Өлең, жыр, ақындар

Тұрысбек Сәукетайдың «Ай қараңғысы» романының философиялық мәні

Халқымызда қасиетті айлармен қатар, қасіретті айлардың да боларын кім білген?.. Қаһарлы қыстың аязында алаңда азап көрген қандастарымыздың осы бір желтоқсан айының атымен тарихта қаларын кім білген?.. Арманы мен таңдауын шетке ысырып, қазақты тақтан түсіргеніне шыдай алмаймыз деп алаңға бас көтере шыққан жастардың тағдыры осындай боларын кім білген?... Тарих беттерінде қазағымның азапты күндері талай кездесті. Елім деген ерлер, батырлар, хандар... Осы тізімді ештеңеден хабары жоқ жастардың жалғарын кім білген?..

Орыс тарихында «қанды жексенбі» болса, қазақ тарихында «қанды желтоқсан» болды. 70 жылдық бодандыққа шыдағанымыздың шегі де осы желтоқсан құрбандары болды. Көтерілісті тәуелсіздік жолында жасаған алғашқы қадамымыз десек, артық кетпейміз. Халқымыз үшін қанша азапты тақырып болса, сонша зерттелмеген, жазылмаған тақырып. Желтоқсан тақырыбында кино саласындағы үздігі деп «Аллажар» фильмін атасақ, әдебиет саласында «Ай қараңғысысын» атай аламыз.

Тұрысбек Сәукетайдың «Қилы тағдыр» атты романдар топтамасының бірінші романы болып есептелетін «Ай қараңғысы» 1991-1996 жылдар аралығында жазылған.  Тақырыбы – Желтоқсан көтерілісі. Негізгі кейіпкерлері – Сәбира мен Әзиз-сұлтан.

Шығарманың мазмұнына тоқталмас бұрын, тақырыбына тоқталып кетсек дұрыс болар. Неге «Ай қараңғысы?». Жалпы қай елдің болмасын тарихында айтылуға тиісті және айтылмауға тиісті оқиғалар болады. Айдың біз үнемі тек бір жағын көретініміз секілді, сол оқиғалардың да бір жағын естиміз. Ал қараңғы бетінде не болып жатқаны әлемге белгісіз, белгілі болуы да мүмкін емес. Себебі айдың қараңғы бетін көру мүмкін емес. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Тәуелсіздігіміз айдың жарық бетіндей әлемге жарияланса, желтоқсан көтерілісі айдың қараңғы бетінде қалып келе жатқан оқиға. Себебі, желтоқсан көтерілісі тек жастарға ғана қатысты емес, билік басында отырған ағаларымызға да қатысты тақырып болды. Автор тарапынан өте ұтымды таңдалған тақырып деп айтсақ болады.

Мазмұнына келер болсақ, біз білетін желтоқсан оқиғасы романда нақ сол қалпында суреттелген бе, әлде бұрмаланған немесе шынайы қосылған тұстары бар ма? Роман ештеңеден бейғам жүрген жас Сәбира мен Әзиз-Сұлтанның кездесулерінен басталады. Ашық аспанда трамплиннен секіріп, жастықтың жалынды кездерін өткізіп жатқан Сәбира мен Әзиз-Сұлтанның мөлдір махаббатынан басталған оқиға әрі қарай дами түседі. Көтерілістің біз білмейтін қараңғы беті жарыққа шығады. Халық арасында жастарды алаңға жинаған кім, олар алаңға жиналатынын қалай білді, бастаушы болды ма деген сауалдар бәлкім болған да шығар. Бірақ қызығып зерттеген адам болмады, мүмкін «қараңғылықтан» қорыққан шығар. Қазіргідей дамыған заманда шақырып, жинала салатын әлеуметтік желі жоқ кезде 20 мың адамның басы қалай алаңға қосылды? Осы сұрақтың жауабын романнан біле аламыз. Мүмкін тарих астарында қалған шындық шығар, мүмкін жазушының қиялы шығар.

Алаңға жастардың жиналуына себепші болған – Айтуаровтың орынсыз әзілі десем сенесіз бе? Қазақ деп куәлігінде ғана жазылып тұрғаны болмаса жаны орысқа сатылып кеткен бишара Айтуаровтың бар ісі қазақты құлату, аяғынан шалу, масқара қылу. Қонаевты көре алмайтындардың алдыңғы қатарында. Қонаевтың орнына қойған Колбинді көре алмай таққа арам жолмен қол жеткізгісі келген Айтуаров пен досы Мирониннің құрған құйтырқы жоспары халықтың жадында мәңгі қаларын қайдан білсін... Қара басының қамы үшін жастардың жатақханасына «– Жiгiттер, өздерiң де радиодан естiген шығарсыңдар, бүгiн Қонаевты орнынан алып тастады! – дейдi қаралы хабар естiрткендей қамығып. – Орнына қайдағы бiр орысты қойды. Қазақ табылмағандай бұл не қорлағаны. Басқа республикалардың бәрiнде Бiрiншi басшы – жергiлiктi ұлт өкiлi. Бiздi басынып отыр. Өстiп кеудемiздi басқызып қоямыз ба, намысымыз қайда? Ел екенiмiздi бiлдiрейiк Алаңға шығып, пленум шешiмiне қарсымыз дейiк. Қазiр жариялылық пен демократия заманы, неге конституциялық правомызды пайдаланбасқа. Бiздi Димекеңнiң адамдары жiберiп отыр. Басқа қазақ басшылары да наразы. Қорықпаңдар. Қазақ жастарының бәрiне айтыңдар, митингке шықсын!..» деп, үгіт жасайды. Намысшыл жастар алдыңғы шепте алаңға барса, қалғандары не үшін бара жатқандарын да білмей, ағылған халықтың артынан ілесе берген. 100-150 адам жиналса болды деп сенген Айтуаров 20 мың адамның өмірін қиюға себеп болды. Бір сөзбен айтқанда, қазақты өлімге бастаушы болған қазақтың өзі. Романдағы Айтуаровтың тегі басқа болғанымен өмірде болғаны анық. «Аллажар» фильмінде азапты көріністер романда да жазылған. Жаншылған, тапталған жастар тағдыры, жоқ болған ұрпақ тағдыры романда өте әсерлі суреттелген. Бейбіт соғыс құрбандарының «ішкіш, бұзақы, ұлтшыл» атануына да осындай «Айтуаровтардың» қосқан үлесі көп. Романда жалпы жетлтоқсан көтерілісі ғана емес, қазақ халқының сол кездегі өмірі, беделі туралы да айтылып кетеді. Оны Әзиз-сұлтанның әкесінің бейнесіне қарап отырып, «Қазақфильм неге қазақ шалдарын ұсқынсыз, тәртіпсіз надан қылып көрсетеді екен? Бай болса мес қарын, қу болса сақалы екіге айырылған. Бұрынғы фольклорлық типтен әлі айырылмаған» деп күйінген кезінен байқауымызға болады. Автордың қоғамға деген ызасын кейіпкерлері арқылы жеткізгендігін аңғаруымызға болады.

Қорытындылай келе, романның әдебиетіміздегі орны төмен деп айтсақ болады. Еш жерде насихатталмаған, әлеуметтік желілерден инемен құдық қазғандай әрең тауып аласың. Онлайн кітапханалар мен сайттарда жарық көрмеген. Желтоқсан тақырыбы сөз болғанда ғана ізделінеді, оқылады. Оқырман назары былай тұрсын, құлағына да ілінбеген. Осындай маңызы зор, керемет туындының «әдебиет қараңғысында» қалып қоймаса екен деймін. Тарих қараңғысынан желтоқсан көтерілісін шығаруға ұзақ уақыт кететін де шығар. Бірақ әдебиет қараңғысынан шығару – өзіміздің қолымызда. Дамыған заманның дамығандығын осындай кәтаптарды насихаттауда көрсетпесек, руханиятқа дамығандықтың қандай қажеті бар?

Әбдісәмет Қаракөз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранті

 Жанатаев Данат әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер