Өлең, жыр, ақындар

Құрбанәлінің құдіреті

2003 жылдың қысы еді. Серікбай бәрімізге сыйлық әкеліпті. Әкемді құндыз құлақшын, шешемді қымбат шарқат, Сәуле екеумізді жаңа жылдық сыйлықтармен жарылқап тастады. Университетті былтыр бітірген жас жігіттің мына ісіне әсіресе, әкем риза. Анам да қуанышты. Бірақ бет-жүзіне анықтап қарасаң Серікбайға әлі сенбей отырған күмәннің табын аңғаруға болатындай.

Жәй күндері де балаша аңқылдап жүретін әкем бұл жолы тіптен қопаңдап қалды. Әлсін-әлсін орнынан ытқып көтеріліп, ас үй жаққа қарап:

— Гүлсім, шәйіңді әкеле бересің ау, — деп қояды.

Бір-екі сағат бұрын ғана бесеуміз етке тойып алғанбыз. Енді соның шөлі шыдатпай барады. Серікбай аса көп сөйлемейтін, мүлде үнсіз де қалмайтын, өз орнын білетін сарабдал адамға айналыпты. Әкем әңгімелей бастаса сөзін бөлмей, ерінбей тыңдайды. Өзіне кезек тигенде тым асығып та кетпей, баяулап та қалмай әр сөйлемін байыптап, құлақ құрышын қандырады екен. Қап-қара шашын жарасымды етіп қиып, үстіне ықшам жемпір мен қалалықтарша джинсы шалбар киіпті.

Келгелі бері әңгіме оқу тарабында өрбіген. Әкем үлкен жақта жүрсің ғой деп Серікбайдан білім саласы жаңалықтарын сұрағыштайды. «Мыналар да өсіп қалды», — деп бізді меңзеп, университет талаптарын да білгісі келеді. Серікбай әкемнің меселін қайтармай, барлық сауалға жауап тауып отыр. Әрі онысы құрғақ пайымдау емес, кәдімгідей тұшымды, маңызды дүниелер болып шығады. Бұл әңгіме қарындасым Сәулеге аса қызық емес. Биыл төртіншіні бітірген үйдің еркесі арагідік өзімен өзі болып шығып кетеді де, сосын оңаша бөлмеде іші пыса ма, қайта бізге келеді. Серікбайдың білім саласы туралы терең әңгімесін түсініп отырған адамша етпеттеп жатқан күйі екі жағын таянып тастап тыңдайды. Серікбайдың әңгімесін қимаған күйі сыртқа шығып, бір құшақ отын алып келгенмін. Дереу үсті-басымды қаққыштап, қалың әрі ебедейсіз күртешемді шешпестен әкемнің қасына жантая кеттім. Анам сырттан бір шелек көмір алып кірді. Онымен бірге жалма-жан ащы аяз да бірге еніп, бәріміз бір-бір тітіркеніп алдық. Дәлізден ошақтың темір есігінің ыңырсып ашылғаны, шелектегі көмірдің гүрсілдей қотарылғаны, түс әлетінен қалған шоқтың қызуы әлі тарқамай, жаңа салынған қаражыраны лапылдатып ала жөнелгені, бәрі естіліп жатыр. Мен үстімдегі жылудан ажырағым келмеді ме, сырт киімімді шешпеген күйі Серікбайды мұқият тыңдауға кіріскенмін:

— Сабақ қиын, мұғалімдер талапшыл екен. Семестр соңында ең төменгі баға алдым. Менен басқасы шығандап алға кеткен. Декан өзі шақырды. Үлгерімің нашар, оқудан шығарамыз десін. Сол жерде шырылдайын кеп, — дейді Серікбай езуіне күлкі үйіріліп.

Оның оқиғаны күле отырып баяндауына қарап, бәрі сәтті аяқталғанын сезіп отырмын. Керісінше, аңқаулау әкемнің көз қарашығы үлкейіп, әлгі деканнан Серікбайдан бетер сескеніп қалғандай.

— Апырым-ай, ә? Нағыз сұмырай деші онда, ә? — деді сары мейізді асықпай шайнап отырып.

— Қиылып жүріп, оқуда қалдым. Содан бастап қызық қуған, сыра ішкен достардың біріне де қосылмадым. «Көз майыңды тауысқанда профессор атанасың ба? Жүр бізбен», — дейді олар. Өз-өзімді әрең тежеп қала беремін. Сөйтіп, күресіп жүріп, бүкіл кітаптың сырын біліп алдым. Тіпті ұстаздармен еркін пікірлесіп, кейде олардың ойын теріске шығарамын. Қазір декан мені қасынан тастамайды. «Осында қал, мұғалім бол, ғылыми дәреже ал!» — деп отыр.

— Апырым-ай?! Әділ адам екен, ә! — дейді әкем шынтағындағы жастықты қопсыта қайта салып, қайта жантайып. Көзін Серікбайдан айырмайды.

От-ошағын ыңғайлап келген шешем де ара-тұра әңгімеге кіріседі. Бастапқыда оқу жайын, қала жайын сұраған болады да, сосын өзін қызықтырып бара жатқан құлқынындағы сұраққа көшеді.

— Әкең қалай? Қалалық болып кетті ме, кәдімгідей? — деді көзін ойнатып. Мұнысы: «Әкең шынымен адам болып кетті ме?» — дегендей естілді.

Әкесі туралы сұрағанда Серікбай аз аялдап, абыржып қалған. Қайткенмен қала көрген, төселген бала емес пе, бойын тез жиып, бір жөткірініп алды. Әйелінің жымысқы сұрағын көркемдемек болған әкем де әңгімеге араласып:

— Е-е, Құрбанәлі ауылды сағынбады ма? — деп күліп, құрдасын есіне түсіргеніне қуанып қалған.

— Ауылды сағынбаса да, сені сағынған шығар, — деп шешем «шашақты найзасымен» тағы бір түйреп өтті.

Серікбай шешемнің сөзін елемегендей, әкесі туралы әңгімені іле-шала бастап кеткен.

— Ол кісі қазір екі жұмыс істейді, — деді ол әкем мен шешеме кезек қарап.

— Күндіз — банкте күзетші. Кешке — компьютер жөндейді. «Ал бұған не айтасыздар?» — дегендей Серікбай әкем мен шешеме тағы да кезек көз тастады. Әкем жымиысын жасырмай, риза кейіп танытып отыр. Ал шешем аң-таң:

— Күзетшісі түсінікті ғой, компьютер жөндейтінін қалай түсінеміз? — деді шешем бәріміздің көкейіміздегі сұрақты дөп басып.

— Ол өзі қызық әңгіме, — деп Серікбай әкесінің Алматыға барғалы қалай өзгергенін бүге-шігесіз баяндауға кіріскен. Жаңа әңгіменің тынысы ашылып, тиегі ағытылған соң дастарханның әзір жиналмайтынын бағамдап үлгердік. Шешем шайды қайта қайнатып әкелді. Әкем молдасын құрып, ыңғайланып отырды. Бала болсам да мен де дастарханға сұғына жақындап, құлағымды тостым.

Құрбанәлі көкені ауылда жақсы көріп, жақын тартатындар тым-тым аз еді. Сыртынан көрсе суқаны сүймей теріс айналады. Үйіне келсе тезірек шығарып жіберуге тырысады. Араққа сылқия тойып, салы суға кетіп жүрген адамды сірә, кім жақсы көруші еді. Былай қарасаң, ауылдағы еркектердің бұл көкемнен жерініп, сыртқа тебетіндей еш жөні жоқ. Өздерінің де арақпен араздасқандары кеше ғана. Онда да ара-тұра мейрам-тойларда бір-екі бөтелке сыра ішіп, коньяк қақпағын кертіп ашып қояды. Былайғы мезетте өздерін арақ қойған, адал еңбек етуші жандардың қатарына қосады. Тек Құрбанәлі ғана ащы суды сілтеу мерзімін біршама ұзартып жүріп алды. Ертерек қойғандар өздерінше кергіп қарайды. Құдды өмірі татып алмаған адамша. Құдды мешітпен кіндігі байланып туған адамша. Кешегі күнге дейін көшенің анау басынан: «Көк өріктің дегенде-е-е-е көк өрікті-і-і-і-ң», — деп өңешін жырта айғайлап, бүкіл ауылдың шырқын бұзатын Сәлімгерей молда болған соң, не дерсіз. Бастауыш сынып оқып жүргенде Сәлімгерейдің масайраған дәуренінің шет жағасын мен де көріп қалғам. Содан ба жұма сайын мешітте уағыз айтқан, не құдайы тамақ үстінде елді иманға шақырғанын естісем, қарадай ұялып, өне бойымды арсыз күлкі қысып әрең шыдаймын. Мен ғана емес, бүкіл ауыл сондай сезімді бастан өткеретін шығар, сірә.

Қатарлары адам болып кетсе де, Құрбанәлі көкем қимас досынан ажырай алмай біраз думандатты. Әйелі Айсара қыңқ демейді. Ішкіштігіне еті, айғайына құлағы үйренген. Құрбанәліні анадан арақ ішіп алақайлап туған адамдай қабылдап жүре берген. Әшейінде, мас кісінің отбасынан береке қашып, балалары жылап-сықтап, әйелі шаң-шұң етіп жатпаушы ма еді. Ондай үйдің жарығы ерте сөніп, қазаны көтерілмей, оты жағылмай қалмаушы ма еді. Жоқ, бұл шаңырақтан ондайды көрмейсіз.

Көк тракторымен таңертеңнен түске дейін елдің отын-шөбін тасыған Құрекең түс ауа көк контейнердің ішінде тракторшылармен бірге түстенеді. Түскі ас соңы міндетті түрде «мөлдір сумен» тұздықталады. Орталарындағы кішісі дүкеннен бір банкі қияр әкеледі. Бітті. Осыдан соң дүниенің рахаты басталады. Басқалардан көш ілгері ішкен Құрекең бірден масайып, мынау жер беті көкорай шалғынға оранып, сән-салтанаты келіскен иран бағында жүргендей күй кешіп сала береді. Әндетіп ана үйдің есігін бір қағады. Мына үйдің төріне кіріп барады. Кірген үйіне: «Құй!» — дейді. Сыйлағандары құяды. Бұл қағып салады. Енді қисалаңдап ауылдың мына басына шығады. «Тағы да құй!» — дейді. Қыс болса таяп қалды, бір қажетке жарар деп ойлаған үй иесі мелдектете құяды. Осылай үй аралап жүріп-ақ Құрбанәлі бүкіл ауылды адақтап үлгереді. Кешке қарай ән салып отының басына әрең жетеді. Бұл ішіп келді ау деп елеңдеп, түрлері үрпиіскен не бала жоқ, қабағы түксиген не әйел жоқ, бәрі жаймашуақ. Құдды Құрбанәлі араққа тойып алып емес, ауыл шаруашылығы министрінің қолынан грамота алып кеп тұрғандай қарсы алысады. Құрекең де қу:

— Бүгін бес тележка отын тасыдым! — дейді әйеліне масаттана қарап. Екі аяғы тәлтіректеп, буынынан әл кетіп теңселіп тұрып.

— Жарапсың, — дейді Айсара жымиып. — Бес тележка отын тасып, үш тележка арақ ішіп келдің бе?

— Ту-у-у-ух, сенде, — деп Құрбанәлі көздерін тарс жұмып, әлдене айтуға оқтала қиралаңдап ортаңғы бөлмеге кіреді. Алдынан кіші қызы шыға келгенде не айтқысы келгенін тарс ұмытып, өбектей береді. Сосын қызын құшақтап бірге омақаса құлайды. Ондайда ескі тамның кәрі едені сықыр етіп, сыр беріп қояды. Бөбек Гүлайша әкем мені еркелетіп ойнатып жатыр дей ме, сықылықтап күледі.

— Серікбай, сен отынды тағы бір салып жіберші, Таңатқан сен көрпе жай, әкеңе шәй берейік, — деп Айсара тиісті тапсырмасын үлестірген соң-ақ үй іші ырду-дырду іске кірісіп, әркім өз шаруасымен әлектеніп кете барады. Біраздан соң мынадай тату-дүрмектен ұяла ма, әлде шынымен сауыға ма, шашын қайта-қайта сипалап, жан-жағына салмақтана көз тастап Құрбанәлі отырады.

— Ойпырым-ай, жаңа мен не айттым? Сендерге айғайламадым ба, әйтеуір? Мен қашан келдім үйге? — деп абдырап сасып сөйлеп, әйелі ұсынған тамақты ашқарақтана ішуге кіріседі.

Күнде солай. Бұл қалыптан айнып көрген емес. Үлкен ұлы Серікбай жақсы оқып, облыстық жарыстардан жүлде алып келе бастағанда да Құрбанәлі арағын қоймаған. Ұлының жетістігін айтып, мақтанып, үй-үйді аралап кететін. «Ұлым жеңді», — деп отырған соң ауылдастар риза болып, құттықтап, жуып берген болысады. Бірақ мынадай аста-төк дастархан қашанғы жалғаса берсін. Жұрттың Құрбанәліден де басқа қонағы бар, келім-кетім жұмысы бар. Бара-бара біразы «айналайын арырақ жүр» деп қаттырақ айтыпты. Бірі сыпайылап түсіндіріпті. Бірі көре көзге менсінбепті. Көшеде кездессе тіл қатыспайды. Әйелінің де намысына тие сөйлеп: «Байың қашан адам болады?» — деп көсемсиді. Мектепте мұғалім болып істейтін Айсара біреуге пәлен деп жауап айтуға тіпті де құлықты емес. Банк мұны әурелемей-ақ жалақысын өзі-ақ несиеге ұстап қалады. Сосын Құрбанәлінің араққа жұмсаған шығынынан артылған қаржыға бет-әлпетін жұтындырып бояп, сәнді көйлегін киініп, әтірін себініп, кербездене басып жүреді де қояды.

Мектептегі мұғалім әйелдер, беріректегі көршілер, орта жолдағы дүкеншілер Құрбанәліні сыртынан жамандап, теріс қылықтарын тізбелей жөнелгенде де бір ашуланбайды ау.

Рас, Құрекең ашы судан сілтеп алған соң біреуге сөзі қаттырақ тиеді, біреуге қолы қаттырақ батады. Әйтеуір, өзін жамандатуға себеп тауып алатын да жүретін. Бірде тракторын құтырта айдап Алтынбайдың овчарка итін басып кетіпті. Бірде арақ бермедің деп Шәмілдің дүкенінің терезесін қиратып салған. Енді бірде сөздің сәнін келтіріп тұрып балағаттайды. Әсіресе, ұятты сөздерге ерекше екпін түсіріп құлаққа аса әсерлі жеткізгенде: «Әй, боқтасаң Құрбан құсап боқташы», — дей жаздайсың. Осыншама жаман қасиеті болса да, бір жақсы қылығы бар. Оны көбіне өзі айтып, өзі дәріптеп отырады.

— Мен қанша ішсем де құспаймын, — дейді ол төрт сөздің басын әрең құрап сөйлеп. Бұл: «Мен тындым. Үйге апарыңдар» дегені. Содан қасында кім отырса да, «құспаймын» дегенін естісе Құрекеңді қолтықтап, үйіне жеткізіп салуға асығады.

Осылай-осылай Құрбанәліден бүкіл ауыл теріс айналғанда, жанашырлық танытқан, алқашсың деп арына тимеген, үйінің төрін ұсынған бір адам болса, ол менің әкем еді. Анау жерден көрсе «О, Құрбаш»* деп шақырып алатын. Әкемнің түк те жек көрмейтінін, керісінше қашан көрсе де қолқалап өзі шақырып алатынын білетін Құрекең, бізге қарай қисаң-қисаң етіп құстай ұшады.

Көбіне Құрбанәлі әкемнен ақша сұрайды. Онысын «Серікбай ауданға жарысқа барғалы жатыр», «Айсараның қысқы етігі жыртылып тұр еді» деген сылтаулармен өрнектеп, әспеттейді. Әкем қалтасынан ақша шығара бастағаннан-ақ шешемнің көзі аларып, түрі бұзылып сала береді. Бірақ өзіне ғана жарасымды әппақ көңілі бар әкем, құрдасының өтінішін жерге тастамай, қолына азды-көпті ақша ұстататын. Үйде қонаққа деп алып қойған бөтелкені де желкесінен көтеріп әкеліп Құрекеңнің алдына қояды.

— Құрбанәлінің жолында құрбан болатын болдың ғой, түге, — деп шешем күбірлеп сөйлеп жақтырмай отыратын. Әкем шешеме тәйт деп дауыс көтерген адам емес. Жымиып отыра береді. Құрекеңнің әңгімесін мейірлене тыңдайды.

— Құрбанәлі құр ішіп жүрген жоқ, құрдас! — дейді құдайы қонағымыз дүңк еткізіп. — Балдарымнан бірнәрсе шығады-ей... Ертең солар асырайды ғой. Анау Серікбай... иттің баласы... барып бірдеңе ұтып келіп жүр. Оқим дейді... иттің баласы, — дейді риза болып. Сөйтеді де жұдырықтай стакандағы мөлдір суды құшырлана тартып салады. Іле таба нанның бір бөлігін мұрнына апарады. Тұщынып, көзін жұмып біраз отырады да, шетінен сындырып тістеп, әңгімесін қайта жалғайтын.

Әкемнің көзін ала бере Құрбанәліні шешем талай қуып шықпақ болған. Бірақ онысынан түк те өнбеді.

— Сайлаааау, мына қатының кет деп жатыр, — деп айғайға басады аяғын бәтеңкесінің бір сыңарына сұғып тұрып.

Әкем төргі бөлмеде бір шаруаға айналып қалса керек. Мына сөзді естіп тұра жүгіреді. Құдды басына қонғалы тұрған бақ құсын шешем көпе-көрнеу үркітіп жатқан адамша алаңдап, Құрбанәліні алып қалу үшін жанталасады.

— Ойбай, құрдас үйге кір, қазір шәй ішеміз.

— Иә, құрдасың шәй ішіп қарық қылар, — дейді шешем де күңк етіп.

— Ойбай-ау, Гүлсімжан, Құрбаш өзі көптен бері келіп тұр емес пе, — деп әкем шешеме жалтақ-жалтақ қарайды.

— Екі күн көріспей қалсаңдар — шекелерің тырысады ғой, — деп шешем енді біртіндеп қабағын жазып, дастарханның қамына кірісетін.

Бұл көрініске де әбден үйреніп алғанбыз. Қонақ басында түзу сөйлеп, ауылға, шаруашылыққа қатысты шаруаларды айтып отырады. Кейін қыза-қыза кедір-бұдыр жолмен жүрген көліктей сөздерін шатып-бұтып, әңгімесінің берекесі қашатын. Әкем сонда да: «Болды енді, үйіңе қайт», — демейтін. Сірә, құрдасының көңілін қалдырғысы келмейді. Кей-кейде шешем:

— Сайлау, ертең жұмыс қой. Ерте тұрасың, — деп «мына алқаштан құтылайық» дегенді емеурінмен аңғартатын.

Сонда барып әкем есін жиып, жастығын екі қапталына кезек ауыстырып, әбігерге түседі. Шынымен, ол таң азанмен ерте тұрып әкімдікке асығатын. Өзі бухгалтер, өзі орынбасар. Әкім — бір шыдамсыз, күйгелек адам. Сондай берекесіз адаммен тіл табысып жұмыс істеп жүргені де жайлы мінезінен болса керек.

Сөйтіп, күллі ауылды әлекке салған Құрбанәлі екі жылдың алдында барша адамды айран-асыр қылып, Алматыға тартып отырған. «Серікбайымнан бірдеңе шығады... иттің баласы», — деп отыратын сөзі айнымай келген. Қатарынан оза шапқан Серікбай екінші курсты бітірген кезде ғылыми жобамен республикалық байқаудың грантын иеленіп, миллион ақшаға кенелген ғой. Әрі осыншама қаржыны бір жыл бойы ай сайын беріп тұрады екен. Осыны ескерген пысық жігіт, Алматының шет жағынан арзандау жер алып, стипендиясы мен жұмысының ақшасын құйып, оған әлгі гранттың миллионын қосып, үйдің іргетасын көтеріп, бірер жылда бітіріп алыпты. Кейін ойланбастан отбасын көшірген. Жүк тиеп жатқанда бүкіл ауыл жиылып, шығарып салды. Сонда Құрбанәлі өзін құшақтаған адамдарды бауырына қаттырақ қысып, көзіне іркілген жасты байқатпауға тырысып жүрген еді.

Сәлімгерейдің кемпірі Айнаштың:

— Әр ауылдың бір тентегі болушы еді. Біздің тентек те арамыздан кетті ау, — деп кемсеңдегені. Молда күйеуінің:

— Сабыр қатын, сабыр. Әр нәрсенің қайыры бар, — деп жұбатқаны есімде қалыпты.

Серікбай қалаға барысымен: «Әке, лажы болса енді ішпей-ақ қойыңыз. Алматы ауылдағыдай еркелікті көтермейді», — деп турасын айтыпты. Осынша жасқа келіп баласынан сөз естігені ауырлау тиді ме, әлде шынымен-ақ миына бірдеңе жетті ме, Құрекең бір-ақ күнде ащы сумен қоштасыпты.

Ептеп ұлының су жаңа көлігімен таксист болып жұмыс істей бастаған. Бір күні тура ауылдағыдай құтырта айдап, Алматының қақ ортасында жол апатына түспей ме Құрекең. Ес-түссіз, қан-сөлсіз ауруханаға жеткізілген. Мынаны көріп Серікбайдан ес кеткен. Айсарадан түр қашқан. Күйеуге тигелі дәл бұлай сары уайымға салынып, одан айырылып қаламын ау деп өмірі ойламаған да екен. Құрекең сол жатқаннан тура он күн ес-түссіз жатыпты. Дәрігерлер жасанды тыныс алдыру аппаратына қосқан. Күн сайын Серікбай, одан кейін кезекпен інісі Таңатқан, қарындасы Гүлайша, сосын Айсара келіп күзетеді. Қатты күйзелген Айсара түн баласы көз ілмей, қақиып отырады да қояды. «Бүкіл өмірің арақ ішіп, әркімнің есігін қағумен өткені ме сонда», — деп қамығады. Жоқ, тіпті де олай емес екен. Оныншы тәулік тәмам деген түні таң қылаң бере Құрбанәлі жарқ еткізіп көзін ашқан.

— Жесткий диск істемей тұр ғой! — деген дауыс саңқ ете қалған кезде енді көзі іліне берген келіншек оқыс селк етіп, дауыс иесін есік жақтан іздеп әбден сасқалақтаған. Есік тарс жабық. Артқа бұрылса тесірейе қарап Құрбанәлі жатыр дейді.

— Ойбай-ау, жаным ау, ояндың ба, — деп өбектеп жатса Құрекең тіпті де селт етпейтін көрінеді.

— Әр ноутбукқа арналған бөлек драйвер болады, установкасын сол арқылы істеу керек. Егер ноутбук жесткий дискті танымай қалса, онда винчестер зақымданған деген сөз, — деп түсініксіз тілде сөйлейді ай келіп.

Күйеуінің аузынан осыншама бейтаныс сөздерді бұған дейін естімеген Айсара шырқырап жылап, дәрігер шақырыпты. Сірә, Құрекеңнің есі ауысып кетті деп ойлаған. Түн ортасы екеніне қарамай Серікбайға хабарласқан. Бәрі аң-таң. Өмір бойы трактор айдап, қалған өмірін қалағанынша ішіп өткізген Құрбанәлінің компьютер тілінде сайрап қоя бергенін ешкім түсіне алмаған. Компьютердің техникалық жабдықталуы, оған орнатылатын бағдарламалар, IT жаңалықтар, ағылшынша терминдер — Құрекең бәрін сайрап айта беріпті. «Кембридж» бітірген программист Кемелбектің өзі мұндай білімді емес қой» деп Серікбай ойға батады. Өзін ешкімнің түсінбей қойғанына Құрекең жатып кеп ренжиді. Кейін психолог маман келген соң ғана жұмбақтың шешімі табылғандай болды.

Айтуынша, кей адамдар ауыр жол апатына түскеннен кейін, осындай ғажайып қасиетке ие болады екен. Кейбіреулер бірнеше тіл біліп оянады. Енді біреулер ақын-жазушы болып кетеді. Құрбанәліге бұйырған қасиет — компьютердің тілін білетін маманның таланты. Әйтпесе, компьютер жөндемек тұрмақ өмірінде бір рет болсын ондай техниканың жанына жақындап көрген адам емес. Ауруханадан шыққаннан бастап Серікбайдың әкесі тапсырыс қабылдап, техника жөндей бастаған. Ноутбук, компьютердің ішін ашпай, аударып-төңкеріп көргеннен кейін-ақ диагнозын дәл айтатын. Қанша ішсе де асты-үстіне түсетін Айсара, мына құдіретке тәнті болып тіпті қолды-аяққа тұрмайтын, Құрбанәлі десе құлдық ете жөнелетін жанға айналған. Күйеуі де өзгерген. Баяғыдай салдыр-салақ, не болса соны айтып қарап отыра беретін желөкпе емес. Салмақты. Көзқарасы батыл. Клиентпен мұқият сөйлесіп, компьютердің ішкі-сыртқы құрылысын түгел ақтарып, қанша уақытта жөндейтінін, қанша ақшаға жөндейтінін түгел баян етеді. Айтқан уақытынан айнымайды. Кейде ашқұрсақ студенттерден ақша алмай, керісінше жеңгелеріңнің тамағын ішіп кетіңдер деп мырзасынады. Мұндай кезде Серікбайдың есіне менің әкем түсіп, көңілі елжіреп ауылды сағынады екен. Қазіргі келісі де сол сағыныштан туған.

Сол күні Серікбай түнге дейін қонақ болып, толысқан ай тура үйдің қақ алдына қонақтап, жұлдыздар жамыраған шақта сыртқа бір-ақ шықтық. Қонағымыз екі қолын екі жаққа жайып жіберіп, терең тыныс алды.

— Шіркін, ауылдың түтіні ай, қандай керемет, — деп тамсанды сосын.

— Құрекеңді, шешеңді, бауырларыңды алып ауылға кел. Жата-жастана әңгімелесейік, — деді әкем Серікбайдың арқасынан қағып.

Отбасыңды деп бір-ақ айта салмай, «Құрекеңді, шешеңді, бауырларыңды», — деп айтқанына қарап, әкем де оларды әбден сағынған ау деп ойладым.

— Банктегі жұмысынан жақында демалыс алады. Сол кезде келеміз, — деді ол жылы жымиып.

Мен де өзгерген Құрбанәліні көргім келіп, ынтыға түскендеймін. Серікбай осыдан соң көп аялдамай, тағы кіріп шығатын үйлерім бар еді деп, бәрімізбен жеке-жеке қоштасып, дарбазаға беттеді. Кетерде әкем екеуі жанаса сөйлесіп, бір-бірін тағы құшақтады. Көп өтпей көшенің анау басынан қарлыға айқайлаған дауыс естілді. Құр дауыс емес айғай екен.

— Қой, мынауың айғай емес, ән ғой, — деп тың-тыңдады әкем. Бәріміз құлақ түріп, тым-тырыс тұра қалдық. Иә, шынында да ән екен.

— Көк өріктің дегенде-е-е-е, көк өрікті-і-і-і-і-ң, — деп шырқайды әлгі дауыс. Аздап қарлыққан дауыс қара түнді тілгілеп, жаңғырып естіледі.

Көмір шелегін көтере шыққан шешем де мына дауысқа елеңдеп қалт тұра қалды.

— Ибай, мынау Сәлімгерейдің дауысы ғой, — деді сосын бетін шымшып. Бәріміз таңырқап, үнсіз қалдық.

— Молда Сәлімгерей ме? — дедім шыдай алмай. Басында аппақ сәлдесі, үстінде ақ шапаны бар Сәлім көкенің аяғын аннан-саннан бір басып ән айтып келе жатқанын елестеттім.

— Жарықтық шыдамапты ау, — деп күлді әкем.

Анадай жерде үйіліп жатқан көмірді қалақпен көсіп алып, шелекке толтыра салып жатқан шешем:

— Ол да бір жол апатына түсу керек шығар. Жұрттар сөйтіп адам болып кетіп жатыр ғой, — деп мырс етті.

Қарқылдап күле алмадық. Бірақ көкіректі тырналаған жымысқы, шымшыма күлкі өңешке тығылды ай келіп.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз