Өлең, жыр, ақындар

"Айқап" пен "Қазақ" неге айтысқан?

«Айқап» ең алғашқы журнал екені бәрімізге мәлім. Ал «Қазақ» ел тарихындағы алғашқылардық бірі де бірегейі болып табылады. Бұл басылымда көтерілген мәселелер әлі күнге дейін өзектілігін жоймай келеді. Онда Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ғұмар Қараш, Райымжан Мәрсеков, Халел Ғаббасов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентайұлы, Халел Досмұхамедұлы сынды халқымыздың біртуар қаламгерлерінің еңбектері жарияланған.

Екі басылымда да елдің жағдайын, жұрты десе жүрегін жұлып берер азаматтар басқарған болатын. Журнал басылымының редакторы-  қоғам қайраткері, ақын, журналист Мұхаметжан Сералин болды. Ал газет беттерінде қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы басқарушылық етті. Сол кезендерде екі басылымның ара-қайшылықтары болған деген пікірлер туындаған. Осы тұста екі редактордың арасында да араздықтар болды деген тұжырымдарды да халық айтып, пікір келтірген. Бұл пікірлердің рас немесе өтірік екені қайдам, бірақ басылым арасында келіспеушілік болғаны анық. Бұл ойымызды Бейімбет Майлиннің мына сөздері қуаттай түседі: «Енді келейік, «Айқап» пен «Қазақ» арасына. Бұл екеуінің кейбір пікірлерінің біріне-бірі қиғаштығы, ол туралы бірсыпыра сөздің болып өткендігі оқушыларға белгілі». Бұл келіспеушіліктердің неден туындағаның айтпастан бұрын басылымдардың тарихына көз жүгіртіп, сипатын  танып алайық.

«Айқап» журналында М.Сералин «Басқармадан» (1915) атты мақаласында бұл журналды ашудағы басты мақсатын: «...Мақсатымыз дүние жиып, байымақ, пайдаланбақ емес, тек қана жұрттың көзі, құлағы болмақ еді... Журнал шығарғандағы мақсатымыз - халыққа жол көрсетпек еді», деп білдіреді. Қайраткер «Аштық хаһқында», «Келешек заманымыздың қамы», «Қазақ халқының мұң-мұқтаждығы», «Қазақ жастары», «Отырықшы болған қазақтар туралы», «Шәһар Троицкі, март, 1912 жыл», «Жер әңгімесі» т.б. мақалаларында қазақ қауымының жоғын жоқтап, жер, оқу-ағарту секілді басты мәселелердегі келелі ой-толғамдарын талқыға салады. «Шәһар Троицкі, март, 1912 жыл» мақаласында Алаштың арда азаматы М.Сералин: «...Біздің ілгері келешек күніміз де, бұл дүниеде күн көріп, жұрт қатарлы тұруымыз да жалғыз-ақ нәрсеге тірелген. Ол - оқу. Мұнан былайғы заманда оқып, өнер білмесек, өнерлі жұртқа жалшы болудан басқа бізге ешбір де орын қалмайды. Біз жұртшылық қылып, оқушы талапкерлерімізге жәрдем бермесек, оқығандарымыз көбейе алмайды», деп жазды. «Айқап» «Алты Алаштың баласына егін шаруасына қолайлы жерлерге қала салуды қуаттап, халыққа шамасы келгенше түсіндіру» мақсатын ұстанған басылым еді. Сондықтан да онда осы мазмұндас мақалалар көптеп жарық көрді. Соның бірі - «Қазақ халқының мұқтаждығы» мақаласында М.Сералин: «Ау, жұрт! Ойланайық. Келешек заманымыз қалай болады? Заманға муафық іс істейік. Заманның соңынан біз қумасақ, заман бізді күтпейді» деп, қазақтар өз жерлерінде отырықшы өмір салтын ұстануы керек ойды халық санасына жеткізуге тырысады.

«Айқапта» «Көшпеліліктен бас тартып, отырықшы боламыз. Отырықшы болған ел оқуға мүмкіндік алады, егін егіп, басқа да шаруа түрлерін дамытады» деген пікір туындайды. Міне, осы тұста екі басылым арасында келіспеушілік оты тұталды. «Қазақ» газеті қазаққа 15 десятинадан жер беріп, отырықшы қылудың артында патшалық Ресейдің құйтырқы саясаты жатқандығын айтады. Олар қазаққа осынша жер беру арқылы өздеріне көбірек қалдыру жағын ойлап отырғандығын айта кетеді. Тағы да қазақ жерінің көп бөлігі егін егуге қолайлы емес, ертең халықтың аштыққа ұшырауы мүмкін екендігін ескертеді.

Бұл қос басылым ұстанымдарындағы жалғыз қайшылық емес. Тағыда съезд өткізу және әліпби таңдауға келгенде де басылымдар екіге бөлінді. Содан авторлар бір-біріне қаратып көптеген мақалалар шығарды. Алайда заман зиялылары оларды бір мәмілеге келтіруге тырысты. Бекерден бір-бірлеріне қарсы шығып, алауыздық тудырудын қажет емесін түсіндіріп, елдік жолындағы істерінде береке- бірлікке шақырды.

Осы кезекте Алаштанушы ғалым Қайрат Сақтың пікірін алдыға салсақ: «Кезінде қалың қазақ еліне көздің ағы мен қарасындай қатар қызмет еткен бұл екі басылымды біріне-бірін қарсы қойып қарастыруға мүлдем болмайды. Рас, кейбір мәселелерде пікір алалығы кездеспей қалмаған. Бірақ, ол мақсат бөтендігінен емес, соған жетуде ұстанған жолдардың әртүрлілігінен туындап отырған деуімізге толық негіз бар» деген екен.

Қорыта келе екі басылым да қазақты төрге сүйреп, кемел елге айналдыруға талпыныс жасады. Бірақ оған жету үшін екі түрлі жолда болды. Сондықтан екі басылым араз болғанына, ал екі басшының арасы суық болған деген пікірдің жөнсіз екеніне көзіміз жетті.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз