Өлең, жыр, ақындар

Тәуелсіздік ұстанымын ту еткен қоғам қайраткері - Тұрар Рысқұлов

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Жетекшісі: Ф.Қозыбақова, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих және археология, этнология факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры

Дайындаған: Әбділәшім Ардақ, Әл Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті Филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс студенті.

Әр халықтың даму тарихында өзінің адал еңбегімен, ерен ерлігімен ел тарихының төрінен орын алатын жекелеген азаматтар болатыны ежелден мәлім. Сондай тұлғалардың арқасында әр ұлт өзінің дербестігін сақтап, ұрпақтар жалғастығы өзінің өміршеңдігін дәлелдеп отыр. Қазақ жеке мемлекет болғалы ұлт тұтастығы мен тәуелсіздігі жолында талай «тар жол, тайғақ кешуден» өткен атпал азаматтарымыздың болғаны біздер үшін мақтанып, әрі тарихымыз үшін үлкен мектеп.

Сондай тұлғаларымыздың бірі Тұрар Рысқұлов екен сөзсіз. Өткен ғасырдың басында бүкіл Орта Азия халықтары ішінен алғаш болып әйгілі Кремльдің төрінен орын алған Т.Рысқұлов ел тағдырына жауапты бірегей тұлғаға айналды. Сол тұстағы қым-қуыт саяси тартыс пен ел ішін жайлаған дүрбелеңнің бел ортасында жүрген Т.Рысқұловтың бар ой - арманы қазақ сияқты басынан қиқу, арқасынан таяк кетпеген елінің тәуелсіздігі болды. Ол өзінің бүкіл мақсат - мүддесін осы арнаға бұра отырып, ел басына төнген қауіптiң ауыртпалылығын аса сезімталдықпен пайымдап, одан шығудың сара жолын көрсете білді. Бұл Т.Рысқұловтың елі алдындағы ерен ерлігі болатын.

Әлемнің түкпір - түкпірінде тарыдай шашырап жатқан түркі жұртшылығының басын бір тудың астына жинау мақсатында «Түркі тілдес түгел бол!» ұранын тастап, қазақтың басына төнген жаһандану тажалына қарсы тұру әрекетіне көшті. Оның бүкіл бітім - болмысы қазағының ауыр тағдыры мен келешегі үшін күрес жолынан тұрады.

Т. Рысқұловтың өмірі – тәуелсіздік жолдағы халқымыздың күрес жолымен жымдасып жатқан күрделі құбылыс. Осы саяси тартыста ол бұғанасы қатып ер жетіп, орысша білім алып, оңды танитын азамат деңгейіне дейін көтерілді. Әлеуметтік теңсіздік жолында қатаң жазаға тартылған әке өсиеті бала Тұрардың келешек даму жолын айқындап кеткендей болды. Әділетсіздіктің астарында халық қамы, ел келешегі жатқанын ұғынып өскен Т.Рысқұлов үшін бүкіл өмірін күрес жолына арнау ұлы мұратқа айналды. Демек, Т.Рысқұлов феномені дегенде, бірінші кезекте оның ел келешегі үшін атқарған қайраткерлік күресін және екінші кезекте – еліміздің әлем алдындағы тәуелсіздік өмір сүруін айтқанымыз жөн.

Осы орайда елінің басына күн туып, аштықтың азабын тартып жатқан тұста, ол өз басына төнген қауіптен қорықпай, Сталинге 1932-33 жылдары бірнеше хат жолдады. Ол хаттар сол кезеңдегі қазақ халқының ауыр тұрмысын баяндаумен қатар, елі үшін күрескен Т.Рысқұловтай аяулы азаматтың қиын - қыстау кезіндегі ішкі жан айқайын білдіретін аса маңызды тарихи құжаттар екені сөзсіз.

Т.Рысқұловтың бүкіл өмір жолы Қазақстанның әлеуметтік, саяси, қоғамдық және экономикалық өміріндегі терең өзгерістерді жүзеге асырудың күрделі жағдайында өтті. Ол Түркістан Халкомкеңесінің төрағасы бола жүріп, әлеуметтік экономикалық мәселелерге, ipi өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамытуға, жұмыстылықты қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөліп, сол жолда өзі де жатпай - тұрмай еңбек етті, күш - жігерін аямай жұмсады. Елінің әлемдік дамудан кенже қалмай, тығырықтан шығар жалғыз жол жастардың білім алуы жаңа мамандықтарды меңгеруі деп білді. Мәселен, Қазақстанның 15 жылдығы құрметіне бас қосқан қазақ жастарының жиынында: «Сендер болашақ экономистер, инженерлер, техниктер, агрономдар педагогтер Қазақстанның бұдан әрі қарай дамуына тиянақ болатын кадрларсыңдар», деп, жастардың келешегіне үміт арта сөйлейді. Кезінде Т.Рысқұловтың бұл сөзін жастардың қалыптасу жолына арнаған ағалық батасындай қабылдағаны сөзсіз.

Тұрғылықты халықтың жаңа экономикалық саясатты іске асыруға және тауар - ақша қатынастарын дамытуға белсене қатысуын қалап, соған үндеді. Ал бұл үшін экономиканы қатаң реттеуден бас тартып, өндірісшілерге экономикалық еркіндік беру керек деп пайымдады ол. Сондай - ақ, оның өндіріс құрал жабдықтарын шикізат көздеріне жақындату, ауыл шаруашылығын өнеркәсіп орталықтарына тіркеу мақсатында экономикалық аудандастыру шараларын жүргізу туралы ойлары, түптеп келгенде, ұлт мәселесін жаңа экономикалық саясатпен үйлестіре шешуді көздеген сындарлы ұсыныс еді. Т.Рысқұлов Сталиннің алдына осындай күрделі мәселелерді қоя отырып, «ұлттардың өзін - өзі билеу құқығын» қалыптастыру мен жүзеге асыруды мақсат етіп қойды.

Жалпы тарихта ерекше орын қалдырған қоғам қайраткері, елдің рухани көзін ашқан Тұрар Рысқұлов туралы сөз айтылса, еске бірден осыншама ұзаққа созылған ұлт - азаттық көтерілістер оралады. Тұрар Рысқұлов Қазақстан мен Орта Азия халықтарының 20-30 жылдардағы тарихында ерекше зор роль атқарған саяси қайраткер. Туған халқын азаттық жолындағы күреске бастаған қазақ зиялыларының көш басында тұрған аса ірі саяси жетекшілердің бірі және бірегейі Тұрар Рысқұлов болатын. « Рысқұловшылдық » деп аталатын құбылыстың негізінде жатқан ерекшелік кеңес өкіметінің соңынан ілескен қазақ халқының ұлттық күштерінің өз тағдырына өзі шешу бағытындағы күрес болатын. Рысқұлов Тұрар ( 1894-1938 ) қазақ халқының көрнекті перзенті, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері. Т.Рысқұлов азаттық бастаған Қазак зиялыларының көшбасшысы бола жүріп, күрделі кезеңдерде одан шығудың жолын табуға күш салды.

Т. Рысқұлов және Меркі көтерілісі

ХХ ғасырдың басы қазақ халқы үшін үміт пен күдікке, қым-қиғаш қайшылықтар мен нәтижелері аса ауыр болған әртүрлі деңгейде және әрқилы мәндегі күрестерге толы күрделі кезең болды. Бұл ретте ең алдымен ғасыр басында қазақ мемлекеттілігін халықтың этникалық территориясы негізінде қалпына келтіруді, оны реформалар жолымен өркениетті елдер қатарына қосу арқылы шын мәніндегі тәуелсіздікке жетуді ұлттық мақсат етіп қойған ұлт зиялыларының қызметі ерекше көңіл аударуды қажет етеді. Өткен ғасыр басындағы аласапыранда қазақтың мүддесі жолында күрескен ұлт ұлыларының қай-қайсысының да еңбегі аса жоғары мәнге ие және ерекше құрмет тұтуға тұрарлық. Сол ұлылардың ішінде шоқтығы биік тұлғаның бірі - қатаң тоталитарлық үлгідегі мемлекеттің ең жарқын көріністерінің бірі болып табылатын Кеңес үкіметінде жоғары дәрежедегі мемлекеттік қызметтерді атқара жүріп, ұлттың қамы үшін бүкіл өмірін сарп еткен тұлға Т.Рысқұлов болды десек қателеспейміз.

Т.Рысқұловтың қазақ халқының мүддесі жолындағы күресі және осы жолдағы қызметінің сан қырлылығы оны ХХ ғасыр басындағы ұлт жанашырларының арасында шоқтығы биік тұлға ретінде көрсетеді. Қоғам және мемлекет қайраткерін академик М.Қозыбаевтың әлемдік тарихтағы тұғыры биік, жұлдызы жарық Сунь Ят Сен, Джавахарлал Неру, М.Кемаль Ататүрік сияқты қайраткерлермен бір қатардағы тұлға ретінде бағалауы оның халық алдындағы қызметінің қаншалықты биік болғандығының дәлелі.

Кәсіби саясаткер ғана емес, көрнекті ғалым, білікті қаржыгер, талантты журналист ретінде танылған Т. Рысқұлов- ұлттық тарихымыздың қалыптасуына және дамуына қомақты үлес қосқан тарихшы. ХХ ғасырдың алғашқы үш он жылдығында Қазақстан мен Түркістандағы аса ірі саяси оқиғалардың қарама - қарсы тіркестіктерге толы тарихи үрдістерге қазақ зиялылары арасында алғашқылардың бірегейі ретінде жүйелі түрде зерттеулер жүргізіп, бірнеше аса құнды еңбектерін арнады. Бұл зерттеулер Отандық ғылымға қалдырған мәңгілік құнды мұралар болып табылады.

Т.Рысқұловтың тарихшы ретіндегі еңбектерін бағалауда оның XX басындағы Түркістан өлкесінің саяси - әлеуметтік тарихынан жан-жақты, жүйелі  ғылыми деректер беретін еңбектерінің мәні өте зор. Бір ғана 1926ж. жарық көрген 1916 жылғы көтеріліс тақырыбына арналған «Революция и коренное население Туркестана» атты еңбегі барлық кезеңдердегі зерттеушілер үшін құнды дерек көзі. Еңбекте 1916 жылғы көтеріліс қарсаңындағы Орта Азия халықтарының әлеуметтік-экономикалық жағдайы терең талданып, жекелеген аймақтардағы наразылықтардың объективті алғышарттарының ғылыми негіздемелері жасалды.

Қарастырылып отырған кезеңді қамтитын еңбектің ерекше маңызы - авторының карама - қайшылығы мол оқиғалардың қатардағы куәгері емес, үрдістерге белгілі дәрежеде ықпал етуші тарихи тұлға болуында. Кеңестік тоталитарлық мемлекетте Түркістан Республикасы ОАК төрағасы, РСФСР Ұлт істері жөніндегі комиссарының орынбасары, Коминтерннің Моңғолиядағы елшісі сияқты аса маңызды мемлекеттік қызметтерді атқарған қайраткердің саяси күрес жолында шыңдалу мектебі дәл осы 1916 жылғы ұлт - азаттық күрес кезінде басталған қызметтерді атқарған қайраткердің саяси күрес жолында шыңдалу болатын. Т.Рысқұловтың 1916 жылғы Қазақстан мен Орта Азиядагы көтерілістің аса ірі ошақтарының бірі – Меркі аймағын жайлаған көтеріліске саяси басшылық қызметінің орны бөлек. 1916 жылғы ұлт - азаттық көтеріліс пен одан кейінгі тек Ресей империясының шеңберіндегі ғана емес, әлемдік тарихи дамудағы түбегейлі өзгерістерді әкелген оқиғалар Т.Рысқұловты саяси аренада кәсіби тұлға ретінде қалыптастырды. Әділетсіздік пен теңсіздіктің ащы дәмін жастайынан көріп өскен ұлтжанды Тұрардың елдегі қалыптасқан тарихи өзгерістерді халық мүддесіне арнауға ұмтылған сол дәуірдегі қазақ зиялылары топбастары бірегейі болды.

Соңғы кезеңге дейін қазақ даласын қамтыған 1916 жылғы көтеріліс тарихы негізінен Торғай даласы мен Жетісу аймағындағы оқиғаларға басымдылық беріліп, ал көтерілістің Ыстықкөл – Шу орталығы, соның ішінде Меркі көтерілісінің тарихы жүйелі түрде зерттелмей келді. Меркі көтерілісінің тарихы бізге негізінен Т.Рысқұловтың еңбектері арқылы белгілі. Меркі көтерілісін алғашқы рет қазақ даласындағы ең ірі көтеріліс деп көрсеткен де Т.Рысқұлов болатын. 1916 жылғы көтерілістің тек патшаның маусым жарлығына ғана байланысты шықпағандығын, оның тамыры саяси - экономикалық себептерде отарлау саясаты, оның ішінде жер мәселесінде келімсектерді өлкеге қоныстандыру саясаты төңірегінде болғандығын Т.Рысқұлов жан - жақты ресми дәлелдермен ашып көрсетті. Қазақтардан күштеп жұмысшылар алу ісінің халықты көтеріліске ұласуының басты себебі патша үкіметінің Қазақстан мен Қырғызстан жерлерін отарлаудағы терең қайшылықты саясатында жатқандығын жазады.

1916 жылы ұлт - азаттық көтеріліс қарсаңында Ташкент мұғалімдер институтында білім алып жатқан Т.Рысқұлов бұл туралы өз еңбектерінде былайша баяндайды: « ... көтеріліс алдымен 1916 жылы июльдің 11 - інде ескі Ташкент қаласында басталды. Мыңнан астам халық ескі Ташкенттегі полиция мекемесінің қасында жиналып, жұмысқа адам алу туралы бұйрықтың орындалуына қарсылық көрсетті. Ташкенттегі прапорщик школынан бір рота әскер келіп, жиылған жұртты ыдыратқаннан кейін, полиция мекемесінің қасында 6 өлiк қалды. Бәрі де тұрғын ел. Көпшіліктің қанша өлікті, қанша жаралыны алып кеткені мәлім емес».

Ташкент қаласында басталған халық толқуларын көрген соң, Тұрар институттағы оқуын тастап, Әулиеата уезіндегі Мерке селосына аттанады. Қазақ жеріндегі басқа көтеріліс ошақтары сияқты, Әулиеата уезіндегі көтеріліс те патша жарлығы мәлім болған шілде айынан басталды. Маусым жарлығы бойынша Тыл жұмыстарына қазақтардан алынуы тиіс 240 мыңға жуық адамның 22 675 - і Әулиеата уезінің үлесіне тиді. Алайда тамыз айының аяғына дейін уезден тізімге іліккендердің саны небәрі 3000 адам болып шықты, қалғандарын қазақ жұрты бермеуге келіскен.

Т.Рысқұлов Меркіге келген тұста патша жарлығына қарсы наразылық білдірген жергілікті халықтың ашық көтеріліске шығып, полициямен және келімсек еуропалық шаруалармен ашық қақтығысқа шығып жатқан оқиғаларының үстінен түседі . Мұндағы халықты стихиялы әрекеттер жасамауға, қарапайым орыс шаруаларына тиіспестен, тек патша әкімшілігі мен жазалаушы бөлімдерге ғана қарсы күресуге үндей отырып, Рысқұлов көтерілісшілерге саяси бағыт-бағдар береді.

Рысқұлов нәтижесінде патша жарлығына қарсы көтерілістің Сырдария облысындағы елді мекендеріне қарағанда, Әулиеата уезі, әсіресе Меркі көтерілісінің ауқымы, сипаты мен пәрменділігі күштірек болды. IШын мәнісінде, Меркі көтерілісінің географиялық ауқымы жағынан да, зардабы мен салдары жағынан да ауқымды, әрі жазалану сипаты жағынан өте қатаң болғандығын ең алғаш көтерген Т.Рысқұлов болатын. Алайда, оның еңбектерінің кеңестік тоталитарлық саясат тұсында жарыққа шықпауы, ғылыми айналымға енбеуі бұл мәселенің тарихи объективті бағалануын кешеуілдетті.

 Әулиеата уезіндегі көтеріліс Күшеней болысы елінің Краш деген орман қараушысын өлтіріп, жергілікті әкімдерге қарсылық көрсетуінен басталған. Меркі көтерілісі сол кезде Пішпек және Әулиеата уездеріне қарайтын қазақ елінің жайлауы Сусамыр елінде де басталды. Көтерілісшілер Белобуддинский, Николайский, Перовск деген орыс поселкелеріне шабуыл жасап, поселкенің мұжықтары мен жаңа салынып жатқан Жетісу темір жолының жұмыскерлері көтеріліс кезінде қалаға көшті. Себебі жергілікті орыс әкімшілігі орыс мұжықтары мен жұмысшыларын қазақтарға қарсы қаруландыра бастаған болатын.

Шілденің соңы мен тамызда бүкіл Шу-Ыстықкөл аймағы жаппай көтеріліске шығады. Т.Рысқұлов Меркі учаскесінің Қорағаты болысында көтеріліске басшылық жасауымен ерекше көзге түскен Ақкөз Қосанұлы саяси кеңесшiлiк жасайды. Ақкөз батыр осы кезде Меркі, Құлан өңірінің 7 болыс елін көтіріліске бастаған басшы ретінде танылған болатын. Көтеріліс басталған сәтте-ақ оған қарсы Ташкенттен Әулиеата мен Пішпек арасына әдеуір қосымша әскер жіберілген. Деректерде Меркіге жазалаушы әскерді тез жеткізу мақсатында тiптi автокөліктердің де пайдаланылғаны баяндалады. Осылайша, Меркіде үлкен әскери күш топтастырылды. Бұл Меркі көтеріліс ошағының шын мәнісінде Рысқұлов көрсеткеніндей өте ауқымды болғандығын, сондығымен патша үкіметінің жергілікті әкімшілігі тарапынан айтарлықтай үрей туғызғанын дәлелдейді.

Т.Рысқұлов естеліктері бойынша, Меркі учаскесіндегі жаппай көтеріліс 25 тамызда басталған. Жергілікті қазақ - қырғыздар Меркіден Пішпекке дейінгі телеграф желілерін үзіп, орыс поселкелеріне шабуыл ұйымдастырған. Көтерілісшілердің мұнан кейінгі 1500-2000 сарбаздармен 29-30 тамыз күндері Меркіні алуға жасаған шабуылы туралы Т.Рысқұлов «Августың 29-30 - ына найзалы, ішінара мылтығы бар бір жарым – екі мың қазақ Меркіге қайтадан шабуыл жасады да, Меркідегі бір рота әскер бірнеше рет жапатармағай атып, бетін қайтарған. Бұл шабуылда қазақтан көп адам өлген. Келген әскер, әсіресе, Ново-Троицк ауданында аса қатаңдық істеген. Бұл ауданға жіберілген әскердің бастығы прапорщик Бундиров еді ... Бундировтың әскері 150 қазақты ұстап алып, бәрін де жолшыбай атып өлтірген ... Меркі ауданының мұжықтары үкіметтен рұқсат алып, қазақ ауылдарын қиратқан, малдарын поселкелеріне айдап алған ...», - деп жазады. Патша әскері тарапынан жасалған бұл әрекеттер көтерілісшілерді аяусыз жаншығанын байқатады. Осы кезде Меркі қазақтарына Шу қазақтары да қосылған. Көтерілісшілер Шалдауар мен Мерке арасындағы, кейіннен Меркі мен Пішпек арасындағы телеграф желілерін үзіп, патша әскерлерімен қақтығыстарға түскен. Көтерілісшілердің отаршыл үкіметке деген наразылығы қаншама күшті болғанымен, қарулы әскердің екпінімен олар шегінуге мәжбүр болып, Шу құмдарына қарай бас сауғалайды.

30 тамыз күні Мөңке станциясы маңында жазалаушылар әскерімен қақтығыста көтерілісшілердің жетекшісі қайтыс болады. Меркі көтерілісшілері 20 қыркүйекте шегініп, жаңа шабуылға күш жинау үшін Мойынқұмда дайындық жасауға кіріседі. Олар мұнда Жетісудың өзге аймақтырының көтеріліс басшыларына кісі жіберіп, көтеріліс ошақтарын біріктіруге, әскерге қарсы бірігіп күресуге тырысады. Бірақ ұйымдасқан, жақсы қаруланған тұрақты орыс әскеріне қарсы жанқиярлықпен аянбай соғысқанымен, қарсыласқандарынан қыркүйектің соңында Меркі көтерілісшілері жеңіліс табады.

Жалпы, Жетісудағы халық көтерілісін басу үшін патша үкіметі құрамында 14 батальон, 33 жүздік, 42 зеңбірек және 97 пулемет командасы бар тұтас жазалау экспедициясын жасақтаған болатын. 1916 жылы 21 тамызда Фольбаумға берген жеделхатында генерал Куропаткиннің «Черняев, Романовский, Кауфман, Скоблевтер Сырдария, Самарқанд, Ферғана облыстарын бұдан аз күшпен жаулап алған еді» деп мәлімдеуі 1916 жылғы көтерілістің жалпы ұлттық сипатта болғандығын айғақтайды.

 

ТҰРАР РЫСҚҰЛОВТЫҢ ӘУЛИЕАТА УЕЗІНДЕГІ АШТЫҚҚА ҚАРСЫ КОМИССИЯСЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ

Т. Рысқұловтың 1918-1920 жылдардағы атқарған қоғамдық саяси қызметі мынадай негізгі бағыттарды қамтыған еді:

1) Әулиеата уезінде кеңес үкіметі билігін нығайту;

2) жергілікті халықтарды саяси - әлеуметтік және экономикалық істерге топтастыру;

3) негізінен көшпелі халықты қамтыған сұрапыл ашаршылықпен күрес;

4) шиеленіскен орыс және қазақ  тұрғындары арасындағы ұлтаралық ала ауыздықты бәсеңдету;

5) Әулиеата уезінің халық шаруашылығын қалпына келтіріп, өркендету бағытында атқарылған шаралар.

1917 жылы жазда Ташкент қаласында қазақ депутаттарының Түркістан өлкелік кеңесі құрылды. Ол кеңестің жетекшілерінің бірі Т. Рысқұлов болды. Сол жылы 30 тамызда шаруа депутаттары кеңестері мен қазақ депутаттары кеңестері бірігіп ортақ атқару комитетіне 6 адам орыс, 6 адам қазақ мүше болып сайланды. Бұл комитеттің құрамында да Т. Рысқұлов болды.

Ташкенттегі саяси оқиғалардың ықпалымен 1917 жылы 6 қарашада Әулиеата уезі мен қаласындағы саяси билік уездік солдат және жұмысшы депутаттары кеңестерінің қолына өтті. Бірақ, ұзақ уақыт бойы уездік кеңестің негізгі қызметінің ауқымы қала мен уездің европалық тұрғындары мекендеген болыстарын ғана қамтыды. Ал, уездің мұсылман халқының өмір тіршілігі олар үшін жат күйінде қалып, негізгі қарым - қатынас тек қарудың күшімен ғана жүргізіле берді.

Сол тарихи кезеңде Т. Рысқұлов жергілікті халықтардың саяси - әлеуметтік жағдайын жеңілдетіп, мүдделерін қорғау үшін бірден - бір тактикалық дұрыс жолды таңдай білді. Бұл жол маңына топтасқан саяси қайраткерлерді ұйымдастыра отырып, саяси билік пен әскери күшке ие болып отырған уездік кеңестің құрамына өту және оның қызметіне ықпал жасау болатын. « Еңбекшілердің қолдауымен мен уездік атқару комитетіне сайландым. Белсенділігімнің арқасында көп ұзамай орыс солдаттары мен жұмысшылардың да сенiмiне ие болдым ... Сол үшін солдат бұқарасы мен орыс жолдастар мені ұдайы бірауыздан қолдап отырды», - дейді Т. Рысқұлов.

1917-1918 жылдардың қысы аса ауыр жағдайда өтті. 1917 жылдың күзіне таман басталып, 1918 жылдың қыс айларында үдей түскен ашаршылыққа ең алдымен уездің көшпелі халқы ұшырады. Ал уездің отырықшы орыс шаруалары мұндай ауыртпалықты басынан кешірген жоқ. Мысалы, уездің бір Гродеково селосындағы орыс шаруаларының қамбаларындағы астықты тексергенде мынадай жағдай анықталды: 84 отбасында (653 адам) 5.185 пұт бидай, 533 пұт ұн сақталған, яғни басына шаққанда шамамен ғана жан 9 пұт шамасында астық болған. Көптеген орыс шаруаларының артык астықтарын базарда үстеме бағаға сатуға мүмкіндіктері бар еді.

1917 жылдың соңында Әулиеата уездік кеңесінің өкілдері Хоменко мен Жужин уездің халқы үшін Ақмола облысынан 100 мың пұт астық сатып алады, бірақ бұл астық уездегі ашыққан көшпелі халыққа берілмей, негізінен орыс жұртшылығы мен Әскери бөлімдерге таратылады.

Әулиеата уезіндегі көшпелі халық арасында аштық қатты етек ала бастады. Түрліше жұқпалы аурулар сүзек, іш аурулары, тырысқақ, құрқұлақ, оба, тері аурулары тез тарап жатты. Аш жалаңаштықтан, індеттен қырылған адамдардың өлігі ит - құсқа жем болып, далада шашылып қалды. Оларды жинап, жерлеуге үкімет мекемелерінің күш - қуаты жетпеді.

Саяси белсенді іс - әрекетімен таныла бастаған Т. Рысқұлов депутаттардың ұсынуымен 1918 жылы сәуірде Әулиеата уездік кеңесі атқару комитетінің төрағасының орынбасары болып сайланады. Саяси билікке қол жеткізген Т. Рысқұлов өз күш жігерін аныққан халықты төніп тұрған ажал тырнағынан арашалап қалуға, орыстар мен қазақтардың арасындағы қарым - қатынасты реттеуге, кеңестерде жергілікті басшылардың көбеюіне жұмсады. Бүкіл Түркістан өлкесінде алғаш рет уездік төтенше комиссия ұйымдастырып, қарулы отрядпен бірге уезді аралап, орыстар мен қазақтардың өзара қырқысын тиюға, контрибуция ретінде тартып алынған қазақтардың бұйымдары мен малдарын өздеріне қайтарып бергізуге тырысты. « Дәл осы сәттен бастап уездегі 200 мың қазақ халқына, әсіресе кембағалдарға, мен және менің қызметкерлерім езілгендерді құтқарушылардың нағыз өздері болып көріңдік », -деп еске алады кейіннен Т. Рысқұлов.

Т. Рысқұловтың ықпалымен Әулиеата уездік кеңесінің құрамы мен жұмыс тәсілі тез өзгере бастады. 1918 жылдың 21 сәуірінде уездік кеңестің мүшелігіне қазақтар арасынан депутаттар сайлау мақсатымен Әулиеата қаласында Т. Рысқұлов ұйымдастырған қазақ жұмысшыларының үлкен жиыны болып өтті. Ашық дауысқа түскен 9 адамның арасынан кеңестің мүшелігіне 4 адам өтті. Осылайша, 1918 жылдың сәуір айының аяғында Әулиеата уездік кеңесінің 26 мүшесінің 15 -і, ал атқару комитетінің 14 мүшесінің 3 -і жергілікті халық өкілдері болуына қол жеткізілді. Құрамына жергілікті халықтардың әлеуметтік жағдайын жақсы білетін мүшелердің көптеп енуіне байланысты, Әулиеата уездік кеңесінің атқару комитеті дұрыс бағытта жұмыс істей бастады.

Күн өткен сайын асқына түскен ашаршылық пен жұқпалы ауруларға қарсы күреске Т. Рысқұлов қатты күш - жігер жұмсады. Науқастарды емдеу, ауруханалар ашу және жұқпалы аурулардан сақтандыру өте қиынға түсті. Қалада не бәрі 4 - ақ маман дәрігер бар еді. Уездік кеңес 1918 жылдың 23 сәуірінде жұқпалы аурулармен күрес шараларын белгілеп, жұмысты үйлестіру үшін санитарлық комиссия тағайындады. Әулиеата қаласының маңында қоғамдық тамақтандыру орындары ұйымдастырылып, онда 20000 адамға дейін ашыққан қазақтар тамақтандырылды.

Аштықты ауыздықтау үшін басқа да шаралармен қатар, көктемде егіс жұмыстарын ұйымдастыру, ауыл еңбекшілерін тұқыммен, құрал - сайманмен қамтамасыз ету сияқты кезек күттірмейтін аса қиын проблемаларды шешуге тура келді. Өлкелік үкіметтің Әулиеата уезіне бөлген тұқымдық астығын қабылдап алу, оларды әділетті түрде бөлу ісі де оңайға соқпады. Бұл істе де мемлекеттік мекемелердің шалағайлығы қазақ жұртшылығының егіншілікпен таныс еместігі де көп қолбайлау болды. Сондықтан, 1918 жылы 29 сәуірде Т. Рысқұловтъң ұйымдастыруымен өткен уездің қазақ түрғындары өкілдерінің жиыны егіс мәселесін кең түрде талқылап, жеткізілген тұқымды қазақтар мен орыстар арасында әділетті түрде теңдей бөлу ісін кадағалау мақсатында арнайы комиссия тағайындалады. Комиссия 30 сәуірдегі қаулысында тұқымдық астықты талан-таражға ұшыратпау үшін оны жеке адамдарға емес, ауыл тұрғындарының бірлестіктеріне және ұйымдарына бөліп беру туралы шешім шығарады. Бұл шаралар көктемгі егістік жұмыстарының ұйымдасқан түрде өтуіне үлкен қолғабыс жасайды.

1918 жылы 7 мамырда Т. Рысқұлов Әулиеата уездік комиссары мен уездік кеңестің төрағасымен бірге, Үлкен Алмалық болысында орналасқан №41 қоғамдық тамақтандыру орнын тексеріп, оның жағдайымен танысады. Тексеру барысында комиссия орын алып отырған түрлі кемшіліктердің сырын ашып, жағдайды сауықтандыру үшін нақты шаралар белгілейді. Асхананың орыс басшылары аurтарға бөлінген азық - түлікті талан таражға түсіріп, аш - ауру адамдарды ұрып - соққаны анықталды.

Қоғамдық тамақтандыру орнында бұрын қазақ азық - түлік секциясы басшылық жасап келген болса, одан кейінгі басқару жергілікті орыс комитетінің қолына берілген болатын. Олар аштарды тамақтандырудың орнына, ойларына келгенін жасаған. Т. Рысқұлов асхана меңгерушісін орнынан алып, қолынан іс келетін басқа адам тағайындайды. Комиссияның арнайы тапсырмасымен аурулар үшін қосымша тағы да 10 киіз үй тіктіріліп, әр үш адамға тәулігіне 1 бөлке нан беріле бастады.

Қазақ жастарын саяси - мемлекеттік істерге белсене араластыру мақсатымен 1918 жылы 11 мамырда Әулиеата қаласында Т. Рысқұлов пен Федоров - Завадский ұйымдастырған қазақ өкілдерінің уездік съезі ашылады. Съезге Т. Рысқұлов төрағалық етеді. Бұрынғы кеңестің таратылуына байланысты, құрамына төралқаны қоса есептегенде 28 мүше кірген жаңа Қазақ депутаттарының уездік кеңесі құрылады. Төралқа тұрақты жұмыс істейтін болып шешіледі, ал кеңестің съездерін ай сайын Әулиеата уездік солдат, жұмысшы, шаруа және қазақ депутаттарының кеңесі съездерімен бір мезгілде өткізіп отыру көзделеді. Съезде қазіргі саяси жағдай, конституция мәселелері, қазақ - орыс шаруаларының ара - қатынасы, ашаршылықпен күрес шаралары талқыланады.

Осылайша, Т. Рысқұловтың Әулиеатадағы саяси қызметі өз мәресіне жетіп, оның өмірінде жаңа бір белес басталады. Т. Рысқұловтың қызметіндегі Әулиеата кезеңі ірі мемлекет қайраткері болып қалыптасу жолында орасан зор ықпал еткен алғашқы баспалдық, саяси өмір мектебі болды. Әулиеата уездік кеңесінің мүшесі, соңғы айларда атқару комитеттерінің төрағасы ретінде Т. Рысқұлов өзіне жүктелген аса ауыр міндеттерді абыроймен атқарып шықты. Зор саяси ұйымдастырушы ретіндегі Т. Рысқұловтың орны Әулиеатадан Ташкентке ауысқан алғашқы апталарда - ақ айқын көрінеді. Бұл уақытта Т.Рысқұловтың тікелей басшылығымен ұйымдастырылып, жұмыс істеп жатқан қоғамдық тамақтандыру орындарында сан мыңдаған аш - жалаңаш босқындар күнелтуде болатын. Асханалардың ырғақты және ұйымдасқан түрде жұмыс істеуіне Т. Рысқұлов көп күш - жігер жұмсаған еді. Бұл асханалардың 1918 жылғы тамыз айындағы жағдайы туралы Әулиеата уездік комиссарының есебінде былай деп көрсетілген: « ... аштарға құнарлы тамақ берілуде, сондықтан да олардың жүріс тұрысы ширақ. Тамақтандыру орындарындағы аштарға деген жақсы күтімнің арқасында соңғы кезде өлім - жітім едәуір азайды ». Бұл дерек, егер жеткілікті дәрежеде көңіл бөлініп, қамқорлық жасалса, аштан қырылып жатқан адамдардың өмірін арашалап қалуға мүмкіндіктердің болғанын көрсетеді. Ал Т.Рысқұловтың Ташкентке қызметке ауысуына байланысты аштарға көмектесу туралы талап босаңсып, жағдай қайтадан шиеленісіп кетеді. Мысалы, аштарға көмек ісі бойынша тағайындалған эмиссардың 1918 жылы 22 қазанда Әулиеата атқару комитетіне жазған мәліметінде, уездік кеңестің бұл істі бетімен жіберуіне байланысты, тамақтандыру органдарының тығырыққа тірелгені атап көрсетілген.

Т. Рысқұловтың беделі тек уездік кеңесте ғана емес, сондай - ақ жергілікті партия ұйымында да жоғары болатын. Принципшіл адамдарды ұлттық белгілеріне қарай емес, іскерлік қабілеттеріне қарай іріктейтін Т. Рысқұлов - уездік кеңесте де, жергілікті партия ұйымында да адамдарды топтастырушы және мақсатты іске жұмылдырушы қайраткер ретінде саналды. Т. Рысқұловтың Ташкент қаласына қызметке ауысуына байланысты Әулиеата уездік кеңесінің атқару комитетінде ұлтаралық ала ауыздық басталып, мүшелері бірге қызмет істеу мүмкіндігінен айырылады.

1918 жылы 2 қарашада Әулиеата уездік партия ұйымының большевиктер фракциясының мәжілісінде осы мәселе арнайы талқыланып, атқару комитетінің мүшесі Бегеевтің баяндамасы тындалды. Қорытындысында, Бегеев ала ауыздық шарпыған атқару комитетінде жұмыс істеуден бас тартады. Ала ауыздыққа негізінен атқару комитетінің құрамындағы орыстардың жаңадан қабылданылған қазақ жастарына менсінбей, кемсіте қарауы мен сенімсіздік танытуы басты себеп болған екен.

Ташкент қаласына қызметке ауысқан Тұрар Рысқұлов Түркістан Республикасының уездік, қалалық аштықпен күрес комиссияларының нұсқаулықтарын әзірлеп, бекітті. Аштықпен күрес жөніндегі Орталық комиссияның төрағасы бола отырып, барлық аймақтардағы қалыптасқан жағдайды қадағалап отырды. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау комиссарына хатпен қайырылып, Түркістан Республикасындағы аштарды тамақпен қамтамасыз ету пункттерінің санитарлық - гигиеналық жағдайын жетілдіруді сұрады.

Т.Рысқұлов үнемі өсу үстінде болды, бірақ оның осы жылдардағы атқарған қызметтері жай қызмет алмастыру немесе қызмет бабындағы қарапайым өсу емес еді. Қай саланы басқармасын, қай жерде жүрмесін , Рысқұлов өз деңгейіндегі іскер азамат ретінде танылды. Оның ой - пікірі мен қажыр - қайраты ешқашан да халыққа қарсы бағытталған жоқ. Ол туған халқының арман - тілегімен, мұң - мұқтажымен өмір сүріп, күрес жүргізді.

Т. Рысқұлов ұлт жанашыры болды, оның бүкіл саналы ғұмыры ұлт мүддесі жолындағы жалынды күреспен өтті. Ал ХХ ғасырдың 20-30 жылдары ұлт мүддесі үшін күресу оңай емес еді. Сталин оның әр қадамына аңду ұйымдастырды. Ол елдің батыс аудандарын басқаруды орынбасары С. Пестковскийге тапсырып, ал өзі елдің шығыстағы аудандарын, мұсылман түріктері мекендеген республикаларды қырағы бақылауында ұстаған болатын.

Т. Рысқұловтың арман - тілегінің орындалғанына бүгінде тарих куә, ол бұл бакытты күнді көре алмаса да, оның туатынына сенген еді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз