Өлең, жыр, ақындар

Ұлт перзенті Ғани Мұратбаевтың қазақ поэзиясындағы тұлғалық философиясы

Қазақстан мен Орталық Азия жастарының жалынды жетекшісі, Шығыс жастарының ұйымдастырушысы болған белгілі қоғам қайраткері Ғани Мұратбаев есімі елге ғана емес, әлемге белгілі. Ол өз басына дарыған жігер - күш пен ақыл - парасатын шығыс халқының кемел келешегіне бағыттады. Егер сарғайған тарих парақтарына көз салсақ, он бес жасар баланың аласапыран кезеңде мәртебелі де лауазымды ұйымның мүшелігіне қабылдануы тектен - тек болмаса керек. Тұла бойы қайсарлық пен қайратқа, намыс пен жігерге, ойы ақыл мен парасатқа толы Ғани шығыс жастарының кемел келешегі үшін өмірін сарп етті. Сол Ғаниды біз білеміз бе? Әдебиет қойнауында Ғани жайлы не айтады?

1. Ғанидың шыққан тегі туралы ақындар қалай жырлайды?

Шайхислам Серікбаев"Шамшырағы Шығыстың"атты жырында:

Шежіре, тарих қозғасам,[ 1. 69б]

Әлімнен тарап алты ұл.

Біреуі жақын, бірі алыс

Қарасақал Шіңгірден

Еліне болған қорғаныш

Мұратбаев Ғаниым.

Бұл жерде Шайхислам Серікбаев Ғанидың Кіші жүз, оның ішінде Әлім, Әлімнің ішінде Қарасақал, Қарасақалдың ішінде Шіңгірден тарағанын, яғни Ғанидың руы Қарасақалдың Шіңгірі екенін айтады.

Ғани Мұратбаевтың ата - тегін келтірейік. Мұны біз ұлағатты ақын, шайыр Қарасақал Ерімбет бабамыз жазып кеткен шежіреден табамыз (бабамыз 1911 жылы өмірден өткен). Кіші жүз Әлімұлы алты руға бөлінеді. Соның біреуі Қарасақал аталады. Қарасақал өз ретінде үш атаға жіктеледі. Олар Сарбас, Шіңгір, Пұсырман. Шіңгір өз ретінде үш атаға бөлінеді. Олар: Бәйбіше, Жарболды, Батан. Батаннан бірнеше атадан кейін Наймантай туады. Наймантайдан алты бала, оның біреуі – Маябақтан алты бала өмірге келеді. Оның біреуі – Қажет. Қажеттен алты бала: Аманбай, Жаманбай, Жақсыбай, Боранқұл, Мұратбай және Салықбай туады. Мұратбай мен Салықбай – кенже балалар. Мұратбайдан – Ғани, Салықбайдан Ағыбай… жарық дүние есігін ашады.

2. Ғанидың туған жері

Файзолла Омаров"Алдыңғы толқын─ағалар":[ 2. 20б]

Түлетті бұл Қазалы сан қыранды

Үнінен әлем бүгін жаңғырады.

Шығыстың Шолпанындай Ғани біздің

"─Халқыма азаттық!"- деп салды ұранды. Бұл жерде Файзолла Омаров Ғанидың Қазалылық екенін айтады.

3. Қайсар бала

Рүстем Жанай"Қайсар бала"атты балладасында: [ 3. 67б]

Қара көзде жарқылдап ұшқын атып,

Бала кезден бір асау күш тұратын.

Жанып тұрған жалындай қара бала,

Жалт қараса жауыңды ықтыратын.

Рүстем Жанай Ғанидың балалық шағынан көзінде жарқылдаған ұшқын бар екенін, бала кезінен ерекше бала болып өскенін суреттейді.

4. Мінезі

Балтабай Тәжімбетов"Ғани"атты жырында: [ 4. 24б]

Тайсалмай тура салып тасқа терең

Жонынан жауыздықтың таспа тілден

Ардақтап әділдіктің әліппесін

Қақ жарған қара қылды қас батыр ең

Ғани Мұратбаев─әділ, қайсар, өжет екенін Б. Тәжімбетов өз жырына арқау еткен.

Ақанжан Келімбетов"Ғани аға - жалын еді жастығың":[ 5. 23б]

Ұлы істерге алда болып үмітің

Жұмыс десе өзіңді де ұмыттың -

А. Келімбетов өз жырында Ғанидың еңбекқорлығын суреттеп кейінгі буынға үлгі етеді.

Байназар Өтепов"Шығыстың жарқыраған шолпанындай":[ 6. 20б]

Мейірімді, кішіпейіл, таза жүрек

Жетімді қамқорлыққа алып еді.

Бұл өлең шумақтарында Ғанидың мейірімді, кішіпейіл, таза жүректі екенін айқын бейнелеген.

Жүрсін Ерманов "Ғани туралы ой":[ 7. 27б]

Өзің болып күресем қиындықпен,

Зұлымдықпен сен болып белдесемін - деп Жүрсін ағамыз Ғанидай тұлғаны үлгі етіп, шынайы түрде жеткізген.

Рүстем Жанай "Қайсар бала"балладасы: [ 8. 67б]

Ұнатпайтын біреуге жағынғанды,

Ұнатпайтын біреуге шағынғанды.

Рүстем Жанай Ғанидың нағыз адал адамға тән қасиетін суреттеп тұр.

5. Білім алуы, білімділігі

Сержанқожа Берденұлы"Есімің мәңгі сақталар":[ 9. 43б]

Қазалыда кіндік қаны тамған жер,

Ташкентте үлгі - тәрбие алған жер.

Он сегізге жасы жетпей - ақ

Жасақ құрып, ұйым құрып төккен тер

Сержанқожа Берденұлы Ғанидың Ташкетте оқығанын жеткізеді.

6. Жастарға көмектесуі

Шынберген Меңқорзов"Қамқоршысы халқының":[ 10. 55б]

Күні түскен ел баласын еледің

Мынау жетім, мынау жарлы демедің

Қамқоршысы бола білдің бәрінің

Мәңгі атыңның өшпесіне сенемін

Бұл жерде ақын Ғанидың жетім - жарлыларға көмек бергенін, ешкімді алаламай бәріне көмектескенін айтып тұр.

Ақанжан Келімбетов"Ғани аға─жалын еді жастығың":[ 11. 23б]

Басын құрап тоз - тоз болған жастарды,

Интернатқа ап, панасыз жетім - аштарды

Киім, тамақ, ақыл берген сен едің

Игеруге білім деген асқарды.

А. Келімбетов Ғани тоз - тоз болған жастарды, панасы жоқ аштарды интернатқа алып киім, тамақ берумен қоса білім де бергенін айтады.

7. Қайраткерлігі.

Хұсайнбек Әміров"Ғаниды еске алғанда":[ 12. 10б]

Таныстырайын Ғаниды,

Ұраны оның"Алға бас!"

Жұмыскер, жалшы, кедей, жас

Хұсайынбек Әміровтің айтуы бойынша Ғани жұмыскерге де, жалшыға да, кедейге де "Алға бас!"- деп ұрандаған.

Ақанжан Келімбетов"Ғани аға жалын еді жастығың":[ 13. 23б]

Он бесінде - ақ листовкалар таратып

Революция ісіне шын кіріскен

Ғани Мұратбаев жалындап жанған он бес жасында - ақ үгіт - насихат жұмыстарын жүргізіп, революцияға қатысушы немесе түбірлі төңкеріс жасаушы.

Мұқағали Мақатаев"Біздің Ғани":[ 14. 18б]

Жалындаған жастарды

Ұлы Ленин ісіне

Ғани аға басқарды

М. Мақатаев атамыз Ғанидың жалындаған жастарды ұлы Ленин ісіне бастаушы, Ленин ісін жалғастырушы, насихаттаушы екенін айқын суреттеп тұр.

Сержанқожа Берденұлы"Есімің мәңгі сақталар":[ 15. 430б]

Он тоғызда"Жас Алашты"шығарып

Съездерге делегат боп үлгерді

С. Берденұлының айтқаны рас, яғни Ғ. Мұратбаев он тоғыз жасында "Жас Алаш"газетінің алғашқы құрастырушысы, әрі редакторы болған, съездерге делегат болып сайланған.

Сырбай Мәуленов"Ғани Мұратбаев":[ 16. 17б]

Аңыз болды арасында жастардың

Москвада тұрғанда еткен еңбегі

С. Мәуленов Ғанидың Мәскеу қаласында жүріп, қазақтың атын әлемге шығарғаны туралы айтып тұр.

М. Мақатаев"Біздің Ғани": [17. 18б]

Біздің ағай Ғаниды

Жас ұландар бүгінде

Вожатый деп таниды

М. Мақатаевтың айтуы бойынша Ғ. Мұратбаевты бүгінгі жастар вожатый немесе бастаушы деп таниды.

С. Мәуленов"Ғани Мұратбаев":[ 18. 17б]

Верныйдағы бүліншілік шағында

Омырауын тосып оқ пен жалынға

Қара түнде қауіп - қатер кешеді

Дмитрий Фурмановтың жанында

Байназар Өтепов"Шығыстың жарқыраған шолпанындай":[ 19. 20б]

Үшінші съезіне комсомолдың

Шығысты Ғани бастап барған еді

Бұл жерде Б. Өтепов Ғанидың КЖИ атқару комитетінің Шығыс елдері жастары арасындағы жұмыс бөлімінің меңгерушісі болғанын басшылыққа алған.

8. Мерт болуы

І. Жансүгіров"Ғани":[ 20. 8б]

Ауылдан түлеп ұшқан алғыр қыран

"Еңбекші жас, қозғал"- деп салған ұран

Сол қыран"қиылыпты"- деп естідік

Бола ма ойсыратқан өлім мұнан!?

І. Жансүгіров Ғанидың енді бұл өмірде жоқ екенін естігенде қатты күйзелгенін осы бір азалы сөйлеммен білдіріп тұр.

Алмагүл Қаржаубаева"Ваганьков зиратында":[ 21. 40б]

Сан өткелден өзің салған астық тым

Жайсаң аға жалауындай жастықтың

Күллі орыс ортасында жатырсың

Елшісіндей, белгісіндей достықтың

Жетер болсаң ата - баба қасына,

Күтудеміз сол бір күнді асыға.

Үрім бұтақ, соңыңа ерген ұрпағың

Құран оқып, тәу етер ек басыңа.

А. Қаржаубаева Ғанидың "Ваганьково"зиратындағы күллі орыс ішіндегі жалғыз қазақ екенін айтады. Егер Ғанидың зиратын Қазалыға, яғни кіндік қаны тамған жеріне әкелсек қой. Сол кезде барлығымыз да құран оқып басына тәу етер ек - дейді А. Қаржаубаева.

9. Ғани ─ мәңгілік тірі.

Рүстем Жанай «Ғани туралы жыр»атты жырында:[ 23. 25б]

Бақыттың бала құсындай

Қиялы кезген әлемді

Мақтаныш етем қысылмай

Ғанидай ұлы бар елді,- деп асқақ биік сезіммен Ғани арқылы мақтаныш сезімін паш етеді

Х. Әміров»Ғаниды еске алғанда»[ 24. 10б]

Көп арман қалды ішінде

Көз жұмды жиырма үшінде

Айбарлы Ғани бейнесін

Қайтейін көрем түсімде.

Х. Әміров өлең жолдары арқылы"Шіркін, Ғани тірі болғанда ғой!"деп, ақындардың жырларына арқау болған Ғани бейнесі мәңгі жасайтытынын жеткізеді.

Бойында ұйымдастырушылық, шешендік, табандылық, әділдік, адалдық, шыншылдық, әлсіздерге қамқорлық сияқты асыл қасиеттер тоғысқан тұлға өнегесі біз секілді жастарға үлгі болмақ. Ақын Жетіскен Мәкенәлі ақынның

Мен Ғанимын –

Шын сөздің ұстасымын,

Әлихан, Міржақыптың тұтасымын.

Мағжан мен Ахметтің бауырымын,

Жалын жүрек жастардың ұстазымын.

Бақытым – Ұлы халқым – ғаламатым,

Қазақ болып әлемге таралатын.

Мен Ғанимын мәңгілік тірі жүрген,

Алашымның арқалап аманатын! – деп жырлаған жыр жолдарымен қорытқым келеді. Мәңгі жас Ғанидың өмірі біз секілді енді өсіп келе жатырған жас ұрпаққа өнеге өмір. Оны зерттеу, жаңа қырынан білу жалғаса бермек.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1."Ғани тағылымы"Алматы 2008 ж

2. Жив наш Гани. Алма - Ата 1975ж

3. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. Алматы. Т. Жанұзақов"Дайк - Пресс"баспасы, 2008жыл

4."Мен─Ғанимын!". Алматы, Телеарна 2007 ж

5. Ш. Өтепов"Ғани Мұратбаев" Алматы 1972 ж

6. Ғаламтор беттері http://www. e - kyzylorda. gov. kz

Авторы: әл-Фараби атындағы  ҚазҰУ магистранті Әбдісәмет Қаракөз

Жетекшісі: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Жанатаев Данат


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз