Өлең, жыр, ақындар

Қазақстан халқы Ассамблеясы

Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен құрылған Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган.[1] Ел Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылына арналған Қазақстан халқының бірінші форумында жариялады. Мұндай институтты құру қажеттілігі саяси тұрғыдан, сондай-ақ жаңадан құрылған, тәуелсіз, полиэтносты, поликонфессиялық мемлекеттің тұрақты дамуы тұрғысынан туындаған еді. Аталған бастама мәдениет аралық диалогты нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасайтын әлемдік тәжірибедегі тың бағыт болып табылды. Жиырма жылдық тарихында Ассамблея қарқынды дамып, елеулі өзгерістерді бастан кешірді. Оның дамуы барысында Н.Назарбаевтың этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты, ол халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды. Бүгінде Ассамблея ел Президенті Төрағалық ететін конституциялық орган болып табылады. Бұл оның ерекше мәртебесін айқындайды. Бұл бірегей институт еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, республикадағы тұрақтылықты сақтау мен ел дамуының мақсатына айтулы үлес қосып келеді. Ассамблея қызметінің арқасында Қазақстанда этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан әрбір азаматтың Конституциямен кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен еркіндігі толығымен қолданылатын этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасты. Қазақстанның көпэтностық бай кеңістігінде сенім, келісім мен өзара түсіністік үлгісі орнады. Бүгінде республикада Қазақстан этностарының мәдениеттері, тілдері, дәстүрлерінің дамуына қажетті барлық жағдай жасалған. Этномәдени бірлестіктердің өзінің саны тұрақты өсуде, қазір олар 800-ден асады, оның ішінде 28-і республикалық. 15 тілде газет-журнал, 8 тілде радиобағдарламалар 7 тілде телебағдарламалар шығады. Білім беру толықтай өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде жүргізілетін 88 мектеп жұмыс істейді. 108 мектепте 22 этностың тілі жеке пән ретінде жүргізіледі. Осымен қатар, балалардан басқа үлкендер де 30 этнос тілдерін оқуға мүмкіндік алған 195 этно-білім беру кешендері, жексенбілік және лингвистикалық мектептер ашылды. Қазақ және орыс театрларын қоспағанда елімізде тағы төрт ұлттық – өзбек, ұйғыр, корей және неміс театрлары жұмыс істейді.

Жолдасбекова Асель Шығыстану Факультеті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар