгінгі Ғазизді ойға шомылтқан ананың хатының мазмұны осы еді.
Ғазиз үшін Мәжиттің өлімі үлкен қаза, ол туған нағашысын өлімге қимады. Оның ойына лейтенанттар мектебіне барамын деп жолға шығардағы, Мәжиттің: «Балалық қылып, әжеде алаң болып жүрме, біздің қолымызда екенін есіңе мықтап ұста», — дегені түсті.
Ол жылы оның лейтенанттар дайындайтын мектепке түсе алмай, осындай бір рабфакқа түсіп, кейін оны бітіріп шыққан. Одан кейін институтте оқығандарының бәрі — Мәжиттің арқасы екенін бүгін түсінгендей болды. Мәжиттің тірі кезінде оның артында бір биік тауы бар сияқты еді. Бүгін сол тауы құлағандай болды. Кез жетпес бір айдыны бар еді, сол айдын бүгін сарқылып, суалғандай болды. Оның ойынан «Не істеу керек?» деген сұрақ шықпады.
Ақыры: «Сен үшін қызметке шықтым, Алматыда үй мәселесі қиын, ретін тапсам жазға қарсы көшіріп әкелем», — деп хат жазды.
КІТАПТЫҢ ӘСЕРІ
Чем меньше женщину мы любим,
Тем легче нравимся мы ей.
А. Пушкин
Ғазиз қатардағы үйге кіргеннен кейін, Анна Сергееваның семьясы ол үй жақтағы есік арқылы емес, ауыз үй арқылы кіріп, шығатын болды. Тек көбінесе бұл есік арқылы қатынасатын Терехин ғана. Ғазиз де ол үйге кеп бара қоймайды.
Ғазизге бір ермек болған нәрсе — әнеугі төсек-орынмен бірге сатып алған кітаптар болды. Іздесең кітапханадан тапқызбайтын романдар аяқ астынан кездесіп, бұған ермек бола алды.
Біздің қазіргі жастардың бірқатары роман оқумен шұғылданып жүр. Осылардың қатарына біздің Ғазизде қосылатын еді. Оған роман оқуды үйреткен өмір. Ол ең әуелі пікір талас үшін оқыды. Өйткені ол бір нәрсеге таласуға, өзінің айтқанының дұрыстығын дәлелдеуге жаны құмар еді. Одан кейін атақ үшін оқыды, қыздармен жақсы, мәдениетті сөйлеуі үшін оқыды. Сөйтіп жүріп, оқыған кітаптарынан талай қызықты кездестірді. Зеріккен уақытта бұрынғыдай көше айналып жүгіріп кетуден гөрі кітапты сүйеу ететін болды. Мұнда келгелі ол кітаптың қызығына түсті, тек қызметтен босап, үйге келгеннен-ақ оның айналдыратыны кітап.
Ғазиздің мұнда келгеніне біраз уақыт болып қалды. Осы өткен уақыттың ішінде Лиданың байқауынша, бұл бір ғылым қуған жігіт, мұның бар уақыты кітапқа бағышталған, өте салмақты жігіт сияқты.
Шынында, Ғазиз өте салмақты жігіт емес. Бірақ, осында келгелі бір түрлі өзгерді, ол бұл үйге сыр бергісі келмейді. Балалардың жатақханасына барса болғаны, олармен күресіп, алысып, әбден шаршаған соң барып кайтады. Бұрын аузына арақ тисе болғаны, шешенсіп кететін Ғазиз үйге келе ұйқыға кіріседі. Ғазиздің сақтықпен сөйлейтін, өзін-өзі аңдап, сөздің әдемісін теріп сөйлейтін жері — тек осы үй. Неге екенін кім білсін, бүл үйде ол ұстамды, салмақты, сергек.
Жүре келе Терехин мен Ғазизді Лида түсіне бастады. Ол екеуінің арасында үлкен айырма бар.
Терехин кішіпейіл боп көрінгісі келеді, бірақ өзімшілдігі басым. Ғазиздей бола алмайды. Оның істерінің бәрі оғаш, орынсыз. Ол үйге кебіне мас болып келеді. Мұны Анна Сергеева жақтыра қоймайды. Кейде Лиданың бөлмесіне есік қағып кіруді де ұмытады. Оның үстіне, ол — ете мақтаншақ, сезімсіз жігіт. Терехиннің нақтылы өзінің білетінінен, естігені коп. Ал кісіден естігенін өзі білгендей сайрауға құмар. Бірақ Лидаға бүл ап-анық.
Ғазиз бөлмесіне анда-санда ғана кіреді. Ылғи әлдеқандай бір шаруамен келеді. Оның жүріс-тұрысы, тіпті қандай шаруамен келгені, не сөйлегені Лиданың жадында. Ғазиздің көзінің оты бар. Кісінің ішін жылытатын қап-қара көзіне қараса болды, Лиданың ақ құба әдемі беті нұрланып, жүрегі алып-ұшып қызарып кетеді. Бір үйдің ішінде тұрып, ол Ғазизбен емін-еркін сөйлесе алмайды. Тіпті, күніне бір жүздесіп түру Лида үшін қол жетпес мұнарадай...
Лида оның бөлмесіне кірудің ретін таба алмайды. Шаруасыз есік қағу тым ретсіз. Кездескен жерде тік қарау да ерсі, оған байқатпай, ұрланып қарау да ыңғайсыз. Ол өзінше, басқан әрбір қадамын Ғазиз сынайды деп ойлайды. Сондықтан да өзінің сөйлеген сезін, істеген ісін бағдарлап таразыға салады. Өне бойы ашық тұратын жарма есік, енді ашылмайтын сияқты. Бұрынғыдай жетіп келіп тұратын Терехин де жоқ. Ол командировкада.
Ғазиз жаңа мода бойынша қара шашын бір жақ самайына, шекесіне қарай тарап болып, мойнындағы ақ жағаға қара галстукты орай салып, түйгелі жатыр еді, біреу тықылдатып есік қақты.
— Да, да, войдите! — деді жуан қып бос ораған галстуктың түйініне үлкен ақ жағаның екі ұшын теңеп жатып.
— Рұқсат па?
— Келіңіз, — деді орындықты ыңғайлап, — отырыңыз. — Бөлменің ортасына келіп тұрып қалған Лиданың қолтығынан ұстап, столға қарай икемдеді.
— Жоқ, рақмет! Бір шаруамен келіп едім, — деді Лида жымиып күле, екі көзі стол үстіне жиюлы тұрған қаз-қатар кітапта болып.
— Айтыңыз.
— Оқуға бір жақсы кітап сұрап алайын деп келдім. Барлық шаруам осы.
— Зеріктіңіз бе?
— Жоқ, бүгін оқитын кітабым болмай қалды.
— Мұндай мәселені шешуге болады...
— Сіз қандай мәселе деп ойлап едіңіз.
— Қиын, мен шеше алмайтын мәселе шығар деп ем.
— Қорықпауыңызға болады.
— Қай тақырыпқа жазылған кітап ұнайды сізге? — деп сұрады ол. Лида не нәрсеге әуестенетінің білейін деген оймен сұрағанын түсінді.
— Қызық болса бәрібір.
— Сонда да әрбір оқырманның қызығатын тақырыбы бар емес пе?
— Мен адамның өмірі туралы жазылған романды сүйемін, — деді. — «Үрейлі Тегеранның» екінші кітабы бар ма?
— Алыңыз — деп, «Үрейлі Тегеранның» екінші кітабын ұсынды.
— Ғафу етіңіз! — деді Лида бұдан біраз күндер өткеннен кейін, Михайловтың толық жинағын Ғазизге ұсынып. — Мен сіздің біраз кітабыңызды алып оқыдым, тағы қандай жақсы кітабыңыз бар? Бірақ мені бір кітапхана етіп алды мына қыз деп жүрмеңіз.
— Жо-жоқ! Тіпті күніне он кітап алыңыз, қарсылығым жоқ. Қайта сирек келесіз, менен ұялатын шығарсыз деп ойлаймын.
— Әрине, кісіні сыйлағандықтан ұялады ғой. Ұяла білу — сыйлай білу деген емес пе?
— Мұныңыз кісіні бөтенге санаушылық қой...
Чемоданын қолына ұстап, сәлем бере кірген Терехин бұлардың әңгімесін бөліп жіберді.
Терехин келісімен-ақ пальтосын шешіп, ілді де көп айналмай Лиданың бөлмесіне кетті. Ғазизбен ол көп әңгімеге келген жоқ.
Ғазиз төсегінде кітап оқып жатыр еді, көрші үйден естілген Лиданың әдемі күлкісі ойын белді. Кітапты стол үстіне қойды да, кереуетте шалқалап жатып, ойға шомды.
«Мен көріп жүрген қыздардың ішінде Лида өзін жоғары ұстайтын қыз. Расында да, ол жоғары. Тал шыбықтай бұралып, жаңа өсіп келе жатқан балғын жас. Шығыстан сәулесін шашып, нұрға бөленіп шығып келе жатқан күн сияқты, ол — өз өмірінің биік мұнарасына әлі жете алған жоқ, оны биік мұнара күтіп түр, ол соған шығу керек. Сол кезде қолыңды соз. Жете алсақ қара жердің топырағын басып, мен адаммын деп жүргендердің ішінде сенен бақытты ешкім болмас».
Адам дүниесі — үміт дүниесі. Адам өзі келген осы қара жердің үстінде келешегінен үміткер. Оны өле-өлгенше бүгін болмаса, ертең, ертерек болмаса, арғы күні бір жақсылық күтіп тұрған сияқты, Әсіресе жас адамның келешегі, жас адамның үміті тіпті жоғары. Ол өзі қатарлы мен бақталас, езінен үлкенге «сен гүлденген бақтың саңлағынан шығып бара жатырсың» деген көзқараста болады. Өзінен кішіге «сен әлі жете алмай келесін, алдыңда әлі ұзыннан ұзақ жол жатыр» деген көзқараспен қарайды. Ал осылардың бәрі келешегіне қол сермейді, үміттенеді, ертең ертемен ілгері көше береді.
Адам жас кезінде өзінін жастық өмірін бағаламайды. Оған бәрібір, осы жастық осы тамаша өмір өтеді деген ой келмейді, ол сол өмірді белуарынан басып, ілгері көше береді.
Тек жас адамға кейде бір кеуде пайда болады. Ол өзін-өзі мықты санайды. Оның күшін, оның қажырлығын өлшеуге болмайды. Оған таразы жоқ. Бұл жастықтың әсері деп ойламайды. Тек «Мен!.. Мен!..» дейді.
Иә, шырағым, сенсің, сен жас адамсың. Сені «Мен!.. Менге!..» салдырып тұрған — от. Лапылдаған жалын көзге түспей тұрмайды. Бүгін алыса тұр, айқайлай тұр, мақтана тұр, жырлай түр. Ертең жалындаған жастық жалын бықсып сөнеді. Келешегі таусылмастай қажырлы күш сарқылады. Кеудедегі мақтанышқа «сап-сап» деген үлкендіктің белгісі, бұйрығы беріледі дер: едік.
Ертең-ақ өзің: «Менің, жырым жырланып біткен, менің жолым жүріліп біткен, өмірімнің дөңгелегінің табаны мүжіліп, таусылып біткен», — дегенді бір түрлі қайғылы пішінмен айтасың. Сенің өтіп кеткен күндеріңді, жастық шағыңды қайтарып беру қолдан келмейді. Әйтеуір, не керек, адам бір-ақ рет туады, бір-ақ рет өледі, ол қайталанбайды. Тіпті аянышты-ақ...
Міне, осыларды Ғазиз жас та болса сезеді. Ол сондықтан Лидаға немқұрайды қарағысы келмейді. Сөйте тұра салмақты, инабатты кісі көрінгісі келеді.
Қазақ «Жастықта ұят жоқ» дейді. Жастықта неге ұят болмасын, ұяттың үлкені жастықта. Сен ұятты жастықтан ізде. Ұяты қашқан жастық — жастық емес, ол — кәріліктің басы. Ғазиздің ұяты бар. Лиданың ұяты одан да басым. Екеуі осы ұялшақтыққа ортақ. Екеуінің арасында өздері де түсіне алмайтын тағы бір жұмбақ сыр бар. Ол әрі ұлы, әрі жауапты сезім.
Ғазиздің байқауынша, Лиданың көңілі бөтен емес. Ол кейінгі уақытта Ғазизге үйренісіп алды. Оның, Ғазизден алып оқыған кітаптарын былай қойғанда, басқа романдар, басқа кітаптардың кейіпкерлері туралы да бұлардың арасында кеп сөз болды. Кісінің тағдырын шешетін тіл мен тәтті әңгіме ғой. Бұлар ауызба-ауыз талай тәтті әңгімеге кірісті. Ғазиз оның кім екенін, қандай қыз екенін әбден түсінді. Ол Лиданы өткір, салмақты қыз деп тапты. Ғазиз оны ұнатты.
Кереуетте шалқалап жатқан Ғазизге Терехин:
— Жүр кешеге шығып келейік. Мен қаланы сағынып қалыппын, — деді.
— Мені тойдырып бітті, — деді Ғазиз оның сағындым дегеніне қарама-қарсы.
— Мен болмағандықтан шығар...
— Әрине, — дей салды Ғазиз көнілсіз.
— Жүр, киін.
— Басым ауырып жатыр.
— Жата берсең, онан сайын ауырады.
— Жүр онда, таза ауаға шықсақ, шығалық.
Бұлардың әңгімесі онша көңілді бола қойған жоқ.
Терехин кызмет мәселесін де сұрады, онан кейін өзінің барып қайтқан жерлері туралы, жетістігі туралы, жақсы-жақсы концерттер бергені туралы айтты. Сөйтіп, көңілсіз әңгімемен ресторанға жетті.
Терехин кішкене блокнот пен қарындаш ұстап олардың жанына келген официант әйелге заказ бере бастады.
— Бифштекс, әзірше сыра беріңіз, — деді ол.
Подноспен Терехиннің заказ еткендерін алып келді.
— Меніңше, тамақты жүргізу үшін мың да бір жақсы нәрсе, — деді ол графпенен екі стаканға сыраны құйып жатып.
— Бифштекс жаман дайындалмаған.
— Иә, жаман емес.
— Мен кеткелі Сима келді ме сендерге, — деп сұрады Терехин әңгіме бастайын деген оймен.
— Келеді, бірақ сені сұрамайды, — деді Ғазиз, неге олай деген пішінмен.
— Менде оның қандай шаруасы бар сұрап?
— Сенің жүретін қызың емес пе?
— Бәрекелді, сондай қызбен жүрем бе мен!
— Мүмкін, оның мінезі, қылығы жақсы шығар.
— Қылықты қыздың кім екенін білемін. Бірақ ол емес.
Осы антұрған Лиданы айтып отырған жоқ па деген ой түсіп Ғазиз:
— Енді кім? — деді.
— Білеміз кім екенін, — деп күлімсіреді Терехин.
— Мен білемін бе?
— Білесің.
— Онда несін айтпайсың.
— Өзің ойлап тап.
— Наташа ма?
— Жоқ.
— Сағира ма?
— Жоқ.
Бірақ, Лида ма деп сұрағысы келмеді.
— Ольга ма?
Терехин басын шайқап күлді. Ғазиз Лида екенін білді.
— Кел, көтердік, — деді не істерін білмеген Ғазиз құюлы тұрған сыраны аузына тақап.
Терехин «Лиданың денсаулығы үшін» деп айтайын деді де, әлі тапқан жоқ, айтпайын деп, ішінен Лиданың денсаулығына қағып салды.
Ғазиз де ішінен Лиданың денсаулығына деп көтеріп салды.
— Ол кез менің бүл үйге жаңа шыққан кезім, — деп бастады Терехин әңгімені. — Бір үйде жалғыз тұрған адамның уақыты көңілді өтпейді, сондықтан әлдебір нәрсемен уақытты көңілді өткізуге тура келеді.
Тіпті, мұндай жағдайда көп ойланудың да қажеті аз. Көршің толықсыған жас сұлу қыз болса, сен жас жігіт болсаң, екеуің екі есіктен кіріп, екі есіктен шығу тым ыңғайсыз ғой. Лидаға көңілім ауа бастады. Келген күннен-ақ, мені теріс көрмегендігін сезе бастадың. Тіпті оның үйіне бармасам, отыра алмайтын тағатсыздыққа ұшырадым. Лиданың үйде бар кезі — мен үшін той да, өзі жоқ кезі — мен үшін бір қайғы. Сөйтіп жүріп, ақыры, бірге қыдыратын халге жеттік. Бірақ осы уақытқа дейін, өзің білетін Сима, бізге коп кедергі жасады. Тіпті, бір жаққа бара қалсақ, оның кездесуі, оның қалмай еріп баруы сөзсіз нәрсе болды. Менің оны жаным жақтырмады. Неге екенін білмеймін, Лида оны ертіп шығады, тастап кет, ертпе деу тағы ыңғайсыз. Амал жоқ, үшеу болып қыдырамыз. Тіпті ол кісіге сөйлеуге кезек те бере қоймайды. Кісіні сөзбен іліп-тартып, болмаған жерден араласады да отырады. Мен Лиданы сүйемін. Ол да мені сүйеді, — дей беріп еді Терехин, «Өй, шіркін-ай», — деді Ғазиз.
Терехин ашуланып қалды.
Ғазиз мұның айтқан сөздеріне нанған жоқ. Бірақ ішінен қызғанып келеді.
— Сен, несіне ашуланасың! Лиданың жігіті бар. Күнде келіп жүреді. Ал, сен, мұнда жанаспайтын бір ертегіні соғып отырсың, — деді не дер екен деп.
— Ертекті соғып отырған сен! Лиданың менен басқа жігіті жоқ және болмайды да! Кел, бәстесейік, әкел қолыңды!..
— Әкел.
Екеуі қол алысты.
— Бірақ, — деді Ғазиз, — есіңде болсын! Лидамен екеуіңнің аранда махаббат жоқ. Сен өлдім-талдым дегенмен, ол сені сүймейді.
— Көрерміз!
ЖЕҢІЛДІМ
Қорғаныс шебінен кейін шегінуге бет алған жаяу әскерлер позициясын өзгертеді.
Жаудың күші басым болса, өзінің бекінісін, жатқан жерін ұстап тұруға шамасы келмейтін болса, қандай әскер болмасын соғыстың бет алысына қарай орнын өзгертіп, кейін шегінеді. Мұндағы мақсат — текке қырылғаннан, кейіннен күш алып жаумен кайта қарсыласу.
Сол сияқты Ғазиз де өзінің позициясын бүгіннен бастап өзгертті. Көптен бері Лиданың көңілінің бөтен емес екенін білсе де, ол өзіне-өзі: «Сап, сап, көңілім, сап, көңілім», — дегенді айтатын. Сөйте тұрып, Лиданы басқа біреуге қимайтын сияқты. Тіпті, қарап жүріп, оны басқа біреуден қызғанатынды шығарды. Басқа жерде жүрсе, 139-үйде бір нәрсесі ұмыт қалғандай алаңдап тұрады.
Есіне Лида түскен кезде электр тоғы соққандай ыстық бір нәрсе жүрегін шым еткізеді. Оның кейде айқайлап жібергісі келеді. Жай айқай емес. «Менің Лидам» деп жар салғысы келеді.
Күн өткен сайын Лида оған жақын сияқты. Күн еткен сайын Лида ыстық көрінетін сияқты. Дүниеде оның бір-ақ қуанышы бар сияқты. Ол — Лида. Дүниеде бір-ақ сұлу бар. Ол — Лида. Дүниеде бір-ақ биік мұнара бар. Ол — Лида.
Ғазиз өзіне-өзі риза емес. «Қаттылығымды Лидаға көрсеттім. Мен қаттымын. Оның маған деген тәтті махаббатын сезсем де сезбегендеймін. Мен оны жақсы көріп тұрып, өтірік көлгірсимін. Жоқ! Менің Лидаға деген махаббатым шексіз, қиыры жоқ, зор. Мен оған білдіруім керек. Мен сені сүйемін деуім керек. Расы, мен оны сүйемін».
«Мен жеңілдім, жеңілдім», — деді ол өзіне-өзі тұманданған көп ойды қорыта келіп.
Бірақ, жеңгеннің — кеудесі зор. Лида мұның жеңілгенін білді ме, әйтпесе, өзіне басқа жүректің жанған отын тапты ма, кейінгі күндері Ғазиз оның бет ажарынан, жүріс-тұрысынан жүрегіне ем етердей жылы жақындық пішін таппады.
Сұлу Лиданың ақ құба бетіне бір салқындық пайда болған: оның күлімдеп тұратын жаудыраған бала көзіне де бір салқындық пайда болған, тіпті кеңілі суынған сияқты. Ғазиз кездескен жерде, ол төмен қарап өтіп кетеді. Бұрынғыдай әңгімелесіп, тәтті күлкіге батып тұратын олардың күндегі өмірі, адамның жастық шағындай көзді ашып-жұмғанша өтіп кеткенге ұқсайды. Бұрынғыдай кітаптың сылтауы енді былай қалды, оған енді Евгений Онегин мен Татьянаның арасындағы драма қызық емес. Перов пен Майяның арасындағы трагедия қызықсыз, бәрі әуре. Әуреленіп біреу жазған, әуреленіп біреу оқыған, талай көздің жасын бетіне тамызған. Толстой, Гоголь, Шекспир, Байрон, Гете, Шиллер бүгін жай ғана бір белгі болып қалыпты. Жүйрік ой, ұшқыр қиял Ғазизге әл бермейді. Талай ойға шомылтады. Оны ойға батыратын да, әуреге салатын да, шыдамсыздыққа түсіретін де бір-ақ нәрсе, ол — Лида. «Мен не жаздым» деген сұрақ кетпейді оның ойынан. «Расы, менің жазығым жоқ, неге ол өзгерді. Тіпті бір ауыз қатты сөз түгіл, көңіліне келер жай сөз де айтқаным жоқ». Ой артынан ой келеді, басқа бір ой оны бағындырады. «Мен оған хат жазамын, хат арқылы бар жүрегімдегі сырымды ашамын», — деп орнынан тұрып, қарындаш пен қағазға бар сырын төкпек болды. «Ай, шіркін, қарындаш пен қағаз! Сендерде не арман бар. Талай жастың ішкі сырын, ішкі дүниесін сендерден басқа кім біле алады. Сендер барлық сырдың штабысыңдар, сендерде арман бар ма?!» — деді ол хаттың, басын «Жаным Лида» деп бастан.
Ольганың қызметтен келген беті еді, редикулін столдың үстіне қоя бергенде, «Оля, саған хат берсем билер ме едің», — деді пештің жанында кітап оқып тұрған Лида, кітапты жауып артына ұстап.
— Қайдан?
— Қайдан екенін білеміз, — деп күлді Лида.
— Әкел, әкел.
— Билемей бермеймін.
— Мен де саған келген хатты билетпей беремін.
— Маған ешкім де хат жазбайды.
— Әкел, әйтпесе тартып аламын, — деді Ольга үлкенсіп.
— Жарайды, берейін, бірақ маған оқытасың ба?
— Оқытамын.
— Қырымнан, — деді хатты оған ұсынып Лида, — әкел енді маған, неге қалтаңа саласың, жаңа беремін дегенің қайда оқуға?
— Сен оқитын қызық ештеңе жоқ.
— Бер, оқимын, — деп еркелеген пішінмен Лида оның. мойнына жармаса кетті.
— Ал, енді бүл кісіге маза бермейді, — деді шаршаған пішінмен Ольга.
— Әкел бері! Сосын мен саған тиіспеймін.
— Сен күнделігіңді оқуға бер, сосын мен де берейін, — деді Ольга.
— Жо-жоқ! Күнделік — хат емес қой.
Сөйткенше, Ольганың блузкасының кішкене қалтасына бүктеп салған хатты Лида іліп алып кетті.
— Оқыма, әкел мұнда!
— Жоқ оқимын, — деп ауыз үйге жүгіріп шықты.
Лиданың портфелінен күнделігін тауып алды:
— Хатты бермесең, күнделігіңді оқимын.
— Мә, хатың, күнделігімді бер!
— Жоқ, сен хатты болса да оқыдың, мен де оқимын сенің күнделігіңді.
Күнделік таласқа түсті.
— Қой, енді, алыспа, сен ашуланасың, — деді Ольга Лидаға. Лида күнделігін алуға тырысты, бірақ ала алмады.
— Әкел, хатты бер, мен жіберейін, — деді Ольга күлкісін тыя алмай.
— Мә хатын!
Құрыс-тырыс болып бүктелген күнделікті Лида қолына алып, ортасынан қақ бөліп айырды.
— Айттым ғой, ашуланасың деп? — деді Ольга.
— Ашуланатын мұнын ішінде дәнеңе жоқ, — деді ашуланып жыртса да онысын Ольгаға сездірмегенсіп. Шынында ашу кернеп кетіп еді оның кеудесін.
— Біздің Лида ұсақ нәрсеге ашуланбайды, — деп еркелетті оны Ольга.
Ол дәліздегі қоқыс салған жәшікке жыртылған күнделікті лақтырып тастап келгенде, Ольга оны өзіне қарай тартып, құшақтады.
— Оқисың ба, хатты берейін, — деді оған.
— Әкел,— деп күлімсіреді Лида.
Лидаға жазып қойған хатын үшті-күйлі таба алмаған Ғазиз қарамаған жер қойған жоқ. Бар кітаптың араларын ақтарып шықты, қалталарын бірнеше рет қарады, жоқ. Бірақ ешкімнен сұраған жоқ, тек өзімен-өзі әлек болды да жүрді. Терехин алды ма деп ойлады. Ол да алғандай болған жоқ. Терехин мен Ольганың қолына түспесе екен деп тіледі. Терехин екеуі бұл қызға талас сияқты да, кімнің бақыты болары әлі белгісіз. Ал Ольгадан ұят сияқты...
Жоғалған хатты іздей-іздей Ғазиз шаршады. Бөлмеде қарамаған жер қалған жоқ. Төсек-орындарын да бір ақтарып шықты. Мүмкін далаға сыпырылып кеткен шығар деген ой түсті. Осы оймен ол дәлізге шығып, қоқыс жәшікті актарып, төнкере бастады.
Мұның көзіне жұмарлақтанып, ортасынан төртке бөлінген дәптер қолына ілікті. Онда оның шаруасы болған жоқ. Өзінің хатын табуға тырысты, бірақ еш нәтиже бермеді. Қопарыстырып аударып тастаған қағазды орнына салып жатыр еді, манағы дәптердегі жазуға көзі түсе кетті. «Мен биыл он тоғыздамын...» деп басталыпты. Дәптерді қиыстырып жамап, ортасын ашып қалып еді, бір жерінен «Ғ» қарпы мен көп нүкте кездесті. Ғазиздің жүрегі мазасыздана бастады.
Үйге келіп жыртылған дәптерді құрастырып, ол оқи бастады.
ЛИДАНЫҢ КҮНДЕЛІГІ
6 декабрь
Мен биыл он тоғыздамын. Менің шамалауымша, балалық шақтан қашықтап барамын. Неге екенін білмеймін жұрттың барлығының көзі маған түседі. Бұл менің қыз болып қатарға қосыла бастағанымның әсері болуы керек.
Менің көптен түсіне алмай жүрген бір затым бар. Зат емес-ау, тіпті түсініксіз тұман. Ол тұман менің көз алдымнан кетпейді. Оның бақыт екенін, қуаныш екенін білу маған қиын. Солай болса да, мен соған қолымды созамын, бірақ жете алмаймын. Не екенін, неге жете алмайтынымды кім білсін?
8 декабрь.
Бүгін біздің көрші бөлмеге бір жас жігіт келді. Әдемі жігіт пе деймін. Әзін салмақты ұстағысы келеді. Бірақ опын ойнақшыған қара көзіне қарағанда, оған ашық, жайдары жігіт болу ұнасымды-ау деп шамалаймын. Салмақты болу онша жараса қоймайды. Әрине, кісі бірінші ретте солай ғой.
Циркте болдық...
10 декабрь.
Сабақтан бүгін көңілді шықтым. Оқушының сабақтан неге көңілді шығатыны белгілі ғой. Әрине, сабақты жаман оқымаймын... Менің ойымнан кетпейтін үйдегі жігіт. Сүйкімді кісі, қызығарлықтай көрікті кісі, ұнатарлықтай мінезді. Бірақ біздің ұлттан емес, орыс тілін жақсы біледі. Мәдениетті сөйлеуге тырысады, сөйлеген сөзінен сезімтал екені байқалып тұрады. Сөйлегенде жымиып күліп тұрып, сөздің тиісті жерінде түсін суытып ала қояды, кісіні ойлантатын жері — осы жер.
Үйдің іші де оны жақсы көреді. Әңгімелеп отырады. Оны әңгімелегенде мен ұялып отырамын. Ішім онша жек көрмейді.
12 декабрь.
Бүгін бізге демалыс, Ғ-да үйде болды. Менің бірінші рет анықтап көруім еді. Расында, әдемі жігіт. Толықтау келген орта бойына қара костюм құйып қойғандай жарасады. Қара торының әдемісі, қара шашы мен отты қара көзіне кім де болса қызығар еді. Ол қабағын қырып әдемілемейді. Өзі-ақ әдемі, екі қастың арасы алыс. Дөңгелек бетіне әдемі қыр мұрыны жарасып-ақ тұрады. Асылы, адамның ажарын кіргізетін мұрын ғой. Ол ылғи жымиып, күліп тұрады. Жібек мінезді. Күлгенде екі бетінің ұшынан кішкентай шұқыр пайда болады. Сол үшін жымиып тұратын сияқты. Сұқ қолыммен шұқып алғым келіп тұрады... Кітапханасы бай, керемет жақсы кітаптары бар екен, бүгін... (Күнделік осы жерден жыртылған).
19 декабрь.
Кеш. Бүгін ай сүттей жарық, жер бетіндегі жұқа ақ :қар кіршіксіз, тап-таза. Неге екенін білмеймін, мен үшін көңілсіз кеш болды (тағы да жыртылған).
25 декабрь.
Мен түсіне алмайтын нәрсемді жаңа таптым. Енді түсіндім. Бүл жұмбақтың өзі маған бір-екі жылдан бері пайда болды. Соның шешуін бүгін ғана тауып отырмын. Ол — жастық, ол —махаббат. Ол—Ғ... Ол саған арналған менің махаббатым. Ойнақшыған қара көзі — маған оның бар сырын айтады, бірақ ол ұстамды. Мені мүмкін жеңілтек, сезімсіз деп ойлауы. Жоқ, ол мені түсінбейді, мен оны жақсы түсінемін.
(Осы жерден тағы жыртылған).
...Каникул таянып қалды, сабаққа дайындала бастау керек. Махаббат, жастық, қыз, жігіт дегендер жолдағы нәрселер. Барлық пәннен «Өте жақсы» оқимын деп социалистік жарысқа шақырдым 2 курстың оқушыларын.
Сондықтан жеңілтекті тастай тұруым керек. Сабақтан пайдалы менің өмірім үшін еш нәрсе болуы мүмкін емес.
Февральдың аяқ шенінен бастап-ақ Алматыда көктемнің иісі біліне бастайды. Әсіресе, ерте тұрған адам таза ауаны қанбай сіміреді, қанбай жұтады. Мұнарланған Алатау бөктеріндегі қала көркі таң білініп, күн шыққанша қолдан жасағандай, тіпті басқаша. Бүл кезде үйде отырғың келмейді. Келесі таңға дейін жетерліктей таза ауаны теңдеп алғың келеді.
Алатауға көз салсаң, күн тырмысып, таудан асып шыға алмай жатқан сияқты. Алатау өте кеуделі тау, оның кеудесіне өрмелеп шыға алмай жатқан күнге құмарлығын, ұлғая береді. Сен көзіңді шығысқа тігесің. Бір кезде шұғыласын шашыратқан күннің сары ала сәулесі біліне бастайды. Сен одан сайын шығысқа шүйіле түсесің.Өзіңді өзін аңдамайсың. Қара жерді табаныңмен басып тұрғаның естен шығады. Сенің кеудең басқа денеңнен бөлініп, жоғары шығып кеткенге ұқсайды. Сен бір мұнараның төбесіне шығып тұрғандайсың.
Күннің шашыраған сәулесі ұлғая түседі. Алатау нұрға бөленеді. Алтын күннің таудан асып келе жатқан бір шеті көріне бастайды. Бүл кезде күннің сәулесі бүкіл жер дүниеге көрік береді, ен әуелі қара жерді, қалың орманды шашқан шұғыласымен қарық қылады. Ол кезде Шығыстан шашылған шұғыла Ғазиздің терезесінен бөлмеге құйылады.
Ғазиз Алматының күлімдеп шыққан күніне құмар, үйде шыдап отыра алмайды, жүгіріп далаға шығады. Бұл кезде кітаптарын қолтықтап Лида оқуға кетіп бара жатады. Ол қандай нәрсенің ерсі екенін біледі. Артына жалт бұрылып қарамайды, ілгері қарай кете барады. Ғазиз оны қақпаға дейін көзімен шығарып салады да, Алатаудың басына орнатылған күмбез сияқты алтын күнге көз салады. Қанбай қарайды. Күн әбден жоғары көтерілгенде ғана бөлмесіне қаптады.
Ғазиз бүгін де бұрынғы әдетімен күннің шұғыласын көріп, далаға шыға келсе, Лида кітапсыз, пальтосын жамылып, коридордың сыртқы босағасына сүйеніп тұр екен. Терең ойға шомып кеткен. Оны коридорға шығуға мәжбүр еткен Ғазиздің жоғалтқан хатының тарихы еді.
Өмірінде кітаптың бетін ашпайтын Терехин сол күні стол үстінде жатқан Чарльз Диккенстің кітабының бір бетін ашып қалып еді, оны кітап қызықтыра түсті. Ол төрт-бес бетін ашып оқыды, содан кейін жалығып кетті де, кітаппен Лиданың бөлмесіне кірді...
Терехин ол үйден кітапсыз шықты. Лида оның ұмытып тастап кеткен кітабын оқиын деп қолына алды. Бірақ бұл кітаптың ішінде Диккенстің сырынан басқа, Ғазиз жазған бір сыр бар екенін білген жоқ. Ғазиздің «Жаным Лида!» — деп бастап жазған хаты конвертке салулы, тіпті Лиданың адресіне дейін жазылған, осы кітаптың ішінде жатқанын сезбеді. Тек кітаптың қызығына түсіп оқып берді. Сөйтіп отырғанда, почтальон Ольганың адресіне хат алып кеп берді. Ол хатты да осы кітаптың. арасына салды. Сөйтіп, қатар өскен апалы-сіңілілі екі қыздың сыры да Диккенстің кітабына келіп паналады.
Ольга қызметтен келгенде, оған кітаптың арасындағы өзінің адресіне жазылған Ғазиздің хатын берді.
— Мен де оқиыншы?
Ольга хатты оқып шығып, Лиданың қателескенін біліп, омы ұялтпайын деп хатты қайтып берген жоқ.
Соңынан болған талас, жыртылған күнделік оның көз алдында. Кітаптың арасында өзіне хат бар екенін сезген Ольга хатты алып, қалтасына сала қойды.
— Лида, — деді Ольга, оған салмақтылықпен, — сен әлі баласың, өзіңе Ғазиздің жазған хатын маған беріп, оқиыншы дейсің.
Лида қып-қызыл болып кетті.
— Жоқ, маған ол хат берген жоқ.
— Өтірік айтпа, мынау не?
— Тіпті, менің көрмеген нәрсем. Онда мына кітаптың. арасында болғаны ғой. Бірақ, бұл кітапты маған Ғазиз берген жоқ, Терехин қолына ұстап келіп, ұмытып тастап кетті.
— Ғазиз жаман жігіт емес, дұрыстап жауабын бер, — деді Лидаға. Апасының сөзі бір түрлі жылы тигендей болды, оны құшақтап алып сүйгісі келді.
Осы ойға батып тұрған Лиданы Ғазиздің:
— Қандай ойға түстіңіз? — деген үні бөліп кетті.
— Білгіңіз келе ме? — деді оған Лида күлімсірей.
— Жас адамның қиялына құмармын.
— Солай ма? — дей беріп еді Лида, Ғазиздің аузынан, «сәлеметсіз бе» деген сөз шығып кетті. Лида күліп жіберді.
Не істерін білмеген Ғазиз есіктен шыға жөнелейін деп еді, Лида көлденеңдеп жібермеді.
— Бізде «Лучше поздно, чем никогда» дейді ғой, мен әшейін сіздің амандасқаныңызға күлдім, ғапу етіңіз.
— Жоқ, етіп кетейін.
— Жібермеймін...
— Жіберші.
— Жібермеймін.
Ғазиз Лиданың білегінен ұстай алып еді, ып-ыстық білегі электр тоғындай қарып өтті. Бірақ Лиданың білегін қалай босатып алғанын ол сезбей де қалды. Тек сарт етіп жабылған есіктің дыбысынан басқа ештеңені аңғарған да, білген де жоқ.
АЯҚСЫЗ ҚАЛҒАН ДРАМА
Ғазиздің кеңсесі. Кішкене ғана бөлме. Қатардағы үйде — прокурор, ауыз үйде — секретарь. Ғазиз алым-берім ақысына қол қойып, бір данасын езіне қалдырып, екі данасын тергеушіге берді.
— Жолдас тергеуші, кызметті жақсы істе, клиенттеріңді ренжітпе, жақсы бітім жаса, әзірше қош, — деп оған қолын берді.
— Оқуды жақсы бітіріп кел, москвалықтарға сәлем айт, — деп күлімсіреп қоштасты Ғазиз де.
— Жақсы.
Ол шығып кетті. Ғазиз кеңседе жалғыз қалды. Орнынан тұрып, кеңседе олай-бұлай жүрді. «Бүгіннен бастап аудандық, тергеушімін. Әрине, оңай жұмыс емес. Бірақ, жақсы істеуге тырысу керек, — деді шкафтан кодексті алып. — Осы кітапша маған үлкен серік, заң кітаптарын оқу керек». Орындығына отырып кодексті ашып оқи «бастады.
Қолында іс қағазы бар секретарь кірді.
— Ерлі-зайыпты екі кісінің ісін сізге тапсыруға ұлықсат етіңіз, тергеуші жолдас!
— He іс?
— Оқып көріңіз.
Ғазиз істі ашып көрді. Делоның ішіндегі бірінші бетіне прокурордың қызыл карандашпен: «Тергеушіге — тексеруге» деген бұрыштамасын көріп, оқуға кірісті.
— Бұл — заңда жоқ не деген қылмыс? Тіпті, ақтармаған заң кітаптары — кодекстер қалмады. Мұндай қылмыс туралы ештеме жоқ... «Бұлардың өздерімен сөйлесіп барып қорытынды шығару керек». Қабырғадағы кнопканы басып, секретарьды шақырды.
— Сағат он екіге мына адамдарды, шақырып бер. — Секретарь қалтасынан блокнотын алып жаза бастады.
— Богданов Алексей, Богданова Лиза, доктор Калюжный И. С.
— Бұлар сағат он екіде осы жерде болады.— Ол шығып кетті.
«Қарап тұрсаң бүл адам баласының істемейтіні жоқ, отты өзі жағады да, сол отқа өзі барып түседі. Сөйтіп өрттің ішінде өртеніп, жанып бара жатып, — жәрдем бер, — деп айқайлайды, не істерсің?..»
Есікті ашып секретарь:
— Шақырған адамдар келді. Жіберейін бе сізге? — деді Ғазизге.
Ия деудің орнына: «Богдановтарды», — деді.
Богданов пен Богданова кірді.
— Отырыңыздар.
Ғазиз столының алдындағы екі былғары креслоны нұсқады.
— Не туралы мұнда келгендеріңізді білесіздер ме?
— Әбден білеміз, білеміз...
— Богданова жолдас, болған істі айтыңыз, бірақ шындығын айтыңыз!
— Біз ерлі-зайыпты адамдармыз. Отасқанымызға үш жыл болып барады. Сүйіп қосылдық. Осы үш жылдың ішінде бір-бірімізге қабақ шытқан адамдар емеспіз, екеуміздің бір ғана уайымымыз, бір ғана қайғымыз болды. Ол — бала. Алғашқы жылы онша байқалмады. Екінші жылы баласыз көнілсіз бола бастады. Үшінші жылы қайғы, уайым басты. Әйел үшін баласыз болу нағыз бақытсыздықтың үлкені...
Көзінен жас моншақтап отырды.
— Сөйтіп. Баласыз отыра алмаған соң екеуміз бір күні дәрігерге бардық. Дәрігер бізді қарап, мені саусын деп тапты, бала таппауымның себебі ерімде болып шықты... Күйеуімді емдей көріңіз деп жалынып-жалбарындым. Ол ересек адамдардың өзінен аққан жасты керді, бізді аяды. Бірақ қолымнан келер ешбір емім жоқ деп біздің жаралы жүрегімізді суытты. Менің болашақ баламның әкесі деп жүрген жан сүйер өмірлік досым алдында басқаға тұрмысқа шық деді. Адал, ақ жүрек, таза семьяның антын бұзу оңайға соқпады. Сонда да біз бала үшін осылай істеуге көндік. Күйеуім рұқсат етті.
Мен қазір екі қабатпын. Ішімде әлде жылан барын, әлде құлан барын, әлде бір басты, екі аяқты кішкентай адам бар екенін білмеймін. Менде арман жоқ, әйтеуір бір тірі жанның анасымын.
Менің ерім қазір өзгерді. Ол мендей қуана алмайды, қуанғысы келмейді. Менің баламның әкесі болғысы келмейді.
Ол менімен бірге тұрғысы келмейді. Біз онымен көздің жасын бірдей төгіп едік. Қайғы-қасіретті бір шегіп, осы қуанышты тілеп едік, ол қайғымен тапқан қуанышты жақтыртпай, күлкімен табылатын қуанышты іздегісі келеді. Маған бәрібір...
— Ал, енді сіз сөйлеңіз, Богданов жолдас.
— Әрине, мәселе ашық, барлық жағдайды әйел айтты, жетерліктей айтты, мен тек езім туралы айтуым керек.
— Богданова жолдастың айтқан сөзіне қосыласыз ба, дұрыс айтты ма?
— Бәрі шын, бәрі дұрыс... Әрине, баланың зарын тартқанымыз рас. Әрине, қылмыстың бәрі менде. Өйткені мен сау адам емеспін, жарымжан адаммын. Мен кейінгі уақытта көп ойға түстім. Сөйтіп, қорытындым мынау болды: біріншіден, мен артық адаммын. Екіншіден, біреудің әйеліне қарап, жас өмірін тұзаққа салу ыңғайсыз. Үшіншіден, бөтен бақытқа ие болу, біреудің бақытына қол созу — артық, нәрсе деп таптым. Сондықтан қорыта келіп, ең жақсысы — айрылысу керек. Екеуміз бірімізге біріміз күйік болмау үшін қарамды осы жерден үзуім керек.
— Сіздер ерлі-зайыпты адамсыздар, жақсы тату-тәтті өмір сүрдіңіздер. Армандарыңыз бала болса, балаларыңыз болады. Ал енді, келешек өмірлеріңіз туралы ойлап көрсеңіздер қайтеді...
— Бірге тұрып, өмір сүру мәселесін бе?
— Иә, иә...
— Әрине, мен бұл туралы көп ойландым. Бірақ бұдан ештеңе шықпайды. Мүмкін, ол бала туар, әлде тірі, әлде өлі болар. Өмір бір қалыпта тұрмайды ғой, алға қарай жылжи беретін нәрсе. Талай қиыншылықтар болар. Талай армандар болар. Сонда солардың бәрінің себептері мен боламын да турамын ғой...
— Өмірден қашқанмен бола ма екен?
— Асылы, мен сары уайымға салынып отырған жоқпын. Менің көзім ертең не болатынына жетіп отырған жоқ. Дегенмен, мен айрылысуым керек.
— Айрылысып кету оңай нәрсе, ал мүмкіншілік барда жақсы семьяны сақтау жағын ойластыру керек.
— Менің келешектен күткен жақсылығым аз. Табан тіреген жерім сол — айрылысу.
— Жақсы, ауыз үйге барып күте тұрыңыздар.
Бөлмеге сәлем беріп дәрігер келді.
— Отырыңыз.
— Не мәселе туралы шақырғаныңызды біліп отырмын.
— Білгеніңіз жақсы. Сізге бұл мәселе қанық па?
— Сондай қанық.
— Сіз оларға көрсеткен жәрдеміңіз туралы айтыңыз.
— Мен оларға ешқандай жәрдем ете алмайтынымды түсіндірдім. Әйелі бала табатын кәдімгі сау адам. Ері көп уақыт емдеуден өтпесе болмайды. Мен нақты кеңес бердім.
— Ерін емдеуге бола ма?
— Болады, бірақ ұзақ уақыт керек және Ленинград пен Москвада ғана емдейтін орын бар.
— Жарайды, күте тұрыңыз.
Ғазиз бүгін үйге қайтқан жоқ, істі аяқтап бірақ, қайтпақ болды. Бүгінгі тексерген ісінен қорытынды шығарды.
Ғазиз кнопкыны басып, секретарын шақырды.
— Ана кісілер кірсін.
Олар кабинетке кірді.
— Отырыңыздар, — деді Ғазиз жылы жүзбен.
— Жолдастар, сіздердің істеріңізді тексере келіп, мынадай қорытынды шығардым.
Богданов Алексей Ивановичтің тілегі бойынша әйелі Елизавета Петровна Богдановадан ажыратылсын. Дәрігердің қорытындысына сәйкес ажырасудағы себеп оның денсаулығының кемдігі болғандықтан заң орны республикалық денсаулық сақтау наркомынан Ленинградтағы емделу санаториясына жіберуді өтінеді.
— Кәне, кім риза емес осы тоқтамға?
— Ризамыз, көп рақмет! — деді үшеуі бірдей.
КӨРШІЛЕР
Сымбатты жастардың сұлу күлкісі бір бөлмеге сыймай, күмістей сылдырлап келіп, көрші бөлмеде отырған Терехиннің құлағына жетті. Олардың әдемі күлкісі түрпідей тиді. Терехинді мазақ етіп жатқандай болды.
Ғазиз Лидамен табысып кеткеннен бері Терехинге олар бір түрпідей көрінетін. Ғазиз оның аузына салайын деп тұрған тәтті алмасын қағып әкеткен сияқты. Ғазизді ол бала көреді, шынында одан көп кіші еді. Он шақты көйлек бұрын тоздырғанмен бір кішкентай бала ғұрлы қадірімді арттыра алмадым деп өзіне-өзі ренжиді, налиды.
Осы ойларға түсіп отырғанда, қасақана оның ішін жандырайын дегендей киініп үйден шыққан апалы-сіңлілі екі қыз Ғазизді келіп күтіп тұрды.
Киініп жатқан Ғазиз:
— Терехин, көшеге шығып бой жазып қайтайық, — деді.
— Жүріңіз бізбен кыдырып кайтамыз, — деді Ольга да.
— Қыдыруға қарсылығым жоқ-ау, бірақ бір шаруам болып отырғаны, көп рақмет! Өздерің қыдырып қайтыңдар...
— Менің аяғым ауырды, — деді Ольга музейден шығып келе жатып.
— Отырып дем аламыз ба онда, — деді Ғазиз.
— Мен үйге қайтсам деп келе жатырмын. Сендер трамвай тоқтайтын жерге дейін шығарып салыңдар.
— Онда біз де қайтамыз.
— Жоқ, сендер қыдырыңдар. Ал мен болсам жол жүретін адаммын.
— Сіз демалысты бір айға алдыңыз ба? — деп сұрады Ғазиз.
— Иә. Бірақ алысқа ешқайда бара алмаймын ғой деймін.
— Мамам екеуі Көкталға барып, дем алмақшы, — деп күлді Лида.
— Ауданда көп боласыздар ма?
— Жоға, әшейін мамамның төркініне қонаққа барамыз. Жалғыз жіберу ыңғайсыз, еріп барамын. Сендер өздерің бізбен барғыларың келмейді, әйтпесе келесі демалысқа қарсы барсаңдар, бізбен бірге қайтып келер едіңдер.
— Менің кейінгі уақытта қызметім ауырлап кетті. Бос уақытта да істеуге тура келеді, сондықтан мен босай алмаймын, әйтпесе барар едім. Ал Лиданың неге бармайтынын білмеймін.
— Мен нағашыма каникул алғаннан кейін бір-ақ барамын. Ол кезде жеміс пісе бастайды. Ох, мен дем аламын!
Бұлар трамвайды көп күткен жоқ, бес минут өтпей-ақ, зырылдап жетіп келді.
Ольга терезеден бұларға қолын бұлғады. Трамвай ақырындап жылжи бастады...
— Әрине Ольганың аяғы ауырған жоқ, ол жастықтың не екенін білетін адам, бізді қыдырсын деп тастап кетті, — деді Ғазиз.
— Үшінші адам артық дейді ғой.
— Мұнда Ольганың артықтығы емес, сезімталдығы, білгіштігі. Сен оны байқадың ба?
— Ольганы бала деп жүрсің бе? — деді Лида.
— Ал сен баламысың?
— Бала емей...
— Олармен неге ертең қонаққа бармайсың?
— Саған көнілсіз болмай ма?
— Сенің шешең жақсы адам.
— Сенің анаңды бір көрсем-ау, сені осылай жақсы ғып есірген.
— Менің шешемнің тіліне түсінбейсің.
— Түсінер едім.
— Былдырлама, — деді қазақшалап.
— Что, что?
— Былдырлама деймін.
— Мен сенің шешеңмен сөйлесу үшін сенің тіліңді үйренемін. Қазақ тілінен менің бағам өте жақсы.
— Қазақ тілін біліп жарытпассың, — деді әдейі ерегестіріп.
— Көрерсің!
— Көрсек көрерміз.
Бұлар әңгімемен театрға жетті. Бүгін билет сатылып біткен екен, ертеңгі күнге билет алып, кейін қайтты.
— Ертең біз театрға келсек, үйді қайттік? — деді Ғазиз ертең, Лида екеуінен басқа ешкім қалмайтынын есіне түсіріп.
— Терехин ше?
— Ол үйде отыра ма?
— Онда құлыптаймыз...
ПЕРІШТЕ
Ертеңіне Ғазиз қызметтен кеш қайтты. Оны шыдамсыздықпен күткен Лида сағаттың тілімен керісіп бітті. Бұрын сағат төртте келетін Ғазиз сағат бес, алты, жеті соққанда да келмеген соң, бүгін Отеллоны кере алмайтын болдық деген қорытындыға келді.
Жалғыз отырған адамға уақыт өтпейді. Ал белгілі бір уақытта кісінің жетуі оңай, күту киын.
Ғазиз сағат тура жеті жарымда келді.
— Неге сонша кешіктің? Мен сені сағат төрттен бері күтудемін, — деді Лида, сырт киімін шешіп жуынуға барайын деп жатқан Ғазизге.
— Уақыт қанша?
— Жеті жарым.
— Әлі біздің мұрсатымызда бүтіндей бір сағат бар: үлгереміз, — деді, ойынның сегіз жарымда басталатынын есіне түсіріп.
— Бүгін Терехин де келген жоқ, — деді Лида ақырын.
— Терехин бүгін келмейді.
— Неге?
— Кейін айтамын.
— Ольгалар таңертең кетті.
Театрға дейін бұлардың әңгімесі Терехин болды.
— Сөйтіп, Терехин үйлене ма?
— Таңғалатын несі бар, жақында мен де үйленемін, — деді Ғазиз, оған қабағының астымен қарап.
— Кімге? — деген сөз Лиданың аузынан еріксіз шығып кетті.
— Саған! — дей жаздады.
Біз бұл жерде театрды суреттеп, болмаса, көптің бірі болып отырған Ғазиз бен Лида туралы жазып, болмаса, өздерің бірнеше рет керген «Отеллоны» қайталап уақыт алмайық.
Ғазиз бен Лида үйге келісімен Шекспирдің «Отеллосының» соңғы бөлімін түгелімен қайта оқып шықты. Лида қызығып тыңдады, Ғазиз қызығып оқыды.
Дездемонаны өлтірердің алдындағы Отеллоның дірілдеген аянышты үніне салып:
«Өзім өлтіремін, өзім сүйемін, Ең соңғы рет бір сүйейінші...» — деді көзіне жас алып тұрып, қосақ жарын қайта-қайта сүйетіні, оны өлімге қимайтыны, намыстың зорлығы, оны аттап кете алмай қиналған жанның кескіні қатты тебірентті. Екеуі қосылып, Отелло жазықсыз, Дездемона бақытсыз деді. Мана театрда отырып көзінің жасын бір төгіп алған Лида, бұл жолы тағы босай бастады. Ғазиз жыламаса да көңілі босап, онда Лиданы уата алмап еді.
— Осы сендер неге көңілшексіңдер. Әй қыздар, қыздар, жүректерін нәзік-ақ! — деді оны ерегестірейін деп. — Асылы, бұл оқиға қызғаныштан туған. Қызғану деген — сүйе білу деген. Ал біздегі махаббат ғаламды таңғалдырардай жоғары, ен тәтті, ең тату махаббат болу керек емес пе? Сондықтан да біз адамгершілікті, адалдықты, шын таза жүректі басқалардан анағүрлым мол түсінуіміз керек.
— Біз жылай да білуіміз керек. Жылай білген адам, күле де, қуана да біледі деген ғой.
— Сен осыларды қайдан білесің? — деп Ғазиз Лиданы құшақтай алды.
Қыз да оның мойнынан құшақтады. Ғазиздің беті оның ып-ыстық бетіне тиді. Лиданың қып-қызыл шиедей әдемі ернінен өзінің қалай сүйіп алғанын сезбей де қалды. Лиданың «жетер енді» деген әлсіз шыққан даусына қарамастан, сүйе берді. Ғазиз Лиданы кішкене балаша құшақтап, тізесіне отырғызып, қатты бір сүйіп алып, «мен сені осылай сүйемін» дегендей күлімсіреді.
Ғазиздің есіне қара көз бен беттің шұқыры туралы жыртылған күнделіктен оқыған Лиданың сөздері түсе кетті, бірақ күнделік туралы сырды ашпай-ақ қояйын деп ойлады.
— Дүрсілдеген не? Біреу келе ме? — деді Лида оқыс.
— Кім келуші еді.
— Жоқ, әлде есікті біреу ұрып түр ма?
Ғазиз Лиданың қолын өзінін, қатты дүрсілдеп тұрған жүрегіне апарды.
— Түсіндің бе?
— Сенің жүрегің екен ғой.
— Түсіндің бе деймін.
— Нені?
— Жүректің сен үшін жиі-жиі соғуын.
— Ха-ха-ха! Мен үшін...
— Жүректе сезім бар, тіл жоқ.
— Тіл болса қайтер еді?
— Тіл болса, менде бір шешілмеген сыр бар, жыл бойы сен сол сырдың шешілуінен бой тарттың дер еді. Сен мені түсінбейсің дер еді, тек аузыңнан сүйгізесің, алдайсың дер еді, сусадым, шөлімді қандыр, мен сендік, сен мені далаға лақтырма, өзіңе тарт дер еді жүрек, — деді Ғазиз.
Лида оның алдынан тұрып:
— Мен саған ренжимін, мұндай нәрселерді маған айтпа, — деді.
— Бір жыл жүріп, бір ауыз сөз айтпағанда қашан айтуға болады?
— Мен саған сөйлеме демеймін, бірақ мен ұқпайтын сөздерді айтпа деймін.
— Сен мені сүймейсің, тек алдайсың.
— Жала.
— Онда неге?..
— Бұл достық емес, жолдастық та емес, мені тек әйел деп санау.
— «Ойын сезге шын жауап» дейді біздің казак. Әрине, сен бүл сөзбен мені ұтасың. Бірақ шындығын алғанда, сонша бірін-бірі сүйетін, тіпті өмірін сен үшін қиятын, тәтті-тату бір махаббатқа ортақтасқан қыз бен жігітте де түсінбестік болады. Өйткені олардың өмірінде талай оқиға, қайшы істер кездесіп отырады. Қыз осымен уақыт өткіздім десе, жігіт уақытым бос етті дейді. Сөйтіп екеуінің арасындағы оқиға шиеленісе береді.
— Сен кетпей ұйықтамайсың.
— Мен сенің ұйқыңа кедергі келтіремін бе?
— Кел, таңды ұйықтамай атырамыз.
— Жоқ, менің ұйқым келіп отыр, жатуым керек.
— Онда үйіңе барып ұйықта.
— Егер, осында ұйықтасам қайтеді?
— Болмайды.
Лиданың түсі өзгеріп кеткен сияқты болды, тіпті оның жүзінен жылылық таба алмады. Ақыры ренжіңкіреп өзінің бөлмесіне кетті. Лида шешініп жатып қалды.
Ғазиз төсегіне келіп жатқан соң көпке дейін ұйқысы келмеді. Ол ойға шомды. «Қызық, мен жиырмадағы жігітпін, көрші бөлмеде бойжеткен қыз, біз бір-бірімізді танымасақ екен-ау. Бірге жүреміз, бірге қыдырамыз. Келешектен күтетініміз бақыт. Бұл үйде екеумізден басқа жан жоқ. Бірімізден біріміз қорқамыз.
Сағат түнгі үш болды.
Бүгінгі түн қыздан жігіт, жігіттен қыз қорқатын түн болыпты. Әрі қызық, әрі түсініксіз.
Егер де дәл бүгінгі түнді біреу маған әңгімелеп: қыз бен жігіт екі бөлмеде ұйықтапты десе, мен жігітке күлер едім. Онда еркектік намыс жоқ дер едім.
Жоқ, менің ұйқым келмейді. Бүгін менің орным мұнда емес, мен өз орнымда болуым керек».
Ол ептеп орнынан тұрды. Алып-ұшып соққан жүрек кеудесінен шығып кетердей. Бір аттап Лиданың есігінің тұтқасына қолы тигенде, шоқ қарығандай болды. Ол қолын тез тартып алды. Ішке кіруге жүрегі дауаламай есік алдында біраз кідірді. Есікті ептеп ашып, Лиданың бөлмесіне кірді. Жеңсіз, жағасыз іш көйлегімен басын ірге жаққа беріп жатыр екен. Жұмыр екі ақ білегі әдемі-ақ. Бірі айдындағы аққудың кеудесіндей көкірегін көрпесімен қымтап алған. Екінші білегі беті ашылып жатқан Шекспирдің толық жинағының үстінде көлденең жатыр екен. Ғазиз оның бетін көре алған жоқ. Ол тез шамды сөндіріп жіберді. Лида күліп жіберді.
Ғазиз селк ете түсті. «Ояу жатыр екен ғой». Бірақ тіл қатқан жоқ.
— Кім бұл? — деді Лида.
— Мен.
— Неғып ұйықтамай жүрсің?
— Ұйқым келмейді, ұйқы қашып кетіп, соны қуып келемін, — деді Ғазиз күліп.
— Қайда, осы жаққа қарай қашып па? — деді Лида. Ғазиз оның төсегіне еніп кетті. Лида ығысып, оған орын берді...
Лида ұйқысынан оянғанда тапа-тал түс еді. Жайында Ғазиз жоқ. Оның көзіне алғаш түскен қабырғадағы үлкен айна болды, одан кейін төбедегі абажурлы шам, үстел, орындықтар еді. Оның көзіне Ғазиз отырған орындық түсе кетті.
Біртіндеп түндегі оқиғалар есіне түсе бастады. Өзінің қарсысындағы қабырғадағы үлкен айнаға көзі түсіп еді, кереуеттің үстінде ақ төсекте жатқан өзін көрді. Бір кезде мұнын төсегіне қол салған Ғазиздің бейнесі елестей кетті. Ғазиздің қатты құшағы, бұдан кейінгі ой еріксіз көзін жұмдырды. Ол көрпесімен тез бетін жауып алды. Айнадан да, шамнан да ұялды. Ол өзінен-өзі ұялды. Өзін қояр жер таппады. Жастыққа етпеттей жатып кездің жасын ағыл-тегіл төкті. Ол үлкен күнә жасаған сияқтанды.
«Ертең институтқа қалай барам, мамама не бетімді айтамын, қалай тірі жан болып жүремін», — деп жылады.
«Сен бұзықсың, кісіні аямайсың, арымды төктің, қараңғы түнді жамылып келген ұрысың».
— Лида, — деді есіктен кіре Ғазиз.
Лида үн қатпады, ол суға малып алғандай жастықтың бетін көрді. Лиданың жанына келіп оны аш белінен құшақтады.
— Лида, жаным, — деді Ғазиз жылап жатқанын біліп.
Лида тітіркеген дауыспен:
— Келме, жібер, ұяламын, — деді.
Омы одан сайын құшақтай түсті. Лиданы орнынан көтеріп алып сүйді, ол Ғазиздің мойнынан құшақтады.
— Мен саған бір нәрсе айтар едім.
— Айт.
— Жоқ, айта алмаймын, — деп Ғазиздің бетіне басын сүйеді.
— Мен сенің не айтқың келгенін білемін. Маған сен.
Mен сендік. Бұл тек уәде емес, шын жүректен шыққан сөз.
Қыз дүниенің есігін қыз болып ашып, әйел болып жауып шығады дегендей жабулы тұрған бөлмесінің есігіне қарап:
— Ғазиз, — деді Лида. — Ана есіктен он тоғыз жылдай қыз болып шығып жүр едім. Енді маған шығу қиын.
— Мен түсінемін, — деді Ғазиз. — Киін, жүр, екеуміз бірге шығамыз.
ЕСТЕН ШЫҚПАС ОҚИҒА
Ей, жолдас! Сен жас адамсың, әлде көпті көрген қартсын, сен шырылдап жерге түскеннен бері талай жердің суын іштің, талай жердің көркіне қызықтың. Солардың, ішінде сенің есіңнен кетпейтін бір-ақ жер бар, ол — туған жер. Сенің өмірде құлаш жайған, келешегіңнің таңын атқызған, балалық тәтті шақты қоныштап басып тойлаған бір-ақ жерің бар, ол — туған жер. Туған жер сенің өмірде ұмтылғандағы үзенгің, баспалдағың. Сен оны сүйесің, саған ол — ыстық, саған ол — қуанышты.
Ей, жолдас! Сен туған жеріңе бүкіл Россияны аралап, қашып, шаршап Нижний Новгородына кайтқан Горькийше жол жүріп көрдің бе? Әлде Сибирьдегі айдаудан қашып туған жерге Тоқтағұлша сапар шектің бе? Некрасовтың туған Еділі туралы төккен жырларын оқыдың ба? О, туған жер, туған жер, сен ыстықсың! Сен анасың! Сенің бір тал шыбығыңа дейін, бір жаңқа тасыңа дейін, бір ұрттам суыңа дейін маған таныс. Сенен жақын ешкімді көрмедім.
Ей, жолдас! Мен Арқаның қазағымын. Сен қай жердікісің? Арқалықсың ба? Алматылықсың ба? Ақтөбеліксің бе? Қай жер жақсы? Мен болсам, Арқамнан жақсы жер жоқ дер едім. Арқанын, суы — бал, желі — жібек, тасы — алтын, орманы — жұпар дер едім. Сен менімен таласасың, сен ез жеріңді мақтайсың, Арқа сен үшін жай ғана сөз, маған бүл сөзді есту қиянат. Міне талас, міне айтыс, міне керіс!
Ей, жолдас! Кел, келісейік, көрісейік: әркімнің өз аузының дәмі өзіне тәтті, әркімнің ез туған жері өзіне қадірлі. Сенің таласың да жөн, менің таласым да жөн. Кел қосылып туған жерге рақмет айтайық. Ол бізді өсірген, біздің жүрегімізден орын ала білген, бізді мақтандырған туған жер. Жаса, туған жер! Келіндер, туған жерге арнап алақанымызды шапалақтап уралап айқайлайық! Жаса, туған жер!
Ей, жолдас! Ана бір қара көзді қазақтарды көресің бе? Оларды жұрт москвичтер дейді. Қазақ қайдан москвич болсын деп ешкім оларға таласпайды. Олар Москвада бірнеше жыл оқыған, тұрған. Қазір олар — инженерлер, мұғалімдер, ғылыми адамдар. Олар Москвасын әңгімелейді, Москваны сағынады, біздің Москва дейді. Олардікі жөн!
Поезд тауды кесіп салған жолмен ілгері зырғиды. Ей, жолдас! Неге туған жер туралы әңгіме қозғалып отыр? Кім бұл жерде туған жерін сағынып келеді? Оны өздерің білесіңдер, ол — бізге бөтен адам емес. Демалысқа барып, шешесін алып, Алматыға қайтып келе жатқан Ғазиз.
Ғазиз туған жеріне таянғанда бір толқып еді. Енді шөккен нардай болып, Шығыста сұлап жатқан Алатауды көріп, жүрегі сонша алып ұшады. Ол көптен бері вагонның терезесінен басын алған жоқ. Алатаудан көзін алмайды. Бергі жақ баурында Алматы. Алматы Лида мен Ғазиздің қаласы, бүгін Лидамен көріседі.
Ғазиздің Алматыдан шыққанына бір ай. Дегенмен, осы бір айдын, ішінде Алматыны аңсап сағынды. Алматының қызық, думан қала екенін осы бір ғана айдың ішінде білді.
Туған жері Алматы болмаса да, ол алматылықпын дейді. Оның ескен жері, жан болып қатарға қосылған жері — Алматы. Алматыға келгенде, ол кішкентай қара бала еді. Оған Алматы «жігіт» деген атақ тақты, оны оқытты, өсірді. Ол өзінің өмірінің биік шыңына Алматыда шықты.
Шықылдаған шілденің ыстық күні еді. Ғазиздің Алматыға кайтып келе жатқан беті. Вагонның іші ыстық. Ашқан терезеден аздап жел соғады. Риддерден Новосибирскіге дейін бос келген вагондар Алматыға дейінгі жолда адамға сыймай кетті. Қай уақытта да үлкен қалаға таянғанда жол жүрген адамдардың көбейе беретін әдеті. Біреу демалыстан, біреу командировкадан кайтып келеді. Біреу жеке басының қамымен үлкен қалаға бет алады. Қала соның бәрін орналастыратындай, ырза ғып қайтаратындай.
Осы көпшіліктің бірі Ғазиз. Демалыстан қайтып келеді. Қарт анасын көшіріп келеді. Алматының жас қызметкерлерінің бірі.
Ғазиздің анасы кейінгі уақытта әжептәуір жүдеп қартайған. Бұрынғы көрік, бұрынғы кеуде жоқ. Жалғыз інісінің мезгілсіз қазасы — оны қажытып кеткен сияқты.
Вагоннан олардың үлесіне тиген асты-үсті екі тақта орындық еді. Бұлар жата-жата қажыған соң мана үстіңгісін түсіріп жіберіп, төменде терезенің екі жағымнан екеуі отырды. Ғазиз Алатау көрінгеннен-ақ қуанышы қойнына сыймай Шығыстан көзін алған жоқ.
— Апа, — деді Ғазиз қолымен нұсқап, — анау Алатау.
— Жарықтық, баяғы Қырғыздың Алатауы ма? — деді ана терезеден үңіле қарап.
— Бұл сол таудың жалғасы.
— Алматы қайда? — деп сұрады ол.
— Бер жақ баурында, таудан 18 шақырым жерде.
18 ақырымның қанша жер болатынын шамалай алмай:
— Биекең аулы мен біздің ауылдың арасынан алыс па? — деп сұрады.
— Сондай екі бар.
— Сталин де сонда, Алматыда тура ма? — деп сұрады Ғазиздің анасы. Өйткені ол Алматыны Москва, Москваны Алматы деп түсінетін еді.
— Жоқ, Сталин Москвада турады, ал Москва Алматыдан 5000 шақырым жерде.
Бес мың, — деді ана тамсанып.
Ғазиздерді станцияда Шәңгерей қарсы алды. Бұлар Шәңгерейдің ағасының үйіне келіп түсті. Ғазиз Лиданың үйіне көшіп келгісі келмеді. Ол жақын адамдармен сырттан сыйласқан жөн деп ойлады. Анасын Шәңгерейдің үйіне орналастырып, кешке жақын өзінін, жатақ орны Лиданың үйіне беттеді.
Әрине Ғазиздің анасын күткен Анна Сергееваның семьясы оның мұнда келіп, басқа үйге түскенін білсе, ренжитін еді. Сондықтан Ғазиз анасының келгенін бұларға айтқан жоқ.
— Жақында келеді, оған дейін квартира дайындауым керек, — деді оларға. Оның ойы: «Жеке үй алып, бұларды қонаққа шақырамын», — дегенде болды.
Кейінгі уақытта Ғазизге қызметтен тыс кешкі уақытта да жұмыс істеуге тура келді. Жоғары оқу орнын бітірмеген жас қызметкерге тергеуші болу оңайға соққан жоқ.
Ізденіп көп оқуға, қызметті көп істеуге, бұрынғы қаралып кеткен істерді тәжірибе алу үшін қайтадан қаpaп шығуды прокурордың ақылымен кейінгі уақытта қолға алған.
Күнделікті іс күндізгі қызмет уақытында бітсе, кешкі уақытта ылғи ескі архивті тексеріп оқитын. Жүре келе бұл қызмет оны қызықтыра бастады. Мұны оқығанда неше түрлі қылмыс,неше түрлі оқиға, неше түрлі адамдар, неше түрлі шешендер кездеседі. Әсіресе тергеушінің қылмысқа қандай қорытынды бергеніне көңіл аударды. Оған керегі де сол.
Бүгін тағы сол салтымен кешке қызметке барайын деп жатқанда, Лида келді.
— «Арылуды» оқып болдың ба, бүгін кітапханаға өткізетін күнім еді.
Оны оқуға қолы тиген жоқ. Ертең де қолы тимейтіні анық болды.
— Ал, — деп кітапты ұсынды Лидаға салқын ғана. Оқымай бергенін ішінен жақсы көрген жоқ.
— Қызметке барайын деп жатырсың ба?
— Иә. Өзің қайда барасың?
— Кітап өткізем және комсомол жиналысы болады.
— Бірге барайық онда.
Ғазиздің кеңсесінің жанына таянғанда Лида:
— Үйге қашан кайтасың? — деп сұрады.
— Сағат онда.
— Жиналыс та онға жетпей біту керек. Өйткені кішкене мәселе, — деді Лида.
— Онда күтейін бе сені?
— Күт, келемін.
— Жарайды, саған көп рақмет! Кеңсеге дейін шығарып салдың, — деді күліп Ғазиз.
— Жо-жоқ! Кітапханаға дейін мені шығарып сал.
— Мені көп күттірме, — деді Ғазиз. Бақшаның ішіндегі кітапхананың сыртына келіп тоқтағанда: — Келемін, деді.
Бұл кезде төңіректі қып-қызыл шұғыла бөлеп, күн батып бара жатыр еді. Көкпеңбек бақша жапырағының арасынан сығалаған күн сәулесі: «Ертеңге дейін қош болыңдар», — дегендей болады.
Ғазиз архивтен «Ұрланған бала туралы» бір тексерілген істі қарап шыққанда сағат онға жиырма минут қалып еді. Лида келмеді. Он бірге дейін күтті. Келмеген соң телефонның трубкасын қолына алды. Ондағы ойы Лиданың институтына звондап, жиналыстың. біткен, бітпегенін білейін деген еді.
Бірақ жарты сағат бойы қаладан Байланыс үйін сұрап ала алмай-ақ қойды.
Не болғанын білейін деп институттың оқу корпусына келіп еді. Есік алдындағы күзетші:
— Корпуста жан жоқ. Секретарь жалғыз отыр еді, ол жаңа үйіне кетті, — деді.
— Комсомол жиналысы болған жоқ па?
— Бүгін түстен кейін жиналыс та, сабақ та болған жоқ. Түстен кейін оқитын курстар қазір поликлиникада тәжірибе жұмысында, — деп жауап берді.
«Шын мені алдады», — деді Ғазиз. Бірақ үйге қайтқысы келмеді. Трамвайға отырып, жоғарыдағы туберкулез институтына барайын деп жүріп кетті. Трамвай парктің қатарымен жоғары көтеріліп, солға бұрылды. Оның қайда баратынын енді аңғарды. Ол номеріне қарамай кез келген трамвайға отыра салғанын енді білді.
Ол жүріп келе жатқан вагоннан секіріп түсті де кейін қайтты. Туберкулез институтына бей уақытта барғысы келмеді.
Алматылықтарға Ғазиздің жүріп келе жатқан Карл Маркс,көшесі таныс. Олар бүл көшемен талай рет жүрген. Бұл — Нева проспектісінен бір де кейін емес. Мұнымен жүріп келіп театрға да,паркке де, моншаға да, магазинге де бұрыла салуына болады. Алматының проспектілері, тіпті, өзгеше емес пе? Әттең, қазір Владимир Маяковский тірі болса, біз оны қонаққа шақырар едік, жақсылап тұрып қозының етін астырып қойып, қанып ішкен сары қымыздың буымен Алматыны аралауға шығар едік.
Әрине, поэзияның маршалы Қазақстанның астанасын көруге келгенде, оны ертетіндер белгілі адамдар, мысалы, біздің Жәкең. Ол кісіге сөз жоқ. Қазақ совет әдебиетінің бір белімін деп Сәбит ерер, қазақтың театрын аспанға көтеріп ұстап тұрған мен деп Мұқтар ерер, қазақтың әнге бай екенін әлемге жеткізіп тұрған мен деп Шарамен қолтықтасып Күләш келер. Құрманғазыны жоқтатпаймын деп домбырасын өңгеріп карт ана Дина да келер, стахановшылар, активтер топ-тобымен жол да бермес. Әрине, Маяковский қызыл жауынгерді жек көрмейді, ол — қызыл ерлерді менің мақтанышым, менің қуатым, — деп талай кеудесін көкке көтерген. Сондықтан, оны ертушілердің ішінде мен де болуым керек. Мен оның оң жағында жүруім керек. Өйткені мен қызыл жауынгермін ғой. Қазақта Сәбеңнен жайдары кім бар?
Ол бізді күлкіге, әзілге батырады ғой. Айтайық, Маяковский Сәбит екеуміздің арамызда келеді.
— Сәке, — деймін қазақшалап.
— Не айтасың, жолдас жауынгер? — дейді, әрине. Ол кезде «ай, антұрған, не айтайын деп едің», демейді ғой. Өйткені, мен жауынгермін, «антұрған» деген Сәбеңнің сөзі маған лайықсыз. Ол ретті жерді біледі. Ол сезімтал Асқарды, ақылды Ботакөзді, албырт Бүркітті, бақытсыз Сұлушашты қолдан жасаған жазушы емес пе? Ол кітаптағы тірі адамдарды жарататын тәңірі, ол — жанның инженері.
— Мына кісіге мақтанайын деп келемін, — деймін.
— Но, но, — дейді Маяковский менің қазақшалап кеткеніме.
— Ал мақтан, — дейді Сәбең, мен мақтанам...
Ол тірі болса, біз онымен Отан соғысында бірнеше рет кездесер едік, қан майданда тізе қосып өтер едік. Ол соғыс театрында, майдан жанында «Левый маршын» Отан кызметіне жұмсар еді. Ол команда берер еді.
— Оңға, оңға, — дегенде оң жақтан келген жауды түйрер едік, — Солға, солға, — дегенде сол жақтан келген жауды түйрер едік. Біз жауды қырып қайтар едік. Ол команда пунктіне бізді қарсы алуға жүгірер еді. Бізге ырза болар еді, құшақтасып сүйісер едік. Ол — біздің Вовка, біз оның қырандары болып кете барар едік. Оны біз еркелетіп «Вовка» — дер едік.
— Вовка, сенің шет елдерді, жақсы қалаларды аралауға, саяхат жасауға жаның құмар. Сен Нью-Йоркте болдың, Мексикада болдың. Сен Лондонда, Берлинде, Парижде болдың. Тіпті, болмаған жерің жоқ, сонда осындай сұлу қаланы, сұлу проспектіні көрдің бе? — деп мақтанамын Алматыма мен.
— Сен мақтана білесің, — деп ол мені арқадан қағып, күлер еді.
Сонда менің мақтануыма тұрарлықтай Ғазиз келе жатқан проспект Маяковскийге ой түсірер еді. Ол проспектте көз жіберер еді. Ұзыннан-ұзақ асфальт төселген кең проспектінің бойын қуалап кетіп жатқан трамвай линиясы — оны несіне қызықтырсын. Оның қызығатыны асфальтты ат жүретін тротуар мен көк тастан еріп салған арбаға, машинаға арналған тас жолдың арасын тіліп өтетін арық. Арықтағы мұздай су таудың басынан көше-көшемен тарап темен ағып жатқан — ол соған таңғалар еді. Арықтың екі жағына қуалай ескен бәйтеректер, бірі тротуардың төбесін шатырлап жауып, екіншісі көшенің келесі бетіндегі бәйтеректермен ,жалғасып, көшенің төбесін шатырлап жауып тұрар еді. Оны таңғалдырар осы табиғи желек болар еді. Асфальтты тасты жалтыраған көшенің омырауына қатырып тіккен оқадай арықты қуалай, бәйтеректерді жағалай ескен көк майса жібектей көк шөптер, бәйтеректердің сырғаларындай ырғалған жапырақтарымен таласып көз талдырар еді. Әрине, көшенің шығыс жағындағы бақты көре алмас еді. Өйткені бәйтеректер бақты оңайлықпен көрсете қоя ма? Ол орыстың тамаша сұлу тілімен «прекрасно» дер еді. Мен: «Бүл тек Алматының бастамасы ғана, мұнан да тамашасы алда», — деп оны қолтығынан алып, ілгері жылжыр едім. Әттең, не керек, ол дүниеде жоқ өлген. Қазір ол проспектіде Маяковский де жоқ, мен де жоқпын. Тек, келе жатқан жалғыз Ғазиз. Кел, оқушы, онда соны ұзатайық бізсіз ол көңілсіз. Ол осы проспектінің батыс жағындағы тротуармен жүріп келеді. Ол екі көшенің айқасқан бұрышына келгенде шығыс жағынан бақшаның беті басталды. Бірақ оның бақшада шаруасы болған жоқ. Сағат түнгі он екі. Бұл кез бақшадан жұрттың тарап жатқан уақыты. Оның ойы Лидада болды. Бірақ түсіне алмады. «Әрине, ол мені ұмытқан жоқ, бір жұмыспен келе алмады», — деп өзін-өзі жұбатқысы келеді. Оны бір тымау сезім билейді. «Неге ол мана асықты?»
Ол трамвайға отырып, үйге қайтайын деген қорытындыға келді. Аялдамада бір топ адам тур. Бақтан шыққан адамдар болу керек.
Түн сондай тамаша. Тек Алатаудың салқын ауасы қалаға түнеп кайтуға келген сияқты. Кеше күндіз күн сондай ыстық болды. Жұрт бұлақ басынан шыққан жоқ. Тып-тыныш жаздың торғын түні — сені сүймейтін кім бар? Ғазиз шолақ жеңді жібек көйлекке жуан ғып бос ораған галстугын таза ауадан кеудеме толтырып алайын дегендей босатыңқырап, алқымдағы түймесін ағытты.
Ғазиз алдынан көлденеңдеп өткен бір-екі қыздар тынық түнді жаңғыртып:
«Пел недаром За рекою,за рекою соловей», — деп үзілтіп ән салып өтті. Құлынның даусындай жіңішке дауыс тып-тыныш тынық түнде ашық, әдемі болып шықты. Ғазиздің тыңдағысы келіп еді, олар ұзап кетті.
Көшенің келесі бетінде трамвай күтушілердің ішінен бір адамды ол Лида ма деп қалды. Жайында бір жігіт сөйлесіп тұрғанын көріп, жоқ ол емес шығар деді. Дегенмен, олардың қатарына таяна келе тани бастады. Лиданың өзі. Ғазиз өз көзіне өзі сенбеді. Оның Лиданы танығысы келмеді. «Бұл Лида емес. Бұл Лида емес»,— деп күбірлей берді. Ол өзін-өзі сендіргісі келді. Өйткені Ғазиз нанарлық нәрсе емес.
Жақындап барып анық көрді. Лида. Ол түнгі сағат бірде жігітпен түр. Ғазиздің қаны қайнап кетті. Өзін-өзі ұмытты. Тек алдында тұрған бір жуан бәйтерек:
— Шырағым, балам, сап-сап, мен жүз жылдар өмір сүрген қартпын, талай жасты, талай оқиғаны бастан кешкенмін. Кел бері, маған сүйеніп дем ал, — дегендей болды. Ол бәйтерекке бір қолымен сүйеніп, Лида жақтан көзін алмады. Жанындағы жігітті анық көрді. Көзінде көзілдірігі бар, әдеміше келген жіңішке боз жігіт екен. Лидаға тым жақын түр. Оның қолындағы толық кітапты тани кетті. «Воскресение». «Воскресение» деп айқайлап жібере жаздады. Оның түсі бұзылып кетті. Ол кісі өлтіретін қарақшы құсап, тал түбінде бұқшиып, кернеген ызаның құшағында бір ашулы аю болды да тұрды. Ол тек тұра алмады, өзінен-өзі тітіреген дауыспен сөйлеп тұрды.
— Әне, әне, көрмейсің бе, анау манағы менен алып кеткен кітап. Оны менен алып, өзінің жігітіне берейін деген екен. Ол мені алдады. Кітапханаға асығып кіріп еді, ана бір көзілдірік сонда күткен екен, көрмейсің бе? Кітап соның қолында түр...
Оһ, әйелдер, әйелдер, махаббаттың жауысыңдар! Сендерде махаббат жоқ. Таза махаббаттың сырына балта шабатын, бетіне күйе жағатын жауызсыңдар. Сендерде жүрек жоқ, тек өкпе ғана.
Бүл кезде Ғазиздің даусы екпіндей шықты. Ол өзінің жападан-жалғыз сөйлеп тұрғанын жаңа аңдады. Ол қатты сөйлеп бара жатқанын біліп, өзін-өзі тоқтатуға тырысты. Ол қабағын түйіп, түлкі алатын қырандай оларға қарап тұрып қалды.
Көзілдірікті жігіт Лиданың алдында кітапты екі қолымен бірдей ұстап, күлімсіреген пішінмен әңгіме айтып тұрды. Қыз кейде күлімсіреп, кейде сықылықтап күлді.
— Әне, көрмейсің бе? — деді тағы тітіреген дауыспен, — әне ол ана жігітті де алдап тұр. О, сорлы жігіт! Сен алданып турсың.
Ол мені алдаған, сені де алдайды, екеумізді бірден алдатпайық, сен алданба, сен алданба!..
— Ой, менің адал жүрегім, сен одан әлі дәмеленесің, «ол жай бірге оқитын жолдаспен тек тұрған шығар» деп. — Әне көрмейсің бе, екеуі қол ұстасып тұр. Ана қарашы, екеуі сүйісуге таяу тұр. Нағыз бір-бірін сүйген жігіт пен қыздың.түрі. Сағат түнгі бірде жай адам жүре ме, ана қарашы, енді екеуі қолтықтасты. Әй, сорлы көзілдірік, өзіңе сонша сүр жыланды тартасың. Ол мүләйімсіп сенің қолтығыңда иреңдейді. О, жауыз! Әттең, атарға мылтық, саларға қанжар жоқ! Мен — күр қол, тек бір қарақшымын, әйтпесе осы жерден ұмтылар едім. Мен кісі өлтірмес едім, мен махаббаттың жауын өлтірер едім. Адамның жауын өлтірер едім. Мен Прометейді емес, Зевсті өлтірер едім.
Жоқ, мен шыдап тұра алман. Менің алдымда жастықтың трагедиясы ойналып жатыр. Трагедия, кәдімгі трагедия. Бірақ мен трагедияға жылап көрген жоқпын, менің көзімнен жас шықпайды. Менің күшім, қуатым бар. Мен шыдап тура алман! Мен неге турамын? Осынша қорлықты көріп тұратын мен неткен намыссыз жанмын?
Ол манадан өзі тұрған қарт теректің қасынан шықты. Кернеген ыза оны Лидаларға қарап сүйресе де, ол жаққа жүргісі келмеді. Лиданың бетін көргісі келмеді. Сөйтіп, олардың жанынан өтіп, парк жағындағы тротуарға беттеді. Бірақ екі кезін олардан алған жоқ.
Тағы бір ағаштың түбіне келіп тұрып еді, көлденеңдеп қастарынан өткен мұны олардың көрмегені Ғазиздің онан сайын қанын қайнатты. Сүйіскен адамдардың басқамен қайдан шаруасы болсын. Тіпті олардың кезі бір-бірінен басқа ештеңені көрмейді деп ызаланып бір сөйледі де, тура соларға қарап жүрді. Бұл кезде түйілген қабақтың астында ызаның қасіретін шеккен қара көз езінін сұлулығын жоғалтып, кісі шошырлықтай сұп-сұр боп кеткен еді.
Лида түсі бұзылып келе жатқан оны көріп, сасқалақтап не айтарын білмеді. Күлейін деп күле алмады.
— Неге алдайсың кісіні? — деді.
Лида оған жауап қата алмады, тек, күлейін деп еді, бетінде күлкінің әсері болғанмен, көзінде күлкінің белгісі де болмады. Ол оған төне түсті.
— Сен кісіні неге алдайсың деп сұрап турмын ғой. Біреумен қыдыратын болсаң, мені күттіріп нең бар? Мені сен күлкіге ұшыратайын деген екенсің ғой. Ал мен іздеп келдім, күл маған! Күл деймін,— деді ол тітіреп.
Лиданың есіне «Ромео мен Джульеттадағы» қайғылы өлімнің үстінде біреудің «көңілді музыка ойна, көңілді музыка ойна» дейтіні түсе кетті. «Маған жыла деудің орнына, күл деп тұрғанын көрмейсің бе», — деді ішінен, басқа еш нәрсені ойлай да алмады.
— Мен сені алдаған жоқпын, — дей беріп еді, Ғазиз тіпті көтеріліп кетті. Оның даусы қатты шықты. Лида шыдап тұра алмады, тек, абырой болғанда трамвай келіп қалды.
Лида бірінші вагонға қарай жүрді. Бірақ Ғазиз оның соңынан ерген жоқ. Лиданың соңынан ерген манадан бері тіл қатпай тұрған көзілдірікті болды. Бұл екінші вагонға барып отырды.
Манадан бері жігітте мұның шаруасы болған жоқ еді, енді Лидамен бірге бірінші вагонға кірген оны жек көре бастады. Мана «ей, сорлы жігіт, алдауға түсесің сен, ол қызға жолама» десе, аяса, мұның нағыз жауы екенін енді білгендей болды. Оның барлық ойы — сол жігітке бөлінді.
«Менің алдымнан, менің қолтығымнан қыз тартып алатын жігіт тауыпты. Ол менен өзінің көзілдірігімен тәуір көрінеді. Ол менің ізіммен жүре алатын көрінеді. Жауымды жеңе алмасам, оған қызымды беріп жіберіп қарап тұрсам, менің жастығымнан не пайда? Жоқ, мен қызға таласпаймын, мен намысқа таласамын. Менің намысым көзілдірікті жігіттен кем болмас, мен көзілдіріксіз намысқор жігітпін», — деді ішінен ол вагонда келе жатып.
Ол вагоннан асығып түсті. Алдыңғы вагонға қараса, көзілдірікті осы күнгі жас жігіттердің салтымен өзі бұрын түсіп, Лидаға жәрдемдесіп жатыр екен. Ғазиздік іші оттай жанып кетті. Тек, солардың соңынан жүрейін деп ойлады.
Бұлар трамвайдан түскен соң, екеуі Лиданың үйіне қарай жүретін көшенің тротуарына түсті. Бұл үшеуінен басқа жан түскен жоқ. Жігіт Лиданы қолтықтаған жоқ, екеуі катар жүріп отырды. Соңында — Ғазиз.
Көше қаланың орталығынан қашықтаған соң-ақ караңғылана бастады. Бірінен-бірі алыс орнатылған бағандағы лампочкалар өзінің мерзімді көлемінен асып жарығын шаша алмайды. Ғазиз шыдай алмады. Ол Лиданың жанында келе жатқан жігітті адамға санаған жоқ, оны қомсынды. Бірақ, сол адамсымақтың қызымен келе жатқаны мұның нағыз жігітшілік сезіміне пышақ салғаннан кем болған жоқ. Ол намыстанды, оны тәкаппарлық қысты.
— Ей, көзілдірік!—деді Лиданың жанындағы жігітке. Олар бұрылып тұра қалды.
— Сен төрт көз, — деді жігітке төніп келіп, — қазір осы жерден көзілдірігің бүтін тұрғанда қайқай, әйтпесе көзілдірігің де, өзің де сау кетпейсің. Екінші мына қыздың жанынан бүгіннен басқа күнде сені көрмейін, түсіндің бе?
— Біз, біз бірге... — дей беріп еді жігіт.
— Менің айтқаныма түсіндің бе? Қайқай тез! — деді оған қатты айқайлап. Әуелгі сезді оған жайлап айтқанмен соңғы оның қатты шыққан даусы көзілдірікті жігітті қорқытайын деді. Ол жалтақтап қарай-қарай, тез кейін бұрылды.
— Ол бейшараның түк жазығы жоқ, сен оған ұят жасадың ғой, — деді Лида.
— Сен маған ұятты үйретпе! Сен өзін, ұятыңды жинап ал! — деді оған ашумен.
Лида оның бүл сөзін кек тұтқан жоқ, күлді.
— Білемін мен сендерді, сендер жауызсыңдар, сендер сұмсыңдар! Енді жігітін. кеткен соң маған түсіңді жылытасың, күлесін ғой. Жоқ, сенін күлкің енді маған күлкі емес, қайғы да бола алмайды! — деді.
— Сен өзің әйелден тумай, қайдан тудың? Әйелдер, әйелдер дейсің, — деді Лида.
— Енді басқа қалып, менің анама тіл тигізейін дедің бе? Менің анам — сен емес, сендей әйел емес. Ол — менің анам. Ол нағыз ана, мен оған мақтана аламын. Ал, сен әйел емессің! Махаббаттың жауысың!
Лида ен әуелі: «Ол ашуланып тұр ғой, еш нәрсе айтпайын», — деп еді шыдай алмады. Көзінен жас ытып кетті.
— Мен енді сенімен сөйлеспеймін, — деді үйге қарай тез жүріп.
— Әрине, енді менімен неге сөйлеспейтініңді білемін, сөйлесетін адам тапқан соң, енді менімен сөйлесіп нең бар? — деді Ғазиз. Екеуі ұрыспен үйге кірді.
Ғазиз өзінің бөлмесіне келген соң жатқысы келмеді. Бөлмеде мас адамдай теңселіп жүрді де қойды. Қыздың ызасы басында зыңылдады да тұрды. «Әттен, анау үйдегі Шекспирді қолыма түсіре алмадым-ау, Отеллоның бар монологын оқып шығар едім. Шіркін, Отелло, сен жазықсыз намысқор еркек екенсің. Не керек, кітап қолда жоқ», — деді де өзі оқып жүрген «Жұмбақ жалауды» қолына алды. Кітаптың 50-60 бетін оқып тастағанын бір-ақ білді. Түкке түсінген жоқ, қайта оқып шықты. Түсінбей-ақ қойды. Тек оның басында Толстойдың «Арылуы». Сағат он. Алдады, парк, көзілдірік деген сөздер бірінен соң бірі ызыңдап тұрып алды.
«Жоқ, бүгін кітап оқитын күн емес» деп, төсегіне жатып еді, көзі бір ілікпей-ақ қойды, тіпті ұйқысы келмеген соң шамды сендіріп, қайта жатты. Лиданың бөлмесінен түскен шамның сәулесі оның қараңғы бөлмесін екіге бөліп тұрғанын керді. «Бүл үйдің шамының жарығына дейін маған жау. Қызы өзінің сұрқиялығымен жүрегімді екіге бөлгені аздай, шамының жарығы да екіге бөліп тұр», — деп тістенді ол төсекте жатып.
Ол орнынан атып тұрды. Лиданың жыртық күнделігін алды да, соңына қара қарындашпен баттитып былай деп жазды:
17 август. Түнгі сағат 4, Алматы.
Мен күнделік жүргізіп көргенім жоқ. Европалық бір қыздың күнделігінің жалғасын мен жазып отырмын. Күнделік негізінде мен туралы жазылған. Авторы — қыз. Мен онымен бүгін ұрысып келдім. Жүректі уландыратын бір оқиға...
«Уландым, уландым» деп айқайлағым келіп отыр. Бірақ мен ешқашан уланбаймын. Мені оның ең күйіндіретін жері — мен оны тастағаным жоқ, ол мені тастады. Мен қызбен жүріп кеткенім жоқ. Ол жігітпен жүріп кетті. Мен одан өшімді аламын. Оны да осындай әуреге саламын. Осы айтқанымды істеймін, сез жоқ! Оның дүниеде екі жауы болса, бірі мен боламын. Мұның тапқан жігітін көрдім. Менің табатын қызым оның жігітін он орап алатындай болады. Маған қыздың мінезі, ойы, адамгершілігі керек емес, мен тек бұл қызға қыр көрсету үшін, ішін күйдіру үшін сұлу қызбен жүремін. Маған тек сұлу қыз керек. Осы қыздың алдынан қолтықтасып өту үшін, сенен кемді тапқаным жоқ деу үшін. Мен осыны істеймін, тек ерегіс, намыс үшін!..
Ғазиз осы жерге келді де тоқтады. Сез келе беретін сияқты. Орындығынан тұрып олай-бұлай жүрді де оны жинап қойды. Көрші үйден де өзі сияқты маза таппай жүрген адамның аяғының тықыры естіледі. Ол ұйықтай алмай жүрген Лида екенін білді. Жабылмай қалған есіктен сығалап қарағысы келмеді. Ол үйде бұрынғы Лида емес, шашы жалбырап, жау қолынан қиналып өлген тек бір әйелдің денесі жатқандай болды.
Төсегіне қайта жатқанмен ұйқысы келмеді. Тіпті ұйқы қашып кеткен. Далаға бірнеше рет шықты. Қайтып келіп тағы жатты, тағы ұйқы жоқ.
Лида бір кезде далаға шықты. Үстінде түндегі киімі, тек қолында редикюлі жоқ, шашы сол қалпынша тараулы. Ол да ұйықтамағанға ұқсайды. Ғазиздің онша шаруасы болған жоқ, назар аударып қараған да жоқ.
Бозарып таң білініп келе жатты. Үйдегі шамның жарығы бәсеңдей бастады. Ғазиз ұйқысы келмеген соң,. пальтосын жамылып далаға шығайын деп орнынан тұрғанда, Лиданың бөлмесіне есіктен көзі тусті. Алдына Шекспирді жайып тастап, кітаптың үстіне айқастырып салған екі білегіне иегін сүйеп отыр екен. «Оһ жауыз, кім үшін ұйықтамай отырғаныңды білемін! Сенің есіңде көзілдірік, соның әсері сені ұйықтатпай отыр», — деп үйден шықты. Маужыраған Алматының қоңыр салқын таңы оны еліктірмеді. Тіпті бұрынғыдай қызықтыра да алмады оны. Ол: «Қазір мені әлпештейтін, менің жалындаған жүрегіме сусын бола алатын бір-ақ жер бар: Ол — Кіші Алматы өзені, сонда барып көк майсаны құшақтап, етпелеп жатып дем аламын», — деп үйден шығып жөнелді.
Үйден неғұрлым ұзаған сайын, соғұрлым оған жеңіл, көңілді сияқтанды. Ол тағы жүрді, бірақ құлағынан ызыңдаған кітап, сағат 10, көзілдірік деген сөздер кете қоймады. Дегенмен, бұл сөздердің әсері түндегіден де неғұрлым кеміген сияқты болды. Былтырғы осы үйге бірінші келіп, көшіп келуге бара жатқанын, артына бұрылып, «ана 139-үй менің тұратын үйім, ол сұлу қыздың үйі» деп қуанып, сол үйге бұрылып қарайтын жерге келгенде, осы сөздер есіне түсе кетті. Ол тағы бұрылып кейін қалып бара жатқан 139-үйге қарады. Бірақ ондай қуана алмады, кайта ызалы көзбен: «Сен — менің жас жүрегіме оқ атқан үйсің. Тәтті махаббатты сенің іргеңе көмдім. Сенен ұзаған сайын маған жеңіл, маған көңілді, маған қуанышты, ал мен кеттім, қал орныңда!» — деді де ілгері жүрді.
Ғазиз Кіші Алматы өзені басында табаны күректей үш сағат жатты, сағат онға айналды.
Төсеп тастаған көк масаты түкті кілемдей өзеннің көк майсалы басы оған: «Жатып дем ал, бүгін демалыс, сен қажыдың, сен қажыдың ғой», — деп оны аяғандай болды. Төгілген күмістей сырылдап ағып жатқан өзен суы: «Шырағым, Ғазиз, бүгін дем ал, рақаттан, шомыл, кеудеңдегі жалындаған қапаны менің таза суыммен жу. Маған қайғымен келіп, көңілді қайт. Мен Алматының тәкаппар өзін секілді талай ұлдарымен, қыздарымен сырласа білгенмін. Оларға күш болғам, оларға қуат болғам», — дегендей болды.
Күн ыси бастады. Ол көйлегін шешіп, арқасын күнге қыздырып жатып моншақтап терледі. Күн одан сайын ыси берді, ол шешініп суға түскісі келді.
Мұздай суға ол рақаттанып тұрып шомылды. Судың ішінде етпелеп жатқан оны бұйраланған асау толқын төмен қарай ағызбақ болды. Өзінің екпінімен ол судың ағымына қарсы екі қолымен судың түбіндегі екі үлкен тастап ұстап алып: «Жоқ, ақпаймын, маған сенің әлің келмейді», — дегендей етпелеп жатып. Оның екі иығынан секіріп асқан асау толқын алысып ойнағаннан бірде кейін болған жоқ. Ол ілгері, толқын кейін серпіп, алыстың үлкені басталды. Оның бар ойы бұйра толқында болды. Ол шашын тарап, киініп болғанша судан көзін алмады. Бойы жеңіліп, кешегі маза бермеген ашуды, ызаны ағызып жібергендей болды.
— Тамаққа бару керек, кешеден мен тамақ ішкенім жоқ, — деп пальтосын үйге апарып тастап, кафеге барайын деген оймен өзеннен қайтты.
ІЗДЕГЕНГЕ — CҰPAFAH
Кафе. Ғазиз бір стакан кофе мен екі пирожкиді алдына ала бергенде, оның манадан көзін алмай отыратын екі қызы тамағын ішіп болып, кетуге ыңғайланды. Екеуі де Ғазизге қарап өтті. Ғазиз бірін шырамытып танығанмен, қайда көргені есіне түспей-ақ қойды. Олардың соңына қарап еді, қыз бұрылып артына қарап бара жатыр екен. Ғазиз стакандағы кофенің жартысын ішер-ішпей олардың соңынан жүгіре жөнелді. Әлгі қызды қайда көргені есіне түсе кетті. Былтыр бір кеште соңынан түсіп адасып қайтқан.
«Іздегенге — сұраған» дегендей кафеден жүгіріп шықса да, екі қызды көріп жайлап жүрді. Ғазиз кешенің бұрышынан етіп, тротуармен олардың соңынан жүріп отырды. Ол бүл жолы адаспайтынын білді. Ғазиздің екі кезі алдында жүріп келе жатқан екі қыздың толықша сарысында болған жоқ, ана биік туфлилі ұзын ақ жібек көйлек киген, белі құмырсқадай жіп-жіңішке қызда болды. «Рас, сұлу қыз, бір адамның сұлулығы бұдан өтпес», — деді ол ішінен.
Оның есіне қыздың ботаның көзіндей қара кезі, ұзын кірпігі, белуарына түскен қара, қолаң шашы, әсіресе кең ақ маңдайдан түзу түскен қырлы мұрны Абайдың:
«Білектей арқасында өрген бұрым, Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын...» — деген өлеңін еске түсіреді.
«Мына шолпысыз шашын білектей ғып өрмеген қаланың сұлуын Абайға бір өлеңдетіп алар ма еді», — деп ойлады.
Ол тағы да ыңылдап:
— Ақ құба, бидай өнді, бір қиғаш қас, Көрген жан ішпей-жемей болады мас, — деп әндетті жайлап қана.
Мен бұл қызбен жай әншейін Лидаға көрсету үшін соның алдынан қолтықтап, бұлаңдап өту үшін, ішін күйдіру үшін жүремін. Әйтпесе маған қызбен жүру не керек. Күз болып барады, жақында қызметтен босап, күзгі оқуға дайындалуым керек. Лиданың маған істегенін алдына келтіруім керек».
Біраз жүрген соң мына кеше таныс бола бастады. Баяғы осы қыздан адасып қалатын көшені таныды, қыздар оңға бұрылды, бүл тездетіп жүрді. Осы жерде құлағаны есіне түсіп, өзіне-өзі күлді. Қыздар бір кішірек үйге кірді. Үйге ол таяп келіп, блокнотын алды да № 82 үй деп жазып тұр еді, «Ғазиз» деген дауысқа жалт қарады. Лиза екен.
— Неғып жүрсің?—деді. Ол жауап қайтарған жоқ, ақырын келіп, Лизаның қолын алды.
Оның есіне Терехиннің үйінің осы жерде екені түсе кетті. Олардың үйлену тойы осы жерде өткен болуы керек. Тойға басқа жұмыстармен қолы тимей келе алмаған.
— Неге біздікіне келмейсің, — деді Лиза.
— Келген деген осы емес пе? Күйеуің қайда?
— Үйде, ішке кір.
— Өте қызық, — деді Ғазиз үйге кіріп отырған соң.
Терехин қуанып қалды. Ғазиздің «ете қызық» дегеніне көңіл аударған жоқ. Тек әңгімемен бола берді.
— Жас семьяның тұрмысы қызық, — деді Ғазиз столдың үстіне жиналып қалған кішкене тәрелкелер мен екі адамдық самаурынды көріп. — Бізде «Мұртына қарай іскегі, сабасына қарай піспегі» дейді. Сендер кішкене екі адамдық бөлмелеріңе барлық үй жағдайларың сәйкес, кісі таңғаларлықтай.
— Сен неге үй болмайсың, жаспын деп жүрсің бе? — деді Лиза.
— Үйлену үшін ең әуелі самаурыннан бұрын адам табу керек. Осы жаққа неге келгенімді өзің көрген жоқсың ба?
Лиза күліп:
— Лида қайда? — деді. «Бұл жаққа неғып қыз іздеп келіп жүрсің?» дегендей.
— Лиданы көрмегеніме бір ай болды. Ешбір қатынасымыз жоқ екеуміздің.
— Лида екеуіңнің бе? — деді Терехин.
— Жарайды, Лида өзіне, ол туралы әңгіме мені қызықтырмайды. Мына көрші үйдегі қызды білесіңдер ме?
— Ол кім? — деді Терехин Лизаға қарап.
— Гүл шығар...
— Әрине, мен ол қыздың атын білмеймін, тек... — деді Ғазиз күліп, қалтасындағы блокнотты алып, ондағы жазылған 82 деген цифрға қарап.
— Гүл ғой онда, — деді Терехин.
— Шешесімен екеуі ғана.
— Басқа туыстары жоқ па? — деп сұрады Ғазиз.
— Әкесі болу керек басқа қалада. Туыстарын білмеймін...
— Қызмет істей ме?
— Шешесі — қасқыр адам, ол қызмет істейтін адамнан кем тұрмайды.
— Ұрлық қыла ма? — деді Ғазиз Лизаның «қасқыр адам» дегеніне әзілдеп.
— Жоқ, сауда істейді, оның қолына ірі қызметкерлердің қолына түспейтін заттар, тамақтар түседі. Қайдан алатынын білмейсің және бәрінің ретін табады, ысылып қалған адам.
— Қызымен таныссаң базарға бармайсың десейші.
— Мен оның қызымен таныс деп, саған ақыл бермес едім, — деді алыпсатар әйелдің қызын Ғазизге лайықсынбай.
— Өзі сұлу қыз ба деймін...
— Сұлулығынан не пайда? — деді Лиза.
— Сұлуы сұлу. Лиданы сұлулығы он орап алғандай, мінезінің қандай екенін білмеймін, — деді Терехин салмақты пішінмен.
— Өзі анық сұлу ма?
— Көрген жоқсың ба?
— Жоқ.
— Мен бұл қаладан мұндай сұлу қызды көргенім жоқ.
— Сен де ғашық болып қалғансың ғой деймін, — деді Терехинді сөзбен қағытып Лиза.
— Қызы да қызмет істей ме?
— Институтқа түсемін деп жүр. Айтпақшы, қазақ тілінен мұғалім іздеп жүрген. Қазақ тіліне шамалы көрінеді.
— Мұғалім іздеп жүр дейсің бе?
— Я, мұғалім іздеп жүр, — деді Терехин.
— Қазақ тілінен менен тәуір мұғалім болмас, сен оған айт, мені мұғалім де, сылтаумен ол қызбен танысып алайын, — деді тез сөйлеп.
— Маған мұғалім бар деп айту қиын емес, мен қайта одан алғыс аламын, бірақ сен бүлдіріп жүрме.
— Жоқ, жоқ, сен қазір бар. «Кешке жіберемін» деп келісіп кел, мен кешке келейін.
Терехин ол үйге барып келгенше, Ғазиз оны шыдамсыздана күтті. Жаңағы көтерген бір-екі стопка оны әжептәуір көңілдендірді. Ол патефонның бір пластинкасын он рет ойнатқан шығар. Лиза оның тангоны қайта-қайта ойнатқанын аңдап:
— Сен жақсы билейсің бе? — деді столдың үстіндегі ыдыстарды жинап болып, аппақ саусақтарын орамалмен сүртіп тұрып.
— Мен орыс биіне шорқақпын. Европаша билегенімде қыздар «тағы, тағы» деп соңымнан қалмайды, — деді күлімсіреп.
— Білесін бе? Кел билейік! — деді.
— Мен көптен билегенім жоқ, ұмытып қалған шығармын.
— Ештеңе емес, кел билейік, — деп столды кейін тартып, кішкене бөлменің ішіндегі екі-үш орындықты бұрышқа қарай жинады.
Ақырын ғана ыңырсыған музыканың даусымен бұлар тангоны бөлей жөнелді.
— Рас, жақсы бөлейсің, би білмейтін қыз да сенімен билеп кетуіне болады, — деп Лиза мақтады. Шынында Ғазиз европалық билерді жақсы билейтін еді.
— Фокстротты бөлейміз енді, — деді Лиза.
Ғазиз бен Лиза фокстротты билеп жүргенде Терехин келді.
— Немене, ештеңе шығатын ба? — деді Ғазиз фокстроттың айналатын фигурасын жасап, Лизаны қолтықтап Терехинге қарай беттеп.
— Бітіп жатыр. Кешкі сағат жетіде сені келеді деп кеттім. Сен мені ұятқа қалдырып жүрме, — деді.
— Жо-жоқ. Мені кім дедің оларға?
— Учитель дедім.
— Ендеше кешке сабақ беруге учитель келмекші, — деп күлді ол.
— Ғазиз, — деді Терехин, — Лида үшеуіңнің араңда не болды?
— Сұрама, кейін айтам, — деді ол.
Ғазиз кешке Шәңгерейді үйден сүйреп алып шыққандай алып шықты. Шәңгерейдің барғысы келмеп еді, ол ренжитін болған соң Шәңгерей амалсыз ерді.
Шәңгерей бірталай ақыл айтқанмен, Ғазиз оның сөзін тыңдамады. Бір беттілікке салды да тұрды.
Ақыры екеуі кешкі сағат жетіде Гүлдін үйінің есігінің сыртына келіп, «сен кір, мен кірмен» ерегісіп біраз тұрды.
— Сен кір, сенің соңынан мен кірейін, — деді Ғазиз.
— «Алты аласы, бес бересім жоқ». Менің танымайтын үйге жетіп баруым лайықсыз? Сен кір.
— Мен қызға қырындап жүрген адаммын, сен менің рухымды көтеруін керек.
— Онда мен кейін қайтамын, — деді Шәңгерей. Асылы, Шәңгерей ол үйге баруға риза емес, бірақ Ғазиздің көңілі үшін еріп келді.
— Ал ендеше менің соңымнан ере бер, — Ғазиз көп кісін бір жақ шекесіне қисайтыңқырап киіп, мойнындағы галстугін жөндеп болып, есік қақты.
— Войдите, — деген дауыстың соңынан шұбатылып, үйге кірді.
— Гүл, учитель келді, учителің келді, — деп орта жастағы әйел қуанған пішінмен төргі үйден Гүлді шақырды.
Үстіне үлкен көк жібек көйлек киген (манағы көйлегі емес), бұрала басып Гүл шығып, бұларды қарсы алды.
Танысып болған соң, қыз оларды төргі үйге шықырды. Бұлар төргі үйге кіріп, орындық алып отырды
Ғазиз өзінің іздеп келгенін жасырайын деп:
— Осындағы он жылдық мектептің учителі едім. Бір жолдас сізге қазақ тілінен жәрдем керек деген соң, уақытты босқа өткізгенше... Оның үстіне бос уақытым бар еді. Кісіге қайырымды болу да жаман емес деген қорытындыға келдім, — деді салмақтылық пен сезімділікке салып.
— Көп рахмет, — деп қыз тек алғысты жаудырумен болды.
Бұдан кейінгі әңгіме қыздың қайда оқығаны, не бітіргені, қайда түскісі келетіні туралы болды.
Сөзге қыздың шешесі де араласты. Сөйтіп, учитель әңгіменің бәрін кіріспе ретінде қабылдады да, Гүлмен бірінші сабаққа кірісті. Біздің герой бүгін өзіне учитель деген ат тағып алғаны болмаса, қазақ тілінің ережесіне онша мықты емес еді. Сабақты неден бастарын білмеді, дегенмен сасқалақтаған жоқ, «Бүгін жалғауларды өтеміз», — деді.
Ол өзінше жалғауды жақсы білемін ғой деп таңдап алып еді, жалғау бұған оңай соқпады. Ол табыс жалғаудың орнына барыс жалғауды, жатыс жалғаудың орнына шығыс жалғауды айтып, жалғауларды бір-біріне шатастырды. Мұны көрген Шәңгерей шыдап отыра алмады. Оны күлкі қысты, шығып кетейін деп еді, оның қисынын таба алмады. Асылы, білмейтін адамның алдында сенің соққан өтірігіңнің бәрі дұрыс, білетін адамның алдында жүрексінесің, осы қатемді шығарып қоя ма деп қыл үстінде отырасың Ғазиз де солай. Жалғауларды шатыстырған сайын Шәңгерейдің күлкіден қысылып отырғанын біліп, тізеден түртіп қойды. Бірақ Шәңгерей шыдай алар емес. Ғазиз жалғауларды орыстың падеждерімен салыстыра отырып, Шәңгерейді күлкіден бір босатып алайын деген оймен:
— Біздің бір жігіт орыс қызымен жүріп, «Мен сені жақсы көремін», — деп айтпақшы болыпты да: «Я вас хорошо вижу», — депті ғой.
— Нағыз сөзбе-сөз аударылған аударма, — деп қыз күлді.
Манадан қалай күлудің себебін таба алмай отырған Шәңгерей күлкіден бір арылды, ішек-сілесі қатқанша күліп, ішінен Ғазизге рақмет айтты.
Сөйтіп, мұғалім бірінші сабақты осылай бітіріп, ертең тағы келмек болып, уәделесіп жолдасымен үйден шықты. Бұларды Гүл есікке дейін ұзатып салып көп-көп алғыс жолдады.
Былай шыққан соң ішек-сілесі қатып күлген Шәңгерей:
— Дмитрий жақсы дипломат болған еді, сен нашар мұғалім екенсің ғой, тіпті қазақ тілінің ережесінен ештеңе білмейді екенсің ғой, — деді.
— Е, мен қайдан білейін, қазақ тілінің мұндай керек болатынын, білсем, баяғыда жаттап алмас па едім. Бұрынғы оқығаннан есте қалған жұрнақтарды шатастырып жатырмын. Әйтеуір танысып алсам болады. Оның қазақ тілін білген-білмегені менің ішімді ауыртпайды.
— Қалай, қыз сұлу ма? — деді Шәңгерейге ол.
— Сұлулығына сөз жоқ. Бірақ Лидадай қайдан болсын.
— Жоқ сұлу ма өзі?
— Сұлу.
— Мұғалім ше?
— Мұғалімі одан да сұлу!
Екеуі күліп ілгері жүрді.
НАМЫСТАН ТАБЫС
Екі-үш күн сабақ беріп жүріп, Ғазиз бір күні қыздың оны ұзатыңқырап салуын сұрады. Қыз оны ертіп, біраз жерге келген соң, ол өзінің кім екенін, неге учитель болып жүргенін, нені көздеп жүргенін айтып оны састырды. Гүлге ең әуелі бұл сөз таңғаларлық болса да, жігітке көңіл қаларлықтай қатты сөз айтқан жоқ. Теріс жауап та берген жоқ. Тек, күлкіні көбейтіп «қойыңызшы, қойыңызшы» дегені болмаса, «кет әрі» дей қоймаған сияқты.
Соңғы күндерде Ғазиз Гүлмен қыдырып-ақ кетті. Бірақ бар арманы Гүлді қолтықтап, Лиданың алдынан бір өту болғанмен ол арманынан шыға алмады. Лида демалыс үйіне кетіп қалды.
Кейінгі күндері Ғазиз өзінің жатақ орнына бас сұқпады. Ол не Терехиннің үйіне, не Шәнгерейдің жатақханасына, не апасының қасына түнеумен өткізді. Лида мен Ғазиздің арасында не болғанын Анна Сергеева да, Ольга да сезген жоқ еді. Ал Ғазиз «Олар сезді, енді оларға көрінбейін», — деген ойда болып, қонуға бармай жүрді.
Бір күні Ольга оған телефон соғып: «Неге келмей жүрсін?» — деп сұрағанда, «Үйдің соңынан түсіп, қызмет қиын болып бара алмай жүрмін», — деп жауап берді. Лиданың 15 күнге демалыс үйіне кеткенін де айтқан Ольга, әйтпесе білмейтін еді.
Жыл бойына соңына түсіп, іздеген үй мәселесін бүгін шешті, бүгін ғана үйге қолы жетті. Оған наркомюст қаланың ортасынан ауыз үйлі, төр үйлі, кухнясы бар пәтер берді.
Өзі өз болғалы өз алдына табаны тартып көрмеген ол, жаңа шаңырақ құрды, шешесімен екеуі жеке үйге шығып, үй болды.
Бишара ана Ғазизіне риза болды. Қуанды. «Балам әкесінің шаңырағын қайта кұрды», — деп қуанды. Баяғыдан қайда көшсе де, қайда қонса да тастамай жинап жүрген бір теңін бүгін шешті. Екі түкті кілем, ескі шайы көрпелерді, «шырағым, аналық қарызым деп саған сақтап едім» деп, бірін төсеп, бірін тұсқа тұтты. Ғазиз төргі үйді әжептеуір ғып түзеді. Гардероб, кереует, диван деген сияқты нәрселерді тез-ақ ұйымдастырды. Ол үй болды. Лиданың үйінен көшті.
Гүлді үйіне ұялмай-ақ шақыратын болды. Олар бір-бірінің үйіне қаланың оқыған қыз-жігітінің салтымен келіп, кетіп жүрді. Сөйтіп жүріп «ойыннан от шығады» дегендей, Гүл Ғазизге ұнай бастады. Ол Лиданың алдына көрмеге салуға арсынайын деді, ақыры Гүлдің әсері Лидадан кейін соқпайтын сияқтанды. — Гүлге үйленсем қайтеді, — деген ойға да келді. Бір күні осы ойын Гүлге айтып та салды. Гүл жауабын кейінге қаратты.
Гүлдің жауабын екі-үш күннен кейін үйіне барып отырғанда Ғазизге Гүлдің шешесі берді. Ол бірнеше әдемі әңгімелерден кейін Ғазиздің алдына мына мәселелерді ашық қойды:
1. Тойды Ғазиздің үйінде емес, ез үйінде жасау.
2. Үйленгеннен кейін біраз уақыт Гүлдің үйінде тұру.
3. Ғазиздің өз үйіне шығуын айрылысып кеткен Гүлдің әкесінің шешуі.
4. Гүлді ешқашан ренжітпеу.
5. Гүлдің анасын өмірлік жолдасымның. анасы деп тану, сыйлау.
Ғазиз бұл қойған шарттың бәріне келісті. Гүлдің әкесінің қайда туратынын, қалай айрылып кеткенін сұрады.
Гүлдің шешесінің сөзіне қарағанда, ерлі-зайыпты екеуі болмашы бір нәрсеге сыйыса алмай ренжісті де, ол Қызылордадағы туыстарына жүріп кетіпті. Оның мұнда қайтып келуі әйелінің келісіміне байланысты көрінеді. Өйткені үйдің билігі, шаруашылықтың билігі оның қолында емес, Гүлдің шешесінің қолында болған, асылы, Тургеневтің «Вечные воды» шығармасындағы әйелдің ері... Ол әйелі кел десе келіп, кет десе кететін бір жуас қана адам екенін түсінді.
Тойды бұлар келесі демалысқа жасамақ болып қорытты. Тойды жақсы өткізуге тырысқан Ғазиз, тіпті күні-түні ұйқы көрмей тойдың қамын істеді.
Тойға жиналған адамдар Гүлдің үйіне лық толды. Тойдан Ғазиздің де, Гүлдің де тәуір көретін жолдастарынан ешкім қалған жоқ. Ойынды бастаушылар да, домбыра, гармонь, гитарларды ойнаушылар да, жақсы ән салушылар да құрметті кеште көпшіліктің ішінен табылды. Ғазиз бен Гүл күйеу мен қалыңдық ретінде өздерінің орындарын алды. Жұрт жаңа семьяның екі жас мүшесін қол шапалақтап қарсы алысты. Гүл бұрынғыдан да сұлуланып кеткен сияқты. Ғазиз үлкен қуаныштың құшағына енді. «Дүниеде дәл бүгін мендей бақытты адам бар ма екен?» — деп ойлады.
Бір жас ақындар оларға арнаған өлеңдерін оқыды. Екі жасты достардың құттықтап сыйлаған қол шапалақтары, тәтті әзілдері — оларды жоғары көтерді. Олар айдындағы аққудай қоршаған достық, махаббатта жүзді. Келген көпшілік буларға қарап сүйсінді. Олардың бірін-бірі тауып қосылғанына таң қалысты.
Ішу басталды. Рюмкалар екі жастың сүйісуін күтті. Жұрт қол шапалақтап, оларға «сүйісіңдер, сендердің бүл сүйістерін келешекке берген анттарын болады. Сүйісіңдер біздің алдымызда, біз сендерге куә бола аламыз» дегендей болды. Ғазиз орнынан тұрып, күлімсіреп Гүлге «жұрт бізді сұрап түр» дегендей болды. Ол оған құшағын жайды. Канатын жайған аққудай орнынан тұрған Гүл, екі қолын Ғазиздің иығына қарай икемдеді.. Үстіндегі ақ жібек көйлекті көтере алмай тұрған сияқты. Құмырсқа бел сұлуын Ғазиз құшақтады. Гүл де құшақтады. Олар ұзақ сүйісті. Алақан шапалақтау, «екі жас үшін, Ғазиз бен Гүл үшін» деген дауыстарды былай қойғанда, «Горько, горько!» деп айқайлаушылар да жеткілікті болды.
Бұл кезде ішке кірмей есіктен қарап тұрған Ғазиздің анасы «қуанған да, қорыққан да бірдей» деп көзіне жас алды. Ол бұрын Ғазизді «құлыным, ботам, шыбыным» десе, енді «екі құлыным, екі ботам, екі шыбыным» деді.
Рюмка рюмканың соңында босатылды, елең де, ән де, музыка да, әзіл де, айқай да ұлғая түсті.
Бір кезде Шәңгерей орнынан тұрып, стопканы ұстап тұрып:
— Жолдастар, — деді, үйдің іші тып-тыныш бола қалды.
— Содан бері аттай бір жыл, жолдастар. Дәл осындай күз еді, дәл осы Алматыда біз үш-төрт жолдас бір танымайтын сұлу қыздың денсаулығына деп бір ресторанда стопке көтерген едік. Әлі есімде, біздің бір жақсы жолдас, оны сіздер білесіздер, сол қызды бір көргеннен-ақ жас жүрегін соған арнаған. Біз де оның денсаулығына, таныс емес сұлуға арнап көтергенбіз.
Бүгін біз тағы солай отырмыз. Біз сол жастардың құрметті кешінде отырмыз. Ол жақсы жолдас Ғазиз, ол таныс емес сұлу — Гүл. Кел, жолдастар, біз Ғазизбен қосылған сол сұлудың денсаулығына көтерейік! Ғазиздің өмірлік досына көтерейік! Гүлдің саулығына көтерейік!
Көпшілік Гүлдің денсаулығына кетерді.
Сезді бұдан кейін бұлар кезек-кезек алып, бірінен соң бірі сөйледі. Ойналған музыкада, сөйлеген сөзде, биленген биде, салынған әнде шек болған жоқ. Әрине, бірнеше бөтелкелер азабынан босанып кухняда салдырап төгіліп жатты. Алматының стол үстіндегі апорт алмалары, шоколадтары, конфеттері, туралған торттары Ғазиздің қуанышына қызмет етті. Ойын таң бозарып атқанша басылған жоқ. Сөйтіп, қуаныш тойы — үйленген той қатынасушылардың қайсысының өмірінен бір-бір түнін алып, ағып етіп жатқан адамның өміріне қосты. Жай қосқан жоқ, көңілді достықпен, шат ән-күймен екі жастың өміріндегі бір қуанышты кезеңін көрсетіп қосты. Бұлар таң ата екі жасқа рақмет айтып, тарай бастады.
KIM ЖАУАПТЫ?
Ғазиз үйленген соң, тіпті үйден шықпайтын болды. Қызметтен тыс уақытты Гүлдің жанында отырумен, болмаса тек Гүлмен қыдырумен өткізеді.
Гүл де оның кешкі қызметке барғанын жарата қоймайтын болған соң, көбіне істі күндіз істеп бітіруге тырысатын болды. Өйткені Гүл анасының ақылы бойынша биыл оқуға түспеген. Бос отырған адамға уақыт та өте қоймайды, әрі көңілсіз. Сондықтан Гүлдің сағынып күтетін уақыты кейінгі кезде сағат кешкі бес. Бұл кезде Ғазиз келеді, бір түрлі оның отырғаны Гүл үшін думан-той сықылды.
Әуелгі он бес-жиырма күн тез өтті. Ол кезде біреу келіп, біреу кетіп, күннің қалай өтіп, батқанын білгізбейтін. Кейін құттықтаушылар да азая бастады. Әсіресе Ғазиздің жолдастары өте сирек келетін болды.
Әуелгі кезде Ғазиз де семьялық тұрмыстың не екеніне пәлендей көңіл бөлмегенмен, ол өзі «Сен енді жеке семьяның мықты мүшесінің бірісің, бұрынғы қиқаңыңды, еркелігіңді қой, орныңды біл»,— дегенді оған ашық айтқан сияқты.
Ғазиздің өзінің жеке өмірінен үйленгеннен бері ұққаны: «өмірлік дос деп өзіне өмір сүру үшін таңдап алған жарың — әйеліңнің маңында болуың керек, онсыз бір қадам аяқ басуға болмайды. Сен бір жерге барғын келсе, айтайық, қонаққа, киноға, театрға әйеліңмен бару міндет. Жеке шығып кетсең, семьядағы режимді бұзғаның. Басқа әйелдерге жолап кетсең, семьяның антын бұзушылық. Әйеліңнің көңілді болуына жағдай жасау, үйің тұрғанда біреуді жеке ресторанға шақыру, әлде ол шақырса кездейсоқ бір-екі сағатқа бұрылу — үлкен қате. Семьяның қамқоршысы болу еркектің міндеті».
Расында осы айтылғандар Ғазиздің қазіргі тұрмысынан түсінгені, білгені, үйренгені еді.
Ғазиз Гүлін сонша аяйды. Өйткені ол нәзік жүректі, ертемен кызметке кетерде оның мойнынан құшақтап алып, жібергісі келмейді. Үйге Гүлді қалдырып кету қиын. Қызметке ала кетуге ол бір жай нәрсе емес — тірі адам. Ғазиз бен Гүлдің нағыз бір қиын минуттары.
Қызметтен асығып шығады ол. Гүліне жеткенше асығады. Өйткені қазір Гүлдің сағаттың алдында отырғанын біледі. Ғазиздің қашан келуін күтіп, әрбір минутті санап өткізіп отырғаны оның көз алдында. Ол асығады, ол үйге жүгіріп қайтады. Келісімен тағы Гүлі мойнына асылады. Түскі тамақтан кейін патефон ойнатып, біраз екеуі үй ішінде билейді. Кешке әлде театрда, әлде кино, әлде концертте, әлде циркте болады. Кештің осылай өткені Гүлге ұнайды.
Міне, жас семьяның күнделік тұрмысы осылай өтіп жатады. Неге екені белгісіз, бұлардың күнделікті өмірінде айта қаларлықтай өзгеріс жоқ. Тек, абырой болғанда бірыңғай, бір сарын тұрмыстан серпілтетін кино-театрдағы жаңа номерлер. Онда күнде жаңа картина, пьеса, цирктің жаңа номерлері көрсетіліп тұрады. Бүл жаңалықтардың бәрін көріп үлгереді.
Гүл өзінің әдемі ажарына сәйкес сыланып, тарануды онша жек кірмейтін. Керілген кербез сұлу Гүл уақытының кебін айнаның алдында өткізетін. Духидың, кремнің қымбат, тәуірлерін пайдалану — оның сүйікті нәрсесі. Мұндай тәуір заттар, расы, сылаңдаған сұлу Гүл сияқты өздерінің иесін табуы керек қой.
Әрине, көпшілік жерде жанындағы әйел жолдасына жұрттың көзі түсуіне сөз жоқ. Тіпті танымайтын біреулер де сай келген жұбайларға сүйіскендік көзбен қарайды. Мұндай жерде бір көрмеге гүл Ғазизді онша жерге қарата қоймайтын, қайта өзінін әдемілігімен желік бере алады. Онымен қатар, мәдениетті әйелдердей мұндай көпшілік жерде еркектің өз орнын білгенін қолдайды.
Бір күні Гүл театрдан ренжіп қайтты. Оның себебі театрдың залына Ғазиз бұрын кірді де Гүлге оның соңынан еріп жүруіне тура келді. Дұрысында, қала жұртшылығындағы заң — ең әуелі әйел жүреді ғой. Міне, осы салтты Ғазиздің біле тұрып бұзғанына Гүл ренжіді. Гүлдің ашуы көпке бармайтын еді, ақыры келісіп кетті. Бірақ Ғазиздің келешекте мұндай істі қайталамауына сабақ бола алатындай із қалдырды.
Гүл биік өкшелі туфли киеді. Мұндай туфлимен кісі ұзақ жүре алмайды. Театрдан, не кинодан Ғазизге асылып, әрең жетеді. Расы, мұндай туфлидің сыпайы сұлулығына кім таласа алады. Мүмкін, менің қымбатты оқушым, бикештерім, осындай туфли сендердің өздерінде де бар шығар, әрине, менің онда шаруам жоқ. Бұл тек Ғазиз бен Гүл туралы ғана әңгіме.
Үйге келісімен-ақ Гүл кереуетке отырады да, «Ғазиз, туфлиімді шешіп жіберші»;— дейді. Ғазиз оның туфлиін шешеді. Келе-келе «Ғазиз туфлиімді шешіп жібершіні» айтқызбай-ақ өзі барып шешетін болды. Ғазиз бүгін айлық еңбек ақысын алды. Ол өзінің енбек ақысын екіге бөлетін еді: жартысы Гүлдін шешесіне, жартысы ез шешесіне берілетін. Сол бұрынғы әдет бойынша кызметтен шығып, жолдан анасына ақша бере кетейін деп соқса, анасының үйінде адам лық толып отыр екен. Бұлар — Ғазиздің туыстары, таныстары, жолдастары еді. Тіпті оларға Ғазиз, Гүл дегендерінің құны бір-ақ тиын сияқты.
Қарт тамақ дайындап жатыр. Ал қонақтар у-шу әңгімемен отыр.
Ғазиз үйдегі бұларды көріп қып-қызыл болып кетті. Таразыны Гүлмен екеуінен гөрі қарттың басатының түсіне кетті. Олар Ғазизді қарсы алды. Көп әңгімелер,көп күлкілер дәм піскенше өздерінін тиісті орнынан түскен жоқ. Ақыры тамақтан кейін Ғазиз оларды Гүлдің үйіне шақырды. Бірақ Ғазизге бір де бір адам ерген жоқ. Рақметті жаудырып, үй -үйлеріне тарасты.
Жолда келе жатып Ғазиз «бұлай реті келмес, мен енді шешемнің қолына шығуым керек, карт анамды жалғыз отырғызу ретсіз» деп ойлады. «Жолдастарым есіз үйге келіп кеткендей, қартқа келеді де қайтады, олардың неге маған келмей жүргенін түсіндім. Мен енді досқа күлкі, дұшпанға таба болмауым керек» деп ойын қорытты.
Үйге сағат бесте келетін Ғазизді сарыла күткен Гүл, сағат 7-де келген оны қарсы алған жоқ. Ол ауру адамдай кереуетінде жатыр еді. Ғазизге қараған да жоқ.
— Неғып жатсың мезгілсіз уақытта?
— Жай, әншейін, — дей салды. Үйде Гүлдің анасы жоқ еді. — Ана кухняда тамағын, тур, алып іш. — Ғазиздің тамаққа көңілі болған жоқ. Ол кереуетке келіп Гүлдің жанына отырды.
— Гүл, — деді ол, — өзің білесін, менің жалғыз шешем бар, мен саған үйленгеннен бері ол дүниеде менен бақытты адам жоқ деп қуанды. Ол өз өмірінде бір-ақ қуанышты күткен: «Ғазизімді үйлендірсем, қызығын көрсем, келінді керсем», — деп. Маған енді сөйткен ананы жалғыз отырғызу киын. Қанша айтқанмен дос бар, дұшпан бар дегендей, енді біздің мұнда тұруымыз ынғайсыз. Сенін әкең қайтып келді, шешең мен екеуі қазір жақсы тұрады. Шаруашылық жағынан былай да жәрдемдесіп тұрармыз, енді өзіміздің үйге шықсақ деймін.
— Маған бәрібір, шешеме айтайын, — деді Гүл.
Келесі күні Ғазизге:
— Шешем менің үйден кеткенімді жақтыртпайды, — деді.
Ғазиздің жүрегі мұп-мұздай болып кетті...
— Шешеңнің қолында өмір бойы отырғың келе ме? — деді ол шыдай алмай.
— Ұлықсат еткенінше...
— Сен сөзді қой, — деді Ғазиз еркінсініп, — Сен енді қыз емессің, менің өмірлік жарымсың. Біз бір-бірімізді тыңдауымыз керек. Жүр, өзіміздің үйге барамыз, — деді оны құшақтап.
— Мен шешемді ренжіткім келмейді...
— Мен шешемді ренжіткім келе ме екен? Қайта менің әжем жалғыз, бұлар екі адам ғой және әуелде осы келіскенбіз. Енді бүгін жібергісі келмейді, екеуміздің де осында болғанымызды қалап отыр.
— Өз басыңа билігің келмей ме?
— Менің оны ренжіткім келмейді...
— Мені ренжіткің келе ме?
Гүл не дерін білмеді де, ауыз үйге шығып кетті. Гүлге мұндай сұрақ оңай тимеді. Оның жылағысы келді, жазықсыз Ғазиздің алдында жылаудан гөрі, ауыз үйге барып көз жасымды көрсетпейін деп ойлады.
— Сен менен қалғын келе ме осы үйде? Мен кетем, — деді Ғазиз ашыла сөйлеп, тер үйдің есігін ашып тұрып. — Мен кетемін деймін, сенің маған ергің келмей ме? — деді Ғазиз.
— Кетсең неғыл дейсің, жүре бер, — деді Гүл жалт бұрылып. Бірақ бұл сөздің аузына қайдан түскенін өзі де аңдамады. «Неге бұлай дедім» деді ішінен өзіне-өзі. Ол тағы жылады.
Ғазиз бұл үйге өзінің бір қабат киімдерімен, төрт-бес кітаптан басқа еш нәрсе әкелген жоқ еді. Бірге тұрғаннан бергі сатып алынған патефон, Гүлге сатып алынған қымбат туфли сияқты заттарды менікі деп ойлаған жоқ. Өзінін киімдері мен кітаптарын қолтығына қысып үйден шықты.
Көздің жасына булыққан Гүл ол үйден шыққан соң шыдай алмай, «Ғазиз, Ғазиз» деп еді, ол естіген жоқ. Гүл жүгіріп далаға шыққанда, Ғазиз көп жерге ұзап кеткен еді...
Ғазиз көпке дейін ұйықтай алмады. Гүлден үміт үзіп кетемін деген жоқ ойында. Оның көз алдында олардың келешегіне тізгін болып кейін тартқан бір кісі тұрды. Ол — Гүлдің анасы еді. Бірақ осыншама ойға шомғанмен, «неге кеттім, аяғы неге соғады бүл кетістің» деп ойлаған жоқ. Гүл оны іздеп бүл үйге келген де жоқ. Бүл күнгі түнді өзінің шешесінің үйінде жеке өткізді.
Ол Лида мен Гүлді салыстырды. Оның көз алдына Лида шын адам болып көрінді де, Гүл бір өлі дене сияқтанды. Расы, Лидамен бір жыл бойы нағыз қыз бен жігіт құсап жүрсе, Гүлмен аз ғана күннің ішінде-ақ танысып, тез үйленіп алғаны бүгін ғана ой салды...
Таңертең оны шырт ұйқыдан бір таныс емес дауыс фамилиясын атап оятты. Ол өзінің қайда жатқанын әуелі білмей қалды. «Гүл» деді ол ұйқылы көзімен. Бірақ оның жанында Гүл жоқ еді. Өзінін үйінде жатқаны есіне түсті.
— Ғазиз Ғазизов жолдас сіз боласыз ба? — деді оған, қолында бір жапырақ қағазды ұстап оған төніп тұрған орта жастағы жұмыскер киімді бір бөтен адам.
— Иә, Ғазизов Ғазиз мен боламын, — деді ол көзін ашып алып.
— Мына кітапшаға қол қойып беріңіз, — деді де жаңағы бір жапырақ қағазды Ғазизге беріп, қарындаш пен қолындағы кішкене кітапшаны ұсынды. Ол еш нәрсеге түсінген жоқ. Кітапшада жазылған фамилиясының тұсына қол қойып, қайтарып берді. «Бұл не қағаз екен», — деп жаңағы бір жапырақ қағазды ашып көрді. Онда былай деп жазылған жазуға көзі түсті:
«Тов. Газизову Газизу.
С получением сего 25 ноября 1940 года к семи часам вечера явитесь в райвоенкомат (адресі көрсетілген) - с вещами для отправки в воинскую часть для прохождения службы в рядах РККА. Вам необходимо иметь при себе две пары нижнего белья, зубную щетку, зубной порошок, ложку и кружку. Волосы должны быть пострижены.
За не своевременную явку будете привлечены к ответственности по закону.
(қол қойылған).
— Өте қызық! Менің ана үйден мұнда келгенімді білгендей, дәл бүгін сап етуін. Жоқ, қайта жақсы болды, мен жауынгер боламын, мен әйелден құтыламын, — деді де қызмет орнымен есептесуге жөнелді.
Ол ерте-ақ есептесіп, жиналып болды. Бірақ қоштасуға Гүлге барғысы келмеді. Гүл де келе қоймады.
— Ең болмаса бір жыл баламмен бірге тұруды құдай қоспаған екен, — деп көз жасын төгіп алды қарт ана. Ғазиздің аяғаны жалғыз анасы болды. Бірақ анасы буынын бекітіп:
— Шырағым, жолдастарыңа сыйымды бол, армия балалықты көтермейді, ол жерде атарыңнан кейін қалма! Жолың болсын, мен енді жыламаймын! — деді. Сөйтіп жалғыз баласын жолға аттандырып қала берді.
«Жыламаймын, шырағым» деген шешесінің мықты сөзі көпке дейін Ғазиздің есінен шықпады. Жалғыз анасын қимады.
— Ай, шіркін дүние-ай, Лида болса менің анамды жалғызсыратпай онымен бірге қалар еді. "Ай, Гүл, Гүл, — деді станцияның басында жүретін эшелонды күтіп тұрып қасындағы Шәңгерейге.
— Кімді айтсаң сол келеді деген, — деді Шәңгерей, — Мынау Лида емес ме?
— Бұл кімді шығарып саламын деп жүр екен, — деді Ғазиз асыға сөйлеп. — Мен қазір сөйлесейін.
— Сөйлес, — деді Шәңгерей.
— Лида! — деді Ғазиз көпшіліктен былай тысқарырақ тұрып. Лида бұрынғысындай күлімсіреп оған бұрылды. Лиданы бұл көптен көрген жоқ еді. Мұның бұлай өзгергені оны таң қалдырды: Лида кәдімгі арасында ешбір ұрыс-талас болмаған жай таныс адамдай, күлімсіреп оған қолын берді.
— Немене, поезд күтіп жүрсің бе? — деді Ғазиз оған.
— Иә, Ольга келетін еді қазіргі поезбен. Ол командировкеге кеткеніне бір айдай болған, — деді. Ольганың қайда екенін білмейтін шығар деген оймен.
— Апырмай, мен қоштаса алмаймын-ау Ольгамен... Қазір келе ме?
— Сен бір жаққа барасың ба?
— Армияға жүріп бара жатырмын.
— Құттықта десейші, — деді Лида күлімсіреп.
— Құттықтауыңа болады, Ғазиз енді жай Ғазиз емес, жауынгер Ғазиз! — деп күлді.
— Шешең қайда?
Лиданың бұл сөзі оны қобалжытып жіберді.
— Ай, Лида-ай! Сен менің шешемді сұрайсың. Басқа емес Лидасың ғой, сен Лидасың... Менің әжем жалғыздыққа үйренген. Ол жалғыз да өмір сүре алады. Бір-екі жылға дейін тіршілік болса отыра тұрады.
— Неге жалғыз? — Ол Гүл туралы мәселені білетін. Оған Лиза бәрін айтқан.
— Сұрама! Келешекте өмір болса саған бастан аяқ бәрін айтамын. Бүгін айтуға уақытым жоқ.
Лида бұған түсінді.
— Лида, — деді. Даусы тағы тітіреп шықты. — Бүгін мен бұрынғы Ғазиз емеспін. Толқыған жүрек маған әл бермей түр. Бір кезде сенімен біз арамызда қыл өтпестей жақын едік. Бір-бірімізге шын жанымызбен жас жүрегімізді ұсынып едік. Өмірде бірін-бірі сүйетін екі адам бар болса соның бірі — екеуміз деп ойлаушы едік. Қазір біз басқа адамдарға айналдық, тағдырдың шешімі басқаша болды. Біз жастықтың не екенін, махаббаттың не екенін, достықтың екенін бір-бірімізден үйреніп едік. Қыз-жігіт дәуірінде, алғаш қадамымызда кездестіріп едік. Оның бәрі өтті, оның бәрі бізден алыстап кетті. Менің сенен сұрайтыным — бір-бірімізді қарғамайық, жолдастық қатынасымыз бұзылмасын деймін. Бөтен ештеңе айтқым келмейді, басқаша айту маған жөнсіз. Сен өз бақытыңды өзің тап. Өзің өлше, өзін. адымда, мен оған кедергі болмайын.
Ғазиз сөйлеп тұрып оның көзінен моншақтап аққан жасты көрді. Ол байсалды тұрып тыңдады. Бірақ маржандай моншақтаған мөлдір жас Ғазизге әлденені ескертті, әлденені түсіндірді. Әрине, бұлар әлі де көп әңгімеге батар еді. Ғазизді эшелон күтіп тұрды. Ол Лидамен қоштасып, вагонға беттеді.
Ғазиз жолдастарымен қоштасып ұзақ сапарға аттанды. Поезд ептеп ілгері жылжыды. Ғазиздің жолдастарымен бірге Лида да қолын бұлғап қоштасты. Бір эшелон алматылықтар Қызыл Армиясына қызмет етуге жүріп кетті.
Бірінші бөлімнің аяғы, 9 март, 1942 жыл.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
БІРІНШІ КҮН
Н. қаласындағы үлкен казармада бірнеше әскери бөлімдер тұратын еді. Көбінесе мұнда мотопехота, байланысшылар, танкистер және жаңадан ұйымдасып жатқан инженерлер батальоны бар еді.
Алматылықтар инженерлер батальонына келіп түсті. Ғазиз таңертең шырт ұйқыдан «подъем!» деген қатты дауыстан шошып оянды.
— «Подъемы» неменесі? — деді жанында жатқан Омаров көзін ашып алып.
— Тұр дегені, — деді Ғазиз киініп жатып. Басқа балалар да апыр-топыр тез киініп жатыр.
— Сен неге тұрмай жатырсың?
— Тұйамыз да, асығатын несі бай, — деді ол ерекше бір сабырлылықпен, оның «р»-ға тілі келмейтін еді.
— Сен қалай бүгін алабөтен сабырлы бола қалғансың?
— Жол жүйіп, шайшап келгенде тынығу кейек қой...
— Шаршап келіп тынығатын дәурен Алматыда қалған. Енді қайта үйрене беру керек қой, — деді Қожақ. Оның тұрмай жатқанын бұл да жактырмады. Сөйткенше, қайыс белбеуіне қыстырған наганы, асынған противогазы бар кезекші келіп:
— Сіз неге тұрмай жатырсыз? — деді Омаровқа сыпайы тілмен. Бірақ қатаң.
— Сенің қандай шайуаң бай? — деді Омаров тік.
Ол күлді.
— Мен кезекшімін. Менің міндетім мезгілсіз уақытта жатқандарды тұрғызу, уақтысымен тамақтандыру, жуындыру, тазалық сақтау, өзіміз тұратын үйдің тап-тинақтай болып тұруы... Сендер әлі үйренесіңдер. Қазір сендерге бәрі таңсық. Ертең-ақ өздерін кезекші боласыңдар. Тез тұрып жиыныңдар, қазір тамаққа барамыз.
— Кезекші айтты, тұю кейек, — деп Омаров киіне бастады.
— Мынау Омаров келмей жатып бүлдірді, — деді Ғазиз Қожаққа күліп.
— Бұл тек бірінші күн ғой. Бұл әлі талай гастрольіңді береді. Сен Омаровпен ойнама.
Ғазиздің жолда танысқан жігіттері Қожақ пен Омаров болды.
Қожақ салмақты, бұларға қарағанда көпті көрген, ересек жігіт еді. Ол Мәскеудегі химия институтын былтыр ғана бітірген. Инженер химик. Әзілге ұста. Қатардағы қазақтың оқыған жігіттерінің бірі. Әңгімені жақсы айтады.
Омаровтың орны вагонда бұлармен катар болды. Ғазиз бен Қожақтың әңгімесіне ол өзі келіп кірісті. Бұлармен бірге кіріп-шығып жүрді. Омаровтың бір мінезі — әңгімелесіп отырған адамдар кім болса ол болсын араласа кететіні еді. Осы мінезінің арқасында ол жолда Қожақтармен үйренісіп алды. Жарым жолдан былайғы жерде олардың ермегі Омаров болды.
Омаров ақ көңіл жігіт. Ол жолдастан жанын да аямайды. Ал өзінің бар сыры сөйлеген сөзінен ақтарылып отырады. Адамға үйір-ақ. Көп сөйлеуге құмар. Біреу сөйлеп отырғанда оны тыңдай алмайды. Кейбір жағдайларда «Омаров, сен әңгімені аяқтатсайшы», — деп сұрауға тура келіп қалады. Оның әңгімесінде шек жоқ. Ол әңгімені тұжырып айта алмайды. Тек соза береді. Әңгіме үстінде ойы бытырап тарап кетеді де, әңгімесі әрі қызықсыз, әрі шұбалаңқы аяқсыз болып кете береді. Әңгіме айту оңай нәрсе емес. Ой мен тілді бір-біріне келістіре білу керек. Ал Омаровтың байқауынша қазақта «Р» келмейтін сөз аз. Көп сөздің ішінде «Р» қарпі келеді. Әрине бұл сөздердің ішінде оны «Р» қарпіне бір тізе бүгіп өтуі анық. Дегенмен, оған әңгіме айту қиын бола да бермейді. Оның, шодыр мінезіне сәйкес бір нәрсеге күйіп-пісіп қалуына да екі минут болмай жатып, басыла қалады. Онда кек жоқ. Адал жігіт.
Бір ақылды кісі «адамның ішіндегі адамгершіліктің салдары оның бет-ажарына да әсер етеді» дейтін. Тіпті рас сөз. Омаровтың осы күйгелек мінезіне қарай екі бетінің сүйегі үлкен де, иегі сүп-сүйір. Таңқиған екі танауы оның әжептәуір қыр мұрнын бұзып тұрса, кішкентай аузын бұзып тұрған етшең қалың екі ерні. Мойны бір-ақ елі деуге болады. Сондықтан да оның жағасының қыртысы ешқашан жазылмайтын. Оны стол басында отырғанда орта бойлы деп айтуға болар еді. Өйткені оның кеуде, жауырын, жон арқасы ірі, тіпті толық адамға берілген дене сияқты еді. Дегенмен оның бойының тапал болып көрінетіні, екі сирақтың қысқа әрі қисықтығын былай қойғанда, екі аяғы жіңішке еді. Ол армияға бүгін ғана келді. Сапта тік тұрып көрген жоқ. Сапта тұрғанын көрсең, күлер едің.
Кеш келген Омаров екі қатар болып тұрған жауынгерлердің ішінен Ғазиз бен Қожақты қарап еді, олар саптың орта шенінде тур екен. Кимелеп барып екеуінің арасына кірейін деп бара жатыр еді:
— Жауынгер жолдас, киіп-жарып қайда барасыз, тоқтаңыз! — деген қатты даусын естіп, тоқтай қалды. Бірақ сасқалақтап ештеңе дей алмай қалды.
— Қайда барасыз киіп-жарып? — деді кезекші тағы да.
— Сапқа тұрмаймыз ба?
— Фамилияңыз кім?
— Менің фамилиям — Омайов.
— Омаров жолдас, екі қадам ілгері қарай, шагом марш! — деп команда берді дежурный. Ол ілгері екі қадам аяқ басты.
— Кругом!—деді дежурный тағы да. Омаров кейін бұрылып, стройда тұрғандарға қарап тұрды.
Тыңдаңыздар, жолдастар! — деді дежурный. — Сіздер бүгіннен бастап қызыл жауынгерлерсіздер. Сондықтан армия тұрмысына осы бастан үйрене берулерің керек. Егер кешігіп қалсаң, сапты басқарып тұрған командирден рұқсат сұрап, рұқсат етсе, кейінгі флангіге барып тұру керек. Ол — сапты сыйлау, жолдастарыңды сыйлау, командирді сыйлау, өзіңді сыйлау деген сөз. Біздің армия сыпайыгершілікті, мәдениеттілікті тілейді. Біз қызыл жауынгерлерміз. Сондықтан сол армияның күнделікті салтына үйреніп, тәртібіне бағыну керек. Омаров жолдас, түсіндіңіз бе? — деді.
Ол басын изеді өзінше, түсіндім деудің орнына.
— Түсінсеңіз, тұрыңыз орныңызға!
Омаров Ғазиз бен. Қожақтың арасына тұрған соң:
— Смирно! Равнение налево! — деп команда берді де есіктен кіріп келе жатқан батальонның комиссарына қарай аяқтарын тық-тық қатты басып барып, қолын көтеріп алақанын самайына қарай тақап тұрып:
— Товарищ комиссар! Новое пополнение количестве 180 человек построен для ведения на завтрак, — деп рапорт берді де кезекші бір қадам оңға қарай аяқ басып, комиссарға жол берді.
— Вольно! Вольно! — деді де стройда тұрған жігіттерге келіп:
— Бұлар қай жердің қырандары!
— Алматыдан... — деді бір-екі дауыс.
— Алатаудың қиандайы.
Шет жақтан әлде бірдеме деп комиссар балаларды ду күлдірді. Бірақ не дегенін Омаров ести алмай қалды.
— Партия мүшелерің қолдарыңды көтеріңдер.
Қожақ, тағы бір жігіт қолдарын көтерді.
— Комсомолдарың қолдарыңды көтер, — дегенде Омаровтан басқамыздың бәріміз қол көтердік.
— Сіз неге комсомол емессіз, «Алатаудың қыраны?» — деді Омаровқа жылы пішінмен комиссар. Омаров ұялып төмен қарады.
— Орта, жоғары білімдерің барларың қолдарыңды көтеріңдер!
Қол көтермеген жиырма-отыздай бала болды. Өзінің жеті кластық біліміне қарамастан Омаров та қолын көтерді, тағы да көзге түсермін деген оймен.
«Әйелі барларың қолдарыңды көтеріңдер», — дегенде Ғазизді ойландыратын еді. Бірақ оның орнына:
— Кімнің қасығы бар? — деді.
Жалғыз-ақ Омаров қолын көтерді.
— Міне,ұқыпты жігіт, — деді комиссар. — Қасық армияда мықты құралдың бірі.
Жұрт ду күлісті.
— Кезекші жолдас, тамаққа апар, мына қырандарды жақсылап тамақтандыр. Кружкамен, қасықпен қамтамасыз ет, — деп ол ілгері жүрді.
Комиссар бәріне ұнады. Бір қасық, бір кружкадан үлестіріп «налево! Шагом марш!» деп команда берді. Бұлар асханаға қарай беттеді.
Таңертеңгі тамақтан соң Омаров:
— Бізді бөлімге бөледі дейді. Үшеуміз бірге кетейік, — деді.
— Бір батальонның ішінде бірі не, бөлегі не, — деді Ғазиз.
— Жоқ, Ғазиз! Бій кетуіміз керек! Бій жейде болған жақсы, — деді Омаров.
Бұл сөзді ол шын жүрегімен айтты. Ол Ғазиз бен Қожақтан айрылғысы келмеді. Бірге болуды Қожақта жек көрген жоқ. «Бөлгеннен кейін көрерміз», — деп қорытты.
Бұларды тағы сапқа тұрғызды. Бірақ бұл жолы ешкім кешіккен жоқ. Омаров сапқа бәрінен бұрын барып тұрды.
— Біздің ротаны үшінші саперлер ротасы дейді. Ротаның командирі — мен, политругі — мына жігіт, — деп жеңіне қызыл жұлдыз белгісін таққан бір жас жігітті қолымен нұсқады. Содан кейін взводқа, бөлімшеге бөлген тізімді оқыды. Бірінші взводтың бірінші бөлімшесіне Ғазиз, Қожақ, Омаровтар бірге кетті. Омаров бұған өте қуанды. Бірақ ол ротадан взводты анық айыра алмады.
— Қожақ, осының ротасы үлкен бе, взводы үлкен бе? Мен түсінбей-ақ қойдым.
— Батальон, — деді Қожақ. — Бірнеше ротадан құрылады. Әр ротада бірнеше взвод болады, әр взводта бірнеше бөлімше болады.
— Біз қайсысынанбыз?
— Біз үшінші ротаның бірінші взводындағы бірінші бөлімшесіненбіз.
КІШІПЕЙІЛДІЛІК
— Первое отделение, стройся! — деді отделение командирі кіші сержант Микола қолымен бөлімшенің тұратын жерін нұсқап. Сапқа он адам екі қатар болып тұрды.
— Жолдастар, ертең демалыс. Қазір біздің алдымызда клубтың ісін жөнге салу мәселесі тұр. Содан кейін демалуға дайындаламыз. Жаға ауыстыру керек, Омаровтың мұрты өсіп кетіпті, көрдіңдер ме? — деді ол сөйлеп тұрып оны қолымен нұсқап, — Қырыну керек. Кешке кино көреміз. Ертең күнімен боспыз, экскурсияға барамыз, қаладағы музейге барамыз. Демалысқа барамыз. Үйге, қыздарға хат жазамыз. Бүгін бізге берілген тапсырма — клубты жөнге келтіру, тез уақыттың ішінде істеп бітіреміз бе? — деді ол.
— Бітіреміз, бітіреміз ғой, иә, хат жазу керек, қырыну керек, — деп әркімнің даусы әр жерден шықты, күбірлеп әркім сөйлеп кетті.
— Көлденең сөзді қойыңдар, бітіреміз!
— Бітіреміз... Бітіреміз.., — деген дауыстар тағы бытырап шықты.
— Мен естімей тұрмын...
— Бітіреміз! — деді бір ғана қатты дауыспен барлығы.
— Оһ, осылай жауап беру керек, жауап анық, қысқа болу керек, — деді командир.
Микола клубқа бөлімшесін саппен алып келіп, «смирно» қойып, клубтың бастығына:
— Бастық, жолдас, сіздің қарамағыңызға бірінші взводтың бірінші бөлімшесі — он жауынгер келді.
— Жақсы, — деді начальник бұларды өзімен ертіп, бір құлыптаулы есікке қарай жүріп.
— Бастық жолдас, бүгін қандай картина? — деді Ғазиз.
— «Жоғарғы награда», онан кейін би билеу.
— Қыз жоқ, кіммен билейміз?
— Бәле, қыз неге керек, біздің жігіттер қыз болып та «билей» алады.
— Билейміз ғой, Қожақ, — деді Ғазиз.
— Обязательно, бірақ қыз болып сен билейсің.
— Жоқ, сен.
— Көрерміз.
Бастық кішкене бөлменің есігін ашты да:
— Әне шелек, әне шүберек, әне су, — деді Миколаға.
— Бірақ жуып болған соң алған нәрселеріңді таза қалпында өз-өз орындарына әкеліп қоясыңдар, — деді.
Микола бұларға жұмысты бөлді.
— Осы құдай ұрған клубтың еденін жуғызайын деп тұр ма? — деді қазақшалап Андрей. Ол қазақ тілін жап-жақсы білетін еді.
— Міне, саған! Қыз орнына қыз бола аласын деген... — деді Ғазиз.
Тұрмаңдар, тұрмаңдар, тез жуып, бітіріп қайту керек, — деді Микола.
— Мынау бір пәле ғой езі, антұрған, — деді Андрей жуғысы келмей.
— Жиырма үш жасқа келіппін, осы жасымның ішінде мұндай қорлықты көргенім жоқ, — деді Жүніс.
— Ал жумайық онда, — Жумауға болмайды. Ол бұйрықты орындамау деген сөз ғой. Армияда бұйрықты орындамаудан қатаң қылмыс жоқ...
— Не әңгіме анау жақтағы? Тез бітіріңдер жұмысты. Омаров, сен неғып тұрсың? — деді Микола.
«Сен кімсің, сен қайдансың?» — деп жұрт бір-бірінен сұрай бастады.
— Мен инженермін.
— Мен журналистпін.
— Мен тергеушімін.
— Мен артиспін.
— Мен мектеп директоры едім ғой, — деді Андрей.
— Мен есепшімін, — деді Омаров.
— Ал осы бізге командир боп жүрген кім екен, сұрайықшы? — деді тағы біреу.
— Микола жолдас? — деді. Ғазиз.
— Отставить! Балақай, по званию, — деді оған украиндық акцентпен.
— Жолдас сержант, — деді Ғазиз, — сіз армияға дейін не қызмет істедіңіз?
— Мен Украинаның пешшісімін. Тез еденді жуып бітіріңдер, срок 20 минут, — деді олардың не себептен бұрынғы қызметін білгісі келгенін сезіп.
— Мәссаған!
— Сендерге сол керек, — деді клубтың бір жағын жуып бітіруге таянған Қалиев манадан бері олардың әңгімесіне ермей, еденді жуумен болған.
— Ал, сен кімсің, сен де пешшімісің? — деді оған Жүніс.
— Мен Алматының паровоз депосының грузчигімін. Келіңдер менімен бәстесіп еден жууға. Сендер еш нәрсеге қол тигізбеген интеллигентсіңдер ғой...
Бұлар клубты жуып болып казармаға кетейін деп тұрғанда, коридордың қарсысындағы үш есіктің ортасындағысы шалқасынан ашылды. Осындағының бәрі бұрылып жалт қарады. Клубтың бастығы мен взвод командирі тұратын бөлме екенін олар біле қойды. Екеуі жеңдерін жоғары түріп алып, бөлмесінің еденін жуып жатыр еді.
Микола:
— Жолдас начальник, сіздің бұйрығыңызды орындадық. Клуб жуылып бітті, — деп рапорт берді.
— Жақсы, көп рақмет! Қайта берулеріңе болады.
Шелектегі суға шүберекті малып жатып:
— Қалай, жігіттер, шаршадыңыздар ма? — деді взвод лейтенанты Петров. Олар да бөлмелерін жуып жатыр екен.
— Жолдас лейтенант, шаршағанымыз жоқ, — деді Ғазиз.
— Демалысқа сіздер де. дайындалып жатырсыздар ма? — деді Қожақ лейтенанттың еден жуып жатқанын ішінен ерсі көріп.
— Ие-ие, — деді ол жуан дауыспен.
— Міне, көрмейсіңдер ме, командирлердің өздері жуып жатыр едендерін, — деді Микола.
— Немене, сендер еден жууға намыстанасыңдар ма? — деді лейтенант оларға күлімсіреп.
— Біздің жігіттер енді сізден ұялып тұр ғой деймін, — деді Қожақ жігіттердің бәрінің де кішіпейіл бола алмағандарына енді өкініп тұрғанын сезіп.
— Жігіттер, «адамгершіліктің барып тұрған негізі — кішіпейілділікте» деген Маркс. Бұл біздің кішіпейілділігіміз ғой. Естеріңде ме «Правданың» кішіпейілділікті, тәртіпті Қызыл Армиядан үйрену керек деп жазғаны? Көрмейсіңдер ме, орыстың бұрынғы офицерлері мен Қызыл Армия командирінің. арасы жер мен көктей емес пе?
— Біздің мына интеллигенттер... — дей беріп еді Қалиев.
— Қой, қой! — деді кеуделеп лейтенант. — Интеллигент жұмыскер мен шаруаның баласы. Мен де интеллигентпін, — деді.
Қалиев ұялып темен қарады.
— Жақсы, барып демалыңдар, — деді лейтенант.
Бірінші бөлімше саппен казармаға қарай беттеді.
ЕСТЕ
Демалыс күні Ғазиз күнімен Гүлге хат жазумен болды. Редакцияға жіберетін материалдай-ақ оны бірнеше рет түзеп, бірнеше рет кешірді. Гүлдің адресін жазған конвертке салған хаты он-он бес беттен кем болған жоқ.
Кейінгі уақыттағы Ғазиздің бар ойы Гүл мен екеуінің арасындағы жағдай еді. Әуелі ол Гүлге ашуланып ызаланса да, шыдамай оны тастап үйінен шығып кетсе де Ғазиз мұндай жағдайды күтпеп еді. Ол үйді айналып жүріп-жүріп қайтып келетін сияқтанып еді. Бірақ ойыннан от шығып, ақыры үйді айналмақ түгіл, Гүлден қазір мыңдаған шақырым жерге ұзап кетті. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ». Ол қатесін енді сезейін деді.
Ғазиз демалысты шыдамай күтіп еді. Өйткені оның басын айналдырған ойдан жеңілемін деген күні — осы демалыс күн еді. Бұл күні ол өзінің Гүлді шын сүйетіндігін, заңды некені түсінбестен бұзудың керексіз екенін, келешекке өзінің қоятын тілегін, өзінің Гүлден үмітін үзбейтіндігін айтайын деген күн еді. Бұл күні қағаз бен қалам бұған жәрдемші болмақшы да, ол жүрегінде бар жалынды сөзді ақ қағаз бетіне төкпекші еді. Ол осыны істеді. Бір ауыр салмақтан жеңіліп қалғандай болды. Кеудені басқан жалынды конвертке орап, Алматыдағы Гүліне жібергендей болды. Бірақ кеудені бір босатқанмен, мүлдем тазарта алмады. Оның орнын «не болар екен, не жауап қайтарар екен, қашан жауап келер екен» деген шыдамсыздық басты.
Почтальонды пәлен мың шақырым жердегі Гүлінің жанынан келгеннен кем көрмейтін халге ұшырады.
Казармада ылғи кешкі сағат алтыда хат үлестіріледі. Бұл кезде Ғазиз қалайда сол жерде болады.
Әттен, не керек, тым болмаса: «Жаным Ғазиз, мен саған жоқпын», — дегендей болса да бір хат алсам екен деп тіледі.
Сөйтіп жүрсе де ол көңілді. Оның жүрегінде «не болар екен» деген Гүлдің мәселесі жатса, бет ажарында қуаныштан басқа еш нәрсе жоқ сияқты. Оның кеудесіндегі жайнап жатқан жастық бұлағының тасыған үні ешкімге естілмейтін, ауыздан бұрқырап, сөз болып шығып жұртқа жайылмайтын. Бұл өзінше жатқан сыр еді. Бұл сырды тек Қожақ қана біледі, ол Ғазизді бір түрлі жеңілтек адам ба деп те ойлайтын.
Армияда адамның бәрі сыршыл. Әсіресе ауылда қалған сұлу қыз туралы әңгіме көп айтылады. Ғазиздің басындағы оқиға көп жастың-ақ басында бар. Мұны Ғазиз олардың әңгімесінен аңғарды.
Армияға келгеннен бері ол тіпті көңілді болып кетті. Әрине жеңілтектік емес, оған бір әсер пайда болды. Ол әскери өмір оны көңілдендіретін. Армияда ең керекті нәрсе — төзімділік. Мұндай мықтылыққа армия тәрбиелейді.
Таңертеңгі подъемнан кешкі отбойға дейін тыным жоқ. Бұл кісіні қажытады. Кейбіреулер кішкене босап кетсе-ақ есінеп қалғи бастайды. Ғазиз қолы босай қалса қайдағы бір күлкілі әңгіме айтып, жігіттердің ішек-сілесін қатырады. Я болмаса, сырнай тартып, ән салады. Не турникке ойнайды.
— Осы Ғазиз шаршамайды екен, — дейді Жүніс. Өзі турникті жек көреді.
— Білемін сенің турникті неге жек көретініңді. Сен жасыңда турникпен шұғылданбағансың. Енді үйренуге ұяласың?!
«Омаров турникке аттың құлағында ойнағаннан кем ойнамайды», — деп оны мақтайды Ғазиз бір жағынан әзіл-қалжыңмен. «Көтейіп жібей», «көтейіп жібеймен» жүрсе де өзінің жолдастарына үлгі болды.
Дегенмен, соңғы екі айда Ғазизді Гүлдің жауапсыздығы әжептәуір толғандырды. Ол Гүлге бірнеше хат жазып, бір жауап ала алмай-ақ қойды. Бірақ одан күдер үзу Ғазизге қиын нәрсе, ол тағы жазды, тағы жауап күтті.
КҮРЕКТІ ИНЖЕНЕРЛЕР
— Сен не алдың?
— Менің алғаным балта.
— Өзің ше?
— Қайла.
— Омаровқа күрек тиіпті, көрмейсің бе?
— Ғазиз араны мойнына салып алыпты ғой, ара алып жүру ыңғайлы екен, қап, ара алмағаным-ай...
— Әне біреу саперлердің қайшысын алыпты, оған тіпті тиімді болған екен, жорықта жеңіл ғой.
— Ей, қойшы, неге кейек, — деді Омаров.
— Темір сымнан жасаған жаудың кедергі торларын қырқып, жаяу әскерге жол салатын біз ғой.
— Осы инженей, инженей дейді, қалай күйекпен инженей болатынымды мен түсінбей-ақ қойдым.
— Кеше осы турасында айтты ғой политрук, сен неғып естімедің, — деді Ғазиз.
— Мен кезекші болған жоқпын ба кеше?!
Ғазиз күліп жіберді. Өйткені батальонның командирі мен комиссары келгенде кезекші «смирно» деп команда беріп, өзінің кім екені туралы доклад жасауы керек. Мұны устав бойынша Омаров жақсы білетін.
«Батальон, смирно! Жолдас капитан, батальон бойынша кезекші қызыл жауынгер Омаров» дегенді ішінен қайта-қайта айтып жаттап жүрді.
Бір кезде Ғазизді көріп:
— Сен капитан бол, мен саған доклад жасайын, әйтпесе мына сөздейдің басы қосылмай тұй, — деді.
— Кел.
— Ал, енді сен есіктен капитан болып ен. Мен доклад жасайын саған.
Ғазиз салмақты адам болып, ақырын есіктен кірді. Омаров орнынан тұрып:
— Батальон, смейно, — деді ақырын жұрт естімесін дегендей. Сонсоң Ғазиздің алдына жүгіріп барып, — жолдас капитан, батальон бойынша кезекші қызыл жауынгер Омайов!
— Жақсы. Бірақ устав бойынша келе жатқан бастыққа үш қадам жетпей тұрып доклад жасау керек, — деп оның кемшілігін көрсетіп, бұрылып кете беріп еді, капитан кіріп келе жатыр екен. Бір кезде Омаров бар даусымен, «Батальон смейно!» — деді. Капитан тоқтап тура қалды. Жұрттың бәрі де тұрған-тұрған жерінде жансыз адамдай «смирно» тұрып қалды. Бір кезде Омаров капитанға таянып барып: «Жолдас капитан, смейно!» — деген сөзді айтты да тас төбеден ұрғандай тұрды да қалды.
— Мен қашанғы смирно тұрамын, — деді капитан күлімсіреп.
— Жолдас капитан, жап-жаңа ғана бәйін біліп туйғам, аузыма сөз түспей... — деді Омаров қып-қызыл болып.
— Жүрексінсең сөз түгіл өзің де қашып кетесің, салқын қанды болу керек, вольно, — деді капитан. Жұрттың тік тұрғанын көріп, Омаров, «вольно» деп айқайлады.
— Жолдас капитан, жап-жаңа біліп тұй едім.
— Онда қайта доклад жасап көр, — деді капитан.
Бұл жолы Омаров жап-жақсы айтып шықты. Екінші, үшінші рет доклад жасатты. Тек «Р»-ға тілі келмегені болмаса қатты дауыспен өте жақсы айтты.
— Міне, осылай доклад жасау керек, — деді капитан кетіп бара жатып.
— Капитан, смирно! — деді Ғазиз оған күліп. .
— Сен, ойынды қой, кешегі политиуктің айтқанын маған түсіндійші, иасы, мен сапей-сапей, инженей дегеніне түсінбеймін, біздің міндетіміз не?
— Армияда әскердің бірнеше түрі бар. Мысалы, атты әскер, жаяу әскер, танкистер, ұшқыштар, артиллеристер. Солар сияқты біз инженерлік әскерге жатамыз. Біздің мамандығымыздың аты — сапер. Танкі жүргізушіні танкист десе, армияда инженерлік кызметті атқаратын бізді сапер дейді.
— Біздің міндетімізге не жатады? — деп сұрады Омаров одан.
— Соғыс уақытында біздің ауыр артиллерия, танкілер, бүкіл әскер жүретін үлкен жол салу, көпір салу, жаудың біздің әскер жүре алмасын деп жасаған кедергілерін құрту, пехотаға окопты қалай қазуды үйрету, сонымен қатар, жау жүре алмас үшін оның жүретін көпірін қирату, жолын бұзу, мина салу. Тіпті сапердің соғыс уақытында орны басқа. Сапер болу үшін мылтық ата білу керек, оған қара күш те керек, ептілік те керек, мықты нервісі, болат жүрегі болу керек. Өйткені сапер ұрысқа бірінші түседі де, кейін шегінетін жағдайда ең соңында шегінеді.
— Үшінші взвод сапқа тұрсын деп жатыр, — деді Қожақ оларға.
— Енді түсіндім өзімнің міндетімді, — деді Омаров Ғазиздің қолтығынан ұстап, бұлар сапқа тұрғанда взвод командирі Петров:
— Қазір болатын сабақ — көпір салуды үйрену, құрал-саймандарыңды тез алып келіңдер! — деп команда берді.
Біреу күрегін, біреу балтасын, біреу арасын алып сапқа тұрды.
Қаруларын иықтарына салып, қаланы айналып біраз жүрді. Табиғат адамға екі аяқты жүру үшін берсе де шаршамаудың әдісін жұрттың бәрі біле бермейді. Жүруді үйрену армияда керекті нәрсе. Сондықтан Қызыл әскерлер қайда бармасын саппен жүреді. Мұнда біріншіден ұйымшылдыққа үйренсе, екіншіден,жүруді үйрету.
Бұлар үйренетін жер қаланың шетінде еді. Біраз жүрген соң Омаров шаршайын деді. Шылым тартсам, тынығармын деген ой келді оған, ол қалтадан шылымын алып, жеңінің ішіне жасырып тұтатты да ептеп түтінді қылқып жұта бастады. Ептеп командирге білдірмей тартпаса, сапта шылым тартуға болмайтын еді. Бірақ ұрланып тартқан шылымның дәмі жоқ сияқтанды, ол қыдырып бақшада келе жатқандай шылымды саусағының арасына қыстырып, аузын түтінге толтырып тартып-тартып жіберіп еді, қатар түзеп келе жатқан бұлардың үстіне жоғарылап ұшқан көк түтін пештің мойнына шыққандай көлбеп жоғары көтерілді. Артта «бір-екі» деп команда беріп келе жатқан лейтенант жүгіріп Омаровқа қатарласып:
— Кім шылым тартып келе жатқан? Сен бе? — деп төне кетті.
— Жоқ, мен тартқан жоқпын, — деп сасқалақтады ол, тез кеспейді. Араны еркімен бос тартсаң өзің де шаршамайсың, тез-ақ кесіледі.
Миколаның айтқанындай, олар араны баспай, жай еркімен тартып көріп еді, тіпті жеңіл сияқты көрінді. Аз уақыттың ішінде бөренені екі бөліп тастады.
— Асылы, осы антұрған бірдеңе біле ме деймін, — деді Жүніс.
— Командир емес пе? Бұлардың өзін де үйреткен шығар. Осылай ертең біреудің бізше әуреленіп жатқаның көрсем, мен де білгіш боп шыға келмеймін бе?
Микола Ғазиз бен Омаровтың жанына келгенде, Ғазиз балтаның басын ұшырып алып, сына қағып, орыстың «Вспоминай обо мне» деген әнін қоңыржайлатып айтып отыр еді. Ол Миколаны көрген жоқ.
«В эту ночь при луне
Вспоминай обо мне», —
деген өлеңнің екі жолы қайта-қайта айтылып, аузынан түскен жоқ.
— Бұл бір жақсы өлең, — деді Микола оған.
— Я, жолдас кіші сержант, өзі махаббаттың торындағы қыздың әні болса, өзің айлы түн болса, сол айлы түнде мені есіңе ал деп жігітіне қыз жүрегінен айтылған жылы соз болса, неге жаман болсын, — деді Ғазиз.
— Немене, балтаның басын түсіріп алдың ба?
— Менің күшіме шыдамай басы ұшып түсті балтаның, — деп күлді ол. Мылжалап кесе алмай қойған тіреуге дайындалған жуан ағашты көріп:
— Сенің мынау. ұрысыңа балтаның басы шыдамауына да болады. Және мынауымен кешке дейін кесе де алмайсың, — деді Микола оның балтаны тік салып кесем деп әуреленгенін кәріп.
— Енді қалай?
— Енді жан-жағынан кезекпен кезек балтаны жантай салып керіте шабу керек, — деп балтаны алып, өзінің айтқанындай керіте шапты. Ағаштан ұшқан жаңқа екі жаққа бөлініп ұшты.
— Маған беріп көр, — деді Ғазиз енді түсіндім дегендей.
— Мынандай жуан ағашты арамен кесу керек, — деді сөзінің соңын түгел айтып бітірмей, балтаны қос қолдап басынан асыра сермеп. Ол жұп-жуан ағашты лезде қалай кесіп тастағанын өзі де сезбей қалды.
Балтаны, араны ұстауды бұлар неге білмейді деген оймен:
—Сендерде мұндай жуан ағаш болмай ма? — деп сұрады Микола.
— Алатаудың қайың, терек, қарағайларын көрсең, бұл ағаштың әкесі деп білерсің...
— Отқа не жағасыңдар?
— Біз мұндай ағашты отқа жақпаймыз. Біздің Алматының маңайындағы халықтар түгелімен сексеуіл жағады. Сексеуілді бұтауға ара мен өткір балтаның керегі жоқ, қолға түскен қарумен ұсатуға болады, — деді Ғазиз де оның неге сұрап тұрғанын түсініп, қазақ интеллигенттері олақ деп айтпасын деген оймен. Омаров өзіне тапсырылған екі тіреуді жұрттың бәрінен бұрын істеп болып лейтенантқа баяндады:
— Әрине, — деді лейтенант, — тырысқансыз, жолдас Омаров. Әрі жақсы, әрі тез бітірдің жұмысты. Осындай үлгілі жауынгер ұнайды, бірақ шинель...
Бұл кезде Омаров шинельді күйген жерін алақанымен басып тұр еді.
— Лейтенант жолдас, мен қатемді іс жүзінде жөндеймін.
— Жарайды. Бірақ екінші рет қателеспеймін деп уәде бер. Саперлердің мақалы бар. «Сапер бір-ақ рет қателеседі, сол қатесіне жауап береді» деген. Мен сенің бұл қатеңді кешіремін, бірақ екінші қайталап жүрме!
— Жоқ. Жоқ, лейтенант жолдас.
— Кешке старшинадан жамау алып, шинеліңді тігіншіге жамат, содан маған айтарсың.
— Құп болады, лейтенант жолдас, — деді қуанғаннан тез кейін бұрылып.
Ғазиз бен Қожақ Қызыл Армия күніне үздіктер қатарына ілікті.
Кейінгі жылдарда Қызыл Армияның жұмысын қайта құрумен қатар саперлерге де үлкен міндет жүктелген еді. Жапондармен, финдермен болған соңғы соғыстар сапердің рөлінің зор екенін, сапердің қатардағы әскерлермен бірге әрі шешуші, әрі жауапты орында екенін көрсетті.
Армияда саперлерді универсал деуге болады. Сапердің араласпайтын да, керексіз де жері жоқ. «Сапердің қолы алтын», — деп сөйлеп тұрады шинель кигендердің көбі-ақ.
Біздің жігіттер аз ғана күннің ішінде нағыз жауынгер сапер болып алды. Бұрын сапердің не екенін естіп білмеген Арқаның қазақтары армиядағы мықты бір мамандықты меңгеріп алады.
Қожақ пен Ғазиздің үйіне комиссар рақмет айтып хат жазып қойған екен. Оларды комиссардың өзі оқып берді.
— Комиссар жолдас, — деді Ғазиз — әрине, жақсы қызметіміз үшін біздің үйімізге хат жазып отырсыз. Оны қызға біз де рақмет айтамыз. Жақсы атақты адам қайдан жек көрсін. Дегенмен, менің сұрайтыным сол хатыңыздың бір көшірмесін менің бір қыз жолдасым бар, соған да жіберсеңіз деймін. Біздің қандай жауынгер екенімізді білсін...
Бұл қыз туралы комиссарлардың білгісі келді. Бірақ Ғазиз ашып айта қойған жоқ. Ақыры, комиссар хаттың бір көшірмесін Гүлдің адресіне жіберді. Ғазиз өзі де хат жазды. Бұл хат Ғазиздің Гүлге жазған жетінші хаты еді. Мінеки, содан бері бір айдай уақыт өтті. Ғазиздің бұрынғы хаттарына да, соңғы хаттарына да еш жауап болмады. Оның Алматыдан шыққанына жарты жылға таяу уақыт болып қалды. Сонда да Ғазиз үмітін үзбейтін. Кейбір көңілсіз сәттерден Гүлді ойласа болды, бір түрлі жеңілденіп қалатын сияқты еді. Бірақ Ғазиз бүгін басқа ойға кетті. Ол қарап отырып, «Ах, сені ме!» — деді. Ол бұл кезде ақ көңіл, ашық, жібек мінезділіктен қол үзіп шықты. Оны бір тұман қаптап кеткендей болды. Сөйтті де қолына қарындаш пен қағаз алып хат жазды. «Гүл! Бұл менің соңғы хатым. Мен саған енді хат жазбақ түгіл, атыңды аузыма да алмаймын. Сен туралы ой келе қалса, өлімнен қашқан Қорқытша қашуға тырысамын. Сен қазіргі қыздардың қатарына жатпайсың. Сен ақсүйек әйелдерін еске түсіресің... Сен махаббаттың жауысың, сен келешектің жауысың, сен некенің жауысың! Өзіңнің басыңда билік жоқ. Шешені сүюдің, сыйлаудың жөнін білмейсің, мен саған қапылыста үйленіп, қапылыста айрылдым. Сенен айырған тағдырға көп рақмет. Менің жақсы көретін адамым бар еді. Мен сенімен соған ыза болып үйленген едім. Сен бұған жылауың керек! Сен жыла, төк жасыңды! Төк жасыңды, махаббаттың жауы, төк жасыңды заңды некенің жауы! Мен сенен енді хат күтпеймін, бұл менің соңғы хатым.
Ғазиз».
ЖАМАЛ АПАЙ
Гүлдің анасын орыс құрбылары Женя дейтін еді. Оның аты шынында Жамал болатын. Көрші қазақ әйелдердің қойған аты Жамал апай еді. Сондықтан біз де Жамал апай деп сөйлейік.
Жамал апай орта жастағы адам. Ол қала әйелі. Жасынан қалада туып-өскен. Жасынан Жамал апайдың шұғылданған ісі сауда, алыпсатарлық болды. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деп күйеуге шыққан соң да, өзінің бүл кәсібін қалдырған жоқ. Тиын санаған адамның өзі ақшаға пысық келеді. Көршілерінің оны жақтырмайтын жері де осы пысықтығы еді. Әрине, оның ақшаның бетіне қарамайтын да жері жоқ емес. Ол алушының жағдайына қарай. Мысалы, бір қолға түспейтін заттар біреуде бар. Ол адамнан сол нәрсені түсіру үшін, тіпті күнделікті қол үзбей, одан Жамал апай еш нәрсе аямайды. Бірақ ақысы кетпейтіні анық. Қалада Жамалды танымайтын қолында дүниесі бар адам жоқ деуге болады. Бүкіл магазиндердің, складтардың бастықтары оны қалайда білулері керек. Сондықтан да мұның үйінен тіпті емге керекті заттар да табылады. Қаладағы дүниелі үйлердің бірі.
Оның бір мінезі — біреумен сөйлесіп тұрғанда, осыдан не қағып алсам екен, осыдан не тиер екен деген ойды ұмытпайды. Ол ерімен отасқаннан бері бірнеше қалада болып, ақыры Алматыға келіп орналасты. Осы көшіспен жүргенде Гүлді бір күн мектептен үзген жоқ. Ол қала көргендігін осы Гүлді тәрбиелегенде пайдаланды. Гүл әдемі, талдырмаш, сұлу қыз болып өсті. Әңгіме арасында Гүлді — кісі баласын бағып отырмыз дегені болмаса, оның ар жағында Гүлден құр қол қалмаймын деген ой тұратын.
(Роман аяқталмай қалған).
«АЛМАТЫЛЫҚТАРҒА» TҮCІHІКTEME
Баубектің соғыс кезінде жазылып жарияланбаған шығармаларының бірі — «Алматылықтар» атты бітпеген романы. Бұл роман автордың жоспарлауы бойынша төрт бөлім болмақ еді. Алғашқы бөлімде соғыстан бұрынғы бейбіт күн баяндалады да, қалғандары Ұлы Отан соғысындағы совет отаншылдарының, оның ішінде алматылықтардың ерлік қимылдары суреттеледі.
Романның толық жоспары жасалғанымен, Баубек марқұм ойын жүзеге асыра алмай кетті. Тек бірінші бөлімін және екінші бөлімінің бас жағын ғана жазып үлгерген. Бұлардың өзін де атүсті асығыс жазған. Бүл жөнінде өзі былай деп жазады.
«Мен мына «Алматылықтардың» бірінші бөлімін саған жіберіп отырмын. Әрине, жазып шықтым. Қайтып оқып та шыққаным жоқ. Сенде жоғалмайды ғой деп жіберіп отырмын... Тіліне де қарағаным жоқ, өмір болса кейін жөндей жатармыз деп... Соңғы жағында асығып кеттім, тез бітірдім, солай да болу дұрыс па деп өзімше. Бірақ, тым тез...»
Бұдан кейін екінші бөлімнің бірнеше бет қолжазбасы мен романның жалпы желісі жөнінде жасалған жоспарын жіберді.
Қазіргі қолжазбасы 200 бетке жуық, оқиғасы мол, әрі қызықты. Әрбір бөлімшеге қойған аттары да жақсы, мәселен, бірінші бөлімдегі тараулардың аттары мынадай: «Көшедегі бір оқиға», «Қош, алгебра», «Үй № 139», «Ананың көңілі — балада...», «Бірінші кеш», «Қайғылы хабар», «Кітаптың әсері», «Жеңілдім», Аяқсыз қалған драма», «Көршілер», «Періште», «Естен шықпас оқиға», «Іздегенге — сұраған», «Учитель», «Намыстан табыс», «Кім жауапты?».
Басқа жазылмаған бөлімдерін де осындай тарауларға бөліп, ат қойған. Әрқайсысының қысқаша мазмұндары айтылған.
Автордың негізгі ойы — армиядағы қазақ жауынгерінің өсу жолын, тәрбиеленуін, зор ерлікке көтерілуін баяндау, ұлттар достығын, оның ұрыстағы тамаша жеңісін айту, советтік патриотизмнің сарқылмас күшін көрсету, жоғары идеялы жаңа адамдардың — социализм күресшілерінің жарқын бейнесін жасау.
Август 1947 ж.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі