немесе елдік, тәрбиелік-тағылымдық мәселелер хақында
***
...Жерімнің қойнауындағы қолат-қолат кен-байлықтарды толыққанды игеруге күш-жігер қосып, тату-тәттілік, ынтымақтастық танытқан бауырлас барша ұлтқа да ақ жүрегін, ақ пейілін жайып салатын, кезі келгенде олар үшін де жан қияр достықтан тайынбайтын халқым барына мақтанамын әрі өзімді бақытты санаймын. Досты сатпайтын, оған жамандық ойлау ойында жоқ, қайта әрқашан ақжарқын көңілі, айқара ашық құшағы, қонақжайлық шырайымен қарсы алар қазақы қасиетті, сірә, кім жоққа шығара алмақ?!
Сонымен қатар менің халқымның ата-баба қаны тамған туған жер, көне замандардан бері қарай қалыптасқан халықтық игі салт-дәстүр, рәсімдерге асқан сергек сезімталдықпен қарайтыны заңды құбылыс.Туып-өскен, кіндік кескен топырағын сүймейтін адам болмайды. Оның әрбір тау-тасы, ой-қыры, бабалардың жер-суларға тауып қойған сан ғасырлардан бері келе жатырған атаулары сол өлкенің, сол халықтың перзенттерінің жүрегіне оттай ыстық....
28.11.1988 жыл
***
...Әрбір адамның, әрбір ұлт өкілінің ана тілі - өзі алғаш еміп, нәр алған, дүниедегі ең бір асыл санайтын анасының емшек сүтіндей. Өмірге ынтыққан бал бөбек, міне, осы ана сүтіне қалай іңкәр болса, қалған бүкіл саналы ғұмырында өзіне ар-намыс, бақыт-базар, азық-қорек болар ана тіліне де ешқашан тойынбай, сусап өтері, қанымен тартары даусыз әрі заңды құбылыс. Сонау жаппай қудалау, лениндік ұлт саясатының өрескел бұрмалануы, одан бергі тоқырау заманында халқымыздың басына түскен қара бұлттың зұлмат көлеңкесімен бірге тілімізге тиген қасіретті жағдайларды да айналып өте алмаймыз бүгінде. Осынау мерзім ішінде республикамызда 700-ден астам қазақ мектебінің мүлде жабылып қалуы, қанша ғасырлық тарихы, ауыз әдебиеті, мәдениеті, тілі, кең-байтақ территориясы бар қазақ халқының рухани дамуына, кемел көкжиектерге қадам басуына айтарлықтай тежеу салды емес пе?!.
желтоқсан, 1988 жыл.
***
...Біздіңше, той басқару - үлкен өнер. Сөз өнерін, сөз құдіретін, өнерпазын, ақыны мен жыршысын қатты құрмет тұтып қадірлейтін қазақ халқының той-думанын, той салтанатын өткізуге зор кәсіби дайындық керек. Ол үшін шешен сөйлеу, өнерлі болу өз алдына, бүкіл халықтық салт-дәстүрді айна-қатесіз білу, оны қажетінде заманға лайық жаңғырта пайдалану міндет. Халқымыздың өткені мен бүгінгісінен де кеңінен хабардар болу қажет. Үлкен өмірге қадам басып жатқан жас жұбайларға ақ тілекті, ақ жолды тілей отырып, оларды ұлттық рухпен қанаттандырудың да маңызы ерекше. Тойбастар, беташар, жар-жар, сыңсу, тағы басқаларын әр тойға лайықтап арнайы жазып, бір ізді шиырламай, той өткізудің ұлттық-тәрбиелік-тағылымдық мазмұнын айшықтау аса маңызды іс.
(«Той өткізу оңай ма?», 1990 жыл)
***
...Қазақ ән-күйінің жанды тербер әуезі мен қоңыр сазын, оның мұңлылығы мен шын жүректен төгіліп шығатын таңғы ауадай кәусарлығын, ойнақылығын да ұнатады. Бәлкім, осындай кең пейілді елдің ішінде өскендіктен шығар, қазақ қуанса қуанып, жұбанса жұбанатын, қайғырса қабырғасы қайысатын жағдайлары да аз емес. Ең әуелі, осы халықтың салт-дәстүрі мен тәлім-тәрбиесіне көңілінің хошы келеді. Үлкендерді сыйлауы, кішіге қамқор болуы керемет қасиет қой... Кейде бүгінгі жастардың осындай дағдылар мен көне халықтық рухани қазыналарға немкетті, салғырт қарап бара жатқандығы алаңдатады оны. Рок, джаз қуып, Батыстың елірме әуеніне еріп жұлқынып, өз халқының өнеріне менсінбей қарайтын рухани әлемі жұтаң жастарды, шіркін, жаңаша ұлттық клубтар ұйымдастырып, пәрменді шаралармен баулыса деп іштей ойлайды. Бұл байқап жүр ғой, кімнің үйіңде ақсақалдары болса, тәрбие халықтық тұрғыда жүретінін.Үлкендерге құрмет, қарапайымдылық, адамды сүю деген сияқты аса қажетті қасиеттердің сақталатынын. Ал домбыраға немқұрайлы қарайтын да қазақтар бар емес пе?!.
15.02.1990 жыл
***
...Халықтық мұра, рухани қазына атаулыны қастерлеуге, халық өнерін, мәдениетін көтеруге деген құлшыныс, ұлттық сана-сезімнің оянуы мұның өнерге деген іңкәрлығын сан мәрте өсіріп, арттыра түсті. Алғашқыда қазақ ауыз әдебиетінің ең байырғы, ең қастерлі жанры - айтыс жаңғыра бастағанында бір қозғалып, көңілі көтеріліп, мерейленіп қалған қазақ аз ба? Алайда, ұзақ жылдар бойы көзі аршылмаған бал бұлақ өнер бірден бастау алып арнасын таба қоймап еді-ау. Айтыскер ақындарымыз алғашқыда өлең сөздерін жазып, жаттап алып келіп айтысуға бейім еді. Немесе сөзбен үзеңгі қағысқандарында жеңіл ұйқастарға немесе арзан ой-пікірлерге, татымсыз тақырыптарға бой ұратыны жасырын емес-тұғын. Бірте-бірте талап күшейді, айтыскер ақындар іріктеле бастады. Өнер айдыны өзіне керектілерін өзі сүзіп алды.
(«Қияға қанат сермеген», 1990 жыл)
***
...Елі үшін еселеп еңбек ететін, тынымсыз тер төгетін, ел намысын қорғайтын шынайы азаматтар әрдайым да өз еңбегін бұлдамайтын әрі қарапайым, инабатты болып келеді. Ондай марғасқалар жалған марапатты, өздерін жұртына тым ірі етіп көрсетуді жаратпайды. Ал өмірде өзін-өзі «ұлы», һәм «нән» етіп көрсетуге талпынып, бұл жолда ар мен абыройдың шегінен тым алшақтап шығып кететіндер де бар ғой. ...Ол қанша атағы дардай болғанымен де, ел қатарымен жүргенді, жұрттан асып кетпек түгілі барына қанағат етуді жөн көретін, ынты-шынтын еңбек пен спортқа арнаған азамат екендігін айтар едік. Ерлік пен өжеттікке, ұлттық намыс пен жігерге жанылған осындай ұландарымыз ғана тәуелсіз елдің сенімді тұтқалары бола алатындығын да қаперге ұстауымыз керек.
***
...Сары белде сағым жүзеді. Ойнақы, ерке сағым, ойлы да мұңлы сағым. Сағым алдаушы деушілерде сезім бар ма екен өзі? Сағым деген - сағыныш. Мұның көңілі қайда жүрсе де сол бір аяулы сағымға, табанына тигенде жүрегін от қып қыздырардай ыстық шағылға, күндіз-түні дамыл таппай азынап тұратын долы дауылға ынтық. Көктем шыға қылт етіп көрініп, қызғылт тартып жер-дүниеге қаптап кететін бәйшешек қандай? Ұштағанның май топырағының қай тұсынан да түртіп қалсаң, бұлт етіп шыға келетін көсіктер қандай?!
***
...Дала тынысын кеңінен алып жатыр. Бұрқыраған жусан иісі жан сарайыңды жадыратады. Туған топырақтың өзіне ғана тән жұпары, сағымды белі, ашқылтым кермек дәмді шөбі бәрі де осы бір шақта өзіңе, жан-дүниеңе етене ыстық. Көк майсалы осынау алқапқа қаз-қатар қона қалған ақбоз үйлердің сән-салтанатын айтсаңызшы!..
(«Қашаған жүйрік жырау, елдің тілі», қыркүйек 1991 жыл)
***
...Бұрын халықтардың жаугершілігі, жер, жесір дауы жағдайындағы шапқыншылық, атыс-шабыстан қара жер тітіреп, халықтардың қатары тез арада сетінеп қалып отырды. Туған ел, туған жерді қорғап қалу үшін күш-қуатыңның мол, қатарыңның көп болуы да айтарлықтай роль атқарды. Сондықтан да аталарымыз нақты тарихи жағдайларды ескере отырып, ұрпақ санын қалай болғанда да өсіру керектігіне айрықша мән берген. Бұған біздің арғы-бергі замандардағы өнегелі асыл әжелеріміз де түсіністікпен қарап, ел қамын, жер қамын, халық пен ұрпақ тағдырын ойлаған, бәріне де шыдаған, көнген...
(«Парыз», 1991 жыл).
***
«Қазақ», «Қазақ елі» деген сөздерді естісем болды, жүректен қан шапшып, жанардан жас ыршиды. Елдің ертеңіне, егемендігіне сенбеу ездіктің белгісі деп білемін. Қат-қабат проблемаларға, сан алуан қайшылықтарға толы осынау ғасырда қазақ сынды басынан қайғы бұлты арылмаған аяулы халықтың еңселі де тәуелсіз ел болып кетуі оңай шаруа емес.
Өйткені, ғасырлар бойы отаршылдық езгіні, нешебір аласапыран нәубетті бастан кешкен халқымыз сол баяғы қалың тұман ішінде адасып, басы айналып, сана-сезіміне селкеу түсіріп алған аңғырт та мәңгүрт секілді.
Дегенмен, адамзат қоғамының бүгінгі даму көші ертеңге деген сенімді үстей түседі. Алдыңғы қатарлы дамыған елдерден артта қалсақ та, толық егемендікке қол жетсе, дамыған даламыз, қасиетті Жер-анамыз аман тұрса, бірлік болса, тірлік те болады деп үміттенемін. Қайта құрудың лебі елдің көзін ашты. Алайда, біздің дауысымыз әлі де бәсең, қимылымыз да қойдыкіндей мимырт, жалтақтауымыз басым. Әйткенмен, әзірше әліптің артын аңдыстап, ақылмен, «мың өлшеп, бір кесіп» іс қылған жөн болуы да мүмкін...
(«Қазақ әдебиеті», 18.10.1991)
***
Өмірдің мына бір қайшылығы еріксіз ойға қалдырады: елі үшін жан ұшырып қызмет етіп, барлық мақсат-мұраты халық игілігі жолында аянбай еңбек ету болған адамдардың дүниеден тым ерте кететіні несі екен? Әлде, бұл олардың жұртына қайтсем пайдамды тигізем деп қиындықтардың қандайынан да тайсалмай, көпке жүк боларлық ауыртпалықтарды көтеріп өтетіндігінен бе екен? Ондай жандардан айрылу көпшіліктің жанына қатты батады, олардың өзі өлсе де, жарқын бейнесі ел есінен кетпейді. Өйткені, аз ғұмырының ішінде-ақ ел-жұрты үшін елеулі еңбек сіңірген, талай адамға шапағаты тиіп, қолынан келген көмегін аямаған, қашанда адамгершілік, кісілік қасиетінен таймаған. Сондықтан олардың жарқын бейнесі, өнегелі ісі халық зердесінде ұдайы жаңғырып, келешек ұрпаққа үлгі, ұлағат етіп отырылады.
(«Жақсының шапағаты», 31.03.1992 жыл)
***
...Біреулер өмір алға тартқан сан-сапат қиындықтар мен кедергілерден, дауылдар мен бұрқасындардан бұғынып, именіп, жасқанады, төменшіктейді. Өзіне жалғыз рет қана сыйға тартылған Тіршіліктің, Ұлы Уақыттың, өз бойында бар Қабілет-Қарымның қадір-қасиетін бағамдай білмейді. Өмірдің жойқын толқындарымен жүз шайысып, бетпе-бет келуден үркектейді. Оның алдында айылын жиып, шегініп, дәрменсіздікке бой ұрады. Сондықтан да өмір-дария өзіне-өзі сенбейтін, замана тартқан зіл жүкті намысқа толы жүрегі, лаулаған жастық жігерімен жеңбейтін жасық жандарды жаңғақша шағып, жағаға лақтырып тастап отырады. Ал жүрегінде тұрлаулы байламы бар, жігер отын жанырдай от-намысты қайрағы бар, алға қойған мақсатынан таймайтын, ойлағаны, дегеніне жетпей тегі қоймайтын, мұраты бар діттеген, өз ісіне нық, бекем, соқса-дағы Жел-Дауыл, шайқалмайтын мықты Емен секілденген сайыпқыран ерлер Замана мен Уақыт әміріне бүгежектеп, құлдық ұра қоймайды. Олар қандай істі қолға алмасын, бел шешіп, шындап кіріседі де, күрделі күрмеулерін ажыратып, жаңаша жол табуды барынша ынты-шынтымен ыждаһаттайды.
1.01.1997 жыл.
***
Қашанда бауырынан өнген баласы үшін шыбын жаны шырылдап бәйек болатын асыл Ана ғой. Өзінен өрбіген баласының жаман болғаны, ауру болғаны, немесе ішкіш-алқаш болғаны, сөйтіп жарық дүниеден қор болып, пәтуасыз пәни кешкені Ана атаулының жанын жегі құрттай кеміріп, өзегіне от салатыны кім-кімге болса да түсінікті. Менің әңгімені тереңнен қазбалап барып қозғауымда да бір гәп бар. Өйткені, адам баласының барлығы бірдей ұлы Анадан жаратылған. Барлық бала анасын сүйеді. Ал өзіне осынау өмірді сыйлаған Анаңды қадір-құрмет тұтсаң, оның ойлағанындай бол, сенімін, үмітін ақта. Тек қана жақсы қырыңнан көрініп, абыройлы азамат болуға талпына біл...
11.05.1999 жыл.
***
...Өйткені, Маңғыстауды аспан астындағы табиғат-ана өзі құя салғандай көрме деп көкке көтергенде ең бірінші осы бағзы қауымдар, обалар мен қорымдар, апандар мен үңгірлер, тағы басқалары бірінші кезекте ойға оралатыны белгілі. Ал әлгі аталғандай тылсымы мол көне орындарды жоғалтып алмасақ екен, олардың әрбіреуін көздің қарашығындай сақтап, күте білсек, зерттей білсек, бүгінгі зәузатын ата-бабалар қолдай бермек деген түйіндемін.
Тегінде Маңғыстаудың сәулет өнері ұрпақтар сабақтастығынан тамыр тарта береді деуге толықтай негіз бар. Күні бүгінде Қазақстанның бүкіл шартарабында Маңғыстау сәулетшілерінің қолтаңбалары сайрап жатыр...
***
...Ұзақ жылдардан бері тағдыры тәжікеге түсіп келе жатқан бір рухани қажетіміз - Ақтауда мешіт салу. Егер сәнді-салтанатты мешіт ғимараты бой көтерер болса, онда да ұлтты, ұрпақты қалыптастыруға бағышталған неше алуан имандылық істерді қолға алуға болады емес пе? Ораза айт, құрбан айт сияқты діни-көпшілік мейрамдарды дүйім жұрт болып мешіт маңында тойлау да орынды. Алла тағалаға тағзым ретінде, өлі әруақтардың құрметіне ас ұйымдастырудың қай кезде де айыбы жоқ.
***
...Ендігі бір жетпес жұқалтаң тұсымыз - кәсіби драма театрының жоқтығы. АЛ мұндай ұжымдар Қазақстанның барлық аймақтарында бар. Менің осы тақырыпты қозғап, проблема, зәру мәселе етіп көтергеніме табаны күректей он жыл өтіпті...
***
...Ұлттық менталитеттің, ұлттық дәстүрдің, ата салт пен мәдени үлгінің өмірге оралуына Наурыз мерекесі де даңғыл жол аша алмақ. Бар әңгіме –оның ұйымдастырушылары мен сценарийін түзушіде. Сол сценарийге конкурс-бәйге жариялап жіберсе де артық емес. Не болғанда да мұнда да Жаңа жылдағыдай (1 қаңтар) жаңалықтар, сілкіністер керек-ақ.Оны ойластыру мәдениет тұтқасын ұстаушылар мен осы сала энтузиастарының қиял мен қабілет-қарым, жаңалыққа құштарлығы мен қоғамдық белсенділігіне байланысты...
(«Мәдениет дегенде мән беретін мәселелер»,
15.02.2000 жыл)
***
...Бақ дегенің күте қалғанда алақаныңа қалықтап келіп қона қояр бейне бір аққу құс деймісің? Ондай ғайыптан тайып көрінген бақ құсы қайдан тұрлаулы бола қойсын. Шынтуайтына келгенде бақ дегенің кез келгеннің басына қона бермейтін, маңдайына таң нұрындай алтын шұғыла шапақпен, алтын әріптермен жазыла бермейтін табиғаттың тартуы болар. Бақ дегенің - бойыңа біткен ерекше қасиет, ерекше күш, ерекше жігер. Ол санаңа сәуле, қиялыңа қанат бітіреді. Ол сені жанкешті еңбегің мен мігірсіз ізденістерің арқылы ғана қиялар мен қияндарға, асқар шыңдар мен биік құздарға, түпсіз тереңдіктер мен нешебір тылсым ендік-бойлықтарға бойлауға, шыңырауларға қауға салуға жетелейді. Асқақ арман мен биік мұраттарды көңілі қалап діттеген дарын иесі еш дарақылыққа ұрынбайды, ол әлгінде айтқан бақ жұлдызының, бақыт кәусарының телегей теңіз тер төгу, ерінбес жалықпас ерен еңбекпен ғана келетінін ертерек бағамдайды...
(«Биіктік пен тереңдік», 22.02.2000 жыл)
***
...Пір Атаға деген кіршіксіз көңілі мен алғаусыз сезімін қандайма ел басына күн туған қиын да қилы кезеңдердің өзінде ақ адал сақтаған халайықтың Тәуелсіздіктің таңы жарқырай атып, алтын арай шұғыласын шашып тұрғанда ағынан жарылып арқаланар жөні де баршылық-ау.
Егемендікті енші еткен елдің Көкбайрағын көкте еркін желбіретіп, шын мәніндегі бірегей халық болып, мемлекет болып қалыптасуының бастапқы арнасында сан ғасырлық бодандық үрегей психология мен табансыздықтан жаңа да тың, сапалы Сана секірісіне сүйрелеп, ұлттық рухты ояту маңызды роль атқарса керек.
Ал бүкіл өмірі бойына ұлттық дәстүр, салт-сана, елдік, жауынгерлік батырлық рух, дін мен тіл, қолөнер мен сәулет өнері, жөн-жоралғылар, қадір-қасиет, көріпкелдік, көрегендік, имандылық үрдістерін асқар биікте асқақ ұстап, ақыр соңында ұлысқа ұран, ұлтқа мақтаныш болып қалған Пір Бекеті әулиесін қастер тұта білген елдің мәдениеті ешкімнен де олқы соқпақ емес.
Ауызы бір, тілек-ниеті құбыла, ләйім жақсылыққа ынтық болған қауымның ойлағаны келеді екен, дегені болады екен. Әрқашанда бастаған ісін баянды етпей тынбайтын, бұл жолдағы нешебір кесе-көлденең қиындық атаулы мен кей кімдердің керісер керітартпа қарекеттеріне қыңбайтын, баз біреулердей ауызбен орақ орып, қыршаңқы сөйлеп, дайынға жүгірмей, Парасат пен Пайымға жүгініп үйренген билік басындағы ел азаматтары шаруаны оңтайынан келтіріп, мінсіз атқаруға бар күш-қайратын жұмсады...
(«Мәңгі өшпес рух салтанаты», 15.09.2000 жыл)
***
...Құдайымызды танып, дінімізге, ділімізге, иманымызға ниет бұрып, емшілер де еркін өз бақ-қабілеттерін сынай бастады. Алайда, әңгіме өзін емші санатына енгізушілерге Ұлы Жаратушыдан, ата-бабадан әруақтың қалай қонып, оны қалай ұстай білуінде, бойында бар қасиет, қабілет-қарымды одан әрі қарай қалай ұштай, дамыта білуде болса керек...
(«Шарапат шұғыласы», 8.03.2001)
***
Тегінде ағаш жапырағы болмаса, қандай жалаңаш, қаңдай тұлдыр (жетім), қандай көріксіз де әрсіз болар еді. Жапырақтары алтын күзде жәйлап түсе бастаса да, қыстың қытымыр құқайына төтеп бере отырып, өмір үшін күресіп, келер жылы қайта көктеп, жасыл желек жамылар еді. Нәрлену үшін тамырын терең алар еді, нәрлену үшін оған аялы алақан керек болар еді...
...Адам деген де өзі сол ағаштар сияқты екен ғой. Оларға да күтім керек, бап керек, жайлы жағдай керек. Дамыған елдерге қарасаң, ең бірінші кезекте әр адамның өзінің денсаулық күтіміне, медицинаны жан-жақты дамытуға, профилактикалық шараларға, сырқатты кез келген дерттен айықтырып шығаруға баса мән беріледі. Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалы түзелер болса, бұл ұлттың сандық көрсеткіші ғана емес, сонымен бірге сапалық жағын да егіз дамыта қарастыруға мүмкіндік береді.
...Сөз жоқ, ана мен бала денсаулығының жайы мақтанарлықтай болмағаны. Сөз жоқ, басым бұқараның қалтасы жұқа, өзін күтуге жағдайының жоқтығы, тұрмысының нашарлығы, экологияның келіспеуі. Ал ақша жетпесе, отбасында реніш те көп. Баланы туып, асырап, қатарынан кем қылмай жетілдіріп өсіруге кедергі аз ба?.. Жұмыссыздықтың белең алуынан әлгі бала туу жасындағы қыз-келіншектердің дені сауда-саттық, бизнес дегендерді қуалап кеткені жасырын емес. Ал әйел адам үнемі сапарда, немесе базарда жүрсе, оның өзінің де, қараусыз қалған балаларының болашағы, күтімі туралы да не айтуға болады? Жоғарыда майшелпекке, мырғамға батып жүргендер үшін бұқара халықтың бұл ахуалы, қоғамның әйелдер қауымы басындағы аса зор бұл ауыртпалық оншалықты түсінікті болмауы да мүмкін...
...Ал екіқабат әйелдерге жасалынатын түрлі операциялар тіпті қатерлі екендігі өзінен-өзі түсінікті. Қысқасы аборт пен операцияларды ұрпақ тамырына балта шабу деп кескіндесе болар...
...Сол баланы жақсы көргендіктен ғой, бұрынғы асыл текті аналар ондап бала тауып, қиналса да бағып-қағып өсірді. Иә, нағыз батырлар солар!
...Маған да салса, халқымыздың санының өсімі нашарлап бара жатқанына жаным ауырады. Осындайда А.Байтұрсыновтың «Біздің қазақ отбасына келерлік бәле болмаса, жұрт басына келерлік бәлені ойлап, уайымдамайды, қуанышы, қайғысынан аспайды», деген сөзі ойға оралады.
Жұртты ойламағанда, ұлтты қайдан ойласын!..
***
...Тағы да қалың ой құшағында отырмын. Қазаққа қауіп-қатер қайдан келуі мүмкін? Егемен ел атандық. Дербестікке ие болдық, енді не істесек те өз еркіміз, бізді жау алмайды деп шалқаятындай рет жоқ. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» деген заман енді туған сияқты. Бөрі қайсы демеңіз, бөрі көп, бөлтірік те жетеді. Заманында көкке көз сүзіп, Көкбөріге сүйенген ел едік. Енді бір-бірімізге сүйкенген көп бөріге айналғанға ұқсаймыз ба? Бөрілер дегенім жемқорлар-дағы...Бөгдені емес, бір-бірімізді талауға құштар іштарлығымыздағы... «Жер астынан жік шықты, қос құлағы тік шықты» дегендей бәрін сорып, жалмап барады...
***
...Тек менің жеріме тимеңіздер!!!
Тек менің тіліме тимеңіздер!!!
Тек менің дін-иманыма тимеңіздер!!!
Тек менің діліме тимеңіздер!!!
Жер! Мұнайды, газды жер қойнауынан алған дұрыс болар - елді көркейту үшін! Бірақ, жер тозып барады ғой! Аралдан анау заманда айрылып қалдық, ал өз билігіміз өз қолымыздағы мынау заманда Каспийді қайраңдап қалмайық! Саясат-экономика-экология біртұтас жарасым тапса демекпіз.
Тіл! Бұл тікелей өзімізге байланысты, құрметті ата-аналар! Бәрі де отбасынан, үйдегі тәрбие бесігі және мектептегі, оқу орындарындағы тәрбиеге байланысты. Отбасылық тәрбиеден ана тілімен нәрленіп өскен бала оның қасиетін ешқашан жоғалтпайды. Бірақ ана тілін ардақтауды бойлай айтып отыру керек.
Дін! Біз осы жағына осалмыз. Қазіргі жастар «советтік» емес, жаңа қоғамда өмір сүріп жатыр. Ендеше, ата-бабалар таңдаған мұсылмандық жолға шаң тигізбей, имандылыққа, әдептілікке үйренуі керек.
Діл! Ой, қайран, қазағым-ай! Арғы тамырың мықты еді-ау. Алтынның сынығындай ардақты аталар мен әжелер, сендер кеткесін дүние не болар екен? Мен содан қорқамын. Ұлттық ар-намыс, салт-дәстүр, текті қасиет, жөн-жоба, әдет-ғұрып, ұлттық түсінік түйсік, кісілік болмыс жойылып кетпегей-ді...
(«Ағаш жапырағымен, адам ұрпағымен сымбатты»,
22.10.2002)
***
...Ал сол Өмір атты ұлы айдынның төсіне тайсалмай шығып, тағдырымен тартыса жөнелетін, қиындыққа қысылып, қыңбайтын, күнделікті өз нәпақасын табуды ерте бастан өзі қамдауға бек құлшынысты, жігері жасын, жүрегі тұрлаулы жампоздарды көргенде риза болмай тұра алмайсың. Мұндай табанды жандар ең қысылтаяң деген қилы сәттердің өзінде батыл шешім алып, оңтайлы жол тауып кетіп отырады. Мүмкін, кей-кейде олардың да қателесуі. Бірақ, қателесу, оны келешекте түзетер болса, айып емес. Қателік өндіріп іс істеген адамда ғана болады. Өндіріп ештеңе істемеген адам неменесіне қателеседі?Харекетсіз жан нақ бейшараның өзі, қоғамдық масыл демеске лаж жоқ. Неғұрлым көп іс тындырып, сан алуан шаруамен айналысқан кісі өмірлік тәжірибесінен сабақ алады, ой қорытып, түйін түйеді. Жақсы жігіттің, қолынан іс келетін жігіттің соңынан жақсы сөз ереді, дейді халқымыз.
(«Еті тірі жігіт», 2002 жыл).
***
...Біз ар-иманды, елдік намысты жоғары тұтқан дәстүрге бай, тамыры тереңде жатқан ежелгі халық едік-ау. Осы күнде заман оңынан туды, өз қолымыз өз аузымызға жетті дегенде есті жұрт болуға ұмтылудан гөрі, керісінше көп жағдайда бей қасиеттілікке, имансыздыққа бой ұрып тұрған жағдайларымыз аз емес...
...Адамдар ақша үшін біріне-бірі қол салып, бірін-бірі жоқ етуге дейін барып жатыр. Адамдар қалай айтсаң да аш емес, керісінше рухани жағынан жан-дүниесі жұтаңсып, тойымсыз, қанағатсыз болып барады. Осындайда ұлы Абайдың «бес асыл ісіндегі» «қанағат, рақым, ойлап қой» деген жолдар еріксіз еске түседі...
(«Арыңды сатпа, ағайын», 4.08.1994 жыл)
***
...Осындайда жаратылыстың, Алла тағаланың, ата-бабаның ұлылығына тағы да бір тәнті боласың. Өмірге осындай дарын иесін тудырған.! Ол - халықтың ұлы, туған жердің перзенті, бүтіндей қазақ елінің мақтанышы. Оның талантының бір міні болсашы! Міні жоқ сылаң сәйгүліктің нағыз өзі. Оның қолы домбыра ішектеріне, тылсым сыр бүккен пернелерге тиюі мұң екен, сізді де бір алапат күй кернейді. Ол күй - тарих, ол күй - ел мұңы, зары, ол күй - елдің мәңгі өшпес рухы, ұраны, ұлағаты. Ол күй - жеті музаның ішіндегі бір ғаламаты - музыка әлемінің жанды иітер, бойды балқытар, ойды шалқытар құдіретті күші. Міне, осы тұрғыдан алып қарағанда, қазақтың күй өнерінің атам заманнан келе жатқан алтын тамыры жалпы адамзаттық музыка мәдениеті дариясына өзіндік ағыспен барып құяр үлкен бір арна іспеттес. Ал қазақ күй өнері дегенде, оның батыс аймақтарының, соның ішінде Маңғыстаудың өзгеге ұқсамас айшықты болмысы бар...
(«Күй құлагері», 27.06.1996 жыл)
***
...«Жау жоқ деме, жар астында...» деген аталы сөзге сүйенген арғы бабаларымыз халықтың, елдің қара жердің бетіңде өзін жоймай сақтап қалуының бірден-бір кепілі халық санының ұдайы өсіп тұруы екендігін тереңнен түйсіне білді. Осынау тәлімдік маңызы зор баба үрдіс егемендікке енді қол жеткізген біздің тәуелсіз жас Қазақ елінің жағдайында жаңа қырынан, тың отаншылдық, патриоттық қарқынмен заңды жалғасын табуы өте жарасымды да жағымды құбылыс болар еді.
...Шаңырағы шаттыққа ұйыған, Алланың шапағат-нұры дарыған құт-берекелі, өркені өскен, жапырағы жайқалған қабырғалы ел боламыз десек, ең әуелі бесігімізді, бесігіміздегі баламыз бен ұлан – ұрпағымызды алақанға салып әлдилеген асыл аналарымызды ардақтайық, соларға барынша қамқорлық жасайық, жәмиғат!
(«Ана - алтын тамырымыз, бала-балғын
бақытымыз десек», 27.10.1999.)
***
...Иә, бұл игілік. Игілік болғанда көптің күшімен, ағайынның ауызбіршілігімен біткен игілікті іс, сауапты шара. Осыншама ғаламат ғимараттың иен далада еңсе көтеріп, сонадайдан тұлғаланып тұруының өзі бек қуанышты. Қадым замандардан әулие-әнбиесін, қасиетті адамдарын, өлісін қадірлеп, тәбәрігін тас үлгіде қалдырған ел едік қой. Оған мынау Маңғыстаудың өн бойындағы сансыз киелі қорымдар мен асқақ күмбездер куә. Ал өзінің көзі тірісінде болашақ көз жұмғанындағы жатын үйінің қарапайым ғана, төбесі ашық төбел там болғанын қалаған, басына әулие ағаш орнатылып, солай болып жерленген Ержан хазіретке енді бүгінгі ұрпағының осындай зәулім имандылық сарайын орнатуы ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығының шын мәніндегі ұлылығын айғақтайды. Ержекең өзі өмірден өтсе де, артында ізі қалды, өсиет сөзі, өнегесі қалды. Оның бойындағы кіршіксіз тазалығы, Ислам діні идеяларына деген берік сенімі, жарлы-жақыбайға, мүсәпір мен мүскіндерге деген қайырым-қамқорлығы, жанын алатын болса да сертінде тұратын қайтпас туралығы мен адалдығы бабалардан келе жатқан құнды қағидалардың қайталанбас үлгісі емес пе. Бүгінгі толқын сол бір сара жолды бағдар тұта ала ма? Мүмкін, бұл үрдіс соны сүрлеулерге ұласар. Мынау төрт құлақты, кесек кескінді, өр күмбезді қонақ үйінің тірілер күшімен сән-салтанат құрап, онда Шақпақ-ата қорымы басына келген барша қауымның әрі зиярат етіп, әрі түнеп қайтуына мол да жайлы мүмкіндік жасалуы, өлі аруақтар рухына дұға бағышталып, тұрақты ас-садақа берілуі тың да тынысты, тағылымы зор шаруаның пәтуасы мен тілегі бір жұртшылықтың түзу арналарға бағыт ұстағанына меңзейді...
(«Ерен тұлғаға - еңселі ескерткіш», 22.05.1999 жыл)
***
Егерде дүниені, осынау жаратылысты, жұмбағы мол он сегіз мың ғаламды Бағзы, Бүгін және Болашақ деген үш сөздің, үш ұғымның шеңберінде алып қарар болсақ аталған үш Дәуір, үш Заманды да бейне өз басынан кешіргендей, бәрін де көріп, біліп, көңілге түйіп өткендей, бейне мынау қара жердің бетінде ол білмейтіндей ештеңе енді қалмағандай, арғы-бергі тарихты мүдірместен әрі айна-қатесіз етіп алдыңа жайып салатын асқан көріпкел, асқан данышпан, асқан абыз, теңдессіз дара құбылыс: бұл - адамзат тарихында аты алтын әріптермен жазылуға тиіс дерліктей ғаламат болмыс иесі - Әбіш Кекілбайұлы. Егерде осы мезет Адам-Ата, Хауа-Ана ұйқысынан селт етіп, бүгінгі зәузатының ахуалынан хабар білмек болса, не болмаса, айталық, әлдебір бізден гөрі озықтау, ілгерілеу, өркениеттілеу өзге планетаның өкілі сауал тастап, сұхбат құрғысы келсе, олармен де емін-еркін пәтуалы әңгіме өрбітіп, ғұламалығына тәнті етпей қоймайтын Жер планетасының көрегені, көсемі, сұңғыла ойлы шешені - екеу болса біреуі, біреу болса нақ өзі де осы Әбіш Кекілбайұлы болар еді. Баяғы би де, батыр баһадүр, нағыз тұлпар тұрпатты бабаларымыздың бар болмысын, елдік-кісілік қасиетін, шынайы қазақы берен сипатын бір бойына сиғызып сақтап қалған, Тәңірінің өн бойына өлшеусіз тарту еткен зор қабілеті -дарынын Ақылдылығы, Қанағатшылдығы, Қарапайымдылығы, Қайсарлығы, Табандылығымен тапжылтпай ұстап қала білген, өзін-өзі өнемейін өрге сүйреп, қияға тартып, қиындыққа бастаған, береке мен баққа көл-көсір маңдай терімен жетуді мұрат тұтқан, жүз жылға ғана емес, мыңжылдықтарға, мәңгіліктерге есімі, еңбегі, ерлігі ұштасып жататын ерек Тұлғаның 360 әулие мәңгілік мекендеген киелі Маңғыстау топырағында жаралуы да жәйден-жәй емес. Біз Әбіштей әулиемізбен мақтансақ, Әбекең Маңғыстауына арқа сүйейді және де алға сүйрейді.
Әрине, ақиқатында Әбіш Кекілбайұлы - бүтін қазақтың, бүкіл Қазақстанның мақтанышы. Еліміздің бұған дейінгі де, тәуелсіздік алғаннан кейінгі де ата тарихының сан қырынан бейнеленуінде, егемендігіміздің мызғымас кірпіші қалануында ұлтымыздың ұлағатты ұлы - дана Әбіштің кемеңгерлік іздері сайрап жатыр. Елі, жері, тіпті күллі Адамзат үшін де тындырған ісі тым мол, қомақты болса да, табиғатында бірегей, даңғаза мен дақпыртқа, дандайсуға жаны қас, қай істе де ар мен адалдықты, сабыр мен салмақтылықты таразы биігіне қоятын, ерен еңбегін елге жария етіп, жарапазан қылуды көңілі қаламайтын, қаншама қыруар да іргелі елдік шаруалардың жүзеге асуына ұйтқы, көшбасшы болып жатса да, кеуде керіп масаттануға, мақтануға, мардамсуға мүлде жұлдызы қарсы Әбекең асқаралы алпыс жылдық мерейтойын туған топырағы - өлең бесігінде ел-жұртымен көрісе, аман-түгел алыса отырып қана атап өтуді місе тұтыпты. Әйтпесе, қазірде ұлттық феномен ретінде мойындалған біртуар Тұлғаның бұдан гөрі кеңірек ауқымда құлаш сермеуге де мүмкіндігі жоқ емес еді ғой деген ой келеді.
Өмірлік мақсат-мүдделер тұрғысында үндес, сыйлас серіктесінің бұл ұйғарымына қолдау білдірген Елбасы Н.Назарбаевтың да азаматтық пайымына ризашылықпен қарау ләзім...
(«Талант тойы - тағылым үшін», 10.12.1999 жыл)
***
...«Елім!» деп атқан әр таңда, Жүрегінен қан тамған!.. Өтіпті Баба-Даламда-Тұйнағы бөлек Тарпандар!..
Менің мынау Баба-Далам, Жаралған Ар-Намыстан, Тұлпарлары тарпысқанда тұяғынан тас ұшқан!.. Тектілерім бөлек тұрпат, бөлек бітім, келісті, Тайсалдырмас от жүрегін -Айбарлың да - Арыстан!
(«Алдаспан», қаңтар 2000 жыл)
***
...Ақынның алғаусыз сезімдері ақжауын болып құйылып, Ар мен Намыс алауы атойлайды. Қаралық пен қараулыққа, екіжүзділік пен жалтақтыққа, жағымпаздыққа жаны қас, жұлдызы қарсы дауылпаз ақын Рухы әрдайым өр де үстем.
Әруағы Алты Алаштан әрі асқан, айқасып-арбасқанын мысы басқан айбарлы Пір Бекет атасын ортаға алып, проза алыбы Әбіш пен поэзия падишасы Фариза, міне, туған топырақта кездесулер өткізді. Ақиқатында да ғасырлар тоғысы Маңғыстау жеріне зор рухани серпіліс, тың бетбұрыстар әкелді.
Біздіңше, арғы-бергі ата-бабалардың, әйгілі әулие-әнбиелердің сынық сүйем жұғыны жұққан Фариза ақын әруақты Киелердің мәңгі өшпес рухын жыр тілімен, асқақ да адуын Поэзиясымен, өзіндік өр болмысымен бедерлей, беркіте, биіктете түскендей. Ол бабалардың кесек мінезі мен Ерлік Рухын жалаулатып, мәңгі маздақтай алаулатып, осы жолда жанартау болып жарылып, мың-сан отты, шұғылаға орана малынып, туған ел, киелі жердің төсіне қия көктегі сөнбес жұлдыздардай жағылып бара жатқандай.
Иә, оның жырларына құлдық ұрмау, табынбау, сағынып, сарғайғанда, қуанып, марқайғанда, шаршап, шалдығып, жүдеп, күйзеліп, зарыққанда, егіле, езіліп, дүниенің жалғандығын сезініп, безінгенде, жан-жағыңнан көңілің қалып, өткенде өмірің налып, шыдамың тауысылғанда, жалғыздық қаусырғанда: жол сілтер шамшырағыңдай, тірліктің бал бұлағындай, ерініңе нәрін тамызып, жүрегіңе қан құятындай - Фариза ақынның кеміріп барып қайрап шығаратын, сенің де өршіл рухыңды айбаттандыратын өртті өлеңдерін аңсайсың, іздеп оқисың. Жылай отырып күңіренесің, жұбана отырып, тебіренесің...
(«Сезім - дария», 22.09.2000 жыл)
***
...Онан да, біздің ойымызша, бюджет қаржысы қазір баршылық болып тұрған тұста осы бір қазақ гимназиясын өгейсітпеу, ішін де, сыртын да әрлеп, сәндеуге қаржы қарастырылса. Асылы, барды өзіңнен аяп, өзгеге бөлудің жөні қайсы?! Қай-қашанда жеке бас мүддесі емес, түбегейлі ел, ұрпақ - ұлт мүддесі туралы парасаттылықпен ойланатын мезгіл жеткен жоқ па?!
Аралас мектептерден біздің қазаққа пайда жоқ екенін уақыт көрсетті. Ендеше, қазақ мектептеріне, оның ішінде ұлттық гимназияға қырын-қабақ қарау бүгінгі таңда өрелілік деп айтуға тіпті де болмайды... Бұл ретте, біріншіден, балаларын әлі күнге орыс мектептеріне беріп келе жатқан ата-аналарға қарынымыз ашпай тұра алмайды. Егемен елімізде ана тілін қанықты меңгерген жеткіншектерде болашақ молырақ болатынын ертеңгі күн көрсетері анық...
(«Ұлттық гимназия: оған қамқор көзқарас керек»,
12.06.2001)
***
... 1988 жылы Маңғышлақ облысы жабылып, қай жағынан алып қарағанда да байлығы ұшан-теңіз ту өлкеміз тағы да сол кездегі әупірім өктемдіктің, әлеуметтік әділетсіздіктің тәлкегіне ұшырады. Обалы не керек, туған жердің келешегін пайымдап, намысын жырта білетін айтулы азаматтар облысымыздың жабылуына қарсы шықты. Бірақ, сол кездегі әміршіл-әкімшіл жүйе маңғыстаулық арда халықты тағы да бір моралдық-психологиялық тұрғыда тұқыртып алуға битін сығып-ақ бақты. Алайда, жергілікті тұрғын халықтың сағын сындыра алмады. Керісінше, осы бір кезеңдерде халықтың ұлттық және қоғамдық ой-санасы ерекше өсіп, демократия кеңінен қанат жайып келе жатты. Табиғатына тән тентектеу мінезбен қанаттанған елдің орталықтың үстемдігіне, қиянат пен жәбірге көнуге ар-намысы жібермеді...
...Осылайша, Абай сарайына қазақ рухын әкелгеніміз жақсы болды, мұндағы ән, би, бал биі, домбыра, драма ұжымы, балаларға арналған бағдарламаларда қазақтың қаракөздері көбейе бастады. Абай сарайына арқалана кіріп, арқайын жүретін күндер туды...
... Ал байқап қарасаң, біздің көбейіп келе жатқанымызды, соған сәйкес рухымыздың асқақтап бара жатқанын көре алмайтындар да бар. Қазақтың өз елінде алшаң басып жүруі сол Қазақстанның тәуелсіздігімен байланысты екендігін, ата-бабалардың сан ғасырлар бойғы арманына қол жеткізгенімізді айқын сезінеміз...
(«Ұлттық рухымызды биік ұстайық»,
тамыз 2003 жыл)
***
...Ұлтымыздың нешебір жақсылары мен жайсаңдары, хандары мен билері, батырлары мен бекзаттары табан тіреп, елімізді бірлік пен тірлікке ұйытқан, халықтық қасиетімізді сақтап, сырт дұшпанға қарсы ел болып жұмылуда бірден-бір алтын көпір, алтын қақпа атанған, ал тым әріге, ықылым замандарға ой бойлатсақ, Көк Тәңірге, Көк Бөріге табынған исі түркі дүниесінің шын мәніндегі тарихи орталығы - Түркістанның - Тәуелсіздік тәбәрігіндей жайнап, жасанып, жаңғыра түскені көзі қарақты журналистер қауымының да ойын сергітіп, бойын шабытқа толтырып жібергендей...
(«Қасиетті Түркістанда»,
ақпан 2004 жыл).
***
...Каспийдің қазақстандық тайыздау бөлігінде бекіре тұқымдас қызыл балық қорының әлемдік тұрғыда алғанның өзінде басым түрде қордаланғанын ескерсек, әлі де сақтыққа, қоршаған органы қорғауға барынша мән бергеніміз мақұл. Теңіздегі итбалық, қара балық, құстардың қырылу себептері, сірә, жұмбақ күйінде қалып отыр...
Біз секілді бүкіл ата-бабасы Каспийдің жағасында ғұмыр кешіп, Қаламқас, Қаражанбасты жайлаған қазақ баласы үшін асау теңіздің алар орны ересен. Каспий біздің ата-анамыз іспетті. Сондықтан оның Арал апатын қайталамауын осы бастан тереңдей ойласақ...
(«Каспийдің мұнай байлығы - кімнің пайдасына?»,
2004 жыл)
***
...Ал ол байлықты иелену үшін саяси және экономикалық тиімділікті, экологиялық салауаттылықты ғана ойлауымыз аз екендігін өскелең уақыт талабы айқын көрсетіп тұр, Бұл ретте көп мәселе біздің отандастарымыздың ғылыми әлеуетіне, ізденіс көкжиегіне де байланысты екендігі шүбәсіз нәрсе.
(«Мемлекеттік мүдде».., 2004 жыл).
***
...Мол ақша, ағылған доллар дариясы жағдайында жемқорлықтың өріс жаймауы мүмкін бе? Үкімет елдің мұнай мен газ байлығынан жыл сайынғы түсетін табысты, одан елдегі әрбір жан басына тиесілі үлесті неге жария ете бермейді? Біздің елімізде жұмыс жасап жатқан түрлі мұнай компанияларының иелері кімдер, шетелдік немесе бірлескен компаниялармен өнім бөлісу, экология, тағы басқа да толып жатқан өзекті мәселелер бойынша келісімдер жасаған кезде бірінші кезекте мемлекет мүддесі көзделіп отыр ма? Әлде, жеке бас мүддесі, топтық мүдделер, бәлки, «мемлекетті ашқарақтана сора түсу» мүддесі көзделе ме?!
***
Халық саны қайткенде өседі? Осы сұрақ, біздің ойымызша, халқының саны бүгінде миллиардтан асқан Қытай мен Үндістаннан басқа елдердің барлығын да өмір бойы мазалайтын мәселе екені даусыз. Өйткені, қай заманда да қауіп пен қатер ешқашан сейілмейтінін ескерсек, «көп қорқытады, терең батырады» демекші, аз болған сайын әлсірей бересің. Содан да болар, бұған дейін өткен ұлы бабалардың барлығы да елдіктің басты қамы - халықтың санын да, жердің ауқымын да ұлғайта беру керек екендігін, тулақтай жер үшін қасықтап қан, еңбектеп тер төгу керек екендігін ұрпаққа ұлағаттап кеткен-ді...
Елді медициналық жағынан ақпараттандыру, салауаттылықты насихаттауға мән берілуде. Соған қарамастан жастардың түні бойы кезбелікке, жас өскін қыздардың жезөкшелікке, есірткі құмарлыққа салынуы, яғни «қызға қырық жерден тиым» болмауы ел болашағы үшін үрей туғызады. Түні бойы көше кезіп, қаңғыбастыққа салынып, жақ-жақ болып бөлініп төбелесіп, бірін-бірі өлтіріп, жаралап жатқан жастардан қалай шошымассың?! Баяғы ата-бабалардан келе жатқан имандылық пен инабаттылық, мейірім мен аяушылық, қызға қылықты, ұлға ер көңілді азамат болу сияқты ізгі қасиеттерімізді бара-бара жоғалтып алмаймыз ба? Біз қашан, қалай ғана өсеміз, егер жастарымыз күнбе-күн бірін-бірі пышақтап жатса, қыздарымыз жынкөбелекше көше кезіп, кез келгенді құшақтап жатса?! Жоқ, мұндай ел болмайды!
...Сондықтан ұрпақ санын көбейтудің бір амалы: жақсы жігітке жақсы қыздың, көргенді шаңырақтан шыққан жастардың бір-бірімен жолығуы жоғары маңызға ие. Адам баласына Өмір атты зор бақыт тек бір-ақ рет берілетінін ескерсек, оны ұқсату, бақытың үшін, арманың үшін, денсаулығың үшін, ұрпағың үшін, халқың үшін күресе білу - әрбір қазаққа сын болып отыр. Сонда ғана біз өнеміз, өсеміз, өркендейміз...
(«Халық саны қайткенде өседі?»,
шілде 2006 жыл)
***
...біз өзімізге жалғыз рет қана берілетін дүние-дәуреннің әрбір күні, сағаты мен минутының бағасын біліп, барынша белсенді еңбек етуге, бойдағы барымызды, күш-қуатымызды еліміз, жеріміз, ұлан-ұрпағымыз үшін аямай төгуге тиіс екенбіз, айналайын әлеумет! Сонда ғана ата-бабалар сан ғасырлар бойы арман етіп, сол жолда жанкештілікпен жағаласып, қанды майдан кешкен ата мекеніміздің көсегесін көгертіп, жалпы адамзаттық даму даңғылына ілесе аламыз...
(«Жанкештілік рахаты»,
2006 жыл)
***
...біреулер айтып жүргеніндей, әсте «Құдайдың назарынан тыс қалған емес», керісінше Құдайдың шын мәнінде назары түскен, назары құлаған, бар махаббаты мен шапағатын төккен алтын аймақ - аңыз бен әфсанаға, сыр мен сипат, бітім мен болмыс, күңірене күмбірлеген күй мен сазды сарынға толы, желіге соққан қоңыр желіне дейін жан бойыңды тебірентіп, ерітіп, елжіреткен бағзы Маңғыстау өлкесінде тарих тылсымынан тін тартар оқиғалар мен кереметтер жеткілікті. Ең бастысы, ежелгі «Жібек жолының» көне сүрлеуінде орналасқан үш жүз алпыс әулиелі бұл киелі мекенде Адамзат баласы жаралғаннан бермен қарай жол тартатын бағзы құндылықтардың қай-қайсысы да жетіп артылады. Қарыс қадам жүрсең, немесе әр қырды асқан сайын алдыңнан «мен мұндалап» жолығатын көне күмбездер мен қойтастар, кеуектер, құлпытастар, бестастар, апандар мен үйіктер, обалар мен үңгірлер, жерасты ғимараттары, сай-сала, құз-қия, шағыл құмдар, теңіз бен сор, теңіздің ішкі әлемі (флора мен фауна), көне сүрлеулер, мың қыстау, мың тарам-тармақ жолдар, желмаямен желген керуен жолдар жиі ұшырасады...
...Ол ешқашан ешкімге намысты қолдан берген емес, ол былай қарағанда теңізге сұғынып, жалпақ әлемнен оқшау, бір бұрышта қалғандай көрінсе де, әркез өз алдына дербес, өз алдына дара да дана, шоқтығы биік, ол ешқашан адамзаттық өркениет көшінен кейін қалған емес. Әрине, көшпенділік дәуірді ең соңғы болып басынан өткерген бұл аймақта көшпенділердің мәдениеті мен салты, сән-салтанаты, дәп-дәстүріне қатысты ақиқаттар жетіп артылады.
...Тарих даңғылында қандай өзгерістер болатынын өмірдің өзі, уақыттың табы, халықтың бағы көрсетер...
...Тегінде Маңғыстауда киелі емес жер жоқ. Бұл өңірдің әрбір қарыс-қадам жері мен тау-тасы, шөп-шөңгесі, ащы сораңы мен адыраспаны, итжуасы мен көсігі, жыбырлаған жәндіктері мен кесіртке, жылан, тасбақа, дала бүркіті, ақбөкені мен қарақұйрығы, арқары мен таутекесі, қызыл балығы мен көксеркесі, дуадағы мен байғызы, тіпті қалбағайы мен қаңбағына дейін бағзыдан әуен қозғайды, сыр аңдатады. Бәрі өзгеше, бәрі қайталанбас дүние. Мұнда он сегіз мың ғаламның сан алуан жұмбақ сырларына қанығып, табиғат-ананың таңғажайып сомдаған кескін-келбет, құбылыстарына қайран қалып, таңдай қағасыз. Ерте дәуірлерде теңіз асты болғанына шәк келтірмейтіндей бұл өңірдегі нешебір тау шөгінділері мен жартас-жоталар, шоқылар мен қыраттар, төрткілдер мен төбелер анадайдан андыздап, ой салады...
Маңғыстауда аңыз да, тарих та, рухани жәдігерліктер мен мұралар да молынан кездеседі.
...Түрлі барымта, төбелес, дау-жанжал, ру тайпа арасындағы айқайлар емес, елдік намысты бермеуде қан төгіп, жанын пида еткен асыл арыстарды ұлықтау - ұрпаққа мирас болып қала бермек.
(«Жаңарған Ақкетік», шілде, 2006 жыл)
***
... Кешегі бір 1986-ның қанды желтоқсаны күндерінде ел басындағы ауыртпалықтарды, жазықсыз жастарымыздың жан пидалығын көріп, солақай саясат басшыларына батыл сын айтқан Жұбан Молдағалиев сынды біртуар ақын ағаларымыз өмірден мезгілсіз бақилық болып аттанды. Тоталитарлық жүйенің өзінде «Мен - қазақпын!» деп өршіл дауыспен жырлаған осы Жұбағаңа қазақ жерінің қай пұшпағында ескерткіш қойылса да лайық деп есептеймін...
Одан кейін, 1989 жылы Жаңаөзенде басталып, бүкіл Маңғыстау өңірін шарпыған дүрбелеңді кезеңдерде тағдырлы тарихымыз өз сахнасының төріне Сайын Нәдірұлы Шапағатов сынды алдаспандай жарқылдаған, туған халқы-жұртының баянды болашағы, бостандығы мен тәуелсіздігі жолында қасықтай қанын қалдырмай төгуге әзір бөлек болмысты Ерді алып шығып еді! Міне, елдіктің жолындағы шынайы күрескер деп Осы Адамды айт!
(«Сайын ауылы», ақпан, 2007 жыл)
***
...Ауыл!
Иә, бәріміз де осы бір киелі сөз естілгенде жүрегімізден ыстық ағыстар сел боп ағып, балалық базарлы шағымызды еске алатын, алтын бесігіміздің жағдайы түзеліп, халықтық қасиетіміздің жойылмауына тілекші болатын таза ауыл перзенттеріміз. Соңғы мезгілдердегі біздің елді мекендеріміздегі жаңалықтар: мектеп, аурухана, клуб, спорт ғимараттары тәрізді көптеген әлеуметтік нысандардың өмірге келуі көктемгі қарлығаш қанатының сусылындай жылы леп әкеледі...
Бәрінен бұрын биылғы жылды Елбасымыздың «Мәдени мұраларды жинақтау» мақсатына бағыштауы ауыл адамдарының үйлерінде сақталған ұлттық дүниелер мен жәдігерліктердің мұражайын жасақтау, ел аузындағы әдеби-шежірелік-рухани мұралар: тарихи деректер, ертегі, аңыз-хиссалар, жыр-дастандар, шешендік сөздер, тілдік сөз өнері жақұттарын, қысқасы ауыз әдебиетінің құнды үлгілері мен неше алуан мұрағаттық мәнді дүниелерді жинақтауға жол ашар еді...
...Тіл. Ана тілі. Жалғыз біздің қазақ екен ғой тілін анасымен теңестіретін. Шынында да өз тілің, өз үнің болмаса, мақұлықтан, мәңгүрттен айырмашылығың қаншама?! Заманында миссионерлер, колонизаторлар жеріңді жаулап алып, іштен індеп, дендеп, ірітіп, соның әсері тепкісінен құрып кеткен тілдер қаншама, ұлттар қаншама?! Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бүкіл Түркі-Тұранның атажұртын ұстап қалған Қазақ елі, жері, тілінің болашағы зор болары, ол үшін шешімді де кесімді шаралардың аса қажеттігін Ұлы Уақыт талап етіп тұр! Азаттық, теңдік, егемендік алдық, іргені бүтіндедік, ендігі күрт бұрылысымыз да, ұтысымыз да Ұлы Тіл - Ана тіліміз болса керек-ті! Шегінер жол жоқ, артымызда - анамыздың тілі, біз оны аялап, алға бастауға, қажет болса біртіндеп әлемдік деңгейге көтеруге негіз қалауға міндеттіміз!!!
Бұл ретте, сөз жоқ, бірінші кезекте Мемлекеттік тілді білмейтін, немесе оған шекесінен қарайтын шенеуніктердің сабасына түсуіне, өзі тұратын елдің, байырғы этностың тілін сыйлап, құрметтей отырып, меңгеруге тура келеді. Бір ауыз орысша білмей ауылдан шықса да, талмай оқып-үйреніп, асқақ арманмен қияларға самғап, не болмаса арқайын нанын тауып жеген алдыңғы-кейінгі буын өкілдері сияқты, амалсыз шүлдірлеген өз ағайындарымыз да, орыс-орманымыз да Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілін білуге, сол тілде сөйлеп, іс қағаздарын жүргізуге міндетті болуға тиіс! Басқалай ешқандай жол жоқ!
Ескерткіштер туралы. Көрнекті елдік тұлғаларымызға оқсаулы ескерткіштер, мүсіндер, басқа да сәулет туындыларын қоюдағы талғамымыз бен мәдениетіміз әлі кемшін соғып жатқандай көрінеді...
Біздіңше, ескерткіштер елдің рухын көтеру, бүкіл елге, жұртқа, алты Алашқа, әлемге әйгілі тұлғаларымызды таныту әрі олармен мақтану үшін, патриоттық, елдік сезімді тұтандыру үшін қойылатын болса керек. Ендеше, ел үшін еңіреп туған арғы-бергі атақты адамдарымызды асқақтау, даңқты бабалар рухына арналған кешендер, бақтар, гүлзарлар, аллеялар, ескерткіштер мен мүсіндерді өмірге әкелу, мұндайда ең бастысы ұлттық болмыс-бояуымызды қанықты ету - ел болудың тұғырлы нышандары болмақ...
(«Бәрінен де ең маңыздысы не?», 2007 жыл)
***
Өмір мен өлімнің арасы қарыс сүйем, дүние дегенің қамшының сабындай келте демей ме? Алла тағаланың бұйыртқан бұйырмыс тірлігінде адалдықтың жолымен, адамгершіліктің ізімен, азаматтық болмысыңмен жүргенге не жетсін. Осындай ойлардың орамына іліккенде, көз алдымда көлбеңдеп тұра қалар ізгілікті жанды, асау қанды, жан-дүние әлемі, мейірімді де отты жанарымен адам жанына шуақ-шұғыла шашып тұратын, тірлігінде тілдесе кетсең, дәмді әңгімесі, ақтарылған ақ көңілімен көкірек сарайыңды ашып тұратын, бүгінде бақилық болса да өзіне деген сағыныш сезіміңді үстеп тартып тұратын Жақсы-Жайсаң азаматтар есіме түседі. Көз алдымда елес береді...
(«Тірісінде Жақсы атанған», 17.05.2007 жыл)
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі