Өлең, жыр, ақындар

Тәуелсіз еліміздің отыз жылдағы жетістіктері

Биылғы жылы Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің отыз жылдығы аталып өтеді. Еліміздің қысқа ғана уақытта жеткен жетістіктерін біз, жастар зор мақтанышпен айта аламыз. 1991 жылы еліміз егемендігін алып, ел тәуелсіздігін Түркия, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания т.б. мемлекеттер таныды. Кейіннен Монғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран таныған болатын. Сондай-ақ, Түркия мемлекеті алғашқылардың бірі болып Қазақстанда елшілік ашып, біздің тәуелсіздігімізді мойындаған он жетінші мемлекет болды. Бұл жөнінде бұрынғы сыртқы істер вице-министрі, ұлттық сыртқы саясат тұжырымдамасы авторларының бірі В.Гиззатов айтқан болатын. Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, халық қаһарманы Т.Әубәкіров ғарышқа аттанды. 1992 жылы 2 наурызда Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі болды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері - Әнұран, Елтаңба және Ту қабылданды.

1992 жылы 4 маусымда Тұңғыш Президент Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні туралы» Заңдарға қол қойды. 1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясы қабылданды. Сол жылы 15 қарашада ұлттық валюта теңге айналымға енді. 1994 жылы 16 ақпанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Ядролық қаруды таратпау туралы» шартқа қол қойды. Осылайша, Қазақстан өз еркімен қуатты қарудан бас тартады және ядролық қарудан азат ел ретінде күрестің алғашқы қадамын жасайды. 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық Референдум нәтижесінде Қазақстан Республикасының 9 тарау, 98 баптан тұратын Конституциясы қабылданып күшіне енді. 1996 жылы Қазақстанның қатысуымен Шанхай ынтымақтастық ұйымы құрылды. Ол кезде жұртшылық бұл ұйымның құрылуына күмәнмен қарағанымен, ШЫҰ өзінің шынайылығы мен қажеттілігін көрсетті. Бүгінгі таңда бұл ұйымның әлемдегі беделі жоғары.

1997 жылы 20 қазанда Президент Н.Назарбаев Ақмола Қазақстанның жаңа астанасы екенін ресми түрде мәлімдеді. Сол жылы 3 желтоқсанда премьер-министрдің кеңсесі Ақмолаға көшті. 1998 жылы астана Ақмола Астана болып өзгертілді. 1999 жылы «1999 жылды Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы» жылы болып жарияланды. 2000 жылы 10 қазанда Астанада Кеден одағына мүше мемлекеттердің басшылары қол қойған халықаралық экономикалық ұйым ретінде Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құрылды. Бұл қоғамдастықты құру туралы келісімге Қазақстан, Ресей, Белоруссия, Тәжікстан және Қырғызстан қол қойды. 2001 жылы 16 желтоқсанда қазақстандықтар Тәуелсіздіктің 10 жылдығын атап өтті. 2002 жылы Тараз қаласының 2000 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтті. Сондай-ақ, қасиетті Түркістанда әлем қазақтарының екінші құрылтайы өтті. 2003 жылы Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бірінші съезі өтті. 2004 жылдың 24 желтоқсанында «Ақорда» Резиденциясы ашылып, бұл ғимараттың жалпы ауданы 36720 шаршы метрді құрайды. Астана қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Музейі ашылып, 100 мыңнан астам экспонаттар қойылды.

Конституцияға сәйкес 2005 жылы желтоқсанда Президент сайлауы өтіп, ел өзінің көшбасшысын сайлады. Сайлауда Н.Назарбаев 91% дауыспен елдің сеніміне ие болды. 2006 жылы қаңтарда жаңа мемлекеттік әнұран қабылданды. Әнұран композитор Ш.Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні негізінде, Ж.Нәжімеденовтің сөзіне жазылған Тұңғыш Президент Н.Назарбаев енгізген қазіргі Әнұран мәтініне енгізілген түзетулерді Парламент қабылдады. Елімізде 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасының қабылданып, оның бірінші кезеңі жұмысын бастады. 2007 жылы бағдарламаның екінші кезеңі басталды. Бағдарламаны жүйелеу, қолдау және дамыту үшін мемлекеттік бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. 2008 жылы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар негізінде жаңа мереке тарихқа енді. Соған сәйкес, 6 шілде - Астана күні болып белгіленді. Қазақстанда ұлттық халық санағы 2009 жылы өткізілді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі екінші ұлттық санағы бойынша Қазақстан халқының саны 16,48 миллион адам болғанын көрсетті. 2010 жылы Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға қызметі басталды. Осы жылдың желтоқсан айында Қазақстанда саммит өтті.

Қазақстанда алғашқы қысқы Азия ойындары 2011 жылы өтті. Онда Қазақстан спортшылары 70 медаль: оның ішінде 32 алтын, 21 күміс, 18 қола жеңіп алды. 2012 жылы 22 қарашада Қазақстан «ЭКСПО 2017» дүниежүзілік көрмені өткізу құқығына ие болды. Халықаралық көрмелер бюросы мүшелерінің қатысуымен Астана 103 дауыс алды. Көрме 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтті. Оны көру үшін әлемнің түкпір-түкпірінен 3 миллион адам келді. Көрмеге 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысты. Еліміздің Тұңғыш Президенті 2013 жылы «Қазақстан 2050 - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын Қазақстан халқына жолдады. Қазақстан тарихында алғаш рет жергілікті билік органдары басшыларына сайлау өтті. Қазақстан Республикасы 2015 жылғы 27 шілдеде Дүниежүзілік Сауда Ұйымының мүшесі болды. 2018 жылдың 1 қаңтарында Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін басқарды. 2019 жылы 19 маусымда Қ.К.Тоқаев Қазақстан Президенті болып сайланды. Биылғы 2021 жылы елімізде Мәжіліс пен Маслихат депутаттары сайлауы өтті. Қазан айында халық санағы, өңіраралық форум өтілетіні жоспарлануда. Еліміздің болашақтағы жетістіктері мен іс-шаралары нәтижелі болатынына сенім мол.

Джолдыбаева У.М.-  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

Науанова  А.Р. - Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Шығыстану факультетінің 1 курс студенті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Бақыт

Өркенің өссін ботам

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз