Өлең, жыр, ақындар

2021 жыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылды Тәуелсіздіктің 30 жылдығы ретінде жариялады.

«Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысында 2021 жылды Тәуелсіздіктің 30 жылдығы деп жариялау туралы шешімімді айттым. Бұл өткен жолымызды зерделеуге жақсы мүмкіндік. Мерейтой саяси-экономикалық реформалар, цифрландыру, балалар мен мүгедектердің құқығын қорғау, экология мәселесін шешу аясында өтеді», - деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тәуелсіздік – кез келген халықтың ең үлкен құндылығы. Өйткені тәуелсіздік жоқ жерде еркін даму мүмкін емес. Тәуелсіздікті қадірлеу, оны бағалай білу, сақтай білу – баршамыздың басты парызымыз. Былтыр тәуелсіздік күнін ауыр жағдайда қарсы алдық. Коронавирус індеті бізге ғана емес, бүкіл адамзатқа үлкен шығын әкелді. Дегенмен пандемия кезіндегі қиындықтарға қарамастан ел қамбасы астыққа толды. Жаңа жолдар салынды, тұрғын үйлер мен инфрақұрылымдық нысандар бой көтерді. Бір сөзбен айтқанда, тіршілік тоқтап қалған жоқ. Өмір өз ағысымен жалғасып жатыр. Биыл диқандарымыз 20 миллион тонна бидай жинады. Бұл ішкі сұранысты қамтамасыз етуге, сондай-ақ шетелге экспорттауға да жетеді. 10 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. 2600 шақырым тас жол пайдалануға берілді. Еліміздің 10  миллионға жуық тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізді. Цифрландыру барысында жүздеген ауыл интернетке қосылды.

Президент Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияны құру туралы Жарлыққа қол қойды. Комиссия құрамы белгілі мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, саяси партиялар мен үкіметтік емес сектор өкілдерінен тұрады. Мемлекеттік комиссия төрағасы – ел Президенті. Тәуелсіздің күніне арналған мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде:

«Біз қастерлі Тәуелсіздіктің отыз жылдығына қадам басамыз. Бұл – баршамызға ортақ өнегелі өлшем, тағылымды кезең. Жаңа мемлекет құруға атсалысқан бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің тарихи шежіресі. Сондықтан, мен келесі жылды «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп жарияладым. Өткен әрбір он жылдық атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр.Алғашқы он жылдық егемен Қазақстанның өз дербестігін қалыптастыру кезеңі болды. Екінші он жылдықта еліміз тұғырын нықтап, керегесін кеңейтіп, іргесін бекітті.  Үшінші он жылдықта мемлекетіміз шын мәнінде кемеліне келіп, әлемдік саясаттың төріне озды. Алдағы төртінші он жылдықта бізді жаңа міндеттер күтіп тұр.»-деді Қасым-Жомарт Тоқаев

У.М.Джолдыбаева Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті

Еркенова А.К. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің шығыстану факультетінің 1 курс студенті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз