Өлең, жыр, ақындар

Қазақтың шоқ жұлдызы

Құйрықты жұлдыз секілді,
Туды да көп тұрмады.
Көрген, білген өкінді,
Мін тағар жан болмады.

Хәкім Абай

Қазақтың шоқжұлдызы, тұғыш ғалымы, ұлы ағартушы-демократ, шығыстанушы, тарихшы, этнограф – Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов. Аз ғана өмірінде кейбір жандардың өмір бойы жасай алмайтын істерін жасап, тарихқа өшпес ізін қалдырған жан.

1835 жылы сұлулығы талай жанды тамсандырған Сырымбетте дүниеге келді. Ақсүйек Шыңғыс тұқымынан шыққан ғалымның шын есімі - Мұхаммед- Қанапия. Туған жерінің сұлулығы әсер етті ме, Шоқан бала кезінен зерек болып өсті. Бір жағынан сана-сезімінің ерте оянуына әжесі Айғанымның да тигізген әсері мол еді. 12 жасына толғанда әкесі Шыңғыс Шоқанды сол кездегі таңдаулы оқу орнының бірі болып саналатын Сібір кадет корпусына береді. 6 жыл сол жерде білім алып, корнет шенін алып шықты. Замандастарының сөзіне сәйкес, Шоқан өте зерек бала болған. Осы бір оқу орынында оқу арқылы өзінің болашағына деген көзқарасына үлкен септігін тигізген. Осы оқу-орнында бірге оқыған досы этнограф-ғалым Потанин өз жазбаларында: «Корпуста ой-өрісі, білімі жағынан Шоқан тез өсті, жолдастарын басып озды. Оған талайлар қызыға да қызғана қарайтын. Өзінінен екі жас үлкен жандарды да, өзінің білімі мен алғырлығының арқасында басып озды»,-деп жазады.

Шоқан өте алғыр, білімді жан еді. 20 жасында, яғни 1855 жылы, Г.Х.Гасфорттың экспедициясына қатысып, өзін таныта бастайды. Орталық Қазақстан, Тарбағай, Жетісу жерлеріне осы эскпедициямен бірге саяхат жасайды. 1856 жылы Ыстықкөлдің көлемін топографиялық және картографиялық деректерде сипаттады.  Және сол жылы көрнекті ғалым П.Семенов Тянь-Шанскиймен Құлжаға сапар шегеді. П.Семенов Тянь-Шанский өз жазбаларының бірінде  Шоқан туралы «ұлттық аймақтардың ішінде ең оқыған, білімді адамдарымның бірі еді» деп бағалаған.

Шоқанды Қашғарға барғанда жазған туындысы әлемге әйгілі етеді. Сол саяхаты арқылы өзін қажырлы саяхатшы және көрнекті ғалым ретінде көрсетеді. 1957 жылы Алатау қырғыздарына саяхат жасап, қырғыз халқының ауызша әдебиетінің көрнекті үлгісі «Манас» жырын қағазға түсіреді.

Тарихшы 1865 жылы сәуір айында Алтынемел тауының баурайында құрт ауруынан дүние салады. Өзінің өлімі талай жанды қақсатып, жүректі тебіренткен-ді. Шоқанның досы болған Ф.М.Достоевский досын өте қатты құрметтеген. Шоқан дүние салғаннан бір жыл өткен соң, өзінің әйеліне «мына үлкен ағаш сандықты көрдің бе? Бұны менің досым болған Шоқан сыйлаған. Бұл маған өте қымбат. Сондықтан мен бұл сандыққа өз қолжазбаларым, хаттарым мен аса қымбат естеліктерімді сақтаймын» дегенінен-ақ досының Шоқанды қатты сыйлағандығын көруге болады.

Шоқан қазақ үшін туылған шоқжұлдыздардың бірі еді. Өзінің аз ғұмырын рухани тұрғыда дамуға арнады. Академик  Н.И. Веселовский: «...Шоқан Уәлиханов шығыстану әлемінің үстінен құйрықты жұлдыздай жарқ ете қалды. Орыстың Шығысты зерттеуші ғалымдарының бәрі де ерекше бір құбылыс деп танып, одан түркі халықтарының тағдыры туралы ұлы және маңызды жаңалықтар ашқанын күтті. Бірақ Шоқанның мезгілсіз өлімім біздің бұл үмітімізді үзіп кетті»,-деп жазады. Шындығында да Шоқан аз өмірін, жүйелі түрде құра  және өткере білді.

Шоқанды екінші Әл-Фараби деп атасақ әбестігі болмас. Себебін айтатын болсам, біріншіден, Шоқан тарих саласына да өз еңбегін сіңіріп кетті. Өзінің «Ислам діні» деген мақаласында: «Ислам діні Қазақстанда сегізінші ғасырда тарай бастағанымен, халықтың жүрек түкпірінде он тоғызыншы ғасырдың аяғына дейін толық жете қоймады» деп жазған. Екіншіден, география саланда жасаған еңбектерін айтар болсақ, жақ талары анық. Әлі зерттеле қоймаған Қашқарияны зерттеп, «Жарық жұлдыз», «Қашқария сапары» атты еңбектерін жазды. Үшіншіден, әдебиет саласына да сіңірген еңбегі мол. Қазақ әдебиетінің ауыз әдебиетінің мұраларын жинай отыра зерттей, славян халықтарымен салыстырады.  Орыс ауыз әдебиетімен байланысын ашады. Қазақ өлеңдерін: жыр, жоқтау, қара өлең, қайым өлең, өлең деп беске бөледі. Өлеңдерді қобыз немесе домбыраға қосып айтуына қарай жүйелейді.

Қорыта айтқанда, Шоқанның көп салалы әр қырлы бай мұрасы оның дүниетанымы, қоғамдық филосфиялық, ағартушылық, демократтық көзқарасының өз замандастарынан анағұрлым биік деңгейде болғандығын көрсетеді. Сөзімді Ғабит Мүсіреповтың сөзімен қорытындыласам: «Шоқанның ұлылығы соншама, біз оны енді ғана толық түсіне бастағандаймыз».


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз