Өлең, жыр, ақындар

Жазушылармен әңгіме

Жақында «Октябрь балалары» газетінің коллективі жас ақын-жазушылармен әңгіме жасады. Оған Қазақстан жазушылары II съезінің делегаттары және облыстардан келген ақын-жазушылар қатысты. Орденді ақын - жазушылар — Асқар Тоқмағамбетов, Әлжаппар Әбішев жолдастар болды.

Әңгіме екінші съездің қаулысына сәйкес Қазақстанда балалар әдебиетін өркендетіп, балалардың тілегіне сай шығармалар беру жөнінде болды.

Бұл жөнінде біраз жолдастар ездерінің ұсыныстарын берді.

Гурьев облысынан келген өкіл Тілеков Жәрдем жолдас: аудан, облыстардағы әдебиет кружогының жұмыстары туралы айтты. Әдебиет кружоктарына үлкен көмек керек екенін жас әдебиетшілерді тәрбиелеуде олармен тығыз байланыс жасап, жас әдебиетшілердің творчестволық өсуіне күнбе-күн жәрдемдесіп отыруға ұсыныс жасады.

Қарағанды облысынан келген Құлбаев жолдас: кружоктарда жас авторларға көмек беруде, оларды әдебиет теориясымен қаруландыруда «Октябрь балалары» газетінің бетінде авторларға консультациялар беріп отыруды айтты. Әсіресе көркем әдебиеттің теорияларымен, оның ішінде басты жанрлары: проза, поэзия, пьесалардың түрлі салаларын таныстыруды «Октябрь балалары» газеті тәжірибе жүзінде қолға алу керектігін, жас авторларға, жаңа жаза бастаған пионер мектеп оқушыларына үлкен күш екендігін ұсыныс етіп енгізді.

Шығыс Қазақстаннан келген жас ақын Сәду Машақов жолдас газет бетінде сапалы әңгімелердің, өлеңдердің басылуына зер салу жөнінде кейбір газетте басылатын шығармалардың тіл жағынан, сюжет жағынан ақсап жататындығына тоқтала келіп, жастардың қызықты тілі, көркем сюжеті бай шығармалар жазылуына көмек ретінде газет арқылы классиктердің шығармаларымен және совет ақын-жазушыларымен таныстырудың қажеттігін әңгімеледі.

Сонымен бірге жас таланттарды өздерінің шығармалары арқылы көпшілікке таныстыруды, олардың шығармаларын газетте бастыру жөнінде қадағалап отыруды газет коллективі есіне алу керек деді.

Оңтүстік Қазақстаннан келген Малқаров жолдас жаңа жаза бастаған жастарға консультацияның керек екенін, оларға үзбей кеңес беріп отыруды, олардың творчестволық өсу жолында газеттің инициатор болуына тоқталды.

Орденді ақын Асқар Тоқмағамбетов Қазақстанда қаулап өсіп келе жатқан жас бөбектердің тілегіне сан шығармалар беруді айтты.

Асқар жолдас жас балаларды тәрбиелеуде оларға түсінікті, өздерінің тілімен жазылған әдемі, қызық шығармалар беруді қолға алу керек, оларды қолдап ескі мұралармен туысқан республикалардың мәдениетімен таныстыруды қолға алу әрқайсымыздың міндетіміз болсын деді.

Пионер ақыны, жас тілшіміз — Қапан Ахметқалиев өзінің сөйлеген сөзінде аудандағы жас таланттарды творчество жағынан тәрбиелеп өсіруде, олармен үзбей байланыс жасауда «Пионер» журналының облыс, аудан жастарынан қол үзіп кеткендігін айтты. Тек онда редакцияның маңайындағы, Алматыдағылардың ғана шығармаларымен шұғылданып қоймай, барлық облысқа көңіл аударуды, тілшілерді көбейтіп өз оқушыларының тілегіне сай жұмыс істеуді айтты.

Жоғарыдағы пионер журналына айтқан жағдайды «Октябрь балалары» газеті де еске алуы керек деді.

Комсомол баспасының директоры Табунов жолдас шама келгенше жастарға жәрдемдесетіндіктерін, олардың шығармаларынан комсомол баспасынын күшімен жинақ шығару жөнінде, әсіресе балалар творчествосына балалар үшін жасалатын шығармаларға назар салып, жұмыс істеуді ұсынды.

«Октябрь балалары» газетінің коллективі пионерлер мен мектеп оқушыларының тілегіне сәйкес көркем тілді, терең сюжетті әңгімелер, қызық поэмалар, ертегілер, сапта жүргенде әнге қосып айтатын жақсы өлеңдер жазуды ақын-жазушыларға ұсыныс етіп қойды.

Және ақын-жазушылардың шығармаларын өзінің ең жақсы ең жас оқушылары пионерлер мен мектеп оқушыларына жеткізіп, оларға таратып отыруда «Октябрь балалары» газетінің коллективі әрқашан да дайын екендігін білдірді.

Сонымен қатар, біздің ақындарымыздың, жазушыларымыздың «Октябрь балалары» газетінің авторы болудағы міндеті, отанымыз туралы, партия туралы, халқымыз туралы, тарихи оқиғалар туралы және халық мұралары туралы балалар көпшілігіне түсінікті тілмен, қызықты етіп жеткізіп беру керек делінді.

Бұл айтылған ұсыныстарды ақын-жазушылар қуанышпен қарсы алды. Келешекте «Октябрь балалары» газетімен тығыз байланыс жасап тұрмақ болды.

Октябрь балалары»

1939 ж. 12 июль, № 50.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз