Өлең, жыр, ақындар

Білмейтіндер сын айтады

Қылқаламның шебері, танымал суретші бір шәкіртіне батасын беріп, еліне жіберерде оған соңғы тапсырмасын береді. «Салған суретіңді қаланың адам ең көп шоғырланған бөлініге орналастыр, қасына қызыл қалам қойып, халықтан қате болған, дұрыс шықпаған жерлеріне "х" белгісін қоюын өтінген жазу іл», — дейді.

Шәкірт ұстазының айтқанын бұлжытпай орындап, бір күннен кейін қайтып келгенде, суретінің барлық жері қып-қызыл "х" белгісіне толы екендігін көреді. Көңіл-күйі түсіп, ұстазына келеді. Ұстазы: «Еңсеңді түсірме балам, тағы бір сурет сал, оны да тағы сол баяғы жерге апарып орналастыр. Бірақ, бұл жолы қасына түрлі-түсті бояу мен қылқалам қойып, адамдардан қате болған, дұрыс шықпаған жерлерін түзетуін өтінген жазу іл», — дейді. Шәкірт қайтадан айтылғандарды толықтай орындайды. Бір күннен кейін келгенде, суретке ешкім тимегенін көреді. Сурет баз-баяғы қалпында еді. Қуанышы ішіне сыймай, тездетіп ұстазына келеді. Ұстазы: «Алғашқыда адамдарға мін іздеуге мүмкіндік бергеніңде, аяусыз сынға ұшыраған едің. Өмірінде сурет салып көрмеген адамдар да қате тауып, суретіңді қаралап кетті. Келесі жолы, олардан жасампаз болуды сұрадың. Ал жасампаз болу — шығармашылықты, тәлім алуды, үйренуді қажет етеді. Ешкім білмейтін нәрсесін жасауға бата алмады. Саған айтарым, еңбегіңнің нәтижесін (әділ бағасын), не істегеніңді білмейтіндерден ала алмайсың. Жұмысыңды қадірін білмейтіндерге ұсынба және білмейтіндермен ешқашан сөз таластырма!» — деген екен.   


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз