Биыл Қазақстан республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл!!! Иә, кеше ғана 91де тоталитарлық қызыл жүйенің ыдырауы – қазақ халқының екі жарым ғасырлық бодандығының аяқталуына алып келіп, әлем картасында жер көлемі бойынша 9-шы орын алатын Қазақстан деген ел пайда болып еді. Бұл жағы түсінікті. Әлі күнге дейін тәуелсіздікті қайтарып алғанымызды мақтанышпен айтып келеміз. Айта да береміз. Бірақ, екі жарым ғасыр бұрын тәуелсіздігімізден қалайша айырылып қалғанымыз жайлы ойланып көрдік пе?
Тарих жәй ғылым емес. Бұл әрбір мемлекеттің сабақ алар оқулығы, өткені, түрлі жеңістер мен жеңілістердің, тәжірибе мен қателіктердің жиынтығы. Өткен тарихынан сабақ ала білген ел ғана болашаққа нық қадам баспақ. Демек біздің де тарихымыздағы тәуелсіздіктен айырылуымыз – болашаққа сабақ аларлық оқиға.
XVIII ғасырда техникалық-ғылыми прогресс арқылы жедел дамып кеткен Еуропа елдері ғаламдық мұхитты әбден игеріп , сол жолдармен жүріп отырып әлем елдерін шетінен окупациялау істерін алға қойды. Англия Үндістан мен Оңтүстік Африканы, Солтүстік Америка құрлығын, Португалия Үндіқытай түбегін, Индонезияны, Бразилияны, Испания Латын Америкасын, Африканың бірнеше елдерін, Франция қазіргі Канаданы, көптеген мұхиттық аралдарды иеленді. Бұл құбылыс Ресей империясының да әлемді бөлісу ісіне бейқам еместігін дәлелдеді. Ресей басқа Еуропа елдеріне қарағанда теңізге шығу мүмкіндігі төмен еді. Сол себепті оның бар көздегені шығысындағы көсіліп жатқан қазақ даласы болды. Дегенмен, әскери өмірге машықтанған қазақ халқын отарлау оңай іс емес еді. Ал орыс отарлаушылары бұны жақсы түсінді. Көшпелі халық далада өсетін сексеуіл ағашына ұқсайды. Оны балтамен шабуға келмейді, сексеуілді сексеуілмен ұрсаң ғана сынады. Яғни, Ресей империясы Қазақ хандығымен шайқасып, әлсін-әлсін жеңіліп келе жатқан Жоңғар хандығына демеу көрсетпек болды. Ол үшін өтірік қашқын ретінде швед тұтқыны Ренат Густавты жіберді. Оның міндеті жоңғарларға зеңбірек, оқ-дәрі жасауды үйрету арқылы қазақтардан басым түсуіне көмек көрсету болды. Солай да болды.
Осылайша қазақ-жоңғар шайқастары шиеленісіп қазақ даласы қан сасыды. Жығылғанға жұдырық дегендей, осы сәтте қазақ сұлтандары да бірікпей, әр тұста қалды. Ресей билігі жоңғармен әуре болған қазақ жерін отарлауды бастап кетті. Ертіс бойында бірінен соң бірі бекіністер бой көтеріп, әскерлер жасақтала бастады. Бұл бекіністерді қазақтарға шығыстағы жоңғарлардан қорғау үшін деп түсіндірсе, жоңғарларға батыстағы қазақтардан қорғау үшін деп түсіндірді. Ал, шын мәнінде, бұл бекіністер қазақ даласын отарлау үшін ғана салынған болатын. Бірлігінен, бір орталыққа бағынған жүйесінен айырылған Қазақ хандығының осылайша тоз-тозы шықты. Ресей империясының әскери көмек береміз деген құрғақ уәдесіне сенгендіктен 1731 жылы Әбілқайыр бастаған Кіші Жүз, 1740 жылы Әбілмембет пен Абылай сұлтандар бастаған Орта Жүз Ресей құрамына кірді. Ал қос сыңарынан айырылған Ұлы Жүз Қоқан хандығының ықпалында қалды.
Ұзаққа созылған бодандық өмірдің бастауы осылай болатын. Мың өліп, мың тірілер қазақ халқы отарға айналғанымен намысын сірә берген жоқ. Оның ғасырларға созылған тәуелсіздік үшін күресі басталды...
Түрлі батырлар, ақындар, қайраткерлер азаттық үшін жан алып жан берісті. Адам сенгісіз қиындыққа душар болса да, қазақ халқы ұлттық санасынан әсте ажырамады. Содан болса керек, әйтеуір бір уақыттарда қазақ елі тәуелсіздігін қайтарды !!!
Ал енді болса, ол тәуелсіздікті мәңгілік ету үшін қазақ халқы өткен қателігін қайталамау керек. Қандай қателік десеңіз ол: біріншіден білімнің, өркениетке қызығушықтың болмауы, екіншіден іштей бірліктің, біртұтастықтың болмауы еді.
Алдағы уақытта мәңгі тәуелсіз ел боп қалу үшін де, өркениеттік-технократтық тұрғыда даму үшін де сабақ болар түйініміз осы болмақ.
Ендеше жаңа замандағы қазақ жастарының міндеті – озық білім мен ғылымды игере отырып, ел бірлігін сақтап әлемдік бәйгеде жүйрік шығу !!!
Жазған: Әл Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология және әлем тілдері факультетінің 1 курс студенті ДІНМҰХАММЕД ДИЛЬДАБЕК САРСЕНБАЙҰЛЫ
Жетекшісі: Әл Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры АҚЫНБАЙҚЫЗЫ ФАТИМА ҚОЗЫБАҚОВА
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі