Өлең, жыр, ақындар

Мәңгілік ел

Мәңгілік елдің мәңгілік нышандары

Тәуелсіздік...Мәңгілік ел...Ұлан-ғайыр атырап, маңғаз дала, осы бір шеті мен шегі ұласып жатқан, қыраным көгімде құлашын кең жазар байтақ өлке... Тарих диірменін айналдырып көрер болсақ, азаттықтың ақ таңын аңсап, қанша қан мен тер төгілді, қаншама еңбек атқарылды?! Қайтпас қайсар халқым тәуелсіздік жолында аянбай күресті.Қазақ халқы елдің елдігін сақтап қалу мақсатында мәңгілікке ұмтылды.Соның нәтижесінде өткен қиын-қыстау күннің жеңісі мен бүгінгі бейбіт күннің белгісі деп Мемлекеттік рәміздерімді айта аламын.

Егеммендікке қол жеткізген соң, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы айшықталды. Көгімізде мәңгі желбірейтін аспан түстес көк Туымыз-бейбіт өмірдің нышаны. Қалықтай ұшқан қыран-еркіндікті аңсаған қазақ елінің символы. Шұғыласын шашқан алтын күн мен ою-өрнегі талай белесті бағындырған өмір өрнегінен көрініс беріп тұрғандай. Қазақ елінің даңқын асқақтатар, мәртебесін көтерер көк Туымыз төрткүл дүниенің төінде желбіреуін қалаймын. Елтаңбада бейнеленген еліміздің бостандығын айқындайтын алтын қанатты қос пырақ, биіктікті көздеген жұлдыз, молшылықты танытар алтын дән, бірнеше ұлттың ортақ мекеніне айналған қазақ елінің бірлігін бейнелер биік шаңырақ-осының барлығы тұғырлы Қазақстанның мәртебесін асқақтатады. Шыңырақтың оң жағы мен сол жағында қанатты тұлпар орналасқан. Тұлпар – дала дүлдiлi, жеңiске деген жасымас жiгердiң , қажымас қайраттың, тәуелсiздiкке, бостандыққа ұмтылған құлшыныстың бейнесi, ұшқыр арманның, асыл мұраттың, жақсылыққа құштарлықтың кейпi. Аталған нышандардың үндестігін танып, үйлесімін табу асқан шеберлік пен тапқырлық деп білемін. Мәңгілік елді аңсаған қазақ “атойлап” ұран салды. Өткен күнде ата-бабаларымыз “Алаш” деп, ел намысын көтеріп ұран етсе, бүгінгі таңда ел ертеңінің жүрек дүрсілі “Менің елім” деп соғады. Сол бір дүрсілді сезіну үшін алақанымыздың жүрек тұсына қойылуы және Әнұранға деген ерекше құрмет өр намысты халықтың рухын одан әрі көтеріп, махаббатын оятып, ел ертеңі үшін жауапкершілікті сезіндіреді. Осы бір әуезді әуен әрқайсымыздың жүрек лүпілімізді арттырып, патриоттық сезімге бөлейтін әр қазақтың мәңгілік бойтұмары деп білемін. Себебі халықтың тарихы, байлығы мен еркіндігі, ата-бабаларымыздың аңсаған арманы, талай батырларымыз білектің күші, найзаның ұшымен қорғаған, жан алысып, жан берісіп жеткен асыл мұраты, бәрі -бәрі осы әнұранымызбен шырқалады.   Негізі нық қаланған елдің кетігін тауып, кірпіші болып қалану жолында “гүлі болып егілу, жыры болып төгілу”-біздің  мақсатымыз!

Өткен күннің негізгі мақсаты болып, бүгінгі таңда асыл мұрамызға айналған Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу- біздің борышымыз. Азаттықтың ақ таңы астында сан жеңістің жемісі болып қөрінер мәңгілік нышандары- мызды көздің қарашығындай қорғап, сақтауымыз керек. Тұғыры биік, тәуелсіздігі берік Қазақстанның Туы көк аспанда желбіреп, Әнұран үні шартарапқа қалықтағай!

У.М.Джолдыбаева Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті

Мәдениетова.Б,Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің шығыстану факультетінің 1 курс студенті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз