Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 1912 жылы 12 қаңтарда Алматы қаласында, қызметкердің отбасында өмірге келген. Халық ұлына айналған Дінмұхамедтің есімін қажылыққа екі рет жаяу барып қайтқан атасы Жұмабай қойған. Әкесі Меңліахмет Жұмабайұлы ауылшаруашылық, сауда мекемелерінде жұмысшы болып істеген әрі қазақ, орыс тілдерінде жаза, оқи білетін сауатты болған. Анасы Зәуре Байырқызы үй шаруасында бала тәрбиесімен айналысқан. Дінмұхамед Ахметұлы 50 жыл 6 ай 2 күн отасқан жұбайы Зуһра Шәріпқызына деген махаббатын өмір бойы жанына жалау етіп сыйласқан. Кішіпейіл де жайдары Зуһра Шәріпқызы көпшіл, қонақжай, ағайын-туыс пен дос-жаранның көңілінен шығып, қолынан өнер тамған ісмерлігімен, еңбекқорлығымен де дараланған. Д.А.Қонаев өзінің жеке басының дарындылығы мен жан-жақты басшылық қасиеттері, даналығы мен даралығымен ерекшеленген азамат.
Д.Қонаев тек Қазақстанға емес, бүкіл Одақ республикаларына өте сыйлы адам болды. Тіпті Америка Құрама Штаттарының Президенттері де Д.А.Қонаевты жақсы танып білетін. Оның куасы - 1960-шы жылы Дінмұхаммед Қонаев пен АҚШ-тың 34-ші Президенті Дуайт Эйзенхауердің кездесуі болды. АҚШ Президенті Д.Эйзенхауер Д.Қонаевпен болған кездесуден тамаша әсер алып, оны Америка жұртшылығына лайықты түрде мақтағанын тарихтан білеміз. 1986 жылы Д.А.Қонаевтан мұхиттың арғы жағынан АҚШ-тың ең беделді әрі танымал басылымдардың бірі «The Washington Post» журналисттері сұхбат алуға келгені де мәлім.
Қазіргі Алматы қаласының әлемдегі ең әдемі әрі көркем қала болып қалыптасуына да Д.Қонаевтың зор еңбегі екені сөзсіз. Осы орайда, ширек ғасырдан астам уақыт Қазақстанды басқарған қайраткерге мына өлең жолдарын арнауға болады.
Кесек тұлға, кең пішілген нар мүсін,
Аппақ басы секілді бір қарлы шың.
Қайталанбас қайраткері қазақтың,
Алатаудай көкем менің, армысың!
Димаш аға! Дидарыңыз - жарық күн,
Ұранысыз қазақ деген халықтың.
Саясаттың дауылында сынбаған
Өзіңізсіз - бәйтерегі тарихтың.
Ғұмыр кешпей қара бастың қамы үшін,
Қорғадыңыз ел мен жердің намысын.
Тарих өзі таразылар, танытар,
Ұлы қазақ - Қонаевтың сан ісін!
Қазақтың маңдайына біткен біртуар ардақты азаматы Дінмұхаммед есімі де дара. Сан ғасырлар өтсе де, ұрпақтан-ұрпаққа мәңгі ұмытылмас өшпес із қалдырған көрнекті тұлғаның ел есінде халқы үшін жасаған игі істері ауыздан-ауызға тарап дархан даламызда әрқашан үлгі-өнеге болары хақ. Көзі тірісінде-ақ ерен еңбегінің арқасында халық көсеміне айналып үлгерен құрметті басшыны халық арасында «Димекең», «Димаш аға» деп атауынан-ақ оған деген зор ықыласын аңғаруға болады. Д.А.Қонаев Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, ҚазКСР Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Д. Қонаев ел басқарған жылдары кең байтақ қазақ жерінде 68 жұмысшылар кенті мен 43 қала салынды. Соның ішінде. кейіннен өнеркәсіп орталықтарына айналған Рудный, Екібастұз, Ақтау, Никольский, Степногорск, Теміртау, Жаңатас, Кентау, Арқалық қалалары салынды. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев республика партия ұйымын басқарған ширек ғасырға жуық уақытта үлкен мәдениеттілігімен, иманжүзді ізеттілігімен танылып өзін халық дәстүрін жақсы білетін, тағылымы терең, ой-өресі биік жан ретінде таныта білді. Мемлекет ісінен қол үзіп, зейнетке шыққан кезде де білімдар әрі білікті жан елде жүріп жатқан реформа бағыттарын, қоғамды демократияландыру тетіктерін терең түсініп, қолдай білді. Өз халқының аяулы азаматы, елінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 1993 жылғы тамыздың 22-сінде, 82-жасқа қараған шағында дүниеден озды. Ер есімі ел есінде мәңгі қалады!
У.М.Джолдыбаева – тарих ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің доценті, Әмит К.М - Шығыстану факультеті шетел анв мамандығының 1-курс студенті
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі