Абай ілімі – әдебиеттану ғылымының арнаулы салаларының бірі. Абай әлемі – мәңгілік мұра, қымбат қазыналар қатарына жататындықтан, ғасырдан астам уақыт бойы сөз етіліп, әр алуан бағытта зерттеулер жүйесіне айналып келеді. М.Әуезов туған халқының әдебиеті мен ауыз әдебиетінің, Ұлы Абайдың көркемдік әлемінің кәусар бұлағынан сусындап, солардың игі дәстүрін өз бойына сіңіру, оларды байытып, дамыту үстіндегі бүкіл әлемдік көркем ойдың асыл қорына баға жетпес үлес қосты.
Жазушы ұлы Абаймен рухани жақындығы қазақ әдебиетінің биік шыңға көтерілуіне игілікті әсерін тигізді. Абай арқылы қазақ елі тарихының эпопеясын сомдады. Ал Абайдың өмірі мен әдеби мұрасына, М.Әуезов оған ерте кезден-ақ зер салған. 1918 жылы ол «Абай», 1925 жылы «Таң» журналдарына ұлы ақынның шығармаларын «Абайдың кейбір өсиет сөздері» деген атпен бастырған. Арада жылдар өткен сайын Абай мұрасына жазушы тереңірек үңіле бастады. Сол замандағы өмір салтын, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық сана-сезімді, ұлттық менталитетті түп-тамырымен жойып жіберу мүмкін емес еді.
М.Әуезов 30-жылдары Абай мұрасына әрқилы баға беріліп, қым-қиғаш пікірлер айтылып жүргенде, ақынның ұлылығын, қалдырған мұрасының аса құндылығын тани білді. Ұлы Абайдың көзі тірісінде жарық көрмей қалған қымбат қазынасын жинастырып, баспаға әзірлеген, сонан соң оны ғылыми ыждағаттылықпен зерттеген М.Әуезовтің еңбегі оның Абай тақырыбына арналған көркем шығармашылық мұрасымен пара-пар еді.
Абай өз заманының ойшылы, жыршысы болуымен қатар, тірлік пен қоғамға жат әрекеттердің аяусыз сыншысы. Сөзімізді атақты «Сегіз аяқтан» бастайықшы. «Өткірдің жүзі, кестенің бізі сүйексіз қызыл тілдей жүректерге өрнек сала алмайтынын» айта отырып, «Білгенге маржан, білмеске арзан» ойларын, жанын жүдеткен пасық әрекеттер мен ел ішіндегі надандықтан өрбитін өресі тайыз тірліктерді аяусыз сынап, мінейді. «Санасыз, ойсыз жарымес» тобырдың сөзді ұқпай, жетекке ермей, жаны ашыған ағайынның, ақ жарылып айтқан насихатын ұғуға өресі жетпей, қамсыз-ойсыз, құлықсыздықпен тыңдауға да ниет таныта алмай, арсыз, ұятсыздығына салып, еш сөзге мейірленбей, «қалғып» кететіні тек сол заманның емес, бүгінгі күннің де өткір мәселесі екендігі кім-кімге де түсінікті.
Абайдың заманында елдің билігі жаттың қолында болды. Жат жарылқамады. Жамандық көрсе, оны қолымен де, сөзімен де, жүрегімен де түземеді. Билеуші де, билеу жүйесі де қазақ қоғамының дәстүрлі мәдениетіне жат бағытты ұстанды, елді бірлік пен ынтымаққа, жақсылық пен ізгілікке ұйытпай, жамандыққа, надандыққа, жаулыққа жол ашты. Қу мен сұм белең алды. Ар ойлайтын адам азайып, пайда ойлайтын сабырсыз, арсыз, көрсе қызар, жалмауыз жандар шықты. Сырттансынбақ, қусынбақ, өршілденбек бұлардың ажарын ашатын айрықша көрікке айналды. Алашқа сыртынан күліп, ішінде жаулық сақтады, жақынын тіріде аңдып, өлсе өкіріп жылайтын әдет тапты.
Абай қырық жасқа толып, қырық бірге қараған шағында: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», — дейді. Бұл шақта ақынның дүние, әлем туралы танымы шығыстық рухани қазынамен байыған, кемеліне келіп, толысқан еді. Рухани кемел деңгейге көтерілген ақын заман сырын, адам құлқын терең философиялық таныммен таразылайды, адам сыры мен заман сипатын жете танып, адамнан да, заманнан да көңілі қалғанда, өз жанына үңіліп, өз жүрегіне бойлайды, алданышты да, жұбанышты да содан табады. Қайғы ойлау, көзден ұйқы қашып, ойдың кермек тартуы — мұның бәрі қартайғандықтың белгісі емес. Заманынан, заманының адамынан озған, ақылымен, парасатымен асқан ақын өзі жеткен рухани биіктен мұңдасарға, ойласарға сөз ұғарлық кісі таппай толғанады. Толғана отырып, заман, адам туралы ойларын жақсы мен жаман, адал мен арам, ақыл мен қайрат жайындағы адамгершілік нысана-тұрғысы биігінен баяндайды, адал мен арамның, жақсы мен жаманның парқын ақыл ғана айыра алатындығын андатады. Осылайша адам мен заман туралы толғаныстар жақсы мен жаман, адал мен арам, жан мен тән, ақыл мен қайрат туралы терең пайымдауларға ұласады.
Қорытындылай келе, Абайдың әдеби мұрасының бүгінгі қоғам үшін маңызы мен мәні ондағы адам келбеті, заман сипаты туралы әлеуметтік, адамгершілік ұстанымдар мен тұжырымдардың өміршеңдігінде, өмірлік өзектілігінде. Ақынның жақсы мен жаман, надандық пен адамдық, махаббат пен ғадауат туралы әр ұстанымы, әр тұжырымы өткен өмірдің, бүгінгі күн мен келер шақтың рухани келбетінің кемелдік деңгейін дәл анықтайтын айрықша өлшемдер көрсеткіші болып табылады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі