Өлең, жыр, ақындар

Қорқыт пен Баласағұн жырларындағы әйелдер бейнесі

Қарасай Нұрбибі  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің  магистранты Философия және саясаттану факультетінің профессоры, доцент Жанатаев Данат Жанатайұлы

Өткенге көз жіберіп, тарих беттерін парақтасақ, бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеген абзал аналарымызбен қоса ерлермен тізе қосып елін қорғаған ару қыздарымыздың ерліктері еріксіз таң қалдырады. Ақын-жазушылардың музасына айналған ақылына көркі сай терең ойлы, батыр қыздар ел үшін аз ерлік жасамады. Тағдыр тауқыметіне мойынсұнбай, өмір қиындығымен күрескен көзсіз ерлік көрсетер Әйел-Ана тақырыбы Қорқыт атаны да қатты толғандырса керек.

«Дерсехан ұлы Богаш» әңгімесіндегі Дерсе ханның жары хан қызының бейнесі талай жанға үлгі боларлық. Баласы болмағандықтан, қара отауда отырып, қара қойдың етін жеп, құсаланып қайтқанда хан алдымен жарымен сырласады. Ханымының кеңесімен Дерсехан ала шатырын тіктіріп, аттан айғыр, түйеден бура, қойдан қошқар сойғызып, жалаңашты киіндіріп, аш адамды тойдырып, борыштының қарызын өтеп, садақа береді [1]. Бір дуалы кісінің дұғасымен тәңірі тілеуін беріп, торсықтай ұлды болады.

Ұлы өсіп, ер жеткенде хан нөкерлері әке мен баланы бір-біріне қарсы қойып, Дерсехан ұлын садақпен атады. Мұны сезген ару ана ұлын тауып алып, ажал аузынан ақ сүтімен арашалап қалады. 

Арам пиғылдары жүзеге аспаған нөкерлер ханның өзіне қастандық жасамақшы болады. Сонда ханым жалғыз ұлын оққа қиған ханның да өмірін сақтап халады. «Хан ием, отырған орныңнан ұшып тұр, қырық жігітіңді қасыңа ертіп, әкеңді қырық залымнан құтқар. Әкең сені қиды өлімге, сен әкеңді өлімге қима» дейді. Қорқыт атаның баяндайтын бұл жырында ерін құдайындай сыйлаған, ақылы мен парасаты асқан, перзентінің жолында құрбан болатын ана бейнесі көркем суреттелген. Жары мен баласына адал берілген әзиз ананың ғана бойынан қамал бұзар асқан ерлік табылатындығы бұлтартпас шындық.

Ері үшін өз жанын қиған Тоқа баласы Ержүрек Домрулдың жарынан адалдықтың тамаша үлгісін көре аламыз. Әзәзілмен күш сынасып, жеңіліс тапқан Домрулдың жанын алмаққа беттеген жаналғыш:

-Өз жаныңның орнына біреудің жанын әкелсең ғана тірі қалдырамын дейді. Әкесі мен анасынан өмір сұрағанда, жанының тәттілігін алға тартып, өздерінің де өмір сүргісі келетіндігін айтады. Амалы қалмаған Домбул батыр әйелімен қоштасқанда, жары:

Тәңірім соған куә болсын,

Жаным саған құрбан болсын[2]-деп өз өмірін батыр жолында қиюға разы екендігін білдіреді. Сенсіз маған, кеңжайлау да, өзенді өлке де, биік тау да, алтын-күміс те сұлу көрінбес. Өзіңсіз өмір кешкенше, сен үшін құрбан болғаным артық дейді. Әйелінің кіршіксіз таза махаббаты мен еріне деген сүйіспеншілігіне Тәңірі риза болып, екеуіне де ұзақ ғұмыр берген деседі.

Әйел бейнесіне айрықша мән берген «Солор Қазанның үйі тоналуы жайлы» жыры ерекше әсерлі. Солор Қазан аңшылықта жүргенде қапысыз, бейғам жатқан елді азан-қазан етіп, талқандап, құлдыққа алып кетеді. Батырдың намысын таптамақ ниетте жарын Шөкли патша өзіне даяшы етпекші болады. Бірақ айлалы сұлу патша «Бөрлі сұлу қайсысың» деп сұрағанда, қырық нөкерімен бірге «мен» деп жауап қатады. Дегеніне жете алмаған арам патша Бөрлі сұлудың ұлын сойып, ерін қырық нөкерге бер деп жан шошырлық жарлық шығарады. Кім етті жемесе, сол анасы- дейді. Екі оттың ортасында қалған аяулы ана, адал жар болған сұлу ұлымен кеңеседі. Сонда ұлы Ұруз:

- Әкемнің намысын аяққа таптағанша, мен-ақ өлейін. Қалғандары біреуден жесе, сен екеуден же. Мендей балаларың туар, сондықтан намыс жолында өзімді құрбан етемін -деп жауап қатады. Бұл жырдан ана мен баланың ар-намысты бәрінен жоғары қоятынын байқауға болады. Бөрлі сұлудың адалдығы мен ұлының намысшылдығы шығарманың басты ерекшелігіне айналған. Сонымен қатар, Қорқыт ата әйел затын 4 түрге бөліп қарастырады. Бірі кепкен ағаш секілді, бірі-үрген қарын секілді, енді бірі-үйдің тіреуі, төртіншісі – қанша айтсаң да бәз баяғысындай мелшиген қырсық әйел. Үйдің тіреуі деуінің мәнісі: Алыс қырдан, жапан түзден үйге бір жолаушы келсе, ері болмаса да ішкізіп-жегізіп, сыйлы жандарын үйден шығарып салар. Бұлар-Айша, Фатима нәсілдерінен үлгі алғандар. Олардың үрім-бұтақтары өсіп өнсін. Кепкен ағаштай деп, беті қолын жумастан тоғыз тоқашты аузына салар, екі бүйірін таянып, «осы үйге келгелі жарытып қарным тоймады, жақсы киім кимедім. Ерім өлсе, басқа біреудің жары болар едім» дейді. Бұлардың үрім-бұтағы өнбесін!

Үрген қарындай деген әйелдер өсек айтып, есік тесіктен сығалай тыңдап, түске дейін ауыл қыдырады. Түстен кейін оралғанда, бітпеген істеріне жан жағындағыларды кінәләп, айғайлап жүргені. Бұл сияқтылардың үрім-бұтағы өсе көрмесін.

Енді қанша айтсаң да міз бақпас баяғыдай дейтінге келейік. Алыс қырдан, жапан түзден бір сыйлы қонақ келсе, Қожасың « нан әкел, өзіміз де желік, бұ да жесін» дегеніне, қырсық әйел «не әкелсе де берерім жоқ», деп айтылған сөзді құлағына да ілмейді. Ол Нұһ пайғамбардың есегінің нәсілінен болар. Ошағыңызды мұндай қырсық жардан сақтасын[1,128]–дейді.

Қорқыт ата әйел заты түрлерін салыстыра сипаттай келе, әйел-ананың қоғам дамуына негіз болатындай ұлағатты болуын уағыздайды. «Әке, маған бір қыз алып бер. Мен орнымнан тұрғанша, ол атып жөнелетін. Мен қара зор атыма мінгенше, ол аттанып кететін, мен жауыма барғанша, ол басын кесіп әкелетін жылдам жарды» Бәмсі Бәрік таңдайды[3,70].

Әйел затын мінез-құлқына, іс-әрекетіне қарай бөліп жіктегендердің бірі Жүсіп Баласағұн. Ол өз шығармаларының арнайы бір бөлімін әйел адамды танып білуге арнаған. Жар таңдағанда жіті көз тігіп барлау қажет. Тегі таза, тамыры құтты, ұяты бар, инабатты болсын.

Мінезін айт, қарамай- ақ әріне,

Болса мінез- жарасады бәрі де -[4] деп, сұлу қыздан гөрі жан дүниесі бай, ақылы асқан қызды ал. «Түсін емес, ісін ескер қылықты» сонда ғана сенің махаббатыңа адал болар, ақылшың, жөн сілтерің болар.

Ақылды әйел, мал да жинар, өндірер,

Байып алып, өзіңе де өң кірер – деп өмірлік жолдасыңды таңдауда асқан қырағылық қажет екендігін айтады.

Көзің жетіп, ақылды қызды жолықтырсаң, жар қылуға асық. Ақылды әйел мал да жинар, пейілге бай болған соң көрікті, текті атанар. Есті әйел етек-жеңін жинап жүрер. Жарың сенің төрт құбылаңды тең қылар. Осындай жақсы қасиеттерді бойына жиған тәрбиелі жанды кезіктіруге, өмірлік жар етуге тырыс. Әйел ет секілді зор ықыласпен қарамасаң, өңін жоғалтар-дейді.

Қорқыт ата секілді Жүсіп Баласағұн да әйел затын 4 топқа бөлген: Бай қыздар, көрікті бойжеткендер, тегі асыл жандар, ақылды қыздар. Бай әйелді таңдасаң, байлық қуған адамның тілі ұзын болып, мүлік жиып, мақтанның соңында кетеді. Бүкіл ғұмырыңды әйеліңе бас иіп, құлдықпен өткізесің. Текті асыл жан іздеп, өз құныңды құртып алма. Сенен тегі жоғары болса, іштей өзіңді құл етуді тілер

Құр сұлуды жар етіп таңдасаң, жұрттың күлкісіне қаласың. Шын сұлу жан -парасатты жан. Алысты ойлап, қам жейтін ақылды жар текті, көрікті, бай бола алады. Ерін сыйлар есті әйелден төрт түрлі сипатты да көре аласың.

Ізде, досым, ақылды әйел-парасат,

Соны тапсаң төрт құбылаң жарасад(ы) [4]– дей отырып, ойлы қызды жар етсең, оны жаныңда ұста, қадір тұт бар бақытқа кенелесің деп қорытындылайды. Қаншама атақты айбарынан жау сескенер батырларды әйелдер тірілей-ақ «жер жастандырған». Қаншама азулы, мығым жігіттердің тұқымдары әйел үшін құрыған. Сондықтан, жарыңды күтіп бапта, бағала деп ақыл-кеңесін айтады.

Өмірлік жарың қандай ақылман болса, одан өсіп-өнген ұрпағың сондай асыл бекзат секілді болады. Күтушіңнің тәрбиесі жақсы болса, балаңның ақыл–есі еркін өсетінін баяндайды.

«Әйел заты қашан да еркектің еркін билеп, оның жоғын оңға бастауға да, теріс келтіруге де, бақытқа кенелтуге де, мерт қылуға да тікелей себепкер болып отырады»- деп атақты ғұлама Әл-Фараби айтпақшы[5], әлем тұтқасы әйел қолында. Өмірлік жарыңды іздеп табу үшін, жақсы мен жаманды айыру үшін бұл шығармалардың берері мол. Әлі күнге өміршеңдігін жоймаған алтын қазыналарымыз – өмір жолында адаспай тура жолды табуға арналған шамшырақ іспеттес. Бабаларымыздан қалған асыл мұраларын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, терең мәнге ие еңбектерінің қадірін арттырып, қастерлей бермекпіз.

Пайдаланылған әдебиеттер

«Қорқыт ата» энцклопедиялық жинақ «Қазақ энцклопедиясы» 1997.128-129 бб.

Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясының хабаршысы 2(23)2013.18-21 бб.

Ұлттық тәрбие 4(12)2012. 70б.

Құтадғу білік. Жүсіп Баласағұн. Тұран баспасы. Алматы 2004 Massaget.kz сайтынан

 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз