(Қазақстан жазушыларының II съезі қарсаңында)
Жақын арада Қазақстан жазушыларының II съезі ашылады. Бұл съезді тек ересек адамдар ғана емес, біздің пионерлер мен мектеп оқушылары да зор қуанышпен қарсы алғалы отыр.
Бұл съезде еліміздің шаруашылығы күн сайын өркендеп өскен дәуірде, үшінші бесжылдық тұсында БҚП(б) XVIII съезінен кейін шақырылып отыр.
Бұл съезде Қазақстанда искусство мен совет әдебиетінің бұдан былай да өркендей беру жөнінде көп мәселе қаралмақ. Соның бірі қазақ совет әдебиетінде осы уақытқа дейін жете көңіл аударылмай келген балалар әдебиеті туралы мәселе қойылуға тиіс. Біздің пионерлер мен мектеп оқушыларының күн санап қызық кітаптарға тамаша шығармаларға тілегі өсіп отыр. Олар жазушыларымыздан балалар тұрмысынан жазылған заманымызға сай, оқып отырғанда оның геройлары өз оқушыларына тамаша үлгі, әсер беретіндей қызық, жақсы шығармалар болуын күтеді. Бірақ Қазақстан жазушылар коллективі, Қазақстан Жазушылар Одағы бүл жөнінде күрделі ешнәрсе істей алмай отыр.
Балалардың жүректерінің нәзік келетіндігі, олардың әр нәрсеге әуестенгіш келетіндігі, олардың бір нәрсені көңілге алса сол нәрсеге ынтығып, сусағыш келетіндігі ашық нәрсе.
Әсіресе совет балаларының алға ұмтылғыштығы — олардың қиялы, олардың ойы, олардың талабы тіпті өзгеше. Олар ұшқыш, командир, педагог, дәрігер, инженер, шахтер, ақын-жазушы болғысы келеді. Олардың келешекте сол қиялдарына жетуі сөзсіз. Сондықтан да балалардың тілегіне сәйкес оларға үлкен тәрбие беретін, үлкен эсер беретін күшті құралдың бірі — көркем әдебиет болуға тиісті. Бірақ Қазақстан Жазушылар ұйымы мен біздің көрнекті ақын-жазушыларымыз, жас ақындарымыз кішкентай балаларға үлкен шығармалар керек екенін ескермей жүр.
Жазушылардың ішінде балалар әдебиетіне ептеп көңіл аударған Қалмақан еді. Ол да ең соңғы рет балаларға өмір бойы азық қылыңдар деп «Тәтті қауынын» тарту етті де соңғы уақытта балалардан ол да қол үзіп кетті. Мүмкін, Қалмақан балаларға «Тәтті қауын» есейіп, ер жеткенше қорек етуге жетеді деп жүрген болар. Бірақ балалар бірнеше «Тәтті қауын» сияқты тәтті әдебиет жемістерін күтіп отыр.
Қалмақанның мұнысына да рақмет. Басқа ақын - жазушылар «Тәтті қауын» түгіл балалардың әдебиет қорына бір уыс «бүлдірген» де қосқан жоқ.
Кейбір жас ақындардың ұялғанынан онда да ренжіп, қысылып, қымтырылып отырып, жеңіл-желпі бірдеңе жазып бере салатындары да жоқ емес. Бүл жағы да көркем сөз шеберлерінің есінде болатын нәрсе.
Балалар әдебиеті жөнінде сыншы жолдастарға не айталық! Сыншылар сынайтын балалар әдебиеті жоқ. Дегенмен, сын мәселесін қолға алып жүрген жолдастар да балалар әдебиетін жасау жөнінде қатынасы болуы өте қажет нәрсе ғой.
Редакцияға балалардан күнде хат келіп жатады. Олар бірнеше ұсыныстар, бірнеше тілектер қояды. Сол балалардың көп хатының бірі Ырғыз пионерлерінің жазушылар ұйымына жазған хаты, олар былай деп жазады:
«Ардақты ақын-жазушы ағайлар!
Біз жеткіншек жас ұрпақтармыз. Пионерлер қатарында тәрбиеленіп, мектепте оқып жүрміз. Біз өзімізді ең бақытты балалармыз деп санаймыз. Сабақтан бос уақытымызда көркем кітаптар оқып, мектеп сахналарында пьесалар қойғымыз келеді. Бірақ балалар тұрмысынан жазылған көркем шығарма, пьесалар табу бізге өте қиын. Сондықтан жазушы ағайлар: Мұхтар, Сәбит, Асқар, Әбділда, Тайыр, Әлжаппар, Диқан, Қалмақан, бізге балалар тұрмысынан әдемі әңгіме, тақпақ - өлеңдер, пьесалар жазып берулеріңізді сұраймыз».
Бірақ аты аталған және балалардың хатын оқыған жолдастар дұрыс жауап та берген жоқ. Расында, біздің ақын-жазушыларымыз балалар әдебиетіне көңіл бөліп, балалардың тілегіне сай жақсы, қызықты шығармалар бере алмай келеді.
Осы уақытқа дейін балалар баспасы (юн. издат.) жоқ. Комсомол баспасының жанында тек қана аудармамен шұғылданатын (онда оригинальный бір шығарма жоқ) нәтижесіз «бірдеңе» бар. Балаларға деген кітапты шығару былай тұрсын, пионер журналдарын да уақытында шығара алмаймыз.
Республикалық газеттер мен журналдар балалар әдебиеті туралы мәселе көтеру түгіл ол жөнінде ауызға да алмайды. Көбісі балалар әдебиетін жеңіл-желпі іс көреді. Шынында балалар әдебиетінің балаларға коммунистік тәрбие беруде зор мағынасы бар екенін, балалар әдебиетін жасауда мықты шеберлік керек екенін естен шығаруға болмайды.
Қазақстан жазушыларының II съезі балалар әдебиетін жасау жөнінде балалардың тілектеріне сәйкес ақын - жазушылардың кесек шығармалар беру жөнінде мәселе қоюы тиіс. Пионерлер мен мектеп оқушылары балалар әдебиетін жасау жөнінде II съезден нәтижелі іс күтеді.
«Октябрь балалары»
1939 ж. 29 май. № 40.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі