Өлең, жыр, ақындар

Төл мереке – Наурыз

Төл мереке – Наурыз Түркі халықтары үшін жыл бастауы ретінде саналатын , бес мың жылдан бері айрықша атап өтілетін мейрам – Наурыз мерекесі. Наурыз – көктемгі жаңару, табиғаттың оянып, жылғалардан су ағып, ағаштардың бүршік атып, қорадағы төрт-түліктің қыстан аман шығатын мезгілі. Әлем бойынша , дәлірек айтқанда, Орта Азия халықтары арасында атап өтілетін бұл мейрам, түрлі атаулар мен әр халыққа тән  дәстүрлерге ие. Біздің халқымыздың да ұлыс мейрамға ерекше мән берген. Қыстың қамын жаз ойлап, жиған тергендерін қыстай жарататын қазағымыз күннің жылынып, табиғаттың алдағы жылы  берер нәсібіне қуанышын осылай жеткізетіндей. Ұлыстың Ұлы күні саналатын Наурыз мейрамы күн мен түннің теңескен уакытында атап өтіледі. Ертеде ауыл тұрғындары жаңа жылдың келуін табиғатты тазартып, бір-бірлеріне ізгі тілектер білдіріп, ақ дастарқанды молынан жайып, ұлттық ойындарды ойнап  тойлаумен бастаған. Кеңпейілді қазақ халқы жаңа жыл бастауында өкпе ренішті ұмытып, туған туыс, бауырларына құшақтарын жайған.  ˝Бүгінгі күні Самарқанның көк тасы да жібіпті˝, - десіп Наурыз күні пейілін кеңітпеген адамды тастан да қатты қылып шығарғысы келіп, аңыз қылысатын. Ертеде ата-бабамыз ұлыс күні Қыдыр атаның келіп, ақ батасын беріп кетеді деп сенген. Ежелден келе жатқан бұл дәстүрлі мереке үшін  қазірде ұлан асыр той жасалынады. Сонау заманнан қалған әдет-ғұрыптар , дәстүрлер барынша сақталып, бәйге ,көкпар ұйымдастырылып,  киіз үй тігіліп, алтыбақан орнатылып,  күрес , теңге алу сынды  ұлттық ойындар ойнатылып, ақындар ән-жырларын төгіп, айтыстар ұйымдастырылады. Аналарымыздың бұл мереке үшін жаятын дастарқаны бәрінен де асып түсетіндей. Ұлттық тағам Наурыз көже дайындалатын сәт ерекше. Түрлі дәнді-дақылмен әзірленетін бұл көженің дәмі ауызыңнан кетпес. Ең қызықты сәт – жастардың мереке қарсаңына арнап дайындаған мерекелік көрсетілімдері. Заманауи талаптарға сәйкес  мерекеде жарыстар да ұйымдастырылады. Киіз үй тігуден, қойылым қоюдан, ән айтудан, тағы сол секілді топ болып жарысып, мерекенің мерейін үстемдей түсеміз.   Төл мерекеміз еліміздің қай жерінде болмасын осындай жоғары деңгейде тойланады.   Ұлтымыз қазақ  болып туылғанымыз мақтан тұрарлық жайт. Халқымыздың тарихына зер салып, дәстүрлерін жаңғыртып, қазақшылдығымызды жадымыздан шығармаған абзал. Дәл сол секілді төл мерекеміз Наурызды да жылда тойлауды ұмытпайық.

Суюмбай Малика Шығыстану Факультеті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз