Бүгінгі күннің, қазіргі жаһандану дәуірінің, басты талабы – өркениетті қоғамға ілесе алатын ұрпақ тәрбиелеу. Әлем елдерімен қабырғасын теңестіруді меже етіп отырған елдің білімді жастары тәуелсіздікті нығайтады, ұлттық тәрбиемен сусындаған ұрпақ болашақты гүлдендіреді деген сенім мақсатымызға айналып отырғандай. Ал, оған қол жеткізудің алғы шарттарының бірі – ұлттық тәрбиеге арқа сүйеу.
Баланың тәрбиесіне ықпал ететін негізгі төрт нәрсе бар: отбасы мен өскен ортасы, балабақша, мектебі мен достары. Міне, бұлар үйлесім тауып, адам тәрбиесіне сергек қараса, ұлтқа қауіп төнбес еді. Кез келген ұлттың ұлт болып қалыптасып дамуы үшін оның ұлттық санасы, ұлттық құндылығы болуы керек. Сондықтан ұрпағымыздың ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, ел қамын ойлайтын азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық тәрбиені бойына дарытуда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мына бір ұлағатты сөзі бағдаршам болмақ: «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намыс болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып, көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа».
Қазақ халқы қай уақытта болмасын, ұрпақ тәрбиесін ұлттың болашағы деп білген. «Анаға қарап қыз өсер, әкеге карап ұл өсер» демекші, бала тәрбиесіне сонау заманнан бері аса көңіл бөлген. Билер ұлағаты арқылы ұлттық тәрбиеге мән беру – сіз бен біздің қоғам алдындағы парызымыз. «Тәрбие» сөзі араб тілінен аударғанда, «көктету, өсіру, жетілдіру» деген ұғымды береді. Яғни, сәбидің болашағы осы алған тәрбиесіне тікелей қатысты болары хақ. Дана қазақ ұрпаққа тәрбие беру жолында еш аянып қалған емес. Ең алдымен, дүниеге қыз келсін, ұл келсін, қуана қарсы алып, сол шаттығымен жақындарын шақырып, ақ дастархан жайып бөліскен. Бала мен ананы зиянды күштерден, жаман адамдардан, жын-шайтаннан қорғауды және сәбидің дені сау болып өсуі мен дамуы үшін жағдай жасауды мақсат тұтатын салт-дәстүрлерге үлкен мән берілді.
Әкеге қарап ұл өсер...
Халқымыз ұл баланың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Қай халықта да ұл бала тәрбиесі – әке меншігінде. «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дей отырып, қазақ отбасында әкелер өзінің білетін бар өнерін ұрпағына үйретіп, оларды мерген, аңшы, яғни «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт етіп тәрбиелеген. Бала ес білгеннен бастап, оның құлағына «сен ертеңгі шаңырақ иесісің, болашақ әкесің, арқа сүйер жарсың, отбасының асыраушысысың, сондықтан да жаманнан жирен, жақсыдан үйрен» деген сөздерді құйып отырған. «Ер баланы алты жасқа дейін хандай көтер, сыйла. Алты жастан он алты жасқа дейін құлша жұмса. Он алты жасқа толғасын досыңдай сырлас, сыйлас» деген қазақтың ұлттық таным-түсінігі бар. Ер баланың тәрбиесін неден бастауымыз керек? Бала кезінде ұлдың жұмысы, қыздың шаруасы деп бөлген дұрыс емес. Ата-анасына көмектескісі келсе, қолын қақпау керек. Бала әкені сенімді дос ретінде санайтын болсын. Үлгі тұтатын әке болсаңыз, бала сізге адал дос, қолдаушы болады. Ұл бала ерлерге тән ойлау жүйесін, жігіттік болмыс-бітім, мінез-құлықты бойына қайдан сіңіреді? Қыздардың – анасына, ұлдардың – әкесіне еліктейтіні анық. Ұл бала әкесіне ұқсас болғанын қалайды. Ұл үшін әкесінен асып түсер мықты адам жоқ: ол көлік айдайды, ауыр заттарды оп-оңай көтереді, ештеңеден қорықпайды. Қазақта үстелдің төрінде әкенің тұрақты орны бар, оған басқа ешкім отырмайды. Балалары әкесі наннан ауыз тигеннен соң тамақтануға кіріседі, сосын әкелерінің ас қайыруынан соң ғана орындарынан тұрады. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы ұл баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы. Қазақта біреудің баласы жақсы азамат болса: «Оның әкесі немесе атасы жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой» деп мақтайды. Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз.
Қызын қырық үйден тыйған халық
Тәрбиесіз бала білім ұғар ма
– Олай болса, уысыңнан шығарма.
Ұл мен қызын шолжаңдатса бетімен,
Тартар күйік, ет кескендей етінен.
Бұл қанатты сөздерді Жүсіп Баласағұн ХІ ғасырда айтып кеткен. Қыз әуелде ана бауырында, отбасы тәрбиесінде болады. Оған ұлдан өзгеше тәрбие береді. Қыз тәрбиесінде білікті аналар қыздарын бір тізерлеп отыру, қалай болса, солай отырып-тұрмау; үнемі сіз-біз деп сөйлеу, тасыр мінез, кеселді сөзден аулақ болу; кісі бетіне, әсіресе, ер адамдардың бетіне қылымсып немесе тіке қарамау, тамақты ауыз толтыра асап, былшылдатып, шалпылдата шайнамау; ыдыс-аяқты жуғанда, жиғанда, сылдырлатпау; үлкен адамдар келгенде тұрып жол беру, аман-сәлем жасау; «шеше тұрып, қыз сөйлегеннен без» дейтін халық даналығын сақтау; көпшілік ортасында жыртақтап күлмеу, арын сақтау, ата-ананың рұқсатынсыз жөнсіз қыдырмау сияқты істерден егжей-тегжейлі тәрбие жүргізеді. Қазақ халқы қыздарын «үйдің құты, ауылдың көркі, береке-бірлік пен татулықтың ұйытқысы» деп ерекше құрметтеп, аялап, ардақтаудың арқасында, қазақ халқында ақыл-парасатымен ел билеп, ру-тайпа басқарған көсем, шешен, би, ел-жұрты аттарын қадір тұтқан қасиетті, аналарымыз көп болған. Мысалы, Айша Бибі, Баба әже, Домалақ Ана, Қызай ана, Абақ, Мұрын аналар... Қазақ халқының тәрбиесі қыздарды арлы болып, адамгершілігін биік ұстауға; өнерлі іскер болып, ар-абыройын таза ұстауға баулиды. Ерлерді қадірлеуге, құрметтеуге, отбасының ұйтқысы, перзенттерінің тәрбиешісі, ұстазы болып, адамдық арына дақ түсірмейтін өнегелі, үлгі-тағылымды адам болып есеюге баулиды.
Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тәрбиесі, сондықтан қазақ өз баласын тәртіпті, кішіпейіл, білімді, шебер, еңбекқор, келешекте үлгілі отбасы иесі болғанын қалап тәрбиелеген. Өйткені ұлтымыздың болашағы – тәрбиелі ұрпақтың қолында.
"Тұран" университетінің журналистика мамандығының 2курс студенті Шарапиева Рысалды
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі